Қазақстан Республикасының Жер кодексі

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы N 442 Кодексі

Жаңартылған

Мазмұны

       Ескерту. Кодекстің орыс тіліндегі мәтініне өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР 2007.07.06 N 276 Заңымен.
      Ескерту. бүкіл мәтін бойынша "мемлекеттік қажеттіктер" деген сөздер "мемлекет мұқтажы" деген сөздермен, "шаруа (фермер) қожалығын", "Шаруа (фермер) қожалығын", "шаруа (фермер) қожалығы", "шаруа (фермер) қожалығының" деген сөздер тиісінше "шаруа немесе фермер қожалығын", "Шаруа немесе фермер қожалығын", "шаруа немесе фермер қожалығы", "шаруа немесе фермер қожалығының" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.
      Ескерту. бүкіл мәтін бойынша "құқықты куәландыратын құжаттарды", "құқықты куәландыратын құжаттар", "құқықты куәландыратын құжат", "құқықты куәландыратын құжатқа", "құқықты куәландыратын құжатта", "құқықты куәландыратын құжаттағы" деген сөздер тиісінше "сәйкестендіру құжаттарын", "сәйкестендіру құжаттары", "сәйкестендіру құжаты", "сәйкестендіру құжатына", "сәйкестендіру құжатында", "сәйкестендіру құжатындағы" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2007.07.26 N 311 Заңымен.

І бөлiм. Негізгі ережелер

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Қазақстан Республикасының жер қоры

      1. Қазақстан Республикасының жер қоры нысаналы мақсатына сәйкес мынадай санаттарға бөлiнедi:

      1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер;

      2) елдi мекендердiң (қалалардың, кенттер мен ауылдық елдi мекендердiң) жерi;

      3) өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерi және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жер;

      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер;

      5) орман қорының жерi;

      6) су қорының жерi;

      7) босалқы жер.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған жер белгiленген нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылады. Жердiң құқықтық режимi оның қай санатқа тиесiлiлiгiне және жердi (аумақты) аймақтарға бөлуге сәйкес рұқсатты пайдаланылуына негiзделiп айқындалады.

      3. Қазақстан Республикасының аумағында табиғи жағдайлары бойынша мынадай аймақтар ерекшеленедi:

      1) орманды дала;

      2) дала;

      3) қуаң дала;

      4) шөлейттi;

      5) шөлдi;

      6) тау етегi-шөлдi-далалық;

      7) субтропикалық шөлдi;

      8) субтропикалық-тау етегi-шөлдi;

      9) орта азиялық таулы;

      10) оңтүстiк-сiбiр таулы аймақтар.

      2-бап. Жердi санаттарға жатқызу, оларды бiр санаттан
             басқасына ауыстыру

      Жердi осы Кодекстiң 1-бабында аталған санаттарға жатқызуды, сондай-ақ жердi оның нысаналы мақсатының өзгеруiне байланысты бiр санаттан басқасына ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген, жер учаскелерін беру және алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою жөнiндегi өз құзыретi шегiнде жүргiзедi. P080734
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

      3-бап. Жерге меншiк

      Қазақстан Республикасында жер мемлекеттiк меншiкте болады. Жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн.

      4-бап. Жер заңдарының принциптерi

      Қазақстан Республикасының жер заңдары:

      1) Қазақстан Республикасы аумағының тұтастығы, қол сұғылмаушылығы және бөлiнбейтiндiгi;

      2) жердi табиғи ресурс, Қазақстан Республикасы халқының өмiрi мен қызметiнiң негiзi ретiнде сақтау;

      3) жердi қорғау және ұтымды пайдалану;

      4) экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;

      5) жердi нысаналы пайдалану;

      6) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердiң басымдығы;

      7) жердiң жай-күйi және оған қолжетiмдiлiк туралы ақпаратпен қамтамасыз ету;

      8) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шараларды мемлекеттiк қолдау;

      9) жерге залал келуiн болдырмау немесе оның зардаптарын жою;

      10) жердi ақылы пайдалану принциптерiне негiзделедi.

      5-бап. Жер заңдарының мiндеттерi

      Қазақстан Республикасы жер заңдарының мiндеттерi: жер учаскесiне меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығы туындауының, өзгертiлуi мен тоқтатылуының негiздерiн, шарттары мен шектерiн; жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен мiндеттерiн жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу; жердi ұтымды пайдалану мен қорғауды, топырақ құнарлылығын ұдайы қалпына келтiрiп отыруды, табиғи ортаны сақтау мен жақсартуды қамтамасыз ету мақсатында жер қатынастарын реттеу; шаруашылық жүргiзудiң барлық нысандарын тең құқықпен дамыту үшiн жағдайлар жасау; жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттiң жерге құқықтарын қорғау; жылжымайтын мүлiк рыногын жасау мен дамыту; жер қатынастары саласында заңдылықты нығайту болып табылады.

      6-бап. Жер заңдары

      1. Қазақстан Республикасындағы жер заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының осыған сәйкес қабылданатын нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Жер қойнауын, суды, атмосфералық ауаны, орман-тоғайды және өзге де өсiмдiктердi, жануарлар дүниесiн, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құндылығы бар қоршаған орта объектiлерiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану мен қорғау жөнiндегi қатынастар Қазақстан Республикасының арнаулы заңдарымен реттеледi. K070212, Z060175

      3. Жер қатынастары субъектiлерiнiң өздерiне тиесiлi құқықтарды жүзеге асыруы табиғи pecуpc ретiндегi жерге және қоршаған ортаның өзге де объектiлерiне, сондай-ақ басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiне зиян келтiрмеуге тиiс.

      4. Егер Қазақстан Республикасының жер, экология , орман , су заңдарында жер қойнауы, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi ,   ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарында өзгеше көзделмесе, жер учаскелерiн иелену, пайдалану және оларға билiк ету, сондай-ақ олармен мәмiле жасасу бойынша мүлiктiк қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен реттеледi.

      5. Жеке және заңды тұлғалардың заңдарда белгiленген құқықтарын мемлекеттiк органдардың актiлерiмен шектеуге болмайды.

      6. Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттер атқарады.

      7. Басқа мемлекеттердiң Қазақстан Республикасының аумағында жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес туындайды.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.01.09 N 213 Заңымен.

      7-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Кодекстегiден өзгеше ережелер белгiленсе, аталған шарттың ережелерi қолданылады. Халықаралық шарттан оны қолдану үшiн заң актiсiн шығару талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар жер қатынастарына тiкелей қолданылады.

      8-бап. Жердi аймақтарға бөлу

      1. Аймақтарға бөлу - жер аумағын оның нысаналы мақсаты мен пайдаланылу режимiн белгiлей отырып айқындау.

      2. Жерді аймақтарға бөлуді облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана), аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) деңгейінде ұйымдастыруды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) тиісті уәкілетті органдары жүзеге асырады. Жерді аймақтарға бөлу жобасын (схемасын) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) тиісті өкілді органдары бекітеді.
      Жердің нысаналы мақсатының жіктемесі жерді аймақтарға бөлу жобаларының (схемаларының) негізінде әзірленеді және оны облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары бекітеді.

      3. Алып тасталды - ҚР 2006.01.10. N 116 Заңымен.

      4. Жердi аймақтарға бөлу кезiнде белгiленген, аумақты пайдаланудың нысаналы режимi жер құқығы қатынастарының субъектiлерi үшiн мiндеттi болып табылады.

      5. Жердi аймақтарға бөлу жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша жүргiзiледi және бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9-бап. Жер үшiн төленетiн төлемдер

      1. Меншiктегi, тұрақты жер пайдаланудағы немесе бастапқы уақытша өтеусiз жер пайдаланудағы жер учаскелерiне Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жер салығы салынады.

      2. Мемлекет уақытша өтеулi пайдалануға (жалға) берген жер учаскелерi үшiн жер учаскелерiн пайдалану төлемақысы алынады.
      Жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын есептеу және бюджеттiң кiрiсiне төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес айқындалады.
      Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттерге жер учаскесi жалға берiлген кезде жер учаскелерiн пайдалану төлемақысының мөлшерi Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда айқындалады.

      3. Жер учаскелерiн мемлекеттiк меншiктен жеке меншiкке беру өтеулi негiзде, өзінің жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің шешiмi бойынша ақысы бiрден төленiп нe төлеу мерзiмiн ұзартып сату арқылы жүргізіледі, бұған:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтарына - тұрғын үй-жайлардың меншiк иелерiне кондоминиум объектiлерiндегi мiнсiз үлесi ретiнде;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтарына осы Кодекстің 50-бабының 2-тармағына сәйкес өзiндiк қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылыстары үшiн;

      2-1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен айқындалатын халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға;

      2-2) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын отандық өнеркәсіп орындарына;

      3) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда, жер учаскесi меншiкке өтеусiз негiзде берiлетiн жағдайлар қосылмайды.
      Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын өтеулi түрде беру (сату) (бұдан әрi - жер учаскелерi үшiн төлемақы) немесе уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығын өтеулi түрде бepу (сату) төлемақысы (бұдан әрi - жалдау құқығын сату төлемақысы) жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттерiн қолдану арқылы шығарылатын кадастрлық (бағалау) құны негiзiнде есептеледi.

      4. Мемлекеттiң ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн жеке меншiкке сатқаннан түсетiн қаражат Ұлттық қорға аударылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен пайдаланылады.

      5. Өзiндiк қосалқы шаруашылық, бағбандық жүргізу, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшiн, осы Кодексте жер учаскелерін ақылы түрде беру көзделген өзге де мақсаттар үшін өтеусiз берiлген жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты өзгерген жағдайда жер учаскесiнiң меншiк иесi жер учаскесiнiң өзгерген нысаналы мақсаты үшiн Қазақстан Республикасының заңында көзделген кадастрлық (бағалау) құнына тең болатын соманы бюджеттiң кiрiсiне төлеуге мiндеттi.
      Елді мекеннің аумағы шегіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы, сондай-ақ ауыл шаруашылығында пайдаланылатын жер учаскесінің нысаналы мақсаты, мемлекет мұқтажы үшін алып қойылған жерлерді қоспағанда, ауыл және орман шаруашылығын жүргізумен
байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшін өзгертілген жағдайда, аталған жер учаскесінің меншік иесі жер учаскесінің өзгерген нысаналы мақсаты үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кадастрлық (бағалау) құны мен осы учаскенің бұрын
мемлекеттен сатып алынған бағасы арасындағы айырмаға тең соманы бюджетке төлеуге міндетті.

      6. Мемлекеттiк заттай гранттар түрiндегi жер учаскелерi мен жер пайдалану құқығы инвестициялық жобаның атқарылуын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына осы Кодекске және Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарына сәйкес берiледi.
      Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының жер учаскесін заттай грант ретінде беру туралы шешімі оның жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның шешімі негізінде қабылданады.

      7. Меншiк иесi жер учаскесiн сатқан немесе жалға берген кезде, мемлекеттiк емес жер пайдаланушы өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын басқа тұлғаларға сатқан кезде, сондай-ақ ол жер учаскесiн кейiнгi жер пайдаланушыларға жалға берген кезде, жер учаскелерi үшiн төлемақының мөлшерi, мерзiмдерi мен нысаны Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес сатып алу-сату немесе мүлiк жалдау шарттарымен айқындалады.

      8. Жер учаскесі ұлттық компания мәртебесі бар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны бойынша есептелетін баға бойынша жарғылық капиталының (меншігінің) төлеміне берілуі мүмкін.
      Бұл ретте жер учаскесін ұлттық компания мәртебесіне ие әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың меншігіне ресімдеу жарияланған акциялар шығарылымы мемлекеттік тіркелгеннен кейін жүзеге асырылады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.05.04 N 48, 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.07.05 N 162, 2007.07.06 N 279, 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      10-бап. Жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық
               ставкалары және жер учаскесiнiң кадастрлық
               (бағалау) құны

      1. Жер учаскелерi жеке меншiкке берiлген кезде, мемлекет немесе мемлекеттiк жер пайдаланушылар жалға берген кезде олар үшiн төлемақының базалық ставкаларын, жалдау құқығын сату төлемақысының мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi кемінде жылына бір рет белгiлейдi. Бұл ретте жер учаскелерiн пайдалану төлемақысының ставкалары жер салығы ставкаларының мөлшерiнен төмен белгiленбейдi.
      Жалдау құқығын сату төлемақысы нақты жер учаскесiнiң кадастрлық (бағалау) құнына қарай сараланып белгiленедi.

      2. Нақты жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорындар мемлекеттің жеке меншікке немесе жалға өтеулі негізде беретін жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына сәйкес оған түзету (арттыратын немесе кемітетін) коэффициенттерін қолдана отырып белгілейді және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы бекітетін жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау актісімен ресімдейді.
      Астана қаласының, республикалық маңызы бар қалалардың, облыс орталықтарының маңындағы аймақта және курортты аймақта орналасқан елдi мекендерде (кенттер мен ауылдық елдi мекендерде) жеке меншiкке берiлетiн жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкалары екi есе арттырылады.

      3. Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншiкке өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн тегiн берудiң белгiленген нормаларынан артық берiлетiн қосымша жер учаскелерiнiң кадастрлық (бағалау) құны бағаланатын учаскелерге неғұрлым жақын орналасқан ауылдық елдi мекендердiң жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкаларына негiзделе отырып айқындалады.

      4. Елдi мекендердiң шегiнен тыс орналасқан, азаматтарға және мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға құрылыс жүргiзу үшiн берiлген (берiлетiн) немесе үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерi салынған жер учаскелерi бойынша, осы баптың 4-1-тармағында көрсетілген жерлерді қоспағанда, үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) пайдаланылу мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, оларды кадастрлық (бағалау) құны облыстық маңызы бар қалаларда аталған мақсаттар үшiн берiлген (берiлетiн) жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық ставкаларының он процентi мөлшерiне негiзделе отырып айқындалады.

      4-1. Елді мекендердің шегінен тыс орналасқан, осы Кодекстің 97-бабына сәйкес ауыл шаруашылығының жұмыс істеуі үшін қажетті үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салынған, шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген (берілетін) жер учаскелері бойынша, оларға қызмет көрсетуге арналған жерлерді қоса алғанда, кадастрлық (бағалау) құны жер учаскелерін ауыл шаруашылығы мақсаты үшін жеке меншікке берген кезде оларға төлемақының базалық ставкаларының мөлшерiне негiзделе отырып айқындалады.

      5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында аталған жер учаскелерiнiң кадастрлық (бағалау) құнын айқындау кезiнде, осы Кодекстiң 11-бабының 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес осы учаскелердiң қызмет көрсету саласы орталықтарынан қашықтығына байланысты түзету коэффициенттерi қолданылады
       Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279, 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      11-бап. Жер учаскелерi үшiн төлемақының базалық
               ставкаларына түзету коэффициенттерi

      1. Түзету коэффициенттері мен аудандық маңызы бар қалалардағы, кенттер мен ауылдық елді мекендердегі аймақтардың шекаралары ауданның жергілікті атқарушы органының ұсынысы бойынша аудандық өкілді органның, ал облыстық маңызы бар қалаларда (республикалық маңызы бар қалада, астанада) - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының ұсынысы бойынша облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) өкілді органның шешімімен бекітіледі.
      Бұл ретте арттыратын немесе кемiтетiн коэффициенттердiң шектi (ең жоғары) мөлшерi екi еседен аспауға тиiс.

      2. Мемлекет ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн беретiн жер учаскелерiнiң кадастрлық (бағалау) құнын айқындау кезiнде жер учаскесiнiң сапалық жай-күйiне, орналасуына, сумен қамтамасыз етiлуiне, қызмет көрсету орталықтарынан қашықтығына байланысты түзету (арттыратын немесе кемiтетiн) коэффициенттерi қолданылады.

      3. Алқаптардың түрi мен топырақтардың үлгiсi бойынша жер учаскесiнiң сапалық жай-күйi жер-кадастр карталары, топырақ, геоботаникалық, топырақ-мелиорация және басқа зерттеу материалдары негiзiнде анықталады:

      1) егiстiк құрамында пайдаланылатын жер учаскесiнiң құнын белгiлеу үшiн оның мелиорациялық жай-күйi мен жер бетiнiң еңiстiгiне қарай мынадай түзету коэффициенттерi қолданылады:
      жердiң мелиорациялық жай-күйi:
      жақсы (топырағы тұзды емес және сортаң емес, тассыз, эрозияға ұшырамаған; жер асты суларының тереңдiгi: тұщы су - 3 метрден астам, минералды су - 6 метрден астам) - 1,2;
      қанағаттанарлық (топырағы аздап тұзды, сортаңдау, тасы аз, аздап эрозияға ұшыраған; минералдануы төмен жер асты суларының тереңдiгі 3-6 м) - 0,9;
      қанағаттанғысыз (топырағы орташа және аса тұзданған, орташа және аса сортаң, тастақ, орташа және күштi эрозияға ұшыраған; 1 г/л астам минералданған жер асты суларының тереңдiгi 3 метрден кем) - 0,6;
      жер бетiнiң еңiстiгi:
      1 градусқа дейiн - 1; 1-ден 3 градусқа дейiн - 0,98; 3-тен 5 градусқа дейiн - 0,96; 5-тен 7 градусқа дейiн - 0,93; 7 градустан астам - 0,86;

      2) табиғи жем-шөп алқаптары (шабындық, жайылым) құрамында пайдаланылатын жер учаскелерiнiң құнын айқындау үшiн учаскенiң сапалық жай-күйi мен жер бетiнiң еңiстiгiне қарай мынадай түзету коэффициенттерi қолданылады:
      жақсартылған шабындықтар мен жайылымдар:
      көп жылдық шөп егiлiп, түбегейлi жақсартылған - 1,2;
      өсiмдiк жамылғысының түр-құрамын өзгертпей, беткi қабаты жақсартылған - 1,1;
      шабындық жердiң жай-күйi:
      жақсы (ластанбаған, бұта-шiлiк баспаған, ағаш өспеген, тассыз, аймақтық өсiмдiктердiң белгiлерi жақсы байқалатын жер учаскесi) - 1,2;
      қанағаттанарлық (ластанған, бұта-шiлiк басып кеткен, ағаш өскен, тастақ, өсiмдiк жамылғысының аймақтық құрылымы бұзылған жер учаскесi. Аталған белгiлер аумақтың 40 процентiне дейiнгi алаңынан көрiнедi) - 0,9;
      қанағаттанғысыз (ластанған, бұта-шiлiк басып кеткен, ағаш өскен, тастақ, өсiмдiк жамылғысының аймақтық құрылымы бұзылған жер учаскесi. Аталған белгiлер аумақтың 40 процентiнен астам алаңынан байқалады) - 0,7;
      жер қабатының еңiстiгi:
      3 градусқа дейiн - 1; 3,1-ден - 6 градусқа дейiн - 0,95; 6,1-ден - 10 градусқа дейiн - 0,9; 10,1-ден - 20 градусқа дейiн - 0,85; 20 градустан астам - 0,5;
      жайылымдық жердiң жай-күйi:
      жақсы (ластанбаған, бұта-шiлiк (азыққа жарамайтын бұталар) баспаған, ағаш өспеген, тассыз, аймақтық өсiмдiктердiң белгiлерi жақсы байқалатын жер учаскесi) - 1,2;
      қанағаттанарлық (ластанған, бұта-шiлiк (азыққа жарамайтын бұталар) басқан, ағаш өскен, тастақ, өсiмдiк жамылғысының аймақтық құрылымы бұзылған, қатты тапталған жайылымдары, жалаңаш сорлары бар, сортаң топырақты, тақыр жер учаскесi. Аталған белгiлер аумақтың 40 процентiне дейiнгi алаңынан көрiнедi) - 0,9;
      қанағаттанғысыз (ластанған, бұта-шiлiк (азыққа жарамайтын бұталар) басқан, ағаш өскен, тастақ, өсiмдiк жамылғысының аймақтық құрылымы бұзылған, қатты тапталған жайылымдары, жалаңаш сорлары бар, сортаң топырақты, тақыр жер учаскесi. Аталған белгiлер аумақтың 40 процентiнен астам алаңынан байқалады) - 0,6;
      жер қабатының еңiстiгi:
      12 градусқа дейiн - 1; 13-тен - 20 градусқа дейiн - 0,8; 20 градустан жоғары - 0,6.

      4. Жер учаскелерiнiң құнын анықтау үшiн жер учаскесiнiң суландырылуына, оның шаруашылық орталығына қарағанда орналасқан жерiне, қызмет көрсету саласының орталықтарынан қашықтығына байланысты мынадай түзету коэффициенттерi қолданылады:

      1) жер учаскесiнiң суландырылуы (сумен қамтамасыз етiлуi):
      суландырылған - 1,2; суландырылмаған - 0,8;

      2) жер учаскесiнiң шаруашылық орталығына қатысты орналасуы, километрмен:
      беске дейiн - 1,2; 5-тен 10-ға дейiн - 1; 10-нан 20-ға дейiн - 0,9; 20-дан 30-ға дейiн - 0,8; 30-дан астам - 0,7;

      3) жер учаскесiнiң қызмет көрсету орталықтарынан қашықтығы, жолдардың сапасына байланысты:
___________________________________________________________________
    Қашықтығы,  |    Тас   |    Қиыршық тас     |   Жай жолдар
       км       |   жолдар |  төселген жолдар   |
___________________________________________________________________
  20-ға дейiн         1,4           1,1               0,7
  21 - 40             1,2           0,9               0,6
  41 - 60             1,0           0,7               0,5
  61 - 80             0,8           0,5
  81 - 100            0,6
  100-ден астам       0,5
___________________________________________________________________

      5. Жер учаскесiнiң кадастрлық (бағалау) құнын арттыратын немесе кемiтетiн бiрнеше факторлар болған кезде коэффициенттер көбейтiледi.
      Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге арналған жер учаскесiнiң кадастрлық (бағалау) құнын арттырудың немесе кемiтудiң жалпы мөлшерi осы Кодекстiң 10-бабының 1-тармағына сәйкес белгiленген төлемақының базалық ставкаларының елу процентiнен аспауға тиiс.
       Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      12-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) алып қою - мемлекеттік органдардың жеке меншік иесінің немесе жер пайдаланушының жер учаскесіне меншік құқығын немесе жер пайдалану құқығын осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және жағдайларда тоқтатуға бағытталған іс-әрекеті;
      2) арнайы жер қоры - ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың, сондай-ақ мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскелерінің және шартты жер үлестерінің иелері мен жер
пайдаланушылар бас тартқан жердің есебінен құралатын резервтегі жер;
      3) аффилиирленген тұлға - мемлекеттік емес заңды тұлғаға қатысты еншілес болып табылатын немесе тәуелді акционерлік қоғам деп танылатын ұйым;
      4) бастапқы жер пайдаланушылар - жер пайдалану құқығын осы Кодекстің 32-бабында көзделген тәртіппен тікелей мемлекеттен не осы құқықтан айыру тәртібімен басқа да бастапқы жер пайдаланушылардан алған тұлғалар;
      5) бірыңғай мемлекеттік жер тізілімі - құқықтық, сәйкестендіру, экономикалық және басқа да сипаттамаларды қамтитын, мемлекеттік жер кадастры құрамындағы жер учаскелерін есепке алудың қорытынды құжаты;
      6) жеке меншіктегі жер учаскесін уақытша пайдалану құқығы - жер учаскесінің меншік иесі мен уақытша пайдаланушы (жалға алушы немесе өтеусіз пайдаланушы) арасындағы жер учаскесін уақытша пайдалану туралы шарт негізінде туындайтын, субъектінің жер
учаскесін иелену және пайдалану құқығы;
      7) жер - Қазақстан Республикасының егемендігі белгіленетін шектегі аумақтық кеңістік, табиғи ресурс, жалпыға ортақ өндіріс құралы және кез келген еңбек процесінің аумақтық негізі;
      8) жерге билік ету құқығы - мемлекеттің Қазақстан Республикасы аумағындағы жердің заңдық тағдырын айқындаудағы заңмен қамтамасыз етілген құқығы, сондай-ақ жердің жеке меншік иесінің өз жер учаскесіне қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым
салынбаған мәмілелер жасасуға құқығы;
      9) жергілікті атқарушы органдардың шешімдері - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар (селолар), ауылдық (селолық) округтер әкімдерінің жер учаскесіне құқық беру туралы құқықтық актілері;
      10) жерді жалдау төлемақысы - уақытша өтеулі жер пайдалану төлемақысы;
      11) жер иелену құқығы - жерді іс жүзінде иеленуді жүзеге асырудың заңмен қамтамасыз етілген мүмкіндігі;
      12) жер кадастры - жер туралы мәліметтер жүйесі, мемлекеттік кадастрлардың құрамдас бөлігі;
      13) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган - жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық
бөлімшесі (бұдан әрі - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы);
      14) жер қатынастарының объектісі - Қазақстан Республикасы аумағының шегіндегі бүкіл жер, онда орналасқанына және олардың жекелеген субъектілерге бекітіліп берілуінің құқықтық негіздеріне қарамастан жекелеген жер учаскелері, сондай-ақ жер учаскелері мен
жер үлестеріне құқықтар;
      15) жер құқығы қатынастары - жерге меншік құқығын және өзге де құқықтарды жүзеге асыра отырып, жер ресурстарын басқаруға, жекелеген субъектілерге жер учаскелерін бекітіп беруге байланысты жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі құқықтық қатынастар;
      16) жер құқығы қатынастарының субъектілері - жер құқығы қатынастарына қатысушылар болып табылатын және соған орай құқықтары бар әрі осы құқық қатынасында міндеттер атқаратын жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттер;
      17) жер пайдалану құқығы - тұлғаның мемлекеттік меншіктегі жер учаскесін өтеулі және (немесе) өтеусіз негізде шектеусіз мерзімге (тұрақты жер пайдалану) немесе белгілі бір мерзім ішінде (уақытша жер пайдалану) иелену және пайдалану құқығы;
      18) жер ресурстары - қоғамның материалдық, мәдени және басқа да қажеттерін қанағаттандыру үшін шаруашылық және өзге де қызмет процесінде пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жер;
      19) жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган
- жер қатынастары саласындағы реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі - орталық уәкілетті орган);
      20) жер учаскелерінің нысаналы мақсатының жіктемесі - аумақты аймақтарға бөлуге сәйкес учаске аумағын және онда орналасқан үйлер мен ғимараттардың (үй-жайлардың) функционалдық мақсатының (пайдаланылуының) үлгісі мен түрі бойынша жер учаскелерін мақсатты пайдалану түрлерін топтастыру;
      21) жер учаскесі - осы Кодексте белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін, тұйық шекара ішінде бөлінген жер бөлігі;
      22) жер учаскесін жалдау құқығын сату төлемақысы - уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскесі үшін біржолғы төлем;
      23) жер учаскесіне жеке меншік құқығы - азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың өздеріне тиесілі жер учаскесін осы Кодексте белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде иелену, пайдалану және оларға билік ету құқығы;
      24) жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат - осылардың негізінде жер учаскесіне құқықтар туындайтын, өзгертілетін немесе тоқтатылатын заңдық фактілердің (заңдық құрамдарының) басталғанын растайтын құжат, оның ішінде шарттар, соттардың шешімдері, атқарушы органдардың құқықтық актілері, мұрагерлікке құқық туралы куәлік, меншік құқығымен жер учаскесіне иеленген немесе уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған мемлекеттік емес заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезіндегі табыстау актісі немесе бөлу балансы;
      25) жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты - жер, құқықтық және қала құрылысы кадастрларын жүргізу мақсатында қажетті, жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын құжат;
      26) жер учаскесін немесе жер пайдалану құқығын кепілге салу - міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің кепіл шартына негізделген не Қазақстан Республикасы заңдарының негізіндегі әдісі, осыған орай кредитордың (кепіл ұстаушының) борышкер кепілмен
қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған жағдайда кепілге салынған жер учаскесінің немесе жер пайдалану құқығының құнынан осы жер учаскесі немесе жер пайдалану құқығы тиесілі тұлғаның (кепіл берушінің) басқа кредиторлары алдында қайтарым алуға басым құқығы
болады, бұған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген алып қою жағдайлары қосылмайды;
      27) жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу - жер учаскесі меншік иесінің немесе жер пайдаланушының рұқсатынсыз бөтен жер учаскесін иелену, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскесін Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның тиісті шешімінсіз иелену;
      28) жер үлесі - жер учаскесіне құқықтар мен міндеттерге басқа тұлғалармен бірге қатысудың осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен және жағдайларда бөліп шығарылуы мүмкін сан жағынан айқындалған үлесі;
      29) иммиграциялық жер қоры - оралмандарға беру үшін резервке қалдырылған және арнайы жер қоры құрамына кіретін жер учаскелері;
      30) кадастрлық (бағалау) құны - мемлекет жер учаскесін немесе оны жалға алу құқығын сатқан кезде қолданылатын, инфляцияның жалпы деңгейі туралы ресми статистикалық ақпаратқа сәйкес кезең-кезеңімен нақтыланатын жер учаскелері үшін төлемақының базалық
ставкалары және оларға түзету коэффициенттері негізінде айқындалатын жер учаскесінің есептеу құны;
      31) кейінгі жер пайдаланушылар - өзінің бастапқы жер пайдаланушы мәртебесін сақтап қалатын жер пайдаланушыдан кейінгі жер пайдалану туралы шарт негізінде уақытша жер пайдалану құқығын алған тұлғалар;
      32) кондоминиум - жылжымайтын мүлікке меншіктің (өзге де құқықтың) ерекше нысаны, бұл ретте жылжымайтын мүліктің жекелеген бөліктері жеке және (немесе) заңды тұлғалардың бөлек (дербес) меншігінде (өзге де құқықта) болады, ал жылжымайтын мүліктің бөлек
меншікке жатпайтын бөліктері, оның ішінде жер учаскесі де оларға ортақ үлестік меншік құқығымен (өзге де ортақ құқықпен) тиесілі болады және бөлек (дербес) меншігіндегі (өзге де құқықтағы) жылжымайтын мүлік бөліктеріне құқықтардан ажыратылмайды;
      33) мемлекеттік жер пайдаланушылар - мемлекеттік республикалық және коммуналдық заңды тұлғалар;
      34) мемлекеттік заттай гранттар - Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны іске асыру үшін осы Кодексте және Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен беріле отырып, кейіннен меншікке немесе жер пайдалануға өтеусіз берілетін жер учаскелері;
      35) мемлекеттік емес жер пайдаланушылар - азаматтар және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
      36) меншік құқығының объектілері - мемлекеттік және жеке меншіктегі жер;
      37) өзіндік қосалқы шаруашылық - ауылдық жерде және қала маңындағы аймақта орналасқан жер учаскесінде өз қажеттерін қанағаттандыруға арналған қызмет түрі;
      38) сервитут - бөтен жер учаскелерін шектеулі нысаналы пайдалану, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану, аңшылық шаруашылығы және
өзге де мұқтаждар үшін пайдалану құқығы;
      39) топырақ қабаты - жердің құрғақ үстіңгі қабаты, тек өзіне тән құрылымы, құрамы мен қасиеттері бар ерекше табиғи түзілім;
      40) төлемақының базалық ставкасы - мемлекет жер учаскесіне жеке меншік құқығын берген кезде немесе уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын сатқан кезде оның кадастрлық (бағалау) құнын айқындауға арналған жер учаскесінің нормативтік бағасы;
      41) тұрақты жер пайдаланушылар - жер пайдалану құқығының мерзімі шектеусіз сипатта болатын тұлғалар;
      42) уақытша жер пайдаланушылар - жер пайдалану құқығы белгілі бір мерзіммен шектелген тұлғалар;
      43) ұлттық жер пайдаланушылар - Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, соның ішінде шетелдік қатысушысы бар кәсіпорындар;
      44) шартты жер үлесі - таратылған немесе қайта ұйымдастырылған ұжымшар мүшелерінің, мемлекеттік емес болып қайта құрылған мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерінің, сондай-ақ осы Кодексте аталған өзге де тұлғалардың сандық тұрғыдан анықталған үлесі, оған сәйкес аталған ұйымдардың жер пайдалану құрамында бұдан бұрын болған жер учаскелеріне құқықтар беру жүзеге асырылады немесе осы Кодексте көзделген өзге де құқықтар іске асырылады;
      45) шетелдік жер пайдаланушылар - шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шет мемлекет заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлғалар (шетелдік заңды тұлғалар), шет мемлекеттер, халықаралық бірлестіктер мен ұйымдар.
      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.06 N 279, өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.26 N 311, 2010.03.19 № 258-IV, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. Мемлекеттік органдардың жер қатынастары
саласындағы құзыреті

      13-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне мыналар жатады:

      1) Республиканың жер қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;

      2) қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi басқа да iс-шаралардың кешенiнде жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау мен арттыру, жер ресурстарын қорғау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу;

      3) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге, халықаралық мiндеттемелердi орындау мен жердi қорғаныс мұқтажы үшiн пайдалануға байланысты жағдайларда барлық санаттағы жерден жер учаскелерiн беру және алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою;

      3-1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның ұсынысы бойынша босалқы жерге ауыстыру және оның тәртібін бекіту ;

      4) жер учаскесiне меншiк құқығына және жердi пайдалану құқығына берiлетiн құжаттардың нысандарын бекiту ;

      4-1) жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру ережелерін бекіту;

      5) облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың шекарасын өзгерту мәселелерi жөнiндегi ұсыныстарын келiсу, сондай-ақ облыстық маңызы бар қалалар төңiрегiнде қала маңы аймақтарын белгiлеу мен өзгерту; P080517

      6) жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатқызу және жердi осы аумақтардың резервiне қалдыру тәртiбiн, республикалық және халықаралық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тiзбесiн бекiту ;

      7) мемлекеттiк жер кадастры мен жер мониторингiн жүргiзу тәртiбiн бекiту;

      8) алып тасталды - ҚР 2006.01.31 N 125 Заңымен;

      9) облыстардың және астананың, республикалық маңызы бap қалалардың арасындағы жер қатынастарын реттеу;

      10) оған Қазақстан Республикасының Конституциясымен , заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функциялар.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.07.05 N 162, 2007.07.06 N 279, 2008.12.01 N 94-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      14-бап. Орталық уәкілетті органның және оның аумақтық
               органдарының құзыреті

      1. Орталық уәкілетті органның құзыретіне:
      1) жер заңнамасын қолдану іс-тәжірибесін жинақтау және оны жетілдіру;
      2) жер қатынастарын реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуіне енгізу;
      3) мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингін жүргізудің дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру;
      4) жерге орналастыру және мемлекеттік жер кадастры жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді бекіту;
      5) жерді пайдалану мен қорғау мәселелеріне қатысты республикалық бағдарламаларға, жобалар мен схемаларға сараптама жүргізу;
      6) орталық және жергілікті атқарушы органдармен жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;
      7) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері паспортының нысанын бекіту;
      8) жер-кадастрлық құжаттаманың құрылымын, құрамын, мазмұнын және нысандарын белгілеу;
      9) жер мониторингін жүргізуді ұйымдастыру;
      10) мемлекеттік жер кадастрын жүргізуді ұйымдастыру және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер балансының деректері негізінде Қазақстан Республикасының жер балансын жасау;
      11) өз құзыретіне кіретін жер учаскелерін беру және алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою, жерді бір санаттан басқасына ауыстыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтық актілерінің жобаларын дайындау;
      12) жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
      13) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен белгіленген Каспий теңізі түбінің қазақстандық учаскесі шегінде келісім-шарттық аумақтан тыс мұнай-газ құбырын салуға қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жер қойнауын пайдалану жөніндегі, төтенше жағдайлар, сауда мақсатында теңізде жүзу салаларындағы және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімімен рұқсат беру;
      14) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдарының жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылығын бақылау;
      15) жер заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау;
      16) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлеу және бекіту;
      17) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
      2. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органының құзыретіне:
      1) жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
      2) осы Кодекстің 14-1-бабы 2-тармағының 20) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, пайдаланылмай жатқан және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жерді анықтау;
      3) анықталған жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде орындалуы міндетті нұсқамалар беру;
      4) жер заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау;
      5) осы Кодекстің 16-бабы 2-тармағының 2-2) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өз мақсатында пайдаланылмай не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап-арыз дайындау;
      6) облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) жерінің мониторингін жүргізуді ұйымдастыру;
      7) жер кадастрының дұрыс жүргізілуін бақылау;
      8) егер құрылыс, пайдалы қазбалар кен орындарын қазу, объектілерді пайдалану, геологиялық-барлау және басқа жұмыстар жер заңнамасын, жерді пайдаланудың белгіленген режимін бұза отырып жүзеге асырылса, сондай-ақ бұл жұмыстар сараптамадан өтпеген немесе теріс қорытынды алған жобалар бойынша жүргізілсе, оларды тоқтата тұру жатады.
      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2007.07.21 N 297 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.05.26 N 34-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      14-1-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
                 астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар
                 қалалардың) уәкілетті органдарының құзыреті

      1. Облыстың уәкілетті органының құзыретіне:

      1) облыстың жергілікті атқарушы органының жер қойнауын пайдалану және магистральды құбырлар, мұнай және газ өңдеу объектілерін салу, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру әрі кеңейту мақсатында жер учаскелерін беру жөніндегі, сондай-ақ пайдалы қазбалардың кең орындарын (кең таралғанынан басқасын) қазуға, магистральды құбырлар салу, жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру әрі
кеңейту үшін жер учаскелерін мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      2) облыстың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдары мен олардың тәжірибе шаруашылықтарына, сондай-ақ мемлекеттік тұқым өсіру шаруашылықтары мен асыл тұқымды мал зауыттарына жер учаскелерін беру жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      3) барлық түрдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру үшін жерді резервтеу жөніндегі ұсыныстарды дайындау;

      4) өз құзыреті шегінде мемлекет жеке меншікке сататын нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту;

      5) өз құзыреті шегінде жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;

      6) жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;

      7) жерді аймақтарға бөлу жобаларын және облыстың жерін ұтымды пайдалану жөніндегі бағдарламаларды, жобалар мен схемаларды әзірлеуді ұйымдастыру;

      8) өз құзыреті шегінде жер сауда-саттығын (конкурстар, аукциондар) жүргізуді ұйымдастыру;

      9) жерді пайдалану мен қорғау мәселелеріне қатысты облыстық, қалалық, аудандық бағдарламалардың, жобалар мен схемалардың сараптамасын жүргізу;

      10) өз құзыреті шегінде жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен жалдау және жерді уақытша өтеусіз пайдалану шарттарын жасасу;

      11) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) деректері негізінде облыстың жер балансын жасау;

      12) жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуді лицензиялау;

      13) осы Кодекстің 71-бабына сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органының іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беруі жөнінде ұсыныстар дайындау;

      14) ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      15) облыстың жергілікті атқарушы органының жер учаскесіне құқық беру туралы шешімі негізінде жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттары беру жатады.

      2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың уәкілетті органының, оның әкімшілік бағынысына берілген аумақтағы құзыретіне:

      1) жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуді лицензиялау;

      2) осы Кодекстің 71-бабына сәйкес республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беруі жөнінде ұсыныстар дайындау;

      3) ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      4) барлық түрдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру үшін жерді резервтеу жөнінде ұсыныстар дайындау;

      5) республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер балансын жасау;

      6) республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      7) жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтамалар беру;

      8) республикалық маңызы бар қаланың, астананың атқарушы органының жер учаскесіне құқық беру туралы шешімі негізінде жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарын беру;

      9) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің паспорттарын беру;

      10) жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен жалдау және жерді уақытша өтеусіз пайдалану шарттарын жасасу;

      11) иесі жоқ жер учаскелерін анықтау және оларды есепке алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      12) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөнінде ұсыныстар дайындау;

      13) жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;

      14) мемлекет жеке меншікке сататын нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту;

      15) жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;

      16) жерді аймақтарға бөлу жобаларын және республикалық маңызы бар қаланың, астананың жерін ұтымды пайдалану жөніндегі бағдарламаларды, жобалар мен схемаларды әзірлеуді ұйымдастыру;

      17) жер сауда-саттығын (конкурстар, аукциондар) жүргізуді ұйымдастыру;

      18) жерді пайдалану мен қорғау мәселелеріне қатысты бағдарламалардың, жобалар мен схемалардың сараптамасын жүргізу;

      19) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың, сондай-ақ жер құқығы қатынастарының басқа да субъектілерінің есебін жүргізу;

      20) мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау жатады.

      3. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдарының аудан шекарасы, қала шекарасы (шегі) шебіндегі және оның әкімшілік бағыныстылығына берілген аумақтағы құзыретіне:

      1) иесі жоқ жер учаскелерін анықтау және оларды есепке алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      2) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      3) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөнінде ұсыныстар дайындау;

      4) жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;

      5) мемлекет жеке меншікке сататын нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту;

      6) жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;

      7) жерді аймақтарға бөлу жобаларын және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жерін ұтымды пайдалану жөніндегі бағдарламаларды, жобалар мен схемаларды әзірлеуді ұйымдастыру;

      8) елді мекендер аумағының жер-шаруашылық орналастыру жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру;

      9) жер сауда-саттығын (конкурстар, аукциондар) жүргізуді ұйымдастыру;

      10) жерді пайдалану мен қорғау мәселелеріне қатысты қалалық, аудандық бағдарламалардың, жобалар мен схемалардың сараптамасын жүргізу;

      11) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер балансын жасау;

      12) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың, сондай-ақ жер құқығы қатынастарының басқа да субъектілерінің есебін жүргізу;

      13) жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарын беру;

      14) жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтамалар беру;

      15) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің паспорттарын беру;

      16) жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен жалдау және жерді уақытша өтеусіз пайдалану шарттарын жасасу;

      17) осы Кодекстің 71-бабына сәйкес ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беруі жөнінде ұсыныстар дайындау;

      18) ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру жөнінде ұсыныстар дайындау жатады.
      Ескерту. 14-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгеріс енгізілді - 2007.07.06 N 279, 2007.07.21 N  297 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      15-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдар мен жергiлiктi
               өзiн-өзi басқару органдарының құзыретi

      1. Жергiлiктi өкiлдi органдардың тиiстi аумақтарда жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне мыналар жатады:

      1) басқа да табиғат қорғау iс-шаралары кешенiнде жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, жер ресурстарын қорғау жөнiндегi аймақтық бағдарламаларды бекiту;

      2) ауылдық (селолық) атқарушы органдардың қарамағына берiлген ауыл шаруашылығы алқаптарын қоса алғанда, елдi мекендер аумағында жер шаруашылық орналастыру жоспарларын бекiту;
      3) алып тасталды - 2006.01.10. N 116 Заңымен.

      4) жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдар басшыларының жер ресурстарының пайдаланылуы мен қорғалуының жай-күйi туралы есептерiн тыңдау;

      5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген құзыретi шегiнде әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер арасындағы шекараны белгiлеу туралы шешiмдер қабылдау;

      5-1) қала маңындағы аймақтардың шекараларын осы Кодекстің 110-бабына сәйкес бекіту;

      5-2) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу туралы шарттардың жобаларын келісу;
      6) алып тасталды - ҚР 2006.01.10. N 116 Заңымен.

      2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары жер қатынастарын реттеу саласында Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өкiлеттiктер шегiнде тұрғын халықтың жергiлiктi маңызы бар мәселелердi шешуге қатысуын қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      16-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың,
             астананың) жергілікті атқарушы органының
             құзыреті

      1. Облыстың жергілікті атқарушы органының құзыретіне мыналар жатады:

      1) басқа да табиғат қорғау iс-шаралары кешенiнде жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, жер ресурстарын қорғау жөнiндегi облыстық (қалалық) бағдарламаларды әзiрлеп, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) өкiлдi органның бекiтуiне енгiзу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;

      1-1) аудандық маңызы бар қалалар маңындағы аймақтардың шекараларын облыстың жергілікті өкілді органына бекітуге табыс ету;

      2) жер қойнауын пайдалану, магистральдық құбырлар, мұнай және газ өңдеу объектілерін, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу мақсаттары үшін жер учаскелерін беру, сондай-ақ пайдалы қазбалардың кен орындарын әзірлеуге, магистральдық құбырлар салу, "Инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен шығару;

      3) ауданаралық маңызы бар уақытша пайдаланылатын мал айдау жолдарына жер учаскелерiн беру;

      4) осы Кодекстiң 71-бабының 2-тармағына сәйкес iздестiру жұмыстарын жүргізу үшiн жер учаскелерiн пайдалануға рұқсат беру;

      5) мемлекеттiк ғылыми-зерттеу ұйымдары мен олардың тәжiрибе шаруашылықтарына, сондай-ақ мемлекеттiк тұқым өсiру шаруашылықтары мен асыл тұқымды мал зауыттарына жер учаскелерiн беру;

      6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрлерiн құру үшiн жердi резервте сақтау;

      7) осы Кодекстiң 13-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге байланысты жағдайларда жердiң барлық санаттарынан жер учаскелерiн беру және алып қою, соның iшiнде мемлекет мұқтажы үшін алып қою;

      8) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде белгiленген құзыретiне сәйкес аудандар арасындағы жер қатынастарын реттеу;

      9) орман қоры жерiн қоспағанда, осы Кодекстiң 90-бабында көзделген жағдайларда, жер учаскелерiн беру және алып қою, соның iшiнде мемлекет мұқтажы үшін алып қою;

      10) аудандық, қалалық (облыстық маңызы бар) атқарушы органдардың қызметiн жер ресурстарын пайдалану мен қорғауды үйлестiру, оған басшылық ету және бақылау жасау.

      11) алып тасталды - ҚР 2006.01.10 N 116 Заңымен.

      2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының жер ресурстарын реттеу саласындағы құзыретiне мыналар да жатады:

      1) осы Кодекстiң 13-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру;

      1-1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу мақсаттары үшін жер учаскелерін беру;

      2) осы Кодекстiң 13-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда,  жер учаскелерін алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою;

      2-1) жер учаскелерін елді мекендер жеріндегі ортақ пайдаланудағы жерлерге жатқызу, сондай-ақ олардың нысаналы мақсатының өзгеруіне байланысты ортақ пайдаланудағы жердің
құрамынан шығару;

      2-2) мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап қою;

      3) тиiстi өкiлдi органның бекiтуi үшiн оларға әкiмшiлiк бағыныстағы елдi мекендер аумағының жер-шаруашылық орналастыру жоспарларын әзiрлеу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;

      4) жерді аймақтарға бөлу жобаларын (схемаларын) республикалық маңызы бар қаланың, астананың өкілді органдарына бекітуге табыс ету;

      5) жерді аймақтарға бөлу жобалары (схемалары) негізінде жердің нысаналы мақсатының жіктемесін бекіту.
      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279, 2007.07.21 N 297 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2009.07.04 N 166-IV Заңдарымен.

      17-бап. Аудандық (қалалардағы аудандардан басқа)
               атқарушы органның құзыретi

      Елдi мекендер жерiн қоспағанда, аудан шекарасының шегiнде жер қатынастарын реттеу саласында аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органның құзыретiне мыналар жатады:

      1) осы Кодекстiң 13, 16, 18 және 19-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру;

      2) осы Кодекстiң 13, 16 және 18-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерін алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою;

      3) басқа да табиғат қорғау шараларының кешенiнде жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, жер ресурстарын қорғау жөнiндегi аудандық бағдарламаларды әзiрлеп, тиiстi өкiлдi органның бекiтуiне енгiзу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;

      4) ауылдық (селолық) атқарушы органдардың құзырына берiлген ауыл шаруашылығы алқаптарын қоса алғанда, елдi мекендер аумағында жер-шаруашылық орналастыру жоспарларын тиiстi өкiлдi органның бекiтуiне әзiрлеу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;

      5) осы Кодекстiң 71-бабының 2-тармағына сәйкес iздестiру жұмыстары үшiн жер учаскесiн пайдалануға рұқсат беру;

      6) арнайы жер қорын құру;
      7) алып тасталды - ҚР 2006.01.10 N 116 Заңымен.  

      8) жерді аймақтарға бөлу жобаларын (схемаларын) ауданның өкілді органына бекітуге табыс ету;

      9) жерді аймақтарға бөлу жобалары (схемалары) негізінде жердің нысаналы мақсатының жіктемесін бекіту.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

      18-бап. Облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы
              органының құзыреті

      Облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының қала шекарасының (шегi) шебiнде және оның әкiмшiлiк бағыныстылығына берiлген аумақта жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне мыналар жатады:

      1) осы Кодекстiң 13, 16 және 19-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру;

      2) осы Кодекстiң 13 және 16-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерін алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою;

      2-1) жер учаскелерін елді мекендер жеріндегі ортақ пайдаланудағы жерлерге жатқызу, сондай-ақ олардың нысаналы мақсатының өзгеруіне байланысты ортақ пайдаланудағы жердің құрамынан шығару;

      3) басқа да табиғат қорғау шаралары кешенiнде жердi ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, жер ресурстарын қорғау жөнiндегi қалалық бағдарламаларды әзiрлеп, тиiстi өкiлдi органның бекiтуiне енгiзу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;

      4) тиiстi өкiлдi органның бекiтуi үшiн өзiне әкiмшiлiк бағыныстағы елдi мекендер аумағында жер-шаруашылық орналастыру жоспарларын әзiрлеу және олардың орындалуын қамтамасыз ету;

      5) осы Кодекстiң 71-бабының 2-тармағына сәйкес iздестiру жұмыстары үшiн жер учаскесiн пайдалануға рұқсат беру;

      6) арнайы жер қорын құру;

      7) алып тасталды - ҚР 2006.01.10 N 116 Заңымен.

       8) жерді аймақтарға бөлу жобаларын (схемаларын) облыстық маңызы бар қаланың өкілді органына бекітуге табыс ету;

      9) жерді аймақтарға бөлу жобалары (схемалары) негізінде жердің нысаналы мақсатының жіктемесін бекіту.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

      19-бап. Аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл
              (село), ауылдық (селолық) округтер
              әкiмдерiнiң құзыретi

      Аудандық маңызы бар қалалар, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округтер әкiмдерiнiң қаланың, кенттiң, ауылдық елдi мекеннiң шекарасы (шегi) шебiнде жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне:

      1) осы Кодекстiң 13 және 16-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру;

      2) жер учаскелерін алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою мәселелерi жөнiнде аудандық (қалалық) әкiмдiкке ұсыныстар енгізу кіреді;

      2-1) жер учаскелерін елді мекендер жеріндегі ортақ пайдаланудағы жерлерге жатқызу, сондай-ақ олардың нысаналы мақсатының өзгеруіне байланысты ортақ пайдаланудағы жердің құрамынан шығару;

      3) алып тасталды - ҚР 2006.01.10 N 116 Заңымен.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

      19-1-бап. Арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің
                 құзыреті

      Арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің құзыретіне арнайы экономикалық аймаққа қатысушыларға, сондай-ақ заңды тұлғаларға, дара кәсіпкерлерге және қызметін арнайы экономикалық аймақ аумағында тіркелген тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент
еместерге уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) үшін жер учаскелерін Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес беру жатады.
      Ескерту. 2-тарау 19-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.07.06 N 275 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бөлiм. Жерге меншік құқығы, жер пайдалану құқығы және
жерге өзге де заттық құқықтар

3-тарау. Жерге меншік құқығы

      20-бап. Жерге меншiк құқығының түрлерi

      1. Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.

      2. Меншiк құқығының субъектiлерi:
      республика аумағындағы жерге мемлекеттiк меншiк құқығының субъектiсi - Қазақстан Республикасы;
      осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады.

      21-бап. Меншiк құқығының мазмұны

      1. Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқығы бар.

      2. Жердiң меншiк иесi ретiндегi мемлекеттiң құқықтарын осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген өз құзыретiне сәйкес мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.

      3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi осы Koдексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген негiздерде, шарттар мен шектерде меншiк иeci құқығын жүзеге асыра алады.

      22-бап. Жер учаскесiне меншiк құқығының туындауы

      1. Жер учаскесiне меншiк құқығы:

      1) меншiк құқығын табыстау;

      2) меншiк құқығын беру;

      3) меншiк құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) ауысуы арқылы туындайды.

      2. Меншiк құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып, жүзеге асырылуға тиіс.

      3. Жер учаскесiне меншiк құқығы:

      1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң;

      2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.

      23-бап. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер
               учаскелерiне меншiгi

      1. Осы Кодекске сәйкес жеке меншiкте болмайтын жер учаскелерiн қоспағанда, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке берiлуi мүмкiн.

      2. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншiгiнде шаруа немесе фермер қожалығын, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, орман өсiру, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшiн, сондай-ақ үйлердi (құрылыстарды, ғимapaттарды) oлардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) мен олардың кешендерiн салуға берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.
      Шаруа немесе фермер қожалығын, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, орман өсiру, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшiн берiлген жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде меншiк құқығы иелiктен алынуға немесе осы Кодекстiң 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресiмделуге тиiс.

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу, орман өсiру үшiн, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салу үшiн берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.

      4. Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында аталған мақсаттарға арналған жер учаскелерi шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкін.

      24-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншiк
               құқығы

      1. Мемлекеттiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жеке және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығымен және (немесе) жеке меншiк құқығымен берiлуi мүмкiн.
      Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi жеке меншiк құқығымен Қазақстан Республикасының азаматтарына шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғаларына тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу және орман өсiру үшiн берiледi.
      Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекеттік заттай гранттар ретінде жеке меншікке беруге жол берілмейді.

      2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне жеке меншік құқығын табыстыру ақылы негiзде жүргiзiледi.
      Шаруа немесе фермер қожалығын , тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін және орман өсіруді жүргiзу үшiн жер учаскесiне (жер учаскелерiне) жеке меншiк құқығының табысталуына мүдделi азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың:

      1) жер учаскесiне жеке меншiк құқығын жер учаскесiнiң осы Кодекстiң 10 және 11-баптарына сәйкес анықталатын кадастрлық (бағалау) құнына тең бағамен сатып алуына;

      2) жер учаскесiне жеке меншiк құқығын оның кадастрлық (бағалау) құнына қарай айқындалатын жеңiлдiктi бағамен сатып алуына болады.
      Бұл ретте әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер бойынша жер учаскелерiне жеңiлдiктi бағаның мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      3. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын сатып алу ақысын толық төлеген тұлғаның:
      осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жер учаскесiмен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мәмiлелердiң кез келген түрiн жасасуға құқығы бар;
      осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, жеңілдікті бағамен сатып алынған жер учаскесімен мәміле жасасуды шектеу мерзімі өткеннен кейін, жер учаскесімен Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған мәмілелердің кез келген түрін жасасуға
құқығы бар, шектеу мерзімі жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын әрбір он процент төмендету үшін екі жылды құрайды. Бұл шектеу жер учаскесін кепілге салуға қолданылмайды.

      4. Осы баптың 2-тармағында көзделген жер учаскелерiн сатып алған кезде сатып алу сомасын төлеу жер учаскесiне жеке меншiк құқығын сатып алатын тұлғаның жазбаша өтiнiшi бойынша он жылға дейiн төлеу мерзiмiн ұзарту арқылы жүргiзiлуi мүмкiн.
      Жер учаскелерiн төлеу мерзiмiн ұзарту арқылы алған тұлғаларға  жер учаскесінің бағасын толық төленгенге дейiн мәмiле (сату, жалға немесе өтеусiз пайдалануға беру, шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жарғылық капиталына салым немесе жарна ретiнде бepу) жасасуға тыйым салынады. Жеңiлдiктi бағамен төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiмен мәмiле жасасуға, осы баптың 3-тармағында көзделген және жер учаскесінің сатып алу бағасы толық төленген кезден бастап есептелетін жер учаскесімен мәміле жасасуды шектеу мерзімі өткен соң құқық берiледi.
      Аталған тұлғалардың жер учаскесiн кепiлге беруiне оның сатып алу бағасының кемiнде елу процентiн төлеген жағдайда рұқсат етiледi. Бұл ретте жер учаскесiнiң сатып алу бағасы төленген бөлiгi ғана кепiл нысанасы бола алады.

      5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде жер учаскесi мемлекет меншiгiне қайтарылуға тиiс не жер учаскесiне құқық 10 жылға дейiн жалдау шартымен уақытша жер пайдалану құқығына бiр жыл iшiнде қайта ресiмделуге тиiс. Жер учаскесi мемлекет меншiгiне қайтарылған кезде, жер учаскесiнiң сатып алу бағасы меншiк иесiне осы учаскенi мемлекеттен сатып алған баға бойынша, жер учаскелерiн сатудан түсетiн қаражат есебiнен төленедi.
      Жергiлiктi атқарушы орган жер учаскесiн сатып алудан бас тартқан жағдайда, ол учаске оның рұқсатымен Қазақстан Республикасының азаматына сатылуы мүмкiн.
      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

      25-бап. Жеке меншiк құқығын iске асыру

      1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң меншiк иесi мемлекеттiк органдардың қандай да бiр рұқсатын алмай, жер учаскесiн өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырады.

      2. Меншiк иесi өзiнiң жер учаскесiне қатысты оның нысаналы мақсатын өзгертпей, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынбаған кез келген мәмiлелердi жасасуға құқылы.
      Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң меншiк иелерi аталған құқықтарды осы Кодекстiң ережелерiн ескере отырып iске асырады.
      Жер учаскесiне меншiк құқығы басқа адамға мәмiле жасалған кездегi барлық ауыртпалықтарымен берiледi.

      3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi оның нысаналы мақсатын өзгертпей, жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарттың негiзiнде оны уақытша пайдалануға беруге құқылы. Жер учаскесiн уақытша пайдалану туралы шарт жалдау шарты (жалға алушымен) немесе өтеусiз пайдалану туралы шарт (өтеусiз пайдаланушымен) нысанында жасалады.

      26-бап. Жерге мемлекеттiк меншiк

      1. Мемлекеттiк билiк органдарына, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге берiлген, қорғаныс қажеттерiне пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатқан, сауықтыру және тарихи-мәдени мақсаттағы, орман және су қорларының, елдi мекендер жерiндегi ортақ пайдаланудағы, босалқы жер, оның iшiнде арнайы жер қорының жер учаскелерi, кенттер мен ауылдық елдi мекендердiң маңындағы жайылымдық және шабындық алқаптар, сондай-ақ жеке меншiкке берiлмеген шалғайдағы жайылымдар мен басқа да жерлер мемлекеттiк меншiкте болады.

      2. Мынадай жер учаскелерi:
      қорғаныс және мемлекеттiк қауiпсiздiк, мемлекеттiк меншiктегi қорғаныс өнеркәсiбi қажеттерiне; Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қорғау және күзету үшiн тұрғызылған инженерлiк-техникалық құрылыстар, коммуникациялар орналасқан; кеден қажеттерiне арналған жер учаскелерi;
      ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
      осы Кодекстiң 128-бабының 4-тармағында санамаланған жер учаскелерiн қоспағанда, орман қорының жерi;
      осы Кодекстiң 133-бабының 2-тармағында санамаланған жер учаскелерiн қоспағанда, су қорының жерi;
      магистральдық темiр жол желiлерi мен ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары;
      жеке меншiк құқығындағы үйлер мен ғимараттардың және оларға қызмет көрсетуге қажеттi жер учаскелерiн қоспағанда, елдi мекендердегi ортақ пайдаланудағы аумақтар орналасқан жер учаскелерi жеке меншiкте бола алмайды.

      3. Азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың бөлек меншiгiне:
      тұрғын халықтың қажетiне арнап пайдаланылатын және соған арналған жайылымдық және шабындық алқаптар;
      ортақ пайдаланудағы жолдар, оның iшiнде шаруашылықаралық және мекенаралық маңызы бар, сондай-ақ ортақ пайдаланудағы жер учаскелерiне өтуге арналған жолдар;
      жер учаскелерiнiң екi немесе одан көп меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар бiрлесiп пайдаланатын суландыру құрылыстары (суландыру каналдары, суағарлар, құдықтар, суат пункттерi) орналасқан жер учаскелерi берiлмейдi.

      4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, магистральды темiр жолдарды, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарын және магистральды құбырларды, энергетиканы дамыту үшін белгiленген тәртiппен резервке қойылған, сондай-ақ сәулет-қала құрылысының және (немесе) құрылыстың бекiтiлген құжаттамасына сәйкес әкiмшiлiк және әлеуметтiк маңызы бар объектiлер (әуежайлар, әуеайлақтар, вокзалдар, станциялар, ортақ пайдаланудағы жолдар, мемлекеттiк органдардың әкiмшiлiк ғимараттары, ауруханалар, мектептер, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, парктер, бульварлар, гүлзарлар және қоғамдық пайдаланудағы басқа объектiлер) құрылысына арналған жер учаскелерi олардың жобалық игерiлуiне дейiн жер пайдаланушыларға басқа мақсаттар үшiн уақытша пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.

      5. Егер осы Кодекске сәйкес мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi жеке меншiкте бола алатын жағдайда, оларды азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiне беруден бас тартуға жол берiлмейдi.
       Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.04 N 166 Заңымен.

      27-бап. Мемлекеттiк меншiк құқығын iске асыру

      Мемлекеттiк меншiктегi жерден жер учаскелерi:

      1) жеке меншiкке сатылуы немесе өтеусiз берiлуi;

      1-1) ұлттық компания мәртебесі бар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жарғылық капиталының (меншігінің) төлеміне берілуі;

      2) тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлуi;

      3) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде немесе халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда өзге де құқықтық нысандарда iске асырылуы мүмкiн.
      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

4-тарау. Жер пайдалану құқығы

      28-бап. Жер пайдалану құқығының режимі

      Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады. Осы Кодекске немесе заттық құқықтың мәнiне қайшы келмейтiндiктен, жер пайдалану құқығына меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.

      29-бап. Жер пайдалану құқығының түрлерi

      1. Жер пайдалану құқығы тұрақты немесе уақытша, иелiктен шығарылатын немесе шығарылмайтын, өтеулi немесе өтеусiз алынатын болуы мүмкiн.

      2. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген негiздерден басқа реттерде ешкiмдi де жер пайдалану құқығынан айыруға болмайды.

      30-бап. Жер пайдалану құқығының субъектiлерi

      Жер пайдаланушылар:

      1) мемлекеттiк және мемлекеттiк емес;

      2) ұлттық және шетелдiк;

      3) жеке және заңды тұлғалар;

      4) тұрақты және уақытша;

      5) бастапқы және кейiнгi болып бөлiнедi.

      31-бап. Жер пайдалану құқығының туындауы

      1. Жep пайдалану құқығы:

      1) жер пайдалану құқығын табыстау;

      2) жер пайдалану құқығын беру;

      3) жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) арқылы туындайды.

      2. Жер пайдалану құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып жүзеге асырылуға тиiс.

      3. Жер пайдалану құқығы:

      1) мемлекеттiк органдар актiлерiнiң;

      2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.

      32-бап. Жер пайдалану құқығын табыстау

       1. Жер пайдалану құқығын табыстау тұлғаға жер пайдалану құқығын тiкелей мемлекеттiң беретiнiн бiлдiредi.

      2. Азаматтарға және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын табыстау облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің шешімі негізінде жер учаскесіне құқық табыстау жөніндегі құзыретке сәйкес жүргізіледі.

      3. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы өз құзыреті шегінде мемлекеттiк емес жер пайдаланушыларға уақытша жер пайдалану құқығын табыстаған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның уақытша жер пайдалану құқығын табыстау туралы тиісті шешімі негізінде осындай жер пайдаланушылармен жер учаскесiн жалға беру шарттары немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану шарттары жасалады.
      Арнайы экономикалық аймақ әкімшілігі арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына, сондай-ақ жеке тұлғаларға, дара кәсіпкерлерге және қызметін арнайы экономикалық аймақта тіркелген
тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент еместерге жер пайдалану құқығын табыстаған кезде жер пайдаланушымен жерді уақытша пайдалану құқығын табыстау туралы шешім негізінде жер учаскесін жалға беру шарты жасалады.     

      4. Егер жер учаскесi жер қойнауын пайдалануға лицензия немесе келiсiмшарт жасасуды талап ететiн қызметтi жүзеге асыруға немесе iс-қимыл жасауға арналса, осы учаскеге жер пайдалану құқығын табыстау жер қойнауын пайдалануға тиiстi лицензия алынған немесе келiсiмшарт жасалған соң жүргізіледі.
      Осы ереже Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамалық актісіне сәйкес үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үйлер (тұрғын жайлар) құрылысын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруы үшін жобалау компаниясына жер учаскесіне құқығын беру жағдайларына қолданылмайды.
      Жер қойнауын пайдалануға келiсiмшарттың болуы жер учаскесiн кiдiрiссiз ресiмдеу үшiн негiз болып табылады.
      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 275, 2007.07.06 N 279, 2009.07.10 N 180-IV, 2009.07.11 N 183-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      33-бап. Жер пайдалану құқығын беру

      1. Жер пайдалану құқығын беру тұлғаға жер пайдалану құқығын басқа жер пайдаланушының беретiнiн бiлдiредi.
      Жер пайдалану құқығын беру азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздер бойынша жүргiзiледi.
      Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару азаматтық-құқықтық мәмiлелер (сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау және басқалар) негiзiнде жүргiзiледi.
      Жер пайдалану құқығын белгiлi бiр мерзiмге басқа тұлғаға беру жалдау немесе жер учаскесiн уақытша өтеусiз пайдалану шартының негiзiнде жүргізіледі.
      Жер пайдалану (жалдау) құқығын беру мен оны иелiктен шығаруды уақытша өтеулi жер пайдалану құқығын сатып алған тұлғалар ғана жүргiзе алады.
      Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алу:

      1) кепілге, сондай-ақ шаруашылық серіктестігінің жарғылық капиталына салым ретінде, акционерлік қоғам акцияларының төлеміне немесе өндірістік кооперативке жарна ретінде беру кезінде;

      2) орман және су қорлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамындағы, иеліктен шығарылатын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесіне
талап етілмейді.
      Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару және оны беру кезiнде жер пайдаланушылардың жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өз бетiнше өзгертуге құқығы жоқ.

      2. Жер пайдаланушылардың:

      1) ортақ пайдаланудағы;

      2) қорғаныс қажеттерiне берiлген;

      3) орман қорының;

      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;

      5) қызметтiк жер телiмiнiң;

      6) уақытша өтеусiз және уақытша қысқа мерзiмдi өтеулi жер пайдалану құқығымен берiлген жер учаскелерiнiң;

      7) кепілге, сондай-ақ шаруашылық серіктестігінің жарғылық қорына салым ретінде, акционерлік қоғам акцияларының төлеміне немесе өндірістік кооперативке жарна ретінде беруді қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы
өндірісін жүргізу үшін, уақытша жер пайдалану құқығымен берілген жер учаскелерінің;

      8) су қорының жерiнде жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасасуына жол берiлмейдi.

      2-1. Осы баптың 2-тармағында көзделген шектеулер жер пайдаланушылардың орман және су қорлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамындағы, иеліктен шығарылатын үйлер (құрылыстар, ғимараттар)
орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесіне жер пайдалану құқығына қатысты жасасатын мәмілелеріне, соның ішінде кепілге салуға қолданылмайды.

      3. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн басқа тұлғаға (кейiнгi жер пайдаланушыға) уақытша жер пайдалануға беруi, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығару осы Кодекстiң 32-бабының 4-тармағында және 37-бабының 3-тармағында көзделген нормалардың ережелерi ескерiле отырып жүргiзiледi.
      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      34-бап. Тұрақты жер пайдалану құқығы

      1. Жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен мынадай мемлекеттiк жер пайдаланушыларға:

      1) кондоминиум объектiлерiндегi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды), үй-жайларды шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғаларға;

      2) ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндірісін жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибе және оқу мақсаттарына;

      3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнде жер пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;

      4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда берiледi.

      2. Тұрақты жер пайдалану құқығы шетелдік жер пайдаланушыларға тиесiлi болмайды.
      Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

      35-бап. Уақытша жер пайдалану құқығы

      1. Жер учаскесi азаматтар мен заңды тұлғаларға уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.

      2. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы 5 жылға дейiнгi мерзiмге беріледі.
      Осы Кодексте көзделген шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жағдайларын қоспағанда, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы қысқа мерзімді (5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (5 жылдан 49 жылға дейін) болуы мүмкін.

      3. Уақытша жер пайдалану құқығын табыстау мерзiмдерi жер учаскесiне берiлетiн құқықты, оның нысаналы мақсатын және аумақты аймақтарға бөлудi ескере отырып белгiленедi.

      4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ шартты бұзу тәртiбi оның өзiнде көрсетiлген жағдайларда, атқарушы органдардың уақытша жер пайдалану шарттарын бiржақты бұзуына жол берiлмейдi.
      Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      36-бап. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы

      1. Жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен:
      шалғайдағы мал шаруашылығы (маусымдық жайылымдар) үшiн;
      тұрғын халықтың мал жаюы мен шөп шабуы үшiн;
      мемлекеттiк жер пайдаланушыларға;
      бақша өcipу үшiн;
      қызметтiк жер телiмі түрiнде;
      ортақ пайдаланылатын жолдарды салу, мемлекеттiк меншiктегi және әлеуметтiк-мәдени мақсаттағы объектiлер құрылысы кезеңiне;
      тозған және бүлiнген жерлердi қалпына келтiру кезiнде;
      концессия шартының қолданылу мерзіміне;
      Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен үйлердi (үй-жайларды) және ғимараттарды уақытша өтеусiз пайдалануға берген кезде;
      ғибадат объектiлерi үшiн;
      осы Кoдексте және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге жағдайларда берiлуi мүмкiн.

      2. Уақытша өтеусiз жер пайдалану мерзiмi жер учаскелерiн қызметтiк жер телiмi түрiнде және тозған әрi бүлiнген жердi қалпына келтiру үшiн берiлетiн жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ концессиялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін беру жағдайларында бес жылдан аспауға тиiс.
      Үйлер (үй-жайлар) мен ғимараттарға берiлген жер учаскесiн уақытша өтеусiз жер пайдалану мерзiмi үйлердi (үй-жайларды) және ғимараттарды, соның iшiнде ғибадат құрылыстарын уақытша өтеусiз пайдалану мерзiмiмен айқындалады.

      3. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығындағы жер учаскелерiн иелiктен шығаруға, соның iшiнде оларды кейiнгi жер пайдалануға бepугe жол берiлмейдi.
      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      37-бап. Уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы

      1. Жер учаскесiне уақытша өтеулi (қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы азаматтарға, мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға табысталуы мүмкiн.

      2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушы (жалға алушы) шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн, басқа тең жағдайларда, жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында басым құқығы болады. Жалға алушы осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi шартта көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.

      3. Мемлекеттен уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану (жалдау) құқығын сатып алған, осы баптың 5-тармағында аталғандардан басқа мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн (немесе олардың бiр бөлiгiн) жалға (қосалқы жалға) немесе уақытша өтеусiз пайдалануға беруге құқылы, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органына хабарлай отырып, жер учаскесi меншiк иесiнiң келiсiмiнсiз, жер учаскесiн жалға беру шартының мерзiмi шегiнде өздерiне тиесiлi уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға да құқылы.
      Аталған жағдайларда, жалдау құқықтарын кепiлге берудi қоспағанда, жер учаскесiнiң жаңа жалға алушысы жалға берушiнiң алдында жер учаскесiн жалдау шарты бойынша жауапты болады.

      4. Жалға берiлетiн жер учаскесiн үйлердiң, құрылыстар мен ғимараттардың меншiк иелерi сатып алатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскесiн сату кезiнде осы жер учаскесiн жалға алушының ортақ меншiк құқығындағы үлесiн бөгде тұлғаға сатуы үшiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен оны сатып алуға басым құқығы болады.

      5. Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы:
      1) шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін:
      Қазақстан Республикасының азаматтарына – 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге;
      оралмандарға – 10 жылға дейінгі мерзімге;
      2) тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісі үшін:
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына – 49 жылға дейінгі мерзімге;
      шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
      Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      38-бап. Кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) құқығы

      1. Бастапқы жер пайдаланушы өзiнiң жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығармай, ал өзiне тиесiлi учаскенi (немесе оның бiр бөлiгiн) жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органына хабарлай отырып, басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беретiн жағдайларда, кейiнгi жер пайдалану туралы шарттың негiзiнде кейiнгi жер пайдалану туындайды.
      Кейiнгi жер пайдаланушы әрдайым уақытша жер пайдаланушы болып табылады, өз құқықтарын басқа жер пайдаланушыларға беруге құқығы болмайды.

      2. Жер учаскесiн кейiнгi жер пайдалануға берген кезде бастапқы және кейiнгi жер пайдаланушылар жер пайдаланушының мемлекет алдындағы мiндеттерiн толық көлемiнде атқарады.

      3. Кейiнгi жер пайдалану туралы шарт жалдау шарты немесе уақытша өтeуciз пайдалану туралы шарт нысанында жасалады.

      4. Кейiнгi жер пайдаланушы жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шартта белгiленген шарттарды сақтай отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтары мен мiндеттерiн (осы Кодекстiң 64 және 65-баптары) iске асырады.

      5. Осы Кодекстiң 41-бабына сәйкес жер учаскелерiн қызметтiк жер телiмi тәртiбiмен берудi қоспағанда, жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға беруге жол берiлмейдi.
      Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      39-бап. Мемлекеттiк жер пайдаланушылардың құқықтық
               жағдайының ерекшелiктерi

      1. Мемлекеттiк жер пайдаланушылар жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ осы учаскенiң нысаналы мақсаты мен жер пайдаланушы қызметiнiң жарғыдағы мақсаттарын ескере отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтарын iске асырады.

      2. Мемлекеттiк жер пайдаланушы өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығаруға, сондай-ақ кепiлге беруге құқылы емес.
      Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнiң ережесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жердi қоспағанда, жер учаскесiнде орналасқан жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға не кепiлге беруге байланысты жер пайдалану құқығын иелiктен шығару не оны кепiлге беру жағдайларына қолданылмайды.

      3. Мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi үйлерден (құрылыстардан, ғимараттардан) кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алуға байланысты жер пайдалану құқығынан өндiрiлiп алынатын жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 78-бабының 3-тармағы), мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi жер пайдалану құқығы кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алу нысанасы бола алмайды.

      4. Мемлекеттiк жер пайдаланушы өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) белгiленген тәртiппен жалға берген жағдайда, осы Кодекстiң 52-бабының 3-тармағында белгiленген ережелер бойынша, олармен бiрге аталған мүлiк орналасқан және оны белгiленген нормаларға сәйкес пайдалану үшiн қажеттi жер учаскесi де жалға берiледi.
      Үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) өзiн тиiсiнше жалға бермей тұрып, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiн басқа тұлғаға жалға беруге болмайды.

      5. Жер учаскесi қызметтiк жер телiмi тәртiбiмен берiлетiн жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн уақытша өтеусiз жер пайдалануға беруiне жол берiлмейдi.
      Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 176 Заңымен.

      40-бап. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық
               мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы

      1. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы заң бойынша мұраға ие болу кезiнде немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда құқық мирасқорында жер пайдалану құқығының туындауын бiлдiредi.

      2. Жер учаскесiне ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы бap азамат қайтыс болған жағдайда, жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен мұраға қалдырылады. Егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, қысқа мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы да осындай тәртiппен мұраға қалдырылады.

      3. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда, оған тиесiлi жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарының нормаларына және осы Кодекске сәйкес құқық мирасқорына көшедi.

      41-бап. Қызметтiк жер телiмi

      1. Қызметтiк жер телiмi ұзақ мерзiмдi уақытша өтеусiз жер пайдаланудың ерекше бiр түрi болып табылады.

      2. Қызметтiк жер телiмiне құқығы бар қызметкерлер санаттарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi .

      3. Қызметтiк жер телiмi осы телiмге құқығы бар адамдар жұмыс iстейтiн мемлекеттiк заңды тұлғалардың жер пайдалануындағы жерден бөлiнедi.

      4. Қызметтiк жер телiмi қызметтiк тұрғын үйдi күтiп-ұстау, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру, шөп шабу және мал жаю үшiн берiледi.

      5. Қызметтiк жер телiмi кейiнгi уақытша өтеусiз жер пайдалануға жатады және жұмысқа байланысты бөлiнген кезеңге берiледi. Қызметтiк жер телiмiне ауыл шаруашылығы дақылдары егiлген жағдайда, жұмыстан босатылған қызметкердiң қызметтiк жер телiмiн пайдалану құқығы өнiм жинап алынғаннан кейiн тоқтатылады.

      6. Қызметтiк жер телiмi:

      1) жасы немесе мүгедектiгi бойынша зейнеткерлiкке шыққан соң еңбек қатынастарын тоқтатқан қызметкерлерде;

      2) Қарулы Күштер қатарына мiндеттi мерзiмдi қызметке шақырылған немесе оқуға түскен қызметкерлердiң отбасында - бұл қызметкерлердiң мiндеттi қызметте немесе оқу орнында болған бүкiл мерзiмiне;

      3) қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты қаза тапқан қызметкерлердiң отбасында: жұмысқа жарамсыз жұбайы мен қарт ата-аналары үшiн - өмiр бойы, балалары үшiн - олар кәмелетке толғанға дейiн сақталады.

      7. Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес қызметтiк тұрғын үй-жайда тұру құқығы сақталатындығына қарай, қызметтiк тұрғын үйді күтiп-ұстауға арналған учаске түрiндегi қызметтiк жер телiмiне құқық та сақталады.

      8. Қызметтiк жер телiмi тәртiбiмен жер учаскесiн беру қызметкер мен заңды тұлға әкiмшiлiгiнiң арасында жасалатын қызметтiк жер телiмiн беру туралы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.

      9. Қызметтiк жер телiмiн пайдалану құқығына қатысты қандай да болсын мәмiле жасасуға жол берiлмейдi.

5-тарау. Жер учаскесі - меншік құқығының,
жер пайдалану құқығының және өзге де заттық
құқықтардың объектісі ретінде

      42-бап. Жер учаскесiне құқық шектерi

      1. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiне құқық осы учаске шекарасындағы топырақтың үстiңгi қабатына, тұйық су айдындарына, екпелерге қолданылады.
      Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының топырақ қабаты астындағы жер қойнауын пайдалануы жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкес және жер қойнауы саласындағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады. Кең тараған пайдалы қазбаларды өндiруге және жеке қажетке жер асты суларын алуға жер қойнауын пайдалану құқығын табыстау қойнауында кең тараған пайдалы қазбалар және жер асты сулары бар жер учаскелерiн жеке меншiкке немесе жер пайдалануға берумен бiр мезгiлде жүргiзiледi.

      2. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi жер учаскелерiне құқықтарын өз қалауынша жүзеге асырады.
      Жер учаскелерiне меншiк иелерiнiң және жер пайдаланушылардың жерге құқықтары осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген негiздер бойынша шектелуi мүмкiн.

      3. Жер учаскелерiне меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексiне сәйкес экологиялық рұқсат алуға мiндеттi.
      Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.01.09 N 213 Заңымен.

      43-бап. Жер учаскесiне құқықты табыстау тәртiбi

      1. Мемлекеттiк меншiктегi жерден жер учаскесiне құқықты табыстау мынадай ретпен жүргiзiледi:

      1) жер учаскесiне тиiстi құқық табыстау туралы өтiнiм жасау;

      2) мәлiмделген өтiнiмдi қанағаттандыру мүмкiндiгiн анықтау (жер учаскесiн алдын ала таңдау);

      3) жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту;

      4) жер учаскесiне құқық табыстау туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің шешiм қабылдауы;

      5) белгiлi бiр жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу;

      6) жер учаскесiне сәйкестендіру құжаттарын дайындау және беру;

      6-1) уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) туралы шарт жасасу;

      7) жер учаскесiне құқықты мемлекеттiк тiркеу.

      2. Жер учаскелерін меншікке немесе жер пайдалануға беруді облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері осы Кодексте белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
      Арнайы экономикалық аймақтың аумағында жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беруді арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзінің құзыреті шегінде жүзеге асырады.
      Жер учаскесін беру немесе жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары жергілікті өкілді орган депутаттарының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы, сондай-ақ тиісті әкімдіктердің сәулет және қала құрылысы істері жөніндегі құрылымдық бөлімшелері және жергілікті өзін-өзі басқару органдары (олар бар болса) өкілдерінің арасынан құратын комиссияның қорытындысы негізінде қабылданады.
      Облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейінде құрылатын комиссиялардың құрамына қоршаған ортаны қорғау, ауыл және орман шаруашылығы, су қорын пайдалану және қорғау, жер ресурстарын басқару саласындағы уәкілетті органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің өкілдері де міндетті түрде енгізіледі. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының қалауы бойынша комиссияның құрамына басқа да адамдар енгізілуі мүмкін.
      Аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар (селолар), ауылдық (селолық) округтер әкімдерінің жер учаскесін беру немесе жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешімі ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары құратын комиссиялардың қорытындылары негізінде қабылданады.
      Арнайы экономикалық аймақ аумағында жер учаскесін беру туралы мәселені шешу кезінде осы тармақта көзделген комиссия құрылмайды.

      3. Жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқығының табысталуына мүдделi жеке және заңды тұлғалар жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкіміне, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында арнайы экономикалық аймақ әкімшілігіне өтiнiш бередi.
      Өтiнiште: жер учаскесiн пайдаланудың мақсаты; оның болжамды мөлшерi; орналасқан жерi; сұралатын пайдалану құқығы, басқа жер учаскесiнiң (осы Кодекстiң 50-бабының 2-тармағында аталған жер учаскелерi бойынша) болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс. Пайдалы қазбалар шығарылатын жағдайда өтiнiмге жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттың көшiрмесi қоса берiледi.
      Жер учаскесiне құқық беру туралы өтiнiш түскен кезiнен бастап екi айға дейiнгi мерзiмде қаралады, ал шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне жер учаскесiне құқық беру туралы өтiнiш үш апталық мерзiмде қаралады.
      Аталған мерзімге осы Кодекстің 44-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленетін жерге орналастыру жобасын жасау кезеңі кірмейді.

      4. Жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары (елдi мекендерде сәулет және қала құрылысы органдарымен бiрлесе отырып) сұралып отырған жер учаскесiн аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкiндiгiн айқындайды.
      Сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныстар әзірлеу және комиссияның осы мәселе жөніндегі қорытындысын әзірлеу мерзімі өтініш келіп түскен кезден бастап бір
айға дейінгі, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жер учаскесіне құқық беру кезінде екі аптаға дейінгі мерзімді құрайды.

      5. Нысаналы мақсатына қарай жер учаскелерiн беру ерекшелiктерi осы Кодекстiң 44 және 45-баптарына сәйкес айқындалады.

      6. Осы Кодекстiң 84-бабына сәйкес жер учаскелерін алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою жағдайларын қоспағанда, жер учаскесiне құқық табыстаудан бас тарту облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің шешiмiмен, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің шешімімен ресiмделедi, оның дәлелді себептерi көрсетiлуге, ал көшiрмесi өтiнiш берушiге шешiм қабылданғаннан кейiн жетi күн мерзiмде тапсырылуға тиiс.
      Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешімі комиссияның тиісті қорытындысы келіп түскен кезден бастап жеті күнге дейінгі мерзімде қабылданады.

      7. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің жер учаскелерiне тиiстi құқықтар табыстау туралы шешiмi жерге орналастыру жобасы негiзiнде қабылданып, өтiнiш берушiге шешiм қабылданған кезден бастап жетi күн мерзiмде жер учаскесiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын табыстау туралы шешiмнiң көшiрмесi тапсырылады.
      Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) туралы шарт жер учаскесін пайдалану құқығын беру туралы шешімнің қабылданған күнінен бастап күнтізбелік 15 күннен кешіктірілмей жасалады.
      Жер учаскелерiн беру жоғары тұрған атқарушы органның құзыретiне кiретiн жағдайларда, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі жерге орналастыру iсiн өз шешiмiмен бiрге жоғары тұрған органға түпкілікті шешім қабылдау үшін жiбередi.
      Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың),
ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің жер учаскесіне құқық беру туралы шешімі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның
(облыстық маңызы бар қаланың) тиісті уәкілетті органы бекіткен жерге орналастыру жобасы келіп түскен кезден бастап бір айға дейінгі мерзімде, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жер учаскесіне құқық беру кезінде жеті күнге дейінгі мерзімде қабылданады.
      Жеке тұрғын үй құрылысына бөліп берілетін алаңда жер учаскелерін жайластырудың жерге орналастыру жобасы болған жағдайда әрбір жер учаскесі үшін жерге орналастыру жобасын жасау талап етілмейді.

      8. Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері және сол жер учаскелерін жалдау құқығы осы Кодекстің 48-бабында белгіленген ережелер ескеріле отырып, сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сату объектілері болуы мүмкін.

      9. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары беретiн мынадай құжаттар:
      жер учаскесiне жеке меншiк кезiнде - жер учаскесiне жеке меншiк құқығы актici; P100102
      тұрақты жер пайдалану кезiнде - тұрақты жер пайдалану құқығы актiсi; P100102
      уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) кезiнде - уақытша өтеулi (ұзақ мерзiмдi, қысқа мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы актiсi; P100102
      уақытша өтеусiз жер пайдалану кезiнде - уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы актiсi жер учаскесiне сәйкестендіру құжаттары болып табылады. P100102
      Жер учаскесіне құқықтар ауысқан кезде сәйкестендіру құжаты сатып алушыға немесе өзге құқық иеленушіге беріледі. Жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгерістері болмаған жағдайда, мемлекеттік жер кадастрын жүргізуді жүзеге асыратын орган жаңа сәйкестендіру құжатын бермейді, құқық иеленуші туралы жазба енгізеді.

      10. Алып тасталды - ҚР 2006.01.10 N 116 Заңымен.

      11. Егер облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің жер учаскесін беру туралы
шешімінде өзгеше көзделмесе, жер учаскесінің нақтылы (белгілі бір жердегі) шекарасы белгіленгенге дейін және құқық белгілейтін құжаттарды берілгенге дейін жер учаскесін пайдалануға жол берілмейді. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп танылады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес әкiмшiлiк жауапкершiлiктi көздейдi.
      Құқық белгілейтін құжаттары ресiмделмеген жер учаскелерiне қатысты мәмiлелер жасасуға жол берiлмейдi.

      12. Жер учаскелерiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес мұрагерлiк тәртiбiмен алған кәмелетке толмаған адамдарға жер учаскелерiне құқықты ресiмдеу жағдайларын қоспағанда, жер учаскелерiне құқық кәмелетке толған адамдарға табысталады. Кәмелетке толмағандардың заңды өкiлдерi бұл жер учаскелерiн мұрагерлер кәмелетке толғанға дейiн жалға беруге құқылы.

      13. Қазақстан Республикасының мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы заңнамалық актiсiне сәйкес жария етiлген жер учаскелерiне құқық беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды .
      Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2006.07.05 N 158 (ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және 2007.04.01 өзiнiң қолданылуын тоқтатады), 2007.07.06 N 275, 2007.07.06 N 279, 2007.07.26 N 311, 2008.12.10 N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.07.10. N 180-IV, 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      44-бап. Жер учаскелерiн объектiлер құрылысы үшiн беру

      1. Объектілер салу үшін жер учаскесі сұралған кезде жер учаскесін таңдау алдын ала жүргізіледі, оны облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар
қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі жер учаскелерін беру жөніндегі өз құзыреттері шегінде құратын арнаулы комиссиялар жүзеге асырады.
      Объект салу үшін, ал қажет болған жағдайларда оның күзет немесе санитариялық-қорғау аймағын белгілеу үшін де жер учаскесін таңдау нәтижелерін облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы жер учаскесін таңдау туралы актімен ресімдейді. Осы актіге әрбір жер учаскесін таңдаудың ықтимал нұсқаларына сәйкес олардың шекарасының жобалары қоса тіркеледі.
      Бұл ретте елді мекеннің бас жоспарлары негізінде орындалған егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары және (немесе) құрылыс салу жобалары (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамытудың және құрылыс салудың оларды алмастыратын схемасы), сондай-ақ қонысаралық аумақтарға арналған аудандық жоспарлау жобалары болмаса, жер учаскелерін құрылыс үшін беруге тыйым салынады.     

      2. Осы Кодекстiң 43-бабының 2-тармағына сәйкес, жер учаскесiн таңдау актiлерi және жер учаскесi шекарасының жобалары комиссияға қарау және қорытынды әзiрлеу үшiн табыс етiледi.

      3. Комиссияның қорытындысы негiзiнде жерге құқық табыстау туралы жерге орналастыру жобасы әзiрленедi.
      Жерге орналастыру жобасының құрамында берiлетiн жер учаскесiнiң көлемi, оның шекарасы мен орналасқан жерi, жер учаскесiнiң аралас меншiк иелерi және жер пайдаланушылар, сондай-ақ берілетін жер учаскесінің ауыртпалықтары мен сервитуттары нақтыланады.
      Болжанып отырған, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қою, мәжбүрлеп иеліктен шығару жағдайында, алып қойылатын алқаптардың түрiне байланысты жер учаскелерiнiң меншiк иелерi және жер пайдаланушылар (жалдаушылар) шығындарының, ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасының есептеулерi қоса берiледi.

      4. Жерге орналастыру жобасының негiзiнде жер учаскелері орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы жерге тиiстi құқық табыстау туралы жергiлiктi атқарушы орган шешiмiнiң жобасын дайындайды.

      5. Мұнай мен газды магистральды мұнай құбырларымен тасымалдауға, одан кейiнгi сақтау және көлiктiң басқа түрлерiне тиеуге байланысты мұнай-газ тасымалы инфрақұрылымы объектiлерiнiң құрылысы үшiн жер учаскелерi сұралған кезде жер учаскесiн таңдау aктici және жерге орналастыру жобасы Қазақстан Республикасының мұнай-газ тасымалы инфрақұрылымы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органымен де келiсiледi.

      5-1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тұрғын үйлер, оның ішінде жеке тұрғын үйлер салуға осы елді мекеннің бекітілген бас жоспарына (немесе шағын ауылдық елді мекендердің бас жоспарын алмастыратын өзге де жобалау құжаттамасына) сәйкес көрсетілген жерлерді елді мекендер жерінің санатына ауыстырғаннан кейін ғана және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы немесе осы учаскелерде құрылыс салу жобасы болғанда ғана жол беріледі. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өндірісіндегі шығасының орнын толтыру осы Кодекстің 105-бабына сәйкес жүргізіледі.

      6. Өтiнушi немесе оның сенiм бiлдiрген тұлғасы жер учаскесiн бөлiп беруге талап етiлетiн келiсiмдердi жеке-дара қамтамасыз етедi.
      Құрылыс объектiсiн орналастыруға таңдалған аумақта, бұзылуға немесе көшiрiлуге тиiстi (соның iшiнде жердi бөлiп беру кезiнде өнеркәсiп орындарының санитарлық-қорғау аймағына кiретiн) тұрғын үйлер, басқа да ғимараттар мен құрылыстар, сондай-ақ инженерлiк коммуникациялар және жасыл екпелер орналасқан жағдайда, тапсырыс берушi шығындарды өтеу талаптары туралы жылжымайтын мүлiкке меншiк иелерiнiң әрқайсысымен жасалған шартты қосымша ұсынады.
      Шартта сол кездегi бар құрылыстарды, инженерлiк коммуникацияларды, жасыл екпелердi басқа жерге ауыстырудың, көшiрудiң нақты шарттары мен мерзiмдерi, құрылыс жүргiзушiнiң жылжымайтын мүлiктi бұзуға байланысты барлық шығындарды өтеу жөнiндегi мiндеттемелерi көрсетiледi.

      7. Жер учаскесiне құқық табыстау туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі шешiмiнiң жобасында:
      жерге құқық табысталатын заңды немесе жеке тұлғаның атауы;
      жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты;
      жер учаскесiнiң көлемi;
      жерге құқықтар түрi, ауыртпалықтар, сервитуттар;
      учаске төлемақыға берiлетiн жағдайда жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын сатып алу бағасы, жер учаскесiн сатып алу-сату шарттарын жасасудың мерзiмi мен шарттары;
      учаскелердің өлшемдері көрсетіле отырып, жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою, мәжбүрлеп иеліктен шығару жүргізілетін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;
      өзге де шарттар болуға тиiс.
      Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн, құрылысқа арналған жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты қызмет түрлерiне қарамастан, үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету ретiнде белгiленедi.

      8. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұралған кезде азаматтардың өтініштері (өтінімхаттары) арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған жағдайда қанағаттандырылады. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін
тегін негізде беру кезінде азаматта жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет құқық табыстаған жер учаскесінің бар немесе жоқ екендігі ескеріледі. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы азаматта мұндай жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі туралы мәліметті жергілікті
атқарушы органның жер учаскесін беру туралы қорытынды әзірлеуі және тиісті шешім қабылдауы үшін жергілікті атқарушы органның жанындағы комиссияға табыс етеді.
      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері бөліп беруге арналған алаңдардың дайындығы туралы ақпарат
пен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезектілік тізімінің қолжетімділігін оларды кемінде тоқсанына бір рет мемлекеттік тілде және орыс тілінде арнаулы ақпараттық стендтерде орналастыру арқылы және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2007.07.06 N 279, 2009.07.10 N 180-IV, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      45-бап. Құрылысқа байланысты емес жер учаскелерiн беру

      1. Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiнiң меншiкке немесе жер пайдалануға берiлуiне мүдделi тұлғаның өтiнiшi негiзiнде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы (елдi мекендерде сәулет және қала құрылысы органдарымен бiрлесе отырып), сұралған жер учаскесiнiң жерге орналастыру және қала құрылысы регламенттерiне сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылу мүмкiндiгiн анықтайды. Жер учаскесiн пайдалану мүмкiндiгi туралы ұсыныстар осы Кодекстiң 43-бабының 2-тармағына сәйкес қарау және қорытынды әзiрлеу үшiн комиссияға берiледi.

      2. Комиссияның қорытындысы негiзiнде жерге орналастыру жобасы және жер учаскесiне тиiстi құқық табыстау туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі шешiмiнiң жобасы дайындалады.
      Ескерту. 45-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06. N 279 Заңдарымен.

      46-бап. Оралмандарға жер учаскелерiн беру

      1. Оралмандарға өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жер учаскелерiн беру ауылдық елдi мекендердiң жерiнен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, иммиграциялық жер қорының, арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.

      2. Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерiн беру ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, арнайы жер қорының, иммиграциялық жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.

      3. Берiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда олардың жеке меншiгiне өтедi.

      4. Оралмандарға берiлетiн жер учаскелерiне осы Кодекстiң 48-бабының нормалары қолданылмайды.
      Ескерту. 46-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      47-бап. Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне
               құқықтар алу

      1. Жер учаскелерiн алуға құқығы бар азаматтардың және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiне мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiн жеке меншiкке беру өтеулi негiзде жүзеге асырылады.
      Жер учаскелерiн азаматтардың және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiне беру осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайларда тегiн жүзеге асырылуы мүмкiн.

      2. Жер учаскесiн сатып алуға мүдделi тұлғалар жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкіміне өтiнiм бередi, ол өтiнiм жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына қарай осы Кодекстiң 43-45-баптарында белгiленген тәртiппен қаралады.

      3. Жеке немесе мемлекеттiк емес заңды тұлға бұрын өзiне жер пайдалануға берiлген жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алуға ниет бiлдiрген жағдайда, осы тұлға облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкіміне өтiнiш бередi.
      Өтiнiшке:
      жер учаскесiне сәйкестендіру құжаты немесе құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;
      салық төлеушi куәлiгiнiң көшiрмесi;
      бюджеттiң алдында берешегi бар немесе жоқ екендiгi (жер салығы және (немесе) жер учаскелерiн пайдалану төлемақысы) туралы салық органының анықтамасы;
      жер учаскесiмен мәмiле жасасуға кедергi келтiретiн ауыртпалықтардың жоқ екендiгi туралы жылжымайтын мүлiк орталығынан анықтама;
      заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса берiледi.
      Жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы жер учаскесін кадастрлық құжаттама бойынша сәйкестендіреді, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын бекітеді және жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы шешімнің жобасын дайындайды.
      Жер учаскесiн меншiкке беру туралы шешiм жер пайдаланушы жергiлiктi атқарушы органға жазбаша нысанда өтiнiш берген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылдануға тиiс.
     Жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы сатып алушымен жер учаскесін сатып алу-сату шартын жасасады және оған қол қояды.

     4. Жер учаскесiн алған сатып алушы шартта белгiленген мерзiмде төлемақы жасау жөнiндегi мiндеттемелердi орындамаған жағдайда, сатушы берiлген жер учаскесiнiң төлемақысын немесе сол жер учаскесiн қайтарып берудi талап етуге құқылы.
     Сатып алушы берiлген жер учаскесiне төлемақы жасау жөнiндегi мiндеттемелердi шартта белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда әрi шартта өзгеше көзделмесе, учаскеге төлемақы жасалуға тиiстi күннен бастап сатып алушы төлемақыны жасаған күнге дейiнгi мерзiмi өткен сомаға тұрақсыздық айыбы төленуге тиiс. Тұрақсыздық айыбының мөлшерi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру ресми ставкасы негiзге алына отырып есептеледi.

     5. Жер учаскесiн сатып алу-сату шарты және жер учаскесiнiң сатып алу бағасын төлеу туралы құжат жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты беру үшiн негiз болып табылады.
     Жер учаскесiн төлеу мерзiмiн ұзартып сатқан кезде, сатып алушыға сатып алу-сату шарты негiзiнде берiлетiн жер учаскесiне сәйкестендіру құжатына, учаскенi кепiлге берудi қоспағанда, мәмiле жасасуға тыйым салынатыны туралы тиiстi жазба жасалады.
      Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

      48-бап. Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне
               құқықтарды сауда-саттықта (конкурстарда,
               аукциондарда) алу

      1. Жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығы:
      1) инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыру үшін;
      2) халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға;
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер пайдаланушыларына;
      4) мемлекеттік органдар өткізетін объектілерді салу жөніндегі конкурстарды (тендерлерді) жеңіп алған тұлғаларға және мұндай құрылыс тікелей аталған тұлғаларға жер учаскесін беруді талап еткен кезде;
      5) жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін;
      6) кондоминиум объектісін пайдалану және ұстау үшін кондоминиумға қатысушыларға;
      7) жайылымдық және шабындық алқаптарды халықтың жеке ауласын ұстау, сондай-ақ бақша өсіру жөніндегі мұқтажын қанағаттандыру мақсатында пайдалану үшін;
      8) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жасалған келісімшарттың негізінде жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін;
      9) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес жасалған келісімшарттың негізінде мемлекеттік заттай гранттар ретінде;
      10) арнайы экономикалық аймақтардың, индустриялық аймақтардың жерлері құрамынан;
      11) теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су, әуе, құбыржолы көлігінің мұқтажы үшін, байланыс пен энергетика мұқтажы үшін, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар өзге де объектілерді салу үшін;
      12) халықтың мұқтажын қанағаттандыруға арналған ортақ пайдаланудағы объектілерге (су құбырлары, жылу трассалары, тазарту құрылыстары және басқа да инженерлік-коммуникациялық желілер мен жүйелер), сондай-ақ осы Кодекстің 107-бабы 3-тармағының 10) тармақшасына сәйкес арнайы мақсаттағы объектілерге;
      13) осы Кодекстің 121-бабына сәйкес жерді ерекше шарттармен пайдалану аймақтарын белгілеу үшін;
      14) осы Кодекстің 9-бабының 3-тармағына сәйкес өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылыстары үшін;
      15) мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларда көзделген объектілерді салу, мемлекеттік мүдделерді және қоғамдық маңызды мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін инвестициялық жобалар үшін;
      16) осы Кодекстің 9-бабының 3-тармағына сәйкес халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар мен отандық өнеркәсіп орындарына;
      17) концессиялық жобаларды іске асыру үшін концессионерлерге;
      18) инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін ұлттық компания мәртебесі бар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға берілетін жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықтарда (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады.
      Уақытша жер пайдалану мерзімі аяқталып келе жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері уақытша жер пайдаланушы жаңа мерзімге уақытша жер пайдалану туралы шарт жасасудан бас тартқан жағдайда ғана сауда-саттыққа (конкурстарға, аукциондарға) шығарылады.

      2. Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына - шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері он жылға дейінгі мерзімге жалдау шартымен уақытша жер пайдалануға беріледі.

      3. Сатуға арналған жер учаскесі:
      жер учаскесінің шекарасы айқындалғаннан;
      жер учаскесінің нысаналы мақсаты және оның кадастрлық (бағалау) құны анықталғаннан;
      құрылыс объектілерін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосудың техникалық шарттары анықталғаннан;
      сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізу туралы шешім қабылданғаннан;
      сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізу туралы хабарлама жарияланғаннан кейін сауда-саттыққа шығарылады.

      4. Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатушы ретінде жергілікті атқарушы орган өкілдік етеді.
      Сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) ұйымдастырушы ретінде меншік иесі немесе онымен жасалған шарт негізінде әрекет етуші мамандандырылған ұйым өкілдік етеді.

      5. Жер учаскесінің меншік иесі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізу нысанын, сауда-саттық нысанасының бастапқы бағасын және кепілақы сомасын белгілейді.

      6. Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) ұйымдастыру мен өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды .
      Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.13 N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңымен.

      49-бап. Мемлекет меншiгiндегi жер учаскелерiн төлеу
               мерзiмiн ұзартып сату кезiнде оларға
               құқықтар алу

      1. Мемлекет меншiгiндегi жер учаскесiн төлеу мерзiмiн ұзартып сату кезiнде, сатып алушы сатып алу-сату шартында белгiленген мерзiмде төлем жасауға тиiс.

      2. Сатып алушы төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесi үшiн сатып алу-сату шартында белгiленген мерзiмде кезектi төлем жасамаған кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы шартты орындаудан бас тартуға және сатылған жер учаскесiн қайтарып алуды талап етуге құқылы, бұған сатып алушыдан алынған төлем сомасы жер учаскесiнiң сатып алу бағасының жартысынан асып түскен жағдай қосылмайды.

      3. Төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiне қатысты оның сатып алу бағасы толық төленгенге дейiн мәмiле жасасуға тыйым салынады. Төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiн кепiлге салуға оның сатып алу бағасының кемiнде елу процентi төленгеннен кейiн жол берiледi.

      4. Төлеу мерзiмi ұзартылып сатылған жер учаскесiмен мәмiле жасасуға шектеулер жер учаскесiн сатып алу-сату шартында және жер учаскесiне сәйкестендіру құжатында көрсетiледi. Жер учаскесiн сатып алу бағасын төлеу туралы құжат сатып алу-сату шартындағы және жер учаскесiне сәйкестендіру құжатындағы осы шектеудi алып тастауға негiз болады.

      49-1-бап. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту
                 тәртібі

      1. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері өздерінің осы Кодексте белгіленген жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      1-1. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге оның құқықтық режимі, осы Кодекстің 1-бабында санамаланған жердің осы немесе өзге де санатқа тиесілігі және жерді аймақтарға бөлуге сәйкес рұқсат етілген пайдалану негізге алына отырып жол беріледі.

      2. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге мүдделі жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы
бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкіміне өтініш береді.

      3. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш келіп түскен кезден бастап күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде қаралады.

      4. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес құрылатын комиссия қорытындысының негізінде қабылданады.

      5. Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге келісім беру не одан бас тарту туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі шешімінің көшірмесі ол қабылданғаннан кейін жеті күн мерзімде өтініш берушіге тапсырылады.
      Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тарту дәлелді болуға тиіс.

      6. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты және (немесе) жер учаскесінің меншік иесі, жер пайдаланушы өзгертілген кезде сәйкестендіру құжаттарын қайта ресімдеу мерзімі күнтізбелік он бес күннен аспайды.
      Ескерту. 49-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.07.06. N 279 , 2009.07.10. N 180-IV Заңдарымен.

      50-бап. Жер учаскелерiн беру нормалары

      1. Азаматтар мен заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығынан басқа мақсаттар үшiн берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi қызметтiң осы түрлерiне жер бөлiп берудiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекiтiлген нормалар бойынша не сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес айқындалады.

      2. Осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағына сәйкес сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатуға ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізілгендерді қоспағанда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке мынадай
мөлшерде тегін беріледі:

      1) ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар;

      2) жеке тұрғын үй құрылысы үшiн - 0,10 гектар;

      3) бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн - 0,12 гектар.
      Жер учаскелерінiң аталған мақсаттар үшiн қайталап тегiн беруге жол берiлмейдi.
      Ауылдық елдi мекендердiң аумағында бос жер болған жағдайда жеке тұрғын үй құрылысы үшiн және өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн жер учаскелерi осы аталған мақсаттар үшiн көзделген жер учаскелерiнiң нормалары шегiнде бiртұтас алап болып берiледi.

      3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жеке меншiкте болуы мүмкiн жер учаскелерiнiң шектi (ең жоғары) мөлшерi жергiлiктi жағдайлар мен ерекшелiктерге қарай облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмдерiмен белгiленедi.

      4. Қазақстан Республикасының Үкiметi облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) өкiлдi және атқарушы органдарының бiрлескен ұсынысы негiзiнде ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерiнiң бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың) аумағындағы шектi (ең жоғары) мөлшерiн белгiлейдi , олар:
      жеке меншiк құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғасында және оған аффилиирленген тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн;
      уақытша жер пайдалану құқығымен шетелдiктерде, азаматтығы жоқ адамдарда және шетелдiк заңды тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн.

      5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ұтымды пайдалану мақсатында облыстық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшері белгіленеді.
      Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2009.07.10 N 180-IV Заңдарымен.

      51-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн жер учаскелерi

      1. Жер учаскесi бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн. Өзiнiң нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, бұлай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады.

      2. Жер учаскесiнiң бөлiнбейтiндiгi сәйкестендіру құжатында көрсетiледi.

      3. Жер учаскесінің бөлінетін бөлігімен мәмілелер жасаған кезде, бұл бөлік белгіленген тәртіппен алдын ала дербес жер учаскесі болып бөлініп шығарылуға тиіс. Қалған жағдайларда мәміле нысанасы оны шартта сипаттау немесе жер учаскесінің бөлігіне белгіленетін құқықтың қолданылу аясын (жалдау, өтеусіз пайдалану, сервитут және басқалары) сәйкестендіру құжатына енгізу арқылы айқындалуы мүмкін.
      Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.26 N 311 Заңымен.

      52-бап. Жер учаскесiне құқық және онда орналасқан үйге
               (құрылысқа, ғимаратқа) құқық

      1. Үйге (ғимаратқа) меншік құқығы осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, аталған үйлер (ғимараттар) орналасқан жер учаскесіне заңнамада белгіленген тәртіппен меншік құқығын білдіреді. Мемлекеттік заңды тұлғалардың үйге (ғимаратқа) шаруашылық жүргізу құқығы немесе оралымды басқару құқығы көрсетілген объектілердің жер учаскесіне белгіленген тәртіппен тұрақты жер пайдалану құқығын білдіреді.
      Көрсетілген құқықтар бір-бірінен ажыратылмайды.

      2. Үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) және басқа да жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оларды оралымды басқару құқығы ауысқан жағдайда сатып алушыға меншiк құқығы ауысады, ал осы Кодекстe белгiленген жағдайларда бүкiл жер учаскесiне не үй (құрылыс, ғимарат) иелiктен шығарылған кезде дербес жер учаскесi болып бөлiнген оның белгiлi бiр бөлiгiне тұрақты немесе уақытша ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығы, немесе егер жер учаскесi бөлiнбесе немесе бөлiнбейтiндiгiне байланысты бөлiнуге жатпайтын болса, жер учаскесiне ортақ меншiк құқығындағы немесе ортақ жер пайдалану құқығындағы үлесi ауысады.
      Жер учаскесiн бөлген кезде үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң бөлiнетiн бөлiгi, яғни үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi бөлiгi бөлiп берiледi. Тараптардың келiсiмi бойынша үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң үйдi (құрылысты, ғимаратты) пайдалану және күтiп-ұстау үшiн қажет болатын бөлiгiнен үлкен бөлiгi берiлуi мүмкiн.
      Егер аталған учаске бөлiнбейтiн болса не онда орналасқан, иелiктен шығару нысанасы болып табылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) күтiп-ұстауға әдейi арналған болса, ол жылжымайтын мүлiктi сатып алушыға толығымен ауысады.

      3. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға - аталған жылжымайтын мүлiктi тиiстi иелiктен шығармайынша, сол сияқты аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.

      4. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) уақытша пайдалануға беруi аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiнiң нақ сондай мерзiмге уақытша жер пайдалануға берiлуiне ұласады.
      Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiн басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беруге аталған жылжымайтын мүлiк тиiсiнше уақытша пайдалануға бермейiнше жол берiлмейдi.

      5. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын басқа тұлғаларға иелiктен айырып беруге құқылы болмаған жағдайда, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, оның сол учаскеде орналасқан үйлердi (құрылысты, ғимаратты) иелiктен айыруға құқығы жоқ.

      6. Уақытша жер пайдаланушы жер учаскесi меншiк иесiнiң рұқсатымен және тиiстi қызметтердiң келiсiмдерi болған жағдайда жер учаскесiне тұрғызылған үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) осы Кодекстiң 64-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында белгiленген тәртiппен меншiк құқығын алған реттерде шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн жер учаскесi қайтарылуға тиiс. Бөтен жер учаскесiне тұрғызылған үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) меншiк иесi құқығын iске асырудың өзге де тәртiбi тараптардың келiсiмiмен белгiленуi мүмкiн.
      Ескерту. 52-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2007.07.26 N 311 Заңдарымен.

      53-бап. Жер учаскесiне ортақ меншiк немесе ортақ
               жер пайдалану

      1. Екi немесе бiрнеше тұлғаның меншiгiндегi жер учаскесi оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.

      2. Жер учаскесiне ортақ меншiк Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген реттерде учаске бөлiнбейтiн жағдайда (осы Кодекстiң 51-бабы), сондай-ақ меншiк иелерi өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн бiр учаскеге ерiктi түрде бiрiктiрген кезде туындайды.

      3. Жер учаскесi әрбiр меншiк иесiнiң үлесi анықталған (үлестiк меншiк) немесе үлестерi анықталмаған (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.

      4. Ортақ жер пайдалану құқығы осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген негiздерде туындайды.

      5. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк жер пайдаланудағы жер үлестерi жерге қатысты құқықтар мен мiндеттердiң дербес объектiсi болып табылады.

      6. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртiбi ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылар арасындағы шартпен белгiленедi. Олардың арасында келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда пайдалану тәртiбiн сот айқындайды. Жер учаскесiн пайдалану тәртiбi туралы қатысушылардың келiсiмi немесе соттың шешiмi жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органда тiркелуге тиiс.

      54-бап. Ортақ меншiктегi немесе ортақ жер пайдаланудағы
               ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн
               пайдалану тәртiбi

      1. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртiбiн үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдайды. Yлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың алдағы жиналысы туралы хабарлама оның өткiзiлетiн күнiнен бiр айдан кешiктiрiлмей жазбаша түрде қолхат алу арқылы жүргiзiледi.

      2. Тиiсiнше хабарланған жағдайда үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде 50%-i қатысқан кезде жиналыстың құқықтық күшi бар деп саналады. Шешiм үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жиналысына қатысып отырғандардың жай көпшiлiк даусымен қабылданып, хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысып отырғандарының барлығы қол қояды.

      55-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi ауыл шаруашылығы
               мақсатындағы жер үлестерiмен жасалатын
              мәмiлелер

      1. Ортақ үлестiк меншiк құқығындағы үлестi иелiктен шығаруға бағытталған мәмiлелер жасасу кезiнде жер учаскесiн жер үлестерi есебiне бөлiп шығару талап етiлмейдi.

      2. Жер үлесiн сатушы өз үлесiн бөгде тұлғаға сатқысы келетiнi туралы ниетiн үлестiк меншiктiң қалған қатысушыларын, оның сатылу бағасын және басқа да жағдайларын көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
      Егер үлестiк меншiктiң қалған қатысушылары жазбаша хабарламадан кейiнгi бiр ай iшiнде сатылатын үлестi сатып алудан бас тартса немесе сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген тұлғаға сатуға құқылы.

      56-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк
               жер пайдаланудағы жер үлесiн айқындау тәртiбi

      1. Егер учаскеге ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жер үлестерiнiң мөлшерiн Қазақстан Республикасының заңдары негiзiнде айқындау мүмкiн болмаса және оның барлық қатысушыларының келiсiмiмен белгiленбесе, жер үлестерi тең болып есептеледi.

      2. Ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) барлық қатысушылардың келiсiмiмен олардың әрқайсысының ортақ жер учаскесiн сатып алуға және игеруге қосқан салымына қарай олардың жер үлестерiн айқындау мен өзгерту тәртiбi белгiленуi мүмкiн.

      57-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi (ортақ үлестiк жер
               пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлісу және одан
               үлестi бөлiп шығару

      1. Ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) қатысушылар ортақ жер учаскесiн бөлудiң әдiсi мен талаптары жөнiнде келiсiмге келе алмаған жағдайда, әрбiр қатысушы ортақ жер учаскесiнен өзiнiң жер үлесiн нақтылы (белгiлi бiр жерде) бөлiп шығаруды талап етуге құқылы, бұған осы Кодекстiң 62-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген басқа да жағдайлар қосылмайды.

      2. Егер жер үлесiн нақтылы бөлiп шығаруға Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде жол берiлмесе немесе жер учаскесiне және онымен тығыз байланысты нәрсенiң бәрiне өлшеусiз залал келтiрмей жасауы мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығатын меншiк иесiнiң (жер пайдаланушының) ортақ үлестiк меншiктiң (ортақ жер пайдаланудың) басқа қатысушыларына өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлетуге, не оны осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес басқa тұлғаға сатуға құқығы бар, бұған жер үлесi кондоминиум объектiсiнiң құрамында болатын жағдай қосылмайды.

      58-бап. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен
               жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлiсу

      1. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу әрбiр қатысушының жер үлесi алдын ала анықталған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкiн.

      2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлесiп жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу кезiнде қатысушылардың әрқайсысының үлесi тең болып есептеледi.

      3. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлудiң шарттары мен тәртiбi, қатысушылар арасындағы қатынастардың мәнiнен өзгеше туындамайтындықтан, осы Кодекстiң 56 және 57-баптарына сәйкес айқындалады.

      59-бап. Бөлiнбейтiн деп танылған жер учаскесiн
               бөлуге жол берiлмейтiндiгi

      1. Егер жер учаскесi осы Кодекстiң 51-бабына сәйкес бөлiнбейтiн болып танылса, оны бөлуге және одан жер үлесiн нақтылы бөлiп шығаруға жол берiлмейдi.

      2. Бұл жағдайда үлестiк немесе бiрлескен меншiктiң (жер пайдаланудың) бөлiнiп шығатын қатысушысының жер учаскесiне ортақ меншiктiң (ортақ жер пайдаланудың) басқа қатысушыларына өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлеткiзуге не оны осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес басқа тұлғаға сатуға құқығы бар, бұған кондоминиум объектiлерi қосылмайды.

      60-бап. Жер учаскесiне ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi

      1. Ерлi-зайыптыларға тиесiлi жер учаскелерiне меншiк құқығының немесе жер пайдалану құқығының құқықтық режимi ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының азаматтық және неке-отбасы заңдарында көзделген нормаларға сәйкес айқындалады.

      2. Ерлi-зайыптыларға олар некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың мұрагерлiк тәртiбiмен сыйға алған жер учаскелерi мен жер үлестерi олардың әрқайсысының меншiгiнде (жер пайдалануында) болады.
      Егер ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезiнде олардың ортақ мүлкi есебiнен осы жер учаскелерiнiң құнын едәуiр арттыратын салымдар жүргiзiлгенi анықталса, ерлi-зайыптылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының жер учаскелерi олардың бiрлескен меншiгi (бiрлесiп жер пайдалануы) болып танылуы мүмкiн.

      3. Жер учаскесiн бөлу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрлескен меншiктегi (бiрлесiп жер пайдалануындағы) үлестерiн айқындау тәртiбi осы Кодекстiң 58-бабында белгiленедi.

      61-бап. Ортақ жер учаскесiндегi жылжымайтын мүлiкке
               меншiк құқығы

      1. Ортақ жер учаскесiндегi жылжымайтын мүлiктiң меншiк иесiнiң осы жылжымайтын мүлiктi өз қалауы бойынша иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге, соның iшiнде ортақ жер учаскесiн пайдаланудың Қазақстан Республикасының заң актiсiнде немесе шартта белгiленген талаптарына қайшы келмесе, тиiстi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) бұзуға құқығы бар.

      2. Ортақ жер учаскесiндегi жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы басқа тұлғаға ауысқан кезде, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, ол тұлға жер учаскесiне құқықты жылжымайтын мүлiктiң бұрынғы меншiк иесiнде болған көлемiнде алады.

      62-бап. Бiрнеше пәтерi және (немесе) кiсi тұрмайтын
               үй-жайлары бар үйдiң жанындағы және
               кондоминиумның басқа да объектiлерiндегi
               жер учаскесiне құқық

      1. Көп пәтерлi үйдi немесе кондоминиумның өзге де объектiсiн орналастыру, пайдалану, күтiп-ұстау үшiн қажеттi жер учаскесi кондоминиум объектiсiнiң құрамындағы үй-жайлардың меншiк иелерiнiң ортақ үлестiк меншiгiне белгiленген тәртiппен өтедi.
      Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, өздерiне үй-жайлар шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен тиесiлi болатын кондоминиум қатысушылары - мемлекеттiк жер пайдаланушылар жер учаскелерiне ортақ тұрақты жер пайдалану құқығын белгiленген тәртiппен алады.
      Қазақстан Республикасының аумағында жер учаскелерi меншiк құқығымен немесе тұрақты жер пайдалану құқығымен тиесiлi бола алмайтын кондоминиум қатысушыларының жер учаскесiне құқығы осы Кодекстiң 6-бабының 7-тармағына сәйкес айқындалады.
      Кондоминиум объектiсiнiң құрамына кiретiн жер учаскесiн бөлiсуге кондоминиумға барлық қатысушылардың жазбаша келiсiмiмен, санитарлық-гигиеналық, экологиялық, өртке қарсы, құрылыс және басқа да нормалар сақталған жағдайда жол берiледi.

      2. Үй-жайдың әрбiр меншiк иесiнiң (өзге де құқық иесiнiң) ортақ мүлiктегi үлесi оған тиесiлi үй-жайға бөлек (дербес) меншiктен (өзге де заттық құқықтан) ажыратылмайды. Егер кондоминиум қатысушыларының келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, үлестiң мөлшерi бөлек (дербес) меншiктегi (өзге де заттық құқықтағы) тұрғын үй-жайдың пайдалы алаңы мен тұрғын емес үй-жай алаңының осы кондоминиум объектiсiндегi барлық тұрғын үй-жайлардың пайдалы көлемiнiң және барлық кiсi тұрмайтын үй-жайлар алаңдарының жиынтығына қатынасымен айқындалады. Мұндай үлестi нақтылы бөлiп шығаруға болмайды (мiнсiз үлес).
      Үйдiң iргетасынан тыс (шегiнен тыс) орналасқан жер учаскесiн пайдалану тәртiбi кондоминиум қатысушыларының келiсiмiмен, қоғамдық мүдделердi, санитарлық-гигиеналық, экологиялық, өртке қарсы, қала құрылысы және басқа да нормаларының сақталуы шартымен айқындалады.

      3. Yй (құрылыс, ғимарат) жанындағы жер учаскесi, бұл жер учаскесi үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) қаңқасынан тыс орналасатын және оны пайдалану кондоминиум объектiсiнiң құрамына кiретiн жер учаскесiн пайдалану талаптарына, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық, экологиялық, өртке қарсы, құрылыс және басқа нормаларға қайшы келмейтiн жағдайларда, кiсi тұрмайтын үй-жайлардың жұмыс iстеуiнiң технологиялық қажеттерiн қамтамасыз ету керек болған кездерде кондоминиум қатысушыларының бөлек меншiгiне берiлуi мүмкiн.

      4. Пәтерге (үй-жайға) меншiк құқығының басқа тұлғаға ауысуы жер учаскесiне (жер учаскелерiне) құқықтағы тиiстi үлестiң пәтердi (үй-жайды) алушыға ауысуына ұласады.

      5. Ортақ меншiктi басқару және оны пайдалану, бүкiл үйдi (үй-жайды, құрылысты, ғимаратты) және үй жанындағы жер учаскесiн (жер учаскелерiн) тиiсiнше күтiп-ұстау үшiн кондоминиумға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кондоминиум объектiсiн басқару нысанын таңдап алады.

      6. Кондоминиумға қатысушылардың ортақ меншiгiндегi (ортақ жер пайдалануындағы) жер учаскесiне құқықты сату, сондай-ақ жер үшiн ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.

      7. Гараж, саяжай және басқа тұтыну кооперативтерiнде қатысушылардың ортақ меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарына кондоминиум туралы нормалар қолданылады.

      63-бап. Жеке меншiктегi жер учаскесiнен және жер
               пайдалану құқығынан өндіріп алу

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жеке меншiктегi жер учаскесi, сондай-ақ тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы жеке және заңды тұлғалар мүлкiнiң құрамына кiредi, банкрот деп танылған жағдайларды қоса алғанда, олар өз мiндеттемелерi бойынша осы мүлiкпен жауап бередi.
      Осы Кодекстiң 26-бабының 2-тармағында санамаланған жерден, сондай-ақ мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi жерден өндiрiп алуды қолдануға болмайды, бұған осы Кодекстiң 39-бабының 3-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.

      2. Жер учаскесi мен тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу Қазақстан Республикасының азаматтық және азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi және ол жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органда тiркеледi.

6-тарау. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер
пайдаланушылардың жер учаскелерін пайдалану кезіндегі
құқықтары мен міндеттері

      64-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер
               пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалануға
               құқықтары

      1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жер учаскелерi меншiк иелерi мен  жер пайдаланушылардың:

      1) жер учаскесiн оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзу;

      2) ауыл шаруашылығы және өзге де дақылдар мен екпелер себу мен отырғызуға, өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмi мен жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде алынған өзге де өнiмге және оны өткiзуден түскен табысқа меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару;

      3) өз шаруашылығының қажеттерi үшiн жер учаскесiнде бар құмды, сазды, қиыршық тасты және басқа да кең таралған пайдалы қазбаларды, шымтезектi, екпелердi, жер үстi және жер асты суларын, кейiннен мәмiлелер жасасу ниетiн көздемей, белгiленген тәртiппен пайдалану, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн пайдалану;

      4) жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда келтiрiлген шығынды толық көлемiнде өтетiп алу;

      5) жердi аймақтарға бөлудi ескере отырып, меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару құқығымен жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкестiкте тұрғын үйлер, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салу;

      6) белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарға сәйкес суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстар жүргiзу, тоғандар мен өзге де су айдындарын жасау құқығы бар.

      2. Уақытша жер пайдаланушылар үшiн осы баптың 1-тармағының 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген өкiлеттiктер жер учаскесiн беру актiсiмен немесе жалдау шартымен (уақытша өтеусіз жер пайдалану туралы шартпен) шектелуi мүмкiн.
      Ескерту. 64-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      65-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер
               пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалану
               жөнiндегi мiндеттерi

      1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:

      1) жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес, ал уақытша жер пайдалану кезiнде - жер учаскесiн беру актiсiне немесе жалдау шартына (өтеусiз уақытша жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға;

      2) санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес өндiрiс технологияларын қолдануға, өздерi жүзеге асыратын шаруашылық және өзге де қызмет нәтижесiнде халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтiруге, санитарлық-эпидемиологиялық, радиациялық және экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуге;

      3) осы Кодекстiң 140-бабында көзделген жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға;

      4) жер салығын, жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын және Қазақстан Республикасының заңдары мен шартта көзделген басқа да төлемдердi уақтылы төлеуге;

      5) жануарлар дүниесiн, орман, су және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртiбiн сақтауға, жер учаскесiнде орналасқан, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени мұра объектілері мен басқа да объектiлердi қорғауды қамтамасыз етуге;

      6) жер учаскесiнде шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) сақтауға;

      7) мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi уақтылы табыс етiп отыруға;

      8) басқа меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;

      9) топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және оның құнарлылығының нашарлауына, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу құнарлы қабаттың бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатымен оны сыдырып алуға жол бермеуге;

      10) осы Кодексте көзделген тәртiппен сервитуттар берудi қамтамасыз етуге;

      11) өздерiнiң меншiгi болып табылмайтын анықталған өндiрiс пен тұтыну қалдықтары туралы жергiлiктi атқарушы органдарға хабарлауға мiндеттi.

      2. Уақытша жер пайдаланушылардың уақытша жер пайдалану туралы шарттарда көзделген басқа да мiндеттерi болуы мүмкiн.

      3. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен учаскенiң жер пайдаланушыларына, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жер учаскесiне ауыртпалықтар салатын барлық мiндеттер (оны мақсаты бойынша пайдалану, сервитуттар беру, салықтар мен өзге де мiндеттi төлемдер төлеу және басқалар) жүктеледi.

      4. Жер учаскесiн пайдаланудың нысаналы мақсаты мен режимiн, сервитуттар мен нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде белгiленген басқа да пайдалану талаптарын жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз бетiнше өзгертуiне болмайды.
      Ескерту. 65-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.01.09 N 213 , 2007.07.21 N 307 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      66-бап. Осы Кодекске орай жер учаскесiне құқықтар
               тиесiлi болмайтын жер учаскелерiнiң меншiк
               иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтары
              мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша тұлға жер учаскесiне осы Кодексте белгiленген нормаларға сәйкес оған (тұлғаға) тиесiлi болмайтын құқықты алатын жағдайларда, аталған құқық Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген ережелер бойынша бiр жыл iшiнде иелiктен шығарылуға тиiс немесе аталған мерзiмде осы Кодекске сәйкес жерге сондай субъектiге тиесiлi болатын құқық етiп қайта ресiмделуге тиiс.

      2. Үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) иелiктен шығарылуына байланысты меншiктегi немесе жер пайдаланудағы жер учаскесi иелiктен алынған кезде, алушылар жер учаскесiне иелiктен алынатын құқық тиесiлi болмайтын тұлғаға осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiне сәйкес бұл құқықты сол тұлғаға тиесiлi болатын құқық етiп қайта ресiмдеуге тиiс.

7-тарау. Сервитуттар

      67-бап. Сервитут туындауының негiздерi

      1. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайларда меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесiн мүдделi жеке және заңды тұлғаларға шектеулi нысаналы пайдалану құқығымен беруге мiндеттi.

      2. Бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығы (сервитут):

      1) тiкелей нормативтiк құқықтық актiден;

      2) мүдделi тұлғаның меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен шартының негiзiнде;

      3) жергiлiктi атқарушы органның актiсi негiзiнде;

      4) сот шешiмi негiзiнде;

      5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда туындауы мүмкiн.

      3. Егер нормативтiк құқықтық актiде мүдделi тұлғаның меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен шарты негiзiнде сервитут белгiлеу көзделсе, олардың мұндай шарт жасасудан немесе меншiк иесi немесе жер пайдаланушы қоятын шарттың талаптарынан бас тартуына мүдделi тұлға меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға талап-арыз беруi арқылы сот тәртiбiмен дауласа алады.

      4. Егер нормативтiк құқықтық актiде жергiлiктi атқарушы органның актiсi негiзiнде сервитут белгiлеу көзделсе, сервитут белгiлеуге мүдделi тұлға, меншiк иесi немесе жер пайдаланушы бұл актiге сот тәртiбiмен шағымдана алады.

      68-бап. Жеке тұлғаның бөтен жер учаскелерiнде болу және
               солар арқылы өту құқығы

      1. Жеке тұлғалардың жалпы жұрттың кiруiне жабық емес жер учаскелерiнде еркiн, қандай да бiр рұқсатсыз болуға құқығы бар.

      2. Егер бiреудiң жеке меншiгiндегi немесе жер пайдалануындағы жер учаскесi қоршалмаған болса немесе жеке меншiк иесi немесе жер пайдаланушы учаскеге өзiнiң рұқсатынсыз кiруге болмайтынын өзге де әдiспен белгiлеп қоймаса, егер бұл жеке меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға зиян келтiрмейтiн болса, осы учаске арқылы кез келген адам өте алады.

      69-бап. Көршi немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi
               пайдалану құқығы

      1. Жеке меншiк иесi немесе жер пайдаланушы - көршi жер учаскесiне жеке меншiк немесе жер пайдалану құқығының субъектiсiнен, ал қажет болған жағдайда өзге учаскеге де жеке меншiк немесе жер пайдалану құқығының субъектiлерiнен осы учаскелердi шектеулi пайдалану құқығын (жекеше сервитут) табыстауды талап етуге құқылы.

      2. Көршi немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi пайдалану құқығы (жекеше сервитут):

      1) егер жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз учаскесiне басқа жолмен өтуi мүмкiн болмаса, өте қиын болса немесе шамадан тыс шығындарды керек етсе, көршi немесе өзге де жер учаскесi арқылы жаяу және көлiкпен жүрiп өтудi;

      2) көршi немесе өзге де учаскеге сервитут белгiленбейiнше қамтамасыз етуге болмайтын, электр таратудың, байланыстың қажеттi желiлерiн тартуды және пайдалануды, сумен, субұрғышпен, жылумен жабдықтауды, мелиорацияны және жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының басқа да қажеттерiн қамтамасыз ету үшiн белгiленуi мүмкiн.

      3. Көршi немесе өзге де учаскеге жекеше сервитут осы учаскелерге жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы субъектiлерiмен жасалатын шарт бойынша белгiленедi.
      Жер учаскесiн шектеулi құқықпен пайдаланушы құқық субъектiсi жеке меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға сервитутпен байланысты келтiрiлген барлық шығынды өтеуге тиiс.

      4. Егер бұл мемлекеттiң және жергiлiктi халықтың мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн қажет болған жағдайларда жергiлiктi атқарушы органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiнiң негiзiнде жер учаскелерiн алып қоймай, қауымдық сервитуттар белгiленуi мүмкiн.
      Қауымдық сервитуттар:

      1) ортақ пайдаланудағы объектiлерге, зираттарға, қорымдарға және өзге де ғибадат объектiлерiне жер учаскесi арқылы жаяу немесе көлiкпен өту;

      2) жер учаскесiн коммуналдық, инженерлiк, электр және басқа да желiлер мен тораптарды, сондай-ақ көлiк инфрақұрылымының объектiлерiн жөндеу мақсатында пайдалану;

      3) жер учаскесiнде межелiк және геодезиялық белгiлер мен оларға өту жолдарын орналастыру;

      4) су алу және суат;

      5) жер учаскесi арқылы мал айдап өту;

      6) жер учаскесiн белгiленген мерзiмде және белгiленген тәртiппен аң аулау, жер учаскесiнде орналасқан тұйық су айдындарында балық аулау, жабайы өсiмдiктердi жинау мақсатында пайдалану;

      7) iздестiру, зерттеу және басқа да жұмыстар жүргiзу мақсатында жер учаскесiн уақытша пайдалану;

      8) жағалау белдеуiне еркiн өту;

      9) мемлекеттiк органдардың шешiмiмен жер учаскесiн мәдени-көпшiлiк iс-шаралар өткiзуге пайдалану;

      10) қоғамдық және мемлекеттiк мүдделерге байланысты өзге де жағдайлар үшiн белгiленуi мүмкiн.

      5. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жекеше сервитут ауыртпалығын көтерушi жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе оның жер пайдаланушысы солардың мүддесiне орай сервитут белгiленген тұлғалардан мөлшерлес төлемақы талап етуге құқылы.

      6. Мемлекет меншiгiндегi және жер пайдалануға берiлмеген жер учаскелерi бойынша сервитут белгiленген кезде, сервитут үшiн төлемақы бюджетке түседi.

      7. Егер сервитутты белгiлеу жер учаскесiн пайдалануда елеулi қиындықтарға әкеп соғатын болса, қауымдық сервитут ауыртпалығын көтерушi жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе оның жер пайдаланушысы қауымдық сервитутты белгiлеген мемлекеттік органнан мөлшерлес төлемақы талап етуге құқылы.
      Қауымдық сервитут белгілеу жер учаскесін пайдалану мүмкін болмай қалатын жағдайға әкеп соқса, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы меншік немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі шығынды қауымдық сервитутты белгілеген
мемлекеттік органнан толық көлемде өткізе отырып, өзінен осы жер учаскесін алып қоюды, соның ішінде сатып алу арқылы алып қоюды не онымен құны тең жер учаскесін беруді немесе ол мүмкін болмаған жағдайда - басқа жер учаскесін оның құнын немесе оған құқықтарды
жердің бағасына есептеп және шеккен шығындарды өтей отырып, беруді талап етуге құқылы.
      Ескерту. 69-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

      70-бап. Уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдау
               жолдары

      1. Уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдау жолдарын жеке меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан жердi алып қоймай, жерiнен жол өтетiн жеке меншiк иелерiмен немесе жер пайдаланушылармен келiсе отырып, аудандық (аудан аумағында) немесе облыстық (екi немесе одан көп аудандардың аумағында) атқарушы органдар белгiлей алады.

      2. Мал иелерi малды жолмен айдап өткен кезде келтiрiлген шығын үшiн жеке меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың алдында жауаптылықта болады.

      71-бап. Жер учаскелерiн iздестiру жұмыстары үшiн
               пайдалану

      1. Геологиялық, геофизикалық, iздеу, геодезиялық, топырақты зерттеу, геоботаникалық, жерге орналастыру, археологиялық және басқа да iздестiру жұмыстарын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар бұл жұмыстарды жеке меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай жүргiзе алады.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған жұмыстарды жүргiзу үшiн жер учаскелерiн пайдалануға рұқсатты, оның қолданыс мерзiмiн көрсете отырып аудандық, қалалық атқарушы органдар, ал егiстiкте, жақсартылған шабындықтар мен жайылымдарда, көп жылдық екпелер бар жерде, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерi мен орман қоры жерiнде жұмыстар жүргiзу үшiн облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) атқарушы органдар бередi.

      3. Аталған жұмыстарды жүргiзу мерзiмдерi, олардың орны, шығынды өтеу және жердi нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жөнiндегi мiндеттер, сондай-ақ басқа да жағдайлар iздестiрушiнiң жеке меншiк иесiмен не жер пайдаланушымен немесе жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органымен (босалқы жерде, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылары жоқ басқа да санаттағы жерде) жасасқан шартында айқындалады.

      4. Іздестiру жұмыстары үшiн пайдаланылатын жер учаскелерiн тiкелей мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының iздестiрушiмен арасындағы шартта, учаскелердi мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жөнiндегi жұмыстар - iздестiру жұмыстарының барысында, ал бұл мүмкiн болмаған жағдайда жұмыстар аяқталғаннан кейiн, топырақтың тоңдану кезеңiн қоспағанда, бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жүргiзiлуге тиiс екенi ескерiле отырып айқындалады.
      Ескерту. 71-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      72-бап. Басқа да сервитуттар

      Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген жағдайларда осы Кодексте аталғаннан басқа да сервитуттар белгiленуi мүмкiн.

      73-бап. Жер учаскесiне құқық ауысқан кезде сервитуттың
               сақталуы

      1. Жер учаскесiне меншiк құқығы немесе сервитутпен ауыртпалық салынған жер учаскесiне жер пайдалану құқығы басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сервитут сақталады.

      2. Сервитут мәмiленiң, оның iшiнде сатып алу-сатудың және кепiлге салудың дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға қамтамасыз етiлуi үшiн сервитут белгiленген құқықпен бiрге ғана ауыса алады.

      74-бап. Сервитуттың тоқтатылуы

      1. Сервитуттың қолданылуы құқық иесiнiң бас тартуы, ұзақ уақыт (3 жыл) пайдаланылмауы, оның белгiленген мерзiмiнiң өтуi нәтижесiнде, тараптар арасындағы келiсiм негiзiнде, сот шешiмi негiзiнде және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша тоқтатылады.

      2. Қауымдық сервитут қоғамдық қажеттер үшiн белгiленiп, ол қажеттер болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның сервитутты жою туралы шешiм қабылдауы арқылы тоқтатылуы мүмкiн.

      3. Сервитуттың қолданылуы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген негiздер бойынша бiржақты тәртiппен тоқтатылады.

      4. Сервитут құқық иесiнiң тиiсiнше пайдаланбауына, сондай-ақ ол белгiленген негiздердiң болмауына байланысты жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының талап етуi бойынша сот тәртiбiмен тоқтатылуы мүмкiн.

      5. Сервитут белгiлi бiр мерзiмге белгiленген жағдайларда, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше белгiленбесе, оның қолданылуы белгiленген мерзiм аяқталған соң тоқтатылады. Сервитут шарт негiзiнде талап етiлетiн кезге дейiн немесе белгiсiз мерзiмге белгiленген жағдайларда сервитуттың қолданылуы сервитутпен ауыртпалық салынған жылжымайтын мүлiк иесiнiң сервитутты тоқтату туралы талап еткен кезiнен бастап бiр ай мерзiм өткен соң тоқтатылады.

      75-бап. Сервитутты тiркеу

      1. Егер осы бапта және жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiнде өзгеше белгiленбесе, құқық иесiне бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын беретiн сервитуттардың туындауы, өзгертiлуi және тоқтатылуы құқық кадастрында мемлекеттiк тiркелуге тиiс.

      2. Сервитутты тiркеу кезiнде, сервитуттың туындауына негiз болған құжаттарға осы сервитутты берушi тұлға куәландырған, сервитуттың қолданылу аясының шекарасы бейнеленген жер учаскесiнiң жоспары қоса берiледi. Егер сервитут барлық жер учаскесiне қатысты болса, жер учаскесiнiң жоспарын беру талап етiлмейдi.

      3. Нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде туындайтын сервитуттар, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiне сәйкес тiркеу объектiлерi болып табылмайтын өзге де сервитуттар мемлекеттiк тiркеуге жатпайды.

8-тарау. Жер учаскесі мен жер пайдалану құқығын
кепілге салу

      76-бап. Кепiлдiң мәнi

      1. Кепiл берушiге жеке меншiк құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесi кепiл мәнi болуы мүмкiн.

      2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiнiң және жер пайдалану құқығының кепiлiне жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы ережелер қолданылады.

      3. Кепiлге салынған жер учаскесi немесе жер пайдалану құқығы осы Кодекске орай жер учаскесiне құқығы жоқ тұлғаларға қатысты кепiл ұстаушының меншiгiне айналған жағдайда осы Кодекстiң 66-бабында белгiленген нормалар қолданылады.

      77-бап. Жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын
              кепiлге салуды шектеу

      1. Жep учаскесiне немесе жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасауға тыйым салынған жағдайларда (осы Кодекстiң 33-бабының 2-тармағы және 36-бабы) жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.

      2. Егер жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн нысаналы мақсатына сәйкес дербес учаске ретiнде пайдалану мүмкiн болмаса, жер учаскесiнiң бұл бөлiгiн немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
      Кепiлге салуға берiлген жер учаскесiнде немесе оның кепiлге салуға берiлетiн бөлiгiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) бiр мезгiлде кепiлге салмай, бөлiнетiн жер учаскесiн түгелдей немесе оның бiр бөлiгiн не бүкiл жер учаскесiне немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
      Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) бiр мезгiлде кепiлге салмай, бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе оған жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
      Үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын қоса кепiлге салмай, не үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiне жер пайдалану құқығын бiр мезгiлде кепiлге салмай, ол үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салуға жол берiлмейдi.
      Жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне кепiлдi белгiлеген кезде осы Кодекстiң 51-бабының 3-тармағында көзделген талаптар сақталуға тиiс.

      3. Жер учаскесiн жалдау нысанында ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығын жалдау шартының қолданылу мерзiмiне кепiлге салуға жол берiледi.
      Қысқа мерзiмдi өтеулi уақытша және өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
      Ескерту. 77-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

      78-бап. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) бар жер
              учаскесiн немесе сондай жер учаскесiне
              жер пайдалану құқығын кепiлге салу

      1. Бөлiнетiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу, егер тараптардың келiсiмiмен жер учаскесiнiң көрсетiлгеннен үлкен бөлiгi немесе жер учаскесiнiң бөлiгiне жер пайдалану құқығы не бүкiл жер учаскесi немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығы кепiлге берiлмесе, үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оған қызмет көрсету үшiн қажеттi, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгi немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгiне жер пайдалану құқығы бiр мезгiлде кепiлге берiлетiнiн бiлдiредi.
      Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде немесе онда орналасқан жылжымайтын мүлiкке қызмет көрсету үшiн арнайы белгiленген жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде бүкiл жер учаскесiнiң немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығының кепiлге берiлетiнiн бiлдiредi.
      Үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) кепiлге салу кезiнде тиiстi жер учаскесiнiң немесе оның бөлiнетiн бөлiгiнiң не жер учаскесiне немесе оның бөлiнетiн бөлiгiне жер пайдалану құқығының құны ескерiлуге тиiс.

      2. Егер бөлiнбейтiн жер учаскесiнде ортақ меншiктегi (өзге де ортақ заттық құқықтағы) үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан болса, үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде үйдi (құрылысты, ғимаратты) орналастыру, күтiп-ұстау және пайдалану үшiн қажеттi жер учаскесiнiң кепiлге салынатынын бiлдiредi. Егер аталған жағдайларда кепiл мәнi үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бөлiнген бөлiгi немесе ортақ мүлiкке құқықтағы үлес болса, кепiлге берiлген үй (құрылыс, ғимарат) бөлiгiнiң көлемiне сәйкес келетiн жер учаскесiндегi үлеске кепiл бiр мезгiлде белгiленедi. Кондоминиум объектiсiнде орналасқан үй-жайды кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде кондоминиумға қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалатын ортақ мүлiктегi және жер учаскесiндегi үлестiң де кепiл мәнi болатынын бiлдiредi.

      3. Мемлекеттiк жер пайдаланушылар аталған жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) және оның осы үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан, оған қызмет көрсетуге арналған бөлiгiн кепiлге айналдырған жағдайда ғана өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы (осы Кодекстiң 39-бабының 2-тармағы).

      79-бап. Жер учаскелерiн және жер пайдалану құқығын
               кепiлге салу тәртiбi

      1. Жеке меншiк құқығында немесе уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығында жер учаскелерi бар жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар кепiлге берушi бола алады.
      Мемлекеттiк жер пайдаланушылар осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы.

      2. Жеке және заңды тұлғалар кепiл ұстаушылар болуы мүмкiн.

      3. Ортақ бiрлескен меншiктегi немесе ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы бөлiнбейтiн жер учаскесiн кепiлге беруге ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға қатысушылардың барлығының жазбаша келiсiмi болған кезде жол берiледi.
      Жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiкке немесе ортақ үлестiк жер пайдалануға қатысушы өз үлесiн ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға басқа қатысушылардың келiсiмiнсiз кепiлге салуға құқылы.

      4. Ортақ меншiк құқығында жер учаскелерi бар тұлғалар ортақ меншiкке қатысушылардың жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде жер учаскелерiн кепiлге сала алады.
      Мемлекеттен төлеу мерзiмi ұзартылып жеке меншiкке сатып алынатын жер учаскелерiн кепiлге салуға осы Кодекстiң 24-бабының 4-тармағында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жол берiледi.

      5. Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу үшiн жеке және заңды тұлғалар ықтимал кепiл ұстаушыға:
      жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын;
      ортақ бiрлескен меншiкке немесе ортақ бiрлескен жер пайдалануға қатысушылардың нотариаттық тәртіппен куәландырылған жазбаша келiсiмiн;
      жер учаскесіне тіркелген құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы құқықтық кадастрдың мәліметтері.
      Жер учаскесiнiң бөлiгiн немесе оған жер пайдалану құқығын кепiлге беру кезiнде жер учаскесiнiң жалпы жоспарында оның кепiлге беруге көзделген бөлiгi көрсетiлуге тиiс.

      6. Алып тасталды - ҚР 2006.01.10 N 116 Заңымен.

      7. Жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны туралы екi жақты келiсiмге қол жеткiзiлген кезде, негiзгi міндеттемені қамтамасыз ету үшiн кепiлге берушi мен кепiл ұстаушы арасында жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу туралы шарт екi дана етiп жасалады.

      8. Ипотека туралы шартта жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кредиторға немесе үшiншi тұлғаларға берудi, мақсатына сәйкес ипотека туралы шарт бойынша кепiлге салынған меншiктегi немесе жер пайдаланудағы жер учаскесiн кепiлге берушiнiң және (немесе) үшiншi тұлғалардың оны пайдалану құқықтарын шектеудi, сондай-ақ бұл учаскеден жемiс және табыс алуды көздеуге болмайды.  

      9. Алып тасталды - ҚР 2007.07.06. N 279 Заңымен

      10. Егер кепіл туралы шартта өзгеше белгіленбесе, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары кепіл ұстаушыға немесе сенім білдірілген тұлғаға беріледі.

      11. Кепіл жер учаскесі орналасқан жер бойынша жылжымайтын мүлікке құқықты тіркейтін органдарда мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап жер учаскесін кепілге салу құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындайды.

      12. Борышкер негiзгi мiндеттеменi орындамаған жағдайда кепiл ұстаушы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өз талаптарын қанағаттандыруға құқылы.
      Ескерту. 79-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 , 2007.07.26 N 311 , 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      80-бап. Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын
               кепiлге салуды тiркеу

      Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу жылжымайтын мүлікке құқықты тiркеу үшін белгіленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
      Ескерту. 80-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.26 N 311, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-тарау. Жер учаскесіне меншік құқығын, жер пайдалану
құқығын және өзге де заттық құқықтарды тоқтату

      81-бап. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын немесе жер
               пайдалану құқығын тоқтату негiздерi

      1. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы:

      1) меншiк иесi - жер учаскесiн немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығын иелiктен шығарып басқа тұлғаларға берген;

      2) меншiк иесi меншiк құқығынан немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығынан бас тартқан;

      3) жер учаскесiне меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда айырылған ретте тоқтатылады.

      2. Меншiк иесiнен жер учаскесiн және жер пайдаланушыдан жер пайдалану құқығын олардың келісімінсіз алып қоюға:

      1) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу жүргiзiлген;

      2) жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;

      3) осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген жағдайларда, мақсатына сай пайдаланылмай отырған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскесi меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылған;

      4) радиоактивті ластануға ұшыраған жер учаскесі оның меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан, құны тең жер учаскесі беріле отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;

      5) тәркiленген реттен басқа жағдайларда жол берiлмейдi.

      3. Жер пайдалану құқығы бұдан басқа да мынадай негiздер бойынша тоқтатылуы мүмкiн:

      1) учаске берiлген мерзiмнiң өтуi;

      2) жер учаскесi кепiлде тұрған жағдайларды қоспағанда, жер учаскесiн жалға беру шартының немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы;

      3) жер пайдаланушыға қызметтiк жер телiмiн берумен байланысты туындаған еңбек қатынастарының тоқтатылуы (осы Кодекстiң 41-бабы).
      Ескерту. 81-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      82-бап. Жеке меншiк құқығынан немесе жер пайдалану
               құқығынан бас тарту

      1. Меншiк иесi бұл туралы жария етiп, не жер учаскесiне қатысты өзiне тиесiлi құқығын сақтау ниетiнсiз одан бас тартатынын айқын бiлдiретiн басқа да iс-әрекет жасап, өзiне тиесiлi жер учаскесiне меншiк құқығынан бас тарта алады.
      Уақытша жер пайдалану құқығынан немесе жеке меншiктегi жер учаскесiн уақытша пайдалану құқығынан бас тарту жалдау шартын немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шартты тоқтату үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      2. Меншік иесі жер учаскесіне меншік иесі құқығынан бас тартқан жағдайда, бұл жер учаскесі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес иесі жоқ жылжымайтын зат ретінде есепке алынады.
      Мұндай жер учаскесі иесі жоқ жылжымайтын зат ретінде есепте болған кезінде басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға берілуі мүмкін.

      3. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығынан ерiктi түрде бас тартқан кезде, жер учаскесi меншiк иесiнiң нотариат куәландырған жазбаша өтiнiшi жер учаскесiн иесi жоқ жылжымайтын зат ретiнде есепке алуға негiз болып табылады.
      4. Осы баптың қағидалары жер пайдаланушылар жер пайдалану құқығынан бас тартқан жағдайларға да қолданылады.
      Ескерту. 82-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      83-бап. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының
               мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе
              жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу

      Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу кезiнде (осы Кодекстiң 63-бабы) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы ауысатын тұлғаның алып қойылған жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындаған кезден бастап тоқтатылады.
      Кепiлге берушiнiң өтiнiшi бойынша сот дәлелдi себептер болған кезде (дүлей апат және өзге де төтенше жағдайлар), сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер кепiлге салынған жағдайда, кепiлге салынған жер учаскесiнен (жер пайдалану құқығынан) өндiрiп алу туралы шешiмде оның сатылуын бiр жылға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыруға құқылы.

      84-бап. Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп
               иелiктен шығарудың жалпы ережелері мен
               принциптері

      1. Жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн ерекше жағдайларда, бұл мұқтажды өзге де тәсiлмен қанағаттандыру мүмкiн болмаған және мүлiктi меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

      2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару үшін мыналар:
      1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған шарттардан туындайтын халықаралық мiндеттемелер;
      2) қорғаныс, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мұқтажы, жер учаскесін сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамына енгізу қажеттігі және арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы мен жұмыс iстеуi;
      3) пайдалы қазба кен орындарының табылуы және оларды қазу;
      4) автомобиль және темір жолдардың құрылысы (реконструкциясы), әуежайлар, әуеайлақтар, аэронавигация объектілері және авиатехникалық орталықтар, теміржол көлігі объектілері, көпірлер, метрополитендер, тоннельдер, энергетика жүйесі мен электр тарату желілері, байланыс желiлерi объектілері, ғарыш қызметін қамтамасыз ететін объектілер, магистральдық құбырлар, инженерлiк-коммуникациялық желiлер, концессиялық жобаларды іске асыру, елдi мекендердiң ортақ пайдалануындағы объектiлердiң құрылысы (реконструкциясы);
      5) осы бапта белгiленген ерекше жағдайлардың тiзбесiне жатқызылатын объектiлердің құрылысы бойынша елдi мекендердiң бас жоспарларын орындау, сондай-ақ мемлекеттiк бағдарламаларда көзделген объектiлерді бюджет қаражаты есебінен салу ерекше жағдайлар болып табылады.

      3. Егер жер пайдаланушы берiлген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, жер пайдалануға берілген жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару - жер пайдалану құқығы сатып алынбай жүзеге асырылады, ал егер ол жер пайдалану құқығын сатып алған болса, осы Кодекске және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жер пайдаланушыға залалдар толық көлемінде өтеледі, оның қалауы бойынша басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.

      4. Жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға, мемлекет мұқтажын қанағаттандыру үшін қаншалықты қажет болса, сондай көлемде ғана жол беріледі.

      5. Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың коммерциялық мақсаттарын және мемлекеттік емес мүдделерді қанағаттандыру мақсаттарын көздейтін кез келген иеліктен шығару не мемлекеттік функцияларды жүзеге асырудан туындамайтын және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздемейтін өзге де иеліктен шығару жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару болып танылмауға тиіс.
      6. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару иеліктен шығару рәсімінің жариялылығы сақталған кезде жүргізіледі.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулысы оны қабылдаған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісінше республикалық немесе жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
      7. Осы баптың ережелерін орындамау жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудан соттың бас тартуына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қабылдаған қаулысының күшін жоюға негіз болып табылады.
      8. Жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын тұлғалардың құқықтарын қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      9. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Кодекске сәйкес жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулы қабылданғаннан кейін «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген тәртіппен келісім рәсімдеріне бастама жасауға құқылы.
      Ескерту. 84-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      85-бап. Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп
               иеліктен шығару

      1. Жер учаскесінің меншiк иесі немесе мемлекеттiк емес жер пайдаланушы «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген мерзімде және тәртіпте мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабардар етілуге тиіс.
      Жер учаскесінің меншiк иесі немесе мемлекеттiк емес жер пайдаланушы мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарлама алған сәттен бастап мемлекет оны сатып алудың басым құқығына ие болады.

      2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      3. Жер учаскесi меншiк иесiнің меншік құқығының және мемлекеттiк емес жер пайдаланушының жер пайдалану құқығының тоқтатылуы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу туралы шарттың немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы сот шешімінің негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
      Ескерту. 85-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      86-бап. Меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер
               пайдаланушының жер учаскесін мемлекет мұқтажы
               үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезіндегі
               құқықтары

      1. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімінің басталуы туралы хабарлама алған күннен бастап жер учаскесіне мемлекеттік меншік құқығы мемлекеттік тіркелгенге немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін жер учаскесiне және өзге де жылжымайтын мүлікке өзiне тиесiлi құқықты жүзеге асыруға, осы мүлікті оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ететiн қажеттi шығындарды жасауға құқылы. Бұл ретте меншiк иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы көрсетілген кезеңде осындай жер учаскесіндегі жаңа құрылысқа, үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) және өзге де жылжымайтын мүлік объектілерін кеңейтуге немесе реконструкциялауға байланысты шығындар мен залалдарды өзi көтеруге тәуекел жасайды.
      Егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесінің бір бөлігі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылғаннан кейін қалған бөлігін бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкіл жер учаскесі сатып алынады.
      2. Жер учаскесіне және өзге де жылжымайтын мүлікке құқықтар осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақыт ішінде басқа тұлғаға иеліктен шығару жолымен немесе өзге де негіздер бойынша ауысқан кезде, сондай-ақ әмбебап құқықтық мирасқорлыққа байланысты құқық иеленуші ауысқан кезде жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі жаңа құқық иеленушіге де қатысты қолданылады (жалғасады).
      Ескерту. 86-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      87-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп
               иеліктен шығарған кезде оның құнын өтеу

      Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде оның құнын өтеу мөлшері, төлем нысандары және төлеу мерзімдері «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленеді.
      Ескерту. 87-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      88-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сот шешімі
               бойынша алып қою

      1. Егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулымен келіспесе не алып қойылатын жер учаскесінің құны немесе басқа шарттар туралы онымен келісімге қол жеткізілмесе, жергілікті атқарушы орган жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
      2. Жер учаскесінің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаны алған сәттен бастап үш ай өткен соң, бірақ, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулыда көрсетілген мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асыру мерзімінен (күнінен) кешіктірілмей жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арыз келтірілуі мүмкін.
      3. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арыз бойынша азаматтық істер істі сотта қарауға дайындау аяқталған күннен бастап бір ай мерзімде қаралады және шешіледі.
      Ескерту. 88-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      89-бап. Мемлекеттiк қажеттiктер үшiн мемлекеттiк жер
               пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою

      Мемлекеттiк қажеттiктер үшiн мемлекеттiк жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою оны алып қоюды жүзеге асыратын атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
      Мұндай шешiмге жоғары тұрған органға не сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн. Шағым беру алып қою туралы шешiмнiң орындалуын тоқтата тұрады.

      90-бап. Жекелеген санаттағы жердi алып қоюды шектеу

      Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бағдарындағы ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжiрибелiк алаңдарының, орман және су қорларының жерлерiн алып қоюға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге, халықаралық мiндеттемелердi орындауға, учаскенiң астынан бағалы пайдалы қазбалардың кен орнының табылуына, жол, электр тарату желiлерiн, байланыс желiлерi мен магистральды құбырларды, елді мекендердің ортақ пайдаланудағы инженерлік-коммуникациялық желілерін салуға, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар объектілерді ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған кезде оларды салуға байланысты ерекше жағдайларда ғана жол берiледi.
      Ескерту. 90-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

      91-бап. Төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесiн
               уақытша алып қою

      1. Дүлей апаттар, соғыс жағдайындағы режим, авариялар, эпидемиялар, iндеттер жағдайында және өзге де төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесi жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға олардың шеккен шығыны өтеле отырып, олардан қоғам мүддесi үшiн уақытша алып қойылуы мүмкiн. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының шеккен шығынын өтеу бағасы сот тәртiбiмен даулануы мүмкiн.

      2. Төтенше жағдайдың қолданылуы тоқтатылған кезде жер учаскесi меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) қайтарылуға тиiс және дау туындаған жағдайда ол сот тәртiбiмен оның қайтарылуын талап етуге құқылы.

      3. Жер учаскесiн меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға қайтару мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны өтеледi.

      4. Жер учаскесiн уақытша алып қойған кезде мүлiктi, соның iшiнде жылжымайтын мүлiктi реквизициялау тәртiбi Қазақстан Республикасы азаматтық заңдарының нормалары бойынша жүзеге асырылады.

      92-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскесiн
               меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан
               мәжбүрлеп алып қою

      Ауыл шаруашылығы өндірісіне не тұрғын үй құрылысына немесе өзге де құрылысқа арналған жер учаскесі екі жыл ішінде (егер Қазақстан Республикасының заңдарында неғұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) тиісті мақсатында пайдаланылмаған жағдайларда, ондай жер учаскесі осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен меншік иесінен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылуға жатады. Бұл кезеңге мұндай учаскенi игеруге қажеттi уақыт, сондай-ақ дүлей апаттар салдарынан немесе осылайша пайдалануға мүмкiндiк бермеген өзге де мән-жайларға байланысты аталған учаскенi мақсаты бойынша пайдалану мүмкiн болмаған уақыт кiрмейдi.
      Жер учаскелерін игерудің шарттары мен мерзімдері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленеді.
      Ескерту. 92-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2007.07.21 N 297 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      93-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза
               отырып пайдаланылған жер учаскесін меншік
               иесінен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп
               алып қою

      Егер жер учаскесін пайдалану осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жерді ұтымды пайдалану ережелерін өрескел бұза отырып жүзеге асырылса, атап айтқанда, егер жер учаскесі нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаса немесе оны пайдалану ауыл шаруашылығы жері құнарлылығының едәуір төмендеуіне не экологиялық жағдайдың едәуір нашарлауына әкеп соғатын болса, ондай жер учаскесі Қазақстан
Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін, осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылуға жатады.
      Төтенше және ырық бермейтін ахуал кезінде (еңсерілмейтін күш әрекеті) туындаған жағдайларды қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекетке келтірілген залалды Қазақстан
Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті.
      Ескерту. 93-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

      94-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған не Қазақстан
               Республикасының заңдарын бұза отырып
               пайдаланылған жер учаскесiн мәжбүрлеп алып
               қою тәртiбi

      1. Меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскесiн осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделгендей мәжбүрлеп алып қою жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органының талап-арызы бойынша сот тәртiбiмен жүргiзiледi.

      2. Осы Кодекстiң 92-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға талап-арыз қойылғанға дейiн кемiнде бiр жыл бұрын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн және осы уақыт iшiнде жер учаскесiнiң меншiк иесi не жер пайдаланушы осындай учаскенi нысаналы мақсаты бойынша пайдалану жөнiнде қажеттi шаралар қолданбаған жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.

      3. Осы Кодекстiң 93-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан, талап-арыз беруден кемiнде үш ай бұрын жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын жою қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн ғана және осы мерзiм iшiнде жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы учаскенi пайдалану кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын жоймаған жағдайда берiлуi мүмкiн.
      Егер меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы учаскенi нысаналы мақсатқа сай пайдаланбауында болса, мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз бергенге дейiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органы жер учаскесінің меншік иесінiң немесе жер пайдаланушының өтiнiшi бойынша жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе бойынша осындай учаске орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкіміне ұсыныстар жіберуге мiндеттi. Бұл жағдайда осындай учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе оң шешiлмеген кезде ғана талап-арыз берiлуi мүмкiн.

      4. Осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында аталған негiздер бойынша сот шешiмiмен жер учаскесін меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойған жағдайда жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы (жер учаскесiнiң мемлекеттен сатып алынған жалдау құқықтарына қатысты) Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу және атқарушылық заңдарында белгiленген тәртiппен сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатылады.
      Сатудан түскен сома, жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою шығыстары шегерiле отырып, жер учаскесінің бұрынғы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға төленедi. Бiр жыл iшiнде кемiнде үш рет сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) жүргізілгеннен кейiн ондай жер учаскесiн немесе оларға жер пайдалану құқығын сату мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесi сот шешiмiмен арнайы жер қорына қосылады.
      Ескерту. 94-бапқа өзгерісу енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

      95-бап. Тәркiлеу

      Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда, қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылық жасағаны үшiн меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесi сот тәртiбiмен санкция түрiнде өтеусiз алып қойылуы мүмкiн.
      Сотталған адам мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, сотталған адамға жеке меншiк құқығымен тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, онда үйi мен шаруашылық қора-жайлары орналасқан жер учаскелерi, сондай-ақ өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн қажеттi жер учаскелерi Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарында көзделген тiзбеге сәйкес тәркiленбеуге тиiс.
      Тәркiленген жер учаскелерi мемлекеттiк меншiкке қайтарылады. Тәркiлеу объектiсi болып табылатын мұндай жер учаскелерi не жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатылуы немесе одан әрі пайдаланылуы мүмкiн.
      Ескерту. 95-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.06.22 N 147 Заңымен.

      96-бап. Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған
               жағдайда жер учаскесiн бағалау

      Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiнің немесе жер пайдалану құқығының құны мемлекетке төленген сома шегінде белгіленеді.
      Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жеке тұрғын үй орналасқан жерде жеке тұрғын үй салуы үшін, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін (егістік телімдерін қоспағанда) берілген жер учаскесінің құны жер учаскесінің нарықтық құнынан аспайтын құны мөлшерінде белгіленеді.
      Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға азаматтық-құқықтық мәміле бойынша немесе сот шешімі бойынша ауысқан жер учаскесінің құны азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде көрсетілген құн мөлшерінде, бірақ нарықтық құннан аспайтын мөлшерде белгіленеді. Азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде жер учаскесінің бағасы көрсетілмеген жағдайда, жер учаскесінің құны оның кадастрлық (бағалау) құны бойынша бағаланады.
      Ескерту. 96-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-бөлiм. Жер санаттары

10-тарау. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер

      97-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ұғымы
               және оның құрамы

      1. Ауыл шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.

      2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс iстеуiне қажеттi iшкi шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатқызылады.

      3. Ауыл шаруашылығы алқаптары айрықша қорғалуға жатады. Бұл жерлерді ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол беріледі (осы Кодекстің 90-бабы).
      Ауыл шаруашылығы өндірісін, шаруа немесе фермер қожалықтарын жүргізу үшін жеке және заңды тұлғаларға берілген жер учаскелерінде және жеке қосалқы шаруашылықтың егістік телімдерінде ауыл шаруашылығын жүргізуге қатысы жоқ объектілер, оның ішінде тұрғын үйлер (жеке тұрғын үйлерді қоса алғанда) салуға жол берілмейді. Бұл ретте мал шаруашылығы кешендерін салуға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстарға және шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарға суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлері, егістік, тыңайған жерлер, көп жылдық екпелер егілген жерлер жататын бағалы ауыл шаруашылығы алқаптары пайдаланыла алмайды.

      3-1. Жеке меншіктегі немесе жер пайдаланудағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алаңдары осы Кодекстің 50-бабының 5-тармағына сәйкес белгіленген ең аз мөлшерден төмен учаскелерге бөлуге жол берілмейді.

      4. Ауыл шаруашылығы алқаптарына егiстiктер, тыңайған жер, көп жылдық екпелер егiлген жер, шабындықтар мен жайылымдар жатады.
      Егiстiк - жүйелi түрде өңделетiн және көп жылдық шөптердiң егiстiгiн қоса алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiгiне пайдаланылатын жер учаскелерi, сондай-ақ сүрi жер. Алдын ала егiлетiн дақылдардың егiстiгi орналасқан (үш жылдан аспайтын уақыт аралығында), түбегейлi жақсарту мақсатында жыртылған шабындықтар мен жайылымдардың жер учаскелерi, сондай-ақ бақтардың егiске пайдаланылатын қатар аралығы егiстiкке жатпайды.
      Тыңайған жер - бұрын егiстiк құрамында болған және күзден бастап бiр жылдан аса ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылмайтын және пар айдауға әзiрленбеген жер учаскесi.
      Көп жылдық екпелер - жемiс-жидек, техникалық және дәрi-дәрмек өнiмдерiнiң түсiмiн алуға, сондай-ақ аумақты сәндеп безендiруге арналып қолдан отырғызылған көп жылдық ағаш, бұта екпелерiне пайдаланылатын жер учаскелерi.
      Табиғи шабындықтар мен жайылымдар - шөп шабуға және жануарларды жаюға жүйелi түрде пайдаланылатын жер учаскелерi.
      Түбегейлi жақсартылған шабындықтар мен жайылымдар - шөп егу арқылы жаңадан отайған шабындық және жайылым учаскелерi.
      Суландырылған жайылымдар - тиiстi мал басын сапасы ойдағыдай сумен қамтамасыз ете алатын су көздерi (көлдер, өзендер, тоғандар, апандар, суару және суландыру каналдары, құбырлы немесе шегендi құдықтар) бар жайылымдар.

      5. Ауыл шаруашылығы алқаптары суармалы және суарылмайтын болуы мүмкін.
      Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына ауыл шаруашылығында пайдалануға және суаруға жарамды, су ресурстары жүйесiнiң қазiргi пайдалы жұмыс коэффициентiнде суару нормаларының жобалау немесе қолданыстағы нормативтерi бойынша осы жердi сумен қамтудың қолайлы мерзiмi iшiнде қамсыздандырудың кемiнде 75 процентiнен кем емес су ағынымен қамтамасыз ететiн суару көзiмен байланысты тұрақты және уақытша суару жүйесi бар жер жатады.
      Жайылма суару жерi қар суын және көктемгi тасқын суды, сондай-ақ топырақты ылғалдандыру үшiн суару және суландыру каналдарынан берiлетiн суды осы учаскелер аумағында ұстап қалуды және қайта бөлудi қамтамасыз ететiн су бөгейтiн белдеулерi, суды реттейтiн бөгеттерi мен басқа да гидротехникалық құрылыстары бар учаскелер болып табылады.

      6. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтарына өзіндік қосалқы шаруашылықты, бағбандықты және саяжай құрылысын дамыту үшiн жеке меншiкке;

      2) Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргізу, орман өсiру үшін, ғылыми-зерттеу, тәжiрибе жүргiзу және оқыту мақсатында, қосалқы ауыл шаруашылығын, бақша және мал шаруашылығын жүргiзу үшiн жеке меншiкке немесе жер пайдалануға беріледі.
      Пайдалануға беру мерзімі кемінде он жылды құрайтын шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін беру жағдайларын қоспағанда, жер учаскесiн көрсетілген мақсаттар үшiн жер пайдалану құқығымен беру мерзiмi кемiнде бес жылды құрайды. Жер учаскесiн осы тармақшада көрсетілген мерзімдерден аз мерзiмге беруге оны алуға мүдделi өтiнiш берушiнiң келiсiмiмен ғана жол берiледi;

      3) шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 10 жылға дейiнгi мерзiмге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға берiледi.

      7. Азаматтар мен заңды тұлғаларға жер пайдалануға немесе меншiкке берiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарының сапасын мемлекеттiк бақылау мақсатында бюджет қаражаты есебiнен топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық зерттеулер мен топырақты бағалау материалдары деректерiнiң негiзiнде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң паспорты жасалады.
      Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi паспортының нысанын жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтедi .
      Жер учаскесінің паспортын жасау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды және оны беруді жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары жүзеге асырады.
      Ескерту. 97-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 , 2009.07.10 N 180-IV , 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      98-бап. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден
               екiншiсiне ауыстыру тәртiбi

      1. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру (трансформациялау) қажеттiгi табиғи факторларға, оларды бұдан кейiн де басқа жер алқаптарының құрамында пайдаланудың экономикалық тұрғыдан орындылығына негiзделедi.

      2. Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiнiң орналасқан орны бойынша тиiстi жергiлiктi атқарушы органға берген өтiнiмi, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органның бастамасы ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге негiз бола алады.

      3. Жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүргiзiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi жерге орналастыру жұмыстарын қаржыландыру - бюджет қаражаты есебiнен, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өтiнiштерi бойынша - олардың өз қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.

      4. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жер учаскесi, учаскелер тобы, суармалы алап, жер пайдалану бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
      Топырақ-мелиорациялық жай-күйi оларды басқа алқап түрiне ауыстыруды қажет ететiн ауыл шаруашылығы алқаптарының болуы қолда бар жоспарлау-картографиялық материалдарды, жерге орналастыру, мелиорациялық құрылыс жобаларын, топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық iзденiстер материалдарын, тұзданудың түсiрiлген суреттерiн, жер кадастрының, жердi түгендеудiң деректерiн зерделеу негiзiнде алдын ала анықталады.

      5. Неғұрлым бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстыруға:
      егiстiк үшiн - жердiң агроөндiрiстiк топырақ сипаттамасының олардың нақты пайдаланылуына сәйкес келмеуi, улы заттармен ластанудың жоғары деңгейi;
      көп жылдық екпелер үшiн - екпелердiң шектi жасы, олардың сиреуi, жердiң кен құрамының жұтаңдығы, қолайсыз топырақ-мелиорациялық сипаттамасы;
      шабындықтар үшiн - жердiң шөлейттенуi, шалғындық өсiмдiктердiң сиреуi, жердiң мелиорациялық күйiнiң нашарлауы;
      жайылымдар үшiн - тапталып бүлiнуi негiз болып табылады.
      Суармалы жердi суарылмайтын жерге ауыстыру кезiнде жоғарыда санамаланған факторлардан басқа, суару көзiмен байланыстың үзiлуi, сумен қамтылмауы, шаруашылық iшiндегi суару жүйелерiнiң техникалық жай-күйi, ал жайылма суармалы жер үшiн - су ағынын қайта бөлу салдарынан су басудың тоқтауы немесе су ресурстарының болмауы, құрылыстардың техникалық жай-күйi ескерiледi.
      Қажет болған кезде жергiлiктi атқарушы органдар бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстырудың басқа да көрсеткiштерiн: ауыл шаруашылығы алқаптарының өнiмдiлiгiнiң тым төмен болуы, топырақтың тұздану, сортаңдану, ластану деңгейiн және алқаптардың сапалық сипаттамасына әсер ететiн басқа да өлшемдердi белгiлейдi.

      6. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi материалдарда:
      қорытындылар мен ұсыныстары бар түсiндiрме жазба;
      бiр түрден екiншiсiне ауыстыру көзделген жерлердiң экспликациясы;
      трансформацияға жататын анықталған ауыл шаруашылығы алқаптары көрсетiлген далалық зерттеу актiсi мен сызбасы;
      жер учаскелерiнiң сапалық сипаттамасы;
      суару жүйесiнiң, жайылма суару жүйесiнiң, суландыру құрылыстарының техникалық жай-күйi, сондай-ақ негізгі қорлардың құны туралы мәлiметтер болуға тиiс.

      7. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi материалдар ауданның уәкілетті органына аудан бойынша жинақтап қорыту, ауыл және су шаруашылығының аудандық органдарымен келiсу үшiн жiберiледi.

      8. Ауданның уәкілетті органы осы баптың 7-тармағында санамаланған органдардың ұсыныстарын ескерiп жасаған қорытындысымен бiрге:
      неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөнiндегi материалдарды - түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы органға;
      суармалы жердi - суарылмайтын жерге, суарылмайтын егiстiктi ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа неғұрлым бағасы төменiне ауыстыру жөнiндегi материалдарды облыстық ауыл және су шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарымен келiсу үшiн облыстың уәкілетті органына жiбередi.

      9. Келiсу нәтижелерi бойынша облыстың уәкілетті органы материалдарды тұтастай алғанда облыс бойынша тұжырымдайды және өз қорытындысымен бiрге оларды:
      суарылмайтын егiстiктi неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарының түрiне ауыстыру бойынша - түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы органға;
      суарылатын егiстiктi алқаптардың суарылмайтын түрiне ауыстыру бойынша келiсу үшiн орталық уәкiлеттi органға жiбередi.

      10. Жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган суармалар егiстiктi суарылмайтын алқап түрлерiне ауыстыру жөнiндегi ұсынылған материалдарды ауыл шаруашылығы , қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органдармен келiседi және өзiнiң жинақталған қорытындысымен қоса, осы мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн облыстық атқарушы органға жiбередi.

      11. Неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын неғұрлым бағасы жоғары алқаптарға ауыстыру туралы шешiмдi, осы баптың 7-тармағында санамаланған органдардың ұсыныстарын ескере отырып, аудандық (қалалық) атқарушы орган қабылдайды.
      Ескерту. 98-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      99-бап. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы
               жердi пайдалану

      1. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiруге арнайы әзiрленген суландыру, тоспа-кәрiз жүйесiмен және ауыл шаруашылығы дақылдарын кезектестiрудiң (ротациялаудың) ғылыми негiзделген схемасы белгiленген құрылғылармен жабдықталған, инженерлiк тұрғыда жоспарланған жер жатады.

      2. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы бекiтедi. Дақылдарды кезектестiрудiң (ротациялаудың) бiрыңғай схемасымен және суармалы тоспа-кәрiз жүйесiмен байланыстырылған жер учаскелерi бөлiнбейтiн болып танылады. Осы ереже инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердiң құрамынан осы Кодекс күшіне енгенге дейiн таратылып берiлген жер учаскелерiне де қолданылады.

      3. Бұрын таратылып берiлген және бөлiнбейтiн болып танылған инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердi пайдалану ортақ (үлестiк, бiрлескен) меншiк (ортақ (үлестiк, бiрлескен) жер пайдалану) құқығымен жүзеге асырылады және үлестi нақтылы қалпында бөлiп шығаруға жол берiлмейдi. Қатысушылар құрамынан шыққан ортақ үлестiк меншiкке қатысушы ортақ үлестiк меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетiп алуға не осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес оны басқа тұлғаға сатуға құқылы.

      4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiрудiң белгiленген схемасын ұстануға, қажеттi мелиорациялық және қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге, соның iшiнде учаскеде бар суландыру және тоспа-кәрiз жүйелерiн тиiсiнше тәртiппен күтiп-ұстауға мiндеттi.

      5. Осы баптың 4-тармағында белгiленген талаптарды бұзу, Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген әкiмшiлiк жазалау шараларына әкеп соғады (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi тиiмдi пайдаланбау), сондай-ақ осы Кодекстiң 93-бабының нормаларына сәйкес жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қоюға негiз болуы мүмкiн.
      Ескерту. 99-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 Заңдарымен.

      100-бап. Арнайы жер қоры

      1. Жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлердiң арасында қайта бөлу мақсатымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мен босалқы жер есебiнен арнайы жер қоры құрылады. Санитарлық нормалар мен талаптарға сай келетiн ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiруге мүмкiндiк бермейтiн жер учаскелерi арнайы жер қорына енгiзiлмейдi.

      2. Арнайы жер қоры:

      1) жер учаскесiнен ерiктi түрде бас тартқан кезде;

      2) осы Кодекстiң 92, 93 және 95-баптарына сәйкес жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қойған кезде;

      3) егер заң бойынша да, өсиет бойынша да мұрагерлерi жоқ, не бiрде бiр мұрагер мұраны қабылдамаған, не өсиет қалдырушы барлық мұрагерлердi мұрадан айырған, не мұрагер мемлекет пайдасына мұрадан бас тартқан немесе мұрадан кiмнiң пайдасына бас тартатынын атамай, мұрадан бас тартқан жағдайда, осы қорға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден түсетiн жер учаскелерi есебiнен құралады.

      3. Осы баптың 2-тармағында аталған жер учаскелерiн арнайы жер қорының құрамына енгiзу ауданның (қаланың) атқарушы органының шешiмi бойынша жүргiзiледi.

      4. Арнайы жер қорының құрамына мемлекеттiк жер пайдаланушылардың мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерiн енгiзу аудандық (қалалық) атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
      Аудандық (қалалық) атқарушы органның шешiмiне осы Кодекстiң 89-бабында көзделген тәртiппен шағымдануға болады.

      5. Осы жер учаскелерiн жаңа меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға бергенге дейiн оларды аудандық (қалалық) атқарушы орган белгiлеген тәртiппен және жағдайларда бұрынғы мемлекеттiк жердi пайдаланушылар пайдаланады.

      6. Арнайы жер қорының жерлерiн пайдалану осы Кодекстiң 97-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
      Жерi бөлiсуге жатпайтын мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шыққан және шартты жер үлесi құқығы бұрын берiлмеген осы аумақта тұратын азаматтардың, сондай-ақ оралмандардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты өзге де қызметтi жүргiзуi үшiн арнайы жер қорының жерiнен бiрiншi кезекте жер учаскесiн алуға құқығы бар.

      7. Арнайы жер қорынан жер учаскелерiн беру жерге орналастыру тәртiбiмен, әдетте, тұтас алаппен беру және жердi пайдалануда қолайлы жағдай жасау ескерiле отырып жүргiзiледi.

      8. Арнайы жер қорында жердiң бар екендiгi туралы мәлiметтер баршаға қолжетiмдi болып табылады.
      Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы жер қорының жерi босалқы жер құрамында есептеледi.

      101-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзуге
                арналған жер учаскелерi

      1. Жер учаскелерi шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншiк құқығымен немесе уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен 10 жылдан 49 жылға дейiнгi мерзiмге, ал шалғайдағы мал шаруашылығын жүргiзу үшiн (маусымдық жайылым) уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен осы Кодекске және Қазақстан Республикасының шаруа немесе фермер қожалығы туралы заңдарына сәйкес берiледi.
      Жер учаскесiн шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн алуға басым құқықты жеке еңбегiмен қатысу негiзiнде шаруашылық жүргiзетiн, арнаулы ауыл шаруашылығы бiлiмi мен бiлiктiлiгi бар, ауыл шаруашылығында iс жүзiндегi жұмыс тәжiрибесi бар және осы ауданда, қалада, ауылда (селода), кентте тұратын азаматтар пайдаланады.
      Қызметін кемінде бес жыл жүзеге асыратын және өз қызметін тоқтататын шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесін сатып алуға басым құқық осы шаруа немесе фермер қожалығының мүлкін сатып алған және арнайы ауыл шаруашылығы білімі мен біліктілігі бар Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі.

      2. Қайта ұйымдастырылатын мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн шығатын азаматтарға аталған ұйымдардың жерiнен кадастрлық бағасы шаруашылық бойынша (алқаптар бойынша) орта деңгейде болуға тиiс жер учаскелерi берiледi.

      3. Жер учаскелерiне қатысты өздерiне тиесiлi құқықтарын, оның iшiнде шартты жер үлестерiне құқықтарын шаруашылық серiктестiктердiң жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген азаматтар шаруа немесе фермер қожалығын не тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан кезде үлесiн немесе пайын, жер учаскесiн қоса алғанда, нақтылы бөлiп шығаруға (бөлiсуге) не өз қалауы бойынша үлесiнiң немесе пайының құнын төлетiп алуға құқылы.
      Бұл ретте, ауыл шаруашылығы ұйымының кепілде жатқан жерлерінің құрамынан жер учаскесін бөліп шығаруға кепіл ұстаушының келісіміне немесе бөліп шығару кезінде жер учаскесіне қатысты кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерге сәйкес жол беріледі.
      Шаруашылық серiктестiкке қатысушының немесе өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң жарғылық капиталға пайдалануға ғана берген жер учаскесi сыйақысыз нақтылы қалпында қайтарылады.
      Қатысушылардың (мүшелердiң) құрамынан шығу туралы және жер учаскесiн бөлiп шығару туралы өтiнiш ауыл шаруашылығы ұйымына берiледi.
      Шаруа немесе фермер қожалығын не тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру үшін үлес немесе пай есебіне нақтылы бөліп шығарылатын жер учаскесінің орналасқан жері, сондай-ақ шаруашылық серіктестіктеріне, өндірістік кооперативтерге олардан шыққан
қатысушының (мүшенің) бөліп берілетін жерге жүргізілген шығындарды өтеуі шаруашылық серіктестіктерінің, өндірістік кооперативтердің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен немесе тараптардың келісімімен айқындалады.
      Ауыл шаруашылығының егіс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде жер учаскесін нақтылы бөліп шығаруға, мұндай бөліп шығару ауыл шаруашылығы ұйымының немесе ортақ меншікке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың келісімімен жүргізілетін жағдайды қоспағанда, жол
берілмейді.
      Құрылтай құжаттарында жер учаскесiн бөлiп шығару (бөлiсу) тәртiбi болмаған жағдайда осы баптың 4-тармағының нормалары қолданылады.

      3-1. Осы Кодекстің 10-бабының 4-1-тармағына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығы өзіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен тиесілі, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскелерін, оларды пайдалану және оларға қызмет көрсету үшін қажетті жерімен қоса сатып алуға құқылы.
      Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскелерін, оларды пайдалану және оларға қызмет көрсету үшін қажетті жерімен қоса сатқан немесе сыйға тартқан кезде сатушының бүкіл жер учаскесіне тиісті құқығын алуға сатып алушының басым құқығы болады.

      4. Үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылар болып табылатын және шаруа немесе фермер қожалығын не тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргiзу үшiн қатысушылар құрамынан шығатын азаматтарға жер учаскелерi осы Кодекстiң 54-бабына сәйкес, үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысы бекiткен, үлестiк меншiктегi (үлестiк жердi пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртiбiне сәйкес берiледi.
      Жер учаскесiн пайдалану тәртiбi болмаған кезде үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) мүдделi қатысушы жер үлесi (жер үлестерi) есебiне жер учаскесiн бөлiп шығару ниетi туралы, оның болжамды орнын көрсете отырып, үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қалған қатысушыларды жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi. Жер учаскесiнiң орналасқан жерi жөнiндегi мәселе келiсу рәсiмдерiн жүргiзу арқылы не ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде шешiлуi мүмкiн. Жиналыс хабарланған кезден бастап бiр ай iшiнде өтуге тиiс және ортақ меншiкке (ортақ жердi пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде 50 %-i қатысқан кезде құқылы болып есептеледi. Шешiм жиналысқа қатысқан үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады және хаттамамен ресiмделедi. Жиналысқа қатысқан үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) барлық қатысушылар немесе олардың өкiлдерi хаттамаға қол қояды.
      Егер тиiсiнше хабарланған күннен бастап бiр ай iшiнде үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардан қарсылықтар келiп түспесе, жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы ұсыныс келiсiлген болып саналады.

      5. Азаматтың өтініші және осы өтінішке қоса берiлген, бөлiп шығарылатын жер учаскесiнiң орналасқан жерi туралы келiсiлген материалдар оған жер учаскесіне құқықты ресімдеу үшін жергілікті атқарушы органға жіберіледі.

      6. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн алған және ауылда (селода) тұрғын үйi бар азаматтардың үй жанындағы жер учаскесi меншiк құқығында сақталады, ол шаруа немесе фермер қожалығының жер учаскесiнiң құрамына кiрмейдi.

      7. Ауыл шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлерi болып табылмайтын азаматтарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден берiледi.
      Ескерту. 101-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      102-бап. Өзiндiк қосалқы шаруашылыққа, бағбандыққа
                және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi

      1. Қазақстан Республикасының азаматтарына өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жеке меншiкке жер учаскелерi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, ауылдық елдi мекендердiң жерiнен және босалқы жерден берiледi.

      2. Өзiндiк қосалқы шаруашылыққа, бағбандыққа және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерiнiң меншiк иесi болып табылатын азаматтар ортақ мүдделерi үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде құқықтық жағдайы белгiленетiн жай серiктестiктерге, бағбандық немесе өзге де тұтыну кооперативтерiне бiрiгуге құқылы.

      3. Бағбандыққа немесе саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi азаматтардың бөлек меншiгiнде болып, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң ортақ қажеттерiн қанағаттандыруға арналған жер учаскелерi мен басқа да мүлiк олардың ортақ үлестiк меншiгiнде болған жағдайда меншiк иелерi арасындағы ортақ мүлiкке байланысты қатынастарға кондоминиум туралы нормалар қолданылады.

      103-бап. Жекешелендiрiлетiн мемлекеттiк ауыл
               шаруашылығы ұйымдарының жер учаскесiн бөлiсу

      1. Жекешелендiрiлетiн мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерiнiң, сондай-ақ зейнеткерлер мен осы ұйымдардың өндiрiстiк және әлеуметтiк-мәдени қызмет көрсету салаларында iстейтiн және олардың аумағында тұратын адамдардың шартты жер үлесiне құқығы бар.

      2. Қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын мемлекеттiк ауыл шаруашылығы ұйымдарының өздерi пайдаланатын жерiнiң шекарасы шегiндегi ауыл шаруашылығы алқаптары шартты жер үлесiне бөлiске жатады, бұған:

      1) елдi мекендер шегiне кiрген;

      2) ауданның арнайы жер қоры құрамына енгiзiлген;

      3) нормадан тыс радиациялық ластануға ұшыраған немесе тұрғын халықтың өмiрi мен денсаулығына өзгедей қауiп төндiретiн;

      4) пайдалы қазбаларды қазу кезiнде бүлiнген және мақсаты бойынша пайдалану үшiн жарамды күйге келтiрiлiп жаңғыртылмаған;

      5) шалғайдағы мал шаруашылығының уақытша жер пайдаланудағы жер учаскелерi қосылмайды.

      3. Шартты жер үлесiнiң мөлшерi:

      1) ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалануындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы көлемiн шартты жер үлесiне құқығы бар адамдардың санына бөлу арқылы - гектармен;

      2) ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалануындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының балл-гектар сомасын шартты жер үлесiне құқығы бар адамдар санына бөлу арқылы - балл-гектармен (көлемге көбейтiлген топырақ бонитетiнiң балы) есептеп шығарылады.

      4. Шартты жер үлесi мөлшерiн анықтау нәтижелерi және шартты жер үлесiне құқығы бар азаматтардың тiзiмi жекешелендiрiлетiн шаруашылықтың еңбек ұжымының жалпы жиналысының шешiмiмен бекiтiлiп, хаттамамен ресiмделiп, аудандық (қалалық) атқарушы органда бекiтiлуге тиiс.

      5. Азаматтардың шартты жер үлесiне құқығы шартты жер үлестерiн иеленушiлердiң тiзiмi мен шартты жер үлестерiнiң мөлшерiн аудандық (қалалық) атқарушы орган бекiткеннен кейiн үш ай iшiнде жер учаскесі орналасқан жердегі республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы беретiн шартты жер үлесiне құқық туралы куәлiкпен куәландырылады.

      6. Шартты жер үлестерiн иеленушiлер шартты жер үлесiне құқық туралы куәлiктi алған кезден бастап бiр жыл iшiнде шартты жер үлестерi есебiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жер учаскесiн меншiкке немесе жердi пайдалануға алуға мiндеттi.
      Аталған адамдардың жер учаскелерiн бөлек немесе ортақ меншiкке (жер пайдалануға) ресiмдеуге құқығы бар.

      7. Шартты жер үлесiнiң иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан жағдайда, оның жер үлесiне құқықтары тоқтатылған болып саналады.
      Ескерту. 103-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      104-бап. Ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдары

      1. Селодағы тауар өндiрушiлердiң малын маусымдық жайылымдарға, ет комбинаттары мен мал сатып алу орындарына айдап апару үшiн ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына, әдетте, айдалатын малдың жолдағы азығын қамтамасыз ететiн мөлшерде жер пайдалану шекарасының бойындағы жайылымдық алқаптардан жер учаскелерi берiледi.

      2. Бiр ауданның шегiнде мал айдауға арналған ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына жер учаскелерiн аудандық (қалалық) атқарушы орган бередi.
      Бiрнеше ауданның аумағы арқылы мал айдау үшiн мал айдайтын жолдарға жер учаскелерiн беру туралы шешiмдi облыстық атқарушы орган қабылдайды.

      3. Ұзақ мерзiмдi пайдаланудағы мал айдайтын жолдардың жер пайдаланушылары болып табылатын адамдар қажеттi мөлшерде құдықтар мен малды суаруға және малды дамылдатуға арналған алаңдар, экологиялық талаптардың сақталуын және жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз ететiн құрылыстар мен ғимараттар салуға, айдалатын малды белгіленген тәртіппен ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісілген мерзімдерде кедергiсiз өткiзуге мiндеттi.

      4. Жер пайдалану құқығымен жер учаскелерiн бермей, уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдайтын жолдарды бөлу сервитут ережелерi бойынша жүргiзiледi (осы Кодекстiң 70-бабы).
       Ескерту. 104-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.24 N 190-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      105-бап. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасының
               орнын толтыру

      1. Ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюдан туындаған ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемi мен олардың сапасын қалпына келтiру арқылы ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң деңгейiн сақтау мақсатында бюджет кiрiсiне өтелуге тиіс.
      Бұл шығасы осы Кодекстiң 166-бабында көрсетiлген шығынның орнын толтырудан тыс өтеледi.

      2. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерiн және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жердi қоспағанда, ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес қажеттер үшiн жердiң барлық санаттарының құрамынан ауыл шаруашылығы алқаптары берiлетiн тұлғалар, сондай-ақ күзет, санитарлық және қорғау аймақтары белгiленетiн тұлғалар ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтейдi.
      Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер пайдалануындағы немесе меншiгiндегi ауыл шаруашылығы алқаптарының нысаналы мақсаты өзгерген кезде де ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы өтелуге тиiс.
      Ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылданған немесе ауыл шаруашылығы алқаптарының нысаналы мақсаты өзгерген кезден бастап алты ай мерзiмде өтелуге тиiс.

      3. Жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерi: P080636

      1) елдi мекендер шекарасында жеке тұрғын үй салу, мектептер, мектепке дейінгі ұйымдарды, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдарды, емдеу орындарын және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлер салу;

      2) мелиорациялық жүйелер салу;

      3) тоғандағы және көлдегi балық шаруашылықтарын, балық питомниктерiн, уылдырықты балық шаруашылықтары мен балық өсiретiн зауыттар салу;

      4) қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн, iргелес жатқан жер алқаптарының жағдайын нашарлатпайтын объектiлер салу;

      5) тозған алқаптарға, химиялық және радиоактивтi заттармен ластанған жерге орман мелиорациясы үшiн берiлгенде олар шығасыны өтеуден босатылады.
      Жер учаскелерiн мемлекеттiк табиғи қорықтарға, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктерге, мемлекеттiк табиғи резерваттарға, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктерге, мемлекеттiк зоологиялық парктерге, мемлекеттiк ботаникалық бақтарға, мемлекеттiк дендрологиялық парктерге және мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiне тарихи-мәдени мақсаттағы объектiлер үшiн беру кезiнде де, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда шыққан шығасы өтелмейдi.
      Ескерту. 105-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.07.07 N 176 , 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      106-бап. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны
                өтеу тәртiбi

      1. Ауыл және орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қойған кезде, шығасының мөлшерi жергiлiктi атқарушы органның жер учаскесiне тиiстi құқық беру туралы шешiм қабылдауы үшiн негiз болып табылатын жерге орналастыру жобасының (жерге орналастыру iсiнiң) құрамында белгiленедi.

      2. Өтелуге тиiстi шығасының мөлшерi жаңа жердi игерудi немесе алқаптарды ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiру деңгейiне дейiн жақсартуды қамтамасыз ететiн нормативтердi негiзге ала отырып, алып қойылатын алқаптардан алынатын өнiмнен немесе олардың сапасы төмендегенге дейiн бұрын алынған өнiмнен кем түспейтiн көлемiнде анықталады.

      3. Ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюдан туындаған ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеу нормативтерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi .

      4. Ауыл шаруашылығына арналмаған және ормансыз алқаптардағы бүлiнген жердi жаңғырту шартымен ауыл шаруашылығы алқаптарын уақытша пайдалануға алып қойған кезде шығасы толық көлемiнде өтеледi.
      Жер учаскесi берiлген заңды немесе жеке тұлғаның қаражаты есебiнен өнiмдiлiгi аз немесе өнiм бермейтiн алқаптарға құнарлы топырақ қабаты салынған жағдайда алқаптарды қалпына келтiруге жұмсалатын сома есепке алынып, шығасы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен өтеледi.

      5. Шығасының мөлшерi жер учаскесiнiң берiлуiне мүдделi тұлғамен келiсiледi және жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен бекiтiлетiн жер учаскесiне құқық беру туралы актiмен ресiмделедi.

      6. Жер сапасының нашарлауынан туындаған шығасының мөлшерi алқаптарды бiр түрден екiншiсiне ауыстыруға байланыссыз жағдайларда олардың сапасының төмендеуiне сәйкес нормативтердiң (жердi кадастрлық бағалау бойынша) процентiмен анықталады.
      Алқаптар сапасының төмендеуiне байланысты оларды бiр түрден басқа түрге ауыстырған жағдайда шығасы мөлшерi алқаптардың тиiстi түрлерiне арналған нормативтердiң айырмасы бойынша анықталады.

      7. Ұйымдар мен азаматтардың қызметi әсерiнiң нәтижесiнде жер сапасының нашарлауынан келген шығасыны өтеу жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органының талап-арызы бойынша сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
      Ескерту. 106-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-тарау. Елді мекендер жері

      107-бап. Елдi мекендер жерi ұғымы мен оның құрамы

      1. Қалаларды, кенттердi, ауылдарды, селолар мен басқа да қоныстарды дамыту үшiн берiлген жер учаскелерi елдi мекендер жерiнiң санатына жатады.

      2. Елдi мекендердiң жерi өзге әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың жерiнен қаланың шегi, кенттiң шегi, ауылдық (селолық) елдi мекеннiң шегi арқылы шектеледi.

      3. Елдi мекендер жерiнiң құрамына:

      1) құрылыстар алып жатқан әрi көп пәтерлi және көп қабатты тұрғын үйлер, үй iргесiндегi жер учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналған тұрғын жай салатын жер;

      2) денсаулық сақтау, мәдениет, сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету, коммерциялық қызмет объектiлерi, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдар және жоғары бiлiм беру мекемелерi, әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу мекемелерi, ғибадат үйлерi мен өзге де iскерлiк үйлерi, құрылыстар мен ғимараттар салынған және соларды орналастыруға арналған қоғамдық iскерлiк құрылыс салатын жер;

      3) өнеркәсiп, коммуналдық және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн қойма объектiлерi, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымы объектiлерi салынған және соларды орналастыруға арналған, сондай-ақ осы объектiлердiң санитарлық-қорғау аймақтарын белгiлеуге арналған өндiрiстiк құрылыс салатын жер;

      4) темiр жол, автомобиль, өзен, теңiз, әуе және құбыр тасымалы жолдары, инженерлiк инфрақұрылым мен байланыс магистральдары өтетiн және соларды салуға арналған көлiк, байланыс, инженерлiк коммуникациялар жерi;

      5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер;

      6) өзендер, табиғи және жасанды су айдындары мен акваториялар, су қорғау аймақтары, гидротехникалық және басқа да су шаруашылығы құрылыстары орналасқан су айдындары мен акваториялар жерi;

      7) ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер;

      8) алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, парктер, гүлзарлар, қаладағы ормандар, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың қажеттерiн қанағаттандыруға арналған өзге де объектiлер (су құбырлары, жылыту құбырлары, тазарту құрылыстары және жалпы жұрт пайдаланатын басқа да инженерлiк жүйелер) орналасқан және соларды орналастыруға арналған ортақ пайдаланудағы жер;

      9) қала құрылысы қызметiне тартылмаған, елдi мекендi аумақтық тұрғыдан дамытуға және өзiндiк қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған резервтегi және өзге де жер;

      10) крематорийлердi, мал қорымы, тұрмыстық қалдықтар тастау орындарын және арнаулы нормативтер мен ережелер белгiленбейiнше пайдалануға болмайтын өзге де объектiлердi орналастыру үшiн бөлiнетiн арнайы мақсаттағы жер;

      11) қорғаныс қажеттерi үшiн берiлген және өзге де пайдалану режимiндегi жер кiруi мүмкiн.

      4. Жер учаскелерiн елдi мекендер жерiндегi ортақ пайдаланудағы жерлерге жатқызуды, сондай-ақ олардың нысаналы мақсатының өзгеруiне байланысты ортақ пайдаланудағы жердiң құрамынан шығаруды өз құзыретiне сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
      Ескерту. 107-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      108-бап. Елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) белгiлеу
                және өзгерту

      1. Елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) белгiлеу мен өзгерту жерге орналастырудың, сәулет және қала құрылысының тиiстi органдары бiрлесiп жасаған ұсыныс бойынша белгiленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде жүргiзiледi.

      2. Республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасының шекарасын (шегiн) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi және өзгертедi.

      3. Облыстық маңызы бар қалалардың шекарасы (шегi) Қазақстан Республикасы Үкiметiмен келiсiм бойынша облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.

      4. Аудандық маңызы бар қалалардың шекарасы (шегi) облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.

      5. Кенттер мен ауылдардың (селолардың) шекарасы (шегi) аудандық (қалалық) өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.

      6. Жep учаскелерiн қала, кент, село шегiне қосу осы учаскелерге меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтатуға әкеп соқпайды.

      109-бап. Елдi мекендердiң жерiн пайдалану

      1. Қалалардың, кенттердiң, селолық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, жоспарлау мен құрылыс салу жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.
      Тұрғындар саны 5 мыңнан асатын елдi мекендерде белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар болмаған жағдайда осы елдi мекендi дамыту мен онда құрылыс салудың бас жоспарының оңайлатылған схемасымен немесе белгiленген тәртiппен бекiтiлген қала құрылысы құжаттамасымен жердi пайдалануға жол берiледi.

      2. Ортақ пайдаланудағы жерден жер учаскелерi азаматтар мен заңды тұлғалардың ортақ пайдалануға нұқсан келтiрмей, жеңiл үлгiдегi құрылыстарды (caудa жасайтын шатырларды, киоскiлердi, жарнама құрылғыларын және басқа да сервис объектiлерiн) орналастыруы үшiн уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн. Бұл ретте ортақ пайдаланудағы жер құрамынан, оның iшiнде базарлар, Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы заңнамалық актіге сәйкес Қазақстан Республикасының астанасы көшелерінің бойындағы оқшауланған белдеулерде орналасқан ақылы автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) қоспағанда, жол (көше, өтпелi жолдар) жиегiнен учаскелер беруге жол берiлмейдi.
      Ортақ пайдаланудағы жерден жер учаскелерi жеке меншiкке оларды ортақ пайдаланудағы жер құрамынан шығарғаннан кейiн ғана берiлуi мүмкiн.
      Елді мекендердің ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын жерлерінен шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын, бақша және мал шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелерін жеке меншік құқығымен беруге болмайды.

      3. Зираттар орналасқан және соларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден елдi мекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын немесе осы елдi мекенде қайтыс болған тұрғылықты жерi белгiсiз адамды жерлеу үшiн кемiнде алты шаршы метр жер учаскесi тегiн бөлiнедi.
      Ескерту. 109-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2007.07.21 N 297 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      110-бап. Қала маңындағы аймақтар

      1. Қала маңындағы аймақтар жерiнiң құрамына қаламен бiртұтас әлеуметтiк, табиғи және шаруашылық аумақ құрайтын қала шегiнен тыс жер қосылуы мүмкін.

      2. Қала маңындағы аймақтарда қала маңындағы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн қарқынды дамыту, қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарын (қаланы дамытуға, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымының қалыпты жұмыс iстеуi үшiн қажеттi ғимараттарды орналастыру мен салуға арналған резервтегi аумақтарды), қорғау әрi санитарлық-гигиеналық қызмет атқаратын және халықтың демалыс орны болып табылатын ормандар, opмaн парктерi және басқа да жасыл екпелер алып жатқан жасыл аймақтарды белгiлей отырып, аумақты аймақтарға бөлу жүзеге асырылады.

      3. Аудандық маңызы бар қалалардың қала маңындағы аймақтарының шекарасын облыстың жергілікті атқарушы органының ұсынысы бойынша облыстың жергілікті өкілді органы белгілейді және өзгертеді.
      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың қала маңындағы аймақтарының шекарасын Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстардың тиісті жергілікті өкілді және атқарушы
органдарының бірлескен ұсынысы бойынша белгілейді және өзгертеді. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың қала маңындағы аймақтарының шекарасы аумағы қала маңындағы аймағына енгізілген облыстардың тиісті жергілікті өкілді және атқарушы органдарымен де
келісіледі.

      4. Жердi қала маңы аймағына қосу бұл жерге меншiк құқығы мен оны пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соқпайды.

      5. Қала маңы аймағына енгiзiлген жердi пайдаланудың тәртiбi мен режимiн қала маңы аймағын белгiлеген орган айқындайды.
      Астана қаласы мен республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердi пайдалану тәртiбi мен режимiн аумағы қала маңы аймағына қосылған тиiстi облыстық өкілді және атқарушы органдармен келiсiлген, аталған қалалардың өкілді және атқарушы органдарының бірлескен ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Ескерту. 110-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

12-тарау. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және
ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер

      111-бап. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерi және ауыл
                шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер
                ұғымы және оның құрамы

      1. Осы Кодекстe және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен тиiстi нысаналы мақсат үшiн азаматтар мен заңды тұлғаларға берiлген жер өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерi және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер деп танылады.

      2. Өнеркәсiп, көлiк , байланыс жерiн және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жердi пайдалану ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен белгiленедi.

      112-бап. Өнеркәсiп жерi

      1. Өнеркәсiп жерiне өнеркәсiп объектiлерiн орналастыру мен пайдалану үшiн берiлген жер, оның iшiнде олардың санитарлық-қорғау және өзге де аймақтар жатады.

      2. Аталған мақсаттарға берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi белгiленген тәртiппен бекiтiлген нормаларға немесе жобалау-техникалық құжаттамаларға сәйкес айқындалады, ал жер учаскелерiн бөлiп беру оларды игеру кезектiлiгi ескерiле отырып жүргiзiледi.

      113-бап. Көлiк жерi

      1. Автомобиль, теңiз, iшкi су, темiр жол, әуе және өзге де көлiк түрі объектiлерiнiң қызметiн қамтамасыз ету және (немесе) оларды пайдалану үшiн берiлген жер көлiк жерi болып танылады.

      2. Автомобиль, теңiз, iшкi су, темiр жол, әуе және өзге де көлiк түрi объектiлерiн дамыту, салу және қайта жаңғырту үшiн жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасының көлiк туралы заңдарында көзделген тәртiппен жердi резервте ұстау жүзеге асырылуы мүмкiн.

      114-бап. Темiр жол көлiгiнiң жерi

      1. Темiр жол көлiгi қажеттерiне арналған жерге:

      1) магистраль жолдарына және солармен технологиялық байланыстағы құрылыстар мен ғимараттарға (темiр жол белдеуi, көпiрлер, тоннельдер, виадуктер, сигналдық жабдықтар, қызметтiк-техникалық үйлер);

      2) кiрме жолдарға;

      3) энергетика, локомотив, вагон, жол және жүк шаруашылықтары, сумен жабдықтау және канализация құрылыстары, қорғау және бекiту екпелерi, қызметтiк және темiр жол көлiгiне қызмет көрсететiн арнаулы мақсаттағы өзге де объектiлерi бар темiр жол станцияларына (вокзалдарға);

      4) темiр жолдарға берiлген белдеулер мен күзет аймақтарына;

      5) концессия шарттары бойынша темір жолдар мен темір жол көлігінің объектілеріне бөліп берілген жер жатады.

      2. Темiр жол көлiгiнiң қажеттерiне арналған жер учаскелері темiр жолдар мен темiр жол станцияларын дамытудың жобалау-техникалық құжаттамасына және бас схемасына сәйкес белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн нормативтер бойынша берiледi.

      3. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, сондай-ақ темiр жол көлiгi қажеттерiне арналып бөлiнген белдеуге iргелес жер учаскелерiндегi объектiлердi қауiпсiз пайдалану мақсатында жер пайдаланудың ерекше шарттарымен күзет аймақтары белгiленедi, олардың шегiнде аймақтарды белгiлеу мақсаттарына сай келмейтiн қызмет түрлерi шектеледi немесе оларға тыйым салынады.

      4. Темiр жол көлiгiнiң күзет аймақтарына: орманды қорғау белдеулерi, көлiк құрылыстарының, құрылғылары мен басқа да объектiлерiнiң сақталуын, төзiмдiлiгi мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшiн қажеттi жер учаскелерi, сондай-ақ темiр жол көлiгiне бөлiнетiн белдеуге iргелес орналасқан, сел қаупi, көшкiн қаупi бар аймақтардағы және басқа да қауiптi әсерлер төнетiн жерлердегi жер учаскелерi кiредi.
      Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.
      Ескерту. 114-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.07.05 N 66-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      115-бап. Автомобиль көлiгiнiң жерi

      1. Автомобиль көлiгi  қажеттерiне арналған жерге:

      1) автомобиль жолдарына, олардың конструкциялық элементтерi мен жол ғимараттарына және олармен технологиялық байланысқан құрылыстар мен ғимараттарға; Z010245

      2) автовокзалдар мен автостанцияларды, автомобиль көлiгiнiң басқа объектiлерiн және жер бетi мен жерасты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, дамыту үшiн қажеттi жол шаруашылығы объектiлерiн орналастыру үшiн;

      3) автомобиль жолдарына бөлiнетiн белдеулердi белгiлеу үшiн бөлiнген жер жатады.

      2. Автомобиль көлiгiнiң қажеттерi үшiн бөлiнетiн белдеуге арналған жер учаскелерi жолдың санатына байланысты және жобалау құжаттамасына сәйкес белгiленген нормалардың негiзiнде берiледi.

      3. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын пайдалануға жағдай жасау үшiн жолда жүру қауiпсiздiгiнің талаптары ескерiле отырып, оларды пайдаланудың ерекше режимi белгiленiп, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiнетiн белдеулерге екi жағынан iргелес жатқан жер учаскелерi түрiнде жол бойындағы белдеулер жасалады.
      Жол бойындағы белдеудің мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалануға беруі мүмкін.

      4. Жол қызметі, сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін, жол полициясы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, кеден қызметі, шекаралық, көліктік бақылау бекеттерін, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау бекеттерін қоспағанда, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары бойынан бөлінген жер белдеулерінің шегінде ғимараттар мен құрылыстар салуға, сондай-ақ инженерлік коммуникациялар төсеуге тыйым салынады.
      Құрылысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын жол қызметі объектілерін және жол сервисі объектілерін қоспағанда, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолы бойындағы жол белдеуінде ғимараттар мен құрылыстар салуға тыйым салынады.
      Ескерту. 115-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      116-бап. Теңiз және iшкi су көлiгiнiң жерi

      Теңiз және iшкi су көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге теңiз және өзен порттарын, айлақтар, пристаньдар, гидротехникалық ғимараттар, жер бетi және жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi басқа объектiлердi және теңiз және iшкi су көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады.

      117-бап. Әуе көлiгiнiң жерi

      Әуе көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге әуежайлар, әуеайлақтар, аэровокзалдар, ұшып көтерiлу-қону белдеулерiн және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта құру, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi басқа да жер үстiндегi объектiлердi және әуе көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.
      Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.

      118-бап. Құбыр тасымалы көлiгiнiң жерi

      Құбыр тасымалы көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге су құбырын, газ құбырын, мұнай құбырын және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi объектiлердi және құбыр жүргiзу көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады. Аталған жерге шекарасы белгiленген тәртiппен бекiтiлген құрылыс нормалары мен ережелерiнiң, магистральды құбырларды күзету ережелерiнiң және басқа нормативтiк құжаттардың негiзiнде анықталатын, жер учаскелерiн пайдаланудың ерекше шарттары бap магистральды құбырларды күзету аймақтары да жатады.
      Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.

      119-бап. Байланыс және энергетика жерi

      1. Байланыс , радио хабарларын тарату, теледидар, ақпарат қажеттерiне арналған жерге тиiстi инфрақұрылымдардың объектiлерiн орналастыру, байланыстың кабель, радиореле және әуе желiлерi, соның iшiнде жер астындағы желiлер үшiн бөлiнiп берiлген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.
      2. Энергетика жерiне:

      1) су электр станцияларын, атом станцияларын, жылу станцияларын және олардың құрылыстары мен объектілеріне қызмет көрсететін басқа да электр станцияларын, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру;

      2) электр таратудың әуе желiлерiн, электр таратудың кабель желiлерiнiң жер бетiндегi құрылыстарын, шағын станцияларды, тарату пункттерiн, энергетиканың басқа да құрылыстары мен объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер учаскелерi жатады.
      Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және энергетика мен байланыс объектiлерiн пайдалануға жағдай жасау үшiн, белгiленген тәртiппен бекiтiлген құрылыс нормалары мен ережелерi, электр желiлерi мен байланыс желiлерiн қорғау ережелерi және басқа да нормативтiк құжаттардың негiзiнде электр желiлерi мен байланыс желiлерiн күзету аймақтары белгiленуi мүмкiн.
       Ескерту. 119-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.04 N 166-IV Заңымен.

      120-бап. Қорғаныс қажеттерiне арналған жер

      1. Қарулы Күштердiң әскери бөлiмдерiн, әскери полигондарын, әскери-оқу орындары мен өзге де ұйымдарын, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, және қорғаныс пен қауiпсiздiк саласындағы мiндеттердi атқаратын олардың объектілері мен ғимараттарын орналастыру және тұрақты қызметi үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi берген жер учаскелерi қорғаныс қажеттерiне арналған жер деп танылады.

      2. Қорғаныс қажеттерiне байланысты жаттығулар мен басқа да iс-шаралар жүргiзу үшiн жердi уақытша пайдалану қажет болған жағдайда жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнен және жердi пайдаланушылардан жер учаскелерi алып қойылмайды.
      Осы жердi пайдалану iздестiру жұмыстарын жүргiзу үшiн, сондай-ақ ерекше шарттармен пайдаланылатын аймақтар үшiн белгiленген тәртiпке орай жүзеге асырылады.
      Жер учаскелерiн аталған мақсаттарда пайдалануға рұқсатты облыстық атқарушы орган бередi.

      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қорғауды және күзетудi қамтамасыз ету мақсатында инженерлiк-техникалық құрылыстар мен қоршауларды, шекара белгiлерiн, шекарадағы орман жолдарын, коммуникацияларды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өту пункттерiн жайғастыру мен күтiп-ұстау үшiн жер учаскелерi берiледi. P050771

      4. Аудандық атқарушы органдар әскери бөлiмдермен келiсiм бойынша, қорғаныс қажеттерiне берiлген жерден ауыл шаруашылығына пайдалану үшiн жеке және заңды тұлғаларға жекелеген жер учаскелерiн уақытша жер пайдалануға бере алады.
      Ескерту. 120-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.12.19 N 11 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       121-бап. Жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтары

      1. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және өнеркәсiп, көлiк объектiлерi мен өзге де объектiлердi пайдалану үшiн қажеттi жағдайлар жасау мақсатында аймақтар белгiленедi, аймақтарды белгiлеу мақсаттарына сай келмейтiн қызмет түрлерiне олардың шегiнде шек қойылады немесе тыйым салынады.

      2. Жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына:

      1) өнеркәсiп орындарының санитарлық-қорғау аймақтары;

      2) темiр жол мен автомобиль жолдарына бөлiнiп берiлген белдеуге iргелес жатқан, сел-көшкiн қаупi бар және орманды қорғау аймақтары;

      3) бас саға құрылыстарын қорғау аймақтары;

      4) әуеайлақ маңындағы белдеулер;

      5) магистральды құбыр жолдарының, байланыс, радио және электр желiлерiнiң күзет аймақтары;

      6) су күзету аймақтары;

      7) әскери полигондардың аумағы жатады.

      3. Ерекше шарттармен пайдаланылатын аймақтарға енгiзiлген жер сол жерлерде арнаулы белгiлермен көрсетiледi. Бас саға құрылыстарын күзету аймағының бiрiншi белдеуiн қоспағанда, аталған жерлер жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алынып қойылмайды.

      4. Аталған аймақтардың шекарасы мен олардағы жердi пайдалану режимiн нормаларға және жобалау-техникалық құжаттамаға сәйкес меншiкке немесе жер пайдалануға жердi беру туралы шешiм қабылдаған орган айқындайды.
       Ескерту. 121-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.10 N 180-IV Заңымен.

13-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері,
сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени
мақсаттағы жер

      122-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi

      1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiне мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң, мемлекеттiк зоологиялық парктердiң, мемлекеттiк ботаникалық бақтардың, мемлекеттiк дендрологиялық парктер мен мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң жерi жатады.
      Мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттiк табиғи қаумалдардың жер учаскелерi жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алынбай, басқа санаттардағы жерлер құрамында бөлiнедi және мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу кезiнде ескерiледi.
      Мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттiк табиғи қаумалдардың аумағы шегiнде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелерiнiң және оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне және оларды қалпына келтiруге терiс әсер ететiн кез келген қызметтi шектеу меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiне ауыртпалық болып енгiзiледi және бұл жерге орналастыру құжаттамасында ескерiледi.

      2. Epeкшe қорғалатын табиғи аумақтардың жерi мемлекет меншiгiнде болады және иеліктен шығаруға жатпайды.
      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн өзге қажеттерге алып қоюға жол берiлмейдi.
      Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiндегi ауыл шаруашылығы алқаптары аталған мақсаттар үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасындағы елдi мекендерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiлуi мүмкiн.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде, шаруашылық қызметтің шектеулі режимі белгіленген учаскелерді ғана және ықтимал орналастырудың басқа жолдары болмаған кезде, мемлекеттік бағдарламаларда көзделген туризм объектілерінің құрылысына және жұмыс істеуіне арналған босалқы жерге ауыстыру жағдайларын қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыруға жол берілмейді.

      3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк және рекреациялық, шектеулi шаруашылық мақсаттары үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
      Мәдени-ағартушылық iс-шаралар жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұражайлар, лекторийлер, экспозициялар, демонстрациялық учаскелер мен басқа да қажеттi объектiлер құрылуы мүмкiн.
      Туризм үшiн және рекреация жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк соқпақтармен, көрсетiлiм алаңдарымен, қосынды алаңқайлармен, көлiк тұрақтарымен, кемпингтермен, шатырлы лагерьлермен, қонақүйлермен, мотельдермен, туристiк базалармен, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлермен жабдықталатын арнайы учаскелер бөлiп шығарылады.
      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық қызмет оларды қорғау режимi ескерiле отырып шектеледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шектеулi шаруашылық мақсаттарында пайдалануға тапсырыс режимiмен және шаруашылық қызметтi реттеу режимiмен арнайы бөлiнген учаскелерде ғана жол берiлуi мүмкiн.
      Ескерту. 122-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 176 , 2008.12.01 N 94-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      123-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет
               аймақтарының жерлерi

      1. Ерекше күзетудi және қолайсыз сыртқы әсерден қорғауды қамтамасыз ету үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың айналасына, осы аймақтар шегiнде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйесiне және оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiне қолайсыз әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынатын және (немесе) шектеу қойылатын күзет аймақтары белгiленедi.

      2. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттар мен мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң күзет аймағы аумағында табиғат пайдалану мөлшерi, шекарасы, режим түрлерi және тәртiбi оларды құру жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелермен айқындалады, осы Кодексте және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен облыстардың (республикалық маңызы бар қала, астана) атқарушы органдарының шешiмдерiмен белгiленедi.
      Бұл ретте меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiнiң шекаралары бойынша немесе табиғи географиялық межелер бойынша белгiленетiн және сол жерлерде арнаулы белгілерімен белгіленетін күзет аймағының енi екi километрден кем болмауға тиiс.

      3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорғалатын аймақтары шегiндегi жер учаскелерi осы аймақтарды қорғаудың белгiленген режимi сақтала отырып пайдаланылады.
      Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иелiктен шығару осы Кодексте және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген шарттар мен тәртіпке сәйкес жүргізіледі.
      Ескерту. 123-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.07.07 N 176 , өзгерту енгізілді - 2007.07.06 N 279, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      124-бап. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
                санатына жатқызу және оны резервте қалдыру

      Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу және жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн резервте қалдыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады .

      125-бап. Сауықтыру мақсатындағы жер

      1. Сауықтыру мақсатындағы жерге табиғи шипалы факторлары бар курорттар, сондай-ақ аурудың алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы жер учаскелерi жатады.

      2. Адам ауруының алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы санитарлық және экологиялық жағдайларды сақтау мақсатында сауықтыру мақсатындағы аумақтар жерiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитарлық-қорғау аймақтары белгiленедi.
      Сауықтыру мақсатындағы жердiң күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтарының шекарасы мен оны пайдалану режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар айқындайды.

      3. Белгiленген санитарлық режимге сәйкес осы жер учаскелерiн шаруашылық айналымынан толығымен алып қою (санитарлық-қорғау аймағының бiрiншi белдеуi) көзделетiн жағдайларды қоспағанда, санитарлық-қорғау аймақтары шегiндегi жер учаскелерi жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды. Бұл ретте көрсетілген учаскелер осы Кодексте және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылады.
      Жер учаскелерiн санитарлық-қорғау аймақтарының екiншi және үшiншi белдеулерi шекарасында пайдалану осы аймақтарды күзетудiң белгiленген режимi сақтала отырып жүзеге асырылады.
      Ескерту. 125-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      126-бап. Рекреациялық мақсаттағы жер

      1. Халықтың ұйымдасқан түрдегi жаппай демалысы мен туризмiне арналған және сол үшiн пайдаланылатын жер рекреациялық мақсаттағы жер деп танылады.

      2. Рекреациялық мақсаттағы жер құрамына демалыс үйлерi, пансионаттар, кемпингтер, дене шынықтыру және спорт объектiлерi, туристiк базалар, стационарлық және шатырлы туристiк-сауықтыру лагерьлерi, балықшы және аңшы үйлерi, орман парктерi, туристiк соқпақтар, трассалар, балалар және спорт лагерьлерi, осы сияқты басқа да объектiлер орналасқан жер учаскелерi кiруi мүмкiн. Рекреациялық мақсаттағы жерге қала маңындағы жасыл аймақ жерлерi де жатады.

      3. Рекреациялық мақсаттағы жердi пайдалану тәртiбi мен режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.

      4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен келiсiм бойынша белгiленген туристiк соқпақтар мен трассаларды пайдалану сервитуттар негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.

      5. Рекреациялық мақсаттағы жерде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтiн қызметке тыйым салынады.

      127-бап. Тарихи-мәдени мақсаттағы жер

      1. Тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады.
      Аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс.
      Тарихи, ғылыми, көркемдік және өзге де мәдени құндылығы бар объектілер табылған жағдайда, жер пайдаланушылар одан әрі жұмыс жүргізуді тоқтата тұрып, бұл туралы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
      Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуге тыйым салынады.

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, тарихи-мәдени мақсаттағы жерге жатқызылған жер учаскелерi оның меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды.
      Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерде Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары белгіленеді.
      Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын тиісті жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары (мәслихаттар) бекітеді.
      Аталған аймақтарды айқындаудың тәртібі мен олардағы жерді пайдалану режимін тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      3. Қорғалатын аймақтардың, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шегінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негіздерде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануы мүмкін.
      Ескерту. 127-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.21 N 307 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

14-тарау. Орман қорының жері

      128-бап. Орман қорының жерi ұғымы және оның құрамы

      1. Орманды, сондай-ақ ағаш өспеген, бiрақ орман шаруашылығының қажеттерiне берiлген жер учаскелерi орман қорының жерi деп танылады.

      2. Орман қорының жерi мемлекеттiк және жекеше орман қоры жерiнен тұрады.

      3. Табиғи өскен орманы бар және мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған жасанды орманы бар жер, сондай-ақ орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттiк ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген ормансыз жер мемлекеттiк орман қорының жерiне жатады.

      4. Жекеше орман қоры жерiне осы Кодекске сәйкес орман өсiру үшiн нысаналы мақсатта жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке немесе ұзақ мерзiмдi жер пайдалануға берiлген жерлерде, солардың қаражаты есебiнен отырғызылған қолдан өсiрiлген ормандар, агроорман-мелиорациялық екпелер, арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер және бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған агроорман-мелиорациялық екпелер өсiп тұрған жер жатады.
      Ескерту. 128-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 176 Заңымен.

      129-бап. Орман қорының жерiн ауыл шаруашылығы
                мақсаттары үшiн жер пайдалануға беру

      Орман қоры жерiндегi орман шаруашылығының қажеттерiне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңдарына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн.

      130-бап. Орман қорының жерiн жердiң басқа санаттарына
                ауыстырудағы шектеулер

      Орман қорының жерiн орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттар үшiн жердiң басқа санаттарына ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкiметi жүзеге асырады . P080469 , P080442 , P080330 , P080253 , P080734 , P080819 , P080820 , P080983

      131-бап. Орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеу

      1. Орман алқаптарын орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн алып қоюдан немесе жеке және заңды тұлғалардың қызметiнен болған әсердiң нәтижесiнде жер сапасының нашарлауынан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасы бюджет кiрiсiне өтелуге тиiс.

      2. Орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеудi орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес қажеттер үшiн орман қоры жерiнен жер учаскелерi берiлетiн тұлғалар жүргiзедi.

      3. Орман алқаптарын орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшiн алып қоюдан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеудiң нормативтерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi .
      Ескерту. 131-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-тарау. Су қорының жері

      132-бап. Су қорының жерi ұғымы және оның құрамы

      Су айдындары (өзендер және олармен теңдестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да iшкi су айдындары, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, су көздерiнде орналасқан, ағысты реттейтiн су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жер, сондай-ақ көрсетілген су объектілерінің су күзет белдеулеріне және ауыз сумен қамтамасыз етудiң бас саға жүйелерiн санитарлық күзет аймақтарына бөлiнген жер су қорының жерi деп танылады.
       Ескерту. 132-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 180-IV Заңымен.

      133-бап. Су қорының жерiне меншiк құқығы

      1. Су қорының жерi мемлекет меншiгiнде болады.

      2. Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (cуapу және кәрiз жүйелерi) алып жатқан су қоры жерiнiң құрамындағы жер учаскелерi, сондай-ақ шаруашылық жүргiзушi бiр субъектiнiң жер учаскесiне қызмет ететiн ирригациялық құрылыстары, аталған құрылыстар мемлекет меншігінен иеліктен шығарылған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк eмec заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.

      3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жер учаскелерiнiң екi немесе одан көп меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға қызмет көрсететiн су шаруашылығы құрылыстарының жер учаскелерi оларға ортақ меншік немесе ортақ жер пайдалану құқығымен беріледі.
      Ескерту. 133-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.01.09 N 213 , 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      134-бап. Су айдындары жағалауынан су қорғау аймақтары
                мен белдеулерiне жер бөлiп шығару

      1. Жергiлiктi атқарушы органдар өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар, iшкi сулар, мұздықтар, батпақтар жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер учаскелерiн бөледi.

      2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiне енгiзiлген жер учаскелерiн пайдалану Қазақстан Республикасының су заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
       Ескерту. 134-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.10 N 180-IV Заңымен.

      135-бап. Су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беру

      Жергiлiктi атқарушы органдар су ресурстарын басқарудың уәкiлеттi органымен келiсiм бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылықтарының қажеттерi, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру үшiн және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн басқа да мақсаттар үшiн уақытша жер пайдалануға су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беруi мүмкiн.
       Ескерту. 135-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.04 N 166-IV Заңымен.

      136-бап. Су қорының жерiн пайдалану тәртiбi

      Су қорының жерiн пайдалану осы Кодекстe және Қазақстан Республикасының су заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.

       136-1-бап. Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге
                  ауыстыру тәртібі

      1. Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру су объектісінің мөлшері табиғи немесе жасанды түрде жойылып немесе азайып кеткен және су қорының жерлері мемлекет мұқтажы үшін алып қойылған жағдайларда жүргізіледі.
      2. Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы шешімді облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
      Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру немесе су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстырудан бас тарту туралы шешім облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы жергілікті өкілді орган депутаттарының, қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және сақтау саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері, жер ресурстары басқармасы өкілдерінің арасынан құрылатын арнаулы комиссияның қорытындысы негізінде қабылданады.
       Ескерту. 136-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.10 N 180-IV Заңымен.

16-тарау. Босалқы жер

      137-бап. Босалқы жер құрамы

      1. Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады.

      2. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен босалқы жер құрамына ауыстырылады. Аталған жердiң құқықтық режимi осы Кодекстiң 143-бабына сәйкес айқындалады.

      138-бап. Босалқы жердi беру

      Босалқы жер ауыл шаруашылығының, өнеркәсіптің мұқтажы және өзге де мақсаттар үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда меншікке немесе жер пайдалануға беріледі. Босалқы жерді басқа санаттарға ауыстыру оны меншікке немесе жер пайдалануға берумен бір мезгілде жүргізіледі.
      Ескерту. 138-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

4-бөлiм. Жерді қорғау, мемлекеттік бақылау, жерге
орналастыру, мониторинг және жер кадастры

17-тарау. Жерді қорғау

      139-бап. Жердi қорғаудың мақсаттары мен мiндеттерi

      1. Жердi қорғау қоршаған ортаның бiр бөлiгi ретiнде жердi қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан негiзсiз алып қоюды болдырмауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа да iс-шаралар жүйесiн қамтиды.

      2. Жердi қорғау мақсаттары:

      1) өндiрiстiң экологиялық қауiпсiз технологияларын ынталандыру және орман мелиорациялық, мелиорациялық және басқа да iс-шараларды жүргiзу арқылы жердiң тозуы мен бүлiнуiн, шаруашылық қызметтiң басқа да қолайсыз зардаптарын болдырмау;

      2) тозған немесе бүлiнген жердi жақсарту мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ету;

      3) жердi оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерiн тәжiрибеге енгiзу болып табылады.

      140-бап. Жердi қорғау

      1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:

      1) жердi құнарсызданудан және шөлейттенуден, су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанудан, басқа да бүлiну процестерiнен қорғауға;

      2) ауыл шаруашылығы жерiн карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шiлiк басып кетуден, жердiң жай-күйi нашарлауының өзге де түрлерiнен қорғауға;

      3) бүлiнген жердi жаңғыртуға , оның құнарлылығын және жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға;

      4) жердiң бүлiнуiмен байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған iс-шаралар жүргiзуге мiндеттi.

      2. Жердiң тозуын болдырмау, топырақтың құнарлылығын және ластанған аумақтарды қалпына келтiру мақсатында, сондай-ақ ауыл шаруашылығының тозған алқаптарының, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының және жол берiлетiн шектегi әсер деңгейiнiң белгiленген нормативтерiнен артық ластанған, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, ақаба сулармен ластанған жердiң, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердiң топырақ құнарлылығын қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен жердi сақтап қою көзделедi.

      3. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жердi ұтымды пайдалану мен қорғауға мүдделiлiгiн арттыру мақсатында бюджет заңдарында және салық туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жердi қорғау мен пайдалануға экономикалық ынталандыру жүзеге асырылуы мүмкiн.

      141-бап. Топырақта зиянды заттардың жол берiлетiн
                шектегi қоспаларының нормативтерi

      1. Топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердiң және басқа да биологиялық заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының нормативтерi топырақтың жай-күйiн адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерiне сай бағалау үшiн белгiленедi.

      2. Аталған нормативтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн тәртiппен бекiтiледi.

      142-бап. Жердiң жай-күйiне әсер ететiн үйлердi
                (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да
                объектiлердi жобалау мен пайдалануға беруге
                қойылатын экологиялық, санитарлық-гигиеналық
                және өзге де арнайы талаптар

      1. Жердiң жай-күйiне керi әсер ететiн жаңа және қайта жаңғыртылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) әрi басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және пайдалануға беру, жаңа техника мен технологияларды енгiзу кезiнде жердi қорғау жөнiнде iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және басқа да арнайы талаптардың (нормалардың, ережелердiң, нормативтердiң) сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.

      2. Жердiң жай-күйiне керi әсердi бағалау және оларды қорғау жөнiнде көзделген iс-шаралардың тиiмдiлiгi мемлекеттiк экологиялық сараптаманың, өзге де мемлекеттiк сараптамалардың нәтижелерi бойынша жүргiзiледi, олардың оң қорытындысы болмайынша жаңа техника мен технологияларды енгiзуге, жердi мелиорациялау бағдарламаларын жүзеге асыруға, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлер салуды (қайта жаңғыртуды) қаржыландыруға тыйым салынады.

      143-бап. Радиоактивтi ластануға ұшыраған және ядролық
                қару сынақтары өткiзiлген жер

      1. Нормативтен артық радиоактивтi ластануға ұшыраған немесе тұрғын халықтың өмiрi мен денсаулығына өзге де түрде қатер төндiретiн жер учаскелерi меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлмейдi.

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген санитарлық талаптар мен нормативтерге сәйкес өнiм алу қамтамасыз етiлмейтiн, радиоактивтi ластануға ұшыраған жер учаскелерi ауыл шаруашылығы айналымынан алынады және сақтап қоюға жатады. Бұл жерде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруге және оны өткiзуге тыйым салынады.

      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi ядролық қару сынақтары өткiзiлген жер учаскелерiн ядролық қару сынағының зардаптарын жою жөнiндегi барлық iс-шаралар аяқталғаннан және кешендi экологиялық тексеру жүргiзiлгеннен кейiн ғана, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болғанда меншiкке немесе жер пайдалануға беруi мүмкiн.

      4. Аталған аумақтарда ядролық қару сынақтарының зардаптарын жою жөнiндегi iс-шаралар қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi, жер ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жөнiндегi республикалық және облыстық бағдарламаларда және басқа да арнаулы бағдарламаларда көзделедi.

      5. Радиоактивтi ластануға ұшыраған жердi мәжбүрлеп иеліктен шығару мен қорғау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
      Ескерту. 143-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

18-тарау. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау

      144-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк
                бақылаудың мiндеттерi

      Мемлекеттiк бақылаудың мiндеттерi мемлекеттiк органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiрудi, жер учаскелерiн пайдалану ережелерiнiң сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру iсiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және жердi ұтымды пайдалану мен қорғау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуден тұрады.

      145-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк
               бақылауды ұйымдастыру және оны жүзеге асыру
               тәртiбi

      1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жер ресурстарын пайдалану жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары, сондай-ақ өзге де уәкiлеттi органдар өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

      2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттiк органдар мыналар:
      қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган;
      санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдары ;
      сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган;
      ауыл, орман, аңшылық және балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, су ресурстарын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкiлеттi орган ;
      жер қойнауын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi орган болып табылады.

      3. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік бақылау жерге түгендеу жүргізу, зерттеп-қарау, жерді пайдаланумен байланысты схемалар мен жобаларды әзірлеу, жердің мемлекеттік кадастрын және мониторингін жүргізу кезінде де жүзеге асырылады.
      Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Алып тасталды - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      5. Тексеру арқылы мемлекеттiк бақылау жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң, жердi пайдаланушылардың қатысуымен, ал олар бас тартқан жағдайда олардың қатысуынсыз жүргiзiледi, бұл туралы тексеру нәтижелерi бойынша жасалған құжаттарда тиiстi белгi жасалады.
      Анықталған жер заңнамасын бұзушылықтар бұл жұмыстарды жүргiзген мамандар қол қоятын далалық тексеру сызбасы қоса берiлетiн актiмен ресiмделедi және ол осы мәселенi қарау құзыретiне жататын органға берiледi.
      Уәкiлеттi органдар анықталған жер заңнамасын бұзушылықтарды Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында айқындалған тәртiппен өз функцияларына сәйкес қарайды.

      6. Жердi пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың әкiмшiлiк жаза қолдану туралы шешiмiне осы Кодекстiң 148-бабының 3-тармағына сәйкес шағым жасауға болады.

      7. Жердi пайдалану және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзушылықтардың iс жүзiнде жойылуын, сондай-ақ жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың нұсқаулары мен ұйғарымдарын жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң және жер пайдаланушылардың орындауын бақылауды жүзеге асырады.

      8. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары жыл сайын облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі тиісті аумақтық органдарына ағымдағы жылы жер учаскелері берілген жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізбесін және мұндай жер учаскелерінің орналасқан жерін көрсете отырып жер-кадастр картасын табыс етеді, сондай-ақ ай сайын жер учаскелерінің меншік иелері мен
жер пайдаланушылардың тізбесінде болған өзгерістер туралы мәліметтерді табыс етеді.
      Ескерту. 145-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.01.09 N 213 , 2007.07.06 N 279 , 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      146-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк
                бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар

      1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:

      1) Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы;

      2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары;

      3) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар жатады.

      2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауға жетекшiлiктi Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы жүзеге асырады.
      Жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның басшысы Қазақстан Республикасының Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы болып табылады.
      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органдарының басшылары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.
      Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларда Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және өзiнiң атауы бар құжаттардың бланкiлерi болады.
      Жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларға және мемлекеттiк инспекторларға белгiленген тәртiппен мөр мен куәлiк берiледi.

      3. Жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органның өз құзыретi шегiндегi нұсқаулары барлық мемлекеттiк органдар, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар үшiн міндетті.
      Ескерту. 146-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      147-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк
                бақылауды жүзеге асыратын органның функциялары

      1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын орган:

      1) мемлекеттiк органдардың, кәсiпорындардың, мекемелердiң, ұйымдар мен азаматтардың Қазақстан Республикасының жер заңдарын, жер учаскелерiн нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланудың белгiленген режимiн сақтауына;

      2) жер учаскелерiн өз бетiнше иеленiп алуға жол бермеуге;

      3) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарының сақталуына;

      4) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру және сақтау жөнiндегi ұйымдастыру-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациялық және эрозияға қарсы гидротехникалық iс-шаралар кешенiн уақтылы және дұрыс жүргiзуiне;

      5) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өздерiнде жердiң бар-жоғы, олардың жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi мемлекеттiк органдарға уақтылы беруiне;

      6) жердiң жай-күйiне әсер ететiн тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң жобалануына, орналастырылуы мен салынуына;

      7) жердi жақсарту жөнiндегi, топырақ эрозиясының, тұздану, батпақтану, су басу, шөлейттену, құрғақтану, тығыздалу, қоқыстану, ластану және жердiң тозуын туғызатын басқа да процестердiң салдарларын болдырмау мен жою жөнiндегi iс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуына;

      8) азаматтардың өздерiне жер учаскелерiн беру туралы арыздарын (өтiнiштерiн) қараудың белгiленген мерзiмдерiнiң сақталуынa;

      9) межелiк белгiлердiң сақталуына;

      10) жергiлiктi атқарушы органдар уақытша жер пайдалануға берген жердiң уақтылы қайтарылуына;

      11) бүлiнген жердiң жаңғыртылуына; V095689

      12) жердiң бүлiнуiне байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатының сыдырып алынуына, сақталуына және пайдаланылуына;

      13) жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi жерге орналастыру жобаларының және басқа да жобалардың жүзеге асырылуына;

      14) жергiлiктi атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының жер заңдары саласындағы қабылдаған шешiмдерiнiң заңдылығына мемлекеттiк бақылауды ұйымдастырады және жүргiзедi.

      2. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органның функцияларына Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мәселелер кiредi.

      148-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк
                бақылауды жүзеге асыратын органдар лауазымды
                адамдарының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
      1) кiнәлiлердi жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңдарының бұзылуы туралы материалдарды тиiстi органдарға жiберуге;
      2) Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуы туралы хаттамалар (актiлер) жасауға;
      3) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жазалау туралы қаулылар шығаруға;
      4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген шығынды өтеу туралы істер бойынша, жер учаскелерін беруге, мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға, мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою
мәселелері бойынша, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдарының анықталған Қазақстан Республикасы жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнінде берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген
тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда оларды орындау туралы істер бойынша және жеке, лауазымды және заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу туралы істер бойынша сотқа жүгінуге;
      5) қызметтiк куәлiгiн көрсеткен жағдайда, ұйымдарға кедергiсiз кiруге, меншiктегi және пайдаланудағы жер учаскелерiн тексеруге, ал әскери, қорғаныс және басқа да арнаулы объектiлер алып жатқан жер учаскелерiн - оларға кiрудiң белгiленген режимiн ескере отырып, тексеруге;
      6) жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға жердi қорғау, Қазақстан Республикасы жер заңдарының бұзылуын жою мәселелерi бойынша орындалуға мiндеттi нұсқамалар беруге;
      7) өнеркәсiптiк, азаматтық және басқа да құрылыстар, пайдалы қазба кен орындарын игеру, объектiлердi пайдалану, агротехникалық, орман мелиорациялық, геологиялық-барлау, iздестiру, геодезиялық және өзге де жұмыстар, егер олар Қазақстан Республикасының жер заңдарын, ерекше қорғалатын аумақтар жерiн пайдаланудың белгiленген режимiн бұза отырып жүзеге асырылса және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына, ластануына, залалдануына немесе бүлiнуiне, эрозияның күшеюiне, тұздануға, батпақтануға және шектес аумақтарды қоса алғанда, топырақ құнарлылығын төмендететiн басқа да процестерге әкеп соғуы мүмкiн болса, сондай-ақ егер бұл жұмыстар экологиялық сараптамадан өтпеген не терiс қорытынды алған жобалар бойынша жүзеге асырылса, оларды тоқтата тұруға;
      8) мемлекеттiк органдардан жер қорының жай-күйi туралы статистикалық ақпаратты алуға;
      9) жерге құқықты белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда тұрғын жай және өндiрiстiк объектiлердiң салынуын тоқтата тұруға құқығы бар.
      2. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
      1) Қазақстан Республикасының жер заңдарын бұзушыларға уақтылы шаралар қолдануға;
      2) жүргiзiлетiн тексерулердiң материалдарын объективтi түрде дайындауға мiндеттi.
      3. Жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттерiне (шешiмдерiне) және әрекеттiң жасалуына (шешiмдердiң қабылдануына) негiз болған ақпаратқа жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа шағым берiледi.
      4. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылау жасауды жүзеге асыруға кедергi жасайтын лауазымды және жеке тұлғалар, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға қатысты күш жұмсау қаупін төндіретiн немесе күш жұмсау әрекеттерiн қолданатын лауазымды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      Ескерту. 148-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2007.07.26 N 311, 2010.03.19 № 258-IV Заңдарымен.

19-тарау. Жерге орналастыру, мемлекеттік жер кадастры
және жер мониторингі

      149-бап. Жерге орналастырудың мақсаты мен мазмұны

      1. Жерге орналастыру жер қатынастарын реттеуге, жердi ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған Қазақстан Республикасы жер заңдарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар жүйесi болып табылады.

      2. Жерге орналастыру меншiк нысанына тиесiлiлiгiне және оларда шаруашылық жүргiзу нысанына қарамастан, барлық санаттағы жерде жүргiзiледi.
      Жерге орналастыру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу нәтижесiнде белгiленген, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қаралған және бекiтiлген жердiң нысаналы мақсаты, жердi пайдалану мен оны қорғау режимi, шектеулер мен ауыртпалықтар, жер учаскелерiнiң шекарасы, жердiң сапасы мен мөлшерi туралы деректер және басқа да деректер жер құқығы қатынастары субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.

      3. Жерге орналастыру:

      1) ландшафтық-экологиялық көзқарас негiзiнде жерге орналастырудың, жердi аймақтарға бөлудiң республикалық, облыстық және аймақтық схемаларын (жобаларын) және жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламаларын әзiрлеудi;

      2) қолданыстағы жер пайдалануды қалыптастыру және ретке келтiру жөнiндегi шаруашылықаралық жерге орналастыру жобаларын жасауды, белгiлi бiр жерде жер учаскелерiн бөлiп беру мен шекарасын белгiлеудi;

      3) белгiлi бiр жерде елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) анықтау мен белгiлеудi, олардың жер-шаруашылық орналастыру жобаларын жасауды;

      4) белгiлi бiр жерде әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және жердi пайдалану мен қорғаудың ерекше шарттары бар басқа да жер учаскелерiнiң шекарасын белгiлеудi;

      5) жерге орналастыру, бүлiнген жердi жаңғырту мен жаңа жердi игеру жобаларын, сондай-ақ жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобалар әзiрлеудi ;

      6) жердi түгендеу iсiн жүргiзудi, пайдаланылмай жатқан, ұтымды пайдаланылмай жүрген немесе нысаналы мақсатында пайдаланылмай отырған жердi анықтауды;

      7) топографиялық-геодезиялық, картографиялық, топырақты зерттеу, геоботаникалық және басқа да зерттеу мен iздестiру жұмыстарын жүргiзудi;

      8) жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының тақырыптық карталары мен атластарын жасауды қамтиды және қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 149-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      150-бап. Жерге орналастыруды жүргiзу

      1. Жерге орналастыру облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша не мүдделі жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың өтініші бойынша жүргізіледі.
      Жер учаскелерiнiң мүдделi меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың бастамасы бойынша жүргiзiлетiн жерге орналастыру олардың тиісті жергілікті атқарушы органға беретiн өтiнiштерiнiң негiзiнде жүзеге асырылады.

      2. Жерге орналастыру жұмыстарын Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жерге орналастыру жұмыстарын жүргiзуге белгiленген тәртiппен лицензия алған заңды тұлғалар мен азаматтар орындайды. V095689

      3. Жерге орналастыру жұмыстарын орындау тәртiбi мен технологиясы жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтетiн нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi, олар жерге орналастыру жұмыстарын орындаушылардың барлығы үшiн мiндеттi.

      4. Белгiленген тәртiппен келiсiлген жерге орналастыру құжаттамасын:

      1) алынып тасталды - ҚР 2006.01.10 N 116 Заңымен;

      2) шаруашылық iшiндегi жерге орналастыру жобаларын және жердi ұтымды пайдалануға, топырақтың құнарлылығын сақтау мен арттыруға байланысты олардың өз есебiнен әзiрленетiн және жүзеге асырылатын жобаларды - жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдарымен келiсiм бойынша жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар, басқа да тапсырыс берушiлер;

      3) жер учаскелерiнiң шекарасын қалыптастыруға, оларды белгiлi бiр жерде белгiлеуге, жер учаскесiнiң жоспарын дайындауға байланысты жерге орналастыру құжаттамасын, сондай-ақ жерге орналастыру жөнiндегi, жер ресурстарының жай-күйi мен пайдаланылуының арнайы тақырыптық карталарын жасау жөнiндегi топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың, топырақты зерттеу, агрохимиялық, геоботаникалық және басқа да зерттеу және iздестiру жұмыстарының материалдарын - жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары бекiтедi.

      5. Жерге орналастыру құжаттамасына өзгерiстер осы құжаттаманы бекiткен органның рұқсатымен ғана енгiзiледi.

      6. Жерге орналастыру жобасын орындау: жобаны жер бетiне көшiрудi; жобаның барлық элементтерiн игерудi, жерге орналастыру материалдары мен құжаттарын ресiмдеудi және берудi қамтиды.
      Ескерту. 150-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.01.12 N 222 (жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      151-бап. Жерге орналастыру процесi

      1. Жерге орналастыру процесi мынадай кезеңдердi қамтиды:
      жерге орналастыру iсiн жүргiзудi бастау;
      дайындық жұмыстары;
      жерге орналастыру болжамдарын, схемаларын, бағдарламалары мен жобаларын әзiрлеу;
      жерге орналастыру құжаттамасын қарау, келiсу және бекiту;
      жерге орналастыру жобасын орындау.

      2. Жерге орналастыруды жүргiзу бойынша тапсырыс берушi, жерге орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi, жерге орналастыруды жүргiзу кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi мүмкiн үшiншi тұлғалар, сондай-ақ жерге орналастыру құжаттамасы келiсiлетiн және оны бекiтетiн мемлекеттiк органдар мен басқа да тұлғалар жерге орналастыру процесiне қатысушылар болып табылады.

      3. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың:

      1) жерге орналастыруды жүргiзу жөнiндегi тапсырыс берушiнiң:
      жеке өзi немесе өкiлi арқылы жерге орналастыру процесiнiң барлық сатысында қатысуға;
      жерге орналастыру iсiнiң материалдарымен танысуға;
      өз ұсыныстарын қарауға енгiзуге;
      жерге орналастыру процесiнде туындаған келiспеушiлiктердi шешуге қатысуға құқығы бар;

      2) әзiрлеушiнiң (жобалау және iздестiру жұмыстарымен айналысатын, сондай-ақ жерге орналастыру жобаларын орындауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның):
      мемлекеттiк органдардан жерге орналастыру жөнiнде қажеттi ақпарат алуға;
      тапсырыс берушiлермен шарт жағдайларында қарым-қатынас орнатуға;
      жерге орналастыру жобаларын жүзеге асыру барысына қандай да бiр ерекше рұқсатсыз бақылау жасауға, жергiлiктi атқарушы органдарды оның нәтижелерi туралы хабардар етуге және жердi пайдалану мен қорғау iс-тәжiрибесiн жақсарту жөнiнде ұсыныс енгiзуге;
      жерге орналастырудың ескiрген схемалары мен жобаларын жетiлдiру немесе қайта өңдеу жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқығы бар;

      3) жерге орналастыру кезiнде құқықтары мен заңды мүдделерi көзделуi мүмкін үшінші тұлғалардың:
      жерге орналастыру мәселелерi талқыланғанда қатысуға және жерге орналастырудың барысы мен нәтижелерi туралы өз мүдделерiн көздейтiн ақпарат алуға;
      жерге орналастыру процесiнде өздерiнiң мүдделерiн қозғайтын заңсыз әрекеттерге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдануға құқығы бар.

      4. Жерге орналастыру процесiне қатысушылардың мiндеттерi:

      1) жерге орналастыру процесiнiң барлық қатысушылары:
      Қазақстан Республикасының жер заңдарын сақтауға;
      жердi пайдалану мен қорғау мәселелерi жөнiндегi құзыреттi мемлекеттiк органдар талаптарын орындауға;
      жерге орналастыру процесiнде жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндетті;

      2) жобалау құжаттамасы келiсiлетiн және оны бекiтетiн атқарушы органдар оны бiр ай iшiнде қарауға мiндеттi;

      3) жерге орналастыруды жүргiзу жөнiнде тапсырыс берушi:
      жерге орналастыруды жүргiзу мақсатын, мiндеттерiн, мазмұнын, ерекше жағдайлары мен мерзiмдерiн анықтауға;
      қажеттi материалдар мен құжаттарды беруге;
      жұмысты қаржыландыруды ұйымдастыруға;
      орындалған жұмыстарды бiр ай iшiнде қабылдауға немесе дәлелдi түрде бас тартуға мiндеттi;

      4) жерге орналастыру құжаттамасын әзiрлеушi:
      барлық жұмыстарды қолданыстағы нұсқаулықтар мен әдiстемелiк нұсқауларға, сондай-ақ шартқа сәйкес орындауға;
      зерттеу, iздестiру және өзге де жұмыстар топырақтың құнарлы қабатын бүлдiре отырып жүргiзiлген жер учаскелерiнiң жай-күйiн бастапқы қалпына келтiруге;
      жерге орналастыру құжаттамасында көзделген iс-шаралардың дұрыстығы, сапасы мен экологиялық қауiпсiздiгi үшiн жауап беруге мiндеттi.

      152-бап. Мемлекеттiк жер кадастры

      1. Мемлекеттiк жер кадастры Қазақстан Республикасы жерiнiң табиғи және шаруашылық жағдайы, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi, нысаналы пайдаланылуы, мөлшерi мен шекарасы, олардың сапалық сипаттамасы туралы, жер пайдаланудың есепке алынуы мен жер учаскелерiнiң кадастрлық құны туралы мәлiметтердiң, өзге де қажеттi мәлiметтердiң жүйесi болып табылады. Мемлекеттiк жер кадастрына жер учаскелерiне құқықты субъектiлер туралы ақпарат та енгiзiледi.
      Жер кадастрының құрамдас бөлiгi суармалы жер учаскелерiнiң мелиорациялық жай-күйi, олардың табиғи және ирригациялық-шаруашылық жағдайлары бойынша сапалық сипаттамаларын бағалау туралы, оларды пайдаланудың есебi туралы мәлiметтер жүйесiн құрайтын суармалы жердiң мелиорациялық кадастры болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасында жер кадастрын жүргізуді ұйымдастыруды орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастры (республиканың, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жер кадастры) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кадастрлар жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бірыңғай жүйе бойынша жүргізіледі.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрын мамандандырылған республикалық мемлекеттік кәсіпорындар жүргізеді, орталық уәкілетті орган оларға қатысты мемлекеттік басқару органы болып табылады.

      4. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерi мемлекеттiк ақпараттық pecуpc болып табылады.

      5. Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру жұмыстарын, топырақ зерттеу, геоботаникалық зерттеулер мен іздестірулер, жер мониторингі бойынша жұмыстарды, жерді сандық және сапалық есепке алуды жүргізумен, нақты жер учаскесіне жер-кадастр ісін жасаумен, жер-кадастр карталары мен жер учаскесіне  сәйкестендіру құжаты дайындаумен қамтамасыз етіледі.

      6. Мемлекеттiк жер кадастрының деректерi жердi пайдалану мен қорғауды жоспарлау кезiнде, жерге орналастыруды жүргiзу, шаруашылық қызметтi бағалау және жердi пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде, сондай-ақ жердiң бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмiн қалыптастыру, құқықтық және басқа да кадастрларды жүргiзу, жер үшiн төлем мөлшерiн айқындау, жылжымайтын мүлiк құрамындағы жер учаскелерiнiң құнын және табиғи ресурстар құрамындағы жердiң құнын есепке алу үшiн негiз болып табылады.

      7. Мемлекеттiк жер кадастрының деректерiн есепке алу мен оларды сақтау бiрлiгi тұйық шекарада бөлiп шығарылған, белгiленген тәртiппен жер құқығы қатынастары субъектiлерiне бекiтiлген жер учаскесi болып табылады.

      8. Жерге меншiк нысанына, жер учаскелерiнiң нысаналы мақсатына және оларды пайдаланудың рұқсат етiлген сипатына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелерi мемлекеттiк кадастрлық есепке алуға жатады.
      Ескерту. 152-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      153-бап. Мемлекеттiк жер кадастрының мазмұны

      Мемлекеттік жер кадастры мынадай жұмыс түрлерін:

      1) жер учаскесінің кадастрлық ісін қалыптастыруды;

      2) жердің саны мен сапасын есепке алуды;

      3) мемлекеттік тіркеу мақсаттары үшін жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларды, сондай-ақ жер құқығы қатынастарының басқа да субъектілерін есепке алуды;

      4) жерді мемлекеттік кадастрлық бағалау мен топырақты бағалауды;

      5) жер учаскелері мен олардың субъектілері туралы деректер банкін, сондай-ақ басқа да жер-кадастрлық ақпаратты қағаз бетінде және электрондық түрде жинақтауды, өңдеу мен жүргізуді;

      6) мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізуді;

      7) жер-кадастр карталарын, оның ішінде цифрлық карталарды дайындау мен жүргізуді;

      8) жер-кадастр кітабы мен бірыңғай мемлекеттік жер тізілімін жүргізуді;

      9) жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарын дайындауды;

      10) жер учаскелеріне кадастрлық нөмірлер беруді;

      11) жер учаскелерінің паспорттарын дайындауды қамтиды.
      Ескерту. 153-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      154-бап. Жер учаскелерiн тiркеу мақсаты үшiн есепке алу

      1. Жер учаскелерiн және онда орналасқан жылжымайтын мүлiктi тiркеу мақсатында есепке алу меншiк құқығын және басқа да құқықтарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке ауыртпалықты мемлекеттiк тiркеудi қамтамасыз ететiн қажеттi шарт болып табылады.

      2. Жер учаскелерiн тiркеу мақсаты үшiн есепке алу жұмыстарын жүргiзу тапсырыс берушiлердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      155-бап. Қазақстан Республикасының аумағын
                кадастрлық бөлу

      1. Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлу жер учаскелерiне кадастрлық нөмiрлер беру мақсатында жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының аумағын кадастрлық бөлудiң бiрлiгi есептiк кварталдар болып табылады.

      2. Орналасқан жерiн анықтау (сәйкестендiру) мақсатында әрбiр жер учаскесiне кадастрлық нөмiрлер берiледi.

      3. Кейiннен құқық кадастрында пайдаланылатын есептiк кварталдардың шекарасы сәулет және қала құрылысы органдарымен, жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу органдарымен келiсiм бойынша жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары айқындайды және тиiстi жергілікті атқарушы органдар бекiтедi.

      4. Жер учаскелерiнiң кадастрлық нөмiрлерiн түзу мақсатында облыстарға, республикалық маңызы бар қалаларға, аудандарға және облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға берiлетiн кодтардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi .
      Ескерту. 155-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      156-бап. Жер-кадастр құжаттамасы

      1. Жер-кадастр құжаттамасы есепке алудың барлық деңгейлерiнде: базалық, мезгiл-мезгiл жаңартылатын және жыл сайын жасалатын құжаттаманы қамтиды.

      2. Базалық жер-кадастр құжаттамасына:

      1) жер-кадастр iстерi;

      2) жер-кадастр кiтабы;

      3) жердiң бiрыңғай мемлекеттiк тiзiлiмi;

      4) жер-кадастр карталары жатады.

      3. Жер кадастр құжаттамасының құрылымын, құрамын, мазмұны мен нысандарын, сондай-ақ оны жүргiзу тәртiбiн жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бекiтедi .

      157-бап. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу тәртiбi

      1. Мемлекеттiк жер кадастры қағазға түсiрiлiп жүргiзiледi және ақпаратты жинақтаудың, өңдеу мен сақтаудың электрондық жүйелерiн пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін.

      2. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

      158-бап. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн
                беру және кадастр ақпаратын пайдалану

      1. Белгiлi бiр жер учаскесi туралы мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерi осы жер учаскесi есепке алынған орын бойынша үзiндi түрiнде берiледi .

      2. Мемлекеттiк жер кадастрының мәлiметтерiн құжаттау қағазға түсiрiлiп және электрондық тасығыштарда жүзеге асырылады. Қағазға жазылған мәлiметтер мен электрондық тасығыштарда жазылған мәлiметтер арасында алшақтықтар болған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, қағазға түсiрiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.

      3. Жер учаскелерi туралы кадастр мәлiметтерi жер-кадастр карталарымен (жоспарлармен) арақатынаста болады.  

      4. Алып тасталды - ҚР 2006.01.10 N 116 Заңымен.

      5. Мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзетiн мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар мен лауазымды адамдар жер-кадастр құжаттамасына енгiзiлетiн мәлiметтердiң дұрыстығын қамтамасыз етуге мiндеттi.

      6. Жер кадастрының мемлекеттiк құпия мен өзге де шектеулердi қамтымайтын мәлiметтерi баршаға қолжетiмдi болып табылады және мүдделi жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде берiледi. Жер кадастрының мәлiметтерiн мемлекеттiк органдарға беру ақысыз негiзде осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 158-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      159-бап. Жер мониторингi

      1. Жер мониторингi болып жатқан өзгерiстердi уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан әрi дамуын болжау және керi әсерi бар процестердi болдырмау мен оның зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу мақсатында жүргiзiлетiн жер қорының сапалық және мөлшерлiк жай-күйiн базалық (бастапқы), жедел, мерзiмдi байқау жүйесiн бiлдiредi.

      2. Жер мониторингi қоршаған табиғи ортаның жай-күйi мониторингiнiң құрамдас бөлiгi және сонымен бiр мезгiлде басқа да табиғи ортаға мониторинг жүргiзу үшiн база болып табылады.
      Халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларға сәйкес Қазақстан Республикасы жердiң ғаламдық мониторингi бойынша жұмыстарға қатысуы мүмкiн.

      3. Жерге меншiк нысандарына, жердiң нысаналы мақсаты мен пайдаланылу сипатына қарамастан Қазақстан Республикасының барлық жерi жер мониторингiнiң объектiсi болып табылады.

      160-бап. Жер мониторингiнiң мiндеттерi

      1. Жер мониторингiнiң мiндеттерi:

      1) жердiң жай-күйiнiң өзгерiстерiн уақтылы анықтау, оларды бағалау, болжам жасау және керi әсерi бар процестердi болдырмау мен зардаптарын жою жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

      2) мемлекеттiк жер кадастрын жүргiзудi, жерге орналастыруды, жерді пайдалану мен қорғауды бақылауды және жер ресурстарын мемлекеттiк басқарудың өзге де функцияларын ақпараттық қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Жер мониторингiнiң жердiң санаттарына сәйкес келетiн iшкi жүйелерi болады. Аумақты қамтуына қарай республикалық, аймақтық не жергiлiктi жер мониторингi жүзеге асырылады.

      3. Жердi жүйелi түрде бақылаудың, суретке түсiрудiң, зерттеудiң, түгендеудiң нәтижелерi, жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылаудың материалдары, мұрағаттық деректер, жердiң сапалық жай-күйi туралы басқа да мәлiметтер жер мониторингi үшiн ақпарат көздерi болып табылады.

      161-бап. Жер мониторингiн жүргiзу

      1. Жер мониторингiн жүргiзудi ұйымдастыруды жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      2. Жер мониторингi бойынша мемлекетаралық және халықаралық бағдарламаларды iске асыру Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен жасасқан келiсiмдерi мен шарттарында айқындалатын тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.

      3. Жер мониторингiн жүргiзу және оның деректерiн пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

      162-бап. Жер мониторингi ақпаратын алу мен пайдалану
                әдiстерi

      1. Жер мониторингiн жүргiзу кезiнде қажетті ақпаратты алу үшiн қашықтықтан зерделеу, жер бетiн суретке түсiру және бақылау әдiстерi, сондай-ақ қор деректерi қолданылады.

      2. Жер мониторингiн техникалық қамтамасыз ету жер ресурстарын басқару жөнiндегi тиiстi аумақтық органдарда ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау пункттерi бар автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады.

      3. Жер мониторингiнен алынған нәтижелер автоматтандарылған ақпараттық жүйенiң мұрағаттарында (қорларында) және деректер банкiнде жинақталады.

      4. Азаматтар, кәсiпорындар мен мекемелер, халықаралық ұйымдар, шетелдiк заңды және жеке тұлғалар жер мониторингiнiң мәлiметтерiн белгiленген тәртiппен пайдаланады.

      163-бап. Жер қатынастарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету
                жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру

      1. Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың шекарасын белгiлеу кезiнде жүргiзiлетiн жерге орналастыру, жер кадастры мен жер мониторингiн жүргiзу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң паспорттарын жасау және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша жүргiзiлетiн өзге де жұмыстар бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      2. Аудандардың, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық (селолық) округтердiң, кенттердiң, ауылдардың (селолардың) шекарасын белгiлеу кезiнде жүргiзiлетiн жерге орналастыру, жердi аймақтарға бөлу, ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншi түрге ауыстыру, елдi мекендердi жер-шаруашылық орналастыру және жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша жүргiзiлетiн өзге де жұмыстар бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      3. Жер учаскелерiнiң жеке меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өтiнiштерi бойынша жерге орналастыру олардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 163-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бөлiм. Жер заңдарының орындалуын қамтамасыз ету және
қорытынды ережелер

20-тарау. Меншік құқығы мен жер пайдалану құқығын
қорғау және шығынды өтеу

      164-бап. Меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығын қорғау

      Меншiк құқығы мен жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде көзделген тәртiппен қорғалады.
      Ескерту. 164-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

      164-1-бап. Жер учаскесін бөгденің заңсыз иеленуінен
                  қайтаруды талап ету

      1. Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы жер учаскесін бөгденің заңсыз иеленуінен қайтаруды талап етуге құқылы.

      2. Мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учаскесін қайтаруды талап етуді жер учаскесі орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
      Заңсыз иеленуші өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген әкімшілік жазалар қолданылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде босатуға және өз бетінше иеленіп алған
жер учаскесінде салынған (салынып жатқан) құрылысты, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзі немесе өз есебінен бұзуды жүзеге асыруға міндетті.
      Заңсыз иеленушінің өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін босату және мұндай учаскеде салынған (салынып жатқан) құрылысты бұзу жөніндегі міндеттерді орындамауына байланысты даулар сот тәртібімен шешіледі.
       Өз бетінше салынған құрылыс коммуналдық меншікке берілген жағдайда құрылысты жүзеге асырған тұлғаға сот айқындаған мөлшерде құрылысқа жұмсалған шығыстар өтеледі.
      Жер учаскесін заңсыз иеленушінің жеке басын (деректерін) анықтау мүмкін болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы орган жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу фактісі анықталған күннен бастап бір ай өтісімен жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың жоқтығы
туралы мәліметтер расталғаннан кейін және сот шешімі бойынша мұндай учаскеде салынған (салынып жатқан) құрылысты бұзуды жүзеге асырады.
      Ескерту. 164-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

      165-бап. Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға
                келтiрiлген шығынды өтеудiң негiздерi

      Меншiк иелерiне немесе жер пайдаланушыларға келтiрiлген шығын:

      1) жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін меншік немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғатындай етіп мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;

      2) жер пайдаланудың ерекше режимiнiң белгiленуiне байланысты меншiк немесе жер пайдалану құқығы шектелген;

      3) меншiк иелерiнiң немесе жер пайдаланушылардың құқықтары бұзылған;

      4) топырақ құнарлылығының бүлiнуiне әкеп соғатын, су режимiн нашарлататын, ауыл шаруашылығы дақылдары мен екпелерiне зиянды заттар бөлiп шығаратын объектiлердi салу мен пайдалану нәтижесiнде жер сапасы нашарлаған;

      5) осы Кодекстiң 91-бабында көзделген жердi алып қою жағдайларында толық көлемiнде өтелуге тиiс.
      Ескерту. 165-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      166-бап. Шығынды өтеу тәртiбi

      1. Меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығын оны келтiрушiнiң есебiнен өтеледi.
      Мемлекеттiк билiк органының, өзге мемлекеттiк органның заңдарға сәйкес емес акт шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекеттерi (әрекетсiздiгі) салдарынан меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығынды Қазақстан Республикасы немесе тиiсiнше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк өтеуге тиiс.

      2. Өтемақы мөлшерiн айқындау кезiнде оған:

      1) жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны;

      2) жемiс ағаштары мен көпжылдық екпелердi қоса алғанда, учаскедегi жылжымайтын мүлiктiң нарықтық құны;

      3) жер учаскесiн игеруге, оны пайдалануға, қорғау iс-шараларын жүргiзуге, топырақ құнарлылығын арттыруға байланысты шығындардың инфляциясы есепке алынған құны;

      4) меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға үшiншi тұлғалар алдындағы өз мiндеттемелерiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуына байланысты келтiрiлген шығынды қоса алғанда, олардан жер учаскесiн алып қоюмен байланысты келтiрiлген, меншік немесе жер пайдалану құқығын тоқтату кезіндегі барлық шығын;

      5) алынбай қалған пайда енгiзiледi.

      3. Жер учаскесiн алып қою кезiнде меншiк иелерiне нeмece жер пайдаланушыларға келтiрiлген шығынды, сондай-ақ олардың өтемақы мөлшерiн айқындау тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.

      4. Жер учаскелерiн алып қою немесе оларға уақытша орналасу нәтижесiнде суару, құрғату, табиғат қорғау, эрозияға және селге қарсы объектiлер мен құрылыстардың (жүйелердiң) жұмысы жартылай немесе толығымен бұзылатын жағдайда шығындар, жобалау-зерттеу жұмыстарының құнын қоса алғанда, объектiлер мен ғимараттарды (жүйелердi) жаңадан салу немесе жұмыс iстеп тұрғандарын қайта жаңғырту үшiн жасалатын жұмыстың құнына негiзделiп айқындалуы мүмкiн.

      5. Жердi пайдалану кезiндегi қолайсыздықтардан (су қоймаларын толтыру кезiнде аралдардың пайда болуы, көлiк байланыстарының бұзылуы, аумақты коммуникациялармен бөлiп тастау және басқалары) туындаған шығындар (шығыстар) жобалау-зерттеу жұмыстарына, бөгеттер, көпiрлер, жолдар, кiрме жолдар, басқа да құрылыстар салуға, су қоймаларының түбiн тазартуға, сондай-ақ қайықтар, катерлер, паромдар мен өзге де көлiк құралдарын сатып алуға кеткен бiржолғы шығыстардың сомасымен айқындалуы мүмкiн.

      6. Жердiң нашарлаған сапасын қалпына келтiру үшiн қажеттi шығындарды (шығыстарды) айқындау кезiнде топырақты зерттеу, агрохимиялық және басқа арнайы тексерулер мен зерттеулердi, сондай-ақ жердiң сапасын қалпына келтiрудi қамтамасыз ететiн iс-шараларды жүргiзуге шыққан шығыстар енгiзiлуi мүмкiн.

      7. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы меншiк құқығының немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соғатын шешiммен келiспеген жағдайда, дау сот тәртiбiмен шешiлгенге дейiн ол шешiмдi жүзеге асыру мүмкiн болмайды. Дауды қарау кезiнде меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға келтiрiлген шығындарды өтеудiң барлық мәселелерi де шешiледi.
      Ескерту. 166-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279 , 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      167-бап. Жер даулары

      Жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртiбiмен қаралады.

      168-бап. Қазақстан Республикасының жер заңнамасын
                бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      Ескерту. 168-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.06 N 279 Заңымен.

21-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

      169-бап. Осы Кодекстiң қолданылу тәртiбi

      Осы Кодекс ол қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн туындаған жер құқығы қатынастарына қолданылады.
      Осы Кoдекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қабылданған жер қатынастарын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер осы Кодекске қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.

      170-бап. Өтпелi ережелер

      1. Шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерi уақытша жер пайдалану құқығымен табысталған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алуға құқығы бар.

      2. Өздерiне жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскелерiн шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға (қосалқы жалға) берген азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар 2005 жылдың 1 қаңтарына дейiн кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шарттарын бұзуға мiндеттi.
      Бұл ретте, аталған тұлғалардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу жөнiндегi қызметпен дербес айналысуына не жер пайдалану құқығын салым немесе жарна ретiнде шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жарғылық қорына беруге құқығы бар.
      Жалға берушiлердiң аталған құқықтары iске асырылмаған жағдайда, кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шарттарды бұзу және жер пайдаланушылар (жалға берушiлер) құқықтарының тоқтатылуы республикалық маңызы бар қаланың (астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдарының талап-арызы бойынша сот тәртiбiмен жүзеге асырылады, ал кейiнгi жер пайдалануға берiлген жер учаскелерi алып қойылады және ауданның арнайы жер қорына енгiзiледi.

      3. Мәмiлелер жасалған кезде қолданыста болған заңдарға сәйкес  шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскесiне тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейiн сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалары, осы Кодекс қолданысқа енгiзiлген кезден бастап осы Кодексте белгiленген жер учаскелерi нормаларының шегiнде жеке меншiк құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне айналады.
      Аталған тұлғалардың жер учаскесiне жеке меншiк құқығын iске асыруы осы Кодекстiң 24-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

      4. Өздерiне тиесiлi құқықты бұған дейiн жалға берген шартты жер үлесiне құқық иелерi 2005 жылдың 1 қаңтарына дейiн бұл құқығын осы Кодексте көзделген тәртiппен және шарттарда төменде көрсетiлген iс-әрекеттiң бiрiн жасау арқылы iске асыруға мiндеттi:

      1) жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алу;

      2) жеке шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн дербес жүргiзу үшiн жер учаскесiн уақытша ортақ немесе бөлек жер пайдалануға алу;

      3) шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде акционерлiк қоғамның акцияларын төлеуге немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру.
      Бұл ретте жер учаскесiн шартты жер үлестерiнiң есебiне бөлiп беру (түзу) жерге орналастыру тәртiбiмен жүзеге асырылады.
      Жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындаған сәттен бастап бұрынғы шарттар (шартты жер үлесiне құқығын жалға беру шарты және жер учаскесiн жалға алынған үлестер есебiне жалдау шарты (өтеусiз жер пайдалану) күшiн жояды.

      5. Өздеріне тиесілі құқықтарды шаруашылық серіктестіктерінің жарғылық капиталына салым ретінде немесе өндірістік кооперативтерге жарна ретінде берген шартты жер үлесінің иелері шаруа немесе фермер қожалығын құру үшін қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан кезде, үлесті немесе пайды, жер учаскесін қоса, нақтылы бөліп алуға (бөлісуге) құқығы бар. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы ұйымының кепілде жатқан жерлерінің құрамынан жер учаскесін бөліп шығаруға кепіл ұстаушының келісіміне немесе бөліп шығару кезінде жер учаскесіне қатысты кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерге сәйкес жол беріледі.
      Ауыл шаруашылығының егіс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде жер учаскесін нақтылы бөліп шығаруға, мұндай бөліп шығару ауыл шаруашылығы ұйымының немесе ортақ меншікке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың келісімімен жүргізілетін жағдайды қоспағанда, жол
берілмейді.
      Бұл ретте нақтылы бөлінетін жер учаскесінің орналасқан жері шаруашылық серіктестіктерінің, өндірістік кооперативтердің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен немесе тараптардың келісімімен айқындалады. Құрылтай құжаттарында жер учаскелерін бөліп алу (бөлісу) тәртібі болмаған жағдайда, осы Кодекстің 101-бабының 3
және 4-тармақтарында белгіленген ережелер қолданылуы мүмкін.

      6. Егер өзiне тиесiлi құқықты жалға берген шартты жер үлесi құқығының иесi осы баптың 4-тармағында белгiленген мерзiм iшiнде жер учаскесiн алу құқығын iске асырмаса, оның шартты жер үлесiне құқығы күшiн жояды және жер учаскесi аудандық (қалалық) атқарушы органның шешiмiмен, сатылмаған шартты жер үлестерi есебiне ауданның арнайы жер қорына енгiзiледi.

      7. Шартты жер үлесi құқығымен байланысты барлық даулар сот тәртiбiмен қаралады.

      8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасының күзетiлетiн аймағына iргелес жатқан (3 шақырымдық аймақ) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы туралы заңдарында өзгеше көзделмесе, олар делимитацияланғанға және демаркацияланғанға дейiн, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана уақытша жер пайдалану құқығымен берiледi.

      9. Азаматтар мен заңды тұлғаларға осы Кодекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн бұрын қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген жер учаскелерiне құқықты белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген жер учаскелерiне құқықтардың өзгеруi ескерiле отырып, заңдық күшiн сақтайды.
      Мұндай құжаттарды жер учаскелерiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын куәландыратын құжаттарға осы Кодекске сәйкес ауыстыру құқық иелерiнiң қалауы бойынша жүзеге асырылады.
      Ескерту. 170-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.07.06 N 279 , 2007.07.26 N 311 Заңдарымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті