Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 10 шілдедегі N 181-IV Заңы

       1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. "Дене шынықтыру және спорт туралы" 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., N 24, 1065-құжат; 2003 ж., N 15, 129-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 13, 86-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 10, 69-құжат; N 20, 152-құжат):

      1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) Арнайы олимпиада - мүгедектер мен ақыл-есінің мүмкіндігі шектеулі адамдар қатарындағы спортшылар арасында өткізілетін халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
      2) әуесқойлық спорт - азаматтардың дене тәрбиесінің жалпы жүйесіндегі өзінің спорт шеберлігін жетілдіруге және спорттың әр түрінде жоғары нәтижелерге жетуге мүмкіндік беретін сан қырлы бұқаралық спорт қозғалысы;
      3) бас жаттықтырушы - Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына басшылық жасауға, спорт түрі бойынша әлем чемпионаттарында, Азия және Олимпиада ойындарында және басқа да халықаралық жарыстарда оның даярлығына, қалыптасуы мен сайысқа түсуіне жауап беретін жаттықтырушы;
      4) бұқаралық спорт - дене жаттығуларымен айналысуға тарту және спорттың әр түріндегі талантты спортшыларды анықтау мақсатында халық арасында дене шынықтыруды дамытуға ықпал ететін бұқаралық спорт қозғалысын білдіретін дене шынықтырудың бір бөлігі;
      5) бұқаралық спорт іс-шараларының күнтізбесі - дене шынықтыру-спорт ұйымдарының оқу-жаттығу жұмысын күнтізбелік жылға жоспарлауы мен өткізуін регламенттейтін ресми құжат;
      6) дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері - дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарды медициналық қамтамасыз етуге, дәрігерлік бақылауға, емдік дене шынықтыруға және оңалтуға арналған медициналық ұйым;
      7) дене тәрбиесі - дені сау, дене бітімі және рухани жағынан жетілген, моральдық жағынан табанды жеткіншек ұрпақты қалыптастыруға, адамның денсаулығын нығайтуға, жұмыс қабілетін арттыруға, шығармашылық ғұмырлылығы мен өмірін ұзартуға бағытталған педагогикалық процесс;
      8) дене тәрбиесінің құралдары - дене шынықтыру жаттығулары, табиғаттың сауықтыру күштері және гигиеналық факторлар;
      9) дене шынықтыру - мәдениеттің ажырамас бөлігі, адамның дене бітімін дамыту, оның денсаулығын нығайту мақсатында қоғам жасайтын және пайдаланатын, адамның үйлесімді дамуына ықпал ететін рухани және материалдық құндылықтар жиынтығы болып табылатын әлеуметтік қызмет саласы;
      10) дене шынықтыру (дене шынықтыру-спорт) қозғалысы - халықтың дене шынықтыру деңгейін арттыруға, жеке және заңды тұлғалардың дене шынықтыру мен спортты дамыту жөніндегі нысаналы қызметіне жәрдемдесетін әлеуметтік қозғалыс нысаны;
      11) дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті орган - дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      12) дене шынықтыру және спорт жүйесі - халықтың дене тәрбиесі мен спортты дамыту мақсатындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелердің және өзге де заңды тұлғалардың жиынтығы;
      13) дене шынықтыру және спорт саласындағы аккредиттеу - дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті органның спорт түрі бойынша республикалық қоғамдық бірлестіктің тиісті халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасын білдіретін құқықтық өкілеттігін ресми тануы;
      14 ) дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық ғимараттары - азаматтардың дене шынықтыру жаттығуларымен, спортпен айналысуына және спорттық ойын-сауық іс-шараларын өткізуге арналған объектілер;
      15) дене шынықтыру-спорт қоғамы (спорт клубы) - қызметі азаматтардың дене шынықтыру және спорт құралдарымен сауығуына бағытталған дене шынықтыру-спорт ұйымының құрамдас бөлігі;
      16) дене шынықтыру-спорт ұйымы - дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      17) жаттықтырушы - кәсіби білімі бар және оқу-жаттығу процесі барысында спортшының даярлығын және спорттық нәтижелерге қол жеткізу үшін оның жарыс әрекетіне басшылықты жүзеге асыратын жеке тұлға;
      18) жоғары дәрежедегі спортшы - Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының мүшесі болып табылатын, спорттық атағы бар және жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу мақсатында спорт жарыстарында өнер көрсететін спортшы;
      19) жоғары жетістіктер спорты - жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізуді, рекордтар жасауды қамтамасыз ететін спорт саласы;
      20) кәсіпқойлық спорт - спорттық ойын-сауық іс-шараларының экономикалық тиімділігін және жоғары ақпараттық-көңіл көтеру құндылығын көздейтін спорттық-кәсіпкерлік қызмет;
      21) кешенді ғылыми топ - ғылыми-әдістемелік және медициналық-биологиялық зерттеулер жүргізу, спортшының функционалдық жай-күйін және даярлығының техникалық деңгейін айқындау үшін құрылатын білікті мамандар тобы;
      22) мемлекеттік жаттықтырушы - Қазақстан Республикасында спорт түріне жалпы басшылық жасау және оның дамуы үшін жауап беретін жаттықтырушы;
      23) оқу-жаттығу базасы - құрама командалардың оқу-жаттығу процесін тамақтану және сонда тұруымен қоса қамтамасыз етуге арналған спорт ғимараты;
      24) олимпиадалық даярлау орталығы - республикалық деңгейде құрылып, Қазақстан Республикасының жастар мен жасөспірімдер құрама командаларының спортшыларын халықаралық жарыстарға даярлау бойынша оқу-жаттығу, спорттық-әдістемелік қызметті жүзеге асыратын дене шынықтыру-спорт ұйымы;
      25) олимпиадалық резерв даярлау орталығы - жергілікті деңгейде құрылып, өңірдің жастар мен жасөспірімдер құрама командаларының спортшыларын республикалық және халықаралық жарыстарға даярлау бойынша оқу-жаттығу, спорттық-әдістемелік қызметті жүзеге асыратын дене шынықтыру-спорт ұйымы;
      26) Параолимпиадалық ойындар - тірек-қозғалу аппараты және көру органдары зақымданған мүгедек-спортшылар арасында өткізілетін халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
      27) президенттік тестілер - бақылау нормативтері арқылы халықтың дене шынықтыру дайындығының жалпы деңгейін айқындайтын жаттығулардың (сынақтардың) жиынтығы;
      28) салалық көтермелеу жүйесі - дене шынықтыру және спорт қызметкерлерін саланы дамытуға қосқан үлесі үшін ынталандыру нысаны;
      29) спорт - жарыс әрекетінің, спортшыларды жарыстарға қатысуға даярлаудың ерекше нысаны болып табылатын дене шынықтырудың бір бөлігі;
      30) спорт төрешісі - арнайы даярлықтан өткен және тиісті біліктілік санатын алған, спорт түрінің және спорттық іс-шараның ережелерін сақтауды қамтамасыз етуге спорттық іс-шараларды ұйымдастырушы уәкілеттік берген жеке тұлға;
      31) спорт түрі - біліктілік деңгейі, жаттығу ортасы, пайдаланылатын құрал-сайман мен жабдық, жарыс ережесі айрықша белгілері болып табылатын дене шынықтырудың құрамдас бөлігі;
      32) спорт түрі бойынша қоғамдық бірлестік - мақсаты бір немесе бірнеше спорт түрлерін дамыту, спорт жарыстарын және басқа да спорт іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізу болып табылатын, азаматтардың ерікті негізде құрылған бірлестігі;
      33) спорттық индустрия - дене шынықтыру-спорт мақсатындағы қызмет көрсетуді, өнімдер өндіруді жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің жиынтығы;
      34) спорт қызметі туралы келісімшарт - жоғары дәрежедегі спортшы немесе жаттықтырушы мен заңды тұлға арасында жасалатын шарт;
      35) спорт медицинасы және оңалту орталығы - спортшыны қалпына келтіру, алдын алу және оңалту іс-шараларын, медициналық-биологиялық препараттарды қолдану қауіпсіздігін және олардың тиімділігін қамтамасыз ететін медициналық ұйым;
      36) спорттық сыныптама - жекелеген спорт түрлерінде шеберлік деңгейін, сондай-ақ жаттықтырушылардың, спортшылардың, нұсқаушылардың, әдіскерлердің және төрешілердің біліктілік деңгейін айқындайтын спорттық атақтардың, разрядтардың және санаттардың жүйесі;
      37) спорттың техникалық және қолданбалы түрлері - спортшының техникалық құралдарды қолдана отырып жарыстарға арнайы даярлығын талап ететін дене шынықтырудың бір бөлігі;
      38) спортшы - спорт түрімен (түрлерімен) үнемі айналысатын және спорт жарыстарында өнер көрсететін жеке тұлға;
      39) Сурдолимпиадалық ойындар - есту органдарына зақым келген мүгедек-спортшылар арасында өткізілетін халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
      40) Универсиада - спорттың әр түрі бойынша өткізілетін дүниежүзілік студенттік қысқы және жазғы спорт жарыстары;
      41) ұлттық спорт түрлері - жарыс әрекеті нысанында тарихи қалыптасқан және өзіне тән дене шынықтыру жаттығуларын және дене шынықтыру белсенділігін ұйымдастырудың өзіндік ережелері мен тәсілдері бар халық ойындарын білдіретін дене шынықтырудың бір бөлігі;
      42) халықаралық спорт жарыстары - кемінде бес мемлекеттің өкілдері қатысатын спортшылар (командалар) арасында спорт түрінен өтетін сайыс.";

      2) 8-бапта :
      1-тармақтағы "дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы" деген сөздер "спорт түрлері бойынша" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3-тармақтың екінші бөлігіндегі "заң актілеріне" деген сөздер "заңнамасына" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3) 2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2-тарау. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт жүйесі";

      4) 2-тарау мынадай мазмұндағы 8-1-баппен толықтырылсын:

      "8-1-бап. Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру
                (дене шынықтыру-спорт) қозғалысының субъектілері

      Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру (дене шынықтыру-спорт) қозғалысы:
      1) олимпиадалық даярлау орталықтарын;
      2) олимпиадалық резерв даярлау орталықтарын;
      3) жоғары спорт шеберлігі мектептерін;
      4) спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарды;
      5) олимпиадалық резервтің спорт мектептерін;
      6) олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектептерін;
      7) балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін;
      8) дене шынықтыру-спорт қоғамдарын (спорт клубтарын);
      9) балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлығы клубтарын;
      10) балалар мен жеткіншектер клубтарын;
      11) спорт медицинасы және оңалту орталықтарын;
      12) дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерін;
      13) допингке қарсы комиссияларды;
      14) кешенді ғылыми топтарды;
      15) оқу-жаттығу базаларын;
      16) қызметі мектеп жасына дейінгі балалардың, оқушылар мен студенттердің дене тәрбиесі мен спорттық даярлығына бағытталған жеке және заңды тұлғаларды қамтиды.";

      5) 9-бапта :
      1-тармақтың бірінші бөлігіндегі "және санитариялық-гигиеналық талаптарға" деген сөздер ", санитариялық ережелер мен гигиеналық нормативтерге" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      "1-1. Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері, жалпы білім беретін мектептер және басқа да оқу орындары оқушыларға дене тәрбиесін беру мақсатында: дене шынықтыру машықтарын қалыптастырады, спортпен айналысуға тартады, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шаралар өткізеді және қоғамдық бірлестіктер мен басқа да заңды тұлғалардың мектеп жасына дейінгі балалардың, оқушылар мен студенттердің қатысуымен спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуіне жәрдемдеседі.";
      2-тармақтағы "әзірлігіне бағытталған басқа да ұйымдар" деген сөздер "даярлығына бағытталған басқа да заңды тұлғалар" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 10-баптың 1-тармағында:
      "Меншік нысандарына қарамастан кәсіпорындар" деген сөздер "Кәсіпорындар" деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Мемлекеттік кәсіпорындар және мемлекеттің қатысу үлесі бар заңды тұлғалар дене шынықтыру-спорт қоғамдарының (спорт клубтарының) қызметіне қатысуға міндетті.";

      7) 11-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Тұрғылықты жерде және халықтың жаппай демалатын орындарында дене шынықтыруды және спортты дамыту:
      1) спорттық клубтар мен секциялар жұмысын ұйымдастыруды;
      2) дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді;
      3) дене шынықтыру-спорт ұйымдарына жаппай демалатын орындарда халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуына арналған қажетті үй-жайлар бөлуге және спорттық ғимараттар беруге жәрдемдесуді қамтиды.";

      8) 12-бапта :
      тақырыптағы және мәтіндегі "Мүгедектерге", "мүгедектерді", "мүгедектер", "Ақыл-есі кем және дене кемістігі бар мүгедектерді" және "мүгедектердің" деген сөздер тиісінше "Мүгедектер мен ақыл-есінің мүмкіндігі шектеулі адамдарға", "мүгедектер мен ақыл-есінің мүмкіндігі шектеулі адамдарды", "мүгедектер мен ақыл-есінің мүмкіндігі шектеулі адамдар", "Мүгедектер мен ақыл-есінің мүмкіндігі шектеулі адамдарды" және "мүгедектер мен ақыл-есінің мүмкіндігі шектеулі адамдардың" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4-тармақтың бірінші бөлігі "халықаралық жарыстарға" деген сөздерден кейін ", оның ішінде Параолимпиадалық, Сурдолимпиадалық ойындарға және Арнайы олимпиадаға" деген сөздермен толықтырылсын;

      9) 14-бапта :
      төртінші абзац бойынша орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді;
      алтыншы абзац бойынша орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді;

      10) 15-бапта :
      2-тармақта:
      "және санитариялық-гигиеналық нормаларға" деген сөздер ", санитариялық ережелер мен гигиеналық нормативтерге" деген сөздермен ауыстырылсын;
      орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді;
      3-тармақтағы "санитариялық-гигиеналық нормаларға" деген сөздер "санитариялық ережелер мен гигиеналық нормативтерге" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4-тармақтағы "заңдарында белгіленген тәртіппен" деген сөздер "заңдарына сәйкес" деген сөздермен ауыстырылсын;

      11) 16-бапта :
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Жоғары дәрежедегі спортшылар даярлауды дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті орган бекіткен спорт түрлері жөніндегі бағдарламаларға сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы отандық және шетелдік мамандар, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласында қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар жүзеге асырады.";
      2-тармақтың бірінші бөлігінде:
      "спортшыларын әзірлеу" деген сөздер "жоғары дәрежедегі спортшыларын даярлау" деген сөздермен ауыстырылсын;
      екінші сөйлем алып тасталсын;

      12) 18-бапта :
      1-тармақтағы "ғалымдардың, дене шынықтыру-спорт ұйымдары мен спорт медицинасы ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің ұжымдары спорттың түрлері бойынша федерациялардың" деген сөздер "отандық және шетелдік мамандардың, дене шынықтыру-спорт және медицина ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің ұжымдары спорттың түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктердің" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-тармақтағы "спорттың әр түрі бойынша тиісті федерациялар", "спорттың әр түрі бойынша федерациялардың" деген сөздер тиісінше "спорт түрлері бойынша тиісті қоғамдық бірлестіктер", "спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктердің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      13) 20-бапта :
      "ұйымдармен" деген сөз "заңды тұлғалармен" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "ғалымдарды" деген сөз "отандық және шетелдік мамандарды" деген сөздермен ауыстырылсын;
      орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді;

      14) 21-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-бап. Спорт резервін даярлау

      1. Спорт резервін даярлау оқу-жаттығу процесі кезеңінде оқу-жаттығу бағдарламаларының және оқу жоспарларының негізінде жүзеге асырылады.
      Оқу-жаттығу процесі спортшыларды даярлаудың мынадай көпжылдық кезеңдеріне бөлінеді:
      1) спорттық-сауықтыру;
      2) бастапқы даярлық;
      3) оқу-жаттығу;
      4) спорт шеберлігін жетілдіру;
      5) жоғары спорт шеберлігі.
      2. Оқу-жаттығу процесін ұйымдастыру оқу-жаттығу мен спорттық іс-шараларды өткізуді, спортшыларға медициналық қызмет көрсетуді, оларды тамақтандыруды және оқу-жаттығу мен спорттық іс-шараларға бару жолын, сондай-ақ спорттық керек-жарақпен, спорт құрал-сайманымен және жабдығымен қамтамасыз етуді қамтиды.
      3. Оқу-жаттығу сабақтары дене шынықтыру-спорт ұйымдарында және балалар-жасөспірімдер спорт ұйымдарында жүргізіледі.";

      15) 22-баптың 1-тармағының екінші абзацындағы "және ұлттық федерациялар" деген сөздер "федерациялар және республикалық қоғамдық бірлестіктер" деген сөздермен ауыстырылсын;

      16) 22-1-бапта :
      4-тармақтағы "Дене шынықтыру және спорт жөніндегі жаттықтырушыларға" деген сөздер "Жаттықтырушыларға" деген сөзбен ауыстырылсын;
      5-тармақтағы "Дене шынықтыру және спорт жөніндегі төрешілерге" деген сөздер "Спорт төрешілеріне" деген сөздермен ауыстырылсын;

      17) 4-тарау мынадай мазмұндағы 22-2-баппен толықтырылсын:

      "22-2-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің дене шынықтыру
                 және спорт саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) спорт түрлері бойынша республикалық қоғамдық бірлестіктерді аккредиттеу ережесін бекітеді;
      2) спорттық іс-шараларды материалдық қамтамасыз ету нормативтерін бекітеді;
      3) республикалық спорттық іс-шаралардың, универсиадалардың жүлдегерлерін және оларға қатысушыларды және халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелері үшін Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының мүшелерін көтермелеу мөлшерлерін бекітеді;
      4) еңбек сіңірген спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы материалдық қамсыздандыру түрінде өмір бойы төлемақы төлеу ережесін бекітеді;
      5) Президенттік тестілерді өткізу ережесін бекітеді.";

      18) 23-бапта :
      3) тармақшадағы "спорт" деген сөз "дене шынықтыру-спорт" деген сөздермен ауыстырылсын;
      10) тармақшадағы "стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі" деген сөздер "техникалық реттеу саласындағы" деген сөздермен ауыстырылсын;
      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "13) білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, жоғары санаттағы спорт ғимараттарында дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерін көрсету жөніндегі заңды және жеке тұлғалардың қызметін, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласында қызмет көрсетумен байланысты спорт түрлері бойынша республикалық және өңірлік қоғамдық бірлестіктердің қызметін лицензиялауды жүзеге асырады;";
      мынадай мазмұндағы жаңа 14-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "14-1) спорт түрлері бойынша республикалық қоғамдық бірлестіктерді аккредиттеуді жүзеге асырады;";
      15) тармақшадағы "және бекітеді" деген сөздер алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 21), 22), 23), 24), 25), 26) тармақшалармен толықтырылсын:
      "21) дене шынықтыру (дене шынықтыру-спорт) қозғалысы субъектілерінің қызметін ұйымдастыру ережесін бекітеді;
      22) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып, Дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің және спорт медицинасы мен оңалту орталықтарының қызметін ұйымдастыру ережесін бекітеді;
      23) спорт түрлері бойынша жарыстардың ережесін бекітеді;
      24) Спортшының бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан, дене шынықтыру-спорт қоғамынан (спорт клубынан) басқа дене шынықтыру-спорт ұйымына, дене шынықтыру-спорт қоғамына (спорт клубына) ауысуы туралы ережені бекітеді;
      25) дене шынықтыру-спорт және балалар-жасөспірімдер спорт ұйымдарындағы оқу-жаттығу бағдарламаларын және оқу-жаттығу процесінің кезеңдерін бекітеді;
      26) спорт түрлері бойынша бас және мемлекеттік жаттықтырушыларды қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.";

      19) 23-1-бапта :
      1-тармақта:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы:";
      13) тармақшада:
      "дене шынықтыру-сауықтыру және" деген сөздердің алдынан "білім беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;
      "дене шынықтыру және спорт жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жергілікті қоғамдық бірлестіктердің, одақтардың, қауымдастықтардың (облыстық федерациялардың)" деген сөздер "спорт түрлері бойынша жергілікті қоғамдық бірлестіктердің" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
      "14) емдік дене шынықтыру және дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарды оңалту бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің қызметін қамтамасыз етеді.";
      2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы:";
      3-тармақ "жәрдем көрсетеді" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ азаматтардың тұрғылықты жерінде және жаппай демалатын орындарында дене шынықтыруды және спортты дамыту үшін жағдайлар жасайды" деген сөздермен толықтырылсын;

      20) 24-бапта :
      тақырыптағы, 1 және 3-тармақтардағы "Дене шынықтыру және спорт саласындағы", "дене шынықтыру және спорт саласындағы" деген сөздер тиісінше "Спорт түрлері бойынша", "спорт түрлері бойынша" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-тармағының екінші бөлігі алып тасталсын;

      21) 24-1-баптың 2-тармағы алып тасталсын;

      22) 25-бапта :
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Дене шынықтыруды және спортты қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.";
      6-тармақ алып тасталсын;

      23) 26-бапта :
      1-тармақтағы "спорт клубтарының, мектеп-интернаттарының, спорт мектептерінің", "спорт клубтары (мектеп-интернаттар, спорт мектептері" деген сөздер тиісінше "дене шынықтыру-спорт ұйымдарының", "дене шынықтыру-спорт ұйымдары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-тармақта:
      "дене шынықтыру,", "Спорт бірлестіктерінің" деген сөздер тиісінше "дене шынықтыру-", "Дене шынықтыру-спорт ұйымдарының, спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктердің" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "сол бірлестіктердің келісімімен" деген сөздер "олардың келісімімен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      24) 27-бапта :
      1-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
      "4. Мемлекеттік меншіктегі дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық ғимараттарды, соларға тең дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық ғимараттарын құрмай жоюға, олардың нысаналы және функционалдық мақсаттарын өзгертуге жол берілмейді.";

      25) 29-баптағы "аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) атқарушы органның және дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы ұйымдар" деген сөздер "ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының және дене шынықтыру-спорт ұйымдары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      26) 30-бапта :
      1 және 2-тармақтардағы "дене шынықтыру-спорт бірлестіктері" деген сөздер "спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-тармақта:
      "ұйымдардың" деген сөз "дене шынықтыру-спорт ұйымдарының" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "меншік нысандарына қарамастан" деген сөздер алып тасталсын;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Спортшының бір дене шынықтыру-спорт ұйымынан, дене шынықтыру-спорт қоғамынан (спорт клубынан) басқа дене шынықтыру-спорт ұйымына, дене шынықтыру-спорт қоғамына (спорт клубына) немесе шетелдік дене шынықтыру-спорт ұйымына (шетелдік спорт клубына) дене шынықтыру-спорт ұйымдарының, дене шынықтыру-спорт қоғамдарының (спорт клубтарының) өзара келісімімен ауысуға құқығы бар.";

      27) 31-баптың бірінші бөлігіндегі "спорт клубтарының, қоғамдарының және басқа да мүдделі ұйымдардың" деген сөздер "дене шынықтыру-спорт ұйымдарының, дене шынықтыру-спорт қоғамдарының (спорт клубтарының) және басқа да мүдделі заңды тұлғалардың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      28) 32-баптағы "спорт" деген сөз "дене шынықтыру-спорт" деген сөздермен ауыстырылсын;

      29) 33-бапта :
      1-тармақтың бесінші абзацы "Қазақстан Республикасының" деген сөздерден кейін "ұлттық" деген сөзбен толықтырылсын;
      2-тармақ "Қазақстан Республикасы" деген сөздерден кейін "ұлттық" деген сөзбен толықтырылсын.

      2. "Жеке кәсіпкерлік туралы" 2006 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2006 ж., N 3, 21-құжат; N 16, 99-құжат; N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 3, 20-құжат; N 17, 136-құжат; 2008 ж., N 13-14, 57, 58-құжаттар; N 15-16, 60-құжат; N 23, 114-құжат; N 24, 128, 129-құжаттар; 2009 ж., N 2-3, 18, 21-құжаттар; 2009 жылғы 8 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2009 жылғы 9 мамырда "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауар биржалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы ; 2009 жылғы 8 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2009 жылғы 9 мамырда "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы ; 2009 жылғы 12 маусымда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 8 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы ):
      көрсетілген Заңның қосымшасы мынадай мазмұндағы 33-тармақпен толықтырылсын:
      "33. Дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік орган:
      1) Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасының орындалуын бақылау;
      2) спорт объектілерін пайдалану, оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі стандарттардың, ережелер мен нормалардың сақталуы жағынан бақылау;
      3) спортта допингке қарсы іс-шаралардың жүргізілуін бақылау.".

       2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті                                      Н. Назарбаев