Жеке кәсiпкерлiк туралы

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы N 124 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

     Осы Заң жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, Қазақстан Республикасындағы жеке кәсiпкерлiктiң еркiндiгiн қамтамасыз ететiн негiзгi құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайлар мен кепiлдiктердi айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

          1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) бизнес-инкубатор - шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуы кезеңінде өндірістік үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингілік және ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшін құрылатын заңды тұлға;
      2) бизнестің әлеуметтік жауаптылығы - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салаларда қоғамды дамытуға қосқан ерікті үлесі;
      3) дара кәсіпкер - дара кәсіпкерлікті заңды тұлға құрмастан жүзеге асыратын және осы Заңның 6-бабының 3 және 7-тармақтарында көрсетілген критерийлерге сай келетін Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман;
      4) дара кәсіпкерлік - жеке тұлғалардың кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерінің меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан олардың тәуекелі үшін және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі;
      5) жеке кәсіпкерлік - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кіріс алуға бағытталған, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өздерінің меншігіне негізделген және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің атынан олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі;
      6) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау - мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі;
      7) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау - Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін жеке кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені;
      8) жеке кәсіпкерліктің инфрақұрылымы - өз ісін ұйымдастыруға жәрдемдесуді, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласындағы ақпаратпен қамтамасыз етуді, коммерциялық негізде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кәсіпкерліктің жұмыс істеуі мен дамуының жалпы шарттарын қамтамасыз ететін, құрылатын немесе жұмыс істеп тұрған ұйымдар кешені;
      9) жеке кәсіпкерлік субъектілері - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
      10) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігі - жеке кәсіпкерлік субъектілері өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын, заңды мүдделерін білдіру және қорғау қорғау үшін құратын коммерциялық емес ұйым;
      11) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеу - кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестерде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген критерийлерге жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің сәйкестігін тиісті мемлекеттік органдардың тануы;
      12) индустриялық аймақ - коммуникациялармен қамтамасыз етілген, мемлекет жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп объектілерін орналастыру және пайдалану үшін Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен беретін ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер;
      13) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган - жеке кәсіпкерлікті дамыту саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      14) кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі - сараптамалық кеңес) - орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы және өкілді органдар жанынан:
      жеке кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындылар алу;
      жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды талдап-әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган;
      15) келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабы - мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру (бақылау) жүргізу фактісі туралы лауазымын, тегін және тексеру нысанасын көрсете отырып, міндетті түрде белгі қою үшін уәкілетті орган белгілеген үлгідегі журнал;
      16) коммерциялық құпия - жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайтын және қорғайтын, заңды негізде еркін қол жеткізуге адамдардың шектеулі тобы ие болатын, жариялануы, алынуы, пайдаланылуы оның мүдделеріне залал келтіруі мүмкін ақпарат;
      17) шағын кәсіпкерлікті қолдау орталықтары - оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етуді, консультациялық және маркетингтік қызметтер көрсетуді, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларына құқықтық, экономикалық және технологиялық сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк
             туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Азаматтық кодекстен , осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3. Жеке кәсiпкерлiктiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыру ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

      4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік туралы заңнамасы жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік органдар жүзеге асыратын тексерулерге қолданылады.
       Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      3-бап. Жеке кәсiпкерлiктi құқықтық реттеу шектерi

     1. Жеке кәсiпкерлiк Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген негiздер бойынша ғана шектелуi мүмкiн.

     2. Жеке кәсiпкерлiктi шектеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша ғана орын алуы мүмкiн.

     3. Мемлекеттiк органдардың жекелеген жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң артықшылық жағдайын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлер қабылдауына тыйым салынады.     

      4-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi
             мақсаты мен принциптерi

     1. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi мақсаты жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттiң мүдделерi мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады.

     2. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi принциптерi:

     жеке кәсiпкерлiк еркiндiгiнiң кепiлдiгi және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету;

     кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға барлық жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң теңдiгi;

     жеке меншiкке (жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгiне) қол сұғылмауы мен оны қорғаудың кепiлдiгi;

     Қазақстан Республикасында шағын кәсiпкерлiктi дамытудың басымдығы;

     жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына сараптама жасауға жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қатысуы болып табылады.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      5-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн
             қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердi
             әзiрлеудiң және қабылдаудың ерекшелiктерi

     1.Орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын сараптамалық қорытынды алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде тіркей отырып, сараптамалық кеңестер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жібереді.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды ұсыну үшін мемлекеттік органдар белгілейтін мерзім жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне жоба келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен аз болмауға тиіс.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына түсiндiрме жазба нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзуге байланысты жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi шығындарының азаюын және (немесе) көбеюiн растайтын есептеу нәтижелерiн мiндеттi түрде қамтуға тиiс.

     3. Сараптамалық қорытындыларды мемлекеттiк органдар белгiлеген мерзiмде мыналар:

     республикалық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң одағы (қауымдастығы), шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық бiрлестiк, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық салалық бiрлестiктерi;

     облыстық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық, облыстық бірлестіктерінің филиалдары, шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық, облыстық бірлестіктердің филиалдары;     

     қалалық, аудандық деңгейлерде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктерінің филиалдары, шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктердің филиалдары табыс етеді;.

     4. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мүшелерiнiң жинақталған пiкiрiн бiлдiредi, ұсынымдық сипатта болады және оларды мемлекеттiк орган қабылдағанға дейiн нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына мiндеттi қосымшасы болып табылады.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытындыларды мемлекеттік тілде және орыс тілінде береді.

     5. Мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiскен кезде нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi.
     Мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiспеген жағдайда жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бірлестігіне сараптамалық қорытындымен келiспеу себептерiнiң негiздемесi бар жауап жiбередi.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері бар бір сараптамалық қорытынды ұсынған және осы бірлестік сараптамалық кеңестің отырысын өткізуді табанды түрде талап еткен жағдайда, осындай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.
      Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырысы сараптамалық кеңес мүшелерін тікелей шақыру арқылы не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін.

     6. Жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу мерзiмi жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне қызметтi Қазақстан Республикасының заңдарында  белгiленетiн талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалу үшiн қажеттi мерзiмдер негiзге алына отырып, белгiленуге тиiс.
     Нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданысқа енгiзiлу тәртiбi мен мерзiмдерi жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне залал келтiрмеуге тиiс.

     7. Осы бапта көзделген рәсiмдер жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдаудың мiндеттi шарты болып табылады.

     8. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары оларды тиiстi органда немесе сарапшылық кеңестiң отырысында қарағанға дейiн бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарды қоса алғанда мiндеттi түрде жариялануға (таратылуға) тиiс.
     (Ескерту. 5-бап 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа  енгізіледі (осы заңның 51-бабының 1-тармағын қараңыз)
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 178-IV , 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

2-тарау. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛIК СУБЪЕКТIЛЕРI ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫС
IСТЕУ ЖАҒДАЙЛАРЫ

      6-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi

     1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда ғана құрыла алады.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi:

     шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне;

     орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне;

     iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жатқызылуы мүмкiн.

     3. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын дара кәсiпкерлер және кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтерiнiң орташа жылдық құны тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген алпыс мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.

     4. Мыналарды:

     есiрткi заттарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметтi;

     акцизделетiн өнiмдi өндiрудi және (немесе) көтерме сатуды;

     астық қабылдау пункттерiнде астық сақтау жөнiндегi қызметтi;

     лотереялар өткiзудi;

     ойын және шоу-бизнес саласындағы қызметтi;

     мұнай, мұнай өнiмдерiн, газ, электр және жылу энергиясын өндiру, қайта өңдеу және сату жөнiндегi қызметтi;

     радиоактивтi материалдардың айналымымен байланысты қызметтi;

     банк қызметiн (не банк операцияларының жекелеген түрлерiн) және сақтандыру нарығындағы қызметтi (сақтандыру агентiнiң қызметiнен басқа);

     аудиторлық қызметтi;

     бағалы қағаздар нарығындағы кәсiби қызметтi жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып таныла алмайды.

     5. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны осы субъектiнiң филиалдарының, өкiлдiктерi мен басқа да оқшау бөлiмшелерiнiң жұмыскерлерiн қоса алғанда, барлық жұмыскерлерi ескерiле отырып, айқындалады.

     6. Осы баптың 3-тармағында белгiленген шарттардың бiрi артық болып кеткен жағдайда, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне Қазақстан Республикасының заңнамасында шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн көзделген жеңiлдiктер қолданылмайды.

     7. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны елу адамнан астам дара кәсiпкерлер және жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыратын, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны елуден астам, бiрақ екi жүз елу адамнан аспайтын немесе жыл бойғы активтердiң орташа жылдық құны тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын заңды тұлғалар орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.

     8. Жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыратын, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны екi жүз елу адамнан артық немесе жыл бойғы активтердiң жалпы құны тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен асатын заңды тұлғалар iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.
       Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      7-бап. Дара кәсiпкерлiк

     1. Дара кәсiпкерлiк өзiндiк немесе бiрлескен кәсiпкерлiк түрiнде жүзеге асырылады.

     2. Өзiндiк кәсiпкерлiктi бiр жеке тұлға өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiк негiзiнде, сондай-ақ мүлiктi пайдалануға және (немесе) оған билiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады.
      Некеде тұратын жеке тұлға жұбайын кәсiпкер ретiнде көрсетпей өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асырған кезде ол жұбайдың кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға келiсiмi талап етiлмейдi.
      Жеке тұлға өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыру үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн пайдаланған жағдайларда, егер заңдарда немесе неке шартында не ерлi-зайыптылардың арасындағы өзге келiсiмде өзгеше көзделмесе, мұндай пайдалануға жұбайының келiсiмi қажет.

     3. Бiрлескен кәсiпкерлiктi жеке тұлғалар (дара кәсiпкерлер) тобы өздерiне ортақ меншiк құқығымен тиесiлi мүлiк негiзiнде, сондай-ақ мүлiктi бiрлесiп пайдалануға және (немесе) оған билiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа орай жүзеге асырады.
     Бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде жеке кәсiпкерлiкпен байланысты барлық мәмiлелер бiрлескен кәсiпкерлiктiң барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен мiндеттер олардың атынан алынады және жүзеге асырылады.

     4. Бiрлескен кәсiпкерлiктiң нысандары:

     1) ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiгi негiзiнде жүзеге асырылатын ерлi-зайыптылардың кәсiпкерлiгi;

     2) шаруа (фермер) қожалығының ортақ бiрлескен меншiгi немесе жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ бiрлескен меншiк негiзiнде жүзеге асырылатын отбасылық кәсiпкерлiк;

     3) жеке кәсiпкерлiк ортақ үлестiк меншiк негiзiнде жүзеге асырылатын жай серiктестiк болып табылады.

     5. Ерлi-зайыптылардың кәсiпкерлiгiн жүзеге асырған кезде жұбайлардың бiрi екiншi жұбайдың келiсiмiмен iскерлiк айналымда ерлi-зайыптылардың атынан әрекет етедi, келiсiм дара кәсiпкердi тiркеу кезiнде расталуы немесе дара кәсiпкердiң қызметi мемлекеттiк тiркеусiз жүзеге асырылған жағдайларда жазбаша түрде көрсетiлiп, нотариалдық жолмен куәландырылуы мүмкiн.
     Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң iскерлiк айналымда ерлi-зайыптылар атынан әрекет етуiне екiншiсiнiң келiсiмi болмаған кезде iскерлiк айналымда әрекет ететiн жұбай дара кәсiпкерлiктi өзiндiк кәсiпкерлiк түрінде жүзеге асыратындығы көзделедi.

     6. Жай серiктестiк нысанын пайдаланатын дара кәсiпкерлiк Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

     7. Дара кәсiпкерлер өз мiндеттемелерi бойынша, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндiрiп алынбайтын мүлiктi қоспағанда, өздерiнiң барлық мүлкiмен жауапты болады.

     8. Жеке тұлға өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асырған кезде өзiне меншiк құқығымен тиесiлi барлық мүлкiмен, соның iшiнде ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгiндегi үлесiмен жауапты болады.
     Жеке тұлға жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыру үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн пайдаланған жағдайларда, оның борыштары бойынша өндiрiп алу ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне де қолданыла алады.
     Жұбайлардың жеке кәсiпкер болып табылмайтын әрқайсысының мүлкi өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыратын жұбайының бiреуiнiң борыштары бойынша өндiрiп алуды қолдану нысанасы бола алмайды.

     9. Ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiгiн жүзеге асырған кезде ерлi-зайыптылардың кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға байланысты борыштары бойынша өндiрiп алу олардың қайсының iскерлiк айналымда әрекет ететiнiне қарамастан, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне қолданыла алады.

     10. Дара кәсiпкер өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде iскерлiк құжаттаманың дербес бланкiлерiн, мөрдi, мөртабандарды пайдалануға құқылы.

      8-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен
             мiндеттерi

     1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi:

     1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке кәсiпкерлiктiң кез келген түрiн жүзеге асыруға;

     2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалдамалы еңбектi пайдалана отырып, жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға;

     3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен филиалдар мен өкiлдiктер құруға;

     4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, өндiрiлген тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) бағасын дербес белгiлеуге;

     5) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне өтеулi негiзде қаражат (қарыз) беруге;

     6) өзiнiң құқықтық қабiлетi шегiнде сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға;

     7) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн құруға;

     8) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi арқылы сарапшылық кеңестердiң жұмысына қатысуға;

     9) бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын құқық қорғау органдарына және мемлекеттiк органдарға жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын бұзуға кiнәлi тұлғаларды жауапқа тарту мәселелерi бойынша жүгiнуге;

     10) өз құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн сот органдарына жүгiнуге;

     11) жеке кәсiпкерлiктi қолдау және қорғау мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң орындалмауына немесе тиiсiнше орындалмауына септiгiн тигiзетiн себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды мемлекеттiк органдардың қарауына енгізуге;

      12) әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалардағы жобаларды іске асыру немесе оған қатысу жолымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шараларын өз қызметінде қолдануға құқылы.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi:

     1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн сақтауға;

     2) өндiрiлетiн өнiмнiң (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз етуге;

     3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңына сәйкес лицензиялануға жататын жеке кәсiпкерлiк түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялар алуға;

     4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыруға мiндеттi.

      9-бап. Жосықсыз бәсекенi жүзеге асыруға жол бермеу

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген еркiн бәсекелестiкке басқа жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын бұзу жолымен бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға бағытталған iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) тыйым салынады.

      10-бап. Iшкi нарықты қорғау

     Ішкi нарықты қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тарифтiк және тарифтiк емес реттеу шараларымен жүзеге асырылады.

      11-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi туралы ақпаратты
              қорғау

     1. Коммерциялық құпияны қорғау коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз алуға, таратуға не пайдалануға тыйым салудан тұрады.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа еркiн қол жеткiзу құқығы бар адамдар тобын айқындайды және оның құпиялылығын қорғауға шаралар қолданады.

     3. Ақпаратты қолжетiмдiлiк санатына жатқызу тәртiбiн, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сақтау және пайдалану шарттарын жеке кәсiпкерлiк субъектiсi айқындайды.

     4. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз әдiстермен алған, жария еткен немесе пайдаланған адамдар келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге мiндеттi.

     5. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi немесе ол уәкiлеттiк берген адам өз қызметкерлерiнен коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу туралы қол қоюын талап етуге, ал оны тексеруді жүзеге асыратын адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес   жауапкершiлiк туралы ескертуге құқылы.

     6. Мiндеттi түрде жариялануға не акционерлердiң, шаруашылық серiктестiк қатысушыларының немесе өзге де белгiлi бiр адамдар тобының назарына мiндеттi түрде жеткiзуге жататын ақпараттың тiзбесi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң құрылтай құжаттарымен белгiленедi.

     7. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi тiркеу, бақылау функцияларын орындау кезiнде және басқа да iс-әрекеттер жасау кезiнде мемлекеттiк органдарға және лауазымды адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген, оларға жүктелген функцияларды iске асыру үшiн қажеттi ақпараттан басқа, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты бермеуге құқылы.

     8. Мемлекеттiк орган өзiне жүктелген функцияларды iске асыру барысында алған жеке кәсiпкерлiк субъектiсi туралы кез келген ақпарат, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттiк органға беру жағдайларын қоспағанда, жария етiлуге және таратылуға жатпайды.

     9. Құқық қорғау органдары прокурор санкциясы, тергеу органдарының қылмыстық iс қозғау туралы қаулысы негiзiнде не сот қаулысының негiзiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнен де, мұндай ақпаратқа ие мемлекеттiк органдардан да қажеттi ақпаратты, соның iшiнде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.

     10. Заңды күшiне енген сот шешiмi бар ақпаратты қоспағанда, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң келiсiмiнсiз жария етуге болмайды.

     11. Жеке кәсiпкерлiктiң нақты субъектiсiнiң қызметi туралы мәлiметтi ашпайтын, жинақталған ақпарат жалпыға қолжетiмдi болып табылады.

      12-бап. Статистикалық есептiлiк

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң статистикалық есептiлiгi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк статистика саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес берiледi.
     Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк статистика саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделмеген мәлiметтердi талап етуге құқылы емес.

      13-бап. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бухгалтерлiк
              есепке алуды жүргiзу мен қаржылық есептiлiк
              жасау тәртiбi

     1. Осы Заңның 27-бабына сәйкес мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын дара кәсiпкерлердi қоспағанда, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiк жасауы Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.

     2. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасы бойынша бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзу мен қаржылық есептiлiк жасаудың оңайлатылған нысанын қолдануға құқылы.

3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫҢ ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIКТI ДАМЫТУ
МЕН ҚОЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТI

      14-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

     Қазақстан Республикасының Үкiметi:

     1) жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;

     2) жеке кәсiпкерлiктi қолдаудың мемлекеттiк жүйесiн қалыптастырады;

     3) Үкiмет жанынан жеке кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi консультативтiк-кеңесшi органдар құрады және таратады;

     4) орталық мемлекеттiк жергілікті өкілді және атқарушы органдар әзiрлейтiн, жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын сарапшылық кеңестердiң қарауын ұйымдастырады;

     5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) номенклатурасын және олардың көлемiн (проценттiк көрiнiстегi) бекiтедi;

     6) шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын ынталандырады;

     7) өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін меншікке кейіннен өтеусіз бере отырып мемлекеттік меншіктің пайдаланылмайтын объектілерін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалға (жалдауға) немесе сенімгерлік басқаруға беру тәртібін айқындайды;

     8) бәсекеге қабiлеттi салаларды құру мен жетiлдiрудi, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн дамытуды және олар шығаратын өнiмнiң сапасын арттыруды ынталандыратын мемлекеттiк саясатты айқындайды және iске асырады;

     9) бәсекелестiктiң дамуына және инновацияларға, материалдық активтерге, сондай-ақ ұзақ мерзiмдi инвестицияларға инвестициялар салуды ынталандыруға септiгiн тигiзетiн нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлейдi;

     10) экономиканың жекелеген секторларында кластерлер құруды ынталандырады;

     11) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң дамуы үшiн кедергiлердi жою мақсатында экономика салаларының жұмыс істеуіне талдау жүргiзедi;

     12) Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларды ұлғайту және инновациялар ендiрудi жеделдету мақсатында ұлттық даму институттарын құрады;

     13) жекелеген салаларда жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi арасындағы бәсекелестiктi дамыту үшiн жағдайлар жасай отырып, осы салаларды тарифтiк және тарифтiк емес әдiстермен уақытша қорғауды жүзеге асырады;

     14) ұлттық экспорттаушыларға қатысты басқа елдер орнатқан кедергiлердi жоюға шаралар қабылдайды;

     15) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн келiсiмдi бiрлескен экспорттық саясатты жүргiзуге ынталандырады;

     16) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне iшкi және сыртқы нарықтардың жай-күйi туралы экономикалық ақпарат берудi ұйымдастырады;

     17) сапа менеджментiнiң жүйесiн ендiрудi ынталандыру жолымен ұлттық өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға жағдайлар жасайды;

     18) ұлттық экспорттаушылардың басқа елдердiң аумағындағы мүдделерiн қолдау жолымен сыртқы сұранысқа жағдай жасайды;

     19) жеке кәсiпкерлiк субъектiлердiң персоналын көтермелейдi, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң және жұмыс берушiлердiң бiрлестiктерiмен өзара әрекет етедi;

     20) бәсекеге қабiлеттi салалар құру мақсатында жекелеген салаларды қолдау бағдарламаларын бекiтедi;

     21) саланың немесе кластерлердiң проблемаларын шешу үшiн ғылыми-зерттеу ұйымдарын құрады, iргелi және қолданбалы ғылыми-зерттеулердi қаржыландырады;

     22) республиканың экономикасы үшiн бiлiктi кадрлар даярлау жөнiнде мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлейдi;

     23) халықтың әлеуметтiк қорғалмаған жiгiн жеке кәсiпкерлiкке тарту жөнiнде шаралар әзiрлейдi.
     Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 178 , 2009.02.13. N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  3-баптан қараңыз), 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      15-бап. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның құзыретi

      Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган :

     1) жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк саясатын жүргiзудi жүзеге асырады;

     2) жеке кәсiпкерлiктi дамытудың бағдарламаларын әзiрлеп, iске асырады;

     3) шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк шараларының орындалуын ұйымдастырады және үйлестiредi;

     4) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржыландыру және оларға кредит беру жөнiндегi шараларды жетiлдiру туралы ұсыныстар әзiрлейдi;

     5) кәсiпкерлiк ортаға, инвестициялық ахуалға және жеке кәсiпкерлiктi дамытудың инфрақұрылымына талдау жүргiзедi;

     6) жеке кәсiпкерлiк қызмет саласында зерттеулер жүргiзудi ұйымдастырады, Қазақстан Республикасының Үкіметіне кәсіпкерлікті дамытудың жылдық есебін жібереді;

     7) жеке кәсiпкерлiктi қолдауды және дамытуды қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсынады;

     8) республика өңiрлерiнде шағын кәсiпкерлiк инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытуға септiгiн тигiзедi;

     9) шағын кәсiпкерлiк саласында кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiн қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;

     10) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мен қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асырады;

     11) жеке кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарды ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асырады;

     12) орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердiң қызметiн үйлестiредi;

     13) шағын кәсiпкерлiктiң инновациялық, инвестициялық және индустриялық дамудың мемлекеттiк бағдарламаларын iске асыруға қатысуы үшiн жағдайлар жасайды;

     14) инвесторлар, грант берушi халықаралық ұйымдар үшiн жеке кәсiпкерлiктi қолдау және дамыту мәселелерiнде жағдайлар жасайды;

     15) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне әдiснамалық көмек ұйымдастырады;

     16) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) халықаралық нарықтарына шығуы үшiн жағдайлар жасайды;

     17) жеке кәсiпкерлiктi дамыту саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

     18) жеке кәсiпкерлiктi дамыту мен қолдау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты насихаттайды;

     19) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретiн жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiн хабардар етедi;

      20) уәкілетті мемлекеттік органдар әзірлейтін тәуекелдерді бағалау критерийлерін, ведомстволық статистикалық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандарын бірлесіп бекіту арқылы мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу процесін үйлестіруді жүзеге асырады;

      21) осы Заңға сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласында ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, тексерулер жүргізудің жыл сайынғы жоспарын әзірлейді және бекітеді.
       Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      16-бап. Жергiлiктi өкiлеттi органдардың құзыретi

     Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлеттi органдары:

     1) шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың өңiрлiк бағдарламаларын бекiтедi;

     2) жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының Қазақстан Республикасындағы шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту мәселелерi бойынша есептерiн қарайды.

      17-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi

     Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары:

     1) жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк саясатының iске асырылуын жүзеге асырады;

     2) жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн жағдайлар жасайды;

     3) өңiрлерде мемлекеттiк бағдарламалардың iске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етедi және ол үшiн жауапты болады;

     4) шағын кәсiпкерлiктi қолдаудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеп, iске асырады;

     5) өңiрде шағын кәсiпкерлiктi және инновациялық қызметтi қолдау инфрақұрылымының объектiлерiн құру мен дамытуды қамтамасыз етедi;

     6) жергiлiктi атқарушы органдардың жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiмен және нарықтық инфрақұрылым объектiлерiмен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындайды;

     7) сарапшылық кеңестердiң қызметiн ұйымдастырады;

     8) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады.

4-тарау. ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIКТI МЕМЛЕКЕТТIК ҚОЛДАУ

      18-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдаудың негiзгi
              бағыттары

     1. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

     жеке кәсiпкерлiктi реттеу мәселелерi жөнiндегi заңнаманы жетiлдiру;

     жеке кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды, технологиялық парктердi, индустриялық аймақтарды және жеке кәсiпкерлiк инфрақұрылымының басқа да объектiлерiн құру және дамыту;

     бюджет қаражаты есебiнен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк және ақпараттық қамтамасыз ету.

     2. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау және дамыту:

     мемлекеттiк органдардың жанынан жеке кәсiпкерлiк проблемаларын зерделеу және оны дамыту ұсыныстарын әзiрлеу жөнiндегi ғылыми-зерттеу институттарын құру;

     орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердiң қызметiн ұйымдастыру;

     жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың қаржы институттарын құру;

     бизнес-инкубаторлардың және индустриялық аймақтардың қызметiн ұйымдастыру;

     жер учаскелерiн, ғимараттарды, үй-жайларды сату не тұрғын үй-жайларды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын емес үй-жайға ауыстыру жолымен жүзеге асырылады.

     3. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мыналарды:

     шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мемлекеттiк қаржылық, статистикалық, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ ғылыми-техникалық әзiрлемелер мен технологияларды пайдалануы үшiн жағдайлар жасауды;

     шағын кәсiпкерлiктi дамытудың мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеудi;

     шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк тiркеудiң және таратудың оңайлатылған тәртiбiн белгiлеудi;

     оңтайлы салық салу режимiн белгiлеудi;

     шағын кәсiпкерлiкке кредит берудiң бағдарламаларын қабылдауды;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту үшiн инвестицияларды, оның iшiнде шетелдiк инвестицияларды тарту мен пайдалану жүйесiн жасауды;

     Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды (жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi) сатып алудың кепiлдендiрiлген көлемiн  қамтамасыз етудi;

     жұмыс iстеп тұрған оқу және зерттеу орталықтарын, консалтингтiк ұйымдар мен шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың ақпараттық жүйелерiн дамыту және жаңаларын құру жолымен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыруды;

      ұлттық даму институттарын құруды қоса алғанда, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

     4. алып тасталды

     5. Индустриялық аймақтар жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
     Индустриялық аймақтардың мiндеттерi:

     1) өнеркәсiп саласындағы жеке кәсiпкерлiктi жедел дамытуға жәрдемдесу;

     2) жаңа өндiрiстер инфрақұрылымын құруға және дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру;

     3) өндiрiс тиiмдiлiгiн арттыру;

     4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.

     6. Мемлекеттiк органдар жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне жер учаскелерiн, ғимараттарды, үй-жайларды сатады, не жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өзгертедi, не Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес сатып алу-сату шартына не рұқсатқа қажеттi инфрақұрылымға қосудың техникалық шарттарын мiндеттi түрде қоса отырып, тұрғын үйдi тұрғын емес үй-жай етiп қайта жабдықтауға рұқсат бередi. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн одан әрi инфрақұрылымға қосу сатып алу-сату шартына не рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылады. 

      7. Шағын және орта кәсіпкерліктің бастамаларын қаржылық қолдауды мемлекет тарапынан негізгі қызметінің мақсаты қаржылық ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету болып табылатын, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі арнайы қор жүзеге асырады.
      Арнайы қордың негізгі міндеттері:
      1) жобалық қаржыландыру;
      2) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен микрокредиттік ұйымдардың желісін дамыту;
      3) шағын кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейдегі банктерден кредиттер алған кезде оларға кепілдік беру жүйесін жасау;
      4) қаржы лизингін дамыту;
      5) шағын кәсіпкерлік субъектілерін оқыту және консалтингтеу;
      6) шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін сапа менеджменті жүйесін енгізу жөніндегі операцияларды қоса қаржыландырудың гранттық жүйесін дамыту;
      7) арнайы қордың жарғысына сәйкес басқа да міндеттер болып табылады.
      Арнайы қордың міндеттерін іске асырудың тәртібі мен шарттарын ұлттық басқарушы холдинг айқындайды.     
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 178 , 2009.02.13. N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  3-баптан қараңыз), 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      19-бап. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мен
              дамыту

     1. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдаудың негiзгi принциптерi:

     Қазақстан Республикасында шағын кәсiпкерлiктi дамытудың басымдығы;

     шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдаудың кешендiлiгi;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау инфрақұрылымының және жүзеге асырылатын шаралардың шағын кәсiпкерлiктiң барлық субъектiлерi үшiн қолжетiмдiлiгi;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастық болып табылады.

     2. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мен дамыту:

     1) қаржылық қолдау көрсету;

     2) шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарының желiсiн ұйымдастыру;

     3) бизнес-инкубаторлардың қызметiн ұйымдастыру;

     4) бiр жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттiк меншiк объектiлерiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне сенiмгерлiкпен басқаруға немесе жалға беру;

     5) өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызмет көрсету саласын дамыту үшiн жалға немесе сенiмгерлiкпен басқаруға берiлген объектiлердi шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгiне Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен көзделген шарттарды олар орындаған жағдайда шарт жасасқан кезден бастап бiр жыл өткен соң өтеусiз беру жолымен жүзеге асырылады.
     "Осы тармақтың 1) тармақшасын қоспағанда, осы шарттар сауда-делдалдық қызметтi жүзеге асыратын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қолданылмайды.

     3. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржылық қолдау:

     1) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) кепілдік берілген көлемін сатып алу.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес шағын кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) номенклатурасын және олардың көлемін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды;

     2) екiншi деңгейдегi банктер арқылы кредит берудi ұйымдастыру;

     3) экономика салаларында әлеуметтiк маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және iске асыру үшiн мемлекеттiк гранттар беру;

     4) арнайы инвестициялық бағдарламаларды iске асыру;

     5) бюджет қаражаты есебiнен қарыздар беру жолымен жүзеге асырылады.

     4. (4-тармақ алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2009.02.13. N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз) Заңымен).

     5. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары халықты жеке кәсiпкерлiкке тарту, жаңа шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн құру мақсатында құрылады.

     Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарының мiндеттерi:
     1) кәсiпкерлiк ахуалды, отандық және халықаралық нарықтарды, экономиканың салалары мен секторларын талдау;

     2) маркетинг және менеджмент саласында қызметтер кешенiн көрсету;

     3) инвестициялық және бизнес-жобаларды әзiрлеу жөнiндегi қызметтердi, консультациялық және басқа да қызметтер көрсету;

     4) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң инновациялық белсендiлiгiн арттыруға жәрдемдесу;

     5) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кәсiби өсуiне жәрдемдесу;

     6) ақпараттық және сараптамалық ресурстарға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету;

     7) семинарлар, тренингтер өткiзу;

     8) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң деректер базасын қалыптастыру;

     9) шағын кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi ақпаратты және оны дамытудың проблемалық мәселелерiн талдау мен қорыту болып табылады.

     6. Бизнес-инкубаторлар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуына және дамуына жәрдем көрсету үшiн құрылады.

     Бизнес-инкубатордың мiндеттерi:
     1) бизнес-инкубаторға орналастыру үшiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн iрiктеу;

     2) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiлiм беру, маркетингтiк, консалтингтiк және басқа да ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтер көрсету болып табылады.

     7. Сауда-делдалдық қызметтi қоспағанда, өндірістік қызметті және қызмет көрсету саласын ұйымдастыру үшiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiр жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттiк меншiк объектiлерi сенiмгерлiкпен басқаруға немесе жалға берiлуi мүмкiн.
     Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң жалға алу немесе сенiмгерлiкпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды республикалық және коммуналдық меншiкке иелiк етуге уәкiлеттi тиiстi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N 178 , 2009.02.13. N 135-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  3-баптан қараңыз), 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      20-бап. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың
              мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк
              бағдарламалары

     1. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк бағдарламалар негiзiнде жүзеге асырылады және ол шағын кәсiпкерлiктi дамыту мен қолдауға бағытталған шаралар кешенiн бiлдiредi.

     2. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк бағдарламалары өндiрiстi бәсекеге қабiлеттi өнiммен қамтамасыз ету, сондай-ақ инновациялық, бiлiм беру қызметi, қаржылық және құқықтық консалтинг саласындағы шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қаржылық, оқу-әдiстемелiк көмек көрсету үшiн әзiрленедi.

     3. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi және олар республиканың барлық аумағында мемлекеттiк органдар мен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.

     4. Қазақстан Республикасының Үкiметi шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк және салалық (секторальдық) бағдарламаларын iске асыру барысында алынған нәтижелер туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң алдында жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен есеп бередi.

     5. Мемлекет экономикасын дамытудың басым бағыттарына және өңiрдiң экономикасын дамытудың ерекшелiгiне сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар өңiрдiң экономикалық даму бағдарламасының құрамдас бөлiгi болып табылатын шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлейдi.

     6. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк бағдарламаларына:

     нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстар;

     шағын кәсiпкерлiк қызметiнiң басым түрлерi;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау инфрақұрылымын қалыптастыру жөнiндегi шаралар;

     шағын кәсiпкерлiктi кредиттiк-қаржылық және мүлiктiк қолдау жөнiндегi шаралар;

     жеке кәсiпкерлiкке халықтың әлеуметтiк қорғалмаған жiктерiн тартуға бағытталған шаралар;

     iрi өнеркәсiп ұйымдарының бизнестiң бiр бөлiгiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне беруiн ынталандыруға, сондай-ақ олардан салалық емес жанама қызметтер түрлерiн сатып алуға бағытталған шаралар;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты насихаттау жөнiндегi шаралар;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау, дамыту және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты iске асырумен байланысты басқа да шаралар кiредi.

      21-бап. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық,
              ғылыми-әдiстемелiк қолдау

     1. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау олардың бәсекеге қабiлеттi тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) шығаруға мүмкiндiк беретiн кәсiби деңгейiн арттыру мақсатында жүзеге асырылады.

     2. Шағын кәсiпкерлiктi оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау:

     жеке кәсiпкерлiктi жүргiзу мәселелерi бойынша оқу семинар-тренингтер және ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру;

     жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыру практикасы, жаңа технологиялар нарығы туралы әдiстемелiк құралдар, ақпараттық бюллетеньдер тарату;

     өңiрлерде ақпараттық, консалтингтiк орталықтар желiсiн құру;

     өңiрлерде шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқытуды ұйымдастыру үшiн менеджерлер даярлау жолымен жүзеге асырылады.

     3. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.

      22-бап. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке
              кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау

     1. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке  кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау республикалық және өңiрлiк деңгейлерде жүргiзiледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.

     2. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлiкке мемлекеттiк қолдау көрсетудiң мерзiмi, көлемi мен шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

      23-бап. Жеке кәсiпкерлiктi ақпараттық қамтамасыз ету

     Барлық деңгейдегi мемлекеттiк органдар таратуға шек қойылмаған, оның iшiнде осы Заңның 5-бабында көзделген ақпарат пен материалдарды тегiн негiзде тарату үшiн интернет-ресурстар құруға және олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және олардың жарнамасын, сондай-ақ осы ақпаратты жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты жаңартып отыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
       Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.10. N 178-IV , 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

5-тарау. ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIК СУБЪЕКТIЛЕРIНІҢ БIРЛЕСТIКТЕРIН
ҚҰРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ НОРМАТИВТIК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТIЛЕРГЕ САРАПТАМА
ЖАСАУҒА ҚАТЫСУЫ

      24-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi

     1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына сараптама жасау үшiн аккредиттелуге үмiткер жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi:

     республикалық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң одағы (қауымдастығы), шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық бiрлестiк, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық салалық бiрлестiктерi;

     облыстық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң облыстық бiрлестiктерi, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi облыстық бiрлестiктер;

     қалалық, аудандық деңгейлерде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қалалық, аудандық бірлестіктерін, шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер түрінде кәсіпкерлер бірлестіктерін құрады.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн қаржыландыру жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң ерiктi мүшелiк жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қамтамасыз етiледi.
       Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      25-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн
              аккредиттеу

     1. Жеке кәсiпкерлердiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына сараптама жасауға қатысуға үмiткер жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарда аккредиттелуге жатады.

     2. Аккредиттелуге:

     республикалық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң одағы - (қауымдастығы), шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық бiрлестiк, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық салалық бiрлестiктерi;

     облыстық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық, облыстық бірлестіктерінің филиалдары, шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық, облыстық бірлестіктер филиалдары;

     қалалық, аудандық деңгейлерде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктерінің филиалдары, шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктерінің филиалдары жатады.

     3. Егер аккредиттелуге бiр өңiрдi, бiр саланы бiлдiретiн екi және одан да көп бiрлестiк үмiткер болған жағдайда, онда осы бiрлестiктiң мүшесi болып табылатын ұйымдардағы (жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiндегi) жұмыскерлердiң жиынтығында неғұрлым көп санына ие болып отырған бiрлестiк аккредиттелуге жатады.

     4. Егер аккредиттелуге бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк, бiр қызмет саласын бiлдiретiн екi және одан да көп коммерциялық емес ұйым үмiткер болған жағдайда, онда азаматтардың неғұрлым көп санын бiрiктiрген коммерциялық емес ұйым аккредиттелуге жатады.

     5. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн аккредиттеудi жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды .
       Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      26-бап. Сарапшылық кеңестер

     1. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестерге жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң, коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кiредi.
      Сараптамалық кеңестің отырысы бір тоқсанда кемінде бір рет жүргізіледі.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мен коммерциялық емес ұйымдар орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестiң құрамына ұжымдық мүше ретiнде кiредi және өкiлеттiгi сенiмхатпен расталатын өз өкiлi арқылы әрекет етедi.
     Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердiң құрамы мемлекеттiк органдар басшыларының шешiмдерiмен бекiтiледi.

     3. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейтiн мемлекеттiк орган, мемлекеттiк құпияларды қамтитын нормативтiк құқықтық актілерді қоспағанда, оны сарапшылық кеңестiң қарауына енгiзедi.

      3-1. Сараптамалық кеңестің нормативтік құқықтық актілердің жобасын қарауы осы Заңның 5-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне жіберу арқылы отырыс өткізбестен жүзеге асырылуы мүмкін.

      3-2. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, осындай кез келген мәселе сараптамалық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.

     4. Сарапшылық кеңестер туралы үлгi ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi .

     5. Сарапшылық кеңестердiң жұмысын талдау мен оның мониторингiн кәсіпкерлік жөніндегі уәкiлеттi органның жанынан құрылатын үйлестiру кеңесi жүзеге асырады.
     Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның басшысы үйлестiру кеңесiнiң төрағасы болып табылады.
     Үйлестiру кеңесiнiң құрамын уәкiлеттi органның басшысы қалыптастырады.
       Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

6-тарау. ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIК СУБЪЕКТIЛЕРIН ТIРКЕУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

      27-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк
              тiркеу

      РҚАО-ның ескертуі!
      1-тармаққа 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен өзгерту енгізіледі.

      1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн - заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
     Заңды тұлға құрмай жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыратын жеке тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу келiп тiркелуi сипатында болады және дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу кезінде мәлімделген орналасқан жері бойынша аумақтық салық органында (бұдан әрi - тiркеу органы) дара кәсiпкер ретiнде есепке қою болып табылады.

      2. Мына шарттардың бiреуiне сай келетiн: 

      1) тұрақты негiзде жалдамалы жұмыскерлердiң еңбегiн пайдаланатын;     

      2) жеке кәсiпкерлiктен Қазақстан Республикасының заңдарында жеке тұлғалар үшiн белгiленген салық салынбайтын жылдық жиынтық табыстың мөлшерiнен асатын мөлшерде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық жиынтық табысы бар дара кәсiпкерлер мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатады.
     Осы баптың 2-1-тармағында көрсетілген тұлғаларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк тiркеусiз аталған дара кәсiпкерлердiң қызметiне тыйым салынады.

      РҚАО-ның ескертуі!
      3-тармаққа 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен өзгерту енгізіледі.

      2-1. Қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мынадай табыстарды:
      1) төлем көзінен салық салынатын;
      2) мүлік табыстарын;
      3) өзге де табыстарды алу кезінде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы.

      3. Дара кәсiпкердi мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк мерзiмсiз берiледi.
      Дара кәсiпкердi (бiрлескен дара кәсiпкерлiктi) мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң нысанын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      РҚАО-ның ескертуі!
      4-тармақтың 1) тармақшасына 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен өзгерту енгізіледі.

      4. Дара кәсiпкер мемлекеттiк тiркеу үшiн:
      1) тiркеу органы белгiлеген нысан бойынша өтiнiшiн;

      2) дара кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым сомасын бюджетке төлегенiн растайтын құжатын;

      3) түпнұсқасы ұсыныла отырып, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;

      4) 3,5 х 4,5 сантиметр көлемдегі фотосуретін;

      5) дара кәсіпкердің орналасқан жерін растау құжатын тіркеу органына ұсынады.
      Азаматтарды тіркеу кітабы немесе жылжымайтын мүлікке жекеменшік немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжат дара кәсіпкердің орналасқан жерін растайтын құжат болып табылады.
      Егер өтініш беруші кәмелет жасына толмаса, жоғарыда аталған құжаттарға ата-анасының, асырап алушының немесе қамқоршының келісімі, ал мұндай келісу болмаса, кәмелет жасына толмағанды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы сот шешімі қоса беріледі.
      Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады.
      Осы баптың 4-тармағында аталған құжаттар болған кезде тiркеу органы, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, құжаттарды ұсынған күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешiктiрмей дара кәсiпкердi мемлекеттiк тiркеуден өткiзедi.

      5. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк тiркегенi (қайта тiркегенi) үшiн алым төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.

      РҚАО-ның ескертуі!
      6-тармақ 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен жаңа редакцияда жазылады.

      6. Мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк беруге өтiнiште көрсетiлген деректер өзгерген кезде дара кәсiпкер өзгерiстер туралы осы орган белгiлеген нысан бойынша тiркеу органына он жұмыс күнінің ішінде хабарлауға мiндеттi. Мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiкте көрсетiлген деректер өзгерген кезде дара кәсiпкер қайта тiркеудi жүзеге асыруға және жаңа куәлiк алуға мiндеттi.

      РҚАО-ның ескертуі!
      7-тармақ 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен жаңа редакцияда жазылады.

      7. Дара кәсiпкер мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi жоғалтқан жағдайда, оның өтiнiшi бойынша оған мемлекеттiк тiркеудi куәландыратын құжаттың телнұсқасы берiледi.
     Мемлекеттiк тiркеудi куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшiн дара кәсiпкерден Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған тәртiппен алым алынады.

      РҚАО-ның ескертуі!
      8-тармаққа 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен өзгерту енгізіледі.

      8. Бiрлескен дара кәсiпкерлiктi тiркеу кезiнде өтiнiштi үшiншi тұлғалармен және мемлекеттiк органдармен қатынастарда мүдделерiн бiлдiретiн уәкiлеттi тұлға бередi.
      Мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк уәкiлеттi тұлғаға жазылады. Куәлiкке тiркеу органының басшысы куәландырған бiрлескен дара кәсiпкер мүшелерiнiң тiзiмi қоса берiледi.

      РҚАО-ның ескертуі!
      9-тармаққа 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 224 Заңымен өзгерту енгізіледі.

      9. (алынып тасталды - енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен).
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      28-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң банкроттығы,
              оларды қайта ұйымдастыру және тарату

     1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi борышқордың сотқа өтiнiшi немесе кредитордың, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өзге адамдардың сотқа өтiнiшi негiзiнде сот шешiмiмен банкрот деп жарияланады.
     Дара кәсiпкердiң банкроттық рәсiмi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың кезектiлiгi бөлiгiндегi ерекшелiктермен заңды тұлғалар үшiн белгiленген ережелер бойынша жүзеге асырылады.

     2. Заңды тұлға болып табылатын жеке кәсiпкерлiк субъектiсiн қайта ұйымдастыру немесе тарату жеке кәсiпкерлiктiң нақты ұйымдық-құқықтық нысаны үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

     3. Дара кәсiпкердiң қызметi ерiктi немесе мәжбүрлеу тәртiбiмен, сондай-ақ осы Заңда көзделген мән-жайлар туындаған жағдайда тоқтатылуы мүмкiн.
     Дара кәсiпкердiң қызметi өзiндiк кәсiпкерлiк кезiнде - дара кәсiпкер өз бетiмен, бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде - барлық қатысушылар бiрлесiп қабылдаған шешiм негiзiнде кез келген уақытта ерiктi түрде тоқтатылады.
     Дара кәсіпкер қызметін ерікті түрде тоқтату үшін тіркейтін органға кәсіпкерлік қызметін тоқтату туралы өтініш береді.
     Бiрлескен кәсiпкерлiктi тоқтату туралы шешiм, егер ол үшiн оған қатысушылардың жартысы дауыс берсе, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, қабылданды деп саналады.

     4. Жеке кәсiпкердiң қызметi мынадай жағдайларда:
     1) ол банкрот деп танылған;

     2) тiркеу кезiнде жiберiлген жойылмайтын сипаттағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарға байланысты дара кәсiпкердi тiркеу жарамсыз деп танылған;

     3) қызметiн күнтiзбелiк жыл iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын бiрнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;

     4) ол қайтыс болды деп жарияланған;

     5) ол хабар-ошарсыз кетті деп танылған жағдайларда соттың шешімі бойынша мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылады.

     5. Осы бапта көзделген негiздемелерден басқа, дара кәсiпкердiң қызметi мынадай жағдайларда:

     1) өзiндiк кәсiпкерлiк - дара кәсiпкер әрекетке қабiлетсiз деп танылған, қайтыс болды деп жарияланған немесе ол қайтыс болған жағдайда;

     2) отбасылық кәсiпкерлiк және жай серiктестiк - егер осы тармақтың 1-тармақшасында аталған мән-жайлар болуы салдарынан бiрлескен кәсiпкерлiк қатысушысының бiреуi қалған немесе бiр де бiрi қалмаған жағдайда, сондай-ақ некенi бұзуға байланысты мүлiктi бөлу кезiнде тоқтатылады.

     6. Дара кәсіпкердің қызметі оның өтініші немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеуші органда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезден бастап тоқтатылған болып есептеледі.
      Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығару дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті тіркеуші органға тапсырғаннан кейін және кәсіпкерлік қызметпен байланысты салық міндеттемелерін орындағаннан кейін жүргізіледі.

     7. Белгiленген жағдайларда тiркеусiз дара кәсiпкерлiктi жүзеге асыру кезiнде оны тоқтату ерiктi сипатта болса - нақты тоқтатылған кезден бастап, мәжбүрлеп тоқтату кезiнде тиiсiнше соттың шешiмi заңды күшiне енген кезден бастап ол тоқтатылды деп есептеледi.

       Қолданушылар назарына!
      28-баптың 8-тармағы жаңа редакцияда қарастырылған - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (2010.01.01. қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

     8. Орындалмаған мiндеттемелерi жоқ шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен ерiктi таратудың оңайлатылған тәртiбi белгiленуi мүмкiн.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК РЕТТЕУ

       Ескерту. 7-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      29-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің
               мақсаттары мен түрлері

      1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары жеке кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және өткізетін өнімнің адамдар өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігін, олардың мүліктік мүдделерін қорғауды, қоршаған ортаға қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау болып табылады.
      2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің түрлері:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсіпкерліктің субъектілеріне, сондай-ақ өнімдеріне, процестеріне талаптар белгілеу;
      2) сәйкестікті, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөніндегі органдарды аккредиттеу;
      3) өнімнің, процестердің жекелеген түрлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін міндетті растау;
      4) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау;
      5) лицензиялау, сертификаттау, аккредиттеу және рұқсаттардың өзге де түрлерін беру;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгілеу.
       Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      30-бап. Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке
              кәсiпкерлiк өнiмдерiне, процестерiне талаптар
              белгiлеу

     Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарымен өнiмдерге, процестерге жеке кәсiпкерлiктiң барлық субъектiлерi үшiн орындауға мiндеттi талаптар белгiлейдi.

      31-бап. Сәйкестiктi, тексеру, калибрлеу және сынақ
              зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi
              органдарды аккредиттеу

     Сәйкестiктi, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi органдарды аккредиттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.

      32-бап. Өнiмдердiң жекелеген түрлерiнiң, процестердiң
              сәйкестiгiн мiндеттi растау

     Өнiмдердiң жекелеген түрлерiнiң, процестердiң сәйкестiгiн мiндеттi растау, егер бұл Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгiленген мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қажеттi болса, белгiленедi.

      33-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау

      1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау, өнімдерге, процестерге Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларымен белгіленген талаптардың және өнімдердің жекелеген түрлерінің, процестердің сәйкестігін растау жөніндегі талаптардың орындалуы мемлекеттік әкімшілік ету мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайларда белгіленеді.
      2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау:
      1) ұйымдастырылу және жүргізілу тәртібі осы Заңда айқындалатын тексерулер;
      2) ұйымдастырылу және жүргізілу тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын алдын алу-профилактикалық сипаты бар бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті органдар бақылау объектілеріне (субъектілеріне) келместен, тәуекелдерді бағалау жүйесінің бекітілген критерийлерін ескере отырып, қажеттілік пен жеткіліктілік принциптеріне сәйкес жүргізеді.
      Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүргізген кезде жеке кәсіпкерлік субъектісін алдын ала хабардар ету және өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнаулы есеп саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда (бұдан әрі - құқықтық статистика органы) тіркеу талап етілмейді.
      Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарының түріне қарай оның қорытындылары бойынша бұзушылық анықталған жағдайда жеке кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауаптылық туралы істі қозғамастан, бірақ оған бұзушылықты жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, қорытынды материалдар (анықтама, нұсқама және басқа да) жасалуы мүмкін.
      4. Осы Заңның 37-бабын, 39-бабының 2 және 3-тармақтарын, 41-бабын қоспағанда, осы баптың және осы Заңның 8-тарауының күші:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтумен;
      2) Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 59-тарауында көзделген талаптарды қоспағанда, кеден ісі саласындағы мемлекеттік бақылаумен;
      3) кедендік шекараны кесіп өткен кездегі өсімдіктер карантині бақылауын, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық бақылауды жүргізумен;
      4) жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын сақтаумен;
      5) көліктегі қауіпсіздік талаптарын сақтау тұрғысынан көліктік бақылау бекеттерінде автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өтуімен;
      6) кеме иелелерінің және шағын көлемді кемелер экипаждары мүшелерінің Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі және сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заңдарына сәйкес шағын көлемді кемелерді қауіпсіз түрде пайдалану жөніндегі талаптарын орындауын бақылаумен;
      7) жеке тұлғалардың азаматтық қаруды сақтау, тағып жүру және пайдалану талаптарын сақтауымен;
      8) базарларда, жануарлардан, өсімдіктерден алынатын өнімдер мен шикізаттарды бір технологиялық циклде өндіруді, дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдарда ветеринария және өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асырумен;
      9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және мемлекеттік орман қоры аумағында орман қорын күзету, қорғау, оны пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру саласындағы талаптардың сақталуына, сондай-ақ жануарлар және өсімдіктер дүниесі объектілерінің санкциясыз алып қойылуын бақылауды жүзеге асырумен;
      10) карантиндік аймақтарды және қолайсыз мекендерде жануарлар мен құстардың аса қауіпті аурулары бойынша іс-шараларды бақылаумен;
      11) жеке тұлғалардың әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтауымен;
      12) ішкі істер органдарының жүргізілетін жедел-профилактикалық іс-шаралары шеңберінде қарудың, жарылғыш және улы заттардың, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың, азаматтық, пиротехникалық заттардың және олар қолданылған бұйымдардың заңды айналымы саласындағы бақылаумен;
      13) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін өндіруді жүзеге асыратын субъектінің аумағында Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес орнатылған акциздік бекеттер арқылы бақылаумен;
      14) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптарын сақтаумен;
      15) Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қаржылық ұйымдар мен қаржы нарығының қызметін реттейтін заңнамасын сақтаумен;
      16) Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының, сондай-республикалық бюджеттің атқарылуын реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтаумен байланысты қатынастарға қолданылмайды.
       Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      34-бап. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін
             лицензиялау

      Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      35-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң
              азаматтық-құқықтық жауаптылығын мiндеттi
              сақтандыру

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң азаматтық-құқықтық жауаптылығын мiндеттi сақтандыру, егер осы Заңның 29-бабының 2-тармағында көрсетiлген мемлекеттiк реттеу түрлерiн қолдану мемлекеттiк әкiмшiлiк ету мақсаттарына қол жеткiзудi қамтамасыз етпейтiн жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
       Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      36-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, мемлекеттiк
              органдар мен олардың лауазымды адамдарының
              жауаптылығын белгiлеу

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi .

8-тарау. ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIКТI МЕМЛЕКЕТТIК БАҚЫЛАУ

      37-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылаудың
              негiзгi принциптерi мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасындағы жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау:
      1) заңдылық;
      2) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің адалдық презумпциясы;
      3) жариялылық;
      4) бәрінің заң мен сот алдындағы теңдігі;
      5) мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының кәсіптік біліктілігі мен құзыреттілігі;
      6) лауазымдық міндеттерін орындамағаны не тиісінше орындамағаны және олардың өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының жауаптылығы;
      7) жазалау алдында құқық бұзушылықты болғызбаудың басымдығы;
      8) қажеттілік пен жеткіліктілік;
      9) мемлекеттік органдар арасында бақылау өкілеттіктерінің аражігін ажырату;
      10) адал жеке кәсіпкерлік субъектілерін көтермелеу, құқық бұзушыларға бақылауды шоғырландыру;
      11) жеке кәсіпкерлік субъектілері мен тұтынушылардың өздерінің заңды құқықтарын өз бетінше қорғау қабілеттілігін арттыру;
      12) мемлекеттік бақылау жүйесінің есептілігі мен ашықтығы принциптеріне негізделеді.

     2. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылаудың негiзгi мiндетi экономикалық қауiпсiздiктi, алдау практикасының алдын алуды, табиғи және энергетика ресурстарын үнемдеудi, ұлттық өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруды қоса алғанда, жеке кәсiпкерлiк субъектiсi өндiретiн және сататын өнiмдердiң адамдар өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгiн, олардың мүлкiн қорғауды, қоршаған ортаға қауiпсiздiгiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету болып табылады.

     3. Мемлекеттiк органдар осы Заңның қосымшасына сәйкес өздерiне жүктелген бақылау және қадағалау функцияларына сәйкес жеке кәсiпкерлiктi бақылауды жүзеге асырады.

     4. Мемлекеттiк органдарға осы Заңның 38-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне тексеру жүргiзу тәртiбi мәселелерi бойынша заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлер қабылдауға тыйым салынады.
       Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       37-1-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру түрлері
                 және оларды тағайындау негіздері

      1. Жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру - мемлекеттік бақылау нысандарының бірі, оны бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар мынадай іс-әрекеттерді:
      1) мемлекеттік орган лауазымды адамының тексерілетін объектіге баруын;
      2) мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарын жүргізу кезінде қажетті ақпаратты талап етуді қоспағанда, тексеру нысанасына қатысы бар қажетті ақпаратты сұрату;
      3) жеке кәсіпкерлік субъектісінің Қазақстан Республикасының заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтауы туралы ақпарат алу мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектісін шақырту арқылы жүргізеді.
      Тексерудің нысанасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларының талаптарын сақтауы болып табылады.
      2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мынадай түрлерге:
      1) жоспарлы;
      2) жоспарлы емес болып бөлінеді.
      Жоспарлы тексеру - бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органның тәуекелдерді бағалау жүйесіне сәйкес және адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген қатердің алдын алу мақсатында алдыңғы тексерулерге қатысты белгіленген уақыт аралықтарын ескере отырып бекіткен тексерулер жоспары негізінде жеке кәсіпкерліктің нақты субъектісіне қатысты тағайындайтын тексеру.
      Жоспардан тыс тексеру - бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне тікелей төнген қатердің алдын алу мақсатында жеке кәсіпкерліктің нақты субъектісіне қатысты тағайындайтын тексеру.
      Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер бірнеше жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мынадай:
      1) салық органында тіркеу есебіне қою;
      2) бақылау-кассалық машиналардың болуы;
      3) этил спиртін босатуға лицензияның, рұқсаттың, патенттің, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 574-бабында көрсетілген тіркеу карточкасының болуы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының салық заңнамасының талаптарын сақтау жөнінде ғана бір мезгілде жүргізіледі.
      Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер ішкі еңбек тәртібі қағидаларында белгіленген жеке кәсіпкерлік субъектісінің жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
      3. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер:
      1) кешенді тексерулер;
      2) тақырыптық тексерулер болып бөлінеді.
      Бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті бірнеше мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеруді бірмезгілде жүргізуі қажет болған кезде осы органдардың әрқайсысы тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика жөніндегі органда тіркетуге міндетті.
      Бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті бір ғана мемлекеттік орган бір ғана сол мәселелер шеңбері бойынша жеке кәсіпкерліктің бірнеше субъектісін тексеруі қажет болған кезде осы орган жеке кәсіпкерліктің әрбір субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіні ресімдеуге және оны құқықтық статистика органында тіркетуге мынадай мәселелер:
      1) салық органында тіркеу есебіне қою;
      2) бақылау-кассалық машиналардың болуы;
      3) этил спиртін босатуға лицензияның, рұқсаттың, патенттің, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 574-бабында көрсетілген тіркеу карточкасының болуы мәселелері бойынша жүргізілетін тексерулерді қоспағанда, міндетті.
      Кешенді тексеру - жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін оның Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау жөніндегі мәселелер кешені бойынша тексеру.
      Тақырыптық тексеру - жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтау жөніндегі жекелеген мәселелер бойынша тексеру.
      4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жоспарлы тексерулер жүргізудің жыл сайынғы жиынтық жоспарын қалыптастыруы үшін уәкілетті мемлекеттік органдар жыл сайынғы тексеру жүргізу жоспарларын жоспарлы тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі мерзімде құқықтық статистика органына жібереді.
      5. Жыл сайынғы тексеру жүргізу жоспарларын өзгертуге жол берілмейді.
      Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жоспарлы тексерулер жүргізудің жыл сайынғы жиынтық жоспарын ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми сайтына орналастырады.
      6. Уәкілетті мемлекеттік орган тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері негізінде бекіткен жоспар жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жоспарлы тексеру тағайындау үшін негіз болады.
      7. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін жоспардан тыс тексеруге:
      1) тексерудің нәтижесінде және мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарының нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың (қаулылардың, ұсынулардың, хабарламалардың) орындалуын бақылау;
      2) жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан, Қазақстан Республикасы Парламентінің және жергілікті өкілді органдардың депутаттарынан адамдардың өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірілгені не зиян келтіру қатері туралы ақпарат пен өтініштер алу;
      3) тексеруді жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алу мақсатында, тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің азаматтық-құқықтық қатынастары болған үшінші тұлғаға қатысты жүргізілетін қарсы тексеру;
      4) жеке кәсіпкерлік субъектісінің өз қызметіне тексеру жүргізу туралы бастамашылық өтініші;
      5) жеке кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспарлы тексеру жүргізу белгіленбесе, оны қайта ұйымдастыру;
      6) жеке кәсіпкерлік субъектісінің бастапқы тексеруге келіспейтіні туралы өтінішіне байланысты қайталама тексеру;
      7) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздер;
      8) салық төлеушілердің өтініштері, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 627-бабында айқындалған мәліметтер мен мәселелер негіз болып табылады.
      8. Жоспардан тыс тексерулер иесі бүркемеленген өтініштер болған жағдайларда жүргізілмейді.
      9. Жоспардан тыс тексерулерге осы жоспардан тыс тексеруді жүргізу үшін негіз болған фактілер мен мән-жайлар жатады.
      10. Эпидемия, карантиндік объектілер ошақтары, инфекциялық, паразиттік аурулар таралу, уланулар туындаған немесе олардың туындау қатері төнген жағдайларда объектілерге жоспардан тыс тексеру алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика органына келесі жұмыс күні ішінде табыс ете отырып жүргізіледі.
      11. Бақылаушы және тіркеуші органдар орналасқан жерден шалғайда тұрған объектілерде немесе субъектілерде жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бары анықталған жағдайда жоспардан тыс тексеру алдын ала хабардар етпестен және тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеместен, оны кейіннен құқықтық статистика органына келесі бес жұмыс күні ішінде табыс ете отырып жүзеге асырылады.
      12. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу үшін санамаланған негіздер заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне, резидент емес заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне, қызметін әділет органдарында тіркелмей жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.
       Ескерту. 37-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      38-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді
              ұйымдастыру мен жүргізудің жалпы тәртібі

      1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді ұйымдастыру мен жүргізу тәртібі осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік органдар міндетті ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарына, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне, тексерулер жоспарына, тексерулер жүргізудің жылдық жоспарына қатысты актілерді әзірлейді және бекітеді.
      Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері, ведомстволық статистикалық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандары міндетті түрде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу рәсімінен өтеді.
      2. Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерулер санының, сондай-ақ тексеру парақтарына сәйкес анықталған бұзушылықтардың және олар бойынша қабылданған әкімшілік ықпал ету шараларының ведомстволық есебін тұрақты және үздіксіз негізде жүргізуге міндетті.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру мәселелері жөніндегі ведомстволық статистикалық есептіліктің нысандарын осы Заңның 37-1-бабының ережелері ескеріле отырып жасалады және орталық мемлекеттік орган, құқықтық статистика органы және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітіледі.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру жөніндегі міндетті ведомстволық статистикалық есептіліктің жиынтық деректері мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.
      Мемлекеттік органдар тексерулердің ведомстволық статистикасын ескере отырып жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметімен байланысты тәуекелдерді бағалаудың ведомстволық жүйесін қалыптастыруға және тұрақты жүргізуге міндетті.
      Тәуекел - жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметі нәтижесінде салдарының ауырлық дәрежесі ескеріле отырып, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне зиян келтірудің ықтималдығы.
      Тәуекелдерді бағалау жүйесі - бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган тексерулерді жоспарлау мақсатында жүргізетін іс-шаралар кешені.
      Мемлекеттік органдар жеке кәсіпкерлік субъектілерін тәуекел дәрежесіне қарай жоғары, орташа не төмен тәуекел топтарына жатқызады және олар үшін жоспарлы тексерулер жүргізудің:
      жоғары тәуекел дәрежесі кезінде - жылына бір реттен;
      орташа тәуекел дәрежесі кезінде - үш жылда бір реттен;
      төмен тәуекел дәрежесі кезінде - бес жылда бір реттен жиі емес кезеңділігін айқындайды.
      Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары талаптарының сақталуын тексеру үшін жоспарлы тексерулер жүргізудің кезеңділігі:
      1) ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында:
      жоғары тәуекел дәрежесі кезінде - жарты жылда бір реттен;
      орташа тәуекел дәрежесі кезінде - бір жылда бір реттен;
      төмен тәуекел дәрежесі кезінде - үш жылда бір реттен жиі болмауға;
      2) санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында:
      жоғары тәуекел дәрежесі кезінде - айына бір реттен;
      орташа тәуекел дәрежесі кезінде - тоқсанына бір реттен;
      төмен тәуекел дәрежесі кезінде - жылына бір реттен жиі болмауға тиіс.
      Бақылау субъектілерін тәуекел дәрежелері бойынша бөлу субъектінің салдардың ауырлығы тұрғысынан маңызы, Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылықтардың салалық статистикасы, сондай-ақ жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
      Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері - жеке кәсіпкерлік субъектісінің тікелей қызметімен, салалық даму ерекшеліктерімен және осы дамуға әсер ететін факторлармен байланысты, жеке кәсіпкерлік субъектілерін әртүрлі тәуекел дәрежесіне жатқызуға мүмкіндік беретін сандық және сапалық көрсеткіштердің жиынтығы.
      Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.
      Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреттері шегінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің біртекті топтары үшін тексеру парақтарын қалыптастыруға міндетті.
      Тексеру парағы Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында көзделген жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне қойылатын, олардың сақталмауы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, азаматтардың, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүліктік мүдделеріне қатер төндіруге әкеп соғатын талаптардың түбегейлі тізбесін қамтиды.
      Тексеру парағында қамтылған, жеке кәсіпкерлік субъектісіне қойылатын талаптар ең аз жеткіліктілік принциптеріне сәйкес қалыптастырылады.
      Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында көзделмеген не жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметінен келетін тәуекел дәрежесін төмендетуге әсер етпейтін талаптар тексеру парақтарына енгізілуге жатпайды және олар жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру барысында қойылмайды.
      Тексеру парақтарының нысандары бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.
      3. Тексеру мемлекеттік органның тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде жүргізіледі.
      Тексеруді тағайындау туралы актіде:
      1) актінің нөмірі мен күні;
      2) мемлекеттік органның атауы;
      3) тексеру жүргізуге уәкілетті адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (ол болғанда) және лауазымы;
      4) тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің атауы немесе тексеру жүргізу тағайындалған дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болғанда), оның орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі, аумақтың учаскесі;
      5) тағайындалған тексерудің мәні;
      6) тексеру жүргізудің мерзімі;
      7) тексеру жүргізудің құқықтық негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексеруге жататын нормативтік құқықтық актілер;
      8) тексерілетін кезең;
      9) актіге қол қоюға уәкілетті адамның қолы және мемлекеттік органның мөрі көрсетіледі.
      4. Салық қызметі органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді қоспағанда, тексеруді тағайындау туралы акті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқықтық статистика жөніндегі органда міндетті түрде тіркеледі.
      Тексеру тағайындау туралы актіні тіркеудің есептік сипаты бар және тәуекелді басқарудың ведомстволық жүйелерін қалыптастыру мен жетілдіру үшін пайдаланылады.
      Тексеру тағайындау туралы актінің тіркелуі осындай тексерудің заңдылығына дәлел болып табылмайды.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілері бойынша салық қызметі органдары жүзеге асыратын қарсы тексерулерді тағайындау туралы актілер жөніндегі жалпы мәлімет тоқсан сайын құқықтық статистика органына беріледі.
      5. Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру жүргізудің мерзімдері мен нысанын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жоспарлы тексеру жүргізудің басталатыны туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
      Жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде осы Заңның 37-1-бабы 7-тармағының 3), 4), 7), 8) тармақшаларында, 9 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатыны туралы хабарлауға міндетті.
      6. Объектіге тексеру үшін келген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары:
      1) құқықтық статистика жөніндегі органда тіркеу туралы белгі қойылған тексеруді тағайындау туралы актіні;
      2) қызметтік куәлігін;
      3) қажет болғанда режимді объектілерге баруға құзыретті органның рұқсатын;
      4) объектілерге бару үшін болуы қажет медициналық рұқсаттаманы;
      5)  тексеру парағын көрсетуге міндетті.
      7. Тексеруді тағайындау туралы актіні тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісіне берген сәттен бастап тексеру жүргізу басталды деп есептеледі.
      8. Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартқан немесе тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргізуге қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органның лауазымды адамы және тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің уәкілетті адамы қол қояды.
      Тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің уәкілетті адамы бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме беріп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеру жүргізбеуге негіз болып табылмайды.
      9. Тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргізе алады.
      10. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі мемлекеттік орган, мемлекеттік қаржы бақылауы органдары жүзеге асыратын тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізу тәртібінің ерекшеліктері, тексерулердің түрлері, олардың кезеңділігі мен ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
      11. Тексеру жүргізу мерзімі алдағы жұмыстар көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және ол Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтық тексеруді, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында жүргізілетін тексерулерді жүргізу кезіндегі жекелеген жағдайларды қоспағанда, отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс, олар үшін салалық ерекшеліктері ескеріле отырып, тексерулер жүргізудің мынадай:
      1) санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы тексерулер - он бес жұмыс күніне дейін және он бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын;
      2) ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында - бес жұмыс күнінен аспайтын және бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын мерзімдері белгіленген.
      Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтық тексерулерді жүргізу кезіндегі жекелеген жағдайларды және осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу қажет болғанда, сондай-ақ тексеру көлемінің ауқымды болуына байланысты бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органның басшысы (не оны ауыстыратын адам) тексеру жүргізудің мерзімін отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзарта алады.
      Тексеру мерзімі ұзартылған жағдайда мемлекеттік орган міндетті түрде құқықтық статистика органында тіркеу арқылы тексеруді ұзарту туралы қосымша актіні ресімдейді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің нөмірі мен тіркелген күні және ұзартудың себебі көрсетіледі.
      Тексеру бір айдан аспайтын мерзімге бір рет тоқтатыла тұруы мүмкін.
      Ерекше жағдайларда (шет мемлекеттерден және тексеру жүргізу шеңберінде елеулі мәні бар мәліметтерді, құжаттарды алу қажеттігі, отыз жұмыс күнінен асатын мерзімде арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу) тексеруді тоқтата тұру мерзімі белгіленбейді.
      Жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеруді тоқтата тұру және қайта бастау туралы хабардар ету құқықтық статистика жөніндегі органға хабарлана отырып, тексеруді тоқтата тұруға не қайта бастауға дейін бір күн бұрын жүргізіледі.
      Тексеруді тоқтата тұру және қайта бастау кезінде тексеруді тоқтата тұру және қайта бастау туралы акт жасалады.
      Тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.
      Тоқтатыла тұрған және осы бапта белгіленген мерзімдерде қайта басталмаған тексеру бойынша жеке кәсіпкерлік субъектісін тексеруді қайта жүргізуге жол берілмейді.
      Салық қызметі органдары жүзеге асыратын тексерулерді жүргізу тәртібі мен мерзімдерінің, ұзартудың және тоқтата тұрудың ерекшеліктерін Қазақстан Республикасының Салық кодексі айқындайды.
      12. Тексеруді тағайындау туралы акті тек бір ғана жеке кәсіпкерлік субъектісіне ресімделеді.
      13. Зерттеулер (сынақтар), сараптамалар жүргізу үшін өнімнің (сынамалардың) үлгілерін іріктеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
      14. Тексерудің нәтижелері бойынша тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органның лауазымды адамы екі данада тексеру нәтижелері туралы акті жасайды.
      Тексеру нәтижелері туралы актіде:
      1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
      2) тексеруді жүргізген мемлекеттік органның атауы;
      3) соның негізінде тексеру жүргізілген тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
      4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (ол болғанда) және лауазымы;
      5) тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісінің атауы немесе дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болғанда), тексеруді жүргізу кезінде қатысқан заңды тұлға өкілінің немесе дара кәсіпкер өкілінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болғанда), лауазымы;
      6) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
      7) тексерудің нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер;
      8) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер өкілінің, сондай-ақ тексеруді жүргізу кезінде қатысқан адамның актімен танысуы туралы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы;
      9) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолы көрсетіледі.
      Тексерудің нәтижелері туралы актіге олар болған жағдайда өнімнің үлгілерін (сынамаларын) іріктеу, қоршаған орта объектілерін зерттеу туралы актілер, жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және тексеру нәтижелерімен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.
      15. Тексерудің нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектісінің басшысы немесе дара кәсіпкер не олардың өкілдері оларды жазбаша түрде белгілейді.
      Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізудің нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі жасалады.
      16. Жеке кәсіпкерлік субъектісінде түпнұсқа ретінде болатын құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшаларының көшірмелері бар тексерудің нәтижелері туралы актінің бір данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды және басқа да іс-қимылдарды қабылдау үшін жеке кәсіпкерлік субъектісінің басшысына немесе дара кәсіпкерге не олардың өкілдеріне тапсырылады.
      17. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша жеке кәсіпкерлік субъектісі үш күндік мерзімде қарсылықтар болмағанда тексеруді жүргізген мемлекеттік органның басшысымен келісілген мерзімдерді көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданатын шаралар туралы ақпарат беруге міндетті.
      18. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабын жүргізуге құқығы бар. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары жеке кәсіпкерлік субъектілерінің келушілер мен тексерулерді есепке алу кітабында тегін, лауазымдарын және актіде баяндалған деректерді көрсете отырып, жүргізілген іс-қимылдар туралы жазба жасауға міндетті.
      19. Түпнұсқалық бухгалтерлік және өзге де құжаттарды алып қоюға және алуға тыйым салынады.
      Түпнұсқалық құжаттарды алып қою және алу Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жағдайларда жүргізіледі.
      20. Тексеру жүргізілген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық болмаған жағдайда актіге тексеру нәтижелері жөнінде тиісті жазба жасалады.
      21. Тексерілетін жеке кәсіпкерлік субъектісіне тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеруді аяқтау мерзімінен кешіктірілмей тексеру нәтижелері туралы актінің тапсырылған күні тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.
      22. Иесі бүркемеленген өтініштер жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіз бола алмайды.
      Осы Заңда белгіленбеген өзге тексеру түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
       Ескерту. 38-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      39-бап. Жеке кәсiпкерлiктi бақылауды жүзеге асыру
              кезiндегi мемлекеттiк органдардың лауазымды
              адамдарының құқықтары мен мiндеттерi

     1. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының:

     1) осы Заңның 38-бабының 4-тармағында көрсетiлген құжаттарды  көрсеткен кезде тексерiлетiн объектiнiң аумағына және үй-жайларына кедергiсiз кiруге;

     2) қағаз және электронды жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексеру нәтижелерi туралы актiге қосу үшiн алуға, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен мәнiне сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуге құқығы бар.

     2. Тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына тексеру мәнiне жатпайтын талаптар қоюға және өтiнiш жасауға тыйым салынады.

     3. Мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары:
     1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға;

     2) тексерудi осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiзде және тәртiппен қатаң сәйкестiкте жүргiзуге;

     3) тексеру жүргiзу кезеңiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң белгiленген жұмыс режимiне кедергi келтiрмеуге;

     4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарды бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген өкiлеттiктердi уақтылы және толық көлемде орындауға;

     5) тексеру жүргiзу кезiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қатысуына кедергi келтiрмеуге, тексеру мәнiне жатқызылған мәселелер бойынша түсiнiктер беруге;

     6) тексеру жүргiзу кезiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне тексерудiң мәнiне қатысты қажеттi ақпарат беруге;

     7) тексеру аяқталған күнi жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жүргiзiлген тексерудiң нәтижелерi туралы актiнi беруге;

     8) алынған құжаттардың және тексеру жүргiзудiң нәтижесiнде алынған мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

      40-бап. Мемлекеттік бақылауды жүргізу кезіндегі жеке
              кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары мен
              міндеттері

      1. Жеке кәсіпкерлік субъектілері жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылауды жүргізу кезінде:
      1) мынадай:
      жоспарлы тексерулер тағайындалған кезде алдағы тексерулерге қатысты уақыт аралығы сақталмаған;
      мемлекеттік органдар өз құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексерулер тағайындаған;
      тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген мерзімдер асып кеткен не олар өтіп кеткен, осы Заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес келмеген;
      "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-1-бабы 7-тармағының 2), 4), 6) 7) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік орган белгілі бір мәселе бойынша, белгілі бір кезеңде бұрын тексеру жүргізілген жеке немесе заңды тұлғаға оған қатысты көрінеу қайта тексеру тағайындаған;
      егер алдыңғы тексеру кезінде бұзушылықтар анықталмаған болса, осы Заңның 37-1-бабы 7-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындалған;
      осы Заңның 38-бабының 2 және 4-тармақтарында көзделген ақпарат пен құжаттар болмаған;
      жасалған не әзірленіп жатқан қылмыстар туралы өтініште немесе хабарламада, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу туралы өзге де өтініштерде көрсетілген уақыт аралығының шеңберінен шығатын кезеңде тексеру тағайындалған;
      тексеру жүргізуге тиісті өкілеттіктері жоқ адамдарға тексеру жүргізу тапсырылған;
      осы Заңның 37-1-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, тексеруді тағайындау туралы бір актіде тексеруге тартылатын бірнеше жеке кәсіпкерлік субъектілері көрсетілген;
      тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен асырып ұзартылған жағдайларда, объектіге тексеру жүргізу үшін келген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарын тексеруге жібермеуге;
      2) егер жүргізілетін тексерудің мәніне жатқызылмаған немесе актіде көрсетілген кезеңге жатқызылмаған болса, мәліметтер бермеуге;
      3) тексеруді тағайындау туралы актіге және тексерудің нәтижелері туралы актіге және мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
      4) мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың жеке кәсіпкерлікті шектейтін заңға негізделмеген тыйым салуларын орындамауға;
      5) тексеруді жүзеге асыру процесін, сондай-ақ лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірместен, аудио- және бейне-техника құралдарының көмегімен лауазымды адамның тексеру шеңберінде жүргізетін жекелеген іс-әрекеттерін тіркеуге;
      6) үшінші тұлғалардың өз мүдделері мен құқықтарын білдіруі, сондай-ақ үшінші тұлғалардың осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген іс-әрекеттерді жүзеге асыруы мақсатында оларды тексеруге қатысуға тартуға құқылы.
      2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік бақылауды жүргізген кезде жеке кәсіпкерлік субъектілері:
      1) осы Заңның 38-бабы 4-тармағының талаптары сақталған кезде тексерілетін объектінің аумағына және үй-жайларына мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге;
      2) осы Заңның 11-бабының талаптарын сақтай отырып, тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына қағаз және электронды жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін тексерудің нәтижелері туралы актіге қосу үшін табыс етуге, сондай-ақ тексерудің міндеттері мен мәніне сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткізуіне мүмкіндік беруге;
      3) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасында алғаны туралы белгі жасауға міндетті.
       Ескерту. 40-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       40-1-бап. Тексеру жүргізу кезіндегі шектеулер

      Тексеру жүргізу кезінде мемлекеттік органның бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды адамдары:
      1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген талаптар мемлекеттік органның атынан әрекет ететін лауазымды адамдардың құзыретіне жатпаса, мұндай талаптардың орындалуын тексеруге;
      2) егер құжаттар, ақпарат, өнім үлгілері, қоршаған орта объектілерін және өндірістік орта объектілерін зерттеу сынамалары тексеру объектілері болып табылмаса немесе тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынуды талап етуге;
      3) өнім үлгілеріне, қоршаған орта объектілерін және өндірістік орта объектілерін зерттеу сынамаларына зерттеу, сынау, өлшеу жүргізу үшін көрсетілген үлгілердің, сынамалардың белгіленген нысан бойынша және (немесе) мемлекеттік стандарттарда, үлгілерді, сынамаларды іріктеп алу қағидаларында және олардың зерттеу, сынау, өлшеу әдістерінде, техникалық регламенттерде немесе олар күшіне енетін күнге дейін қолданыста болатын өзге де нормативтік техникалық құжаттарда, зерттеу, сынау, өлшеу қағидаларында және әдістерінде белгіленген нормадан асатын санда іріктеп алынуы туралы хаттамаларды ресімдемей, оларды іріктеп алуға;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексеру жүргізу нәтижесінде алынған және коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты жария етуге және (немесе) таратуға;
      5) тексеру жүргізудің белгіленген мерзімдерінен асып кетуге;
      6) "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-1-бабы 7-тармағының 2), 4), 6), 7), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, белгілі бір мәселе бойынша, белгілі бір кезеңде бұрын тексеру жүргізілген жеке немесе заңды тұлғаға қатысты көрінеу қайта тексеру жүргізуге;
      7) мемлекеттік бақылау мақсатында шығынды сипаттағы іс-шараларды жеке кәсіпкерлік субъектілерінің есебінен жүргізуге құқылы емес.
       Ескерту. 40-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       40-2-бап. Осы Заңның талаптарын өрескел бұза отырып
                жүргізілген тексерудің жарамсыздығы

      1. Бақылау және (немесе) қадағалау функцияларын жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органның осы Заңда белгіленген, тексеруді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылған талаптарды өрескел бұза отырып жүргізген тексеруі жарамсыз деп танылады, ал осы тексерудің нәтижелері жөніндегі акт жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында белгіленген міндетті талаптарды бұзуының дәлелі болып табылмайды және жоғары тұрған мемлекеттік органның немесе соттың оның күшін жоюына негіз болып табылады.
      Жоғары тұрған мемлекеттік органның тексерудің жарамсыздығына байланысты жеке кәсіпкерлік субъектісінің өтінішін қарауы өтініш берілген кезден бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      Мұндай өтінішті қараудың белгіленген мерзімі бұзылған жағдайда шешім жеке кәсіпкерлік субъектісінің пайдасына шешілді деп есептеледі.
      2. Өрескел бұзушылыққа:
      1) тексеру жүргізу негіздерінің болмауы;
      2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;
      3) тексеру жүргізу туралы хабарлама мерзімдерінің сақталмауы;
      4) осы Заңның 40-1-бабының талаптарын бұзу;
      5) жоспарлы тексеру тағайындау кезінде алдыңғы тексеруге қатысты уақыт аралығын бұзу;
      6) тексерілетін субъектіге тексеру актісін табыс етпеу жатады.
       Ескерту. 40-2-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      41-бап. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын
              мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды
              адамдарының шешiмдерiне, iс-әрекетiне
              (әрекетсiздiгiне) шағымдану тәртiбi

     1. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жағдайда жеке кәсiпкерлiк субъектiсi тиiстi органның және (немесе)  лауазымды адамның iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) жоғары тұрған мемлекеттiк органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сотқа шағымдануға құқылы.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қылмыстық iстi қозғаумен және тексеру жүргiзумен байланысты мемлекеттiк органдардың iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдануы Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

9-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК БАҚЫЛАУДЫ, ЛИЦЕНЗИЯЛАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КЕЗIНДЕ МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАР МЕН ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

      Ескерту. 9-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05.  N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      42-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары
              мен заңды мүдделерiн бұзғаны үшiн жауаптылықтың
              жалпы негiздерi мен нысандары

     1. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары осы Заңның 29-бабының 1-тармағында белгiленген мемлекеттiк реттеудің мақсатына қол жеткiзбеген мемлекеттiк бақылауды, лицензиялауды жүзеге асыру кезiнде өз қызметтiк  мiндеттерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы iс-әрекеттер (әрекетсiздiк) жасағанда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

     2. Мемлекеттiк органдар мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуда кiнәлi лауазымды адамдарына қатысты қабылданған шаралар туралы құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне бiр ай iшiнде жазбаша хабарлауға мiндеттi.

     3. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жеке кәсiпкерлiк субъектiсi туралы ақпаратты таратқаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады, ал жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң келiсiмiнсiз ақпаратты тарату нәтижесiнде оған келтiрiлген зиян өтелуге тиiс.
      Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05.  N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      43-бап. Жеке кәсiпкерлiкке кедергi келтiргенi үшiн
              жауаптылық

     1. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының жеке кәсiпкерлiк қызметiне заңсыз кедергi жасайтын кез келген iс-әрекетi (әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

     2. Қызметiн мәжбүрлеп тоқтата тұру немесе тыйым салу солардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын қаржылық ұйымдардың, кредиттiк бюролардың кәсiпкерлiк қызметiн қоспағанда, жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiн мәжбүрлеп тоқтата тұруды немесе тыйым салуды бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың өтiнiшi бойынша сот жүргiзедi.

     3. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiн сот шешiмiнсiз үш күннен аспайтын мерзiмге тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға, көрсетiлген мерзiмде талап-арызды сотқа табыс етудi мiндеттей отырып, ерекше жағдайларда жол берiледi.
     Бұл ретте бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органның қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы актісі соттың шешiмi шыққанға дейiн қолданыста болады.

     4. Кәсiпкерлiк қызметiне заңсыз кедергi келтiру салдарынан жеке кәсiпкерлiк субъектiсi көтерген барлық шығындар мен жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне келтiрiлген өзге де зиян өтелуге жатады.

      44-бап. Жеке кәсiпкерлiктi тексерудiң белгiленген
              тәртiбiн бұзғаны үшiн жауаптылық

     1. Мемлекеттiк орган немесе оның лауазымды адамы жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне тексеру жүргiзудiң белгiленген тәртiбiн бұзған жағдайда (тексерудi негiзсiз тағайындау, актi шығармай және  оны құқықтық статистика органында тiркемей тексеру жүргiзу, құжаттарды заңсыз алып қою, материалдық құндылықтарды заңсыз түгендеу, өндiрiстi тоқтата тұру, артық анықтамалар толтыру, негiзсiз сұрау салуларды талап ету және өзге де жағдайларда) өтеулi талап етiлетiн шығындардың көлемiне тексеруге арналған материалдарды дайындағаны үшiн жеке кәсiпкерлiк субъектi қызметкерлерiне төленген сыйақы сомалары, өндiрiстiң мәжбүрлi тоқтаған уақытына жалақы, өндiрiстi тоқтата тұру салдарынан шығарылмаған тиiстi тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзу кезiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң алуы ықтимал жiберiп алған пайда енгiзiлуi мүмкiн.

     2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен заңсыз деп танылған мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекетiмен (әрекетсiздiгiмен) жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.

     3. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргiзу кезiндегi заңсыз iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

10-тарау. ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIК СУБЪЕКТIЛЕРІНІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

      45-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi жауаптылығының
              жалпы жағдайлары

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн сақтауға мiндеттi.
     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      46-бап. Сәйкестiктi тексеру, калибрлеу және сынақ
              зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi
              органдардың жауаптылығы

     Сәйкестiктi тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi органдар өз мiндеттерiн орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

      47-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан
              Республикасының жосықсыз бәсеке туралы
              заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылығы

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының  заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      48-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан
              Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы
              заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылығы

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      49-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан
              Республикасының тауарлар импорты кезiнде iшкi
              рынокты қорғау шаралары туралы заңнамасын
              бұзғаны үшiн жауаптылығы

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының тауарлар импорты кезiнде iшкi рынокты қорғау шаралары туралы заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында жауаптылыққа әкеп соғады.

11-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      50-бап. Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк
              туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылығы

     Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      51-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

     1. Осы Заң 2006 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiлетiн 5-бапты қоспағанда, жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

     2. Осы Заңды қолданысқа енгiзу кезiнде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасы оған қайшы келмейтiн бөлiкте қолданылады және 2007 жылғы 1 қаңтарға дейiн соған сәйкес келтiрiлуге тиiс.

     3. Күшi жойылды деп танылсын:

     1) "Жеке кәсiпкерлiктi қорғау және қолдау туралы" 1992 жылғы 4 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1992 ж., N 16, 424-құжат; 1995 ж., N 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 14, 274-құжат; 1997 ж., N 13-14, 195, 205-құжаттар; 1999 ж., N 23, 931-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат, N 24, 338-құжат; 2003 ж., N 10, 51-құжат; N 19-20, 147-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат);

     2) "Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау туралы" 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 12, 182-құжат; 1998 ж., N 17-18, 225-құжат; 1999 ж., N 21, 778-құжат; N 23, 931-құжат; 2001 ж., N 4, 23-құжат; N 8, 52-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 15, 150-құжат; 2003 ж., N 4, 26-құжат; N 19-20, 147-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат);

     3) "Жеке кәсiпкерлiк туралы" 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 12, 185-құжат; N 22, 333-құжат; 1999 ж., N 23, 931-құжат; 2001 ж., N 24, 338-құжат).

     Қазақстан Республикасының
     Президентi

"Жеке кәсiпкерлiк туралы"    
2006 жылғы 31 қаңтардағы N 124-III
Қазақстан Республикасының Заңына 
ҚОСЫМША              

       Ескерту. Қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.24. N 190-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

Мемлекеттiк бақылау және қадағалау
ТҮРЛЕРI

      1. Электр энергетикасы саласындағы, жер қойнауын пайдалану және радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк орган :
      1) электр энергетикасы саласындағы бақылау және қадағалау ;
      2) жер қойнауын пайдалану саласындағы келiсiм-шарттар талаптарының орындалуын бақылау;
      3) жер қойнауын зерделеу және пайдалану саласындағы бақылау;
      4) мұнайгаз кәсiпшiлiгi инфрақұрылымын бақылау;
      5) халықтың радиациялық қауiпсiздiгi саласындағы бақылау;
      6) мұнай операцияларын жүргiзу саласындағы бақылау;
      7) мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiнiң өндiрiлуiн және оның айналымын бақылау;
      8) атом энергиясы саласындағы бақылау.

      2. Көлiк саласындағы мемлекеттiк орган:
      1) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану саласындағы бақылау;
      2) азаматтық авиация қызметiн бақылау;
      3) халықаралық әуе тасымалдарын бақылау;
      4) авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi бақылау;
      5) автомобиль көлiгi саласындағы бақылау;
      6) темiр жол көлiгi саласындағы бақылау;
      7) сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы бақылау;
      8) iшкi су көлiгi саласындағы бақылау;
      9) алып тасталды - 2009.07.17. N 188-IV Заңымен;
      10) алып тасталды - 2009.07.17. N 188-IV Заңымен;
      11) Мемлекеттiк шекарадан өткiзу пункттерiнде көлiк құралдарының иелерi мен тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру саласындағы бақылау;
      12) көлік саласындағы бақылау.

      3. Экспорттық бақылау жөнiндегi мемлекеттiк орган:
      өнімді тиеп жіберу алдындағы кезеңде және (немесе) оның түпкілікті пайдаланылуын бақылау.

      4. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк орган:
      1) техникалық реттеу саласындағы бақылау;
      2) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасының сақталуын бақылау.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05.  N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      5. Метрология саласындағы мемлекеттiк орган:
       метрология саласындағы бақылау.

      6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк орган:
      сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы бақылау .

      6-1. Тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік орган:
      тұрғын үй қатынастары саласын бақылау.
      Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР-ның 2009.06.08.  N 163-IV Заңымен.

      7. Ауыл шаруашылығы өнеркәсiбi кешенiн дамыту саласындағы мемлекеттiк орган:
      1) ветеринариялық-санитариялық бақылау ;
      2) асыл тұқымды мал шаруашылығы және ара шаруашылығы саласындағы бақылау;
      3) жануарлар дүниесiн қорғау, молайту және пайдалану саласындағы бақылау ;
      4) өсiмдiктердi қорғау және оның карантинi саласындағы бақылау;
      5) тұқым шаруашылығы саласындағы бақылау;
      6) астық нарығын реттеу саласындағы бақылау;
      7) орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсіру саласындағы бақылау;
      8) Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану және қорғау саласындағы бақылау ;
      9) өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру саласындағы бақылау;
      10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы бақылау ;
      11) мақтаның қауіпсіздігі және сапасы саласындағы бақылау

     8. Жер ресурстарын басқару жөнiндегi мемлекеттiк орган:
     1) жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау ;
     2) геодезиялық және картографиялық қызметтi бақылау .

     9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк орган :
     1) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды молықтыру және пайдалану саласындағы бақылау ;
     2) шаруашылық қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерiн бақылау;
     3) қалдықтармен жұмысты бақылау;
     4) мiндеттi экологиялық сақтандыру саласындағы бақылау.

     10. Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттiк орган :
     1) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы бақылау ;
     2) Азаматтық қорғаныс саласындағы бақылау;
     3) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы бақылау;
     4) өрт қауiпсiздiгi саласындағы бақылау;
     5) қызметi үшiншi тұлғаларға нұқсан келтiру қауiптiлiгiне байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру саласындағы бақылау.

     11. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк орган:
     1) дәрілік заттардың айналысы саласындағы бақылау;
     2) көрсетiлетiн медициналық және арнаулы әлеуметтік қызметтердiң сапасын бақылау.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының  2008.12.29 N 115-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.07.16. N 186-IV Заңдарымен.

     12. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк орган:
     1) санитарлық-эпидемиологиялық бақылау ;
     2) халыққа жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егудiң ұйымдастырылуын және өткiзiлуiн бақылау;
     3) жұқпалы аурулардың алдын алу жөнiндегi iс-шаралардың ұйымдастырылуын және олардың өткiзiлуiн бақылау.

     13. Бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк орган:
     бiлiм беру жүйесiндегi бақылау.

     14. Әлеуметтiк-мәдени қатынастар саласындағы мемлекеттiк орган:
     Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған және жеке мұрағаттарда сақталатын құжаттардың сақталуын бақылау .

      15. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік орган:
      1) Қазақстан Республикасының еңбек туралы және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылау;
      2) қызметкердің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруы кезінде оның өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы бақылау;
      3) халықты жұмыспен қамту саласындағы бақылау;
      4) мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау;
      5) арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну саласындағы бақылау.

     16. Бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi мемлекеттiк орган:
     бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасы  заңнамасының сақталуын бақылау.

     17. Ақпараттандыру және байланыс саласындағы мемлекеттiк орган:
     1) байланыс саласындағы бақылау;
     2) ақпараттандыру саласындағы бақылау;
     3) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау.

     18. Мемлекет алдындағы салық мiндеттемелерiнiң орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн мемлекеттiк орган:
     1) салық және басқа да мiндеттi төлемдердiң бюджетке түсуiн, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарының және Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдардың толық және уақтылы аударылуын салықтық бақылау;
     2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзыретi шегiнде салықтық емес түсiмдердiң түсуiн салықтық бақылау;
     3) трансферттiк бағаларды қолдану кезiндегi бақылау;
     4) акцизделетiн өнiмдердiң өндiрiлуiн және айналымын бақылау.
     Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап  қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      19. Банкроттық саласындағы мемлекеттiк орган:
     сырттай байқау рәсімінің, оңалту рәсімінің, конкурстық іс жүргізудің өткізілуін бақылау .
       Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05.  N 60-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

     20. Кеден iсi мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк орган:
     1) кеден iсi саласындағы бақылау;
     2) Қазақстан Республикасы валюта заңнамасының сақталуын бақылау;
     3) құзыретi шегiнде салықтық бақылау;
     4) мәдени құндылықтардың әкетiлуiне бақылау.

     21. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк орган :
     1) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын қадағалау мен бақылау ;
     2) кредиттiк бюролар қызметiн қадағалау мен бақылау;
     3) инвестициялық қорлар қызметiн қадағалау мен бақылау.

     22. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi :
     1) валюталық операцияларды жүзеге асыруға және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметтi бақылау;
     2) құзыретi шегiнде қаржылық ұйымдардың қызметiн бақылау;
     3) төлемдер және ақша аударымдары, вексель айналымдары мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының және Қазақстан Республикасы валюта заңнамасының сақталуын бақылау;
     4) төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қадағалау.

      23. Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу жөніндегі мемлекеттік орган - монополияға қарсы орган:
      1) экономикалық шоғырлануды бақылау;
      2) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының сақталуын бақылау.

     24. Әдiлет органдары:
     1) авторлық құқық және сабақтас құқық, өнеркәсiптiк меншiк , селекциялық жетiстiктер , интегралдық микросхема топологиясы объектiлерiн пайдалануды бақылау ;
     2) нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiнiн кейiннен жариялау саласындағы бақылау .

      25. Табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган:

      1) табиғи монополиялар салаларындағы бақылау ;

      2) энергия өндіруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасын сақтауын өз құзыреті шегінде бақылау;

      3) реттелетін нарық субъектілерінің Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында белгіленген міндеттерді және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген, мемлекет реттеп отыратын бағалар енгізілетін өнімдер, тауарлар және көрсетілетін қызметтер номенклатурасы бойынша белгіленген бағаларды сақтауын бақылау.
      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.12.29 N 116-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      26. Стратегиялық маңызы бар экономика салаларындағы жекешелендiру мен меншiк мониторингi саласындағы мемлекеттiк орган:
      1) жекешелендiруден кейiнгi бақылау ;
      2) мемлекеттiң үлесi бар меншiк объектiлерiн, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар экономика салаларындағы басқару тиiмдiлiгiнiң мониторингi.

      27. Мемлекеттік қаржы бақылау органдары:
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылау .
      Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.21 N 304 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2008.12.29 N 116-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      28. Қоғамдық тәртiптi сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк орган:
     1) жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң қамтамасыз етiлуiн бақылау ;
     2) азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарының, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласында жұмыспен қамтылған жеке және заңды тұлғалардың қызметiн бақылау ;
     3) түрлi-түстi бейнелi көбейткiш-көшiргiш техниканың, сондай-ақ штемпельдi-гравюралық кәсiпорындардың қызметiн бақылау ;
     4) жарылғыш және улы заттарды, радиоактивтi материалдар мен заттарды қолдану мен олардың жұмыс iстеуiнiң белгiленген ережелерiнiң сақталуын бақылау ;
     5) өз құзыретi шегiнде шетелдiк жұмыс күшiн тарту ережелерiнiң сақталуын бақылау ;
     6) күзет қызметін бақылау ;
     7) есiрткi, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын бақылау ;
     8) көлiк құралдарының иелерi мен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін міндетті сақтандыру саласындағы бақылау .

      29. Туристік қызмет саласындағы мемлекеттік орган:
      Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуын бақылау.
      Ескерту. 29-тармақ толықтырылды - ҚР-ның 2008.07.05. N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      30. Аудиторлық қызмет саласындағы мемлекеттік орган:
      аудиторлық қызмет және кәсіби аудиторлық ұйымдар қызметі саласындағы бақылау.
      Ескерту. 30-тармақ толықтырылды - ҚР-ның 2009.02.20. N 138-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      РҚАО-ның ескертуі!
      31-тармақ алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң  қолданысқа енгізілетін ҚР-ның 2009.05.04. N 156-IV Заңымен жаңа редакцияда беріледі.
      31. Ойын бизнесі саласындағы мемлекеттік орган :
      ойын бизнесі саласындағы бақылау.
      Ескерту. 31-тармақпен толықтырылды - ҚР-ның 2009.05.04. N 157-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

       33. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік орган:
      1) Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасының орындалуын бақылау;
      2) спорт объектілерін пайдалану, оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі стандарттардың, ережелер мен нормалардың сақталуы жағынан бақылау;
      3) спортта допингке қарсы іс-шаралардың жүргізілуін бақылау.
       Ескерту. 33-тармақпен толықтырылды - ҚР-ның 2009.07.10. N 181-IV Заңымен.

       Қолданушылар назарына!
      Қазақстан Республикасының 2009.07.17. N 188-IV Заңын қараңыз .

       33. Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік орган:
      дене шынықтыру және спорт саласындағы бақылау.
      34. Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы мемлекеттік орган:
      бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы бақылау.
      35. Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі мемлекеттік орган:
      өңірлік қаржы орталығы қатысушыларының Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы саласындағы қызметін бақылау.
      36. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік орган:
      тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғалуын және пайдаланылуын бақылау.
      37. Статистика саласындағы мемлекеттік орган:
      статистика саласындағы бақылау.
      38. Кәсіпкерлік жөніндегі мемлекеттік орган:
      жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы бақылау.