Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шілдедегі № 469-IV Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 03.04.2019 № 242-VІ Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 03.04.2019 № 242-VІ Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

     

      РҚАО-ның ескертпесі!
      ҚР Заңының қолданысқа енгізілу тәртібін 33-баптан қараңыз.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы экономикалық аймақ - қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын, дәл белгіленген шекаралары бар Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі;

      2) арнайы экономикалық аймақтың басқару органы – басқарушы компания, астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік мекемесі немесе дербес кластерлік қор;

      3) арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізілімі - Қазақстан Республикасының аумағында құрылған барлық арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының тізілімі, оны жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асырады;

      4) арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі - осы Заңға, Қазақстан Республикасының салық, кеден, жер заңнамасына, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу шарттарының жиынтығы;

      4-1) арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушысы – жобаны іске асыруға мүдделі заңды тұлға;

      4-2) арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушысының, өтініш берушінің, арнайы экономикалық аймақ қатысушысының жобасы (бұдан әрі – жоба) – қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістер құруды көздейтін іс-шаралар кешені;

      5) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы - арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын және арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлға;

      6) басқарушы компания - арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында осы Заңға сәйкес құрылатын заңды тұлға;

      7) "бір терезе" қағидаты - өтініш берушінің құжаттарды жинау мен дайындауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік қызметтер көрсету субъектілерімен тікелей байланысын шектеуді көздейтін арнайы экономикалық аймақтың аумағында мемлекеттік қызметтер көрсету нысаны;

      8) инфрақұрылым объектілері - арнайы экономикалық аймақты құрудың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес және бас жоспармен бекітілген жылу және электр энергиясын өндіру мен беру, сумен жабдықтау және газбен жабдықтау, кәріз, көлік коммуникациясы, байланыс қызметтері объектілері және өзге де объектілердің құрамына кіретін жылжымайтын мүлік объектілері;

      9) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт (бұдан әрі - қызметті жүзеге асыру туралы шарт) - арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе бірнеше қатысушылары және арнайы экономикалық аймақтың басқару органы арасында жасалатын арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақ қатысушысының немесе қатысушыларының қызмет түрлерін, осындай қызметті жүзеге асыру шарттарын, тараптардың құқықтары, міндеттерін және жауапкершілігін белгілейтін шарт;

      9-1) Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар жөніндегі бірыңғай үйлестіру орталығы (бұдан әрі – бірыңғай үйлестіру орталығы) – міндеттері арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын дамыту, ілгерілету және арттыру болып табылатын заңды тұлға;

      9-2) "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы" арнайы экономикалық аймағының әлеуетті қатысушысы – жобаны іске асыруға мүдделі заңды тұлға немесе дара кәсіпкер;

      9-3) "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы" арнайы экономикалық аймағының қатысушысы – арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыратын және арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлға немесе дара кәсіпкер;

      10) қызметтің басым түрлері - арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына сәйкес келетін, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын қызмет түрлері;

      11) қызметтің қосалқы түрлері - арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары болып табылмайтын тұлғалар соның аумағында жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының қызметін қамтамасыз ету үшін қажет қызмет түрлері;

      12) қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар - осы Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын, арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылмайтын дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар;

      13) нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің дағдарысты деңгейі - қол жеткізілмеуі арнайы экономикалық аймақты құрудың негізгі мақсатын іске асыруға мүмкіндік бермейтін, арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің экономикалық, техникалық, әлеуметтік және (немесе) өзге де көрсеткіштерінің көлемі;

      14) өтініш беруші - арнайы экономикалық аймақтың басқару органына қызметтің басым немесе қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған өтінімді беретін тұлға;

      15) сарапшылық кеңес - арнайы экономикалық аймақты құрудың немесе таратудың орындылығы мәселесін қарау үшін уәкілетті орган құратын ведомствоаралық консультациялық-кеңесші орган;

      16) уәкілетті орган - арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3-бап. Арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттары

      Арнайы экономикалық аймақ қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, экономика салаларына және өңірлерге инвестициялар, жаңа технологиялар тарту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылады.

2-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ҚҰРЫЛУЫ, ЖҰМЫС ІСТЕУІ ЖӘНЕ ТАРАТЫЛУЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:

      1) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;

      2) арнайы экономикалық аймақтардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді бекіту;

      2-1) бірыңғай үйлестіру орталығын айқындау;

      3) уәкілетті органды айқындау;

      4) арнайы экономикалық аймақты құру немесе тарату;

      5) басқарушы компанияны құру туралы шешім қабылдау;

      6) басқарушы компанияға қатысу;

      7) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      8) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      8-1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      8-2) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      9) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.02.2013 № 79-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

5-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті органның құзыретіне:

      1) арнайы экономикалық аймақтарды құру және олардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағын қоспағанда, арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және тарату саласындағы мемлекеттік органдардың және басқарушы компаниялардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;

      3) арнайы экономикалық аймақтардың қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;

      4) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркеуге арналған өтінімдер мен сауалнамалар нысандарын әзірлеу және бекіту;

      5) қызметті жүзеге асыру туралы үлгілік шарттарды бекіту;

      6) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      7) арнайы экономикалық аймақтың басқару органдары ұсынатын мәліметтердің негізінде арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізілімін жүргізу;

      8) құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды бекіту;

      8-1) сарапшылық кеңес туралы ережені бекіту;

      8-2) арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шартын әзірлеу және бекіту;

      8-3) арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгілік шартын әзірлеу және бекіту;

      8-4) арнайы экономикалық аймақ құрылатын мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) үлгілік шартын әзірлеу және бекіту;

      8-5) арнайы экономикалық аймақ құрылатын мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі жер пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгілік шартын әзірлеу және бекіту;

      9) Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақты құру немесе тарату туралы ұсыныс енгізу;

      10) арнайы экономикалық аймақтың басқару органының есептілікті ұсыну тәртібі мен кезеңділігін айқындау;

      11) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      12) жыл сайынғы негізде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақтар қызметінің нәтижелері туралы талдау ақпаратын беру;

      12-1) жобаларды іріктеудің тәртібі мен өлшемшарттарын әзірлеу және бекіту;

      12-2) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлеу және бекіту;

      13) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 362-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

6-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті

      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне:

      1) арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) уәкілетті органға арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізу;

      3) осы Заңда белгіленген тәртіппен басқарушы компанияға қатысу;

      4) Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақты орналастыру үшін жер учаскесін беру және басқарушы компаниямен, дербес кластерлік қормен жер учаскелерін және бюджет қаражаты есебінен салынған инфрақұрылым объектілерін жалдау шарттарын жасасу;

      4-1) арнайы экономикалық аймақтың қызметіне қатысу үшін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларын тарту;

      4-2) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру, сондай-ақ мониторинг деректерін талдау;

      5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.

      2. Астананың жергілікті атқарушы органының құзыретіне қосымша:

      1) астананың арнайы экономикалық аймағының жұмыс істеуі мен оны тарату саласындағы мемлекеттік органдар мен арнайы экономикалық аймақтың басқару органының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

      2) "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының қатысушыларын тарту;

      3) "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының қатысушыларының есебін жүргізу;

      4) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторингті жүзеге асыру, сондай-ақ мониторинг деректерін талдау жатады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

3-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ҚҰРЫЛУЫ, ЖҰМЫС ІСТЕУІ ЖӘНЕ ТАРАТЫЛУЫ

7-бап. Арнайы экономикалық аймақты құру, арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту тәртібі

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 27.10.2015 № 362-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Арнайы экономикалық аймақты құруға мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы органдар, заңды тұлғалар уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес ресімделген арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасын ұсына отырып, арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты уәкілетті органға енгізеді.

      2. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның орындылығын қарайды және арнайы экономикалық аймақты кұру тұжырымдамасының уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкестігін тексереді және қабылданған шешім туралы өтініш берушіге жазбаша негізделген жауап жібереді.

      Арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасы көрсетілген талаптарға сәйкес келген кезде уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны сарапшылық кеңестің қарауына жіберуге тиіс, ол арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс уәкілетті органға қабылданған күннен бастап құрылады.

      Сарапшылық кеңестің құрамы құрылатын арнайы экономикалық аймақтың қызмет түрінің ерекшеліктері ескеріле отырып бекітіледі.

      Сарапшылық кеңес арнайы экономикалық аймақты құру туралы уәкілетті орган ұсыныс енгізген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қорытынды әзірлейді.

      3. Уәкілетті орган тиісті шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген тұлғаға осындай шешімді қабылдау негіздемесін жібере отырып, хабардар етеді.

      4. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:

      1) арнайы экономикалық аймақты құру орынсыз болған;

      2) арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;

      3) ұсынылған материалдар толық немесе дұрыс болмаған;

      4) ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;

      5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қаупі туындаған және еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайларында арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсынысты қабылдамайды.

      Арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсынысты қабылдамау арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныспен кейіннен қайта жүгінуге кедергі болып табылмайды.

      5. Арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген тұлғалар арнайы экономикалық аймақты құрудың орындылығы туралы хабарламаны алған күннен бастап алты ай ішінде қоршаған ортаға әсерін бағалай отырып, құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауды қамтамасыз етеді. Дайындалған техникалық-экономикалық негіздеме болжамды қаржылық-экономикалық, әлеуметтік салдарларды, арнайы экономикалық аймақты құрудың негіздемесін, орындылығын және нәтижесін бағалауды қамтуға тиіс.

      Техникалық-экономикалық негіздеме мынадай критерийлерге сәйкес келуге тиіс:

      1) орындылық - техникалық-экономикалық негіздемеде көзделген іс-шаралардың стратегиялық құжаттарға сәйкес келуі;

      2) негіздемелік - есеп-қисаптармен расталған дәлелдемелердің, іс-шараларды әрбір компонент бөлігінде іске асыруға қаржыландыру көлемінің болуы;

      3) нәтижелілік - есеп-қисаптармен расталған дәлелдемелердің, тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндігінің болуы.

      Орталық немесе жергілікті атқарушы органдар арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізген жағдайда техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Уәкілетті орган құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті сараптамалар жүргізу үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді. Инвесторлар техникалық-экономикалық негіздеменің тәуелсіз сараптамаларын жүргізе алады.

      Мемлекеттік органдардың құрылатын арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне сараптама жүргізуі техникалық-экономикалық негіздемені уәкілетті органға берген күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын мерзім ішінде аяқталуға тиіс.

      7. Уәкілетті орган техникалық-экономикалық негіздеме сараптамаларының қорытындысын алғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне қоршаған ортаға әсері бағаланған арнайы экономикалық аймақ құрудың тиісті техникалық-экономикалық негіздемесінің тұжырымдамасын, сарапшылық кеңестің қорытындысын қоса бере отырып, арнайы экономикалық аймақты құру туралы ұсыныс енгізеді.

      8. Арнайы экономикалық аймақты құру және құрылатын арнайы экономикалық аймақтың мақсаттарына сәйкес келетін қызмет түрлері туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

      Арнайы экономикалық аймақ туралы ережені, тиісті арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің нысаналы индикаторларын, нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің дағдарысты деңгейін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      9. Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгертуге мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы органдар, заңды тұлғалар арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгертудің негіздемесін (қаржылық-экономикалық есеп-қисаптарды) ұсына отырып, уәкілетті органға енгізеді.

      Ұсынысты бірнеше заңды тұлға бірлесіп беруі мүмкін.

      Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныстың орындылығы туралы мәселені уәкілетті орган осындай ұсыныс енгізілген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарайды.

      Уәкілетті орган:

      1) арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарына сәйкес келмеген;

      2) арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс қоршаған ортаны қорғау саласындағы талаптарға сәйкес келмеген;

      3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау қажет болған, тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылу және бүліну қатері туындаған, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен;

      4) арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс негізсіз болған жағдайларда, арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты қабылдамайды.

      Орталық немесе жергілікті атқарушы органдар арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныс енгізген жағдайда, техникалық-экономикалық негіздемені түзетуге бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты қабылдамау арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсыныспен кейіннен жүгінуге кедергі болып табылмайды.

      Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгертудің орындылығы туралы хабарламаны алған күннен бастап үш ай ішінде арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы ұсынысты енгізген тұлғалар қоршаған ортаға әсерін бағалай отырып, құрылған арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін түзетуді қамтамасыз етеді.

      Уәкілетті орган қажет болған жағдайда, құрылған арнайы экономикалық аймақтың түзетілген техникалық-экономикалық негіздемесін техникалық-экономикалық негіздеменің түзетуі аяқталған кезден бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті сараптамалар жүргізу үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді. Инвесторлар техникалық-экономикалық негіздеменің тәуелсіз сараптамаларын жүргізе алады.

      Мемлекеттік органдардың құрылған арнайы экономикалық аймақтың түзетілген техникалық-экономикалық негіздемесіне сараптамалар жүргізуі түзетілген техникалық-экономикалық негіздеме уәкілетті органға берілген күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын мерзім ішінде аяқталуға тиіс.

      Уәкілетті орган түзетілген техникалық-экономикалық негіздеме сараптамаларының қорытындысын алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде қоршаған ортаға әсерін бағалай отырып, құрылған арнайы экономикалық аймақтың түзетілген техникалық-экономикалық негіздемесін қоса беріп, арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе)

      алаңын өзгерту туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      Арнайы экономикалық аймақ аумағының шекарасын және (немесе) алаңын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

8-бап. Арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу шарттары

      1. Арнайы экономикалық аймақ жиырма бес жылға дейінгі мерзімге құрылады.

      2. Арнайы экономикалық аймақ мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерінде не Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесінің меншік иелерінен және жер пайдаланушылардан мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жер учаскелерінде құрылады.

      Арнайы экономикалық аймақтар азаматтардың және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі жер учаскелерінде де құрылады.

      3. Қызметтің басым түрлерін жүзеге асыруға арналған, арнайы экономикалық аймақ құрылатын мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес, арнайы экономикалық аймақтың қатысушысына арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.

      Инфрақұрылым объектілерін салуға, сондай-ақ қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған, арнайы экономикалық аймақ құрылатын мемлекеттік меншіктегі жер учаскелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес басқарушы компанияға, автономды кластерлік қорға арнайы экономикалық аймақты құру мерзіміне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беріледі.

      Басқарушы компания, автономды кластерлік қор қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын адамдарға және (немесе) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жер учаскелерін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) беруге кұқылы.

      Уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілері басқарушы компанияға, автономды кластерлік қорға жалға, сенімгерлік басқаруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар мен мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес жарғылық капиталды толықтыру есебіне берілуі мүмкін.

      Басқарушы компания, автономды кластерлік қор қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын адамдарға және (немесе) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берілген мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерінде толық немесе ішінара бюджет қаражаты есебінен құрылған инфрақұрылым объектілерін беруі мүмкін.

      4. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жер учаскелері арнайы экономикалық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етілуге тиіс.

      Инфрақұрылым объектілерін салуды немесе реконструкциялауды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар өздеріне уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) немесе кейінгі жер пайдалануға (қосалқы жалға) берілген жер учаскесінің аумағында өздеріне қажетті инфрақұрылым объектілерін салуды өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға құқылы.

      4-1. Арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым және (немесе) қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін олардың меншік иелері басқарушы компанияға арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) шартына сәйкес уақытша өтеулі пайдалануға (жалға) бере алады.

      Басқарушы компания арнайы экономикалық аймақ құрылатын, қызметтің басым және (немесе) қосалқы түрлерін жүзеге асыруға арналған жеке меншіктегі жер учаскелерін арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлғаларға арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шартына сәйкес уақытша өтеулі кейінгі пайдалануға (қосалқы жалға) беруге құқылы.

      Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шарттары тиісінше арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдаланудың (жалдаудың) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдаланудың (қосалқы жалдаудың) үлгі шарттарына сәйкес жасалады.

      Арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) және арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі кейінгі пайдалану (қосалқы жалдау) шарттарының мерзімдері арнайы экономикалық аймақ құрылатын мерзімнен аспауға тиіс.

      Жер учаскесінің меншік иесі осы Заңның талаптарына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы немесе қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын тұлға ретінде арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте, жер учаскесінің меншік иесімен арнайы экономикалық аймақ құрылатын жеке меншіктегі жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) шарты жасалмайды.

      5. Осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарының ережелері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының жеке меншігіндегі жер учаскелеріне қолданылмайды.

      6. Арнайы экономикалық аймақтардың аумағында мемлекеттік қызмет көрсеткен кезде:

      1) мемлекеттік қызметтерді уақтылы және сапалы көрсетуді;

      2) көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараттық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін "бір терезе" қағидаты қолданылады.

      7. "Бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсынуды арнайы экономикалық аймақтың аумағында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      Арнайы экономикалық аймақтың аумағындағы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы осы баптың 4-тармағына сәйкес орналастырылуы және жұмыс істеуі үшін қажетті инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.02.2013 № 79-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Өтініш берушілерге қойылатын талаптар

      1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушінің техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес келетін мөлшерде қаржылық қамтылымы болуға тиіс.

      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш берушінің қаржылық қамтылымы мынадай тәсілдермен:

      1) ақшамен;

      2) банк кепілдігімен;

      3) кепілгерлікпен;

      4) мүлік кепілімен;

      5) сақтандыру шартымен қалыптастырылады.

      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға өтінім беретін өтініш беруші қаржылық қамтылым тәсілдерінің кез келгенін, оның ішінде екі немесе бірнеше тәсілді біріктіріп қолдану жолымен таңдап алуға құқылы.

      2. Өтініш берушілерге:

      1) жер қойнауын пайдаланушылар;

      2) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 462-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, құрастыруды (жинақтауды) жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, акцизделетін тауарларды өндіретін ұйымдар;

      3) арнайы салық режимдерін қолданатын ұйымдар;

      4) 2008 жылғы 10 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі) қолданысқа енгізілгенге дейін көзделген инвестициялық салық преференцияларын қолданатын (қолданған) ұйымдар;

      4-1) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны және инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын (іске асырған) ұйымдар;

      5) ойын бизнесін ұйымдастырушылар жатпайды.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.02.2013 № 79-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 151-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Өтініш беруші арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру және оны арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының бірыңғай тізіліміне қосу үшін беретін құжаттар

      1. Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының қызметі қызметті жүзеге асыру туралы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Өтінімге қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштегі мынадай құжаттар:

      1) уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өтініш берушінің сауалнамасы;

      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      3) өтініш берушінің бірінші басшысының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      4) сәйкестендіру нөмірі бар құжаттың көшірмесі;

      5) заңды тұлға жарғысының көшірмесі;

      6) заңды тұлғаның жоғары органының арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыру туралы шешімінің көшірмесі;

      7) өтініш берушінің бірінші басшысы немесе оның орнындағы адам, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған соңғы есептік күнге қаржылық есептіліктің көшірмесі;

      8) жобаның уәкілетті орган белгілеген талаптарға сай келетін техникалық-экономикалық негіздемесі;

      9) қызмет көрсететін банктің өтініш берушінің банктік шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы (картотеканың болмауы туралы) үзінді жазбасы және кредиттiк тарихта бар толық немесе iшiнара ақпарат туралы мәліметтер қамтылған кредиттік бюродан алынатын кредиттік есеп;

      10) тіркеу есебіне қою орны бойынша мемлекеттік кіріс органынан салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің болуы немесе болмауы туралы анықтама;

      11) өтініш берушінің қаржылық қамтылымының болуын растайтын құжаттар қоса беріледі.

      Егер заңды тұлға құжаттарды берген кезде Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаса және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарында салық төлеуші ретінде мемлекеттік тіркеуде жоқ екендігі туралы анықтаманың көшірмесі ұсынылады.

      Шетелдік заңды тұлғалар осы тармақтың 2), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген заңдастырылған құжаттарды, сауда тiзiлiмiнен заңдастырылған үзiндiні немесе шетелдiк заңды тұлға шет мемлекеттiң заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжатты нотариат куәландырған қазақ және орыс тiлдерiндегi аудармасымен бірге ұсынады.

      3. Алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.01.2012 N 538-IV (01.01.2012 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.12.2012 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 18.02.2013 № 79-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 151-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыруға берілген өтінімді қарау рәсімі

      1. Өтініш беруші өтінім берген кезде арнайы экономикалық аймақтың басқару органы:

      1) өтінімді ол берілген күні өтінімдерді тіркеу журналына тіркейді;

      2) ұсынылған құжаттар топтамасының толықтығын тексереді;

      3) алып тасталды - ҚР 27.10.2015 № 362-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1-1. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы өтінімді жобаларды іріктеу тәртібі мен өлшемшарттарына сәйкес қарайды.

      2. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы мәлімделген қызмет түрі қызметтің басым түрлеріне, өтініш берушілердің жобаларын іріктеу өлшемшарттарына және (немесе) ұсынылған құжаттар осы Заңның 10-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, өтініш берушіге қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасудан бас тартады.

      3. Мәлімделген қызмет түрі қызметтің басым түрлеріне және өтініш берушілердің жобаларын іріктеу өлшемшарттарына сәйкес келген кезде арнайы экономикалық аймақтың басқару органы он жұмыс күні ішінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасады.

      4. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалған күні қызметті жүзеге асыру туралы шарттың көшірмесін қоса бере отырып, бұл жөнінде уәкілетті органға хабарлайды.

      Арнайы экономикалық аймақтың басқару органынан қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалғаны туралы хабарлама алғаннан кейін уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларының бірыңғай тізіліміне арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы туралы мәліметтерді енгізеді және бұл жөнінде арнайы экономикалық аймақтың басқару органын хабардар етеді. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларының бірыңғай тізіліміне тиісті жазба енгізілген күннен бастап өтініш беруші арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы деп танылады.

      5. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасқаннан кейін екі жұмыс күні ішінде бұл туралы мемлекеттік кіріс органдарына хабарлайды.

      6. Мемлекеттік кіріс органдары арнайы экономикалық аймақтың басқару органының қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасқаны туралы хабарламасын алғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын есепке алуды жүзеге асырады.

      7. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы қызметті жүзеге асыру туралы жасалған шарттың негізінде арнайы экономикалық аймақтан тысқары жердегі өзінің дараланған құрылымдық бөлімшелерінің қызметін тоқтатады.

      Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін арнайы экономикалық аймақтың аумағынан тысқары жердегі қызметке жол беріледі.

      8. Қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданылуы:

      1) арнайы экономикалық аймақ таратылған;

      2) қызметті жүзеге асыру туралы шарттың мерзімі аяқталған немесе ол мерзімінен бұрын бұзылған;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

      Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы мемлекеттік кіріс органдарын қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданысы тоқтатылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қызметті жүзеге асыру туралы шарт қолданысының тоқтатылғаны туралы хабардар етеді.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.12.2013 № 151-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 362-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-1-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы мәртебесінен айыру рәсімі

      1. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған міндеттемелерді орындамаған жағдайда, қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты түрде бұзуға құқылы. Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының міндеттемелерді орындамағаны анықталған кезде уәкілетті орган белгілейтін тиісті актілер жасалады.

      Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын қызметті жүзеге асыру туралы шартта айқындалған міндеттемелерді орындамағаны туралы және бұзушылықтарды күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде жою қажеттігі туралы хабардар етеді.

      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы көрсетілген ескертулерді жою жөнінде шаралар қабылдамаған жағдайда, арнайы экономикалық аймақтың басқару органы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты түрде бұзу туралы кемінде он жұмыс күні бұрын хабардар етеді.

      2. Қызметті жүзеге асыру туралы шартты біржақты түрде бұзған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақтың басқару органы бұл жөнінде арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын, мемлекеттік кіріс органдарын, уәкілетті органды, сондай-ақ облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарын хабардар етеді.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметті жүзеге асыру туралы шарттың біржақты тәртіппен бұзылғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін

      арнайы экономикалық аймақтың қатысушысына уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) берілген жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартын осы шартта көзделген тәртіппен біржақты

      түрде бұзады.

      Ескерту. 3-тарау 11-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.10.2015 № 362-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

12-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыруға үміткер тұлғаларға қойылатын талаптар

      Арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыруға үміткер тұлғалар мынадай талаптарға сай болуға:

      1) жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді қазақстандық өндіруші болып табылуға;

      2) дара кәсіпкерді және заңды тұлғаны Қазақстан Республикасының аумағындағы тиісті тіркеу органы (әділет органы, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы, мемлекеттік кіріс органы және статистика органы) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуге тиіс.

      Жоғарыда көрсетілген талаптарға сай болған кезде қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыруға үміткер тұлғалар арнайы экономикалық аймақтың қатысушысымен мердігерлік жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін орындауға белгіленген тәртіппен шарт жасасуға міндетті.

      Мердігерлер жүзеге асыратын қызметтің қосалқы түрлері жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сипаты бойынша қызметтің басым түрлеріне сәйкес келуге тиіс емес.

      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

13-бап. Тұлғалардың қосалқы қызметті жүзеге асыруға рұқсат алу үшін ұсынатын құжаттары

      1. Қызметтің қосалқы түрлері арнайы экономикалық аймақтың қатысушысымен жасалатын шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар қосалқы қызметті жүзеге асыратын тұлға ретінде рұқсат алу үшін арнайы экономикалық аймақтың қатысушысымен қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде арнайы экономикалық аймақтың басқару органына өтінім ұсынады.

      3. Өтінімге уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі құжаттар қоса беріледі.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.10.2015 № 362-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

14-бап. Тұлғаларға қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыруға рұқсат берудің негізі мен рәсімі

      1. Қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде рұқсат беруге арналған өтінім келіп түскен кезде арнайы экономикалық аймақтың басқару органы:

      1) ұсынылған құжаттардың уәкілетті орган бекіткен құжаттар тізбесіне сәйкестігін тексереді;

      2) өтінімдерді тіркеу журналына өтінімді тіркейді. Өтінімнің тіркелген күні оның берілген күні болып табылады.

      2. Ұсынылған құжаттар уәкілетті орган бекіткен құжаттар тізбесіне сәйкес келген жағдайда, өтінімді берген тұлғаға арнайы экономикалық аймақтың аумағында қосалқы қызметті жүзеге асыруға рұқсат берілген болып есептеледі.

      Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы өтінім тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінім берген адамға, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ әрекет ету аймағында орналасқан мемлекеттік кіріс органына осы адамға арнайы экономикалық аймақтың аумағында қосалқы қызметті жүзеге асыруға рұқсат берілгені туралы хабарлайды.

      3. Ұсынылған құжаттар уәкілетті орган бекіткен құжаттар тізбесіне сәйкес келмеген жағдайда арнайы экономикалық аймақтың басқару органы өтінім тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтінімді қайтарады. Өтінімді қайтару тұлғаны жіберілген кемшіліктерді жойғаннан кейін басқарушы компанияға қайтадан өтініммен жүгіну құқығынан айырмайды.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында коммуналдық қызметтер көрсету

      Арнайы экономикалық аймақтың аумағын электрмен, жылу энергиясымен, газбен, сумен жабдықтауды жүзеге асыратын және коммуналдық қызметтер көрсететін өнім берушілер осындай қызметтер көрсетілетін өзге де тұтынушыларға ұсынылатын қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.

16-бап. Арнайы экономикалық аймақты тарату

      1. Арнайы экономикалық аймақ осы арнайы экономикалық аймақ құрылған мерзім өткен соң таратылады. Арнайы экономикалық аймақтың әрекет ету мерзімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы экономикалық аймақ құру туралы тиісті актісінде айқындалады.

      2. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің дағдарысты деңгейі жағдайында Қазақстан Республикасының Үкіметі арнайы экономикалық аймақты мерзімінен бұрын таратады.

      3. Арнайы экономикалық аймақ таратылғаннан кейін жер учаскесін жалға алған арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының және арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асырған тұлғалардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленген тәртіппен осы жер учаскелерінің сатылуы кезінде сатып алу құқығы болады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2017 № 86-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫ БАСҚАРУ

17-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органын құру

      1. Арнайы экономикалық аймақ құру туралы акт қолданысқа енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы арнайы экономикалық аймақтың басқару органын құру және (немесе) құруға қатысу туралы шешім қабылдауға тиіс.

      2. Астананың арнайы экономикалық аймағының басқару органын мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Арнайы экономикалық аймақ олардың бастамасы бойынша құрылған жағдайда мына тұлғалар:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары;

      3) мемлекеттік емес заңды тұлғалар;

      4) басқа елдерде немесе Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық аймақтарды басқару тәжірибесі бар шетелдік тұлғалар басқарушы компанияның құрылтайшысы бола алады.

      4. Арнайы экономикалық аймақ орталық атқарушы органдардың немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының бастамасы бойынша құрылған жағдайда, егер арнайы экономикалық аймақ құру туралы актіде өзгеше белгіленбесе, басқарушы компания шығарған дауыс беретін акциялардың елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі болуға тиіс.

      Арнайы экономикалық аймақ мемлекеттік емес заңды тұлғалардың бастамасы бойынша құрылған жағдайда, басқарушы компания шығарған дауыс беретін акциялардың кемінде жиырма алты пайызы мемлекетке тиесілі болуға тиіс.

      Басқарушы компаниялардың мемлекетке тиесілі акциялары бірыңғай үйлестіру орталығына сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.

      5. Басқарушы компанияның бірінші құрылтай жиналысы Қазақстан Республикасының Үкіметі басқарушы компанияны құруға мемлекеттің қатысуы туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізілуге тиіс.

      6. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен арнайы экономикалық аймақтың орналасқан жері бойынша тіркеледі.

      7. Акционерлер басқарушы компанияның директорлар кеңесінің құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған адамдар арасынан, лауазымы бойынша басқарушы компанияның директорлар кеңесінің стратегиялық жоспарлау мәселелері жөніндегі комитетін басқаратын тәуелсіз директорды, сондай-ақ бірыңғай үйлестіру орталығы ұсынған адамдар арасынан тәуелсіз директорды сайлайды.

      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 130-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

18-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органының функциялары

      Арнайы экономикалық аймақтың басқару органының функцияларына:

      1) арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуі мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасасу;

      2) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына және қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын адамдарға жер учаскелерін кейінгі жер пайдалануға немесе пайдалануға (қосалқы жалға) беру және инфрақұрылым объектілерін жалға (қосалқы жалға) беру;

      3) қызметті жүзеге асыру туралы шарттарды жасасу және бұзу;

      4) уәкілетті органға және бірыңғай үйлестіру орталығына арнайы экономикалық аймақтар қызметінің нәтижелері туралы есептілікті арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының жыл сайынғы есептері негізінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұсыну;

      5) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларын тарту;

      6) инфрақұрылым объектілерін салу үшін және арнайы экономикалық аймақтың өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін инвестициялар тарту;

      7) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына берілмеген жер учаскелерінде бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес инфрақұрылым объектілерін салуды жүзеге асыру;

      8) "бір терезе" қағидаты бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының жұмыс істеуі үшін қабылдау орнын ұйымдастыру;

      9) арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде әкелінген тауарлардың нақты тұтынылуын растау;

      10) қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторинг жүргізу;

      11) арнайы экономикалық аймақты дамыту жоспарын әзірлеу;

      12) арнайы экономикалық аймақтың маркетингтік стратегиясын әзірлеу;

      13) арнайы экономикалық аймақта жаңа өндірістерді құру бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізу;

      14) арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және ілгерілету жөніндегі іс-шараларды өткізу;

      15) арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларын, өтініш берушілерді, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларын ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының, өтініш берушілердің, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларының мемлекеттік органдардың, жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыру;

      16) арнайы экономикалық аймақта индустриялық-инновациялық және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвестицияларды тарту;

      17) "бір терезе" қағидаты бойынша арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларымен, өтініш берушілермен, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау және жұмыс істеу;

      18) коммуналдық, логистикалық және сервистік көрсетілетін қызметтерді ұсыну;

      19) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысу жатады.

      Дербес кластерлік қордың функциялары осы Заңмен және "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

18-1-бап. Бірыңғай үйлестіру орталығының құқықтық жағдайы

      1. Бірыңғай үйлестіру орталығының қызметі осы Заңмен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы, акционерлік қоғамдар туралы заңнамасымен реттеледі.

      2. Бірыңғай үйлестіру орталығының мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қалыптастырылады.

      3. Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық аймақтарды тиімді және тұрақты дамыту мақсатында бірыңғай үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қаржыландыру көздерін тартуға және пайдалануға құқылы.

