Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне ипотекалық кредиттеу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 3 маусымдағы N 426-II Заңы

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылғы 27 желтоқсанда қабылдаған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне  (Жалпы бөлім) (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1994 ж., N 23-24 (қосымша); 1995 ж., N 15-16, 109-құжат; N 20, 121-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 2, 187-құжат; N 14, 274-құжат; N 19, 370-құжат; 1997 ж., N 1-2, 8-құжат; N 5, 55-құжат; N 12, 183, 184-құжаттар; N 13-14, 195, 205 -құжаттар; 1998 ж., N 2-3, 23-құжат; N 5-6, 50-құжат; N 11-12, 178-құжат; N 17-18, 224-225-құжаттар; N 23, 429-құжат; 1999 ж., N 20, 727, 731-құжаттар; N 23, 916-құжат; 2000 ж., N 18, 336-құжат; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 1, 7-құжат; N 8, 52-құжат; N 17-18, 240-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 2, 17-құжат; N 10, 102-құжат; 2003 ж., N 1-2, 3-құжат; 2003 жылғы 23 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2003 жылғы 21 мамырда "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне бағалы қағаздар рыногы және акционерлік қоғамдар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2003 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы ; 2003 жылғы 22 мамырда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім) өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" 2003 жылғы 20 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы ) толықтырулар енгізілсін:

      1) 50-баптың 4-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Аралық тарату балансын жасаған кезде таратылатын заңды тұлға мүлкінің құрамына ипотекалық облигациялар бойынша мынадай қамтамасыз ету болып табылатын кепіл мүлкі: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқығы (ипотекалық куәліктерді қоса алғанда), сондай-ақ аталған облигацияларды ұстаушыларда оларға меншік құқығы туындаған немесе мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары енгізілмейді. Тарату комиссиясы аталған мүлікті Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарына сәйкес кредиторлармен - ипотекалық облигацияларды ұстаушылармен есеп айырысу үшін ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың өкіліне береді.";

      2) 51-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы "міндеттемелері жөніндегі талаптары" деген сөздерден кейін ", кредиторлардың - ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша талап ету құқықтары кепілімен (ипотекалық куәлік кепілін қоса алғанда) қамтамасыз етілген ипотекалық облигацияларды, сондай-ақ аталған облигацияларды ұстаушыларда оларға меншік құқығы туындаған немесе мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын ұстаушылардың талаптарын қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 132-баптың 3-тармағының екінші сөйлемі "адам (индоссант)" деген сөздерден кейін ", жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      4) 133-баптың 1-тармағының бірінші сөйлемі "адамдар" деген сөзден кейін ", жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      5) 308-баптың 2-тармағының екінші бөлігі "өзгерген кезде" деген сөздерден кейін ", банктік қарыз шартының тараптары шарт бойынша сыйақы мөлшерін немесе есептеу тәртібін, сондай-ақ осыған байланысты іс-әрекеттерді өзгерту және өтеу мерзімін өзгертуді қоса алғанда, төлем кестесін өзгерту мүмкіндігі көзделген жағдайларды қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      6) 347-бап "басқа жағдайда" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ егер осы Кодексте немесе шартта өзгеше көзделмесе," деген сөздермен толықтырылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті