Күзетілетін аймақтарды белгілеу тәртібі мен олардағы жұмыс режимін қоса алғанда, Қазақстан Республикасындағы телекоммуникация желілерін күзету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1689 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 тамыздағы № 624 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 10.08.2015 № 624 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

     

      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 281 бұйрығын қараңыз.

      "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі Заңының 7-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Күзетілетін аймақтарды белгілеу тәртібі мен олардағы жұмыс режимін қоса алғанда, Қазақстан Республикасындағы телекоммуникация желілерін күзету қағидалары бекітілсін.
      2. "Қазақстан Республикасындағы телекоммуникациялар желілерін күзету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі № 1010 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 36, 481-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2011 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1689 қаулысымен    
бекітілген        

Күзетілетін аймақтарды белгілеу тәртібі мен олардағы жұмыс
режимін қоса алғанда, Қазақстан Республикасындағы
телекоммуникация желілерін күзету қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Күзетілетін аймақтарды белгілеу тәртібі мен олардағы жұмыс режимін қоса алғанда, Қазақстан Республикасындағы телекоммуникация желілерін күзету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі "Байланыс туралы" Заңына (бұдан әрі - "Байланыс туралы" Заңы) сәйкес әзірленген және қолданыстағы телекоммуникация желілерінің сақталуын қамтамасыз ету және рұқсат етілмеген қатынаудан және/немесе ақпараттың алынуынан байланыс құралдары мен жолдарын қорғау мақсатында телекоммуникация желілерін күзету, сонымен қоса күзету аймақтарын белгілеу тәртібін, сондай-ақ олардағы жұмыс режимі тәртібін анықтайды.

2. Қазақстан Республикасында телекоммуникация желілерін
күзету және күзетілетін аймақтарды белгілеу тәртібі

      2. Телекоммуникация желілерінің күзетілетін аймақтары Қазақстан Республикасының жер заңнамасы мен "Байланыс туралы" Заңына сәйкес, ерекше талаптарда жерді пайдалану аймақтарына жатқызылады. Телекоммуникациялар желілерінің сақталуы күзетілетін аймақтарды белгілеу жолымен қамтамасыз етіледі.
      3. Телекоммуникация желілерінің күзетілетін аймақтары мыналар үшін белгіленеді:
      1) ормансыз учаскелерде елді мекеннен тыс орналасқан байланыс пен радиофикацияның жерасты кәбіл және әуе желілері - жер асты кәбілі трассасынан алыстағы немесе әуе желісінің шеткі сымының екі жағынан кем дегенде 2 метр қашықтағы, қосарлас тік желілермен анықталатын, сол желілердің бойындағы жер учаскесі түрінде;
      2) су асты байланыс желісіндегі қызмет көрсетілмейтін жердегі және жер асты күшейткіш және регенерациялық бекеттер - күшейту және регенерациялық бекеттер құрылғысы ортасынан қашық тұрған немесе оларды бекіту шекарасынан кем дегенде 3 метр қашықтықтағы және жерге қосу контурынан кем дегенде 2 метр қашықтағы, тұйық желілермен анықталатын, жер учаскелері түрінде;
      3) су асты кәбілдік байланыс желілері - қашықтықтығы 0,25 теңіз милі (0,4 шақырым) болатын теңіз кәбілі трассасынан және екі жағынан 100 метр қашықтықтағы өзен, көл, су қоймасы, каналдар (арықтар) арқылы өтпелердегі кәбіл трассасынан алыстағы, қосарлы ендіктермен анықталатын, су бетінен түбіне дейінгі барлық тереңдігі бойынша су кеңістігі учаскесі түрінде;
      4) құбырлар каналдары трассасынан немесе қадағалау қондырғысынан екі жағынан да кем дегенде 2 метр қашықтықта алыс тұрған немесе әуе желісінің шеткі сымының екі жағынан кем дегенде 2 метр қашықтықтағы, қосарлы тікелей анықталатын, осы желілер бойындағы жер учаскелері түріндегі топыраққа салынған кәбілдік телефон кәрізі, құрышталған кәбілдер, тіректерге ілінген кәбілдік желілер және елді мекендерде орналасқан әуе байланысы және радиофикация желісі;
      5) тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттары мен құрылыстарының жертөлелері мен шатырындағы, қабаттардағы қалқандар мен қабат арасындағы өтпелердегі және де кәбіл трассасынан екі жағынан да кемінде 25 миллиметр қашықтықта тұрған, қосарлы тікелей анықталатын, ғимараттың сыртқы және ішкі қабырғаларын бойлай салынған, кәбілдік байланыс желілері.
      4. Байланыс желісі трассаларын пайдаланатын ұйымдар бұталар мен ағаштарды әр кезде тазалап отырып, оларды өрт қауіпсіздігі тұрғысынан қауіпсіз жағдайда ұстайды.
      5. Қала аумағынан тыс жерасты кәбілдік байланыс желісінің трассасы бағдар болып табылатын, арнаулы белгілермен белгіленеді.
      6. Қалалар мен басқа да елді мекендерде жер асты кәбілдік және әуе байланыс желісі трассасының өтуі техникалық құжаттар, ғимараттардағы, әуе байланыс желісі тіректеріндегі тақтайшалар, қадағалау құрылғыларының шатырларындағы логотиптері бойынша анықталады.
      7. Радиорелелік байланыс желісі трассаларында, радиотолқындар таралуының экрандалу әрекетін болдырмау мақсатында ғимараттар мен құрылыстар салу, ағаштар отырғызу рұқсат етілмейтін жер учаскелері анықталады. Бұл учаскелердің орналасуы мен шекаралары радиорелелік желілер құрылысын жобалауда қарастырылады және Қазақстан Республикасының жергілікті атқару органдарымен келісіледі.
      8. Байланыс желілеріндегі жабдықтары қондырмасыз тікелей топыраққа бірыңғайланған контейнерлерде қойылатын, қызмет көрсетілмейтін күшейту және регенерациялық бекеттер орнатылатын жерлерде жылдың қыс мезгіліне де (қарлы борасында), жаз мезгіліне де арналған тану белгілері орнатылады.
      9. Су асты кәбілдік байланыс желісі трассасы мен кеме жүретін және ағысты өзен, көл, су қоймасы, каналдар (арықтар) арқылы өтпелердегі кәбілдік байланыс трассаларындағы күзетілетін аймақтың шекаралары кабілдердің жағаға шығарылған жерлерінде сигналдық белгілермен белгіленеді. Су асты кәбілдік байланыс желісінің трассасы теңіз картасына белгіленеді және теңізде жүзушілердің хабарламасында көрсетіледі.
      10. Байланыс және радиофикация құрылымдары мен басқа да құрылыстар арасындағы ең аз рұқсат етілетін қашықтық (ара қашықтығы), сәулет, құрылыс және қала құрылысы саласындағы құрылыс нормаларымен анықталады және байланыс құрылыстарына механикалық және электрлік әсер етуін болдырмау керек.
      11. Кәбілдік және әуе байланыс желісі мен радиофикация трассаларындағы автомобиль және темір жолдарына арналған алқаптардағы күзетілетін аймақтарды, автомобиль және темір жолдары саласының уәкілетті органдарымен, байланыс желісін пайдаланатын ұйымдармен келісе отырып, автомобиль және темір жолдары қызметін жүзеге асыратын, жеке және заңды тұлғаларының пайдалануына болады.
      12. Телекоммуникация желілерінің күзетілетін аймағында орналасқан жерлерді ауыл шаруашылығы егіншілігіне, бау-бақша учаскелеріне және басқа да ауыл шаруашылығы мақсатына беру кезінде жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган беретін жер учаскесіне құқығы туралы құжатта учаскеде ерекше пайдалану жағдайы бар аймақтың бар екені туралы белгі қойылады.
      Телекоммуникация желілерінің күзетілетін аймағында байланыс желісі/құрылысы істен шыққан жағдайда байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға сол жерлерді ерекше арнайы пайдалану шарттары бар белгілерді орнатпай-ақ, шаруашылық жұмыстарына пайдалануды қарастыру туралы қатынас жібереді.
      13. Желі өтетін және байланыс құрылыстары орналасқан жер учаскелерін объектілер салуға бөлгенде тапсырыс берушілер "Жер учаскесін таңдау актісін" байланыс желісі/құрылысын пайдаланатын ұйымдармен Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес келіседі. Байланыс желісін/құрылысын пайдаланатын ұйым "Жер учаскесін таңдау актісін" келісуді 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырады.
      14. Телекоммуникация желілерінің күзетілетін аймақтары шегінде уақытша нысандарды (дүңгіршек, жарнамалық қалқандар, аялдамалар) орналастыру да 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде байланыс желісі/құрылысын пайдаланатын ұйымдармен келіседі.
      15. Телекоммуникация желісінің күзетілетін аймағындағы жер қазу жұмыстарын жүргізетін құрылыс және басқа ұйымдардың басшылары, меншік нысанына қарамастан, күзетілетін аймақтарда жұмыс жүргізу тәртібін өз қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, телекоммуникация желілерінің бүлінуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды.
      16. Телекоммуникация желілерінің күзетілетін аймақтары шегінде жазбаша келісімсіз және байланыс желісі/құрылысын пайдаланатын тиісті ұйымның өкілінің қатысуынсыз төмендегілерге рұқсат етілмейді:
      1) түрлі құрылыс, құрастыру, және жарылыс жұмыстарын, 0,3 м артық тереңдікте топырақты қазумен байланысты (көрсетілген тереңдіктен аспайтын жер жыртуды қоспағанда) жер қазу механизмдерімен топырақты көшіру және жер қазу жұмыстарын жүзеге асыруға;
      2) ұңғыма бұрғылаумен, шығырлаумен, топырақтан сынақ алумен, жарылыс жұмыстарын жүргізумен байланысты геологиялық-түсіру, іздестіру, геодезиялық және басқа де зерттеу жұмыстарын жүргізуге;
      3) күзетілетін аймақтарда жобасыз орындалатын жұмыстар жүргізуге және жұмыс өндірісінде байланыс желісі/құрылысы зақымдалуы мүмкін жұмыстарды жүргізуге (шұңқыр қазу, ағаш отырғызу, дала қостарын орналастыру, мал ұстау, материалдарды, азық, тыңайтқыштарды жинау, ату жабдықтарын қою), сондай-ақ от жағуға;
      4) автокөлік, трактор мен механизмдер тұрағы мен жолын жасауға, қоршауға және басқа да бөгеулер қоюға, жолдан уақытша кіретін жер жасауға, әуе байланыс желісі және радиоландыру сымдары бойымен, аумағы тіректе ілінген сымның биіктігінен асатын немесе тең келетін габаритті жүктерді тасуға, каналдар (арық) қазуға, инженерлік жүйелерге (су құбырына, жылу желісіне) жеке үйлердің қосылуы үшін ұзын терең ор қазуға;
      5) кемелер, баржалар мен қалқитын крандардың аялдама орнын жасауға, тиеу-түсіру, су асты-техникалық, түпті тереңдететін және жер қыру жұмыстарын жүргізуге, балықтар мен басқа да су жануарларын аулауға және де түптік аулау құралымен су өсімдіктерін жинауға, суару, мұз жару және дайындау жұмыстарын жүзеге асыруға. Кемелер мен басқа да жүзетін құралдарға зәкір тастауға, берілген зәкірмен, шынжыр, лот, сүйреткі мен тралмен өтуге рұқсат етілмейді;
      6) байланыс желісіне қауіпті әсері мен электромагниттік энергиясы бар электр желілерін, радиостанция және басқа нысандарды салуға және қайта жаңғыртуға;
      7) жерасты байланыс кәбілінің жүруін есепке алмай коррозиядан жерасты коммуникациясын қорғау жасауға;
      8) уақытша нысандарды (дүңгіршек, жарнамалық калқан, аялдама) орналастыруды жүзеге асыруға;
      9) жабынды айырбастауға және жөндеу жұмыстарын, шатырасты тіреушелерін бекіту, тіреуішті кәбілдік байланыс желісінің және радиофикация, ғимараттың шатырына салу, сондай-ақ, ғимараттың ішкі және сыртқы байланыс сымы мен кәбілдік бүлінуі болуы мүмкін жұмыстарды жүргізуге.
      17. Осы Қағидалардын 16-тармағында көрсетілген жұмыстар өндірісін жүргізуге жазбаша келісім алу үшін байланыс құрылысын/желілерін пайдаланушы мекеменің атына жазылған хабарда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
      1) пошталық мекенжайы мен байланыс телефоны көрсетілген заңды немесе жеке тұлғаның толық атауы;
      2) жұмыс жүргізілетін объектінің орналасқан мекенжайы;
      3) жұмыс жүргізілетін учаскенің нақты орналасқан жері;
      4) жоспарланған жұмысты жүргізуге арналған нақты уақыты (жылы, айы, күні, сағаты).
      18. Байланыс желісін/құрылысын пайдаланатын ұйымдар келіп түскен хабарды қарайды және хабар келіп түскеннен кейін 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде объектіні тексеріп шығып, жұмыс жүргізудің техникалық мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды береді.
      19. Байланыс желісін/құрылысын пайдаланатын ұйымдар арнаулы белгілермен қатар ескерту белгілері де орнатылуы мүмкін, ол күзетілетін аймақтың мөлшерін, байланыс желісін/құрылысын пайдаланатын ұйымның мекенжайын (елді мекеннің атын) және телефон нөмірін (қара түспен) көрсетумен, "Қазуға тыйым салынады, күзетілетін кәбіл аймағы" деген жазумен қызыл түсті найзағай бейнесімен, ашық түске боялған мөлшері 400x300 миллиметр металл тікбұрыш болып келеді. Белгі жер бетінен 1,7 метр биіктегі бағанда орнатылады.
      20. Шығырларды ашуға ескертуші, арнайы белгілерді орнату жұмыстары байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме өкілінің қатысуымен жұмыс жүргізетін жеке және заңды тұлғалардың күшімен және құралдарымен немесе жұмыс жүргізетін жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме күшімен орындалады.
      21. Қалалық учаскедегі сызбаларда 1:500 масштабпен немесе трассаның ауылдық елді мекендер арқылы өтетін жерінде 1:2000 масштабпен көрсетілген және байланыс желілері/құрылыстары өтетін жер учаскелерінде шаруашылық қызметін жүргізетін жеке және заңды тұлғалар осы желілердің сақталуын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін барлық қажетті шараларды қолданады. Заңды тұлғалардың меншік нысандарына қарамастан, заңды және жеке тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс жөніндегі жергілікті уәкілетті органдармен байланыс желілерімен және құрылыстарымен қиылысатын және жанасатын орындарда жерасты коммуникацияларының (су, жылу, энергия, газ тарату желілерінің) бар-жоғын орындаушылық сызбаларында келісуді қамтамасыз етеді. Телекоммуникация желілерінің күзетілетін аймақтарындағы жұмыстар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне және құрылыс нормаларына, қағидалары мен ұлттық стандарттарына сәйкес орындалады.
      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.

3. Күзетілетін аймақтардағы жұмыс режимі

      22. Жерасты байланыс желісі/құрылысы орналасқан жерде жұмыс жүргізу үшін заңды және жеке тұлғалар осындай жұмыстар басталғанға дейін заңнамада белгіленген тәртіппен жергілікті қала құрылысы және құрылыс, сәулет ісі жөніндегі органның жазбаша келісімін алады.
      23. Техникалық құжаттар бойынша, кәбіл іздеушілердің кәбіл жолдарын анықтауы (металл кәбілдерге арналған) немесе таңбалауыш-іздегіш (оптикалық кәбілге арналған) және қажеттілігіне қарай, мекеменің топырақ жұмыстарын жүргізуге барлық ұзындығына қарай шығырлау, жерасты кәбілдерінің және басқа байланыс құрылыстарының (жерасты күшейткіш және регенерациялық пункттер, телефондық кәріздерді қарау қондырғыларымен, жермен жалғастыру сұлбасы) орналасқан жерін анықтайды, олардың тереңдігін анықтайды және деректерді телекоммуникация желілерінің күзетілетін аймағында жұмыс жүргізуге жауапты тиісті тұлғаларға жеткізіп, олардың қолын қойғызады.
      24. Жұмыс жүргізілетін аймақтағы жер асты байланыс желісі/құрылысының орналасқан жері қолданыстағы жерасты кәбілінің барлық ұзындығы бойына нақтыланады және 15-20 метр сайын тура трасса учаскесінде орналасқан, биіктігі 1,5-2 метр арнаулы белгілермен белгіленеді, барлық нүктелерде ауытқушылық тіке желілік жол өзегі 0,5 метр, жолдың барлық бұрылыстарындағы жұмыстар қол еңбегімен орындалады.
      25. Байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеменің байланыс желісінің арнажолын анықтау жұмысының нәтижесі бойынша телекоммуникация желісінің күзетілетін аймағында жұмыс жүргізетін жеке және заңды тұлғалардың қатысуымен акт жасалады. Актіде құрылыс объектісінің атауы, қандай және қанша мөлшерде шығырдың қазылғаны, орнатылған ескертуші және арнайы белгілердің саны, жұмыс сатысы, байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын өкілдің қашан қатысуы керектігі, сондай-ақ кәбіл желілерінің, телефон құдықтарының, байланыс құрылғыларының, орнатылған ескертуші және арнайы белгілердің сақталуына жұмыс жүргізушінің жауапкершілігі көрсетіледі. Сол жерге сәйкес байластырулармен, анықталған арнажолдың алғашқы нұсқасы, сондай-ақ күзетілетін аймаққа кіретін аумақты қалпына келтіру мерзімі жасалады.
      26. Жұмыс жүргізушілер (шебер, бригада жетекшісі, құрылыс механизмдері мен машиналар машинистері) телекоммуникация желісі күзету аймағында жұмысты бастағанға дейін байланыс желісінің/құрылыстарының сол жерде белгіленуімен және орналасуымен бірге байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме өкілімен танысуы, байланыс желісінің/құрылыстарының сақталуын қамтамасыз ететін (қолмен немесе механикаландырылған әдіспен) жер жұмыстарын жүргізу тәртібі туралы нұсқаулар алады. Бұдан басқа, аталған тұлғалар байланыс желілері мен құрылғыларында адам өміріне қауіпті кернеудің және көрсетілген байланыс желілерін/құрылыстарын зақымдаған кезде электр тоғына түсу қаупі бар екендігі туралы ескертіледі.
