Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 6 ақпандағы № 193-VII ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 14-б. қараңыз.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
     

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) есептік тіркеу – цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізіліміне, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізіліміне енгізу;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2) қамтамасыз етілген цифрлық активтерді сақтау және айырбастау жөніндегі цифрлық платформа – деректердің таратылған платформасы негізінде құрылған, белгілі бір ақпараттық өзара іс-қимылдарды іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған, ақпарат алмасу мүмкіндігін беретін ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың жиынтығы;

      3) қамтамасыз етілмеген цифрлық актив – цифрлық қаржы активі болып табылмайтын цифрлық актив;

      3-1) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде цифрлық активтер нарығында дилерлік қызметті – өз клиенттерінің мүддесі үшін қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау, сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын цифрлық активтер қызметтерінің провайдері;

      3-2) мінсіз іскерлік бедел – адамның, оның ішінде:

      аталған адамның қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға алып келген төлем қабілетсіздігіне не банкке реттеу режимін қолдануға алып келген құқыққа қайшы әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасау;

      аталған адамның алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы, оның ішінде адамға қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингтерінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;

      қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның мәліметтері негізінде әрекеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға ықпал еткен үшінші тұлғалармен қарым-қатынасының (үшінші тұлғалардың бақылауы мен ықпалының) болуы фактілерінің жоқтығымен расталатын кәсіпқойлығы мен адалдығы;

      4) цифрлық актив – цифрлық код беріліп, оның ішінде криптография және компьютерлік есептеу құралдары қолданыла отырып электрондық-цифрлық нысанда құрылған, есеп айырысу ақша бірлігі және (немесе) заңды төлем құралы болып табылмайтын, деректердің таратылған платформасы технологиясының негізінде тіркелген және ақпараттың өзгермейтіндігімен қамтамасыз етілген мүлік.

      Мыналар цифрлық активтердің түрлері болып табылады:

      цифрлық қаржы активі;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық актив;

      4-1) алып тасталды – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      4-2) цифрлық актив әмияны – криптографиялық кілттерді сақтау немесе оларды басқару үшін пайдаланылатын, цифрлық активтерге қол жеткізуді және олармен транзакциялар жүргізуді қамтамасыз ететін бағдарламалық немесе аппараттық құрал;

      4-3) цифрлық активтер айналымы (айналысы) – цифрлық активті сатып алуды, сатуды, айырбастауды, аударуды, сақтауды қамтитын Қазақстан Республикасының аумағында немесе Қазақстан Республикасының азаматының, резидентінің немесе Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғаның қатысуымен цифрлық активтермен азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау;

      5) цифрлық активтер биржалары – цифрлық активтердің сауда-саттығын, шығарылуын, есептелуін және сақталуын ұйымдастырушылық және техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      5-1) цифрлық активтердің сауда платформасының операторы – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізіліміне енгізілген, цифрлық активтер бойынша сауда-саттықты ұйымдастырушылық және техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуді цифрлық активтер қызметтері провайдерінің сауда жүйесін пайдалана отырып тікелей өткізу арқылы жүзеге асыратын цифрлық активтер қызметтерінің провайдері;

      5-2) цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімі – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өткен цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының бірыңғай тізбесі;

      5-3) цифрлық активтер қызметтерінің провайдері – цифрлық активтермен байланысты қызметтер көрсететін және Интернеттің қазақстандық сегментінде тіркелген цифрлық активтер нарығының субъектісі.

      Мыналар цифрлық активтер қызметтерінің провайдерлері болып табылады:

      цифрлық қаржы активтері платформасының операторы;

      цифрлық активтердің сауда платформасының операторы;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы;

      цифрлық активтермен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы бар цифрлық активтер биржасын қоса алғанда, "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары;

      5-4) цифрлық активтермен жасалатын операцияларды талдау және бақылау жүйесі (бұдан әрі – операцияларды талдау және бақылау жүйесі) – цифрлық активтермен жасалатын операцияларды мониторингтеуге, операцияларды қадағалауға және күдікті әрекеттерді анықтауға арналған цифрлық платформа немесе сервис;

      6) алып тасталды – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      6-1) цифрлық активті шығару – азаматтық құқықтар объектісі ретінде цифрлық активтің пайда болуына бағытталған әрекет;

      6-2) цифрлық қаржы активтерін орналастыру – цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылатын, инвесторларға цифрлық қаржы активтерін бастапқы ұсыну;

      6-3) цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесі – цифрлық қаржы активтері платформасы операторының есепке алу жүйесі, ол:

      цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар және оларға тиесілі цифрлық қаржы активтері туралы мәліметтерді есепке алуды және сақтауды;

      цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды белгілі бір уақытқа сәйкестендіруді;

      цифрлық қаржы активтерімен жасалатын мәмілелерді тіркеуді;

      цифрлық қаржы активтері бойынша айналысқа немесе құқықтарды іске асыруға тіркелген шектеулер (ауыртпалықтар) туралы мәліметтерді есепке алуды және сақтауды;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтерді есепке алуды және сақтауды қамтамасыз етеді.

      Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесін жүргізу тәртібі, цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесінде есепке алынуға және сақталуға тиіс өзге де мәліметтердің тізбесі, сондай-ақ цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесінен мәліметтерді орталық депозитарийге беру тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалады;

      6-4) цифрлық қаржы активтері платформасының операторы – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізіліміне енгізілген, цифрлық платформаға қолжетімділікті және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін цифрлық активтер қызметтерінің провайдері, осы платформа пайдаланыла отырып:

      цифрлық қаржы активтерін шығару және (немесе) айналымға (айналысқа) жіберу;

      цифрлық қаржы активтерін есепке алу және сақтау;

      көрсетілген цифрлық платформада шығарылған және (немесе) айналыстағы цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесін қалыптастыру, жүргізу және сақтау жүзеге асырылады;

      6-5) цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімі – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өткен цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының бірыңғай тізбесі;

      6-6) цифрлық қаржы активі:

      цифрлық активтің базалық активіне қатысты ақшалай және (немесе) өзге де талап ету құқығын куәландыратын, цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында шығарылатын және цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының цифрлық платформасында айналыста болатын осындай цифрлық актив;

      цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында шығарылатын және цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының цифрлық платформасында айналыста болатын қаржы құралы және (немесе) қаржы активі.

      Цифрлық қаржы активін орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу және өтеу осындай цифрлық қаржы активін шығару шарттарына сәйкес жүзеге асырылады;

      6-7) цифрлық қаржы активін өтеу – цифрлық қаржы активі эмитентінің тиісті міндеттемелерін өтеуге байланысты және (немесе) цифрлық қаржы активін шығару шарттарына сәйкес өзге де негіздер бойынша осындай цифрлық қаржы активін айналымнан (айналыстан) алу;

      6-8) цифрлық қаржы активінің базалық активі – құны немесе шамасы (құнының немесе шамасының құбылуын қоса алғанда) тиісті цифрлық қаржы активінің құнын айқындайтын және оған қатысты цифрлық қаржы активін ұстаушыда ақшалай және (немесе) өзге де талап ету құқығы туындайтын мүлік.

      Қаржы құралы (оның ішінде ақша, туынды бағалы қағаздарды қоса алғанда, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, басқа да цифрлық қаржы активі), мүліктік құқық (талап), тауар және (немесе) өзге де мүлік цифрлық қаржы активінің базалық активі бола алады;

      6-9) цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым – цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі міндеттемелерді өзіне қабылдай отырып, оны есепке алуды және сақтауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасы;

      6-10) цифрлық қаржы активінің эмитенті – цифрлық қаржы активтерін шығаруды (эмиссиясын) жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасы;

      7) цифрлық майнер – цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының дара кәсіпкері немесе заңды тұлғасы;

      8) цифрлық майнинг – блокчейн арқылы деректер блоктарының тұтастығын растауды қамтамасыз ететін, шифрлаудың берілген алгоритмдеріне сәйкес компьютерлік қуаттарды пайдалана отырып есептеу операцияларын жүргізу процесі;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      9) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9) цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы – цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешеннен тұратын, есептеу қуаттарының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, тұрғын аймақтың аумағынан тыс жерде орналасқан, "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электр энергиясын пайдаланатын ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектісі;

      10) цифрлық майнингтік пул – Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы заңнамасына сәйкес аккредиттелген, цифрлық майнерлердің цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешенінің қуаттарын біріктіру қызметін ұсынатын, цифрлық майнерлердің бірлескен қызметінің нәтижесінде пайда болған (жасалған) цифрлық активтерді олардың арасында бөлуді жүзеге асыратын заңды тұлға.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.11.2025 № 231-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Цифрлық активтер саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаты мен қағидаттары

      1. Қазақстан Республикасының экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілетті болуы үшін Қазақстан Республикасында цифрлық активтерді шығару және олардың айналымы, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті дамыту цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаты болып табылады.

      2. Цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) заңдылық;

      2) жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау;

      3) жеке және заңды тұлғалардың цифрлық активтер саласындағы қызметке қатысу және оның нәтижелерiн пайдалану құқықтарының теңдігі;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      4) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қолжетімділігі шектелмеген кез келген электрондық ақпараттық ресурстарды iздеу, қалыптастыру және беру еркiндiгi;

      5) цифрлық активтерді пайдалану, шығару және цифрлық майнинг кезiнде жеке бастың, қоғам мен мемлекеттің қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

      6) цифрлық активтерді шығару, пайдалану саласын, цифрлық майнингті, сондай-ақ адал бәсекелестікті дамыту үшін жағдайлар жасау.

4-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:

      1) осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтерінің эмитенттерін, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының цифрлық активтері қызметтерінің провайдерлерін қоспағанда, цифрлық активтер қызметтерінің провайдерлерін мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

      2) "Астана" халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының цифрлық активтері қызметтерінің провайдерлерін қоспағанда, цифрлық активтер қызметтері провайдерлерінің, цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдардың және осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілерді бекітеді;

      3) цифрлық қаржы активтері платформасының операторларын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторларын есептік тіркеуді жүзеге асырады және олардың тізілімдерін жүргізеді;

      4) осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері мен инвесторларына қойылатын талаптарды айқындайды;

      5) "Астана" халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының цифрлық активтері қызметтерінің провайдерлерін қоспағанда, цифрлық активтер қызметтері провайдерлерінің және осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

      6) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының қызметін мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

      7) цифрлық активтер нарығындағы дилерлік қызметке – қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензияны (бұдан әрі – қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензия) береді (беруден бас тартады), қайта ресімдейді, тоқтата тұрады, одан айырады;

      8) цифрлық активтермен байланысты қызметке қатысты "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-2-тарауында көзделген тәртіппен ерекше реттеу режимін енгізеді;

      9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мыналарды бекітеді:

      1) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының қызметін жүзеге асыру қағидалары, онда мыналар айқындалады:

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторын лицензиялау тәртібі және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторына қойылатын біліктілік талаптары;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензия алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынылатын құжаттардың тізбесі;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының басшы қызметкеріне және құрылтайшыларына (қатысушыларына) (құрылтайшыларының біріне, қатысушыларына немесе акционерлеріне), бенефициарлық меншік иесіне қойылатын талаптар;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының жарғылық капиталының ең аз мөлшеріне қойылатын талаптар;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының ұйымдық-құқықтық нысанына қойылатын талаптар;

      ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптар;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторын қайта ұйымдастыру тәртібі;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторына қойылатын біліктілік талаптары;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының қызметін жүзеге асыру тәртібі;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алу, сату және (немесе) айырбастау жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі;

      операцияларды талдау және бақылау жүйесіне қойылатын талаптар;

      клиенттердің операциялары бойынша шектеулер мен лимиттер;

      қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының екінші деңгейдегі банктермен және Ұлттық пошта операторымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі;

      клиенттердің цифрлық активінің әмияндарын ашу және оларға қызмет көрсету тәртібі;

      2) цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметін жүзеге асыру қағидалары, онда мыналар айқындалады:

      цифрлық қаржы активтері платформасының операторларын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторларын есептік тіркеу тәртібі;

      есептік тіркеуден өту үшін өтініш беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынатын құжаттардың тізбесі;

      өтініш берушінің ұйымдық-құқықтық нысанына қойылатын талаптар;

      өтініш берушінің жарғылық капиталының ең аз мөлшеріне қойылатын талаптар;

      цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық қаржы активтерінің базалық активінің болуын және жай-күйін (сақталуын) куәландыру және мониторингтеу тәртібі;

      цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметін жүзеге асырудың ішкі қағидаларына қойылатын талаптар;

      цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының цифрлық платформаларына қолданылатын ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптар;

      цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын қайта ұйымдастыру тәртібі;

      цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және цифрлық активтердің сауда платформасы операторының біліктілік талаптары, кәсіптік қызмет түрлерін ұштастыру шарттары мен тәртібі;

      цифрлық қаржы активтері платформасының операторларында, цифрлық активтер сауда платформасының операторларында есепке алынатын және сақталатын барлық деректі (мәліметті), оның ішінде цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері, цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар және оларға тиесілі цифрлық қаржы активтері туралы деректерді (мәліметтерді) цифрлық қаржы активтері платформасының басқа операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының басқа операторына беру тәртібі;

      цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесін, цифрлық қаржы активтерін ұстаушыларды есепке алу жүйесінде есепке алынуға және сақталуға тиіс өзге де мәліметтер тізбесін жүргізу тәртібі;

      3) базалық активі ақша және олардың баламалары болып табылатын цифрлық қаржы активтеріне қатысты цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдарға қойылатын талаптар;

      4) цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу және өтеу қағидалары, онда мыналар айқындалады:

      цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу және өтеу тәртібі мен шарттары;

      цифрлық қаржы активтерінің эмитенттеріне және цифрлық қаржы активтерін шығару туралы шешімге қойылатын талаптар;

      цифрлық қаржы активтерінің инвесторларына қойылатын талаптар;

      цифрлық қаржы активтерімен жасалатын мәмілелерді жүзеге асыру мақсатында тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану тәртібі мен шарттары;

      білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген цифрлық қаржы активтерінің тізбесі;

      5) нысандарын, кезеңділігі мен ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының, цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының, цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептілікті ұсыну қағидалары;

      6) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, нысандарын, кезеңділігі мен ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептілік ұсыну қағидалары;

      7) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторына қадағалап ден қою шараларын қолдану қағидалары;

      8) цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына, цифрлық қаржы активтерінің эмитентіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары;

      9) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының мәліметтерді бағалы қағаздардың орталық депозитарийіне ұсыну қағидалары;

      10) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары, цифрлық қаржы активтері платформасының операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидалары;

      11) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары, цифрлық қаржы активтері платформасының операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары, осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері, цифрлық активтер саласындағы қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерекше реттеу режимінің қатысушылары үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар;

      12) офшор аймақтардың тізбесі;

      13) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында цифрлық қаржы активтерін шығаруға рұқсат беру мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарына қойылатын талаптар, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушыларын цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында цифрлық қаржы активтерін шығаруды жүзеге асыруға рұқсат беру қағидалары;

      14) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен және "Астана" халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетімен бірлесіп, "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында цифрлық қаржы активтерін шығару үшін Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына рұқсат беру қағидалары.

      2. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган:

      1) осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтерінің эмитенттерін мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

      2) осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу және өтеу шарттары мен тәртібін айқындайды;

      3) осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері мен инвесторларына қойылатын талаптарды айқындайды;

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің есептілік тізбесін, нысандарын, ұсыну мерзімдері мен тәртібін бекітеді;

      5) осы Заңның 5-бабының 2) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтерінің базалық активі бола алатын мүліктің тізбесін (түрлерін), сондай-ақ осындай цифрлық қаржы активтері бойынша базалық активті есепке алу және сақтау тәртібін бекітеді;

      6) осы Заңның 5-бабының 2) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтеріне қатысты цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым ретінде әрекет етуге құқылы ұйымдарға қойылатын талаптарды бекітеді;

      7) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдардың есептілік тізбесін, нысандарын, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзімдері мен тәртібін бекітеді;

      8) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша цифрлық қаржы активтері нарығындағы әрекеттерді айла-шарғы қолдану мақсатында жасалған деп танудың қағидалары мен шарттарын бекітеді;

      9) осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтері эмитенттерінің Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

      10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті орган:

      1) цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны береді (беруден бас тартады), қайта ресімдейді, тоқтата тұрады, одан айырады;

      2) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімдерін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша салық салу мақсатында цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну қағидаларын бекітеді;

      3) цифрлық майнингтік пулдарды аккредиттеу қағидаларын бекітеді;

      4) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша цифрлық майнинг жөніндегі қызметті лицензиялау қағидаларын бекітеді;

      5) цифрлық майнингтік пулдарды аккредиттеуді жүргізеді;

      6) цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешендердің тізілімін жүргізеді;

      7) цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешендерді есепке алу және олардың тізілімін жүргізу қағидаларын бекітеді;

      8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      4. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган:

      1) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру мақсатында және (немесе) өзге де қылмыстық мақсаттарда пайдаланылған цифрлық активтер әмияндарының бірыңғай тізілімін жүргізеді;

      2) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру мақсатында және (немесе) өзге де қылмыстық мақсаттарда пайдаланылған цифрлық активтер әмияндарының бірыңғай тізілімін жүргізу үшін ақпараттың құрамын, оны беру мерзімдері мен нысанын қамтитын тәртіпті айқындайды;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      5. Электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган:

      1) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес цифрлық майнерлерді электр желілеріне қосуға қойылатын талаптарды айқындайды;

      2) цифрлық майнерлер үшін электр энергиясына квотаны айқындау тетігін бекітеді;

      3) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. Цифрлық қаржы активтері

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Цифрлық қаржы активтерінің түрлері

      Мыналар цифрлық қаржы активтерінің түрлері болып табылады:

      1) базалық активі ақша болатын цифрлық қаржы активтері (стейблкоин);

      2) ақшаны қоспағанда, базалық активі қаржы құралдары (оның ішінде туынды бағалы қағаздарды қоса алғанда, бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары, басқа да цифрлық қаржы активі), қаржы активі, мүліктік құқықтар (талаптар), тауарлар және (немесе) өзге де мүлік болатын цифрлық қаржы активтері;

      3) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында электрондық-цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Цифрлық қаржы активтерін шығару және айналымға (айналысқа) жіберу

      1. Цифрлық қаржы активтерін шығаруды цифрлық қаржы активтерінің эмитенті цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында көрсетілген эмитенттің осы цифрлық қаржы активтерін шығару туралы шешімі негізінде жүзеге асырады.

      Цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу және өтеу тәртібі мен шарттарын, цифрлық қаржы активтерінің эмитенттеріне және цифрлық қаржы активтерін шығару туралы шешімге қойылатын талаптарды, цифрлық қаржы активтерінің инвесторларына қойылатын талаптарды, оның ішінде цифрлық қаржы активтерімен жасалатын мәмілелерді жүзеге асыру мақсатында жеке тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген цифрлық қаржы активтерінің тізбесін:

      осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтеріне қатысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді;

      осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтеріне қатысты қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.

      2. Цифрлық қаржы активтерінің шығарылуын тіркеуді цифрлық қаржы активтері платформасының операторы жүзеге асырады және онда эмитент ұсынған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін қарау қамтылады.

      3. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы:

      1) цифрлық қаржы активтерінің эмитенті цифрлық қаржы активтерін шығару кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтаған жағдайда цифрлық қаржы активтерінің эмитентіне өзінің қаржы активтерінің цифрлық платформасына қолжетімділік беруді;

      2) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында жазбаны орналастыру арқылы цифрлық қаржы активтерін шығаруды жүзеге асырады.

      Цифрлық қаржы активін шығару шарттарында базалық активтің болуы көзделген жағдайларда цифрлық қаржы активін шығару цифрлық қаржы активтері платформасының операторы осындай базалық активтің бар екендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана жүзеге асырылады.

      4. Цифрлық қаржы активінің базалық активін есепке алуды және сақтауды цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым жүзеге асырады.

      Осы Заңның 5-бабының 1) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтеріне қатысты цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым ретінде әрекет етуге құқылы ұйымдарға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.

      Осы Заңның 5-бабының 2) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтерінің базалық активі бола алатын мүліктің тізбесі (түрлері), осындай цифрлық қаржы активтері бойынша базалық активті есепке алу және сақтау тәртібі, осы Заңның 5-бабының 2) тармақшасында көзделген цифрлық қаржы активтеріне қатысты цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым ретінде әрекет етуге құқылы ұйымдарға қойылатын талаптар қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      Есептіліктің нысандарын, оны ұсыну кезеңділігі мен мерзімдерін қоса алғанда, цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне оны ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган бірлесіп айқындайды.

      5. Бір түрдегі цифрлық қаржы активтерін басқа түрдегі цифрлық қаржы активтеріне айырбастауды қоса алғанда, цифрлық қаржы активтерінің айналымы цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының цифрлық платформасында жүзеге асырылады.

      Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде тиісті есептік тіркеуі болған кезде цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде әрекет ете алады.

      Цифрлық активтердің сауда платформасының операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік-құқықтық актісінде көзделген тәртіппен цифрлық активтермен сауда-саттықты ұйымдастырады.

      6. Орталық депозитарий "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен осы Заңның 5-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізуді жүзеге асырады.

      Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының орталық депозитарийге мәліметтер ұсыну тәртібі, сондай-ақ цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының орталық депозитариймен өзара іс-қимыл жасауының өзге де мәселелері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісінде айқындалады.

      7. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі есептік тіркеудің негізінде жүзеге асырады.

      Цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеу олардың қызметін реттеу, бақылау және қадағалау мақсатында жүзеге асырылады және цифрлық активтер платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының тиісті қызметтерді көрсетуі кезінде міндетті шарт болып табылады.

      Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өтпей жүзеге асырылатын қызметтер көрсету жөніндегі жұмысына жол берілмейді.

      8. Есептік тіркеуден өту үшін цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асыруға ниет білдірген өтініш беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген біліктілік талаптарына сай келуге тиіс.

      9. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының есептік тіркеуден өту тәртібін, цифрлық қаржы активтері платформасының операторы мен цифрлық активтердің сауда платформасы операторының біліктілік талаптарын, кәсіптік қызмет түрлерін біріктіру шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекітеді.

      10. Осы баптың 9-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде:

      1) өтініш беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептік тіркеуден өту үшін ұсынатын құжаттардың тізбесі;

      2) өтініш берушінің ұйымдық-құқықтық нысанына қойылатын талаптар;

      3) өтініш берушінің жарғылық капиталының ең аз мөлшеріне қойылатын талаптар;

      4) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық қаржы активтерінің базалық активінің болуын және жай-күйін (сақталуын) куәландыру және мониторингтеу тәртібі;

      5) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асырудың ішкі қағидаларына қойылатын талаптар;

      6) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының цифрлық платформаларына қолданылатын ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптар;

      7) цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын қайта ұйымдастыру тәртібі қамтылады.

      11. Мыналарды:

      1) осы баптың 12-тармағында аталған;

      2) мінсіз іскерлік беделі жоқ адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент және бейрезидент жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының құрылтайшылары және қатысушылары (акционерлері) бола алады.

      12. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган жасайтын, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткілікті түрде орындамайтын мемлекеттер (аумақтар) тізбесіне енгізілген шет мемлекетте (аумақта) тіркелген, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейтін офшор аймақтарда тіркелген, заңды тұлға мәртебесі жоқ заңды тұлғалар және (немесе) шетелдік ұйымдар:

      цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының дауыс беретін акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін;

      базалық активі цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының дауыс беретін акциялары болып табылатын, Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес шығарылған туынды бағалы қағаздарын тікелей немесе жанама иелене және (немесе) пайдалана және (немесе) оларға билік ете алмайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тыйым салу Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіндегі, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіндегі адамдарға да қолданылады.

      Осы тармақтың мақсаттары үшін цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының дауыс беретін акцияларын, туынды бағалы қағаздарын және (немесе) жарғылық капиталына қатысу үлестерін жанама иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету деп заңды тұлға мәртебесі жоқ басқа заңды тұлғалардағы және (немесе) шетелдік ұйымдардағы дауыс беретін акцияларын, қатысу үлестерін, пайларды не үлестік қатысудың басқа да нысандарын иелену арқылы цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасы операторы қатысушысының (акционерінің) шешімдерін айқындау мүмкіндігі түсініледі.

      13. Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган жасайтын, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткілікті түрде орындамайтын мемлекеттер (аумақтар) тізбесіне енгізілген шет мемлекетте (аумақта) тіркелген, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейтін офшор аймақтарда тіркелген жеке тұлғалар цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының басшы қызметкерлері бола алмайды.

      Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының басшы қызметкерінің лауазымына:

      1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы қаржы ұйымын таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруды тоқтатуға алып келген банкке реттеу режимін қолдану туралы шешімді, қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымын лицензиядан айыру туралы шешімді қабылдағанға не қаржы ұйымын, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасында айқындалған тәртіппен оны төлемге қабілетсіз (банкрот) деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін бір жылдан аспайтын кезеңде қаржы ұйымының, оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымының басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері болған адамды сайлауға немесе тағайындауға тыйым салынады.

      Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген тыйым салу қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органы тиісті шешім қабылдағаннан немесе тиісті сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін он жыл бойы қолданылады;

      2) мінсіз іскерлік беделі жоқ адамды сайлауға немесе тағайындауға тыйым салынады.

      Осы тармақтың мақсаттары үшін:

      1) басқару органының басшысы, оның орынбасары және басқару органының мүшелері;

      2) атқарушы органның басшысы, оның орынбасары және атқарушы органның мүшелері;

      3) бас бухгалтер цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының басшы қызметкерлері деп танылады.

      14. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының жарғылық капиталы тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшамен қалыптастырылады.

      Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының жарғылық капиталы цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асыруға ниет білдірген өтініш беруші есептік тіркеуден өту үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүгінгенге дейін қалыптастырылады.

      15. Есептік тіркеуден өту үшін цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асыруға ниет білдірген өтініш беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мынадай құжаттар мен мәліметтерді ұсынады:

      1) атқарушы органның басшысы (мүшелері) туралы мәліметтерді де (дипломның (дипломдардың) және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмелерін қоса бере отырып) қамтитын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген нысан бойынша өтініш;

      2) ең аз мөлшерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген жарғылық капиталға ақы төленгенін растайтын құжат;

      3) өтініш беруші үлгілік жарғы бойынша қызметті жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, жарғы;

      4) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық активтердің сауда платформасының операторымен, банкпен және (немесе) Ұлттық пошта операторымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайтын құжат;

      5) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асырудың өтініш берушінің басқару органы бекіткен ішкі қағидалары;

      6) өтінішті және оған қоса берілетін құжаттар мен мәліметтерді беруге адамның өкілеттігін растайтын құжат.

      16. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде есептік тіркеуден өту үшін берілген өтінішті есептік тіркеуден өту үшін қажетті құжаттардың толық жинақталымы ұсынылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мынадай жағдайлардың кез келгенінде:

      ұсынылған құжаттарда және (немесе) мәліметтерде қамтылған өтініш беруші және (немесе) оның құрылтайшылары, қатысушылары (акционерлері) туралы анық емес деректер (мәліметтер) анықталғанда;

      ұсынылған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің мазмұны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмегенде;

      ұсынылған құжаттар мен мәліметтердегі деректердің анықтығын тексеруді жүзеге асыру қажет болғанда цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде есептік тіркеуден өту үшін берілген өтінішті қарау мерзімін тоқтата тұруға құқылы.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұсынылған құжаттарға және (немесе) мәліметтерге берген ескертулерін өтініш берушінің жою мерзімі он жұмыс күнінен аспайды.

      Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде есептік тіркеуден өту үшін өтінішті қарау мерзімі өтініш беруші Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ұсынылған құжаттарға және (немесе) мәліметтерге берген ескертулерін жойғаннан кейін және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі көрсетілген құжаттардағы және (немесе) мәліметтердегі деректердің анықтығын тексеруді аяқтағаннан кейін немесе өтініш беруші осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген мерзім ішінде нақтыланған (түзетілген) құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынбаған жағдайда қайта басталады.

      17. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі есептік тіркеуден өткен өтініш берушіге цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының тіркеу нөмірін береді, цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінде, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінде жазбаны жүзеге асырады және өтініш берушіге тіркеу нөмірін көрсете отырып, осы баптың 16-тармағында белгіленген мерзімде жазбаша нысанда есептік тіркеуден өткені туралы хабарлама жібереді.

      Есептік тіркеуден өткен цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімі және цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырылады.

      Есептік тіркеуден бас тартылған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өтініш берушіге бас тарту себебін көрсете отырып, осы баптың 16-тармағында белгіленген мерзімде жазбаша нысанда есептік тіркеуден бас тарту туралы хабарлама жібереді.

      18. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторын, цифрлық активтердің сауда платформасы операторын есептік тіркеуден бас тарту мынадай негіздердің кез келгені бойынша жүргізіледі:

      1) есептік тіркеуден өту үшін ұсынылған құжаттардағы мәліметтердің және (немесе) ақпараттың анық болмауы және (немесе) толық болмауы;

      2) құжаттардың толық жинақталымының ұсынылмауы немесе құжаттардың осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес келмеуі;

      3) цифрлық қаржы активтері платформасы операторы, цифрлық активтердің сауда платформасы операторы құрылтайшысының, қатысушысының (акционерінің) осы баптың 11 және 12-тармақтарында белгіленген талаптарға сай келмеуі;

      4) басшы қызметкерлердің осы баптың 13-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      5) осы баптың 14-тармағында белгіленген талаптардың сақталмауы;

      6) бенефициарлық меншік иесінде алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болуы.

      19. Есептік тіркеуден бас тартылған жағдайда цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін жүзеге асыруға ниет білдірген өтініш беруші есептік тіркеуден бас тартуға алып келген себептер жойылған кезде есептік тіркеуге өтінішті қайта ұсынуға немесе өз атауын өзгерту не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға құқылы.

      Цифрлық қаржы активтері платформасы операторын, цифрлық активтердің сауда платформасы операторын есептік тіркеуден бас тартуға алып келген себептердің жойылмауы көрсетілген өтінішті қайта қараудан бас тартуға негіз болып табылады.

      Қайта ұсынылған өтінішті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі он жұмыс күні ішінде қарайды.

      20. Есептіліктің нысандарын, оны ұсыну кезеңділігі мен мерзімдерін қоса алғанда, цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне оны ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.

      21. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандарттардың және Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етеді.

      Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастырады.

      Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.

      22. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы резиденттерінің "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында цифрлық қаржы активтерін шығаруды жүзеге асыруына жол беріледі.

      23. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде "Астана" халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында цифрлық қаржы активтерін шығаруды жүзеге асыруына жол беріледі.

      24. Осы баптың 7-тармағын қоспағанда, осы баптың талаптары қор биржасы мен орталық депозитарий цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретінде қызметін жүзеге асырған кезде "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттелмеген бөлігінде қор биржасына және орталық депозитарийге қолданылады.

      Қор биржасы және орталық депозитарий цифрлық қаржы активтері платформасының операторы және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасының операторы ретіндегі қызмет үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде осындай қызметті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуден өтпей жүзеге асыруға құқылы.

      25. Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның және "Астана" халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің бірлескен актісінде айқындалған тәртіппен және шарттарда "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында цифрлық қаржы активтерін шығаруға құқылы.

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісінде айқындалған тәртіппен және шарттарда цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында цифрлық қаржы активтерін шығаруға құқылы.

      26. Цифрлық қаржы активтерін аударуды жүзеге асыру кезінде цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы цифрлық қаржы активтерін жөнелтуші мен алушы туралы ақпаратты, оның ішінде аталған тұлғаларды және (немесе) бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен жинауды және сақтауды жүзеге асырады.

      27. Осы баптың 26-тармағында көрсетілген ақпарат болмаған не толық берілмеген жағдайда, цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы клиент талап етілетін ақпаратты бергенге дейін кемінде қырық сегіз сағат мерзімге операция жүргізуді тоқтата тұруға тиіс.

      Клиент жөнелтушіні және (немесе) алушыны сәйкестендіру үшін қажетті ақпаратты бермеген жағдайда, цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы белгіленген мерзім өткеннен кейін операцияны жүргізуден бас тартады.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-бап. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметін бақылау және қадағалау

      1. Цифрлық қаржы активтері нарығын бақылау және қадағалау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметіне қатысты тексеруді және бақылаудың (қадағалаудың) өзге де нысандарын жүзеге асырады.

      2. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметіне қатысты тексерулер және бақылаудың (қадағалаудың) өзге де нысандары Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасында белгіленген қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған кезде өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына қатысты осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптарына сәйкес шектеулі ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолданады.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі цифрлық қаржы активтері платформасының операторларына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторларына қатысты Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы, бағалы қағаздар рыногы туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін шектеулі ықпал ету шараларының мынадай түрлерін қолданады:

      1) орындалуы міндетті жазбаша нұсқама жіберу;

      2) жазбаша ескерту шығару;

      3) жазбаша келісім жасау.

      Цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі, сондай-ақ қолданылатын шектеулі ықпал ету шарасының түрін таңдау үшін негіздер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

      5. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінен, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінен мынадай негіздердің кез келгені бойынша шығарылады:

      1) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қайта ұйымдастыру немесе тарату арқылы өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдауы;

      2) соттың цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының қызметін тоқтату туралы шешім қабылдауы;

      3) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының басшы қызметкерлеріне және (немесе) қатысушыларына (акционерлеріне) қойылатын талаптардың сақталмауы;

      4) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзуы;

      5) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қолданған шектеулі ықпал ету шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамауы;

      6) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының есептік тіркеу күнінен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде қызметін есептік тіркеуге сәйкес жүзеге асырмауы немесе қатарынан күнтізбелік алты айдан астам кезеңге қызметін тоқтатуы;

      7) цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеу;

      8) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының жүзеге асырылатын қызмет бойынша деректерді (мәліметтерді) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) ұсынбауы;

      9) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) жүзеге асырылатын қызметі бойынша анық емес деректерді (мәліметтерді) ұсынуы;

      10) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тарапынан операторға қатысты бақылау мен қадағалау жүргізілуіне кедергі жасалуы;

      11) есептік тіркеуден өту үшін ұсынылған құжаттарда және (немесе) мәліметтерде анық емес деректердің (мәліметтердің) анықталуы.

      6. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінен, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінен шығарылған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарылған күннен бастап бұл туралы цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын бес жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді және өзінің интернет-ресурсында тиісті ақпаратты орналастырады.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық қаржы активтері платформасының операторын, цифрлық активтердің сауда платформасының операторын цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінен, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінен шығару туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген шешіміне шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.

      7. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің оны цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінен, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінен алып тастау туралы жазбаша хабарламасын алғаннан кейін қызметтер көрсетуге тыйым салынады.

      8. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының тізілімінен, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының тізілімінен шығару туралы жазбаша хабарламасын алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде:

      1) өз атауынан "цифрлық қаржы активтері платформасының операторы" немесе "цифрлық активтердің сауда платформасының операторы" деген сөздерді алып тастау мақсатында атауының өзгеруіне байланысты заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеуді жүргізуге не төлем ұйымын тарату туралы шешім қабылдауға;

      2) өздерінің цифрлық платформаларында есепке алынатын және сақталатын барлық деректердің (мәліметтердің), оның ішінде цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері, цифрлық қаржы активтерін ұстаушылар және өздеріне тиесілі цифрлық қаржы активтері туралы деректердің (мәліметтердің) басқа цифрлық қаржы активтері платформасының операторына, цифрлық активтердің сауда платформасының операторына Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындаған тәртіппен берілуін қамтамасыз етуге міндетті.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау. ЦИФРЛЫҚ МАЙНИНГ

8-бап. Цифрлық майнинг жөніндегі қызмет

      1. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті цифрлық майнер цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығын пайдалана отырып, цифрлық майнингтік пул арқылы жүзеге асырады.

      2. Цифрлық майнерлер өз қызметін цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияларға сәйкес жүзеге асырады.

      3. Цифрлық майнер цифрлық майнингтің нәтижесінде туындаған қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің меншік иесі болып табылады.

      4. Алып тасталды – ҚР 17.11.2025 № 231-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      5. Қазақстан Республикасының дара кәсіпкерлеріне, заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат етіледі және ол цифрлық активтер айналымын ұйымдастыруға жатпайды.

      6. Алып тасталды – ҚР 17.11.2025 № 231-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 17.11.2025 № 231-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті лицензиялау

      1. Цифрлық майнинг жөніндегі қызмет өтініш берушіге үш жыл мерзімге берілетін цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия негізінде жүзеге асырылады.

      Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия мынадай кіші түрлер бойынша:

      І кіші түр бойынша – меншік құқығында немесе басқа да заңды негіздерде цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы бар цифрлық майнерге;

      ІІ кіші түр бойынша – меншік құқығында немесе басқа да заңды негіздерде цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы жоқ және цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығында орналастырылған, өзіне меншік құқығында тиесілі цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешенді пайдалана отырып, цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнерге беріледі.

      2. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және цифрлық майнинг жөніндегі қызметті лицензиялау қағидаларына сәйкес беріледі.

      3. Лицензиялық алымның мөлшері, оны есептеу және төлеу тәртібі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады.

      4. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті органның шешімімен мынадай:

      1) цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны алу кезінде анық емес мәліметтер анықталған;

      2) цифрлық майнер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтамаған;

      3) цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті органның жоспардан тыс тексеруінің нәтижелері бойынша бұзушылықтар белгіленген мерзімде жойылмаған;

      4) цифрлық майнер цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті органға мәліметтердің өзгергені туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы заңнамасында белгіленген мерзімдерде ұсынбаған;

      5) цифрлық майнер цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті органға өз еркімен жүгінген жағдайларда;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда, бір айдан алты айға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады.

      5. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешімде цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұрудың себептері мен мерзімі көрсетілуге тиіс.

      Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру цифрлық майнинг жөніндегі қызметтің тоқтата тұру кезеңінде жасалуына тыйым салуға алып келеді.

      6. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданысын қайта бастау "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабының 3 және 7-тармақтарында белгіленген тәртіппен цифрлық майнердің жүгінуі бойынша жүзеге асырылады.

      7. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыруды сот жүзеге асырады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.12.2023 № 44-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Цифрлық майнингтік пулдардың қызметі

      1. Цифрлық майнингтік пулды аккредиттеу өзінің нәтижесінде цифрлық майнингтік пул өз қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келетінін ресми тануға ие болатын рәсім болып табылады.

      Цифрлық майнингтік пулдарды аккредиттеу олардың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      2. Цифрлық майнингтік пулды аккредиттеу үшін:

      1) цифрлық майнингтік пулдың аппараттық-бағдарламалық кешенінің Қазақстан Республикасының аумағында нақты орналасуы;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 09.01.2026 № 256-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтардың оң нәтижелері бар сынақтар хаттамаларының болуы;

      3) цифрлық майнингтік пулдарды аккредиттеу қағидаларында айқындалған өзге де талаптарға сәйкес келуі міндетті шарттар болып табылады.

      3. Цифрлық майнингтік пул цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті органға және салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға салық салу мақсаттары үшін цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну қағидаларына сәйкес ақпарат береді.

      4. Цифрлық майнингтік пулдардың цифрлық майнерлер қызметінің нәтижесінде пайда болған (жасалған) цифрлық активтерді олардың арасында бөлуі цифрлық активтердің айналымын ұйымдастыруға жатпайды.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.12.2023 № 44-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.11.2025 № 231-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Цифрлық активтердің биржалары

      Ескерту. 11-бап алып тасталды – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-1-бап. Ұлттық стратегиялық крипторезерв туралы жалпы ережелер

      1. Ұлттық стратегиялық крипторезерв – цифрлық активтерге, базалық активі цифрлық активтер болып табылатын туынды қаржы құралдарына, сондай-ақ цифрлық активтерді дамытатын және (немесе) соларға инвестициялайтын компаниялардың акциялары мен үлестеріне инвестицияларды жүзеге асыру үшін құрылған қор.

      2. Ұлттық стратегиялық крипторезервті басқаруды брокерлік, дилерлік көрсетілетін қызметтерді және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ұсынатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің акционерлік қоғамы жүзеге асырады.

      3. Ұлттық стратегиялық крипторезервті басқару нәтижелері туралы жыл сайынғы есеп Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңеске қарауға ұсынылады.

      4. Ұлттық стратегиялық крипторезерв активтерін инвестициялау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 11-1-баппен толықтырылды – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

12-бап. Цифрлық қаржы активтерін қоспағанда, цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау

      Цифрлық майнинг саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру нысанында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-1-тарау. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер

      Ескерту. 3-1-тараумен толықтырылды – ҚР 16.01.2026 № 259-VIII (01.05.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

12-1-бап. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымы

      1. Қазақстан Республикасының аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығаруға және айналымға (айналысқа) жіберуді ұйымдастыру жөніндегі қызметке тек қана мынадай:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеуі бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары немесе цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары жүзеге асыратын қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығару және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алуды, сатуды және (немесе) айырбастауды қоса алғанда, оларды айналымға жіберуді ұйымдастыру жағдайларында жол беріледі.

      Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алу, сату және (немесе) айырбастау жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібін қоса алғанда, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының қызметін жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.

      Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары талаптарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын операцияларды талдау және бақылау жүйесін ендіруге міндетті;

      2) "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында цифрлық активтермен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы бар "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтер биржалары арқылы және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқа да қатысушылары арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығару және айналымға жіберуді ұйымдастыру жағдайларында жол беріледі.

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтерімен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы бар цифрлық активтер биржасына және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқа да қатысушыларына қойылатын талаптар "Астана" халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына сәйкес айқындалады;

      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтерді шығару және айналымға жіберуді ұйымдастыру;

      4) құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың цифрлық активтерге тыйым салуға, оларды алып қоюға және тәркілеуге байланысты цифрлық активтерді айналымға (айналысқа) жіберуі;

      5) цифрлық майнерлер цифрлық майнинг нәтижесінде алған цифрлық активтердің айналымы;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген функциялар шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының цифрлық активтерді айналымға жіберуі және айналымға (айналысқа) жіберуді ұйымдастыруы жағдайларында жол беріледі.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер төлем құралы, қаржы құралдары немесе қаржы активтері деп танылмайды.

      Цифрлық қаржы активтеріне қатысты осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін цифрлық активтер осы Заңның мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер деп танылады.

      3. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары және "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтер биржалары Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде және (немесе) Ұлттық пошта операторында ашылған банктік шоттарды пайдалана отырып, клиенттердің операцияларына қызмет көрсетеді.

      Екінші деңгейдегі банк және Ұлттық пошта операторы цифрлық активтермен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы (рұқсаты) болған кезде цифрлық активтер қызметтерінің провайдерлеріне банктік шоттарды ашады.

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтерімен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы бар цифрлық активтер биржаларының және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқа да қатысушыларының екінші деңгейдегі банктермен және Ұлттық пошта операторымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша "Астана" халықаралық қаржы орталығының актісінде айқындалады.

      Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының екінші деңгейдегі банктермен және Ұлттық пошта операторымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтерімен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы бар "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтері биржасының және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқа да қатысушылары есептілігінің тізбесі, оны ұсыну мерзімдері мен тәртібі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша "Астана" халықаралық қаржы орталығының актісінде айқындалады.

      4. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары, "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтер биржалары және цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары арқылы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларын өз бетінше жүзеге асыратын тұлғалар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтің құнын өзгерту үшін жауаптылықта болады.

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтерімен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторы, "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтер биржалары және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқа да қатысушылары қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларын жүзеге асыратын тұлғаға қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алуға, иеленуге және олармен операциялар жасауға байланысты тәуекелдер туралы хабар беруге міндетті.

      5. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген шектеулер мен лимиттерге сәйкес клиенттердің операцияларына қызмет көрсетеді.

      6. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен клиентті сәйкестендіру жүргізілгеннен кейін клиенттердің операцияларына қызмет көрсетеді.

      7. Клиенттердің цифрлық активінің әмияндарын ашуға және оларға қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.

      8. "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтерімен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары, "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтер биржалары және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқа да қатысушылары, цифрлық активтер саласында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерекше реттеу режимінің қатысушылары қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді аударуды жүзеге асыру кезінде цифрлық активтерді жөнелтуші мен алушы туралы ақпаратты, оның ішінде аталған тұлғаларды және (немесе) бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтерді жинауды және сақтауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      9. Осы баптың 8-тармағында көрсетілген ақпарат болмаған не толық берілмеген жағдайларда "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтерімен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары, "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтер биржалары және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқа да қатысушылары, цифрлық активтер саласында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерекше реттеу режимінің қатысушылары операция жүргізуді клиент талап етілетін ақпаратты бергенге дейін кемінде қырық сегіз сағат мерзімге тоқтата тұруға тиіс.

      Клиент жөнелтушіні және (немесе) алушыны сәйкестендіру үшін қажетті ақпаратты бермеген жағдайда, белгіленген мерзім өткеннен кейін "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтерімен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары, "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтер биржалары және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқа да қатысушылары, цифрлық активтер саласында қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерекше реттеу режимінің қатысушылары операция жүргізуден бас тартады.

      10.  "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтерімен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған тиісті лицензиясы бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары, "Астана" халықаралық қаржы орталығының цифрлық активтер биржалары және "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқа да қатысушылары "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 211-бабында айқындалған, мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану бойынша жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті органдарды қоса алғанда, мемлекеттік органдардан, құқық қорғау органдарынан және арнаулы мемлекеттік органдардан цифрлық активтің әмиянын ашқаны және жүргізгені үшін, сондай-ақ цифрлық активтермен жасалатын операцияларды жүзеге асырғаны үшін комиссия алмайды.

12-2-бап. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қызметін реттеу

      1. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензияның негізінде жүзеге асырады.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі беретін, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензиясы жоқ тұлғалар жүзеге асыратын, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қызметтерін көрсету жөніндегі қызметке жол берілмейді.

      3. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензияны алу үшін қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қызметін жүзеге асыруға ниет білдірген өтініш беруші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген біліктілік талаптарына сай келуге тиіс.

      Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторын лицензиялау тәртібін және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторына қойылатын біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.

      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде көзделген нормативтік құқықтық актісі мыналарды қамтиды:

      1) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензияны алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынылатын құжаттардың тізбесі;

      2) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының жарғылық капиталының ең аз мөлшеріне қойылатын талаптар;

      3) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының ұйымдық-құқықтық нысанына қойылатын талаптар;

      4) ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптар;

      5) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторын қайта ұйымдастыру тәртібі.

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензияны алу үшін өтінішті өтініш беруші Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде көрсетілген құжаттардың толық жинақталымын ұсынған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.

      6. Өтініш беруші лицензия алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мынадай құжаттар мен мәліметтерді ұсынады:

      1) атқарушы органның басшысы (мүшелері) туралы мәліметтерді де (дипломның (дипломдардың) және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмелері қоса беріле отырып) қамтитын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген нысан бойынша өтініш;

      2) ең аз мөлшерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген жарғылық капиталға ақы төленгенін растайтын құжаттар;

      3) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы үлгілік жарғы бойынша қызметті жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, жарғы;

      4) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының банкпен немесе Ұлттық пошта операторымен, цифрлық активтер биржасымен немесе қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерге қолжетімділікті ұсынатын өзге де тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайтын құжат;

      5) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының басқару органы бекіткен қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қызметін жүзеге асыру қағидалары.

      Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қызметін жүзеге асырудың міндетті шарттары мен қағидаларының тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді;

      6) өтінішті және оған қоса берілетін құжаттар мен мәліметтерді беруге адамның өкілеттігін растайтын құжат.

      7. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензияны бергені үшін алым алынады, оның мөлшері мен төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.

      8. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензия шексіз мерзімге беріледі.

      9. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензияны беру туралы шешім Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.

      10. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының жарғылық капиталы тек қана Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшамен қалыптастырылады.

      Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының жарғылық капиталы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қызметін жүзеге асыруға ниет білдірген өтініш беруші қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензияны алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүгінгенге дейін қалыптастырылады.

      11. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандарттардың және Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етеді.

      Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастырады.

      Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.

      12. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының басқа ұйымдардың (Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттерінің) жарғылық капиталына қатысуына жол берілмейді.

      13. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларын жүзеге асыру қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының кәсіпкерлік қызметінің айрықша түрі болып табылады.

      14. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептілікті ұсыну нысандарын, кезеңділігі мен мерзімдерін қоса алғанда, оны ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.

      15. Мыналарды:

      1) мінсіз іскерлік беделі жоқ адамдарды;

      2) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес терроризмді, экстремизмді қаржыландырумен және (немесе) жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіндегі адамдарды;

      3) Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті түрде орындамайтын мемлекетте (аумақта) тіркелген (тұратын) адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент және бейрезидент жеке тұлғалары мен заңды тұлғалары қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының құрылтайшылары (қатысушылары) (құрылтайшыларының, қатысушыларының немесе акционерлерінің бірі), бенефициарлық меншік иелері болып табылады.

      Осы тармақшаның мақсаттары үшін Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті түрде орындамайтын мемлекет (аумақ) деп қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган жасаған тізбеге "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген мемлекет (аумақ) түсініледі.

      16. Мыналарды:

      1) осы баптың 15-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында аталған адамдарды;

      2) жоғары білімі жоқ адамды қоспағанда, Қазақстан Республикасының резидент жеке тұлғасы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының басшы қызметкері болып табылады.

12-3-бап. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының лицензиясын беруден бас тарту негіздері

      Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының лицензиясын беруден бас тарту мынадай негіздердің кез келгені бойынша жүргізіледі:

      1) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензия алу үшін ұсынылған құжаттардағы мәліметтердің және (немесе) ақпараттың анық болмауы және (немесе) толық болмауы;

      2) құжаттардың толық жинақталымын ұсынбау немесе құжаттардың осы Заңның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес келмеуі;

      3) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының атқарушы органы басшысының белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      4) бенефициарлық меншік иесінде алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болуы.

12-4-бап. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы атқарушы органының басшысына қойылатын талаптар

      Мынадай:

      1) банкке реттеу режимін қолдану туралы шешім, қаржы ұйымын таратуға және (немесе) қаржы нарығында қызметін жүзеге асыруды тоқтатуға алып келген қаржы ұйымын лицензиядан айыру туралы шешім қабылданғанға дейін не қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің заңнамасында айқындалған тәртіппен оны банкрот деп тану туралы сот актісі заңды күшіне енгенге дейін бір жылдан аспайтын кезеңде қаржы ұйымының басқару органының басшысы, мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері болған;

      2) бұрын қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының тізілімінен шығарылған, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының атқарушы органының басшысы болған адамды қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы атқарушы органының басшысы етіп сайлауға немесе тағайындауға тыйым салынады. Осы тармақшада көрсетілген негіз қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының тізілімінен шығарылған күннен бастап қатарынан күнтізбелік бес жыл бойы қолданылады;

      3) мінсіз іскерлік беделі жоқ адамды қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы атқарушы органының басшысы етіп сайлауға немесе тағайындауға тыйым салынады.

12-5-бап. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының қызметін бақылау және қадағалау

      1. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларының қызметіне қатысты тексеруді және бақылаудың (қадағалаудың) өзге де нысандарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасында белгіленген қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібіне сәйкес жүзеге асырады.

      2. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторлары клиенттерінің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторына Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін қадағалап ден қою шараларын қолданады.

      3. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторларына қатысты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қадағалап ден қою шараларының мынадай түрлерін қолдануға құқылы:

      1) қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шаралары;

      2) қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар;

      3) қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шаралары.

      4. Қадағалап ден қою шараларын қолданудың орындылығын айқындау және қадағалап ден қою шарасын таңдау кезінде:

      1) тәуекел деңгейі, бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің, олардың салдарының сипаты;

      2) жол берілген бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің, олардың салдарының ауқымы мен айтарлықтай болуы;

      3) бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің жүйелілігі, ұзақтығы;

      4) жол берілген бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің қаржылық жай-күйге әсері;

      5) таңдалған қадағалап ден қою шарасын қолдану нәтижесінде жағдайды түзету қабілеті;

      6) бұрын қолданылған қадағалап ден қою шараларының болуы және тиімділігі (нәтижелілігі);

      7) қолданылатын қадағалап ден қою шарасының оны қолдану негіздеріне барабарлығы;

      8) анықталған бұзушылықтардың және (немесе) кемшіліктердің және (немесе) тәуекелдердің туындауына негіз болған себептер ескеріледі.

      5. Қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шарасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің хатымен ресімделеді, онда осы шараны қолдану негіздері және анықталған кемшіліктер, тәуекелдер немесе бұзушылықтар туралы хабарлама және (немесе) анықталған кемшіліктерді, тәуекелдерді немесе бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдар және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі кемшіліктерді, тәуекелдерді немесе бұзушылықтарды қайта анықтаған, сондай-ақ қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шаралары орындалмаған жағдайларда қадағалап ден қоюдың өзге де шараларын қолдану мүмкіндігі туралы ескерту қамтылады.

      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі кемшіліктерді, тәуекелдерді немесе бұзушылықтарды жою мақсатында қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды қолданады. Қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар жазбаша нұсқама немесе жазбаша келісім нысанында қолданылады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жазбаша нұсқамада орындалуы міндетті шаралар қабылдауды және жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде оларды орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсыну қажеттілігін нұсқап көрсетеді.

      Іс-шаралар жоспарында кемшіліктердің, тәуекелдердің немесе бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралардың тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ іс-шаралар жоспарының әрбір тармағын орындау үшін жауапты басшы қызметкерлер қамтылады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар қолданылған тұлға ұсынған іс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ол келіп түскен күннен кейін он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды. Ұсынылған іс-шаралар жоспары бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ескертулері болған жағдайда және (немесе) егер жоспарланатын іс-шаралар көлемі жиырма іс-шарадан асатын болса, іс-шаралар жоспарын қарау мерзімі тек бір рет он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар қолданылған тұлға ұсынған іс-шаралар жоспарына ескертулері болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі іс-шаралар жоспарын пысықтау мақсатында ол бойынша жазбаша ескертулер жібереді және (немесе) бірлескен талқылаулар жүргізеді. Бұл ретте қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар қолданылған тұлға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ескертулерін ескере отырып пысықталған іс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің хатында көрсетілген мерзімдерде ұсынады немесе мұндай ескертулермен келіспеген жағдайда өзінің негіздемелерін ұсынады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар қолданылған тұлға ұсынған іс-шаралар жоспарын жазбаша нысанда мақұлдайды немесе мақұлдамайды.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұсынылған іс-шаралар жоспарын мақұлдаған жағдайда қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралар қолданылған тұлға оны іске асыруға кіріседі.

      7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қызметіндегі бұзушылықтарды жою мақсатында қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шараларын қолданады.

      Қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шарасы қолданылған тұлға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жоспарланған іс-шаралардың тізбесін, оларды жүзеге асыру мерзімдерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарының әрбір тармағының орындалуына жауапты басшы қызметкерлерді көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шарасында белгіленген мерзімде ұсынады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ол келіп түскен күннен кейін он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шарасы қолданылған тұлға ұсынған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарына ескертулері болған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі іс-шаралар жоспарын пысықтау мақсатында ол бойынша жазбаша ескертулер жібереді және (немесе) бірлескен талқылаулар жүргізеді. Бұл ретте қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шарасы қолданылған тұлға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ескертулерін ескере отырып пысықталған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің хатында көрсетілген мерзімдерде ұсынады немесе мұндай ескертулермен келіспеген жағдайда өзінің негіздемелерін ұсынады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шарасы қолданылған тұлға ұсынған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын жазбаша нысанда мақұлдайды немесе ол бойынша өз қорытындысын жібереді, онда қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шарасы қолданылған тұлғаға жоспарланған іс-шараларды және (немесе) оларды орындау мерзімдерін түзету қажеттілігі туралы нұсқау қамтылады.

      8. Қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шара, сондай-ақ қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шарасы қолданылған тұлғаның Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шараларды орындауы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын орындау жөніндегі мақұлданған іс-шаралар жоспарын немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қадағалап ден қою шарасы қолданылған тұлғаға жоспарланған іс-шараларды және (немесе) оларды орындау мерзімдерін түзету қажеттілігіне нұсқауы бар қорытындысын алған күннен басталады.

      Қаржылық жай-күйін жақсарту және (немесе) тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шара, сондай-ақ қадағалап ден қоюдың мәжбүрлеу шарасы қолданылған тұлға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін іс-шаралардың орындалуы туралы, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген әрбір іс-шара бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген, оларды жүзеге асыру күнінен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.

12-6-бап. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру үшін негіздер

      1. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларын жүргізуге арналған лицензиялардың қолданысын тоқтата тұру мынадай негіздердің кез келгені бойынша жүргізіледі:

      1) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларын жүргізуге арналған лицензияны беруге негіз болған мәліметтердің анық еместігінің анықталуы;

      2) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының басшы қызметкерлеріне және (немесе) қатысушыларына (акционерлеріне) қойылатын талаптарды қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының сақтамауы;

      3) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының осы Заңда, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының жарғысында немесе қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларына арналған лицензияда белгіленген оның құқық қабілетінің шегінен шығатын операцияларды жүзеге асыруы;

      4) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеу;

      5) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алуға, сатуға және (немесе) айырбастауға байланысты көрсетілетін қызметтер бойынша мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) ұсынбау;

      6) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатып алуға, сатуға және (немесе) айырбастауға байланысты көрсетілетін қызметтер бойынша анық емес мәліметтерді ұсыну;

      7) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тарапынан бақылау мен қадағалау жүргізілуіне кедергі келтіруі.

      2. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларын жүргізуге арналған лицензиялардан айыру мынадай негіздердің кез келгені бойынша жүргізіледі:

      1) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қайта ұйымдастыру немесе тарату не соттың қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қызметін тоқтату туралы шешім қабылдауы арқылы өз қызметін ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдауы;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде үш және одан көп рет) бұзу;

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қолданған қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау;

      4) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының кәсіпкерлік қызметтің өзге түрін жүзеге асыруы;

      5) қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларын жүргізуге арналған өзіне берілген лицензияға сәйкес ол берілген немесе өз қызметін қатарынан алты айдан асатын кезеңге тоқтатқан күннен бастап қатарынан күнтізбелік он екі ай бойы қызметін жүзеге асырмауы.

      3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша лицензиядан айыру туралы шешімді қоспағанда, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларын жүргізуге арналған лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы шешім Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осындай шешімді қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының назарына жеткізген күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторын қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы алдын ала шешім туралы лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы шешім қабылданатын күнге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын хабардар етеді.

      4. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен жасалатын айырбастау операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айыру туралы шешімге қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторының атынан оның бірінші басшысы ғана шағым жасауға құқылы.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

13-бап. Қазақстан Республикасының цифрлық активтер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

14-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2023 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 17.11.2025 № 231-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