Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 наурыздағы N 2155 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Осы Жарлықтың 2, 13, 19, 28, 52, 54, 58, 72-баптарына өзгертулер енгiзiлдi - ҚР Президентінің 1995.12.05 N 2672 Жарлығымен, Тақырыбына өзгерту енгізілді, кіріспе алынып тасталды - 2001.03.02 N 162, мәтiнде "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - XIII" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 13" деген цифрлармен ауыстырылды - 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді), Бүкіл мәтiн бойынша "(мүдденiң)", "(мүдде)", "(мүдденi)" деген сөздер алып тасталды - 2005.07.08 N 69 Заңымен.

1 Тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Қазақстан Республикасының банк жүйесi

      Қазақстан Республикасының банк жүйесi екi деңгейден тұрады.
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (Қазақстан Ұлттық Банкi) Қазақстан Республикасының орталық банкi болып табылады және Қазақстан Республикасы банк жүйесiнiң жоғары (бiрiншi) деңгейiн бiлдiредi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi басқа елдердiң орталық банктерiмен және басқа банктермен қарым-қатынаста, халықаралық банктер мен басқа да қаржы-кредит ұйымдарында өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының мүддесiн бiлдiредi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi өз мiндеттерiн орындау кезiнде пайда табу мақсатын басшылыққа алмауға тиiс.
      Екiншi деңгейдегi банктердiң түрлерi, құқықтық мәртебесi, оларды құрудың, қызметiнiң және таратудың тәртiбi Қазақстан Республикасының банк заңдарымен белгiленедi.
      Ескерту. 1-бапқа өзгертулер енгiзiлдi - ҚР Президентінің 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен , Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнің мәртебесі және қызметiнiң
              құқықтық негiзi

      Қазақстанның Ұлттық Банкі мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеуді және жүргізуді, төлем жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, валюталық реттеуді және бақылауды, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының жұмыс істеуін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін және мемлекеттік статистиканы жүргізетін мемлекеттік орган болып табылады.
      Қазақстанның Ұлттық Банкі өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, осы Заңды, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын басшылыққа алады.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.28 N 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң есептiлiгi

      Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының Президентiне есеп бередi.
      Қазақстан Республикасының Президентiне есептiлiк мынаны бiлдiредi:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасы  Парламенті Сенатының келiсiмiмен Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасын тағайындауы; оны қызметтен босатуы;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарларын қызметке тағайындауы және қызметтен босатуы;
      Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Ұлттық Банкінің  құрылымын және жалпы штат санын, еңбекақы төлеу жүйесiн бекітуі;
      Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Ұлттық Банкі туралы ережені бекітуі; 
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық есебiн бекiтуi;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұлттық валюта - Қазақстан теңгесi банкноттары және тиындары дизайнының тұжырымдамасын бекiтуi;
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң өз құзыретiндегi мәселелер жөнiнде Қазақстан Республикасының Президентi сұрау салған ақпаратты табыс етуi.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 1995.12.05 N 2672 заң күші бар Жарлығымен, өзгерту енгізілді - ҚР 1998.06.29 N 236, 2001.03.02 N 162, 2005.07.08 N 69, 2009.04.29 N 154-IV Заңдарымен.

      4-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық
              актiлерi

      Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасы заңдарының негiзiнде және оларды орындау мақсатында өз құзыретіне жататын  мәселелер бойынша барлық қаржы ұйымдарының, қаржы қызметін тұтынушылардың, басқа да жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында орындауы үшін мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер шығарады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк актiлерi - "Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Хабаршысы", "Вестник Национального Банка Республики Казахстан" ресми басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде жарияланады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      5-бап. Алынып тасталды - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.

      6-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi – заңды тұлға

      Қазақстан Ұлттық Банкi республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның дербес балансы болады және өзiнiң филиалдарымен, өкiлдiктерiмен, ведомстволарымен және ұйымдарымен бiрге бiртұтас құрылымды құрайды.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының атынан акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің құрылтайшысы болады, ұйымдардың қызметіне, оның ішінде Қазақстан Ұлттық Банкiнің өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыруына ықпал ететін және (немесе) қаржы нарығы инфрақұрылымының бір бөлігі болып табылатын ұйымдардың қызметіне қатысады.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің орталық аппараты Алматы қаласында орналасқан. Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде өз филиалдары мен өкiлдiктерiн аша алады.
      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2 Тарау. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң негiзгi мақсаты, мiндеттерi, функциялары мен өкiлеттiгi

      Ескерту. II тарауға өзгерту енгізілді - ҚР 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      7-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң негiзгi мақсаты мен
              мiндеттерi

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң негiзгi мақсаты Қазақстан Республикасында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады.
      Негiзгi мақсатты iске асыру үшiн Қазақстан Ұлттық Банкiне мынадай мiндеттер жүктеледi:
      1) мемлекеттiң ақша-кредит саясатын әзiрлеу және жүргiзу;
      2) төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
      3) валюталық реттеу мен валюталық бақылауды жүзеге асыру;
      4) қаржы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
      5) құзыреті шегінде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ өзге де тұлғаларды реттеу, бақылау және қадағалау;
      6) қаржы қызметін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету;
      7) ақша-кредит статистикасы және сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру;
      8) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де міндеттер.
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 1999.07.16 N 436, 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      8-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің функциялары мен
             өкiлеттiктерi

      Қазақстан Ұлттық Банкі:
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік ақша-кредит саясатын әзірлейді және жүргiзедi;
      2) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды эмиссиялайды;
      3) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының жалғыз эмитентi болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақша айналымын ұйымдастырады;
      4) банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды тасымалдауды, сақтауды және инкассациялауды қамтамасыз етуге қатысады, банкноттардың, монеталардың және құндылықтардың резервтiк мемлекеттік қорларын құрады;
      5) қаржы ұйымдары мен олардың филиалдарының үй-жайларды орналастыруға қойылатын талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
      6) банкаралық ақша аударымдары жүйесін, банкаралық клиринг жүйесін және пайдаланушылар арасында Қазақстан теңгесімен ақша аударымдарын жүргізуді қамтамасыз ететін басқа да төлем жүйелерін реттейді және қадағалауды (оверсайт) жүзеге асырады;
      7) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ақша төлемдерi мен аударымдарын реттеу мақсатында, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар және кәсіпкерлік қызмет субъектілері банк шоттары бойынша жүзеге асыратын төлемдердің кезектiлiгiн Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң келiсімі бойынша белгiлейді;
      8) Қазақстан Республикасында валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асырады;
      9) екінші деңгейдегі банктердің тазартылған құйма алтынмен және күміспен жүргізетін экспорттық операцияларын бақылауды жүзеге асырады;
      10) шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді басқаруды қамтамасыз етеді;
      11) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырады;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда бағалы металдардың және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының сынамаларына (үлгілеріне) бақылау сынақтарын жүзеге асырады;
      12-1) меншік иелері қаржы ұйымдары, бағалы металдармен және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларымен экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлғалар болып табылатын, олардан жасалған бұйымдарды қоспағанда, бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының сынамаларын (үлгілерін) сақтауды және сынауды жүзеге асырады;
      12-2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (келіп түскен) бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды тасымалдауды, қабылдауды, есепке алуды, сақтауды жүзеге асырады;
      13) дербес және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарымен бірлесіп олардың құзыреті шеңберінде жүйелік тәуекелдерді реттеуді жүзеге асырады;
      14) соңғы сатыдағы қарыз беруші болып табылады, Қазақстан Ұлттық Банкінде банк шоттарын ашқан заңды тұлғаларға қарыздар беруге құқылы, оларды қайта қаржыландыру жүйесін ұйымдастырады;
      15) қаржы ұйымдарының сыртқы борышын реттеуге қатысады;
      16) статистикалық әдістемені әзірлейді және қолма-қол ақша айналысы, ақша-кредит және банк статистикасы, төлем балансы, сыртқы борыш, халықаралық инвестициялық позиция, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бастапқы статистикалық деректердің тізбесін, нысандарын, мерзімдері мен оларды ұсыну тәртібін айқындайды;
      17) статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық бақылау жүргізеді, сондай-ақ өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында бақылауды жүзеге асырады;
      18) қаржы нарығына шолу жасау, ақша-кредит және банк статистикасы, төлем балансы, халықаралық инвестициялық позиция және сыртқы борыш жөніндегі статистикалық ақпаратты қалыптастырады және таратады, төлем балансын болжамдық бағалауды әзірлеуге қатысады;
      19) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ өзге тұлғаларды реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      20) қаржы саласындағы қызметті және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметті лицензиялайды;
      21) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда банк операцияларын жүргізу қағидаларын бекітеді;
      22) Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;
      23) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын ескере отырып, Қазақстан Ұлттық Банкіне арналған бухгалтерлік есеп саясаты мен әдістерін айқындайды;
      24) қаржы ұйымдарының, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, инвестициялық қорлардың, Қазақстанның Даму Банкінің Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының талаптарын, сондай-ақ бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидаларын сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      25) Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімі бойынша оның мемлекеттік борышына қызмет көрсетуге қатысады және Қазақстан Ұлттық Банкінің мемлекеттік борышына қызмет көрсетедi;
      26) Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайтын тізбеге және тәртіпке сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына ресми бағамын белгілейді және жариялайды;
      27) мемлекеттік емес сыртқы қарыздар бойынша шарттардың мониторингін жүзеге асырады;
      28) сұраныс пен ұсыныс көздерінің, сондай-ақ ішкі валюта нарығында шетел валютасын пайдалану бағыттарының мониторингін жүзеге асырады;
      29) банк қызметiн, бағалы қағаздар нарығындағы кәсiптік қызметті және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де қызметті тиiстi лицензиялар алмай-ақ жүзеге асырады;
      30) Қазақстан Ұлттық Банкiнің клиенттеріне банктік қызмет көрсетуді жүзеге асырады;
      31) Қазақстан Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында жасалатын және ресми баспа басылымдарда жарияланатын сенiмгерлiкпен басқару туралы шарт негiзiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiкпен басқаруды жүзеге асырады;
      32) Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының Үкiметімен немесе заңды тұлғалармен жасасатын сенiмгерлiкпен басқару туралы шарттар негiзiнде активтердi сенiмгерлiкпен басқаруды жүзеге асырады. Қазақстан Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасы Үкіметінiң арасында жасалатын сенiмгерлiкпен басқару туралы шарттар ресми баспа басылымдарында жарияланады;
      32-1) Қазақстанның Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарттың негізінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асырады;
      32-2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтеріне қатысты кастодианның функцияларын жүзеге асырады;
      33) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес өзінің ақпараттық жүйелерінен мәліметтер ұсынады;
      34) мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары үшiн кадрлар даярлауға және қайта даярлауға қатысады;
      35) қаржы ұйымдары мен өзге де ұйымдар өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңдарының және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған жағдайда, оларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шектеулі ықпал ету шараларын, санкцияларды және өзге де шараларды қолданады;
      36) Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады;
      37) банктік сәйкестендіру кодтарын береді, жояды және оларды пайдалануды айқындайды, банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кодтарын және банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар филиалдарының кодтарын береді және жояды, олардың құрылымын белгілейді, сондай-ақ Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың анықтамалығын қалыптастырады және жүргізеді;
      38) Қазақстан Ұлттық Банкінің консультативтік-кеңесші органдарын құрады;
      39) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функциялар мен өкiлеттiктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкінің капиталы және резервтері

      9-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жарғылық капиталы

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жарғылық капиталы мемлекетке тиесiлi болады және бөлiнбеген таза кiрiстен аударымдар жасау жолымен, кемiнде 20 миллиард қазақстан теңгесi мөлшерiнде қалыптастырылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының атынан өз балансындағы өзіне бекітіліп берілген мүлiктi иелену, пайдалану мен билiк жүргiзу құқығын Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен дербес жүзеге асырады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.06.29 N 236, 1999.07.16 N 436, 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2005.07.08 N 69, 2006.07.05 N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      10-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің резервтік капиталы,
             қайта бағалау шоттары және арнайы провизиялары
             (резервтерi)

      Қазақстан Ұлттық Банкінің резервтік капиталы кемінде жарғылық капитал мөлшерінде қалыптастырылады, бөлiнбеген таза табыс есебiнен толықтырылады және тек қана Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы белгiлеген тәртiппен жүргiзiлетін операциялар бойынша ысырапқа өтемақы төлеуге және залалдарды өтеуге арналады. Алтын-валюта резервтерiн және шетел валютасындағы өзге де активтерді қайта бағалау шоты оларды қайта бағалаудан түскен iске асырылмаған табысты есепке алуға арналған. Негiзгi қаражаттарды қайта бағалау шоты Қазақстан Ұлттық Банкінің негiзгi қаражатын индекстеу нәтижелерiн есепке алуға арналған.
      Кредиттерді, депозиттерді, бағалы қағаздарды, есеп айырысу кезіндегі залалдарды, шоттардағы қалдықтарды және аяқталмаған құрылыс көлемін, Қазақстан Ұлттық Банкінің монетарлық емес қызметі жөніндегі өзге де талаптарды және әлеуметтік сипаттағы төлемдерді қамтитын басқа да активтерді қоса алғанда, Қазақстан Ұлттық Банкінің шығыстары есебінен күмәнді және үмітсіз талаптар бойынша арнайы провизиялар (резервтер) қалыптастырылады.
      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      11-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң кiрiсi       

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржы жылы iшiндегi таза кiрiсi осы қаржы жылына жатқызылатын нақты алынған кiрiстер мен шығыстар арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      Алтын-валюта резервтерін және шетел валютасындағы өзге де активтерді қайта бағалау шоттарына жатқызылатын бағамдық қайта бағалау сомасын қоспағанда, Қазақстан Ұлттық Банкінің негізгі қаражаттар мен материалдық емес активтерді қайта бағалау сомасына түзетілген таза кірісі Қазақстан Ұлттық Банкінің бөлінбеген таза кірісі болып табылады. Бөлінбеген таза кіріс Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы белгілеген мөлшерде жарғылық және (немесе) резервтік капиталдарды ұлғайтуға жұмсалады.
      Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық есебiн бекiткеннен кейiн, бөлiнбеген таза кiрiстiң қалған бөлiгi мерзiмiн бiр қаржы жылына ұзарта отырып мемлекеттiк бюджетке аударылады.
      Егер резервтiк капиталдың мөлшерi жарғылық капитал сомасынан аз болған жағдайда, бүкiл бөлiнбеген таза кiрiс Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бөлігінде қалады және резервтiк капитал жарғылық капиталдың мөлшерiне жеткенге дейiн оны толықтыруға жiберiледi. Қаржы жылының залалдарын өтеу үшiн резервтiк капиталдың қаражаты жеткiлiксiз болған кезде орны толтырылмаған залалдар Қазақстан Ұлттық Банкiне толық көлемде мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты есебiнен мерзiмi бiр қаржы жылына ұзартыла отырып, өтеледi.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР Президентінің 1996.01.27. N 2830 заң күші бар Жарлығымен, Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, 1999.07.16. N 436, 2001.03.02. N 162, 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2005.07.08. N 69, 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құрылымы мен органдары.
Оларды қалыптастыру тәртiбi және құзыреті

      12-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құрылымы мен органдары

      Қазақстан Ұлттық Банкi - тiке бағыныстағы схемасы бар бiртұтас орталықтандырылған құрылым.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң органдары Басқарма мен Директорлар кеңесi (Директорат) болып табылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің құрылымына департаменттерден және басқа да бөлiмшелерден тұратын орталық аппарат, филиалдар, өкiлдiктер, ведомстволар мен ұйымдар кiредi.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР Президентінің 1996.01.27. N 2830 заң күші бар Жарлығымен, Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, 1999.07.16. N 436, 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасын Парламент Сенатының келiсiмiмен Қазақстан Республикасының Президентi 6 жыл мерзiмге тағайындайды.

      Төраға Қазақстан Ұлттық Банкi атынан iс-әрекет етедi және мемлекеттiк органдармен, банктермен, қаржы ұйымдарымен, халықаралық, шетелдiк және басқа ұйымдармен қарым-қатынаста Қазақстан Ұлттық Банкiн сенiмхатсыз-ақ бiлдiредi.

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасына Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қызметiне байланысты мәселелер бойынша, осы Заңда Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасына арналып ескерiлген өкiлеттiктердi қоспағанда, жедел және атқарушы-өкiмшi шешiмдер қабылдау, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң атынан шарттар жасасу өкiлеттiгi берiлген.

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қызметi үшiн жауапты.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996.01.27. N 2830 заң күші бар Жарлығымен , 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен , Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 , 2009.04.29. N 154-IV Заңдарымен.

      14-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарлары

      Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарларын Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының тағайындалу мерзiмiне қарамай, 6 жыл мерзiмге тағайындайды.
      Төрағаның орынбасарлары Қазақстан Ұлттық Банкiн сенiмхатсыз-ақ бiлдiредi, өз құзырының шегiнде құжаттарға қол қояды.       

      15-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы және оның
              өкiлеттiктерi

      Қазақстан Ұлттық Банкінің жоғары органы Басқарма болып табылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы:
      1) ең төменгі резервтік талаптар туралы қағидаларды;
      2) Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайтын тізбеге сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына ресми бағамын белгілеу қағидаларын;
      3) Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалы қағаздармен операциялар жүргізу қағидаларын;
      4) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстан алынатын және алынған банкноттары мен монеталарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тозған және бүлінген банкноттары мен монеталарын айырбастау қағидаларын;
      5) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарын сату және сатып алу қағидаларын;
      6) Қазақстан Ұлттық Банкiнде жеке және заңды тұлғалармен кассалық операциялар жүргiзу қағидаларын;
      7) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының төлемділігін айқындау қағидаларын;
      8) банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және инкассациялау қағидаларын;
      9) ұлттық валютаның айналыстағы ақша белгілерінің дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру қағидаларын;
      10) қолма-қол ақша белгілерін ақша айналысынан алу қағидаларын;
      11) банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда кассалық операцияларды және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша операцияларды жүргізу қағидаларын;
      12) тиiстi уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидаларын;
      13) банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау жөнiндегi операцияны жүргiзуге арналған Қазақстан Ұлттық Банкiнiң лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асыратын банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды қайта санау, сұрыптау, орау, сақтау, сондай-ақ оларды банктерге және банктердiң тапсырмасы бойынша олардың клиенттерiне беру жөнiндегi қызметке қойылатын талаптарды;
      14) банктер болып табылмайтын заңды тұлғалардың банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау бойынша қызметін лицензиялаудың тәртібі мен шарттарын;
      15) Қазақстан Республикасында автомобильмен инкассаторлық тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты;
      16) төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеу мәселелері жөніндегі қағидалар мен нұсқаулықтарды, оның ішінде банкаралық ақша аудару жүйесіндегі ақша аудару қағидаларын, клиринг жүйесінде операциялар жүргізу қағидаларын, операторы Қазақстан Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы болып табылатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу қағидаларын;
      17) төлем жүйелеріне банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін ұйымдастыру шараларына және бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптарды;
      18) Қазақстан Республикасында банкаралық клирингті жүзеге асыру қағидаларын;
      19) төлем тапсырмаларын, төлемдік талап-тапсырмаларды, инкассолық өкімдерді, чектерді ресімдеу, пайдалану және орындау, банк шотын тікелей дебетке алу, аккредитивтермен операциялар жүргізу, вексельдерді есепке алу және қайта есепке алу, жай және аударым вексельдерімен операциялар жүргізу, төлем карточкаларын шығару және пайдалану және қолма-қол жасалмайтын ақша төлемдері мен аударымдарын жүзеге асырудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де тәсілдерін пайдалану, қолма-қол ақшаны пайдалана отырып жасалатын төлемдерді, сондай-ақ банк шотын ашпай қолма-қол жасалмайтын ақша төлемдері мен аударымдарын жүзеге асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді;
      20) банк операцияларын жүзеге асыру кезінде электрондық банк қызметтерiн көрсету қағидаларын;
      21) Қазақстан Республикасында ақша төлемдері мен аударымдарын жүзеге асыру кезінде электрондық құжаттар алмасу қағидаларын;
      22) электрондық ақша шығару, пайдалану және өтеу қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы электрондық ақшаның эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды;
      23) Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын немесе аумағына әкелiнетiн вексель қағазының қорғалу дәрежесiне қойылатын талаптарды белгілейтін қағидаларды, сондай-ақ вексель қағазына қойылатын техникалық талаптарды;
      24) банк шоттарын ашу, жүргізу және жабу тәртібін белгілейтін қағидаларды;
      25) электрондық терминалдар және қашықтан қол жеткізу жүйелері арқылы, сондай-ақ электрондық ақшаны пайдалана отырып жүзеге асырылған ақша төлемдері мен аударымдары жөнінде мәліметтер ұсыну қағидаларын;
      26) экономика секторларының кодтарын қолдану және төлемдер тағайындау және соларға сәйкес төлемдер жөнінде мәліметтер ұсыну қағидаларын;
      27) Қазақстан Ұлттық Банкінің банктерге, оның ішінде соңғы сатыдағы қарыз беруші ретінде, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкінде банк шоттарын ашқан заңды тұлғаларға банк қарыздарын беру қағидаларын;
      28) Қазақстан Ұлттық Банкі мен банктер, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасындағы корреспонденттік қатынастарды белгілеу қағидаларын;
      29) банктер арасындағы, сондай-ақ банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасындағы корреспонденттік қатынастарды белгілеу қағидаларын;
      30) банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттары бойынша ақша төлемдері мен аударымдары лимитінің мөлшерін;
      31) клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді  көшірменің мазмұнына қойылатын талаптарды;
      32) қаржы ұйымдарын жүйе құрушылар қатарына жатқызу тәртібін айқындайтын қағидаларды;
      33) екінші деңгейдегі банктердің тазартылған құйма алтынмен және күміспен жүргізілетін экспорттық операциялар жөніндегі есептілікті беру нысандары, мерзімдері және тәртібі туралы нұсқаулықты;
      34) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарының, сондай-ақ өзге де тұлғалардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді;
      35) Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді;
      36) айырбастау пункттерi арқылы жүргiзiлетiн операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегiн белгiлеу қағидаларын;
      37) Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын;
      38) Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын;
      39) Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру және резиденттердің экспорт және импорт бойынша келісімшарттардың есептік нөмірлерін алуы қағидаларын;
      40) Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын резидент еместердiң валюталық операцияларының мониторингiн жүзеге асыру қағидаларын;
      40-1) банктердің металл шоттарды ашу, жүргізу және жабу қағидаларын;
      41) бухгалтерлiк есеп мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық    актiлердi, оның ішінде барлық қаржы ұйымдары, арнайы қаржы компаниялары, исламдық арнайы қаржы компаниялары, микроқаржы ұйымдары, Қазақстанның Даму Банкі және инвестициялық қорлар орындауға мiндеттi бухгалтерлiк есеп шоттарының үлгі жоспарларын, бухгалтерлiк есеп жүргiзу жөніндегі нұсқаулықтыбухгалтерлiк есеп жүргiзудi ұйымдастыру қағидаларын және бухгалтерлiк есеп жүргiзудi автоматтандыру қағидаларын;
      42) бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсім бойынша халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарымен реттелмеген мәселелер бойынша қаржылық есептiлiк стандарттарын, сондай-ақ оларға әдiстемелiк ұсынымдарды;
      43) халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына сәйкес келетiн нысандар не нысандарға қойылатын талаптар, қаржылық есептiлiктiң тiзбесi, оны қаржы ұйымдарының, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, микроқаржы ұйымдарының, Қазақстанның Даму Банкінің және инвестициялық қорлардың беру мерзiмдерi мен тәртiбi жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді;
      44) қаржылық есептiлiктiң тiзбесi, оны акционерлік қоғамдар мен  қаржы ұйымдарының жариялау тәртібі мен мерзімдері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді;
      45) есеп саясатын, бухгалтерлік есеп шоттарының үлгі жоспарын және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік мәселелері бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерін;
      46) салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердің түсімдерін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қолданатын компьютерлік жүйелердің бақылау чегінің нысанын және мазмұнын;
      47) валюталық реттеу, қаржы ұйымдарынан қаржы секторына шолуды қалыптастыру, қолма-қол ақша айналысы, ақша төлемдері мен аударымдары, қаржылық тұрақтылық, қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау мәселелері бойынша әкімшілік деректерді жинау жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді, оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстанның Даму Банкінің және ипотекалық ұйымдардың Қазақстан Ұлттық Банкіне қаржы секторына шолуды қалыптастыруға арналған мәліметтерді беру жөніндегі нұсқаулықты және сұраныс пен ұсыныс көздерінің мониторингін жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықты, сондай-ақ ішкі валюта нарығында шетел валютасын пайдалану бағыттарын;
      48) бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсынылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiкпен басқару нәтижелері туралы есепті;
      49) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерiн айырбастау және қайта айырбастау қағидаларын;
      50) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерiн сыртқы басқарушыларды таңдау қағидаларын;
      51) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтын сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру қағидаларын;
      52) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілерін қызметке тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларын;
      53) Қазақстан Ұлттық Банкінің, оның ведомстволарының және оларға қатысты өзі құрылтайшы (уәкілетті орган) не акционер болып табылатын заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын;
      54) ішкі аудит бөлімшесі туралы ережені, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкінде ішкі аудитті ұйымдастыру және өткізу тәртібін белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді;
      55) Қазақстан Ұлттық Банкінің банктік сәйкестендіру кодтарын беру, пайдалану және жою, сондай-ақ банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кодтарын және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар филиалдарының кодтарын беру және жою, олардың құрылымы және Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың анықтамалығын қалыптастыру және жүргізу туралы нұсқаулықты;
      55-1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясын, сондай-ақ оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды;
      55-2) Қазақстан Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметін жүзеге асыратын инвестициялық портфельді басқарушыларға қойылатын талаптарды қоса алғанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдар жасау өздеріне тапсырылған кезде, оларды таңдау қағидаларын;
      55-3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқаратын шетелдік ұйымдарға қойылатын талаптарды қоса алғанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару үшін қажетті іс-қимылдар жасау өздеріне тапсырылған кезде, оларды таңдау қағидаларын;
      56) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің өзге де нормативтік құқықтық актілерін бекітеді.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы:
      1) мемлекеттік ақша-кредит саясатын мақұлдайды;
      2) қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін белгiлейдi;
      3) ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерiн белгілейді;
      4) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарын дайындау және айналысқа шығару, оның ішінде басқа елдердің тапсырыстары бойынша дайындау және айналысқа шығару, Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының дизайны немесе нысаны өзгерген кезде оларды ауыстыру туралы шешiмдер қабылдайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тозған және бүлiнген банкноттары мен монеталарын айырбастау тәртiбiн белгiлейді;
      5) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тұжырымдама негiзiнде банкноттар мен монеталардың номиналдық құнын және дизайнын айқындайды;
      6) коллекциялық және инвестициялық монеталарды шығару тақырыбын, дайындау тиражын, қорытпасын, шығарылатын мерзiмдерi мен күнiн айқындайды;
      7) айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін белгілейді;
      8) уәкілетті ұйымдар үшін жарғылық капиталды қалыптастыру мөлшерін және тәртібін белгілейді;
      9) шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді, олардың құрылымын қоса алғанда, басқарудың негізгі қағидаттарын айқындайды;
      10) монетарлық қызметке жататын қызметті айқындайды;
      11) Қазақстан Ұлттық Банкі қызмет көрсететін заңды тұлғалардың санаттарын айқындайды;
      12) Қазақстан Ұлттық Банкінің жұмысы туралы жылдық есепті қарайды, қабылдайды және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынады;
      13) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң құрылымынжалпы штат санын,  еңбекақы төлеу жүйесiн және Қазақстан Ұлттық Банкi туралы ереженi, сондай-ақ оларға өзгерiстер мен толықтыруларды қарайды, мақұлдайды және Қазақстан Республикасының Президентiне бекiтуге ұсынады;
      14) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң бюджетiн (шығыстар сметасын) бекiтеді;
      15) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігін қарайды және бекітеді;
      16) Қазақстан Ұлттық Банкi, оның филиалдары, өкiлдiктерi, ведомстволары мен ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбек жағдайын, оған ақы төлеудi, оларды әлеуметтiк-тұрмыстық жағынан қамтамасыз етудi, бiлiктiлiгiн арттыру мен қайта даярлауды бекiтеді;
      17) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiкпен басқару бойынша шешiмдерді жедел қабылдау өкiлеттiгiне кiретiн, Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарынан төмен емес деңгейдегi лауазымды адамды (өкiлеттi өкiл) айқындайды;
      18) қаржы және өзге де ұйымдар Қазақстан Республикасы заңдарының және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған жағдайда, оларға өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шектеулi ықпал ету шараларын, санкцияларды және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қолдану тәртібін айқындайды;
      19) банктерге соңғы сатыдағы қарыз беруші ретінде, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкiнде ашылған банк шоттарының иелерiне бiр жылдан аспайтын мерзiмге өтiмдiлiгi жоғары, тәуекелсiз бағалы қағаздармен және басқа активтермен қамтамасыз етiлген қарызды ұлттық валютамен де, шетел валюталарымен де беру туралы мәселені қарайды;
      20) ұйымдарды құру, оның ішінде Қазақстан Ұлттық Банкінің өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыруына ықпал ететін және (немесе) қаржы нарығы инфрақұрылымының бір бөлігі болып табылатын ұйымдарды құру және олардың қызметіне қатысу туралы шешімдер қабылдайды;
      21) осы Заңға сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің халықаралық және өзге де ұйымдарға қатысуы туралы шешім қабылдайды;
      22) Қазақстан Ұлттық Банкінің консультативтік-кеңесші органдарын құру туралы шешім қабылдайды;
      23) аудиторлық тексерулердің орта мерзімді жоспарын және ішкі аудит бөлімшесінің жылдық есебін бекітеді;
      23-1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін есепке алу мен сақтау үшін Қазақстан Ұлттық Банкінің шоттары ашылатын шетелдік кастодиандарды айқындайды;
      24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды және өкiлеттiктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.11.26 N 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      16-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының құрамы

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы 9 адамнан тұрады.

      Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының құрамына Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң төрт лауазымды адамы Қазақстан Республикасының Президентiнен бiр өкiл және Қазақстан Республикасының Үкiметiнен екi өкiл, сондай-ақ уәкiлеттi органның басшысы кiредi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының құрамына Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы және Қазақстан Ұлттық Банкінің бес лауазымды адамы, Қазақстан Республикасының Президентiнен бiр өкiл және Қазақстан Республикасының Үкіметінен екi өкiл кiредi.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен, өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11. N 154, 2006.07.05. N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      17-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мәжiлiстерi

      Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мәжiлiстерi қажет болуына қарай, бiрақ айына кемiнде бiр рет өткiзiледi.
      Басқарманың кезектен тыс мәжiлiстерi Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының немесе Басқарманың үш мүшесiнiң талап етуi бойынша өткізіледі.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқарма мүшелерi Басқарма мәжiлiсiнiң тағайындалғаны туралы уақтылы хабардар етiледi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының мәжiлiсiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы, ал ол болмаған кезде-оның мiндетiн атқарушы адам жүргiзедi.
      Басқарма мүшелерiнiң кемiнде үштен екiсi қатынасқан жағдайда Басқарма шешiм қабылдауға құқылы, олардың iшiнде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орнында қалған адам болуға тиiс.
      Басқарманың шешiмi Басқарма мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусы мен қабылданады. Дауыс тең болған жағдайда Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының даусы шешушi болып табылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы қайтара талқылау және дауыс беру үшiн өзi бiлдiрген қарсылығын қосып, Басқарма шешiмiн бiр апта мерзiмнен кешiктiрмей қайтаруға құқылы. Егер Басқарма бұрын қабылданған шешiмдi өз мүшелерiнiң жалпы санының үштен екi даусымен қуаттаса, Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы шешiмге қол қояды.
      Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , 1999.07.16. N 436 Заңымен .

      18-бап. Қызметтен кету және босату

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы қызметiнен кетерiнен екi ай бұрын Қазақстан Республикасының Президентiне өзiнiң жазбаша өтiнiшiн берiп, қызметiнен кетуге құқылы.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасын Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен босатады.
      Төрағаның орынбасарларын Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен босатады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасарлары қызметiнен кетерiнен екi ай бұрын Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы арқылы Қазақстан Республикасының Президентiне өзiнiң жазбаша өтiнiшiн берiп, орнынан түсе алады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен .

      19-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi Директорларының кеңесi
              және оның өкiлеттiгi

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң оралымды басқару органы Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесi (Директорат) болып табылады.
      Директорлар кеңесiнiң құрамына Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы, оның орынбасарлары, Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Ұлттық Банкi құрылымдық бөлiмшелерiнiң және ведомстволарының басшылары кiредi. Қазақстан Ұлттық Банкi Директорлар кеңесiнiң құрамын Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы бекiтедi.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң төрағасы Директорлар кеңесiнiң мәжiлiстерiне Төрағалық етедi. Оның тапсырмасы бойынша Директорлар кеңесiнiң мәжiлiсiн Қазақстан Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары жүргiзе алады.
      Осы Заңға сәйкес Директорлар кеңесi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қарауындағы мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды, бұған Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы мен Төрағасының құзырына енетiн мәселелер ғана қосылмайды (немесе оның орынбасарларының).
      Директорлар кеңесi өз құзырына енетiн мәселелер бойынша қаулылар қабылдайды.
      Директорлар кеңесi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық шоғырландырылған қаржылық есептiлiгiнiң құрылымын айқындайды.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен, Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен, 1999.07.16. N 436 Заңымен , 2001.03.02. N 162 Заңымен, 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      20-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары,
              өкiлдiктерi, ведомстволары мен ұйымдары

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары, өкiлдiктерi мен ведомстволары өз қызметiн Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлеген өкiлеттiктер шегiнде жүзеге асырады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ұйымдары заңды тұлға болып табылады, осы Заңмен белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып, заң актiлерiне сәйкес құрылады және өз қызметiн тоқтатады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi өз ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiм қабылдайды, олардың құрылтайшысы және аталған ұйымдардың, қызметін реттеу және құқықтық мәртебесiн өзгерту туралы шешiм қабылдау жөнiндегi өкiлеттiктi қоса алғанда оларға қатысты мемлекеттiк меншiк құқығы субъектiсiнiң қызметiн жүзеге асырушы мемлекеттiк орган болып табылады.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгiзiлді - ҚР Президентінің 1996.01.27. N 2830 заң күші бар Жарлығымен, ҚР 1997.07.11 N 154, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       4-1-тарау. ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ЖӘНЕ ОНЫҢ
                  ВЕДОМСТВОЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ

      Ескерту. Заң 4-1-тараумен толықтырылды - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      20-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның
                ведомстволарының қызметкерлері лауазымдарының
                құрамы және олардың еңбегін реттеу

      Қазақстан Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында қызмет атқарып жүрген, еңбекақысы Қазақстан Ұлттық Банкі бюджетінің қаражатынан (шығыстар сметасынан) төленетін, мемлекеттік әкімшілік және азаматтық қызметшілерге жатпайтын адамдар Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметкерлері болып табылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметкерлері лауазымдарының құрамына:
      1) мемлекеттік саяси қызметшілердің;
      2) Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметшілерінің;
      3) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының техникалық қызметшілерінің лауазымдары кіреді.
      Қазақстан Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын, мемлекеттік қызметшілерге жатпайтын адамдар Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері болып табылады.
      Лауазымдық өкілеттіктер деп қызметшілердің Қазақстан Ұлттық Банкіндегі және оның ведомстволарындағы нақты мемлекеттік лауазымымен көзделген, Қазақстан Ұлттық Банкінің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге сай келетін құқықтар мен міндеттер түсініледі.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері лауазымдарының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
      Қазақстан Ұлттық Банкіне және оның ведомстволарына қызмет көрсету және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша еңбек міндеттерін орындайтын, азаматтық қызметшілерге жатпайтын адамдар Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының техникалық қызметшілері болып табылады.
      Техникалық қызметшілер лауазымдарының тізбесін Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі бекітеді.
      Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметкерлерінің еңбегі осы Заңда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген ерекшеліктермен қоса Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі.
      Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің Қазақстан Республикасы Президенті бекітетін бірыңғай жүйесі негізінде белгіленеді.

      20-2-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның
               ведомстволарының қызметшілерін қызметке
               тағайындау шарттары

      Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына орналасуға үміткер адамдардың Қазақстан Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында тиісті лауазымға орналасу үшін қажетті білімі, кәсіби даярлығының деңгейі болуға тиіс.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына орналасу міндетті арнайы тексеруден өткеннен кейін жүзеге асырылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына:
      1) заңда белгiленген тәртiппен әрекетке қабілетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған;
      2) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына тағайындалар алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылған;
      3) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
      4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан босатылған;
      5) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшісі лауазымына орналасатын уақытта заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;
      6) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының сақталу нысанасына арнайы тексеруден өтпеген адамды тағайындауға болмайды.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілерін лауазымға тағайындау және олармен еңбек шартын тоқтату қағидаларын Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы бекітеді.
      20-3-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының
                қызметшілерімен еңбек шартын тоқтату
      Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілерімен еңбек шартын тоқтату мынадай негіздер:
      1) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген;
      2) Қазақстан Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында олардың болу мерзімін жыл сайын ұзарту құқығымен, Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толу;
      3) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасының сақталу нысанасына арнайы тексерудiң терiс нәтижелерi;
      4) кірістері мен мүлкі туралы көрiнеу жалған мәлiметтердi ұсыну;
      5) осы Заңда және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамау;
      6) инвестициялық қорлардың тиесілі пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлікпен басқаруға бермеу;
      7) Қазақстан Ұлттық Банкіне және оның ведомстволарына жұмысқа кiру кезiнде жұмысқа қабылдаудан бас тарту үшiн негiз болуы мүмкiн көрiнеу жалған құжаттар мен мәлiметтерді ұсыну;
      8) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бойынша жүргізіледі.

      20-4-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi және оның ведомстволары
               қызметшілерінің құқықтары мен міндеттері

      1. Қазақстан Ұлттық Банкi және оның ведомстволары қызметшілерінің:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясында және Еңбек кодексінде Қазақстан Республикасының азаматтарына кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
      2) өз өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;
      3) белгiленген тәртiппен лауазымдық мiндеттердi атқару үшiн қажеттi ақпарат пен материалдар алуға;
      4) лауазымдық мiндеттердi атқару үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ұйымдарға баруға;
      5) басшыдан Қазақстан Ұлттық Банкi және оның ведомстволары қызметшілерінің атқаратын лауазымына сәйкес лауазымдық өкiлеттiк мiндеттерi мен көлемiн дәл айқындауды талап етуге;
      6) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылардың, өзге де жеке тұлғалар мен лауазымды адамдардың өзiне әдiл әрі құрметпен қарауына;
      7) Қазақстан Ұлттық Банкiнің бюджеті қаражаты (шығыстар сметасы) есебiнен қайта даярлануға (қайта мамандануға) және бiлiктiлiгiн арттыруға;
      8) өздерiнiң лауазымдық өкілеттіктеріне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған кезде жеке түсiнiктемелер беруге;
      9) бiлiктiлiгi, қабілетi, өзiнiң лауазымдық өкілеттіктерін адал орындауы ескеріле отырып, лауазымы бойынша жоғарылауға;
      10) қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тексеру жүргiзiлуiн талап етуге;
      11) педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметпен айналысуға құқығы бар.
      2. Қазақстан Ұлттық Банкiнің және оның ведомстволарының қызметшілері:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға;
      2) Қазақстан Ұлттық Банкі айқындаған тәртiппен ант беруге;
      3) жеке және заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;
      4) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға;
      5) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, лауазымдық мiндеттерiн атқару кезiнде алатын, жеке тұлғалардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және олардан осындай ақпарат берудi талап етпеуге;
      7) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге;
      8) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы басшылықтың немесе құқық қорғау органдарының назарына дереу жеткізуге;
      9) лауазымдық өкілеттіктерін тиімді орындау үшін өзінің кәсіби деңгейін және біліктілігін арттыруға;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, автоматтандырылған ақпараттық кіші жүйелермен жұмыс істеген кезде (оларға қолжетімділік болғанда) алынған ақпаратты қоса алғанда, өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін атқару кезінде кез келген жеткізгіш түрінде, қабылдау үшін кез келген қолжетімді нысанда алынған қызметтік, коммерциялық, банктік құпияны, сақтандыру, зейнетақы жинақтары құпиясын және өзге де ақпаратты үшінші тұлғаларға жария етпеуге;
      11) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының қызметшісі лауазымына орналасқан күннен бастап бір ай мерзімде инвестициялық қорлардың тиесілі пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлікпен басқаруға беруге және сенімгерлікпен басқару жөніндегі шарттың нотариат куәландырған көшірмесін Қазақстан Ұлттық Банкінің кадр қызметіне табыс етуге міндетті.
      3. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері инвестициялық қорлардың пайларын, коммерциялық ұйымдардың облигацияларын, акцияларын сатып алуға құқылы емес.
      4. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері өздерінің лауазымдық өкілеттіктеріне орай қаржы ұйымдарының, олардың филиалдары мен үлестес тұлғаларының, Қазақстанның Даму Банкінің, бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, бағалы қағаздар эмитенттерінің, кредиттік бюролардың, сақтандыру холдингтерінің, сақтандыру топтарының, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, инвестициялық қорлардың, төлем жүйелерін пайдаланушылардың, сондай-ақ валюталық операцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың, банктердің уақытша әкімшіліктерінің (уақытша әкімшілерінің), тарату комиссияларының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының (бұдан әрі – тексерілетін субъект) қызметіне тексеру жүргізуді жүзеге асырған жағдайда, лауазымдық өкілеттіктерін нақты және әділ орындауына кедергі келтіруі мүмкін барлық мән-жайлар туралы, оның ішінде:
      тексерілетін субъектілердің басшы қызметкерлері болып табылатын жақын туыстары (жекжаттары), жұбайлары;
      тексерілетін субъектілерде жұмыс істейтін жақын туыстары немесе жұбайлары;
      тексерілетін субъектілерден алған қарыздары және тексерілетін субъектілердің алдындағы өзге де мүліктік міндеттемелері туралы жоғары тұрған басшылыққа дереу хабарлауға міндетті.
      Ескерту. 20-4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      20-5-бап. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомстволары
                қызметкерлерінің жауапкершілігі

      1. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері мен техникалық қызметшілері өздерiне жүктелген мiндеттер мен еңбек тәртібін орындамағаны және тиiсiнше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жауаптылықта болады.
      2. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін, егер онда қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілеріне тәртіптік жазаның мынадай түрлері:
      1) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
      2) лауазымын төмендету;
      3) еңбек шартын бұзу қолданылады.
      Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза лауазымын төмендету түрінде тәртіптік жазаны қолдану мүмкін болмаған кезде қолданылады.
      Лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза төмен тұрған бос лауазым болған кезде қолданылады.
      Еңбек шартын бұзу түріндегі тәртіптік жаза «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша қолданылады.
      3. Тәртiптiк жазаны:
      1) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының тәртіптік жауаптылыққа тартылатын қызметшісін қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға құқығы бар лауазымды адам қолданады;
      2) нақ сол терiс қылық үшiн қайтадан қолдануға болмайды;
      3) Қазақстан Ұлттық Банкінің актiсiнде айқындалатын тәртiппен қолданылады.
      4. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының тәртiптiк терiс қылыққа жол берген қызметшілерін оларды қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға құқығы бар лауазымды адам белгiленген тәртiппен жауаптылығы туралы мәселе шешiлгенге дейiн лауазымдық мiндеттерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.
      5. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты не сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн тәртiптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және жазаны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.
      6. Қылмыстық iс қозғаудан бас тартқан не қылмыстық iстi тоқтатқан жағдайда, бiрақ адамның әрекеттерiнде сыбайлас жемқорлық тәртiптiк терiс қылық белгiлерi болған кезде, тәртiптiк жаза қылмыстық iс қозғаудан бас тарту не оны тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей, бiрақ терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктірiлмей қолданылуы мүмкiн.
      7. Тәртіптік жаза қолданудың бiр жылдық және үш айлық мерзімдерінің өтуі Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомстволары қызметшілерінің еңбекке уақытша жарамсыздығына, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындау үшiн жұмыстан босатылуына, демалыста, iссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрады.
      8. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері мен техникалық қызметшілері тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен міндетті түрде таныстырылуға тиіс, оларға қызметтік тексеру рәсіміне жеке өзінің қатысу құқығы беріледі.
      9. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының жауапқа тартылған қызметшілері мен техникалық қызметшілері Қазақстан Ұлттық Банкінің iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне сотқа шағым жасай алады.
      10. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері мен техникалық қызметшілері қылмыс және өзге де құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негіздерде және тәртiппен тиiсiнше қылмыстық, әкiмшiлiк, материалдық жауаптылықта болады.

5 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Мемлекеттiк өкiмет
органдарымен өзара iс-қимылы

      21-бап. Өзара iс-қимылдың негiзгi принциптерi

      Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде берiлген өкiлеттiк шегiнде өз қызметiн ешкiмге тәуелсiз атқарады. Өкiлдi және атқарушы  өкiмет органдарының Қазақстан Ұлттық Банкi оның филиалдары, өкiлдiктерi, ведомстволары мен ұйымдарының заңда бекiтiлген өкiлеттiгiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметiне араласуға құқы жоқ.
      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен, Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      22-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
              Қазақстан Ұлттық Банкi

      Қазақстан Ұлттық Банкi өз қызметiн Қазақстан Республикасының Үкiметiмен үйлестiрiп отырады. Қазақстан Ұлттық Банкi мен Үкiмет жалпымемлекеттiк маңызы бар болжалды iс-қимыл мен қол жеткен нәтижелер жөнiнде бiр-бiрiн хабардар етiп отыруға және ұдайы консультациялар алысып отыруға мiндеттi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi өз жұмысында Үкiметтiң экономикалық саясатын ескерiп отырады және оны егер мұның өзi оның негiзгi функциясын атқаруына әрi ақша-кредит саясатын жүзеге асыруына қайшы келмесе, жүзеге асыруға жәрдемдеседi.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Төрағасы немесе оның орынбасарларының бiрi Үкiмет мәжiлiстерiне кеңесшi дауыс құқымен қатысуға хақылы.
      Үкiмет Қазақстан Ұлттық Банкiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, сол сияқты Қазақстан Ұлттық Банкi де осындай жауапкершiлiктi өзiне алатын кездердi қоспағанда Үкiметтiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
      Қазақстан Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі жүйелі қаржы дағдарысы туындауын болдырмау және оның салдарын азайту мақсатында қаржы тұрақтылығы үшін тәуекел факторларын бірлесіп бағалау, келісілген шешімдер кешенін әзірлеу, қабылдау және іске асыру жолымен қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2005.07.08. N 69, 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      23-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi - банк, қаржы кеңесшiсi
               және агенті

      Қазақстан Ұлттық Банкi банк, қаржы кеңесшiсi және мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша олардың агентi ретiнде iс-әрекет жасай алады.
      Ескерту. 23, 24, 25, 26, 27, 28-баптар жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .

      24-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi - Қазақстан Республикасы
              Үкiметiнiң Банкi

      Қазақстан Ұлттық Банкiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаржысы орналастырылады. Қазақстан Ұлттық Банкi Үкiмет шоттары бойынша төлем жүргiзедi, өзге де операцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ оған басқа да қызметтер көрсетедi.
      Қазақстан Республикасының Үкiметiн Қазақстан Ұлттық Банкiнiң тiкелей қаржыландыруына жол берiлмейдi.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.12.08. N 200 Заңымен , 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .

      25-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi - Қазақстан Республикасы
              Үкiметiнiң қаржы кеңесшiсi

      Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк қарыз алу саясатын жасау және iске асыру, мемлекеттiң ақша-кредит саясатымен байланысты мәселелер жөнiнде бюджет саясатын қалыптастыру кезiнде қаржы кеңесшiсi ретiнде қызмет етедi.

      26-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi - Қазақстан Республикасы
              Үкiметiнiң агентi

      Қазақстан Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi арасында келiсiлген шарттарда Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң агентi ретiнде iс-қимыл жасайды.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Үкiметпен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң агентi ретiнде оған мемлекеттiк заемына қызмет көрсетедi.

      27-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi
               бойынша шығарылған мемлекеттiк бағалы
               қағаздармен операциялар жүргiзу

      Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша шығарылған мемлекеттiк бағалы қағаздармен операциялар жүргiзуге құқылы.
      Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның мемлекеттiк бағалы қағаздары бастапқы рынокта орналастырылған кезде Қазақстан Ұлттық Банкiнiң оларды өз меншiгiне сатып алуға құқығы жоқ.
      Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен мемлекеттiк бағалы қағаздар шығарудың және Үкiметтiң мемлекеттiк қарызын олардың банк жүйесiндегi өтiмдiлiгiне ықпал етуiн ескере отырып, өтеудiң ай сайынғы көлемiн және ақша-кредит саясатының басымдығын, Үкiметтiң шешiмi бойынша шығарылған мемлекеттiк бағалы қағаздарды бастапқы орналастыруға қаржы ұйымдарына рұқсат ету шарттарын келiседi.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен , 2006.07.05. N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      28-бап. Мемлекеттiк бағалы қағаздар айналысын реттеу

      Қазақстан Ұлттық Банкi бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен келiсе отырып, Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк бағалы қағаздарының айналысын реттеудi жүзеге асырады.    
      Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен , 2006.07.05. N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

6 Тарау. Ақша-кредит саясаты

      29-бап. Ақша-кредит саясатын әзiрлеу және жүргiзу

      Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ақша-кредит саясатын айқындайтын және жүзеге асыратын бiрден-бiр орган болып табылады. Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатын бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады.
      Ақша-кредит саясаты:
      қайта қаржыландырудың ресми ставкасын;
      ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары бойынша сыйақы ставкаларының деңгейлерiн;
      ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерiн ;
      ерекше жағдайларда, операциялардың жекелеген түрлерiнiң деңгейi мен көлемiне тiкелей сандық шектеулердi белгiлеу жолымен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен , өзгерту енгiзiлдi - 2005.07.08. N 69 Заңымен .

      30-бап. Ақша-кредит саясаты операцияларының түрлерi

      Ақша-кредит саясатын iске асыру мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкi мынадай операция түрлерiн жүзеге асырады:

      1) қарыздар беру;

      2) депозиттер қабылдау;

      3) валюталық интервенциялар;

      4) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi ноталарын шығару;

      5) мемлекеттiк және басқа да бағалы қағаздарды сатып алу және сату, оның iшiнде керi сатып алу құқығымен;

      6) коммерциялық вексельдердi қайта есепке алу;

      7) Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмi бойынша басқа да операциялар.
      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , бап жаңа редакцияда - 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .

      31-бап. Қайта қаржыландырудың ресми ставкасы

      Қазақстан Ұлттық Банкi қайта қаржыландырудың ресми ставкасын ақша рыногының жалпы жай-күйiне, қарыздар бойынша сұраныс пен ұсынысқа, инфляция деңгейiне және инфляциялық болжалдарға қарай белгiлейдi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi қайта қаржыландырудың ресми ставкасына сәйкес коммерциялық вексельдердi қайта есепке алуды жүргiзедi.
      Қайта қаржыландырудың ресми ставкасы ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары үшiн сыйақы ставкалары бойынша бағдар болып табылады.
      Ескерту. 31-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .

      32-бап. Резервтiк талаптар

      Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатын жүзеге асыру мақсатында ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерiн белгілейді.
      Қазақстан Ұлттық Банкi ең төменгi резервтiк талаптар туралы қағидаларды, банктердің есеп айырысу үшін қабылдайтын міндеттемелерінің құрылымын, ең төменгi резервтiк талаптарды орындау шарттарын, резервке қою тәртібін бекітеді және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
      Ең төменгі резервтiк талаптардың нормативтерiн өзгерту осындай шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан ерте қолданысқа енгiзiлмейдi.
      Ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерi бұзылған кезде банктер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi тарату комиссиясының төрағасы тағайындалған күннен бастап банктің тарату комиссиясына өзiнде резервтелген қаражатты он күндiк мерзiмде қайтарады.
      Ескерту. 32-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.07.08. N 69; өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      33-бап. Бағалы қағаздарды сатып алу және сату

      Мемлекеттiк және басқа да бағалы қағаздарды сатып алу мен сатуды Қазақстан Ұлттық Банкi жалпы ақша-кредит саясаты шеңберiнде жүзеге асырады.    
      Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .

      34-бап. Ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары
              бойынша сыйақы ставкалары

      Қазақстан Ұлттық Банкi жүзеге асырылатын ақша-кредит саясаты шеңберiнде қаржы рыногындағы рыноктық сыйақы ставкаларына әсер ету мақсатында ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары бойынша сыйақы ставкаларын белгiлейдi.

      Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .

      35-бап. Қарыздар

      Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатының қабылданған бағдарларына сәйкес банктердiң қарыз алуының жалпы көлемiн реттейдi.
      Банктерге берiлетiн қарыздарды беру мен өтеу тәртiбiн, талаптарын, түрлерiн, мерзiмдерiн және лимиттерiн Қазақстан Ұлттық Банкi айқындайды.
      Қазақстан Ұлттық Банкi банктерге қарыздарды өтiмдiлiгі жоғары әрі тәуекелсіз бағалы қағаздармен және басқа активтермен қамтамасыз етіп те, қамтамасыз етпей де бiр жылдан аспайтын мерзiмге бередi. Бұл мерзiмдi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы ұзартуы мүмкiн.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген мүлiк Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қарыздары бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн кепiл заты бола алады.    
      Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1996.01.27. N 2830 заң күші бар Жарлығымен , Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , бап жаңа редакцияда - 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      36-бап. Валюталық интервенциялар

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң валюталық интервенциялары Қазақстан теңгесiнiң бағамына әсер ету мақсатында банкаралық немесе биржалық рыноктарда шетел валютасын сатып алу-сату және валюталық мәмiлелердiң басқа да түрлерiн жүргiзу жолымен дербес жүзеге асырылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң валюталық интервенциялары жалпы ақша-кредит саясаты шеңберiнде жүргiзiледi.    
      Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .

      36-1-бап. Депозиттер

      Депозиттердi тарту мен өтеу тәртiбiн, талаптарын, мерзiмдерiн және тарту лимиттерiн Қазақстан Ұлттық Банкi айқындайды.
      Қазақстан Ұлттық Банкi ұлттық валютамен де, шетел валютасымен де депозиттер тартуға құқылы.
      Ескерту. 36-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .

      36-2-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi
                ноталары

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi ноталары – Қазақстан Ұлттық Банкi эмиссиялайтын, олар бойынша міндеттемелерді Қазақстан Ұлттық Банкi көтеретін мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар.
      Қысқа мерзiмдi ноталарды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу тәртiбi мен талаптарын Қазақстан Ұлттық Банкi айқындайды .
      Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатының мақсаттарына сәйкес қысқа мерзiмдi ноталарды ұлттық валютамен де, шетел валютасымен де шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
      Ескерту. 36-2-баппен толықтырылды - ҚР 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      36-3-бап. Коммерциялық вексельдердi қайта есепке алу

      Қазақстан Ұлттық Банкi коммерциялық вексельдердi қайта есепке алу тәртiбiн және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң коммерциялық вексельдердi қайта есепке алуға қабылдауы үшiн қойылатын талаптарды белгiлейдi .
      Ескерту. 36-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 Заңымен .

      37-бап. Банк операциялары бойынша сандық шектеулер

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң тiкелей сандық шектеулерi деп операциялардың жекелеген түрлерi және мәмiлелерi бойынша ставкалардың ең жоғары деңгейлерi, кредит берудi тiкелей шектеу, сыйақы ставкаларын тұмшалау, жекелеген салалардың дамуын ынталандыру немесе тежеу мақсатында кредиттiң нақты түрлерiн тiкелей реттеу ұғынылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi инфляциялық процестердi жанама ақша-кредиттiк реттеу әдiстерiмен тоқтату болмаған жағдайда тiкелей сандық шектеулер қолдануға құқылы.
      Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .

7 Тарау. Ақша айналысы және ақша бiрлiгi

      38-бап. Ақша бiрлiгi

      Қазақстан Республикасының ақша бiрлiгi (ұлттық валютасы) Қазақстан теңгесi болып табылады. Қазақстан теңгесi 100 тиыннан тұрады.
      Қазақстан Республикасының айналыстағы ақша белгiлерi банкноттар мен тиындардан тұрады.
      Банкноттар мен тиындардың көрсетiлген құнының құрылымын Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлейдi.

      39-бап. Төлем құралы

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң заң актiлерiнде , нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiрден-бiр заңды төлем құралы Қазақстан теңгесi болып табылады.
      Ескерту. 39-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .

      40-бап. Банкноттар мен монеталарды шығару

      Банкноттар мен монеталар шығаруды, олардың Қазақстан Республикасының аумағындағы айналысын ұйымдастыруды және айналыстан алуды тек қана Қазақстан Ұлттық Банкi жүзеге асырады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi банкноттар мен монеталарды заңды және жеке тұлғаларға сату арқылы айналысқа шығаруды жүзеге асырады.
      Ескерту. 40-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69 Заңымен.

      41-бап. Ақша бiрлiгiнiң қамтамасыз етiлуi

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттары мен тиындары Қазақстан Ұлттық Банкiнiң сөзсiз мiндеттемелерi болып табылады және оның барлық активтерiмен қамтамасыз етiледi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi алтын-валюта резервтерінің мөлшері туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында ұдайы жариялап тұрады.
      Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11. N 154, 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      42-бап. Банкноттар мен тиындарды жасап шығару және
               олардың сипаттамасы

      Қазақстан Ұлттық Банкi банкноттар мен тиындардың қажеттi мөлшерiне дiлгерлiктi анықтайды, олардың жасалып шығарылуын қамтамасыз етедi, қолдағы ақшаны сақтау, жою және инкассациялау тәртiбiн белгiлейдi.
      Монеталар мынадай түрлерге бөлiнедi:
      инвестициялық монеталар - инвестициялау және жинақтау объектiсi болып табылатын, бағалы металдардан жасалған монеталар;
      коллекциялық монеталар - коллекциялау және жинақтау объектiсi болып табылатын, бағалы металдардан, сол сияқты бағалы емес металдардан жасалған, шектеулi таралыммен дайындалған мерекелiк, естелiк және өзге де арнайы соғылған монеталар;
      айналыстағы монеталар - бағалы емес металдардан дайындалған және қолма-қол ақша айналысына арналған монеталар.
      Қазақстан Республикасында шығарылған банкноттар мен тиындардың көрсетiлген құндық құрамы, нысаны және өрнектi кескiндемесi болуға тиiс. Банкноттар мен тиындардың аталған сипаттамалары баспасөзде жарияланады.
      Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, 2005.07.08. N 69, 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      43-бап. Банкноттар мен тиындардың қабылдауға қойылатын
               талаптар

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң айналысқа шығарған банкноттары мен тиындары олардың белгiленген құнымен Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында төлемдердiң барлық түрлерi бойынша, сондай-ақ банк шоттарына, енгiзу және ақша аудару үшiн қабылдауға мiндеттi, олар Қазақстан Республикасының барлық банктерiнде шектеусiз ұсатылады және айырбасталады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнен басқа ешкiм Қазақстан Ұлттық Банкi шығарған банкноттар мен тиындарды жарамсыз деп жариялай алмайды.
      Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен.

      43-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттар мен
                 монеталарды сатуы және сатып алуы

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттар мен айналыстағы монеталарды сатуы, сатып алуы олардың белгіленген құны бойынша жүзеге асырылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатуы және сатып алуы Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 43-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69 Заңымен.

      44-бап. Ақша бiрлiгiн айырбастау құқығы

      Ақша бiрлiгiн айырбастауға Қазақстан Республикасы Президентiнiң құқығы бар. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы ақша бiрлiгiнiң қолданылу тәртiбiн, мерзiмiн және шарттарын белгiлейдi.
      Ескерту. 44-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен.

      45-бап. Банкноттар мен тиындарды ауыстыру

      Қазақстан Ұлттық Банкi банкноттар мен тиындардың бұрын қолданыста болғандардың төлемдiлiгiн анықтау және оларды айырбастау тәртiбiн белгiлейдi әрi бұл жөнiнде баспасөзде жарияланады.

      46-бап. Тозған және бүлiнген банкноттар

      Тозған және бүлiнген, өзiнiң толық көлемiнiң кемiнде жетпiс процентi сақталған банкноттарды Қазақстан Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының банктерi шектеусiз айырбастайды.
      Тозған және бүлiнген, елу процентiнен астамы сақталған банкноттарды Қазақстан Ұлттық Банкi қабылдайды және өзi белгiлеген ережелерге сәйкес айырбастайды.
      Қазақстан Ұлттық Банкi жоғалған немесе жойылған банкноттар мен монеталарды өтеуге мiндеттi емес.
      Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен, бап жаңа редакцияда - 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      47-бап. Банкноттар мен тиындарды құқыққа қайшы жасағаны
               үшiн жауапкершiлiк

      Банкноттар мен тиындарды құқыққа қайшы жасап шығаруға, сондай-ақ қолдағы ақшаны санкциясыз эмиссиясын iске асыруға кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес қылмыстық және мүлiктiк жауаптылыққа тартылады.
      Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.

      47-1-бап. Кассалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру

       Ескерту. 47-1-бап алып тасталды - ҚР 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.       

8 Тарау. Ақша төлемі мен аударымын ұйымдастыру

      48-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ақша төлемдерi мен
               аударымдарын және төлем жүйелерiн
               ұйымдастырудағы және реттеудегi өкілеттiктерi   

      Қазақстан Ұлттық Банкi ақша төлемдерi мен аударымдарын ұйымдастырады, үйлестiредi, реттейдi және:

      1) ақша төлемдерiн және (немесе) аударымдарын жүзеге асыру ережелерiн және тәсiлдерi қолданылуының ерекшелiктерiн, нұсқаулардың мазмұнына қойылатын негiзгi талаптарды;

      2) қолма-қол ақшаны пайдалана отырып, төлемдердi жүзеге асыру тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйелерінің жұмыс iстеуiнiң тиiмдiлігі мен сенiмділiгiн қамтамасыз етуге бағытталған нормативтiк құқықтық актілердi қабылдайды.
      Төлем жүйелерін қадағалау (оверсайт) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төлем жүйелерінің тиімді, қауіпсіз және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметі.
      Қазақстан Ұлттық Банкі төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асыру мақсатында:
      1) төлем жүйелеріне қадағалау (оверсайт) жүргізу тәртібін белгілеуге;
      2) төлем жүйелерін ұйымдастырудың және олардың жұмыс істеуінің шарттары мен тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға;
      3) төлем жүйелерінің мониторингін жүзеге асыруға;
      4) төлем жүйелерінің ұйымдастырылуын және олардың жұмыс істеуін тексеруге;
      5) ақша төлемдері мен аударымдары, төлем жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша төлем жүйелерінің қатысушыларынан және операторларынан ақпарат алуға;
      6) төлем жүйелері қатысушыларының қызметін тексеруді жүзеге асыруға құқылы.
      Қазақстан Ұлттық Банкi өзiнiң құзыретi шегiнде халықаралық (мемлекетаралық) төлемдер жүйесiн ұйымдастыруға қатысуға құқылы.
      Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69, өзгерту енгізілді - 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      48-1-бап. (алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69 Заңымен )

      49-бап. Шоттар

       Қазақстан Ұлттық Банкi банк шоттарының түрлерін, құқықтық режимін және құрылымын, шоттарды ашу, жүргізу және жабу тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi .
       Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      50-бап. Ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi

      Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және соларға сәйкес қабылданған нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгіленедi.
      Ескерту. 50-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен.

      51-бап. (алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен)

      8-1-тарау. ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІНІҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ
                 ЖӘРДЕМДЕСУ

      Ескерту. Заң 8-1-тараумен толықтырылды - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      51-1-бап. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету
                жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру

      Қазақстан Ұлттық Банкi дербес және (немесе) өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп өздерінің құзыреті шеңберінде қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды әзірлейді және жүзеге асырады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында:
      1) қаржы жүйесінің тұрақтылығына ықпал ететін макроэкономикалық және макроқаржылық факторларға ұдайы мониторинг жүргізеді;
      2) қаржы жүйесін макропруденциалдық реттеуді жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Ұлттық Банкiнің Басқармасы белгілеген тәртіппен, шарттармен және мерзімдерде банктер үшін соңғы сатыдағы қарыз беруші болады.

      51-2-бап. Макропруденциалдық реттеу

      Макропруденциалдық реттеу деп қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерін реттеуге бағытталған әкімшілік, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар кешені түсініледі.
      Жүйелік тәуекелдер деп, тұтастай алғанда, басталуы қаржы жүйесінің тұрақсыздануына әкеп соғатын және оның тұрақты жұмыс істеуіне нұқсан келтіретін қаржы жүйесінің тәуекелдері түсініледі. Қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдері жүйе құраушы қаржы ұйымдарының тәуекелдерін де қамтиды.
      Жүйе құраушы қаржы ұйымдары деп тұрақты жұмыс істеуіне тұтастай алғанда, қаржы жүйесінің тұрақтылығы байланысты болатын қаржы ұйымдары түсініледі.
      Қазақстан Ұлттық Банкi макропруденциалдық реттеуді жүзеге асыру мақсатында:
      1) тұрақты негізде қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдеріне мониторинг жүргізеді;
      2) қаржы ұйымдарын жүйе құраушылар қатарына жатқызу тәртібін айқындайды;
      3) қаржы жүйесі жүйелік тәуекелдерінің деңгейін төмендету және олардың басталуының алдын алу үшін пруденциалдық нормативтерді және (немесе) жүйе құраушы қаржы ұйымдары үшін сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді белгілеуге құқылы;
      4) жүйелі қаржы дағдарысы туындаған немесе туындау қаупі төнген жағдайда, дербес немесе Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесе отырып, қаржы ұйымдарының банк операцияларының жекелеген түрлерін және басқа да операцияларды жүргізуіне шектеу енгізеді.

9 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң операциялары

      52-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiндегi банк шоттарының
              иелерi

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы белгiлеген тәртiппен Қазақстан Ұлттық Банкiнде банк шоттарын ашқан заңды тұлғалар және банктер ондағы банк шоттарының иелерi болып есептеледi.
      Ескерту. 52-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен.

      52-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ұлттық валютамен
                операциялары және мәмiлелерi

      Қазақстанның Ұлттық Банкi ұлттық валютамен мынадай операциялар жүргiзедi:

      1) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Ұлттық Банкiнде ашылған банк шоттарының иелерiне бiр жылдан аспайтын мерзімге өтімділігі жоғары, тәуекелсіз бағалы қағаздармен және басқа да активтермен қамтамасыз етiлген кредиттер бередi;

      2) өтеу мерзiмi бiр жылдан аспайтын вексельдердiң бiрiншi сыныпты эмитенттерiнiң коммерциялық вексельдерiн қайта есепке алады;

      3) мемлекеттiк бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;

      4) Қазақстанның Ұлттық Банкi кредиттердi қамтамасыз ету үшiн жарамды деп есептейтiн депозиттiк сертификаттарды, борыштық бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;

      5) депозиттердi қабылдайды, ақша төлемi мен аударымдарын жүзеге асырады, бағалы қағаздар мен өзге де құндылықтарды сақтауға және басқаруға қабылдайды;

      6) туынды қаржы құралдарымен операцияны жүзеге асырады;

      7) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегi банктер мен қаржы ұйымдарында шоттар ашады;

      8) чек жазып бередi және вексельдер бередi;

      9) егер осы Заңда тікелей тыйым салынбаған болса, басқа банк операцияларын, сондай-ақ өз міндеттеріне сәйкес өз атынан мәмілелерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 52-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен, өзгерту енгізілді - 2003 жылғы 10 шілдедегі N 483 Заңымен (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.05. N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      53-бап. (алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен )

      54-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң операциялары бойынша
               шектеулер

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң:

      - осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдарға қызмет көрсету, сондай-ақ заңды тұлғалардың акцияларын сатып алуға;

      - қолданылып жүрген заңдарда рұқсат етiлгендердi қоспағанда саудамен және басқа да қызметпен шұғылдануға;

      - Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, қамтамасыз етiлмеген кредиттер беруге;

      - берiлген кредиттердi ұзарту немесе мерзiмi өткен вексельдердi жаңартуға рұқсат беру.
      Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайлардан ерекшелiк тек қана Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының арнайы шешiмi бойынша жасалуы мүмкiн.
      Ескерту. 54-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1996.01.27. N 2830 заң күші бар Жарлығымен,  1997.07.11. N 154 Заңымен, 1999.07.16. N 436 Заңымен.

10 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң сыртқы экономикалық
қатынастар саласындағы қызметi. Валюталық құндылықтармен
жүргiзiлетiн операциялар

      Ескерту. 10-тараудың атауы өзгертiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.

      55-бап. Алынып тасталды - ҚР 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      56-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің валюталық реттеу және
               валюталық бақылау саласындағы функциялары

      Қазақстан Ұлттық Банкі:
      1) Қазақстан Республикасында валюталық құндылықтардың айналысы тәртібін белгілейді;
      2) резиденттердің және резидент еместердің Қазақстан Республикасында валюталық операциялар жүргізу ережелерін белгілейді;
      3) резиденттердің репатриация талаптарын орындауын қамтамасыз ету мақсатында резиденттердің экспорт пен импорт бойынша келісімшарттардың есептік нөмірлерін алуының бірыңғай ережелері мен шарттарын және экспорт-импорт валюталық бақылауын жүзеге асырудың тәртібін белгілейді;
      4) алып тасталды - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      5) шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін белгілейді және оған лицензия береді;
      6) Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес айырбастау пункттерін тіркеу тәртібін белгілейді және оларды тіркеу куәліктерін береді, сондай-ақ олардың қолданылуын тоқтата тұрады;
      7) шетелдік валютамен айырбас операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарын белгілейді;
      8) валюталық операциялар туралы, Қазақстан Республикасы резиденттерінің шетелдік банктерде ашқан шоттары туралы тіркеуді және хабарлама беруді жүзеге асырудың тәртібін белгілейді, сондай-ақ тіркеу куәліктері мен хабарлама туралы куәліктерін береді;
      9) айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетелдік валютаның сатып алу бағамының теңгеге сату бағамынан ауытқу шегін белгілеу тәртібін айқындайды;
      9-1) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюталық операцияларының тәртібін белгілейді және мониторингін (валюталық мониторинг) жүзеге асырады;
      10) арнайы валюта режимі шеңберінде валюталық операциялар жүргізуге арнайы рұқсат береді;
      11) мемлекеттік органдармен келісім бойынша олардың құзыретіне сәйкес Қазақстан Республикасындағы резиденттер мен резидент еместер орындауға міндетті валюталық операциялар бойынша есепке алудың және есептіліктің тәртібі мен нысандарын, сондай-ақ валюталық бақылау агенттерінің есептеме беру тәртібі мен мерзімдерін белгілейді;
      12) банктер мен өзге тұлғалардың Қазақстан Республикасының банктік және валюталық заңнамасын бұзу фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының банктік және валюталық заңнамасында көзделген санкцияларды қолданады.
      Қазақстан Ұлттық Банкi осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес валюталық реттеу мен валюталық бақылау саласындағы өзге де функцияларды орындауға құқылы.
      Ескерту. 56-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.04 N 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      57-бап. Шетел валютасындағы және бағалы металдардағы
              активтермен жасалатын операциялар

      Қазақстан Ұлттық Банкi шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтермен мынадай операцияларды жүргізеді:
      шетел валютасын сатып алады және сатады;
      Қазақстан Республикасының Үкіметі шетел валютасында, шет мемлекеттердiң үкiметтерi немесе халықаралық қаржы ұйымдары шығарған және кепiлдiк берген бағалы қағаздармен операцияларды жүргізеді;
      Қазақстан Республикасының банктерінде, өздерi тiркелген мемлекеттердiң заңнамасы бойынша тиiстi құқығы бар шетелдік орталық банктерде, шетел банктерінде және басқа қаржы институттарында, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарында шоттар ашады;
      өздерi тiркелген мемлекеттердiң заңнамасы бойынша тиiстi құқығы бар шетелдік орталық банк, шетел банктері және басқа қаржы институттары, шет елдердің үкіметтері мен олардың агенттерi, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдары үшiн шоттарды ашады және жүргiзеді, олардың өкiлі немесе корреспонденті ретiнде iс-әрекет жасайды;
      тазартылған алтынды, басқа да бағалы металдарды қабылдау мен сақтауды жүзеге асырады;
      ішкі және сыртқы нарықтарда тазартылған алтынды және басқа да бағалы металдарды сатып алу, сату, сақтауға орналастыру және депозитке салу жөнiндегі, оның ішінде мемлекеттің басым құқығын іске асыру шеңберінде тазартылған алтынды сатып алу жөніндегі операцияларды жүргiзеді;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасына шетел валютасындағы активтер мен бағалы металдарды әкеледі, сондай-ақ оларды шетел банктеріндегі және мамандандырылған қаржы ұйымдарындағы өз шоттарына орналастыру үшiн шет елдерге әкетеді;
      Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы оларға қойылатын талаптарды айқындайтын бағалы қағаздармен операцияларды жүргізеді;
      Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы ең төменгі деңгейін айқындайтын кредиттік рейтингі бар қарсы әріптестермен ақша нарығының құралдарымен операцияларды жүзеге асырады;
      Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес туынды қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асырады;
      клиенттердің металл шоттарын ашады және жүргізеді;
      Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының шешімі бойынша басқа да операцияларды жүзеге асырады.
      Қазақстан Ұлттық Банкі валюталық операциялардың кез келген түрін шектеусіз жүзеге асырады.
      Осы Заңда көзделген мақсаттарға қол жеткізу және міндеттерді орындау үшін Қазақстан Ұлттық Банкі активтерді салу тәуекелін ескере отырып және оларды басқарудың негізгі қағидаттарына сәйкес, шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді олардың ұзақ мерзімді болашақта сақталуын, өтімділігі мен кірістілігін қамтамасыз ете отырып басқару жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
      Ескерту. 57-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      58-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің алтын-валюта резервтері

      Қазақстан Ұлттық Банкінің алтын-валюта резервтері (бұдан әрі – алтын-валюта резервтері) халықаралық капитал нарығында жоғары өтімділікке ие Қазақстан Ұлттық Банкі активтерінен Қазақстан теңгесінің ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қалыптастырылады және:
      тазартылған құйма алтынды және металл шоттарындағы алтынды;
      Халықаралық валюта қорындағы резервтік позицияны және Халықаралық валюта қорының арнайы қарыз беру құқығындағы активтерді;
      қолма-қол ақшаны, шетел банктерінде орналастырылған депозиттерді қоса алғанда, еркін айырбасталатын шетел валютасындағы активтерді және эмитенттері шетелдердің үкіметтері немесе халықаралық қаржы ұйымдары болып табылатын бағалы қағаздарды;
      өтімділікке және шектеу талаптарынсыз пайдалану мүмкіндігіне ие, еркін айырбасталатын шетел валюталарында номинирленген басқа да сыртқы активтерді қамтиды.
      Қазақстан Ұлттық Банкі алтын-валюта резервтерін ұлттық валютаның тұрақтылығын және айырбасталуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының міндеттемелері бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін қажетті деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз етеді.
      Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, алтын-валюта резервтерін кредиттер (қарыздар, несиелер) беру нысанында пайдалануға және Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместеріне кепiлдiктер немесе басқа да мiндеттемелер ұсынуға жол берiлмейдi.
      Қазақстан Ұлттық Банкі алтын-валюта резервтерінің құрылымын ұлғайтуды және өзгертуді:
      Қазақстан теңгесi мен шетел валютасына тазартылған алтынды сатып алу;
      Қазақстан теңгесiне (естелiк және кәдесый монеталарын қоса алғанда) және шетел валютасына Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместерден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметінен еркін айырбасталатын шетел валютасындағы активтерді сатып алу;
      шетел валютасымен депозиттік, салымдық, дилингтік операциялардан және шетел валютасында номинирленген бағалы қағаздармен операциялардан, сондай-ақ оларға шетел валютасында берілген кредиттерден түсетiн еркін айырбасталатын шетел валютасындағы комиссиялық және басқа да сыйақы түсімдері;
      Қазақстан Ұлттық Банкінің тазартылған алтында номинирленген бағалы қағаздарымен операциялардан түсетін түсiмдерді қоса алғанда, Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынды сатудан, депозитке салудан және онымен басқа да операциялар жүргізуінен түсетін алтын және еркін айырбасталатын шетел валютасындағы түсімдер;
      Қазақстан Ұлттық Банкінің шетел валютасындағы эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруынан түсетін еркін айырбасталатын шетел валютасындағы түсімдер;
      шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді басқарудың негізгі қағидаттарына сәйкес шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді алтын-валюта резервтеріне аудару;
      Қазақстан Ұлттық Банкi халықаралық қаржы ұйымдарынан, шет мемлекеттердiң орталық банктерiнен және басқа кредиторлардан алған кредиттерден түсетін түсімдер;
      осы Заңға және Қазақстан Ұлттық Банкi туралы ережеге сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкi көрсететін қызметтерден түсетін еркін айырбасталатын шетел валютасындағы түсімдер жолымен жүргізеді.
      Қазақстан Ұлттық Банкi алтын-валюта резервтерінің құрылымын азайтуды және өзгертуді:
      айырбастау бағамы саясатын қоса алғанда, ақша-кредит саясатын жүргiзу және iшкi валюта нарығында шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті деңгейлестіру мақсатында еркін айырбасталатын валютаны сату;
      бюджет қаражаты және Қазақстан Ұлттық Банкiнің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен, Қазақстан Ұлттық Банкінің халықаралық міндеттемелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының сыртқы борышын өтеу және оған қызмет көрсету, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Ұлттық Банкінің міндеттемелерін, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау;
      өнiм (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) импортына ақы төлеу, шет елдегі дипломатиялық және өзге де өкiлдiктердi ұстау, iссапар және өкілдік шығыстарын төлеу;
      басқа шетел валютасын сатып алу үшін еркін айырбасталатын шетел валютасындағы активтерді сату;
      Қазақстан Ұлттық Банкінің эмиссиялық бағалы қағаздарын өтеу;
      Қазақстан Ұлттық Банкі алған кредиттер бойынша негiзгi соманы және сыйақыны қайтару, сондай-ақ комиссиялық және соларға iлеспе басқа да шығыстарды төлеу;
      шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді басқарудың негізгі қағидаттарына сәйкес алтын-валюта резервтерін шетел валютасындағы және бағалы металдардағы басқа активтерге аудару;
      тазартылған алтынды Қазақстан теңгесіне және шетел валютасына өткізу;
      шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді басқару мен сақтауға байланысты шығыстарды төлеу;
      шығынды алтын-валюта резервтерін есептен шығару жолымен жүргізеді.
      Алтын-валюта резервтерін ұлғайту немесе азайту алтын-валюта резервтеріне кіретін активтердің нарықтық құнының өзгеруі және Қазақстан Ұлттық Банкінде ашылған еркін айырбасталатын валютадағы банк шоттары иелерінің-резиденттердің операциялары нәтижесінде де жүргізіледі.
      Ескерту. 58-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      59-бап. Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін
              тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым
              құқығы

      Қазақстан Республикасының өндіру және шығару субъектілерімен бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алу жөніндегі мәмілелерді жасасуға басым құқығы бар.
      Қазақстан Ұлттық Банкі өндіру және шығару субъектілерінен бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырушы орган болып табылады.
      Өндіру және шығару субъектілері тазартылған алтынды өткізген кезде ол басымдықты түрде Қазақстан Ұлттық Банкіне ұсынылады.
      Мемлекеттің басым құқығы көлік шығыстарын, өткізу шығындарын және Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы қабылдаған және осы қауымдастықтың құжаттарында «Лондон сапалы жеткізілімі» («London good delivery») стандарты ретінде белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сай келмейтін тазартылған алтынды сатып алған жағдайда қолданылатын сапа жеңілдігін шегергендегі халықаралық нарықта қалыптасқан бағалар пайдаланылып есептелген бағалар бойынша тазартылған алтынды сатып алу жолымен іске асырылады.
      Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тәртібін Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайды.
      Қазақстан Ұлттық Банкі тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тартқан жағдайда тазартылған алтынды өндіру және шығару субъектілері оны өздерінің қалауынша өткізеді.
      Ескерту. 59-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      60-бап. Алтын-валюта активтерiн қайта бағалау шоты

       Ескерту. 60-бап алып тасталды - ҚР 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.      

11 Тарау. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын және Қазақстан
Республикасының қаржы заңнамасы саласындағы бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру
тәртібі

      Ескерту. 11-тарау жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.       

      61-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының
              бақылау мен қадағалау жөніндегі өкілеттіктері

      1. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы Қазақстан Республикасының банк қызметі, сақтандыру және сақтандыру қызметi,  валюталық реттеу мен валюталық бақылау, ақша төлемдері мен аударымдарызейнетақымен қамсыздандырубағалы қағаздар нарығыбухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік, мемлекеттік статистика,  кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру, почтаҚазақстанның Даму Банкі, микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасында белгіленген талаптарды қаржы нарығының субъектілері мен қатысушыларының сақтауын бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес және өздерінің бақылау функцияларын жүзеге асыру барысында көрсетілген талаптарды бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғайды не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қолданады.
      2. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы Қазақстан Республикасының банк қызметі, сақтандыру және сақтандыру қызметi, валюталық реттеу мен валюталық бақылау, ақша төлемдері мен аударымдары, зейнетақымен қамсыздандыру, бағалы қағаздар нарығы, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік, кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру, почта, Қазақстанның Даму Банкі, микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасында белгіленген талаптарды қаржы нарығының субъектілері мен қатысушыларының сақтауын қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес және өздерінің қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне, оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғамай, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолданады.
      3. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы бақылау мен қадағалауды осы Заңға сәйкес тексеру жүргізу нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Ұлттық Банкі басқа мемлекеттердің орталық банктерімен және бақылау мен қадағалау органдарымен ынтымақтастық жасайды және құпиялылық жөніндегі талаптарды ескере отырып, бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алмасуға құқылы.
      Ескерту. 61-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.11.26 N 57-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      62-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының
              тексеру түрлері

      1. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы өз бетінше не басқа мемлекеттік органдарды және (немесе) ұйымдарды тарта отырып, тексерілетін субъектілердің қызметіне кешенді түрде не олардың қызметінің жекелеген мәселелері бойынша іріктеп жоспарлы, жоспардан тыс және құжаттамалық тексерулер жүргізеді.
      2. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының жоспарлы тексеруі тексерулер жоспарына сәйкес жылына бір реттен жиі емес, тексерілетін субъектіге бара отырып жүзеге асырылады.
      Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының тексерулерді жоспарлауы жартыжылдық негізде жүзеге асырылады. Тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
      Тексерулер жоспарларын Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы не Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының тиісті бұйрығының негізінде өзге де уәкілетті лауазымды адамдар бекітеді.
      3. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының жоспардан тыс тексеруі тексерілетін субъектіге бара отырып мынадай жағдайларда:
      1) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері және мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген сұрау салулары келіп түсуіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар туралы өзге де ақпараттың келіп түсуіне байланысты;
      2) Қазақстан Ұлттық Банкі және (немесе) оның ведомствосы бақылау мен қадағалау функцияларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының бұзылғанын және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын анықтаған жағдайда;
      3) Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне, оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген кезде;
      4) алдыңғы тексеру анықтаған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың жойылуын бақылау мақсатында жүзеге асырылады.
      Жоспардан тыс тексеру бір мезгілде бірнеше субъектінің Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген талаптарын сақтауы мәселелері жөніндегі қызметін қамтуы мүмкін.
      4. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының құжаттамалық тексеруі бастапқы статистикалық және әкімшілік деректерді талдау процесінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу белгілері анықталған кезде не жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттік органдардың өтініштері және Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын тексеруді талап ететін өзге де ақпараттың келіп түсуіне байланысты тексерілетін субъектіге бармай-ақ, құжаттар мен ақпаратқа сұрау салу нысанында жүзеге асырылады.

      62-1-бап. Алынып тасталды - ҚР 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      62-2-бап. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеруді ұйымдастыру
                мен жүргізудің жалпы тәртібі

      1. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы жоспарлы, жоспардан тыс тексеруді Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары, Қазақстан Ұлттық Банкі ведомствосының және аумақтық филиалдарының басшылары не тиісті бұйрық негізінде өзге де уәкілетті лауазымды адамдар бекіткен тексеруді белгілеу туралы актінің (бұдан әрі - тексеруді белгілеу туралы акт) негізінде жүргізеді.
      Жоспарлы немесе жоспардан тыс тексеру белгіленген жағдайда оны белгілеу туралы акт тексеруді белгілеу туралы актілерді тіркеу журналында тіркеледі. Қазақстан Ұлттық Банкі орталық аппаратының бөлімшелері, аумақтық филиалдары және ведомствосы тексеруді белгілеу туралы актілерді тіркеудің жеке журналдарын жүргізеді.
      Қазақстан Ұлттық Банкі немесе оның ведомствосы тексеруді белгілеу туралы актіні тексеру басталғаннан кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркейді.
      Тексеруді белгілеу туралы актіде:
      1) актінің нөмірі мен күні, айы, жылы;
      2) тексеруші қызметкерлердің, сондай-ақ тексеруді басқару жүктелген адамдардың тегі, аты-жөні және лауазымы;
      3) өзіне қатысты тексеру жүргізу белгіленген тексерілетін субъектінің атауы, оның орналасқан жері;
      4) тексерудің түрі;
      5) тексеруге жататын мәселелер;
      6) тексеруді жүргізу мерзімі;
      7) тексерілетін кезең көрсетіледі.
      2. Тексерілетін субъектінің басшысына (оның орынбасарына) тексеруді белгілеу туралы актінің көшірмесі тапсырылған күн жоспарлы, жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі. Тексерілетін субъектіге тексеру белгілеу туралы актінің көшірмесі тапсырылғаннан кейін оның түпнұсқасына актіні алғаны және онымен танысқаны туралы белгі қойылады.
      Тексеруді белгілеу туралы актіні қабылдаудан бас тартқан немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарының тексеру жүргізуге қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі жасалған жағдайда тиісті акт жасалады. Актіге Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамы қол қояды. Тексерілетін субъектінің қызметкері тексеруді белгілеу туралы актіні қабылдаудан бас тартқан кезде онда тиісті жазба жасалады. Тексеруді белгілеу туралы актіні алудан бас тарту тексеруді жүргізбеуге негіз болып табылмайды. Тексерілетін субъект тексеруші топтың сұрау салуында көрсетілген мерзімде құжаттарды, ақпаратты беруден бас тартқан, тексеруді белгіленген мерзімде жүргізудің мүмкін болмауына әкеп соқтырған, осы баптың шарттары орындалмаған жағдайда, тексеруді белгілеу туралы актіні бекітуге уәкілетті лауазымды адамның келісімімен тексеру басшысының шешімі бойынша тексеру жүргізілмеген болып есептеледі.
      Тексерілетін субъектінің басшысы (оның орынбасары) болмаған жағдайда тексеруді белгілеу туралы актінің көшірмесі тексерілетін субъектінің қызметкеріне не оның құрылтайшысына (құрылтайшыларының біріне) актінің түпнұсқасына қол қойғыза отырып тапсырылады.
      Тексеруді белгілеу туралы актінің көшірмесі тексерілетін субъектінің қызметкеріне не оның құрылтайшысына (құрылтайшыларының біріне) тапсырылған кезде тексерілетін субъект басшысының (оның орынбасарының) оны алғаны туралы белгісі бар тексеруді белгілеу туралы актінің көшірмесі тексеруді белгілеу туралы акт тапсырылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының лауазымды адамдарына ұсынылуға тиіс.
      Тексеруді белгілеу туралы актінің көшірмесін тексерілетін субъектінің қызметкеріне не оның құрылтайшысына (құрылтайшыларының біріне) тапсыру мүмкін болмаған жағдайда ол тексерілетін субъектінің және (немесе) оның басшысының (оның орынбасарының) тіркелген жері бойынша хабарлана отырып, почта арқылы тапсырыс хатпен жіберіледі. Хат кері қайтарылған және тексеруді белгілеу туралы актіні тексеру жүргізу белгіленген мерзімде тапсыру мүмкін болмаған кезде тексеру жүргізілмеген болып есептеледі. Бұл ретте, тексеру басшысы тексеруді белгілеу туралы актіні бекітуге уәкілетті лауазымды адамды бұл жөнінде жазбаша хабардар етеді.
      3. Тексерілетін субъект тексеру басталғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей, тексеру басшысының немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының тексеруші қызметкерінің атына:
      1) тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ тексерудің аяқталуы туралы актімен, аралық актімен және (немесе) тексерудің нәтижелері туралы актімен танысуға және оған қол қоюға жауапты басшы және оны алмастыратын адам;
      2) тексерілетін субъектінің қажетті құжаттарды (мәліметтерді) дайындауға, оларды тексеруші қызметкерлерге уақтылы беруге және (немесе) тексеруші қызметкерлерден аралық актілерді алуға жауапты мамандары туралы деректері бар хатты ұсынады.
      4. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеру жүргізу мерзімі отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс. Тексеру көлемінің ауқымдылығына байланысты жоспарлы, жоспардан тыс тексеру жүргізу мерзімі Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары, Қазақстан Ұлттық Банкі ведомствосының және аумақтық филиалдарының басшылары не өзге де уәкілетті лауазымды адамдар бекіткен тексеруді ұзарту туралы қосымша актінің негізінде отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылуы мүмкін. Тексеруді ұзарту туралы қосымша актіде тексеруді белгілеу туралы алдыңғы актінің нөмірі және күні көрсетіледі.
      5. Тексерілетін субъект тексеруші қызметкерлерге өзінің әкімшілік ғимараттарына (оның ішінде мереке және демалыс күндері) кіруге рұқсат беруге, жұмыс істеу үшін ұйымдастыру техникасымен және қалааралық байланыспен жабдықталған жеке үй-жай ұсынуға, тексерілетін субъектінің қызметіне қатысты ақпаратқа, оның ішінде деректерді түзету мүмкіндігінсіз, нақты уақыт режимінде (деректерді қағаз жеткізгішке шығару мүмкіндігімен қарау режимінде) автоматтандырылған жүйелерге және дерекқорларға қол жеткізуін қамтамасыз етуге, тексеруші қызметкерлерге қажетті құжаттардың көшірмелерін, оның ішінде электрондық түрдегі құжаттардың көшірмелерін түсіріп алуға мүмкіндік беруге, сондай-ақ тексеруші қызметкерлердің сұрақтарына түсініктемелер (ауызша және жазбаша) беруді қамтамасыз етуге және тексеруші қызметкерлерге тексеруді уақтылы аяқтауға жәрдемдесуге міндетті.
      6. Тексеруші қызметкерлер тексерілетін субъектінің басшысына, тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшыға не тексерілетін субъектінің өзге де уәкілетті қызметкеріне көрсетілген мерзімде орындалуға жататын жазбаша сұрау салуды жібереді.
      Тексерілетін субъект тексеруші қызметкерлерден сұрау салуды алған күні не сұрау салуда белгіленген мерзімде тексеру материалдарына қоса тіркеу үшін барлық қажетті мәліметтер мен құжаттарды, оның ішінде олардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
      7. Тексеруші қызметкер ауыстырылған (тексеруші топтың құрамы өзгертілген) кезде қосымша акт жасалады, онда тексеруді белгілеу туралы бұрын жасалған актінің нөмірі мен күні және тексеруші қызметкерді ауыстыру (тексеруші топтың құрамын өзгерту) негіздері көрсетіледі.
      8. Тексерілетін субъектіге тексеруді аяқтау туралы акті тапсырылған күн жоспарлы, жоспардан тыс тексерудің аяқталған күні болып есептеледі. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеруді аяқтау туралы актіге тексеру басшысы және оның тікелей басшысы қол қояды және ол тексерілетін субъектіге тексеруді белгілеу туралы актіде көрсетілген тексеру жүргізу мерзімі аяқталғаннан кешіктірмей тапсырылады.

      62-3-бап. Құжаттамалық тексеруді жүргізу ерекшеліктері

      1. Құжаттамалық тексеру оны белгілеу туралы актіні ресімдеуді талап етпейді.
      2. Құжаттамалық тексеру кезінде қосымша мән-жайларды анықтау мақсатында тексерілетін субъектінің атына уәкілетті лауазымды адам қол қойған сұрау салу жіберіледі, онда:
      1) тексерілетін субъектінің атауы, оның орналасқан жері;
      2) құжаттамалық тексерудің негізі;
      3) тексерілетін субъект Қазақстан Ұлттық Банкіне немесе оның ведомствосына ұсынуға міндетті құжаттардың тізбесі;
      4) сұратылған материалдарды ұсыну мерзімі;
      5) қажет болғанда, тексерілетін субъект тарапынан түсіндіру талап етілетін мәліметтер көрсетіледі.
      3. Тексерілетін субъект, егер сұрау салуда өзгеше белгіленбесе, сұрау салуды алған күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей, сұратылған құжаттар мен түсініктемелерді береді.
      4. Тексерілетін субъект тарапынан қол қою талап етілмейтін құжаттамалық тексерудің нәтижелері туралы қорытындыға уәкілетті лауазымды адам қол қойған күн құжаттамалық тексерудің аяқталуы болып табылады.

      62-4. Тексерулердің өзге де мәселелері

      1. Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының тексеруші қызметкерлері қажет болғанда тексерілетін субъектіге танысу үшін ұсынылатын аралық актілерді жасайды.
      2. Тексерілетін субъект аралық актіні алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тексерілетін субъектінің басшысы (оның орынбасары) не тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етуге жауапты басшысы қол қойған аралық актінің бір данасын қайтарады және аралық актінің мазмұнына қатысты ескертулер болған жағдайда өзінің жазбаша қарсылықтарын тексеру басшысына ұсынады.
      Аралық актілерде жазылған қорытындылар алдын ала жасалған қорытындылар болып табылады және тексерілетін субъектіден, оның ішінде үшінші тұлғалардан алынған қарсылықтар мен қосымша ақпарат ескеріле отырып, тексеру нәтижелері туралы актіде қайта қаралуы мүмкін.
      3. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеру аяқталған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тексерілетін субъекті басшысының атына Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының тексеруші қызметкерлері, тексеру басшысы және оның тікелей басшысы қол қойған тексеру нәтижелері туралы актінің екі данасы жіберіледі.
      Тексеру нәтижелері туралы актіде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
      1) актінің жасалған күні және орны;
      2) тексеруді жүргізген органның атауы;
      3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді белгілеу туралы актінің күні және нөмірі;
      4) тексеруді жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты-жөні және лауазымы;
      5) тексерілетін субъектінің атауы, оның орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бар болса), тексерілетін субъекті басшысының не оның өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
      6) тексеруді жүргізу орны және кезеңі;
      7) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтер;
      8) тексерілетін субъекті басшысының (оның орынбасарының) не тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етуге жауапты басшысының не осы баптың 7-тармағында көрсетілген өзге де адамның тексеру нәтижелері туралы актімен танысқаны туралы мәліметтер;
      9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолы.
      Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелерімен байланысты қажетті құжаттар (мәліметтер) немесе олардың көшірмелері қоса берілуі мүмкін.
      4. Тексерілетін субъектінің басшысы (оның орынбасары) не тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етуге жауапты басшысы тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасын қабылдайды, актінің екінші данасының әрбір парағына қол қояды, оның соңғы парағына лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) көрсете отырып, алған күні туралы белгі қояды және тексеру нәтижелері туралы актіні алған күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей, оны Қазақстан Ұлттық Банкіне немесе оның ведомствосына жібереді. Тексерілетін субъект тексеру нәтижелері туралы актіде жазылған тексеру нәтижелерін тексерілетін субъектінің атқарушы және басқа да басқару органдарының назарына жеткізеді.
      5. Тексеру нәтижелері бойынша қарсылықтар болған кезде тексерілетін субъект тексеру нәтижелері туралы актіні алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оларды Қазақстан Ұлттық Банкіне немесе оның ведомствосына жазбаша нысанда ұсынады.
      6. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіде жазылған тексерілетін субъектіні тексеру нәтижелері, қажет болғанда, тексерілетін субъектінің басшылары шақырыла отырып, Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының (оның орынбасарларының), оның ведомствосы басшысының (оның орынбасарларының), Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының бөлімшелері басшыларының (олардың орынбасарларының), тексеруге басшылық ету жүктелген адамдардың төрағалық етуімен өтетін кеңесте қаралады.
      Кеңес нәтижелері кеңес төрағасы қол қойған хаттамамен ресімделеді және қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тексерілетін субъектінің басшысына танысуға жіберіледі. Қарсылықтары болған жағдайда тексерілетін субъект кеңес хаттамасын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды Қазақстан Ұлттық Банкіне немесе оның ведомствосына жазбаша нысанда ұсынады.
      Қазақстан Ұлттық Банкі немесе оның ведомствосы тексерілетін субъектінің кеңес хаттамасына қарсылықтарымен келіспеген кезде түпкілікті шешімді Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы немесе оның ведомствосының басшысы не олардың орынбасары қабылдайды және ол тексерілетін субъект басшысының назарына жеткізіледі.
      7. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіге тексерілетін субъект тарапынан басшысы, оның орынбасары не тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етуге жауапты басшысы қол қояды.
      Тексерілетін субъектінің басшысы, оның орынбасары не тексерудің жүргізілуін қамтамасыз етуге жауапты басшысы болмаған кезде жоспарлы, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіге тексерілетін субъект тарапынан оның құрылтайшысы (құрылтайшыларының бірі) не тексерілетін субъектінің атынан, оның ішінде тиісті бұйрық және (немесе) сенімхат негізінде іс-әрекет жасайтын өзге қызметкері қол қояды.
      8. Осы баптың 7-тармағында көрсетілген адамдар болмаған және оларға тексеру нәтижелері туралы актіні қол қою үшін тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы акт тексеруші адамдар тексеру нәтижелері туралы актіге қол қойған күннен бастап ресімделген болып есептеледі.
      9. Тексеру нәтижелері Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының өз функцияларын орындауы мақсатында ғана пайдаланылуға тиіс.
      10. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіні тексерілетін субъект жарнамалық немесе өзге де мақсатта өзінің қаржылық жай-күйін растау үшін пайдалана алмайды, сондай-ақ ол Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының келісімінсіз үшінші тұлғаларға берілмейді.
      11. Тексерілетін субъект Қазақстан Ұлттық Банкіне немесе оның ведомствосына берген қаржылық және өзге есептіліктің құжаттамалық деректері жоспарлы, жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы актіде келтірілген мәліметтерге сәйкес келмеген кезде тексерілетін субъект Қазақстан Ұлттық Банкінің немесе оның ведомствосының нұсқауы бойынша өзінің есептілігін, тексеру нәтижелері туралы актіде көрсетілген нақты деректерге, оның ішінде өткен есепті күндерге сәйкес келтіреді.
      12. Тексерілетін субъект Қазақстан Ұлттық Банкінің ведомствосы белгілеген мерзімде жоспарланған шаралары, жауапты орындаушылары және тексеру кезінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою мерзімдері көрсетілген іс-шаралар жоспарын келісуге ұсынады.
      Іс-шаралар жоспарын Қазақстан Ұлттық Банкінің ведомствосымен келісуден өткізген соң тексерілетін субъект бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою туралы есептерді не іс-шаралар жоспары бойынша өзіне қабылдаған міндеттемелердің орындалмау себептері туралы түсініктемелерін береді.
      13. Тексерілетін субъектінің осы Заңның 62-2-бабы 2-тармағының төртінші бөлігінде, 3, 5 және 6-тармақтарында, 62-3-бабының 3-тармағында, сондай-ақ осы баптың 2, 4 және 12-тармақтарында көрсетілген талаптарды бұзуы тексерілетін субъектіге не оның басшысына қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шектеулі ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолдануға негіз болып табылады.
      14. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының қызметкерлеріне тексерілетін субъектінің қызметін тексеру барысында алынған мәліметтерді жариялауға не үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады.
      15. Тексеруді жүзеге асыратын адамдар тексерілетін субъектінің қызметін тексеру барысында алынған және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жариялағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Ескерту. 62-4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      62-5-бап. Бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандары

      Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын:
      1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес берілетін ақпарат пен есептілікті талдау;
      2) қаржы ұйымдарының қаржылық жағдайының нашарлауына ықпал ететін факторларды анықтау үшін олардың қызметін талдау (қашықтан қадағалау);
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген рұқсат беру құжаттарын келісу, беру және қайтарып алу, келісулер, лицензиялау, бағалы қағаздардың шығарылымдарын тіркеу, бағалы қағаздарды орналастыру (өтеу) қорытындылары туралы есептерді бекіту, бағалы қағаздар шығарылымдарының күшін жою мәселелері бойынша құжаттарды, үлестес тұлғалар туралы ақпаратты қарау;
      4) уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттерінің үй-жайлардың техникалық жарақталуына қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеріп қарау;
      5) кредиттік тарих жүйесіне және сақтандыру бойынша дерекқорына қатысушылардың қауіпсіздік жүйесін және үй-жайларына, электрондық және өзге жабдықтарына қойылатын талаптарды орындауын тексеріп қарау;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен қаржы ұйымдарына өз өкілін жіберу;
      7) аккредиттеу, тізілімдерді жүргізу, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен жасалатын бірлескен қызмет туралы шарттарды тіркеу;
      8) белгіленген пруденциялық нормативтердің және (немесе) өзге де сақталуы міндетті нормалар мен лимиттердің, оның ішінде шоғырландырылған негізде орындалуымен немесе сақталуымен байланысты қызметті талдау;
      9) банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының уақытша әкімшіліктері (уақытша әкімшілері), тарату комиссиялары беретін есептілік пен өзге де ақпаратты қарау;
      10) мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалдары мен өкілдіктерін ескере отырып, тарату комиссияларының төрағасы мен мүшелерін тағайындау және босату;
      11) мәжбүрлеп таратылатын банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аралық тарату балансын және кредиторлары талаптарының тізілімін, ерікті түрде немесе мәжбүрлеп таратылатын банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының кредиторлары комитетінің құрамын бекіту;
      12) мәжбүрлеп таратылатын банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату туралы есепті және оның тарату балансын келісу;
      13) валюталық бақылау агенттеріне олардың валюталық бақылауды тиісінше жүзеге асыру мақсатында орындауы үшін міндетті тапсырмалар беру;
      14) тексерілетін субъектілердің қызметін бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша олардың кездесулері мен талқылауларын өткізу;
      15) қаржы ұйымдарының және сақтандыру тобының немесе банктік конгломераттың бас ұйымының тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды сақтауымен байланысты қызметті талдау;
      16) актуарийлердің біліктілік емтиханын өткізу;
      17) банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкімшілігінің (уақытша әкімшісінің) орындалған жұмыс туралы есебін бекіту жолымен жүзеге асырады.
      Ескерту. 62-5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      63-бап. (алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен)

      64-бап. (алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен)

12 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң есеп беруi

      65-бап. Қаржы жылы

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қаржы жылы күнтiзбелiк есептеу бойынша 1 қаңтардан басталып, 31 желтоқсанда аяқталады.

      66-бап. Есеп беру      

      Қазақстан Ұлттық Банкi жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне жылдық есеп берiп отырады.
      Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық есебiн қарап, оны бекiту туралы шешiм қабылдайды.
      Ескерту. 66-бап жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен , өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1999.07.16. N 436 Заңымен , 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен , 2006.07.05. N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      67-бап. Жылдық есеп

      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық есебi:
      - ақша-кредит саясаты және қаржы рыногының жай-күйi туралы баяндаманы;
      - Қазақстан Ұлттық Банкiнiң өткен жылғы қызметi туралы есептi;
      - Қазақстан Ұлттық Банкiнiң жылдық шоғырландырылған қаржылық есептiлiгiн;
      Ескерту. 67-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен , Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , 1999.07.16. N 436 Заңымен , 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен , Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69 Заңымен .

      68-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қызметiн тексеру      

      Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының шешімі бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің қаржылық есептілігінің аудитін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттің немесе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінің орталық банкіне аудит жүргізу тәжірибесі бар аудиторлық ұйым жыл сайын жүргізеді.
      Тексерiс кезiнде алынған әрбiр ақпарат құпия деп саналады және аудиторлық ұйым оны үшiншi жаққа жеткiзгенi үшiн жауап бередi.
      Қазақстан Ұлттық Банкiнiң және оның ұйымдарының қызметiне жасалған кез келген мемлекеттiк органның тексерiсi Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiмен не болмаса тапсыруы бойынша ғана жүзеге асырылады.
      Ескерту. 68-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен , Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69 ,  2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

13 Тарау. Қорытынды ережелер

      69-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң таратылуы

      Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының тиiстi Заңын қабылдау жолымен таратылуы мүмкiн, Қазақстан Ұлттық Банкi таратылған жағдайда оның мүлкi тиiстi Заңда көрсетiлген банк құқығын иеленушiге бередi.
      Ескерту. 69-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен .

      70-бап. Ақпарат алу жөніндегі өкiлеттiктер

      Қазақстан Ұлттық Банкiне жүктелген функциялардың сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкi кез келген жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты, оның ішінде қызметтік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді өтеусіз алуға құқылы. Бұл ретте алынған мәлiметтер жария етiлмеуге тиiс.
      Мемлекеттік органдар, қаржы және өзге де ұйымдар, олардың қауымдастықтары (одақтары), сондай-ақ жеке тұлғалар Қазақстан Ұлттық Банкінің сұрау салуы бойынша құжаттарды, қаржы есептемесін қоса алғанда, есептемені және қажет болған жағдайда Қазақстан Ұлттық Банкінің өз функцияларын орындауына қажетті өзге де қосымша ақпаратты беруге міндетті.
      Ескерту. 70-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      70-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкi көрсететiн
                 қызметтердiң өтемдiлiгi

      Қазақстан Ұлттық Банкi банк операцияларын және басқа да қызметтердi ақылы негiзде атқаруға құқылы. Қазақстан Ұлттық Банкi көрсететiн қызметтері үшiн ақының түрлерi мен мөлшерлерiн өз бетiнше белгiлейдi.
      Қазақстан Ұлттық Банкi, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын, өзге де қорлар мен ұйымдарды басқару жөнiндегi қызметтердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының Yкiметi мен бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға көрсетiлетiн банктiк және өзге де қызметтер үшiн ақы алмайды.
      Қазақстанның Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда ақылы негізде жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсетеді. Ол көрсететін мемлекеттік қызметтер үшін ақының мөлшерлері Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
      Ескерту. 70-1-баппен толықтырылды - ҚР 1997.07.11. N 154 Заңымен; жаңа редакцияда - 2001.05.03. N 182 Заңымен, өзгеріс енгiзiлдi - 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен, 2006.07.05. N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.06.2013 N 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      71-бап. Талап етудің ескіру мерзімі

      Қазақстан Ұлттық Банкінің кредит шарттарының тиiсiнше орындалмауы жөнiнде қарыз алушыларға қоятын талаптарына талап етудің ескіру мерзiмi қолданылмайды.
      Ескерту. 71-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      72-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің жауапкершiлiгi

      Қазақстан Ұлттық Банкi өз мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады.
      Ескерту. 72-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      73-бап. Алынып тасталды - ҚР 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       74-бап. Осы Заңның күшiне енуi

      Осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енедi.
      Ескерту. 74-баптың атауы өзгертiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154 Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi