"Зейнетақы активтері бойынша операциялар туралы ақпаратты есепке алу және жария ету" қаржылық есептілік стандартын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 195 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 03 қазанда № 8765 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларында зейнетақы активтерінің қаржылық есептілігін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Зейнетақы активтері бойынша операциялар туралы ақпаратты есепке алу және жария ету" қаржылық есептілік стандарты бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Г. Марченко

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      Министр ________ Б. Жәмішев

      2013 жылғы 29 тамыз

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2013 жылғы 26 шілдедегі
№ 195 қаулысымен
бекітілген

"Зейнетақы активтері бойынша операциялар туралы ақпаратты
есепке алу және жария ету" қаржылық есептілік стандарты

1. Мақсаты және қолдану аясы

      1. Осы "Зейнетақы активтері бойынша операциялар туралы ақпаратты есепке алу және жария ету " қаржылық есептілік стандарты (бұдан әрі – Стандарт) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес әзірленді және зейнетақы активтерінің бухгалтерлік есебін жүргізуге және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының (бұдан әрі – қор) зейнетақы активтеріне қатысты қаржылық есептілік жасауға арналған.

      2. Осы Стандарттың мақсаты зейнетақы активтері бойынша бухгалтерлік есеп жүргізу және қор қаржылық есептілікте жария ететін ақпаратты ұсыну ерекшеліктерін айқындау болып табылады.

      3. Осы Стандартта реттелмеген мәселелер "Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы" 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңымен және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарымен (бұдан әрі – ХҚЕС) реттеледі.

      4. Меншікті активтер бойынша бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілік жасау үшін қор ХҚЕС қолданады.

2. Осы Стандартта пайдаланылатын ұғымдар

      5. Осы Стандарттың мақсаты үшін бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамада және ХҚЕС-те көзделген ұғымдар пайдаланылады.

3. Зейнетақы активтерінің бухгалтерлік есебін жүргізу

1-параграф. Зейнетақы активтерінің бухгалтерлік есебі

      6. Зейнетақы активтерінің бухгалтерлік есебі, оның ішінде зейнетақы жарналарын алу және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша операциялардың бухгалтерлік есебі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары жүзеге асыратын зейнетақы активтерімен операциялардың бухгалтерлік есебін жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" 2011 жылғы 1 шілдедегі № 69 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7118 тіркелген) бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары жүзеге асыратын зейнетақы активтерімен операциялардың бухгалтерлік есебін жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

2-параграф. Қаржы активтерін бастапқы тану

      7. Алып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.02.2014 № 30 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7-1. Қор қаржы активтерін мынадай санаттар бойынша жіктейді:

      1) амортизацияланған құны бойынша бағаланатындар;

      2) әділ құны бойынша бағаланатындар.

      Қордың қаржы активтерін осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген санаттардың біріне жатқызу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Зейнетақы активтерін есепке алуды және бағалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" 2014 жылғы 26 ақпандағы № 24 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9274 тіркелген) бекітілген Зейнетақы активтерін есепке алуды және бағалауды жүзеге асыру қағидаларына (бұдан әрі – Бағалау қағидалары) сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. Стандарт 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.02.2014 № 30 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. Туынды қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелерді қоспағанда қаржы активтерін сатып алу және сату мәмілелері мәмілелер жасау күні есепке алу әдісі бойынша есепке алынады.

      Есеп айырысу күні қордың активті сатып алу немесе сату міндеттемелерін қабылдау күні болып табылады.

      Мәміле жасау күнгі бухгалтерлік есеп мыналарды көздейді:

      1) алуға жататын активті және оны төлеу жөніндегі міндеттемелерді мәміле жасау күні тану;

      2) өткізілген активті тануды, активті шығынға жазудан түскен табысты немесе болған шығыстарды тануды және активті сатып алушыға дебиторлық берешекті тануды мәміле жасау күні тоқтату.

      Қаржы активін шығынға жазудан түскен кірісті немесе болған шығысты есептеу ФИФО-ның (first in first out) "бірінші түсу – бірінші босату" әдісі (бұдан әрі – ФИФО әдісі) бойынша жүзеге асырылады.

      ФИФО әдісін қолдану бірінші сатып алынған активтің бірінші өткізілетін білдіреді.

      9. Амортизацияланған құны бойынша бағаланатын қаржы активтері бастапқы тану кезінде мәміле бойынша осы қаржы активін сатып алуға немесе шығаруға тікелей байланысты шығындар ескеріле отырып, операцияның бағасы болып табылатын әділ құн бойынша бағаланады.

      Әділ құны бойынша бағаланатын қаржы активтері бастапқы тану кезінде мәміле бойынша осы қаржы активін сатып алуға немесе шығаруға тікелей байланысты шығындар ескерілмей, операцияның бағасы болып табылатын әділ құн бойынша бағаланады.

      Әділ құны бойынша бағаланатын қаржы активін сатып алуға немесе шығаруға тікелей байланысты шығындар кірістердің немесе шығыстардың құрамында танылады.

      Қаржы активтерін бастапқы тану 13-"Әділ құны бойынша бағалау" халықаралық қаржылық есептілік стандартында (IFRS) көзделген жағдайларда, сондай-ақ, егер операцияның бағасы активтің әділ құны болып табылмаған жағдайда әділ құны бойынша жүзеге асырылады.

      Операцияның бағасының және қаржы активінің әділ құнының айырмасынан қаржы активін бастапқы тану кезінде туындайтын кіріс немесе шығыс кірістің немесе шығыстың құрамында танылады.

3-параграф. Қаржы құралдарын бұдан әрі есепке алу

      10. "Амортизацияланған құны бойынша бағаланатындар" санатына жіктелген қаржы активтерін бұдан әрі есепке алу қаржы активтері бастапқы тану кезінде өлшенетін шаманы білдіретін амортизацияланған құн бойынша, борыштың бастапқы құн мен өтеу сомасы арасындағы айырманы амортизациялау пайызының тиімді мөлшерлемесі әдісін пайдалана отырып жинақталған сомаға азайтылған немесе ұлғайтылған негізгі сомасын өтеуге арналған төлемдер шегеріле, сондай-ақ қаржы активінің құнсыздануынан болуы ықтимал шығындарды жабуға арналған резерв (провизиялар) шотын пайдалану арқылы азайту сомасын шегеріле отырып жүзеге асырылады.

      11. Қаржы активтері бойынша дисконт немесе сыйлықақы пайыздың тиімді мөлшерлемесі әдісі қолданыла отырып амортизацияланады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.02.2014 № 30 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      12. Сыйақы түріндегі кірісті немесе шығысты есептеу күнделікті негізде жүзеге асырылады.

      Амортизацияланған құны бойынша бағаланатын және әділ құны бойынша бағаланатын қаржы активтері бойынша дисконттың немесе сыйлықақының амортизациясы күн сайынғы негізде жүзеге асырылады.

      "Амортизацияланған құны бойынша бағаланатындар" санатында есепке алынатын қаржы активтерінің құнсыздану сомасы Бағалау қағидаларына сәйкес анықталады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. "Әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына жіктелген қаржы активтерін есепке алу әділ құн бойынша жүзеге асырылады. Әділ құны бойынша бағаланатын қаржы активтерін қайта бағалау Бағалау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қаржы активінің әділ құны және (немесе) сатылатын, "әділ құны бойынша бағаланатындар" санатында есепке алынатын қаржы активтерінің әділ құнының ақпарат көздері Бағалау қағидаларына сәйкес айқындалады.

      Қордың бухгалтерлік есебінде шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын шетелдік ұйымның инвестициялық басқаруындағы активтер әрбір шетелдік басқарушы бойынша жалпы сомамен әрбір қаржы құралы бойынша нақтыланбай көрсетіледі.

      Амортизацияланған құны бойынша бағаланатын қаржы активтерін қайта бағалау жүргізілмейді.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Тазартылған бағалы металдар Бағалау қағидаларына сәйкес айқындалған әділ құны бойынша есепке алынады.

      15. Туынды қаржы құралдарын есепке алу Бағалау қағидаларына сәйкес айқындалған әділ құн бойынша жүзеге асырылады.

      16. Шетел валютасымен көрсетілген қаржы құралдары "Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау және қолдану тәртібін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 қаулысында және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8378 тіркелген) көзделген тәртіпте айқындалған валюталардың нарықтық айырбастау бағамы бойынша күн сайын қайта бағаланады.

      Қаржы құралдары бойынша оң және теріс бағамдық айырмалар кіріс немесе шығыс құрамында танылады.

      17. "Амортизацияланған құны бойынша бағаланатындар" санатынан қаржы активтерін сату кезінде осы қаржы активтерін "әділ құны бойынша бағаланатындар" санатына алдын ала қайта жіктеу жүргізілмейді.

4-параграф. Қаржы активтерін қайта жіктеу

      18. Қаржы активтерін қайта жіктеу Стандарттың 17-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, амортизацияланған құны бойынша бағаланатын қаржы активтері санатынан және сол сияқты әділ құны бойынша бағаланатын қаржы активтері санатынан жүзеге асырылуы мүмкін.

5-параграф. Хеджирлеу операцияларын есепке алу

      19. Хеджирлеу операцияларының, сондай-ақ олар бойынша кірістердің және (немесе) шығыстардың бухгалтерлік есебі және оларды қордың қаржылық есептілігінде көрсету ХҚЕС-ке сәйкес жүзеге асырылады.

      20. Хеджирлеу операцияларының бухгалтерлік есебі былайша жүзеге асырылады:

      1) хеджирлеу құралын әділ құны бойынша қайта бағалаудан түскен кірістер немесе болған шығыстар бухгалтерлік есепте кірістер немесе шығыстар ретінде көрсетіледі;

      2) хеджирленетін баптың баланстық құны хеджирленетін бап бойынша хеджирленетін тәуекелге жатқызылған кіріс немесе шығыс ескеріле отырып түзетіледі, осы кірістер немесе шығыстар бухгалтерлік есепте кірістер немесе шығыстар ретінде көрсетіледі.

      21. Хеджирлеу операцияларының бухгалтерлік есебі кезінде қаржылық есептіліктегі кірістер немесе шығыстар құрамында хеджирлеу құралының әділ құнындағы және хеджирлеу бабындағы өзгерістерді өзара есепке алу нәтижелері танылады.

      Қаржылық есептілікті жасау кезінде хеджирлеу құралы бойынша кірістер мен шығыстар пайда мен залал туралы есептің бабында көрсетіледі, бұл бапта хеджирленетін баптан түскен кірістер және болған шығыстар берілген. Хеджирлеу операцияларының тиімсіз бөлігіне жататын кірістер мен шығыстар басқа да пайда мен залал туралы есептің баптарында көрсетіледі.

6-параграф. Қаржы активтерін тануды тоқтату және қалпына келтіру

      Ескерту. 6-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 13.09.2019 № 155 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      22. Қор қаржы активін тануды:

      1) осы қаржы активінен ақша қаражатының ағындарына шарттық құқықтардың қолданылу мерзімі аяқталған;

      2) өткізу ХҚЕС талаптарына сәйкес келген жағдайда, ол осы қаржы активінен ақша қаражатының ағындарын алуға арналған шарттық құқықтар өткізген жағдайларда;

      3) амортизацияланған құны бойынша бағаланатын қаржы активтері бойынша қаржы активінің құнсыздануынан болуы ықтимал шығындарды жабуға арналған резервтің (провизиялардың) 100 (бір жүз) пайыздық мөлшері құрылғаннан кейін 180 (бір жүз сексенінші) күн өткеннен кейін;

      4) әділ құны бойынша бағаланатын қаржы активтері бойынша Бағалау қағидаларында көзделген жағдайларда құнды 100 (бір жүз) пайыз азайту жүзеге асырылғаннан кейін 180 (бір жүз сексенінші) күн өткеннен кейін тоқтатады.

      23. Қор осы қаржы активін тануды тоқтатқаннан кейін қорға қаржы активі бойынша ақша ағындарының түсімдері бухгалтерлік есепте кірістер ретінде тануға жатады.

      Егер қаржы активін тану қаржы активінің құнсыздануынан болуы ықтимал шығындарды өтеуге арналған резервтер (провизиялар) есебінен тоқтатылса, осы қаржы активі бойынша ақша түсімі қаржы активінің құнсыздануынан болуы ықтимал шығындарды өтеуге арналған резервтерді (провизияларды) қалпына келтіруден түсетін кірістерге жатқызылады.

      Танылуы тоқтатылған, әділ құны бойынша бағаланатын қаржы активтерін қалпына келтіру кірістер есебінен Бағалау қағидаларының талаптарына сәйкес жүргізілген тәуелсіз баға негізінде жүзеге асырылады.

      Танылуы тоқтатылған, амортизацияланған құны бойынша бағаланатын қаржы активтерін қаржы активінің құнсыздануынан болуы ықтимал шығындарды өтеуге арналған резервтер (провизиялар) есебінен қалпына келтіру қаржы активінің құнсыздануынан болуы ықтимал шығындарды өтеуге арналған резервтерді (провизияларды) қалпына келтіруден түсетін кірістер есебінен Бағалау қағидаларының талаптарына сәйкес жүргізілген тәуелсіз баға негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 13.09.2019 № 155 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

7-параграф. Қаржылық есептілік

      24. Қордың қаржылық есептілігі Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен ұсынылады.

      Қордың жылдық қаржылық есептілігі ағымдағы жылдың деректерін және кемінде өткен жылдың салыстырмалы деректерін қамтиды.

      Қордың зейнетақы активтері бойынша қаржылық есептілігі қордың меншікті активтері бойынша қаржылық есептіліктен бөлек жасалады.

      Зейнетақы активтері бойынша жасалатын жылдық қаржылық есептілік зейнетақы активтері бойынша бухгалтерлік баланстан, зейнетақы активтері бойынша пайда мен залал туралы есептен және түсіндірме жазбадан тұрады.

      Түсіндірме жазба зейнетақы активтері бойынша бухгалтерлік баланстың деректерін толықтыратын ақпаратты және зейнетақы активтері бойынша пайда мен залал туралы есепті қамтиды.

      Түсіндірме жазбаға қордың қаржылық есептілігінде ашып көрсетілген бухгалтерлік баптардың сипаты немесе егжей-тегжейлі талдамалары, сондай-ақ қордың қаржылық есептілігінде тануға жатпайтын бухгалтерлік баптар туралы ақпарат кіреді.

      Түсіндірме жазбада хеджирлеу құралы және оған байланысты хеджирленетін бап, хеджирленетін тәуекелдің сипаты, сондай-ақ хеджирлеу құралының тиімділігін бағалау туралы ақпарат көрсетіледі.

      Жылдық қаржылық есептілікте қаржы құралдары бойынша ақпарат жариялаған кезде қаржы құралдарының әділ құнын айқындау Бағалау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.