Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 272 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 8 қазанда № 7982 тіркелді. Күші жойлды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 47 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 47 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, сондай-ақ бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыруды жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулыларының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Г. Марченко


  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 тамыздағы
№ 272 қаулысымен
бекітілген

Бухгалтерлік есеп
жүргізуді автоматтандыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және қаржы ұйымдарының, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамының және микроқаржы ұйымдарының (бұдан әрі - ұйым) бухгалтерлік есепті жүргізуін автоматтандыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2016 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

       2. Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандырудың негізгі мақсаты бухгалтерлік есеп жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) қолдану арқылы ұйымдар жасайтын операциялар мен оқиғалар туралы ақпаратты жинау, тіркеу және жинақтау жүйесін автоматтандыру және мүдделі тұлғаларды ұйымның қаржылық жағдайы, қызметінің нәтижелері және қаржылық жағдайындағы өзгерістер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.

      Қаржылық есептілік жасауды қаржылық есептіліктің ұлттық стандарттарына сәйкес жүзеге асыратын ұйымдарға бухгалтерлік есепті осы тарауда көзделген нормаларды сақтай отыра, кеңсе пакеттерiнiң қосымшаларын пайдалана отырып жүргізуге жол беріледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.12.2012 № 388 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

       3. Қағидаларда мына ұғымдар қолданылады:

      1) автоматтандырылған жұмыс орны – автоматтандырылған бизнес-процестерді ұйымдастыруға кәсіби қызметкердің қатысуын қамтамасыз ететін техникалық, ақпараттық және бағдарламалық ресурстардың жиынтығы;

      2) аудиторлық із – мәмілелерді (операцияларды) немесе жүйелік функцияларды жасаған кезде пайдаланушының іс-әрекетін ізіне шығу және белгілеу процесі;

      3) деректер базасы – осы деректердің сипаттамасын, сондай-ақ олардың объектілері арасындағы өзара байланысты бейнелейтін тұжырымдамалық құрылымға сәйкес ұйымдастырылған деректердің жиынтығы;

      4) орталықтандырылған қолжетімділік – қашықтағы автоматтандырылған жұмыс орны пайдаланушыларының қазіргі уақыт режимінде байланыс арналары бойынша ақпараттық жүйенің бірыңғай деректер базасына қолжетімділігі;

      5) орталықтандырылмаған қолжетімділік – қашықтағы автоматтандырылған жұмыс орны пайдаланушыларының жергілікті базаларды деректерді реттеп беру арқылы үйлестіре отырып, байланыс арналары бойынша ақпараттық жүйенің бірыңғай деректер базасына қолжетімділігі.

      4. Бухгалтерлік есепті ақпараттық жүйелерді қолданып жүргізу бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау арқылы жүзеге асырылады.

      5. Ақпараттық жүйеде мыналардың:

      1) синтетикалық (жиынтық) есептің және талдамалық (нақты) есептің;

      2) қағаз тасымалдағыштағы басылып шығарылған және бекітілген есептердің және ақпараттық жүйеде қалыптасқан электрондық есептердің бірдейлігі қамтамасыз етілуі тиіс.

      6. Қызметтің үзіліссіз болуын қамтамасыз ету үшін ұйым мыналарды:

      1) ықтимал апаттық жағдайлардың тізбесін, техникалық құралдардың тоқтап қалуын (қоректенудің жоғалғаны, жүйе (модульдер, шағын жүйелер) құрамдас бөліктерінің істен шығуы) көрсетіп, олар басталғанда ақпараттық жүйенің ішінара немесе толық бүлінуі жағдайында, оны не оған қол жетімділікті қалпына келтірудің (сақталуының) қадамдық рәсімдерінен;

      2) ақпараттық жүйедегі қауіпсіздік, оның ішінде рұқсатсыз кіруден ақпаратты қорғау рәсімдерінен (шараларынан) тұратын ішкі құжатты әзірлейді және ұйымның басшысы (не оның орнындағы адам) немесе өзге басқару органы бекітеді.

      7. Қағидаларды қолдану мақсатында ұйымның бөлімшелері фронт-офиске және бэк-офиске бөлінеді. Қажеттілігіне қарай ұйым мидл-офисті құрады.

2. Бухгалтерлік есеп жүргізуді автоматтандыру тәртібі

      8. Ұйымның бухгалтерлік есепті жүргізуін автоматтандыру:

      1) ұйым жасайтын барлық операциялардың нақтыланған бухгалтерлік есебі жүйе (модульдер, шағын жүйелер) құрамдас бөліктерінің талдамалық бухгалтерлік есебінің бастапқы құжаттары негізінде ғана көрсетіледі;

      2) бастапқы құжаттардағы ақпарат бухгалтерлік есептің тіркелімінде жинақталады және жүйеленеді;

      3) талдамалық есептің деректері синтетикалық есептің шоттары бойынша топтастырылады;

      4) синтетикалық есептің деректері бас кітапта және (немесе) деректер базасында көрсетіледі;

      5) бас кітаптың және (немесе) деректер базасының ақпараты бойынша қаржылық есептілік қалыптастырылады.

      9. Ақпарат жүйесін пайдалана отырып бухгалтерлік есепті жүргізуді автоматтандыру үшін ұйым ішкі құжаттарды әзірлеуді және ұйым басшысының (не оның орнындағы адамның) немесе өзге басқару органының бекітуін қамтамасыз етеді, ол төмендегілерден тұрады:

      1) мыналарды қамтитын ақпарат жүйесін сипаттау:

      жүйе (модульдер, шағын жүйелер) құрамдас бөліктерінің тізбесі;

      жүйенің (модульдердің, шағын жүйелердің) әр құрамдас бөліктерінің мақсатын сипаттау;

      бизнес-процестерді автоматтандыруды сипаттауды қоса, жүйе (модульдер, шағын жүйелер) құрамдас бөліктері арасындағы өзара байланыс және (немесе) өзара іс-қимыл;

      жүйе құрамдас бөліктері арасында ақпаратпен алмасу және (немесе) беру әдістері мен (немесе) тәсілдері;

      жүйе (модульдер, шағын жүйелер) құрамдас бөліктерінің бизнес-процестерді автоматтандыруды сипаттау операцияларын (төлемдер, қайта бағалау, бағалы қағаздарды сатып алу (сату) және басқа операциялар) жүргізу үшін пайдаланылатын ақпараттың сыртқы көздерімен өзара іс-қимылы болған кезде;

      2) әр бап (жол) бойынша көрсете отырып ұйымның бухгалтерлік балансы баптарының (жолдарының) тізбесі:

      нәтижесі бухгалтерлік баланстың осы бабының (жолының) сомасының құрамына кіретін жасалатын операцияның мазмұны;

      негізінде бухгалтерлік баланстың осы бабы (жолы) қалыптастырылатын бухгалтерлік жазбаларды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын жүйенің (модульдердің, шағын жүйелердің) құрамдас бөліктері.

      10. Бухгалтерлік есепті жүргізуді автоматтандыру кезінде төмендегілер қамтамасыз етіледі:

      1) деректер базасының және (немесе) бас кітаптың болуы;

      2) автоматтандырылған жұмыс орнын пайдаланушының үлгі операцияларды таңдау мүмкіндігі;

      3) ұйымның ішкі құжаттарында белгіленген кезеңділікпен ақпарат жүйесінде осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген үлгі операцияларды таңдау нәтижесінде көрсетілген бухгалтерлік есептің дұрыстығына бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігінің болуы;

      4) жалпыға танымал тиісті анықтамалықтарға (жіктемелерге) қолжетімділіктің болуы және оларды ақпаратты бірегейлендіру мақсатында қолдану;

      5) клиенттерге байланысты ұйымның ішкі құжаттарымен бекітілген және олармен жасалынған шарттар негізінде жүргізілген деректемелер мен операцияларды көрсете отырып, клиенттердің (олар болған жағдайда) есебін жүргізу;

      6) ұйымның ішкі құжаттарында сипатталған қауіпсіздіктің балама деңгейін қамтамасыз ете отырып, ұйымның ішкі құжаттарында көзделген операцияның сипатына (мазмұнына) және ұйым қызметкерінің функционалдық міндеттеріне байланысты ұйымның қызметкерлері арасында қолжетімділік құқығын шектеу;

      7) валютаның әртүрлі түрлерін қолдау (ұйым шетел валютасымен операцияларды жасаған жағдайда);

      8) міндетті жолдарды толтыра отырып, кіріс деректердің сапасын тексеруді қоса, ұйымның ішкі құжаттарымен бекітілген бухгалтерлік есеп тіркелімдерін жүргізу;

      9) ақпарат жүйесінде көрсетілген барлық операциялардағы аудиторлық іздің мазмұны;

      10) автоматтандырылған жұмыс орнының деректер базасына және (немесе) бас кітапқа орталықтандырылған және (немесе) орталықтандырылмаған қолжетімділік.

      11. Нақты бизнес-процестер мен ақпарат жүйесінде жасалатын процестерімен Қағидалардың 6 және 9-тармақтарында көрсетілген ұйымның ішкі құжаттарындағы ақпараттың маңыздылығын тексеру жылына кемінде бір рет жүргізіледі.

      12. Ұйымның бас кітап деңгейінде жасайтын операциялары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының:

      "Қазақстан Республикасы қаржы нарығының жекелеген субъектілері үшін Бухгалтерлік есептің үлгі шоттар жоспарын бекіту туралы" 2008 жылғы 22 қыркүйектегі № 79 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5348 тіркелген);

      "Екінші деңгейдегі банктерде, ипотекалық ұйымдарда және "Қазақстанның Даму банкі" акционерлік қоғамында Бухгалтерлік есептің үлгі шоттар жоспарын бекіту туралы" 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 3 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6793 тіркелген) қаулыларымен бекітілген бухгалтерлік есептің үлгі шоттар жоспарына сәйкес бухгалтерлік есеп шоттарында көрсетіледі.

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 тамыздағы
№ 272 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының
күші жойылды деп танылатын қаулыларының тізбесі

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізілген қосалқы бухгалтерлік есепті және Бас бухгалтерлік кітапты жүргізу туралы" 2003 жылғы 6 желтоқсандағы № 435 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2658 тіркелген).

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Жинақтаушы зейнетақы қорларының автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізілген қосалқы бухгалтерлік есепті және Бас бухгалтерлік кітапты жүргізу туралы" 2003 жылғы 6 желтоқсандағы № 436 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2650 тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізілген қосалқы бухгалтерлік есепті және Бас бухгалтерлік кітапты жүргізу туралы" 2003 жылғы 6 желтоқсандағы № 435 және "Жинақтаушы зейнетақы қорларының автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізілген қосалқы бухгалтерлік есепті және Бас бухгалтерлік кітапты жүргізу туралы" 2003 жылғы 6 желтоқсандағы № 436 қаулыларына толықтырулар енгізу туралы" 2006 жылғы 18 ақпандағы № 10 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4129 тіркелген)

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің және "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамының қосалқы бухгалтерлік есепті және Бас бухгалтерлік кітапты жүргізуін автоматтандыру ережесін бекіту туралы" 2007 жылғы 28 мамырдағы № 59 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4787 тіркелген).

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қосалқы бухгалтерлік есепті және Қазақстан Республикасының қаржы нарығының жекелеген субъектілерінің автоматтандырылған ақпарат жүйесіне ендірілген Бас бухгалтерлік кітапты жүргізу туралы" 2007 жылғы 20 шілдедегі № 80 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4868 тіркелген).

      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Ұлттық Банктің бухгалтерлік есепті және бас бухгалтерлік кітапты автоматтандыруға қойылатын талаптарға сәйкес келетін автоматтандырылған банк жүйесінің Баc болуы туралы қорытынды беру ережесін бекіту туралы" 2008 жылғы 22 желтоқсандағы № 112 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5504 тіркелген).