      27. Осы аймақтарда тиісті жұмыстар жүргізу жүктелімдерінде жұмыс жүргізетін жердегі байланыс желілері мен құрылғыларының бар екендігі көрсетіледі. Телекоммуникация желісінің күзетілетін аймағындағы жұмыс байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме өкілінің қатысуымен, прорабтың немесе шебердің қадағалуымен орындалады.
      28. Телекоммуникация желісінің күзетілетін аймағында жұмыс жүргізу ниеті бар жеке және заңды тұлғалар, жұмыс басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеменің өкілін шақыру туралы жазбаша хабарламаның байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекемеге жіберілуін сонымен қатар осы Қағидалардың 56-тармағына сәйкес шарт жасауды қамтамасыз етеді.
      29. Жазбаша хабарламада осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген мәліметтер көрсетіледі.
      30. Байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме техникалық қадағалауды жүзеге асыру үшін жұмыс орнына өз өкілінің келісілген мерзімде уақтылы келуін қамтамасыз етеді.
      31. Жұмыс жүргізетін жерге байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме өкілінің келмеуіне байланысты жұмыс тұрып қалған жағдайда, ол туралы жұмыс жүргізуші бір тәулік ішінде сол мекеме басшысына телефонограмма жіберіп, хабарлауға міндетті.
      Байланыс желісін/құрылысын пайдаланатын ұйым өкілі жұмыс өндірісінің орнына келмегені үшін байланыс желісін/құрылысын пайдаланатын ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
      32. Телекоммуникация желісі күзету аймағында тоқтаусыз жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді талап ететін апаттық жағдайларда, төмендегі талаптарды орындай отырып, байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеменің өкілдерімен алдын ала келіспей осындай жұмыстарды жүргізуге рұқсат беріледі:
      1) байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме апат орнына жұмысшыларды жібере отырып, сол мезгілде оның өкілдерінің келуінің қажеттігі туралы хабарлайды;
      2) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге жауапты тұлға (шебер, бригада жетекшісі, құрылыс механизмдері мен машиналарының машинистері) жұмыс жүргізушілер үшін нұсқау беру жұмыстарын жүргізеді;
      3) байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме өкілі апат орнына келгенге дейін күзетілетін аймақтағы жер жұмыстары қолмен жүргізіледі;
      4) жерасты кәбілі немесе басқа да байланыс құрылғылары табылған жағдайда, олардың бүтіндігі қамтамасыз етіледі.
      Апат орнына келген байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме өкілі байланыс желілері/құрылыстары орналасқан жерді көрсетіп, олардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша шараларды анықтайды және жұмыс толық аяқталғанға дейін болады.
      33. Жобамен байланыс желісін/құрылыстарын тасымалдау (жұмыс мерзіміне немесе тұрақты мерзімге) көзделген жерлердегі жұмыс өндірісі қолданыстағы байланыс желілерін ауыстырып қосқаннан кейін ғана басталады. Көзделген қолданыстағы байланыс желілерін жаңадан салынғандарға ауыстырып қосу жұмысын, аталған желілер мен құрылғыларды тасымалдау жұмысы аяқталғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде жобаға тапсырыс беруші - жеке және заңды тұлғалар қаражаты есебінен, телекоммуникация желілерінің тұрып қалуы мерзіміне байланысты шығындарды өтеп, ауыстырып қосу шығындарының сметасы бойынша байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме жүзеге асырады.
      34. Жерасты байланыс желісінің трассасы бойынша тікелей құрылыс механизмдерінің, ағаш тасымалдайтын және жыланбауыр көліктің қозғалысы үшін уақытша жүретін қондырғылар қажет болған жағдайда, құрылыс жұмысын жүргізетін жеке және заңды тұлғалар байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме өкілінің келісімімен байланыс желілерін/құрылыстарын механикалық зақымдалулардан қорғайды (ағаш төсеніштер мен бетон тақталар төсейді, ұсақ тастар төгеді).
      35. Ірі көлемді жүктерді радиоландыру және әуе байланыс желілері сымдарының астымен өткізу қажет болған жағдайда, сымдардың үзілуін болдырмау үшін жүктің (механизмнің) ең жоғарғы нүктесі мен сымның арасында кемінде 200 миллиметр саңылау қалдыра отырып, неғұрлым биік тіректер немесе траверсалар орнату жолымен, оларды уақытша көтереді. Бұл жұмыстарды телекоммуникация желісі күзету аймағында жұмыс жүргізетін жеке және заңды тұлғалар қаражаты есебінен, байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекеме орындайды.
      36. Жерасты байланыс желісі күзету аймағының шеңберіндегі желілер/байланыс құралдар маңайындағы топырақты тек қолмен (күрекпен), қатты соққыларсыз қазуға рұқсат етіледі. Соққы беруші құралдарды (сүймен, қайла, танап, пневматикалық құралдар) қолдануға рұқсат етілмейді.
      37. Жерасты байланыс желілерінің жолында әрекет ететін жер жұмыстары байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекемемен келісілген мерзімде орындалады. Жерасты байланыс желілерінің арнажолында ор мен қазаншұңқырларды қазған кезде құрылыс жұмыстарын жүргізуші жеке және заңды тұлғалар кәбілді бұзылудан мынадай тәртіппен қорғайды:
      1) тікелей топыраққа салынған кәбіл қолмен толығымен қазылып алынады және қажет кезінде балкалар мен ағаштарға берік ілінетін, орға көлденеңінен салынған бірыңғай ағаш қорапқа салынады. Қорап ұштары ор шетінен кемінде 0,5 метрден артық шығып тұрады. Сымнан жасалған сақиналардың көмегімен қорап ілініп тұрады;
      2) құбырлардың (блоктардың) ішіне орнатылған кәбіл қолмен құбырдың (блоктың) тек үстіңгі шетіне дейін қазылады. Кейін аталған кәбілді ілу үшін қажетті балка салынады. Содан кейін құбырдың (блоктың) төменгі жағына дейін топырақ қазып, кәбілді іліп, топырақ қазуды жалғастыра береді;
      3) орды немесе қазаншұңқырды жерасты байланыс кәбілі жатқан деңгейден төмен қазған жағдайда, немесе оған топырақ пен тұнбалардың түсуін болдырмау үшін шаралар қабылданады.
      4) үлкен қашықтықта жалаңашталған телефон құдықтарының кәбілін немесе блогын қорғау, жұмыс өндірісінің жобасын дайындау сатысында қаралады. Жалаңашталған байланыс кәбілінің қорғауы болмаған жағдайда, жұмыс жүргізетін тұлға олардың қорғалуын ұйымдастырады.
      38. Радиорелелік станцияның немесе су асты байланыс желісін қорғау аймағының шеңберіндегі жұмыс өндірісінің шарттарына сәйкес байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекемемен келісім бойынша анықталады.
      39. Жерасты байланыс желісі орналасқан аймақтағы тоң топырақты жібіту байланыс кәбілдері талшығының оқшаулануы мен қаптауын зақымдамайтын температурада жүргізіледі. Тоң топырақты соққы беретін механизмдермен өңдеуге рұқсат етілмейді.
      40. Жерасты кәбіл желілері мен телефон кәрізінің қиылысқан жеріндегі орды көму, мұқият нығыздау арқылы қалыңдығы 0,1 метрден аспайтын топырақ қабатын құюмен жүргізіледі. Қысқы жағдайда құммен немесе тығыз топырақпен құю жұмыстары жүргізіледі.
      41. Ор кәбіл салынған (ілінген) қораптармен және мәткелермен бірге көміліп, жабық жұмыстарға акті жасалады.
      42. Құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде телефон құдықтарының (қораптардың) люк қақпақтарын, тарату шкафтарын, ескерту белгілерін, жерасты кәбілдік байланыс желісінің жолындағы өлшеу бағаналарын жермен немесе құрылыс материалдарымен үйіп тастауға, телефон кәріздерінің жолдарына салмағы 5 тоннадан астам жүктерді тастауға, сондай-ақ байланыс желілерін/құрылыстарын пайдалануға беретін ұйыммен келісімдеусіз байланыс құрылыстарының орнын ауыстыруға рұқсат етілмейді.
      43. Кәбілдік байланыс желісі/байланыс құралдары зақымдалған жағдайда, құрылыс жұмыстарын жүргізуші тұлға байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекемеге сол бойда хабарлайды, сонымен қатар, апатты жедел түрде жоюға көмек көрсетеді.
      44. Кәбілдік байланыс желісін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары бойынша жол қаптамаларын алуды және топырақты қазуды талап ететін өндіріс шарттары, көлік жолдары бойынша өкілетті органмен, ал қала маңы мен басқа елді мекендерде - жергілікті атқарушы органдармен алдын ала келісіледі. Көрсетілген жұмыстардың өндіріс шарттары туралы хабарлама байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланатын мекемеге жұмыс өндірісінің қажеттілігі туралы жазбаша хабарламаны алғаннан кейінгі күнтізбелік үш күн мерзімде жолданады.
      45. Егер телекоммуникация желілері зақымдалған жағдайда айналма байланысты ұйымдастыру мүмкіндігі болмаса, жол жабындарын aлу жөніндегі жұмыстар және жерді қазу алдын ала келісімсіз жүргізіледі, бірақ жұмысты өндіру орнына автокөлік жолдары жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органның өкілін міндетті түрде шақырылады. Бұл жағдайда байланыс желісін/құрылысын пайдаланатын ұйым көлік және жаяу жүрушілер үшін қажетті ескерту белгілерін орната отырып, апат орнын айналып өтеді және жұмыстарды іске асырған соң жол жабындарын қалпына келтіріледі.
      46. Иелігіндегі жерлер арқылы телекоммуникация желілері өтетін жеке және заңды тұлғаларға (жер учаскелерінің иелері, жер пайдаланушылар) байланыс желілері/құрылыстарын пайдаланушы ұйымдардың жазбаша келісімінсіз телекоммуникация желілерінің қалыпты жұмысын бұзатын іс-әрекет жүргізуіне рұқсат етілмейді, атап айтқанда:
      1) байланыс кәбілдері тартылған, әуе байланыс жолдары мен радиофикация бағандары, радиорелелі станциялар құрылғылары, кәбіл жәшіктері мен тарату қораптары орнатылған жерлерден байланыс желілері мен құрылыстары алдын ала шығарылмай, ғимараттар мен көпірлерді бұзуға және қайта салуға, метрополитен мен теміржол коллекторларын, туннельдерін қайта салуға;
      2) жерасты байланыс кәбіл трассаларын көмуге, ол трассаларда уақытша қоймалар жасауға, химиялық белсенді заттарды ағызуға және өндірістік, тұрмыстық және басқа да қалдықтарды тастауға, өлшеу, ескерту белгілерін және телефон құдықтарын сындыруға;
      3) күтім жасалмайтын күшейткіш және регенерациялық пункттер (жерүсті және жерасты) мен радиорелелік станциялардың, телефон кәріздерінің кәбіл құдықтарының, тарату шкафтары мен жәшіктерінің есіктерін ашуға, сондай-ақ байланыс желілеріне қосылуға (осы желілерге күтім жасаушылардан басқалар);
      4) байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланушы ұйымдардың техникалық персоналының еркін қозғалысына кедергі келтіріп, байланыс желілері трассаларын қоршауға;
      5) телекоммуникация қызметтерін пайдалану мақсатында абоненттік телефон желісі мен радиофикация желісіне өз бетінше қосылуға;
      6) байланыс желілерін/құрылыстарын зақымдайтын басқа да әрекеттер жасауға (бағандар мен арматураны қоршауға, сымдарды үзуге, оларға бөгде заттарды тастауға).
      Осы тармақта қаралған әрекеттерді байланыс желісін/құрылысын пайдаланушы ұйыммен келісу осы Қағидалардың 17 және 18-тармақтарына сәйкес жүргізіледі.
      47. Жергілікті атқарушы органдар құрылыс жүргізуге аумағымен телекоммуникация желілері өтетін жер учаскесін бөлген жағдайда Құрылыс салушы құрылысты 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланушы ұйыммен алдын ала келісіп алады.
      48. Аумағымен телекоммуникация желілері өтетін қалалық учаскедегі сызбаларда 1:500 масштабпен немесе трассаның ауылдық елді мекендер арқылы өту жерінде 1:2000 мастштабпен көрсетілген жер учаскелерін бөлу кезінде жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерінің иелеріне бөліп берілетін жер учаскелерінде телекоммуникация желілерінің бар екені туралы ескертеді.
      49. Телекоммуникация желілерінің күзету аймақтары байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланушы ұйымдар мыналарды іске асырады:
      1) жер учаскелері иелерінің (меншік иесі, жер пайдаланушы, жалға алушылар) келісімімен байланыс желілері/құрылыстарын пайдалану күтімін жасауға қажетті жол, кіреберіс, көпір және басқа да құрылыстарды өз есебінен орнату;
      2) байланыс желілерін/құрылыстарын жөндеу үшін шұңқыр, траншея және қазаншұңқырлар қазып, соңынан оларды көму;
      3) күзету, қорғау, орман қорын пайдалану, ормандарды жандандыру және орман отырғызу саласындағы уәкілетті органның және/немесе оның аудандық органдарының рұқсатын алғаннан кейін орман алқаптары арқылы өтетін байланыс желілерінде/құрылыстарында, осы желілердің/құрылыстардың трассаларына жақын жерлерде апатты жою үшін жекелеген ағаштарды кесу.
      50. Байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланушы ұйымның техникалық персоналы тиісті өкілеттігі туралы құжатты көрсеткен жағдайда телекоммуникация желілерінің күзетілетін аймағында орналасқан желілерді жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін кедергісіз кіру (машинамен кіру) құқығы беріледі.
      51. Егер байланыс желілері тыйым салынған (шекара) жолдар мен арнайы объектілерден өтетін болса, тиісті ұйымдар байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланушы ұйымның техникалық персоналына көріп, жұмыс жүргізу үшін кіру құқығына еш ақы алмастан тәуліктің кез келген уақытында кіруге рұқсат қағаздарын береді.
      52. Ауыл шаруашылығы жерлері, бақ және саяжай учаскелері арқылы өтетін кәбілдік байланыс жолдарын салу және жөндеу жұмыстары бұл жерлер дақылдардан тазартылған кезеңде жүргізіледі, ал апатты жою және байланыс желілерін пайдалану күтімін жасау жұмыстары кез келген уақытта жасалады.
      53. Байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланушы ұйым жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін ауыл шаруашылығы жерлерін ауылшаруашылығы өндірісіне жарамды күйге келтіріп, жер учаскелерінің иелеріне және жер пайдаланушыларға жұмыс барысында келтірген шығындарын өтейді.
      54. Байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланушы ұйым шоссе және темір жолмен, құбырлар, кеме жолы және өзен, көлмен ағызу жолдары, су қоймалары, арналармен (арықтармен), өндірістік кәсіпорындар, әуеайлаққа өтетін аумақтарымен, мемлекеттік немесе жеке меншіктегі ауыл шаруашылығы жерлерімен және жертөлелермен қиылысатын жерлердегі байланыс желілерін жөндеу және өлшеу тәртібі көлік, өндіріс және басқа да мүдделі ұйымдармен (кәсіпорындармен), сондай-ақ жер учаскелерінің иелерімен және жер пайдаланушылармен келісіледі.
      55. Егер құрылыс аумақтары арқылы байланыс желілері/құрылыстары өтетін болса, байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланушы ұйыммен келісіп, құрылыс объектілерінің жобалары мен сметаларында аталған байланыс желілерін/құрылыстарын сақтауды немесе жұмыс аяқталғанға дейін оларды ауыстыруды қамтамасыз ететін шаралар көзделеді.
      56. Байланыс желілерін және құрылыстарын сақтауға техникалық қадағалау құрылыс жүргізуші тұлға мен байланыс желілерін/құрылыстарын пайдаланушы ұйым арасындағы шарт негізінде жүргізіледі.
      57. Жер жұмыстарын жүргізетін жеке және заңды тұлғалар меншік нысанына қарамастан, жұмыс жүргізудің техникалық құжаттамасында көрсетілмеген жерасты байланыс желілерін анықтаған жағдайда жұмыстарды тоқтатуы тиіс, жерасты кәбілінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шаралар қабылдап және ол туралы байланыс саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне хабарлап, хабардың түскен мезетінен бастап жиырма төрт сағат ішінде олардың иесін анықтайды.
      58. Үйлердің жертөле және шатыр жайлары, сондай-ақ жергілікті телекоммуникация желісінің кәбілі өтетін, қабаттық қалқандар бөлме (пәтерлер) меншік иелері кооперативтерінің тиектік тетіктерімен жабдықталады.
      59. Су түбінде байланыс желісі тартылған, су кеңістігі учаскесінде кемелер болған кезде кеменің капитаны немесе иесі жерасты байланыс кәбілінің зәкірмен немесе балық аулау құралдарымен көтерілуіне жол бермеуі тиіс.
      Жерасты кәбілі көтерілген жағдайда капитан немесе кеме иесі мыналарды қамтамасыз етеді:
      1) кәбілдің оған еш зақым келтірмей босатылуы үшін барлық шаралар қабылдауды;
      2) байланыс кәбілінің көтерілу уақыты мен орнын көрсетумен жақын арадағы айлаққа радиомен болған оқиға туралы тез арада хабарлауды.
      60. Жер асты кәбілінің кездейсоқ көтерілуі туралы ақпарат қабылдаған айлақ ол туралы жақын жердегі байланыс желісін/құрылысын пайдаланатын ұйымға және байланыс саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне хабарлайды, ол жиырма төрт сағат ішінде жерасты байланыс желісінің иесін анықтап, оған оқиға туралы хабарлайды.