Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 ақпандағы N 172 Қаулысы.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 607 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Жер кодексі 13-бабының 3-2) тармақшасына және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.01.2026 № 22 қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 607 қаулысымен.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 17 ақпандағы
№ 172 қаулысымен
бекітілген

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне кері ауыстыру қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 03.09.2021 № 607 қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Жер кодексі 13-бабының 3-2) тармақшасына, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 4) тармақшасына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру және босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру тәртібін айқындайды.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша:

      1) ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған кезде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының объектілерін және қорғаныс мұқтажы үшін объектілерді салу, жайластыру, олардың жұмыс істеуі үшін;

      2) ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған кезде стратегиялық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды, сел ағындарынан, қар көшкіндерінен, көшкіндерден қорғайтын өзге де қорғаныш құрылысжайларын салу және олардың жұмыс істеуі және сейсмологиялық станциялар желісін кеңейту үшін шаруашылық қызметтің шектеулі режимі белгіленген жер учаскелерін ғана;

      3) "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында және 3-тармағының 1), 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан жер учаскелерін қоспағанда, Заңның 84-2-бабының 1-тармағына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру үшін және шаруашылық қызметтің шектеулі режимі белгіленген жер учаскелерін ғана;

      4) алып тасталды - ҚР Үкіметінің 19.01.2026 № 22 қаулысымен;

      5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанға және кеңейтілгенге дейін жұмыс істеген денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары, қолданыстағы зираттар, кәріздік тазарту құрылысжайлары, электр беру желілері объектілерінің нысаналы мақсатын өзгертпей, оларды пайдалану үшін босалқы жерге ауыстыру жағдайларын қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыруға жол берілмейді.

      Бұл ретте, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтарға бөлінуін осы Қағидалардың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген мақсаттар үшін шектеулі шаруашылық қызмет режимін белгілеу мақсатында түзетуге жол берілмейді.

      Учаскеде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес қатты пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есеппен расталған барлауға арналған келісімшарт немесе қатты пайдалы қазбалардың кен орнын барлауға арналған лицензия бойынша барлау не геологиялық бөлу учаскесі шегінде орналасқан жер қойнауының табылуы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін осы Қағидалардың 1-тармағы екінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес қатты пайдалы қазбаларды өндіру үшін босалқы жерге ауыстыруға негіз болып табылады.

      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін осы Қағидалардың 1-тармағы екінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіру мақсаттары үшін ауыстырған кезде:

      жер қойнауын пайдаланушының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ауыстырылатын учаске алаңының екі еселенген мөлшерінде орман дақылдарын өтемдік отырғызу, сондай-ақ жұмыстар аяқталғаннан кейін пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесінің құнарлы қабатын қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабылдауы;

      экологиялық әсерге бағалау жүргізу;

      мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының болуы;

      тиісті әкімшілік-аумақтық пункттерде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан елді мекендерде кеңінен қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, олардың бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуі өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуді бастау шарттары болып табылады.

      Бұл ретте жер учаскесін үшінші тұлғаларға немесе кепілге беруге жол берілмейді.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.01.2026 № 22 қаулысымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының объектісі (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара объектісі) – шекара қызметінің бөлімшелері орналасқан, инженерлік-техникалық құрылыстар мен тосқауылдарды, шекаралық белгілерді, шекаралық соқпақ жолдарды, коммуникацияларды және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін жайластыруға және күтіп ұстауға арналған орын;

      2) стратегиялық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар – тікелей су объектілерінде орналасқан немесе су ресурстарын бассейнаралық ағызуды жүзеге асыратын, иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) билік ету Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін және мемлекеттің, халықтың және қоршаған ортаның орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге енгізілген мемлекетаралық су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайлар не су шаруашылығы құрылыстары мен гидротехникалық құрылысжайлар;

      3) қорғаныс мұқтажы үшін объектілер – Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға қажет ғимараттар, құрылыстар, объектілер және басқа да мүлік;

      4) қатты пайдалы қазбалар – жер қойнауында немесе жер бетінде қатты күйде болатын табиғи минералдық түзілімдер, органикалық заттар мен олардың қоспалары.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.01.2026 № 22 қаулысымен.

2-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру тәртібі

      3. Ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары (орындары) болмауы бөлігінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды, сел ағындарынан, қар көшкіндерінен, көшкіндерден қорғайтын өзге де қорғаныш құрылысжайларын орналастыру және сейсмологиялық станциялар желісін, Мемлекеттік шекараның объектілерін, қорғаныс мұқтажы үшін объектілерді, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанға және кеңейтілгенге дейін жұмыс істеген денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, қолданыстағы зираттардың, кәріздік тазарту құрылысжайларының, электр беру желілерінің объектілерін (бұдан әрі – объектілер) кеңейту орындары, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақта табылған кен орнында қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру орындары ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) келісіледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.01.2026 № 22 қаулысымен.

      4. Уәкілетті орган салынуы мен жұмыс істеуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруды талап ететін объектілерді ықтимал орналастырудың басқа нұсқаларының (орындарының) болмауы, сондай-ақ барлау не геологиялық бөлу учаскесі шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде өндірілуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыруды талап ететін пайдалы қатты қазбалар кен орнының анықталғанын растау мәселелерін қарау үшін комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады.

      Комиссияның құрамына ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының, су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциясының (су шаруашылығы құрылысжайлары мен гидротехникалық құрылысжайларды қарау кезінде), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (Мемлекеттік шекара объектілерін қарау кезінде), Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (қорғаныс мұқтажы үшін объектілерді қарау кезінде), жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның (қатты пайдалы қазбалар кен орнының анықталғанын растау мәселесін қарау кезінде), су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органның (зерттеліп жатқан аумақта жерасты суларының бар-жоғы мәселесін қарау кезінде), ерекше қорғалатын табиғи аумақ қарамағында болатын мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және өзге де мүдделі органдардың өкілдері кіреді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.01.2026 № 22 қаулысымен.

      5. Комиссияның уәкілетті орган бекіткен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтарға бөлінуін және оның инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын ескере отырып шығарылған оң қорытындысы ерекше қорғалатын табиғи аумақта объектілерді орналастыру орындарын не қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру орындарын келісу үшін негіз болып табылады.

      Қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру мақсаттары үшін осы Қағидалардың 1-тармағының екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінің ережелері Заңның 84-2-бабы қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған келісімшарт немесе берілген қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған лицензия бойынша барлау не геологиялық бөлу учаскесі шегінде орналасқан жер қойнауы учаскесінде орналасқан кен орындарында ғана қолданылады.

      Заңның 48-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында белгіленген тыйым салу пайдалы қатты қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін Заңның 84-2-бабы қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және берілген келісімшарттар мен лицензияларға қолданылмайды.

      Объектілерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекараларының шегінен тыс ықтимал орналастырудың Комиссия ұсынған басқа нұсқалары болған жағдайда уәкілетті орган ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудан бас тартады.

      5-1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанға және кеңейтілгенге дейін жұмыс істеген денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, қолданыстағы зираттардың, кәріздік тазарту құрылысжайларының, электр беру желілерінің объектілерін пайдалану үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру үшін уәкілетті орган бекіткен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтарға бөлінуі мен инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары ескеріле отырып шығарылған комиссияның оң қорытындысы негіз болып табылады.

      Ескерту. 2-тарау 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 19.01.2026 № 22 қаулысымен.

      6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақта объектілерді орналастыру орындары немесе қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру орындары келісілгеннен кейін мүдделі орган ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді ұйымдастырады.

      7. Объектілерді салу және олардың жұмыс істеуі үшін, сондай ақ қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру мақсаттары үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерлерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесі:

      1) босалқы жерге ауыстырылатын сұралып отырған жер учаскесін бөліп берудің жерге орналастыру жобасын;

      2) сұралып отырған жер учаскесін босалқы жерге ауыстыру бойынша залалды жабуға байланысты шығындардың есеп-қисабын;

      3) сұралып отырған жер учаскесі мен оған іргелес аумақтардағы мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін барынша толық сақтау және қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға жұмсалатын шығындардың есеп-қисабын, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру мақсаттары үшін ауыстырылған жағдайда, орман дақылдарын өтемдік отырғызу жөніндегі міндеттемелердің есеп-қисабын;

      4) мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің барынша сақталуын ескере отырып және ғимараттарды, құрылыстарды, коммуникацияларды, жолдарды орналастыру орындарын көрсетіп отырып, объектілерді салуға сұралып отырған жер учаскесінің эскизін (эскиздік жобасын);

      5) қоршаған ортаға әсерін бағалауды қамтиды.

      Қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізу кезінде көзделіп отырған қызметтің табиғи кешендерге, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне, сондай-ақ осы жерлерде және басқа да санаттағы жерлерде орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне, оның ішінде жануарлар дүниесінің жай-күйіне, мекендеу ортасына, жануарлардың өріс аудару жолдары мен көбею жағдайларына әсері бағаланады.

      Тым қатты шу, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген, эндемикалық және реликті түрлерінің қырылуына, популяциясының қысқаруына немесе мекендеу ортасының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін әрекет көзі болып табылатын жару және басқа да жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.

      Қатты пайдалы қазбаларды (кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда) өндіру үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыру мақсатында қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу кезінде гидрогеологиялық қор материалдарының жетіспеушілігі болмаған кезде депрессиялық құйын пайда болу қаупін болдырмау мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің шекарасында немесе ол болған кезде қорғау аймағының шекарасында тау-кендік бөлу аумағында қосымша зерттеулер жүргізу қажет.

      7-1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасында орналасқан және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанға және кеңейтілгенге дейін жұмыс істеген денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарының, қолданыстағы зираттардың, кәріздік тазарту құрылысжайларының, электр беру желілерінің объектілерін пайдалану үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесі осы Қағидалардың 7-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды әзірлеуді қамтиды.

      Ескерту. 2-тарау 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 19.01.2026 № 22 қаулысымен.

      8. Мүдделі орган техникалық-экономикалық негіздемені әзірлегеннен кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарында жария ете отырып, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан елді мекендерде кең ауқымда қоғамдық тыңдаулар өткізеді.

      9. Техникалық-экономикалық негіздемені мүдделі орган бекітеді және келісу үшін уәкілетті органға жіберіледі.

      10. Уәкілетті орган материалдар келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде мүдделі органға техникалық-экономикалық негіздемені қарау нәтижелері туралы қорытындыны жібереді.

      Уәкілетті орган құжаттарды пысықтауға қайтарған жағдайда, мүдделі орган құжаттарды пысықтағаннан кейін оларды уәкілетті органға қайта жібереді.

      11. Уәкілетті органмен келісілген техникалық-экономикалық негіздеме қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылады.

      12. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған техникалық-экономикалық негіздеме ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлеуге негіз болып табылады.

3-тарау. Босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру тәртібі

      13. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларында немесе Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген туризм объектілерін салу және олардың жұмыс істеуі мақсатында жердің басқа санаттарына ауыстырылмаған босалқы жерлер мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің санатына:

      1) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ бойынша – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің;

      2) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ бойынша – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган ведомствосының ұсынысы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен ауыстырылады.

      Босалқы жерді қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру туралы шешімдер қабылдау үшін жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердің жобаларын әзірлеу талап етілмейді.

      14. Бұрын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерінің санатынан босалқы жерге ауыстырылған жер учаскесін зерттеп-қарау үшін, егер оларды босалқы жерге ауыстыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде олар басқа жер санатына ауыстырылмаса, комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрылады.

      15. Комиссияны:

      республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ бойынша – уәкілетті орган;

      жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ бойынша – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы құрады.

      16. Комиссия құрамына осы Қағидалардың 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және өзге де органдардың өкілдері кіреді.

      Комиссия он бес жұмыс күні ішінде жер учаскесінің өзін зерттеп-қарайды, оны зерттеп-қарау актісін жасайды және жер учаскесінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерге ауыстырудың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкестігі туралы қорытынды береді және оны уәкілетті органға жібереді.

      17. Комиссияның оң қорытындысы негізінде:

      уәкілетті орган босалқы жерді республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді;

      уәкілетті органның ведомствосы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қарауына босалқы жерді жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріне ауыстыру жөнінде шешім қабылдау туралы ұсыныс енгізеді.