Жеке кәсiпкерлiк туралы

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы N 124 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

     Осы Заң жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыруына байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, Қазақстан Республикасындағы жеке кәсiпкерлiктiң еркiндiгiн қамтамасыз ететiн негiзгi құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайлар мен кепiлдiктердi айқындайды.

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

     Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

     1) бизнес-инкубатор - шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуы кезеңiнде өндiрiстiк үй-жайлар, жабдық беру, ұйымдық, құқықтық, қаржылық, консалтингiлiк және ақпараттық қызметтер көрсету жолымен оларды қолдау үшiн құрылатын заңды тұлға;

     1-1) дара кәсіпкердің орналасқан жері - қызметінің басым жүзеге асырылатын орны немесе дара кәсіпкердің мемлекеттік тіркелуі туралы куәлікте пошталық мекен-жайы толық жазылып көрсетілген дара кәсіпкердің тұрақты тұрып жатқан жері.

     2) дара кәсiпкерлiк - жеке тұлғалардың кiрiс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерiнiң меншiгiне негiзделген және жеке тұлғалардың атынан олардың тәуекелiмен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметi;

     3) жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау - Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк бастаманы iске асыру үшiн жеке кәсiпкерліктi дамытуды ынталандыру, қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк жағдайлар жасау жөнiндегi мемлекеттiк шаралар кешенi;

     4) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi - кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар;

     5) жеке кәсiпкерлiк - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кiрiс алуға бағытталған, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң өздерiнiң меншiгiне негiзделген және жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң атынан олардың тәуекелiмен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметi;

     6) индустриялық аймақ - коммуникациялармен қамтамасыз етiлген, мемлекет жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне өнеркәсiп объектiлерiн орналастыру және пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген  тәртiппен  беретiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер;

     7) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн  аккредиттеу  - кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сарапшылық кеңестерде жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн бiлдiруге белгiленген өлшемдерге жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң сәйкестiгiн тиiстi мемлекеттiк органдардың тануы;

     8) жеке кәсiпкерлiктiң инфрақұрылымы - өз iсiн ұйымдастыруға жәрдемдесудi, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласындағы ақпаратпен қамтамасыз етудi, коммерциялық негiзде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдауды қоса алғанда, жеке кәсiпкерлiктiң жұмыс істеуі мен дамуының жалпы шарттарын қамтамасыз ететiн, құрылатын немесе жұмыс iстеп тұрған ұйымдар кешенi;

     9)  келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабы  - мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тексеру (бақылау) жүргiзу фактiсi туралы лауазымын, тегiн және тексеру нысанасын көрсете отырып, мiндеттi түрде белгi қою үшiн кәсiпкерлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген үлгiдегi журнал;

     10) коммерциялық құпия - жеке кәсiпкерлiк субъектiсi айқындайтын және қорғайтын, заңды негiзде еркiн қол жеткiзуге адамдардың шектеулi тобы ие болатын, жариялануы, алынуы, пайдаланылуы оның мүдделерiне залал келтiруi мүмкiн ақпарат;

     11) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiгi - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау үшiн құрылатын коммерциялық емес ұйымның дербес ұйымдық-құқықтық нысаны;

     12)  кәсiпкерлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган  (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау, орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жеке кәсiпкерлiктi дамыту және қолдау жөнiндегi жұмысын үйлестiру бойынша мемлекеттiк саясатты жүргiзудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

     13)  кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi сарапшылық кеңес  (бұдан әрi - сарапшылық кеңес) - жеке кәсiпкерлiк мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнен және мүдделi коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындылар алу жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру үшiн орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар жанынан құрылатын консультативтiк-кеңесшi орган;

     14) мемлекеттiк бақылау - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын мемлекеттiк органдардың өздерiнiң құзыретi шегiнде бақылауы жөнiндегi қызметi;

     15) шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары - оқытуды, ақпараттық қамтамасыз етудi, консультациялық және маркетингтiк қызметтер көрсетудi, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң жобаларына құқықтық, экономикалық және технологиялық сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10  N 101-IV  (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       2-бап. Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк
             туралы заңнамасы

     1. Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және  Азаматтық кодекстен , осы Заң мен Қазақстан Республикасының  өзге де  нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

     2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

     3. Жеке кәсiпкерлiктiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыру ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес белгiленедi.

       3-бап. Жеке кәсiпкерлiктi құқықтық реттеу шектерi

     1. Жеке кәсiпкерлiк Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес белгiленген негiздер бойынша ғана шектелуi мүмкiн.

     2. Жеке кәсiпкерлiктi шектеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша ғана орын алуы мүмкiн.

     3. Мемлекеттiк органдардың жекелеген жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң артықшылық жағдайын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлер қабылдауына тыйым салынады.

       4-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi
             мақсаты мен принциптерi

     1. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi мақсаты жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау және жеке кәсіпкерлікке әкiмшiлiк етуді енгiзу жолымен мемлекеттiң мүдделерi мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады.

     2. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi принциптерi: 

     жеке кәсiпкерлiк еркiндiгiнiң кепiлдiгi және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету;

     кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға барлық жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң теңдiгi;

     жеке меншiкке (жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгiне) қол сұғылмауы мен оны қорғаудың кепiлдiгi;

     Қазақстан Республикасында шағын кәсiпкерлiктi дамытудың басымдығы;

     жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына сараптама жасауға жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қатысуы болып табылады.

       5-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн
             қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердi
             әзiрлеудiң және қабылдаудың ерекшелiктерi

     1. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын сарапшылық кеңестер арқылы жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiне сараптамалық қорытынды алу үшiн жiбередi.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына түсiндiрме жазба нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзуге байланысты жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi шығындарының азаюын және (немесе) көбеюiн растайтын есептеу нәтижелерiн мiндеттi түрде қамтуға тиiс.

     3. Сараптамалық қорытындыларды мемлекеттiк органдар белгiлеген мерзiмде мыналар:

     республикалық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң одағы (қауымдастығы), шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық бiрлестiк, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық салалық бiрлестiктерi;

     облыстық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң облыстық бiрлестiктерi, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi облыстық бiрлестiк;

     қалалық, аудандық деңгейлерде - шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi қалалық, аудандық бiрлестiктер табыс етедi.

     4. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мүшелерiнiң жинақталған пiкiрiн бiлдiредi, ұсынымдық сипатта болады және оларды мемлекеттiк орган қабылдағанға дейiн нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына мiндеттi қосымшасы болып табылады.

     5. Мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiскен кезде нормативтiк құқықтық актiнiң жобасына тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi. 
     Мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiспеген жағдайда жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiгiне сараптамалық қорытындымен келiспеу себептерiнiң негiздемесi бар жауап жiбередi.

     6. Жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу мерзiмi жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне қызметтi Қазақстан Республикасының заңдарында  белгiленетiн талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалу үшiн қажеттi мерзiмдер негiзге алына отырып, белгiленуге тиiс.
     Нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданысқа енгiзiлу тәртiбi мен мерзiмдерi жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне залал келтiрмеуге тиiс.

     7. Осы бапта көзделген рәсiмдер жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдаудың мiндеттi шарты болып табылады.

     8. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары оларды тиiстi органда немесе сарапшылық кеңестiң отырысында қарағанға дейiн бұқаралық ақпарат құралдарында, WEB-сайттарды қоса алғанда, жалпыға бiрдей қолжетiмдi телекоммуникация желiлерiнде мiндеттi түрде жариялануға (таратылуға) тиiс.
     (Ескерту. 5-бап 2006 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа  енгізіледі (осы заңның  51-бабының  1-тармағын қараңыз)

  2-тарау. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛIК СУБЪЕКТIЛЕРI ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫС
IСТЕУ ЖАҒДАЙЛАРЫ

       6-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi

     1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық  заңнамасында  көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда ғана құрыла алады.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi:

     шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне;

     орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне;

     iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жатқызылуы мүмкiн.

     3. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын дара кәсiпкерлер және кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтерiнiң орташа жылдық құны тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген алпыс мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.

     4. Мыналарды:

     есiрткi заттарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымымен байланысты қызметтi;

     акцизделетiн өнiмдi өндiрудi және (немесе) көтерме сатуды;

     астық қабылдау пункттерiнде астық сақтау жөнiндегi қызметтi;

     лотереялар өткiзудi;

     ойын және шоу-бизнес саласындағы қызметтi;

     сертификаттау, метрология және сапаны басқару саласындағы қызметтi;

     мұнай, мұнай өнiмдерiн, газ, электр және жылу энергиясын өндiру, қайта өңдеу және сату жөнiндегi қызметтi;

     радиоактивтi материалдардың айналымымен байланысты қызметтi;

     банк қызметiн (не банк операцияларының жекелеген түрлерiн) және сақтандыру нарығындағы қызметтi (сақтандыру агентiнiң қызметiнен басқа);

     аудиторлық қызметтi;

     бағалы қағаздар нарығындағы кәсiби қызметтi жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып таныла алмайды.

     5. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны осы субъектiнiң филиалдарының, өкiлдiктерi мен басқа да оқшау бөлiмшелерiнiң жұмыскерлерiн қоса алғанда, барлық жұмыскерлерi ескерiле отырып, айқындалады.

     6. Осы баптың 3-тармағында белгiленген шарттардың бiрi артық болып кеткен жағдайда, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне Қазақстан Республикасының  заңнамасында  шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн көзделген жеңiлдiктер қолданылмайды.

     7. Заңды тұлға құрмаған, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны елу адамнан астам дара кәсiпкерлер және жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыратын, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны елуден астам, бiрақ екi жүз елу адамнан аспайтын және жыл бойғы активтердiң орташа жылдық құны тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын заңды тұлғалар орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.

     8. Жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыратын, жұмыскерлерiнiң жылдық орташа саны екi жүз елу адамнан артық немесе жыл бойғы активтердiң жалпы құны тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен асатын заңды тұлғалар iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.

       7-бап. Дара кәсiпкерлiк

     1. Дара кәсiпкерлiк өзiндiк немесе бiрлескен кәсiпкерлiк түрiнде жүзеге асырылады.

     2. Өзiндiк кәсiпкерлiктi бiр жеке тұлға өзiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiк негiзiнде, сондай-ақ мүлiктi пайдалануға және (немесе) оған билiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа орай дербес жүзеге асырады.
      Некеде тұратын жеке тұлға жұбайын кәсiпкер ретiнде көрсетпей өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асырған кезде ол жұбайдың кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға келiсiмi талап етiлмейдi.
      Жеке тұлға өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыру үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн пайдаланған жағдайларда, егер  заңдарда  немесе неке шартында не ерлi-зайыптылардың арасындағы өзге келiсiмде өзгеше көзделмесе, мұндай пайдалануға жұбайының келiсiмi қажет.

     3. Бiрлескен кәсiпкерлiктi жеке тұлғалар (дара кәсiпкерлер) тобы өздерiне ортақ меншiк құқығымен тиесiлi мүлiк негiзiнде, сондай-ақ мүлiктi бiрлесiп пайдалануға және (немесе) оған билiк етуге жол беретiн өзге де құқыққа орай жүзеге асырады.
     Бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде жеке кәсiпкерлiкпен байланысты барлық мәмiлелер бiрлескен кәсiпкерлiктiң барлық қатысушыларының атынан жасалады, ал құқықтар мен мiндеттер олардың атынан алынады және жүзеге асырылады.

     4. Бiрлескен кәсiпкерлiктiң нысандары:

     1) ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiгi негiзiнде жүзеге асырылатын ерлi-зайыптылардың кәсiпкерлiгi;

     2) шаруа (фермер) қожалығының ортақ бiрлескен меншiгi немесе жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ бiрлескен меншiк негiзiнде жүзеге асырылатын отбасылық кәсiпкерлiк;

     3) жеке кәсiпкерлiк ортақ үлестiк меншiк негiзiнде жүзеге асырылатын жай серiктестiк болып табылады.

     5. Ерлi-зайыптылардың кәсiпкерлiгiн жүзеге асырған кезде жұбайлардың бiрi екiншi жұбайдың келiсiмiмен iскерлiк айналымда ерлi-зайыптылардың атынан әрекет етедi, келiсiм дара кәсiпкердi тiркеу кезiнде расталуы немесе дара кәсiпкердiң қызметi мемлекеттiк тiркеусiз жүзеге асырылған жағдайларда жазбаша түрде көрсетiлiп, нотариалдық жолмен куәландырылуы мүмкiн.
     Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң iскерлiк айналымда ерлi-зайыптылар атынан әрекет етуiне екiншiсiнiң келiсiмi болмаған кезде iскерлiк айналымда әрекет ететiн жұбай дара кәсiпкерлiктi өзiндiк кәсiпкерлiк түрінде жүзеге асыратындығы көзделедi.

     6. Жай серiктестiк нысанын пайдаланатын дара кәсiпкерлiк Қазақстан Республикасының азаматтық  заңнамасына  сәйкес жүзеге асырылады.

     7. Дара кәсiпкерлер өз мiндеттемелерi бойынша, Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес өндiрiп алынбайтын мүлiктi қоспағанда, өздерiнiң барлық мүлкiмен жауапты болады.

     8. Жеке тұлға өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асырған кезде өзiне меншiк құқығымен тиесiлi барлық мүлкiмен, соның iшiнде ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгiндегi үлесiмен жауапты болады.
     Жеке тұлға жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыру үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн пайдаланған жағдайларда, оның борыштары бойынша өндiрiп алу ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне де қолданыла алады.
     Жұбайлардың жеке кәсiпкер болып табылмайтын әрқайсысының мүлкi өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асыратын жұбайының бiреуiнiң борыштары бойынша өндiрiп алуды қолдану нысанасы бола алмайды.

     9. Ерлi-зайыптылар кәсiпкерлiгiн жүзеге асырған кезде ерлi-зайыптылардың кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға байланысты борыштары бойынша өндiрiп алу олардың қайсының iскерлiк айналымда әрекет ететiнiне қарамастан, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiне қолданыла алады.

     10. Дара кәсiпкер өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде iскерлiк құжаттаманың дербес бланкiлерiн, мөрдi, мөртабандарды пайдалануға құқылы.

       8-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен
             мiндеттерi

     1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi:

     1) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке кәсiпкерлiктiң кез келген түрiн жүзеге асыруға;

     2) Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес жалдамалы еңбектi пайдалана отырып, жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыруға;

     3) Қазақстан Республикасының  заңдарында  көзделген  тәртiппен филиалдар мен өкiлдiктер құруға;

     4) Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген жағдайларды қоспағанда, өндiрiлген тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) бағасын дербес белгiлеуге;

     5) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне өтеулi негiзде қаражат (қарыз) беруге;

     6) өзiнiң құқықтық қабiлетi шегiнде сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға;

     7) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн құруға;

     8) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi арқылы сарапшылық кеңестердiң жұмысына қатысуға;

     9) бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын құқық қорғау органдарына және мемлекеттiк органдарға жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын бұзуға кiнәлi тұлғаларды жауапқа тарту мәселелерi бойынша жүгiнуге;

     10) өз құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн сот органдарына жүгiнуге;

     11) жеке кәсiпкерлiктi қолдау және қорғау мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң орындалмауына немесе тиiсiнше орындалмауына септiгiн тигiзетiн себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстарды мемлекеттiк органдардың қарауына енгiзуге құқылы.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi:

     1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн сақтауға;

     2) өндiрiлетiн өнiмнiң (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) Қазақстан Республикасы  заңнамасының  талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз етуге;

     3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы  заңына  сәйкес лицензиялануға жататын жеке кәсiпкерлiк түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялар алуға;

     4) Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыруға мiндеттi.

       9-бап. Жосықсыз бәсекенi жүзеге асыруға жол бермеу

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген еркiн бәсекелестiкке басқа жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын бұзу жолымен бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға бағытталған iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) тыйым салынады. 

       10-бап. Iшкi нарықты қорғау

     Ішкi нарықты қорғау Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес  тарифтiк және тарифтiк емес реттеу шараларымен жүзеге асырылады.

       11-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi туралы ақпаратты
              қорғау

     1. Коммерциялық құпияны қорғау коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз алуға, таратуға не пайдалануға тыйым салудан тұрады.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа еркiн қол жеткiзу құқығы бар адамдар тобын айқындайды және оның құпиялылығын қорғауға шаралар қолданады.

     3. Ақпаратты қолжетiмдiлiк санатына жатқызу тәртiбiн, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сақтау және пайдалану шарттарын жеке кәсiпкерлiк субъектiсi айқындайды.

     4. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз әдiстермен алған, жария еткен немесе пайдаланған адамдар келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық  заңнамасына  сәйкес өтеуге мiндеттi.

     5. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi немесе ол уәкiлеттiк берген адам өз қызметкерлерiнен коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу туралы қол қоюын талап етуге, ал оны тексеруді жүзеге асыратын адамдарға Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес   жауапкершiлiк туралы ескертуге құқылы.

     6. Мiндеттi түрде жариялануға не акционерлердiң, шаруашылық серiктестiк қатысушыларының немесе өзге де белгiлi бiр адамдар тобының назарына мiндеттi түрде жеткiзуге жататын ақпараттың тiзбесi Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес  жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң құрылтай құжаттарымен белгiленедi.

     7. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi тiркеу, бақылау функцияларын орындау кезiнде және басқа да iс-әрекеттер жасау кезiнде мемлекеттiк органдарға және лауазымды адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген, оларға жүктелген функцияларды iске асыру үшiн қажеттi ақпараттан басқа, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты бермеуге құқылы.

     8. Мемлекеттiк орган өзiне жүктелген функцияларды iске асыру барысында алған жеке кәсiпкерлiк субъектiсi туралы кез келген ақпарат, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттiк органға беру жағдайларын қоспағанда, жария етiлуге және таратылуға жатпайды.

     9. Құқық қорғау органдары прокурор санкциясы, тергеу органдарының қылмыстық iс қозғау туралы қаулысы негiзiнде не сот қаулысының негiзiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнен де, мұндай ақпаратқа ие мемлекеттiк органдардан да қажеттi ақпаратты, соның iшiнде коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.

     10. Заңды күшiне енген сот шешiмi бар ақпаратты қоспағанда, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң келiсiмiнсiз жария етуге болмайды.

     11. Жеке кәсiпкерлiктiң нақты субъектiсiнiң қызметi туралы мәлiметтi ашпайтын, жинақталған ақпарат жалпыға қолжетiмдi болып табылады.

       12-бап. Статистикалық есептiлiк

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң статистикалық есептiлiгi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк статистика саласындағы  нормативтiк құқықтық актiлерiне  сәйкес берiледi.
     Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк статистика саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделмеген мәлiметтердi талап етуге құқылы емес.

       13-бап. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бухгалтерлiк
              есепке алуды жүргiзу мен қаржылық есептiлiк
              жасау тәртiбi

     1. Осы Заңның 27-бабына сәйкес мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатпайтын дара кәсiпкерлердi қоспағанда, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiк жасауы Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiк туралы  заңнамасында  айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.

     2. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есептiлiк туралы  заңнамасы  бойынша бухгалтерлiк есепке алуды жүргiзу мен қаржылық есептiлiк жасаудың оңайлатылған нысанын қолдануға құқылы. 

  3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫҢ ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIКТI ДАМЫТУ
МЕН ҚОЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТI

       14-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

     Қазақстан Республикасының Үкiметi:

     1) жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;

     2) жеке кәсiпкерлiктi қолдаудың мемлекеттiк жүйесiн қалыптастырады;

     3) Үкiмет жанынан жеке кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi консультативтiк-кеңесшi органдар құрады және таратады;

     4) орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдар әзiрлейтiн, жеке кәсiпкерлiктiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын  сарапшылық кеңестердiң  қарауын ұйымдастырады;

     5) мемлекеттiк мұқтаждар үшiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) номенклатурасын және олардың көлемiн (проценттiк көрiнiстегi) бекiтедi;

     6) шағын кәсiпкерлiктiң дамуын ынталандырады, мемлекет тарапынан шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қаржылық қолдау көрсету үшiн  арнайы қор  құрады;

     7) өнеркәсiп өндiрiсiн ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшiн жалға немесе сенiмгерлiк басқаруға берiлген объектiлердi шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгiне өтеусiз беру  тәртiбiн  айқындайды;

     8) бәсекеге қабiлеттi салаларды құру мен жетiлдiрудi, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн дамытуды және олар шығаратын өнiмнiң сапасын арттыруды ынталандыратын мемлекеттiк саясатты айқындайды және iске асырады;

     9) бәсекелестiктiң дамуына және инновацияларға, материалдық активтерге, сондай-ақ ұзақ мерзiмдi инвестицияларға инвестициялар салуды ынталандыруға септiгiн тигiзетiн нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлейдi;

     10) экономиканың жекелеген секторларында кластерлер құруды ынталандырады; 

     11) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң дамуы үшiн кедергiлердi жою мақсатында экономика салаларының жұмыс істеуіне талдау жүргiзедi;

     12) Қазақстан Республикасының экономикасына инвестицияларды ұлғайту және инновациялар ендiрудi жеделдету мақсатында ұлттық даму институттарын құрады;

     13) жекелеген салаларда жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi арасындағы бәсекелестiктi дамыту үшiн жағдайлар жасай отырып, осы салаларды тарифтiк және тарифтiк емес әдiстермен уақытша қорғауды жүзеге асырады;

     14) ұлттық экспорттаушыларға қатысты басқа елдер орнатқан кедергiлердi жоюға шаралар қабылдайды;

     15) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн келiсiмдi бiрлескен экспорттық саясатты жүргiзуге ынталандырады;

     16) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне iшкi және сыртқы нарықтардың жай-күйi туралы экономикалық ақпарат берудi ұйымдастырады;

     17) сапа менеджментiнiң жүйесiн ендiрудi ынталандыру жолымен ұлттық өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға жағдайлар жасайды;

     18) ұлттық экспорттаушылардың басқа елдердiң аумағындағы мүдделерiн қолдау жолымен сыртқы сұранысқа жағдай жасайды; 

     19) жеке кәсiпкерлiк субъектiлердiң персоналын көтермелейдi, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң және жұмыс берушiлердiң бiрлестiктерiмен өзара әрекет етедi;

     20) бәсекеге қабiлеттi салалар құру мақсатында жекелеген салаларды қолдау  бағдарламаларын  бекiтедi;

     21) саланың немесе кластерлердiң проблемаларын шешу үшiн ғылыми-зерттеу ұйымдарын құрады, iргелi және қолданбалы ғылыми-зерттеулердi қаржыландырады;

     22) республиканың экономикасы үшiн бiлiктi кадрлар даярлау жөнiнде мемлекеттiк бағдарламалар әзiрлейдi;

     23) халықтың әлеуметтiк қорғалмаған жiгiн жеке кәсiпкерлiкке тарту жөнiнде шаралар әзiрлейдi.
     Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N  178  Заңымен.

        15-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

     Уәкiлеттi орган :

     1) жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк саясатын жүргiзудi жүзеге асырады;

     2) жеке кәсiпкерлiктi дамытудың бағдарламаларын әзiрлеп, iске асырады;

     3) шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк шараларының орындалуын ұйымдастырады және үйлестiредi;

     4) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржыландыру және оларға кредит беру жөнiндегi шараларды жетiлдiру туралы ұсыныстар әзiрлейдi;

     5) кәсiпкерлiк ортаға, инвестициялық ахуалға және жеке кәсiпкерлiктi дамытудың инфрақұрылымына талдау жүргiзедi;

     6) жеке кәсiпкерлiк қызмет саласында зерттеулер жүргiзудi ұйымдастырады;

     7) жеке кәсiпкерлiктi қолдауды және дамытуды қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Үкiметiне ұсынады;

     8) республика өңiрлерiнде шағын кәсiпкерлiк инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытуға септiгiн тигiзедi;

     9) шағын кәсiпкерлiк саласында кадрлар даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiн қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;

     10) Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

     11) жеке кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарды ведомствоаралық үйлестiрудi жүзеге асырады;

     12) орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы  сарапшылық кеңестердiң  қызметiн үйлестiредi;

     13) шағын кәсiпкерлiктiң инновациялық, инвестициялық және индустриялық дамудың мемлекеттiк бағдарламаларын iске асыруға қатысуы үшiн жағдайлар жасайды;

     14) инвесторлар, грант берушi халықаралық ұйымдар үшiн жеке кәсiпкерлiктi қолдау және дамыту мәселелерiнде жағдайлар жасайды;

     15) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне әдiснамалық көмек ұйымдастырады;

     16) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) халықаралық нарықтарына шығуы үшiн жағдайлар жасайды;

     17) жеке кәсiпкерлiктi дамыту саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

     18) жеке кәсiпкерлiктi дамыту мен қолдау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты насихаттайды;

     19) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретiн жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiн хабардар етедi.

       16-бап. Жергiлiктi өкiлеттi органдардың құзыретi

     Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлеттi органдары:

     1) шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың өңiрлiк бағдарламаларын бекiтедi;

     2) жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының Қазақстан Республикасындағы шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту мәселелерi бойынша есептерiн қарайды.

       17-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi

     Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары:

     1) жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк саясатының iске асырылуын жүзеге асырады;

     2) жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн жағдайлар жасайды;

     3) өңiрлерде мемлекеттiк бағдарламалардың iске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етедi және ол үшiн жауапты болады;

     4) шағын кәсiпкерлiктi қолдаудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеп, iске асырады;

     5) өңiрде шағын кәсiпкерлiктi және инновациялық қызметтi қолдау инфрақұрылымының объектiлерiн құру мен дамытуды қамтамасыз етедi;

     6) жергiлiктi атқарушы органдардың жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiмен және нарықтық инфрақұрылым объектiлерiмен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындайды;

     7) сарапшылық кеңестердiң қызметiн ұйымдастырады;

     8) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады.

  4-тарау. ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIКТI МЕМЛЕКЕТТIК ҚОЛДАУ

       18-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдаудың негiзгi
              бағыттары

     1. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

     жеке кәсiпкерлiктi реттеу мәселелерi жөнiндегi заңнаманы жетiлдiру;

     жеке кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды, технологиялық парктердi, индустриялық аймақтарды және жеке кәсiпкерлiк инфрақұрылымының басқа да объектiлерiн құру және дамыту;

     бюджет қаражаты есебiнен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк және ақпараттық қамтамасыз ету.

     2. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау және дамыту:

     мемлекеттiк органдардың жанынан жеке кәсiпкерлiк проблемаларын зерделеу және оны дамыту ұсыныстарын әзiрлеу жөнiндегi ғылыми-зерттеу институттарын құру;

     орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердiң қызметiн ұйымдастыру;

     жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың қаржы институттарын құру;

     бизнес-инкубаторлардың және индустриялық аймақтардың қызметiн ұйымдастыру;

     жер учаскелерiн, ғимараттарды, үй-жайларды сату не тұрғын үй-жайларды Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес тұрғын емес үй-жайға ауыстыру жолымен жүзеге асырылады.

     3. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мыналарды:

     шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мемлекеттiк қаржылық, статистикалық, материалдық-техникалық және ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ ғылыми-техникалық әзiрлемелер мен технологияларды пайдалануы үшiн жағдайлар жасауды;

     шағын кәсiпкерлiктi дамытудың мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеудi;

     шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк тiркеудiң және таратудың оңайлатылған тәртiбiн белгiлеудi;

     оңтайлы салық салу режимiн белгiлеудi;

     шағын кәсiпкерлiкке кредит берудiң бағдарламаларын қабылдауды;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту үшiн инвестицияларды, оның iшiнде шетелдiк инвестицияларды тарту мен пайдалану жүйесiн жасауды;

     мемлекеттiк мұқтаждар үшiн тауарларды (жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi) сатып алудың кепiлдендiрiлген көлемiн  қамтамасыз етудi;

     жұмыс iстеп тұрған оқу және зерттеу орталықтарын, консалтингтiк ұйымдар мен шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың ақпараттық жүйелерiн дамыту және жаңаларын құру жолымен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастыруды;

      ұлттық даму институттарын құруды қоса алғанда, осы баптың  1-тармағында  көрсетiлген бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

     5. Индустриялық аймақтар жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады. 
     Индустриялық аймақтардың мiндеттерi:

     1) өнеркәсiп саласындағы жеке кәсiпкерлiктi жедел дамытуға жәрдемдесу;

     2) жаңа өндiрiстер инфрақұрылымын құруға және дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру;

     3) өндiрiс тиiмдiлiгiн арттыру;

     4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.

     6. Мемлекеттiк органдар жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне жер учаскелерiн, ғимараттарды, үй-жайларды сатады, не жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын Қазақстан Республикасының  жер  заңнамасына  сәйкес өзгертедi, не Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы  заңнамасына  сәйкес  сатып алу-сату шартына не рұқсатқа қажеттi инфрақұрылымға қосудың техникалық шарттарын мiндеттi түрде қоса отырып, тұрғын үйдi тұрғын емес үй-жай етiп қайта жабдықтауға рұқсат бередi. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн одан әрi инфрақұрылымға қосу сатып алу-сату шартына не рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N  178  Заңымен.

       19-бап. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мен
              дамыту

     1. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдаудың негiзгi принциптерi:

     Қазақстан Республикасында шағын кәсiпкерлiктi дамытудың басымдығы;

     шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдаудың кешендiлiгi;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау инфрақұрылымының және жүзеге асырылатын шаралардың шағын кәсiпкерлiктiң барлық субъектiлерi үшiн қолжетiмдiлiгi;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамыту саласындағы халықаралық ынтымақтастық болып табылады.

     2. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мен дамыту:

     1) қаржылық қолдау көрсету;

     2) шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарының желiсiн ұйымдастыру;

     3) бизнес-инкубаторлардың қызметiн ұйымдастыру;

     4) бiр жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттiк меншiк объектiлерiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне сенiмгерлiкпен басқаруға немесе жалға беру;

     5) өнеркәсiп өндiрiсiн ұйымдастыру және халыққа қызмет көрсету саласын дамыту үшiн жалға немесе сенiмгерлiкпен басқаруға берiлген объектiлердi шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгiне Қазақстан Республикасының Yкiметi  белгiлеген  тәртiппен көзделген шарттарды олар орындаған жағдайда шарт жасасқан кезден бастап бiр жыл өткен соң өтеусiз беру жолымен жүзеге асырылады.
     Осы шарттар сауда-делдалдық қызметтi жүзеге асыратын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қолданылмайды.

     3. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн қаржылық қолдау:

     1) мемлекеттiк мұқтаждар үшiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) кепiлдендiрiлген көлемiн сатып алу.
     Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнен сатып алынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) номенклатурасын және олардың көлемiн жыл сайын Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды;

     2) екiншi деңгейдегi банктер арқылы кредит берудi ұйымдастыру;

     3) экономика салаларында әлеуметтiк маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және iске асыру үшiн мемлекеттiк гранттар беру;

     4) арнайы инвестициялық бағдарламаларды iске асыру;

     5) бюджет қаражаты есебiнен қарыздар беру жолымен жүзеге асырылады.

     4. Мемлекет тарапынан шағын кәсiпкерлiктi қаржылық қолдауды негiзгi мақсаты қаржылық ресурстарға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету болып табылатын, Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiмен құрылатын, ұлттық басқарушы компания жалғыз акционерi болып әрекет ететiн  арнайы қор  жүзеге асырады.

     Қордың негiзгi мiндеттерi:
     1) жобалық қаржыландыру;

     2) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қатысуымен  микрокредиттiк  ұйымдар желiсiн дамыту;

     3) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне екiншi деңгейдегi банктерден олар кредиттер алған кезде кепiлдiк беру жүйесiн жасау;

     4)  қаржылық лизингтi  дамыту;

     5) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқыту және консалтингiлеу;

     6) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн сапа менеджментi жүйесiн ендiру жөнiндегi операцияларды қоса қаржыландырудың гранттық жүйесiн дамыту болып табылады.
     Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне кредит берудi қор тартылған және өз қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
     Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қарыздар бiрiншi кезектегi тәртiппен берiледi.

     5. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтары халықты жеке кәсiпкерлiкке тарту, жаңа шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн құру мақсатында құрылады.

     Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарының мiндеттерi:
     1) кәсiпкерлiк ахуалды, отандық және халықаралық нарықтарды, экономиканың салалары мен секторларын талдау;

     2) маркетинг және менеджмент саласында қызметтер кешенiн көрсету;

     3) инвестициялық және бизнес-жобаларды әзiрлеу жөнiндегi қызметтердi, консультациялық және басқа да қызметтер көрсету;

     4) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң инновациялық белсендiлiгiн арттыруға жәрдемдесу;

     5) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң кәсiби өсуiне жәрдемдесу;

     6) ақпараттық және сараптамалық ресурстарға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету;

     7) семинарлар, тренингтер өткiзу;

     8) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң деректер базасын қалыптастыру;

     9) шағын кәсiпкерлiктi дамыту жөнiндегi ақпаратты және оны дамытудың проблемалық мәселелерiн талдау мен қорыту болып табылады.

     6. Бизнес-инкубаторлар шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қалыптасуына және дамуына жәрдем көрсету үшiн құрылады. 

     Бизнес-инкубатордың мiндеттерi:
     1) бизнес-инкубаторға орналастыру үшiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн iрiктеу;

     2) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiлiм беру, маркетингтiк, консалтингтiк және басқа да ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтер көрсету болып табылады.
     Шағын кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды құрудың және олардың қызметiнiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi  айқындайды .

     7. Сауда-делдалдық қызметтi қоспағанда, өнеркәсiп өндiрiсiн және қызмет көрсету саласын ұйымдастыру үшiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiр жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттiк меншiк объектiлерi сенiмгерлiкпен басқаруға немесе жалға берiлуi мүмкiн.
     Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң жалға алу немесе сенiмгерлiкпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды республикалық және коммуналдық меншiкке иелiк етуге уәкiлеттi тиiстi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.07. N  178  Заңымен.

       20-бап. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың
              мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк
              бағдарламалары

     1. Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк бағдарламалар негiзiнде жүзеге асырылады және ол шағын кәсiпкерлiктi дамыту мен қолдауға бағытталған шаралар кешенiн бiлдiредi.

     2. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк бағдарламалары өндiрiстi бәсекеге қабiлеттi өнiммен қамтамасыз ету, сондай-ақ инновациялық, бiлiм беру қызметi, қаржылық және құқықтық консалтинг саласындағы шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қаржылық, оқу-әдiстемелiк көмек көрсету үшiн әзiрленедi.

     3. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi және олар республиканың барлық аумағында мемлекеттiк органдар мен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.

     4. Қазақстан Республикасының Үкiметi шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк және салалық (секторальдық) бағдарламаларын iске асыру барысында алынған нәтижелер туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң алдында жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен есеп бередi.

     5. Мемлекет экономикасын дамытудың басым бағыттарына және өңiрдiң экономикасын дамытудың ерекшелiгiне сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар өңiрдiң экономикалық даму бағдарламасының құрамдас бөлiгi болып табылатын шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлейдi.

     6. Шағын кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк, салалық (секторальдық) және өңiрлiк бағдарламаларына:

     нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстар;

     шағын кәсiпкерлiк қызметiнiң басым түрлерi;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау инфрақұрылымын қалыптастыру жөнiндегi шаралар;

     шағын кәсiпкерлiктi кредиттiк-қаржылық және мүлiктiк қолдау жөнiндегi шаралар;

     жеке кәсiпкерлiкке халықтың әлеуметтiк қорғалмаған жiктерiн тартуға бағытталған шаралар;

     iрi өнеркәсiп ұйымдарының бизнестiң бiр бөлiгiн шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне беруiн ынталандыруға, сондай-ақ олардан салалық емес жанама қызметтер түрлерiн сатып алуға бағытталған шаралар;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты насихаттау жөнiндегi шаралар;

     шағын кәсiпкерлiктi қолдау, дамыту және қорғау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты iске асырумен байланысты басқа да шаралар кiредi.

       21-бап. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық,
              ғылыми-әдiстемелiк қолдау

     1. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау олардың бәсекеге қабiлеттi тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) шығаруға мүмкiндiк беретiн кәсiби деңгейiн арттыру мақсатында жүзеге асырылады.

     2. Шағын кәсiпкерлiктi оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау:

     жеке кәсiпкерлiктi жүргiзу мәселелерi бойынша оқу семинар-тренингтер және ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру;

     жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыру практикасы, жаңа технологиялар нарығы туралы әдiстемелiк құралдар, ақпараттық бюллетеньдер тарату;

     өңiрлерде ақпараттық, консалтингтiк орталықтар желiсiн құру;

     өңiрлерде шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқытуды ұйымдастыру үшiн менеджерлер даярлау жолымен жүзеге асырылады.

     3. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдау бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.

       22-бап. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке
              кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау

     1. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке  кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау республикалық және өңiрлiк деңгейлерде жүргiзiледi және Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес  реттеледi.

     2. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлiкке мемлекеттiк қолдау көрсетудiң мерзiмi, көлемi мен шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

       23-бап. Жеке кәсiпкерлiктi ақпараттық қамтамасыз ету

     Барлық деңгейдегi мемлекеттiк органдар таратуға шек қойылмаған, оның iшiнде осы Заңның  5-бабында  көзделген ақпарат пен материалдарды тегiн негiзде тарату үшiн көпшiлiкке қолжетiмдi телекоммуникациялық желiлерде (Интернет және басқаларында) WЕВ-сайттар құруға және олардың жарнамасын қамтамасыз етуге мiндеттi.

  5-тарау. ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIК СУБЪЕКТIЛЕРIНІҢ БIРЛЕСТIКТЕРIН
ҚҰРУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ НОРМАТИВТIК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТIЛЕРГЕ САРАПТАМА
ЖАСАУҒА ҚАТЫСУЫ

       24-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi

     1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына сараптама жасау үшiн аккредиттелуге үмiткер жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi: 

     республикалық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң одағы (қауымдастығы), шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық бiрлестiк, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық салалық бiрлестiктерi;

     облыстық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң облыстық бiрлестiктерi, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi облыстық бiрлестiктер;

     қалалық, аудандық деңгейлерде - шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi қалалық, аудандық бiрлестiктер түрiнде кәсiпкерлер бiрлестiктерiн құрады.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн қаржыландыру жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң ерiктi мүшелiк жарналары және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қамтамасыз етiледi.

       25-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн
              аккредиттеу

     1. Жеке кәсiпкерлердiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына сараптама жасауға қатысуға үмiткер жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдарда аккредиттелуге жатады.

     2. Аккредиттелуге:

     республикалық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi бiрлестiктерiнiң одағы - (қауымдастығы), шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi республикалық бiрлестiк, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң республикалық салалық бiрлестiктерi;

     облыстық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң облыстық бiрлестiктерi, шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi облыстық бiрлестiк;

     қалалық, аудандық деңгейлерде - шағын кәсiпкерлiк жөнiндегi қалалық, аудандық бiрлестiктер жатады.

     3. Егер аккредиттелуге бiр өңiрдi, бiр саланы бiлдiретiн екi және одан да көп бiрлестiк үмiткер болған жағдайда, онда осы бiрлестiктiң мүшесi болып табылатын ұйымдардағы (жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiндегi) жұмыскерлердiң жиынтығында неғұрлым көп санына ие болып отырған бiрлестiк аккредиттелуге жатады.

     4. Егер аккредиттелуге бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк, бiр қызмет саласын бiлдiретiн екi және одан да көп коммерциялық емес ұйым үмiткер болған жағдайда, онда азаматтардың неғұрлым көп санын бiрiктiрген коммерциялық емес ұйым аккредиттелуге жатады.

     5. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн аккредиттеудi жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi  айқындайды .

       26-бап. Сарапшылық кеңестер

     1. Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестерге жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң, коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кiредi.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мен коммерциялық емес ұйымдар орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестiң құрамына ұжымдық мүше ретiнде кiредi және өкiлеттiгi сенiмхатпен расталатын өз өкiлi арқылы әрекет етедi.
     Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сарапшылық кеңестердiң құрамы мемлекеттiк органдар басшыларының шешiмдерiмен бекiтiледi.

     3. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейтiн мемлекеттiк орган,  мемлекеттiк құпияларды  қамтитын нормативтiк құқықтық актілерді қоспағанда, оны сарапшылық кеңестiң қарауына енгiзедi.

     4. Сарапшылық кеңестер туралы үлгi ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi  бекiтедi .

     5. Сарапшылық кеңестердiң жұмысын талдау мен оның мониторингiн  уәкiлеттi органның  жанынан құрылатын үйлестiру кеңесi жүзеге асырады.
     Уәкiлеттi органның басшысы үйлестiру кеңесiнiң төрағасы болып табылады.
     Үйлестiру кеңесiнiң құрамын уәкiлеттi органның басшысы қалыптастырады.

  6-тарау. ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIК СУБЪЕКТIЛЕРIН ТIРКЕУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

       27-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк
              тiркеу

      РҚАО-ның ескертуі!
      1-тармаққа 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен өзгерту енгізіледі.

      1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн - заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) Қазақстан Республикасының  заңнамасына  сәйкес жүзеге асырылады.
     Заңды тұлға құрмай жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыратын жеке тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу келiп тiркелуi сипатында болады және дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу кезінде мәлімделген орналасқан жері бойынша аумақтық салық органында (бұдан әрi - тiркеу органы) дара кәсiпкер ретiнде есепке қою болып табылады.

      2. Мына шарттардың бiреуiне сай келетiн:  

      1) тұрақты негiзде жалдамалы жұмыскерлердiң еңбегiн пайдаланатын;      

      2) жеке кәсiпкерлiктен Қазақстан Республикасының  заңдарында  жеке тұлғалар үшiн белгiленген салық салынбайтын жылдық жиынтық табыстың мөлшерiнен асатын мөлшерде Қазақстан Республикасының салық  заңнамасына  сәйкес есептелген жылдық жиынтық табысы бар дара кәсiпкерлер мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатады.
     Осы баптың 2-1-тармағында көрсетілген тұлғаларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық  заңнамасында  көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк тiркеусiз аталған дара кәсiпкерлердiң қызметiне тыйым салынады.

      РҚАО-ның ескертуі!
      3-тармаққа 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен өзгерту енгізіледі.

      2-1. Қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мынадай табыстарды:
      1) төлем көзінен салық салынатын;
      2) мүлік табыстарын;
      3) өзге де табыстарды алу кезінде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы.

      3. Дара кәсiпкердi мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк мерзiмсiз берiледi.
      Дара кәсiпкердi (бiрлескен дара кәсiпкерлiктi) мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң  нысанын  Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      РҚАО-ның ескертуі!
      4-тармақтың 1) тармақшасына 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен өзгерту енгізіледі.

      4. Дара кәсiпкер мемлекеттiк тiркеу үшiн:
      1) тiркеу органы  белгiлеген  нысан бойынша өтiнiшiн;

      2) дара кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркегенi үшiн алым сомасын бюджетке төлегенiн растайтын құжатын;

      3) түпнұсқасы ұсыныла отырып, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;

      4) 3,5 х 4,5 сантиметр көлемдегі фотосуретін;

      5) дара кәсіпкердің орналасқан жерін растау құжатын тіркеу органына ұсынады.
      Азаматтарды тіркеу кітабы немесе жылжымайтын мүлікке жекеменшік немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжат дара кәсіпкердің орналасқан жерін растайтын құжат болып табылады.
      Егер өтініш беруші кәмелет жасына толмаса, жоғарыда аталған құжаттарға ата-анасының, асырап алушының немесе қамқоршының келісімі, ал мұндай келісу болмаса, кәмелет жасына толмағанды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау туралы сот шешімі қоса беріледі.
      Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынады.
      Осы баптың 4-тармағында аталған құжаттар болған кезде тiркеу органы, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, құжаттарды ұсынған күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешiктiрмей дара кәсiпкердi мемлекеттiк тiркеуден өткiзедi.

      5. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк тiркегенi (қайта тiркегенi) үшiн алым төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының салық  заңнамасында  айқындалады.

      РҚАО-ның ескертуі!
      6-тармақ 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен жаңа редакцияда жазылады.

      6. Мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк беруге өтiнiште көрсетiлген деректер өзгерген кезде дара кәсiпкер өзгерiстер туралы осы орган белгiлеген нысан бойынша тiркеу органына он жұмыс күнінің ішінде хабарлауға мiндеттi. Мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiкте көрсетiлген деректер өзгерген кезде дара кәсiпкер қайта тiркеудi жүзеге асыруға және жаңа куәлiк алуға мiндеттi.

      РҚАО-ның ескертуі!
      7-тармақ 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен жаңа редакцияда жазылады.

      7. Дара кәсiпкер мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi жоғалтқан жағдайда, оның өтiнiшi бойынша оған мемлекеттiк тiркеудi куәландыратын құжаттың телнұсқасы берiледi.
     Мемлекеттiк тiркеудi куәландыратын құжаттың телнұсқасын беру үшiн дара кәсiпкерден Қазақстан Республикасының  салық  заңнамасында  айқындалған тәртiппен алым алынады.

      РҚАО-ның ескертуі!
      8-тармаққа 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен өзгерту енгізіледі.

      8. Бiрлескен дара кәсiпкерлiктi тiркеу кезiнде өтiнiштi үшiншi тұлғалармен және мемлекеттiк органдармен қатынастарда мүдделерiн бiлдiретiн уәкiлеттi тұлға бередi.
      Мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк уәкiлеттi тұлғаға жазылады. Куәлiкке тiркеу органының басшысы куәландырған бiрлескен дара кәсiпкер мүшелерiнiң тiзiмi қоса берiледi.

      РҚАО-ның ескертуі!
      9-тармаққа 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен өзгерту енгізіледі.

      9.  (алынып тасталды - енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10  N 101-IV  (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен).
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10  N 101-IV  (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       28-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң банкроттығы,
              оларды қайта ұйымдастыру және тарату

     1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсi борышқордың сотқа өтiнiшi немесе кредитордың, ал Қазақстан Республикасының  заңдарында  көзделген жағдайларда өзге адамдардың сотқа өтiнiшi негiзiнде сот шешiмiмен банкрот деп жарияланады.
     Дара кәсiпкердiң банкроттық рәсiмi Қазақстан Республикасының азаматтық  заңнамасында  көзделген кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың кезектiлiгi бөлiгiндегi ерекшелiктермен заңды тұлғалар үшiн белгiленген  ережелер  бойынша жүзеге асырылады.

     2. Заңды тұлға болып табылатын жеке кәсiпкерлiк субъектiсiн қайта ұйымдастыру немесе тарату жеке кәсiпкерлiктiң нақты ұйымдық-құқықтық нысаны үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

     3. Дара кәсiпкердiң қызметi ерiктi немесе мәжбүрлеу тәртiбiмен, сондай-ақ осы Заңда көзделген мән-жайлар туындаған жағдайда тоқтатылуы мүмкiн.
     Дара кәсiпкердiң қызметi өзiндiк кәсiпкерлiк кезiнде - дара кәсiпкер өз бетiмен, бiрлескен кәсiпкерлiк кезiнде - барлық қатысушылар бiрлесiп қабылдаған шешiм негiзiнде кез келген уақытта ерiктi түрде тоқтатылады.
     Дара кәсіпкер қызметін ерікті түрде тоқтату үшін тіркейтін органға кәсіпкерлік қызметін тоқтату туралы өтініш береді.
     Бiрлескен кәсiпкерлiктi тоқтату туралы шешiм, егер ол үшiн оған қатысушылардың жартысы дауыс берсе, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, қабылданды деп саналады.

     4. Жеке кәсiпкердiң қызметi мынадай жағдайларда: 
     1) ол  банкрот  деп танылған;

     2) тiркеу кезiнде жiберiлген жойылмайтын сипаттағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарға байланысты дара кәсiпкердi тiркеу жарамсыз деп танылған;

     3) қызметiн күнтiзбелiк жыл iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын бiрнеше рет немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;

     4) ол қайтыс болды деп жарияланған;

     5) ол хабар-ошарсыз кетті деп танылған жағдайларда соттың шешімі бойынша мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылады.

     5. Осы бапта көзделген негiздемелерден басқа, дара кәсiпкердiң қызметi мынадай жағдайларда:

     1) өзiндiк кәсiпкерлiк - дара кәсiпкер әрекетке қабiлетсiз деп танылған, қайтыс болды деп жарияланған немесе ол қайтыс болған жағдайда;

     2) отбасылық кәсiпкерлiк және  жай серiктестiк  - егер осы тармақтың 1-тармақшасында аталған мән-жайлар болуы салдарынан бiрлескен кәсiпкерлiк қатысушысының бiреуi қалған немесе бiр де бiрi қалмаған жағдайда, сондай-ақ некенi бұзуға байланысты мүлiктi бөлу кезiнде тоқтатылады.

     6. Дара кәсіпкердің қызметі оның өтініші немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде тіркеуші органда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған кезден бастап тоқтатылған болып есептеледі.
      Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығару дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті тіркеуші органға тапсырғаннан кейін және кәсіпкерлік қызметпен байланысты салық міндеттемелерін орындағаннан кейін жүргізіледі.

     7. Белгiленген жағдайларда тiркеусiз дара кәсiпкерлiктi жүзеге асыру кезiнде оны тоқтату ерiктi сипатта болса - нақты тоқтатылған кезден бастап, мәжбүрлеп тоқтату кезiнде тиiсiнше соттың шешiмi заңды күшiне енген кезден бастап ол тоқтатылды деп есептеледi.

     8. Орындалмаған мiндеттемелерi жоқ шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн Қазақстан Республикасының  заңдарымен  ерiктi таратудың оңайлатылған тәртiбi белгiленуi мүмкiн.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10  N 101-IV  (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

  7-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ӘКIМШIЛIК ЕТУ

       29-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк етудiң мақсаттары мен
              түрлерi

     1. Жеке кәсiпкерлiкке мемлекеттiк әкiмшiлiк етудiң мақсаттары жеке кәсiпкерлiк субъектiсi өндiретiн және сататын өнiмнiң адамдар өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгiн, олардың мүлкiн қорғауды, қоршаған ортаға қауiпсiздiгiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, алдау практикасының алдын алу, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу, ұлттық өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру болып табылады.

     2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк етудiң түрлерi:

     1) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсiпкерлiк өнiмдерiне, процестерiне талаптар белгiлеу;

     2) сәйкестiктi, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi органдарды аккредиттеу;

     3) өнiмнiң жекелеген түрлерiнiң Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн мiндеттi растау;

     4) жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылау;

     5) жеке кәсiпкерлiктiң жекелеген түрлерiн лицензиялау;

     6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң азаматтық-құқықтық жауаптылығын мiндеттi сақтандыру;

     7) Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды адамдарының жауаптылығын белгiлеу.

       30-бап. Қазақстан Республикасының заңдарымен жеке
              кәсiпкерлiк өнiмдерiне, процестерiне талаптар
              белгiлеу

     Мемлекет Қазақстан Республикасының  заңдарымен  өнiмдерге, процестерге жеке кәсiпкерлiктiң барлық субъектiлерi үшiн орындауға мiндеттi талаптар белгiлейдi.

       31-бап. Сәйкестiктi, тексеру, калибрлеу және сынақ
              зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi
              органдарды аккредиттеу

     Сәйкестiктi, тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi органдарды аккредиттеу Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес жүргiзiледi.

       32-бап. Өнiмдердiң жекелеген түрлерiнiң, процестердiң
              сәйкестiгiн мiндеттi растау

     Өнiмдердiң жекелеген түрлерiнiң, процестердiң сәйкестiгiн мiндеттi растау, егер бұл Қазақстан Республикасының  техникалық  реттеу туралы заңнамасында белгiленген мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қажеттi болса, белгiленедi.

       33-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылау

     Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылау, өнiмдерге, процестерге Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген талаптардың және өнiмдердiң жекелеген түрлерiнiң, процестердiң сәйкестiгiн растау жөнiндегi талаптардың орындалуы мемлекеттiк әкiмшiлiк ету мақсаттарына қол жеткiзу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайларда белгiленедi.
     Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылау осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзгеде заңдарында айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.

       34-бап. Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін
             лицензиялау

      Жеке кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін лицензиялау Қазақстан Республикасының  лицензиялау  туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       35-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң
              азаматтық-құқықтық жауаптылығын мiндеттi
              сақтандыру

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң азаматтық-құқықтық жауаптылығын мiндеттi сақтандыру, егер осы Заңның 29-бабының  2-тармағында  көрсетiлген мемлекеттiк әкiмшiлiк ету түрлерiн қолдану мемлекеттiк әкiмшiлiк ету мақсаттарына қол жеткiзудi қамтамасыз етпейтiн жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.

       36-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, мемлекеттiк
              органдар мен олардың лауазымды адамдарының
              жауаптылығын белгiлеу

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының жауаптылығы Қазақстан Республикасының  заңдарымен  белгiленедi .

  8-тарау. ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIКТI МЕМЛЕКЕТТIК БАҚЫЛАУ

       37-бап. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылаудың
              негiзгi принциптерi мен мiндеттерi

     1. Қазақстан Республикасындағы жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылау:

     1) заңдылық;

     2) жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң адалдық презумпциясы;

     3) жариялылық;

     4) бәрiнiң заң мен сот алдындағы теңдiгi;

     5) тексеру жүргiзу кезеңiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсi жұмыс режимiнiң бұзылуына жол бермеу;

     6) мемлекеттiк органдар лауазымды адамдарының кәсiби бiлiктiлiгi мен құзыреттiлiгi;

     7) лауазымды мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және олардың өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны үшiн мемлекеттiк органдар лауазымды адамдарының жауаптылығы принциптерiне негiзделедi.

     2. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылаудың негiзгi мiндетi экономикалық қауiпсiздiктi, алдау практикасының алдын алуды, табиғи және энергетика ресурстарын үнемдеудi, ұлттық өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруды қоса алғанда, жеке кәсiпкерлiк субъектiсi өндiретiн және сататын өнiмдердiң адамдар өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгiн, олардың мүлкiн қорғауды, қоршаған ортаға қауiпсiздiгiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету болып табылады.

     3. Мемлекеттiк органдар осы Заңның қосымшасына сәйкес өздерiне жүктелген бақылау және қадағалау функцияларына сәйкес жеке кәсiпкерлiктi бақылауды жүзеге асырады.

     4. Мемлекеттiк органдарға жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне тексеру жүргiзу тәртiбi мәселелерi бойынша заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлер қабылдауға тыйым салынады.

       38-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн тексерудi
              ұйымдастыру мен жүргiзудiң жалпы тәртiбi

      1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн тексеру осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Тексеру мемлекеттiк органның тексерудi тағайындау туралы актiсi негiзiнде жүргiзiледi.

      Тексерудi тағайындау туралы актiде:
      1) актiнiң нөмiрi мен күнi;

      2) мемлекеттiк органның атауы;

      3) тексеру жүргiзуге уәкiлеттi адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты және лауазымы;

      РҚАО-ның ескертуі!
      38-тармақтың 2-тармағының 4) тармақшасына 2010 жылғы 13 шілдеде Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  224  Заңымен өзгерту енгізіледі.

      4) тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң атауы немесе тексеру жүргiзу тағайындалған дара кәсiпкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты, оның орналасқан жерi, салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi;

      5) тағайындалған тексерудiң мәнi;

      6) тексерудiң басталған және аяқталған күнi;

      7) тексеру жүргiзудiң құқықтық негiздерi, оның iшiнде мiндеттi талаптары тексеруге жататын нормативтiк құқықтық актiлер;

      8) тексерiлетiн кезең;

      9) актiге қол қоюға уәкiлеттi адамның қолы және мемлекеттiк органның мөрi көрсетiледi.

      3. Тексерудi тағайындау туралы актi Қазақстан Республикасының  заңнамасында  белгiленген  тәртiппен өз құзыретi шегiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органда (бұдан әрi -  құқықтық статистика жөнiндегi орган ) мiндеттi түрде тiркеледi.

     4. Объектiге тексеру үшiн келген мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары:

     1) құқықтық статистика жөнiндегi органда тiркеу туралы белгi қойылған тексерудi тағайындау туралы актiнi;

     2) қызметтiк куәлiгiн;

     3) қажет болғанда режимдi объектiлерге баруға құзыреттi органның рұқсатын;

     4) мемлекеттiң органның басшысы бекiткен тексеру жоспарын;

     5) объектiлерге бару үшiн болуы қажет медициналық рұқсаттаманы көрсетуге мiндеттi.

     5. Тексерудi тағайындау туралы актiнi тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне берген сәттен бастап тексеру жүргiзу басталды деп есептеледi.

     6. Тексерудi тағайындау туралы актiнi қабылдаудан бас тартқан немесе тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргiзуге қажеттi материалдарға қол жеткiзуiне кедергi келтiрiлген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органның лауазымды адамы және тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң уәкiлеттi адамы қол қояды.
     Тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң уәкiлеттi адамы бас тарту себебi туралы жазбаша түсiнiктеме берiп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексерудi тағайындау туралы актiнi алудан бас тарту тексеру жүргiзбеуге негiз болып табылмайды.

     7. Тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргiзе алады.

     8. Аумақтық мемлекеттiк органдар тексеру жүргiзген жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi көрсетiлген органдардың қызметiн тексеру шеңберiнде қайта тексерiлуi мүмкiн.

     9. Тексерулердi ұйымдастыру мен жүргiзу тәртiбiнiң ерекшелiктерi, тексеру түрлерi, олардың мерзiмдiлiгі мен ұзақтығы жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне қатысты мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

     10. Тексеру жүргiзу мерзiмi отыз күнтiзбелiк күннен аспауға тиiс, ерекше жағдайларда арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргiзу қажет болғанда, сондай-ақ тексеру көлемiнiң ауқымды болуына байланысты мемлекеттiк бақылау органының басшысы (не оны ауыстыратын адам) тексеру жүргiзудiң мерзiмiн ұзартуы мүмкiн, бiрақ ол отыз күнтiзбелiк күннен аспауға тиiс.
     Тексеру мерзiмi ұзартылған жағдайда мемлекеттiк орган мiндеттi түрде құқықтық статистика органында тiркеу арқылы тексеруді ұзарту туралы қосымша актiнi ресiмдейдi, онда тексерудi тағайындау туралы алдыңғы актiнiң нөмiрi мен тiркелген күнi және ұзартудың себебi көрсетiледi.
     Тексерудi тағайындау туралы бiр актiнiң негiзiнде бiр ғана тексеру жүргiзiледi.

     11. Тексерудi тағайындау туралы актi тек бiр ғана жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне рәсiмделедi.

     12. Зерттеулер (сынақтар), сараптамалар жүргiзу үшiн өнiмнiң (сынамалардың) үлгiлерiн iрiктеу Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес жүргiзiледi.

     13. Тексерудiң нәтижелерi бойынша тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органның лауазымды адамы екi данада тексеру нәтижелерi туралы актi жасайды.

     Тексеру нәтижелерi туралы актiде:
     1) актiнiң жасалған күнi, уақыты және орны;

     2) тексерудi жүргiзген мемлекеттiк органның атауы;

     3) соның негiзiнде тексеру жүргiзiлген тексерудi тағайындау туралы актiнiң күнi мен нөмiрi;

     4) тексеру жүргiзген адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты және лауазымы;

     5) тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң атауы немесе дара кәсiпкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты, тексерудi жүргiзу кезiнде қатысқан заңды тұлға өкiлiнiң немесе дара кәсiпкер өкiлiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты, лауазымы;

     6) тексерудiң жүргiзiлген күнi, орны және кезеңi;

     7) тексерудiң нәтижелерi туралы, оның iшiнде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәлiметтер;

     8) заңды тұлға немесе дара кәсiпкер өкiлiнiң, сондай-ақ тексерудi жүргiзу кезiнде қатысқан адамның актiмен танысуы туралы немесе танысудан бас тартуы туралы мәлiметтер, олардың қолы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы;

     9) тексерудi жүргiзген лауазымды адамның (адамдардың) қолы көрсетiледi.
     Тексерудiң нәтижелерi туралы актiге олар болған жағдайда өнiмнiң үлгiлерiн (сынамаларын) iрiктеу, қоршаған орта объектiлерiн зерттеу туралы актiлер, жүргiзiлген зерттеулердiң (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және тексеру нәтижелерiмен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшiрмелерi қоса берiледi.

     14. Тексерудiң нәтижелерi бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң басшысы немесе дара кәсiпкер немесе олардың өкiлдерi оларды жазбаша түрде белгiлейдi.
     Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргiзудiң нәтижелерi туралы актiге қоса берiледi, ол туралы тиiстi белгi жасалады.

     15. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнде түпнұсқа ретiнде болатын құжаттардың көшiрмелерiн қоспағанда, қосымшаларының көшiрмелерi бар тексерудiң нәтижелерi туралы актiнiң бiр данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнiндегi шараларды және басқа да iс-қимылдарды қабылдау үшiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң басшысына немесе дара кәсiпкерге немесе олардың өкiлдерiне тапсырылады.

     16. Тексеру нәтижесiнде анықталған бұзушылықтар бойынша жеке кәсiпкерлiк субъектiсi үш күндiк мерзiмде қарсылықтар болмағанда тексерудi жүргiзген мемлекеттiк органның басшысымен келiсiлген мерзiмдердi көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде қабылданатын шаралар туралы ақпарат беруге мiндеттi.

     17. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабын жүргiзуге құқығы бар. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабында тегiн, лауазымдарын және актiде баяндалған деректердi көрсете отырып, жүргiзiлген iс-қимылдар туралы жазба жасауға мiндеттi.

     18. Осы баптың қолданысы тексерулер жүргiзуге байланысты мынадай:
     1) азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын мiндеттемелердi орындау жөнiндегi;

     2) жедел-iздестiру iс-шаралары, анықтау, алдын ала тергеу, прокурорлық қадағалау және атқарушылық iс жүргiзу шеңберiнде;

     3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын кесiп өту кезiндегi;

     4) жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң бастамасы бойынша;

     5) Қазақстан Республикасының салық, кеден және қаржы заңнамасын сақтау жөнiндегi;

     6) бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау жөнiндегi қатынастарға қолданылмайды.

     19. Өнiмнiң адамдар өмiрi мен денсаулығына қауiпсiздiгi және  мүлiктi сақтау саласындағы бақылау Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес  тексерудi тағайындау туралы актiсiз жүзеге асырылады.
     Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органның қызметкерлерiн бекiту жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне бiрiншi барған кезде табыс етiлетiн жазбаша хабарламаның негiзiнде жүргiзiледi.

     20. Түпнұсқалық бухгалтерлiк және өзге де құжаттарды алып қоюға және алуға Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген  жағдайларда жол берiледi.

     21. Тексеру жүргiзiлген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық болмаған жағдайда актiге тексеру нәтижелерi жөнiнде тиiстi жазба жасалады.

     22. Тексерiлетiн жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген тексерудi аяқтау мерзiмiнен кешiктiрiлмей тексеру нәтижелерi туралы актiнiң тапсырылған күнi тексеру мерзiмiнiң аяқталуы деп есептеледi.

     23. Иесi бүркемеленген өтiнiштер жоспардан тыс тексеру жүргiзуге негiз бола алмайды.
     Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленбеген өзге тексеру түрлерiн жүргiзуге тыйым салынады.

       39-бап. Жеке кәсiпкерлiктi бақылауды жүзеге асыру
              кезiндегi мемлекеттiк органдардың лауазымды
              адамдарының құқықтары мен мiндеттерi

     1. Жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының:

     1) осы Заңның 38-бабының  4-тармағында  көрсетiлген құжаттарды  көрсеткен кезде тексерiлетiн объектiнiң аумағына және үй-жайларына кедергiсiз кiруге;

     2) қағаз және электронды жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексеру нәтижелерi туралы актiге қосу үшiн алуға, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен мәнiне сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуге құқығы бар.

     2. Тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына тексеру мәнiне жатпайтын талаптар қоюға және өтiнiш жасауға тыйым салынады.

     3. Мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары:
     1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға;

     2) тексерудi осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiзде және тәртiппен қатаң сәйкестiкте жүргiзуге;

     3) тексеру жүргiзу кезеңiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң белгiленген жұмыс режимiне кедергi келтiрмеуге;

     4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарды бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген өкiлеттiктердi уақтылы және толық көлемде орындауға;

     5) тексеру жүргiзу кезiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қатысуына кедергi келтiрмеуге, тексеру мәнiне жатқызылған мәселелер бойынша түсiнiктер беруге;

     6) тексеру жүргiзу кезiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне тексерудiң мәнiне қатысты қажеттi ақпарат беруге;

     7) тексеру аяқталған күнi жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне жүргiзiлген тексерудiң нәтижелерi туралы актiнi беруге;

     8) алынған құжаттардың және тексеру жүргiзудiң нәтижесiнде алынған мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.

       40-бап. Мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiндегi жеке
              кәсiпкерлiк субъектiсiнiң құқықтары мен
              мiндеттерi

     1. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiнде:

     1) егер:
     осы Заңның 38-бабының  4-тармағында  көрсетiлген құжаттар табыс етiлмеген;
     лауазымды адамдар тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлмеген;
     тексерудi бастау күнi басталмаған немесе өтiп кеткен;
     тексерудi тағайындау туралы актi осы Заңның 38-бабының  2-тармағына  сәйкес ресiмделмеген жағдайда объектiге тексеру жүргiзу үшiн келген мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарын тексеруге жiбермеуге;

     2) егер жүргiзiлетiн тексерудiң мәнiне жатқызылмаған немесе актiде көрсетiлген кезеңге жатқызылмаған болса, мәлiметтер бермеуге;

     3) тексерудi тағайындау туралы актiге және тексерудiң нәтижелерi туралы актiге және мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының  заңнамасында  белгiленген тәртiппен шағым жасауға;

     4) мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың жеке кәсiпкерлiктi шектейтiн заңға негiзделмеген тыйым салуларын орындамауға құқылы.

     2. Мемлекеттiк органдар мемлекеттiк бақылауды жүргiзген кезде жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi:

     1) осы Заңның 38-бабы  4-тармағының  талаптары сақталған кезде тексерiлетiн объектiнiң аумағына және үй-жайларына мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының кедергiсiз өтуiн қамтамасыз етуге;

     2) осы Заңның  11-бабының  талаптарын сақтай отырып, тексерудi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына қағаз және электронды жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексерудiң нәтижелерi туралы актiге қосу үшiн  табыс етуге, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен мәнiне сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуiне мүмкiндiк беруге;

     3) тексерудi тағайындау туралы актiнiң екiншi данасында алғаны жөнiнде туралы белгi жасауға мiндеттi.

       41-бап. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын
              мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды
              адамдарының шешiмдерiне, iс-әрекетiне
              (әрекетсiздiгiне) шағымдану тәртiбi

     1. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жағдайда жеке кәсiпкерлiк субъектiсi тиiстi органның және (немесе)  лауазымды адамның iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) жоғары тұрған мемлекеттiк органға не Қазақстан Республикасының  заңнамасында  белгiленген тәртiппен сотқа шағымдануға құқылы.

     2. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қылмыстық iстi қозғаумен және тексеру жүргiзумен байланысты мемлекеттiк органдардың iс-әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдануы Қазақстан Республикасының қылмыстық iс жүргiзу  заңнамасында  белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. 

  9-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК БАҚЫЛАУДЫ, ЛИЦЕНЗИЯЛАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ КЕЗIНДЕ МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАР МЕН ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

      Ескерту. 9-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05.   N 62-IV  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       42-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң құқықтары
              мен заңды мүдделерiн бұзғаны үшiн жауаптылықтың
              жалпы негiздерi мен нысандары

     1. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары осы Заңның 29-бабының  1-тармағында  белгiленген мемлекеттiк әкiмшiлiк етудiң мақсатына қол жеткiзбеген мемлекеттiк бақылауды, лицензиялауды жүзеге асыру кезiнде өз қызметтiк  мiндеттерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы iс-әрекеттер (әрекетсiздiк) жасағанда Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген  жауаптылықта болады.

     2. Мемлекеттiк органдар мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуда кiнәлi лауазымды адамдарына қатысты қабылданған шаралар туралы құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне бiр ай iшiнде жазбаша хабарлауға мiндеттi.

     3. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жеке кәсiпкерлiк субъектiсi туралы ақпаратты таратқаны үшiн Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген  жауаптылықта болады, ал жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң келiсiмiнсiз ақпаратты тарату нәтижесiнде оған келтiрiлген зиян өтелуге тиiс.
      Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05.   N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       43-бап. Жеке кәсiпкерлiкке кедергi келтiргенi үшiн
              жауаптылық

     1. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының жеке кәсiпкерлiк қызметiне заңсыз кедергi жасайтын кез келген iс-әрекетi (әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген  жауаптылыққа әкеп соғады.

     2. Қызметiн мәжбүрлеп тоқтата тұру немесе тыйым салу солардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес  жүзеге асырылатын қаржылық ұйымдардың, кредиттiк бюролардың кәсiпкерлiк қызметiн қоспағанда, жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiн мәжбүрлеп тоқтата тұруды немесе тыйым салуды бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың өтiнiшi бойынша сот жүргiзедi.

     3. Жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң қызметiн сот шешiмiнсiз үш күннен аспайтын мерзiмге тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға, көрсетiлген мерзiмде талап-арызды сотқа табыс етудi мiндеттей отырып, ерекше жағдайларда жол берiледi.
     Бұл ретте бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органның қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы актісі соттың шешiмi шыққанға дейiн қолданыста болады.

     4. Кәсiпкерлiк қызметiне заңсыз кедергi келтiру салдарынан жеке кәсiпкерлiк субъектiсi көтерген барлық шығындар мен жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне келтiрiлген өзге де зиян өтелуге жатады.

       44-бап. Жеке кәсiпкерлiктi тексерудiң белгiленген
              тәртiбiн бұзғаны үшiн жауаптылық

     1. Мемлекеттiк орган немесе оның лауазымды адамы жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне тексеру жүргiзудiң белгiленген тәртiбiн бұзған жағдайда (тексерудi негiзсiз тағайындау, актi шығармай және  оны құқықтық статистика органында тiркемей тексеру жүргiзу, құжаттарды заңсыз алып қою, материалдық құндылықтарды заңсыз түгендеу, өндiрiстi тоқтата тұру, артық анықтамалар толтыру, негiзсiз сұрау салуларды талап ету және өзге де жағдайларда) өтеулi талап етiлетiн шығындардың көлемiне тексеруге арналған материалдарды дайындағаны үшiн жеке кәсiпкерлiк субъектi қызметкерлерiне төленген сыйақы сомалары, өндiрiстiң мәжбүрлi тоқтаған уақытына жалақы, өндiрiстi тоқтата тұру салдарынан шығарылмаған тиiстi тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзу кезiнде жеке кәсiпкерлiк субъектiсiнiң алуы ықтимал жiберiп алған пайда енгiзiлуi мүмкiн.

     2. Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген  тәртiппен заңсыз деп танылған мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекетiмен (әрекетсiздiгiмен) жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.

     3. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тексеру жүргiзу кезiндегi заңсыз iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

  10-тарау. ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛIК СУБЪЕКТIЛЕРІНІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

       45-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi жауаптылығының
              жалпы жағдайлары

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн сақтауға мiндеттi.
     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген  жауаптылыққа әкеп соғады.

       46-бап. Сәйкестiктi тексеру, калибрлеу және сынақ
              зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi
              органдардың жауаптылығы

     Сәйкестiктi тексеру, калибрлеу және сынақ зертханаларын (орталықтарын) растау жөнiндегi органдар өз мiндеттерiн орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген жауаптылықта болады.

       47-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан
              Республикасының жосықсыз бәсеке туралы
              заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылығы

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының жосықсыз бәсеке туралы  заңнамасын  бұзуы Қазақстан Республикасының   заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

       48-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан
              Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы
              заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылығы

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының демпингке қарсы шаралар туралы  заңнамасын  бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында  белгiленген  жауаптылыққа әкеп соғады.

       49-бап. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан
              Республикасының тауарлар импорты кезiнде iшкi
              рынокты қорғау шаралары туралы заңнамасын
              бұзғаны үшiн жауаптылығы

     Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының тауарлар импорты кезiнде iшкi рынокты қорғау шаралары туралы  заңнамасын  бұзуы Қазақстан Республикасының  заңдарында  жауаптылыққа әкеп соғады.

  11-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       50-бап. Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк
              туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылығы

     Қазақстан Республикасының жеке кәсiпкерлiк туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

       51-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

     1. Осы Заң 2006 жылғы 1 шiлдеден бастап қолданысқа енгiзiлетiн 5-бапты қоспағанда, жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

     2. Осы Заңды қолданысқа енгiзу кезiнде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасы оған қайшы келмейтiн бөлiкте қолданылады және 2007 жылғы 1 қаңтарға дейiн соған сәйкес келтiрiлуге тиiс.

     3. Күшi жойылды деп танылсын:

     1) "Жеке кәсiпкерлiктi қорғау және қолдау туралы" 1992 жылғы 4 шiлдедегi Қазақстан Республикасының  Заңы  (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1992 ж., N 16, 424-құжат; 1995 ж., N 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 14, 274-құжат; 1997 ж., N 13-14, 195, 205-құжаттар; 1999 ж., N 23, 931-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат, N 24, 338-құжат; 2003 ж., N 10, 51-құжат; N 19-20, 147-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат);

     2) "Шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау туралы" 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының  Заңы  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 12, 182-құжат; 1998 ж., N 17-18, 225-құжат; 1999 ж., N 21, 778-құжат; N 23, 931-құжат; 2001 ж., N 4, 23-құжат; N 8, 52-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 15, 150-құжат; 2003 ж., N 4, 26-құжат; N 19-20, 147-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат);

     3) "Жеке кәсiпкерлiк туралы" 1997 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының  Заңы  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 12, 185-құжат; N 22, 333-құжат; 1999 ж., N 23, 931-құжат; 2001 ж., N 24, 338-құжат).

     Қазақстан Республикасының
     Президентi

"Жеке кәсiпкерлiк туралы"     
2006 жылғы 31 қаңтардағы N 124-III 
Қазақстан Республикасының Заңына  
ҚОСЫМША                

  Мемлекеттiк бақылау және қадағалау
ТҮРЛЕРI

     1. Электр энергетикасы саласындағы,  жер қойнауын  пайдалану және радиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi  мемлекеттiк орган :
     1) электр энергетикасы саласындағы  бақылау және қадағалау ;
     2) мониторинг және  жер қойнауын пайдалану  саласындағы келiсiм-шарттар талаптарының орындалуын бақылау;
     3)  жер қойнауын  зерделеу және пайдалану саласындағы бақылау;
     4) мұнайгаз кәсiпшiлiгi инфрақұрылымын бақылау;
     5) халықтың  радиациялық қауiпсiздiгi  саласындағы бақылау;
     6)  мұнай операцияларын  жүргiзу саласындағы бақылау;
     7) мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiнiң өндiрiлуiн және оның айналымын бақылау.

     2.  Көлiк  саласындағы мемлекеттiк орган:
     1) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану саласындағы бақылау;
     2) азаматтық  авиация  қызметiн бақылау;
     3) халықаралық әуе тасымалдарын бақылау;
     4) авиациялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi бақылау;
     5)  автомобиль көлiгi  саласындағы бақылау;
     6)  темiр жол  көлiгi саласындағы бақылау;
     7) сауда мақсатында  теңiзде жүзу  саласындағы бақылау;
     8)  iшкi су  көлiгi саласындағы бақылау;
     9)  автомобиль жолдарының  жобалануы мен салынуын бақылау;
     10) автомобиль жолдарын пайдалану ережелерiнiң сақталуын бақылау;
     11) Мемлекеттiк шекарадан өткiзу пункттерiнде көлiк құралдарының иелерi мен тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi  сақтандыру  саласындағы бақылау.

     3.  Экспорттық бақылау  жөнiндегi мемлекеттiк орган:
     экспорттық бақылауға  жатқызылатын өнiмдi бақылау.

     4.  Техникалық реттеу  саласындағы мемлекеттiк орган:
     1)  техникалық реттеу  саласындағы бақылау;
     2) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасының сақталуын бақылау.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05.   N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

     5.  Метрология  саласындағы мемлекеттiк орган:
     метрология  саласындағы бақылау.

     6. Сәулет, қала құрылысы және  құрылыс  саласындағы мемлекеттiк орган:
     сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы  бақылау .

     7.  Ауыл шаруашылығы  өнеркәсiбi кешенiн дамыту саласындағы мемлекеттiк орган:
     1)  ветеринария  саласындағы бақылау;
     2) асыл  тұқымды мал  шаруашылығы және  ара шаруашылығы  саласындағы бақылау;
     3)  жануарлар  дүниесiн қорғау, молайту және пайдалану саласындағы  бақылау ;
     4) өсiмдiктердi  қорғау  және оның  карантинi  саласындағы бақылау;
     5)  тұқым шаруашылығы  саласындағы бақылау;
     6)  астық  нарығын реттеу саласындағы бақылау;
     7) Қазақстан Республикасының  орман  заңнамасы саласындағы  бақылау ;
     8) Қазақстан Республикасының су  заңнамасы  саласындағы  бақылау ;
     9) өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi  сақтандыру  саласындағы бақылау;
     10)  ерекше қорғалатын  табиғи аумақтар саласындағы  бақылау .

     8.  Жер ресурстарын  басқару жөнiндегi мемлекеттiк орган:
     1) жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын  бақылау ;
     2) геодезиялық және картографиялық қызметтi  бақылау .

     9. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы  мемлекеттiк орган :
     1) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды молықтыру және пайдалану саласындағы  бақылау ;
     2) шаруашылық қызметтiң экологиялық қауiптi түрлерiн бақылау;
     3) қалдықтармен жұмысты бақылау;
     4) мiндеттi экологиялық  сақтандыру  саласындағы бақылау.

     10. Төтенше жағдайлар саласындағы  мемлекеттiк орган :
     1) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы  бақылау ;
     2)  Азаматтық қорғаныс  саласындағы бақылау;
     3)  қауiптi өнеркәсiптiк  объектiлердегi өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы бақылау;
     4)  өрт қауiпсiздiгi  саласындағы бақылау;
     5) қызметi үшiншi тұлғаларға нұқсан келтiру қауiптiлiгiне байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi  сақтандыру  саласындағы бақылау.

     11. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк орган:
     1)  дәрiлiк заттардың  қауiпсiздiгiн, тиiмдiлiгiн және сапасын  бақылау ;
     2) көрсетiлетiн  медициналық  қызметтердiң сапасын бақылау.

     12. Халықтың  санитарлық-эпидемиологиялық  салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк орган:
     1) санитарлық-эпидемиологиялық  бақылау ;
     2) халыққа жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егудiң ұйымдастырылуын және өткiзiлуiн бақылау;
     3) жұқпалы аурулардың алдын алу жөнiндегi iс-шаралардың ұйымдастырылуын және олардың өткiзiлуiн бақылау.

     13.  Бiлiм беру  саласындағы мемлекеттiк орган:
     бiлiм беру  жүйесiндегi бақылау.

     14.  Әлеуметтiк-мәдени  қатынастар саласындағы мемлекеттiк орган:
     Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған және жеке мұрағаттарда сақталатын құжаттардың сақталуын  бақылау .

     15.  Еңбек  саласындағы мемлекеттiк орган:
     1)  еңбек  және  еңбек қауiпсiздiгi мен оны қорғау  туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау;
     2) жұмыс берушiнiң қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына олардың еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн орындау кезiнде нұқсан келтiргенi үшiн азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi  сақтандыру  туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын бақылау;
     3) халықты еңбекпен қамту туралы Қазақстан Республикасы   заңнамасының сақталуын бақылау;
     4) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы Қазақстан Республикасы   заңнамасының сақталуын бақылау.

     16. Бұқаралық  ақпарат  құралдары iстерi жөнiндегi мемлекеттiк орган:
     бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасы   заңнамасының сақталуын бақылау.

     17.  Ақпараттандыру және байланыс  саласындағы мемлекеттiк орган: 
     1)  байланыс  саласындағы бақылау;
     2)  ақпараттандыру  саласындағы бақылау;
     3) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы Қазақстан Республикасы  заңнамасының  сақталуын бақылау.

     18. Мемлекет алдындағы салық мiндеттемелерiнiң орындалуына  салықтық бақылауды  қамтамасыз ететiн мемлекеттiк орган:
     1)  салық  және басқа да мiндеттi төлемдердiң бюджетке түсуiн, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi  зейнетақы  жарналарының және Мемлекеттiк әлеуметтiк  сақтандыру  қорына әлеуметтiк аударымдардың толық және уақтылы аударылуын салықтық бақылау;
     2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзыретi шегiнде салықтық емес түсiмдердiң түсуiн салықтық бақылау;
     3)  трансферттiк бағаларды  қолдану кезiндегi бақылау;
     4)  акцизделетiн  өнiмдердiң өндiрiлуiн және айналымын бақылау.
     Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N  201  (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап   қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      19.  Банкроттық  саласындағы мемлекеттiк орган:
     сырттай байқау рәсімінің, оңалту рәсімінің, конкурстық іс жүргізудің өткізілуін  бақылау .
       Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2008.07.05.   N 60-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

     20.  Кеден iсi  мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк орган:
     1)  кеден iсi  саласындағы бақылау;
     2) Қазақстан Республикасы  валюта  заңнамасының сақталуын бақылау;
     3) құзыретi шегiнде  салықтық  бақылау;
     4) мәдени құндылықтардың  әкетiлуiне  бақылау.

     21. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi  мемлекеттiк орган :
     1) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын  қадағалау мен бақылау ;
     2)  кредиттiк бюролар  қызметiн қадағалау мен бақылау;
     3)  инвестициялық қорлар  қызметiн қадағалау мен бақылау.

     22. Қазақстан Республикасының  Ұлттық Банкi :
     1) валюталық операцияларды жүзеге асыруға және валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметтi бақылау;
     2) құзыретi шегiнде қаржылық ұйымдардың қызметiн бақылау;
     3)  төлемдер және ақша  аударымдары,  вексель  айналымдары мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының және Қазақстан Республикасы  валюта  заңнамасының сақталуын бақылау;
     4) төлем жүйелерiнiң жұмыс iстеуiн қадағалау.

     23. Бәсекелестiктi қорғау және монополистiк қызметтi шектеу жөнiндегi мемлекеттiк орган -  монополияға қарсы  орган:
     1) экономикалық шоғырлануды  бақылау ;
     2) нарық субъектiлерiнiң келiсiмдерiн (келiсiлген iс-әрекеттерiн) бақылау;
     3) мемлекеттiк органдардың бәсекелестiкке қарсы iс-әрекеттерiн  бақылау ;
     4) нарық субъектiлерiнiң үстем (монополиялық) жағдайын терiс пайдалануын болдырмауды бақылау.

     24. Әдiлет органдары:
     1)  авторлық құқық  және сабақтас құқық,  өнеркәсiптiк меншiк селекциялық жетiстiктер , интегралдық  микросхема  топологиясы объектiлерiн пайдалануды  бақылау ;
     2) нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiнiн кейiннен жариялау саласындағы  бақылау .

     25.  Табиғи монополиялар  саласындағы қызметтi бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган:
     табиғи монополиялар саласындағы  бақылау .

     26. Стратегиялық маңызы бар экономика салаларындағы  жекешелендiру  мен меншiк мониторингi саласындағы мемлекеттiк орган:
     1) жекешелендiруден кейiнгi  бақылау ;
     2) мемлекеттiң үлесi бар меншiк объектiлерiн, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар экономика салаларындағы басқару тиiмдiлiгiнiң мониторингi.

      27. Мемлекеттік қаржы бақылау органдары:
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасының сақталуын  бақылау .
      Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.07.21.  N 304  (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      28. Қоғамдық тәртiптi сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк орган:
     1)  жол қозғалысы  қауiпсiздiгiнiң қамтамасыз етiлуiн  бақылау ;
     2) азаматтық және қызметтiк  қару  мен оның патрондарының, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласында жұмыспен қамтылған жеке және заңды тұлғалардың қызметiн  бақылау ;
     3) түрлi-түстi бейнелi көбейткiш-көшiргiш техниканың, сондай-ақ штемпельдi-гравюралық кәсiпорындардың қызметiн  бақылау
     4) жарылғыш және улы заттарды, радиоактивтi материалдар мен заттарды қолдану мен олардың жұмыс iстеуiнiң белгiленген ережелерiнiң сақталуын  бақылау ;
     5) өз құзыретi шегiнде  шетелдiк  жұмыс күшiн тарту ережелерiнiң сақталуын  бақылау ;
     6)  күзет қызметiн , сондай-ақ күзет дабылы құралдарын монтаждауды, жолға қоюды және оларға техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын субъектiлердiң қызметiн  бақылау ;
     7)  есiрткi, психотроптық заттар  мен прекурсорлардың айналымын  бақылау ;
     8) көлiк құралдарының иелерi мен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін міндетті  сақтандыру  саласындағы  бақылау .

      29. Туристік қызмет саласындағы мемлекеттік орган:
      Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуын бақылау.
      Ескерту. 29-тармақ толықтырылды - ҚР-ның 2008.07.05.   N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.