      Ескерту. 4-тарау 18-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.10.2015 № 362-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

18-2-бап. Бірыңғай үйлестіру орталығының өкілеттіктері

      Бірыңғай үйлестіру орталығының өкілеттіктеріне:

      1) арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларын тіркеу, арнайы экономикалық аймақтардың жер учаскелерін бөлу, арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын қаржыландыру және дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, басқарушы компаниялардың акционерлерімен, арнайы экономикалық аймақтардың басқару органдарымен және арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау;

      2) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;

      3) басқарушы компаниялардың мемлекетке тиесілі акцияларын сенімгерлік басқару;

      4) Қазақстан Республикасында арнайы экономикалық аймақтарды дамыту және ілгерілету жөнінде қызметтер көрсету, оның ішінде:

      арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылым объектілерінің жай-күйін мониторингтеу;

      арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жоспарларын және жобаларды іріктеу өлшемшарттарын әзірлеу, арнайы экономикалық аймақтардың басқару органдарын қаржыландыруды жоспарлау, арнайы экономикалық аймақтарды қаржыландыру (бюджетті жасау және шоғырландыру) жоспарларын әзірлеу, басқару модельдерін, ішкі бизнес-процестер мен корпоративтік құжаттарды әзірлеу және арнайы экономикалық аймақтардың басқару органдарына енгізу, арнайы экономикалық аймақтардың басқару органдарының қызметін жетілдіру, арнайы экономикалық аймақтарды ілгерілету жөніндегі жоспарды әзірлеу, арнайы экономикалық аймақтардың басқару органдарының қызметкерлерін оқыту жөнінде ұсынымдар (ұсыныстар) әзірлеу;

      нарыққа талдау жүргізу және арнайы экономикалық аймақтардың маркетингтік стратегиясын әзірлеу жөнінде арнайы экономикалық аймақтардың басқару органдарына консультация беру;

      нысаналы маркетинг жүргізу;

      отандық арнайы экономикалық аймақтар мүмкіндіктерін халықаралық нарықтағы әлеуетті қатысушылардың нысаналы тобына ілгерілетуді қамтамасыз ету;

      арнайы экономикалық аймақтарға әлеуетті салалық және инфрақұрылымдық инвесторларды тартуға жәрдем көрсету;

      арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының қызметін ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының мемлекеттік органдардың, арнайы экономикалық аймақтардың басқару органдарының, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыру, арнайы экономикалық аймақтар тақырыбы бойынша бизнес-форумдар, көрмелер, конференциялар және семинарлар өткізу;

      жобаларға талдау жүргізу;

      қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу;

      уәкілетті органның стратегиялық құжаттарының нысаналы индикаторларына қол жеткізуге жәрдем көрсету;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған қызметтің өзге де түрлері жатады.

      Ескерту. 4-тарау 18-2-баппен толықтырылды - ҚР 27.10.2015 № 362-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Басқарушы компанияны басқару үшін тұлғаларды іріктеу

      1. Осы Заңның 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсыныс енгізілгеннен кейін уәкілетті орган басқарушы компанияны басқару үшін адамдарды конкурстық іріктеуді жүргізеді.

      2. Басқарушы компанияны басқару үшін адамдарды конкурстық іріктеуді уәкілетті орган тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен және бірыңғай үйлестіру орталығымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметіне арнайы экономикалық аймақ құру туралы ұсыныс енгізілген күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде жүргізеді.

      2-1. Атқарушы органның басшысымен не басқарушы компанияның атқарушы органы функцияларын жеке-дара атқаратын адаммен еңбек қатынастары тоқтатылған жағдайда, басқарушы компанияны басқару үшін адамдарды конкурстық іріктеуді уәкілетті орган тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен және бірыңғай үйлестіру орталығымен бірлесіп еңбек қатынастары тоқтатылған күннен бастап он бес жұмыс қүні ішінде жүргізеді.

      3. Басқарушы компанияны басқару үшін адамдарды конкурстық іріктеуді жүргізу тәртібін, сондай-ақ оларға қойылатын біліктілік талаптарын уәкілетті орган айқындайды.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

20-бап. Арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының құқықтары мен міндеттері

      1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін көзделген құқықтық қорғау кепілдіктерін, салықтық және өзге де жеңілдіктерді пайдалануға;

      2) осы Заңда көзделген тәртіппен қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін жер учаскелерін алуға және инфрақұрылым объектілерін салуға;

      3) қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру процесінде қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыратын тұлғаларды тартуға;

      4) қызметтің қосалқы түрлерін айқындауға;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.

      2. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары:

      1) арнайы экономикалық аймақтың басқару органына өз қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында және қызметті жүзеге асыру туралы шартта көзделген міндеттерді адал және тиісінше орындауға міндетті.

21-бап. Қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторинг жүргізу

      Қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуына мониторингті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары және бірыңғай үйлестіру орталығы арнайы экономикалық аймақтардың басқару органдары есептілік нысанында ұсынатын ақпараттың, сондай-ақ осы Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары туралы ақпараттың негізінде жүргізеді.

      Осы Заңның 18-бабының 10) тармақшасында көзделген мониторингті арнайы экономикалық аймақтардың басқару органдары тұрақты негізде жүзеге асырады.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.10.2015 № 362-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органының қызметін қаржыландыру

      1. Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын арнайы экономикалық аймақтың басқару органын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Басқарушы компанияның қызметін қаржыландыру:

      1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына басқарушы компания көрсететін қызмет үшін сыйақы;

      2) нысаналы қарыздық қаржыландыру;

      3) инфрақұрылым объектілерін, жер учаскелерін, сондай-ақ өзге де мүлікті жалға және (немесе) қосалқы жалға беруден түсетін кірістер;

      3-1) жарғылық капитал ретінде енгізілген қаражаттар;

      4) басқарушы компанияның қызметінен түсетін Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де кірістер есебінен жүзеге асырылады.

      3. Дербес кластерлік қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын арнайы экономикалық аймақтың басқару органының қызметін қаржыландыру "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 362-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

23-бап. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органын тарату

      1. Мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған арнайы экономикалық аймақтың басқару органы арнайы экономикалық аймақтың әрекет ету мерзімі аяқталғаннан немесе мерзімінен бұрын тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес таратылады (қайта ұйымдастырылады).

      2. Арнайы экономикалық аймақтың әрекет ету мерзімі аяқталғаннан немесе арнайы экономикалық аймақты мерзімінен бұрын тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін басқарушы компанияны ерікті түрде тарату туралы шешімді акционерлердің жалпы жиналысы қабылдайды, ол Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес кредиторлардың келісімі бойынша және олардың бақылауымен тарату рәсімін айқындайды.

      Басқарушы компанияның акционерлері ерікті түрде тарату туралы шешім қабылдамаған жағдайда басқарушы компанияны тарату мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады.

      Акционерлік қоғамды мәжбүрлеп тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

5-тарау. АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕЖИМІ ЖӘНЕ ЖҰМЫС ІСТЕУ ШАРТТАРЫ

24-бап. Арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі

      Арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшін осы Заңда, Қазақстан Республикасының салық, кеден, жер заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгіленген арнайы құқықтық режим қолданылады.

25-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына салық салу

      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер салынады.

26-бап. Арнайы экономикалық аймақтардағы кедендік реттеу

      1. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында немесе оның бір бөлігінде еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылады.

      Шегінде еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың шекарасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы экономикалық аймақ құру туралы актісіне сәйкес айқындалады.

      2. Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес қолданылады.

      3. Арнайы экономикалық аймақтың аумағы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бір бөлігі болып табылады.

      4. Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағы кедендік бақылау аймағы болып табылады.

      Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағында кедендік бақылауды Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.

      5. Шектері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағында өзгеде кедендік рәсімдермен, оның ішінде бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар болуы және қойылуы мүмкін.

      Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен; 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

27-бап. Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлар

      Еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағына әкелінген тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттармен еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылады және кедендік баждарды, салықтарды, сондай-ақ тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мақсаттары үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс орналасқан тауарлар ретінде қаралады.

      Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 26.12.2017 № 124-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

28-бап. Шетелдік жұмыс күшін тарту

      Ескерту. 28-бап алып тасталды - ҚР 24.11.2015 № 421-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

29-бап. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларын құқықтық қорғау кепілдіктері

      1. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен қамтамасыз етілетін құқықтар мен мүдделерді қорғауға кепілдік беріледі.

      2. Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының мүлкін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет иелігіне алуға, реквизициялауға) тек қана Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айрықша жағдайларда және тәртіппен жол беріледі.

      3. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтар мен бюджетке төленетін басқа да төлемдерді төлегеннен кейін арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асырудан алынған табыстарды өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.

29-1-бап. Арнайы экономикалық аймақтардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік

      Арнайы экономикалық аймақтардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-тарау 29-1-баппен толықтырылды - ҚР 31.10.2015 № 380-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

30-бап. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау

      Ескерту. 30-бап алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

31-бап. Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтары туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтары туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

32-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтар, оларды тарату туралы шешім қабылданғанға дейін немесе осы арнайы экономикалық аймақ құрылған мерзім аяқталғанға дейін өз мәртебесін сақтайды. Арнайы экономикалық аймақтардың әкімшіліктері басқарушы компания құрылғанға дейін, бірақ уәкілетті орган айқындаған мерзімнен аспайтын мерзімде басқарушы компаниялардың функцияларын орындай алады.

      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған арнайы экономикалық аймақтарды басқару үшін тартылған оператор-компаниялар оларды жаңадан құрылған басқарушы компанияға бергенге дейін басқарушы компаниялардың функцияларын орындай алады.

      Бұл ретте осы оператор-компаниялар осы Заң қолданысқа енгізілген кезден бастап бір жылдан аспайтын мерзімде басқарушы компаниялардың функцияларын орындайды.

      Басқарушы компанияның функцияларын арнайы экономикалық аймақтар үшін тартылған оператор-компанияның орындауы туралы шешімді уәкілетті орган қабылдайды.

      3. Арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі басқарушы компания құрылған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей, басқарушы компанияға арнайы экономикалық аймаққа қатысты және басқарушы компанияның осы Заңда көзделген функцияларды орындауы үшін қажетті барлық құжаттар мен ақпаратты беруге міндетті, содан кейін осы әкімшілік таратылуға тиіс.

      4. Басқарушы компания құрылған күннен бастап уәкілетті орган мен оператор-компаниялар арасында жасалған шарттар бұзылуға тиіс.

      5. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновациялық технологиялар саласындағы арнайы экономикалық аймаққа қатысушылар үшiн арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтi жүзеге асыру талабы 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай қызмет түрлерi үшін міндетті талап болып табылмайды:

      1) дерекқорларды және аппараттық құралдарды жобалау, әзірлеу, ендіру және өндіру, бағдарламалық қамтылымды (оның ішінде тәжірибелік үлгілерді) жобалау, әзірлеу, ендіру және өндіру;

      2) серверлік ақпараттық-коммуникациялық жабдық пайдаланыла отырып, ақпаратты электрондық нысанда сақтау және өңдеу жөніндегі көрсетілетін қызметтер (дата-орталықтардың көрсетілетін қызметтері);

      3) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жобаларды жасау мен ендіру бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу.

      6. Осы баптың 1 - 4-тармақтарында көзделген ережелер "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағына қолданылмайды.

      Ескерту. 32-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.06.2014 № 208-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" 2007 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 14, 104-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат) күші жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев