Мемлекеттік мүлік туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы N 413-IV Заңы

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 219-баптан қараңыз.

      Осы Заң мемлекеттік мүліктің құқықтық режимін, мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті және заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі акциялар мен қатысу үлестерін басқарудың құқықтық негіздерін, мемлекеттік мүлікке құқықтарға ие болудың және оларды тоқтатудың құқықтық негіздерін айқындайды және мемлекеттің мемлекеттік мүлікке меншік иесінің құқықтарын және өзге де құқықтарды иеленушінің тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етуге бағытталған.

1-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІК ТУРАЛЫ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

1-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ БАСҚАРУ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) аудандық коммуналдық заңды тұлғалар – аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған аудандық мемлекеттік кәсіпорындар мен аудандық мемлекеттік мекемелер;
      2) аудандық коммуналдық мүлік – ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мүлкі, оның ішінде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың бюджеті және аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мүлік, сондай-ақ аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік;
      3) даму жоспары – акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталындағы қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам және жауапкершілігі шектеулі серіктестік, оның ішінде ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг және ұлттық компания қызметінің бесжылдық кезеңге арналған негізгі бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат;
      4) даму стратегиясы – ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның онжылдық кезеңге арналған миссиясын, пайымын, стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын және негіздейтін құжат;
      5) есепке алу объектісі – мемлекеттік мүлік тізілімінде есепке алынатын мемлекеттік мүлік;
      6) жекешелендіру – мемлекеттің осы Заңда белгіленген арнайы рәсімдер шеңберінде мемлекеттік мүлікті жеке тұлғаларға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сатуы;
      7) коммуналдық заңды тұлғалар – мүлкі коммуналдық меншікте тұрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер;
      8) коммуналдық мүлік – әкімшілік-аумақтық бөліністердің мүлкі;
      9) Қазақстан Республикасының стратегиялық объектіге ие болуының басым құқығы – стратегиялық объект тиесілі жеке тұлғадан немесе мемлекеттік емес заңды тұлғадан, осындай тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығару жөнінде мәміле жасасуды ниет етіп отырған жағдайда, сондай-ақ стратегиялық объектіге өндіріп алу жүргізілген не оңалтушы немесе конкурстық басқарушы конкурс (тарату) массасының құрамында стратегиялық объектіні иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) соттың қарауынан тыс тәртіппен өткізген не стратегиялық объектіге сот актісінің негізінде өндіріп алу жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының стратегиялық объектілерді нарықтық құны бойынша сатып алуға үшінші тұлғалар алдындағы басым құқығы;
      10) қазыналық кәсіпорын – мемлекет жедел басқару құқығында бөліп берген мүлкі бар коммерциялық ұйым;
      11) мемлекет мұқтажы – мемлекеттің функцияларынан туындайтын және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздейтін мемлекет мүддесін қанағаттандыру үшін жеке меншіктегі мүліктің мемлекеттік меншікке өту қажеттігінің болуы;
      12) мемлекет меншігіне алу – Қазақстан Республикасының мемлекет меншігіне алу туралы заңының негізінде жүзеге асырылатын, жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі мүлікті Қазақстан Республикасы мүлкінің құрамына мәжбүрлеп өтеулі түрде иеліктен шығару;
      13) мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті органы) – мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) мемлекеттік басшылықты жүзеге асыратын және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген шарттарда республикалық мүлікке қатысты құқықтарды иеленетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған орталық атқарушы орган. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мүлікке қатысты құқықтарды өзге де мемлекеттік органдарға берген жағдайда осы Заңның тиісті саланың уәкілетті органы туралы қағидалары осындай мемлекеттік органға қолданылады;
      14) мемлекеттік заңды тұлғалар – мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер;
      15) мемлекеттік мекеме – басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекет құрған және қаржыландырудың қосымша көздері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленбесе, тек қана бюджет немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен қамтылатын коммерциялық емес ұйым;
      16) мемлекеттік мекемені немесе қазыналық кәсіпорынды жедел басқару құқығы (бұдан әрі – жедел басқару құқығы) – мемлекеттен меншік иесі ретінде мүлік алған және өз қызметінің жарғылық мақсаттарына, уәкілетті мемлекеттік органдардың тапсырмаларына және мүліктің мақсатына сәйкес осы мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттік мекеменің немесе қазыналық кәсіпорынның заттық құқығы;
      17) мемлекеттік мүлік – республикалық және коммуналдық мүлік;
      18) мемлекеттік мүлікті басқару – мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) мемлекеттік меншік құқығын және өзге де мүліктік құқықтарды жүзеге асыруы;
      19) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мүлікке құқығын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті және стратегиялық объектілерді жекешелендіру мен мемлекеттік мониторинг жүргізу саласындағы басшылықты өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      20) мемлекеттік мүлікті есепке алу – осы Заңның 15-тарауында көзделген қағидаларға сәйкес мемлекеттік мүлік тізілімін қалыптастыру үшін есепке алу объектілері туралы ақпаратты жинау мен қорытудың ретке келтірілген жүйесі;
      21) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған, өзіне мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру мен есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру бойынша міндеттер жүктелген заңды тұлға;
      22) мемлекеттік мүлік тізілімі – арнаулы мемлекеттік органдардың жедел басқаруындағы мүлікті қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі;
      23) мемлекеттің мүліктік құқықтары – мемлекеттің мыналарды:
      мемлекеттік меншік құқығын;
      мемлекеттің өзге де заттық құқықтарын (сервитутты, жалға алуды, мүлікті өтеусіз пайдалануды және басқаларын);
      мемлекеттің міндетті құқықтарын (талап ету құқықтарын);
      мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілеріне ерекше құқықтарды;
      мұрагерлік құқықтарды;
      мемлекеттің Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мүліктік құқықтарын қамтитын мүлікке құқықтары;
      24) мүдделер қайшылығы – байқау кеңесі мүшесінің жеке мүдделілігі мен оның өз лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындауы немесе жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделері арасындағы осы заңды мүдделерге зиян келтіре алатын қарама-қайшылық туындайтын кездегі жағдай;
      25) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу;
      26) облыстық коммуналдық заңды тұлғалар – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған облыстық мемлекеттік кәсіпорындар мен облыстық мемлекеттік мекемелер;
      27) облыстық коммуналдық мүлік – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мүлкі, оның ішінде облыстық бюджет және облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мүлік, сондай-ақ аудандық коммуналдық мүлікті қоспағанда, облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік;
      28) реквизициялау – дүлей зілзала, авариялар, эпидемия, эпизоотия жағдайында, соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде немесе соғыс уақытында және төтенше сипаттағы өзге де мән-жайлар кезінде мүліктің құнын меншік иесіне төлей отырып, мүлікті мемлекеттік органдардың шешімі бойынша меншік иесінен қоғам мүддесі үшін алып қою;
      29) республикалық заңды тұлғалар – мүлкі республикалық меншікте тұрған республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен республикалық мемлекеттік мекемелер;
      30) республикалық мүлік – коммуналдық мүлікті қоспағанда, Қазақстан Республикасының мүлкі;
      31) стратегиялық объект – қазақстандық қоғамның орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мүлік, оны иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер етеді;
      32) ұлттық басқарушы холдинг – ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа да заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін) тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;
      33) ұлттық даму институттары - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен акционерлiк қоғамдардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, қызметiнiң басты мақсаты индустриялық-инновациялық даму және кәсiпкерлiктi қолдау саласындағы жобаларды iске асыру болып табылатын қаржылық, консалтингтiк, инновациялық, сервистiк ұйымдар;
      34) ұлттық компания – Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық холдингке тиесілі және қызметін ұлттық экономиканың негізін құрайтын салаларда жүзеге асыратын немесе өңірлердің экономикасын дамытуға жәрдемдесу үшін құрылатын (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар) акционерлік қоғам;
      35) ұлттық холдинг – егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, ұлттық компаниялардың және өзге де акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;
      36) шаруашылық жүргізу құқығы – мемлекеттен меншік иесі ретінде мүлік алған және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шекте осы мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның заттық құқығы;
      37) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын – мемлекет шаруашылық жүргізу құқығында бөліп берген мүлкі бар және өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап беретін коммерциялық ұйым.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2-бап. Мемлекеттік мүліктің түрлері

      1. Мемлекеттік мүлік республикалық және коммуналдық мүлік болып бөлінеді.
      2. Республикалық мүліктің құрамына:
      1) мемлекеттік қазынаның мүлкі:
      республикалық бюджеттің қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
      республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік;
      2) республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді.
      3. Коммуналдық мүліктің құрамына:
      1) жергілікті қазынаның мүлкі:
      жергілікті бюджеттің қаражаты;
      коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік;
      2) коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді.

      3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы
              заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      Мемлекеттік мүліктің құқықтық режимі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады.
      2. Республикалық мүлік Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде, ал коммуналдық мүлік – осы әкімшілік-аумақтық бөліністен немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдеріне сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген басқа да негіздер бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болуы мүмкін.
      3. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі Қазақстан Республикасы мемлекеттік мүлкінің құқықтық режимі, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда немесе Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, осы мүлік орналасқан шет мемлекеттің заңнамасында айқындалады.
      4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      4-бап. Осы Заңның реттеу нысанасы

      1. Осы Заң мемлекеттің мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы құқықтары мен міндеттерін айқындайды, мемлекеттің меншік құқығында мемлекетке тиесілі мүлікті иеленуді, пайдалануды және оған билік етуді қоса алғанда, мүліктік құқықты жүзеге асыру тәртібін, мемлекеттік мүлікке, оның ішінде мүлікті мемлекет меншігіне алу және жекешелендіру кезінде құқықтарға ие болу және тоқтату, сондай-ақ жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың оларды иелену және (немесе) пайдалану тәртібін белгілейді.
      2. Осы Заң мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін және өзге де мемлекеттік мүлікті басқару тәртібін белгілейді.
      3. Стратегиялық объектілердің құқықтық режимінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады.
      4. Бюджет қаражатына және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатына мемлекеттің құқықтарды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен реттеледі. Осы Заңда көзделген мемлекеттік мүлік ұғымы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген ерекшеліктерімен қоса Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде пайдаланылатын мемлекет активтері ұғымына қолданылады.
      Мемлекеттік немесе жергілікті қазынаға жатқызылған өзге де мүлікке мемлекеттің құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
      5. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне, мәдени құндылықтарға мемлекеттің құқықтарды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен реттеледі.
      6. Зияткерлік меншік объектілеріне мемлекеттің ерекше құқықтарды жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен реттеледі.
      7. Осы Заңның ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдингтер бақылайтын өзге де заңды тұлғалар туралы ережелері, егер «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, Ұлттық әл-ауқат қорына және Ұлттық әл-ауқат қорының тобына және оның бақылауындағы өзге де заңды тұлғаларға қолданылады.
      8. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне бекітіліп берілген, өзінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құрған заңды тұлғалардың мүлкін басқаруды, сондай-ақ олардың қызметін реттеуді Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.

      5-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күші:
      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттік мүлікке;
      2) мемлекеттік мүлікті басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға, мемлекеттік заңды тұлғаларға, сондай-ақ олар көзделген жағдайларда – жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға;
      3) «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық мүлкін, арнайы экономикалық аймақтың мемлекеттік мүлкін, мемлекеттік материалдық резервті басқару жөніндегі қатынастарға қолданылады.

      6-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару принциптері

      Мемлекеттік мүлікті басқару:
      1) заңдылық;
      2) есеп берушілік және бақылауда болу;
      3) жариялылық;
      4) мемлекеттік мүлікті қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану;
      5) бәсекелестікті дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      7-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару субъектілері

      1. Мемлекеттік мүліктің түріне қарай мемлекеттік мүлікті басқаруды Қазақстан Республикасы немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісі жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттік мүлікті басқаруды ұйымдастырады және республикалық мүлікті басқарады.
      3. Жергілікті атқарушы органдар әкімшілік-аумақтық бөліністің атынан коммуналдық мүлікті басқаруды жүзеге асырады.

      8-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару

      1. Республикалық мүлікті басқару кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңның 2-тарауында және осы мемлекеттік органдардың мәртебесін айқындайтын Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, ережелерде және өзге де актілерде белгіленген өздерінің құзыреті шеңберінде республикалық мүлікке Қазақстан Республикасының құқықтарын іске асыру бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастырады.
      2. Коммуналдық мүлікті басқару кезінде жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Заңның 2-тарауында және осы мемлекеттік органдардың мәртебесін айқындайтын Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, ережелерде және өзге де актілерде белгіленген өздерінің құзыреті шеңберінде коммуналдық мүлікке құқықтарын іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастырады.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің коммуналдық мүлікке қатысты құзыреті осы Заңның 11-бабында және Қазақстан Республикасының өзге де  заңнамасында айқындалады.
      3. Республикалық және коммуналдық мүліктің сақталуына бақылау жасауды тиісті салалардың уәкілетті органдарының және облыстық бюджеттерден, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ішкі бақылау қызметі жүзеге асырады. Мемлекеттік мүліктің сақталуына бақылау жасауды мемлекеттік қаржылық бақылаудың өзге де органдары жүзеге асыруы мүмкін.
      4. Мемлекеттік мүлік шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілуі мүмкін.
      5. Мемлекет (Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс) акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік заңды тұлғалардың құрылтайшысы (акционері, қатысушысы) болуы мүмкін.
      Мемлекеттің өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда коммерциялық ұйымдар болып табылатын Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының құрылтайшысы (қатысушысы, салымшысы, мүшесі) болуына жол берілмейді.
      6. Мемлекет (Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс) коммерциялық емес ұйым болып табылатын мемлекеттік қордың құрылтайшысы болуы мүмкін. Мемлекеттік қорды, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де ұйымдық-құқықтық нысандардағы басқа да коммерциялық емес ұйымдарды құру және олардың қызметі Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

      9-бап. Мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен
              екіншісіне беру

      1. Мүлікті республикалық мүлік құрамынан коммуналдық мүлік құрамына немесе керісінше беру мүлікке мемлекеттің құқығын тоқтатуға әкеп соқпайды, бірақ Қазақстан Республикасының республикалық мүлікке құқығын тоқтатуға және әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлікке құқыққа ие болуына немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлікке құқығын тоқтатуға және Қазақстан Республикасының республикалық мүлікке құқыққа ие болуына негіз болып табылады.
      2. Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      10-бап. Коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік
               басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру

      1. Коммуналдық мүлік жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі бойынша облыстық коммуналдық мүлік және аудандық коммуналдық мүлік болып бөлінеді.
      Аудандық коммуналдық мүліктің құрамына, атап айтқанда, осы Заңның 2324263031 және 32-баптарында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік меншікке түскен мүлік кіреді.
      Республикалық маңызы бар қаланың, астананың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі облыстың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейіне теңестіріледі. Республикалық маңызы бар қалада және астанада коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқару аудандық деңгейге бөлінбейді және құрылмайды. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі ауданның жергілікті атқарушы органының осы Заңда көзделген құзыретін республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.
      Облыстық маңызы бар қаланың коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейі ауданның коммуналдық мүлкін жергілікті мемлекеттік басқару деңгейіне теңестіріледі.
      2. Коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне мемлекеттік мүлікті беру облыстың жергілікті атқарушы органының шешімімен жүзеге асырылады.
      3. Коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне мемлекеттік мүлікті беру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1) облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне жататын облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініштері негізінде облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
      2) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өтініштері негізінде облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
      3) аудандық коммуналдық мүлік деңгейіне жататын аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүліктік кешендері, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері және облыстың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі;
      4) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының және облыстың жергілікті атқарушы органының шешімдерінің негізінде облыстық коммуналдық мүлік деңгейіне беріледі.
      4. Коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне мемлекеттік мүлікті беру туралы шешім қабылданғаннан кейін мүлікті беретін және қабылдайтын тараптардың уәкілетті лауазымды адамдары қол қоятын және облыстардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының басшылары бекітетін беру актісі отыз күн мерзімде ресімделеді.
      Беру актісі оны ресімдеуге қатысатын әрбір тарап үшін екі данадан, қазақ және орыс тілдерінде төрт данада жасалады.
      5. Осы баптың қағидалары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше қағидалар белгіленбесе, мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген коммуналдық мүлікті жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беруге қолданылады.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕГІ ҚҰЗЫРЕТІ

      11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік
               мүлікті басқару саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) мемлекеттік мүлікті тиімді басқару саясатын жүзеге асырады;
      2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мүлікті басқару саласында нормативтік құқықтық актілер шығарады;
      3) мемлекеттік мүлікті басқаруды ұйымдастырады, оны пайдалану жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады, мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді;
      4) Қазақстан Республикасы оларға қатысты жалғыз акционер (қатысушы) болып табылатын республикалық заңды тұлғаларды, ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды, сондай-ақ өзге де акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және тарату туралы шешімдер қабылдайды;
      5) стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту не оларды иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды;
      6) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау тәртібін айқындайды;
      7) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау тәртібін айқындайды;
      8) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу және ұсыну тәртібін айқындайды;
      9) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу және ұсыну тәртібін айқындайды;
      9-1) мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілеу қағидаларын бекітеді;
      10) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың тоқтатылуы туралы қаулы қабылдайды;
      11) кәсіпорындарды мүліктік кешендер ретінде немесе нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие, табиғи монополия субъектілері немесе нарық субъектілері болып табылатын ұйымдардың мемлекетке тиесілі акциялары мен жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;
      12) республикалық мемлекеттік мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;
      13) акционерлік қоғамның акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін республикалық мүліктің құрамына сатып алу туралы шешім қабылдайды;
      14) мемлекеттің акционер (қатысушы) ретінде ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды, мемлекет қатысатын өзге де акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді басқаруға қатысу құқығын жүзеге асырады немесе осы құқықты мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға береді;
      15) жұмылдыру мұқтаждары, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі бірінші кезектегі шараларды қабылдау, гуманитарлық көмек көрсету және нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын пайдалану туралы шешім қабылдайды;
      15-1) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің басқаруына берілетін аудандық коммуналдық мүліктің үлгі тізбесін бекітеді;
      16) Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де  заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңдарымен.

      12-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің
               мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі құзыреті

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті басқарады, мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді;
      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті иеліктен шығаруды жүзеге асырады, мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлікпен басқаруға береді;
      4) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және оларды тарату, иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды;
      4-1) Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ведомстволарын қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасының атынан, соның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң өзiне жүктелген функцияларын жүзеге асыруға ықпал ететiн және (немесе) қаржы нарығы инфрақұрылымының бiр бөлiгi болып табылатын акционерлiк қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің құрылтайшысы болады, мемлекеттiң акционерлiк қоғамды және жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқаруға акционер (қатысушы) ретiнде қатысу құқығын жүзеге асырады, сондай-ақ осы акционерлiк қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің акциясына (қатысу үлесіне) ие болу не иелiктен шығару туралы шешiм қабылдайды;
      6) Қазақстан Республикасының атынан өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындардың мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығының субъект құқығын жүзеге асырады;
      7) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің нысанасы мен мақсаттарын, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы) дербес айқындайды, олардың жарғысын, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
      8) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;
      9) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың қызметі бойынша есептерді қарайды және бекітеді, сондай-ақ олардың қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуді жүзеге асыруға құқылы;
      10) өзі құрған мемлекеттік кәсіпорындар өндіретін және сататын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағасын келіседі немесе белгілейді;
      11) мемлекеттік мүлік тізіліміне мемлекеттік мүлік объектілері туралы мәліметтерді береді;
      12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      13-бап. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті
               органның құзыреті

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
      1) мемлекеттік мүлікті басқару саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдайды, өз құзыреті шегінде мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
      2) мемлекеттік мүлікті басқаруға талдау жасауды және оны бағалауды жүзеге асырады;
      3) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесе отырып:
      акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердiң, ұлттық холдингтердiң, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау;
      мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ оларды іске асырудың мониторингі мен оны бағалау;
      акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу және ұсыну;
      мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу және ұсыну тәртібін әзірлейді;
      4) мемлекеттік органдардан, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардан, жауапкершілігі шектеулі серіктестерден мемлекеттік мүлікті басқаруға дәйекті және объективті талдау жасау үшін қажетті ақпаратты сұратады және алады;
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      14-бап. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның
               құзыреті

      Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган:
      1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
      2) республикалық мүліктің нысаналы және тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;
      3) республикалық мүліктің жекешелендірілуін жүзеге асырады, оның ішінде республикалық мүлікті жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде республикалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      4) Қазақстан Республикасының атынан республикалық заңды тұлғаларға қатысты республикалық меншік құқығының субъект құқығын жүзеге асырады;
      5) тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуы бойынша республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) айқындайды және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың жарғысын, оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
      6) республикалық заңды тұлғаға берілген немесе шаруашылық қызметінің нәтижесінде ол ие болған мүлікті тиісті саланың уәкілетті органымен келісім бойынша алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;
      7) мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылау нәтижелері бойынша анықталған, республикалық заңды тұлғалардың артық, пайдаланбайтын не мақсатына сай пайдаланбаған мүлкін, бақылауды жүзеге асырған кезден бастап алты ай өткен соң тиісті саланың уәкілетті органының келісімінсіз алып қоюды жүзеге асырады;
      8) республикалық мемлекеттік кәсіпорынға алып қойылған мүлікті күтіп ұстау және оны кейіннен баланстан шығара отырып өзге тұлғаға бергенге дейін сақталуын қамтамасыз ету мерзімін белгілейді;
      9) республикалық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлік басқаруға береді;
      10) тиісті саланың уәкілетті органына республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруға келісім береді;
      11) республикалық мемлекеттік кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;
      12) республикалық мүлік мәселелері бойынша мемлекеттің мүддесін білдіреді, Қазақстан Республикасына тиесілі мүліктік құқықтарды қорғауды жүзеге асырады;
      13) республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге талдау жүргізеді;
      14) Қазақстан Республикасына тиесілі акцияларға дивидендтердің уақтылы және толық есептелуіне және олардың төленуіне, сондай-ақ жарғылық капиталындағы қатысу үлесі Қазақстан Республикасына тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары арасында таза табыстың бөлінуіне бақылауды жүзеге асырады;
      15) «Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншiктiң мемлекеттiк мониторингi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингін жүзеге асырады;
      16) республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың, Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жұмыс істеуі мен оларды басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
      17) сенімгерлікпен басқарушының республикалық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
      18) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың құрылтайшысы болады;
      19) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың орналастырылатын акцияларына төлем жасауды және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақша енгізу жолымен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына салымды, сондай-ақ республикалық мүлікті, оның ішінде акцияларды, қатысу үлестерін енгізуді жүзеге асырады;
      20) Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан мемлекеттің акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға акционер (қатысушы) ретінде қатысу құқықтарын жүзеге асырады;
      21) жалғыз акционері (қатысушысы) Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тиісті директорлар кеңесінің (байқау кеңесінің) құрамына өз өкілін тағайындайды, ал Қазақстан Республикасы қатысатын өзге де акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде – директорлар кеңесіне немесе байқау кеңестеріне кандидатураны акционерлердің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына бекітуге ұсынады;
      22) осы Заңның 5-тарауында белгіленген жағдайлар мен шарттарда мемлекет меншігіне алынатын мүлікке өтем төлейді;
      23) мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді;
      24) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізеді және мемлекеттік мүлік тізілімін пайдаланушыларға ақпарат ұсынады;
      25) мемлекеттік мүлік тізілімінде мемлекеттік мүліктің бірыңғай есепке алынуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты үйлестіреді және ұйымдастырады;
      26) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының  Заңына сәйкес республикалық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізеді;
      27) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      15-бап. Тиісті саланың уәкілетті органының құзыреті

      Тиісті саланың уәкілетті органы:
      1) тиісті саладағы мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады, өз құзыреті шегінде тиісті салада мемлекеттік мүлікті басқару аясындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
      2) республикалық мемлекеттік кәсіпорындар және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсететін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
      3) республикалық мемлекеттік мекеме қызметінің нысанасы мен мақсатын айқындайды;
      4) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсатын айқындау бойынша, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      5) республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және оларды орындау жөніндегі есептерін қарайды, осы Заңда көзделген жағдайларда келіседі және бекітеді;
      6) республикалық заңды тұлғалар мүлкінің сақталуын және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      7) акционері мемлекет болып табылатын тиісті саладағы ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының орындалуын бақылау мен және талдауды жүзеге асырады;
      8) тиісті саладағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуын бақылау мен талдауды жүзеге асырады;
      9) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға республикалық заңды тұлғаға берілген немесе ол өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісімін береді;
      10) республикалық заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асырады;
      11) республикалық мемлекеттік мекемелердің жарғысын (ережесін), оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
      12) республикалық заңды тұлғаның жылдық қаржылық есептілігін бекітеді;
      13) республикалық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және сататын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) баға белгілейді;
      14) республикалық мемлекеттік мекемелерді республикалық бюджеттен қаржыландыру жоспарларын бекітеді;
      15) республикалық мемлекеттік мекемелердің филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
      16) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;
      17) Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіге ие болудың басым құқығын іске асыру туралы шешімінің жобасын әзірлейді;
      18) акциялардың мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқықтары өзіне берілген жағдайларда, мемлекет жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылатын, акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тиісті директорлар кеңесінің (байқау кеңесінің) құрамына өз өкілін тағайындайды, ал мемлекет қатысатын өзге де акционерлік қоғамдарда және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде директорлар кеңестеріне немесе байқау кеңестеріне кандидатураны акционерлердің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысына бекітуге ұсынады;
      19) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның өкілін мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің немесе мемлекет қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесінің құрамына енгізу үшін қажетті шараларды қамтамасыз етеді немесе қабылдайды;
      20) мәліметтерді, оның ішінде, өзінің басқаруындағы мемлекеттік заңды тұлғалардың және оларға қатысты мемлекеттің акционер (қатысушы) ретінде басқаруға қатысу құқығын өзі жүзеге асыратын мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың атаулы тізбесін, бұл мәліметтерді мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсету үшін дайындайды;
      21) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде айқындалған өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      16-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың,
               астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар
               қалалардың жергiлiктi өкiлдi органдарының
               коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі құзыреті

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкiлдi органы:
      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлікті басқару мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін қарайды;
      2) тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлкін дамытуға бағытталған ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлейді;
      3) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу туралы шарттардың жобаларын келіседі.

      17-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың,
               астананың жергілікті атқарушы органдарының
               құзыреті

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
      1) өз құзыреті шегінде облыстық коммуналдық мүлікті басқару саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
      2) аудандық коммуналдық мүлікті басқару саласында өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының жұмысын үйлестіреді;
      3) облыстық коммуналдық мүлікті басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
      4) облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;
      5) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының  Заңына сәйкес облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізеді;
      6) облыстық коммуналдық заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы, сондай-ақ акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысуы, оларды құру, қайта ұйымдастыру, тарату, акционерлік қоғамдардың өздеріне тиесілі акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін иеліктен шығару туралы шешімдер қабылдайды;
      7) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың жарғысын (ережесін), оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, облыстық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органға оcыған уәкілеттік береді;
      8) облыстық мемлекеттік кәсіпорындардың қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетілетін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
      9) облыстық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерін қарайды, бекітеді және осы Заңда көзделген жағдайларда келіседі;
      10) облыстық мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуын бақылау мен талдауды жүзеге асырады;
      11) облыстық коммуналдық мүлікті облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіп береді;
      12) облыстық коммуналдық заңды тұлғалардың филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
      13) облыстық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақшаны жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдардың акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;
      14) акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін облыстық коммуналдық мүлік құрамына сатып алу туралы шешім қабылдайды;
      15) осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен облыстық коммуналдық мүлікті ауданның, облыстық маңызы бар қаланың коммуналдық мүлкінің деңгейіне беру туралы шешім қабылдайды;
      16) тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік иесінен алып қою туралы талап-арызбен сотқа жүгіну туралы шешім қабылдайды;
      17) облыстық коммуналдық мүлікті пайдалану туралы, оның ішінде оны кепілге, жалға алуға, өтеусіз пайдалануға және сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шешім қабылдайды;
      18) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде осы Заңның 4-тарауында белгіленген талаптар бойынша реквизициялау туралы шешім қабылдайды;
      19) осы Заңның 4-тарауында белгіленген жағдайларда және талаптарда реквизицияланатын мүлікке ақшалай өтем төлейді;
      20) осы Заңның 6-тарауында белгіленген жағдайларда жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарған кезде өтем төлейді;
      21) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы немесе мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың тоқтатылуы туралы қаулы қабылдайды;
      22) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарт жасайды;
      23) облыстық коммуналдық мүліктің пайдаланылуына және сақталуына бақылауды қамтамасыз етеді;
      24) облыстық коммуналдық мүліктің есепке алынуын ұйымдастырады, оның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
      25) облыстық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      26) облыстық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен меншігіне өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлікпен басқаруға береді;
      27) сенімгерлікпен басқарушының облыстық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерін орындауын бақылауды жүзеге асырады;
      28) өзіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      18-бап. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың
               жергілікті атқарушы органдарының құзыреті

      Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
      1) өз құзыреті шегінде аудандық коммуналдық мүлікті басқару саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
      2) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, аудандық коммуналдық мүлікті басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
      3) аудандық коммуналдық мүлік объектілерінің тізбесіне енгізілген, облыстың жергілікті атқарушы органының алдын ала келісімімен жекешелендіру жүргізілуі мүмкін аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының алдын ала келісімін алады;
      4) аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;
      5) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіру бойынша сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны жариялау үшін мерзімді баспа басылымын айқындау жөнінде конкурс өткізеді;
      6) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, аудандық коммуналдық мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне кейіннен сатып алу құқығымен немесе кейіннен өтеусіз негізде беру құқығымен мүліктік жалға (жалдауға), сенімгерлік басқаруға береді;
      7) аудандық коммуналдық заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы, сондай-ақ олардың акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысуы, оларды құру, қайта ұйымдастыру, тарату, акционерлік қоғамдардың өздеріне тиесілі акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін иеліктен шығару туралы шешімдер қабылдайды;
      8) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың жарғысын (ережесін) бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, аудандық коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органға осыған уәкілеттік береді;
      9) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетілетін қызметтерінің) міндетті көлемдерін айқындайды;
      10) аудандық коммуналдық мүліктің пайдаланылуын және сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді;
      11) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерін қарайды, бекітеді және осы Заңда көзделген жағдайларда келіседі;
      12) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуын бақылауды және талдауды жүзеге асырады;
      13) аудандық коммуналдық мүлікті аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіп береді;
      14) аудандық коммуналдық заңды тұлғалардың филиалдар мен өкілдіктер құруына келісім береді;
      15) аудандық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақшаны жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге беру туралы шешім қабылдайды;
      16) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, аудандық коммуналдық мүлікті пайдалану туралы, оның ішінде оны кепілге, мүліктік жалға (жалдауға), өтеусіз пайдалануға және сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімдер қабылдайды;
      17) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде осы Заңның 4-тарауында белгіленген талаптар бойынша реквизициялау туралы шешім қабылдайды;
      18) осы Заңның 4-тарауында белгіленген жағдайларда және талаптарда реквизицияланған мүлікке ақшалай өтем төлейді;
      19) осы Заңның 6-тарауында белгіленген жағдайларда жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарған кезде өтем төлейді;
      20) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың тоқтатылуы туралы қаулы қабылдайды;
      21) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарт жасайды;
      22) коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен), Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесі жоқ деп танылған, мемлекетке мұрагерлік құқығы бойынша өткен аудандық коммуналдық мүліктің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткізілген иесіз қалған мүліктің, олжаның, қараусыз қалған жануарлардың, құрамында мәдени құндылықтарға жататын зат жоқ көмбелердің үлестерін есепке алуды, сақтауды, бағалауды және одан әрі пайдалануды ұйымдастырады;
      23) сенімгерлікпен басқарушының аудандық коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша міндеттемелерді орындауын бақылауды жүзеге асырады;
      24) аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын әзірлеу мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      25) өзіне осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңымен.

2-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚТАРҒА ИЕ БОЛУЫ

3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚТАРҒА ИЕ БОЛУ НЕГІЗДЕРІ

      19-бап. Мемлекеттің мүліктік құқықтарға ие болу
               негіздерінің тізбесі

      1. Қазақстан Республикасының республикалық мүлік құқықтарына ие болуына:
      1) республикалық бюджетке түсетін түсімдер;
      2) республикалық заңды тұлғалардың мүлікке ие болуы;
      3) тәркілеу;
      4) мүлікті коммуналдық мүліктің құрамынан республикалық мүліктің құрамына беру;
      5) азаматтық-құқықтық шарттар (сатып алу-сату, мердігерлік және басқа да шарттар) негізінде мүлікті сатып алу және оны жасау;
      6) стратегиялық объектілерге ие болуға басым құқықты іске асыру;
      7) күтімсіз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды сот шешімі бойынша алып қою;
      8) жеке меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесіне құқықты қайта ресімдеген кезде, оған мемлекеттік меншік құқығына ие болу;
      9) мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың мүлкін мұраға қалдыру, сыйға тарту немесе оның республикалық мүліктің құрамына өзге де өтеусіз берілуі не өзге де өтеусіз түсуі (өтуі);
      10) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару;
      11) шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін Қазақстан Республикасының міндеттеме бойынша атқарғанын қайтаруы;
      12) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша берілген мүлікті қайтару;
      13) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер негіз болып табылады.
      2. Әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық мүлік құқықтарына ие болуына:
      1) жергілікті бюджетке түсетін түсімдер;
      2) коммуналдық заңды тұлғалардың мүлікті сатып алуы;
      3) иесі жоқ және тәркіленген мүліктің коммуналдық мүлік құрамына түсуі;
      4) мүлікті республикалық мүліктің құрамынан коммуналдық мүліктің құрамына беру;
      5) азаматтық-құқықтық шарттар (сатып алу-сату, мердігерлік және басқа да шарттар) негізінде мүлікті сатып алу және оны жасау;
      6) өз бетінше салынған құрылысқа құқықтарға сот шешімі бойынша ие болу;
      7) күтімсіз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды сот шешімі бойынша алып қою;
      8) жеке тұлғалар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар мүлкін мұраға қалдыру, иесіз қалған мүлкінің басқаға өтуі, сыйға тарту немесе оның коммуналдық мүліктің құрамына өзге де өтеусіз берілуі не өзге де өтеусіз түсуі (өтуі);
      9) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару;
      10) шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін әкімшілік-аумақтық бөліністің міндеттеме бойынша атқарғанын қайтаруы;
      11) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша берілген мүлікті қайтару;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де       негіздер негіз болып табылады.

      20-бап. Бюджетке жататын мүлік құқығына ие болу

      Бюджетке жататын мүлік құқығына ие болу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалады.

      21-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлікті сатып алуы

      Мемлекеттік заңды тұлғалардың өндірістік-шаруашылық қызмет нәтижесінде немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де негіздер бойынша мүлікті сатып алуы мемлекеттің осы мүлікке құқыққа ие болуына және оны мемлекеттік мүлікке жатқызуға негіз болып табылады.

      22-бап. Тәркіленген мүліктің мемлекеттік мүлік құрамына
               түсуі

      Тәркіленген мүліктің мемлекеттік мүлік құрамына түсуі осы Заңның 210212214215-баптарында айқындалған тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.

      23-бап. Иесі жоқ жылжымайтын заттарға мемлекеттік меншік
               құқығына ие болу

      1. Иесі жоқ жылжымайтын заттарды олар табылған аумақтағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдарының өтініші бойынша жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган есепке алады. Жергілікті атқарушы орган иесі жоқ жылжымайтын затты есепке алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін бұл затты аудандық коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талаппен сотқа жүгінеді. Егер меншік иесі меншік құқығынан жариялау арқылы бас тартқан жағдайда, жергілікті атқарушы орган бас тарту туралы жарияланған кезден бастап бұл затты коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талаппен сотқа жүгінеді. Жер учаскесі иесі жоқ жылжымайтын зат ретінде, осы зат аумағында табылған республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органының өтініші бойынша, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес есепке алынады.
      2. Жеке тұлғалардағы немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардағы өздерінің меншікті мүлкі ретінде иеленіп келген иесі жоқ жылжымайтын заттар есепке алынбайды және аудандық коммуналдық меншікке берілмейді.
      3. Осындай мүлікке басқа тұлғаның меншік құқығы туындағанға дейін кез келген уақытта меншік иесі өзіне тиесілі жылжымайтын затты иесі жоқ ретінде есептен шығару туралы өтініш жасауға және оны өзінің іс жүзіндегі иелігіне жаңадан қабылдауға құқылы.
      4. Иесі жоқ жылжымайтын заттар ретінде есепке алынған жер учаскелеріне құқықтарға мемлекеттің ие болу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленеді.
      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      24-бап. Меншік иесі бас тартқан жылжымалы заттарға
               мемлекеттік меншік құқығына ие болу

      1. Меншік иесі тастап кеткен немесе ол меншік құқығынан бас тарту мақсатында өзгеше түрде қалдырып кеткен жылжымалы заттар (тасталған заттар) осы бапта көзделген жағдайларда және тәртіппен мемлекет меншігіне айналдырылуы мүмкін.
      2. Жер пайдалануында құнының мөлшері тастап кеткен зат табылған күні қолданылып келген айлық есептік көрсеткіштің жиырма еселенген мөлшерінен анық төмен, тастап кеткен зат не тастап кеткен металл сынықтары, жарамсыз өнім орналасқан жер учаскесі бар мемлекеттік заңды тұлға оларды пайдалануға кірісіп немесе заттардың шаруашылық жүргізуге немесе жедел басқаруға айналдырылғанын куәландыратын өзге де іс-әрекет жасап, осы заттарды өзінің шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына айналдырады.
      Мемлекеттік меншіктегі жерден және жер пайдалануға берілмеген жерден осындай мүлік табылған жағдайда, мүлікті аудандық коммуналдық мүліктің құрамына қабылдау қажет болған кезде, ол аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша жергілікті қазынаға түседі.
      3. Мүлікті аудандық коммуналдық мүліктің құрамына қабылдау қажеттігі туралы мәселе қаралған кезде:
      1) экономикалық тұрғыдан орындылығы;
      2) мүліктің аудандық коммуналдық мүліктің құрамына қабылданғаннан кейінгі мақсаты мен пайдаланылуы негізгі өлшемдер болып табылады.
      4. Мүлікті аудандық коммуналдық мүліктің құрамына қабылдау қажеттігі болмаған жағдайда жергілікті атқарушы орган мүлікті осы Заңның 213-бабына сәйкес одан әрі өткізу үшін осы бапта белгіленген тәртіппен аудандық коммуналдық мүліктің құрамына қабылдай алады.
      5. Меншік иесі тастап кеткен, құнының мөлшері тастап кеткен зат табылған күні қолданылып келген айлық есептік көрсеткіштің жиырма еселенген мөлшеріне тең және одан да жоғары жылжымалы зат, егер мемлекеттік заңды тұлғаның немесе жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша осындай затты сот иесі жоқ деп таныған болса – оны иеленген мемлекеттік заңды тұлғаның шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына немесе ол аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының иелігіне түскен жағдайда аудандық қазынаның құрамына келіп түседі.

      25-бап. Мүлікті бюджет қаражаты есебінен сатып алу

      1. Мүлікті бюджет қаражаты есебінен сатып алу «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары мен қағидаларын сақтай отырып, мүлікті сатып алу туралы азаматтық-құқықтық шарттар жасасу, жұмыстарды орындау мен қызметтер көрсету (сатып алу-сату, мердігерлік, өтеулі қызмет көрсету және басқа да мәмілелер) негізінде жүзеге асырылады.
      2. Акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сатып алу, акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына салынатын салымды бюджет қаражаты есебінен төлеу осы Заңда және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      26-бап. Мұраның және иесіз қалған мүліктің мемлекеттік
               мүлік құрамына түсуі

      1. Жеке тұлға қайтыс болған жағдайда оған тиесілі мүлік өсиетке сәйкес Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен мемлекетке өтуі мүмкін.
      2. Егер өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер жоқ болса немесе Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес мұрагерлердің ешқайсысының мұра алу құқығы жоқ болса не олардың барлығы мұрадан бас тартса, жеке тұлға қайтыс болғаннан кейін қалған мұра иесіз қалған мүлік деп танылады. Иесіз қалған мүлік Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен мұра ашылған жердегі аудандық коммуналдық меншіктің құрамына өтеді.

      27-бап. Сыйға тарту шарты бойынша мүлік құқықтарына ие
               болу

      1. Жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың мүлікті мемлекетке сыйға тарту шартына осы бапта белгіленген ерекшеліктерімен қоса Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 27-тарауының ережелері қолданылады.
      Мемлекеттік қызметшілерге олардың лауазымдық жағдайына немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты берілген, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне берілген сыйлықтарға құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері осы Заңның 216-бабында айқындалады.
      2. Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болуы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      3. Жер учаскелерін сыйға тарту шарты негізінде жеке меншіктен мемлекет меншігіне беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
      4. Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік мүлік құрамына жалпы пайдалану мақсатында (қайырмалдық) беру Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 516-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      28-бап. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен
               шығару кезінде мүлік құқықтарына ие болу

      1. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) мүлік құқықтарына ие болуы осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
      2. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде мүлікті сатып алу бюджет қаражаты немесе осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге де мемлекеттік мүлік есебінен жүзеге асырылады.
      3. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде мемлекет сатып алатын мүлік мемлекеттік немесе жергілікті қазынаға түседі.

      29-бап. Көмбеге мемлекеттік меншік құқығына ие болу

      1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мемлекет меншігіндегі жер учаскесінен немесе өзге де жылжымайтын мүліктен табылған көмбе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 247-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекет пен көмбені тапқан адамның арасында жасалған шартпен өзгеше белгіленбегендіктен, олардың меншігіне тең үлеспен түседі.
      2. Егер көмбе мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын болса, олар Қазақстан Республикасының меншігіне берілуге тиіс. Осындай көмбе табылған жылжымайтын мүлік иесінің және көмбені тапқан адамның, егер олардың арасында жасалған шартта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 247-бабына сәйкес көмбе құнының елу пайызы мөлшерінде тең үлеспен сыйақы алуға құқығы бар. Мәдени құндылықтарға жатқызылған заттардан тұратын көмбе мемлекетке тиесілі жер учаскесінен немесе өзге де жылжымайтын мүліктен табылған жағдайда, көмбені тапқан адам осы көмбе құнының елу пайызын алуға құқылы.
      3. Мәдени құндылықтарға жатқызылған заттардан тұратын көмбені тапқаны үшін сыйақы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған тәртіппен бюджет қаражатынан төленеді.

      30-бап. Олжаға мемлекеттік меншік құқығына ие болу

      1. Мемлекетке тиесілі үй-жайдан немесе көліктен табылған зат не меншік иесінің тұрған жері белгісіз зат Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 245-бабына сәйкес жалпы негізде аудандық коммуналдық меншікке өтеді.
      2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 245-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда, олжа аудандық коммуналдық меншікке өтеді.
      Зат аудандық коммуналдық меншікке өткен жағдайда оны тауып алған адамның затты сақтауға, өткізуге және сатуға байланысты қажетті шығыстарды аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына өтетуге құқығы бар.

      31-бап. Қараусыз қалған жануарларға мемлекеттік меншік
               құқығына ие болу

      1. Өзінің бағуында және пайдалануында қараусыз қалған жануарлар болған адам өзінің бағуындағы жануарларды меншігіне алудан бас тартқан кезде олар аудандық коммуналдық меншікке түседі және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдары айқындаған тәртіппен пайдаланылады.
      2. Жануарлар мемлекет меншiгiне өткеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген жағдайда, осы жануарлардың бұрынғы меншік иесіне үйiрсектiгi сақталғанын немесе жаңа меншік иесінің оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтін мән-жайлар болған кезде – ол аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдарымен келiсiм бойынша айқындалатын шарттармен, ал келiсiмге қол жеткізілмеген кезде сот тәртібімен оларды өзiне қайтарып берудi талап етуге құқылы.

      32-бап. Өз бетінше салынған құрылысқа мемлекеттік меншік
               құқығына ие болу

      Мемлекетке тиесілі және жер пайдалануда болмаған жер учаскелерінде (мемлекетке тиесілі жер учаскесі ретінде қалыптастырылмаған жерлерде) тұлға өз бетінше салған құрылыс, оның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескеріле отырып, құрылысқа жұмсалған шығыстар сот айқындаған мөлшерде өтеліп, аудандық коммуналдық меншікке берілуі мүмкін.
      Мемлекеттік жер пайдаланушылардың жер пайдалануындағы жер учаскесінде өз бетінше құрылыс салуды жүзеге асырған кезде өз бетінше салынған құрылыс әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескеріле отырып, құрылысқа жұмсалған шығыстар сот айқындаған мөлшерде бюджет қаражатынан өтеліп, аудандық коммуналдық меншікке берілуі мүмкін.

      33-бап. Күтiмсiз ұсталған тарих және мәдениет
               ескерткіштерінің, мәдени құндылықтардың
               мемлекеттік мүлік құрамына түсуі

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше құндылыққа жатқызылған және мемлекет қорғайтын тарих және мәдениет ескерткіштерінің, мәдени құндылықтардың меншiк иесi осы ескерткіштер мен құндылықтарды күтімсіз ұстап, бұл оларға өз маңызын жоғалту қатерiн төндiрген жағдайларда, мемлекет мұндай ескерткіштер мен құндылықтарды меншiк иесiнен сот шешiмi бойынша сатып алу арқылы алып қояды.
      2. Тарих және мәдениет ескерткіштері, мәдени құндылықтар сатып алынған кезде – олардың құны тараптардың келiсiмімен, ал дау туған жағдайда сот тәртібімен белгіленген мөлшерде меншiк иесiне өтеледi.
      3. Күтiмсiз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік иесінен алып қою тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша жүргізіледі.
      Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасын сақтауын және күтімсіз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекет меншігіне өтуін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
      4. Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланудың жай-күйі мен күтіп ұстау тәртібін мемлекеттік бақылауды тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
      5. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланудың жай-күйі мен күтіп ұстау тәртібін мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде оларды күтімсіз ұстау фактілері анықталған жағдайда тиісті уәкілетті органдар:
      уәкілетті орган – халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесіне;
      жергілікті атқарушы органдар – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесіне тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бұзғаны және осындай бұзушылықтарды нұсқамада көрсетілген мерзім ішінде жою туралы нұсқама береді.
      6. Ұлттық мәдениет игiлiгі объектiлерiнің мемлекеттiк тiзiлiміне енгiзiлген мәдени құндылықтарды тиісінше күтіп ұстамаған және сақтамаған жағдайда мәдениет саласындағы уәкілетті орган мәдени құндылықтардың меншік иесіне мәдени құндылықтарды сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бұзғаны және осындай бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзім ішінде жою туралы хабарлама береді.
      7. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің, мәдени құндылықтардың меншік иесі олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бұзушылықты жоймаған жағдайда:
      халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне, мәдени құндылықтарға қатысты – уәкілетті орган;
      жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды меншік иесінен алып қою туралы талап-арызбен сотқа жүгінеді.
      8. Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды мемлекет соттың шешімі бойынша алып қойған жағдайда, олар – республикалық мүлік құрамына, ал жергілікті маңызы барлары коммуналдық мүлік құрамына түседі.

      34-бап. Жеке меншiктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер
               учаскесiне мемлекеттік меншік құқығына ие болу

      Жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде жеке меншiктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне мемлекеттік меншік құқығына ие болу Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      35-бап. Шартты бұзу немесе өзгерту не мәмілені жарамсыз
               деп тану кезінде мүлікті қайтарған жағдайларда
               мемлекеттік мүлікке құқықтың туындауы

      1. Шарт бұзылған немесе өзгерген кезге дейін мемлекеттік мүлік жеке немесе заңды тұлғалардың жеке меншігіне соның негізінде өткен шарт бұзылған немесе өзгерген жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, тараптар шарт бұзылған немесе өзгерген кезге дейінгі міндеттемесі бойынша өздері атқарған жұмысты қайтаруды талап етуге құқылы емес.
      2. Мемлекеттік мүлік жеке немесе заңды тұлғалардың жеке меншігіне соның негізінде өткен мәмілені сот жарамсыз деп таныған жағдайда, мұндай мүлік мемлекетке қайтарылады, ал мүлікті заттай қайтару мүмкін болмаған кезде, оның құны ақшалай өтеледі.

      36-бап. Мемлекеттік меншік құқығының презумпциясы

      1. Егер Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу жүйесін енгізгенге дейін мемлекеттік заңды тұлғаның балансына қойылған ғимаратқа, құрылысқа және өзге де жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану туралы дау болмаса, осы мүлікке мемлекеттік меншік құқығы, қажетті құқық белгілейтін құжаттар болмаған жағдайда, осындай мүліктің мемлекеттік мүлік құрамында болуы туралы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) құжаттарымен расталуы мүмкін. Дау туындаған жағдайда, көрсетілген мүлікке меншік құқығы мүдделі тұлғаның талап-арызы негізінде сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының аумағындағы әрі жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылмайтын барлық тарих және мәдениет ескерткіштері, сондай-ақ қала құрылысы және сәулет, археология ескерткіштері Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.

4-тарау. РЕКВИЗИЦИЯЛАУ

1-параграф. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау

      37-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
               жағдайлар кезінде реквизициялау туралы жалпы
               ережелер

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргізу объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан кепілді түрде қорғауды қамтамасыз ету үшін құрылған материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да ресурстардың мемлекеттік резерві болмаған немесе жеткіліксіз болған кездегі ерекше жағдайларда жүзеге асырылады.
      2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау төтенше жағдай аймағымен (төтенше жағдай туындаған белгілі бір аумақпен) және (немесе) төтенше жағдай аймағында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілетін төтенше жағдай кезеңімен шектеледі. Төтенше жағдайлар кезінде төтенше жағдай аймағынан тыс немесе төтенше жағдай кезеңінен тыс реквизициялауға жол берілмейді.
      3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюды қамтамасыз ету үшін азаматтығына және мемлекеттік тіркеу орнына қарамастан, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты реквизициялауға жол беріледі.

      38-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
               жағдайлар кезінде реквизициялаудың негізгі
               мақсаттары мен шарттары

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккен халықты азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, тұрғын жайлармен қамтамасыз ету, ұлттық экономиканың тұрақты жұмыс істеуіне жағдайлар жасау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстар кезінде өзге де материалдық проблемаларды шешу үшін жүзеге асырылады.
      2. Реквизицияланатын мүліктің меншік иесіне мүліктің нарықтық құнын өтеу мүліктің меншік иесінің таңдауы бойынша реквизициялау күніне немесе мүліктің құнын өтеу күніне айқындалады.
      3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлкі реквизицияланбайтын ұйымдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      4. Мүліктің жекелеген түрлерін реквизициялау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      39-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
               жағдайлар кезінде реквизициялау негіздері

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар басталған кезде реквизициялауға «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес әзірленетін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар туралы жергілікті атқарушы органдардың жоспарларына сәйкес жол беріледі.
      2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдай режимін енгізу кезінде қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін төтенше жағдай режимін енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде және соған сәйкес реквизициялауға жол беріледі.
      3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялауға төтенше жағдайларды жою басшысының шешімі негізінде қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде де жол беріледі.

      40-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
               жағдайлар кезінде реквизициялау тәртібі

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде жалпы басшылықты және реквизициялауды қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген төтенше жағдайлардың түрі (объектілік, жергілікті, өңірлік және жаһандық) мен сыныпталуына байланысты төтенше жағдайларды жою басшысы жүзеге асырады.
      2. Реквизициялау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады.
      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдай режимін енгізу кезінде мүлікті реквизициялау осы Заңның 42 және 43-баптарында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Жергілікті атқарушы органның реквизициялау туралы шешімі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою басшысының шешімі негізінде шығарылады.
      4. Шешімде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету үшін қажетті мүлік туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
      5. Реквизициялау туралы шешім:
      1) реквизициялауға жататын мүліктің тізбесін, мүліктің меншік иесі және оның орналасқан жері, реквизицияланатын мүлікті жинайтын орын туралы мәліметтерді, сондай-ақ реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді;
      2) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында реквизициялауды бақылауға және қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлғалардың дербес құрамын;
      3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында мүлікті алып қоюды жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды тұлғалардың дербес құрамын;
      4) кемінде бір бағалаушы енгізілуге тиісті бағалау комиссиясының саны мен дербес құрамын;
      5) реквизициялауды жүргізу мерзімін;
      6) өтем төлеу мерзімдерін;
      7) реквизициялауды жүргізуге қажетті өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
      6. Қажет болған жағдайда, оның ішінде реквизициялануға жататын мүліктің тізбесі, лауазымды тұлғалардың немесе бағалау комиссиясының дербес құрамы өзгерген кезде реквизициялау туралы шешімге тиісті өзгерістер енгізіледі.
      7. Реквизициялау туралы шешім және оған кейіннен жасалатын барлық өзгерістер мен толықтырулар қабылданған кезден бастап екі күн мерзімнен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға, сондай-ақ онымен еркін танысу үшін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағындағы қолжетімді жерлерде орналастырылуға жатады.

      41-бап. Реквизициялау туралы шешім шығарылған мүлікті
               алып қою

      1. Мүлікті алып қойғанға дейін меншік иесі реквизициялау туралы шешіммен жеке қолын қойып танысуға тиіс.
      2. Мүлікті алып қоюды осыған уәкілетті лауазымды тұлғалар мүліктің меншік иесінің (немесе оның уәкілетті өкілінің) және бағалау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен реквизициялау туралы актінің негізінде жүргізеді.
      3. Реквизициялау туралы акт:
      1) реквизициялау туралы шешімнің деректемелерін көрсете отырып реквизициялау жүргізу негіздерін;
      2) мүлікті алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
      3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды тұлғалар, бағалау комиссиясының құрамы мен мүшелерінің саны, реквизицияланатын мүліктің меншік иесі, мүлікті алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
      4) салмағы, өлшемі, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
      5) мүлікті бағалау туралы және өтемнің мөлшері туралы мәліметтерді;
      6) өтемді төлеу мерзімін және жауапты лауазымды тұлғаны көрсете отырып, оны төлеуді қамтамасыз ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын тиісті атқарушы органды көрсетуді;
      7) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
      4. Реквизициялау туралы акт кемінде екі данада жасалады, оған уәкілетті лауазымды тұлғалар, бағалау комиссиясының мүшелері мен мүліктің меншік иесі немесе оның уәкілетті өкілі қол қояды және актінің бір данасы реквизицияланатын мүліктің меншік иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне табыс етіледі. Уәкілетті лауазымды тұлға екінші данасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына есеппен бірге жібереді.

      42-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
               жағдайлар аймақтарында төтенше жағдай режимін
               енгізген кезде реквизициялау ерекшеліктері

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында төтенше жағдай режимін енгізген кезде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын авариялық-құтқару қызметінің басшысы қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті мүлікті реквизициялауды өзінің жеке жауапкершілігімен дербес жүргізуге құқылы.
      2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы актінің негізінде жүзеге асырылады, ол:
      1) реквизициялау жүргізудің негіздерін;
      2) алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
      3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды тұлғаның лауазымы, атағы және аты, сондай-ақ реквизициялауға уәкілетті тұлғаларды тағайындау туралы бұйрықтың деректемелері көрсетілген, реквизицияланатын мүліктің меншік иесі, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
      4) салмағы, өлшемі, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар туралы мәліметтер көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
      5) мүлікті бағалау туралы және өтем мөлшері туралы мәліметтерді;
      6) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
      3. Реквизициялау туралы актінің бір данасы реквизицияланған мүліктің меншік иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне беріледі.
      4. Жүргізілген реквизициялау туралы есеп жасалады, ол қоса тіркелген реквизициялау туралы актімен бірге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органға және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына жіберіледі.

      43-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай
               аймағында құтқару және авариялық-қалпына келтіру
               жұмыстарын жүргізу кезінде реквизициялау

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде ерекше жағдайларда авариялық-құтқару қызметтерінің немесе шұғыл медициналық көмек қызметтерінің жекелеген жасақтарының (бөлімшелерінің) мұқтажы үшін реквизициялауды осы жасақтың (бөлімшенің, экипаждың) бастығы дербес жүргізеді.
      2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы актінің негізінде жүргізіледі, ол:
      1) реквизициялауға негіз болған ерекше мән-жайлар туралы нұсқауды;
      2) алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
      3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды тұлғаның лауазымы, атағы және аты, сондай-ақ өзге де қажетті деректемелер көрсетілген, реквизицияланатын мүліктің меншік иесі, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
      4) салмағы, өлшемі, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар туралы мәліметтер көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
      5) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
      3. Реквизициялау туралы актінің бір данасы реквизицияланатын мүліктің меншік иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне беріледі.
      4. Авариялық-құтқару қызметтері немесе шұғыл медициналық көмек қызметтері жасағының (бөлімшесінің, экипажының) бастығы есеп пен реквизициялау туралы актіні қоса бере отырып, жүргізілген реквизициялау туралы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органды дереу хабардар етуге міндетті.

      44-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
               жағдайлар кезінде реквизицияланған мүлікті
               қайтару

      1. Реквизицияланған мүліктің меншік иесі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдай режимінің күші жойылған немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тоқтатылған кезде сақталған мүлікті осы бапта көзделген қағидалар бойынша қайтаруды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
      2. Мүлкін алып қойғаны үшін өтем алмаған реквизицияланған мүліктің меншік иесі өзінің таңдауы бойынша мүлікті қайтаруды және залалдарды өтеуді не өтемді толық көлемде беруді талап етуге құқылы. Ішінара өтем алған меншік иесінің де осындай құқығы бар. Ішінара өтем алған меншік иесіне мүлікті қайтару кезінде залалдарды өтеу төленген сома ескеріле отырып жүргізіледі.
      3. Толық көлемде өтем алған реквизицияланған мүліктің меншік иесі мүліктің қайтарылған күнгі бағасы бойынша сақталған мүлікті басымдықпен, бірақ алынған өтем сомасынан аспайтындай сомамен сатып алуға құқылы.
      4. Реквизицияланған мүліктің меншік иесіне мүліктің жекелеген түрлерін қайтарудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Жер кодексінде, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.

      45-бап. Реквизицияланған мүлік үшін ақшалай өтем төлеу

      1. Реквизицияланатын мүлік үшін ақшалай өтем Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражатынан төленеді.
      2. Өтем реквизиция туралы шешімде көрсетілген мерзімде, бірақ реквизициялау туралы актіге қол қойылған кезден бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей төленуге тиіс.
      3. Өтемді төлеудің мерзімі өткен кезде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының ресми ставкасы негізге алынып есептелетін мөлшерде нақты төленетін күнге тұрақсыздық айыбы борыштың сомасына есептеледі.

      46-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
              жағдайлар кезінде реквизицияланатын мүлікті
              есепке алу

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялауды жүзеге асырған мемлекеттік орган реквизицияланған мүліктің есебін жүргізуге міндетті, онда алып қойылған мүліктің тізбесі және реквизицияланған мүлік пайдалану үшін берілген авариялық-құтқару қызметінің жасақтары (бөлімшелері) немесе өзге де ұйымдар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
      2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету мұқтажы үшін, сондай-ақ құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде берілген реквизицияланған мүлікті есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды және оны табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.

      47-бап. Реквизициялау кезіндегі меншік иесі құқықтарының
              кепілдігі

      1. Реквизициялауды жүргізу кезінде туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.
      2. Реквизицияланған мүліктің меншік иесі реквизициялау туралы шешімге, сондай-ақ реквизицияланған мүлікті бағалау және өтем мөлшеріне, оның ішінде өтелетін залалдардың мөлшеріне де сот тәртібімен дау айтуы мүмкін.
      3. Реквизицияланған мүліктің меншік иесінің мүліктің құнын және реквизициялаудан туындаған залалдарды өтеу туралы талабына талап қоюдың өту мерзімі қолданылмайды.

2-параграф. Соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде және соғыс уақытында қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялаудың ерекшеліктері

      48-бап. Соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде қорғаныс
              мұқтаждары үшін реквизициялаудың негіздері мен
              тәртібі

      1. Соғыс жағдайы енгізілген және жұмылдыру жарияланған (толық немесе ішінара) кезде қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарында және тауарларды өндірудің, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсетудің тиісті кезеңге арналған жоспарында көзделмеген мүлікке қажеттілік жаңадан туындаған жағдайда жүргізіледі.
      2. Соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының нұсқамалары бойынша жүзеге асырылады.
      3. Қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының нұсқамасы бойынша жүзеге асырылады.
      4. Әскери басқару органдары мен әскери бөлімдердің қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау жөніндегі қызметіне жалпы басшылық жасауды және оны үйлестіруді «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының бұйрықтары негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы жүзеге асырады.
      Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      49-бап. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға жататын
              мүлік

      1. Соғыс жағдайы енгізілген және жұмылдыру жарияланған (толық немесе ішінара) кезде қорғаныс мұқтажы үшін қажетті көлік құралдары және өзге де мүліктер реквизициялауға жатады.
      2. Соғыс жағдайы енгізілген және жұмылдыру жарияланған (толық немесе ішінара) кезде соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету шаралары ретінде реквизициялау қажет болған кезде реквизициялауға жататын мүліктің тізбесін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы айқындайды.
      3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қорғаныс мұқтажы үшін мүлкін реквизициялауға болмайтын ұйымдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      4. Жеке тұлғалардың реквизициялауға жатпайтын мүлкінің тізбесі мен нормативтерін, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, Қазақстан Республикасының халқын соғыс уақытында жабдықтау нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 49-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      50-бап. Соғыс уақытында қорғаныс мұқтаждары үшін
              реквизициялаудың ерекшеліктері

      1. Соғыс уақытында соғыс іс-қимылдары жүріп жатқан және жергілікті атқарушы органдар жұмыс істемейтін аумақта қорғаныс мұқтаждары үшін қажетті реквизициялауды, бұл туралы кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметіне хабарлай отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы дербес жүргізеді. Реквизициялауды жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы реквизициялауды жүргізетін жергілікті әскери басқару органдарына немесе әскери бөлімдердің командирлеріне (мекеме басшыларына) нұсқама береді.
      2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы акт бойынша жүзеге асырылады, онда:
      1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы нұсқамасының деректемелері көрсетілген реквизициялау жүргізудің негіздері;
      2) алып қоюды жүргізу уақыты мен орны;
      3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды адамның лауазымы, атағы және аты, сондай-ақ реквизициялауға уәкілетті адамдарды тағайындау туралы бұйрықтың деректемелері көрсетілген, реквизицияланатын мүліктің иесі туралы, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтер;
      4) салмағы, мөлшері, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар туралы мәліметтер көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесі;
      5) мүлікті бағалау және өтем мөлшері туралы мәліметтер;
      6) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтер қамтылуға тиіс.
      3. Жүргізілген реквизициялау туралы есеп жасалады, ол қоса берілген реквизициялау туралы актілермен бірге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабына жіберіледі.
      Ескерту. 50-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      51-бап. Соғыс іс-қимылдарын жүргізу кезінде қорғаныс
              мұқтажы үшін реквизициялаудың ерекшеліктері

      1. Соғыс іс-қимылдары жүріп жатқан аймақта жекелеген әскери бөлімдердің мұқтажы үшін реквизициялауды ерекше жағдайларда әскери бөлімнің командирі дербес жүргізеді.
      2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы акт бойынша жүргізіледі, ол:
      1) реквизициялау үшін негіз болған ерекше мән-жайлар туралы нұсқауды;
      2) алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
      3) реквизициялауды жүргізетін әскери бөлім командирінің лауазымы, атағы және аты, сондай-ақ реквизициялауды тағайындалған тұлға жүргізетін болса, реквизициялауға уәкілетті тұлғаларды тағайындау туралы жазбаша бұйрықтың деректемелері көрсетілген, реквизицияланатын мүліктің меншік иесі туралы, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
      4) салмағы, мөлшері, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар туралы мәліметтер көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
      5) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
      3. Бір данасы реквизицияланған мүліктің меншік иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне беріледі.
      4. Әскери бөлімнің командирі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабына реквизициялау туралы есеп пен актілерді қоса бере отырып, жүргізілген реквизициялау туралы дереу хабарлауға міндетті.
      Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      52-бап. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизицияланған мүліктің
              өтемін төлеу

      1. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы реквизицияланған мүліктің меншік иелеріне кейіннен өтем жасау үшін мүліктің алып қойылғаны туралы есептерді және реквизициялау туралы актілерді қоса бере отырып, қорғаныс мұқтаждары үшін жүргізілген реквизициялау туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне дереу хабарлауға міндетті.
      2. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизицияланған мүлікке өтем Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражатынан төленеді.
      3. Жеке және заңды тұлғалардың қорғаныс мұқтажы үшiн реквизицияланған, сондай-ақ берiлген мүлкінің құнын мемлекеттiң өтеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 52-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      53-бап. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға жататын
              және қорғаныс мұқтажы үшін реквизицияланған
              мүлікті есепке алу

      1. Бейбіт уақытта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің соғыс уақытына арналған қажеттілігіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялануы мүмкін көлік құралдары мен өзге де мүлікті есепке алуды жүзеге асырады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлікті есепке алу мүліктің жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ведомстволық және жалпы мемлекеттік статистикалық байқауды жүргізетін мемлекеттік органдардың мәліметтері негізінде жүзеге асырылады.
      3. Мүліктің жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ведомстволық және жалпы мемлекеттік статистикалық байқауды жүргізетін мемлекеттік органдардың қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға жататын мүлікке қатысты ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      4. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға жататын мүлікті есепке алу осы мүлікті бейбіт уақытта еркін иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын шектеуге тиіс емес.
      5. Реквизицияланған мүлікті бастапқы есепке алуды реквизициялауды жүргізген жергілікті әскери басқару органдары немесе әскери бөлімдердің командирлері (мекемелердің бастықтары) жүргізеді, олар алып қойылған мүліктің тізбесін және реквизицияланған мүлік пайдалану үшін берілген әскери бөлімдер немесе өзге де ұйымдар туралы мәліметтерді анықтауға тиіс.
      6. Қорғаныс мұқтаждары үшін берілген реквизицияланған мүлікті есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді және оны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы ұйымдастырады.
      Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-тарау. МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ АЛУ

      54-бап. Мемлекет меншігіне алуды жүзеге асыру принциптері

      1. Мемлекет меншігіне алу тиісті заң тәртібін сақтай отырып Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық мүдделер үшін жүзеге асырылуы және мемлекет меншігіне алынатын мүлік пен басқа да залалдардың нарықтық құнын Қазақстан Республикасы алдын ала және тең құнымен өтеген жағдайда кемсітусіз жүргізілуі мүмкін.
      2. Мемлекет меншігіне алу жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншігіндегі мүлікті иеліктен шығарудың ерекше жағдайы (ерекше нысаны) болып табылады және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген мүлікті иеліктен шығарудың барлық өзге де мүмкін болатын нысандары толық біткеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
      3. Мемлекет меншігіне алу мемлекет меншігіне алу рәсімдерінің жариялылығы сақталған жағдайда жүзеге асырылуға тиіс.

      55-бап. Мемлекет меншігіне алудың негіздері

      Мемлекет меншігіне алу Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалардың жеке меншiгiндегi мүлiктi мемлекеттiк меншiкке өндіріп алу туралы заңының (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының мемлекет меншігіне алу туралы заңы) негізінде жүзеге асырылады.

      56-бап. Мемлекет меншігіне алынатын мүліктің құнын өтеу
              мөлшері

      1. Мемлекет меншігіне алған кезде мемлекет меншігіне алынатын мүліктің құны Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 249-бабының 4-тармағына және 266-бабына сәйкес өтелуге жатады.
      2. Мемлекет меншігіне алынатын мүліктің меншік иесіне төленетін өтемнің мөлшері мүліктің нарықтық құнын негізге ала отырып айқындалады.
      3. Өтем мөлшері бағалау (қайта бағалау) жүргізген күнге айқындалады.

      57-бап. Өтем төлеу тәртібі

      1. Мүліктің құнын және басқа залалдарды өтеу мемлекет меншігіне алынатын мүлікке меншік құқығы Қазақстан Республикасына өткен кезге дейін толық көлемде жүргізіледі.
      2. Өтемді төлеу ақшалай нысанда Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгемен, ал Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда шетел валютасымен төленеді.
      3. Өтемді төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
      4. Өтемді өзге мүлікпен төлеуге мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган арқылы Қазақстан Республикасы мен мүліктің меншік иесінің арасындағы келісім бойынша жол беріледі. Көрсетілген келісім жазбаша нысанда жасалуға тиіс.
      5. Өтем төлеу бір мезгілде жүргізіледі, өтемді бөліп-бөліп төлеуді көздейтін мемлекет меншігіне алуды жүзеге асыруға жол берілмейді.
      6. Мемлекет меншігіне алынған мүлікті іс жүзінде беру мемлекет меншігіне алынатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе мемлекет меншігіне алған кезде шектелетін меншік иесі мен өзге де тұлғалар тең құнымен өтем алғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

      58-бап. Қазақстан Республикасының мемлекет меншігіне
              алынатын мүлік құқықтарына ие болуы

      Қазақстан Республикасының мемлекет меншігіне алынатын мүлік құқықтарына ие болуы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Қазақстан Республикасының Жер кодексінде, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      59-бап. Мемлекет меншігіне алу кезіндегі мемлекеттік
              органдардың функциялары

      1. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мемлекет меншігіне алынған мүлікті іс жүзінде қабылдауға байланысты барлық қажетті іс-қимылдарды жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мемлекет меншігіне алынған мүлік туралы мәліметтерді мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізеді.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атынан мемлекет меншігіне алынған мүліктің меншік иесі құқықтарын жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекет меншігіне алынған мүлікті республикалық заңды тұлғаларға бекітіп береді не осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша мемлекет жүз пайызбен қатысатын арнайы құрылған акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің немесе ұлттық басқарушы холдингтің немесе ұлттық холдингтің немесе ұлттық компанияның акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін төлеуге береді.
      5. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мемлекет меншігіне алынған мүлікті басқаруды ол осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен берілген кезге дейін жүзеге асырады.
      6. Республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген, мемлекет меншігіне алынған мүліктің тиімді пайдаланылуына бақылау жасауды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мемлекет меншігіне алынған мүлікті берген кезден бастап жүзеге асырады.

      60-бап. Мемлекет меншігіне алынатын мүліктің меншік     
              иесінің құқығын қорғау

      Мемлекет меншігіне алынатын мүліктің меншік иесінің және мемлекет меншігіне алынатын мүлікке байланысты құқықтары тоқтатылатын немесе мемлекет меншігіне алған кезде шектелетін өзге де тұлғалардың құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот тәртібімен жүзеге асырылады.

6-тарау. ЖЕР УЧАСКЕСІН МЕМЛЕКЕТ МҰҚТАЖЫ ҮШІН АЛЫП ҚОЮҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖЕР УЧАСКЕСІН НЕМЕСЕ ӨЗГЕ ДЕ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТІ МӘЖБҮРЛЕП ИЕЛІКТЕН ШЫҒАРУ

      61-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға
              байланысты жер учаскесін немесе өзге де
              жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың
              нысанасы мен жалпы шарттары

      1. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару тек қана жер учаскесіне қатысты жүзеге асырылады.
      Егер жер учаскесіне жеке меншік құқығын құқықтық кадастрдағы мәліметтердің және (немесе) құқық белгілейтін құжаттардың негізінде растау мүмкін болмаса, онда мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару осы учаскеде орналасқан ғимараттарға, құрылыстарға және жылжымайтын өзге де объектілерге (тұрғын жайларға, тұрғын үйлерге (тұрғын үй ғимараттарына), тұрғын үй-жайларға (пәтерлерге), тұрғын емес үй-жайларға) қатысты жүзеге асырылады.
      2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімдерінің жариялылығы сақталған кезде жүргізілуі мүмкін. Алып қойылатын мүліктің меншік иесі тарапынан талаптар болған кезде жариялылықтың болмауы мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қоюдан бас тартуға негіз болып табылады.
      3. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы хабарлама алған сәттен бастап, мемлекеттің оны сатып алуға басым құқығы болады.
      4. Мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің меншік иесінің құқықтарын қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      5. Мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің меншік иесі Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыны қабылдағаннан кейін кез келген сәтте және атқарушы орган жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арызбен сотқа жүгінгенге дейін осы Заңның 69-бабының қағидаларына сәйкес келісім рәсімдеріне бастама жасауға құқылы.
      6. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қағидалар осы Заңның 67-бабында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, жер учаскесі жеке тұлғаның немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаның жер пайдалануында болған жағдайларда да қолданылады.

      62-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға
              байланысты жер учаскесін немесе өзге де
              жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды
              жүзеге асыру принциптері

      1. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншігіндегі мүлікті иеліктен шығарудың ерекше жағдайы болып табылады және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мүлікті иеліктен шығарудың барлық өзге де ықтимал жағдайларын пайдалану мүмкін болмаған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
      2. Мемлекет мұқтажын қанағаттандырудың өзге (балама) тәсілі болған кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берілмейді.
      3. Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың коммерциялық мақсаттарын және мемлекеттік емес мүдделерді қанағаттандыру мақсаттарын көздейтін мүлікті кез келген алып қою не мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру мақсатынан туындамайтын және қоғамдық маңызды мақсаттарды көздемейтін мүлікті өзге де алып қою мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қою болып танылмайды. Бұл жағдайларда мүлікті иеліктен шығаруға мүліктің меншік иесі мен коммерциялық мақсаттарды көздейтін тұлға арасындағы келісім бойынша олардың арасында жасалған мүлікті сатып алу-сату шарты негізінде жол беріледі.
      4. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға мемлекет мұқтажын қанағаттандыру үшін қаншалықты қажет болса, сондай көлемде ғана жол беріледі.
      5. Осы баптың ережелерін орындамау жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудан соттың бас тартуы және осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулының күшін жою үшін негіз болып табылады.

      63-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға
              байланысты жер учаскесін немесе өзге де
              жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың
              басталуы және тоқтатылуы

      1. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабында көзделген ерекше жағдайларда, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген құзыретіне сәйкес жергілікті атқарушы органның қаулысы қабылданады.
      2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулыда:
      1) мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың мақсаты мен негіздері;
      2) жер учаскесінің орналасқан жері, алаңы, кадастрлық нөмірі;
      3) мүліктің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы;
      4) мәжбүрлеп иеліктен шығару күні көрсетіледі, бірақ ол бұл қаулының ресми жариялану күнінен үш айдан ерте болмауға тиіс;
      5) келісім рәсімдерін жүзеге асыру асыру үшін меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының жүгінетін орны көрсетіледі.
      Егер көрсетілген қаулыға осы тармақтың 2) және 4) тармақшалары бөлігінде өзгерістер енгізілген жағдайда, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі бұл қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы жарияланған күннен бастап қайтадан жүзеге асырылады.
      Көрсетілген қаулы, қажет болған жағдайда, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты өзге де мәліметтерді қамтуы мүмкін.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген қаулыны қабылдау, жоғары тұрған атқарушы органның құзыретіне кірген жағдайда, осы қаулыны қабылдау үшін, сондай-ақ сотқа талап-арыз келтіру үшін материалдар дайындауды және сотта оның мүдделерін білдіруді жер учаскесі орналасқан жер бойынша төмен тұрған атқарушы орган жүзеге асырады.
      4. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген қаулыны қабылдаған атқарушы орган мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың тоқтатылғаны туралы қаулы қабылдау арқылы мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімін тоқтатуға құқылы.
      5. Осы баптың 2 және 4-тармақтарында көрсетілген қаулылар олар қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде тиісінше республикалық немесе жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
      6. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген қаулыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
      7. Егер жер учаскесіне жеке меншік құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген болса, меншік иесі осы баптың 2-тармағында көрсетілген қаулы қабылданғаннан кейін оған қатысты қаулы қабылданған жер учаскесіне жеке меншік құқығын растау бойынша қажетті іс-шараларды жүзеге асыра алады.
      Бұл ретте, осы баптың 2-тармағында көрсетілген қаулыда белгіленген мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі алты айдан аспайтын уақытқа ұзартылады.

      64-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға
              байланысты жер учаскесін немесе өзге де
              жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару
              туралы хабарлау тәртібі

      1. Атқарушы орган немесе жоғары тұрған органның тапсырмасы бойынша төменгі тұрған орган осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулы жарияланғаннан кейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей, меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарламаны оған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарттың жобасын қоса тіркеп, пошта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаны міндетті түрде алатындай етіп, пошта арқылы жібереді. Пошта жөнелтілімін алғаны туралы хабарлама болмаған жағдайда, осы тармақта көрсетілген құжаттар қайтадан жіберіледі.
      2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама заңдық талап ретінде «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жатады.

      65-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға
              байланысты жер учаскесін немесе өзге де
              жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару

      1. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыда белгіленген мерзімдер өткеннен кейін меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен не сот шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      2. Концессиялық жобаларды іске асыру мақсатында жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жергілікті атқарушы органдар концессия шартында көзделген талаптар мен мерзімдерде, бірақ концессия объектісін немесе концессия объектісінің аяқталмаған құрылысын мемлекеттік меншікке беруден кешіктірмей, олар сатып алған жер учаскелерін концедентке беру шартымен концессионердің қаражаты есебінен жүзеге асыруы мүмкін.
      3. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарт немесе соттың шешімі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға негіз болып табылады.
      Сотта дау айтылмаған немесе осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген, осы Заңның 63-бабының 4-тармағына сәйкес күші жойылмаған қаулы, сондай-ақ осы баптың 5 және 6-тармақтарында белгіленген тәртіпті бұзу жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүргізуге негіз болмайды.
      4. Жеке меншік құқығын және жер пайдалану құқығын, сондай-ақ мемлекеттің жер учаскесіне және өзге де жылжымайтын мүлікке құқығын тоқтату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарттың немесе сот шешімінің және осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыны қабылдаған органның өтінішінің негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органда мемлекеттік тіркелуге жатады.
      5. Жергілікті атқарушы орган тиісті жергілікті өкілді органға жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарт жобасын меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін немесе оған құқықтарды мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаны алған сәттен бастап екі ай мерзімде табыс етеді.
      Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарт жобасын жергілікті өкілді органның тұрақты комиссиясы ол енгізілген сәттен бастап екі апта мерзімнен кешіктірмей, меншік иесін және иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін тұлғаларды міндетті түрде шақыра отырып қарайды.
      Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүліктің меншік иесімен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушымен және мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін басқа да тұлғалармен келісімге қол жеткізілген кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шартты атқарушы орган жергілікті өкілді органмен келісім бойынша бекітеді және оған меншік иесі немесе жер пайдаланушы қол қояды.
      6. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шартта:
      1) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 87-бабында және осы Заңның 67-бабында белгіленген тәртіппен айқындалатын алып қойылатын жер учаскесінің бағасы және жылжымайтын мүлік объектісінің не меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға алып қойылатын жер учаскесінің орнына берілетін жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамасы;
      2) егер алып қойылатын жер учаскесінің бағасы оның орнына берілетін жер учаскесінің бағасынан (құнынан) жоғары болса, құнының айырмасы;
      3) өтелуге жататын залалдардың, оның ішінде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты алып қойылатын жылжымайтын мүлік құнының мөлшері, олар мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты келтірілген жағдайда;
      4) жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты алып қойылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің бағасын (құнын) төлеу мерзімі немесе мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын жер учаскесінің орнына меншік иесіне ұсынылатын жер учаскесін (өзге де жылжымайтын мүлікті) беру мерзімі;
      5) мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүлік құрамы;
      6) иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін адамдардың тізбесі;
      7) мемлекет мұқтажы үшін мүлікті сатып алуға арналған мемлекет шығыстарын қаржыландыру тәртібі қамтылуға тиіс.
      7. Мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулымен келіспеген және (немесе) онымен мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің құны және өтеуге жатқызылатын залалдардың мөлшері туралы келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы хабарлама алған кезден бастап үш ай өткеннен кейін, бірақ осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыда айқындалған мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асыру мерзімінен (күнінен) кешіктірмей жергілікті атқарушы орган жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
      Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арыздар бойынша азаматтық істер істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бір ай мерзімде қаралады және шешіледі.
      8. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арыздан бас тартылған жағдайда, талап-арыз келтіру және осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулының қабылдануы нәтижесінде меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға келтірілген зиян бюджеттен өтелуге тиіс.
      9. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті іс жүзінде беру мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде алып қойылатын мүлікке қатысты құқығы тоқтатылатын немесе шектелетін меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Заңда айқындалған тәртіппен жүргізілген тең бағалы өтемді алғаннан кейін ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
      Меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының құқықтарының тоқтатылуын және мемлекеттің осы мүлікке құқықтарының туындауын мемлекеттік тіркеу жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органға өтемнің төленгенін растайтын құжатты ұсынған жағдайда жүзеге асырылады.

      66-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға
              байланысты жер учаскесін немесе өзге де
              жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару
              кезіндегі меншік иесінің немесе мемлекеттік емес
              жер пайдаланушының құқығы

      1. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімінің басталуы туралы хабарлама алған кезден бастап мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің құны және өтеуге жататын залалдар мөлшері туралы келісімге қол жеткізілгенге дейін немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы сот шешім қабылданғанға дейін жер учаскесiне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке қатысты өзіне тиесілі құқықты жүзеге асыра алады және осы мүлікті оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ететiн қажеттi шығындар шығара алады. Бұл ретте меншiк иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы аталған кезеңде жаңа құрылысқа, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және өзге жылжымайтын мүлік объектілерін кеңейтуге немесе реконструкциялауға байланысты шығындар мен залалдарды өздері көтеруге тәуекел етеді.
      Егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесінің бір бөлігі мемлекет мұқтажы үшін алып қойылғаннан кейін қалған бөлігін бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкіл жер учаскесі иеліктен шығарылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақыт ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтар иеліктен шығару жолымен немесе өзге де негіздер бойынша басқа тұлғаға өткен кезде, сондай-ақ әмбебап құқықтық мирасқорлыққа байланысты құқық иеленуші ауысқан кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі жаңа құқық иеленушіге қатысты қолданылады (жалғасады).

      67-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға
              байланысты жер учаскесінің және өзге де
              жылжымайтын мүліктің құнын өтеу мөлшері

      1. Меншік иесінің мемлекеттен сатып алған, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің құны (залалдарды есептемегенде) осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мемлекетке төленген сома мөлшерінде айқындалады.
      Мемлекет ақысын бөліп-бөліп төлеу тәртібімен сатқан жер учаскесі үшін ақы толық төленбеген (залалдарды есептемегенде) және оны мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде алып қойған кезде мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесінің бағасы мемлекетке төленген сома мөлшерінде айқындалады.
      2. Жеке тұрғын үй құрылысына, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін (егістік телімдерінен басқа) берілген, жеке тұрғын үй тұрған, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің құны жер учаскесінің құны мөлшерінде және онда тұрған жылжымайтын мүліктің нарықтық құнынан аспайтын мөлшерде айқындалады.
      Меншік иесіне азаматтық-құқықтық мәміле бойынша немесе сот шешімі бойынша өткен, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің құны азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде көрсетілген, бірақ нарықтық құнынан аспайтын мөлшерде айқындалады. Егер азаматтық-құқықтық шартта жер учаскесінің бағасы көрсетілмеген жағдайда, жер учаскесінің құны оның кадастрлық (бағалау) құны бойынша айқындалады.
      3. Жер учаскесінде тұрған жылжымайтын мүліктің құны оның нарықтық құнынан аспайтын мөлшерде айқындалады.
      Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын меншік иесі немесе жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алдағы мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаны алған сәтке осы Заңның 208-бабына сәйкес тәуелсіз бағалаушы айқындайды.
      4. Мүлік құны және жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару салдарынан меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға келтірілген және (немесе) меншік иесінің немесе жер пайдаланушының үшінші тұлғалар алдында міндеттемелерін орындауын мерзімінен бұрын тоқтатуынан туындаған толық көлемдегі залалдар негізге алына отырып, өтеу мөлшері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 9-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес айқындалады.
      Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесіне қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін өзге тұлғаларға өтеу мөлшері оларда мұндай мәжбүрлеп иеліктен шығару салдарынан туындайтын залалдар негізге алына отырып айқындалады.
      5. Өтеу мөлшері теңгемен айқындалады.
      6. Жер учаскесінің меншік иесімен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушымен келісім бойынша оған мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде алып қойылатын жер учаскесінің орнына берілетін жер учаскесінің құнын немесе оған құқықтарды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің құнына немесе оған құқықтарды кадастрлық (бағалау) құны бойынша есепке жатқыза отырып, басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.

      68-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға
              байланысты жер учаскесін немесе өзге де
              жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару
              кезінде өтемді төлеу нысандары мен төлеу
              мерзімдері

      1. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің құнын және өтелуге жататын залалдарды өтеу аталған мүлікке меншік құқығы Қазақстан Республикасына немесе әкімшілік-аумақтық бөлініске өткен кезге дейін толық көлемде жүргізіледі.
      2. Өтемді төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
      3. Өтемді ақшадан басқа өзге мүлікпен төлеуге Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы Үкіметі немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс атынан жергілікті атқарушы орган мен мүліктің меншік иесі арасында жасалған келісім бойынша жол беріледі. Көрсетілген келісім жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу шарты нысанында жазбаша жасалады.
      4. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шартқа қол қойылған күннен бастап не соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей біржолғы өтем төлеу жүргізіледі.
      5. Өтемді төлеу мерзімін ұзартуды көздейтін, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асыруға жол берілмейді.

      69-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға
              байланысты жер учаскесін немесе өзге де
              жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару
              кезіндегі келісім рәсімдері

      1. Алып қойылатын мүліктің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарлама алған сәттен бастап бір ай ішінде жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру арқылы келісім рәсімдеріне бастамашылық жасауға құқылы. Аталған өтініш берілген күні тіркеледі.
      2. Жергілікті атқарушы орган жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарттың жобасына меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының жылжымайтын мүлік, алып қойылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін тұлғалар құрамы және өтелуге жататын залалдар мөлшері бойынша ұсыныстарын бір ай мерзімде қарауға міндетті. Ұсыныстарды алған сәттен бастап, жергілікті атқарушы орган мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүлік құнына тәуелсіз бағалау жүргізілуін ұйымдастыруға және мүлікті сатып алуға арналған мемлекет шығыстарын қаржыландыру тәртібін айқындауға және мүлікке меншік құқығының өтуіне байланысты өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асыруға міндетті.
      3. Жергілікті атқарушы орган және мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы, сондай-ақ алып қойылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін басқа да тұлғалар арасында келісімге қол жеткізілген кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шарт жобасы жергілікті өкілді органға келісуге жіберіледі.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мүдделі тұлғалардың бірде-біреуімен мүлікті беру туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      5. Мүлікке меншік құқығы Қазақстан Республикасына немесе әкімшілік-аумақтық бөлініске өткенге дейін өтем төлеу туралы талаптарды және осы Заңның 67 және 68-баптарында белгіленген өтем төлеудің өзге де шарттарын тараптардың келісімі бойынша жоюға болмайды.

3-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ ИЕЛЕНУ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ПАЙДАЛАНУ

7-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ ИЕЛЕНУ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      70-бап. Мемлекеттік мүлікті иеленудің және (немесе)
              пайдаланудың тәртібі, шектері мен шарттары

      1. Жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мүліктің пайдалы қасиеттерін табу, сондай-ақ одан табыс, өсiм, жемiс, төл алу түрінде және өзге де нысандарда пайда алу үшін мемлекеттік мүлікті иеленуге және (немесе) пайдалануға құқылы.
      2. Мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен, шектерде және шарттарда жүзеге асырылады.

      71-бап. Мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе)
              пайдалану негіздері

      1. Жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану негіздері:
      1) шарттар және өзге де азаматтық-құқықтық мәмілелер;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық-құқықтық салдарларды туындататын әкімшілік актілер;
      3) азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілейтін сот шешімдері;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық-құқықтық салдары болатын оқиғалар;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен әмбебап немесе өзге де құқықтық мирасқорлық болып табылады.
      2. Мемлекеттік мүлікті иеленуге және (немесе) пайдалануға беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Мемлекеттік мүлікті иеленуге және (немесе) пайдалануға беру туралы шарттың жазбаша нысанын сақтамау оның жарамсыз болуына әкеп соғады.
      3. Иеленуге және (немесе) пайдалануға берілген мемлекеттік мүлік осы Заңның 15-тарауының қағидаларына сәйкес мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізіледі.

      72-бап. Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беру туралы
              шарттар

      1. Мемлекеттік мүлік мынадай:
      1) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу);
      2) мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару;
      3) мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану (несие);
      4) мердігерлік;
      5) мемлекеттік мүлік болып табылатын табиғи ресурстарды пайдалануға беру туралы шарттарының негізінде пайдалануға берілуі мүмкін.
      2. Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беруге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен басқа азаматтық-құқықтық шарттардың негізінде жол беріледі.
      3. Жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық объектілер мен мемлекеттік мүлікті немесе тек қана мемлекетке тиесілі мүлікті пайдалануға беруге концессия шарты, мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты және Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген өзге де шарттар бойынша жол беріледі.
      4. Мемлекеттік мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға пайдалануға беру осы тарауда белгіленген ерекшеліктер мен шектеулер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының қағидаларына сәйкес шарттардың немесе әкімшілік актілердің негізінде жүзеге асырылады.

      73-бап. Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беруге уәкілетті
              субъектілер

      Мемлекеттік мүлікті пайдалануға беру жөніндегі өкілеттіктерге:
      1) республикалық мүлікке қатысты – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган;
      2) коммуналдық мүлікке қатысты – жергілікті атқарушы орган ие болады.

8-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ ИЕЛЕНУДІҢ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ПАЙДАЛАНУДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН НЕГІЗДЕРІ

      74-бап. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу)
              шарты

      1. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартына осы бапта, осы Заңның 114-бабының 4-тармағында120145-баптарында белгіленген ерекшеліктерімен қоса, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің ережелері қолданылады.
      2. Жылжымалы және жылжымайтын мүлік (заттар) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) объектісі болуы мүмкін.
      3. Республикалық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (республикалық мүлікті жалдауға беруші (жалға беруші) береді. Егер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, республикалық мүлік Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен беріледі.
      Коммуналдық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) жергілікті атқарушы орган (коммуналдық мүлікті жалдауға беруші (жалға беруші) береді. Егер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, коммуналдық мүлік облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары айқындайтын тәртіппен беріледі.
      Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлік осы Заңның 135145153 және 161-баптарында айқындалған тәртіппен мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша берілуі мүмкін.
      Ақшалар, бағалы қағаздар және мемлекеттің мүліктік құқықтары мүліктік жалдау (жалға алу) шартының объектісі (нысанасы) болып табылмайды.
      4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға беруші (жалға беруші) бола алады.
      Мемлекеттік мүлікті пайдалану құқығы мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына салым ретінде берілуі мүмкін.
      5. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартының талаптары осы Заңда айқындалған шектеулер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітетін үлгі шартпен айқындалады.
      6. Күрделі жөндеуді жүзеге асыру жөніндегі міндет мемлекеттік мүлікті жалдаушыға (жалға алушыға) жүктелген жағдайда мемлекеттік мүлікті күрделі жөндеудің құны мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша төлемдердің есебіне жатқызылады. Мемлекеттік мүлікке күрделі жөндеу жүргізудің құны мен басқа да шарттары мемлекеттік мүлікті жалдауға берушімен (жалға берушімен) жазбаша келісілуге тиіс.
      7. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шарты осы Заңның 105106120145-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында тікелей көзделген жағдайларда жалдаушыға (жалға алушыға) жалдауға (жалға алуға) берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы талапты көздеуі мүмкін.
      8. Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартын өзгерту және бұзу Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 401404556-баптарының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
      Мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша берілген мемлекеттік мүліктің нысаналы мақсатта пайдаланылмауы шартты елеулі түрде бұзу және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген қағидалар бойынша шартты бұзу үшін негіз болып табылады.
      9. Жалдаушы (жалға алушы) жалдауға берушінің (жалға берушінің) келісімімен жүргізген мемлекеттік мүлікті ажыратуға болмайтын жақсартудың құны тиісті бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
      10. Мемлекеттік меншік болып табылатын тарих және мәдениет ескерткіштерін жеке және заңды тұлғаларға пайдалануға беруге арналған шартты жасасудың ерекшеліктері «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
      Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беруге арналған шарт тарихи-мәдени мұралар объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган мен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалады. Егер тарих және мәдениет ескерткіштеріне жойылу немесе бүліну қаупі төнсе, пайдалануында тарих және мәдениет ескерткіштері бар тұлғаны сот шешімі бойынша оларды пайдалану құқығынан айырған жағдайда шарт бұзылған болып есептеледі.

      75-бап. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты

      1. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартына осы Заңның 120145176-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген ерекшеліктерімен қоса Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің ережелері қолданылады.
      2. Мемлекеттік кәсіпорындардың мүліктік кешендері, мемлекетке тиесілі бағалы қағаздар, мүліктік құқықтар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері), ақша мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартының объектісі болады.
      Өзге мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда сенімгерлікпен басқару шартының объектісі болады.
      3. Республикалық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (республикалық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы) береді. Егер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, республикалық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      Коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға жергілікті атқарушы орган (коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы) береді. Егер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқарушы болады.
      5. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс пайда алушы болып табылады.
      6. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартының талаптары осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалады. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқарудың үлгі шартын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      7. Сенімгерлікпен басқарушы өзіне мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты бойынша берілген жылжымайтын мүлікті тек қана Қазақстан Республикасының заңдарында, мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта көзделген жағдайларда не мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару құрылтайшысының жазбаша келісімімен иеліктен шығаруға немесе кепілге беруге құқылы. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта өзгеше көзделмесе, сенімгерлікпен басқарушы жылжымайтын мүлікке билік етуге құқылы.
      8. Сенімгерлікпен басқарушының мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару кезінде өзі шығарған қажетті шығыстарды өзіне сенімгерлікпен басқаруға берілген мүлікті пайдаланудан түскен табыстар есебінен ғана өтеуге құқығы бар.
      Егер бұл Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта көзделсе, сенімгерлікпен басқарушының сыйақы алуға құқығы бар.
      9. Сенімгерлікпен басқарушы мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы болып табылатын уәкілетті мемлекеттік органға мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында белгіленген мерзімде және тәртіппен өз қызметі туралы есеп береді.
      10. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында сенімгерлікпен басқарушының мемлекеттік мүлікке билік ету бойынша шектеулер белгіленеді.
      Сенімгерлікпен басқарушының өзіне белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен жарамсыз деп танылады.
      Сенімгерлікпен басқарушының мемлекеттік мүлікті өзіне берілген өкілеттіктерді асыра пайдалану арқылы немесе өзіне белгіленген шектеулерді бұза отырып жасаған мәмілелерінен туындайтын міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттер сенімгерлікпен басқарушыда туындайды.
      11. Сенімгерлікпен басқарушы мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқаруды жеке өзі жүзеге асырады.
      Сенімгерлікпен басқарушы өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік мүлікті басқару үшін қажетті іс-әрекет жасауды, егер оған мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында осыған уәкілеттік берілген болса не құрылтайшының мүдделерін қамтамасыз ету үшін мән-жайларға байланысты осыған мәжбүр болса және бұл ретте оның нұсқауларын сұратып алуға мүмкіндігі болмаса, басқа тұлғаға тапсыра алады. Бұл ретте сенімгерлікпен басқарушы өзі таңдап алған сенім білдірілген адамның іс-әрекеті үшін де өзінің іс-әрекетіндей жауап береді.
      Сенімгерлікпен басқарушы басқаға сенім білдіру туралы құрылтайшыға дереу хабарлауға міндетті. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқарушының құрылтайшысы бұл жағдайда сенімгерлікпен басқарушыға бұрын шығарылған шығыстарды өтеп, ал мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында көзделген жағдайларда – залалдарды өтеп, мүлікті сенімгерлікпен басқаруды тоқтату туралы мәлімдеуге құқылы.
      12. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша өзгертіледі және бұзылады.
      Мемлекеттік мүлікті оның бір түрінен екіншісіне немесе жергілікті мемлекеттік басқарудың бір деңгейінен екіншісіне беру, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқаруды тоқтатпайды.
      13. Тараптардың бірінің бастамасы бойынша шарт тоқтатылған жағдайда екінші тарап, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шартта өзгеше мерзім көзделмесе, кемінде үш ай бұрын хабардар етілуге тиіс.
      14. Осы Заңның 105106120145176-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында тікелей көзделген жағдайларда, мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты сенімгерлікпен басқарушыға сенімгерлікпен басқаруға берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы талаптарды көздеуі мүмкін.

      76-бап. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты

      1. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартына осы Заңның 77120145-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген ерекшеліктерімен қоса, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің мүлікті өтеусіз пайдалану шарты (несие шарты) туралы ережелері қолданылады.
      2. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты бойынша мемлекеттік мүлік осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда ғана берілуі мүмкін.
      3. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты осы Заңның 120-бабында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында тікелей көзделген жағдайларда несие алушыға өтеусіз пайдалануға берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы талаптарды көздеуі мүмкін.
      4. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты бойынша берілген мемлекеттік мүлікті кез келген жақсарту мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) жазбаша келісімімен жүзеге асырылады. Мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты тоқтатылған кезде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) келісімімен жүргізілген ажыратуға болмайтын жақсартудың құны тиісті бюджет қаражаты есебінен өтелуге жатады.
      5. Мемлекет меншiгiндегi және тарих пен мәдениет ескерткiшi болып табылатын ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және өзге де мүлiктi дiни бiрлестiктерге өтеусiз пайдалануға берген жағдайларда мемлекеттiк мүлiктi өтеусiз пайдалану шарты «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалады.
      Ескерту. 76-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.10.11 № 484-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      77-бап. Мемлекеттік заттай гранттарды өтеусіз пайдалануға
              беру

      Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік заттай гранттарды «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес өтеусіз пайдалануға береді.

      78-бап. Мемлекеттік мүлікті мердігерлік шарты бойынша
              беру

      Мемлекеттік мүлікті мердігерлік шарты бойынша беру тапсырыс берушінің – мемлекеттің жұмыстарды орындауда мердігерге жәрдем көрсету жөніндегі міндеттемелерді орындауы шеңберінде мердігерлік шартында көзделген көлемде және тәртіппен жүзеге асырылады.

      79-бап. Мемлекеттік мүлікті концессия шарты бойынша беру

       Мемлекеттік мүлікті концессия шарты бойынша беру «Концессия туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      80-бап. Табиғи ресурстарды пайдалануға беру туралы
              шарттар

      Жер учаскелерін, жер қойнауы учаскелерін, су объектілерін, мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалануға беру мүліктің әрбір түрі туралы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тиісті шарттардың негізінде жүзеге асырылады.

      81-бап. Мемлекеттік мүлікті сақтау шарты және сақтауға
              қабылдау туралы шарт

      1. Мемлекеттік мүлік сақтау шарты немесе мемлекеттік мүлікті сақтауға қабылдау туралы шарт бойынша оның сақталуын қамтамасыз ету үшін жеке және заңды тұлғаларға берілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің сақтау туралы қағидалары осы бапта белгіленген ерекшеліктерімен қоса мемлекеттік мүлікті сақтау туралы қатынастарға қолданылады.
      2. Мемлекеттік мүлікті сақтау оны сақтау шарты немесе мемлекеттік мүлікті (заттарды) сақтауға қабылдау туралы шарт негізінде жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік мүлікті сақтау оның сақталуын қамтамасыз етуге қабілетті кез келген тұлғаға жүктелуі мүмкін.
      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, мемлекеттік мүлікті сақтауды кәсіпкерлік қызмет ретінде сақтау жөніндегі қызметтер көрсететін мамандандырылған ұйымдар ғана жүзеге асыра алады.
      3. Мемлекеттік мүлікті сақтау нысанасы жылжымалы заттар болуы мүмкін.
      Жылжымайтын мүлікті күзетуге осы баптың күші қолданылмайды.
      4. Мемлекеттік мүлікті сақтау шарты және сақтауға қабылдау туралы шарт жазбаша нысанда жасалады. Сақтаушы жүк берушіге сақтау қолхатын, түбіртекті, куәлікті, сақтаушы қол қойған өзге де құжатты беру арқылы шарттың жасалғанын куәландыруы мүмкін.
      5. Мемлекеттік мүлікті сақтау мерзімі Қазақстан Республикасының заңдарында немесе мемлекеттік мүлікті сақтау шарттарында не сақтауға қабылдау туралы шарттарда айқындалады. Сақтау мерзімі өткеннен соң мемлекеттік мүлікті сақтау немесе сақтауға қабылдау туралы шарттар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында, тиісті шарттарда өзгеше көзделмесе немесе мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелердің мәнінен туындамаса, сол мерзімге жасалған деп есептеледі.
      Жүк беруші болып табылатын немесе оның жазбаша тапсырмасы бойынша өкілдік ететін уәкілетті мемлекеттік орган кез келген уақытта сақтаушыдан мүлікті (затты) талап етуге құқылы. Бұл жағдайда, егер мемлекеттік мүлікті сақтау немесе сақтауға қабылдау туралы шарттарда өзгеше көзделмесе, жүк беруші міндеттеменің мерзімінен бұрын тоқтатылуынан туындаған залалдарды сақтаушыға өтеуге міндетті.
      6. Мемлекеттік мүлікті сақтау шарты және сақтауға қабылдау туралы шарт өтеулі болып табылады. Сақтаушыға берілетін сыйақының мөлшері тараптардың келісімімен, ал Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, ставкалар мен тарифтерге сәйкес айқындалады.
      7. Егер сақтау шартында өзгеше көзделмесе, сақтаушы жүк берушінің келісімінсіз затты үшінші тұлғаның сақтауына беруге құқылы емес, жүк берушінің мүдделерінде мән-жайларға байланысты ол осыған мәжбүр болған және оның келісімін алуға мүмкіндігі болмаған жағдайлар бұған кірмейді. Сақтаушы заттың үшінші тұлғаға сақтауға берілгендігі туралы жүк берушіні дереу хабардар етуге міндетті. Сақтаушы өзі затты сақтауға берген үшінші тұлғаның іс-әрекеті үшін өзінің іс-әрекетіндей жауап береді.
      8. Сақтаушы өзіне берілген мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін шартта көзделген барлық шараны, сондай-ақ басқа да қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Мемлекеттік мүліктің сақталуы техникалық нормативтер мен сақтау және (немесе) қорғау шарттары жөніндегі талаптарға сәйкес қамтамасыз етілуге тиіс.
      Сақтаушы сақтауға қабылдаған мемлекеттік мүліктің жоғалғаны, жетіспеушілігі немесе бүлінгені үшін жауап береді. Ол, егер заттың жоғалуы, жетіспеушілігі немесе бүлінуі өзінің кінәсінен болмағанын дәлелдейтін болса, жауаптылықтан босатылады.
      Сақтаушы сақтауға берілген мемлекеттік мүлік жетіспеген кезде мемлекеттік мүлікті сақтау немесе сақтауға қабылдау туралы шарттарда, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мерзімде жетіспейтін мүлікті заттай өтеуге, ал ондай мүмкіндік болмаған кезде – жоғалған немесе жетіспейтін мемлекеттік мүліктің құны мөлшерінде өтеуге міндеттенеді.
      9. Осы баптың қағидалары, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мүлікті сақтаудың жекелеген түрлеріне қолданылады.
      10. Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау шарты негізінде мемлекеттік материалдық резерв жүйесіне басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ведомстволық бағынысындағы ұйымдарда немесе сақтау пункттерінде (мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтауды және оларға қызметтер көрсетуді шарт негізінде жүзеге асыратын заңды тұлғаларда) сақталады.
      Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау шартынан туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

      82-бап. Жалпы пайдаланудағы мемлекеттік мүлікті пайдалану
              құқықтарын жүзеге асыру

      1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жалпы пайдаланудағы мемлекеттік мүлікке:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және Қазақстан Республикасының заңдарымен жалпы пайдаланудағы мүлікке жатқызылған өсімдіктер мен жануарлар әлеміөзге де табиғи ресурстар;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен ені белгіленген жағалау белдеулері бар кеме жүзетін және сал ағызылатын өзендердің арналары, сондай-ақ көлдер, қойнау-қолаттар мен өзге де табиғи су айдындары;
      3) порттар, айлақтар, шығанақтар, рейдтер мен қойнаулар, сондай-ақ бөгеттер, молдар, толқын бөгеттері мен өзге де жағалау құрылыстары;
      4) иеліктен шығарылған белдеулері және қосымша құрылыстары мен қызметтері бар жалпы пайдаланудағы жолдар, тас жолдар мен көпірлер;
      5) жер суландыру, мелиорациялау мақсатында және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарда салынған орлар, тоғандар, су қоймалары, каналдар, үймелер мен шұңқырлар;
      6) алаңдар, тротуарлар, көшелер, қоғамдық саябақтар мен демалыс орындары, зираттар және өзге де қоғамдық құрылыстар мен үйлер;
      7) храмдар мен қоғамдық мақсаттағы өзге де ғибадатханалар;
      8) көркем, тарихи және археологиялық ескерткіштер;
      9) ұлттық саябақтар, қорықтар, қаумалдар, резерваттар;
      10) ұлттық өнер бұйымдары;
      11) мұрағаттар, мұражай экспонаттары, көркем және ғылыми коллекциялар, оның ішінде ғылыми және мәдени құндылықтарға жататын жекелеген құжаттар, қолжазбалар, жарияланымдар, карталар мен басқа да жылжымалы заттар;
      12) жалпы пайдаланудағы сервитуттар (көпшілік сервитуттар);
      13) Қазақстан Республикасының заңдарымен жалпы пайдаланатын мүлікке жатқызылған өзге де мүлік жатқызылуы мүмкін.
      Жалпы пайдаланудағы мүлікті пайдалану қағидаларын Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланудағы мүліктің жекелеген түрлері туралы  заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі және тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті өкілді немесе атқарушы органдары белгілейді.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының жалпы пайдаланудағы мүлкінің жекелеген түрлері туралы заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде жалпы пайдаланудағы мүлікті басқаруды және пайдалануды ұйымдастырады.

