Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Жалпы бөлім)

Қазақстан Республикасының Кодексі 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 268-ХIII.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 27 желтоқсандағы № 269-XIII қаулысымен қолданысқа енгізілді.
      Қолданушылар назарына.
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      Ескерту. Мазмұны алып тасталды – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. ҚР 1999.11.04 № 472 Заңымен енгізілген өзгерістер 01.01.2000 бастап қолданысқа енгізіледі.
      Ескерту. Мәтінде "бөлім" деген сөздің алдындағы "I - IІІ" деген цифрлар тиісінше "1 - 3" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР 2004.12.20 № 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "заң құжаттарында", "Заң құжаттарында", "заңнамалық актілерде", "заң құжаттарына", "заңнамалық актілерге", "Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарында", "Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде", "заң құжаттарымен шектеу", "заң құжаттарымен белгіленеді", "заң актілерінде", "Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне", "заң құжаттары", "Заң актілерінде", "осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен белгіленеді", "заңнамалық актілер", "Қазақстан Республикасының заң актілерінде", "Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заң актісінде", "Қазақстан Республикасының банкроттық мәселелерін реттейтін заңнамалық актісіне", "Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде", "осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгіленеді", "заң актілеріне", "Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады", "осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен айқындалған", "Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгіленеді", "Қазақстан Республикасының заң актілеріне", "Қазақстан Республикасының заң актілерімен акционерлік", "заң актілерімен белгіленеді", "осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгіленеді", "заң актілерімен айқындалады", "заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында басқа мәселелерді шешуді де жатқызуы", "Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде", "Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде", "Қазақстан Республикасының заң құжаттарына", "заң құжаттарынан", "Заңнамалық актілермен", "заңнамалық актілердің", "Заңнамалық актілерде", "заң құжатында", "Осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен", "заң құжаттарымен", "Заң құжаттарына", "Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісіне", "осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде", "Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заң актісімен", "заң актілерімен", "осы Кодекспен, басқа да заң құжаттарымен", "заң құжаттарын", "Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметті реттейтін заң актілерінде", "Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерімен", "Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерінде", "заң құжаттарының", "заңнамалық актілермен", "заң құжаттарымен жүктелуі", "Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңнамалық актісінде", "заң құжатының", "заң құжаттары залалды толық өтеу құқығын шектей алады", "Борышқор заң актілері", "Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамалық актісінде", "заң құжатынан", "Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамалық актісінде" деген сөздер тиісінше "заңдарда", "Заңдарда", "заңдарда", "заңдарға", "заңдарға", "Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында", "Қазақстан Республикасының заңдарында", "заңдармен шектеу", "өзге де заңдарда", "заңдарда белгіленеді", "заңдарда", "Қазақстан Республикасының заңдарына", "заңдар", "Заңдарда", "осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді", "заңдар", "Қазақстан Республикасының заңдарында", "Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңында", "Қазақстан Республикасының банкроттық мәселелерін реттейтін заңына", "Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында", "осы Кодексте және заңдарда белгіленеді", "заңдарға", "Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады", "осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған", "Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді", "Қазақстан Республикасының заңдарына", "Қазақстан Республикасының заңдарында акционерлік", "заңдарда белгіленеді", "осы Кодексте және өзге де заңдарда белгіленеді", "заңдарда айқындалады", "заңдар мен құрылтай құжаттарында өзге мәселелерді шешу де жатқызылуы", "Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында", "Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында", "Қазақстан Республикасының заңдарына", "заңдардан", "Заңдармен", "заңдардың", "Заңдарда", "заңда", "Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында", "заңдарда", "Заңдарға", "Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңына", "осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында", "Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңында", "заңдарда", "осы Кодексте, басқа да заңдарда", "заңдарды", "Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметті реттейтін заңдарында", "Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен", "Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында", "заңдардың", "заңдармен", "заңдармен жүктелуі", "Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңында", "заңның", "заңдарда залалды толық өтеу құқығы шектелуі мүмкін", "Борышкер заңдар", "Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңында", "заңнан", "Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңында" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Жалпы бөлім
1 бөлім. Жалпы ережелер
1-тарау. Азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеу

1-бап. Азаматтық заңдармен реттелетін қатынастар

      1. Азаматтық заңдармен тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдігіне негізделген өзге де мүліктік қатынастар, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты мүліктік емес жеке қатынастар реттеледі. Азаматтық заңдармен реттелетін қатынастардың қатысушылары азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бөліністер болып табылады.

      2. Мүліктік қатынастарға байланысы жоқ мүліктік емес жеке қатынастар азаматтық заңдармен реттеледі, өйткені олар заңдарда өзгеше көзделмеген, не мүліктік емес жеке қатынастар мәнінен туындамайды.

      3. Осы баптың 1-тармағында аталған белгілерге сай келетін отбасылық, еңбек қатынастары мен табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау жөніндегі қатынастарға азаматтық заңдар бұл қатынастар тиісінше отбасылық, еңбек заңдарымен, табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау туралы заңдармен реттелмеген жағдайларда қолданылады.

      4. Заңдарда көзделген реттерді қоспағанда, бір тараптың екіншісіне әкімшілік немесе өзге де билік жағынан бағынуына негізделген мүліктік қатынастарға, соның ішінде салық жөніндегі және басқа бюджеттік қатынастарға азаматтық заңдар қолданылмайды.

2-бап. Азаматтық заңдардың негізгі бастаулары

      1. Азаматтық заңдар өздері реттейтін қатынастарға қатысушылардың теңдігін, меншікке қол сұқпаушылықты, шарт еркіндігін, жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын, азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру, нұқсан келтірілген құқықтардың қалпына келтірілуін, оларды соттың қорғауын қамтамасыз ету қажеттігін тануға негізделеді.

      2. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерінің азаматтық құқықтарына өз еркімен және өз мүддесін көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңдарда өзгеше белгіленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негізінде өздерінің құқықтары мен міндеттерін анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын белгілеуде ерікті.

      3. Тауарлар, қызмет және ақша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында емін-еркін орын ауыстырып және айналысқа түсіп отырады. Егер қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау, табиғат пен мәдени қазыналарды сақтау үшін қажет болса, заңдарға сәйкес тауарлар мен қызметтің орын ауыстыруына шектеулер енгізіледі.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары

      1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының оған сәйкес қабылданған өзге де заңдарынан, Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң немесе заң күші бар жарлықтарынан, сондай-ақ осы Кодекстің 1-бабының 1 және 2-тармақтарында аталған қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарынан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларынан тұрады.

      2. Осы Кодекстің 1-бабының 3-тармағында аталғандарды қоспағанда, азаматтық құқықтың Қазақстан Республикасының заңдарда қамтылған нормалары осы Кодекстің ережелеріне қайшы келген жағдайда осы Кодекстің ережелері қолданылады, Қазақстан Республикасының заңдарында қамтылған және осы Кодекстің нормаларына қайшы келетін азаматтық құқық нормалары Кодекске тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана қолданылады.

      Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының негізгі бастауларына қайшы келмейді.

      3. Банктер мен астық қабылдау кәсіпорындарының құрылуына, қайта ұйымдастырылуына, банкроттығына және таратылуына, банк қызметін бақылау мен оны аудиторлық тексеруге, астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін бақылауға, банк қызметін лицензиялауға, банктерді реттеуге, банк лицензиясынан айыру салдарының туындауына, астық қабылдау кәсіпорындарының қойма куәліктерімен жасалатын операцияларды жүзеге асыруға байланысты қатынастар банк қызметін және астық қабылдау кәсіпорындарының қызметін реттейтін заңдарға қайшы келмейтін бөлігінде осы Кодекспен реттеледі.

      Банктер мен олардың клиенттері арасындағы қатынастар, сондай-ақ клиенттер арасындағы банк арқылы қатынастар азаматтық заңдармен осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіп бойынша реттеледі.

      4. Азаматтық қатынастар, егер әдеттегі құқықтар, соның ішінде іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмесе, солармен реттелуі мүмкін.

      5. Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, осы Кодексте және өзге де азаматтық заңдарда көзделген жағдайлар мен шектерде азаматтық қатынастарды реттейтін актілер шығара алады.

      6. Азаматтар мен заңды тұлғалардың осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген құқықтарын мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құжаттары шектей алмайды. Мұндай құжаттар қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және қолданылмауға тиіс.

      7. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, шетелдік жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін қандай құқықтар мен міндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға қақылы және сондай міндеттерді орындауға міндетті.

      8. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгіленген болса, аталған шарттың ережелері қолданылады. Халықаралық шарттан оны қолдану үшін заң шығару талап етілгеннен басқа жағдайларда, азаматтық қатынастарға Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар тікелей қолданылады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 1995.08.31 № 2447 заң күші бар Жарлығымен, ҚР 1998.03.02 № 211, 2001.01.15 № 141, 2009.04.29 № 154-IV, 2009.07.11 № 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.01.2026 № 259-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Азаматтық заңдардың уақытқа қарай қолданылуы

      1. Азаматтық заңдардың кері күші болмайды және өздері күшіне енгізілгеннен кейін пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заңдардың заңдық күші өздері күшіне енгізілгенге дейін пайда болған қатынастарға бұл оларда тікелей көзделген реттерде қолданылады.

      2. Азаматтық заңдар күшіне енгізілгенге дейін пайда болған қатынастар бойынша ол өзі күшіне енгізілгеннен кейін пайда болған құқықтар мен міндеттерге қолданылады. Азаматтық заңдар күшіне енгізілгенге дейін жасалған шарт бойынша тараптардың қатынастары осы Кодекстің 383-бабына сәйкес реттеледі.

5-бап. Азаматтық заңдардың ұқсастығына қарай қолданылуы

      1. Осы Кодекстің 1-бабындағы 1 және 2-тармақтарда көзделген қатынастар заңдармен немесе тараптардың келісімімен тікелей реттелмеген және оларға қолдануға келетін әдет-ғұрып болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, олардың мәніне қайшы келмейтін болғандықтан, азаматтық заңдардың ұқсас қатынастарды реттейтін қалыптары қолданылады (заң ұқсастығы).

      2. Аталған жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкін болмаса, тараптардың құқықтары мен міндеттері азаматтық заңдардың жалпы негіздері мен мәні және адалдық, парасаттылық пен әділеттілік талаптары негізге алына отырып белгіленеді (құқық ұқсастығы).

6-бап. Азаматтық заң қалыптарының түсінілуі

      1. Азаматтық заң қалыптары оларда айтылған сөздердің дәлме-дәл мәніне сәйкес түсінілуге тиіс. Заң қалыптарының текстінде қолданылған сөздерді әртүрлі түсіну мүмкін болған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелеріне және азаматтық заңдардың осы тарауда, ең алдымен оның 2-бабында баяндалған негізгі қағидаттарына сай келетін түсінікке басымдық беріледі.

      2. Азаматтық заң қалыптарының дәл мағынасын анықтау кезінде, егер бұл осы баптың 1-тармағында баяндалған талаптарды бұрмаламайтын болса, ол күшіне енгізілген кездегі тарихи жағдайларды және оның сот тәжірибесіндегі түсінілуін ескеру қажет.

7-бап. Азаматтық құқықтар мен міндеттердің пайда болу, өзгеру және тоқтатылу негіздері

      Азаматтық құқықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерінен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткені, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенімен, олардың жалпы бастаулары мен мәніне байланысты азаматтық құқықтар мен міндеттерді туындатады.

      Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен міндеттер:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмілелерден, сондай-ақ азаматтық заңнамада көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін мәмілелерден;

      2) Қазақстан Республикасы заңнамасының күшімен азаматтық-құқықтық салдарларға алып келетін әкімшілік актілерден;

      3) азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеген сот шешімінен;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған негіздер бойынша мүлікті жасау, жою, сатып алу немесе оны иеліктен шығару, сондай-ақ мүлікке құқықтан бас тарту нәтижесінде;

      5) өнертабыстарды, өнеркәсіптік үлгілерді, ғылым, әдебиет және өнер туындыларын және зияткерлік қызметтің өзге де нәтижелерін жасау салдарынан;

      6) басқа тұлғаға зиян келтіру салдарынан, сол сияқты басқа тұлға есебінен мүлікті негізсіз сатып алу немесе жинау (негізсіз баю) салдарынан;

      7) азаматтар мен заңды тұлғалардың өзге де әрекеттері салдарынан;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасы азаматтық-құқықтық салдарлардың басталуын байланыстыратын оқиғалар салдарынан пайда болады, өзгереді және тоқтатылады.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

8-бап. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру

      1. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне берілген азаматтық құқықтарды, соның ішінде өздерін қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады.

      2. Азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесілі құқықтардың жүзеге асырылмауы, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл құқықтардың тоқтатылуына әкеп соқпайды.

      3. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектілерінің құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерін бұзбауға, айналадағы ортаға зиян келтірмеуге тиіс.

      4. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне берілген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әділ әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершілік қағидаттарын, ал кәсіпкерлер - бұған қоса іскерлік әдептілік ережелерін сақтауға тиіс.

      Бұл міндетті шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әділ әрекет жасауы көзделеді.

      5. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтіруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетіндей етіп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттеріне жол берілмейді.

      6. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.

      7. Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Азаматтық құқықтарды қорғау

      1. Азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелік: құқықтарды тану; құқық бұзылғанға дейін болған жағдайды қалпына келтіру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупін туғызатын әрекеттердің жолын кесу; міндетті заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, тұрақсыздық айыбын өндіріп алу; дау айтылатын мәмілені жарамсыз деп тану және оның жарамсыздығы салдарын қолдану, маңызсыз мәміленің жарамсыздығы салдарын қолдану; моральдық зиянның өтемін төлету; құқықтық қатынастарды тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттік басқару органының немесе жергілікті өкілді не атқарушы органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін актісін жарамсыз немесе қолдануға жатпайды деп тану; азаматқа немесе заңды тұлғаға құқықты иеленуіне немесе жүзеге асыруына кедергі келтіргені үшін мемлекеттік басқару органынан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндіріп алу арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де тәсілдермен жүзеге асырады.

      Заңды тұлғалардың моральдық зиянды өтетуге құқығы жоқ.

      Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиянды өтеу арқылы азаматтық құқықтарды қорғауды тұтынушылық дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілері жүзеге асыра алады.

      2. Бұзылған құқықты қорғау үшін өкімет билігі немесе басқару органына өтініш жасау, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, құқық қорғау туралы талап қойып сотқа жолдануға кедергі жасамайды.

      3. Заңдарда арнайы көзделген реттерде азаматтық құқықтарды қорғау құқығы бұзылған адамның тікелей іс жүзіндегі немесе заңдық әрекеттерімен жүзеге асырылуы мүмкін (өзін-өзі қорғау).

      4. Құқығы бұзылған адам, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзіне келтірілген залалдың толық өтелуін талап ете алады.

      Құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиісті шығыстар, оның мүлкінің жоғалуы немесе зақымдануы (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бірақ алынбай қалған табыстары (айрылып қалған пайда) залалдар деп түсініледі.

      5. Мемлекеттік өкімет билігі органының, өзге де мемлекеттік органның заңдарға сай келмейтін құжат шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекеті (әрекетсіздігі) салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтірілген залалды Қазақстан Республикасы немесе тиісінше әкімшілік-аумақтық бөлініс өтеуге тиіс.

      6. Егер тәртіп бұзудың құқықтық салдарының пайда болуы тәртіп бұзушының кінәсіне байланысты болса, заңдарда өзгеше көзделгеннен басқа жағдайларда, ол кінәлі деп ұйғарылады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.04.2016 № 489-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 346-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Кәсіпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау

      1. Азаматтардың, қандастардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлік) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлік) негізделген дербес, бастамашылық қызметі кәсіпкерлік болып табылады. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.

      2. Мемлекет кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне кепілдік береді және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етеді.

      3. Заңдарда тыйым салынбаған қызметті жүзеге асырушы кәсіпкерлердің құқықтары:

      1) кәсіпкерлік қызметті, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген рұқсаттардан және хабарламалардан басқа, қандай да бір рұқсаттар алмай не хабарламаларды жібермей жүзеге асыру мүмкіндігі арқылы;

      2) экономиканың барлық салаларындағы кәсіпкерліктің барлық түрін бір ғана тіркеуші органда тіркеудің барынша қарапайым өз бетімен жүргізетін тәртібімен;

      3) кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік органдар жүргізетін тексерулерді заңдармен шектеу арқылы;

      4) кәсіпкерлік қызметті заңдарда көзделген негіз бойынша шығарылған сот шешімі бойынша ғана еріксіз тоқтату арқылы;

      5) жеке кәсіпкерлік үшін тыйым салынған, экспорт немесе импорт үшін тыйым салынған немесе шек қойылған жұмыс, тауарлардың түрлері мен қызмет тізбесін заңдарда белгілеу арқылы;

      6) мемлекеттік органдарды, лауазымды адамдарды, сондай-ақ өзге де жақтар мен ұйымдарды кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз кедергі жасағаны үшін олардың алдындағы заңдарда белгіленген мүліктік жауапкершілікке тарту арқылы;

      6-1) атқарушы бақылау және қадағалау органдарына кәсіпкерлік субъектілерімен осы органдардың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәнінде шарттық қатынастарға кіруге тыйым салу арқылы;

      7) заңдарда көзделген өзге де амалдармен қорғалады.

      4. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен жүргізіледі.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өнімге қойылатын талаптар, сәйкестікті міндетті растау жөніндегі талаптар мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайларда, рұқсат беру тәртібі белгіленеді.

      5. Коммерциялық (кәсіпкерлік) құпия заңмен қорғалады. Коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерді анықтау тәртібі, оның қорғау құралдары, сондай-ақ коммерциялық құпия құрамына енбейтін мәліметтер тізбесі заңдарда белгіленеді.

      6. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау осы Кодексте немесе өзге де заңдарда көзделген құралдармен қамтамасыз етіледі.

      Әрбір тұтынушының, атап айтқанда:

      - тауарлар сатып алу, жұмыс пен қызметті пайдалану үшін еркін шарт жасасуға;

      - тауарлардың (жұмыстың, қызметтің) тиісінше сапалы және қауіпсіз болуына;

      - тауарлар (жұмыс, қызмет) жөнінде толық және анық мәлімет алуға;

      - тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарына бірігуге құқығы бар.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 1996.01.27 № 2835 Жарлығымен, ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.07.10 № 283, 2007.01.12 № 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.05.2020 № 327-VI ("Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" ҚР Кодексіне (Салық кодексі) тиісті өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Кәсіпкерлік еркіндігін пайдаланып қиянат жасауға жол бермеу

      1. Заңды бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, негізсіз артықшылықтар алуға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасауға бағытталған монополистік және қандай болса да басқа қызметке жол берілмейді.

      2. Заңдарда көзделген реттерді қоспағанда, кәсіпкерлердің азаматтық құқықтарды бәсекелестікті шектеу мақсатында пайдалануына, соның ішінде:

      1) кәсіпкерлердің рыноктағы өздерінің үстем жағдайын пайдаланып, атап айтқанда, тауар тапшылығын жасау немесе бағаны көтеру үшін тауар өндіруді шектеу немесе тоқтатып тастау, не айналыстан алып тастау арқылы қиянат жасауына;

      2) ұқсас кәсіпкерлік қызмет жүргізуші адамдардың баға, рыноктарды бөлісу, басқа кәсіпкерлерді аластау туралы және бәсекелестікті едәуір шектейтін өзге де жағдайлар туралы келісімдер жасасуына және оларды орындауына;

      3) ұқсас кәсіпкерлік қызмет жүргізуші адамның және тұтынушылардың заңды мүдделеріне қысым көрсетуге бағытталған теріс пиғылды әрекеттер жасауына (теріс пиғылды бәсекелестік), атап айтқанда, тұтынушыларды басқа кәсіпкердің тауар дайындаушысы, дайындау мақсаты, әдісі мен орны, сапасы және өзге де қасиеттері жөнінен шатастыру арқылы, тауарларды жарнамалық және өзге де ақпаратта әдепсіздікпен салыстыру, бөтен тауардың сыртқы безендірілуін көшіріп алу арқылы және басқа да әдістермен шатастыруына жол берілмейді.

      Теріс пиғылды бәсекелестікке қарсы күрес жөніндегі шаралар заңдарда белгіленеді.

2-тарау. Азаматтық құқықтардың субъектілері
Параграф 1. Қазақстан Республикасының азаматтары
және басқа жеке тұлғалар

12-бап. Жеке тұлға ұғымы

      Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады. Егер осы Кодексте басқаша белгіленбесе, бұл тараудың ережелері барлық жеке тұлғаларға қолданылады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Азаматтардың құқық қабілеттілігі

      1. Азаматтық құқыққа ие болып, міндет атқару қабілеті (азаматтық құқық қабілеттілігі) барлық азаматтарға бірдей деп танылады.

      2. Азаматтың құқық қабілеттілігі ол туған кезден басталып қайтыс болған соң тоқтатылады.

14-бап. Азаматтың құқық қабілеттілігінің негізгі мазмұны

      Азаматтың, егер "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы шегінде де, одан тыс жерлерде де мүлікті, соның ішінде шетел валютасын меншіктенуге; мүлікті мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркін шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заңдарда тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзі немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бірігіп заңды тұлғалар құру; заңдарда тыйым салынбаған кез келген мәміле жасасып, міндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтің өзге де туындыларына интеллектуалдық меншік құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтары болады.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.12.2020 № 384-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. Азаматтың есімі

      1. Азамат тегі мен есімін, сондай-ақ қалауы бойынша - әкесінің атын қоса отырып, өз атымен құқықтар мен міндеттер алады және оларды жүзеге асырады.

      2. Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленіп, міндеттерді жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншік ат (ойдан шығарылған есімді) пайдаланатын реттері көзделуі мүмкін.

      3. Азаматтың туған кезде берілген есімі, сондай-ақ есімін өзгерту азаматтық хал актілерін тіркеу туралы заңдарда белгіленген тәртіп бойынша тіркелуге тиіс.

      4. Азамат өз есімін заңдарда белгіленген тәртіп бойынша өзгертуге құқылы. Есімін өзгерту оның бұрынғы есімін, жасырын немесе бүркеншік атпен алған құқықтары мен міндеттерін тоқтатуға немесе өзгертуге негіз болмайды.

      5. Азамат өзінің борышқорлары мен несие берушілеріне өз есімін өзгерткені туралы хабарлау үшін қажетті шаралар қолдануға міндетті және бұл адамдарда оның есімі өзгертілгендігі туралы мәліметтер болмауынан туған ықтимал зардаптарға тәуекел етеді.

      6. Есімін өзгерткен азамат өзінің бұрынғы есіміне ресімделген құжаттарға тиісті өзгерістер енгізілуін талап етуге құқылы.

      7. Басқа бір адамның есімімен құқықтар мен міндеттер иеленуге жол берілмейді.

      8. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азамат өз есімі оның келісімінсіз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.

      9. Азаматтың есімін заңсыз пайдалану нәтижесінде оған келтірілген зиян осы Кодекстің ережелеріне сәйкес өтелуге тиіс.

      Азаматтың есімі оның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әдістермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы Кодекстің 143-бабында көзделген ережелер қолданылады.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 № 225; 21.05.2013 № 95-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Азаматтың тұрғылықты жері және заңды мекенжайы

      1. Азамат тұрақты немесе көбінесе тұратын елді мекен оның тұрғылықты жері деп танылады.

      2. Он төрт жасқа толмаған адамдардың (жас балалардың) немесе қорғаншылықтағы азаматтардың тұрғылықты жері олардың заңды өкілдерінің тұрғылықты жері болып танылады.

      3. Азаматтың жеке және заңды тұлғалармен, сондай-ақ мемлекетпен қарым-қатынастарында пайдаланатын заңды мекенжайы болады.

      Азаматтың тіркелген жері оның заңды мекенжайы болып танылады.

      4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азаматтың тұрғылықты жері және заңды мекенжайы туралы ақпарат оның келісімінсіз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.

      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 № 224, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.05.2013 № 95-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.05.2024 № 86-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Азаматтардың әрекет қабілеттілігі

      1. Азаматтың өз әрекеттерімен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзі үшін азаматтық міндеттер жасап, оларды орындауға қабілеттілігі (азаматтық әрекет қабілеттілігі) кәмелетке толғанда, яғни он сегіз жасқа толғаннан кейін толық көлемінде пайда болады.

      2. Заңдарда он сегіз жасқа жеткенге дейін некелесуге рұқсат етілетін жағдайда, он сегіз жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап толық көлемінде әрекет қабілеттілігіне ие болады.

      3. Егер заңдарда өзгеше белгіленбесе, барлық азаматтардың әрекет қабілеттілігі тең болады.

18-бап. Құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігінен айыруға және оларды шектеуге жол бермеу

      1. Заңдарда көзделген реттер мен тәртіп бойынша болмаса, ешкімнің де құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін шектеуге болмайды.

      2. Азаматтардың құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін шектеудің заңдарда белгіленген шарттары мен тәртібінің немесе олардың кәсіпкерлік не өзге де қызметпен айналысу құқығының сақталмауы тиісті шектеуді белгілеген мемлекеттік немесе өзге де органның құжатын жарамсыз деп тануға әкеліп соқтырады.

      3. Құқық қабілеттілігін немесе әрекет қабілеттілігін шектеуге бағытталған басқа да мәмілелерге заңдарда рұқсат берілген жағдайларды қоспағанда, азаматтың құқық қабілеттілігінен немесе әрекет қабілеттілігінен толық немесе ішінара бас тартуы және осындай мәмілелер маңызсыз болады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Азаматтардың кәсіпкерлік қызметі

      1. Азаматтар, осы Кодексте және өзге заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда заңды тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқылы.

      2. Дара кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу дара кәсіпкер ретінде есепке қоюды білдіреді.

      3. Азаматтардың заңды тұлға құрмай-ақ жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметіне, егер заңдардан немесе құқықтық қатынастар мәнінен өзгеше нәрсе туындамайтын болса, тиісінше осы Кодекстің коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметін реттейтін ережелері қолданылады.

      4. Жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге жатады.

      4-1. Алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      5. Егер дара кәсіпкер лицензиялануға жататын қызметті жүзеге асырса, оның осындай қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы болуы міндетті.

      Лицензия Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі дара кәсіпкерлерге лицензиялар берудің оңайлатылған тәртібін белгілеуге құқылы.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.02 № 144-I, 2001.12.24 № 276, 2008.12.10 № 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 № 297-IV (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.26 № 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

20-бап. Азаматтың мүліктік жауапкершілігі

      1. Азамат өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі бүкіл мүлікпен жауап береді, бұған заңдарға сәйкес ақы өндіріп алуға болмайтын мүліктер кірмейді.

      2. Алып тасталды - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

20-1-бап. Қазақстан Республикасы азаматының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы

      1. Кредитордың (кредиторлардың) талаптарын қанағаттандыруға қабілеті болмаған кезде азаматқа "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шарттарда және тәртіппен төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдері қолданылады.

      2. Осы баптың күші Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаларға қолданылмайды.

      Ескерту. Кодекс 20-1-баппен толықтырылды – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

21-бап. Жеке кәсіпкердің банкроттығы

      1. Дара кәсіпкердің дәрменсіздігі (осы Кодекстің 52-бабы) оны банкрот деп тануға негіз болып табылады.

      2. Дара кәсіпкердің банкроттығы Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген қағидалар бойынша ерікті немесе мәжбүрлі түрде танылады. Дара кәсіпкердің банкроттық рәсімінің аяқталуы туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап оны дара кәсіпкер ретінде тіркеудің күші жойылады.

      3. Дара кәсіпкерге банкроттық рәсімдерін қолданған кезде оның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес міндеттемелер бойынша кредиторлары, егер осындай міндеттемелер бойынша орындау мерзімі басталған болса, өз талаптарын қоюға да құқылы. Көрсетілген кредиторлардың осындай тәртіппен мәлімделмеген талаптары, сондай-ақ мүліктік массадан толық көлемде қанағаттандырылмаған талаптар күшін сақтап қалады және банкроттық рәсімдері аяқталғаннан кейін жеке тұлға ретінде борышкерге өндіріп алынуға қойылуы мүмкін. Бұл талаптардың мөлшері борышкердің банкроттығы процесінде алынған қанағаттандыру сомасына азайтылады.

      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.03.2014 № 177-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 26.12.2019 № 290-VІ Заңымен(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

21-1-бап. Дара кәсіпкерге қатысты оңалту рәсімдері

      Дара кәсіпкер ретінде тіркелген борышкердің кәсіпкерлік қызметінің тоқтауын болғызбау мақсатында оған оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін кез келген шаралар қолданылуы мүмкін.

      Бұл шаралар оңалту рәсімі шеңберінде іске асырылады, оны жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында айқындалады.

      Ескерту. 2-тарау 21-1-баппен толықтырылды - ҚР 26.12.2019 № 290-VІ Заңымен(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың әрекет қабілеттілігі

      1. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мәмілелерді олардың заңды өкілдерінің келісімімен жасайды. Мұндай келісімнің нысаны заңдарда кәмелетке толмағандар жасайтын мәміле үшін белгіленген нысанға сай келуге тиіс.

      2. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар өздерінің табысына, стипендиясына, өзге де кірістеріне және өздері жасаған интеллектуалдық меншік құқығы объектілеріне өз бетінше билік етуге, сондай-ақ тұрмыстық ұсақ мәмілелер жасасуға құқылы.

      3. Жеткілікті негіздер болған жағдайда сот кәмелетке толмаған адамның өз табысына, стипендиясына, өзге де кірістеріне және өзі жасаған интеллектуалдық меншік құқығы объектілеріне өз бетінше билік ету құқығын шектеуі немесе ол құқықтан айыруы мүмкін.

      4. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар осы баптың ережелеріне сәйкес өздері жасаған мәмілелер бойынша дербес жауапты болады және өздерінің әрекеттерінен келтірілген зиян үшін осы Кодекстің ережелері бойынша жауап береді.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

22-1-бап. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау (эмансипация)

      1. Жасы он алтыға жеткен кәмелетке толмаған адам, егер ол еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін болса немесе оның заңды өкілдерінің келісімімен кәсіпкерлік қызметпен айналысатын болса, толығымен әрекетке қабілетті деп жариялануы мүмкін.

      2. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау (эмансипация) оның заңды өкілдерінің келісімімен қорғаншы және қамқоршы органның шешімі бойынша не ондай келісім болмаған жағдайда соттың шешімі бойынша жүргізіледі.

      3. Эмансипацияланған кәмелетке толмаған адам, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ие болу үшін жас шектеуі белгіленген құқықтар мен міндеттерді қоспағанда, азаматтық құқықтарға ие болады және міндеттерді (оның ішінде өзінің зиян келтіруі салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша) мойнына алады.

      Заңды өкілдер эмансипацияланған кәмелетке толмаған адамның міндеттемелері бойынша жауапты болмайды.

      Ескерту. Кодекс 21-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.01.12 № 225 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

23-бап. Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың (жас балалардың) әрекет қабілеттілігі

      Ескерту. 23-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар (жас балалар) үшін мәмілелерді, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, олардың атынан заңды өкілдері жасайды.

      2. Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар (жас балалар) өздерінің жасына лайықты, жасай салып орындалатын тұрмыстық ұсақ мәмілелерді өз бетінше жасауға құқылы.

      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

24-бап. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының кәмелетке толмағандардың мәміле жасауына және кәмелетке толмағандар үшін мәміле жасауға келісімі

      Заңдарда кәмелетке толмағандардың мәміле жасауына және кәмелетке толмағандар үшін мәміле жасауға қорғаншылық және қамқоршылық органының алдын ала келісімі талап етілетін жағдайлар белгіленуі мүмкін.

25-бап. Кәмелетке толмағандардың банкілерге салымдар салу және салымдарға билік ету құқығы

      1. Кәмелетке толмағандар банкілерге салымдар салуға және өздері салған салымдарға дербес билік етуге құқылы.

      2. Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың (жас балалардың) атына басқа біреудің салған салымдарына олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері билік етеді, ал он төрт жасқа толған кәмелетке толмағандар өздерінің атына басқа біреу салған салымдарға өз бетінше билік етеді.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

26-бап. Азаматты әрекет қабілеттілігі жоқ деп тану

      1. Жүйке ауруы немесе ақыл-есінің кемдігі салдарынан өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе не істегенін білмейтін азаматты сот әрекет қабілеттілігі жоқ деп тануы мүмкін, соған байланысты оған қорғаншылық белгіленеді.

      2. Әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылған азаматтың атынан мәмілелерді оның қорғаншысы жасайды.

      3. Әрекет қабілеттілігі жоқ адам сауығып кеткен немесе денсаулығы едәуір жақсарған жағдайда сот оны әрекет қабілеттілігі бар деп таниды, бұдан кейін одан қорғаншылық алынады.

27-бап. Азаматтың әрекет қабілеттілігін шектеу

      1. Құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салыну салдарынан өзінің отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшыратқан азаматтың әрекет қабілеттілігін сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіп бойынша шектеуі мүмкін. Оған қамқоршылық белгіленеді. Ол тұрмыстық ұсақ мәмілелерді өз бетінше жасауға құқылы. Басқа мәмілелер жасауды, сондай-ақ табысын, зейнетақысын және өзге де кірістерін алуды және оларға билік етуді ол тек қамқоршысының келісімімен ғана жүзеге асыра алады.

      2. Азамат құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі заттарға салынуды тоқтатқан жағдайда сот оның әрекет қабілеттілігіне қойылған шектеудің күшін жояды. Сот шешімінің негізінде азаматқа белгіленген қамқоршылықтың күші жойылады.

      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2020 № 356-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

28-бап. Азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану

      1. Егер азаматтың тұрғылықты жерінде ол туралы бір жыл бойы деректер болмаса, мүдделі адамдардың арызы бойынша сот оны хабар-ошарсыз кетті деп тануы мүмкін.

      2. Хабар-ошарсыз кеткен азамат туралы соңғы деректер алынған күнді анықтау мүмкін болмаған жағдайда жоқ адам туралы соңғы деректер алынған айдан кейінгі айдың бірінші күні, ал бұл айды анықтау мүмкін болмаған жағдайда келесі жылғы бірінші қаңтар хабар-ошарсыз кетудің басталған күні деп есептеледі.

29-бап. Хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкін сақтау

      1. Хабар-ошарсыз кетті деп танылған адамның мүлкіне сот шешімінің негізінде қорғаншылық белгіленеді. Осы мүліктен хабар-ошарсыз кеткен адам асырауға міндетті адамдарды асырауға қаражат беріледі және хабар-ошарсыз кеткен адамның салықтар мен басқа да міндеттемелер бойынша берешегі өтеледі.

      2. Мүдделі адамдардың арызы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органы мүлікті сақтау және басқару үшін хабар-ошарсыз кеткен адамның тұрған жері туралы соңғы деректер алынған күннен бастап бір жыл өткенге дейін де қорғаншы тағайындай алады.

30-бап. Хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы шешімнің күшін жою

      Хабар-ошарсыз кетті деп танылған адам келген немесе оның тұрған жері белгілі болған жағдайда сот оны хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы және оның мүлкіне қорғаншылық белгілеу туралы шешімнің күшін жояды.

31-бап. Азаматты өлді деп жариялау

      1. Егер азаматтың тұрғылықты жерінде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлім қатері төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негіз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделі адамдардың арызы бойынша сот оны өлді деп жариялауы мүмкін.

      2. Соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әскери қызметші немесе өзге адам соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемінде екі жыл өткеннен кейін өлді деп жариялануы мүмкін.

      3. Өлді деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні өлді деп жарияланған адамның өлген күні болып есептеледі. Өлім қатері төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негіз болатын жағдайларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адам өлді деп жарияланған реттерде сот бұл адамның шамамен қаза тапқан күнін оның өлген күні деп тануы мүмкін.

      4. Адамды өлді деп жариялау туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде азаматтық хал актілерін жазу кітаптарына оның өлгені туралы жазба жасалады. Бұл жазбаның нәтижелері де нақты өлім туралы жазбаның нәтижелері сияқты болады.

32-бап. Өлді деп жарияланған адамның тірі оралуынан туындайтын жағдайлар

      1. Өлді деп жарияланған адам тірі оралған немесе оның тұрған жері белгілі болған жағдайда сот тиісті шешімнің күшін жояды.

      2. Азамат өзінің қай уақытта оралғанына қарамастан, кез келген адамнан азамат өлді деп жарияланғаннан кейін сол адамға тегін көшіп, сақталып қалған мүлкін қайтарып беруді талап ете алады.

      3. Егер өлді деп жарияланған адамның мүлкін оның заңды мұрагері үшінші бір адамдарға беріп, олар мүліктің сатып алу бағасын адам тірі оралған кезге дейін толық төлемеген болса, төленбеген соманы талап ету құқығы тірі оралған адамға көшеді.

      4. Өлді деп жарияланған азаматтың мүлкі ақысы төленетін мәміле бойынша өзіне көшкен адамдар оған бұл мүлікті қайтаруға, ал оларда мүлік жоқ болған жағдайда, егер мүлікті алған кезде олар өлді деп жарияланған азаматтың тірі екендігін білгені дәлелденсе, мүліктің құнын өтеуге міндетті.

      5. Мүлікті иеліктен шығарушы адам өлді деп жарияланған адамның мүлікті иеліктен шығару кезінде тірі екендігін білген болса, мүлікті қайтарып беру немесе оның құнын өтеу міндетін мүлікті алушымен бірге мойнына алады.

      6. Егер өлді деп жарияланған адамның мүлкі мұрагерлік құқық бойынша мемлекетке өтіп, сатылып кеткен болса, адамды өлді деп жариялау туралы шешімнің күші жойылғаннан кейін оған мүліктің құн төленетін күнгі нарықтық бағасы ескеріле отырып, оны сатудан түскен сома қайтарылады.

Параграф 2. Заңды тұлғалар

      Ескерту. III, IV, V бөліктер V, VI, VII бөліктер болып есептелді - ҚР 1998.05.10 № 282 Заңымен.

I. Жалпы ережелер

33-бап. Заңды тұлға ұғымы

      1. Меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.

      Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиіс.

      2. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрі болады. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл талап жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.

      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

34-бап. Заңды тұлғалардың түрлері мен нысандары

      1. Өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде табысын келтіруді көздейтін (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретінде пайда келтіре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестірмейтін (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады.

      2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттік кәсіпорын, шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам, өндірістік кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкін.

      3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік нысанында және заңдарда көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін.

      Коммерциялық емес ұйым кәсіпкерлік қызметпен өзінің жарғылық мақсаттарына сай келуіне қарай ғана айналыса алады.

      3-1. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттік бюджеттің есебінен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттік мекеме нысанында құрылуы мүмкін.

      4. Заңды тұлғалар бірлестік құра алады (осы Кодекстің 110-бабы).

      5. Заңды тұлға осы Кодекстің, заңды тұлғалар нысандарының әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заңдар мен құрылтай құжаттарының негізінде жұмыс істейді.

      Ескерту. 34-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.07.10 № 282, 1998.12.16 № 320, 2007.01.12 № 225, 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

35-бап. Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі

      1. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметіне байланысты міндеттерді осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкін. Мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заңдарда немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрін жүзеге асыру үшін қажетті азаматтық міндеттерді атқаруы мүмкін.

      Заңдарда көзделген жағдайларда белгілі бір қызмет түрін жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшін басқа қызметпен айналысу мүмкіндігі болмауы немесе шектелуі мүмкін.

      Заңды тұлға тізбесі заңдарда белгіленетін жекелеген қызмет түрлерімен лицензия негізінде ғана айналыса алады.

      2. Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі ол құрылған кезде пайда болады және оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшін рұқсат алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі осындай рұқсатты алған кезден бастап пайда болады және ол алып қойылған, қолданыс мерзімі өткен немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады.

      3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттік бюджеттің есебінен ғана ұсталатын заңды тұлғаның (мемлекеттік мекеме) құқық қабілеттілігі осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.

      Ескерту. 35-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 1998.12.16 № 320; 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

36-бап. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздері құрған заңды тұлғалардың мүлкіне құқықтары

      1. Заңды тұлғаның оқшау мүлкіне қатысты оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) міндеттемелік және заттық құқықтары болуы мүмкін.

      2. Мүлкіне өз қатысушылары (құрылтайшылары) міндеттемелік құқықтарын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық серіктестіктер, акционерлік қоғам мен кооперативтер жатады.

      3. Мүлкіне өз құрылтайшылары меншік құқығын немесе өзге де заттық құқығын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргізуші құқығында немесе оралымды басқару құқығында мүлкі бар ұйымдар жатады.

      4. Мүлкіне олардың құрылтайшылары (қатысушылары) мүліктік құқықтарын сақтамайтын заңды тұлғаларға қоғамдық бірлестіктер, қорлар және діни бірлестіктер жатады.

      5. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздері құрған өзге ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалардың мүлкіне құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарына айқындалады.

      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.07.10 № 282, 2007.01.12 № 225, 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

37-бап. Заңды тұлғаның органдары

      1. Заңды тұлға заңдар мен құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс істейтін өз органдары арқылы ғана азаматтық құқықтарға ие болып, өзіне міндеттер қабылдайды.

      2. Заңды тұлға органдарының түрлері, тағайындалу немесе сайлану тәртібі және олардың өкілеттігі заңдар мен құрылтай құжаттарында белгіленеді.

      Ескерту. 37-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

38-бап. Заңды тұлғаның атауы

      1. Заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкіндік беретін өз атауы болады.

      Заңды тұлғаның атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетуді қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкін.

      Заңды тұлғаның атауы оның құрылтай құжаттарында көрсетіледі.

      Заңды тұлғаның атауында заң талаптарына немесе қоғамдық мораль қалыптарына қайшы келетін аттарды, егер жеке адамдардың есімдері қатысушылардың есімдеріне сәйкес келмесе не қатысушылар бұл адамдардың есімін пайдалануға олардан (олардың мұрагерлерінен) рұқсат алмаса, олардың есімдерін пайдалануға жол берілмейді.

      2. Заңды тұлға белгілі бір атаумен Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізіледі.

      Заңды тұлғаның атауы Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғалардың атауын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс.

      Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның атауы заңды тұлға тіркелгеннен кейін оның фирмалық атауы болып табылады.

      Заңды тұлғаның фирмалық атауды тек қана өзі пайдалануға құқығы бар. Бөтен бір фирмалық атауды заңсыз пайдаланатын тұлға фирмалық атаудың құқық иесінің талап етуі бойынша мұндай атауды пайдалануды тоқтатуға және келтірілген залалдың орнын толтыруға міндетті.

      Заңды тұлғаның фирмалық атауды пайдалануға байланысты құқықтары мен міндеттері заңнамада айқындалады.

      3. Алынып тасталды - ҚР 2001.12.24 № 276 Заңымен.

      4. Мемлекеттік органдар болып табылмайтын заңды тұлғалардың фирмалық атауларында, қызмет көрсету таңбаларында, тауар таңбаларында, Қазақстан Республикасының заңдарда, Президенті мен Үкіметі актілерінде белгіленген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ресми атауларына сілтемелерді пайдалануға тыйым салынады.

      Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 № 30, 1998.03.02 № 211, 1999.07.16 № 440, 2001.12.24 № 276, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

39-бап. Заңды тұлғаның тұрған жері

      1. Заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органы тұрған жер оның тұрған жері болып танылады.

      2. Заңды тұлғаның тұрған жері оның құрылтай құжаттарында почталық толық мекен-жайы жазылып, көрсетіледі.

      3. Үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда заңды тұлға нақты мекенжайының Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген мекенжайына сәйкес келмейтініне сілтеме жасауға құқылы емес. Бұл ретте, үшінші тұлғалар заңды тұлғаға почталық және өзге де хат-хабарды Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген мекенжайына да, нақты мекенжайына да жіберуге құқылы.

      Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

40-бап. Заңды тұлғаның құрылтайшылары

      1. Заңды тұлғаны бір немесе бірнеше құрылтайшы құруы мүмкін.

      2. Мүлікті меншіктенушілер не олар уәкілдік берген органдар немесе жақтар, ал заңдарда арнайы көзделген реттерде өзге де заңды тұлғалар заңды тұлғаның құрылтайшылары бола алады. Бұл орайда, мүлікті шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығымен иеленетін заңды тұлғалар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, меншік иесінің немесе ол уәкілдік берген органның келісімімен басқа заңды тұлғалардың құрылтайшылары бола алады.

      3. Заңды тұлғаның құрылтайшылары, Қазақстан Республикасының заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, осы заңды тұлғаның құрылтайшылары болып табылмайтын оның басқа қатысушыларынан қандай да бір артықшылықтарға ие бола алмайды.

      Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2003.05.16 № 416, 2011.02.18 № 408-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

41-бап. Заңды тұлғаның құрылтай құжаттары

      1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, заңды тұлға өз қызметін:

      1) жарғысы және құрылтай шарты;

      2) жарғысы;

      3) жарғысы және eгep заңды тұлғаны бір адам құрған жағдайда, заңды тұлғаны құру туралы жазбаша түрде ресімделген шешімі (жалғыз құрылтайшының шешімі) негізінде жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға осы түрдегі ұйымдар туралы жалпы ережелер немесе мазмұнын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын үлгілік жарғы негізінде әрекет жасай алады.

      Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға мазмұнын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын үлгілік жарғының негізінде өз қызметін жүзеге асыра алады.

      2. Заңды тұлғаның құрылтай шарты жасалады, ал жарғысын құрылтайшылары бекітеді. Егер коммерциялық ұйымның құрылтайшысы бір адам болса, құрылтай шарты жасалмайды.

      3. Коммерциялық емес ұйым мен мемлекеттік кәсіпорынның құрылтай құжаттарында заңды тұлға қызметінің мәні мен мақсаты белгіленуге тиіс.

      Шаруашылық серіктестігі, акционерлік қоғамы мен өндірістік кооперативтің құрылтай құжаттарында олардың қызметінің мәні мен мақсаттары көзделуі мүмкін.

      4. Құрылтай шартында тараптар (құрылтайшылар) заңды тұлға құруға міндеттенеді, оны құру жөніндегі бірлескен қызмет тәртібін, оның меншігіне (оралымды басқаруына) өз мүлкін беру және оның қызметіне қатысу ережелерін белгілейді. Егер осы Кодексте немесе заңды тұлғалардың жекелеген түрлері туралы заңдарда өзгеше көзделмесе, шартта құрылтайшылар арасында таза табысты бөлудің, заңды тұлға қызметін басқарудың, оның құрамынан құрылтайшылардың шығуының шарттары мен тәртібі де белгіленеді және оның жарғысы бекітіледі.

      Құрылтай шартына құрылтайшылардың келісуі бойынша басқа да ережелер енгізілуі мүмкін.

      4-1. Жалғыз құрылтайшының шешімі мүліктерді меншікке беру (шаруашылық жүргізу, оралымды басқару) шарттарын және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шешімдерді қамтуға тиіс.

      Жалғыз құрылтайшының - заңды тұлғаның шешімін Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы заңды тұлғаның жарғысына сәйкес оның осындай шешім қабылдауға құқығы бар органдары қабылдайды.

      5. Заңды тұлғаның жарғысында: онда оның атауы, тұрғылықты орны, оның органдарын құру тәртібі және олардың құзыреті, оның қызметін қайта құру және жою ережелері белгіленеді.

      Егер заңды тұлғаны бір адам құрса, онда оның жарғысында мүлікті құру және кірістерді бөлу тәртібі де белгіленеді.

      Жарғыда Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін басқа да ережелер болуы мүмкін.

      6. Бір заңды тұлғаның құрылтай шарты мен жарғысы арасында қайшылықтар болған жағдайда:

      1) егер олар құрылтайшылардың өзара қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының;

      2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшінші тұлғалармен қатынастарында маңызы болса, жарғының ережелері қолдануға тиіс.

      7. Барлық мүдделі адамдар заңды тұлғаның жарғысымен танысуға құқылы.

      Ескерту. 41-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1996.07.15 № 30, 1997.06.19 № 132, 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.04.22 № 221, 1998.07.10 № 282, 2003.05.16 № 416, 2007.01.12 № 225, 2008.07.04 № 54-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.08 № 225-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

42-бап. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу

      1. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жатады.

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркелуге жатады.

      Мемлекеттік тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      2. Мемлекеттік тіркеу деректері, оның ішінде заңды тұлғалардың атауы, ал коммерциялық ұйымдар үшін – фирмалық атауы Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізіледі.

      3. Заңды тұлға мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап құрылды деп саналады.

      4. Филиалдар мен өкілдіктер заңдарда белгіленген тәртіппен тіркеледі.

      Филиалдар мен өкілдіктер атаулары өзгерген жағдайда қайта тіркелуге жатады.

      5. Заңды тұлға құрудың заңда белгіленген тәртібін бұзу немесе оның құрылтай құжаттарының заңға сәйкес келмеуі заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуден бас тартуға әкеліп соқтырады. Заңды тұлға құрудың тиімсіздігін желеу етіп тіркеуден бас тартуға жол берілмейді.

      Мемлекеттік тіркеуден бас тартуға, сондай-ақ мұндай тіркеуден жалтаруға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      6. Заңды тұлға мынадай жағдайларда:

      1) жарғылық капиталының мөлшері азайтылған;

      2) атауы өзгергенде;

      3) шаруашылық серіктестіктеріндегі қатысушылардың құрамы өзгергенде (шаруашылық серіктестігі қатысушыларының тізілімін жүргізуді бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушысы жүзеге асыратын шаруашылық серіктестіктерін қоспағанда) қайта тіркелуге тиіс.

      Аталған негіздер бойынша құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер заңды тұлға қайта тіркелмейінше жарамсыз болып табылады.

      Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 № 30-I, 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.07.10 № 282, 2003.05.16 № 416, 2005.07.08 № 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.06.05 № 146, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

43-бап. Заңды тұлғаның филиалдары, өкілдіктері және өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері

      1. Заңды тұлғаның тұрған жерінен тыс орналасқан және оның функцияларының бәрін немесе бір бөлігін, оның ішінде өкілдік функцияларын жүзеге асыратын оқшауланған бөлімшесі оның филиалы болып табылады.

      2. Заңды тұлғаның тұрған жерінен тыс орналасқан және заңды тұлғаның мүдделерін қорғауды және өкілдік етуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оның атынан мәмілелер мен өзге де құқықтық әрекеттер жасайтын оқшауланған бөлімшесі оның өкілдігі болып табылады.

      3. Филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болып табылмайды. Оларға өздерін құрған заңды тұлға мүлік бөліп береді және олар оның бекіткен ережелері негізінде әрекет етеді.

      4. Заңдарда белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалар өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелер құруға құқылы.

      Заңды тұлғаның функцияларының бір бөлігін орындайтын, өзінің орналасқан жері бойынша стационарлық жұмыс орындары жабдықталған аумақтық оқшауланған бөлімше заңды тұлғаның өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі болып танылады. Егер жұмыс орны бір айдан асатын мерзімге құрылса, ол стационарлық жұмыс орны болып есептеледі.

      Мемлекеттік мекеменің өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі заңдарда тікелей көзделген жағдайларда құрылады.

      5. Қоғамдық бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) басшылары қоғамдық бірлестіктің жарғысында және оның филиалы немесе өкілдігі туралы ережеде көзделген тәртіппен сайланады.

      Діни бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) басшылары діни бірлестіктің жарғысында және оның филиалы немесе өкілдігі туралы ережеде көзделген тәртіппен сайланады не тағайындалады.

      Өзге нысандағы заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінің басшыларын заңды тұлғаның уәкілетті органы тағайындайды және олар оның сенімхаты негізінде әрекет етеді.

      Ескерту. 43-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

44-бап. Заңды тұлғаның жауапкершілігі

      1. Мекемелердің және қазыналық кәсіпорындардың құрылтайшысы қаржыландыратын арнайы қаржы компанияларынан, мемлекеттік ислам арнайы қаржы компанияларынан басқа заңды тұлғалар өз міндеттемелері бойынша өздеріне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді.

      Мекеме өзінің міндеттемелері бойынша өз билігіндегі ақшамен жауап береді. Ақша жеткіліксіз болған жағдайда мекеменің міндеттемелері бойынша оның құрылтайшысы жауаптылықта болады.

      Қазыналық кәсіпорын өзінің міндеттемелері бойынша өз билігіндегі ақшамен жауап береді.

      Қазыналық кәсіпорында ақша жеткіліксіз болған жағдайда оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.

      Арнайы қаржы компаниясы өз міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жауап береді.

      Мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы міндеттемелері бойынша өз иелігіндегі ақшасымен жауап береді.

      2. Заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) немесе оның мүлкінің меншік иесі оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал заңды тұлға заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) немесе оның мүлкінің меншік иесінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, бұған осы Кодексте, өзге заңдарда не заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көзделген жағдайлар қосылмайды.

      3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу немесе қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен әдейі банкроттыққа кінәлі деп танылған құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды адам банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша заңды тұлғада қаражат жеткіліксіз болған кезде кредиторлар алдында субсидиарлық жауаптылықта болады.

      4. Заңды тұлға үшінші тұлғалардың алдында заңды тұлғаның органы құрылтай құжаттарында белгіленген өз өкілеттігін асыра пайдаланып қабылдаған міндеттемелері бойынша жауап береді, бұған осы Кодекстің 159-бабының 11-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.

      Ескерту. 44-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.12.16 № 320, 1999.11.04 № 472, 2003.05.20 № 417, 2006.02.20 № 127 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 № 225, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 290-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

45-бап. Заңды тұлғаны қайта құру

      1. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) оның мүлкінің меншік иесінің немесе меншік иесі уәкілеттік берген органның, құрылтайшылардың (қатысушылардың), сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында уәкілеттік берілген органның шешімі бойынша не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда сот органдарының шешімі бойынша жүргізіледі. Қазақстан Республикасының заңнамасында қайта ұйымдастырудың басқа да нысандары көзделуі мүмкін.

      Заңды тұлға – ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорын, арнайы қаржы компаниясын, төлем ұйымын, микроқаржы ұйымын қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау, сақтандыру және сақтандыру қызметі, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру, төлемдер және төлем жүйелері, микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Акционерлік қоғамдарды қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      2. Қайта құру ерікті түрде немесе ықтиярсыз жүргізілуі мүмкін.

      3. Заңдарда көзделген реттерде ықтиярсыз қайта құру сот органдарының шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

      Егер заңды тұлғаның мүлкін меншіктенуші, ол уәкілдік берген орган, құрылтайшылар немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында қайта құруға уәкілдік берілген органы заңды тұлғаны қайта құруды сот органының шешімінде белгіленген мерзімде жүзеге асырмаса, сот заңды тұлғаның басқарушысын тағайындайды және оған осы заңды тұлғаны қайта құруды жүзеге асыруды тапсырады. Басқарушы тағайындалған кезден бастап заңды тұлғаның ісін басқару жөніндегі өкілеттік соған ауысады. Басқарушы сотта заңды тұлғаның атынан әрекет етеді, бөлу балансын жасайды және оны заңды тұлғаны қайта құру нәтижесінде туындайтын құрылтай құжаттарымен бірге соттың бекітуіне береді. Аталған құжаттарды соттың бекітуі жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болады.

      4. Заңды тұлға, біріктіру нысанында қайта құрылатын реттерді қоспағанда, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар тіркелген кезден бастап қайта құрылған деп есептеледі.

      Заңды тұлға оған екінші бір заңды тұлғаның қосылуы жолымен қайта ұйымдастырылған кезде қосылған заңды тұлға қызметінің тоқтатылғаны туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген кезден бастап олардың біріншісі қайта ұйымдастырылды деп есептеледі.

      Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - 1997.06.19 № 134-I, 2000.12.18 № 128, 2005.07.08 № 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.02.20 № 127 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.01.12 № 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.07.2016 № 12-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

46-бап. Заңды тұлғаларды қайта құрған кездегі құқықты мирасқорлығы

      1. Заңды тұлғаларды қосқан кезде олардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттері өткізу құжатына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.

      2. Заңды тұлғаны екінші бір заңды тұлғаға біріктірген кезде біріктірілген заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттері өткізу құжатына сәйкес соңғысына ауысады.

      3. Заңды тұлғаны бөлген кезде оның құқықтары мен міндеттері бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаларға ауысады.

      4. Заңды тұлғаның құрамынан бір немесе бірнеше заңды тұлғаларды бөліп шығарғанда, бөлу балансына сәйкес олардың әрқайсысына қайта құрылған заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттері ауысады.

      5. Заңды тұлғаның бір түрін екінші түрдегі заңды тұлғаға өзгерткен кезде (ұйымдық-құқықтық нысанды өзгерткенде) қайта құрылған заңды тұлғаның құқықтары мен міндеттері өткізу құжатына сәйкес жаңадан пайда болған заңды тұлғаға ауысады.

47-бап. Өткізу актісі және бөлу балансы

      1. Қайта құрылған заңды тұлғаның мүліктік құқықтары мен міндеттері жаңадан пайда болған заңды тұлғаға қосылған немесе біріктірілген кезде - өткізу актісіне сәйкес, бөлінген және бөліп шығарылған жағдайда - бөлу балансына сәйкес ауысады.

      Өткізу актісі мен айыру балансында қайта құрылған заңды тұлғаның барлық несие берушілері мен борышқорларына қатысты, барлық міндеттемелері бойынша, соның ішінде тараптар дауласқан міндеттемелер бойынша да құқықты мирасқорлығы туралы ережелер болуға тиіс.

      2. Өткізу актісі мен бөлу балансын заңды тұлғаның мүлкін меншіктенуші немесе заңды тұлғаны қайта құру туралы шешім қабылдаған орган бекітеді және құрылтай құжаттарымен бірге жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды тіркеуге немесе нақтылы бар заңды тұлғалардың құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу үшін олар құрылтай құжаттарымен бірге тапсырылады.

      Құрылтай құжаттарымен бірге тиісті өткізу актісінің немесе бөлу балансының тапсырылмауы, сондай-ақ оларда қайта құрылған заңды тұлғаның міндеттемелері бойынша құқықты мирасқорлығы туралы ережелердің болмауы жаңадан пайда болған заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға әкеліп соқтырады.

      3. Егер заңдарда немесе қайта құру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, мүлік (құқықтар мен міндеттер) құқықты мирасқорына ол тіркелген кезден бастап ауысады.

48-бап. Заңды тұлғаны қайта құру кезіндегі оның несие берушілері құқықтарының кепілдігі

      1. Заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған орган қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның кредиторларын бұл жөнінде жазбаша хабардар етуге міндетті. Талаптарды мәлімдеу мерзімі қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның кредиторлары хабарламаларды алған кезден бастап екі айдан кем болмауға тиіс.

      2. Бөлінген және бөліп шығарылған кезде құрылатын заңды тұлғаның несие берушісі осы заңды тұлға борышқоры болып табылатын міндеттемелердің мерзімінен бұрын тоқтатылуын және келтірілген залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы.

      3. Егер бөлу балансы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорын анықтауға мүмкіндік бермесе, не егер құқықтық мирасқорында қайта құрылғанға дейін туындаған міндеттемелерді орындау үшін мүлік жеткіліксіз болса, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар, сондай-ақ құрамынан басқа заңды тұлға бөлініп шыққан заңды тұлға, қайта құрылған заңды тұлғаның міндеттемелері бойынша оның несие берушілерінің алдында ортақ жауапты болады.

      Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2010.04.02 № 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

49-бап. Заңды тұлғаны тарату негіздері

      1. Заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің немесе меншік иесі уәкілеттік берген органның, сондай-ақ құрылтай құжаттарында осыған уәкілеттік берілген органының шешімі бойынша заңды тұлға кез келген негіз бойынша таратылуы мүмкін.

      Заңды тұлға – ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорын, арнайы қаржы компаниясын тарату Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау, сақтандыру ісі және сақтандыру қызметі, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      2. Соттың шешімі бойынша заңды тұлға:

      1) банкрот болған;

      2) заңды тұлғаны құру кезінде заңдардың түзетуге келмейтін сипатта бұзылуына жол берілуіне байланысты оны тіркеу жарамсыз деп танылған;

      3) орналасқан жері бойынша немесе нақты мекенжайы бойынша заңды тұлға, сондай-ақ заңды тұлға бір жыл ішінде оларсыз жұмыс істей алмайтын құрылтайшылар (қатысушылар) және лауазымды адамдар болмаған;

      4) қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асырған:

      заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетін қызметті үнемі жүзеге асырған;

      қызметін тиісті лицензиясыз не заңдарда тыйым салынған қызметті жүзеге асырған;

      5) басқа да заңдарда көзделген жағдайларда таратылуы мүмкін.

      3. Осы баптың екінші тармағындағы аталған негіздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы талапты заңдарда осындай талап қоюға құқық берілген мемлекеттік орган, ал банкрот болған жағдайда - несие берушілер де сотқа беруі мүмкін.

      Заңды тұлғаны тарату туралы сот шешімімен заңды тұлғаны таратуды жүзеге асыру жөніндегі міндеттер оның мүлкінің меншік иесіне, меншік иесі уәкілеттік берген органға, заңды тұлғаны таратуға оның құрылтай құжаттарында уәкілеттік берілген органға, заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату рәсіміне бастамашылық жасаған органға (тұлғаға) не өзге органға (тұлғаға), егер осы органның (тұлғаның) заңды тұлғаны тарату жөніндегі функцияларды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, жүктелуі мүмкін.

      4. Егер осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен оны тарату туралы шешім қабылданған заңды тұлға мүлкінің құны кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болса, мұндай заңды тұлға Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңында белгіленген тәртіппен таратылуға тиіс.

      5. Заңды тұлғалардың жекелеген түрлері мемлекет уәкілдік берген тиісті органның шешімімен заңдарда көзделген негіздер бойынша таратылуы мүмкін.

      Ескерту. 49-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.01.21 № 68-I, 1997.06.19 № 134-I, 1998.03.02 № 211, 2000.12.18 № 128, 2001.12.24 № 276 (2002.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.02.20 № 127 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 № 225, 2007.07.21 № 299, 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 290-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.01.2021 № 409-VI (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

50-бап. Заңды тұлғаны тарату тәртібі

      1. Заңды тұлға мүлкінің меншік иесі немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешім қабылдаған орган бұл туралы заңды тұлғаларды тіркеуді жүзеге асыратын әділет органына не "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына, тіркелген жеріндегі мемлекеттік кіріс органына дереу жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, интернет-ресурс арқылы хабарлауға міндетті.

      2. Заңды тұлғаның мүлкін меншіктенуші немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешім қабылдаған орган тарату комиссиясын құрады және осы Кодекске сәйкес тарату тәртібі мен мерзімін белгілейді.

      Тарату комиссиясы құрылған кезден бастап заңды тұлғаның мүлкін және істерін басқару жөніндегі өкілеттік соған ауысады. Тарату комиссиясы сотта таратылатын заңды тұлға атынан әрекет етеді.

      3. Тарату комиссиясы заңды тұлғаны тарату, сондай-ақ оның кредиторларының талаптарын мәлімдеу тәртібі мен мерзімі туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды. Банкроттық жағдайларын қоспағанда, талаптарды мәлімдеу мерзімі тарату туралы хабарландыру жарияланған кезден бастап екі айдан кем болмауы тиіс. Банкроттық кезінде кредиторлардың банкротқа қоятын талаптары кредиторлардың талаптарын мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған кезден бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей мәлімделуге тиіс.

      Тарату комиссиясы несие берушілерді анықтау және қарыздарын алу үшін шаралар қолданады, сондай-ақ несие берушілерге заңды тұлғаның таратылғандығы туралы жазбаша хабарлайды.

      4. Несие берушілер талаптарын қоюға арналған мерзім аяқталғаннан кейін тарату комиссиясы аралық тарату балансын жасайды, онда таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамы, несие берушілер қойған талаптар тізбесі, сондай-ақ оларды қарау нәтижелері туралы мәліметтер болады.

      Аралық тарату балансын заңды тұлғаның мүлкін меншіктенуші немесе заңды тұлғаны тарату жөнінде шешім қабылдаған орган бекітеді.

      Аралық тарату балансын жасаған кезде таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамына арнайы қаржы компаниясының жобалық қаржыландыру кезіндегі міндеттемелері бойынша, Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған арнайы қаржы компаниясының секьюритилендіру кезіндегі облигациялары бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлінген активтер және ипотекалық облигациялар бойынша: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтары (ипотекалық куәліктерді қоса алғанда), сондай-ақ көрсетілген облигацияларды ұстаушыларда меншік құқығы мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бойынша туындаған немесе оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары қамтамасыз ету болып табылатын кепіл мүлкі енгізілмейді. Тарату комиссиясы көрсетілген мүлік пен бөлінген активтерді кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес айқындалған ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың өкіліне, кредиторлардың және (немесе) облигацияларды ұстаушылардың өкіліне береді.

      Аралық тарату балансын жасау кезінде таратылатын мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы мүлкінің құрамына мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде сатқан мүлік кірмейді. Көрсетілген мүлікті тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындалған тәртіппен және мерзімдерде Қазақстан Республикасының меншігіне береді.

      5. Егер таратылатын заңды тұлғаның (мемлекеттік мекемелерден басқа) ақшасы несие берушілердің талабын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болса, тарату комиссиясы заңды тұлғаның мүлкін сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіп бойынша жария сатуды жүзеге асырады.

      Таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамына енгізілген кепілге салынған мүлікті жария сауда-саттықта сату кезінде кепілді кредиторлардың талаптары кепілге салынған мүлікті өткізуден алынған сома шегінде басқа кредиторлардың алдында артықшылықпен қанағаттандырылады.

      Кепіл нысанасын өткізуден түскен сома жеткіліксіз болған жағдайда, кепілді кредитор талаптарының қалған сомасы осы Кодекстің 51-бабында белгіленген кезектілік тәртібімен қанағаттандырылады.

      6. Тарату комиссиясы таратылатын заңды тұлғаның кредиторларына ақша төлеуді аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап, соған сәйкес, осы Кодекстің 51-бабында белгіленген кезектілік тәртібімен жүргізеді. Акционерлік қоғамдардың мүлкін бөлу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасында белгіленеді.

      Таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамында кепілге салынған мүлік болған кезде кепілді кредитор өз талаптарын кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау арқылы қанағаттандыруға құқылы.

      Тарату комиссиясы кепілді кредитордан кепілге салынған мүлікті заттай қабылдайтыны туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мүлікке бағалау жүргізеді.

      Кепілге салынған мүлікті кепілді кредиторға беру осы тармақтың бесінші және алтыншы бөліктерінде көзделген талаптар ескеріле отырып, бағалау жүргізілгеннен кейін жүргізіледі.

      Егер кепілге салынған мүліктің кепіл нысанасын бағалауға жұмсалған шығыстар шегерілгендегі бағалау құны кепілді кредитордың талаптарынан көп болған жағдайда, онда кепілді кредитор осы айырманы таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамына қайтарады.

      Егер кепілге салынған мүліктің кепіл нысанасын бағалауға жұмсалған шығыстар шегерілгендегі бағалау құны кепілді кредитордың талаптарынан аз болған жағдайда, кепілді кредитордың айырма мөлшеріндегі талаптары осы Кодекстің 51-бабында белгіленген кезектілік тәртібімен қанағаттандырылуға жатады.

      7. Несие берушілермен есеп айырысу біткеннен кейін тарату комиссиясы тарату балансын жасайды, оны заңды тұлғаның мүлкін меншіктенуші немесе заңды тұлғаны тарату туралы шешім қабылдаған орган бекітеді.

      8. Несие берушілердің талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жұмсалады.

      9. Несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру үшін таратылатын қазыналық кәсіпорынның - мүлкі, ал таратылатын мекеменің ақшасы жеткіліксіз болған жағдайда, несие берушілер талаптарының қалған бөлігін осы кәсіпорынның немесе мекеменің мүлкін меншіктенуші есебінен қанағаттандыру туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқылы.

      9-1. Алып тасталды - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      10. Заңды тұлғаның таратылуы аяқталды, ал заңды тұлға өз қызметін тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілгеннен кейін есептеледі.

      Ескерту. 50-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1996.07.15 № 30-I, 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 1998.07.10. № 282, 1998.12.16. № 320, 2003.06.03. № 426, 2006.01.10. № 115(ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.02.20. № 127(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12. № 225, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

51-бап. Несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру

      1. Банкроттық жағдайларын қоспағанда, заңды тұлға таратылған кезде оның кредиторларының талаптары мынадай кезектілікпен қанағаттандырылады:

      1) бірінші кезекте - жалақыдан және (немесе) өзге де кірістен ұсталған алименттерді төлеу жөніндегі талаптар, сондай-ақ таратылатын заңды тұлға өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін алдында жауаптылықта болатын азаматтардың талаптары тиісті мерзімдік төлемдерді капиталға айналдыру жолымен қанағаттандырылады;

      2) екінші кезекте – Қазақстан Республикасының банкроттық мәселелерін реттейтін заңына сәйкес талаптар сомаларының бір бөлігі бесінші кезекте қанағаттандырылатын жағдайларды қоспағанда, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбегіне ақы төлеу және өтемақылар төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, жалақыдан ұсталған міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті төлеу, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақылар төлеу жөніндегі есеп айырысулар жүргізіледі;

      3) үшінші кезекте – ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтарының кепілімен (ипотекалық куәліктер кепілін қоса алғанда) қамтамасыз етілген ипотекалық облигацияларды ұстаушыларда оларға меншік құқығы туындаған немесе оларға мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бойынша ауысқан жағдайларда, кредиторлардың – көрсетілген облигацияларды, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын ұстаушылардың талаптарын, сондай-ақ кредиторлардың осы Кодекстің 50-бабы 5-тармағының екінші бөлігіне немесе 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес қанағаттандырылған талаптарын қоспағанда, кредиторлардың таратылатын банкрот мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелері жөніндегі талаптары қамтамасыз ету сомасы шегінде қанағаттандырылады;

      4) төртінші кезекте салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жөніндегі берешек өтеледі;

      5) бесінші кезекте – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа кредиторлармен, сондай-ақ осы Кодекстің 50-бабы 5-тармағының үшінші бөлігінде және 6-тармағының алтыншы бөлігінде көзделген жағдайларда кепілді кредиторлармен есеп айырысу жүргізіледі.

      2. Әр кезектің талаптары оның алдындағы кезек талаптары толық қанағаттандырылып болғаннан кейін қанағаттандырылады.

      3. Таратылған заңды тұлғаның мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда, егер заңда өзгеше белгіленбесе, ол несие берушілер арасында тиісті кезекпен қанағаттандырылуға жататын талаптардың сомаларына қарай бөлінеді.

      4. Тарату комиссиясы несие берушінің талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан не оларды қараудан жалтарған жағдайда, несие беруші заңды тұлғаның тарату балансы бекітілгенге дейін тарату комиссиясына талап қойып сотқа жүгінуге құқылы. Соттың шешімі бойынша несие берушінің талаптары таратылған заңды тұлғаның қалған мүлкі есебінен қанағаттандырылуы мүмкін.

      5. Заңды тұлғаның несие берушілердің талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкі, егер заңдарда немесе заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, оның бұл мүлікке заттық құқықтары бар немесе заңды тұлға жөнінде міндеттемелік құқықтары бар меншік иесіне немесе құрылтайшыларына (қатысушыларына) беріледі.

      6. Таратылатын заңды тұлға мүлкінің жеткіліксіз болуына байланысты несие берушілердің қанағаттандырылмаған, сондай-ақ тарату балансын бекіткенге дейін мәлімделмеген талаптары өтелген деп есептеледі.

      Егер несие беруші талап қойып сотқа жүгінбесе, несие берушілердің тарату комиссиясы мойындамаған талаптары да, сот шешімімен несие берушіге қанағаттандырудан бас тартылған талаптар да өтелген деп есептеледі.

      Ескерту. 51-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.01.21. № 68-I, 2001.07.11. № 239, 2003.06.03. № 426, 2004.04.08. № 542 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.01.12. № 225, 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 406-V (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

52-бап. Банкроттық

      Банкроттық - борышкердің соттың шешімімен танылған оны таратуға негіз болып табылатын дәрменсіздігі.

      Борышкердің дәрменсіздігін Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жасалған, қаржылық орнықтылық туралы қорытындыны ескере отырып, сот белгілейді.

      Ескерту. 52-бап жаңа редакцияда - ҚР 1997.01.21. № 68-I Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.06.29. № 238, 2008.07.05 № 60-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 406-V (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 290-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

53-бап. Банкрот деп тану

      1. Банкроттық ерікті түрде немесе мәжбүр ету тәртібімен танылуы мүмкін.

      2. Банкроттықты ерікті түрде тану борышкердің сотқа берген өтініші негізінде жүзеге асырылады.

      3. Мәжбүр ету тәртібімен банкрот деп тану несие берушінің, ал заңдарда көзделген жағдайларда өзге де адамдардың сотқа өтініш беруі негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 53-бап жаңа редакцияда - ҚР 1997.01.21. № 68-I Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.06.29. № 238 Заңымен.

54-бап. Заңды тұлғаға қатысты оңалту рәсімдері

      Борышкер – заңды тұлғаның таратылуын болғызбау мақсатында оған төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін кез келген шаралар қолданылуы мүмкін.

      Бұл шаралар оңалту рәсімі шеңберінде іске асырылады, оны жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында айқындалады.

      Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2019 № 290-VІ Заңымен(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

54-1. Сырттай байқау

      Ескерту. 54-1-бап алып тасталды - ҚР 07.03.2014 № 177-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

55-бап. Банкроттық рәсімін қозғау салдарлары

      1. Сот борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғау туралы шешім шығарған күннен бастап:

      1) банкрот мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), банкрот-заңды тұлғаның құрылтайшыларына (қатысушыларына), барлық органдарына мүлікті иеліктен шығаруға және міндеттемелерді өтеуге тыйым салынады;

      2) банкроттың барлық борыштық міндеттемелерінің мерзімдері өткен деп саналады;

      3) банкрот берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбы мен сыйақыны (мүддені) есептеу тоқтатылады;

      4) банкроттың қатысуымен сотта қаралатын мүліктік сипаттағы даулар, егер олар бойынша қабылданған шешімдер заңды күшіне енбеген болса, тоқтатылады;

      5) үшінші тұлғалардың кепілдіктер мен кепілгерліктерді орындау жөніндегі талаптарын, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші ретінде әрекет ететін жағдайларда кепіл затына өндіріп алуды қолдануды қоспағанда, банкроттық рәсімі шеңберінде ғана банкротқа талаптар қойылуы мүмкін;

      6) уақытша немесе банкроттықты басқарушының өтініші және борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің ұсынылған көшірмесі негізінде банкроттың мүлкіне барлық шектеулер мен ауыртпалықтар (борышкердің шоттарына қаржылық және мемлекеттік органдардың инкассолық өкімдері, сот орындаушылары тағайындаған мүлікке тыйым салу және басқалар) оларды салған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан алып тасталады;

      7) банкроттың мүлкіне жаңа тыйым салуларға және банкроттың мүлкіне иелік етудегі өзге де шектеулерге мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті бөгденің заңсыз иеленуінен талап ету туралы банкротқа қойылатын қуынымдар бойынша ғана жол беріледі;

      8) банкроттық рәсімі қозғалған кезде сатып алушыға берілмеген банкроттың мүлкі банкроттың мүліктік массасының құрамына енгізіледі, ал кредитор немесе орындалмаған міндеттеме бойынша дәрменсіз болған сатып алушы банкроттық рәсімі шеңберінде борышкерге өзінің талаптарын қоюға құқылы.

      Ескерту. 55-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.03.2014 № 177-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

56-бап. Дәрменсіз борышқорды борыштардан босату

      Ескерту. 56-бап алып тасталды – ҚР 30.12.2022 № 179-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

57-бап. Банкрот болған заңды тұлға қызметінің тоқтатылуы

      1. Заңды тұлғаны соттың банкрот деп тануы оның таратылуына әкеліп соқтырады.

      2. Банкрот-заңды тұлға Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен алып тасталған кезден бастап оның қызметі тоқтатылды деп есептеледі.

      Ескерту. 57-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

II. Шаруашылық серіктестік
1. Жалпы ережелер

58-бап. Шаруашылық серіктестік туралы негізгі ережелер

      1. Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесіне (салымдарына) бөлінген коммерциялық ұйым шаруашылық серіктестік деп танылады. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдары есебінен құрылған, сондай-ақ шаруашылық серіктестік өз қызметі үрдісінде өндірген және алған мүлік меншік құқығы бойынша серіктестікке тиесілі болады.

      2. Шаруашылық серіктестіктер толық серіктестік, сенім серіктестігі, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік нысандарында құрылуы мүмкін.

      3. Толық және сенім серіктестігінен басқа, шаруашылық cepіктестікті бір тұлға құра алады, ол оның жалғыз қатысушысы болады.

      Толық серіктестіктің қатысушылары және сенім серіктестігіндегі толық серіктер азаматтар ғана бола алады.

      4. Құрылтай шарты мен жарғы шаруашылық серіктестіктің құрылтай құжаттары болып табылады.

      Жарғы бір адам (бір қатысушы) құрған шаруашылық серіктестіктің құрылтай құжаты болып табылады.

      5. Алып тасталды - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      6. Шаруашылық серіктестіктің құрылтай құжаттарында осы Кодекстің 41-бабының 4 және 5-тармақтарында аталған мәліметтерге қоса әрбір қатысушының үлес мөлшері туралы; серіктестіктің жарғылық капиталына олар салатын салымның мөлшері, құрамы, мерзімі және тәртібі туралы; серіктестіктің жарғылық капиталына салым салу жөніндегі міндеттерді бұзғаны үшін қатысушылардың жауапкершілігі туралы ережелер, сондай-ақ заңдарда көзделген өзге де мәліметтер болуға тиіс.

      7. Алып тасталды - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

      8. Шаруашылық серіктестік, заңдарда көзделген реттерді қоспағанда, басқа шаруашылық серіктестіктердің құрылтайшысы болуы мүмкін.

      9. Алып тасталды - ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.07.10 № 282, 2003.05.16 № 416, 2005.07.08 № 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 № 225, 2010.01.20 № 239-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

59-бап. Шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталына салым салу. Шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталындағы және мүлкіндегі қатысушының үлесі

      1. Ақша, бағалы қағаздар, заттар, зияткерлік қызмет нәтижесі құқығын қоса алғанда, мүліктік құқықтар және өзге де мүлік (жарғылық капиталы тек қана ақшамен қалыптастырылатын, Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылатын арнайы қаржы компанияларын, Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасына сәйкес құрылатын, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды, Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес құрылатын коллекторлық агенттіктерді және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес құрылатын исламдық арнайы қаржы компанияларын қоспағанда) шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталына салынатын салым бола алады.

      Құрылтайшылардың (қатысушылардың) жарғылық капиталға заттай нысанда немесе мүліктік құқықтар түрінде салған салымдары барлық құрылтайшылардың келісімі бойынша немесе серіктестіктің барлық қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне барабар сомадан асып кетсе, оның бағасын бағалаушы растауға тиіс.

      Шаруашылық серіктестігін қайта тіркеген кезде оған қатысушының салымын ақшалай бағалау серіктестіктің бухгалтерлік құжаттарымен не аудиторлық есеппен расталуы мүмкін.

      Серіктестіктің құрылтайшылары (қатысушылары) осындай баға берілген кезден бастап бес жыл бойы серіктестіктің несие берушілері алдында салым бағасы арттырылған сома шегінде бірлесіп жауап береді.

      Серіктестікке салым ретінде мүлікті пайдалану құқығы берілетін жағдайларда бұл салымның мөлшері құрылтай құжаттарында көрсетілген барлық мерзімге есептелген осы мүлікті пайдалану төлемімен анықталады.

      Жеке мүліктік емес құқықтар және өзге де материалдық емес игіліктер түрінде салымдар енгізуге жол берілмейді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, серіктестікке қатысушылардың талаптарын есепке жатқызу жолымен салымдар енгізуге жол берілмейді.

      2. Егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жарғылық капиталдағы барлық қатысушылардың үлестері және тиісінше олардың шаруашылық серіктестігі мүлкінің құнындағы үлестері (мүліктегі үлес) жарғылық капиталдағы салымдарына барабар болады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, шаруашылық серіктестігіне қатысушының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) өз үлесін немесе оның бір бөлігін кепілге салуға және (немесе) сатуға құқығы бар.

      Тарапы жеке тұлға болып табылатын шаруашылық серіктестігінің шығатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иеліктен шығару (басқаға беру) шарты нотариаттық куәландырылуға жатады.

      3. Жарғылық капиталға салым салудың тәртібі мен мерзімі, сондай-ақ жарғылық капиталды құру жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілік заңдарда және (немесе) құрылтай құжаттарында белгіленеді.

      4. Шаруашылық серіктестігінің жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушілеріне хабарланғаннан кейін жол беріледі. Олар бұл жағдайда серіктестіктің мерзімінен бұрын тоқтатылуын немесе тиісті міндеттемелерін орындауын және оның зиянды өтеуін талап етуге құқылы.

      Осы тармақта белгіленген тәртіпті бұза отырып жарғылық капиталды азайту мүдделі адамдардың арызы негізінде сот шешімімен серіктестікті таратуға негіз болып табылады.

      Ескерту. 59-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15 № 30, 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 2006.02.20 № 127 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.05.05 № 139, 2009.02.12 № 133-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 539-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.11.26 № 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 43-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

60-бап. Шаруашылық серіктестікті басқару

      1. Шаруашылық серіктестіктің жоғары органы оның қатысушыларының жалпы жиналысы болып табылады.

      Толық серіктестіктен және сенім серіктестігінен басқа, бір тұлға құрған шаруашылық серіктестіктерде жалпы жиналыстың өкілеттігі оның бірден бір қатысушысына тиесілі болады.

      2. Шаруашылық серіктестікте оның қызметіне күнделікті басшылық жасайтын және оның қатысушыларының жалпы жиналысына есеп беріп отыратын атқарушы орган (алқалық және (немесе) жеке-дара құрылады). Жеке-дара басқару органы оның қатысушылары арасынан сайланбауы мүмкін.

      Серіктестіктің алқалы органдары ретінде:

      1) басқарма (дирекция);

      2) байқаушы кеңес;

      3) заңдарда немесе шаруашылық серіктестігі қатысушыларының жалпы жиналысының шешімінде көзделген жағдайларда басқа да органдар құрылуы мүмкін.

      2-1. Шаруашылық серіктестігі банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайда, оны басқару жөніндегі барлық өкілеттік тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.

      3. Шаруашылық серіктестіктің органдарының құзыреті, оларды сайлау (тағайындау) тәртібі, сондай-ақ олардың шешімдер қабылдау тәртібі осы Кодекске, заңдарға және құрылтай құжаттарына сәйкес белгіленеді.

      4. Шаруашылық серіктестігі қаржы есептерінің дұрыстығын тексеру және растату үшін серіктестікпен немесе оның қатысушыларымен мүліктік мүдделер жөнінен байланысы жоқ аудиторлық ұйымды тарта алады (сыртқы аудит).

      Шаруашылық серіктестігін аудиторлық тексеру серіктестік бір немесе бірнеше қатысушысының талап етуі бойынша соның (солардың) есебінен кез келген уақытта жүргізілуге тиіс.

      Шаруашылық серіктестігінің қызметіне аудиторлық тексеруді жүргізу тәртібі заңдармен және серіктестіктің құрылтай құжаттарымен белгіленеді.

      Ескерту. 60-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211, 1998.04.22. № 221, 2006.05.05. № 139, 2007.01.12. № 225; 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

61-бап. Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтары мен міндеттері

      1. Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың:

      1) құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен шаруашылық серіктестіктің істерін басқаруға қатысуға;

      2) шаруашылық серіктестіктің қызметі туралы ақпарат алуға және құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен оның құжаттамаларымен танысуға;

      3) таза табысты бөлісуге қатысуға құқығы бар. Құрылтай құжаттарының бір немесе бірнеше қатысушыны таза табысты бөлісуге қатысудан шеттетуді көздейтін талаптары маңызсыз болады;

      4) шаруашылық серіктестік таратылған жағдайда несие берушілермен есеп айырысқаннан кейін қалған серіктестік мүлкіндегі өздерінің үлесіне сәйкес мүліктің бір бөлігін немесе оның құнын алуға;

      5) алып тасталды – ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

      Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың заңдарда және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да құқықтары болуы мүмкін.

      2. Шаруашылық серіктестікке қатысушылар:

      1) құрылтай құжаттарының талаптарын сақтауға;

      2) салымдарды құрылтай құжаттарында көзделген тәртіп, мөлшер, әдістер және мерзімдер бойынша салып отыруға;

      3) шаруашылық серіктестік коммерциялық құпия деп жариялаған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.

      Шаруашылық серіктестіктің қатысушылары Қазақстан Республикасының заңдарында және құрылтай құжаттарында көзделген басқа да міндеттерді атқаруы мүмкін.

      Ескерту. 61-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 2007.02.19. № 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

62-бап. Шаруашылық серіктестіктерді қайта құру

      1. Шаруашылық серіктестіктер заңдарда белгіленген реттер мен тәртіп бойынша қатысушылардың жалпы жиналысының шешімімен шаруашылық серіктестіктің бір түрінен екінші түрі не акционерлік қоғамдар немесе өндірістік кооперативтер болып қайта құрылуы мүмкін.

      2. Толық серіктестік немесе сенім серіктестігі акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі немесе қосымша жауапкершілігі бар серіктестік болып қайта құрылған жағдайда акционерлік қоғамның, жауапкершілігі шектеулі немесе қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктің қатысушысы болған әрбір толық серіктес толық серіктестіктен немесе сенім серіктестігінен акционерлік қоғамға, жауапкершілігі шектеулі немесе қосымша жауапкершілігі бар серіктестікке көшкен міндеттемелер бойынша екі жыл бойы өзінің барлық мүлкімен субсидиялық жауапты болады. Бұрынғы толық серіктестің өзіне тиесілі акцияларды (үлестерді) иеліктен шығаруы оны мұндай жауапкершіліктен босатпайды.

      Ескерту. 62-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15. № 30-I, 1999.07.16. № 436-I Заңдарымен.

2. Толық серіктестік

63-бап. Толық серіктестік туралы негізгі ережелер

      1. Толық серіктестіктің мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен ортақ жауапкершілікте болатын серіктестік толық серіктестік деп танылады.

      2. Азамат бір ғана толық серіктестіктің қатысушысы бола алады.

64-бап. Толық серіктестіктің жарғылық капиталы

      Толық серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшерін оның құрылтайшылары айқындайды, бірақ ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең төменгі мөлшерден кем болмауы керек.

      Толық серіктестік нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.

      Толық серіктестік нысанында құрылған коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.

      Ескерту. 64-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.11.26 № 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 43-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

65-бап. Толық серіктестіктің ісін жүргізу

      1. Толық серіктестіктің ең жоғары органы қатысушылардың жалпы жиналысы болып табылады. Толық серіктестіктің ішкі мәселелері жөніндегі шешім барлық қатысушылардың жалпы келісімі бойынша қабылданады. Серіктестіктің құрылтай шартында қатысушылардың көпшілік даусымен шешім қабылданатын реттер көзделуі мүмкін. Егер құрылтай шартында оның қатысушыларының дауыс санын анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, толық серіктестіктің әрбір қатысушысының бір даусы болады. Құрылтай шартында қатысушылар алатын дауыс санын олардың жарғылық капиталдағы үлесіне сай белгіленетіндігі көзделуі мүмкін.

      2. Толық серіктестікті осы баптың 1-тармағының ережелерін ескере отырып басқаруды толық серіктестіктің атқару органдары жүзеге асырады. Басқару органдарының түрлері, құрылу тәртібі және олардың құзыреті құрылтай құжаттарында белгіленеді.

      3. Толық серіктестікке қатысушының қалған қатысушылардың келісімінсіз өз атынан және өз мүдделері немесе үшінші жақтардың мүдделері үшін серіктестік қызметі мәнімен біртектес мәмілелер жасасуға құқығы жоқ. Бұл ереже бұзылған жағдайда серіктестік өз қалауы бойынша мұндай қатысушылардан не серіктестікке келтірілген залалдың орнын толтыруын, не осындай мәмілелерден тапқан бүкіл пайданы серіктестікке беруін талап етуге құқылы.

      4. Серіктестіктің ісін жүргізу тапсырылған толық серіктестіктің органдары барлық қатысушыларға олардың талап етуі бойынша өз қызметі туралы толық ақпарат беріп отыруға міндетті.

      5. Өкілеттігі болмаса да ортақ мүдделер үшін әрекет жасаған қатысушы, оның әрекеттерін қалған қатысушылар мақұлдамаған жағдайда, егер өз әрекеттерінің арқасында серіктестік құны жөнінен серіктестік шеккен шығындардан асып түсетін мүлікті сақтап қалғандығын немесе тиісінше сатып алғандығын дәлелдеген жағдайда серіктестіктен өзі жасаған шығындардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

      Ескерту. 65-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154 Заңымен.

66-бап. Толық серіктестікке қатысушы үлесінің (үлесінің бір бөлігінің) ауысуы

      1. Толық серіктестікке қатысушының өз үлесін (үлесінің бір бөлігін) оның басқа қатысушыларына немесе үшінші жақтарға қалған барлық қатысушылардың келісімімен ғана беруіне болады.

      2. Үлес (үлестің бір бөлігі) үшінші жаққа берілген жағдайда сонымен бірге толық серіктестіктен шыққан қатысушыға тиесілі құқықтар мен міндеттердің бүкіл жиынтығы соған ауысады.

      3. Толық серіктестіктің қатысушысы қайтыс болған ретте қалған барлық қатысушылардың келісуімен құқықты мирасқор (мұрагер) серіктестікке кіре алады.

      4. Құқықты мирасқор (мұрагер) қатысушының толық серіктестік алдындағы борыштары бойынша, сондай-ақ серіктестіктің үшінші жақтар алдындағы бүкіл серіктестік қызметі кезінде пайда болған борыштары бойынша жауапты болады.

      5. Құқықты мирасқор (мұрагер) толық серіктестікке кіруден бас тартқан немесе құқықты мирасқорды (мұрагерді) қабылдаудан серіктестік бас тартқан жағдайда оған қатысушы қайтыс болған күні белгіленген серіктестік мүлкіндегі үлестің құқықты мирасқорлық негізінде өзіне тиесілі құны төленеді.

      Бұл реттерде тиісінше құрылтай құжаттарында (жарғысында) көзделген мерзімде құрылтай шартында (жарғысында) аталған серіктестік мүлкінің мөлшеріне азайтылады, бірақ ол үш айдан кешіктірілмеуге тиіс.

67-бап. Қатысушының толық серіктестіктен шығуы

      1. Толық серіктестіктің қатысушысы оның өзге де қатысушыларына заңдарда немесе құрылтай шартында көзделген мерзімнен кешіктірмей ескерте отырып, серіктестіктен кез-келген уақытта шыға алады.

      2. Егер қатысушы шығып кеткен уақытта толық серіктестік сақталып қалса, оның шығып кеткен күнінде жасалған балансқа сәйкес шығып кететін қатысушыға серіктестік мүлкіндегі үлесінің салған салымына тең құны төленеді. Қатысушының талабы бойынша және серіктестіктің келісуімен салымды толық немесе ішінара заттай түрде қайтарылуы мүмкін. Шығып кеткен қатысушыға оның осы жылы серіктестікте болған кезеңінде серіктестіктің сол жылы алған таза табысының оған тиесілі бір бөлігі де төленеді.

      Серіктестікке қатысушының пайдалануға ғана берген мүлкі сыйақы төленбей заттай түрде қайтарылады.

      Ескерту. 67-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154 Заңымен.

68-бап. Қатысушыны толық серіктестіктен шығару

      1. Толық серіктестікке қатысушылар қалатын қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешімі бойынша және оған дәлелді себептер болған жағдайда, атап айтқанда, оның (олардың) өз міндеттерін дөрекі бұзуы немесе іс жүргізу қабілетсіздігі байқалған жағдайда қатысушылардың біреуін немесе бірнешеуін серіктестіктен сот тәртібімен шығаруды талап етуге құқылы.

      2. Толық серіктестіктен шығарылған қатысушыға осы Кодекстің 67-бабының 2-тармағында белгіленген тәртіп бойынша мүліктің бір бөлігінің құны төленеді.

69-бап. Қатысушының толық серіктестіктегі үлесін өндіріп алуға өтініш жасауы

      1. Қатысушының толық серіктестіктің жеке борыштары бойынша өз үлесін өндіріп алуға өтініш жасауына борыштарды өтеу үшін оның басқа мүліктері жеткіліксіз болған жағдайда ғана жол беріледі. Мұндай қатысушының несие берушілері толық серіктестіктен серіктестік мүлкінен ақы өндіріп алу мақсатымен борышқордың жарғылық капиталдағы үлесіне сәйкес мүліктің бір бөлігін бөліп беруді талап етуге құқылы. Серіктестік мүлкінің бөліп берілуге жататын бөлігі немесе оның құны несие берушілердің бөліп беру туралы талаптары қойылған кезде жасалған баланс бойынша анықталады.

      2. Қатысушының толық серіктестік мүлкіндегі үлесінен ақы өндіріп алу оның серіктестікке қатысуын тоқтатады және осы Кодекстің 70 және 71-баптарында көзделген салдарға әкеліп соқтырады.

      Ескерту. 69-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154 Заңымен.

70-бап. Қатысушылардың толық серіктестіктің борыштары бойынша жауапкершілігі

      1. Егер толық серіктестік таратылған жағдайда оның барлық борыштарын өтеу үшін нақтылы мүлкі жетпейтін болса, серіктестік үшін жетіспейтін бөлігі жөнінен оған қатысушылар ортақ жауапкершілікті өздерінің заңдарға сәйкес ақы өндіріп алынатын барлық мүлкімен өз мойнына алады.

      Толық серіктестіктің қатысушысы серіктестіктің борышы бойынша егер заңдарда өзгеше көзделмесе, оған өзі кіргеннен кейін немесе кіргенге дейін пайда болғанына қарамастан жауап береді.

      2. Серіктестік мүлкіндегі өз үлесінен астам бөлігіндегі толық серіктестіктің борыштарын өтеген қатысушы өзінің алдында серіктестік мүлкіндегі өз үлесінің мөлшеріне тең үлестік жауапкершілікті мойнына алатын өзге де қатысушыларға тиісті бөлігінде кері талап қоюға құқылы.

      3. Толық серіктестіктен өз қалауымен шыққан немесе серіктестіктен соттың шешімі бойынша шығарылған қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серіктестікке кіруден бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагері) серіктестіктен өздері шыққан кезге дейін пайда болған серіктестік міндеттемелері бойынша серіктестіктің өздері серіктестіктен шыққан жыл ішіндегі серіктестік қызметі туралы есеп бекітілген күннен бастап екі жыл бойы жауап береді.

      4. Өз үлесін бір қатысушыға немесе үшінші жаққа беру арқылы, серіктестік мүлкіндегі өз үлесінен несие беруші (несие берушілер) ақы өндіріп алу арқылы шыққан қатысушы, сондай-ақ қайтыс болған қатысушының серіктестікке қабылдаудан қалған қатысушылар бас тартқан құқықты мирасқоры (мұрагері) серіктестік міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      5. Толық серіктестік тоқтатылғаннан кейін қатысушылар серіктестік тоқтатылған күннен бастап екі жыл бойы ол тоқтатылған кезге дейін пайда болған серіктестік міндеттемелері бойынша жауапты болады.

      6. Толық серіктестіктің міндеттемелері бойынша өздерінің жауаптылығының осы бапта көзделген тәртібін өзгертетін қатысушылардың келісімдері маңызсыз болып табылады.

      Ескерту. 70-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

71-бап. Толық серіктестікті тарату

      1. Толық серіктестік осы Кодекстің 49-бабында аталған негіздерден басқа серіктестікте жалғыз қатысушы қалып, ол алты ай ішінде серіктестікті қайта құрмаса немесе жаңа қатысушылар қабылдамаған жағдайда да таратылады.

      2. Толық серіктестікке қатысушылардың қайсы біреуі шығып кеткен немесе қайтыс болған жағдайда, олардың бірі хабар-ошарсыз кетті, әрекет қабілеттігі жоқ немесе әрекет қабілеттігі шектеулі, не банкрот деп танылған немесе несие беруші бір қатысушы жарғылық капиталдағы оның үлесіне сәйкес келетін мүлкінен ақы өндіріп алған реттерде, егер ол серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделсе немесе қалған қатысушылар келісетін болса, серіктестік өз қызметін жалғастыра береді.

      3. Егер қатысушылардың бірі осы баптың 2-тармағында аталған негіздер бойынша серіктестіктен шығып кетсе, серіктестіктің жарғылық капиталындағы өзге де қатысушылардың үлестері, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың салымдарына қарай көбейеді.

      Ескерту. 71-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154 Заңымен.

3. Сенім (коммандиттік) серіктестігі

72-бап. Сенім серіктестігі туралы негізгі ережелер

      1. Серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен (толық серіктерімен) қосымша жауап беретін бір немесе одан да көп қатысушылармен қатар, серіктестіктің (салымшылардың) мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін бір немесе одан көп қатысушыларды да енгізетін және серіктестіктің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын серіктестік сенім серіктестігі деп танылады.

      2. Сенім серіктестігіне қатысатын толық серіктердің құқықтық ережесі және олардың серіктестік міндеттемелері бойынша жауапкершілігі толық серіктестіктің қатысушылары туралы ережемен белгіленеді.

      3. Азамат тек бір ғана сенім серіктестігінің толық серіктесі бола алады.

      Сенім серіктестігіндегі толық серіктес толық серіктестіктің қатысушысы бола алмайды.

      4. Сенім серіктестігіне осы Кодекстің сенім серіктестіктері туралы ережелеріне қайшы келмейтіндіктен, осы Кодекстің толық серіктестік туралы ережелері қолданылады.

      Ескерту. 72-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

73-бап. Сенім серіктестігінің салымшысы

      1. Сенім серіктестігінің салымшысы алғашқы салымын және қосымша жарналарын (салымдарын) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде, әдіс пен тәртіп бойынша салуға міндетті.

      2. Командиттік серіктестік салымшысының:

      1) серіктестіктің таза табысының жарғылық капиталдағы өзіне тиесілі үлесінің бөлігін құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен алуға;

      2) серіктестіктің қаржылық есебімен танысуға, сондай-ақ оның дұрыс жасалуын тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етуді талап етуге;

      3) жарғылық капиталдағы өз үлесін немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасының заңдарында және серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен басқа салымшыға немесе үшінші тұлғаға беруге құқығы бар. Салымшының өзінің бүкіл үлесін өзге тұлғаға беруі оның серіктестікке қатысуын тоқтатады;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында және құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен серіктестіктен шығуға құқығы бар.

      Командиттік серіктестіктің құрылтай құжаттарында салымшының өзге де құқықтары көзделуі мүмкін.

      Командиттік серіктестіктің салымшылары үшін осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген құқықтардан бас тартуы немесе оларды шектеуі, соның ішінде салымшылар мен толық серіктестіктердің келісімі бойынша шектеуі маңызсыз болады.

      3. Егер салымшы сенім серіктестігінің мүдделерін көздеп тиісті өкілеттіксіз мәміле жасаса, оның әрекеттерін серіктестік мақұлдаған жағдайда мәміле бойынша ол несие берушілердің алдында толық көлемінде жауап береді. Егер ол мақұлданбаса, салымшы үшінші жақтың алдында заңдар бойынша өзінің ақы өндіріп алынатын бүкіл мүлкімен жеке жауап береді.

      Ескерту. 73-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

74-бап. Сенім серіктестігінің жарғылық капиталы

      1. Сенім серіктестігінің жарғылық капиталы оның қатысушылары салатын салымнан құралады. Шаруашылық үрдісінде жарғылық қор өзгертілуі мүмкін. Салымшылардың салымдарын есептемегенде, жарғылық капитал толық серіктестердің сенім серіктестігі мүлкіндегі үлесін белгілейді.

      2. Жарғылық капиталдың мөлшерін сенім серіктестігінің толық серіктестері белгілейді және ол заңдарда белгіленген ең төменгі мөлшерден кем болмауы керек.

      Коммандиттік серіктестік нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.

      Коммандиттік серіктестік нысанында құрылған коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.

      3. Сенім серіктестігінің жарғылық капиталын азайтуға оның барлық несие берушілеріне хабарланғаннан кейін жол беріледі. Несие берушілер бұл ретте тиісті міндеттемелердің мерзімінен бұрын тоқтатылуын немесе орындалуын және өздері шеккен залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы. Осы бапта белгіленген тәртіпті бұзып жарғылық капиталды азайту мүдделі адамдардың арызы бойынша сот шешімімен сенім серіктестігін таратуға негіз болады.

      Ескерту. 74-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 2012.11.26 № 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 43-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

75-бап. Сенім серіктестігінің ісін басқару

      Сенім серіктестігінің ісін басқаруды толық серіктестер жүзеге асырады. Сенім серіктестігінің ісін оның толық серіктестерінің басқару және жүргізу тәртібін олар толық серіктестік туралы ережелер бойынша белгілейді. Салымшылардың сенім серіктестігі ісін басқаруға қатысуға, сондай-ақ сенімхат бойынша болмаса, оның атынан әрекет жасауға құқығы жоқ. Сенім серіктестігі салымшыларының серіктестік ісін басқару жөнінде толық серіктестердің әрекеттеріне дау жасауға құқығы жоқ.

76-бап. Сенім серіктестігінің тоқтатылуы

      1. Сенім серіктестігі оған қатысушы барлық салымшылар шығып кеткен жағдайда тоқтатылады. Толық серіктестер сенім серіктестігін таратудың орнына оны толық серіктестік етіп қайта құруға құқылы. Сенім серіктестігі толық серіктестікті тарату үшін көзделген негіздер бойынша да таратылады.

      2. Салымшылар сенім серіктестігі таратылған кезде оның несие берушілерінің талаптары қанағаттандырылғаннан кейінгі қалған серіктестік мүлкінен салымдарды алуға толық серіктестер алдында артықшылық құқығы болады. Сенім серіктестігінің бұдан кейінгі қалған мүлкі толық серіктестер мен салымшылар арасында, егер құрылтай құжаттарында өзгеше тәртіп белгіленбесе олардың серіктестік мүлкіне қосқан үлесіне қарай бөлінеді.

4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік

77-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік туралы негізгі ережелер

      1. Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлеске бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп танылады; жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты залалдарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді. Осы ережеден өзгеше жағдайлар осы Кодексте және заңдарда көзделуі мүмкін.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның міндеттемелері бойынша әрбір қатысушының салым салмаған бөлігінің құны шегінде ортақ жауапты болады.

      2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың саны шектелмейді.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалғыз қатысушы ретінде бір адамнан тұратын басқа шаруашылық серіктестігі бола алмайды.

      3. Өзінің кез-келген қатысушыларының талабы бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестік қызметіне аудиторлық тексеру жүргізілуге тиіс.

      Заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен көпшілік алдында есеп беру талап етілмейді.

      4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік оған қатысушылардың қабылдаған шешімі бойынша өз еркімен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкін. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта құру мен таратудың өзге негіздері осы Кодексте және заңдарда белгіленеді.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзге де шаруашылық серіктестік акционерлік қоғам немесе өндірістік кооператив болып қайта құрылуға құқылы.

      5. Алып тасталды – ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

      6. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құқықтық ережесі, оған қатысушылардың құқықтары мен міндеттері осы Кодексте және заңдарда белгіленеді.

      Ескерту. 77-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1996.07.15. № 30-I, 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 1998.04.22. № 221, 1999.07.16. № 436-I, 2003.05.16. № 416 Заңдарымен.

78-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы

      Жарғылық капиталдың мөлшерін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылары (қатысушылары) айқындайды және ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең төменгі мөлшерден кем болмауы керек.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанында құрылған коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанында құрылған төлем ұйымдарының жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында айқындалады.

      Ескерту. 78-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.11.26 № 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2020 № 359-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 43-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

79-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктегі басқару

      1. Серіктестік органдарының құзыреті, сондай-ақ олардың серіктестік атынан шешімдер қабылдау немесе әрекет ету тәртібі осы Кодекске, заңдарға және серіктестік жарғысына сәйкес белгіленеді.

      2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретіне мыналар жатады:

      1) серіктестіктің жарғысын өзгерту, соның ішінде оның жарғылық капиталы мөлшерін өзгерту;

      2) атқарушы органның мүшелерін (мүшесін) сайлау (тағайындау) және олардың (оның) өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ серіктестікті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдау және осындай беру шарттарын айқындау;

      3) серіктестіктің қаржылық есебін бекіту және оның таза табысын бөлу;

      4) серіктестікті қайта құру немесе тарату туралы шешім шығару;

      5) серіктестіктің байқау кеңесін және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушісін) сайлау және өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ серіктестік тексеру комиссиясының (тексерушісінің) есептері мен қорытындыларын бекіту;

      6) ішкі ережелерді, оларды қабылдау рәсімдерін және серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда бекіту;

      7) серіктестіктің өзге де шаруашылық серіктестіктерге, сондай-ақ коммерциялық емес бірлестіктерге қатысуы туралы шешім шығару;

      8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;

      9) осы Кодекстің 82-бабына сәйкес жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушысынан үлесті мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім шығару.

      3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді ол серіктестіктің атқарушы органының шешуіне бере алмайды.

      Ескерту. 79-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 1998.04.22. № 221, 2007.01.12. № 225, 2007.02.19. № 230 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

80-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталдағы үлесінің басқа адамға ауысуы

      1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушысы, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлесін немесе оның бір бөлігін өз қалауынша осы серіктестіктің бір немесе бірнеше қатысушысына сатуға немесе басқа түрде беруге құқылы.

      2. Егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында не заңдарда өзгеше көзделмесе, жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының өз үлесін (оның бір бөлігін) үшінші адамдарға беруіне болады.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар, осы Кодексте және "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғалар алдында үлесті немесе оның бір бөлігін сатып алуға басым құқықты пайдаланады. Егер құрылтай құжаттарында немесе серіктестікке қатысушылардың келісімінде өзгеше көзделмесе, үлесті (оның бір бөлігін) сатып алуға басым құқықты қатысушылар серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлестерінің мөлшеріне барабар жүзеге асырады.

      Үлесті (оның бір бөлігін) сатып алуға басым құқықты бұза отырып сатқан кезде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кез келген қатысушысы сатылған күннен бастап үш ай ішінде өзіне сатып алушының құқықтары мен міндеттерін аударуды сот тәртібімен талап етуге құқылы.

      3. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесін (оның бір бөлігін) үшінші жақтарға беру мүмкін болмаса, ал серіктестіктің басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, серіктестік қатысушыға оның нақты құнын төлеуге не оған сондай құнға сәйкес заттай мүлік беруге міндетті.

      4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушысының үлесі оны толық төлеп болғанға дейін оның төленген бөлігі мөлшерінде ғана бөліп берілуі мүмкін.

      5. Қатысушының үлесін (оның бір бөлігін) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзі сатып алған ретте ол оны басқа қатысушыларға немесе үшінші жаққа заңдар мен серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделген мерзім мен тәртіп бойынша сатуға не өзінің жарғылық капиталын азайтуға міндетті. Осы кезең ішінде түскен таза табысты бөлу, сондай-ақ жоғары органда дауыс беру жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің сатып алған үлесі есептелмей жүргізіледі.

      6. Егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында мұндай ауысуға тек серіктестіктің қалған қатысушыларының келісімімен ғана рұқсат етілетіндігі көзделмесе, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлес серіктестіктің қатысушысы болған азаматтардың мұрагерлеріне және заңды тұлғалардың құқықты мирасқорларына ауысады. Үлестің ауысуына келісім беруден бас тарту серіктестікті қатысушының мұрагерлеріне (мирасқорларына) заңдар мен серіктестіктің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіп пен жағдайлар бойынша үлестің нақты құнын төлеуге немесе оларға құны сондай заттай мүлік беру міндетіне әкеліп соқтырады.

      Заңдарда үлестің заңды тұлғалардың құқықтық мұрагерлеріне ауысу ерекшеліктері көзделуі мүмкін.

      Ескерту. 80-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 2007.08.07. № 321 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 21.04.2016 № 504-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

81-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының қосымша жарналары

      Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы серіктестік мүлкіне қатысушылардың қосымша жарналар енгізуі туралы шешім қабылдай алады. Шешім серіктестіктің барлық қатысушыларының төрттен үш көпшілік дауысымен қабылданады.

      Ескерту. 81-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.04.22. № 221 Заңымен.

82-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушысынан үлесті мәжбүрлеп сатып алу

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушысы заңдарда немесе құрылтай құжаттарында белгіленген серіктестік алдындағы өз міндеттерін бұзған жағдайда серіктестік жалпы жиналыстың шешіміне сәйкес сот бойынша осындай қатысушының үлесін "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп сатып алуды талап етуге құқылы.

      Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

83-бап. Қатысушының жауапкершілігі шектеулі серіктестіктегі үлесінен ақы өндіріп алу

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушының өз борыштарын өтеу үшін мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда несие берушілер борышқор-қатысушының үлесін белгіленген тәртіп бойынша бөліп беруді талап етуі мүмкін.

      Ескерту. 83-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

5. Қосымша жауапкершілігі бар серіктестік

84-бап. Қосымша жауапкершілігі бар серіктестік туралы негізгі ережелер

      1. Қатысушылары серіктестік міндеттемелері бойынша өздерінің жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретін, ал бұл сомалар жеткіліксіз болған жағдайда өздеріне тиесілі мүлікпен оған өздері еселенген мөлшерде енгізген салымдар арқылы жауап беретін серіктестік қосымша жауапкершілігі бар серіктестік деп танылады.

      2. Қатысушылар жауапкершілігінің шекті мөлшері жарғыда көзделеді.

      Қатысушылардың бірі банкрот болған жағдайда оның серіктестік міндеттемелері жөніндегі жауапкершілігі, егер құрылтай құжаттарында жауапкершілікті бөлудің өзгеше тәртібі көзделмесе, қалған қатысушылар арасында олардың салымдарына қарай бөлінеді.

      3. Қосымша жауапкершілігі бар серіктестікке, осы бапта өзгеше көзделмегендіктен, осы Кодекстің жауапкершілігі шектеулі серіктестік туралы ережелері қолданылады.

      Ескерту. 84-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.04.22. № 221 Заңдарымен.

III. Акционерлік қоғам

      Ескерту. 6-бөлімше "Акционерлік қоғам" деген III бөлік болып есептелсін - ҚР 1998.07.10 № 282 Заңымен.

85-бап. Акционерлік қоғам ұғымы

      1. Өзінің қызметін жүзеге асыру үшін қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам болып танылады. Акционерлік қоғамның акционерлері осы заңдарда көзделгеннен басқа жағдайларда оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өзіне тиесілі акциялар құнының шегінде қоғамның қызметіне байланысты шығындар тәуекелін көтереді.

      2. Акционерлік қоғамның өз қатысушыларының мүлкінен оқшауланған мүлкі болады, өз міндеттемелері бойынша өз мүлкі шегінде жауапты болады және өз қатысушыларының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      3. Қоғамның барлық акцияларын бір акционер сатып алған жағдайда , егер заңдарда өзгеше көзделмесе, акционерлік қоғам бір адамнан құрылуы немесе бір адамнан тұруы мүмкін.

      4. Акционерлік қоғамның құқықтық ережелері, акционерлердің құқықтары мен міндеттері осы Кодекске, заңдарға сәйкес белгіленеді. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру жолымен құрылған немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарда айқындалады.

      5. Заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкін.

      Ескерту. 85-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.06.19 № 134-I, 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 1998.07.10 № 282; 2003.10.13 № 486, 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

86-бап. Ашық және жабық акционерлік қоғамдар

      Ескерту. 86-бап алып тасталды - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен.

87-бап. Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары

      1. Құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешімі) мен жарғы акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады.

      Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарында Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған мәліметтер болуға тиіс.

      Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары нотариаттық куәландырылуға жатады.

      2. Құрылтай шартының күші (жалғыз құрылтайшының шешімі) жарияланған акциялар шығарылымы мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап тоқтатылады.

      3. Акционерлік қоғамның жарғысын бекіту тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      Ескерту. 87-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.05.16. № 416 Заңымен.

88-бап. Акционерлік қоғамның жарғылық капиталы

      Акционерлік қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері және оны қалыптастыру тәртібі, сондай-ақ оны ұлғайту тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарда айқындалады.

      Ескерту. 88-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.05.16. № 416 Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08 № 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

89-бап. Жарияланған, шығарылған (төленген) жарғылық капиталды арттыру

      Ескерту. 89-бап алып тасталды - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен.

90-бап. Жарияланған, шығарылған (төленген) жарғылық капиталды азайту

      Ескерту. 90-бап алып тасталды - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен.

91-бап. Бағалы қағаздарды шығару және орналастыру

      1. Акционерлік қоғам шығаратын бағалы қағаздардың түрлері заңдарда белгіленеді.

      2. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу және оларды орналастыру Қазақстан Республикасының заңдарға сәйкес айқындалады.

      3. Акционерлік қоғам, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қамтамасыз етілген облигациялар және қамтамасыз етілмеген облигациялар шығаруға құқылы. Облигациялар шығарудың шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасында айқындалады.

      4. Бағалы қағаздар бойынша табысты төлеудің нысаны, тәсілі және тәртібі акционерлік қоғамның жарғысымен немесе бағалы қағаздар шығарылымы проспектісімен заңдарда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып белгіленеді.

      5. Акционерлік қоғам қоғамның мынадай акциялары бойынша:

      1) өз капиталының теріс мөлшері кезінде немесе, егер қоғамның өз капиталының мөлшері дивидендтерді оның акциялары бойынша төлеу нәтижесінде теріс болса;

      2) егер ол Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес төлем қабілетсіздігі немесе дәрменсіздік белгілеріне сай келсе не көрсетілген белгілер қоғамда дивидендтерді оның акциялары бойынша төлеу нәтижесінде пайда болса, дивидендтер төлеуге құқылы емес.

      Қазақстан Республикасының заңдарында акционерлік қоғамдарға акциялар бойынша дивидендтер төлеуге тыйым салатын өзге де негіздер көзделуі мүмкін.

      6. Акционерлік қоғам заңдарда белгіленген тәртіппен туынды бағалы қағаздар, опциондар мен айырбасталатын бағалы қағаздар шығаруға құқылы.

      Ескерту. 91-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.07.10. № 282; өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.05.16. № 416, 2006.02.20. № 127(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. № 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

92-бап. Акционерлік қоғамды басқару

      1. Акционерлік қоғамның жоғары органы оның акционерлерінің жалпы жиналысы болып табылады.

      2. Акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыреті заңдарда белгіленеді.

      3. Акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуді акционерлік қоғамның өзге органдарына беруге болмайды.

      4. Акционерлік қоғамда директорлар кеңесі құрылады, осы Кодексте, заңдарда және акционерлік қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуді қоспағанда, ол қоғамның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Осы Кодексте, заңдарда және акционерлік қоғамның жарғысында директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді акционерлік қоғамның атқарушы органының шешуіне беруге болмайды.

      5. Акционерлік қоғамның атқарушы органы алқалық (басқарма) немесе жеке дара (директор, бас директор, президент) болуы мүмкін. Ол акционерлік қоғам қызметіне күнделікті басшылықты жүзеге асырады және директорлар кеңесі мен акционерлердің жалпы жиналысына есеп береді.

      Қоғам басқа да органдарының заңдармен немесе құрылтай құжаттарымен белгіленген ерекше құзыретіне кірмейтін барлық мәселелерді шешу акционерлік қоғамның атқарушы органының құзыретіне жатады.

      6. Акционерлік қоғамда заңдарға сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкін.

      6-1. Акционерлік қоғам банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оны басқару бойынша барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.

      7. Акционерлік қоғам органдарының құзыреті, сондай-ақ олардың шешім қабылдау және қоғам атынан әрекет жасау тәртібі осы Кодекске, заңдарға және құрылтай құжаттарына сәйкес белгіленеді.

      8. Алып тасталды - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен.
      Ескерту. 92-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211, 1998.07.10. № 282, 2003.05.16 № 416, 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

93-бап. Акционерлік қоғамды қайта құру және тарату

      1. Акционерлік қоғам акционерлер жиналысының шешімі бойынша қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкін. Акционерлік қоғамды қайта құрудың және таратудың өзге негіздері мен тәртібі осы Кодексте және заңдарда белгіленеді.

      2. Акционерлік қоғам "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жоғары ғылыми ұйым нысанындағы коммерциялық емес ұйым, шаруашылық серіктестігі, өндірістік кооператив немесе "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес білім беру ұйымы, сондай-ақ "Астана Хаб" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес кластерлік қор болып қайта құрылуға құқылы.

      Ескерту. 93-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 1996.07.15 № 30; 2003.05.16 № 416, 2011.01.19 № 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.07.2024 № 104-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.09.2025 № 220-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

IV. Еншілес және тәуелді акционерлік қоғам

94-бап. Еншілес ұйым

      1. Шешімдерін жарғылық капиталға қатысудың басым үлесі болуы не олардың арасында жасалған шарт негізінде не өзгеше түрде басқа заңды тұлға (бұдан әрі – негізгі ұйым) айқындайтын заңды тұлға еншілес ұйым болып табылады.

      2. Еншілес ұйым өзінің негізгі ұйымының борыштары бойынша жауап бермейді.

      Еншілес ұйыммен жасасқан шарт бойынша (не өзгедей түрде) оған міндетті нұсқаулар беруге құқылы негізгі ұйым онымен осындай нұсқауларды орындау үшін жасалған мәмілелер бойынша еншілес ұйыммен бірге субсидиарлық жауапты болады.

      Негізгі ұйымның кінәсінен еншілес ұйым банкрот болған жағдайда негізгі ұйым оның борыштары бойынша субсидиарлық жауапты болады.

      Негізгі ұйымның акцияларын осындай ұйымның дауыс беретін акцияларының он пайызынан аспайтын мөлшерде иелену құқығы бар қаржы ұйымдарын қоспағанда, еншілес ұйым негізгі ұйымның акцияларын сатып ала алмайды.

      3. Егер заңдарда өзгеше белгіленбесе, еншілес ұйымның қатысушылары негізгі ұйымнан оның кінәсінен еншілес ұйымға келтірілген зиянды өтеуді талап етуге құқылы.

      4. Еншілес ұйымдар ережелерінің осы бапта көзделмеген ерекшеліктері заңдарда айқындалады.

      Ескерту. 94-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.07.10. № 282 Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2003.05.16. № 416; 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

95-бап. Тәуелді акционерлік қоғам

      1. Егер акционерлік қоғамның дауыс беруші акцияларының жиырма проценттен астамы, басқа (қатысушы, басымырақ) заңды тұлғанікі болса, ол тәуелді қоғам деп танылады.

      2. Алып тасталды - ҚР 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      3. Алып тасталды - ҚР 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4. Бір-бірінің жарғылық капиталына тәуелді және өзара қатысатын акционерлік қоғамдардың осы бапта көзделмеген жағдайының ерекшеліктері заңдарда айқындалады.

      5. Қатысушы (басымырақ) заңды тұлға заңдарда көзделген тәртіппен акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының жиырма пайызынан астамын сатып алуы туралы ақпаратты жариялауға міндетті.

      Ескерту. 95-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.07.10. № 282, 2003.05.16. № 416, 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

V. Өндірістік кооператив

96-бап. Өндірістік кооператив туралы жалпы ережелер

      1. Азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызмет үшін мүшелік негізде, олардың өз еңбегімен қатысуына және өндірістік кооператив мүшелерінің мүліктік жарналарын біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі өндірістік кооператив деп танылады.

      2. Кооператив мүшелері екеуден кем болмауға тиіс.

      3. Өндірістік кооперативтің мүшелері кооператив міндеттемелері бойынша Өндірістік кооператив туралы заңда көзделген мөлшер мен тәртіп бойынша қосымша (жәрдем беру) жауапты болады.

      4. Өндірістік кооперативтің және оның мүшелерінің құқықтық жағдайы осы Кодекске, заңдарға сәйкес белгіленеді.

      5. "Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, өндірістік кооператив нысанында құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативінің құқықтық жағдайы, сондай-ақ оның мүшелерінің құқықтық жағдайы, құқықтары мен міндеттері осы кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен айқындалады.

      Ескерту. 96-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211; 29.10.2015 № 373-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

97-бап. Өндірістік кооперативтің жарғысы

      Өндірістік кооперативтің жарғысында осы Кодекстің 41-бабының 5-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа кооператив мүшелері жарнасының мөлшері туралы; кооператив мүшелерінің құрамы мен жарна қосу тәртібі және олардың жарналарды енгізу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы; кооператив қызметіне оның мүшелерінің еңбекпен қатысу сипаты мен тәртібі және олардың жеке еңбекпен қатысуы жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы; кооперативтің таза табысын бөлу тәртібі туралы; кооперативті басқару органдарының құрамы мен құзыреті және олардың шешімдер қабылдау, соның ішінде шешімі бірауыздан немесе білікті көпшілік дауыспен қабылданатын мәселелер жөніндегі шешімдер қабылдау тәртібі туралы ережелер болуға тиіс.

      Ескерту. 97-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211 Заңдарымен.

98-бап. Өндірістік кооперативтің мүлкі

      1. Өндірістік кооперативтің меншігіндегі мүлік, егер кооперативтің жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мүшелерінің пайларына олардың жарналарына барабар бөлінеді.

      2. Кооператив таза табысы оның мүшелері арасында, егер кооператив жарғысында өзгеше тәртіп көзделмесе, олардың еңбекке қатысуына сәйкес бөлінеді.

      3. Өндірістік кооператив таратылған немесе кооператив мүшесі одан шыққан жағдайда кооператив мүшесінің өз пайын бөліп алуға құқығы бар.

      Ескерту. 98-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211 Заңдарымен.

99-бап. Өндірістік кооперативті басқару

      1. Өндірістік кооперативтің жоғары органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы болып табылады.

      Өндірістік кооперативте кооперативтің атқарушы органының қызметіне бақылау жасауды жүзеге асыратын байқаушы кеңес құрылуы мүмкін. Байқаушы кеңестің мүшелері өндірістік кооператив атынан әрекет жасауға құқылы емес.

      Кооперативтің басқармасы немесе төрағасы кооперативтің атқарушы органы болып табылады. Атқарушы орган кооператив қызметіне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады және байқаушы кеңес пен кооператив мүшелерінің жалпы жиналысына есеп береді.

      Тек кооператив мүшелері ғана байқаушы кеңес пен өндірістік кооператив басқармасының мүшелері бола алады. Кооператив мүшесі бір мезгілде байқаушы кеңестің мүшесі және басқарма мүшесі (кооператив төрағасы) бола алмайды.

      2. Өндірістік кооперативті басқару органдарының құзыреті, сондай-ақ олардың шешім қабылдау және кооператив атынан әрекет жасау тәртібі заңдар мен құрылтай құжаттарында белгіленеді.

      3. Өндірістік кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының ерекше құзыретіне мыналар жатады:

      1) кооператив жарғысын өзгерту;

      2) атқарушы органды, тексеруші органдарды және қадағалау кеңесін құру мен олардың мүшелерін кері шақырып алу;

      3) кооператив мүшелерін қабылдау және шығару;

      4) кооперативтің қаржы есебін бекіту және оның таза табысын бөлу;

      5) кооперативті қайта құру мен таратуды шешу.

      Жалпы жиналыстың ерекше құзыретіне заңдар мен құрылтай құжаттарында өзге мәселелерді шешу де жатқызылуы мүмкін.

      Жалпы жиналыстың немесе кооперативтің қадағалау кеңесінің ерекше құзыретіне жатқызылған мәселелерді олар кооперативтің атқарушы органының шешуіне бере алмайды.

      3-1. Өндірістік кооператив банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оларды басқару жөніндегі барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.

      4. Жалпы жиналыс шешімдер қабылдаған кезде кооператив мүшесінің бір даусы болады.

      Ескерту. 99-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11. № 154; 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

100-бап. Өндірістік кооперативке мүшеліктің тоқтатылуы

      1. Өндірістік кооперативтің мүшесі кооперативтен өз қалауымен шығуға құқылы. Бұл ретте оған оның жарнасы төленуге немесе берілуге, сондай-ақ жарғыда көзделген басқа төлемдер төлеу жүзеге асырылуға тиіс.

      Кооперативтен шығатын мүшеге жарна мен басқа мүлік есепті кезең аяқталып, кооперативтің қаржы есебі бекітілгеннен кейін беріледі.

      2. Өндірістік кооперативтің мүшесі өзіне кооператив жарғысында жүктелген міндеттерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған ретте, сондай-ақ заңдар мен құрылтай құжаттарында көзделген басқа да реттерде жалпы жиналыстың шешімі бойынша кооперативтен шығарылуы мүмкін.

      Өндірістік кооперативтің мүшелігінен шығарылғаны үшін сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      Өндірістік кооперативтің мүшесі кооперативтен соған ұқсас кооперативке мүше болуына байланысты жалпы жиналыстың шешімі бойынша шығарылуы мүмкін.

      Өндірістік кооперативтің одан шығарылған мүшесі өз жарнасын және осы баптың 1-тармағына сәйкес кооператив жарғысында көзделген басқа да төлемдерді алуға құқылы.

      3. Өндірістік кооперативтің мүшесі өз жарнасын немесе оның бір бөлігін, егер осы Кодексте, өзге де заңдар мен құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооперативтің басқа мүшесіне беруге құқылы.

      Өндірістік кооперативтің мүшесі болып табылмайтын азаматқа жарнаны (оның бір бөлігін) беруге, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кооперативтің келісуімен ғана рұқсат етіледі. Бұл ретте осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, кооперативтің басқа мүшелері мұндай жарнаны (оның бір бөлігін) сатып алуды басым құқықты пайдаланады.

      4. Өндірістік кооперативтің мүшесі қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлері, егер кооперативтің жарғысында өзгеше көзделмесе, кооператив мүшесі етіп қабылдануы мүмкін. Қайтыс болған кооператив мүшесінің мұрагері кооперативке кіруден бас тартқанда немесе кооператив мұрагерді қабылдаудан бас тартқанда оған мүліктегі қайтыс болған кооператив мүшесінің пайына бара-бар үлес, сондай-ақ кооперативтің таза табысының қайтыс болған адамға тиесілі бөлігі және кооператив қызметіне қосқан жеке еңбегі үшін сыйақы төленеді.

      5. Өндірістік кооператив мүшесінің жарнасынан оның жеке борышын өндіріп алуға оның мұндай борышты заңдар мен кооперативтің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіп бойынша жабу үшін басқа мүлкі жетпеген жағдайда ғана жол беріледі.

      Ескерту. 100-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211, 2007.08.07. № 321(ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

101-бап. Өндірістік кооперативті қайта құру және тарату

      1. Өндірістік кооператив өз мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша ерікті түрде қайта құрылуы және таратылуы мүмкін.

      Өндірістік кооперативті қайта құрудың және таратудың өзге негіздері мен тәртібі осы Кодексте және басқа заңдарда белгіленеді.

      2. Өндірістік кооператив өз мүшелерінің бірауызды шешімі бойынша шаруашылық серіктестігі болып қайта құрылуы мүмкін.

VI. Мемлекеттік кәсіпорын

102-бап. Мемлекеттік кәсіпорын туралы негізгі ережелер

      1. Мемлекеттік кәсіпорындарға:

      1) шаруашылық жүргізу құқығына негізделген;

      2) оралымды басқару құқығына негізделген (қазыналық кәсіпорын) кәсіпорындар жатады.

      2. Мемлекеттік кәсіпорынның мүлкі бөлінбейді және оны салымдар (үлестер, жарналар) бойынша, соның ішінде кәсіпорын қызметкерлерінің арасында бөлуге болмайды.

      3. Мемлекеттік кәсіпорындардың фирмалық атауында оның мүлкін меншіктенуші көрсетілуге тиіс.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      4-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).

      4. Мемлекеттік кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылады, таратылады және қайта ұйымдастырылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      5-тармақтың бірінші бөлігінің осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).

      5. Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен тағайындалатын басшы мемлекеттік кәсіпорынның органы болып табылады.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында көзделген жағдайларда мемлекеттік кәсіпорын басшысынан басқа өзге де орган мемлекеттік кәсіпорынның органы ретінде әрекет ете алады.

      5-1. Мемлекеттік кәсіпорын банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оны басқару бойынша барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.

      6. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

      7. Мемлекеттік кәсіпорынның құқылық ережесі осы Кодексте және өзге заңдарда белгіленеді.

      Ескерту. 102-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) Заңдарымен.

103-бап. Шаруашылық жүргізу құқығына негізделген кәсіпорын

      1. Құрылтайшы бекітетін шаруашылық жүргізу құқығына негізделген кәсіпорынның жарғысы оның құрылтай құжаты болып табылады.

      2. Шаруашылық жүргізу құқығына негізделген кәсіпорын өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап береді.

      Шаруашылық жүргізу құқығына негізделген кәсіпорын мемлекеттің міндеттемелері бойынша жауапты болмайды.

      Осы Кодексте және өзге де заңдарда көзделген реттерді қоспағанда, мемлекет шаруашылық жүргізу құқығына негізделген кәсіпорынның міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      Ескерту. 103-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

104-бап. Қазыналық кәсіпорын

      1. Жедел басқару құқығымен мемлекет мүлкіне ие болған кәсіпорын қазыналық кәсіпорын деп танылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).

      2. Қазыналық кәсіпорын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешімімен құрылады.

      3. Құрылтайшы бекіткен қазыналық кәсіпорынның жарғысы оның құрылтай құжаты болып табылады.

      4. Жедел басқару құқығына негізделген кәсіпорынның фирмалық атауында кәсіпорынның қазыналық болып табылатындығы көрсетілуге тиіс.

      5. Қазыналық кәсіпорынның шаруашылық қызметі жарғыда көрсетілген оның мақсаттарымен және міндеттерімен белгіленеді.

      6. Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс қазыналық кәсіпорынның міндеттемелері бойынша жәрдем беру жауаптылығын өз мойнына алады. Шарттық міндеттемелер бойынша жауапкершілік Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында белгіленген тәртіппен туындайды.

      Ескерту. 104-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.12.16 № 320, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) Заңдарымен.

VII. Коммерциялық емес ұйымдар

105-бап. Мекеме

      1. Басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе өзге де коммерциялық емес сипаттағы функцияларды жүзеге асыру үшін өзінің құрылтайшысы құрған және қаржыландыратын ұйым, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мекеме деп танылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).

      2. Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына немесе Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының құқықтық актілеріне сәйкес мемлекет құратын және егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көздері белгіленбесе, бюджет немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен ғана ұсталатын мекеме мемлекеттік мекеме болып танылады.

      3. Мемлекеттік мекеменің шарттық міндеттемелерді қабылдауы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Мекемелердің құқықтық жағдайы осы Кодексте, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады.

      Ескерту. 105-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз); 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

106-бап. Қоғамдық бірлестіктер

      1. Қазақстан Республикасында қоғамдық бірлестіктер болып, егер заңдармен өзгеше көзделмесе, саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың заңдарға қайшы келмейтін, өздерінің ортақ мақсаттарына жету үшін ерікті негізде құрған басқа да бірлестіктері танылады.

      Қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың қоғамдық бірлестіктерді құру және оларға қатысу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің (қатысушыларының) осы бірлестіктерге өздері берген мүлікке, оның ішінде мүшелік жарналарға құқықтары болмайды. Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, олар өздері мүшелері (қатысушылары) ретінде қатысатын қоғамдық бірлестіктердің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал аталған бірлестіктер өз мүшелерінің (қатысушыларының) міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      2 - 6. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

      7. Съездің (конференцияның) немесе жалпы жиналыстың шешімі бойынша таратылған қоғамдық бірлестіктің мүлкі оның жарғысымен көзделген мақсаттарға жұмсалады.

      Сот шешімі бойынша таратылған қоғамдық бірлестіктің мүлкі осы Кодекске немесе өзге заңдарға сәйкес пайдаланылады.

      8. Қоғамдық бірлестіктің құқықтық ережесі осы Кодекске, заңдарға сәйкес белгіленеді.

      Ескерту. 106-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 1995.10.05 № 2489 заң күші бар Жарлығымен, ҚР 1997.07.11 № 154, 2-6-тармақтар алып тасталды - 1998.03.02 № 211, 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.12.2023 № 49-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

107-бап. Қор

      1. Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерікті мүліктік жарналар негізінде құрған, әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және өзге де қоғамға пайдалы мақсаттарды көздейтін, мүшелігі болмайтын коммерциялық емес ұйым қор деп танылады.

      2. Қор заңды тұлға болып табылады, азаматтық айналымда қордың органдары өкілдік етеді, оның дербес балансы және банк шоты болады.

      3. Қорға оның құрылтайшылары берген мүлік қордың меншігі болып табылады.

      Қор құрылтайшыларының қордың мүлкіне мүліктік құқықтары болмайды.

      4. Құрылтайшылардың ақшасы, сондай-ақ басқа да мүлкі, ерікті түрде жиналған қайырмалдықтар және өзге де заңды түсімдер қордың қаржы көзі болып табылады.

      5. Қорды басқару тәртібі және оның органдарын құру тәртібі оның құрылтайшылар бекітетін жарғысында айқындалады.

      Қордың жарғысында осы Кодекстің 41-бабының 5-тармағында қамтылатын мәліметтерден басқа, қордың органдары туралы, қордың лауазымды адамдарын тағайындау және оларды босату тәртібі, қор таратылған жағдайда оның мүлкінің тағдыры туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.

      6. Қор өз мүлкінің пайдаланылуы туралы есептерін ресми баспасөз басылымдарында жыл сайын жариялап отыруға міндетті.

      7. Қор сот шешімі бойынша мынадай жағдайларда:

      1) егер қордың мақсаттарын жүзеге асыру үшін оның мүлкі жеткіліксіз болса және оның қажетті мүлікті алу ықтималдығы нақты болмаса;

      2) егер қордың мақсаттарына қол жеткізу мүмкін болмаса, ал қор мақсаттарына қажетті өзгерістер жасау мүмкін болмаса;

      3) қор өз қызметінде жарғыда көзделген мақсаттардан жалтарған жағдайда;

      4) заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкін.

      8. Қор таратылғаннан кейін қалған мүлік оның жарғысында көзделген мақсаттарға жұмсалады.

      Ескерту. 107-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

108-бап. Тұтыну кооперативі

      1. Қатысушылардың материалдық және өзге қажеттерін қанағаттандыру үшін өз мүшелерінің мүліктік (үлестік) жарналарын біріктіру арқылы жүзеге асырылатын азаматтардың ерікті бірлестігі тұтыну кооперативі деп танылады.

      Заңдарда көзделген жағдайларда тұтыну кооперативіне заңды тұлғалар кіре алады.

      2. Тұтыну кооперативінің мүшелері жыл сайынғы баланс бекітілгеннен кейін пайда болған залалдарды қосымша жарналар төлеу арқылы үш ай ішінде жабуға міндетті. Бұл міндеттерді орындамаған ретте кооператив несие берушілердің талабы бойынша сот тәртібімен таратылуы мүмкін.

      Тұтыну кооперативінің мүшелері оның міндеттемелері бойынша кооператив мүшелерінің қосымша төлемеген бөлігі шегінде жәрдем беру жөнінен ортақ жауапты болады.

      3. Тұтыну кооперативінің жарғысында, осы Кодекстің 41-бабының 5-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа, кооператив мүшелері жарналарының мөлшері туралы; кооператив мүшелерінің құрамы мен жарна төлеу тәртібі және олардың жарна төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігі туралы; кооперативті басқару органдарының құрамы мен құзыреті және олардың шешімдер қабылдау, соның ішінде шешімі бірауыздан немесе білікті көпшілік дауыспен қабылданатын мәселелер жөнінде шешімдер қабылдау тәртібі туралы; кооператив мүшелерінің өздері шеккен залалдарды жабу тәртібі туралы ережелер болуға тиіс.

      4. Тұтыну кооперативінің тапқан табыстарын оның мүшелері арасында бөлуге болмайды, олар жарғылық мақсаттарға беріледі.

      5. Тұтыну кооперативі таратылған немесе кооператив мүшесі одан шыққан жағдайда ол тұтыну кооперативінің мүлкінен өз үлесін өз жарнасына қарай бөліп алуға құқылы.

      Тұтыну кооперативінің мүшесі қайтыс болған жағдайда, егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мұрагерлерінің кооператив мүшелігіне қабылдануға бірінші кезекте құқығы болады. Соңғы жағдайда кооператив мұрагерлерге тұтыну кооперативінің мүлкінен оның қосқан жарнасына қарай үлесін төлейді.

      6. Тұтыну кооперативінің құқықтық жағдайы, сондай-ақ оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері осы Кодекске сәйкес заңдарда белгіленеді.

      7. Алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 373-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Өзара сақтандыру қоғамдары - тұтыну кооперативтері қызметінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

      Ескерту. 108-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 211, 2006.07.05 № 164; 29.10.2015 № 373-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

109-бап. Діни бірлестік

      1. Рухани қажеттерін қанағаттандыру үшін өз мүдделерінің ортақтығы негізінде, заңдарда белгіленген тәртіп бойынша біріккен азаматтардың ерікті түрдегі бірлестігі діни бірлестік деп танылады.

      2. Алынып тасталды - 1998.03.02. № 211 Заңымен.

      3. Республикадан тыс жерлерде басқару орталықтары бар Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер әділет органдарында тіркеуге жатады. Басқару орталықтарының жарғылары (ережелері), егер олар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, осындай діни бірлестіктер жарғыларының (ережелерінің) негізіне алынуы мүмкін.

      4-8. Алынып тасталды - 1998.03.02. № 211 Заңымен.

      9. Діни бірлестіктер өз қаражаты есебінен сатып алған немесе өздері құрған, азаматтар, ұйымдар жылу ретінде берген немесе мемлекет берген және заңдарға қайшы келмейтін басқа да негіздер бойынша сатып алынған мүлікке меншік құқығы болады.

      10. Діни бірлестіктерге қатысушылардың (мүшелерінің) осы ұйымға өздері берген мүлікке, соның ішінде мүшелік жарналарға құқықтары сақталмайды. Олар діни бірлестіктің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал діни бірлестік өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      11. Діни бірлестіктің құқықтық жағдайының ерекшеліктері осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.

      Ескерту. 109-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.10.05. № 2489 заң күші бар Жарлығымен, 2, 4-8-тармақтар алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

110-бап. Жеке кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестігі

      1. Жеке кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ ортақ мүдделерін білдіру мен қорғау мақсатында қауымдастықтар (одақтар) құра алады.

      Заңды тұлғалардың қаржы рыногында қызметті жүзеге асыратын қауымдастығын (одақтарын) құру және оларға қатысу ерекшелігі Қазақстан Республикасының заңдарда белгіленеді.

      2. Қоғамдық бірлестіктер және өзге де коммерциялық емес ұйымдар, соның ішінде мекемелер осы ұйымдардың қауымдастығына (одақтарына) өз еркімен біріге алады.

      3. Қауымдастық (одақ) коммерциялық емес ұйым болып табылады.

      4. Қауымдастықтың (одақтың) мүшелері өз дербестігін сақтап қалады.

      5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, қауымдастық (одақ) өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, қауымдастықтың (одақтың) мүшелері оның міндеттемелері бойынша қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде және тәртіппен субсидиарлық жауаптылықта болады.

      Ескерту. 110-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211, 2003.05.16. № 416, 2007.01.12. № 225; 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Параграф 3. Мемлекет пен әкімшілік-аумақтықбөліністің азаматтық заңдармен реттелетінқатынастарға қатысуы

111-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық құқық қатынастарына қатысуы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтық заңдармен реттелетін қатынастарға осы қатынастардың өзге қатысушыларымен тең негіздерде кіреді.

      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздерінің осы органдардың мәртебесін айқындайтын Қазақстан Республикасының заңдарында, ережелерде және өзге де құжаттарда белгіленетін құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының атынан өз әрекеттері арқылы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді алып, оларды жүзеге асырады, сотта өкілдік ете алады.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген реттер мен тәртіп бойынша Қазақстан Республикасының арнайы тапсырмасымен оның атынан өзге де мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар мен азаматтар өкілдік ете алады.

      3. Азаматтық-құқықтық дауларды Қазақстан Республикасының қатысуымен соттар шешеді.

      Ескерту. 111-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

112-бап. Әкімшілік-аумақтық бөліністің азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуы

      1. Әкімшілік-аумақтық бөлініс азаматтық заңдармен реттелетін қатынастарда бұл қатынастардың өзге де қатысушыларымен тең негіздерде кіреді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақтың бірінші бөлігінің осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).

      2. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары осы органдардың мәртебесін айқындайтын Қазақстан Республикасының заңдарында, ережелерде немесе өзге де актілерде белгіленген өздерінің құзыреті шеңберінде әкімшілік-аумақтық бірліктің атынан өз әрекеттері арқылы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді иелене алады және оларды жүзеге асыра алады, сотта өкілдік ете алады.

      Заңдарда көзделген реттер мен тәртіп бойынша арнаулы тапсырмамен әкімшілік-аумақтық бөлініс атынан жергілікті мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар мен азаматтар өкілдік ете алады.

      3. Заңдарда белгіленген реттерде әкімшілік-аумақтық бөлініс азаматтық құқық қатынастарында мемлекет атынан өкілдік ете алады.

      4. Әкімшілік-аумақтық бөлініс пен оның органдарына, егер заңдардан өзгеше жағдай туындамаса, осы Кодекстің тиісінше мемлекет пен оның органдарының азаматтық заңдармен реттелетін қатынастарға қатысуы туралы ережелері қолданылады.

      5. Азаматтық-құқықтық дауларды әкімшілік-аумақтық бөліністің қатысуымен соттар шешеді.

      Ескерту. 112-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) Заңымен.

113-бап. Қазақстан Республикасы мен әкімшілік-аумақтық бөліністің міндеттемелері бойынша ақы өндіріп алу

      1. Қазақстан Республикасы өз міндеттемелері бойынша мемлекеттік қазына мүлкімен жауап береді, ал әкімшілік-аумақтық бөлініс өз міндеттемелері бойынша жергілікті қазына мүлкімен жауап береді.

      2. Қазақстан Республикасы мен әкімшілік-аумақтық бөлініс бір-бірінің міндеттемелері бойынша, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал азаматтар мен заңды тұлғалар осы Кодексте және заңдарда көзделгеннен басқа жағдайларда Қазақстан Республикасы мен әкімшілік-аумақтық бөлініс міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

114-бап. Мемлекетке және әкімшілік-аумақтық бөлініске заңды тұлғалар туралы қалыптарды қолдану

      Мемлекетке және әкімшілік-аумақтық бөліністерге заңды тұлғалардың азаматтық заңдармен реттелетін қатынастарға қатысуын анықтайтын қалыптар, егер заңдардан өзгеше қалып туындамайтын болса, қолданылады.

3-тарау. Азаматтық құқықтар объектілері
Параграф 1. Жалпы ережелер

115-бап. Азаматтық құқық объектілерінің түрлері

      1. Мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтар азаматтық құқық объектілері бола алады.

      2. Мүліктік игіліктер мен құқықтарға (мүлікке): заттар, ақша, соның ішінде шетел валютасы, қаржы құралдары, жұмыс, қызмет, шығармашылық-интеллектуалдық қызметтің объектіге айналған нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары мүліктік құқықтар, цифрлық активтер мен басқа да мүлік жатады.

      2-1. Ақшаға және ақшалай міндеттемелер бойынша құқықтарға (талаптарға) (ақша төлеу жөніндегі талап ету құқықтарына), егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе немесе міндеттеме мәнінен туындамаса, тиісінше заттардың немесе мүліктік құқықтардың (талаптардың) құқықтық режимі қолданылады.

      3. Жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарға: жеке адамның өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті, абырой, игі атақ, іскерлік бедел, жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есім алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игіліктер мен құқықтар жатады.

      Ескерту. 115-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 № 225, 2008.12.10 № 101-IV (01.01.2009 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

116-бап. Азаматтық құқық объектілерінің айналым қабілеттілігі

      1. Азаматтық құқық объектілері, егер ол айналымнан алынып тасталмаса немесе айналымға шек қойылмаса, бір адамнан екінші адамға әмбебап құқықты мирасқорлық (мұрагерлік ету, заңды тұлғаны қайта құру) тәртібімен не өзге де әдіспен еркін беріледі немесе ауысады.

      2. Берілуге рұқсат етілмейтін мүліктің түрлері (айналымнан алынып тасталған) заңдарда тікелей көрсетілуге тиіс.

      3. Айналымның белгілі бір қатысушысына ғана тиесілі болуы мүмкін не алынуына немесе берілуіне арнайы рұқсат бойынша (айналым қабілеттігі шектеулі) жол берілетін мүліктің түрлері заңдарда белгіленеді.

      3-1. Цифрлық активтердің ұғымы мен түрлері, сондай-ақ цифрлық активтер айналымының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамаcында, "Астана" халықаралық қаржы орталығының актілерінде айқындалады.

      4. Жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтар заңдарда белгіленген реттерді қоспағанда, басқа әдіспен берілмейді және ауыспайды.

      Ескерту. 116-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

117-бап. Жылжымайтын және жылжымалы мүлік

      1. Жылжымайтын мүлікке (жылжымайтын заттар) жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлік, яғни орнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкін болмайтын объектілер жатады.

      Егер кондоминиум объектісінің құрамындағы пәтерлер және өзге де тұрғын үй-жайлар, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлар дара (бөлек) меншікте болса, олар дербес жылжымайтын мүлік объектілері (түрлері) болып танылады.

      2. Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, "өзен-теңіз" жүзу кемелері, ғарыш объектілері, магистральдық құбырлардың желілік бөлігі де жылжымайтын заттарға теңестіріледі. Заңдармен жылжымайтын заттарға өзге мүліктер де жатқызылуы мүмкін.

      Осы Кодекстің және өзге де заңдардың жылжымайтын заттарға байланысты қатынастарды реттейтін нормалары Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайда, осы тармақта көрсетілген заттарға қолданылады.

      3. Ақша мен бағалы қағаздарды қоса алғанда, жылжымайтын затқа жатпайтын мүлік жылжымалы мүлік деп танылады. Заңдарда көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жылжымалы заттарға құқықтарды тіркеу талап етілмейді.

      Ескерту. 117-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

118-бап. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу

      1. Жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) туындауы, өзгеруі және тоқтатылуы осы Кодексте және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркелуге жатады.

      Мемлекеттік тіркеудің жылжымайтын мүлікке байланысты өзге де объектілері "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.

      2. Егер осы Кодексте және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) мемлекеттік тіркелген кезден бастап туындайды, өзгереді және тоқтатылады. Егер тіркеуден бас тартылмаса, мемлекеттік тіркеу кезі деп өтініш берілген кез, ал электрондық тіркеу кезінде – жүргізілген тіркеу туралы хабарлама жөнелту арқылы тіркеуші органның құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растаған кезі танылады.

      3. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган тіркеуге ұсынылған құқық белгілейтін құжатта жазба жасау арқылы жүргізілген тіркеуді құқық иеленушінің өтініші бойынша куәландыруға міндетті. "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда тіркеуді жүзеге асыратын орган жылжымайтын мүлікке меншік құқығы (өзге заттай құқық) туралы куәлік береді.

      4. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жариялы болып табылады. Тіркеуді жүзеге асыратын орган жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы ақпаратты кез келген тұлғаға "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген шектеулерді ескере отырып беруге міндетті.

      5. Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуден бас тартуға не тіркеуден негізсіз жалтаруға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      6. Мемлекеттік тіркеу тәртібі осы Кодекске және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленеді.

      7. Азаматтық әуе кемелерін, теңіз кемелерін, ішкі суда жүзу кемелерін, "өзен-теңіз" жүзу кемелерін, ғарыш объектілерін жылжымайтын мүлікке теңестірілген объектілер ретінде мемлекеттік тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі, сауда мақсатында теңізде жүзу, ішкі су көлігі, ғарыш қызметі саласындағы заңдарымен реттеледі.

      Ескерту. 118-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.01.06 № 529-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

119-бап. Кәсіпорын

      1. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мүліктік кешен құқық объектісі түріндегі кәсіпорын деп танылады.

      2. Мүліктік кешен ретінде кәсіпорынның құрамына оның қызмет етуіне арналған мүліктің барлық түрлері, соның ішінде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикізат, өнімдер, жер учаскесіне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметін дараландыратын белгілерге құқықтар (фирмалық атау, тауар белгілері) және, егер шартта өзгеше көзделмесе, басқа да айрықша құқықтар енеді.

      3. Кәсіпорын тұтасымен немесе оның бір бөлігі сатып алу-сату, кепілге, арендаға беру және заттық құқықтарды белгілеуге, өзгертуге және тоқтатуға байланысты басқа да мәмілелер объектісі болуы мүмкін.

      3-1. Кәсіпорынның құрамына мүліктік кешен ретінде кіретін жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеудің ерекшеліктері "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.

      4. Мүлік кешені ретіндегі кәсіпорын құрамындағы борыштарды берген кезде несие берушілердің құқықтарына осы Кодекстің 48-бабында көзделген тәртіппен кепілдік беріледі.

      Ескерту. 119-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

120-бап. Бөлінетін және бөлінбейтін мүлік

      1. Мүлік бөлінетін және бөлінбейтін болуы мүмкін.

      Бөлінетін мүлік дегеніміз - бөлу нәтижесінде бөліктері өз мақсатын (міндетін) жоғалтпайтын мүлік.

      Бөлінбейтін мүлік дегеніміз - өзінің шаруашылық мақсатын (міндетін) өзгертпей бөлуге болмайтын немесе заңда ұйғарылуына қарай бөлуге жатпайтын мүлік.

      2. Құқық объектілері ретінде бөлінбейтін заттардың ерекшеліктері заңдарда белгіленеді.

121-бап. Күрделі заттар

      1. Егер әртекті заттар оны бірігу мәні белгілейтін мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік беретін бүтін бір затты құрайтын болса, олар бір зат (күрделі зат) деп қаралады.

      2. Күрделі зат жөнінде жасалған мәміленің күші, егер шартта өзгеше белгіленбесе оның барлық құрамдас бөліктеріне қолданылады.

122-бап. Басты зат және керек-жарақ

      Керек-жарақ, яғни басты затқа қызмет етуге арналған және ортақ шаруашылық мақсатқа қолданылуы сонымен байланысты болатын зат, егер заңдарда немесе шартта өзгеше белгіленбесе, басты затқа ілесіп жүреді.

123-бап. Жемістер, азық-түлік және табыстар

      Мүліктерді пайдалану нәтижесінде алынған түсім (жемістер, өнімдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлікті пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлікті заңды негізде пайдаланушы адамға тиесілі болады.

124-бап. Жануарлар

      Заңдарда өзгеше белгіленбегендіктен, жануарларға заттар туралы жалпы ережелер қолданылады.

125-бап. Интеллектуалдық меншік

      1. Осы Кодексте және өзге де заңдарда белгіленген реттер мен тәртіп бойынша азаматтың немесе заңды тұлғаның шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелеріне және оларға теңестірілген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына, жеке немесе заңды тұлғаның өзі орындайтын жұмысының немесе қызметінің өнімдеріне (фирмалық атау, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі және т.б.) ерекше құқығы танылады.

      2. Шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелері мен ерекше құқықтардың (интеллектуалдық меншіктің) объектісі болуы мүмкін даралану құралдарын пайдалануды үшінші жақтар, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, құқық иеленушінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.

      Ескерту. 125-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211; 07.04.2015 № 300-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

126-бап. Қызметтік және коммерциялық құпия

      1. Үшінші жаққа белгісіз болуына байланысты ақпараттың нақты немесе потенциалды коммерциялық құны болып, онымен заңды негізде еркін танысуға болмайтын және ақпаратты иеленуші оның құпиялылығын сақтауға шара қолданатын ретте, қызметтік немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпарат азаматтық заңдармен қорғалады.

      2. Мұндай ақпаратты заңсыз әдістермен алған адамдар, сондай-ақ еңбек шартына қарамастан қызметшілер немесе азаматтық-құқықтық шартқа қарамастан контрагенттер қызметтік немесе коммерциялық құпияны жария етсе, келтірілген залалдың орнын толтыруға міндетті.

127-бап. Ақша (валюта)

      1. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге.

      2. Теңге Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өз құны бойынша қабылдануға міндетті заңды төлем құралы болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасы аумағында төлемдер қолма-қол төлеп және қолма-қол төлемей есеп айырысу түрінде жүзеге асырылады.

      4. Қазақстан Республикасы аумағында шетел валютасымен есеп айырысудың реттері, тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      Ескерту. 127-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

128-бап. Валюталық қазыналар

      1. Валюталық қазыналар деп танылатын мүлік түрлері және олар арқылы мәмілелер жасау тәртібі заңдарда белгіленеді.

      2. Валюталық қазыналарға меншік құқығы Қазақстан Республикасында жалпы негіздерде қорғалады.

Параграф 1-1. Қаржы құралдары

      Ескерту. 3-тарау 1-1параграфпен толықтырылды – ҚР 10.12.2008 № 101-IV (01.01.2009 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
     

128-1-бап. Қаржы құралдары

      1. Қаржы құралы – операциялар нәтижесінде бір тұлғада – қаржы активі және басқасында қаржылық міндеттеме немесе үлестік құрал бір мезгілде туындайтын ақша, туынды бағалы қағаздарды қоса алғанда, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, цифрлық қаржы активтері және басқа да қаржы құралдары.

      Қаржы құралы "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес электрондық-цифрлық нысанда шығарылуы мүмкін.

      2. Қаржы активі – басқа тұлғаның ақшасын, үлестік құралын білдіретін кез келген актив, басқа тұлғадан ақшаны немесе өзге де қаржы активін алуға немесе басқа тұлғамен өзі үшін ықтимал тиімді шарттарда қаржы активтерін немесе қаржылық міндеттемелерді алмасуға арналған шарттық құқық немесе есеп айырысу тұлғаның меншікті үлестік құралдарымен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін және бұл ретте, тұлғада меншікті үлестік құралдардың ауыспалы санын алу міндеті болатын немесе пайда болуы мүмкін туынды құрал болып табылатын немесе есеп айырысу тіркелген ақша сомасын немесе өзге де қаржы активін тұлғаның меншікті үлестік құралдарының тіркелген санына алмастыру жолына қарағанда кез келген өзге тәсілмен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін туынды құрал болып табылатын осындай шарт.

      3. Қаржылық міндеттеме – басқа тұлғаның ақшасын немесе өзге де қаржы активін берудің немесе басқа тұлғамен өзі үшін ықтимал тиімсіз шарттарда қаржы активтерін немесе қаржылық міндеттемелерін алмасудың шарттық міндетін білдіретін кез келген міндеттеме, немесе есеп айырысу тұлғаның меншікті үлестік құралдарымен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін және бұл ретте, тұлғада меншікті үлестік құралдардың ауыспалы санын беру міндеті болатын немесе беру міндеті пайда болуы мүмкін туынды емес құрал болып табылатын немесе есеп айырысу тіркелген ақша сомасын немесе өзге де қаржы активін тұлғаның меншікті үлестік құралдарының тіркелген санына алмастыру жолына қарағанда кез келген өзге тәсілмен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін туынды құрал болып табылатын шарт.

      4. Үлестік құрал — ұйымның барлық міндеттемелері шегерілгеннен кейін қалатын оның активтеріндегі қалдық үлесіне құқығын растайтын кез-келген шарт.

      Ескерту. 128-1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

128-2-бап. Туынды қаржы құралдары

      1. Туынды қаржы құралдары — болашақта осы шарт бойынша есеп айырысуды жүргізуді көздейтін, құны шарттың базалық активінің мөлшеріне (мөлшердің ауытқуын қоса алғанда) тәуелді шарт.

      2. Туынды қаржы құралдарына опциондар, фьючерстер, форвардтар, своптар және осы белгілерге сай келетін басқа да туынды, оның ішінде жоғарыда аталған туынды қаржы құралдарының комбинациясы болып табылатын қаржы құралдары жатады.

      3. Тауарлар, тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта, индекстер, проценттік ставкалар және нарықтық құны бар басқа да активтер, болашақтағы оқиғалар немесе жағдайлар, туынды қаржы құралдары туынды қаржы құралдарының базалық активтері болып табылады.

128-3-бап. Опцион

      1. Опцион — оған сәйкес бір тарап (опцион сатушысы) екінші тарапқа (опционды сатып алушы) болашақта келісілген жағдайларда пәтуаласқан баға бойынша базалық актив сатып алу немесе сату құқығын сататын туынды қаржы құралы. Опционды сатушы өзіне міндеттемелер алады, ал сатып алушы құқыққа ие болады.

      2. Опционды сатушы опционды сатып алушыға сыйлықақы деп аталатын сыйақыға опционды сатады. Опционның келісілген жағдайлары деп мынадай міндетті шарттарды келісу түсініледі: базалық активтің түрі, базалық активтің жалпы құны (опцион жасалатын сома), базалық активтің бағасы (страйк — опционды орындау бағасы), опционның сыйлығы, опционның мерзімі (опционның қолданылу кезеңі), опционның түрі.

      3. Егер опционды сатып алушы өзі сатып алған құқықты іске асырса, онда опцион орындалды деп есептеледі.

128-4-бап. Своп

      Своп — оған сәйкес тараптар келісілген шарттармен базалық активтер немесе болашақтағы базалық активтер бойынша төлемдерді айырбастау жөнінде пәтуаласатын туынды қаржы құралы.

128-5-бап. Форвард

      1. Форвард — сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттарда базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын туынды қаржы құралы.

      2. Форвард ұйымдастырылмаған нарықта жасалады.

128-6-бап. Фьючерс

      Фьючерс — сатып алушы (немесе сатушы) ұйымдастырылған нарықта белгіленген стандартты шарттарға сәйкес базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын тек ұйымдастырылған нарықта айналымға түсетін туынды қаржы құралы.

Параграф 2. Бағалы қағаздар

129-бап. Бағалы қағаздар

      1. Бағалы қағаз - мүліктік құқықты куәландыратын белгілі бір жазбалар мен басқа да белгілердің жиынтығы.

      1-1. Бағалы қағаздар борыштық және үлестік болуы мүмкін.

      Борыштық бағалы қағаз — эмитенттің (борышкердің) осы бағалы қағаздарды шығару шарттарында борыштың негізгі сомасын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын бағалы қағаздар.

      Үлестік бағалы қағаз — Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мүлік иесінің мүлікке белгіленген үлесіне иелік ету құқығын куәландыратын бағалы қағаз.

      2. Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар және бағалы қағаздардың Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған өзге де түрлері жатады.

      3. Бағалы қағаздар шығарылым нысаны бойынша:

      1) құжатты және құжатсыз;

      2) эмиссиялық және эмиссиялық емес;

      3) атаулы және ордерлік бағалы қағаздар болып бөлінеді.

      Құжатты бағалы қағаздар - құжатты нысанда (бағалы қағаздың мазмұнын арнаулы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ тікелей оқу мүмкіндігі болатын қағаз немесе өзге материалдық жеткізуші) шығарылған бағалы қағаздар.

      Құжатсыз бағалы қағаздар - құжатсыз нысанда (электрондық жазбалар жиынтығы түрінде), оның ішінде электрондық-цифрлық нысанда шығарылған бағалы қағаздар.

      Эмиссиялық бағалы қағаздар - бір шығарылым шегінде осы шығарылым үшін бірдей жағдай негізінде орналастырылатын және айналымда болатын, біртекті белгілері мен реквизиттері бар бағалы қағаздар.

      Эмиссиялық емес бағалы қағаздар - осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген белгілерге сәйкес келмейтін бағалы қағаздар.

      Атаулы бағалы қағаз – ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға тиесілігін растайтын бағалы қағаз.

      Ордерлік бағалы қағаз – ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға, ал оларға осы құқықтар осы Кодекстің 132-бабының 3-тармағында көзделген тәртіппен берілген жағдайда, басқа тұлғаға тиесілігін растайтын бағалы қағаз.

      4. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында бағалы қағаздардың белгілі бір түрін қайсыбір нысанда шығару мүмкіндігіне жол берілмеуі мүмкін.

      Ескерту. 129-бап жаңа редакцияда – ҚР 16.05.2003 № 416; өзгерістер енгізілді – 10.12.2008 № 101-IV (01.01.2009 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.09.2025 № 219-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

130-бап. Бағалы қағазға құқықтарды растау

      1. Бағалы қағаздың өзі құжатты бағалы қағазға құқықты растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаздар бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушысына сақтауға берілген жағдайда, оның есебін жүргізу мақсатында осы кәсіби қатысушы ашқан шоттан алынған үзінді көшірме оған берілген лицензияға сәйкес немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкілеттінің осы бағалы қағазды осылай сақтауға құқығын растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаз бен аталған шоттан берілген үзінді көшірменің арасында алшақтық болған кезде үзінді көшірмеге басымдық беріледі.

      2. Бағалы қағаздар рыногының өзіне берілген лицензияға сәйкес немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді тіркеуге уәкілетті кәсіби қатысушысындағы бағалы қағаздың есебін жүргізу мақсатында ашылған шоттан үзінді көшірме құжатсыз бағалы қағазға құқықты растау болып табылады.

      3. Бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушыларының бағалы қағаздардың есебін жүргізуге арналған шоттарды ашу және жүргізу тәртібі, сондай-ақ осындай шоттардан берілетін үзінді көшірменің мазмұны мен ресімделуіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

      Ескерту. 130-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

131-бап. Бағалы қағазға қойылатын талаптар

      1. Бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтардың түрлері, бағалы қағаздардың міндетті реквизиттері, бағалы қағаз нысанына талаптар және басқа да қажетті талаптар заңдарда немесе соларда белгіленген тәртіп бойынша белгіленеді.

      2. Бағалы қағаздың міндетті реквизиттерінің болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшін белгіленген нысанға сәйкес келмеуі оның жарамсыз болуына әкеліп соқтырады.

132-бап. Бағалы қағаз бойынша құқықтар беру

      1. Алып тасталды – ҚР 19.09.2025 № 219-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2. Құжаттық нысанда шығарылған атаулы бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар талапты (цессияны) басқаға беру үшін белгіленген тәртіппен беріледі. Бағалы қағаз бойынша құқық беруші адам осы Кодекстің 347-бабына сәйкес тиісті талаптың орындалмағаны үшін емес, оның жарамсыздығы үшін жауаптылықта болады.

      2-1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар беру және солар бойынша құқықтарды растау ерекшелігі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

      3. Ордерлік бағалы қағаз бойынша құқықтар бұл қағазға берілгенін жазу - индоссамент арқылы беріледі. Ордерлік бағалы қағаз бойынша құқық беруші адам (индоссант), жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, құқықтың болуы үшін ғана емес, оның жүзеге асырылуы үшін де жауапты болады.

      Бағалы қағазда жасалған индоссамент бағалы қағазбен куәландырылған барлық құқықтарды бағалы қағаз бойынша құқықтар берілетін адамға - (индоссантқа) немесе соның бұйрығына ауыстырады. Индоссамент бланкілік болуы мүмкін (орындауға тиіс адам көрсетілмейді).

      Бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру, бұл құқықтарды индоссантқа бермей-ақ (сену индоссаменті) индоссаментке тапсырумен ғана шектелуі мүмкін. Бұл жағдайда индоссант өкіл ретінде әрекет жасайды.

      Ескерту. 132-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.03.1998 № 211 Заңымен, 16.05.2003 № 416 Заңымен, 03.06.2003 № 426 Заңымен, 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.09.2025 № 219-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

133-бап. Бағалы қағаз бойынша орындау

      1. Бағалы қағазды берген адам және оны индоссиялаған барлық адамдар, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның заңды иесінің алдында бірге жауап береді. Бағалы қағаздың заңды иесінің сондай қағазбен куәландырылған міндеттемесін бағалы қағаз бойынша міндеттенгендердің арасынан бір немесе бірнеше адамның орындауы туралы талабын қанағаттандырған ретте олар бағалы қағаз бойынша өздерінен бұрын міндеттенген өзге адамдарға кері талап қою (регресс) құқығына ие болады.

      2. Міндеттеменің негізі болмауын не оның жарамсыздығын сылтауратып бағалы қағазбен куәландырылған міндеттемені орындаудан бас тартуға жол берілмейді.

      3. Бағалы қағаздың жалғандығын немесе жасандылығын байқаған бағалы қағаз иесі өзіне қағазды берген адамға, бағалы қағазбен куәландырылған міндеттемені лайықты орындау туралы және залалдардың орнын толтыру туралы талап қоюға құқылы.

      4. Заңсыз иеленушінің қолындағы бағалы қағаз бойынша құқықтар жүзеге асырылмауға тиіс.

      Ескерту. 133-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2003.06.03. № 426 Заңымен.

134-бап. Бағалы қағазды қалпына келтіру

      Жоғалған ордерлік бағалы қағаздар бойынша құқықтарды қалпына келтіруді процестік заңнамада көзделген тәртіппен сот жүргізеді.

      Ескерту. 134-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.09.2025 № 219-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

135-бап. Құжатталмаған бағалы қағаздар

      Ескерту. 135-бап алып тасталды - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен.

136-бап. Облигация

      1. Облигация – шығару шарттарына сәйкес облигацияны шығарған тұлғадан ол бойынша сыйақы және облигацияның ақшалай немесе өзге де мүліктік баламасымен номиналды құнын алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз.

      2. Облигациялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретінде шығарылады.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, коммерциялық ұйымдар облигациялар шығаруға құқылы.

      4. Облигациялардың түрлері және оларды шығару тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

      Ескерту. 136-бап жаңа редакцияда - ҚР 2003.05.16 № 416 Заңымен; өзгеріс енгізілді - 2004.12.20. № 13(01.01.2005 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

137-бап. Чек

      Ескерту. 137-бап алынып тасталды - ҚР 1997.07.11 № 154 Заңымен.

138-бап. Вексель

      Ескерту. 138-бап алынып тасталды - ҚР 1997.07.11 № 154 Заңымен.

139-бап. Акция

      1. Акция - акционерлік қоғам шығаратын және акционерлік қоғамды басқаруға қатысуға, ол бойынша дивиденд және акционерлік қоғам таратылған жағдайда оның мүлкінің бір бөлігін алуға құқықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарда көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз.

      2. Акциялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретінде шығарылады.

      3. Акциялардың түрлері Қазақстан Республикасының заңдарда белгіленеді.

      Акцияларды шығару тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгіленеді.

      4. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтер төлеуді жүзеге асырмайды.

      5. Қазақстан Республикасының заңдарда өзінің әрекетімен немесе әрекетсіздігімен акционерлік қоғамның мүддесін бұзған акционерден акцияларды сот шешімі бойынша сатып алу мүмкіндігі көзделуі мүмкін.

      Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен есептелетін меншікті капиталдың тepіc мөлшері болған жағдайда, олардың акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың мүмкіндігі мен негіздері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделуі мүмкін.

      Ескерту. 139-бап жаңа редакцияда - 2003.05.16. № 416 Заңымен, 139-бапқа өзгерту енгізілді - 2005.07.08. № 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
     

139-1-бап. Банктік депозит сертификаты

      Банктік депозит сертификаты - өз ұстаушысының шығару шарттарында белгіленген айналыс мерзімі аяқталғаннан кейін не ол аяқталғанға дейін номиналды құнын, сондай-ақ шығару шарттарында белгіленген мөлшерде сыйақы алу құқығын растайтын атаулы эмиссиялық емес бағалы қағаз.

      Ескерту. 139-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. № 225 Заңымен.
     

140-бап. Банктік сертификат

      Ескерту. 140-бап алынып тасталды - ҚР 1997.07.11 № 154 Заңымен.

Параграф 3. Мүліктік емес өзіндік құқықтар

141-бап. Мүліктік емес өзіндік құқықтарды қорғау

      1. Мүліктік емес өзіндік құқықтары бұзылған жеке тұлғаның, осы Кодекстің 9-бабында көзделген шаралардан басқа, осы Кодекстің ережелері бойынша моральдық зардаптарын өтетуге құқығы бар.

      2. Мүліктік емес өзіндік құқықтардың қорғалуын азаматтық іс жүргізу заңдарында көзделген тәртіп бойынша сот жүзеге асырады.

      3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе құқық бұзған адамның кінәсіне қарамастан, мүліктік емес өзіндік құқықтар қорғалуға тиіс. Қорғау туралы талап қойған адам өзінің мүліктік емес өзіндік құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиіс.

      4. Мүліктік емес өзіндік құқығы бұзылған адам өз таңдауы бойынша оны бұзушыдан бұзылу зардаптарын жоюды немесе бұзушының есебінен өз бетінше қажетті әрекеттер жасауды не олардың орындалуын үшінші жаққа тапсыруды талап етуі мүмкін.

      Ескерту. 141-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

142-бап. Мүліктік құқықтармен байланысты мүліктік емес өзіндік құқықтар

      Мүліктік емес өзіндік және мүліктік құқықтар бір мезгілде бұзылған жағдайда мүліктік емес өзіндік құқықтардың бұзылғандығы үшін жәбірленушіге тиесілі өтем ескеріле отырып, мүліктік зиянның орнын толтыру мөлшері ұлғаяды.

143-бап. Ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау

      1. Азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.

      2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегін теріске шығарылуға тиіс.

      Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтіндігі туралы тиісті адамға міндетті түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе кері сұратып алынуға тиіс.

      Өзге реттерде теріске шығару тәртібін сот белгілейді.

      3. Бұқаралық ақпарат құралдары азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін мағлұматтар жарияласа, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегін жариялауға құқылы.

      4. Бұқаралық ақпарат құралдарында теріске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бір айдың ішінде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған ретте, сотта қаралады.

      5. Егер соттың шешімі орындалмаса, сот тәртіп бұзушыға бюджеттің кірісіне өндіріліп алынатын айыппұл салуға құқылы. Айыппұл азаматтық іс жүргізу заңдарында белгіленген тәртіп пен мөлшерде салынады. Айыппұл төлеу тәртіп бұзушыны сот шешімінде көзделген әрекетті орындау міндетінен босатпайды.

      6. Азаматқа қатысты оның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге олардың таратылуынан өзіне келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.

      Моральдық зиянды өтеу туралы талапты қоспағанда, осы баптың азаматтың іскерлік беделін қорғау туралы қағидалары тиісінше заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға да қолданылады. Заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғауға осы Кодексте белгіленген тәртіппен залалдың орнын толтыру туралы қағидалар қолданылады.

      7. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды таратушыны анықтау мүмкін болмаса, өзі жөнінде осындай мағлұматтар тараған адам таратылған мағлұматтарды шындыққа сай келмейді деп тану туралы сотқа жолдануға құқылы.

      Ескерту. 143-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.02.06 № 123-IV (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

144-бап. Жеке бастың құпиясын сақтау құқығы

      1. Азаматтың жеке өмір құпиясын, оның ішінде хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделіктер, естеліктер, жазбалар, интимдік өмір, бала асырап алу, туу құпиясын, адвокаттық құпияны, медицина қызметкерінің, банк салымдарының құпиясын және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны қорғауға құқығы бар.

      Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген жағдайларда ғана жеке өмір құпиясын ашуға болады.

      2. Күнделіктерді, жазбаларды, естеліктерді және басқа құжаттарды жариялауға - олардың авторының келісімімен, ал хаттарды олардың авторы мен алушысының келісімімен ғана жариялауға жол беріледі. Олардың қайсыбірі қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келісімімен жариялануы мүмкін.

      Ескерту. 144-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 11.07.1997 № 154; 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

145-бап. Өз бейнесіне құқық

      1. Қандай да бір адамның суреттік бейнесін оның келісімінсіз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерінің келісімінсіз пайдалануға ешкімнің де құқығы жоқ.

      2. Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) - бейнеленген адамның келісімімен, ал ол қайтыс болғаннан кейін оның балалары мен артында қалған жұбайының келісімімен ғана жариялауға, қайта шығаруға, пайдалануға және таратуға жол беріледі. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескінделген болса, ондай келісім талап етілмейді.

      Ескерту. 145-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 23.12.2023 № 51-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

146-бап. Тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы

      Заңдарда көзделгеннен басқа реттерде азаматтың тұрғын үйге қол сұққызбау құқығы болады, яғни тұрғын үйіне өзінің еркінен тыс баса-көктеп кірудің кез келген әрекетін тыюға құқығы бар.

4-тарау. Мәмілелер

147-бап. Мәміле ұғымы

      Азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттері мәмілелер деп танылады.

148-бап. Біржақты мәмілелер мен шарттар

      1. Мәмілелер біржақты және екі немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкін.

      2. Заңдарға немесе тараптардың келісіміне сәйкес жасалуы үшін бір тараптың ерік білдіруі қажет және жеткілікті болатын мәміле біржақты мәміле деп есептеледі.

      3. Шарт жасасу үшін екі тараптың (екіжақты мәміле) не үш немесе одан да көп тараптың (көпжақты мәміле) келісілген ерік білдіруі қажет.

149-бап. Біржақты мәмілелерді құқықтық реттеу

      1. Біржақты мәміле мәміле жасаған адамға міндеттер жүктейді. Ол басқа адамдарға заңдарда белгіленген не сол адамдармен келісім болған реттерде ғана міндеттер жүктей алады.

      2. Біржақты мәмілелерге тиісінше міндеттемелер туралы және шарттар туралы жалпы ережелер қолданылады, өйткені бұл заңдарға, мәміленің табиғаты мен мәніне қайшы келмейді.

150-бап. Шартпен жасалған мәмілелер

      1. Егер тараптар құқықтар мен міндеттердің туындауын басталу-басталмауы белгісіз мән-жайға байланысты етіп қойса, мәміле кейінге қалдырылатын шартпен жасалды деп есептеледі.

      2. Егер тараптар құқықтар мен міндеттемелердің тоқтатылуын басталу-басталмауы белгісіз мән-жайға байланысты етіп қойса, мәміле кейін күші жойылатын шартпен жасалды деп есептеледі.

      3. Егер шарттың басталуы тиімсіз болатын тарап шарттың басталуына теріс пиғылмен кедергі жасаса, шарт басталды деп танылады.

      Егер шарттың басталуы тиімді болатын тарап шарттың басталуына теріс пиғылмен ықпал етсе, шарт басталмаған деп танылады.

151-бап. Мәміленің нысаны

      1. Мәмілелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).

      2. Заңдармен немесе тараптардың келісімімен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгілі бір нысан белгіленбеген мәміле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмілелердің бәрі ауызша жасалуы мүмкін. Мұндай мәміле адамның мінез-құлқынан оның мәміле жасау еркі айқын көрініп тұрған ретте де жасалған деп саналады.

      3. Жетон, билет немесе әдеттегідей қабылданған өзге де растайтын белгі арқылы расталған мәміле, егер заңдарда өзгеше белгіленбесе, ауызша түрде жасалған болып табылады.

      4. Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген реттерде мәміле жасауға ерік білдіру деп танылады.

      5. Жазбаша түрде жасалған шартты орындау үшін жасалған мәмілелер, егер заңдарға қайшы келмесе, тараптардың келісімі бойынша ауызша жасалуы мүмкін.

152-бап. Мәміленің жазбаша түрі

      1. Мынадай мәмілелер:

      1) егер мәмілелердің жекелеген түрлері үшін заңдарда өзгеше арнайы көзделмесе немесе іскерлік қызмет өрісінің әдеттегі құқықтарынан туындамаса, мәмілелерді жасау кезінің өзінде орындалатындарынан басқа, кәсіпкерлік қызмет үрдісінде жүзеге асырылатын;

      2) мәмілелерді жасау кезінің өзінде орындалатындарынан басқа, бір жүз айлық есептік көрсеткіш жоғары сомаға;

      3) заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген өзге де реттерде жазбаша түрде жасалуға тиіс.

      1-1. Мәміленің жазбаша нысаны қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жасалады.

      2. Егер іскерлік қызмет өрісінің әдеттегі құқықтарынан өзгеше туындамаса, жазбаша түрде жасалған мәмілеге тараптар немесе олардың өкілдері қол қоюға тиіс.

      Егер заңдарға немесе мәмілеге қатысушылардың бірінің талаптарына қайшы келмесе, мәміле жасау кезінде қол қоюдың факсимилелік көшірме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол беріледі.

      3. Екіжақты мәмілелер әрқайсысына өзін жасаған тараптар қол қойған құжаттарды алмасу арқылы жасалуы мүмкін.

      Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар, электрондық хабарлар немесе субъектілерді және олардың ерік білдіруінің мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмілеге теңестіріледі.

      Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) тараптардың бірінің талап етуі бойынша қосымша талаптар белгіленуі мүмкін, оларға мәміле нысаны, атап айтқанда белгілі бір нысандағы бланкіде жасау, егер заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрі болуға тиіс болса, аталған тұлғаның мөрімен бекемдеу сәйкес келуге тиіс.

      4. Егер азамат дене кемтарлығы, науқастығы немесе сауатсыздығы салдарынан өзі қол қоя алмаса, оның өтініші бойынша мәмілеге басқа азамат қол қоя алады. Соңғысының қойған қолын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, нотариат немесе сондай нотариалдық әрекет жасау құқығы бар басқа лауазымды адам, мәміле жасаушының өзі қол қоя алмаған себептерді көрсете отырып, куәландыруға тиіс.

      5. Жазбаша түрде жасалған мәмілені орындаған тарап екінші тараптан оның орындалғанын растайтын құжат талап етуге құқылы.

      Мәмілелерді жасау кезінің өзінде орындалатындарынан басқа, ауызша кәсіпкерлік мәмілені орындаған тараптың да осындай құқығы бар.

      Ескерту. 152-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211, 2003.01.08 № 372; 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

153-бап. Мәміленің жазбаша нысанын сақтамау салдары

      1. Мәміленің жай жазбаша нысанын сақтамау дау болған жағдайда тараптарды мәміленің жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын куәгерлік айғақтармен растау құқығынан айырады. Алайда, тараптар мәміленің жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге де, куәгерлік айғақтардан басқа, дәлелдермен растауға құқылы.

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімінде тікелей көрсетілген жағдайларда мәміленің жай жазбаша нысаны сақталмаған кезде мәміле маңызсыз болып саналады.

      3. Жай жазбаша нысан сақталмаған кезде сыртқы экономикалық мәміле маңызсыз болып саналады.

      Ескерту. 153-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

154-бап. Мәмілені нотариаттың куәландыруы

      1. Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімінде белгіленген жағдайларда жазбаша мәмілелер оларды нотариат куәландырғаннан кейін ғана жасалды деп есептеледі.

      Осы баптың 2-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, нотариаттық куәландыру туралы талаптарды сақтамау осы Кодекстің 157-1-бабының 3-тармағында көзделген салдарлармен мәміленің маңызсыздығына алып келеді.

      2. Егер нотариаттың куәландыруын талап ететін мәмілені тараптар немесе тараптардың бірі іс жүзінде орындаған болса, ол өзінің мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшінші жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделі тараптың арызы бойынша мәмілені жарамды деп тануға құқылы. Бұл ретте мәмілені кейіннен нотариаттың куәландыруы талап етілмейді.

      Ескерту. 154-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

155-бап. Мәмілелерді тіркеу

      1. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, заңдарға сәйкес міндетті мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге тиіс мәмілелер тіркелген кезден бастап жасалған болып есептеледі.

      Тіркеуден бас тарту жазбаша түрде ресімделуге тиіс және заңнама талаптарының бұзылуына сілтеме жасалғанда ғана мүмкін болады.

      2. Егер тараптардың бірі мәмілені мемлекеттік тіркеуден жалтарса, сот екінші тараптың талап етуімен мәміле бойынша құқықтарды тіркеу туралы шешім шығаруға құқылы. Мұндай жағдайда мәміле сот шешіміне сәйкес тіркеледі.

      Ескерту. 155-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.07.26 № 311 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

156-бап. Биржалық мәмілелер

      1. Биржалық мәмілелер - нысаны биржадағы айналысқа жіберілген мүлік болып табылатын және тиісті биржалар (тауар, қор және басқа) туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен биржалық сауда ережелеріне сәйкес онымен сауда-саттық жүргізуге қатысатындармен жасалатын мәмілелер.

      2. Биржалық мәмілелер осы мәмілелердің жасалғандығын растау үшін биржа беретін құжаттармен ресімделеді.

      3. Егер заңдардан, тараптардың келісімінен немесе мәміленің мәнінен өзге жағдайлар туындамаса, биржалық мәмілелерге олардың мазмұнына қарай тиісті шарт (сатып алу-сату, комиссиялар және басқалар) туралы ережелер қолданылады.

      4. Заңнамада немесе биржалық сауда ережелерінде, "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын мәліметтерден басқа, тараптардың коммерциялық құпиясы болып табылатын және олардың келісімінсіз жария етуге жатпайтын биржалық мәмілелердің талаптары көзделуі мүмкін.

      5. Биржалық мәмілелер жасасуға байланысты даулар тиісті биржа жанындағы биржа төрелігінде қаралады, Қазақстан Республикасының заңында көзделген жағдайларда сот оның шешімінің күшін жоюы мүмкін.

      6. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.
      Ескерту. 156-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2003.05.16 № 416, 2009.08.28 № 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.06.21 № 19-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2014.06.10 № 206-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.04.2016 № 489-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.09.2025 № 219-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

157-бап. Дауланатын және маңызсыз мәмілелер

      1. Мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңдарда белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңдарда тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.

      Егер мәміленің маңызсыздығы заңдарда көзделмесе, ол даулы мәмілеге жатады.

      Мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді.

      2. Мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңдарда белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.

      3. Мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.

      Көрсетілген мәмілені жасау нәтижесінде құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған немесе бұзылуы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып табылады.

      Мәмілені жарамсыз деп тануға талап қою құқығы бар тұлғалардың тізбесі осы Кодексте және (немесе) өзге де заңдарда белгіленеді.

      Ескерту. 157-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

157-1-бап. Мәміленің жарамсыздығының салдарлары туралы жалпы ережелер

      1. Маңызсыз мәміленің жарамсыздығы салдарларын қолдану туралы талапты мәміле тарапы не осы Кодекстің 157-бабының 3-тармағында белгіленген тұлғалар қоюға құқылы.

      2. Жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмілелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе немесе мәміленің мәнінен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәміле заңдық салдарларға алып келмейді.

      3. Егер мәміле жарамсыздығының өзге де салдарлары осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделмесе, мәміле жарамсыз болған кезде тараптардың әрқайсысы – екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның барлығын қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкін болмағанда (оның ішінде, алынғандар мүлікті пайдалану, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет түрінде болғанда) қайтарылуға жататын мүліктің құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшалай өтеуге міндетті.

      4. Сот мәміленің жарамсыздығын тудырған әрекеттерді жасауға кінәлі тараптан екінші тараптың пайдасына мәмілені жарамсыз деп тануға байланысты оған келтірілген залалды өндіріп алуы мүмкін.

      5. Егер мәміле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталса, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленсе, онда екі тараптың да теріс пиғылы болған кезде олардың мәміле бойынша алғандарының немесе алуға арналғандардың барлығы соттың шешімі немесе үкімі бойынша тәркіленуге жатады. Мұндай мәмілені бір тарап орындаған жағдайда оның екінші тараптан алғандарының барлығы және одан мәміле бойынша бірінші тарапқа тиесілінің барлығы тәркіленуге жатады. Егер тараптардың бір де біреуі орындауға кіріспеген болса, мәміледе орындалуы көзделгеннің барлығы тәркіленуге жатады.

      6. Қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған теріс пиғыл тараптардың бірінде ғана болған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген жағдайда, оның мәміле бойынша алғандарының барлығы екінші тарапқа қайтарылуға жатады, ал соңғысының алғаны не оған мәміле бойынша тиесілісі тәркіленуге жатады.

      7. Нақты мән-жайларды ескере отырып, сот осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген салдарларды, жарамсыз мәміле бойынша алынған не алынуға тиіс мүлікті тәркілеу бөлігінде ішінара не толық қолданбауға құқылы. Бұл бөлікте осы баптың 3-тармағында көзделген салдарлар басталады.

      8. Сот мәмілені жарамсыз деп тани отырып, нақты мән-жайларды ескеріп, оны одан әрі орындауға тыйым салумен шектелуге құқылы.

      Ескерту. 4-тарау 157-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

158-бап. Мазмұны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін мәміленің жарамсыздығы

      1. Мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

      2. Қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген мәміле маңызсыз болады.

      3. Қазақстан Республикасы заңнамасының, заңды тұлға жарғысының талаптарын не оның органдарының құзыретін бұзатын мәмілені әдейі жасасқан адам, егер мұндай талап пайдакүнемдік уәждерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетінен туындаса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы емес.

      4. Егер мәмілеге қатысушылардың бірі оны міндеттемені орындаудан немесе үшінші тұлға не мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетімен жасасқан жағдайда, ал мәміленің басқа қатысушысы бұл ниет туралы білген болса немесе білуге тиіс болса, мүдделі тұлға (мемлекет) мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

      Ескерту. 158-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

159-бап. Мәмілелер жарамсыздығының негіздері

      1. Қажетті рұқсатты алмай не рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін жасалған мәміле маңызсыз болады.

      2. Жосықсыз бәсеке мақсатын көздейтін немесе іскерлік әдеп талаптарын бұзатын мәмілені сот жарамсыз деп тануы мүмкін.

      3. Осы Кодекстің 23-бабында көзделген мәмілелерден басқа, он төрт жасқа толмаған адам (жас бала) жасасқан мәміле маңызсыз болады.

      4. Он төрт жасқа толған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің келісімінсіз жасаған мәмілесін, заң бойынша оның өзі дербес жасауға құқығы бар мәмілелерді қоспағанда, сот заңды өкілдерінің талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін. Осы баптың қағидалары осы Кодекске сәйкес әрекетке толық қабілетті деп танылатын (осы Кодекстің 17-бабының 2-тармағы, 22-1-бабы) кәмелетке толмағандардың мәмілелеріне қолданылмайды.

      5. Есуастық немесе ақыл-есі кем болуы салдарынан әрекет қабілеттігі жоқ деп танылған адам жасасқан мәміле маңызсыз болады. Кейіннен әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылған азамат жасасқан мәміле (осы Кодекстің 26-бабы), егер мәмілені жасау кезінің өзінде-ақ бұл азаматтың психикасының бұзылуы жағдайында болғаны дәлелденсе, дауланатын мәміле болып табылады және оның қорғаншысының талап қоюы бойынша сот мәмілені маңызсыз деп тануы мүмкін.

      6. Сот әрекет қабілеттілігін шектеген адам жасасқан мәмілені сот оның қамқоршысының талап етуі бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.

      7. Әрекет қабілеттілігі болғанымен, мәміле жасаған кезде өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе өзінің не істегенін білмейтін жағдайда болған азамат жасасқан мәмілені сот сол азаматтың талабы бойынша, ал егер тірі кезінде талап етуге азаматтың мүмкіндігі болмаса, азамат қайтыс болғаннан кейін басқа мүдделі адамдардың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.

      8. Елеулі мәні бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмілені сот жаңылысу әсерімен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін. Мәміленің табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкіндігін айтарлықтай төмендететін мәнінің сапасына қатысты жаңылысудың елеулі мәні болады. Дәлелдердегі жаңылысу кейінге қалдыру немесе күшін жою шарты ретінде, мәміленің мазмұнына осындай дәлелді енгізген кезде ғана мәміле жарамсыздығының негізі бола алады (осы Кодекстің 150-бабы).

      Егер жаңылысу мәмілеге қатысушының өрескел бейқамдығының салдары болса, не оны кәсіпкерлік тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және мәмілеге қатысушы екінші жақтың мүдделерін ескере отырып, мәмілені жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы.

      9. Алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмілені, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзі үшін мүлде тиімсіз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмілені (кіріптарлық мәміле) сот жәбірленушінің талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.

      10. Бір тарап өкілінің екінші тараппен зұлымдық ниетте келісуі нәтижесінде жасалған мәмілені сот жәбірленуші тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін. Жәбірленуші тарап шеккен залалды жәрдем беру тәртібімен өтеу (осы Кодекстің 9-бабының 4-тармағы) теріс пиғылды өкілге жүктелуі мүмкін.

      11. Заңды тұлғаның осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында немесе құрылтай құжаттарында нақты шектелген қызмет мақсаттарына қайшы келетін етіп, не оның органының жарғылық құзыретін бұза отырып жасасқан мәмілесі, егер мәміледегі басқа тараптың мұндай бұзушылықтар туралы білгені немесе білуге тиіс болғаны дәлелденсе, заңды тұлғаның немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) мүлік иесінің талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

      12. Осы баптың 3, 5-тармақтарында көзделген мәмілелер жас балалардың немесе әрекет қабілеттілігі жоқ адамдардың заңды өкілдерінің талабы бойынша, егер олар аталған адамдардың пайдасына жасалған болса, сот шешімімен жарамды деп танылуы мүмкін.

      Ескерту. 159-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2007.01.12 № 225, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

160-бап. Жалған немесе қулықпен жасалған мәмілелер

      1. Оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп таниды.

      2. Егер мәміле екінші бір мәмілені (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнінде ойлаған мәмілеге қатысты ережелер қолданылады.

      Ескерту. 160-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

161-бап. Мәміленің бір бөлігі жарамсыздығының салдары

      Егер мәмілені оның жарамсыз бөлігін енгізбей-ақ жасауға болар еді деп ойлау мүмкін болса, мәміленің бір бөлігінің жарамсыздығы оның басқа бөліктерінің жарамсыз болуына әкеліп соқтырмайды.

162-бап. Жарамсыз мәмілелер бойынша талап қою мерзімдері

      1. Алып тасталды- ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

      2. Осы Кодекстің 159-бабының 9 және 10-тармақтарында көзделген негіздер бойынша мәміленің жарамсыздығына байланысты даулар бойынша талап мерзімі зорлық немесе қорқыту ықпалымен мәміле жасалып, сол зорлық немесе қорқыту тоқтатылған күннен бастап не талап қоюшы мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болып табылатын өзге де мән-жайларды білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл болады.

      Ескерту. 162-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

5-тарау. Өкілдік және сенімхат

163-бап. Өкілдік

      1. Басқа адамның (өкілдік берушінің) атынан бір адамның (өкілдің) сенімхатқа, заңдарға, сот шешіміне не әкімшілік құжатқа негізделген өкілеттігі күшімен жасаған мәмілесі өкілдік берушінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін тікелей туғызады, өзгертеді және тоқтатады.

      Өкілеттік өкілдің (бөлшек сауда жүйесіндегі сатушы, кассир және т.б.) әрекет жасаған жағдайынан да көрінуі мүмкін.

      2. Өкіл жасаған мәміле бойынша тікелей өкілдік берушіде құқықтар мен міндеттер пайда болады.

      3. Өкіл жеке өзіне қатысты да, сонымен бірге өзі өкілі болып табылатын басқа адамға қатысты да өкілдік берушінің атынан мәмілелер жасай алмайды.

      Бұл қағида коммерциялық өкілдікке қолданылмайды.

      4. Басқалардың мүдделері үшін болса да өз атынан әрекет ететін адамдар (коммерциялық делдалдар, мұрагерлік кезінде өсиетті орындау тапсырылған адамдар және т.б.), сондай-ақ болашақта жасалуы мүмкін мәмілелерге қатысты келіссөз жүргізуге уәкілдік берілген адамдар өкілдер болмайды.

      5. Сипаты жөнінен тек жеке өзі ғана жасауға болатын мәмілені, сондай-ақ заңдарда көзделген реттердегі басқа да мәмілелерді өкіл арқылы жасауға жол берілмейді.

      Ескерту. 163-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

164-бап. Әрекет қабілеттігі жоқ адамдар үшін өкілдік

      Әрекет қабілеттігі жоқ азаматтардың атынан мәмілелерді олардың заңды өкілдері жасайды.

      Ескерту. 164-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

165-бап. Өкілеттігі жоқ өкілдік

      Мәміле жасауға уәкілдік берілмеген адамның басқа адам атынан немесе өкілеттігін асыра пайдаланып жасаған мәмілесі өкілдік беруші осы мәмілені кейіннен мақұлдаған ретте ғана ол үшін азаматтық құқықтар мен міндеттерді туғызады, өзгертеді және тоқтатады.

      Өкілдік берушінің кейіннен мақұлдауы мәмілені оның жасалған кезінен бастап жарамды етеді.

166-бап. Коммерциялық өкілдік

      1. Кәсіпкерлер шарт жасасқан кезде олардың атынан үнемі және дербес өкілдік етуші адам (коммерциялық өкіл) өкілдің өкілеттігі көрсетілетін жазбаша шарт негізінде, ал ол көрсетілмеген жағдайда - сенімхат негізінде де әрекет жасайды.

      2. Коммерциялық өкіл сонымен бір мезгілде өзінің қатысуымен жасалатын шарттың түрлі тараптарының мүдделерін білдіре алады. Бұл орайда ол өзіне берілген тапсырмаларды кәдімгі кәсіпкердің ыждағаттылығымен орындауға міндетті.

      3. Коммерциялық өкіл келісілген сыйақыны және өзі тапсырмаларды орындаған кезде жұмсаған шығындарын, егер өздерінің арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, шарт тараптарынан тең мөлшерде төлеуді талап етуге құқылы.

      4. Коммерциялық өкіл өзіне белгілі болған сауда мәмілелері туралы мәліметтерді өзіне берілген тапсырманы орындағаннан кейін де құпия сақтауға міндетті.

      5. Кәсіпкерлік қызметтің жекелеген салаларындағы коммерциялық өкілдіктің ерекшеліктері заңмен белгіленеді.

167-бап. Сенімхат

      1. Бір адамның (сенім білдірушінің) өз атынан өкілдік ету үшін екінші адамға (сенім білдірген) берген жазбаша уәкілдігі сенімхат деп танылады.

      2. Мүлікке билік жасауға және нотариаттың куәландыруын талап ететін мәмілелер жасауға берілетін сенімхатты, егер заңдарда өзгеше белгіленбесе, нотариат куәландыруға тиіс.

      3. Нотариат куәландырған сенімхаттарға:

      1) госпитальдарда, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерінде емделіп жатқан әскери қызметшілердің және өзге де адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерінің бастықтары, медицина бөлімі жөніндегі орынбасарлары, аға және кезекші дәрігерлері куәландырған сенімхаттар;

      2) мемлекеттік нотариалдық кеңселер мен басқа да нотариалдық әрекет жасайтын органдары жоқ әскери бөлімдер, құрамалар, мекемелер және әскери-оқу орындары орналасқан мекендердегі осы бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің, оқу орындарының командирлері (бастықтары) куәландырған әскери қызметшілердің сенімхаттары, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілердің, олардың отбасы мүшелері мен әскери қызметшілер отбасы мүшелерінің сенімхаттары;

      3) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған сенімхаттары;

      4) халықты әлеуметтік қорғау мекемелеріндегі кәмелетке толған әрекет қабілеттігі бар азаматтардың осы мекеменің немесе тиісті халықты әлеуметтік қорғау органдарының басшысы куәландырған сенімхаттары;

      5) тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары теңестіріледі.

      4. Хат-хабар, соның ішінде ақша және сәлемдеме алуға, жалақы және азаматтар мен заңды тұлғалардан өзге де төлемдер алуға сенімхатты сенім білдіруші тұратын астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл әкімдері, ол жұмыс істейтін немесе оқитын ұйым, тұрғылықты жері бойынша тұрғын үй пайдалану ұйымы, ол емделіп жатқан тұрақты емдеу мекемесінің әкімшілігі, сондай-ақ әскери қызметшілерге сенімхат берілгенде тиісті әскери бөлімдердің командованиесі куәландыруы мүмкін. Құжат жіберуді байланыс қызметкері жүзеге асырған кезде телеграф арқылы, сондай-ақ байланыстың басқа да түрлері арқылы жіберілетін сенімхатты байланыс органдары куәландырады.

      5. Үшінші жақтар сенім білдірілген адамға сенім білдіруші факсимилелік және өзге де байланыстар бойынша, ресми байланыс органдарының қатысуынсыз жолдаған өздеріне қатысты әрекеттер жасау үшін берілген сенімхатты түпнұсқа деп санауға құқылы.

      6. Заңды тұлға атынан сенімхат оның басшысы немесе бұған оның құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген өзге де адамның қолы қойылып беріледі және егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аталған тұлғаның мөрі болуға тиіс болса, осы ұйымның мөрімен бекемделеді.

      7. Ақша және басқа бағалы мүлікті алуға немесе беруге мемлекеттік органның, коммерциялық ұйым мен коммерциялық емес ұйымның атынан берілетін сенімхатқа сол ұйымның бас (аға) бухгалтері де қол қоюға тиіс.

      8. Банкіде операциялар жасауға берілетін сенімхатты және сауда саласында мәміле жасауға берілетін сенімхатты беру тәртібі мен нысаны арнайы ережелермен белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 167-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.20 № 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық Заңымен; 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

168-бап. Сенімхат мерзімі

      1. Сенімхат үш жылдан аспайтын мерзімге берілуі мүмкін. Егер сенімхатта неғұрлым ұзақ мерзім көрсетілсе, ол үш жыл бойы, ал егер қолдану мерзімі көрсетілмесе, берілген күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады.

      2. Берілген күні көрсетілмеген сенімхат маңызсыз болып табылады.

      Ескерту. 168-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

169-бап. Сенім ауысуы

      1. Сенім білдірілген адам өзіне уәкілдік берілген әрекетті өзі жасауға тиіс. Алған сенімхат бойынша сенім ауыстыруға уәкілдік берілген не сенім білдірушінің мүдделерін қорғауға мәжбүр болған ретте ғана ол осы әрекеттерді жасау сенімін басқа адамға аудара алады.

      2. Сенім білдірілген адамның өз өкілеттігін басқа адамға беруі жөніндегі сенімхатты, осы Кодекстің 167-бабының 4 және 6-тармақтарында көзделгеннен басқа жағдайларда, нотариат куәландыруға тиіс.

      Сенім білдірген адам өз өкілеттігін басқа адамға толық көлемде сеніп беретін сенімхатқа бастапқы сенімхат қоса берілуге тиіс. Сенім білдірілген адам бастапқы сенімхатта көрсетілген жекелеген өкілеттіктерді басқа адамға не бірнеше адамға сеніп беретін сенімхатқа бастапқы сенімхаттың нотариат куәландырған көшірмесі қоса берілуге тиіс.

      3. Сенім ауыстыру жөнінде берілген сенімхаттың қолданылу мерзімі ол негізге алынып берілген алғашқы сенімхаттың қолданылу мерзімінен аспауы керек.

      4. Өз өкілеттігін басқа біреуге берген сенім білдірілген адам бұл жөнінде сенім білдірушіні дереу хабардар етуге және оған әлгі адам туралы, оның тұрғылықты жері туралы қажетті мәліметтерді хабарлауға тиіс. Бұл міндеттің орындалмауынан, сенім білдірілген адамға нақ өз әрекеттері үшін жауапкершілік жүктелетіні сияқты, өз өкілеттігін берген адамның әрекеттері үшін де жауапкершілік жүктеледі.

      Ескерту. 169-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

170-бап. Сенімхаттың тоқтатылуы

      1. Сенімхаттың қолданылуы:

      1) сенімхат мерзімінің өтуі;

      2) сенімхатта көзделген әрекеттердің жүзеге асуы;

      3) сенімхатты беруші адамның оның күшін жоюы;

      4) сенімхат берілген адамның одан бас тартуы;

      5) өз атынан сенімхат берген заңды тұлғаның тоқтатылуы;

      6) атына сенімхат берілген заңды тұлғаның таратылуы;

      7) сенімхат берген адамның қайтыс болуы (оның ішінде қайтыс болған деп жариялануы), оның әрекет қабілеттігі жоқ, әрекет қабілеттігі шектеулі немесе хабар-ошарсыз кетті деп танылуы;

      8) сенімхат берілген азаматтың қайтыс болуы (оның ішінде қайтыс болған деп жариялануы), оның әрекет қабілеттігі жоқ, әрекет қабілеттігі шектеулі немесе хабар-ошарсыз кетті деп танылуы салдарынан тоқтатылады.

      2. Сенімхатты берген адам сенімхаттың немесе сенімхатты ауыстырудың күшін кез келген уақытта жоя алады, ал сенімхат берілген адам одан бас тарта алады. Бұл құқықтан бас тарту туралы келісім маңызсыз болады.

      Ескерту. 170-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

171-бап. Сенімхаттың тоқтатылу салдары

      1. Сенімхат беруші сенімхаттың күшін жойғандығы туралы (осы Кодекстің 170-бабы) сенімхат берілген адамға, сондай-ақ сенімхат берілгендердің алдында өкілдік ету үшін өзіне белгілі үшінші жаққа хабарлауға міндетті. Сенімхат осы Кодекстің 170-бабының 5 және 7-тармақтарында көрсетілген негіздерге сүйеніп тоқтатылған реттерде дәл сондай міндет сенімхат беруші адамның құқықты мирасқорларына да жүктеледі.

      2. Сенімхат берілген адамға сенімхаттың тоқтатылғанын білгенге дейін немесе білуге тиіс болған кезге дейін оның жасаған әрекеттері нәтижесінде пайда болған құқықтар мен міндеттер сенімхатты берген адам және оның құқықты мирасқорлары үшін үшінші жақтарға қатысты күшін сақтайды. Егер үшінші жақ сенімхаттың тоқтатылғанын білсе немесе білуге тиіс болса бұл ереже қолданылмайды.

      3. Сенімхат берілген адам немесе оның құқықты мирасқоры сенімхат тоқтатылысымен оны дереу қайтаруға тиіс.

      4. Сенімхаттың тоқтатылуына байланысты осы сенімхат бойынша басқа адамға өкілеттік беру де (сенім ауысуы) күшін жояды.

6-тарау. Мерзімдерді есептеу

172-бап. Мерзім белгілеу

      1. Заңдармен, мәмілемен белгіленген не сот тағайындайтын мерзім күнтізбелік күнмен немесе сөзсіз болуға тиісті оқиға көрсетіліп белгіленеді.

      2. Мерзім жылдармен, айлармен, апталармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетін уақыт кезеңі ретінде де белгіленуі мүмкін.

173-бап. Уақыт кезеңімен белгіленетін мерзімнің басталуы

      Уақыт кезеңімен белгіленетін мерзімнің өтуі күнтізбелік күннен немесе мерзімнің басталуы белгіленген оқиға болғаннан кейінгі келесі күннен басталады.

174-бап. Уақыт кезеңімен белгіленетін мерзімнің аяқталуы

      1. Жылдармен есептелетін мерзім - мерзімнің соңғы жылының тиісті айы мен күнінде бітеді.

      Жарты жылмен есептелетін мерзімге айлармен есептелетін мерзімнің ережелері қолданылады.

      2. Жыл тоқсандарымен есептелетін мерзімге айлармен есептелетін мерзімнің ережелері қолданылады. Бұл орайда бір тоқсан үш айға тең деп есептеледі, ал тоқсандарды есептеу жыл басынан бастап жүргізіледі.

      3. Айлармен есептелетін мерзім - мерзімнің соңғы айының тиісті күнінде бітеді.

      Жарты аймен белгіленетін мерзім күндермен есептелетін мерзім ретінде қаралады да, он бес күнге тең болып есептеледі.

      Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келсе, мерзім сол айдың соңғы күнінде бітеді.

      4. Апталармен есептелетін мерзім - мерзімнің соңғы аптасының тиісті күнінде бітеді.

175-бап. Мерзімнің жұмыс істемейтін күнде аяқталуы

      Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге тура келсе, содан кейінгі ең таяу жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып саналады.

176-бап. Мерзімнің соңғы күнінде әрекет жасау тәртібі

      1. Егер мерзім қандай да бір әрекет жасауға белгіленген болса, ол әрекет мерзімнің соңғы күніндегі сағат жиырма төртке дейін орындалуы мүмкін.

      Алайда, егер бұл әрекет ұйымда жасалуға тиіс болса, онда мерзім осы ұйымда белгіленген ережелер бойынша тиісті операциялар тоқтатылған сағатта бітеді.

      2. Мерзімнің соңғы күніндегі сағат жиырма төртке дейін почтаға, телеграфқа немесе өзге де байланыс мекемесіне тапсырылған жазбаша мәлімдемелер мен хабарламалар мерзімінде жасалған болып саналады.

7-тарау. Талап мерзімі

177-бап. Талап қою ұғымы

      1. Талаптың ескіруі - адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденің бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкін болатын уақыт кезеңі.

      2. Талап қою мерзімдері және оларды есептеу тәртібі заңмен көзделеді және оларды тараптардың келісуімен өзгертуге болмайды.

178-бап. Талап қою мерзімдері

      1. Талап қоюдың жалпы мерзімі үш жыл болып белгіленеді.

      2. Талаптардың жекелеген түрлері үшін заңдарда талап қоюдың жалпы мерзіммен салыстырғанда қысқартылған немесе неғұрлым ұзақ арнаулы мерзімдері белгіленуі мүмкін.

      3. Осы Кодекстің 177, 179-186-баптарының ережелері, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, талап қоюдың арнаулы мерзімдеріне де қолданылады.

179-бап. Талап қоюдың қолданылуы

      1. Талап қою мерзімінің өтіп кетуіне қарамастан бұзылған құқықты қорғау туралы талапты сот өз қарауына алады.

      2. Талап мерзімін сот шешім шығарғанға дейін дауда тарап жасаған мәлімдеме бойынша ғана сот қолданады.

      3. Талап қойғанға дейін талап қою мерзімінің өтіп кетуі соттың талаптан бас тарту туралы шешім шығаруына негіз болады.

      Басты талап бойынша талап қою мерзімінің бітуіне байланысты қосымша талаптар (айыптарды өндіріп алу, кепілдік берушінің жауапкершілігі және т.б. туралы) бойынша да талап қою мерзімі бітеді.

180-бап. Талап қою мерзімінің өтуі

      1. Талап қою мерзімінің өтуі адам құқық бұзушылық туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен басталады. Оларды бұл ережеден айыру осы Кодексте және өзге де заңдарда белгіленеді.

      2. Белгіленген орындау мерзіміне байланысты міндеттемелер бойынша талап қою мерзімінің өтуі орындалу мерзімі аяқталғаннан кейін басталады.

      3. Орындалу мерзімі белгіленбеген не талап ету кезімен белгіленген міндеттемелер бойынша талап қою мерзімінің өтуі міндеттемені орындау туралы талап қойылған кезден басталады, ал егер борышқорға сондай талаптарды орындау үшін жеңілдік мерзімі берілсе, талап мерзімін есептеу аталған мерзім аяқталғаннан кейін басталады (осы Кодекстің 277-бабының 2-тармағы).

      4. Регрестік міндеттемелер бойынша талап мерзімінің өтуі негізгі міндеттемені орындау кезінен басталады.

181-бап. Міндеттемедегі адамдар өзгерген кездегі талап қою мерзімі

      Міндеттемедегі адамдардың өзгеруі талап қою мерзімі мен оны есептеу тәртібін өзгертуге әкеліп соқтырмайды.

182-бап. Талап қою мерзімінің өтуін тоқтата тұру

      1. Талап қою мерзімінің өтуі:

      1) егер талап қоюға төтенше және бұл жағдайда болмай қоймайтын оқиға (бой бермейтін күш) кедергі жасаса;

      2) міндеттемелердің бұл түрін орындау Қазақстан Республикасы Президентінің жариялауымен кейінге қалдырылуына байланысты (мораторий);

      3) егер талапкер немесе жауапкер соғыс жағдайына көшірілген әскери бөлімшелер құрамында болса;

      4) егер әрекет қабілеттігі жоқ адамның заңды өкілі болмаса;

      5) тиісті қатынасты реттейтін заңнаманың қолданылуын тоқтата тұруға байланысты;

      6) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізу кезінде тоқтатыла тұрады.

      Азаматтың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру туралы талаптар бойынша талап қою мерзімінің өтуі азаматтың зейнетақы төлемдерін тағайындау және/немесе жүзеге асыру туралы немесе жәрдемақы тағайындау туралы тиісті ұйымдарға жолдануына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалғанға және/немесе жүзеге асырылғанға немесе жәрдемақы тағайындалғанға не зейнетақы төлемдерін тағайындаудан және/немесе жүзеге асырудан немесе жәрдемақы тағайындаудан бас тартылғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      2. Талап қою мерзімінің өтуі, егер осы бапта көрсетілген мән-жайлар талап мерзімінің соңғы алты айы ішінде пайда болса немесе бұрынғысынша қала берсе тоқтатыла тұрады, ал егер бұл мерзім алты айдан аспаса - талап мерзімінің өтуі кезінде тоқтатыла тұрады.

      3. Тоқтата тұруға әкеліп соқтырған мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап талап қою мерзімінің өтуі одан әрі жалғасады. Бұл орайда мерзімнің қалған бөлігі алты айға дейін, ал егер талап қою мерзімі алты айдан аспаса - талап мерзіміне дейін ұзартылады.

      Ескерту. 182-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 19.06.1997 № 134-I; 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

183-бап. Талап қою мерзімінің өтуіндегі үзіліс

      1. Талап қою мерзімінің өтуі белгіленген тәртіппен талап қою, тараптардың медиация туралы шарт жасасуы, сондай-ақ міндеткер адамның борышты немесе өзге міндеттерді мойындағандығын дәлелдейтін әрекеттер жасауы арқылы үзіледі.

      2. Үзілістен кейін талап қою мерзімінің өтуі қайтадан басталады; үзіліске дейін өткен уақыт жаңа мерзімге есептелмейді.

      Ескерту. 183-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.28 № 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

184-бап. Талапты қараусыз қалдырған ретте талап қою мерзімінің өтуі

      1. Егер талапты сот қараусыз қалдырса, талап қойылғанға дейін басталған талап қою мерзімі жалпы тәртіппен одан әрі жалғаса береді.

      2. Егер сот қылмыстық істе қойылған талапты қараусыз қалдырса, талап қоюға дейін басталған талап қою мерзімінің өтуі талапты қараусыз қалдырған үкім заңды күшіне енгізілгенге дейін тоқтатыла тұрады. Мерзімі тоқтатыла тұрған кездегі уақыт талап қою мерзіміне есептелмейді. Бұл орайда, егер мерзімнің қалған бөлігі алты айдан аз болса, ол алты айға дейін ұзартылады.

185-бап. Талап қою мерзімін қалпына келтіру

      1. Ерекше жағдайларда, талапкердің жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсіз халде болу, сауатсыздық және т.б.) бойынша талап қою мерзімі өтіп кетуінің себебін сот орынды деп таныған кезде, азаматтың бұзылған құқығы қорғалуға тиіс. Талап қою мерзімінің өтіп кету себептері орынды болып, егер ол талап мерзімінің соңғы алты ай ішінде орын алған болса, ал егер бұл мерзім алты айға тең немесе алты айдан аз болса - талап мерзімінің өтуі кезінде танылады.

      2. Белгілі бір іс бойынша сот шешімін орындаудан бас тартылуына байланысты заңдарға сәйкес талапкердің тап сол іс бойынша жаңа талап қою құқығы пайда болған реттерде талап қою мерзімі қалпына келтіріледі және қайтадан өте бастайды.

186-бап. Талап қою мерзімі біткеннен кейін міндеттерді атқару

      Талап қою мерзімі біткеннен кейін міндетін атқарған борышқордың немесе өзге міндетті адамның тіпті сол міндетті атқарған кезінде талап мерзімінің өтіп кеткенін білмесе де, аталған адамның өзі атқарған нәрсесін қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.

187-бап. Талап қою қолданылмайтын талаптар

      Талап қою:

      1) заңдарда көзделгеннен басқа реттерде материалдық емес игіліктер мен мүліктік емес өзіндік құқықтарды қорғау туралы талаптарға;

      2) салымшылардың банкіге банктік салымдарды беру туралы талаптарына;

      3) азаматтың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға қолданылмайды. Алайда, талап қою мерзімі өтіп кеткеннен кейін қойылған талаптар талап қойыла бастаған соң үш жылдан асырмай қанағаттандырылады;

      4) егер меншік иесінің немесе өзге заң иеленушінің өз құқығының кез келген бұзылуы иеліктен айыруға байланысты болмаса (осы Кодекстің 264, 265-баптары), олардың осы құқық бұзушылықты жою туралы талабына;

      5) заңдарда белгіленген реттерде басқа талаптарға да қолданылмайды.

      Ескерту. 187-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. № 154 Заңымен.

II бөлім. Меншік құқығы және
өзге де заттық құқықтар

8-тарау. Меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар туралы жалпы ережелер

      Ескерту. 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

188-бап. Меншік құқығы ұғымы және оның мазмұны

      1. Меншік құқығы дегеніміз субъектінің заңдар арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы.

      Меншік құқығы мәміле жасалған кезде болған барлық жүктемелерімен басқа адамға беріледі.

      2. Меншік иесінің өз мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы болады.

      Иелену құқығы дегеніміз мүлікті іс жүзінде иеленуді жүзеге асыруды заң жүзінде қамтамасыз ету.

      Пайдалану құқығы дегеніміз мүліктен оның пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі. Пайда кіріс, өсім, жеміс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкін.

      Билік ету құқығы дегеніміз мүліктің заң жүзіндегі тағдырын белгілеудің заңмен қамтамасыз етілуі.

      3. Меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның ішінде бұл мүлікті басқа адамдардың меншігіне беріп, иелігінен шығаруға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз өкілеттігін тапсыруға, мүлікті кепілге беруге және оған басқа да әдістермен ауыртпалық түсіруге, оларға өзгеше түрде билік етуге құқылы.

      4. Меншік иесінің өз өкілеттігін жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттің құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбауға тиіс. Құқықтар мен заңды мүдделерді бұзушылық басқа нысандарымен қатар, меншік иесінің өзінің монополиялық және өзге де басымдық жағдайын пайдаланып қиянат жасауынан көрінуі мүмкін.

      Меншік иесі өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтірілуі мүмкін зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға міндетті.

      5. Меншік құқығының мерзімі шексіз. Мүлікке меншік құқығы осы Кодексте көзделген негіздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкін.

      6. заңдарда көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншік иесі өз мүлкін басқа адамдардың шектеулі түрде пайдалануына жол беруге міндетті.

      Ескерту. 188-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

189-бап. Мүлікті күтіп ұстау ауыртпалығы

      1. Меншік иесі, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзіне тиесілі мүлікті күтіп ұстау ауыртпалығын көтереді және біржақты тәртіппен мұндай ауыртпалықты үшінші жаққа ауыстыра алмайды.

      2. Егер мүлік заңды түрде үшінші жақтарда болса, олардың бөтен адамның мүлкін күтіп ұстауға жұмсаған шығындарын, егер шартта өзгеше көзделмесе, меншік иесі өтеуге тиіс.

      Затты күтімсіз және заңсыз ұстаған адамға мүлікті күтіп ұстауға жұмсаған шығындары өтелмейді (осы Кодекстің 263-бабы).

190-бап. Мүліктің кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну қаупі

      1. Иеліктен айырылған заттардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну қаупі, егер заңдарда немесе шартта өзгеше белгіленбесе, сатып алушыда меншік құқығы пайда болумен бір мезгілде соған көшеді.

      2. Егер иеліктен айырушы адам заттарды беру мерзімінің өткізіліп жіберілуіне кінәлі болса немесе сатып алушы оларды қабылдау мерзімінің өткізіліп жіберілуіне кінәлі болса, кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну қаупі мерзімін өткізіп жіберген тарап көтереді.

191-бап. Жеке меншік ұғымы және оның түрлері

      1. Жеке меншік азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің меншігі ретінде көрінеді.

      2. Заңдарға сәйкес азаматтарға немесе заңды тұлғаларға тиесілі бола алмайтын жекелеген мүлік түрлерінен басқа кез келген мүлік жеке меншікте болуы мүмкін.

      Жеке меншікте болатын мүліктің саны мен құны шектелмейді.

      Ескерту. 191-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

192-бап. Мемлекеттік меншік құқығы

      1. Мемлекеттік меншік республикалық және коммуналдық меншік түрінде көрінеді.

      2. Республикалық меншік мемлекеттік қазынадан және заңдарға сәйкес мемлекеттік республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады.

      Республикалық бюджеттің қаражаты және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік қазынасын құрайды.

      3. Коммуналдық меншік жергілікті қазынадан және заңдарға сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады.

      Жергілікті бюджет қаражаты және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік жергілікті қазынаны құрайды.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-1-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).

      3-1. Коммуналдық меншік жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару деңгейлері бойынша:

      облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың;

      аудандық (облыстық маңызы бар қала);

      аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі) болып бөлінеді.

      4. Мемлекеттік меншіктегі мүлік мемлекеттік заңды тұлғаларға шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығымен бекітіліп берілуі мүмкін.

      5. Жекелеген мемлекеттік мекемелердің иелігіндегі мемлекеттік мүліктің құқықтық режимінің ерекшеліктері заңдарда белгіленеді.

      6. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік меншікке ерікті және өтеусіз беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      6-тармақтың үшінші бөлігінің осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).

      Коммуналдық меншіктегі мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Осы баптың ережелері, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында өзгеше көзделмесе немесе азаматтық құқықтардың мәніне қайшы келмесе, меншік құқығынан басқа, тиісінше мемлекеттік мүлікке өзге де азаматтық құқықтарға қолданылады.

      Ескерту. 192-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 1999.11.04 № 472, 2001.03.02 № 162, 2002.05.21 № 323, 2005.05.18 № 50, 2007.01.12 № 225, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

193-бап. Жерге және басқа да табиғи ресурстарға меншік

      Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар Қазақстан халқына тиесілі. Қазақстан халқының атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.

      Бұл ретте мемлекеттің меншік құқығын жүзеге асыруы Қазақстан халқының мүддесі үшін мемлекеттік меншік режимі арқылы іске асырылады.

      Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.

      Ескерту. 193-бап жаңа редакцияда – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

193-1-бап. Стратегиялық объектілер

      1. Қазақстан қоғамының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, оны иелену және (немесе), пайдалану және (немесе) оған билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін мүлік стратегиялық объект болып табылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 19.06.2026 № 320-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2. Стратегиялық объектілерге: магистральдық темір жол желілері; магистральдық құбырлары; ұлттық электр тораптары; магистральдық байланыс желілері; телерадио хабарларын тарату объектілері (телевизия және радио хабарларын таратудың жерүсті және жерсеріктік жүйелерінің өндірістік-технологиялық кешені); мұнайды қайта өңдеу өндірістері; қуаты кемінде 50 мегаватт энергия өндіруші объектілер; ұлттық почта тораптары; халықаралық әуежайлар; халықаралық маңызды мәртебесі бар теңіз порттары; әуе қозғалысын басқару жүйесінің аэронавигациялық құрылғылары; кемелердің қауіпсіз жүзуін реттейтін және оған кепілдік беретін құрылғылар мен навигациялық белгілер; атом энергиясын пайдаланатын объектілер; патогендігі І топтағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жүзеге асырылатын стационарлық ықтимал қауіпті биологиялық объектілер; ғарыш саласының объектілері; су шаруашылығы құрылысжайлары және гидротехникалық құрылысжайлар; ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары; қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымының мүліктік кешені; сондай-ақ меншігінде стратегиялық объектілер бар заңды тұлғалар акцияларының пакеттері (қатысу үлестері, пайлары), меншігінде стратегиялық объектілер бар жеке және заңды тұлғалардың шешімдерін тікелей немесе жанама айқындауға немесе қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге мүмкіндігі бар заңды тұлғалар акцияларының пакеттері (қатысу үлестері, пайлары) жатқызылуы мүмкін.

      Стратегиялық объектілер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік және жеке меншікте болуы мүмкін.

      3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оларды иеліктен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсат беру туралы шешімі негізінде және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында айқындалатын тәртіппен мүмкін болады.

      4. Азамат немесе мемлекеттік емес заңды тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығару бойынша мәміле жасасуға ниет білдірген, сондай-ақ стратегиялық объектіге өндіріп алу қолданылған не стратегиялық объектіні оңалтуды не банкроттықты басқарушы иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) соттан тыс тәртіппен өткізген не стратегиялық объектіге сот актісінің негізінде өндіріп алу қолданылған жағдайларда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында айқындалған шарттар бойынша Қазақстан Республикасы стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығына ие болады.

      Стратегиялық объектінің нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңына сәйкес айқындалады.

      Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында айқындалады.

      5. Егер стратегиялық объектіге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иеліктен шығару кезінде осы баптың 3 және 4-тармақтарындағы талаптар бұзылса, мұндай мәмілелер маңызсыз болады.

      Ескерту. 193-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.08.07 № 321; өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.02.13 № 135-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.06.22 № 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.05.2022 № 123-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.12.2023 № 51-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.04.2025 № 179-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

194-бап. Тұрғын үйге меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтар

      Тұрғын үйге меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері тұрғын үй заңдарымен реттеледі.

195-бап. Меншік иесі болып табылмайтын адамдардың заттық құқықтары

      1. Меншік құқығымен қатар заттық құқықтарға:

      1) жерді пайдалану құқығы;

      2) шаруашылық жүргізу құқығы;

      3) оралымды басқару құқығы;

      3-1) бөтеннің жылжымайтын мүлкін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығы (сервитут);

      4) осы Кодексте немесе өзге заңдарда көзделген басқа да заттық құқықтар.

      2. Заттық құқықтарға, егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе осы заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, меншік құқығы туралы нормалар қолданылады.

      3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мүлікке меншік құқығының басқа тұлғаға ауысуы осы мүлікке басқа да заттық құқықты тоқтату үшін негіз болып табылмайды.

      Ескерту. 195-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2007.01.12 № 225, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-тарау. Шаруашылық жүргізу құқығы

196-бап. Мемлекеттік кәсіпорынның шаруашылық жүргізу құқығы

      1. Шаруашылық жүргізу құқығы мүлікті мемлекеттен меншік иесі ретінде алған және бұл мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынның заттық құқығы болып табылады.

      2. Мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық жүргізу құқықтарын жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында айқындалады.

      Ескерту. 196-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

197-бап. Шаруашылық жүргізу құқығының объектісі

      Шаруашылық жүргізу құқығының объектісі, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кез келген мүлік бола алады.

      Ескерту. 197-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

198-бап. Шаруашылық жүргізу құқығына ие болу және тоқтату

      1. Мүлікті құрылып үлгірген мемлекеттік кәсіпорынға бекіту туралы меншік иесі шешім қабылдаған мүлікке қатысты шаруашылық жүргізу құқығы, егер заңдарда немесе меншік иесінің шешімінде өзгеше белгіленбесе, бұл кәсіпорында мүлікті кәсіпорынның дербес балансына бекіткен кезде пайда болады.

      2. Шаруашылық жүргізудегі мүлікті пайдаланудың жемістері, өнімі мен кірісі, сондай-ақ кәсіпорын шарттар немесе өзге де негіздер бойынша алған мүлік меншік құқығын алуға арналған заңдарда белгіленген тәртіп бойынша кәсіпорынның шаруашылық жүргізуіне келіп түседі.

      3. Мүлікке шаруашылық жүргізу құқығы меншік құқығын тоқтатуға арналған заңдарда көзделген негіздер мен тәртіп бойынша, сондай-ақ меншік иесінің шешімімен кәсіпорыннан мүлік заңды жолмен қайтарып алынған реттерде тоқтатылады.

199-бап. Меншік иесінің шаруашылық жүргізудегі мүлікке қатысты құқығы

      Шаруашылық жүргізудегі мүліктің меншік иесі заңдарға сәйкес кәсіпорын құру, оның қызметінің мәні мен мақсаттарын белгілеу, оны қайта құру мен тарату мәселелерін шешеді, кәсіпорынға тиесілі мүліктің өз мақсатында пайдаланылуы мен сақталуына бақылау жасауды жүзеге асырады.

      Меншік иесі өзі құрған кәсіпорынның шаруашылық жүргізуіндегі мүлікті пайдаланудан келтірілген таза табыстың бір бөлігін алуға құқылы.

      Ескерту. 199-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. № 154 Заңымен.

200-бап. Мемлекеттік кәсіпорынның мүліктік құқықтарын жүзеге асыру ережелері

      1. Қызметін шаруашылық жүргізу құқығында жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынның, егер заңдарда өзгеше көзделмесе меншік иесінің немесе ол уәкілдік берген мемлекеттік органның жазбаша келісімінсіз:

      1) өзіне тиесілі үйлерді, құрылыстарды, жабдықты және кәсіпорынның басқа да негізгі құралдарын иеліктен айыруға немесе өзгеше әдіспен билік етуге (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда), ұзақ мерзімді (үш жылдан астам) жалға беруге, уақытша тегін пайдалануға беруге;

      2) филиалдар, өкілдіктер құруға, жеке кәсіпкерлермен бірге кәсіпорындар мен бірлескен өндірістер құруға, олардың өзінің өндірістік және ақша капиталын сатуға;

      2-1) оған тиесілі акцияларға (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда), сондай-ақ дебиторлық берешекке билік етуге;

      3) заемдар беруге;

      4) үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілдеме немесе кепілдік беру.

      2. Мемлекеттік кәсіпорын, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, негізгі құралдарға жатпайтын, өзіне шаруашылық жүргізу құқығымен бекітіліп берілген мүлікке дербес билік етеді.

      Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның мемлекеттік кәсіпорынның негізгі құралдарына жататын мүлікке қатысты, сондай-ақ оған тиесілі акцияларды сатуға және сыйға беру мәмілелерін жасасуға құқығы жоқ.

      Ескерту. 200-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 2002.05.21 № 323, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

201-бап. Мемлекеттік кәсіпорындар қатысатын қатынастарға меншік құқығы туралы ережелердің қолданылуы

      Мемлекеттік кәсіпорындар қатысатын мүліктік қатынастарға егер осы Кодекстен және өзге заңдардан өзгеше туындамаса, осы Кодекстің меншік құқығы туралы ережелері қолданылады.

10-тарау. Оралымды басқару құқығы

202-бап. Оралымды басқару құқығы ұғымы мен оның мазмұны

      1. Оралымды басқару құқығы меншік иесінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын мекеменің, меншік иесінен мүлік алушы және өз қызметінің мақсатына, меншік иесінің тапсырмаларына және мүліктің мақсатына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте сол мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асырушы қазыналық кәсіпорындардың заттық құқығы болып табылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).

      2. Қазыналық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді жедел басқару құқығын жүзеге асырудың ерекшеліктері "Мемлекеттік мүлік туралы" және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

      Ескерту. 202-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 1998.12.16 № 320, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) Заңдарымен.

203-бап. Оралымды басқару құқығына ие болу және тоқтату

      Оралымды басқару құқығына ие болу мен тоқтату, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 13 және 14-тарауларында көзделген ережелер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. 203-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

204-бап. Оралымды басқаруға берілген мүлікті меншіктенушінің құқығы

      1. Оралымды басқарудағы мүлікті меншіктенуші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мекеме, қазыналық кәсіпорын құру, оның қызметінің мәні мен мақсаттарын белгілеу мәселелерін шешеді, мемлекеттік мекеменің немесе қазыналық кәсіпорынның заң жүзіндегі тағдырын, оның қызметінің мазмұнын белгілеуге құқығы бар.

      2. Меншік иесі мекеменің, қазыналық кәсіпорынның меншік иесі берген мүлікті тиімді пайдалануы мен сақтауына бақылау жасауды жүзеге асырады.

      3. Мекемені бірнеше меншік иесі құрған жағдайда, олардың арасындағы қатынастар мен меншік иелерінің өз мүлкіне билік жүргізу құқықтары құрылтай шартымен немесе сол сияқты келісіммен белгіленеді.

      Ескерту. 204-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.12.16 № 320, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

205-бап. Меншік иесінің оралымды басқаруға берілген мүлікті қайтарып алу және қайта бөлу құқығы

      Мекемеге немесе қазыналық кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті меншіктенуші, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, ол мүлікті қайтарып алуға, не өзі құрған басқа заңды тұлғалар арасында өз қалауы бойынша қайта бөлуге құқылы.

      Ескерту. 205-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.12.16 № 320, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

206-бап. Мекеменің мүлкіне билік ету

      Мекеме өзіне бекітіліп берілген мүлікті және оған смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті иеліктен өз бетінше шығаруға немесе оған өзгеше әдіспен билік етуге құқылы емес.

      Мемлекеттік мекемелердің табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      Ескерту. 206-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

207-бап. Қазыналық кәсіпорынның және мекеменің борыштары бойынша құрылтайшының жауаптылығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-бөлікке өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 10.06.2026 № 301-VIIІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Қазыналық кәсіпорын өзінің міндеттемелері бойынша өз билігіндегі ақшамен жауап береді.

      Қазыналық кәсіпорынның ақшалай қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда, оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.

      2. Мекеменің жауапкершілігі осы Кодекстің 44-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен туындайды.

      Ескерту. 207-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.12.16 № 320 Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

208-бап. Мекемені меншіктену құқығының ауысуы

      Мекемені меншіктену құқығы басқа адамға ауысқан кезде бұл мекеме өзіне тиесілі мүлікке оралымды билік жүргізу құқығын сақтап қалады.

11-тарау. Ортақ меншік

209-бап. Ортақ меншік ұғымы мен оның пайда болу негіздері

      1. Екі немесе бірнеше адамның меншігіндегі мүлік оларға ортақ меншік құқығымен тиесілі болады.

      2. Мүлік меншік иелерінің әрқайсысының меншік құқығындағы үлестері белгілене отырып (үлестік меншік) немесе ондай үлестер белгіленбей (бірлескен меншік) ортақ меншікте болуы мүмкін.

      3. Мүлікке ортақ меншік үлестік меншік болып табылады, бұған мүлікке ортақ меншік құру заңда көзделген реттер қосылмайды.

      4. Ортақ меншік екі немесе бірнеше адамның меншігіне мүлік түскен кезде пайда болады, оны өзінің мақсаты өзгертілмейінше бөлуге болмайды (бөлінбейтін заттар), өйткені ол заңға сәйкес бөлінуге жатпайды.

      Бөлінетін мүлікке ортақ меншік заңдарда немесе шартта көзделген реттерде пайда болады.

      5. Бірлескен меншікке қатысушылардың келісімі бойынша, ал келісімге қол жетпеген жағдайда - сот шешімі бойынша ортақ меншікке осы адамдардың үлесті меншігі белгіленуі мүмкін.

      6. Жылжымайтын мүлікке меншік кондоминиум нысанында пайда болуы мүмкін, бұл жағдайда жылжымайтын мүліктің жекелеген бөліктері азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың дара (бөлек) меншігінде болады, ал жылжымайтын мүліктің бөлек меншікте емес бөліктері ортақ үлестік меншік құқығымен жылжымайтын мүлік бөліктерінің иелеріне тиесілі болады.

      Әрбір меншік иесінің ортақ мүліктегі үлесі оның жылжымайтын мүліктің өзіне тиесілі бөлігіне бөлек меншігінен ажырағысыз.

      Әрбір меншік иесінің ортақ мүліктегі үлесінің мөлшері мен оны ұстауға арналған шығындарға қатысу дәрежесі, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, жылжымайтын мүліктің дара (бөлек) меншіктегі бөліктерінің мөлшеріне байланысты болады.

      Кондоминиумның әр алуан түрлерінің құқықтық режимінің ерекшеліктері заңдарда айқындалуы мүмкін.

      7. Инвестициялық пай қорының активтеріне ортақ үлестік меншіктің құқықтық режимінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңында айқындалады.

      Ескерту. 209-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1998.03.02. № 211, 2004.07.07. № 577; 04.07.2018 № 174-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

210-бап. Үлестік меншік құқығындағы үлесті анықтау

      1. Егер үлесті меншікке қатысушылар үлестерінің мөлшері заңдар негізінде анықталуы және оған барлық қатысушылардың келісімімен белгіленуі мүмкін болмаса, үлестер тең деп саналады.

      2. Үлесті меншікке барлық қатысушылардың келісімімен олардың әрқайсысының ортақ мүлікті құру мен көбейтуге қосқан салымдарына қарай қатысушылардың үлестерін анықтау мен өзгерту тәртібі белгіленуі мүмкін.

211-бап. Үлесті меншікке қатысушының оны жақсартуға байланысты құқықтары

      1. Ортақ мүлікті пайдаланудың белгіленген тәртібін сақтай отырып, оны бөлмей жақсартуды өз есебінен жүзеге асырған үлесті меншік қатысушысының ортақ мүлікке құқықтағы өз үлесін тиісінше ұлғайтуға құқығы бар.

      2. Ортақ мүлікті бөліп алып жақсарту, егер үлесті меншікке қатысушылардың келісімінде өзгеше көзделмесе, оны жасаған қатысушының меншігіне түседі.

212-бап. Үлесті меншіктегі мүлікке билік ету

      1. Үлесті меншіктегі мүлікке билік ету оның барлық қатысушыларының келісуімен жүзеге асырылады.

      2. Үлесті меншікке әрбір қатысушы өзінің үлесін өз қалауы бойынша сатуға, сыйға тартуға, өсиет етуге, кепілге беруге, не осы Кодекстің 216-бабында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билік етуге құқылы.

213-бап. Үлесті меншіктегі мүлікті иелену және пайдалану

      1. Үлесті меншіктегі мүлікті иелену және пайдалану оның барлық қатысушыларының келісуімен, ал келісімге келмеген жағдайда - сот белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Үлесті меншіктің әрбір қатысушысы ортақ мүліктің өз үлесі мөлшеріне тең бөлігі өзінің иеленуіне және пайдалануына берілуіне құқылы, ал бұл мүмкін болмаған жағдайда - өз үлесіне тиесілі мүлікті иеленетін және пайдаланатын басқа қатысушылардан тиісті ақша сомасын немесе өзге де өтем төлеуді талап етуге құқылы.

214-бап. Үлесті меншіктегі мүлікті пайдаланудан алынатын жемістер, өнімдер мен табыстар

      Үлесті меншіктегі мүлікті пайдаланудан алынатын жемістер, өнімдер мен табыстар ортақ мүліктің құрамына келіп түседі. Жемістің, өнім мен табыстың одан кейінгі бөлінуі, үлесті меншіктің қатысушылары арасында, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, олардың үлестеріне сәйкес жүргізіледі.

215-бап. Үлесті меншіктегі мүлікті күтіп ұстауға байланысты шығындар

      Үлесті меншіктің әрбір қатысушысы ортақ мүлік бойынша өз үлесіне сәйкес салықтар, алымдар және өзге де төлемдер төлеуге, сондай-ақ оны күтіп ұстау мен сақтауға байланысты шығындарға қатысуға міндетті.

216-бап. Сатып алудың басым құқығы

      1. Үлесті меншік құқығындағы үлесті бөгде адамдарға сату кезінде сатылатын үлесті оның сатылатын бағасы бойынша және жария саудаға салып сату реттерінен басқа тең жағдайларда үлесті меншіктің қалған қатысушыларының сатып алуға басым құқығы болады.

      Үлесті меншікке барлық қатысушылардың келісімі болмаған жағдайда үлесті меншік құқығындағы үлесті сату үшін жария саудаға салу осы Кодекстің 222-бабының 2-тармағында көзделген реттерде және заңдарда көзделген өзге де реттерде жүргізілуі мүмкін.

      2. Үлесін сатушы оның сату бағасын және оны сатудың басқа да шарттарын көрсете отырып, үлесті меншіктің басқа қатысушыларына өз үлесін бөтен адамға сату ниеті туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Егер үлесті меншіктің басқа қатысушылары сатып алудан бас тартса немесе қозғалмайтын мүлікке меншік құқығындағы сатылатын үлесті бір ай ішінде, ал басқа мүлік жөнінен - хабар алған күннен бастап он күн ішінде сатып алмаса, сатушы өз үлесін кез келген адамға сатуға құқылы.

      3. Үлес сатып алудың басым құқығы бұзыла отырып сатылған жағдайда үлесті меншіктің кез келген басқа қатысушысы үш айдың ішінде сотта өзіне сатып алушының құқықтары мен міндеттерін аударуды талап етуге құқылы.

      4. Үлесті сатып алудың басым құқығын басқа біреуге беруге рұқсат етілмейді.

      5. Осы баптың ережелері айырбас шарты бойынша үлесті иеліктен айыру кезінде де қолданылады.

      6. Осы баптың ережелері стратегиялық объектілерді иеліктен шығару жағдайларына қолданылмайды.

      Ескерту. 216-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.08.07. № 321(ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

217-бап. Үлесті меншік құқығындағы үлестің шарт бойынша сатып алушыға ауысатын кезі

      Үлесті меншік құқығындағы үлес, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шарт жасасқан кезден бастап шарт бойынша сатып алушыға ауысады.

      Мемлекеттік тіркеуге немесе нотариат куәландыруға тиісті шарт бойынша үлесті меншік құқығындағы үлестің ауысатын кезі осы Кодекстің 238-бабының 2-тармағына сәйкес белгіленеді.

218-бап. Үлесті меншіктегі мүліктің бөлінуі және одан үлесті бөліп шығару

      1. Үлесті меншіктегі мүлік оған қатысушылар арасындағы келісім бойынша өздерінің арасында бөлінуі мүмкін.

      2. Үлесті меншікке қатысушы ортақ мүліктен өз үлесін бөліп шығаруды талап етуге құқылы.

      3. Үлесті меншікке қатысушылар ортақ мүлікті бөлу немесе біреуінің үлесін бөліп шығарудың әдістері мен шарттары жөнінде келісімге келе алмаған жағдайда үлесті меншікке қатысушы ортақ мүліктен өз үлесін заттай бөліп беруді талап етуге құқылы.

      Егер үлесті заттай бөліп беруге заңдарда жол берілмесе немесе ол ортақ меншіктегі мүлікке шамадан тыс залал келтірмейінше мүмкін болмаса, бөлініп шығушы меншік иесі үлесті меншіктің басқа қатысушыларынан өз үлесінің құнын төлетуге құқылы.

      4. Осы бап негізінде үлесті меншіктің қатысушысына заттай бөліп берілетін мүліктің меншік құқығындағы оның үлесіне сәйкессіздігі тиісті ақша сомасын немесе өзге өтем төлеу арқылы жөнге келтіріледі.

      Басқа меншік иелерінің үлесті меншікке қатысушыға оның үлесін заттай бөліп берудің орнына өтем төлеуіне қатысушының келісуімен жол беріледі. Тиісті меншік иесінің үлесі шамалы болып, нақты бөліп шығару мүмкін болмай және ол ортақ мүлікті пайдалануға онша мүдделі болмаса, сот бұл меншік иесінің келісімі болмаған күнде де үлесті меншікке қатысушыларды оған өтем төлеуге міндеттей алады.

      5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес өтем алғаннан кейін меншік иесі ортақ мүліктегі үлеске құқығын жоғалтады.

      6. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында жазылған қағидалар бойынша ортақ мүлікті бөлу немесе одан үлесті бөліп шығару мүмкін болмаған кезде сот мүлікті жария сауда-саттықта сату, одан түскен соманы кейін ортақ меншікке қатысушылар арасында олардың үлестеріне мөлшерлес бөліп беру туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 218-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

219-бап. Ортақ бірлескен меншік

      1. Ортақ бірлескен меншік:

      1) ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі;

      2) шаруа қожалығы мүшелерінің ортақ меншігі;

      3) жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ меншік түрінде болады.

      2. Заңдарда ортақ бірлескен меншіктің басқа да түрлері көзделуі мүмкін.

      3. Ортақ бірлескен меншік, егер оған қатысушылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, тағайындалады және қолдануда болады.

      Ескерту. 219-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. № 225 Заңымен.

220-бап. Бірлескен меншіктегі мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету

      1. Бірлескен меншікке қатысушылар, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, ортақ мүлікті бірлесіп иеленеді және пайдаланады.

      2. Мүлікке билік ету жөніндегі мәмілені қатысушылардың қайсысы жасағанына қарамастан бірлескен меншіктегі мүлікке билік ету барлық қатысушылардың келісімі бойынша жүзеге асырылады.

      3. Егер барлық қатысушылардың келісімінен өзгеше туындамайтын болса, бірлескен меншікке қатысушылардың әрқайсысы ортақ мүлікке билік ету жөнінде мәмілелер жасасуға құқылы. Бірлескен меншікке қатысушылардың біреуі ортақ мүлікке билік етуге байланысты жасаған мәміле басқа қатысушылардың талап етуімен мәміле жасаған қатысушының қажетті өкілеттігі болмады деген себеппен мәміледегі екінші тарап бұл жөнінде білгені немесе көпе-көрінеу білуге тиіс болғандығы дәлелденген ретте ғана жарамсыз деп танылуы мүмкін.

      Нотариаттың куәландыруын немесе мемлекеттік тіркеуді керек ететін мәмілелер жасасу кезінде бірлескен мүлікке басқа қатысушылардың мәміле жасауға келісімі нотариалдық тәртіппен расталуға тиіс.

      4. Егер осы Кодексте немесе өзге де заңдарда бірлескен меншіктің жекелеген түрлері үшін өзгеше белгіленбесе, осы баптың 1-3-тармақтары қолданылады.

221-бап. Бірлескен меншіктегі мүлікті бөлу және одан үлесті бөліп шығару

      1. Ортақ меншікті бірлескен меншікке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың біреуінің үлесін бөліп шығару қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүлікке құқығындағы үлесі алдын ала анықталған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Ортақ мүлікті бөлу және одан үлесті бөліп шығару кезінде, егер заңдарда немесе қатысушылардың келісімінде өзгеше көзделмесе, олардың үлестері тең деп танылады.

      3. Ортақ мүлікті бөлу және одан үлесті бөліп шығару негіздері мен тәртібі осы Кодекстің 218-бабының ережелерімен белгіленеді, өйткені ол осы Кодексте, басқа да заңдарда бірлескен меншіктің жекелеген түрлері үшін өзгеше белгіленбеген және бірлескен меншікке қатысушылар қатынастарының мәнінен туындамайды.

      Ескерту. 221-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

222-бап. Ортақ мүліктегі үлестен ақы өндіріп алу

      1. Үлесті немесе бірлескен меншікке қатысушыға несие беруші қатысушыда басқа мүлік жеткіліксіз болған жағдайда борышқордың ортақ мүліктегі үлесін одан ақы өндіріп алу үшін бөліп беру туралы талап қоюға құқылы.

      2. Ортақ меншіктің өзге қатысушылары борышқордың үлесін сатып алудан бас тартқан реттерде несие беруші борышқордың ортақ меншік құқығындағы үлесін жария саудаға салу жолымен осы үлестен сот арқылы ақы өндіріп алуға талап етуге құқылы.

      3. Егер мұндай жағдайда үлесті заттай бөліп шығару мүмкін болмаса, не үлесті немесе бірлескен меншіктің қалған қатысушылары бұған қарсылық білдірсе, несие беруші борышқордан өз үлесін ортақ меншіктің өзге қатысушыларына осы үлесті нарықтық құнына сәйкес бағамен сатып, сатудан түскен қаражатты борышты өтеуге салуды талап етуге құқылы.

223-бап. Ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі

      1. Ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкі, егер бұл мүлік ерлі-зайыптылардың үлесті меншігі болатыны, не олардың әрқайсысына тиесілі немесе меншік құқығында тиісті бөліктерде ерлі-зайыптылардың әрқайсысына тиесілі екені олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бірлескен меншігі болып табылады.

      2. Ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанға дейін тиесілі болған, сондай-ақ олардың некеде тұрған кезінде сыйға тартылған немесе мұрагерлік тәртіппен алған мүлкі олардың әрқайсысының меншігі болып табылады.

      Қымбат бағалы және басқа әсемдік заттарын қоспағанда, жеке пайдаланудағы заттар (киім-кешек, аяқ киім және т.б.), некеде тұрған кезде ерлі-зайыптылардың ортақ қаражатына сатып алынғанымен, оларды пайдаланған жұбайдың меншігі деп танылады.

      Егер некеде тұрған кезде ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкінің есебінен сол мүліктің құнын едәуір арттырған қаражат жұмсалғаны (күрделі жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және т.б.) анықталса, ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкі олардың бірлескен меншігі деп танылуы мүмкін.

      3. Ерлі-зайыптылардың бірінің міндеттемелері бойынша жаза өз меншігіндегі мүлікке ғана, сондай-ақ бұл мүлікті бөлісу кезінде ерлі-зайыптылардың біріне тиесілі болатын ортақ мүлкіндегі өз үлесіне ғана қолданылуы мүмкін.

      4. Ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншік құқықтарының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңдарымен белгіленеді.

      Ескерту. 223-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

224-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының меншігі

      1. Шаруа қожалығының мүлкі, егер оның мүшелерінің арасындағы шартта өзгеше белгіленбесе, оларға бірлескен меншік құқығында тиесілі болады.

      Бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестік нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығының мүлкі оның мүшелеріне ортақ үлестік меншік құқығында тиесілі болады.

      Өзіндік кәсіпкерлікке негізделген фермер қожалығының мүлкі оған жеке меншік құқығында тиесілі болады.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің меншігінде жер учаскелері, жер учаскесіндегі екпелер, оның ішінде жеке орман қорындағы екпелер, еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда өсіріліп, ұсталатын жабайы жануарлар, өсімдіктердің генетикалық ресурстары, шаруашылыққа арналған және өзге де қора-қопсылар, мелиорациялық және басқа да құрылыстар, өнім беретін және жегін мал, құс, ауыл шаруашылығына арналған және өзге де техника мен жабдықтар, көлік құралдары, құрал-саймандар және қожалық мүшелері берген және (немесе) қожалық үшін оның мүшелерінің ортақ қаражатына сатып алынған басқа да мүлік болуы мүмкін.

      3. Шаруа немесе фермер қожалығының қызметі нәтижесінде алынған жемістер, өнім мен кірістер шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің ортақ мүлкі болып табылады және олардың арасында келісім бойынша пайдаланылады.

      Ескерту. 224-бап жаңа редакцияда – ҚР 2007.01.12. № 225; өзгеріс енгізілді – ҚР 02.01.2023 № 184-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

225-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының мүлкін бөлу

      1. Барлық мүшелерінің шығып кетуіне байланысты немесе өзге де негіздер бойынша немесе фермер қожалығы тоқтатылған жағдайда ортақ мүлік осы Кодекстің 218 және 221-баптарында көзделген ережелер бойынша бөлінуге тиіс.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің бірі одан шыққан кезде, шаруашылықтың өндіріс құрал-жабдықтары бөлінуге жатпайды. Қожалықтан шыққан адамның бұл мүлікке ортақ меншіктегі өз үлесіне сәйкес ақшалай өтем алуға құқығы бар.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде бірлескен меншік құқығындағы шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің, егер олардың арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, қожалық мүлкіне үлестері тең деп танылады.

      Ескерту. 225-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. № 225 Заңымен.

226-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын шаруашылық серіктестігі немесе кооператив етіп қайта құрған кездегі мүліктің құқықтық режимі

      1. Қожалық мүлкі негізінде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелері шаруашылық серіктестігін немесе өндірістік кооператив құруы мүмкін. Қайта құрылған мұндай шаруа немесе фермер қожалығының заңды тұлға ретінде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелері өзіне салымдар және басқа жарналар түрінде берген мүліктің, сондай-ақ оның қызметі нәтижесінде алынған және заңдарға қайшы келмейтін өзге де негіздер бойынша сатып алынған мүліктің меншік құқығына ие болады.

      2. Шаруа немесе фермер қожалығының серіктестікке қатысушылары немесе кооператив мүшелері болып табылатын мүшелері салымдарының мөлшері осы Кодекстің 218-бабында немесе 225-бабының 3-тармағында көзделген тәртіп бойынша белгіленетін шаруа немесе фермер қожалығының мүлкіне ортақ меншік құқығындағы өз үлестерін негізге ала отырып белгіленеді.

      Ескерту. 226-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. № 225 Заңымен.

227-бап. Жекешелендірілген тұрғын үйге ортақ меншік

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік және тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес жалдаушы сатып алған немесе тегін алған мемлекеттік тұрғын үй қорының үйіндегі тұрғын жай, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жалдаушының және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің, соның ішінде кәмелетке толмаған және уақытша тұрмайтын мүшелерінің бірлескен меншігіне көшеді.

      Жекешелендірілген тұрғын үйге бірлескен меншік құқығының ерекшеліктері тұрғын үй қатынастары туралы заңдарда белгіленеді.

      Ескерту. 227-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-тарау. Бірлескен қызмет туралы шарт
(жай серіктестік)

228-бап. Жай серіктестік

      1. Жай серіктестік бірлескен қызмет туралы шарт негізінде құрылады.

      Бірлескен қызмет туралы шарт (жай серіктестік шарты) бойынша тараптар табыс табу немесе заңға қайшы келмейтін өзге де мақсатқа қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет жасауға міндеттенеді.

      Жай серіктестік заңды тұлға болмайды.

      2. Бірлескен қызмет туралы шарт (жай серіктестік шарты) азаматтардың, азаматтар мен заңды тұлғалардың арасында, заңды тұлғалар арасында жасалады (консорциум).

      3. Жай серіктестік қатысушыларының бірлескен қызметі туралы шартқа байланысты міндеттемелері, егер бірлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, үшінші жақтар алдында ортақ болып табылады.

      Ескерту. 228-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

229-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ істерін жүргізу

      Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың ортақ істерін жүргізу олардың ортақ келісуі бойынша жүзеге асырылады. Өзара келісу бойынша олар бірлескен қызметке басшылық етуді және ортақ істерді жүргізуді, бұл жағдайда шартқа қалған қатысушылар берген сенімхат негізінде әрекет ететін қатысушылардың біріне немесе осы Кодекстің 823-бабында және Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасында көзделген жағдайларда үшінші тұлғаға тапсыра алады.

      Ескерту. 229-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

230-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ мүлкі

      1. Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылар өз мақсаттарына жету үшін жарналарын ақшалай немесе басқа мүлікпен, не еңбек үлесі арқылы қосады.

      2. Шартқа қатысушылардың ақшалай немесе өзге де мүліктік жарналары, сондай-ақ олардың бірлескен қызметі нәтижесінде жасалған немесе сатып алынған мүлік олардың ортақ үлесті меншігі болып табылады.

      3. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

      4. Шартқа қатысушылардың мүлкіне, егер осы тараудың нормаларында, басқа да заңдарда немесе бірлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстің ортақ үлестік меншік туралы нормалары қолданылады.

      Ескерту. 230-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211; 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

231-бап. Шартқа қатысушылардың ортақ шығындары мен залалдары

      Бірлескен қызметі бойынша ортақ шығындарды және соның нәтижесінде пайда болған залалдарды жабу тәртібі қатысушылардың шартымен белгіленеді. Егер шартта мұндай тәртіп көзделмесе, ортақ шығындар мен залалдар шартқа қатысушылардың ортақ мүлкі есебінен жабылады, ал жетпей қалған сомалар олардың арасында осы мүліктегі үлестеріне қарай бөліп салынады.

      Ескерту. 231-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

232-бап. Бірлескен қызметке қатысу құқығын беру және қатысудан бас тарту

      1. Бірлескен қызметке қатысу құқығын беру бірлескен қызмет туралы шартқа (жай серіктестік шартына) қатысушылардың келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Бірлескен қызмет туралы шартқа (жай серіктестік шартына) қатысушы өз қалауы бойынша бірлескен қызметке қатысудан бас тартуға құқылы.

      3. Бірлескен қызметке қатысушылардың қайсы біреуінің қатысудан бас тартуы салдарынан келтірілген залалдар, егер бірлескен қызмет туралы шартта (жай серіктестік шартында) өзгеше көзделмесе, толық көлемінде өндіріліп алынады.

233-бап. Консорциум

      1. Консорциум - бірлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негізінде заңды тұлғалар нақты шаруашылық міндеттерін шешу үшін белгілі бір ресурстарды біріктіріп, күш-жігерді үйлестіретін ерікті түрдегі тең құқықты уақытша одақ (бірлестік).

      2. Консорциумға қатысушылар өздерінің шаруашылық дербестігін сақтап қалады және басқа консорциумдардың, қауымдастықтардың қызметіне қатыса алады.

      Консорциумға қатысушылар арасындағы қатынастар шарт негізінде құрылады.

      3. Консорциумды басқару консорциумға қатысушылардың консорциалдық келісіміне сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Консорциумға қатысушылар, егер консорциалдық келісімде өзгеше ескертілмесе, консорциум қызметіне байланысты міндеттемелер бойынша ортақ жауапты болады.

      5. Консорциум өз қызметін алдына қойған міндеттерін орындағаннан кейін немесе оған қатысушылардың шешімі бойынша тоқтатады.

      Ескерту. 233-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

234-бап. Бірлескен қызметтің жекелеген түрлері туралы ережелер

      Бірлескен қызметтің жекелеген түрлері осы Кодекске Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледі.

13-тарау. Меншік құқығына және өзге
де заттық құқықтарға ие болу

235-бап. Меншік құқығына ие болу негіздері

      1. Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншік құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиеді.

      Мүлікті пайдалану нәтижесінде алынған жемістерге, өнімге, табысқа меншік құқығы осы Кодекстің 123-бабына сәйкес алынады.

      2. Меншік иесі бар мүлікке меншік құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлікті иеліктен айыру туралы өзге де мәміленің негізінде ие болуы мүмкін.

      Азамат қайтыс болған ретте оған тиесілі мүлікке меншік құқығы өсиетке немесе заңға сәйкес мұрагерлік бойынша басқа адамдарға көшеді.

      Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған ретте оған тиесілі мүлікке меншік құқығы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорларына - заңды тұлғаларға көшеді (осы Кодекстің 46-бабы).

      Меншік иесінің мүлкін меншік иесінің еркінен тыс басқа тұлғаға беруге осы Кодексте көзделгеннен басқа реттерде жол берілмейді.

      3. Осы Кодексте көзделген реттер мен тәртіп бойынша тұлға меншік иесі жоқ мүлікке, меншік иесі белгісіз мүлікке, не меншік иесі бас тартқан немесе өзге негіздер бойынша ол меншік құқығын жоғалтқан мүлікке меншік құқығын алуы мүмкін.

      3-1. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен жер учаскесін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу, оның ішінде мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қою кезінде, сондай-ақ жер учаскесін алып қоюға байланысты жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару кезінде мүлікке меншік құқығына ие болады.

      4. Тұтыну (тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж немесе өзге) кооперативінің мүшелері, жарна жинақтауға құқығы бар, пәтер, саяжай, гараж және кооператив осы адамдардың пайдалануына берген өзге де үй-жай үшін өзінің үлестік жарнасын толық төлеген басқа да адамдар аталған мүліктің меншік құқығына ие болады.

      5. Жеке, заңды тұлғаның және (немесе) қызметін бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес жүзеге асыратын тұлғаның (жай серіктестік, консорциум) салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдегі немесе жеке тұрғын үйлер кешеніндегі пәтерге және (немесе) тұрғын емес үй-жайға немесе жеке тұрғын үйге, немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы олардың үлесіне меншік құқығын немесе өзге де заттай құқықтарын иемденуге байланысты қатынастар "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

      Ескерту. 235-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 204-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

236-бап. Жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлікке меншік құқығының пайда болуы

      1. Жаңадан тұрғызылған жылжымайтын мүлікке меншік құқығы мемлекеттік тіркеу кезінен бастап туындайды.

      2. Егер заңдарда немесе шартта құрылысы аяқталған объектілерді қабылдап алу көзделген болса, онда тиісті мүлікті жасау осылайша қабылдап алынған кезден бастап аяқталған болып есептеледі.

      3. Алып тасталды - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Жаңадан тұрғызылған жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу кезіне дейін мүлікке материалдар мен жылжымайтын мүлік тұрғызылатын басқа мүлікке меншік құқығы туралы қағидалар қолданылады.

      Ескерту. 236-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

237-бап. Өңдеу

      1. Шартта өзгеше көзделмегендіктен, адам өзіне тиесілі емес материалдарды өңдеу арқылы дайындаған жаңа қозғалатын затқа меншік құқығын материалдардың меншік иесі алады.

      Алайда, егер өңдеу құны материалдардың құнынан едәуір асып кетсе, жаңа затқа меншік құқығын адал жұмыс істеп, өңдеуді өзі үшін жүзеге асырған адам алады.

      2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, өз материалдарынан дайындалған затқа меншік құқығын алған материалдардың меншік иесі ол затты өңдеуді жүзеге асырған адамға оның құнын өтеуге, ал ол адам жаңа затқа меншік құқығын алған ретте соңғысы материалдардың меншік иесіне олардың құнын қайтаруға міндетті.

      3. Өңдеуді жүзеге асырған адамның ықылассыз әрекеттерінің нәтижесінде материалынан айрылған меншік иесі жаңа затты өз меншігіне беруді және өзіне келтірілген залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

238-бап. Шарт бойынша мүлік алушының меншік құқығы пайда болатын кез

      1. Шарт бойынша мүлік алушының меншік құқығы, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берілген кезден бастап пайда болады.

      1-1. Егер шарт бойынша мүлікті иеленушінің меншік құқығы мемлекеттік тіркелуге жататын болса, онда мүлікті иеленушінің меншік құқығы, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, осындай тіркеу жасалған кезден бастап туындайды.

      2. Егер мүлікті иеліктен айыру туралы шарт мемлекеттік тіркеуге немесе нотариалдық куәландыруға жататын болса, алушының меншік құқығы тіркелген немесе нотариат куәландырған кезден бастап, ал шартты нотариаттың куәландыруы да, мемлекеттік тіркеу де қажет болған жағдайда ол тіркелген кезден бастап пайда болады.

      Ескерту. 238-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

239-бап. Заттардың берілуі

      1. Заттардың алушыға тапсырылуы, сол сияқты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, алушыға жөнелту үшін көлік ұйымына өткізу және иеліктен айырылған заттарды жеткізіп беру міндеттемесінсіз алушыға салып жіберу үшін почтаға өткізу-берілу деп танылады.

      2. Егер затты иеліктен айыру туралы шартты жасасу кезінде-ақ ол алушының иелігінде болса, зат оған сол кезден бастап берілген деп танылады. Затқа коносамент немесе өзге де өкімші құжат беру заттарды беруге теңестіріледі.

240-бап. Иелену мерзімі

      1. Мүліктің меншік иесі болып табылмайтын, бірақ өзінің жеке қозғалмайтын мүлкіндей жеті жыл бойы, не өзге мүлікті кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлікке меншік құқығын (иелену мерзімін) алады.

      Мемлекеттік тіркеуге жататын қозғалмайтын және өзге де мүлікке меншік құқығы бұл мүлікті иелену мерзіміне сәйкес алған тұлғада осындай тіркеу кезінен бастап пайда болады.

      2. Мүлікке меншік құқығын алғанға дейін оларды өз мүлкіндей иеленуші азамат немесе заңды тұлға өз иелігін мүліктің меншік иелері болып табылмайтын, сондай-ақ заңдарда немесе шартта көзделген өзге де негіздерге сәйкес оларды иеленуге құқығы жоқ үшінші жақтардан қорғауға құқылы.

      3. Иелену мерзіміне жүгінетін азамат немесе заңды тұлғаның өздері құқықты мирасқорлары болып табылатын тұлғаның осы затқа иелік еткен уақытының бәрін өз иелігіне қосып алуына болады.

      4. Иелену мерзімінің өтуі затты иеленген кезден басталады.

      5. Алып тасталды - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 240-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

241-бап. Жинауға не аулауға арналған көпшілік қолды заттарды меншікке айналдыру

      Заңдарға, жергілікті әдет-ғұрыпқа немесе меншік иесі берген жалпы рұқсатқа сәйкес ормандарда, бөгендерде немесе басқа аумақта жидек теруге, балық аулауға, аң аулауға, басқа нәрселерді жинауға немесе аулауға жол берілген ретте, тиісті заттарға меншік құқығын оларды жинауды және аулауды жүзеге асырған адам алады.

242-бап. Иесіз заттар

      1. Меншік иесі жоқ немесе меншік иесі белгісіз зат не меншік иесі оның меншік құқығынан бас тартқан зат иесіз болып табылады.

      2. Егер меншік иесі бас тартқан заттарға меншік құқығын алу туралы (осы Кодекстің 243-бабы), олжа туралы (осы Кодекстің 245-бабы), қараусыз жануарлар туралы (осы Кодекстің 246-бабы) және қазына (осы Кодекстің 247-бабы) туралы ережелер теріске шығармаса, иелену көнелігіне (осы Кодекстің 240-бабы) сәйкес иесіз қозғалмалы заттарға меншік құқығы алынуы мүмкін.

      3. Иесі жоқ жылжымайтын заттарды олар табылған аумақтағы астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініші бойынша жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган есепке алады. Жергілікті атқарушы орган иесі жоқ жылжымайтын зат есепке алынған күннен бастап бір жыл өткен соң бұл затты коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінеді. Бұл ретте, егер иесіз зат халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету объектісі болып табылса, Қазақстан Республикасының заңдарында сот бұл затты коммуналдық меншікке түсті деп танығанға дейін оны уақытша пайдалану көзделуі мүмкін.

      Егер меншік иесі бұл туралы жариялау арқылы меншік құқығынан бас тартқан жағдайда, жергілікті атқарушы орган бас тарту туралы жарияланған кезден бастап бұл затты коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талаппен сотқа жүгінеді.

      Коммуналдық меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.

      Осындай мүлікті өзінің меншігі ретінде иеленетін азаматтардағы немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардағы иесі жоқ жылжымайтын заттар есепке алынбайды және коммуналдық меншікке берілмейді.

      Мемлекеттік меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Осындай мүлікке басқа тұлғаның меншік құқығы туындағанға дейін кез келген уақытта меншік иесі өзіне тиесілі жылжымайтын затты иесі жоқ зат ретінде есептен шығару туралы өтініш жасауға және оны өзінің іс жүзіндегі иелігіне қайта алуға құқылы.

      Ескерту. 242-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.12.24 № 276 (2002.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2004.12.20. № 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2006.06.22. № 147, 2007.01.12 № 225, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.04.2025 № 179-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

243-бап. Меншік иесі бас тартқан жылжымалы заттар

      1. Меншік иесі тастаған немесе оларға меншік құқығынан бас тарту мақсатымен өзгеше түрде қалдырып кеткен жылжымалы заттар (тасталған заттар) осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен басқа адамдардың өз меншігіне айналдырылуы мүмкін.

      2. Меншігінде, иелігінде немесе пайдалануында құны жиырма айлық есептік көрсеткішке сәйкес сомадан көрінеу төмен тасталған мүлік не тасталған металл сынықтары, жарамсыз өнім жатқан жер учаскесі бар адамның ол заттарды пайдалануға кірісіп немесе осы заттарды меншігіне қаратқандығына куә болатын өзге де іс-әрекет жасап, оларды өз меншігіне айналдыруға құқығы бар.

      Басқа тасталған заттар, егер осы адамның арызы бойынша оларды сот иесіз деп таныса, оларды иеленуге кіріскен тұлғаның меншігіне кіреді.

      Ескерту. 243-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

244-бап. Өз бетімен салынған құрылыс

      1. Мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.

      2. Өз бетімен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншік құқығын алмайды. Оның құрылысқа билік етуге - сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмілелер жасауға - құқығы жоқ.

      Өз бетімен салынған құрылыс, осы баптың 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебінен бұзылуға тиіс.

      3. Өзіне тиесілі емес жер учаскесінде құрылысты жүзеге асырған адамға бұл учаске тұрғызылған құрылысты орналастыру үшін осы адамға белгіленген тәртіппен берілген жағдайда сот өз бетімен салынған құрылысқа меншік құқығын тануы мүмкін.

      Құрылыс салушының өзіне тиесілі емес жер учаскесінде, мемлекетке тиесілі жерлерді қоспағанда, өз бетімен құрылыс салуға меншік құқығын сот Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарына құрылыс сәйкес келген жағдайда жер учаскесі иесіне өтемақы төлене отырып, соңғысының бұған келісімі болған кезде тануы мүмкін.

      Сот сондай-ақ құрылыс салынған жер учаскесі өзінің заңды пайдалануында болған адамның өз бетімен салынған құрылысқа меншік құқығын тануы мүмкін. Бұл ретте құрылысқа меншік құқығы танылған адам оны жүзеге асырған адамға сот белгілеген мөлшерде құрылысқа жұмсаған шығындарын өтейді.

      Егер құрылысты сақтап қалу басқа адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзуға әкеліп соқтырса не азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін болса, аталған адамдардың өз бетімен салынған құрылысқа меншік құқығын тануға болмайды.

      4. Мемлекетке тиесілі және жер пайдалануындағы емес жер учаскелерінде (жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде) тұлға өз бетінше тұрғызған құрылыс әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескеріле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде өтеліп, коммуналдық меншікке беріледі.

      Мемлекеттік жер пайдаланушылардың жер пайдалануындағы жер учаскесінде өз бетінше құрылыс салуды жүзеге асырған кезде өз бетінше салынған құрылыс әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескеріле отырып, құрылыс шығындары сот айқындаған мөлшерде бюджет қаражатынан өтеліп, коммуналдық меншікке беріледі.

      Ескерту. 244-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.01.2026 № 254-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

245-бап. Олжа

      1. Жоғалған затты тауып алушы бұл туралы оны жоғалтқан адамға немесе заттың меншік иесіне немесе оны алуға құқығы бар өзіне белгілі басқа адамдардың біреуіне дереу хабарлауға және табылған затты оған қайтаруға міндетті.

      Егер зат үй-жайдың ішінде немесе көлікте табылған болса, ол сол үй-жайдың немесе көліктің иесі болып табылатын адамға тапсырылуға тиіс. Мұндай ретте осы иеленуші затты тапқан адамның құқықтарын иеленіп, оның міндеттерін мойнына алады.

      2. Егер табылған затты алуға құқығы бар адамның өзі немесе оның тұрған жері белгісіз болса, затты тауып алушы олжа туралы ішкі істер органдарына немесе астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлімдеуге міндетті.

      3. Затты тауып алушы оны өзінде сақтауға не ішкі істер органдарының, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының немесе олар көрсеткен адамның сақтауына тапсыруға құқылы. Тез бұзылатын затты немесе сақтауға кететін шығындар оның құнына сәйкес келмейтін затты тауып алушы түсім сомасын растайтын жазбаша дәлелдемелер алып, сата алады. Табылған затты сатудан түскен ақша сақталуға және затты алуға заңды құқығы бар адамға қайтарылуға немесе бұл заттың өзі үшін белгіленген тәртіп пен жағдайларда басқа адамдардың меншігіне берілуге тиіс.

      Затты тауып алушы оның жоғалтқаны немесе бүлдіргені үшін өзінің жасыру ниеті болған немесе өрескел абайсыздық жасаған ретте ғана және сол заттың құны шегінде жауапты болады.

      4. Егер олжа туралы ішкі істер органдарына немесе астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлімденген кезден бастап алты ай өткенше жоғалған затты алуға заңды құқығы бар адам анықталмаса және затқа өзінің құқығы туралы оны тапқан адамға не ішкі істер органдарына немесе астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлімделмесе, затты тауып алушы оған меншік құқығын алады.

      Егер затты тауып алушы тапқан затын меншігіне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншікке өтеді.

      5. Затты тауып алушы және оны алуға заңды құқығы бар адамға қайтарып беруші ол адамнан, ал зат коммуналдық меншікке өткен ретте - тиісті жергілікті атқару органынан затты сақтауға, өткізуге, сатуға байланысты қажетті шығындарды және затты алуға заңды құқығы бар адамды табуға кеткен шығындарды өтетіп алуға құқылы.

      6. Затты тауып алушы затты алуға заңды құқығы бар адамнан зат құнының отыз проценті мөлшерінде сыйақы алуға құқылы. Егер табылған зат оны алуға заңды құқығы бар адам үшін ғана құнды болса, сыйақының мөлшері тараптар есептеп шығарған баға бойынша белгіленеді.

      Егер затты тауып алушы өзінің олжа туралы мәлімдеу міндетін орындамаса немесе олжаны жасырып қалуға өзге де әрекеттер жасаса, сыйақы алу құқығы туындамайды.

      Ескерту. 245-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 № 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

246-бап. Қараусыз жануарлар

      1. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретілген жануарларды ұстап алған адам оларды меншік иесіне қайтаруға, ал егер оның өзі немесе тұрған жері белгісіз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешіктірмей табылған жануарлар туралы ішкі істер органдарына немесе астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлімдеуге міндетті, олар меншік иесін іздестіру шараларын қолданады.

      Жануарлардың меншік иесін іздестіру кезеңінде жануарларды ұстаушы адам оларды өзінің бағуында және пайдалануында қалдыруы, не ол бағу мен пайдалану үшін қажетті жағдайы бар басқа адамға тапсыруы мүмкін. Жануарларды ұстап алған адамның өтініші бойынша оларды бағу мен пайдалану үшін қажетті жағдайы бар адамды іздеп табуды және оларға жануарларды беруді астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

      2. Жануарларды ұстап алған адам және олар бағуы мен пайдалануына берілген адам жануарлардың өлім-жітімі мен іске жарамай қалғаны үшін бұған кінәсі болған кезде ғана және сол жануарлардың құны мөлшерінде жауапты болады.

      3. Егер жұмыс малы мен ірі қараны ұстап алғаны туралы мәлімделген кезден бастап алты ай ішінде және басқа үй жануарлары жөнінде - екі ай ішінде олардың меншік иесі табылмаса және оларға өзінің құқығы туралы мәлімдемесе, бұл жануарларға меншік құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшеді.

      Бұл адам бағуында болған жануарларды меншігіне алудан бас тартқан жағдайда олар коммуналдық меншікке түседі және астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдары белгілейтін тәртіп бойынша пайдаланылады.

      4. Жануарларды меншік иесіне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншік иесінен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.

      5. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретілген жануарларды ұстап алған адам олардың меншік иесінен осы Кодекстің 245-бабының 6-тармағына сәйкес сыйақы төлеуді талап етуге құқылы.

      6. Жануарлар басқа адамның меншігіне көшкеннен кейін олардың бұрынғы меншік иесі келген ретте сол жануарлардың өзіне үйірсектігі сақталғанын немесе жаңа меншік иесінің оларға қатал не өзгедей мейірімсіз қарағанын дәлелдейтін жағдайлар болған кезде меншік иесі жаңа меншік иесімен келісім бойынша белгіленетін шарттармен, ал келісімге келмеген кезде - сот арқылы оларды өзіне қайтарып беруді талап етуге құқылы.

      Ескерту. 246-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.12.20 № 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.01.12. № 225, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

247-бап. Көмбе

      1. Көмбе, яғни жерге көмілген немесе басқа әдіспен жасырылған, меншік иесін анықтау мүмкін болмайтын не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға құқығынан айрылған ақша немесе өзге де бағалы заттар көмбе жасырылған жер учаскесі меншік иесінің немесе қозғалмайтын затты меншіктенушінің және көмбені тапқан адамның, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгіленбесе, меншігіне тең мөлшерде түседі.

      Көмбе жасырылған жер учаскесін пайдаланушының (жер пайдаланушының) немесе жылжымайтын затты меншіктенушінің келісімінсіз қазған немесе бағалы заттар іздестірген адам көмбені тауып алған жағдайда көмбе меншік иесіне берілуге тиіс.

      2. Мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбе табылған ретте олар Қазақстан Республикасының меншігіне берілуге тиіс. Бұл орайда ондай көмбе табылған жер учаскесінің меншік иесі немесе қозғалмайтын мүлікті меншіктенуші және көмбені тапқан адам осы көмбе құнының елу проценті мөлшерінде сыйақы алуға құқылы. Сыйақы бұл адамдар арасында осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер қолданыла отырып бөлінеді.

      Ескерту. 247-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

248-бап. Меншік иесінен алынған мүлікті иелену

      Егер адам заңдарда белгіленген тәртіп пен жағдайлар бойынша меншік иесінен заңды негіздерде алынған мүлікті иеленсе, бұл адам мүлікке меншік құқығына ие болады.

14-тарау. Меншік құқығы мен өзге де
заттық құқықтардың тоқтатылуы

249-бап. Меншік құқығының тоқтатылу негіздері

      1. Меншік құқығы меншік иесі өз мүлкін басқа адамдарға берген, меншік иесі меншік құқығынан бас тартқан, мүлік қираған немесе жойылған және заңдарда көзделген өзге де реттерде мүлікке меншік құқығынан айрылған жағдайда тоқтатылады.

      2. Мүлікті меншік иесінен мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берілмейді, бұған мына реттер:

      1) меншік иесінің міндеттемелері бойынша мүлікке өндіріліп алынған ақы айналымға түскен;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгілі бір адамға тиесілі бола алмайтын мүлікті ықтиярсыз иеліктен айырған;

      3) реквизицияланған;

      4) тәркілеген;

      5) жер учаскесін алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарған;

      6) күтімсіз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды алып қойған;

      7) мемлекет меншігіне алып қойған;

      8) осы Кодекстің 218-бабына сәйкес ортақ мүлікті бөлу не одан үлесті бөліп шығару мүмкін болмаған жағдайда соттың шешімі бойынша жария саудада мүлікті сатқан;

      9) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес мүлік мемлекет кірісіне айналдырылған реттер кірмейді.

      3. Мемлекеттік меншіктегі мүлік:

      1) азаматтар мен заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңында көзделген жағдайларда, шарттарда және тәртіппен;

      2) мемлекеттік меншік объектілерін заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын төлеуге (қалыптастыруға немесе ұлғайтуға) беру арқылы;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген өзге де жағдайларда иеліктен шығарылып, жеке меншікке беріледі.

      3-1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мүлік, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі және Қазақстан Республикасы Президентінің не Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мүлік иеліктен шығару объектісі бола алмайды.

      4. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі мүлікті мемлекеттік меншікке айналдыру туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған ретте (ұлт меншігіне алу) осы Кодекстің 266-бабында белгіленген тәртіп бойынша оларға шығындары өтеледі.

      Ескерту. 249-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2008.12.11 № 102-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.12.2023 № 51-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

250-бап. Меншік құқығынан бас тарту

      Азамат немесе заңды тұлға өзіне тиесілі мүлікке меншік құқығынан бас тарта алады, бұл жөнінде ол ауызша немесе жазбаша нысанда жариялайды не бұл мүлікке қандай да болсын құқықтарын сақтау ниетінсіз өзінің мүлікті иеленуден, пайдаланудан және оған билік етуден шеттетілетіні туралы айқын куәландыратын басқа әрекеттер (әрекетсіздік) жасайды.

      Меншік құқығынан бас тарту құқыққа сыйымды, ерікті болуға және онда меншік иесінің мүлікті иеленуден, пайдаланудан, оған билік етуден бас тартатыны көрсетілуге тиіс.

      Меншік құқығынан бас тарту меншік иесінің ерікті білдіруі болып табылады. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттің және оның органдарының меншік құқығынан бас тартуға құқығы жоқ.

      Меншік құқығынан бас тарту осы мүлікке басқа тұлға меншік құқығын иеленген кезге дейін тиісті мүлікке қатысты меншік иесінің құқықтары мен міндеттерін тоқтатуға алып келмейді.

      Ескерту. 250-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

251-бап. Меншік иесі мүлкінен ақы өндіріп алу

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, меншік иесінің міндеттемелері бойынша мүлікке өндіріп алуды қолдану сот тәртібімен жүргізіледі.

      2. Ақы өндіріліп алынатын мүлікке меншік иесінің меншік құқығы заңдарда көзделген тәртіп бойынша меншік құқығы көшетін адамның алып қойылған мүлікке меншік құқығы пайда болған кезден бастап тоқтатылады.

      Ескерту. 251-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

252-бап. Заңдарға сәйкес өзіне тиесілі бола алмайтын мүлікке адамның меншік құқығының тоқтатылуы

      1. Егер заңдарда жол берілетін негіздер бойынша заңдарға сәйкес адамның өзіне тиесілі бола алмайтын мүлік оның меншігінде болып шықса, бұл мүлікті меншік иесі, егер заңдарда өзге мерзімдер белгіленбесе, осы мүлікке меншік құқығы пайда болған кезден бастап бір жыл ішінде иеліктен айыруға тиіс. Егер меншік иесі мүлікті көрсетілген мерзімде иеліктен айырмаса, ол сот шешімімен иеліктен ықтиярсыз айырылуға тиіс, бұл орайда меншік иесіне мүлікті иеліктен айыру жөніндегі шығындары шегеріліп, оның құны өтеледі.

      2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның меншігінде заңдарда жол берілген негіздер бойынша сатып алуға арнайы рұқсат қажет етілетін зат азаматтың немесе заңды тұлғаның меншігінде болып шықса, ал меншік иесіне оны беруден бас тартылса, бұл зат осы меншік иесіне тиесілі бола алмайтын мүлік үшін белгіленген тәртіп бойынша иеліктен айырылуға тиіс.

253-бап. Реквизициялау

      1. Дүлей апаттар, авариялар, жұқпалы аурулар, індеттер, соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде немесе соғыс уақытында және төтенше сипаттағы өзге де жағдайлар болған ретте мүлік қоғам мүддесі үшін мемлекеттік органдар шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіп пен жағдайларда меншік иесінен оған мүліктің құны төлене отырып алып қойылуы мүмкін (реквизиция).

      2. Меншік иесіне реквизицияланған мүліктің құны өтелген бағаны оның сот тәртібімен даулауына болады.

      3. Мүлкі реквизицияланған адам реквизиция жүргізуге байланысты жағдайлар тоқтатылған кезде сақталған мүлікті өзіне қайтарып беруді сот арқылы талап етуге құқылы.

      Ескерту. 253-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
     

254-бап. Тәркілеу

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мүлік меншік иесінен әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін санкция түрінде сот тәртібімен өтеусіз алып қойылуы (тәркіленуі) мүмкін.

      Ескерту. 254-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
     

255-бап. Жер учаскесін және басқа да табиғи ресурстарды алып қоюға байланысты жылжымайтын-мүлікке меншік құқығының тоқтатылуы

      Ескерту. 255-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Мемлекеттік органның меншік иесінен мүлікті алып қоюға тікелей бағытталмаған шешіміне, соның ішінде меншік иесіне тиесілі үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсімдіктер бар жер учаскесін алып қою туралы шешіміне байланысты қозғалмайтын мүлікке меншік құқығының заңдарда белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана меншік иесіне құны тең мүлік беріп және өзге де келтірілген залалдарын өтей отырып немесе меншік құқығының тоқтатылуынан келтірілген залалдарын толық көлемінде өтей отырып тоқтатылуына жол беріледі.

      2. Меншік иесі меншік құқығын тоқтатуға әкеліп соқтыратын шешіммен келіспеген жағдайда оны дау сот тәртібімен шешілгенге дейін жүзеге асыруға болмайды. Дауды қарау кезінде меншік иесіне келтірілген залалдарды өтеудің барлық мәселелері де шешіледі.

      3. Осы баптың ережелері мемлекеттік органның мүлік орналасқан тау баурайларын, су айдыны учаскелерін және басқа учаскелерді алып қою туралы шешіміне байланысты тиісінше қозғалмайтын мүлікке меншік құқығы тоқтатылған кезде қолданылады.

      Ескерту. 255-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
     

256-бап. Күтімсіз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды алып қою

      Ескерту. 256-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 № 414-IV Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше бағалы әрі мемлекет қорғайтын тарих және мәдениет ескерткіштерінің, мәдени құндылықтардың меншік иесі бұл ескерткіштер мен құндылықтарды күтіп ұстамай, бұл олардың өз мәнін жоғалту қатерін төндірген реттерде мұндай қазыналарды мемлекет меншік иесінен сот шешімі бойынша сатып алу арқылы алып қояды немесе жария сауда-саттықта сатылады.

      Тарих және мәдениет ескерткіштері, мәдени құндылықтар сатып алынған кезде меншік иесіне - тараптардың келісуімен, ал дау туған ретте сот белгілеген мөлшерде олардың құны өтеледі. Жария саудаға салып сатқан кезде меншік иесіне сатудан түскен сома сауданы өткізу шығындары шегеріліп беріледі.

      Ескерту. 256-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

257-бап. Меншік құқығы тоқтатылған кезде мүлікті бағалау

      Меншік құқығы тоқтатылған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мүлік оның нарықтық құны негізге алына отырып бағаланады.

      Ескерту. 257-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

258-бап. Меншік иесі емес адамның заттық құқығының тоқтатылуы

      Меншік иесі емес адамның заттық құқықтары осы Кодекстің 249-257-баптарында белгіленген ережелер бойынша, сондай-ақ заңдарда, заңды тұлғаның жарғысында немесе меншік иесінің мүлік иесімен жасасқан шартында белгіленген тәртіп бойынша меншік иесінің шешімімен тоқтатылады.

15-тарау. Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтарды қорғау

259-бап. Меншік құқығын тану

      Меншік иесі меншік құқығын тануды талап етуге құқылы.

260-бап. Меншік иесінің мүлікті өзгенің заңсыз иеленуінен талап етуі

      Меншік иесі өзгенің заңсыз иеленген өз мүлкін талап етуге құқылы.

261-бап. Адал алушыдан мүлікті талап етіп алдыру

      1. Егер мүлік оны иеліктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны білмесе және білуге тиіс болмаса (адал алушы), мүлікті меншік иесі немесе меншік иесі мүлікті иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуінен де ұрланған, не олардың иеленуінен бұлардың еркінен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншік иесі бұл мүлікті алушыдан талап етіп алдыруға құқылы.

      2. Егер мүлік оны иеліктен айыруға құқығы жоқ адамнан өтеусіз түрде алынса, меншік иесі барлық ретте мүлікті талап етіп алдыруға құқылы.

      3. Егер мүлік сот шешімдерін атқару үшін белгіленген тәртіп бойынша сатылған болса, осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мүлікті талап етіп алдыруға жол берілмейді.

      4. "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңында тұлғаны адал иемденуші деп танудың өзге де негіздері белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 261-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211; 17.07.2015 № 333-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

262-бап. Ақша мен бағалы қағаздарды талап етіп алдыруды шектеу

      Ескерту. 262-бап алып тасталды – ҚР 19.09.2025 № 219-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

263-бап. Заттарды заңсыз иеленуден қайтарып алу кезінде есеп айырысу

      1. Меншік иесі осы Кодекстің 260, 261-баптары негізінде мүлікті талап ете отырып, арам ниетті иеленушіден бүкіл иеленген кезінде өзі алған немесе алуға тиіс болған табыстардың бәрін қайтаруды немесе өтеуді; адал иеленушіден иеленуінің заңсыздығы туралы білген немесе білуге тиіс болған немесе меншік иесінің мүлікті қайтару туралы талап қою жөніндегі хабарламасын алған кезден бастап өзі алған немесе алуға тиіс болған табыстардың бәрін талап етуге де құқылы. Адал иеленуші өз кезегінде меншік иесінен мүліктен табыс есептелетін уақыттан бастап ол мүлікке жұмсаған қажетті шығындарды меншік иесінің өтеуін талап етуге құқылы. Арам ниетті иеленуші мұндай өтемді иеленушінің талабын сот негізді деп тапқан реттерде толық немесе ішінара алуға құқылы.

      2. Заңсыз иеленуші өзі жасаған жақсартуларды, егер олар затқа зақым келтірмей бөлуге келсе, өзінде қалдыруға құқылы. Егер жақсартуларды бұлайша бөлу мүмкін болмаса, адал иеленушінің жақсартуға жұмсаған шығындарын өтетуді талап етуге құқығы бар, бірақ ол зат құнының ұлғайтылған мөлшерінен аспауы керек. Арам ниетті иеленушінің мұндай құқығы жоқ.

264-бап. Меншік иесі құқықтарын иеленуден айыруға байланысы жоқ бұзылудан қорғау

      Меншік иесі, өз құқықтарының бұзылуы иеліктен айыруға байланысты болмағанымен, оларды бұзудың қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы.

265-бап. Меншік иесі емес адамның заттық құқықтарын қорғау

      Меншік иесі болмағанымен, шаруашылық жүргізу, оралымды басқару, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заңдарда немесе шартта көзделген өзге де негізбен мүлікті иеленушінің де осы Кодекстің 259-264-баптарында көзделген құқықтары болады. Бұл адамның өз иелігін меншік иесінен де қорғауға құқығы бар.

266-бап. Заңда көзделген негіздер бойынша меншік иесінің құқықтары тоқтатылған кезде оның мүдделерін қорғау

      Қазақстан Республикасы меншік құқығын тоқтататын заңдарды қабылдаған ретте, осы құжаттарды қабылдау нәтижесінде меншік иесіне келтірілген залалдарды меншік иесіне Қазақстан Республикасы толық көлемінде өтейді.

267-бап. Меншік иесінің құқықтарын және басқа заттық құқықтарды бұзатын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар құжаттарының жарамсыздығы

      Ескерту. 267-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтін қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншік иесінің және басқа адамдардың өзіне тиесілі мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншік иесінің немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртібімен жарамсыз деп танылады.

      2. Нақты іс бойынша сот шешім шығарған жағдайда мемлекеттік органдардың заңдарға қайшы келетін құжаттары қолданылмайды.

      Көрсетілген актілерді басып шығару салдарынан меншік иесіне келтірілген залалдар осы Кодекстің 922-бабы 1-тармағының қағидаларына сәйкес тиісті мемлекеттік органның тиісті бюджет қаражатынан толық көлемде өтеуіне жатады.

      Ескерту. 267-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 17.07.2015 № 333-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3 бөлім. Міндеттемелік құқық
1-бөлімше. Міндеттеме туралы жалпы ережелер
16-тарау. Міндеттемелер ұғымы және
олардың пайда болу негіздері

268-бап. Міндеттеме

      Міндеттемеге сәйкес бір адам (борышкер) басқа адамның (кредитордың) пайдасына мүлік беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және тағы да сол сияқты белгілі бір әрекеттер жасауға не белгілі бір әрекет жасаудан тартынуға міндетті, ал кредитордың борышкерден өз міндеттерін орындауын талап етуге құқығы бар. Кредитор борышкерден атқарылғанды қабылдауға міндетті.

      Егер осы Кодекстің Ерекше бөлімінде өзгеше көзделмесе, міндеттемелерге осы кіші бөлімнің ережелері қолданылады.

      Ескерту. 268-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

269-бап. Міндеттеме тараптары

      1. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

      2. Міндеттемеде оның әр тарабы - несие беруші немесе борышқор ретінде бір мезгілде бірнеше адам қатыса алады. Мұндай реттерде осы Кодексте белгіленген ережелерге сәйкес үлесті, ынтымақты немесе жәрдем берушілік міндеттеме пайда болады (осы Кодекстің 286-288-баптары).

      Борышқор жағынан міндеттемеге қатысушы адамдардың біріне несие беруші қойған талаптардың жарамсыз болуы, сол сияқты мұндай адамға қойылатын талап бойынша талап қою мерзімінің өтіп кетуі несие берушінің өзге де осындай адамдарға қоятын талаптарына өздігінен әсер етпейді.

      3. Егер міндеттемеге сәйкес тараптардың әрқайсысы басқа тараптың пайдасына міндет алса, бұл оның пайдасына жасауға міндетті басқа тараптың борышқоры және сонымен бірге оған талап қоюға құқығы бар оның несие берушісі болып есептеледі.

      Ескерту. 269-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

270-бап. Міндеттемеге қатысушылар

      1. Тараптар (борышқор мен несие беруші) және үшінші жақ міндеттемеге қатысушылар болып табылады.

      2. Үшінші жақ ретінде міндеттеме тараптарының біреуіне міндеттемелер немесе өзге де құқық қатынастары арқылы байланысты жақтар қатысады.

      3. Міндеттеме үшінші жақ үшін міндеттер туғызбайды. Заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген реттерде міндеттеме үшінші жақтар үшін міндеттеменің бір немесе екі тарапына да қатысты құқықтар туғызуы мүмкін.

271-бап. Міндеттеменің пайда болу негіздері

      Міндеттемелер осы Кодекстің 7-бабында көрсетілген шарттан, зиян келтіруден немесе өзге де негіздерден пайда болады.

17-тарау. Міндеттемені орындау

272-бап. Міндеттемені тиісінше орындау

      Міндеттеме - міндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиісінше орындалуға тиіс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиіс.

273-бап. Міндеттемені орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмеуі

      Заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде міндеттемені орындаудан біржақты бас тартуға және оның шарттарын біржақты өзгертуге жол берілмейді.

274-бап. Міндеттемені бөлшектеп орындау

      Егер міндеттеме шарттарында, заңдарда өзгеше белгіленбесе немесе іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтардан немесе міндеттеме мәнінен өзгеше туындамаса, несие беруші міндеттемені бөлшектеп орындауды қабылдамауға құқылы.

275-бап. Міндеттемені тиісті адамның орындауы

      Егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе және іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтардан немесе міндеттеме мәнінен өзгеше туындамаса, борышқор міндеттемені орындау кезінде несие берушінің өзі немесе бұған ол уәкілдік берген адам орындауға қабылдайтын нәрсені талап етуге құқылы және мұндай талап жасалмауының зардабын тартуға тәуекел етеді.

276-бап. Міндеттемені үшінші жақтың орындауы

      1. Егер заңдарда немесе шартта көзделсе, сол сияқты үшінші жақ тиісті шарт арқылы тараптардың бірімен байланысты болса, міндеттемені орындау түгелдей немесе бөлшектеп үшінші жаққа жүктелуі мүмкін.

      2. Егер заңдардан, міндеттеме шарттарынан немесе оның мәнінен борышқордың міндеттемені жеке өзі орындау міндеті туындамаса, несие беруші борышқор үшін үшінші жақ ұсынған орындау ісін қабылдауға міндетті.

      3. Несие берушінің борышқор мүлкінен ақы өндіріп алуы салдарынан өзінің бұл мүлікке құқығынан (пайдалану, иелену, кепілге салу құқығы және басқа құқықтары) айрылу қаупі төнген үшінші жақ несие берушінің талабын борышқордың келісімінсіз өз есебінен қанағаттандыра алады. Бұл ретте міндеттеме бойынша несие берушінің құқығы үшінші жаққа көшеді және осы Кодекстің талапқа көну туралы ережелері (осы Кодекстің 339-347-баптары) қолданылады.

277-бап. Міндеттемені орындау мерзімі

      1. Егер міндеттемеде ол орындалатын күн немесе ол орындалуға тиісті уақыт кезеңі көзделсе немесе анықтауға мүмкіндік берсе, міндеттеме сол күні немесе тиісінше сол кезең ішінде кез келген уақытта орындалуға тиіс.

      2. Міндеттемеде ол орындалатын мерзім көзделмесе және бұл мерзімді анықтауға мүмкіндік беретін шарттар болмаса, ол міндеттеме пайда болғаннан кейін ақылға қонымды мерзімде орындалуға тиіс.

      Ақылға қонымды мерзімде орындалмаған, сол сияқты орындалу мерзімі талап етілетін кезбен белгіленген міндеттемені, егер заңдардан, міндеттеме шарттарынан, іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтардан немесе міндеттеме мәнінен басқа мерзімде орындау міндеті туындамаса, борышқор несие беруші оның орындалуын талап еткен күннен бастап жеті күн мерзімде орындауға міндетті.

278-бап. Міндеттемені бірқалыпты орындау жөніндегі талаптар

      Ұзақ мерзімде орындалатын болып есептелген міндеттемелер, егер заңдарда немесе міндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, не міндеттеме мәнінен немесе іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтардан туындамаса, бірқалыпты, міндеттеменің осы түрі үшін ақылға қонымды кезеңдерде (күн, онкүндік, ай, тоқсан және т.б.) орындалуға тиіс.

279-бап. Міндеттемені мерзімінен бұрын орындау

      1. Егер заңдарда немесе міндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе және оның мәнінен туындамаса, борышқор міндеттемені мерзіміне дейін орындауға құқылы.

      2. Кәсіпкерлік қызметке байланысты міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауға міндеттемені мерзіміне дейін орындау мүмкіндігі заңдарда немесе міндеттеме шарттарында көзделген, не іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтардан немесе міндеттеменің мәнінен туындаған реттерде ғана жол беріледі.

280-бап. Міндеттеменің орындалу барысы туралы ақпарат

      Заңдарда немесе міндеттеме шарттарында борышқордың несие берушіге міндеттеменің орындалу барысы туралы хабарлап отыру міндеті көзделуі мүмкін.

281-бап. Міндеттеме орындалатын жер

      Егер міндеттеме орындалатын жер заңдарда немесе оның шарттарында белгіленбесе немесе міндеттеме мәнінен немесе іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтардан көрінбесе, ол:

      1) міндеттеме бойынша қозғалмайтын мүлікті беру - мүлік орналасқан жерде;

      2) міндеттеме бойынша тауарды немесе өзге де мүлікті тасымалдауды пайдалана отырып беру - мүлікті несие берушіге жеткізу үшін оны бірінші тасымалдаушыға тапсыратын жерде;

      3) егер бұл жер міндеттеме пайда болған кезде несие берушіге белгілі болса, кәсіпкердің басқа міндеттемелері бойынша тауар немесе өзге де мүлікті беру - мүлік дайындалған немесе сақталатын жерде;

      4) ақшалай міндеттеме бойынша - несие берушінің міндеттеме пайда болған кездегі тұрғылықты жерінде, ал егер несие беруші заңды тұлға болса - міндеттеме пайда болған кезде оның болған жерінде; егер несие беруші міндеттеменің орындалу кезінде тұрғылықты жерін немесе тұрған жерін өзгертіп, бұл туралы борышқорға хабарласа - орындалатын жердің өзгертілуіне байланысты барлық шығындарды соның есебіне жатқыза отырып, оның жаңа тұрғылықты жерінде немесе тұрған жерінде;

      5) басқа да барлық міндеттемелер бойынша - борышқордың тұрғылықты жерінде, ал егер борышқор заңды тұлға болса - оның орналасқан жерінде орындалуға тиіс.

      Ескерту. 281-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

282-бап. Ақшалай міндеттеме

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 11.06.2026 № 306-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Ақшалай міндеттемеге байланысты бір адам (борышкер) екінші адамға (кредиторға) ақша төлеуге міндетті, ал кредитордың борышкерден ақша төлеу жөніндегі міндеттерін (ақша қарызы және басқа да міндеттемелер) орындауын талап етуге құқығы бар. Өтеу туралы шарт, залалды өтеу және тұрақсыздық айыппұлын төлеу туралы міндеттемелер, сондай-ақ зиян келтіру не негізсіз баю салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша ақша төлеу жөніндегі міндеттерге, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе немесе міндеттеме мәнінен туындамаса, ақшалай міндеттемелер туралы ереже қолданылады.

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай міндеттемелер теңгемен (осы Кодекстің 127-бабы) көрсетіледі.

      Қазақстан Республикасының аумағында міндеттемелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде шетел валютасын, сондай-ақ шетел валютасындағы төлем құжаттарын пайдалануға Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған жағдайларда және шарттарда немесе оларда белгіленген тәртіппен жол беріледі.

      Төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру тәртібі мен тәсілдері Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында белгіленеді және оларды тараптар тиісті шартта айқындайды.

      2. Ақшалай міндеттемені орындау үшін жеткіліксіз төленген төлемнің сомасы тараптардың өзге келісімі болмаған жағдайда, ең алдымен негізгі борыш және сыйақы (мүдде) бойынша берешекті, ағымдағы кезеңдегі негізгі борышты және сыйақыны (мүддені), ал қалған бөлігінде – кредитордың орындауды алу бойынша тұрақсыздық айыбы мен шығасыларын өтейді.

      Банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша төлемдерді өтеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк заңнамасында не Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында белгіленеді.

      3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ұзақ мерзімді міндеттемелерде тараптар келіскен шарттарда төлемді индекстеу көзделуі мүмкін.

      Ескерту. 282-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1999.07.16 № 436, 2001.12.24 № 276(2002.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2003.07.10 № 483(2004.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.01.12 № 225, 2011.02.10 № 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 26.07.2016 № 12-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

283-бап. Азаматты асырап-бағуға төленетін сомаларды ұлғайту

      Азаматты тікелей асырап-бағуға ақшалай міндеттеме бойынша төленетін сома (өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өмір бойы асырап-бағу шарты бойынша өтеу және басқалары) инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылады.

      Ескерту. 283-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.04.2015 № 311-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

284-бап. Өзара міндеттердің орындалуы

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасынан, шарттан, іскерлік айналым ғұрыптарынан, міндеттеме шарттарынан немесе оның мәнінен өзгеше туындамайтын болса, тараптар өзара міндеттерді бір мезгілде орындауға тиіс.

      2. Тараптардың бірі міндеттемені орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, екінші тарап өз міндеттемесін орындауды тоқтата тұруға не осы міндеттемесін орындаудан бас тартуға және залалды өтеуін талап етуге құқылы.

      Ескерту. 284-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

285-бап. Балама міндеттеменің орындалуы

      Екі немесе бірнеше әрекеттің бірін жасауға міндетті борышқорға, егер заңдардан немесе міндеттеменің шарттарынан өзгеше туындамаса, таңдау құқығы беріледі.

286-бап. Бірнеше несие беруші немесе бірнеше борышқор қатысатын міндеттеменің орындалуы

      Егер міндеттемеге бірнеше несие беруші немесе бірнеше борышқор қатысса (адамдар көп болған міндеттеме), несие берушілердің әрқайсысы міндеттемені орындауды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы заңдардан немесе міндеттеме шарттарынан өзгеше туындамайтындықтан, басқалармен тең үлесті орындауға міндетті (үлесті міндеттеме).

287-бап. Ортақтасқан міндеттеменің орындалуы

      1. Несие берушілердің әрқайсысы міндеттемені толық атқаруды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы орындауға міндетті болуына сәйкес көп жақтар қатысатын міндеттеме ортақтасқан міндеттеме деп танылады.

      Егер бұл шартта көзделмесе немесе заңдарда белгіленбесе, соның ішінде міндеттеменің мәні бөлінбейтін кезде ортақтасқан міндеттеме немесе ортақтасқан талап пайда болады.

      2. Кәсіпкерлік қызметпен байланысты міндеттеме бойынша бірнеше борышқордың міндеттері, сол сияқты мұндай міндеттемелердегі бірнеше несие берушінің талаптары, егер заңдарда немесе міндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, ортақтасқан міндет болып табылады.

      3. Борышқорлар ортақтасып міндетті болған жағдайда несие беруші барлық борышқорлардан да, жеке-жеке алғанда олардың кез келгенінен де, оның үстіне борышты түгелдей де, бөлшектеп те орындауды талап етуге құқылы. Ортақтас борышқорлардың бірінен толық қанағаттанбаған несие беруші алынбағанды ортақтас борышқорлардың қалғандарынан талап етуге құқылы.

      Ортақтас борышқорлар міндеттеме толық орындалғанға дейін міндетті болып қала береді.

      Борышқорлардың бірінші ортақтастық міндетті толық орындауы қалған борышқорларды несие беруші үшін орындаудан босатады.

      4. Талаптар ортақ болған жағдайда ортақтас несие берушілердің кез-келгені борышқорға толық көлемінде талап қоюға құқылы.

      Ортақтас несие берушілердің біреуіне міндеттемені толық орындау борышқорды өзге несие берушілерге оны орындаудан босатады.

      5. Ортақтасқан міндет болған ретте борышқордың несие берушінің талаптарына қарсы басқа борышқорлардың осы борышқор қатыспайтын несие берушіге осындай қатынастарына негізделген қарсылық білдіруге құқығы жоқ.

      Талаптар ортақ болған жағдайда борышқордың ортақтас несие берушілердің біреуінің талабына қарсы осы несие беруші қатыспайтын борышқордың басқа ортақтас несие берушімен осындай қатынастарына негізделген қарсылық білдіруіне құқығы жоқ.

288-бап. Субсидиялық міндеттемені орындау

      Негізгі борышқор несие берушінің міндеттемені орындау туралы талабын қанағаттандырмаған жағдайда бұл талап орындалмаған бөлігінде басқа борышқорға (субсидиялық борышқорға) мәлімдеуі мүмкін екендігі заңдарда немесе несие беруші мен борышқордың арасындағы міндеттеме ережелерінде көзделуі мүмкін.

289-бап. Регрестік талаптар

      1. Басқа адамның міндеттемесін орындаған борышқор орындалған міндеттеме мөлшерінде сол адамға кері талап (регресс) қоюға құқылы.

      Үшінші адамның әрекеттері салдарынан міндеттемені орындамаған борышқор осы адамнан залалдарын талап етуге құқылы.

      2. Ортақтасқан міндеттемені орындаған борышқор қалған борышқорлардың әрқайсысына оның өзіне тиесілі үлесін шегеріп, тең үлеспен кері талап қоюға құқылы.

      Борышқорлардың біреуі ортақтасқан міндетті орындаған борышқорға төлемегені осы борышқорға және қалған борышқорларға тең үлесте түседі.

      Осы тармақтың ережелері борышқорлардың біреуінің қарсы талабы есептеле отырып, тиісінше ортақтасқан міндеттемелерді тоқтату кезінде қолданылады.

      3. Борышқордың орындағанын қабылдаған ортақтас несие беруші басқа несие берушілерге, егер олардың арасындағы қатынастардан өзгеше туындамаса, оларға тиесілі үлестерін өтеуге міндетті.

290-бап. Міндеттеменің орындалғанын куәландыру

      1. Міндеттеменің орындалғанын қабылдай отырып, несие беруші борышқордың талап етуі бойынша оның толық немесе бір бөлігі орындалғаны жөнінде оған қолхат беруге міндетті.

      Егер борышқор міндеттемені куәландыру үшін несие берушіге борыш құжатын берсе, несие беруші оның орындалғанын қабылдай отырып, құжатты борышқорға қайтаруға тиіс. Қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда ол мұны өзі беретін қолхатта көрсетуге міндетті.

      Қолхат борышқорға қайтарылған борыш құжатындағы жазумен алмастырылуы мүмкін.

      2. Борышқорда борыш құжатының болуы, өзгеше дәлелденгенге дейін міндеттеменің тоқтатылғанын куәландырады.

      3. Несие беруші міндеттеменің орындалғаны туралы қолхат беруден, борыш құжатын қайтарудан немесе оны қайтарудың мүмкін еместігін қолхатта атап көрсетуден бас тартқан жағдайда борышқор оны орындауды кідірте тұруға құқылы. Бұл ретте несие беруші мерзімін өткізіп алушы деп есептеледі.

291-бап. Борышты төлеу арқылы міндеттемені орындау

      Ескерту. 291-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Егер борышқор:

      1) несие берушінің немесе орындалған істі қабылдауға өзі уәкілдік берген адамның міндеттеме орындалуға тиісті жерде болмауы;

      2) несие берушінің әрекет қабілетсіздігі және оның өкілінің болмауы;

      3) міндеттеме бойынша, атап айтқанда, бұл мәселе жөнінде несие беруші мен басқа адамдар арасындағы дауға байланысты несие берушінің кім екені жайында анық айқындық болмауы;

      4) несие берушінің орындалған істі қабылдаудан жалтаруы немесе оның тарапынан өзге мерзімін өткізіп алушылық салдарынан борышқор міндеттемені орындай алмаса, борышқор міндеттемелерін орындау үшін өзінен алынатын ақшаны депозит шарттарында, ал бағалы қағаздарды - нотариустың атына сақтау шарттарында, ал заңдарда белгіленген жағдайларда соттың атына орналастыруға құқылы.

      Егер борышкер мен кредитор арасындағы нотариат куәландырған шартта міндеттемені орындау тәсілі ретінде нотариус депозитіне ақша орналастыру көзделген болса, борышкер міндеттемелерін орындау үшін өзінен алынатын ақшаны депозит шарттарында нотариустың атына орналастыруға да құқылы.

      2. Ақша сомасын немесе бағалы қағаздарды депозит шарттарында салу немесе нотариустың немесе соттың атына сақтау міндеттеменің орындалғаны болып есептеледі.

      Ақша немесе бағалы қағаздар атына салынған нотариус немесе сот бұл туралы несие берушілерге хабарлайды.

      Борышкердің ақшаны және бағалы қағаздарды нотариустың атына орналастыру, оларды кредиторға беру шарттары, сондай-ақ депозит пен сақтаудың басқа да шарттары Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасында белгіленеді.

      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздердің салдарынан орындалуы мүмкін емес бағалы қағаздар нарығындағы жекелеген міндеттемелерді орындау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      Ескерту. 291-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 1997.07.11. № 154, 1998.03.02. № 211; 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

18-тарау. Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету
Параграф 1. Жалпы ережелер

292-бап. Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету әдістері

      1. Міндеттемені орындау Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген тұрақсыздық айыбымен, кепілмен, борышкердің мүлкін ұстап қалумен, кепілгерлікпен, кепілдікпен, кепілпұлмен, кепілдік жарнамен, қамтамасыз ету ақысымен және басқа да тәсілдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.

      Бағалы қағаздар бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметті реттейтін заңдарында белгіленеді.

      2. Міндеттемені қамтамасыз ету туралы келісімнің жарамсыздығы бұл міндеттеменің (негізгі міндеттеменің) жарамсыздығына әкеліп соқтырмайды.

      3. Негізгі міндеттеменің жарамсыздығы оны қамтамасыз ететін міндеттемені жарамсыз етеді.

      4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, негізгі міндеттеменің тоқтатылуы оны қамтамасыз ететін міндеттеменің тоқтатылуына алып келеді.

      Ескерту. 292-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2005.07.08 № 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Параграф 2. Айып төлеу

293-бап. Айып төлеу ұғымы

      Борышқор міндеттемесін орындамаған немесе тиісінше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзімін өткізіп алған ретте несие берушіге төлеуге міндетті, заңдармен немесе шартпен белгіленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсім) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие беруші оған келтірілген залалдарды дәлелдеуге міндетті емес.

      Ескерту. 293-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211 Заңымен.

294-бап. Айып төлеу туралы келісімнің нысаны

      Айып төлеу туралы келісім, негізгі міндеттеменің нысанына қарамастан, жазбаша түрде жасалуға тиіс.

      Жазбаша нысанды сақтамау тұрақсыздық айыбы туралы келісімнің маңызсыздығына алып келеді.

      Ескерту. 294-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

295-бап. Заңды айып төлеу

      1. Несие беруші тараптардың келісімінде айып төлеу міндеті көзделген-көзделмегеніне қарамастан, заңдарда белгіленген айып төлеуді (заңды айып төлеуді) талап етуге құқылы.

      2. Егер заңдарда тыйым салынбаса, тараптардың келісімімен заңды айып төлеу мөлшері көбейтілуі мүмкін.

296-бап. Айып төлеу мөлшері

      Айып төлеу мөлшері нақты ақша сомасында немесе орындалмаған не тиісінше орындалмаған міндеттеме сомасына шаққандағы процентпен белгіленеді.

297-бап. Тұрақсыздық айыбының мөлшерін азайту

      Егер төленуге тиісті тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) кредитордың шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болса, сот борышкердің талабы бойынша борышкердің міндеттемені орындау дәрежесін және борышкер мен кредитордың назар аударуға лайықты мүдделерін ескере отырып, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) азайтуға құқылы.

      Ескерту. 297-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

298-бап. Айып төлеуді өндіріп алу негіздері

      Міндеттемені бұзғаны үшін борышқор жауапқа тартылатын жағдай болған кезде міндеттеменің орындалмағаны немесе тиісінше орындалмағаны үшін айып өндіріп алынады (осы Кодекстің 359-бабы).

Параграф 3. Кепіл

299-бап. Кепіл ұғымы

      1. Міндеттемеге сәйкес несие берушінің (кепіл ұстаушының) борышқор кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған ретте кепілге салынған мүлік құнынан осы Кодексте белгіленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлік тиесілі адамның (кепіл берушінің) басқа несие берушілердің алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар міндеттемені атқаруының осындай әдісі кепіл деп танылады.

      Кепіл ұстаушының кепілге салынған мүлік, кімнің пайдасына сақтандырылғанына қарамастан, оның жоғалғаны немесе бүлінгені үшін, егер жоғалу немесе бүліну кепіл ұстаушы жауап беретін себептер бойынша болмаса, сақтандыру өтемінен сол бұрынғы негізде қанағаттандырылуға құқығы бар.

      2. Кәсіпорындар, үйлер, ғимараттар, пәтерлер, жер учаскелеріне және басқа қозғалмайтын мүлікке құқықтар (ипотека) кепілі қозғалмайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледі. Ипотека туралы Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше ережелер белгіленбеген реттерде ипотекаға осы Кодекстегі кепіл туралы жалпы ережелер қолданылады.

      3. Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелерінің, ішкі суда жүзетін кемелердің, "өзен-теңізде" жүзетін кемелердің кепілі (кемелер ипотекасы) Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен реттеледі. Осы Кодекстегі кепіл туралы жалпы ережелер Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында өзге ережелер көзделмеген жағдайда кемелер ипотекасына қолданылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптар жасалып жатқан теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзетін кемелерге, "өзен-теңізде" жүзетін кемелерге де қолданылады.

      Ескерту. 299-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211, 2002.01.17. № 285 Заңдарымен.

300-бап. Кепілдің пайда болу негіздері

      1. Кепіл шартқа сәйкес пайда болады. Кепіл заңдардың негізінде, егер заңдарда қандай мүлік және қандай міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілде жатқан деп танылатыны көзделсе, оларды көрсетілген міндеттемелердің пайда болуы кезінде де туындайды.

      2. Осы Кодекстің шартқа сәйкес пайда болатын кепіл туралы ережелері, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, тиісінше заңдар негізінде пайда болған кепілге сәйкес қолданылады.

301-бап. Кепіл мәні

      1. Кез келген мүлік, оның ішінде айналымнан алынған заттарды (осы Кодекстің 116-бабының 2-тармағы), кредитордың жеке басымен тығыз байланысты талаптарды, атап айтқанда алименттер, өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды және оларды басқа тұлғаға беруге заңдармен тыйым салынған өзге де құқықтарды қоспағанда, заттар және мүліктік құқықтар (талаптар) кепіл мәні болуы мүмкін.

      2. Кепіл құқығы келешекте кепілге берушінің меншігіне немесе шаруашылық жүргізуіне түсетін мүлікке шарт бойынша қолданылуы мүмкін.

      3. Өндіріп алуға жол берілмейтін мүліктің жекелеген түрлерін, атап айтқанда, азаматтардың мүлкін заңдармен тыйым салынуы немесе ол шектелуі мүмкін.

      4. Алып тасталды - ҚР 2007.01.12 № 225 Заңымен.
      5. Алып тасталды - ҚР 2005.07.08 № 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      Ескерту. 301-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 1998.03.02 № 211, 2005.07.08 № 72 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 № 225, 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
     

302-бап. Кепіл арқылы қамтамасыз етілетін талаптар

      1. Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, кепіл талапты оның нақты қанағаттандырылатын кезіндегі көлемді сыйақыны (мүддені) қоса алғанда, орындау мерзімін өткізіп алу арқылы келтірілген шығындардың өтелуін, айып (айыппұл, өсім) салуды, кепілге салынған мүлікті ұстау жөніндегі қажетті шығындарды, сондай-ақ өндіріп алу жөніндегі шығындарды өтеуді қамтамасыз етеді.

      2. Егер тараптар мұндай талаптарды кепіл арқылы қамтамасыз ету мөлшері туралы уағдаласқан жағдайда кепіл болашақта пайда болатын талаптарға қатысты белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 302-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. № 154 Заңымен.

303-бап. Кепіл түрлері

      1. Ипотека - кепілге салынған мүлік кепіл салушының немесе үшінші бір жақтың иелігінде және пайдалануында қалатын кепіл түрі.

      Кәсіпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлі үйдегі пәтерлер, көлік құралдары, ғарыш объектілері, айналымдағы тауарлар және азаматтық айналымнан алынбаған басқа да мүлік ипотека мәні бола алады.

      Бөлінетін жемістер бөлген кезден бастап үшінші жақтың құқықтарының объектісі болмайтын жағдайда ғана олар ипотека мәні бола алады. Кәсіпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлі үйдегі пәтерлер, көлік құралдары мен ғарыш объектілері ипотекасы осындай объектілерді тіркеуді жүзеге асыратын органдарда тіркелуге тиіс.

      2. Кепілзат - кепілге салынған мүлікті кепіл беруші кепіл ұстаушының иелігіне беретін кепіл түрі.

      Кепіл ұстаушының келісімімен кепіл нысанасы кепіл ұстаушының құлпы салынып, кепіл берушіде қалдырылуы мүмкін. Кепіл нысанасы кепіл туралы куәландырылатын белгілер салынып (анық кепіл), кепіл берушінің иелігінде қалдырылуы мүмкін.

      3. Құқықтарды кепілге салу кезінде иеліктен айырылуы мүмкін мүліктік құқықтар, атап айтқанда, кәсіпорындарды, құрылыстарды, үйлерді, ғимараттарды жалға беру құқықтары, шаруашылық серіктестік мүлкіндегі үлеске құқық, борыштық талап қою, авторлық, өнертапқыштық және өзге де мүліктік құқықтар кепіл мәні болып табылады.

      Жер учаскесіне құқықтарды, сондай-ақ өзге табиғи ресурстарға құқықтарды кепілге беруге, жер және өзге табиғи ресурстық заңдарда белгіленген шектер мен ережелер бойынша жол беріледі.

      Мерзімді құқық оның әрекет жасау мерзімі біткенге дейін ғана кепіл мәні бола алады.

      Кепіл құқығының борышқоры кепіл туралы хабардар болуға тиіс.

      Егер кепілге салынатын құқық құжатпен расталатын болса, кепіл шарты құқық белгілеуші құжатты беру арқылы ресімделуі мүмкін.

      3-1. Банктік салым кепілге қойылған кезде салымшының банктік салым шарты бойынша құқықтары кепілге ұсынылады. Кепіл беруші - салымшы кепіл ұстаушы туралы мәліметтерді көрсете отырып, банктік салым кепілі туралы банкке жазбаша хабарлауға міндетті.

      4. Бағалы қағаздар кепілі бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Егер кепіл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепіл нысанасы болып табылатын ақша банкке орналастырылады.

      Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы ақша үшін алынатын сыйақы (мүдде) кепіл берушіге тиесілі болады.

      Ақша кепіл ұстаушыға немесе өзге тұлға кепіл ақшаны пайдалану мүмкіндігін шектейтін шарттарды сақтаған кезде (банк сейфіне, сейфтің ұяшығына, сақтауға арналған жеке үй-жайда сақтауға беру) осы тұлғаға берілуі мүмкін. Осындай тұлғаның кепіл ақшаны пайдалану жөніндегі шектеулерді орындамауы оның ақша берілген кезден бастап негізсіз байығаны үшін жауаптылығына негіз болып табылады.

      Ескерту. 303-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154, 2005.07.08 № 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 № 225, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

304-бап. Ортақ меншіктегі мүлікті кепілге беру

      Ортақ меншікті құрайтын мүлік кепілге барлық меншік иелерінің келісуімен ғана берілуі мүмкін. Ортақ мүліктегі үлеске құқық кепілдің дербес мәні бола алады.

305-бап. Кепіл беруші

      1. Борышқордың өзі де, үшінші жақ та кепіл беруші болуы мүмкін.

      2. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, заттың меншік иесі не меншік иесінің келісімімен оған шаруашылық жүргізу құқығы бар адам заттың кепіл берушісі бола алады.

      3. Кепілге салынатын құқыққа ие адам құқықты кепілге беруші бола алады.

      Жалға беру құқығын немесе бөтен адамның затына өзге құқықты оны меншіктенушінің немесе оған шаруашылық жүргізу құқығы бар жақтың келісімінсіз, егер заңдарда немесе шартта аталған жақтардың келісімінсіз бұл құқықты иеліктен айыруға тыйым салынған болса, кепілге салуға жол берілмейді.

305-1-бап. Тең кепіл ұстаушылар

      1. Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шарттарда көзделген жағдайларда бір қарыз шарты бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ететін кепіл нысанасы бір борышкердің бірнеше кепіл ұстаушының (тең кепіл ұстаушының) алдындағы міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін олардың кепілінде болуы мүмкін.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шарттарда өзгеше белгіленбесе, тең кепіл ұстаушылардың әрқайсысы өзінің кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшері шегінде кепіл ұстаушының құқықтары мен міндеттерін дербес жүзеге асырады.

      2. Кепіл нысанасын өткізуден түскен ақша негізгі міндеттеме бойынша кредиторлар болып табылатын тең кепіл ұстаушылар арасында, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, олардың кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшерлеріне пропорционалды түрде бөлінеді.

      Кепіл нысанасы өткізілмеген жағдайда оған өндіріп алу қолданылған кезде кепіл нысанасы, егер тең кепіл ұстаушылардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, олардың кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшерлеріне пропорционалды түрде олардың үлестік меншігіне түседі.

      Осы баптың ережелері келесі кепілге (қайта салынған кепілге) қолданылмайды.

      Ескерту. 305-1-баппен толықтырылды – ҚР 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

306-бап. Кепілге салынған мүлікті сақтандыру

      1. Кепіл ұстаушыға оның иеленуіне берілген кепілге салынған мүлікті сақтандыру міндеті шартпен немесе заңдармен жүктелуі мүмкін.

      Кепіл берушінің пайдалануында қалатын кепілге салынған мүлікті сақтандыру кепіл берушіге жүктеледі.

      2. Сақтандыру жағдайы туған кезде кепіл берушінің кепілге салынған мүлікті сақтандыру шарты бойынша талап ету құқығы одан кепіл ұстаушы бас тартқан ретте ғана пайда болады.

      Егер сақтандыру төлемінің сомасы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме сомасынан асып кетсе, кепіл ұстаушы оны алған кезден бастап банктік үш күннің ішінде кепіл берушіге айырмасын аударуға міндетті.

      Ескерту. 306-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2000.12.18. № 128 Заңымен.

307-бап. Кепіл туралы шарттың мазмұны мен нысаны

      1. Кепіл туралы шартта кепіл нысанасы, кепілмен қамтамасыз етілетін міндеттеменің мәні, мөлшері немесе ең жоғары сомасы және орындалу мерзімі көрсетілуге тиіс. Егер кепіл нысанасы жылжымайтын мүлік болған жағдайда, кепіл туралы шартта оның бағасы көрсетілуге тиіс.

      Кепілмен қамтамасыз етудің нақты сипаттамасы талап етілместен және кепіл нысанасы бағаланбастан, кепіл нысанасы болып табылатын жылжымалы мүліктің және (немесе) жылжымалы мүліктің жекелеген санаттарының (машина жабдығын және материалдық айналым құралдарының қорларын қоса алғанда) кепіл нысанасының жалпы сипаттамасы болуы мүмкін.

      Кепіл туралы шартта кепілге салынған мүлік тараптардың қайсысында екендігі және оны пайдалануға болатындығы да көрсетілуге тиіс.

      Кепіл нысанасын бағалау теңгемен көрсетіледі және егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін. Шетелдік валютада міндеттемені қамтамасыз ететін кепіл нысанасын бағалау теңгемен және кепіл туралы шарт жасасылған күнгі валютаны айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша міндеттеме валютасымен көрсетіледі.

      2. Кепіл туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиіс.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарындағы қағидаларды сақтамау кепіл туралы шарттың маңызсыздығына алып келеді.

      Ескерту. 307-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.02.10 № 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

308-бап. Кепілді тіркеу

      1. Егер осы Кодекстен өзгеше туындамаса, тіркелуге жататын мүлікті кепілге салу осы мүліктің тіркелуін жүзеге асыратын органда тіркелуге тиіс.

      Жылжымайтын мүлік кепілі жылжымайтын мүлікке құқықтардың тіркелуін жүзеге асыратын органда мемлекеттік тіркелуге жатады.

      2. Кепіл нысанасының өзгеруі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда басқа да өзгерістер тіркелуге жатады.

      Міндетті тіркелуге жатпайтын кепілдің өзгеруі қатысушылардың қалауы бойынша тіркелуі мүмкін.

      3. Кепілді тоқтату туралы жазба тізілімге:

      1) негізгі міндеттеменің орындалуына байланысты кепіл ұстаушының өтініші негізінде кепілді тоқтатуды тіркеу кезінде;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен кепіл нысанасынан ақы өндіріп алу кезінде;

      3) кепіл шартының бұзылуына байланысты кепілді тоқтатуды тіркеу кезінде;

      4) осы Кодексінің 322-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша кепілді тоқтату кезінде енгізіледі.

      4. Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындаған кепіл беруші тізілімдегі кепіл туралы жазбаның жойылуын талап етуге құқылы. Кепіл ұстаушы кепіл берушінің талабы бойынша тіркеуді жүргізетін органға қажетті құжаттар мен жазбаша өтініштерді табыс етуге міндетті. Кепіл ұстаушы бұл міндеттемелерді орындамаған немесе уақтылы орындамаған жағдайда, кепіл беруші өзіне келтірілген залалдың өтелуін талап етуге құқылы.

      Ескерту. 308-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

309-бап. Кепіл ұстаушының құқығы қолданылатын мүлік

      1. Кепіл мәні болып табылатын затқа кепіл ұстаушының құқығы (кепіл құқығы), егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, оның керек-жарақтары мен бөлінбейтін жемістеріне де қолданылады.

      Шартта немесе заңдарда көзделген жағдайларда кепіл құқығы кепілге қойылған мүлікті пайдалану нәтижесінде алынған бөлінетін жемістерге, өнімге және кірістерге, сондай-ақ кейіннен иемденген активтер мен ауыстырылған активтерге қолданылуы мүмкін.

      Егер кепіл нысанасы жылжымалы мүлік болған жағдайда, кепіл құқығы, егер шартта өзгеше көзделмесе, оны пайдалану нәтижесінде алынған бөлінетін жемістерге, өнімге және кірістерге (оның ішінде кейіннен сатып алынған активтер мен ауыстырылған активтерге) қолданылады.

      Бұл ретте кепіл құқығы бөлінетін жемістерге, өнімге және кірістерге (оның ішінде кейіннен сатып алынған активтер мен ауыстырылған активтерге) талаптың нақты қанағаттандырылған кезіне кепілге салынған жылжымалы мүлікпен қамтамасыз етілмейтін көлемінде ғана қолданылады.

      2. Кәсіпорынның немесе өзге мүлік кешенінің ипотекасы жағдайында жалпы кепіл құқығы, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, талап ету, соның ішінде ипотека кезінде сатып алынған құқықтары мен ерекше құқықтарды қоса алғанда, оның барлық қозғалмалы және қозғалмайтын мүлкіне қолданылады.

      3. Үй немесе ғимарат ипотекасына осы үй немесе ғимарат тұрған жер учаскесіне не осы учаскенің кепілге салынатын объектінің қызметін қамтамасыз ететін бөлігіне құқық нақ сол шарт бойынша бір мезгілде жасалатын ипотека арқылы жол беріледі.

      Ескерту. 309-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

310-бап. Кепіл құқығының пайда болуы

      1. Кепіл туралы шартта өзгеше көзделмегендіктен, кепіл құқығы кепілі тіркелуге жататын мүлік жөніндегі шартты тіркеу кезінен бастап, басқа мүлік жөнінен - бұл мүлікті кепіл ұстаушыға берген кезден бастап, ал егер ол беруге жатпаса, кепіл туралы шарт жасасқан кезден бастап пайда болады.

      2. Айналымдағы тауарларға кепіл құқығы осы Кодекстің 327-бабының 2-тармағының ережелеріне сәйкес пайда болады.

311-бап. Кейінгі кепіл (кепілді қайталап салу)

      1. Егер кепілге салынған мүлік басқа талаптарды қамтамасыз ететін тағы бір кепілдің нысанасы болса (кепілді қайталап салу), кейінгі кепіл ұстаушының талабы алдыңғы кепіл ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін кепіл мәнінің құнынан қанағаттандырылады.

      2. Егер кепіл туралы бұрынғы шарттарда тыйым салынбаса, қайтадан кепіл салуға жол беріледі.

      3. Кепіл беруші келесі кепіл ұстаушының әрқайсысына осы мүліктің бұрыннан бар барлық кепілдері жөніндегі мәліметтерді хабарлауға міндетті және осы міндеттің орындалмауы себепті кепіл ұстаушыларға келтірілген залалдар үшін жауап береді.

      Ескерту. 311-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. № 211, 2007.01.12. № 225 Заңдарымен.

312-бап. Кепілге салынған мүлікті күтіп ұстау мен сақтау

      1. Кепіл беруші немесе кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлік олардың қайсысында екеніне қарай, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе:

      1) кепілге салынған мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін, соның ішінде оған үшінші жақтар тарапынан қол сұғылып, талаптар қойылуынан қорғау үшін қажетті шаралар қолдануға;

      2) кепілге салынған мүліктің жоғалу немесе бүліну қаупінің пайда болуы туралы екінші тарапқа дереу хабарлауға міндетті.

      2. Кепіл ұстаушы және кепіл беруші басқа тарапта тұрған кепілге салынған мүлікті құжаттар бойынша және оның іс жүзінде бар екендігін, көлемін, жай-күйін және сақталу жағдайын тексеруге құқылы.

      3. Кепілге салынған мүліктің жоғалу немесе бүліну қаупі туып, кепіл ұстаушы осы баптың 1-тармағында көрсетілген міндеттерді өрескел бұзған жағдайда кепіл беруші кепілдің мерзімінен бұрын тоқтатылуын талап етуге құқылы.

313-бап. Кепілге салынған мүліктің жоғалу немесе бүліну салдары

      1. Егер кепіл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепіл беруші кепілге салынған мүліктің кездейсоқ қирау немесе бүліну тәуекелін мойнына алады.

      2. Кепіл ұстаушы, егер осы Кодекстің 359-бабына сәйкес жауапкершіліктен босатыла алатынын дәлелдей алмаса, өзіне кепілге берілген нәрсенің толық немесе ішінара жоғалуы немесе бүлінуі үшін жауап береді.

      3. Кепіл ұстаушы кепілге салынған нәрсенің жоғалғаны үшін оның нақты құны мөлшерінде, ал оның зақымданғаны үшін кепілге салынған нәрсенің кепіл ұстаушыға оны берген кезде бағаланған сомасына қарамастан, осы құн төмендеген сома мөлшерінде жауап береді.

      4. Егер кепілге салынған нәрсенің бүлінуі салдарынан ол өзінің тікелей мақсатында пайдаланыла алмайтындай болып өзгеріп кетсе, кепіл беруші одан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшін өтем талап етуге құқылы.

      5. Шартта кепіл ұстаушының кепілге салынған нәрсенің жоғалуы немесе зақымдануы арқылы келтірілген өзге де шығындарды өтеуі көзделуі мүмкін.

      6. Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша борышқор болып табылатын кепіл беруші кепіл ұстаушыға кепілге салынған нәрсенің жоғалуынан немесе бүлінуінен келтірілген шығындарды өтеу туралы талапты кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындауға қоса есептеуге құқылы.

314-бап. Кепілге салынған нәрсені ауыстыру және қалпына келтіру

      1. Кепілге салынған нәрсені ауыстыруға, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, кепіл ұстаушының келісімімен жол беріледі.

      2. Егер кепілге салынатын нәрсе жойылса немесе бүлінсе не оған меншік немесе шаруашылық жүргізу құқығы заңдарда белгіленген негіздер бойынша тоқтатылса, кепіл беруші кепілге салынған нәрсені ақылға қонымды мерзімде қалпына келтіруге немесе оны басқа бір сондай мүлікпен алмастыруға құқылы.

315-бап. Кепілге салынған нәрсені пайдалану және оған билік ету

      1. Егер шартта өзгеше көзделмесе және кепіл мәнінен өзгеше туындамаса, кепіл беруші кепіл нысанасын оның мақсатына сәйкес пайдалануға, соның ішінде одан жемістер мен табыстар табуға құқылы.

      2. Егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе және кепіл мәнінен туындамаса, кепіл беруші кепіл ұстаушының келісімімен кепілге салынған нәрсені меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару иелігінен айыруға, оны басқа жаққа жалға немесе тегін пайдалануға беруге не өзге түрде оған билік етуге құқылы.

      Кепіл берушінің кепілге салынған мүлікті мұраға қалдыру құқығын шектейтін келісімі маңызсыз болады.

      3. Кепіл ұстаушы өзіне кепілге берілген нәрсені шартта көзделген реттерде ғана кепіл берушіге оны пайдалану туралы үнемі есеп бере отырып пайдалануға құқылы. Шарт бойынша кепіл ұстаушыға кепілге салынған нәрсенің негізгі міндеттемені өтеу мақсаттарында немесе кепіл берушінің мүдделері үшін жемістер мен табыстар табу міндеті жүктелуі мүмкін.

      Ескерту. 315-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

316-бап. Кепіл ұстаушының кепілге салынған нәрсе жөніндегі құқықтарын қорғау

      1. Кепілге салынған мүлік болған немесе болуға тиіс кепіл ұстаушы оны өзгенің заңсыз иеленуінен, соның ішінде кепіл берушінің өзінен де талап етіп алуға құқылы.

      2. Шарт ережелері бойынша кепіл ұстаушыға өзіне кепілге берілген нәрсені пайдалану құқығы берілген реттерде, ол басқа адамдардан, соның ішінде кепіл берушіден де өз құқығының қандай да болсын бұзылуы иеліктен айырумен байланысты болмағанымен, оның бұзылуын жоюды талап ете алады.

317-бап. Кепілге салынған мүліктен ақы өндіріп алу негіздері

      1. Борышқор өзі жауап беретін кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған немесе тиісінше орындамаған ретте кепіл ұстаушының (несие берушінің) талаптарын қанағаттандыру үшін кепілге салынған мүліктен ақы өндіріп алуы мүмкін.

      2. Егер борышқордың кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзуы болмашы болып және соның салдарынан кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепілге салынған мүліктің құнына көрінеу сәйкес келмесе, кепілге салынған мүліктен ақы өндіріп алудан бас тартылуы мүмкін.

      Бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде:

      1) орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан кемін құрағанда;

      2) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзу болмашы және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепілге салынған мүліктің құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.

      Жеке тұлғаның тұрғын үйімен қамтамасыз етілген және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыздар бойынша кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеменің бұзылуы болмашы болып табылады және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері бір мезгілде мынадай шарттар болған кезде:

      1) орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке алмағанда) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он бес пайызынан кем болса;

      2) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі алты айдан кем болса, кепілге салынған мүліктің құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.

      Ескерту. 317-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.07.2015 № 333-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

318-бап. Кепілге салынған нәрседен ақы өндіріп алу тәртібі

      1. Кепіл ұстаушының талаптарын кепілге салынған мүліктің құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен жүзеге асырылады.

      2. Кепіл туралы шартта, сондай-ақ осы Кодексте және өзге де заңдарда көзделген реттерде кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті соттан тыс тәртіппен сауда өткізу (аукцион) арқылы өз бетімен сатуға құқылы. Ақшалай қарызды қамтамасыз ететін кепілге салынған нәрсені сату жөнінде кепіл ұстаушы банктің де осындай құқығы болады. Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңында көзделген жағдайларда, кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті соттан тыс өткізуге жол берілмейді.

      Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыру шеңберінде қарыз бойынша қамтамасыз ету болып табылатын кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      Ескерту. 318-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.02.10 № 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

319-бап. Кепілге салынған мүлікті сату

      1. Кепілге салынған мүлікті өткізу (сату), егер заңдарда өзгеше тәртіп белгіленбесе, іс жүргізу заңдарында белгіленген тәртіп бойынша жария саудаға салып сату арқылы жүргізіледі.

      1-1. Ақшаны және ақшалай міндеттеме бойынша құқықтарды (талаптарды) кепілге беру кезінде - кепілге қойылған осы мүлікті өткізу кепіл нысанасы болып табылатын немесе ақшалай міндеттеме бойынша кепілге қойылған құқықтар (талаптар) бойынша тиесілі ақшаны кепіл ұстаушыға беру жолымен, ал кепіл нысанасына өндіріп алу қолданылған кезде ақшаны беру мүмкін болмаған жағдайда кепіл берушінің кепіл нысанасына құқықтарын кепіл ұстаушыға ауыстыру жолымен жүргізіледі.

      Егер кепіл нысанасы болып табылатын немесе ақшалай міндеттеме бойынша кепілге қойылған құқықтар (талаптар) бойынша тиесілі ақша сомасы кепіл ұстаушының кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшерінен асып кетсе, айырма кепіл берушіге қайтарылады. Кепіл ұстаушының талаптарын өтеу үшін ақша сомасы жетпеген жағдайда, заңдарда немесе шартта өзгеше нұсқау болмаған ретте, ол кепілде негізделген артықшылықтарды пайдаланбай, жетпеген соманы борышкердің басқадай мүлкінен алуға құқылы.

      2. Кепілге салынған мүлікті соттан тыс тәртіппен сату ерекшеліктері осы Кодекспен және қозғалмайтын мүлік ипотекасы туралы Заңмен белгіленеді. Ипотеканы іске асыру үшін қозғалмайтын мүлік ипотекасы туралы Заңмен белгіленген ережелер мен рәсімдер, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, кепілдің басқа түрлерін орындау кезінде мүлікті сату үшін қолданылады.

      3. Кепіл берушінің өтініші бойынша сот кепілге салынған мүліктен ақы өндіріп алу туралы шешімінде жеке тұлғалардың кепілге салынған мүлкінің жария саудаға салынып сатылуын бір жылға дейінгі мерзімге және заңды тұлғалардың кепілге салынған мүлкін бір айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға құқылы. Кейінге қалдыру осы мүлікті кепілге салу арқылы қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды және борышкерді кейінге қалдырылған уақыт ішінде кредитордың өскен залалдары мен тұрақсыздық айыбы сомасын өтеуден босатпайды.

      4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кепіл беруші мен кепіл ұстаушыны қоса алғанда, кез-келген заңды тұлғалар мен азаматтар саудаға қатысуға құқылы.

      Сауда басталардың алдында сот немесе сенім білдірілген жақ (осы Кодекстің 320-бабы) саудаға қатысушының әрқайсысынан кепілдік жарна төлеуді талап етуге құқылы. Кепілдік жарналар сауда аяқталғаннан кейін қайтарылып берілуге тиіс. Саудада ұтып шыққан қатысушының кепілдік жарнасы түпкілікті бағаның есебіне есептеледі. Саудада ұтып шыққан, бірақ түпкілікті бағаны төлемеген қатысушының кепілдік жарнасы қайтарылмайды және соттың немесе сенім білдірілген жақтың билігінде қалады.

      5. Қатысқан сатып алушы екеуден аз болуы себепті сауда жасалмайтыны жарияланған жағдайда кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті бағалаушы жасаған бағалау туралы есеп негізінде сот шешімімен белгіленген немесе сенім білдірілген тұлға белгілеген ағымдағы бағалау құны бойынша өз меншігіне аударуға, не жаңадан сауда белгілеуді талап етуге құқылы.

      6. Егер кепілге салынған мүлікті өткізу кезінде түскен сома кепіл ұстаушының талаптарын өтеуге жеткіліксіз болса, ол заңдарда немесе шартта өзгеше нұсқаулар болмаған жағдайда жеткіліксіз соманы борышқордың басқа мүлкінен кепілге негізделген артықшылықты пайдаланбай-ақ алуға құқылы.

      Егер кепілге салынған мүлікті сату кезінде түскен сома кепіл ұстаушының кепілмен қамтамасыз етілген талабы мөлшерінен асып кетсе, айырмасы кепіл берушіге қайтарылады.

      7. Борышкер мен үшінші тұлға болып табылатын кепіл беруші (заттай кепілгер) кепіл нысанасы сатылғанға дейінгі кез келген уақытта оған өндіріп алуды қолдануды және оны сатуды кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені немесе оның орындалу мерзімі өтіп кеткен бөлігін орындап, тоқтатуға құқылы. Бұл құқықты шектейтін келісім маңызсыз болады.

      Ескерту. 319-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2000.11.08 № 96, 2007.01.12 № 225, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2018 № 134-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

320-бап. Кепілге салынған мүлікті соттан тыс мәжбүр ету тәртібімен сату

      1. Кепілге салынған мүлік соттан тыс мәжбүр ету тәртібімен сатылған жағдайда сауданы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме бұзылған ретте кепіл ұстаушының кепілге салынған мүлікті өткізуге сенімхаты бар сенім білдірілген заңды тұлға мен азамат жүргізеді.

      2. Сенім білдірілген адам мынадай рәсімдерді орындайды:

      1) кепіл берушіге міндеттеменің орындалмағаны туралы хабарлама жазады және оны кепіл туралы шарт тіркелген органда тіркейді;

      2) хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған жағдайда, бірақ мұны кепіл берушіге жіберер кезден бастап отыз күннен кейін, кепілге салынған мүліктің саудасы туралы хабарлама жазады, оны кепіл туралы шарт тіркелген органда тіркеп кепіл берушіге тапсырады немесе тапсырыс хатпен кепіл шартында көрсетілген мекенжай бойынша кепіл берушіге жібереді;

      3) сауда туралы хабарландыруды жергілікті баспасөзде ресми түрде жариялайды.

      Ескерту. 320-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

321-бап. Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау және кепілге салынған мүліктен ақы өндіріп алу

      1. Кепіл ұстаушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді мерзімінен тыс бұрын орындауды мына жағдайларда:

      1) егер кепіл туралы шарттың ережелеріне сәйкестендірілмей кепілге салынған нәрсе қалдырылған кепіл берушінің иелігінен шығып кетсе;

      2) кепіл беруші кепілге салынған нәрсені ауыстыру туралы ережелерді бұзған (осы Кодекстің 314-бабы);

      3) егер кепіл беруші осы Кодекстің 314-бабындағы 2-тармақта көзделген құқықты пайдаланбаса, кепіл ұстаушы жауап бермейтін (осы Кодекстің 313-бабының 2-тармағы) мән-жайлар бойынша кепілге берілген нәрсе жоғалған жағдайда;

      4) кепіл берушіде өзге мүлік болмаған кезде кепіл ұстаушы талабының алдында басымдыққа ие болмайтын үшінші бір тұлғалар алдындағы атқарушылық құжаттар бойынша кепіл берушінің міндеттемелерін орындау мақсатында кепілге салынған нәрседен ақы өндіріп алуды талап етуге құқылы.

      2. Кепіл ұстаушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап етуге құқылы, ал егер оның талабы қанағаттандырылмаса:

      1) кепіл беруші кейінгі кепіл туралы ережелерді бұзған;

      2) кепіл беруші осы Кодекстің 312-бабындағы 1-тармақтың 1 және 2-тармақшасында және 2-тармақта көзделген міндеттемелерді орындамаған;

      3) кепіл беруші кепілге салынған мүлікке билік ету туралы қағидаларды (осы Кодекстің 315-бабының 2-тармағы) бұзған;

      4) кепіл беруші кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзған (осы Кодекстің 317, 720 және 722-баптары, "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы) жағдайда кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдануға құқылы.

      Ескерту. 321-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.07.2015 № 333-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

322-бап. Кепілді тоқтату

      1. Кепіл:

      1) кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелер тоқтатылғанда;

      2) осы Кодекстің 312-бабының 3-тармағында көзделген негіздер болған кезде кепіл берушінің талабы бойынша;

      3) егер кепіл беруші осы Кодекстің 314-бабының 2-тармағында көзделген құқықты пайдаланбаса, кепілге салынған зат құрыған немесе кепілге салынған құқық тоқтатылған ретте;

      4) кепілге салынған мүлікті жария саудаға салып сатқан ретте, сондай-ақ оны сату мүмкін болмаған ретте (осы Кодекстің 319-бабы) тоқтатылады.

      2. Кепілдің тоқтатылғаны туралы кепіл туралы шарт тіркелген реестрде белгі соғылуға тиіс.

      3. Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелердің орындалуы салдарынан не кепіл берушінің талабы бойынша кепіл тоқтатылған кезде (осы Кодекстің 312-бабының 3-тармағы) кепіл ұстаушы өзінде кепілде болған мүлікті кепіл берушіге дереу қайтаруға міндетті.

323-бап. Кепілге салынған мүлікке құқық басқа тұлғаға құқықты мирасқорлық тәртібімен көшуі кезінде кепілдің сақталуы

      1. Кепілге салынған мүлікті ақылы немесе тегін иеліктен айыру нәтижесінде не әмбебап құқықты мирасқорлық тәртіп бойынша мүлікке меншік құқығы немесе шаруашылық жүргізу құқығы кепіл берушіден басқа адамға көшкен ретте кепіл құқығы сақталып қалады.

      Кепіл берушінің құқықты мирасқоры кепіл берушінің орнын басады және, егер кепіл ұстаушымен келісімде өзгеше белгіленбесе, кепіл берушінің барлық міндеттерін атқарады.

      2. Егер кепіл берушінің кепілге салынған нәрсе болып табылатын мүлкі құқықты мирасқорлық тәртібімен бірнеше адамға көшсе, құқықты мирасқорлардың әрқайсысы (мүлікті иеленушілер) аталған мүліктің өзіне көшкен бөлігіне кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамағандығы жөніндегі кепілден туындайтын зардаптарын көтереді. Алайда кепілге салынған нәрсе бөлінбейтін болса немесе өзге негіздер бойынша құқықты мирасқорлардың бірлескен ортақ меншігінде қалса, олар ортақ кепіл берушілерге айналады.

324-бап. Кепілге салынған мүлікті күштеп алу салдары

      1. Егер кепіл берушінің кепілге салынатын мүлікке меншік құқығы заңдарда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша мемлекеттік қажеттер үшін алып қою (сатып алу), реквизициялау немесе ұлт меншігіне айналдыру салдарынан тоқтатылып, кепіл берушіге басқа мүлік немесе тиісінше өтем берілсе, кепіл құқығы оның орнына берілген мүлікке қолданылады, не тиісінше кепіл ұстаушы кепіл берушіге тиесілі өтем сомасынан өз талаптарын артықшылықпен қанағаттандыру құқығына ие болады. Кепіл ұстаушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап ете алады (осы Кодекстің 321-бабының 1-тармағы).

      2. Кепілге салынатын нәрсе болып табылатын мүлік заңдарда белгіленген тәртіп бойынша осы мүліктің шын мәніндегі меншік иесі басқа тұлға болып табылатындығына сүйеніп, не әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін санкция түрінде кепіл берушіден алынған реттерде бұл мүліктің кепілге салынғаны тоқтатылады. Бұл ретте кепіл ұстаушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеменің мерзімінен бұрын орындалуын талап етуге құқылы.

      Ескерту. 324-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

325-бап. Кепіл туралы шарт бойынша құқықтарды беру

      1. Кепіл ұстаушы кепіл туралы шарт бойынша несие берушінің құқықтарын беру туралы ережелерді сақтай отырып талапқа көну арқылы өз құқықтарын басқа жаққа беруге (осы Кодекстің 339-347-баптары) құқылы.

      2. Кепіл туралы шарт бойынша кепіл ұстаушының өз құқықтарын басқа адамға беруі, егер кепілмен қамтамасыз етілген негізгі міндеттеме бойынша борышқорға талап ету құқықтары нақ сол адамға берілсе, заңды болады.

      3. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.
      Ескерту. 325-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

326-бап. Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша борышты аудару

      Егер кепіл беруші жаңа борышқор үшін жауап беруге несие берушіге келісім бермесе, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша кепіл борышты басқа адамға аудару арқылы тоқтатылады.

327-бап. Айналымдағы тауарларды кепілге салу

      1. Тауарларды кепіл берушіде қалдыра отырып және кепіл берушіге кепілге берілген мүліктің (тауар қорларының, шикізаттың, материалдардың, жартылай фабрикаттардың, дайын өнімнің және тағы басқалардың) құрамы мен нақты нысанын өзгерту құқығын бере отырып, оларды кепілге салу айналымдағы тауарларды кепілге салу деп танылады.

      2. Кепіл беруші иеліктен айырған айналымдағы тауарлар оларды алушының меншігіне, шаруашылық жүргізуіне немесе оралымды басқаруына көшкен кезден бастап кепілге салынған нәрсе болудан қалады, ал кепіл беруші сатып алған, кепіл туралы шартта аталған тауарлар оларға кепіл берушінің меншік немесе шаруашылық жүргізу құқығы пайда болған кезден бастап кепілге салынған нәрсеге айналады.

      3. Тараптардың келісімі бойынша кепіл туралы шартта айналымдағы тауарлардың жалпы құны кепіл туралы шартта көрсетілген құннан кем болмауға тиіс деген талап көзделуі мүмкін.

      Егер шартта өзгеше көзделмесе, айналымдағы кепілге салынған тауарлар құнын кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеменің орындалған бөлігіне мөлшерлес кемітуге жол беріледі.

      4. Кепіл беруші айналымдағы тауарларды кепілге салу шарттарын бұзған кезде кепіл ұстаушы өзінің белгілерін кепілге салынған тауарларға қою арқылы шарттың бұзылуы жойылғанға дейін олармен операцияларды тоқтата тұруға құқылы.

      Ескерту. 327-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

328-бап. Ломбардта заттарды кепілге салу

      1. Қысқа мерзімді микрокредиттерді қамтамасыз ету үшін азаматтардан жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлікті кепілге қабылдауды қызметі Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасымен реттелетін, ломбардтар ретінде тіркелген заңды тұлғалар кәсіпкерлік қызмет ретінде жүзеге асыра алады.

      2. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарт ломбардтың кепілге салу билетін беруімен ресімделеді және онда кепілге қойылған мүлікті сақтандыру туралы талап, сондай-ақ кепіл нысанасының соттан тыс өткізілуіне кепіл берушінің келісімі болуы мүмкін. Кепілге қойылған мүлікті сақтандыру ломбардтың есебінен жүзеге асырылады.

      2-1. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарт кепіл нысанасының өткізілуіне немесе мұндай мүліктің кепіл ұстаушының меншігіне өтуіне байланысты тоқтатылады.

      Кепілге салынған мүлікті өткізу кезінде, сондай-ақ мұндай мүлік кепіл ұстаушының меншігіне өткен кезде ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарттың тоқтатылуымен бірге бір мезгілде кепіл беруші болып табылатын қарыз алушының міндеттемесі және микрокредит беру туралы шарт тоқтатылады.

      Кепілі міндетті тіркеуге жататын мүлікті қоспағанда, микрокредит беру туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін жасалған ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарт бойынша кепіл нысанасын өткізу, сондай-ақ мұндай мүліктің кепіл ұстаушының меншігіне өтуі ломбардта заттарды кепілге салу туралы шартта осындай талап болған кезде микрокредитті өтеу мерзімі өткеннен кейін бір айдан соң сауда-саттық өткізілместен жүзеге асырылуы мүмкін.

      Міндетті тіркеуге жататын кепіл нысанасын өткізу микрокредитті өтеу мерзімі өткеннен кейін бір айдан соң жария сауда-саттық өткізу жолымен жүзеге асырылады. Міндетті тіркеуге жататын кепіл нысанасы сауда-саттық басталған күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде жария сауда-саттықта өткізілмеген жағдайда, кепіл нысанасы ломбард меншігіне өтеді.

      Микрокредит беру туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін жасалған ломбардағы заттардың кепілі туралы шарт бойынша кепіл нысанасын өткізуге, сондай-ақ мұндай мүліктің кепіл ұстаушының меншігіне өтуіне "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен кепіл ұстаушы қарыз алушының берешекті реттеу жөніндегі өтінішін қарау кезеңінде жол берілмейді.

      3. Ломбардтың кепілге қойылған заттарды пайдалануға және оларға билік етуге құқығы жоқ.

      4. Ломбард, егер кепілге қойылған заттардың жоғалуы және бүлінуі еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, заттардың жоғалғаны және бүлінгені үшін жауапты болады.

      5. Алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарттың, осы Кодексте кепіл берушіге берілетін құқықтармен салыстырғанда, кепіл берушінің құқықтарын шектейтін талаптары шарт жасалған кезден бастап жарамсыз болады. Мұндай талаптардың орнына осы Кодекстің тиісті ережелері қолданылады.

      7. Алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 328-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.12.23. № 107 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 02.08.2015 № 343-V (01.04.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 43-VII (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Параграф 4. Кепілдік және кепіл болушылық

      Ескерту. 4 параграф жаңа редакцияда – ҚР 1997.07.11. № 154 Заңымен.

329-бап. Кепілдік

      1. Кепілдік бойынша кепілдік беруші, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа жақтың (борышқордың) несие берушісі алдында осы жақтың міндеттемесінің орындалуына толық немесе борышқормен ортақтасып ішінара жауап беруге міндеттенеді.

      2. Бірлесіп кепілдік берген адамдар, егер кепілдік шартында өзгеше белгіленбесе, несие беруші алдында ортақтасып жауап береді.

      3. Кепілдік шарты болашақта туындайтын міндеттемені қамтамасыз ету үшін де жасалуы мүмкін.

330-бап. Кепіл болушылық

      Кепіл болушылық бойынша кепіл болушы басқа жақтың (борышқордың) несие берушісі алдында осы жақтың міндеттемесінің орындалуына толық немесе ішінара қосалқы жауап беруге міндеттенеді.

331-бап. Кепілдіктің және кепіл болушылықтың негізі мен нысаны

      1. Кепіл болушылық немесе кепілдік шарттарының негізінде кепілдік және кепіл болушылық пайда болады. Кепілдікті қолдану заңмен белгіленуі мүмкін.

      2. Кепілдік немесе кепілгерлік шарттары жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Жазбаша нысанды сақтамау кепілдік немесе кепілгерлік шартының маңызсыздығына алып келеді.

      3. Егер кепілдік беруші немесе кепіл болушы борышқордың міндеттемені орындауын өз жауапкершілігіне алатынын несие берушіге жазбаша түрде хабарласа, ал несие беруші кепілдік берушінің немесе кепіл болушының ұсыныстарынан бұл үшін жеткілікті болатын қажетті уақыт ішінде бас тартпаса, кепілдік немесе кепіл болушылық шарттарының жазбаша нысаны сақталған деп есептеледі.

      4. Екінші деңгейдегі банктер банк кепілдіктері мен кепілгерлігін беруді уәкілетті органның лицензиясы негізінде осы Кодекске сәйкес және уәкілетті органның аталған операцияларды жүргізу тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерін ескере отырып жүзеге асыра алады.

      Екінші деңгейдегі банктердің осы Кодекстің нормаларын сақтамай және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын ескермей берген банк кепілдіктері мен кепілгерліктері олардың жарамсыз болуына әкеп соғады.

      Ескерту. 331-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.03.02. № 162, 2003.07.10. № 483 (01.01.2004 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.01.12. № 225; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

332-бап. Кепілдік берушінің және кепіл болушының жауапкершілігі

      1. Кепілдік және кепіл болушылық, егер шартта өзгеше белгіленбесе, тек заңды талапты ғана қамтамасыз етеді. Кепілдік беруші мен кепіл болушы, егер олар әрекет қабілетсіздігі туралы өздеріне күні бұрын белгілі болған борышқорға кепіл болса, ал несие беруші бұл мән-жайды білмесе, жауапкершіліктен босатылмайды.

      2. Кепілдік беруші несие беруші алдында, егер кепілдік шартында өзгеше белгіленбесе, борышқор сияқты айыпақы, сыйақы (мүдде) төлеуді қоса алғанда, борышты өндіріп алу жөніндегі сот шығындарын және борышқордың міндеттемені орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан туындаған несие берушінің басқа да зияндарын төлеуде тап сондай көлемде жауап береді.

      3. Кепіл болушы несие беруші алдында, егер кепіл болушылық шарттарында өзгеше көзделмесе, кепіл болушылықта көрсетілген сома шегінде жауапты болады. Қосалқы жауапкершілікті мойнына алған кепіл болушыға талаптар қойылғанға дейін несие беруші бұл талапты борышқор қанағаттандыратындай, атап айтқанда, қарсы талапты есепке алу және белгіленген тәртіп бойынша борышқордың мүлкінен ақы өндіріп алу арқылы ақылға қонымды шаралар қолдануға тиіс.

333-бап. Кепілдік берушінің өзіне несие беруші талаптар қойған жағдайдағы құқықтары мен міндеттері

      1. Кепілдік беруші, несие берушінің талаптарын қанағаттандырғанға дейін бұл туралы борышқорға ескертуге, ал егер кепілдік берушіге қуыным жасалса, борышқорды іске қатыстыруға міндетті. Олай болмаған жағдайда борышқор өзінің несие берушіге қоймақшы болған қарсылықтарын кепілдік берушінің қайтарып қойған талабына қарсы қоюға құқылы.

      2. Кепілдік беруші, егер кепілдік шартынан өзгеше туындамаса, несие берушінің талабына қарсы борышқор қоя алатын қарсылықтарды қоюға қақылы. Кепілдік беруші бұл қарсылықтарға құқығын тіпті егер борышқор олардан бас тартқан немесе өзінің қарызын мойындаған жағдайда да жоғалтпайды.

334-бап. Міндеттемені орындаған кепілдік беруші мен кепіл болушының құқықтары

      1. Міндеттемені орындаған кепілдік берушіге несие берушінің осы міндеттеме жөніндегі барлық құқықтары және кепіл ұстаушы ретінде несие берушіге тиесілі құқықтар кепілдік беруші несие берушінің талабын қанағаттандырған көлемде көшеді. Кепілдік беруші, сондай-ақ, борышқордан несие берушіге төленген соманың айыпақысын және сыйақысын (мүддесін) төлеуді және борышқор үшін жауапкершілікке байланысты шеккен өзге де залалдардың орнын толтыруды талап етуге қақылы.

      2. Кепілдік беруші міндеттемені орындағаннан кейін несие беруші борышқорға қойылған талапты куәландыратын құжаттарды кепілдік берушіге тапсыруға және осы талапты қамтамасыз ететін құқықтарды беруге міндетті.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген ережелер, егер заңдарда немесе кепілдік берушінің борышқорымен шартында өзгеше көзделмесе және олардың арасындағы қатынастарда өзгеше туындамайтын болса, қолданылады.

      4. Кепіл болушы дәл осындай құқықтарға борышқордың несие беруші алдындағы міндеттемесін өзі орындаған бөлігінде ие болады.

335-бап. Борышқордың міндеттемені орындағаны туралы кепілдік беруші мен кепіл болушыға хабарлауы

      Кепілдіктен немесе кепіл болушылықпен қамтамасыз етілген міндеттемені орындаған борышқор кепілдік берушіге немесе кепіл болушыға бұл туралы дереу хабарлауға міндетті. Олай болмаған жағдайда өз кезегінде міндеттемені орындаған кепілдік беруші немесе кепіл болушы несие берушіден негізсіз алынғанды өндіріп алуға, не борышқорға кері талап қоюға қақылы. Соңғы жағдайда борышқор несие берушіден тек негізсіз алынғанды ғана өндіріп алуға қақылы.

336-бап. Кепілдіктің және кепіл болушылықтың тоқтатылуы

      1. Кепілдік және кепілгерлік өздері қамтамасыз еткен міндеттеменің тоқтатылуымен бірге, егер шартта кепілдікті тоқтатудың өзге де жағдайлары көзделмесе, сондай-ақ осы міндеттеме кепіл мен кепілгердің жауапкершілігін соңғылардың келісімінсіз арттыруға немесе өзге де теріс салдарларға алып келмейтіндей болып өзгерген жағдайда тоқтатылады.

      2. Кепілдік және кепіл болушылық, егер кепілдік беруші немесе кепіл болушы несие берушіге жаңа борышқор үшін жауап беруге келісім бермесе, кепілдікпен немесе кепіл болушылықпен қамтамасыз етілген міндеттеме жөніндегі борышты басқа жаққа ауыстырумен тоқтатылады.

      3. Кепілдік және кепіл болушылық, егер олар өздері қамтамасыз еткен міндеттемені орындау мерзімінің басталуына қарай борышқор немесе кепілдік беруші мен кепіл болушы ұсынған тиісті дәрежедегі орындауды қабылдаудан несие беруші бас тартса тоқтатылады.

      4. Кепілдік және кепіл болушылық оларға кепілдік немесе кепіл болушылық шартында көрсетілген мерзім біткен кезде тоқтатылады. Егер мұндай мерзім белгіленбесе, егер несие беруші кепілдікпен немесе кепіл болушылықпен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімі басталған күннен бастап бір жылдың ішінде кепілдік берушіге немесе кепіл болушыға қуыным жасамаса, ол тоқталады. Негізгі міндеттеменің орындалу мерзімі көрсетілмеген және белгілеуге болмайтын немесе талап етуімен белгіленген кезде, кепілдік және кепіл болушылық егер несие беруші кепілдік берушіге немесе кепіл болушыға кепілдік немесе кепіл болушылық шарты жасалған күннен бастап, екі жылдың ішінде қуыным жасамаса, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кепілдік пен кепіл болушылық тоқтатылады.

      Ескерту. 336-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Параграф 5. Кепілпұл

337-бап. Кепілпұл ұғымы. Кепілпұл туралы келісім нысаны

      1. Уағдаласушы тараптардың біреуінің шарт бойынша өзінен алынатын төлемнің есебінен екінші тарапқа және шарт жасау мен орындауды не өзге міндеттемені орындауды қамтамасыз етуге берілетін ақшалай сома кепілпұл деп танылады.

      2. Кепілпұл туралы келісім кепілпұлдың сомасына қарамастан жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Бұл қағида негізгі міндеттемені нотариат куәландыруға тиіс болатын жағдайда да қолданылады. Жазбаша нысанды сақтамау кепілпұл туралы келісімнің маңызсыздығына алып келеді.

      Ескерту. 337-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12. № 225; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

338-бап. Кепілпұлмен қамтамасыз етілген міндеттемені тоқтатудың және орындамаудың салдары

      1. Міндеттеменің орындалуы басталғанға дейін тараптардың келісімі бойынша не олардың кінәсінсіз-ақ оны орындаудың мүмкіндігі болмауы салдарынан тоқтатылған жағдайда, кепілпұл қайтарылуға тиіс.

      2. Егер міндеттеменің орындалмауына кепілпұл берген тарап жауапты болса, ол екінші тарапта қалады, ал егер кепілпұл алған тарап жауапты болса, ол екінші тарапқа кепілпұлдың екі еселенген сомасын төлеуге міндетті. Оның үстіне, шартта өзгеше көзделмегендіктен, міндеттеменің орындалмауына жауапты тарап екінші тарапқа кепілпұл сомасын ескере отырып, шеккен залалдың орнын толтыруға міндетті.

Параграф 6. Ұстап қалу

      Ескерту. 6-параграфпен толықтырылды – ҚР 2007.01.12. № 225 Заңымен.

338-1-бап. Ұстап қалу туралы жалпы ережелер

      1. Борышқорға не борышқор көрсеткен тұлғаға берілуге тиіс зат қарамағында болған несие беруші, борышқор осы заттың құнын төлеу немесе несие берушіге оған байланысты шығындар мен басқа да залалдарды өтеу жөніндегі міндеттемені мерзімінде орындамаған жағдайда, тиісті міндеттеме орындалғанға дейін оны ұстап қалуға құқылы.

      Заттың құнын төлеуге немесе оған шыққан шығындарды және басқа да залалды өтеуге байланысты болмаса да, кәсіпкер ретінде әрекет ететін тараптардың міндеттемелерінен туындайтын талаптар да затты ұстап қалу арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.

      2. Несие беруші өзіндегі зат иелігіне түскеннен кейін де оны иелену құқығын үшінші тұлғаның алғанына қарамастан, ол затты ұстап қала алады.

      3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы баптың ережесі қолданылады.

338-2-бап. Ұстап қалынған мүлік есебінен талаптарды қанағаттандыру

      Затты ұстап қалушы несие берушінің талаптары кепілмен қамтамасыз етілген талаптарды қанағаттандыру үшін көзделген көлемде және тәртіппен заттың құнынан қанағаттандырылады.

Параграф 7. Кепілдік жарна

      Ескерту. 18-тарау 7-параграфпен толықтырылды - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
     

338-3-бап. Кепілдік жарна ұғымы

      1. Сауда-саттық немесе өзге де міндеттемені орындау кезінде шарт жасасу жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету үшін кепілдік жарнаны төлеушінің кепілдік жарнаны алушыға беретін ақша сомасы кепілдік жарна болып танылады.

      2. Кепілдік жарнаны төлеу жөніндегі міндеттеме заңдарда көзделген жағдайларда туындайды. Кепілдік жарнаны төлеу жөніндегі міндеттеме тараптардың келісіміне байланысты да туындайды.

338-4-бап. Кепілдік жарнамен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамау, тоқтату немесе орындау салдары

      1. Кепілдік жарнамен қамтамасыз етілген міндеттеме төлеушінің кінәсінен орындалмаған кезде кепілдік жарна екінші тарапта қалады.

      2. Кепілдік жарнамен қамтамасыз етілген міндеттеме кепілдік жарнаны алушының кінәсінен орындалмаған не тараптардың келісімі бойынша немесе олардың кінәсінсіз орындаудың мүмкін болмауы салдарынан осы міндеттеме тоқтатылған кезде кепілдік жарна қайтарылуға жатады.

      3. Егер осы Кодексте, өзге де заңдарда, тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе немесе міндеттеменің мәнінен өзгеше туындамаса, шарт жасасу немесе кепілдік жарнамен қамтамасыз етілген өзге міндеттемені орындау кезінде кепілдік жарна сомасы жасалған шарт немесе өзге де кепілдік жарнамен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша кепілдік жарна алушыға тиесілі екінші тараптан түсетін төлемдердің есебіне жатқызылады.

8-параграф. Қамтамасыз ету ақысы

      Ескерту. 18-тарау 8-параграфпен толықтырылды – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

338-5-бап. Қамтамасыз ету ақысы ұғымы

      Шарт бұзылған жағдайда ақшалай міндеттеме, оның ішінде залалды өтеу немесе тұрақсыздық айыбын төлеу міндеті тараптардың келісімі бойынша тараптардың бірінің белгілі бір ақшалай соманы (қамтамасыз ету ақысын) екінші тараптың меншігіне беруімен қамтамасыз етілуі мүмкін.

      Қамтамасыз ету ақысы болашақта туындайтын міндеттемені қамтамасыз етуі мүмкін.

338-6-бап. Міндеттемені қамтамасыз ету ақысымен орындау

      1. Шартта көзделген мән-жайлар басталған кезде қамтамасыз ету ақысының сомасы тиісті міндеттемені орындау есебіне есепке жатқызылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мән-жайлар шартта көзделген мерзімде басталмаған немесе қамтамасыз етілген міндеттеме тоқтатылған жағдайда, егер шартта өзгеше көзделмесе, қамтамасыз ету ақысы бұрын қамтамасыз ету ақысын берген тұлғаның меншігіне қайтарылуға жатады.

      3. Белгілі бір мән-жайлар басталған кезде тиісті тараптың қамтамасыз ету ақысын қосымша енгізу немесе ішінара қайтару міндеті шартта көзделуі мүмкін.

      4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, қамтамасыз ету ақысының сомасына сыйақы (мүдде) есепке жазылмайды.

      5. Егер бағалы қағаздар, өзге де қаржы құралдары және (немесе) шығу белгілерімен айқындалған заттар қамтамасыз ету есебіне меншікке берілген жағдайларда да қамтамасыз ету ақысы туралы қағидалар қолданылады.

19-тарау. Міндеттемедегі адамдардың ауыстырылуы

339-бап. Несие беруші құқықтарының басқа адамға ауысу негіздері мен тәртібі

      1. Міндеттеме негізінде несие берушіге тиесілі құқықтың (талап етудің) ол мәміле (талап етуді беру) бойынша басқа адамға берілуі; немесе ол құқық заңның негізінде басқа адамға ауыстыруы мүмкін.

      Несие беруші құқықтарының басқа адамға ауысуы жөніндегі ережелер регресті талаптарға қолданылмайды.

      2. Несие беруші құқықтарының басқа адамға ауысуы үшін, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқордың келісімі талап етілмейді.

      3. Егер несие беруші құқықтарының басқа адамға ауысқаны жөнінде борышқорға жазбаша түрде хабарланбаса, жаңа несие беруші осыдан туындайтын өзіне қолайсыз салдарға тәуекел етеді. Бұл жағдайда бастапқы несие берушіге міндеттемені орындағаны тиісті несие берушіге орындағаны болып танылады.

      4. Міндеттеменің жекелеген түрлері бойынша талап ету құқығын берудің ерекшеліктері заңдарда белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 339-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

340-бап. Басқа адамдарға ауыстыруға болмайтын құқықтар

      Несие берушінің жеке басымен тығыз байланысты құқықтардың, атап айтқанда алимент жөніндегі және азаматтың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру жөніндегі талаптардың басқа адамға ауысуына жол берілмейді.

341-бап. Несие берушінің басқа адамға ауысатын құқықтарының көлемі

      Егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, бастапқы несие берушінің құқығы жаңа несие берушіге құқықтың ауысуы кезінде болған көлемде және сондай жағдайларда ауысады. Атап айтқанда, жаңа несие берушіге міндеттемені орындауды қамтамасыз ететін, сондай-ақ басқа да құқықты, соның ішінде алынбаған сыйақыға (мүддеге) құқықты талап етуге байланысты құқықтар ауысады.

      Ескерту. 341-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1997.07.11. № 154 Заңымен.

342-бап. Жаңа несие берушінің құқықтарына дәлелдемелер

      1. Борышқор талаптардың осы адамға ауысқанына дәлелдемелерді өзіне табыс еткенше жаңа несие берушіге міндеттемелерді орындамауға құқылы.

      2. Талап етуді басқа адамға берген несие беруші оған талап ету құқықтарын куәландыратын құжаттарды беруге және талапты жүзеге асыру үшін маңызы бар мәліметтерді хабарлауға міндетті.

343-бап. Жаңа несие берушінің талабына борышқордың қарсылық білдіруі

      Борышқор міндеттеме жөніндегі құқықтардың жаңа несие берушіге ауысқаны туралы хабарды алар кезінде бастапқы несие берушіге қоймақшы болған қарсылықтарын жаңа несие берушінің талаптарына қарсы қоюға құқылы.

344-бап. Несие беруші құқықтарының заңдар негізінде басқа адамға ауысуы

      Міндеттеме жөніндегі несие берушінің құқықтары заңдар және соларда көрсетілген мынадай жағдайлардың болуы негізінде:

      1) несие берушінің құқықтарындағы әмбебап құқықты мирасқорлық нәтижесінде;

      2) заңдарда мұндай ауысу мүмкіндігі көзделсе, несие беруші құқықтарының басқа адамға ауысуы туралы сот шешімі бойынша;

      3) міндеттемені оның кепіл болушысы, тапсырушысы немесе осы міндеттеме бойынша борышқор болып табылмайтын кепілге зат берушінің орындалуы нәтижесінде;

      4) сақтандырушы сақтандыратын жағдайдың басталуына жауапты борышқорға несие берушінің құқықтарын алып берген кезде;

      5) заңдарда көзделген өзге жағдайларда басқа адамға ауысады.

      Ескерту. 344-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

345-бап. Талап етуді беру шарттары

      1. Несие берушінің талап етуді басқа адамға беруіне жол беріледі, себебі ол заңдарға немесе шартқа қайшы келмейді.

      2. Егер несие берушінің жеке басының борышқор үшін елеулі маңызы болса, борышқордың келісімінсіз міндеттеме жөніндегі талап етуді беруге жол берілмейді.

346-бап. Талап етуді беру нысаны

      1. Жазбаша (жай немесе нотариалды) түрде жасалған мәмілеге негізделген талап етуді беру тиісті жазбаша түрде жасалуға тиіс.

      2. Мемлекеттік тіркеуді талап ететін мәміле бойынша талап етуді беру осы мәмілені тіркеу үшін белгіленген тәртіп бойынша тіркелуге тиіс.

      3. Ордерлі бағалы қағаз бойынша талап етуді беру осы бағалы қағаздағы индоссамент арқылы жасалады (осы Кодекстің 132-бабының 3-тармағы).

347-бап. Талап етуді берген несие берушінің жауапкершілігі

      Талап етуді берген бастапқы несие беруші жаңа несие берушінің алдында оған берілген талаптардың жарамсыздығы үшін жауап береді, бірақ бұл талапты борышқордың орындамағаны үшін бастапқы несие беруші жаңа несие берушінің алдында борышқор үшін кепіл болуды өзіне алғаннан басқа жағдайда, сондай-ақ егер осы Кодексте немесе шартта өзгеше көзделмесе, жауап бермейді.

      Ескерту. 347-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2003.06.03. № 426 Заңымен.

348-бап. Борыштың ауысуы

      1. Борышқордың өз борышын басқа адамға ауыстыруына тек несие берушінің келісімімен ғана жол беріледі.

      2. Жаңа борышқор несие берушімен бастапқы борышқордың арасындағы қатынастарға негізделген қарсылықтарын несие берушінің талабына қарсы қоюға құқылы.

      3. Борышты аудару нысанына тиісінше осы Кодекстің 346-бабының 1 және 2-тармақтарындағы ережелер қолданылады.

      4. Міндеттеменің жекелеген түрлері бойынша қарызды аудару ерекшеліктері заңдарда белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. 348-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

20-тарау. Міндеттеменің бұзылғандығы үшін жауаптылық

349-бап. Міндеттеменің бұзылғандығы ұғымы

      1. Міндеттемені орындамау, не тиісті дәрежеде орындамау (мезгілінде орындамау, тауарлар мен жұмыстарды толық орындамау, міндеттеме мазмұнында белгіленген басқа жағдайларды бұзып орындау) - тиісінше орындамау оның бұзылуы деп түсініледі. Тиісті дәрежеде орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда борышқор бұл туралы несие берушіге дереу хабарлауға міндетті.

      2. Міндеттемені бұзғандық үшін борышқорды жауапқа тарту несие берушінің талап етуі бойынша жүргізіледі.

350-бап. Міндеттеменің бұзылуынан туындаған залалдардың орнын толтыру

      1. Міндеттемені бұзған борышқор несие берушіге оның бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырып беруге міндетті (осы Кодекстің 9-бабының 4-тармағы). Айып төлеумен қамтамасыз етілген міндеттемедегі залалдың орнын толтыру осы Кодекстің 351-бабында көзделген ережелермен белгіленеді.

      2. Міндеттеменің бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырудан борышкерді босату жөніндегі міндеттеме бұзылғанға дейін қабылданған тараптардың келісімі маңызсыз болады, алайда тараптар өзара келісім бойынша мүліктегі нақты келтірілген зиянды ғана өндіріп алуды көздеуі мүмкін.

      3. Егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, залалды анықтаған кезде, міндеттеме орындалуға тиісті жерде, борышқор несие берушінің талабын өз ықтиярымен қанағаттандырған күні, ал егер талап ерікті түрде қанағаттандырылмаса, талап арыз берілген күні қолданылған баға назарға алынады. Мән-жай негізге ала отырып, сот шешім шығарған күні не нақты төлем төленген күні қолданылған бағаны назарға ала келіп, залалдың орнын толтыру туралы талапты қанағаттандыра алады.

      4. Айырылып қалған пайданың мөлшерін анықтаған кезде оны алу үшін несие беруші алдын ала қолданған шаралар және осы мақсатта жасалған дайындықтар ескеріледі.

      5. Егер мұның өзі міндеттемені бұзғаны үшін жауапкершіліктен жалтару мақсатымен жасалғанын дәлелдесе, несие беруші борышқордың, сондай-ақ оның мүлік иесінің кез келген іс-әрекетін жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

      Ескерту. 350-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

351-бап. Залалдар және айып төлеу

      1. Егер міндеттеменің орындалмағаны немесе тиісті дәрежеде орындалмағаны үшін айып төлеу белгіленсе, залалдар айып төлеумен жабылмаған бөлігінде өтеледі.

      Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта: залал толық сомасында тұрақсыздық айыбынан тыс өндіріп алынуы мүмкін; кредитордың таңдауы бойынша не тұрақсыздық айыбы, не шығын өндіріп алынуы мүмкін болатын жағдайлар көзделуі мүмкін.

      Міндеттеменің орындалмағаны немесе тиісінше орындалмағаны үшін тұрақсыздық айыбы ғана белгіленуі мүмкін болатын жағдайлар Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.

      2. Міндеттеменің орындалмағаны немесе тиісті дәрежеде орындалмағаны үшін шектелген жауаптылық белгіленген жағдайларда айып төлеу арқылы жабылмаған бөлігінде, не одан тыс, не оның орнына өтелуге жататын залал осындай шектелумен белгіленген шекке дейін өндіріп алынуы мүмкін.

      Ескерту. 351-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

352-бап. Міндеттеменің бұзылуынан келтірілген моральдық нұқсанды өтеу

      Міндеттеменің бұзылуынан келтірілген моральдық нұқсан осы Кодекстің 350-бабында көзделген залалдардан тыс өтеледі.

353-бап. Басқаның ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік

      1. Ақша міндеттемесін орындамау салдарынан біреудің ақшасын заңсыз пайдаланғаны не оларды төлеу мерзімін өткізіп жібергені, не оларды негізсіз алғаны немесе басқа адамның есебіне сақтағаны үшін тұрақсыздық айыпақы төленуге тиіс. Айыпақының мөлшері ақша міндеттемесін немесе оның тиісті бөлігін орындаған күнгі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген базалық мөлшерлеме негізінде есептеледі. Борышты сот тәртібімен өндіріп алу кезінде сот несие берушінің таңдауы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қуыным жасалған немесе шешім шығарылған немесе іс жүзінде төленген күнгі базалық мөлшерлемесін негізге ала отырып, несие берушінің талабын қанағаттандыра алады. Егер заңдарда немесе шартта айыпақының өзге мөлшері белгіленбесе, осы ережелер қолданылады.

      2. Басқаның ақшасын пайдаланғаны үшін айыпақы, егер заңдарда немесе шартта айыпақы сомаларын есептеудің өзге тәртібі белгіленбесе, бұл ақшаның сомасы несие берушіге төленген күнге дейін өндіріліп алынады.

      3. Егер несие берушінің ақшасын заңсыз пайдаланудан оған келтірілген залал осы баптың 1-тармағының негізінде оған тиесілі айыпақының сомасынан асып кетсе, ол борышқордан осы сомадан асатын бөлікте залалды өтеуді талап етуге құқылы.

      Ескерту. 353-бап жаңа редакцияда – ҚР 1997.07.11. № 154, өзгеріс енгізілді - 2007.01.12. № 225; 02.01.2021 № 399-VI (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

354-бап. Жауапкершілік және міндеттемені заттай орындау

      1. Міндеттеме тиісті дәрежеде орындалмаған жағдайда айып төлеу және залалдарды өтеу, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқорды міндеттемені орындаудан босатпайды.

      2. Міндеттеме орындалмаған жағдайда залалды өтеу және оны орындамағаны үшін айып төлеу, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқорды міндеттемені заттай орындаудан босатады.

      3. Мерзімі өтіп кеткендіктен өзі үшін енді керегі болмай қалған міндеттеменің орындалуынан несие берушінің бас тартуы (осы Кодекстің 365-бабы), сондай-ақ бас тарту төлемі ретінде белгіленген ақшалай соманы төлеу (осы Кодекстің 369-бабы) борышқорды міндеттемені заттай орындаудан босатады.

      Ескерту. 354-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

355-бап. Белгілі бір затты жеке беру міндеттемесін орындамаудың салдары

      1. Белгілі бір затты меншікке, шаруашылық жүргізуге, жедел басқаруға немесе несие берушінің пайдалануына жеке беру міндеттемесін орындамаған жағдайда, бұл затқа үшінші жақтың артықшылық құқығы болмаса, несие беруші оны борышқордан алып қоюды және несие берушіге беруді талап етуге құқылы.

      2. Затты беру борышқорды залалдың орнын толтырудан босатпайды.

356-бап. Міндеттемені борышқордың есебінен орындау

      Борышқор затты жасап, несие берушіге беру немесе оған белгілі бір жұмыс жасап беру немесе қызмет көрсету міндеттемесін орындамаған жағдайда заңдардан, шарттан немесе міндеттеменің мәнінен өзгеше туындамайтындықтан, несие беруші міндеттемені орындауды үшінші адамдарға ақылға қонымды бағаға ақылға қонымды мерзімде тапсыруға немесе оны өз күшімен орындауға және шыққан қажетті шығындар мен басқа залалдарды өтеуді борышқордан талап етуге құқылы.

357-бап. Субсидиялық жауапкершілік

      1. Заңдарға немесе міндеттеменің шарттарына сәйкес негізгі борышқор болып табылатын (субсидиялық жауапкершілік) басқа адамның жауапкершілігіне қосымша жауапты болатын адамға талап қойғанға дейін кепіл беруші талапты негізгі борышқорға қоюға тиіс.

      Егер негізгі борышқор несие берушінің талабын қанағаттандырудан бас тартса, не оны толық орындамаса немесе несие беруші одан қойылған талапқа ақылға қонымды мерзімде жауап алмаса, бұл талаптың орындалмаған бөлігі субсидиялық жауапкершілігі бар адамға қойылуы мүмкін.

      2. Егер бұл талап негізгі борышқорға қарсы қойылған талапқа жатқызу (осы Кодекстің 370-бабы) арқылы қанағаттандырылуы мүмкін болса, несие беруші өзінің негізгі борышқорға қоятын талабын субсидиялық жауапкершілігі бар адамның қанағаттандыруын талап етуге құқылы емес.

      3. Субсидиялық жауапкершілігі бар адам оған несие беруші қойған талапты қанағаттандыруға дейін бұл туралы негізгі борышқорға ескертуге, ал егер мұндай адамның үстінен талап арызы түссе, негізгі борышқорды іске қатыстыруға тиіс.

      Олай болмаған жағдайда негізгі борышқордың несие берушіге қарсы айтайын деген қарсылықтарын субсидиялық жауапкершілігі бар адамның регрестік талабына қарсы қоюға құқығы бар.

      Ескерту. 357-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

358-бап. Міндеттемелер жөніндегі жауапкершіліктің мөлшерін шектеу

      1. Міндеттеменің кейбір түрлері бойынша және қызметтің белгілі бір түрлеріне байланысты міндеттемелер бойынша заңдарда залалды толық өтеу құқығы шектелуі мүмкін (шектелген жауапкершілік).

      2. Егер міндеттемелердің осы түрі немесе осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілік мөлшері заңдармен белгіленген болса, қосылу шарты бойынша немесе тұтынушы ретіндегі азамат несие беруші болып табылатын өзге шарт бойынша борышқордың жауапкершілік мөлшерін шектеу жөніндегі келісім маңызсыз болады.

      Ескерту. 358-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.03.02. № 211; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

359-бап. Міндеттеменің бұзылғандығы үшін жауапкершілік негіздері

      1. Борышқор кінәлі болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, міндеттемені орындамағаны және (немесе) тиісті дәрежеде орындамағаны үшін жауап береді. Егер борышқор міндеттемені тиісті дәрежеде орындау үшін өзіне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кінәсіз деп танылады.

      2. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде міндеттемені орындамаған немесе тиісті дәрежеде орындамаған адам, егер бой бермейтін күштің, яғни осы жағдайлар кезіндегі төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары, төтенше жағдай және т.б.) салдарынан тиісті дәрежеде орындауға мүмкіндік болмағандығын дәлелдей алмаса, мүліктік жауаптылықты көтереді. Ондай мән-жайларға, атап айтқанда, міндеттемені орындау үшін қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе қызмет көрсетудің рынокта болмауы жатпайды.

      Заңдарда немесе шартта жауапкершіліктің және одан босатылудың өзге негіздері ескерілуі мүмкін.

      3. Міндеттемені әдейі бұзғаны үшін жауапкершілікті жою немесе шектеу туралы алдын ала жасалған шарт маңызсыз болады.

      Ескерту. 359-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2020 № 359-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

360-бап. Міндеттемедегі кәсіпкерлік тәуекел

      Егер міндеттемеде кәсіпкердің тапсырысы бойынша әлдебір жұмысты орындау көзделсе, жұмыстың нәтижесін пайдаланудың мүмкін еместігі немесе оны пайдаланудың тиімсіз болу тәуекелі кәсіпкерге жүктеледі. Жұмысты тиісті дәрежеде орындаған адам, егер шартта өзге кәсіпкерлік тәуекелді бөлу көзделмесе, орындау дәрежесіне сәйкес ақы алуға құқылы.

361-бап. Екіжақты шартты орындамаудың салдары

      Егер екіжақты шартта тараптардың бірде-бірі жауап бермейтін мән-жайдың салдарынан тараптардың біреуі үшін міндеттемені орындауға мүмкіншілік болмаса, заңда немесе шартта өзгеше көзделмегендіктен, шарттың орындалуын тараптардың ешқайсысының да талап етуге құқығы жоқ. Мұндай жағдайда тараптардың әрқайсысы өзі орындағанның бәрін қайтаруды тиісті қарсы орындауды алмай-ақ талап етуге құқылы.

362-бап. Борышқордың өз қызметкерлері үшін жауапкершілігі

      Борышқордың міндеттемесін орындау жөніндегі лауазымды адамдарының немесе өзге қызметкерлерінің әрекеттері борышқордың әрекеттері болып есептеледі. Борышқор бұл әрекеттер үшін, егер олар міндеттемені орындамауға немесе тиісті дәрежеде орындамауға әкеліп соқтырса, жауап береді.

363-бап. Борышқордың үшінші жақтардың әрекеттері үшін жауапкершілігі

      1. Үшінші жақтардың борышқор алдындағы өз міндеттеріне қатысты әрекеті не әрекетсіздігі міндеттемені бұзудың себебі болғанда да борышқор несие берушінің алдында жауап береді.

      Егер заңдарда тікелей орындаушы жауап береді деп белгіленбесе, борышқор несие беруші алдындағы өз міндетін жүктеген үшінші жақтардың әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін де жауап береді.

      2. Борышқор үшінші жақтардың әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен міндеттемені бұзғаны үшін жауапкершіліктен олардың кінәсіздігі дәлелденгеннен кейін босатылуы мүмкін.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде борышқор үшінші жақтардың әрекеттерінен немесе әрекетсіздігінен міндеттемені бұзғаны үшін жауапкершіліктен, егер оған дүлей күштер себепші болса, босатылады (осы Кодекстің 359-бабының 2-тармағы).

      3. Үшінші жақтардың құқықтарымен міндеттеме нысанасын ауырлатуға байланысты міндеттеме бұзылғанда, егер ондай ауырлату несие берушімен шарт жасасқанға дейін пайда болса және несие берушіге ол туралы шарт жасасу кезінде ескертілсе ғана, борышқор жауапкершіліктен босатылады.

      4. Заңдарда немесе шартта үшінші жақтардың әрекеттері үшін борышқор жауапкершілігінің өзге жағдайлары көзделуі мүмкін.

364-бап Несие берушінің кінәсі

      1. Егер міндеттеменің орындалмауы немесе тиісті дәрежеде орындалмауы екі тараптың да кінәсінен болса, сот оған сәйкес борышқор жауапкершілігінің көлемін азайтады. Сот, егер несие беруші міндеттеменің орындалмауынан немесе тиісті дәрежеде орындалмауынан келтірілген залал көлемінің ұлғаюына қасақана немесе абайсызда себепкер болса немесе олардың азаюына ақылға қонымды шаралар қолданбаса, борышқор жауапкершілігінің мөлшерін де азайтады.

      2. Борышкер заңдар немесе шарт бойынша өзінің кінәсіне қарамастан міндеттеменің орындалмағанына немесе тиісті дәрежеде орындалмағанына жауап беретін жағдайларда да осы баптың 1-тармағының ережелері тиісінше қолданылады.

      Ескерту. 364-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1998.03.02. № 211 Заңымен.

365-бап. Борышқордың мерзімді өткізіп алуы

      1. Міндеттеменің орындалу мерзімін өткізіп алған борышқор несие берушінің алдында мерзімді өткізіп алу арқылы келтірілген залал үшін және мерзімін өткізіп алу кезінде туындаған кездейсоқтықтан орындай алмауының салдары үшін жауап береді.

      2. Егер борышқордың мерзімді өткізіп алуы салдарынан міндеттемені орындау несие берушіге керексіз болып қалса, ол міндеттемені орындауды қабылдаудан бас тартып, залалды өтеуді талап ете алады.

      3. Несие берушінің мерзімді өткізіп алуы себепті міндеттеме әзірше орындала алмайтын болса, борышқор мерзімді өткізіп алушы болып саналмайды (осы Кодекстің 366-бабы).

366-бап. Несие берушінің мерзімді өткізіп алуы

      1. Егер несие беруші борышқор ұсынған тиісті дәрежедегі орындауды қабылдаудан бас тартса, немесе заңдарда немесе шартта көзделген, не іскерлік айналым дәстүрлерінен немесе аяқталғанға дейін борышқор өз міндетін атқара алмаған міндеттің мәнінен туындайтын әрекеттерді жасамаған болса, ол мерзімді өткізіп алған болып есептеледі.

      Борышқордың міндеттемені орындағанын тиісті түрде растаудан бас тартқан жағдайда да несие беруші мерзімді өткізіп алған болып есептеледі.

      2. Егер несие беруші мерзімді өткізіп алу, не өзі, не заңдар бойынша немесе несие берушінің тапсыруымен міндеттеменің орындалуын қабылдап алу жүктелген адамдар жауап бермейтін жағдайларға байланысты болғанын дәлелдеп бермесе, несие берушінің мерзімді өткізіп алуы борышқорға мерзімді өткізіп алудан келтірілген залалдың орнын толтыруға құқық береді.

      Мерзімді өткізіп алған несие берушіге мерзімді өткізіп алған кезде міндеттемені орындаудың кездейсоқ мүмкін болмай қалуының барлық қолайсыз салдары жүктеледі.

      3. Ақшалай міндеттеме бойынша борышқор несие берушінің мерзімді өткізіп алғаннан кейінгі уақытына сыйақы (мүдде) төлеуге міндетті емес.

      Ескерту. 366-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154 Заңымен.

21-тарау. Міндеттемені тоқтату

367-бап. Міндеттемені тоқтату негіздері

      1. Міндеттеме орындалса, талаптан бас тарту төлемі төленсе, борышты есепке жатқызылса, жаңғыртылса, борышты кешіру арқылы борышқор мен несие беруші бір тұлға болса, орындауға мүмкіндік болмаса, мемлекеттік органның құжаты шығарылса, азамат қайтыс болса, заңды тұлға таратылса, толық немесе ішінара тоқтатылады.

      2. Міндеттемені тараптардың біреуінің талабы бойынша тек заңдарда көзделген жағдайларда ғана тоқтатуға жол беріледі.

      3. Заңдар мен шартта міндеттемені тоқтатудың басқа да негіздері көзделуі мүмкін.

368-бап. Міндеттемені орындау арқылы тоқтату

      1. Міндеттеме тиісті дәрежеде орындалғанда тоқтатылады.

      2. Алынып тасталды - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.
      Ескерту. 368-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

369-бап. Бас тарту төлемі

      Тараптардың келісімі бойынша міндеттеме орындалудың орнына бас тарту төлемін беру (ақша төлеу, мүлік беру және т.б.) арқылы тоқтатылуы мүмкін. Бас тарту төлемінің мөлшерін, мерзімдерін және тәртібін тараптар белгілейді.

370-бап. Міндеттемені есепке жатқызу арқылы тоқтату

      1. Міндеттеме мерзімі жеткен, не мерзімі көрсетілмеген немесе мерзімі талап ету кезімен белгіленген біртектес қарсы талапты есепке жатқызу арқылы толық немесе бөлік-бөлігімен тоқтатылады. Есепке жатқызуға бір тараптың өтініші жеткілікті.

      2. Мына талаптарды:

      1) егер тараптардың бірінің өтініші бойынша талапқа заңды талап мерзімін қолдануға болса және ол мерзім өтіп кетсе;

      2) азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы;

      3) алимент өндіріп алу туралы;

      4) өмір бойы асырау туралы;

      4-1) егер кредитордың талабы талап ету құқығын басқаға беру шартынан (шарттарынан) туындайтын болса, лицензиядан айырылған не консервациялау немесе тарату (қызметін тоқтату) процесінде тұрған банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына қойылатын талаптарды;

      5) заңдарда немесе шартта көзделген басқа да жағдайларды есепке жатқызуға жол берілмейді.

      3. Талап өзгеге өткен жағдайда борышқор жаңа несие берушінің талабына қарсы өзінің бастапқы несие берушіге кері талабын есепке жатқызуға құқылы.

      Егер талап борышқор талап етуді беру туралы хабарды алған кездегі негізден туындаса және талап мерзімі оны алғанға дейін туса, не ол мерзім көрсетілмесе немесе талап ету кезімен белгіленсе, ол есепке жатқызылады.

      Ескерту. 370-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211, 2005.12.23 № 107 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.02.10 № 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

371-бап. Міндеттеменің борышқор мен несие берушінің бір тұлға болуы себепті тоқтатылуы

      Міндеттеме борышқор мен несие беруші бір тұлға болуы себепті тоқтатылады.

372-бап. Міндеттеменің жаңғыртылуға байланысты тоқтатылуы

      1. Міндеттеме тараптардың арасында болған бастапқы міндеттемені ауыстыру туралы келісіммен сол адамдардың арасындағы орындаудың өзге нысанасын немесе әдісін көздейтін басқа міндеттемемен (жаңғыртылуға байланысты) тоқтатылады.

      2. Азаматтың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі және алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерге қатысты жаңғыртылуға жол берілмейді.

      3. Жаңғыртылу, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, бастапқы міндеттемеге байланысты қосымша міндеттемелерді тоқтатады.

373-бап. Борышты кешіру

      Несие беруші борышқорды мойнына алған міндеттерінен босатқанда, егер бұл несие берушінің мүлкіне қатысты басқа адамдардың құқықтарын бұзбайтын болса, міндеттеме тоқтатылады.

374-бап. Орындауға мүмкіндік болмағандықтан міндеттеменің тоқтатылуы

      1. Егер мүмкіндіктің болмауы борышқор жауап бермейтін жағдайлардан туындаса, орындауға мүмкіндік болмағандықтан міндеттеме тоқтатылады. Бұл ереженің күші ақшалай міндеттемелерге қолданылмайды.

      2. Тараптың өзі де, екінші тарап та міндеттемені орындауға жауап бермейтін мән-жайдан тарап міндеттемені орындай алмайтын ретте, егер заңда немесе шартта өзгеше көзделмесе, бір тараптың екінші тараптан міндеттемені орындауды талап етуге құқығы жоқ. Бұл орайда міндеттемені орындаған әрбір тарап орындалғанды қайтаруды талап етуге құқылы.

      3. Борышқор несие берушінің әрекеттері кінәсінен міндеттемені орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда несие берушінің одан міндеттеме бойынша атқарғанын қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.

375-бап. Мемлекеттік органның құжаты негізінде міндеттеменің тоқтатылуы

      1. Егер жергілікті өкілді және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың құжат (жария құжат) шығаруы салдарынан міндеттемені толық немесе ішінара орындау мүмкін болмаса, міндеттеме толық немесе тиісті бөлігінде тоқтатылады. Осының салдарынан залал шеккен тараптар осы Кодекске сәйкес олардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

      2. Міндеттеменің тоқтатылуына негіз болған жария құжат белгіленген тәртіп бойынша жарамсыз деп танылған жағдайда, егер тараптардың келісімінен немесе міндеттеменің мәнінен өзгеше жағдай туындамайтын болса және міндеттеменің орындалуына несие берушінің мүдделігі жоғалмаса, міндеттеме қайтадан қалпына келтіріледі.

376-бап. Азаматтың қайтыс болуымен міндеттеменің тоқтатылуы

      1. Егер міндеттемені орындау борышқордың жеке өзінің қатысуынсыз жүргізілмейтін болса не міндеттеме басқаша түрде борышқордың жеке басымен ажырамастай байланысты болса, борышқордың қайтыс болуымен міндеттеме тоқтатылады.

      2. Егер міндеттемені орындау несие берушінің жеке өзіне арналса, не міндеттеме басқаша түрде борышқордың жеке басымен ажырамастай байланысты болса, несие берушінің қайтыс болуымен міндеттеме тоқтатылады.

377-бап. Заңды тұлғаның таратылуымен міндеттеменің тоқтатылуы

      1. Таратылған заңды тұлғаның міндеттемесін орындау заңдармен басқа заңды тұлғаға (азаматтың өмірі мен денсаулығына зиян келуі салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша) жүктелген жағдайлардан басқа реттерде, міндеттеме заңды тұлға (борышқор немесе несие беруші) таратылғанда тоқтатылады.

      2. Жергілікті өкілді және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қызметін тоқтату немесе оларды қайта құру осы органдар орындамаған міндеттемелерді тоқтатуға әкеліп соқтырмайды. Егер тиісті органдардың қызметін тоқтату немесе оларды қайта құру туралы шешімде міндеттемені орындау жүктелетін өзге мемлекеттік орган айқындалмаған болса, көрсетілген міндеттемелерді орындау қарамағында бюджет қаражаты бар органға жүктеледі.

      Ескерту. 377-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бөлімше. Шарт туралы жалпы ережелер
22-тарау. Шарт ұғымы және оның ережелері

378-бап. Шарт ұғымы

      1. Екі немесе одан көп адамның азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келісімі шарт деп танылады.

      2. Шартқа осы Кодекстің 4-тарауында көзделген екіжақты және көпжақты мәмілелер туралы ережелер қолданылады.

      3. Екіден көп тараптармен жасалатын шарттарға (көпжақты шарттар), егер бұл осындай шарттардың көпжақтылық сипатына қайшы келмесе, шарт туралы жалпы ережелер қолданылады.

379-бап. Шарттан туындайтын құқықтық қатынастар

      1. Шарттан міндеттемелік, заттық, авторлық немесе өзге құқықтық қатынастар туындауы мүмкін.

      2. Шарттан туындаған міндеттемелерге, осы тараудың ережелерінде және осы Кодексте аталған шарттардың кейбір түрлері туралы ережелерінде өзгеше көзделмегендіктен, міндеттемелер жөніндегі жалпы ережелер қолданылады (осы Кодекстің 268-377-баптары).

      3. Шарттан (бірлескен қызмет туралы шарт, құрылтай шарты, авторлық шарт және басқалар) туындайтын заттық, авторлық немесе өзге де құқықтық қатынастарға, егер заңдардан, шарттан немесе құқықтық қатынастардың мәнінен өзгеше туындамаса, осы тараудың ережелері қолданылады.

380-бап. Шарт еркіндігі

      1. Азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерікті. Осы Кодексте, заңдарда немесе өз еркімен қабылдаған міндеттемеде шарт жасасу міндеті көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берілмейді.

      1-1. Жеке, заңды тұлғаның және (немесе) қызметін бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес жүзеге асыратын тұлғаның (жай серіктестік, консорциум) салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдегі немесе жеке тұрғын үйлер кешеніндегі пәтерге және (немесе) тұрғын емес үй-жайға немесе жеке тұрғын үйге, немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы олардың үлесіне меншік құқығын немесе өзге де заттай құқықтарын иемденуге байланысты кез келген шарттарды "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтамай жасасуға тыйым салынады.

      2. Тараптар заңдарда көзделген шартты да, көзделмеген шартты да жасаса алады.

      Ескерту. 380-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.06.2025 № 204-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

381-бап. Аралас шарт

      Тараптар заңдарда көзделген түрлі шарттардың элементтері бар шарт жасаса алады (аралас шарт). Тараптардың аралас шарт бойынша қатынастарына, егер тараптардың келісімінен немесе аралас шарттың мәнінен өзгеше туындамаса, аралас шартта элементтері бар шарттар туралы заңдардың тиісті бөліктері қолданылады.

382-бап. Шарт жағдайларын анықтау

      1. Тиісті шарттың мазмұны, заңдармен жазылған жағдайлардан басқасында, шарт ережелері тараптардың өз қалауы бойынша белгіленеді.

      Шарттың ережесі заңдарға сәйкес қолданылатын қалыппен көзделген реттерде, егер тараптардың келісімімен өзгеше (диспозитивтік қалып) белгіленбесе, тараптар өздерінің келісімдерімен қалыптың қолданылуын жоя алады немесе сол қалыпта көзделгеннен өзгеше жағдайды белгілей алады.

      2. Егер шарттың ережесін тараптар немесе диспозитивтік қалып белгілемеген болса, тиісті жағдайлар тараптардың қатынастарында қолданылатын іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтармен белгіленеді.

383-бап. Шарт және заңдар

      1. Шарт тараптар үшін оны жасасу кезінде қолданылып жүрген заңдармен белгіленген міндетті ережелерге (императивтік қалыптарға) сәйкес келуге тиіс.

      2. Егер шарт жасалғаннан кейін шарт жасалған кезде қолданылып жүрген ережелерден өзгеше, тараптар үшін міндетті ережелер заңдармен белгіленген болса, жасалған шарттың ережелері оның күні бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға да қолданылады деп заңдармен белгілегендегіден басқа жағдайларда, өз күшін сақтайды.

384-бап. Ақылы және ақысыз шарт

      1. Шарт бойынша тарап өз міндеттемелерін орындағаны үшін ақы алуы немесе бір-біріне бір нәрсе беруі керек болса, бұл ақылы шарт болып табылады.

      2. Бір тарап екінші тарапқа одан ақы алмай немесе ешнәрсе бермей бір нәрсені ұсынуды міндетіне алған шарт ақысыз шарт болып табылады.

      3. Егер заңдардан, шарттың мазмұнынан немесе мәнінен өзгеше туындамаса, шарт ақылы болуы мүмкін.

385-бап. Баға

      1. Шарттың орындалуы тараптардың келісімімен белгіленген баға бойынша төленеді.

      Заңдарда көзделген жағдайларда оған уәкілдік берілген мемлекеттік органдар белгілейтін немесе реттейтін баға (тарифтер, бағалар, ставкалар және т.б.) қолданылады.

      2. Шарт жасалғаннан кейін бағаны өзгертуге шартта, заңдарда көзделген реттер мен жағдайларда немесе заңдарда белгіленген тәртіп бойынша жол беріледі.

      3. Ақылы шартта баға көзделмеген және шарт ережелерін негізге ала отырып оны анықтау мүмкін болмаған реттерде шартты орындау шарт жасасу кезінде осыған ұқсас жағдайларда әдетте осы сияқты тауарлар, жұмыс немесе қызмет үшін алынатын баға бойынша жүргізілуге тиіс деп есептеледі.

386-бап. Шарттың қолданылуы

      1. Шарт оны жасасқан кезден бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болып табылады (осы Кодекстің 393-бабы).

      2. Тараптар өздері жасасқан шарттың ережелері олардың шартты жасасуға дейін пайда болған қатынастарына қолданылатындығын белгілеуге құқылы.

      3. Егер заңдарда немесе шартта шарттың қолданылу мерзімі көзделсе, осы мерзімнің аяқталуы, шарт бойынша тараптар міндеттемелерінің тоқтатылуына әкеліп соқтырады.

      Қолданылу мерзімі көрсетілмеген шарт тараптардың онда белгіленген міндеттемелерді орындауы аяқталып біткен кезге дейін қолданылады деп танылады.

      4. Шарттың қолданылу мерзімінің аяқталуы тараптарды осы мерзім біткенге дейін орын алып келген шартты бұзғандық үшін жауапкершіліктен босатпайды.

387-бап. Жария шарт

      1. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғамен жасалған және мұндай тұлға өз қызметінің сипатына қарай оған жүгінетін әркімге қатысты жүзеге асырылуға тиіс тауарларды сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету (бөлшек сауда, көпшілік пайдаланатын көлікпен тасымалдау, байланыс қызметі, энергиямен жабдықтау, медицина, қонақүй қызметін көрсету және т.б.) жөніндегі оның міндеттемелерін белгілейтін шарт жария шарт деп танылады.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаның, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, жария шарт жасасуға қатысты бір тұлғаға басқалардың алдында артықшылық көрсетуге құқығы жоқ.

      2. Тұтынушылардың кейбір категорияларына жеңілдік беруге заңдармен жол берілетін жағдайларды қоспағанда, тауарлардың, жұмыс пен қызметтің бағасы, сондай-ақ жария шарттың өзге ережелері тұтынушылардың бәріне бірдей болып белгіленеді.

      3. Тұтынушыға тиісті тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) ұсыну мүмкіндігі бола тұра кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаның жария шарт жасасудан бас тартуына жол берілмейді.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлға жария шарт жасасудан негізсіз жалтарған кезде осы Кодекстің 399-бабының 4-тармағында көзделген ережелер қолданылады.

      4. Заңдарда көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі жария шарттарды жасау және орындау кезінде тараптар үшін міндетті ережелер (үлгі шарттар, ережелер және т.б.) шығаруы мүмкін.

      5. Жария шарттың осы баптың 2 және 4-тармақтарында белгіленген талаптарына сәйкес келмейтін ережелері маңызсыз болып табылады.

      Ескерту. 387-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.11 № 154 Заңымен; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

388-бап. Шарттардың үлгі ережелері

      1. Шартта оның кейбір ережелері осындай шарттар үшін әзірленген және баспада басылып шыққан үлгі ережелермен белгіленетіні көзделуі мүмкін.

      2. Шарттың мазмұнында үлгі ережелерге сілтеме болмаған жағдайларда, осындай үлгі ережелер, егер олар осы Кодекстің 3 және 382-баптарымен белгіленген талаптарға сай келетін болса, тараптардың қатынастарына іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтар ретінде қолданылады.

      3. Үлгі ережелер үлгі шарт немесе мазмұнында осы ережелер бар өзге құжат нысанында жазылуы мүмкін.

389-бап. Қосылу шарты

      1. Ережелерін тараптардың біреуі формулярларда немесе өзге стандартты нысандарда белгілеген және басқа тарап оны ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолы деп қабылдай алатын шарт қосылу шарты деп танылады.

      1-1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңында қосылу шартын жасасу ерекшеліктері және оның мазмұнына қойылатын талаптар көзделуі мүмкін.

      2. Егер қосылу шарты заңдарға қайшы келмегенімен, бұл тарапты осындай шарттар бойынша берілетін құқықтардан айыратын болса немесе міндеттемені бұзғаны үшін басқа тараптың жауапкершілігін жоятын немесе шектейтін болса не қосылған тарап үшін онда анық қиындық келтіретін, шарттың талаптарын белгілеуге қатысатын мүмкіндігі болып тұрғанда өзінің ақылға қонымды түсінілетін мүдделерін негізге ала отырып қабылдамай-ақ қоятын талаптары болса, шартқа қосылған тарап шартты бұзуды талап етуге құқылы.

      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген мән-жайлар болған кезде, өзінің кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруына байланысты шартқа қосылған тараптың шартты бұзу туралы қойған талабы, егер қосылған тарап шарттың қандай жағдайларда жасалғанын білсе немесе білуге тиіс болса, қанағаттандырылуға жатпайды.

      Ескерту. 389-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

390-бап. Алдын ала жасалатын шарт

      1. Алдын ала жасалатын шарт бойынша тараптар алдын ала жасалатын шартта көзделген жағдайларда мүлік беру, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету туралы болашақта шарт (негізгі шарт) жасасуға міндеттенеді.

      2. Алдын ала шарт негізгі шарт үшін заңнамада белгіленген нысанда, ал егер негізгі шарт нысаны белгіленбесе, онда жазбаша нысанда жасалады. Алдын ала шарт нысаны туралы қағидаларды сақтамау оның маңызсыздығына алып келеді.

      3. Алдын ала жасалатын шартта негізгі шарттың мәнін, сондай-ақ басқа да елеулі жағдайларын белгілеуге мүмкіндік беретін ережелер болуға тиіс.

      4. Алдын ала жасалатын шартта тараптар негізгі шартты жасасуға міндеттенетін мерзім көрсетіледі.

      Егер алдын ала жасалатын шартта мұндай мерзім белгіленбесе, олар көздеген шарт алдын ала жасалған кезден бастап бір жыл ішінде жасалуға тиіс.

      5. Алдын ала шарт жасасқан тарап өзі көздеген шартты жасасудан жалтарған реттерде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы арқылы келтірілген залалды екінші тарапқа өтеуге міндетті.

      6. Алдын ала жасалатын шартта көзделген міндеттемелер, егер тараптар негізгі шартты жасасуға тиіс мерзім біткенге дейін ол жасалмаса не тараптардың бірі екінші тарапқа бұл шартты жасасуға ұсыныс жібермесе, тоқтатылады.

      7. Егер ниеттер туралы хаттамада (ниеттер туралы шартта) тараптардың оған алдын ала жасалатын шарт күшін беру ниеттері тікелей көзделмесе, ол азаматтық-құқықтық шарт болып табылмайды және оның орындалмауы заңдық зардаптарға әкеліп соқтырмайды.

      8. Жеке, заңды тұлғаның және (немесе) қызметін бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес жүзеге асыратын тұлғаның (жай серіктестік, консорциум) салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдегі немесе жеке тұрғын үйлер кешеніндегі пәтерге және (немесе) тұрғын емес үй-жайға немесе жеке тұрғын үйге, немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы олардың үлесіне меншік құқығын немесе өзге де заттай құқықтарын иемденуге байланысты алдын ала шарттарды "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтамай жасасуға тыйым салынады.

      Ескерту. 390-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 204-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

391-бап. Үшінші жақтың пайдасына жасалатын шарт

      1. Тараптар несие берушіге емес, шартта көрсетілген немесе көрсетілмеген және борышқордан міндеттемені өзінің пайдасына орындауды талап етуге құқығы бар үшінші жаққа борышқор орындап беруге міндетті деп көрсеткен шарт үшінші жақтың пайдасына жасалған шарт болып танылады.

      2. Егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, үшінші жақ борышқорға шарт бойынша өз құқығын пайдалану ниетін білдірген кезден бастап тараптар өздері жасасқан шартты үшінші жақтың келісімінсіз бұза алмайды немесе өзгерте алмайды.

      3. Борышқор шартта өзінің несие берушіге қарсы қоя алатындай қарсылықтарын үшінші жақтың талаптарына қарсы қоюға құқылы.

      4. Үшінші жақ шарт бойынша өзіне берілген құқықтан бас тартқан ретте несие беруші, егер заңдарға және шартқа қайшы келмесе, бұл құқықты пайдалана алады.

      5. Үшінші тұлға шарт бойынша өз құқығын пайдалану ниетін білдірген кезден бастап және үшінші тұлға өз құқығынан бас тартқан кезге дейін кредитор шарт талаптарына сәйкес борышкерден үшінші тұлғаның пайдасына міндеттемелерді орындауды ғана талап етуге құқылы.

      Ескерту. 391-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

392-бап. Шартты түсіндіру

      1. Сот шарт ережелерін түсіндірген кезде ондағы сөздер мен сөйлемдердің сөзбе-сөз мәні ескеріледі. Шарт ережесінің сөзбе-сөз мәні түсініксіз болған ретте ол бүкіл шарттың басқа ережелерімен және мағынасымен салыстыру арқылы анықталады.

      2. Егер осы баптың бірінші тармағындағы ережелермен шарт мазмұнын анықтау мүмкін болмаса, шарт мақсатын ескере отырып тараптардың шын мәніндегі ортақ еркі анықталуға тиіс. Бұл орайда шарт жасасу алдындағы келіссөздер мен хат жазысуды, тараптардың өзара қатынастарында орныққан тәжірибені, іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтарды, талаптардың бұдан кейінгі мінез-құлқын қоса алғанда, тиісті мән-жайлардың бәрі ескеріледі.

23-тарау. Шарт жасасу

393-бап. Шарттың елеулі ережелері

      1. Тараптар арасында шарттың барлық елеулі ережелері бойынша тиісті жағдайларда талап етілетін нысанда келісімге қол жеткен кезде шарт жасалды деп есептеледі.

      Шарттың мәні туралы ережелер, заңдарда елеулі деп танылған немесе шарттардың осы түрі үшін қажетті ережелер, сондай-ақ бір тараптың мәлімдеуі бойынша келісімге қол жеткізуге тиісті барлық ережелер елеулі ережелер болып табылады.

      2. Егер шарт жасасу үшін заңдарға сәйкес мүлікті беру қажет болса, шарт тиісті мүлік берілген кезден бастап жасалды деп есептеледі.

394-бап. Шарттың нысаны

      1. Егер тараптар белгілі бір нысанда шарт жасасуға уағдаласса, заң бойынша шарттардың осы түрі үшін бұл нысан талап етілмесе де, шарт оған уағдаласқан нысан берілген кезден бастап жасалды деп есептеледі.

      2. Егер шарт жасасу жөніндегі жазбаша ұсыныс осы Кодекстің 396-бабының 3-тармағында көзделген тәртіп бойынша қабылданса, шарттың жазбаша нысаны сақталған деп есептеледі.

395-бап. Оферта

      1. Шарт жасасу туралы бір немесе бірнеше нақты жақтарға жасалған ұсыныс, егер ол жеткілікті дәрежеде айқын болып, ұсыныс жасаған жақтың ол қабылданған жағдайда (акцепт) өзін сонымен байланысты деп есептеу жөніндегі ниетін көрсетсе, оферта деп танылады. Егер ұсыныста шарттың елеулі ережелері немесе оларды анықтау тәртібі көрсетілсе, ол жеткілікті дәрежеде айқын деп табылады.

      2. Оферта оны жіберген жақ ол алушының қолына тигеннен бастап байланысты етіп қояды.

      Егер офертаны қайтарып алу туралы хабар офертаның өзінен бұрын немесе онымен қатар келсе, оферта алынбаған болып есептеледі.

      3. Егер офертаның өзінде өзгеше айтылмаса не ұсыныстың мәнінен немесе ол жасалған жағдайдан туындамаса, алушының қолына тиген офертаны оның акцепті үшін белгіленген мерзім ішінде қайтарып алуға болмайды.

      4. Жарнама және беймәлім адамдар тобына жіберілген өзге де ұсыныстар, егер ұсыныста тікелей өзгеше көрсетілмесе, оферта жасасуға шақыру ретінде қаралады.

      5. Ұсыныс жасаушы жақтың кез келген хабарлаушысымен ұсыныста көрсетілген жағдайларда шарт жасасу еркі көрінетін, шарттың барлық елеулі ережелері бар ұсыныс оферта (жария оферта) деп танылады.

396-бап. Акцепт

      1. Оферта жолданған жақтың оны қабылдағаны туралы жауабы акцепт деп танылады.

      Акцепт толық әрі бұлтарыссыз болуға тиіс.

      2. Егер заңнан, іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтардан немесе тараптардың бұрынғы іскерлік қатынастарынан өзгеше туындамаса, жауап қайтармау акцепт болып табылмайды.

      3. Офертаны алған жақтың оның акцепті үшін белгіленген мерзімде онда көрсетілген шарт ережелерін орындау жөнінде жасаған әрекеттері (тауарлар тиеп жөнелту, қызмет көрсету, жұмыс орындау, тиісті соманы төлеу және т.б.), егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе офертада көрсетілмесе, акцепт деп есептеледі.

      4. Егер акцепті қайтарып алу туралы хабар оферта жіберген жаққа акцептің өзінен бұрын немесе онымен қатар келсе, акцепт алынбаған болып есептеледі.

397-бап. Шарт жасасу тәртібі

      1. Офертада акцептіге арналған мерзім көрсетілген жағдайда, егер оферта жіберген жақ акцепті онда көрсетілген мерзім ішінде алса, шарт жасалған болып есептеледі.

      2. Жазбаша не электрондық офертада акцептіге арналған мерзім қамтылмаған кезде, егер оферта жіберген тұлға акцептіні – заңнамада белгіленген мерзім аяқталғанға дейін, ал егер ондай мерзім белгіленбесе, оны ол үшін қажетті қалыпты уақыт ішінде алса, шарт жасалған болып есептеледі.

      Оферта акцептіге арналған мерзім көрсетілмей ауызша жасалған жағдайда, егер екінші тарап оның акцепті туралы дереу мәлімдесе, шарт жасалған болып есептеледі.

      3. Егер оферта жіберген тарап екінші тарапқа акцепті кеш алғаны туралы дереу хабарламаса, акцепт туралы мерзімінде жіберілген хабар кешіктіріліп алынған жағдайда, акцепт кешіктірілген болып есептелмейді.

      Егер оферта жіберген тарап екінші тарапқа оның кешіктіріліп алынған акцепті қабылданғаны туралы дереу хабарласа, шарт жасалған болып есептеледі.

      4. Офертада ұсынылғаннан өзге жағдайларда шарт жасасуға келіскендік туралы жауап акцепт болып табылмайды.

      Мұндай жауап офертадан бас тарту және сонымен бірге жаңа оферта деп танылады.

      Ескерту. 397-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

398-бап. Шарт жасасатын жер

      Егер шартта оны жасасатын жер көрсетілмесе, шарт азаматтың тұрғылықты жерінде немесе оферта жіберген заңды тұлғаның орналасқан жерінде жасалған болып танылады.

399-бап. Шартты міндетті түрде жасасу

      1. Осы Кодекске немесе өзге заңдарға сәйкес шарт жасасу тараптардың бірі үшін міндетті болған реттерде, бұл тарап екінші тарапқа акцепт туралы, не акцепттен бас тартатыны туралы немесе офертаға (шарт жобасына) өзгеше жағдайларға акцепт жасалатыны туралы (шарт жобасына келіспеушілік хаттамасы), егер заңдарда өзге мерзім белгіленбесе, не тараптар келіспеген болса, офертаны алған күннен бастап отыз күннің ішінде хабар жіберуі тиіс.

      2. Офертаны жіберген және шартты жасасуға міндетті тараптан оған өзге жағдайлармен акцепт жасау туралы хабар (шарт жобасына келіспеушілік хаттамасын) алған тарап шарт жасасу кезінде пайда болған келіспеушілікті осындай хабар алған күннен бастап отыз күн ішінде, не акцептіге арналған мерзім өткен соң, егер заңдарда шарттардың жекелеген түрлері туралы өзге мерзім белгіленбесе, соттың қарауына беруге құқылы.

      3. Егер шарт жасасуға міндетті тарап жіберген шарт жобасына отыз күн мерзімде шарт жобасына келіспеушілік хаттамасы алынса, бұл тарап екінші тарапқа шартты сол редакциясында қабылдайтыны туралы, не келіспеушілік хаттамасын қабылдамайтыны туралы келіспеушілік хаттамасын алған күннен бастап отыз күн ішінде хабарлауға міндетті.

      Келіспеушілік хаттамасын қабылдамаған не оны көрсетілген мерзімде қарау нәтижелері туралы хабарды алмаған жағдайда келіспеушілік хаттамасын жіберген тарап, егер заңдарда шарттардың жекелеген түрлері туралы өзгеше белгіленбесе, шарт жасасу кезінде пайда болған келіспеушіліктерді соттың қарауына беруге құқылы.

      4. Егер осы Кодекске немесе өзге де заңдарға сәйкес шарт жасасуға міндетті тарап оны жасасудан жалтарса, екінші тарап шарт жасасуға мәжбүр ету туралы талап қойып сотқа жүгінуге құқылы.

      Шарт жасасудан негізсіз жалтаратын тарап екінші тарапқа шарт жасасудан бас тарту туғызған залалдың орнын толтыруға тиіс.

400-бап. Шарт жасасу алдындағы даулар

      Осы Кодекстің 399-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген реттерде, сондай-ақ шарт жасасу кезінде туындаған келіспеушіліктер тараптардың келісуімен соттың қарауына берілген болса, шарттың тараптар келіспеген ережелері сот шешіміне сәйкес белгіленеді.

24-тарау. Шартты өзгерту және бұзу

401-бап. Шартты өзгерту және бұзу негіздері

      1. Егер осы Кодексте, басқа да заңдар мен шартта өзгеше көзделмесе, шарт тараптардың келісуімен өзгертілуі және бұзылуы мүмкін.

      2. Тараптардың біреуінің талабы бойынша шарт:

      1) екінші тарап шартты едәуір бұзған кезде;

      2) осы Кодексте, басқа да заңдарда немесе шартта көзделген өзге реттерде тек сот шешімімен өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін.

      Тараптардың біреуі шартты бұзып, ол екінші тарап шарт жасасу кезінде үміт артуға құқылы болғанынан едәуір дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуір дәрежеде бұзылуы деп танылады.

      3. Шартты орындаудан біржақты бас тартылған жағдайда (шарттан тиісінше ішінара немесе толығымен бас тарту (осы Кодекстің 404-бабы) шарт өзгертілді немесе бұзылды деп есептеледі.

      Ескерту. 401-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

402-бап. Шартты өзгерту және бұзу тәртібі

      1. Шартты өзгерту және бұзу тәртібі туралы келісім, егер заңдардан, шарттан немесе іскерлік қызмет өрісіндегі әдеттегі құқықтардан өзгеше туындамаса, шарт жасалатын сияқты нысанда жасалады.

      2. Шартты өзгертуге немесе бұзуға ұсыныстан екінші тараптың бас тартуы алынғаннан кейін, не ұсыныста көрсетілген немесе заңдарда не шартта белгіленген мерзімде, ал ондай мерзім болмаған кезде отыз күн мерзімде жауап алынбағаннан кейін ғана тарап шартты өзгерту немесе бұзу туралы талапты сотқа мәлімдей алады.

403-бап. Шартты бұзу және өзгерту салдары

      1. Шартты бұзу кезінде тараптардың міндеттемелері тоқтатылады.

      2. Шарт өзгертілген кезде тараптардың міндеттемелері өзгертілген түрінде қолданыла береді.

      3. Шарт бұзылған немесе өзгертілген ретте, егер тараптардың келісуімен немесе шарттың өзгеру сипатынан өзгеше туындамайтын болса, міндеттемелер шартты өзгерту немесе бұзу туралы тараптар келісімге келген кезден бастап, ал шарт сот тәртібімен бұзылған немесе өзгертілген жағдайда - шартты бұзу немесе өзгерту туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезден бастап тоқтатылған немесе өзгертілген болып есептеледі.

      4. Егер заңдарда немесе тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, тараптардың шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін міндеттеме бойынша өздері атқарған жұмысты қайтарып беруді талап етуге құқығы жоқ.

      5. Егер шартты бұзуға немесе өзгертуге бір тараптың шартты едәуір бұзғаны негіз болса, екінші тарап шарттың бұзылуынан немесе өзгертілуінен келтірілген залалдың орны толтырылуын талап етуге құқылы.

      Ескерту. 403-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1998.03.02 № 211 Заңымен.

404-бап. Шартты орындаудан біржақты бас тарту (шарттан бас тарту)

      1. Шартты орындаудан біржақты бас тартуға (Шарттан бас тартуға) осы Кодексте, өзге де заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген жағдайларда жол беріледі.

      2. Тараптардың бірі, атап айтқанда:

      1) шартқа негізделген міндеттемені орындау мүмкін болмаған (осы Кодекстің 374-бабы);

      2) егер Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңында өзгеше белгіленбесе, белгіленген тәртіппен екінші тарапты банкрот деп таныған;

      3) шарт жасалғанда негізге алынған мемлекеттік органның актісі өзгертілген немесе күші жойылған жағдайларда шартты орындаудан бас тартуға құқылы.

      3. Егер заңдарда немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шарт мерзімі көрсетілмей жасалған жағдайда шартты орындаудан біржақты бас тартуға жол беріледі.

      4. Егер осы Кодексте, басқа да заңдарда немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шартты орындаудан біржақты бас тартылған жағдайда бір тарап бұл туралы екінші тарапқа бір айдан кешіктірмей ескертуге тиіс.

      Ескерту. 404-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.03.02 № 211; өзгеріс енгізілді - ҚР 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

405-бап. Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту

      Тараптар шарттың қолданылуын жаңа мерзімге ұзартуға құқылы.

      Шарттың қолданылу мерзімі осы Кодекстің 397-бабының ережелері бойынша ұзартылады.

      Қазақстан Республикасының
Президенті