Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 маусымдағы N 57 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 2 шiлдедегi № 167-VІ Заңымен (01.07.2019 бастап қолданысқа енгiзiледі).

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР 02.07.2018 № 167-VІ (01.07.2019 бастап қолданысқа енгiзiледі) Заңымен.

      Осы Заң резиденттер мен резидент еместер валюталық құндылықтарға құқықтарын іске асырған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерi мен тәртiбiн айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) айырбастау пункттері – қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операциялары жүргізілетін арнайы жабдықталған орындар;

      2) валюта - мемлекеттер заңды төлем құралы ретінде қабылдаған ақша бірліктері немесе банкноттар, қазынашылық билеттері және монеталар, оның ішінде бағалы металлдардан жасалған монеталар (айналыстан алынғандарын немесе алынатындарын, бірақ айналыста жүрген ақша белгілеріне айырбасталуға жататындарын қоса алғанда) түріндегі, қолма-қол және қолма-қол емес нысандардағы құнның ресми стандарттары, сондай-ақ шоттардағы, оның ішінде халықаралық ақша немесе есеп айырысу бірліктеріндегі қаражат;

      3) валюталық құндылықтар :

      шетел валютасы;

      номиналы шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;

      резидент еместер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздар;

      тазартылған құйма алтын;

      резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында олармен операциялар жасалған жағдайда қолданылатын, ұлттық валюта, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;

      резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында олармен операциялар жасалған жағдайда қолданылатын резиденттер шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздар;

      4) валюталық операциялар :

      валюталық құндылықтарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың ауысуына байланысты операциялар, сондай-ақ валюталық құндылықтарды төлем құралы ретінде пайдалану;

      валюталық құндылықтарды, ұлттық валютаны, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздарды және төлем құжаттарын, резиденттер шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына әкелу, жіберу және аудару, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әкету, жіберу және аудару;

      5) валюталық шарт - енгізілген өзгерістері мен толықтыруларын қоса алғандағы келісім, құрылтай құжаттары, сондай-ақ солардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін валюталық операциялар жүзеге асырылатын өзге де құжаттар;

      5-1) келісімшарттың есептік нөмірі – валюталық операциялар бойынша есепке алуды және есептілікті қамтамасыз етуге арналған, уәкілетті банктің экспортты (импортты) көздейтін валюталық шартқа беретін тіркеу нөмірі;

      6) коммерциялық кредиттер - тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) берушілер (сатушылар) мен алушылар (сатып алушылар) арасында тікелей жүзеге асырылатын экспорт немесе импорт бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе алдын ала ақы төлеу (аванстық төлем);

      7) қаржы заемдары :

      заемдар (коммерциялық кредиттерді қоспағанда);

      шет елде халықаралық капитал нарықтарында қаражат тарту мақсатында құрылған, олардың еншілес ұйымдары енгізген банктердегі салымдар (депозиттер);

      борышкердің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етуге берілетін ақша;

      үшінші тұлғалардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) сатып алуды және өзге де мәмілелерді қаржыландыруы, сондай-ақ үшінші тұлғалардың кредитор алдындағы борышкердің міндеттемелерін орындауы, соның нәтижесінде ақшаны және өзге де мүлікті сыйақымен немесе онсыз қайтару жөніндегі міндеттемесі орындалған тұлғаның осындай қаржыландыруды ұсынған және (немесе) осындай орындауды жүзеге асырған тұлғаға міндеттілігі туындайды;

      қаржы лизингі, сондай-ақ кейіннен өтеуін төлеп сатып алумен жылжымайтын мүлікті жалдау (Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен жылжымайтын мүлікке теңестірілген не жатқызылған жылжымалы заттарды қоспағанда);

      8) алып тасталды - ҚР-ның 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9) резидент еместер :

      осы баптың 10) тармақшасында көрсетілмеген жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері;

      егер оларды құру туралы халықаралық (мемлекетаралық) келісімде өзгеше айқындалмаса, халықаралық ұйымдар;

      шет мемлекеттердің дипломатиялық және өзге де ресми өкілдіктері;

      10) резиденттер :

      Қазақстан Республикасының азаматтары, оның ішінде шет мемлекетте тұрақты тұру құқығына осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген құжаты бар Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, шет елде уақытша жүрген немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде оның мемлекеттік қызметінде жүрген азаматтары;

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығына құжаты бар шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері бар барлық заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде тұрғылықты жері бар олардың филиалдары мен өкілдіктері;

      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан Қазақстан Республикасының дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкілдіктері;

      11) тікелей инвестициялар :

      егер осындай салымдарды жүзеге асыратын тұлғаға осы заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп проценті (қатысушылары дауысының жалпы санының он және одан да көп проценті) тиесілі болса немесе осындай салымдардың нәтижесінде тиесілі болатын болса, заңды тұлғаның акцияларын (қатысушыларының салымдарын) төлеуге зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелеріне құқықтарды қоса алғанда, ақшаны, бағалы қағаздарды, заттарды, мүліктік құқықтарды және өзге де мүлікті салу;

      осы заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп проценті (қатысушылары дауысының жалпы санының он және одан да көп проценті) тиесілі тұлға жүзеге асыратын, заңды тұлғаның жарғылық капиталдан өзге капиталын ұлғайтуға әкелетін мүлікті салу;

      РҚАО-ның ескертпесі!
      12) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 24.11.2015 № 422-V Заңымен (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      12) уәкілетті банктер - Қазақстан Республикасында құрылған банктер және осы баптың 13) тармақшасында аталғандарды қоспағанда, валюталық операцияларды, оның ішінде клиенттердің тапсырмалары бойынша жүргізілетін валюталық операцияларды, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;

      13) уәкілетті ұйымдар – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, қызметінің айрықша түрі қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар;

      14) ұлттық валюта - Қазақстан Республикасының валютасы;

      15) шетел валютасы - шет мемлекеттің валютасы, сондай-ақ халықаралық ақша немесе есеп айырысу бірліктері;

      16) шетелдік банктер - Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған және өздері тіркелген мемлекеттердің заңнамасы бойынша банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар банктер және өзге де қаржы институттары;

      17) экспорт (импорт) - резиденттің резидент емеске (резидент еместің резидентке) тауарларды сатуы, жұмыстарды орындауы, қызметтер көрсетуі.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерістер енгізілді - ҚР-ның 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданыста болады және Қазақстан Республикасының резиденттері мен Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резидент еместерге қолданылады.

      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде осы Заң Қазақстан Республикасының резиденттеріне қолданылады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын уәкілетті ұйымдарға және өзге де заңды тұлғаларға осы Заңның және осы Заңға сәйкес қабылданатын валюталық реттеу органының нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінің шарттарында көзделген шекте қолданылады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ РЕТТЕУ

4-бап. Валюталық реттеудің мақсаттары мен міндеттері

      1. Валюталық реттеудің мақсаты тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің саясатына жәрдемдесу болып табылады.

      2. Валюталық реттеудің міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасында валюталық құндылықтардың айналысының тәртiбiн белгілеу;

      2) Қазақстан Республикасының дүниежүзілік экономикаға одан әрi кiрiгуi үшін жағдайлар жасау;

      3) валюталық операциялар мен капитал легi жөніндегі ақпараттық базаны қамтамасыз ету болып табылады.

5-бап. Валюталық реттеу органдары

      1. Қазақстан Республикасында валюталық реттеудiң негізгі органы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi және өзге де мемлекеттiк органдар валюталық реттеуді өз құзыретi шегінде жүзеге асырады.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Заңға сәйкес өз құзыреті шегінде резиденттер мен резидент еместер үшін мiндеттi нормативтік құқықтық актiлер шығарады.

      Валюталық реттеу органдары әзiрлеген валюталық реттеу мәселелері жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен міндетті түрде келісiлуге тиіс.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық реттеудің негізгі органы ретiнде:

      1) қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру тәртібін және оған қойылатын талаптарды;

      2) резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртiбiн, соның iшiнде валюталық реттеу режимдерiн:

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2) тармақшаның екінші абзацы Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      лицензиялауды;

      тiркеудi;

      хабардар етудi;

      3) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюталық операцияларына мониторингтi (валюталық мониторингтi) жүзеге асыру тәртiбiн;

      4) уәкілеттi мемлекеттік органдармен келiсiм бойынша олардың құзыретiне сәйкес барлық резиденттер мен резидент еместердiң орындауы үшін мiндеттi валюталық операциялар бойынша есепке алу және есептілік нысандарын белгілейдi.

      Жүзеге асырылу тәртібі осы Заңда белгiленбеген валюталық операциялар шектеусiз жүргізіледi.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.04 № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар

      1. Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруды өздеріне берілген лицензияға немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен берілген құқығына сәйкес шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктер және уәкілетті ұйымдар жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті ұйым қызметті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияның және оған уәкілетті ұйымның айырбастау пункті (пункттері) көрсетілетін қосымшаның (қосымшалардың) негізінде өздерінің айырбастау пункттері арқылы жүзеге асырады.

      Лицензия алу үшін уәкілетті ұйымда айырбастау пунктінің болуы міндетті.

      Уәкілетті ұйым өзінің айырбастау пункттері арқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған құймалардағы аффинирленген алтынды сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға құқылы.

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті ұйымдарды лицензиялау тәртібі мен шарттарын, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметке қойылатын талаптарды, уәкілетті ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған, құймалардағы аффинирленген алтынды сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібін, сондай-ақ уәкілетті банктің айырбастау пункттерін ашу, олардың қызметін тоқтата тұру, қайта бастау, оларды жабу туралы хабардар ету тәртібін қоса алғанда, Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын белгiлейдi.

      4. Уәкілетті ұйымдарға арналған біліктілік талаптары құрылтайшылардың құрамына, ұйымдық-құқықтық нысанына, жарғылық капитал мөлшеріне және оны қалыптастыру тәртібіне, айырбастау пункттерінің үй-жайына, жабдығына және персоналына қойылатын талаптарды, сондай-ақ бөлімшелерді құру және басқа да заңды тұлғаларға қатысу жөніндегі шектеулерді қамтиды.

      5. Уәкілетті ұйымдар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құжаттардан басқа осы Заңның 10-бабы бірінші бөлігінің 8), 9) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген шарттарда және тәртіппен ұсынады.

      6. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияны (оған қосымшаны қоса алғанда) беру немесе лицензияны беруден бас тарту уәкілетті ұйым толық құжаттар топтамасын ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Жарамды лицензияға қосымша беру немесе лицензияны және (немесе) оған қосымшаны қайта ресімдеу немесе мұндай құжаттарды беруден бас тарту уәкілетті ұйым толық құжаттар топтамасын ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Лицензияны және (немесе) оған қосымшаны беруден, қайта ресімдеуден бас тартылған кезде өтініш берушіге жазбаша нысанда уәжді түрде жауап беріледі.

      7. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту үшін мыналар негіздер болып табылады:

      1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не мәліметтерді ұсынбау;

      2) өтініш берушінің осы Заңға сәйкес белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер.

      8. Уәкілетті банктер айырбастау пункттерін ашу, қызметін тоқтата тұру, қайта бастау, оларды жабу туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етеді.

      Айырбастау пунктін ашу туралы хабарламаны уәкілетті банк айырбастау пункті операциялар жүргізуді бастайтын күннен кешіктірмей жүзеге асырады. Хабарламаны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі хабарлама жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті банктің белгіленген үлгідегі құжатын – айырбастау пункті куәлігін бере отырып растайды.

      9. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызмет бойынша, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған, құймалардағы аффинирленген алтынды сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операциялары бойынша ақпаратты беру нысандары мен тәртібі белгіленеді.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      7-бап Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

7-бап. Валюталық операцияларды лицензиялау

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңның 4-тарауында көзделген валюталық операцияларға лицензиялар бередi.

      2. Валюталық операцияларға қатысушы резидент шоты ашылғанға дейін немесе тараптардың бiрi шарт бойынша мiндеттемелердi орындауды бастағанға дейiн не осы Заңның 20-бабы 5-тармағының екiншi бөлігінде, 7-тармағында және 25-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген мерзiм өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде лицензия алуға өтініш жасауға міндеттi.

      3. Резиденттер лицензия алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген құжаттардан басқа осы Заңның 10-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1)-8), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтік құқықтық актісiнде белгіленген шарттармен және тәртiппен ұсынады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттарда сілтеме жасалған құжаттарды қосымша сұратуға құқылы.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі нормативтік құқықтық актiде:

      1) осы Заңның 22-бабының 3-тармағына сәйкес лицензиялануға тиiс валюталық операциялардың көлемдеріне қатысты талаптарды;

      2) осы Заңның 22-бабының 2-тармағына сәйкес лицензиялануға тиiс операцияларды резидент-клиенттің тапсырмасы бойынша оның мүддесiне және оның есебінен резидент еместің жүргiзуi көзделетiн, ол тiркелген мемлекеттiң заңнамасы бойынша бағалы қағаздар нарығындағы кәсiби қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар резидент пен резидент емес арасындағы мәміле шарттарына қатысты талаптарды;

      3) осы Заңның 25-бабына сәйкес лицензиялануға тиiс операциялар бойынша уәкілетті банктердегі шоттар арқылы валюталық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндіктің жоқтығына негіздеме ұсынудың талаптарын белгілейдi.

      5. Лицензия беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:

      1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не өзге де ақпаратты ұсынбау;

      2) жүргiзiлетiн операцияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келмеуі;

      3) жүргiзiлетiн валюталық операцияның және (немесе) өтiнiш берушiнiң осы Заңға сәйкес белгiленген талаптарға сай келмеуi;

      4) осы Заңның 22 және 25-баптарына сәйкес лицензиялануға тиiс валюталық операцияларға қатысты салықтық берешектiң, бюджет қаражатының, үкіметтік сыртқы қарыздардың есебінен берілген кредиттер бойынша және мемлекеттік кепілдіктерді орындауға байланысты туындаған талаптар бойынша мерзімі өткен берешектің болуы;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер.

      Өтініш берушіге лицензия беруден бас тартылған жағдайда, бас тарту себептері көрсетіле отырып, жазбаша нысанда дәлелді жауап беріледі.

      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде лицензиялануға тиіс валюталық операциялардың ең аз сомасы, сондай-ақ берілген лицензияға сәйкес валюталық операция бойынша ақпарат ұсынудың нысандары мен тәртібі белгіленеді.

8-бап. Тіркеу режимі

      Ескерту. 8-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР-ның 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңның 4-тарауында аталған валюталық операцияларды тіркеуді жүзеге асырады.

      2. Тіркеу режимі валюталық шартты тіркеуді және тіркелген валюталық шарт бойынша резиденттің кейiннен мәлiметтер беруін қамтиды.

      3. Валюталық операцияға қатысушы резидент Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тіркеу үшін:

      1) егер валюталық шартқа тіркеу режимі басынан бастап қолданылған жағдайда - тараптардың бірінің міндеттемелерді орындауы басталғанға дейін;

      2) егер тараптардың бірінің міндеттемелерді орындауы валюталық шартқа тіркеу режимін қолдануға әкеп соққан жағдайда - осындай міндеттемені орындау басталғанға дейін;

      3) егер тіркеу режимі валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу нәтижесінде және валюталық шартқа тіркеу режимі қолданылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тараптардың бірінің міндеттемелерді орындауы қажет болған кезде қолданылған жағдайда - осындай міндеттемелерді орындау басталғанға дейін;

      4) өзге жағдайларда - валюталық шартқа тіркеу режимі қолданылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өтініш беруге міндетті.

      3-1. Егер резидент талапты басқаға беру немесе борышты аудару нәтижесінде тіркеу режимі қолданылған валюталық шарттың тарапы болса, онда ол Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиісті мәміле жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде тіркелу үшін өтініш жасауға міндетті.

      4. Резиденттер валюталық операцияларды тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы Заңның 10-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1)-4), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтiк құқықтық актісінде белгiленген шарттармен және тәртiппен тапсырады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттарда сiлтеме жасалған құжаттарды қосымша сұратуға құқылы.

      5. Резидент құжаттардың толық топтамасын тапсырған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде тіркеу жүзеге асырылады.

      Валюталық шартты тiркеген кезде өтiнiш берушiге белгiленген үлгiдегi құжат - тiркеу куәлігі беріледi.

      6. Алып тасталды - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      7. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде мәміленің сомасына қатысты шекті мән белгіленіп, одан асып кеткен кезде валюталық шарт тіркелуге жатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі оларға қатысты хабарлама режимін белгілеуге құқылы тіркеу режимінен ерекше жағдайлар белгіленеді.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР-ның 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.06 № 530-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Хабарлама режимі

      Ескерту. 9-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР-ның 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Хабарлама режимі валюталық операцияларға қатысушы резиденттердің және (немесе) уәкілетті банктердің, сондай-ақ клиенттер тапсырмасы бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне валюталық шарт бойынша белгіленген нысанда ақпарат ұсынуын және жүргізілген операциялар мен валюталық шарттың өзгерістері туралы кейіннен ақпарат ұсынуын қамтиды.

      Уәкілетті банктер және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген өзге де жағдайларда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тұрақты негізде есептер беру нысанында жүзеге асырылған валюталық операциялар туралы хабарлама беруге рұқсат етіледі.

      2. Егер хабардар етілуге жататын валюталық операцияларға қатысты тұрақты негізде есептер нысанында хабардар ету талабы белгіленбесе, валюталық операцияға қатысушы резидент валюталық шарт жасалғаннан кейін, бірақ ол бойынша міндеттемелерді тараптардың бірі орындауды бастаған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етуге міндетті. Егер хабарлама тәртібі валюталық шартқа ол бойынша міндеттемелерді орындау процесінде қолданылған болса - валюталық шарт бойынша жүзеге асырылатын валюталық операциялар хабарлануға тиісті күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей хабарлайды.

      Шетелдік банкте шот ашқан жағдайда хабардар ету осы Заңның 25-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайлар мен мерзімде жүзеге асырылады.

      Егер резидент талапты басқаға беру немесе борышты аудару нәтижесінде хабарлама режимі қолданылған валюталық шарттың тарапы болса, онда ол Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін тиісті мәміле жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде осындай валюталық шарт туралы хабардар етуге міндетті.

      3. Тұрақты негізде есептер беру нысанында хабардар ету жағдайларын қоспағанда, хабарламаны растауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі резиденттің валюталық шарт туралы ақпаратты табыс еткен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүзеге асырады. Бұл ретте, валюталық операцияға қатысушы резидентке белгіленген үлгідегі құжат - хабарлама туралы куәлік беріледі.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық операциялардың жасалу мән-жайларын нақтылау мақсатында соның негізінде валюталық операциялар жүзеге асырылатын валюталық шартты талап етуге құқылы.

      5. Уәкілетті банктер және (немесе) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары хабарлама туралы куәлік болмаған жағдайда клиенттердің валюталық операцияларын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлай отырып жүргізеді.

      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде мәміленің сомасына қатысты шекті мәні белгіленіп, одан асып кеткен кезде валюталық шарт хабарлануға жатады, хабарламаның нысаны мен тәртібі, сондай-ақ хабарлама режимінен ерекше жағдайлар белгіленеді.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгеріс енгізілді - ҚР-ның 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Лицензия мен тіркеу куәлігін алу үшін талап етілетін құжаттар

      Резиденттер қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Заңда белгiленген валюталық peттеу режимдерiнiң талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) өтініш;

      2) тiгілген және қолтаңбамен (жеке және заңды тұлғалар үшін) және жеке кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, заңды тұлғалар үшін мөрмен куәландырылған валюталық шарттың көшiрмесi;

      3) жеке басты куәландыратын құжаттың көшiрмесi (валюталық операцияны жүзеге асыратын жеке тұлғалар үшін);

      4) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама (заңды тұлғалаp үшiн);

      5) заңды тұлғалар үшін – құрылтай құжаттарының (салыстыру үшін түпнұсқалар ұсынылмаған жағдайда нотариат куәландырған) көшiрмесi;

      6) алып тасталды - ҚР-ның 2007.01.12 № 224-IV Заңымен.

      7) алып тасталды - ҚР-ның 2012.01.06 № 530-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      8) өтінiш берушінiң талаптарға, оның iшiнде осы Заңда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген бiлiктілiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар;

      9) резиденттiң шетел валютасы шотының бар екендігі туралы банктің анықтамасы;

      10) валюталық шарт бойынша мiндеттемелердiң туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын құжаттардың көшiрмесi.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi танысу үшiн осы бапта аталған құжаттардың түпнұсқаларын резиденттен сұратуға құқылы.

      Шет тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мемлекеттік тілге немесе орыс тіліне аударылып ұсынылады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. № 224 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.06. № 530-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Валюталық мониторинг

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық мониторингтi Қазақстан Республикасының төлем балансының тұрақтылығын бағалау мақсатында жүзеге асырады.

      Валюталық мониторингтің негізгі міндеттерi:

      1) валюталық мониторинг объектілерi жүзеге асыратын валюталық операциялар бойынша ақпарат базасын жасау;

      2) Қазақстан Республикасы төлем балансының, сыртқы борышының және халықаралық инвестициялық позициясының статистикасын, оларды талдау мен болжауды жетiлдiру болып табылады.

      2. Резидент емес заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында бiр жылдан астам жұмыс iстейтін филиалдары мен өкілдiктерi валюталық мониторинг объектiлерi болып табылады.

      Валюталық мониторинг қолданылатын қызметтiң түрлерiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.

      3. Валюталық мониторинг белгіленген есептілік нысандарына сәйкес валюталық мониторинг объектiлерiнiң резиденттермен және резидент еместермен iске асыратын жобалары бойынша олардан ақпарат жинау әдiсiмен жүзеге асырылады.

      4. Валюталық мониторинг жүргiзу үшiн есептілік мерзiмдерi мен нысандары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актісiнде белгіленедi.

12-бап. Ұлттық және шетел валютасын репатриациялау

      1. Ұлттық және шетел валютасын репатриациялау уәкілетті банктердегі банк шоттарына:

      1) тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспортынан ұлттық және шетел валютасындағы түсімдерді;

      2) резидент емес міндеттемелерін орындамаған немесе толық орындамаған жағдайда, резиденттің тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) импорты бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру үшін резидент еместің пайдасына аударған ұлттық және шетел валютасын есептеуді білдіреді.

      Резидент ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талабының репатриациялау мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

      Репатриациялау мерзімі тараптардың валюталық шарт бойынша міндеттемелерін орындау талаптары негізінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен резидент есептейтін уақыт кезеңі болып табылады.

      Резиденттердің валюталық операцияларын жүргізетін уәкілетті банктер резиденттен репатриациялау мерзімін нақты айқындауды немесе нақтылауды талап етуге құқылы.

      2. Репатриациялау талабы осы Заңға сәйкес:

      1) біртекті қарсы талапты есепке жатқызу арқылы резидент еместің міндеттемесі тоқтатылған;

      2) олардың арасында бұрыннан бар бастапқы міндеттемені сол тұлғалар арасында өзгеше нысананы немесе орындалу тәсілін көздейтін басқа міндеттемемен ауыстыру арқылы резидент еместің міндеттемесі тоқтатылған;

      3) резидент еместің міндеттемелерді орындамау тәуекелін сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемі алынған;

      4) резиденттің резидент еместен тартылған заем талаптарына сәйкес резиденттің міндеттемелерін қамтамасыз етуге немесе резиденттің шетелде ашылған филиалдары мен өкілдіктерінің қызметін қамтамасыз етуге арналған шетелдік банктердегі шоттарына ұлттық және шетел валютасы нақты есептелген жағдайларда ішінара немесе толық орындалды деп есептеледі.

      3. Резидент резидент емеске талап қою құқығын басқа резидентке берген жағдайда, белгіленген мерзімде репатриациялау талабын орындауды қамтамасыз ету жөніндегі тиісті міндет талап ету құқығын қабылдаған резидентке көшеді.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі резиденттердің репатриациялау талабын орындауын қамтамасыз ету мақсатында резиденттердің экспорт және импорт жөніндегі келісімшарттардың есептік нөмірлерін алуының бірыңғай ережесі мен шарттарын және экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ мәміленің сомасынан асып кеткен кезде келісімшарттың есептік нөмірін алу талап етілетін оған қатысты шекті мәнді белгілейді.

      5. Ұлттық және шетел валютасын репатриациялауды бақылау мақсатында, валюталық шартта резидент еместердің міндеттемелерді орындау мерзімдері міндетті түрде көзделуі тиіс.

      Міндеттемелердің орындалу мерзімдері өзгерген, репатриациялаудың белгіленген мерзімдеріне әсерін тигізетін өзге де мән-жайлар туындаған жағдайда, резиденттер уәкілетті банктерге және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиісті негіздемені және растау құжаттарын ұсына отырып, хабарлауға міндетті.

      6. Осы бап талаптарының орындалуын және валюталық қаражаттың қайтарылмауының негізділігін бақылауды мемлекеттік кіріс органдарымен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, оның ішінде өзара ақпарат алмасу жолымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерістер енгізілді - ҚР-ның 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

3-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ НЕГIЗГІ ПРИНЦИПТЕРI

13-бап. Резиденттер арасындағы валюталық операциялар

      Резиденттер арасындағы валюталық операцияларға тыйым салынады, оған мыналар кiрмейдi:

      1) тараптардың бiрi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және (немесе) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi болатын операциялар;

      2) өздеріне берiлген лицензияға және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес уәкiлеттi банктер мен уәкілеттi ұйымдар жүзеге асыруға құқылы банктік операцияларға және өзге де операцияларға жатқызылатын валюталық құндылықтармен операциялар;

      3) валюталық операциялар жүргізу жөнiндегі банктiк қызмет көрсетуге ақы төлеу, сондай-ақ шетел валютасымен банктiк қызмет көрсету көзделетін шарттар бойынша тұрақсыздық айыппұлын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеу;

      4) номиналдық құны шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздарды сатып алуға, сатуға, сыйақы төлеуге және (немесе) өтеуге байланысты операциялар;

      4-1) тазартылған құйма алтынды сатып алу және сату жөніндегі операциялар;

      4-2) мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын операциялар;

      5) аударым аккредитивтерiн ақы төлеу нысаны ретінде пайдаланған кезде экспортты (импортты) жүзеге асыруға байланысты комиссия шарттары бойынша ақша төлемдері мен аударымдары;

      6) шетел валютасымен көрсетілген вексельдерді ақшалай міндеттемелерді орындау ретінде беру;

      7) бажсыз сауда дүкендерінде тауарларды сату кезінде, сондай-ақ халықаралық тасымалдаулар кезіндегі жүру жолында жолаушыларға тауарлар сату және қызмет көрсету кезінде есеп айырысуға байланысты операциялар;

      8) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапарға шығуына байланысты шығыстарын, оның ішінде өкілдік шығыстарын төлеу кезіндегі операциялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапарға шығуына байланысты берілген жұмсалмаған авансты өтеу кезіндегі операциялар;

      9) жеке тұлғалардың ақшаны өтеусiз аударуы немесе валюталық құндылықтарды жеке тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық қызметi қайырымдылықты жүзеге асыруға бағытталған заңды тұлғаларға өтеусiз беруi;

      10) жеке тұлғалардың басқа жеке тұлғалардың пайдасына банк салымдарын енгізуi;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерімен көзделген жағдайларда салықтар және бюджетке төленетін басқа да мiндетті төлемдердi төлеуге байланысты операциялар.

      Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай міндеттемелер, егер осындай міндеттемелер бойынша валюталық операциялар рұқсат етілсе, шетелдік валютада көрсетілуі мүмкін.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 403-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар

      1. Резиденттер Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес тараптардың келiсiмi бойынша резидент еместермен ұлттық және (немесе) шетелдік валютамен мәмілелер жасасуға құқылы.

      2. Резиденттер резидент еместермен операциялар бойынша шетел валютасымен көрсетiлген вексельдер шығаруға құқылы.

      3. Резидент еместер салымдар (депозиттер), бағалы қағаздар, резиденттермен қарыз алу операциялары және осы Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылған өзге де валюталық операциялар бойынша алынған дивидендтердi, сыйақы мен өзге де кiрiстердi шектеусiз алуға және аударуға құқылы.

      4. Егер осы Заңның 20-24-баптарында аталған валюталық операцияларға қатысты валюталық реттеу режимдерi белгiленбесе, резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар хабарлама режимін белгiлеуге құқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртіппен шектеусіз жүзеге асырылады.

      Осы Заңда белгiленген валюталық реттеу режимдерi тараптардың бiрi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және (немесе) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi болып табылатын резидент еместермен жасалатын валюталық операцияларға қолданылмайды.

15-бап. Резидент еместер арасындағы валюталық операциялар

      1. Қазақстан Республикасының аумағында резидент еместер арасындағы валюталық операциялар осы Заңның 16-бабында белгіленген талаптарды ескере отырып шектеусiз жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында резидент еместер арасындағы валюталық операцияларды жүргiзуге шектеулер осы Заңның 32-бабында көзделген жағдайларда ғана енгiзiлуi мүмкін.

16-бап. Резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операциялар бойынша төлемдері және ақша аударымдары

      1. Резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операциялар бойынша төлемдерi және ақша аударымдары уәкiлеттi банктердегі банктік шоттар арқылы жүзеге асырылады, оған мыналар кірмейдi:

      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке тұлғалардың ұлттық валютамен төлемдерi және ақша аударымдары, сондай-ақ олардың пайдасына төлемдер мен ақша аударымдары;

      2) осы баптың 3-тармағына сәйкес жеке тұлғалардың уәкiлеттi банктерде банктік шот ашпай жүзеге асыратын ақша аударымдары;

      3) бажсыз сауда дүкендерінде тауарларды сату кезінде, сондай-ақ халықаралық тасымалдаулар кезіндегі жүру жолында жолаушыларға тауарлар сату және қызметтер көрсету кезінде есеп айырысулар;

      4) жеке тұлғалар мен уәкілетті банктердің немесе уәкілетті ұйымдардың арасындағы олардың айырбастау пункттері арқылы жүзеге асырылатын төлемдер;

      5) резидент заңды тұлғалардың резидент емес қызметкерлерге, сондай-ақ резидент емес заңды тұлғалардың резидент және резидент емес қызметкерлерге шетел валютасымен жалақы төлеуі;

      6) жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапарға шығуына байланысты шығыстарын, оның ішінде өкілдік шығыстарын төлеу кезіндегі операциялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапарға шығуына байланысты берілген жұмсалмаған авансты өтеу кезіндегі операциялар;

      7) өз қызметін әуежайларда, порттарда және халықаралық қатынастар үшін ашылған шекаралық өткелдерде кедендік бақылаумен жүзеге асыратын жеке тұлғалар мен резидент емес заңды тұлғалар арасындағы төлемдер;

      7-1) Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайлар мен теңіз порттарында шет мемлекеттердің кемелеріне қызмет көрсетілгені үшін резидент еместер мен резидент заңды тұлғалар арасындағы төлемдер, сондай-ақ резидент еместердің аэронавигациялық қызмет көрсету, әуежай қызметі көрсететін қызметтерге және теңіз порттарының халықаралық рейстерге қызмет көрсету жөніндегі қызметтеріне ақы төлеуі;

      8) резидент заңды тұлғалар мен өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғалар арасындағы Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында белгiленген сома шегiндегі ұлттық валютадағы төлемдер;

      9) чек, вексель беру (тапсыру) арқылы жасалатын төлемдер;

      10) осы Заңда белгіленген тәртіппен резиденттер ашқан шетелдік банктердегі шоттар арқылы резидент еместер жүзеге асыратын операциялар бойынша төлемдер мен ақша аударымдары, сондай-ақ шетелдік банктердегі уәкілетті банктердің корреспонденттік шоттары арқылы төлемдер мен ақша аударымдары;

      10-1) осы Заңда белгіленген тәртіппен резиденттер ашқан шетелдік банктердің шоттары арқылы жүзеге асырылатын, мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарына сәйкес жасалатын резиденттермен операциялар бойынша ақша төлемдері мен аударымдары;

      11) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актісiнде көзделген жағдайларда, резидент еместер резиденттiң мiндеттемелерiн орындау есебіне жүзеге асыратын олардың шетелдiк банктердегi шоттарынан ақша аударымдары.

      Резидент және резидент емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операциялар жүргiзген кезде алған қолма-қол шетел валютасы олардың уәкілетті банктердегi банктік шоттарына мiндеттi түрде аударылуға тиiс.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері тараптарының бірі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылатын операцияларға қолданылмайды.

      2. Осы Заңда оларға қатысты келісімшарттың есептік нөмірін тіркеу, хабарлау немесе алу талабы белгіленген валюталық операциялар бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы төлемдер қолма-қол ақшасыз тәсілімен жүзеге асырылады.

      3. Резидент және резидент емес жеке тұлғалар белгіленген сома шегінде уәкiлеттi банктерде шот ашпай-ақ:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында, Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына өтеусiз ақша аударымдарын (салықтық, лицензиялық төлемдердi, айыппұлдарды, мұрагерлік сома аударымдарын, алименттердi, гранттарды және басқаларын);

      2) жеке тұлғаның кәсіпкерлiк қызметтi жүзеге асыруына байланысты емес және осы Заңға сәйкес оған қатысты келісімшарттың есептік нөмірін алу, тiркеу, хабарлама талабы белгіленбеген өзге де ақша аударымдарын Қазақстан Республикасынан жүзеге асыруға құқылы.

      4. Резиденттердiң және резидент еместердiң қолма-қол шетел валютасын пайдалану және банктік шотқа аудару тәртiбi, сондай-ақ банк шотын ашпай-ақ ақша аударымдарының сомасы мен оларды жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.

      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.04 № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.06.30 № 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.07.2016 № 12-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Шетел валютасын сатып алу және сату

      1. Өздеріне берілген лицензияға немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен берілген құқыққа сәйкес шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктер шетел валютасын Қазақстан Республикасында, сол сияқты шет елдерде сатуға және сатып алуға құқылы.

      2. Қазақстан Республикасында шетел валютасын сатуды және сатып алуды резиденттер мен резидент еместер шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктерден, осындай уәкілетті банктердің айырбастау пункттері, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттері арқылы ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен жүргізеді.

      3. Уәкілетті банктер ішкі валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс көздеріне, сондай-ақ шетел валютасын пайдалану бағыттарына мониторингті жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен белгіленген тәртіппен есептеме беруге міндетті.

      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

18-бап. Валюталық құндылықтарды, ұлттық валютаны, номиналы және (немесе) құны ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздарды және төлем құжаттарын және резиденттер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету

      1. Қолма-қол шетел валютасын, қолма-қол ұлттық валютаны, құжаттық бағалы қағаздарды және төлем құжаттарын Қазақстан Республикасына әкелуді және Қазақстан Республикасынан әкетуді Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының талаптары сақталған кезде резиденттер мен бейрезиденттер шектеусіз жүзеге асырады.

      2. Жеке тұлғалар жалпы сомасы он мың АҚШ доллары баламасына тең немесе одан аспайтын қолма-қол шетел және (немесе) қолма-қол ұлттық валютасын (бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда) және жол чектерін кедендік декларациялаусыз Қазақстан Республикасына әкелуге немесе Қазақстан Республикасынан әкетуге құқылы.

      3. Жеке тұлғаның жалпы сомасы он мың АҚШ доллары баламасынан асатын қолма-қол шетел валютасын және (немесе) қолма-қол ұлттық валютаны (бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда) және жолчектерін Қазақстан Республикасына әкелуі немесе Қазақстан Республикасынан әкетуі, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының құрамдас бөлігі болып табылатын аумақтан немесе аумаққа жүзеге асырылатын әкелу немесе әкету жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органына мiндеттi кедендік декларациялауға жатады.

      Кедендік декларациялау өткізілетін қолма-қол ақшаның және жол чектерінің шығарылуы және мақсаты туралы мәліметтер көрсетіле отырып, әкелінетін немесе әкетілетін қолма-қол шетел валютасының, қолма-қол ұлттық валютаның және жол чектерінің бүкіл сомасына жазбаша нысанда кедендік декларация беру арқылы жүзеге асырылады.

      4. Жеке тұлғаның ұсынушыға арналғанқұжаттық бағалы қағаздарды, вексельдерді, чектерді (жол чектерінен басқа) Қазақстан Республикасына әкелуі немесе Қазақстан Республикасынан әкетуі, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының құрамдас бөлігі болып табылатын аумақтан немесе аумаққа жүзеге асырылатын әкелу немесе әкету жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органына мiндеттi кедендік декларациялауға жатады.

      5. Аффинирленген құйма алтынды, сондай-ақ заңды төлем құралы болып табылатын бағалы металдардан жасалған монеталарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының құрамдас бөлігі болып табылмайтын аумақтан немесе аумаққа Қазақстан Республикасына әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

19-бап. Ақпарат және құжаттар ұсыну жөнiндегі мiндеттеме

      1. Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын резиденттер, сондай-ақ резидент еместер осы Заңда белгiленген талаптарды орындау мақсатында валюталық реттеу мен бақылау органдарына және валюталық бақылау агенттерiне өздерi жүргiзетiн валюталық операциялар бойынша есептiлiктi, ақпарат пен құжаттарды ұсынуға мiндетті.

      2. Резиденттер және резидент еместер уәкілеттi банктердiң сұратуы бойынша олар арқылы жүргiзiлетiн валюталық операциялар жөнiндегi төлемдер мен ақша аударымдарының мақсатын көрсетуге, сондай-ақ осы Заңда белгiленген талаптарды орындау мақсатында төлемдер мен ақша аударымдарының көрсетілген мақсаттарын растайтын құжаттарды ұсынуға мiндеттi.

4-тарау. КАПИТАЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОПЕРАЦИЯЛАРЫ ЖӘНЕ ШОТТАР АШУ

20-бап. Экспорт (импорт) бойынша есеп айырысу

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      1. Резиденттер тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспортына ақы төлеу валютасын тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспорты күнiнен бастап 180 күн iшiнде немесе тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн жекелеген тауарлар экспорты күнiнен бастап 365 күн iшiнде алуға және уәкiлеттi банктердегi шоттарға аударуға тиiс.

      Резиденттердiң тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) экспортына ақы төлеу ретiнде алған олардың шетелдiк банктердегi шоттарындағы валютасын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы негізiнде шетелдiк банктерде ашылған шотқа аударуына жол берiледi.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      2. Резидент емеске коммерциялық кредит шарттарымен тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) импорты бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшiн резиденттің резидент еместiң пайдасына аударған валютасын, резидент емес мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда, аудару күнiнен бастап 180 күннен кешiктiрмей резидент алуға және оны уәкiлеттi банктердегi шоттарға аударуға тиiс.

      3. Тауарлар экспортына (импортына) байланысты 180 күннен астам мерзімге берілген коммерциялық кредиттер бойынша резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер тіркеу режимінде жүзеге асырылады.

      Резиденттің немесе резидент еместің қаражатты қайтаруының немесе міндеттемелерді өзге де орындауының нақты мерзімі 180 күннен асып кеткен жағдайда, тіркеу режимі тауарлар экспортына (импортына) байланысты және 180 күннен аспайтын мерзімге берілген коммерциялық кредиттерге де қолданылады.

      3-1. Жұмыстар, қызметтер көрсету экспорты (импорты) бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру кезіндегі резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер хабарлама режимінде жүзеге асырылады. Хабарлауды осындай төлемдерге қызмет көрсететін уәкілетті банк жүргізеді.

      3-2. Валюталық реттеу режимдері келісімшарттың есептік нөмірін алу талап етілетін экспортқа (импортқа) байланысты коммерциялық кредиттерге қолданылмайды.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      4. Резиденттердің резидент еместерге 180 күннен астам мерзімге берілген коммерциялық кредиттері бойынша резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер лицензиялау режимінде жүзеге асырылады.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      5-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тізбеге кіретін тауарлар экспорты кезінде, егер резидент коммерциялық кредитті резидент емеске 365 күннен аспайтын мерзімге берген жағдайда, төлем мерзімін кейінге қалдыру шарттарымен жасалған резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер лицензиялауға жатпайды.

      365 күннен аспайтын мерзімге берілген коммерциялық кредиттер бойынша резидент еместің қаражатты қайтаруының немесе міндеттемелерді өзгеше орындауының нақты мерзімі 365 күннен асып кеткен жағдайларда, резиденттер мен резидент еместер арасындағы төлемдер осы Заңда көзделген тәртіппен лицензиялауға жатады.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      6-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы уәкілетті банктердегі шоттарға ұлттық валютаны және шетел валютасын есептеуге немесе резидент негiздеген мерзiмде мiндеттемелердi өзгеше орындауға құқық бередi.

      7. Алынып тасталды - ҚР 2009.07.04 N 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      8. Уәкiлеттi банктер импорты жүзеге асыруға байланысты резиденттер арасындағы комиссия шарттары бойынша резидент еместердiң пайдасына аккредитивтер аударуды көздейтiн шетел валютасымен аударым аккредитивтерiн резиденттердiң пайдасына ашуға құқылы.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.04 № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-бап. Тiкелей инвестициялар

      Резидент еместердiң Қазақстан Республикасына және резиденттердiң шет елге тiкелей инвестициялары тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.

22-бап. Жарғылық капиталға қатысу, бағалы қағаздармен және туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар

      1. Резиденттер бағалы қағаздарды сатып алуға, ұйымға (оның ішінде жарғылық капиталына) қатысуды қамтамасыз ету мақсатында немесе оның мүлкіне жарна ретінде ақшаны және өзге де мүлікті енгізуге байланысты валюталық операциялар туралы, сондай-ақ туынды қаржы құралдарына байланысты валюталық операциялар туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлауға міндетті.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      2. Резидент еместердiң жарғылық капиталына қатысуды қамтамасыз ету мақсатында резиденттердiң резидент еместердiң бағалы қағаздарын, резидент еместердiң инвестициялық қорларының пайларын сатып алуы, резиденттердiң салымдар енгiзуi, сондай-ақ резиденттер мен резидент еместер арасындағы туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар лицензиялау режимiнде жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың ережелерi банктерге, сақтандыру ұйымдарына, сондай-ақ зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдарға және зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды дербес жүзеге асыратын жинақтаушы зейнетақы қорларына (олар зейнетақы активтерiн инвестициялаған кезде) қолданылмайды.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      3. Бағалы қағаздар нарығында кәсiби қызметтi жүзеге асыратын ұйымдарға осы баптың 2-тармағында көрсетiлген валюталық операцияларды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өз қаражаты есебiнен де, клиенттердің қаражаты есебінен де осындай операцияларды жүзеге асыруға құқық беретін лицензиялар береді.

      Осы тармақтың ережелері бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыратын банктерге қолданылмайды.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      4. Жеке тұлғалар мен резидент заңды тұлғалардың өздері алған лицензиялар шегінде бағалы қағаздар нарығының қазақстандық кәсіби қатысушылары арқылы жүзеге асыратын осы баптың 2-тармағында көрсетілген валюталық операциялары шектеусіз жүзеге асырылады.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      5-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      5. Туынды қаржы құралдарының базалық активіне қатысты құқықтар мен міндеттемелерді іске асыру нәтижесінде жүзеге асырылатын резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар хабарлама режимінде жүзеге асырылады.

      Туынды қаржы құралдарының базалық активі болып табылатын тауарларға қатысты құқықтар мен міндеттемелерді іске асыру нәтижесінде жүзеге асырылатын резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар осы Заңның 12 және 20-баптарында көзделген тәртіппен реттеледі.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      6-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      6. Резиденттердің жарғылық капиталға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында резидент еместердің резиденттердің бағалы қағаздарын, резиденттердің инвестициялық қорлардың пайларын қоса сатып алуы, резидент еместердің салымдар енгізуі, сондай-ақ резиденттердің бағалы қағаздарды халықаралық капитал нарықтарына бастапқы орналастыруы, оның ішінде резиденттердің бағалы қағаздарға депозитарлық қолхаттар шығаруы тіркеу режимінде жүзеге асырылады.

      7. Осы баптың ережелерi тiкелей инвестицияларға қолданылмайды.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

23-бап. Қаржы қарыздары

      1. Резиденттердiң резидент еместерге және резидент еместердiң резиденттерге 180 күннен астам мерзiмге берген қаржы қарыздары тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.

      2. Тiркеу режимi, егер резиденттiң немесе резидент еместiң қаражат қайтарымын немесе мiндеттемелердi өзгеше орындауының нақты мерзiмi 180 күннен асып кеткен жағдайда, 180 күннен аспайтын мерзiмге берiлген қаржы қарыздарына да қолданылады.

24-бап. Капитал қозғалысының басқа да операциялары

      1. Капитал қозғалысының басқа операцияларына:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде жылжымайтын мүлiкке жатқызылған жылжымалы заттарды қоспағанда, жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығын сатып алу;

      2) зияткерлiк меншiк объектiлерiне ерекше құқықтарды толығымен сатып алу;

      3) бiрлескен қызметке қатысушының мiндеттемелерiн орындау, сондай-ақ сенімгерлік басқару үшiн ақшаны және өзге де мүлiктi беру жатады.

      2. Жылжымайтын мүлікке меншік құқығын сатып алуға байланысты резидент еместердің пайдасына резиденттердің төлемдері, резиденттердің пайдасына резидент еместердің төлемдері, сондай-ақ резиденттердің резидент еместерге (резидент еместердің резиденттерге) ақшаны және өзге мүлікті сенімгерлік басқаруға беруі хабарлама режимінде жүзеге асырылады.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      3. Резидент заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығын сатып алуға байланысты төлемдерi, сондай-ақ олардың пайдасына резидент еместердiң төлемдерi тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.

      4. Зияткерлiк меншiк объектiлерiне ерекше құқықты толығымен сатып алуға байланысты резиденттердің резидент еместерге төлемдерi, резиденттердiң пайдасына резидент еместердiң төлемдерi, сондай-ақ резиденттердің бiрлескен қызметке қатысушының мiндеттемелерiн орындау үшiн ақшаны және өзге де мүлікті беруi мен алуы тiркеу режимiнде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

25-бап. Резиденттердің шоттары

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, резиденттер шет ел валютасымен уәкілеттi банктерде банк шоттарын шектеусiз ашады.

      2. Банктерді және Ұлттық почта операторын қоспағанда, резидент заңды тұлғалар шетелдік банкпен шарт жасасқан күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде шетелдік банктерде банк (оның ішінде жинақ) шоттарын ашқаны туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне хабарлауға міндетті.

      2-1. Жеке тұлғадан шетелдік банктегі шоты туралы хабарлау талап етілмейді. Резидент жеке тұлғалардың шетелдік банктердегі меншікті шоттарынан (меншікті шоттарына) аударымдардың көлемдері туралы осындай аударымдарды жүзеге асыратын уәкілетті банк хабарлайды.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      3. Резидент жеке тұлғалардың шетелдiк банктерде шоттар ашуы лицензиялау режимiнде жүзеге асырылады, оған:

      1) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының немесе ақшаның iзiн жасыруға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзiрлеу тобының мүшелерi болып табылатын мемлекеттерде орналасқан шетелдiк банктерде шоттар ашу;

      2) жеке тұлғаның өзге мемлекеттердiң аумағында болған уақытта оларда орналасқан шетелдік банктерде шоттар ашуы кiрмейдi. Резидент жеке тұлғалар Қазақстан Республикасына оралғаннан кейiн шетелдiк банктегi шотын жабуға немесе лицензия алуға өтініш беруге міндетті.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      4. Резидент заңды тұлғалардың шетелдік банктерде шоттар ашуы лицензиялау режимінде жүзеге асырылады, оған:

      1) банктердің шоттар ашуы;

      2) резидент қаржы ұйымдарының бағалы қағаздардың халықаралық нарықтарында қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу үшін шетелдік банктерде шоттар ашуы;

      3) резидент заңды тұлғалардың сол заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктерін ұстауға байланысты шығыстарды қаржыландыру мақсатына арнап, шетелдік банктерде шоттар ашуы;

      4) резидент заңды тұлғалардың шетелдік банктерде заңды тұлғаның жарғылық капиталын төлеуі ретінде талап етілетін қаражатты, егер мұндай талап резиденттің қатысуы көзделетін шет мемлекеттің заңнамасында белгіленсе, аударуға арналған шоттар ашуы;

      5) резидент заңды тұлғалардың резидент еместерден тартылған қарыздар бойынша резиденттердiң резидент еместер алдындағы мiндеттемелерiн қамтамасыз ету мақсатында шетелдiк банктерге қаражатты аударуға арналған шоттар ашуы кiрмейді.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясында шетелдiк банктегi қаражат қалдығының лимитi және шотты пайдалану шарттары белгiленуi мүмкiн.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      5-тармақ Заңның 34-б. сәйкес 31.12.2006 дейін қолданылды.

      5. Резидент заңды тұлғалардың осы баптың 4-тармағының 3) тармақшасында аталған шоттарды ашуы тіркеу режимiнде жүзеге асырылады.

      Осындай шоттарды пайдалану шарттары Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленедi.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.04 № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

26-бап. Резидент еместердiң шоттары

      1. Резидент еместер уәкiлеттi банктерде шет ел валютасында және (немесе) ұлттық валютада банк шоттарын шектеусiз ашады.

      2. Резидент еместер Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi өздерiнiң шоттарынан шетел валютасын және ұлттық валютаны уәкiлеттi банктердегi өздерiнiң банк шоттарына, сондай-ақ уәкiлеттi банктердегi өздерiнiң банк шоттарынан Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi өз шоттарына шектеусiз аударуға құқылы.

5-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ БАҚЫЛАУ

27-бап. Валюталық бақылаудың мақсаттары мен міндеттерi

      1. Валюталық бақылаудың мақсаты Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместер валюталық операциялар жүргiзген кезде олардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Валюталық бақылаудың мiндеттерi:

      1) жүргiзiлетiн валюталық операциялардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестiгiн айқындау;

      2) валюталық операциялар бойынша төлемдердiң негiздiлiгiн және оларды жүзеге асыруға қажеттi құжаттардың болуын тексеру;

      3) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептіліктiң толықтығын және объективтiлiгiн тексеру болып табылады.

28-бап. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi

      1. Қазақстан Республикасында валюталық бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өкілеттіктерi шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар (валюталық бақылау органдары) және валюталық бақылау агенттерi жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті банктер және уәкілетті ұйымдар валюталық бақылау агенттері болып табылады.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР-ның 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

29-бап. Валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң құқықтары және мiндеттерi

      1. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi өз құзыретi шегiнде резиденттер мен резидент еместердiң Қазақстан Республикасында жүргiзетiн валюталық операцияларына осы операциялардың Қазақстан Республикасының заңнамасына, лицензиялардың шарттарына, тiркеу және хабарлама талаптарына сәйкес келуi бөлігінде бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.

      2. Валюталық бақылау органдары өз құзыретi шегiнде:

      1) резиденттер мен резидент еместердің Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтауын тексерудi жүзеге асырады;

      2) резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептілігінің толымдылығын және дұрыстығын тексерудi жүзеге асырады;

      3) валюталық операцияларды жүргiзуге байланысты құжаттар мен ақпаратты сұратады;

      4) валюталық бақылауды тиiстi түрде жүзеге асыру мақсатында валюталық бақылау агенттерiне олардың орындауы үшін мiндеттi тапсырмалар бередi;

      5) валюталық операциялар бойынша есептілікті ұсыну тәртібін белгілейді;

      6) анықталған құқық бұзушылықты жою туралы талаптар қояды және Қазақстан Республикасының барлық резиденттерi мен резидент еместерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да шараларды қабылдайды.

      2-1. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен кеден ісі саласындағы уәкілетті органның өзара іс-қимыл жасау, ақпарат алмасу, оның ішінде электрондық нысанда ақпарат алмасу тәртібі, сондай-ақ осындай ақпарат алмасу шеңберіндегі мәліметтер тізбесі бірлескен актімен айқындалады.

      3. Валюталық бақылау агенттерi:

      1) өздерi, оның iшiнде клиенттердің тапсырмасы бойынша операциялар жүргiзген кезде Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;

      2) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептiлiктiң толымдылығын және объективтiлiгін қамтамасыз етуге;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өкiлеттiктерге сәйкес өз клиенттерi жол берген, өздерiне белгілі болған Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу фактiлерi туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне, сондай-ақ басқа да валюталық бақылау органдары мен құқық қорғау органдарына хабарлауға;

      4) валюталық бақылау органдарына өздерiнің қатысуымен жүргізiлетiн валюталық операциялар туралы Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде және валюталық реттеу органдарының нормативтік құқықтық актілерiнде белгіленген тәртіппен ақпарат беруге мiндеттi.

      4. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi өз өкiлеттіктерiн жүзеге асырған кезде өздерiне белгiлi болған коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтауға мiндеттi.

      5. Уәкiлеттi банк резиденттiң және (немесе) резидент еместiң төлемдер мен ақша аударымдарын соңғысы осы Заңға және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес талап етiлетiн құжаттарды ұсынған жағдайда ғана жүзеге асырады.

      6. Резиденттер мен резидент еместер валюталық операцияларды жүргiзген кезде олардан валюталық бақылау агенттерi валюталық бақылауды жүзеге асыру мақсатында осы Заңға сәйкес мыналарды талап етуге құқылы:

      1) жеке басты куәландыратын құжат (жеке тұлғалар үшiн);

      2) Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығын растайтын құжат (шетелдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшiн);

      3) құрылтай құжаттары (заңды тұлғалар үшiн);

      4) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама (заңды тұлғалар үшiн);

      5) алып тасталды - ҚР-ның 2007.01.12 № 224-IV Заңымен.

      6) алып тасталды - ҚР-ның 2012.01.06 № 530-IV (2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      7) валюталық шарт, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жағдайларда келісімшарттың есептік нөмірін беру туралы белгісі бар валюталық шарт;

      8) осы Заңда белгiленген жағдайларда лицензия, тiркеу куәлігi, хабарлама туралы куәлiк;

      9) алып тасталды - ҚР-ның 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      10) экспорт (импорт) мәмiлелерi бойынша мiндеттемелердi орындауды не соның негiзiнде орындаудың қажеттігін растайтын құжаттар.

      7. Уәкiлеттi банктер жүргізiлетiн валюталық операцияларға тiкелей қатысты емес құжаттардың ұсынылуын талап етуге құқылы емес.

      8. Тұлға осы Заңға сәйкес және валюталық реттеу мен валюталық бақылау органдарының нормативтiк құқықтық актілерiнде талап етiлетiн құжаттарды ұсынбаған не дұрыс емес құжаттар ұсынған жағдайда не Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында талап етілетiн iс-әрекетті жүзеге асырмаған жағдайда уәкiлеттi банктер валюталық операцияны жүзеге асырудан бас тартады.

      Ескерту. 29-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.01.2007. № 224 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.06 № 530-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

30-бап. Ықпал ету шаралары, қадағалап ден қою шаралары мен санкциялар

      Ескерту. 30-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Уәкілетті банктер мен уәкiлеттi ұйымдардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзушылықтары анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ықпал ету шараларын, қадағалап ден қою шараларын және санкцияларды қолдануға құқылы.

      2. Алып тасталды - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

31-бап. Резиденттер мен резидент еместердiң құқықтары және мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен резидент еместер:

      1) валюталық бақылау органдары жүргiзген тексеру нәтижелерi туралы анықтамалармен танысуға;

      2) валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң iс-әрекетiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен резидент еместер:

      1) валюталық бақылау органдары мен агенттерiне барлық сұратылатын құжаттарды және валюталық операциялардың жүзеге асырылуы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгіленген мерзiмде беруге;

      2) валюталық бақылау органдарының тексеру жүргiзуi барысында, сондай-ақ тексеру нәтижелері бойынша оларға түсінiктемелер табыс етуге;

      3) жүргізілетін валюталық операциялар бойынша олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген мерзiм ішінде сақталуын қамтамасыз ете отырып, есеп жүргізуге және есептеме жасауға;

      4) валюталық бақылау органдарының анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптарын (нұсқауларын, ұйғарымдарын) орындауға;

      5) валюталық бақылау органдарының тексеру жүргiзуi барысында оларға өз үй-жайларына кiруін, құжаттарына және автоматтандырылған деректер базасына қол жеткiзуін қамтамасыз етуге мiндеттi.

      3. Резиденттер осы Заңда белгiленген жағдайларда лицензияны, тіркеу куәлігін, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң хабарлама туралы куәлігін алу үшін уақтылы өтiнiш беруге және барлық қажеттi шараларды қабылдауға, сондай-ақ берілген лицензияның шарттарын сақтауға мiндеттi.

      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР-ның 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

32-бап. Арнайы валюталық режим

      1. Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген жағдайда, егер ахуалды экономикалық саясаттың басқа шараларымен шешу мүмкін болмаса, арнайы валюталық режим енгізіледі.

      Арнайы валюталық режим елдің экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына төнген қатерді жою үшін жағдайлар жасауға бағытталған валюталық реттеу шаралар кешенін көздейтін және резиденттер мен резидент еместердің валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүргізуіне жекелеген валюталық шектеулер енгізуге жол беретін, валюталық операцияларды жүргізудің айрықша режимі болып табылады. Арнайы валюталық режим оны енгізу үшін негіз болған жағдайларды жою мақсатында ғана қолданылатын уақытша шара болып табылады. Арнайы валюталық режим шеңберінде енгізілуі мүмкін шектеулерге мыналар жатады:

      1) валюталық операция сомасынан процент ретінде айқындалатын мөлшердегі депозитті уәкілетті банкке не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне белгіленген мерзімге сыйақы төлеместен орналастыруды талап ету;

      2) валюталық операцияларды жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің арнайы рұқсатын алуды талап ету;

      3) резиденттер алған шетел валютасын міндетті түрде сатуды талап ету;

      4) шетелдік банктерде шоттарды пайдалану бойынша шектеулер, валюталық түсімді қайтару мерзімін және валюталық операциялар бойынша көлеміне, санына және есеп айырысу валютасына лимиттерді белгілеу.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынуы негізінде өзге де уақытша валюталық шектеулерді енгізуі мүмкін.

      2. Арнайы валюталық режим Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынуы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісімен енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісінде белгіленетін рұқсаттар мен хабарламаларға "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылмайды.

      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісі:

      1) енгізілетін шаралардың және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүргізуге уақытша шектеулердің тізбесін;

      2) арнайы рұқсат беру шарттарын қоса алғанда, арнайы валюталық режимнің талаптарын орындау тәртібін;

      3) арнайы валюталық режимнің енгізілу уақытын және қолданылу мерзімін қамтиды.

      4. Арнайы валюталық режимнің қолданылу мерзімі бір жылдан асырылмайды.

      Арнайы валюталық режим енгізілген мерзім аяқталғаннан кейін арнайы валюталық режимнің күші жойылды деп саналады.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынуы негізінде, тиісті акт шығару арқылы оның қолданылуын осы тармақта белгіленген мерзімдер шегінде ұзартуға не оның толық немесе ішінара мерзімінен бұрын күшін жоюға құқылы.

      5. Арнайы валюталық режимнің қолданылуы кезеңінде резиденттер мен бейрезиденттер Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісінде белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.

      Ескерту. 32-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.04. № 167-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

33-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

34-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 12-баптың 1-тармағын қоспағанда, жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзіледi.

      2. Осы Заңның 5-бабының 4-тармағы 2) тармақшасының екiншi абзацы, 7-бабы, 20-бабының 1, 2, 4-6-тармақтары, 22-бабының 2-6-тармақтары, 24-бабының 3-тармағы, 25-бабының 3-5-тармақтары 2006 жылғы 31 желтоқсанды қоса алған мерзiм бойынша қолданылады.

      3. "Валюталық реттеу туралы" 1996 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 20-21, 404-құжат; 1997 ж., N 13-14, 205-құжат, 1998 ж., N 16, 219-құжат; 1999 ж., N 20, 722-құжат; 2001 ж., N 4, 23-құжат; 2003 ж., N 10, 51-құжат; N 11, 56-құжат; N 15, 139-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының
Президентi