4-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ТОҚТАТЫЛУЫ

9-тарау. МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ТОҚТАТЫЛУ НЕГІЗДЕРІ

      83-бап. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылу
              негіздерінің тізбесі

      1. Мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздері:
      1) мемлекеттік (республикалық немесе коммуналдық) мүлікті жекешелендіру немесе өзге де иеліктен шығару;
      2) мемлекеттік заңды тұлғалардың өздері өндірген тауарларды немесе негізгі құралдарға жатпайтын және жекешелендіру объектісі болып табылмайтын өзге де мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға иеліктен шығарып беруі;
      3) жер учаскелерін жеке меншікке беру;
      4) республикалық немесе коммуналдық мүлікке жататын мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру;
      5) мемлекеттік мүліктің бұзылуы немесе жойылуы;
      6) мемлекеттік мүлікті өндіріп алу;
      7) шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін міндеттемелері бойынша мемлекет пайдасына контрагенттің орындағанын қайтару;
      8) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша алынған мүлікті қайтару;
      9) мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды пайдалану немесе шығару;
      10) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де негіздер болып табылады.
      2. Осы Заңның 120214-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару өтеулі болып табылады.

      84-бап. Мемлекеттік мүлікке құқықтардан бас тартуға тыйым
              салу

      1. Мемлекет өзіне тиесілі мүлікке құқықтардан бас тарта алмайды. Мемлекеттік органдардың, олардың өкілдері мен лауазымды адамдарының мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтарынан бас тартуы заңсыз болып табылады.
      2. Мемлекеттік органдардың, олардың өкілдері мен лауазымды адамдарының мемлекеттік меншік құқықтарын және мемлекеттің өзге де мүліктік құқықтарын жүзеге асырудан бас тартуын айқын білдіретін іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіптік және өзге де жауаптылыққа әкеп соғады.

      85-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлікті иеліктен
              шығаруы

      Мемлекеттік заңды тұлғалардың өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде, өздері өндірген өнімді, шикізатты, тауарлық-материалдық құндылықтарды және негізгі құралдарға жатпайтын және жекешелендіру объектісі болып табылмайтын өзге де мүлікті қоса алғанда, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға және жеке тұлғаларға мүлікті иеліктен шығарып беруі иеліктен шығарылған мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтарын тоқтатуға әкеп соғады және жекешелендіру болып табылмайды.

      86-бап. Жеке меншікке табыстау (беру) нәтижесінде жер
              учаскесіне және өзге де мүлікке мемлекеттің
              құқықтарын тоқтату

      1. Жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген жағдайларда және тәртіппен жеке меншікке табысталуы мүмкін.
      2. Мемлекеттік заттай грант түрінде табысталған жер учаскесін қоса алғанда, мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтары грант алушының инвестициялық міндеттемелерін орындауы кезінде «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.

      87-бап. Мемлекеттік мүліктің бұзылуы немесе жойылуы

      1. Мемлекеттік мүліктің бұзылуы және жойылуы мемлекеттің осы мүлікке құқықтарының тоқтатылуына әкеп соғады.
      2. Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуы және жойылуы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ресімделеді.
      3. Осы баптың қағидалары заттарға қолданылады.

      88-бап. Мемлекеттің міндеттемелері бойынша мемлекеттік
              мүлікті өндіріп алу

      1. Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бөліністің міндеттемелері бойынша мемлекеттік мүлікті өндіріп алу сот тәртібімен жүргізіледі.
      2. Бюджет қаражаттарын қоспағанда, мемлекеттік немесе жергілікті қазынаны құрайтын мүлік өндіріп алынбайды. Қазақстан Республикасының заңдарында өндіріп алынбайтын мемлекеттік мүліктің өзге де түрлері белгіленуі мүмкін. Бұл жағдайларда Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс өндіріп алуға болмайтын мүлік құнының шегінде бюджет қаражаттарымен жауаптылықта болады.
      3. Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бөліністің өндіріп алынатын мемлекеттік мүлікке құқықтары мемлекеттік мүлікті өндіріп алу кезінде құқықтар өтетін тұлға осы мүлікке құқықтарға ие болған кезден бастап тоқтатылады.

      89-бап. Реквизициялау нәтижесінде алынған мемлекеттік
              мүлікке құқықтарды тоқтату

      1. Тұлға бұрын өзіне тиесілі болған, реквизициялау кезінде мемлекет ие болған мүлікті осы Заңның 44-бабының қағидалары бойынша талап еткен кезде, осы мүлікке мемлекеттің құқықтары тоқтатылады.
      2. Реквизициялау кезінде алып қойылған мүлікті қайтару осы Заңның 44-бабының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.

      90-бап. Тәркілеу нәтижесінде алынған мемлекеттік мүлікке
              құқықтарды тоқтату

      Соттың мүлікті мемлекет меншігіне тәркілеуге негіз болған актінің күшін жоюы (тиісті бөлігіне өзгеріс енгізуі) мемлекеттің тәркіленген мүлікке мүліктік құқықтарын тоқтатуға негіз болып табылады.
      Тәркіленген мүлікті қайтару немесе оның құнын өтеу осы Заңның 213-бабы 5-тармағының қағидалары бойынша жүргізіледі.

      91-бап. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық
              құндылықтарды пайдалану немесе одан шығару
              жолымен мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату

      1. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарға мемлекеттің құқықтары мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды пайдалану немесе одан шығару нәтижесінде тоқтатылады.
      2. Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару:
      1) оларды жаңартуға байланысты;
      2) қарызға алу тәртібімен;
      3) броньнан шығару тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару «Мемлекеттік материалдық резерв туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды иеліктен шығару олардың құны толық төленген немесе аккредитив ашылған не екінші деңгейдегі банктер кепілдік берген жағдайда жүргізіледі.
      5. Мемлекеттік материалдық резервтен шығару кезінде материалдық құндылықтарды өткізуден алынған қаражат бюджет есебіне жатқызылады.
      6. Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою кезiнде пайдаланылған мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен белгiленген мерзiмде заттай түрде бюджет қаражаты есебiнен өтелуге жатады.
      7. Дағдарысты құбылыстар және ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасында үйлесімсіздік қаупі туындаған жағдайда мемлекеттік материалдық резервтің ресурстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін пайдаланылуы мүмкін.

      92-бап. Мемлекеттік мүлікті акционерлік қоғамдардың
              акцияларын төлеуге және жауапкершілігі шектеулі
              серіктестіктердің жарғылық капиталына беру

      Мемлекеттік мүлікті акционерлік қоғамдардың акцияларын төлеуге және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына беру осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.

10-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ ИЕЛІКТЕН ШЫҒАРУ

1-параграф. Жалпы ережелер

      93-бап. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару субъектiлерi

      1. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) және сатып алушы (ие болушы) мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару субъектiлерi болып табылады.
      2. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган.
      3. Сатып алушы (ие болушы) – мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесінде мүлiктi сатып алатын жеке тұлға немесе мемлекеттiк емес заңды тұлға.
      Сатып алушы (ие болушы) жағына бiрнеше тұлға қатысқан кезде олар ынтымақтаса әрекет етеді.
      4. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына немесе құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылуы мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару объектісін сатудың (иеліктен шығарудың) шарты болып табылатын қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлғалар сатып алушылар (ие болушылар) бола алмайды.
      5. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесін ұйымдастыру үшін делдал тартуға құқылы.

      94-бап. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығарудың түрлері

      1. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару мынадай:
      1) мемлекеттік мүлікті аукцион және тендер нысанындағы сауда-саттықта сату, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсiмдер жолымен өтетін конкурс, туынды бағалы қағаздарды сату арқылы жекешелендіру;
      2) мемлекеттік мүлікті тiкелей атаулы сату арқылы жекешелендіру;
      3) осы тараудың 3-параграфында көзделген тәртіппен және жағдайларда мемлекеттік мүлікті сауда-саттық жүргізбестен иеліктен шығарудың өзге де тәсілдері түрлерінде жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттiк мүлiктi сатуға тiкелей алып келмейтін, бiрақ оның кейiннен сатылуын көздейтiн іс-әрекеттер (мемлекеттiк мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) тапсыру не оны тиiсiнше жалдаушының (жалға алушының) не сенiмгерлікпен басқарушының кейiннен сатып алу құқығымен сенiмгерлікпен басқаруға беру) жекешелендiрудiң түрлерi ретiнде емес, оның алдын ала жүргізілетін сатылары ретiнде қарастырылады.
      3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тек қана мемлекетке тиесілі мемлекеттік мүлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мемлекеттік мүлік иеліктен шығару объектісі болмайды.
      Иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

2-параграф. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру

      95-бап. Жекешелендiру жүргiзудiң негiзгi принциптері

      Жекешелендiру жүргiзудің негiзгi принциптері жариялылық, бәсекелестiк, құқықтық мұрагерлік, лауазымды тұлғалардың жекешелендiру жүргiзудiң заңдылығы үшін жауапкершiлiгi және жекешелендiру объектiлері туралы ұсынылған деректердің дәйектілігі болып табылады.

      96-бап. Жекешелендiру объектiсi

      1. Мемлекеттiк мүлiктiң мынадай түрлерi:
      1) мүлiктiк кешен ретіндегі кәсіпорын;
      2) жекешелендiрілуі тұйық технологиялық тiзбекті бұзбайтын мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынның өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелерi мен құрылымдық бiрлiктерi;
      3) осы Заңның 85135145153161-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі;
      4) акционерлік қоғамдардың акциялары;
      5) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестері;
      6) мемлекетке тиесiлi акционерлік қоғамдардың акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздар жекешелендiру объектілерi болып табылады.
      2. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган мемлекет мүлікті жекешелендiру туралы шешiм шығарған күннен бастап мемлекеттік мүлік жекешелендiру объектiсi болады.
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекешелендіруге жатпайтын тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мемлекеттік мүлік, сондай-ақ мемлекеттік меншікте болатын және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мүлік жекешелендіру объектілері бола алмайды.
      Мүлiктiк кешендер ретінде кәсіпорындарды немесе табиғи монополия субъектілері немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды иеленетін нарық субъектілері болып табылатын ұйымдардың мемлекетке тиесілі акцияларын жекешелендiру туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Yкiметi қабылдайды және ол жекешелендiрудiң түрiне нұсқауды қамтуға тиiс.

      97-бап. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынды
              жекешелендіру

      1. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынды жекешелендіруге осы баптың 2-тармағында және осы Заңның 93959699101103107112-баптарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 25-тарауы 6-параграфының қағидалары қолданылады.
      2. Жекешелендіруге жататын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның құрамына мемлекеттік материалдық резервтің онда сақталатын материалдық құндылықтары енгізілмейді.
      3. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның құрамына әлеуметтік-мәдени және коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектілер енгізілуі мүмкін.
      4. Егер осы Заңда және сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, сатып алушы мүліктік кешен ретінде жекешелендірілген кәсіпорынның азаматтық құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мұрагері болады.

      98-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi
              акциялары және мемлекеттiң жауапкершiлiгi
              шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталына
              қатысу үлестерi

      1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акцияларын және жауапкершілiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысу үлестерiн сату «Акционерлiк қоғамдар туралы», «Жауапкершiлiгi шектеулi және қосымша жауапкершілігі бар серiктестiктер туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген талаптар сақтала отырып жүргiзiлуге тиiс.
      2. Шығарылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен тiркелмеген акцияларды сатуға жол берiлмейдi.
      3. Мемлекетке тиесілі акцияларды сату кезінде сатып алушы – акционерлік қоғам, егер ол сатып алушының акцияларын иеленген болса, акционерлік қоғам акцияларының жиырма бес пайыздан астамын сатып ала алмайды.

      99-бап. Жекешелендіру және жер учаскесіне құқық

      Жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде жер учаскесіне құқық Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес сатып алушыға өтеді.

      100-бап. Сауда-саттықты жүргізу шарттары

      1. Аукционда ең жоғары баға ұсынған тұлға ұтып алушы болып танылады. Сатушы күнi бұрын тағайындаған тендер комиссиясының қорытындысы бойынша үздік шарттар ұсынған тұлға тендердi ұтып алушы болып танылады.
      Аукциондарда ұсыныстар жария түрде мәлімделедi, тендерлерде ұсыныстар жабық конвертте жазбаша мәлімделеді.
      2. Сауда-саттық жария болуға тиіс. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгін, қоршаған табиғи ортасын қорғауды, сыртқы экономикалық жағдайын қозғайтын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын ерекше жағдайларда тендер жабық болуы мүмкiн.
      Жекешелендіру объектілерін сату тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңның 101 - 104-баптарына сәйкес белгілейді.
      3. Бiр қатысушы ғана қатысқан аукциондар мен тендерлер, жекешелендiру объектiсi оны сатып алуға тілек білдірген қатысушыға сатылуы мүмкiн үшiншi және одан кейiнгi сауда-саттықтарды қоспағанда, өткiзiлмеген деп танылады.
      4. Сатып алушы сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн өзi сатып алатын объектiнiң экологиялық жай-күйiне тексеру жүргiзуге құқылы.

      101-бап. Жария сауда-саттықты өткiзу тәртiбi

      1. Сатушы сауда-саттық өткiзу туралы хабарламаны – ол өткізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын, ал акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акциялары мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сату кезінде сауда-саттық өткізілгенге дейін кемiнде күнтізбелік отыз күн бұрын беруге тиiс. Хабарлама «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушының конкурс өткізу жолымен айқындалған мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиiс. Хабарламада сауда-саттықтың уақыты, орны мен түрi, сату объектiсi және өткiзiлу тәртiбi туралы, оның iшiнде сауда-саттыққа қатысуды ресiмдеу, сауда-саттықты ұтып алған тұлғаны айқындаудың шарттары туралы мәлiметтер, сондай-ақ бастапқы баға мен кепiлдi жарнаның мөлшерi туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.
      2. Сатушы сауда-саттық шарттарын өзгерткен жағдайда ол барлық өзгерістер туралы хабарламаны осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен және мерзiмде жасауға тиiс.
      Сауда-саттық шарттарын өзгерту туралы хабарлама жарияланғанға дейiн оған қатысуға өтiнiм берген және осыған байланысты оған қатысудан бас тартқан тұлғалар кепiлдiк жарнасының және өздеріне келтірілген шығыстардың қайтарылуын талап етуге құқылы.
      3. Сатушы сауда-саттық өткiзiлгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғаларға келтірілген нақты зиянды өтей отырып, олардан бас тартуға құқылы.
      Сауда-саттықты өткізудің мүмкін болмауына байланысты ол өткізілмеуі мүмкін. Егер сауда-саттықты өткізу сатушыға байланысты емес себептер бойынша еңсерілмейтін күштің салдарынан мүмкін болмаса, сатушы сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғаларға келтірілген нақты зиянды өтеуден босатылады.
      4. Сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық өткiзу туралы хабарламада көрсетiлген мөлшерде, мерзiмде және тәртiппен кепiлдiк жарнасын енгізеді. Егер сауда-саттық өткізілмесе, кепiлдiк жарна қайтарылуға жатады. Кепiлдiк жарна, сондай-ақ сауда-саттыққа қатысқан, бiрақ оны ұтпаған тұлғаларға және сауда-саттық өткiзілгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей оған қатысудан жазбаша түрде бас тартқан тұлғаларға да қайтарылады.
      Кепілдік жарналар сауда-саттыққа қатысушының кепілдік жарнаны қайтару туралы осы қатысушының деректемелерін көрсете отырып берген өтініші негізінде қайтарылады.
      Сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартын жасау кезінде ол енгiзген кепiлдiк жарнаның сомасы жасалған шарт бойынша мiндеттемелердi орындау шотына есептеледі.
      5. Сауда-саттықты ұтқан тұлға және сатушы аукцион немесе тендер өткiзiлген күнi сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
      6. Тараптар сатып алу-сату шартына сауда-саттық аяқталғаннан кейiн күнтізбелік он күннен кешiктiрмей қол қоюға тиiс.
      Сауда-саттықты ұтқан тұлға сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтарған кезде өзi енгізген кепiлдiк жарнасынан айрылады және кепiлдiк жарнамен жабылмаған бөлiгiнде сатушыға өзі келтірген нақты залалды өтеуге мiндеттi.
      Сауда-саттықты ұтқан тұлға осы Заңның 93-бабының талаптарына сай келмейтін жағдайлардан басқа, сатушы сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға және сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтаруға құқылы емес.
      Сатып алу-сату шартының талаптары сауда-саттық талаптарына қайшы келмеуге тиiс.
      Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынды сатып алу-сату шарттарында мерзімдер туралы талаптар болуға тиіс, сатушы осы мерзім ішінде кәсіпорын қызметінің тоқтатылуын тіркеу үшін әділет органдарына жүгінеді.
      7. Сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген коммерциялық және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, мүдделі адамдардың талап етуі бойынша оларға танысу үшін беріледі.
      8. Осы бапта белгiленген қағидаларды бұза отырып өткiзiлген сауда-саттықты сот мүдделi тұлғаның, тиісті уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
      Жекешелендірудің дау айтылған объектісі бойынша сауда-саттықты жарамсыз деп тану сатып алу-сату шартының жарамсыз болуына әкеп соғады.
      9. Егер осы Заңның 102, 104-баптарында өзгеше көзделмесе, сауда-саттық өткiзу кезiнде осы бапта белгiленген қағидалар қолданылады.

      102-бап. Қор биржасындағы сауда-саттық

      1. Мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды қор биржасында сату «Бағалы қағаздар рыногы туралы» және «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды шет мемлекеттердің қор биржаларында сатуға жол беріледі.
      2. Сату туралы хабарлама «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушы конкурс өткізу жолымен айқындаған мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиіс. Сату туралы хабарлама қор биржасында сауда-саттық өткізу басталғанға дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын жариялануға және онда сауда-саттық басталатын күн, сауда-саттықты өткізу орны, сату объектісі мен оның мөлшері туралы мәліметтер болуға тиіс.
      Сатушы хабарламада мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сатуға қатысты өзге де мәліметтерді көрсетуге құқылы.
      3. Сатушының бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысымен жасасқан шартында мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды сатушы белгiлеген ең төменгі бағадан төмен емес бағамен сату мiндеттемесі болуға тиiс.

      103-бап. Екi кезеңдiк рәсiмдер жолымен өткізілетін конкурс

      1. Екi кезеңдiк рәсiмдер жолымен өткізілетін конкурс Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң жекешелендiрудің баға басымдығын және (немесе) өзге де талаптарын айқындайтын шешiмi бойынша қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен өткiзiледi.
      2. Конкурс мынадай iс-шаралар жоспарын:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен қаржы кеңесшiсiн тартуды;
      2) жекешелендiру объектiсiн жан-жақты талдауды, оның құнын бағалауды және әлеуетті сатып алушылар (инвесторлар) үшiн сату объектiсi туралы ақпараттық деректер базасын қалыптастыруды;
      3) сатушының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушы конкурс өткізу жолымен айқындаған жекешелендiру объектiсiн сату туралы хабарламаны мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялауы, сондай-ақ қаржы кеңесшiсiнiң әлеуетті сатып алушыларға (инвесторларға) сату туралы ұсынысты жіберуін;
      4) қаржы кеңесшiсiнiң әлеуетті сатып алушылардың (инвесторлардың) ұсыныстары бар өтiнiмдерiнің тiзбесiн қалыптастыруын;
      5) келiссөздер барысында ең үздік ұсыныстарды табыс еткен (конкурстың бірінші кезеңі) кемiнде екi әлеуетті сатып алушыны (инвесторды) анықтау мақсатында өтiнiмдердiң тiзбесi бойынша сатушының әлеуетті сатып алушылармен (инвесторлармен) қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен келiссөздер жүргізуін;
      6) сатушының бұрын ұсынылған шарттарды жақсарту нысанасына конкурстың бiрiншi кезеңiнiң жеңiмпаздарымен қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен келiссөздер жүргізуін (конкурстың екiншi кезеңiн) қамтиды.
      3. Сатушы, қаржы кеңесшiсi және конкурстың барлық қатысушылары өткiзілген келiссөздердiң әрбiр кезеңiнiң қорытындылары бойынша оның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
      4. Конкурстың екінші кезеңінің барысында ең үздік шарттар ұсынған әлеуетті сатып алушы (инвестор) конкурста ұтқан болып танылады.
      5. Конкурстың жеңiмпазы сатушы белгiлеген мерзiмде сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, ұсынысы конкурс жеңімпазының ұсынысынан кейінгі ең үздік болып танылған әлеуетті сатып алушы (инвестор) сатып алу-сату шартына қол қояды.

      104-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi
               акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды
               бағалы қағаздарды сату

      1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
      2. Туынды бағалы қағаздарды сатудың негізгi талаптарын сатушы Қазақстан Республикасының Үкiметіне немесе жергілікті атқарушы орган тиісті жергілікті өкілді органға бекiтуге ұсынады.
      3. Туынды бағалы қағаздарды сату туралы шешiмде туынды бағалы қағаздар шығарылған, мемлекетке тиесiлi акциялардың саны, сатылатын туынды бағалы қағаздардың түрі, аумағында туынды бағалы қағаздарды сату жүзеге асыру көзделіп отырған шет мемлекет (шет мемлекеттер), мәмiленi аяқтаудың ең ұзақ мерзiмдерi туралы мәлiметтер, туынды бағалы қағаздардың меншiк иелерiнiң құқықтарын іске асырудың талаптары мен тәртiбi және қажет болған жағдайда, өзге де талаптар болуға тиiс.

      105-бап. Тiкелей атаулы сату

      1. Осы Заңның 106-бабына сәйкес кейiннен сатып алу құқығымен мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) немесе сенiмгерлікпен басқаруға тиiсiнше жалдаушыға (жалға алушыға) немесе сенiмгерлікпен басқарушыға берiлген объектiлер тiкелей атаулы сатуға жатады.
      Жекешелендіру объектілерін жалдаушыларға (жалға алушыларға) және сенімгерлікпен басқарушыларға сатуға олар тиісті шартты тиісінше орындаған жағдайда ғана жол беріледі.
      2. Егер жекешелендiру объектiсiн сату талаптары мүлiктiк жалдау (жалға алу) шартында немесе сенiмгерлікпен басқаруға беру туралы шартта көзделмеген болса, олар тараптардың келiсiмiмен айқындалады.

      106-бап. Жекешелендiрудiң алдын ала жүргізілетін сатылары

      1. Жекешелендірудің алдын ала жүргізілетін сатылары болып: Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) тапсыру не оны кейiннен сатып алу құқығымен сенiмгерлікпен басқаруға беру танылады.
      2. Сенiмгерлікпен басқарушы немесе жалдаушы (жалға алушы) осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде таңдалады.
      3. Осы Заңның 105-бабында және осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, сенiмгерлікпен басқару және мүлiктiк жалдау (жалға алу) қатынастарына осындай қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары қолданылады.
      4. Мемлекеттік мүлікті сенiмгерлікпен басқаруға немесе мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не жергілікті атқарушы органның сенiмгерлікпен басқарушымен немесе жалдаушымен (жалға алушымен) жасасқан тиiстi шартымен ресiмделедi. Шарт мемлекеттік мүліктің қандай мерзiмде және қандай талаптар орындалған кезде сенiмгерлікпен басқарушының немесе жалдаушының (жалға алушының) меншiгiне өтетінін көздеуге тиiс.
      5. Мемлекетке тиесілі акциялар осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде сенiмгерлікпен басқаруға берiлуi мүмкiн.
      6. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бір жылдан астам уақыт пайдаланылмаған мемлекеттік мүлік өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін кейіннен меншікке өтеусіз беру құқығымен бір жыл мерзімге сенiмгерлікпен басқаруға немесе мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілуі мүмкін.

      107-бап. Объектiнi жекешелендiруге дайындау

      1. Объектiнi жекешелендiруге дайындауды сатушы жүзеге асырады.
      2. Объектiнi жекешелендiруге дайындау процесінде сатушы:
      1) Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жекешелендiру объектiсiнiң құнына бағалау жүргізеді;
      2) сатып алушының талап етуi бойынша жекешелендiру объектiлерiнiң ауыртпалықтары туралы, сондай-ақ кредиторлық және дебиторлық берешектер сомасы, егер жекешелендiру объектiсi мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорын болып табылса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасасқан шарттары туралы ақпаратты дайындайды және ұсынады;
      3) жекешелендiру объектiсiнде мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтары болған жағдайда, мемлекеттiк материалдық резервтi басқару жөнiндегi уәкiлеттi органға объект жекешелендiрiлгенге дейiн осы материалдық құндылықтарды одан әрі орналастыру туралы шешiм қабылдауы үшiн алдағы жекешелендiру туралы алдын ала хабарлайды;
      4) жекешелендiру жүргiзудiң талаптарын, нысандары мен түрлерiн айқындайды, оны өткізуге дайындықты жүзеге асырады;
      5) мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етедi;
      6) жекешелендiрудi жүргізуге қажеттi басқа да iс-шараларды өткізедi.
      3. Мемлекеттiк заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттiң акциялары мен жарғылық капиталдарындағы қатысу үлесi сату объектiсi болатын заңды тұлғалардың лауазымды адамдары объектiнi сатуға дайындау үшiн қажеттi мәлiметтердi сатушының сұратуы бойынша ол айқындайтын мерзімдерде табыс етуге міндетті.
      Табыс етілген мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн жауаптылық осы тармақта санамаланған заңды тұлғалардың лауазымды адамдарына жүктеледi.

      108-бап. Есеп айырысу тәртiбi

      1. Жекешелендiру объектiлерiн сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушының арасында жүргiзiледi.
      2. Сатып алынатын объектiге ақы төлеу сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап отыз күн iшiнде жүргiзiлуге тиiс.
      3. Ақыны бөліп-бөліп төлеуге ықтимал бөліп-бөліп төлеу шарттары сауда-саттыққа қатысушылардың назарына алдын ала жеткізілген жағдайларда ғана жол берiледi.
      4. Жекешелендiрiлетiн объектiнiң ақысын бөліп-бөліп төлей отырып сату кезiнде бастапқы жарнаның мөлшерi сату бағасының он бес пайызынан кем болмауға, ал ақыны бөліп-бөліп төлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс.
      Келесі сомаларды төлеген кезде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 282-бабында белгіленген ақшалай мiндеттемені орындау қағидалары қолданылады.
      Ақысын бөліп-бөлу төлей отырып сату кезiнде әлі төленбеген сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының ресми ставкалары негізге алынып, пайыздар есептеледi.
      5. Егер сатып алу-сату шартында қамтамасыз етудiң өзгеше тәсілі көзделмесе, сатып алушы сатып алған мүлiкке сатушының кепiл салу құқығы төлемдердi уақтылы өтеудiң қамтамасыз етiлуi болып қызмет етеді.

      109-бап. Жекешелендіруден алынған қаражат

      1. Жекешелендіруден алынған қаражат тиісті бюджетке жіберіледі.
      Мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сатудан алынған қаражатты пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен белгiленедi.
      2. Жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      110-бап. Сатып алу-сату шартының орындалуын бақылау

      1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шарты талаптарының тиiсiнше орындалуын кейіннен бақылауды сатушы жүзеге асырады.
      2. Шарт талаптарының орындалуын бақылау сатып алушының мiндеттемелердi орындауы аяқталған кезге дейiн жүргiзiледi.
      Сатушы бақылауды жүзеге асыру үшiн сатып алу-сату шартын, оның iшiнде өзiнiң қолданысын тоқтатқан шартты орындауға байланысты құжаттармен танысады және жұмысқа сарапшыларды, сондай-ақ консультациялық, бағалау, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тартады.

      111-бап. Жекешелендiрiлген кәсiпорынның меншік иесiнiң
               қоршаған ортаға келтiрілген залал үшiн
               жауаптылығы

      1. Алдыңғы жекешелендiрудiң шаруашылық қызметі салдарынан қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына келтiрiлген залал үшiн жекешелендiру объектiсiнiң бұрынғы меншік иесi – мемлекет жауаптылықта болады.
      2. Қоршаған ортаға келтiрiлген зиянды, сондай-ақ экологиялық тәуекелдi жаңа меншiк иесiне бөлу немесе аудару оның келiсiмiмен ғана мүмкiн болады.
      3. Жекешелендiруден кейін қалдықтарға меншiк құқығы, сондай-ақ қалдықтармен қауiпсiз жұмыс iстеу және оларды жою, жердi рекультивациялау мен қалпына келтiру жөнiндегі мiндеттемелер жаңа меншiк иесiне өтедi.
      4. Қоршаған ортаға жаңа меншiк иесiнiң шаруашылық қызметiнен келтiрілген зиян үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

      112-бап. Сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және
               бұзу

      1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шартын соттың жарамсыз деп тануына:
      1) объектiнi сатып алуға құқығы жоқ тұлғаға оны сату;
      2) сатып алушыға заңсыз жеңiлдiктер мен артықшылықтар беру;
      3) сауда-саттық жүргiзу тәртiбiн елеулi түрде бұзу;
      4) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де негiздер негіз болып табылады.
      2. Сатып алушы сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылғанға дейiн жекешелендiру объектiсiн кейіннен иеліктен шығарған жағдайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 260262-баптарында көзделген қағидалар бойынша оны иеленушіден талап ету мүмкін болады.
      3. Егер тарап талап-арызды шартта келтірсе, сатып алу-сату шартының жарамсыз деп танылуына байланысты даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi оған қол қойылған күннен бастап алты айды құрайды. Өзге мүдделi тұлғалар не прокурор талап-арыз келтірген жағдайда, даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi шартты жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын мән-жайлар туралы талапкер бiлген немесе бiлуге тиiстi болған күннен бастап алты айды құрайды, бiрақ ол шартқа қол қойылған күннен бастап үш жылдан кеш болмауға тиiс.
      4. Жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен бұзылуы мүмкін.
      5. Сатып алу-сату шартының бұзылуы тараптардың шарт бұзылғанға дейінгі міндеттемелері бойынша өздері орындағандарын қайтаруына және шартты бұзған тараптың залалдарды өтеуіне әкеп соғады.

      113-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін
               жекешелендіру

      Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру ерекшеліктері «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

3-параграф. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығарудың өзге де тәсілдері

      114-бап. Мүлікті жауапкершілігі шектеулі
               серіктестіктердің жарғылық капиталына не
               акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу
               ақысына мүліктік салым ретінде беру

      1. Республикалық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге беру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      2. Коммуналдық мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге беру туралы шешімді тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
      3. Стратегиялық объектілерге жататын мемлекеттік мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына не акционерлік қоғамдар акцияларын төлеуге беру стратегиялық объектілермен мәмілелер жасау жөніндегі талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттік меншікте ғана болуы мүмкін мемлекеттік мүлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мемлекеттік мүлік жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына не акционерлік қоғам акцияларын төлеуге мүліктік салым ретінде пайдаланылмайды.
      Егер осы тармақтың бірінші бөлігінде өзгеше көзделмесе, жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген жағдайларда және тәртіппен ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания акцияларын төлеуге берілуі мүмкін. Сондай-ақ жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті иелену және (немесе) пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 59-бабы 1-тармағының және «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының қағидалары бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына немесе акционерлік қоғам акцияларын төлеуге мүліктік салым ретінде берілуі мүмкін.

      115-бап. Жер учаскелерін иеліктен шығару

      Жер учаскелерін жеке меншікке беру Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген арнайы рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады.

      116-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне
               бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен
               шығару

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      117-бап. Жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің
               құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару

      Осы Заңның 210-бабында көзделген жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару осы Заңның 213-бабында белгіленген рәсімдер шеңберінде жүзеге асырылады.

      118-бап. Діни бірлестіктердің меншігіне ғибадат үйлерiн
               (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы
               өзге де мүлікті беру

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекет меншігіндегі ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) және ғибадат ету мақсатындағы өзге де мүлікті діни бірлестіктердің меншігіне беруге құқылы. Діни бірлестіктердің өздеріне ғибадат үйлерiн (ғимараттарын) іргелес жатқан аумағымен қоса берілуіне басым құқығы бар.
      2. Алынып тасталды - ҚР 2011.10.11 № 484-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      Ескерту. 118-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.10.11 № 484-ІV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      119-бап. Мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру

      Республикалық немесе коммуналдық мүлікке жататын мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және талаптармен жүргізіледі.

      120-бап. Мемлекеттік мүлікті шағын кәсіпкерлік
               субъектілерінің меншігіне өтеусіз беру

      1. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, бір жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттік меншік объектілері өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету салаларын дамыту үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлікпен басқаруға шарт жасалған кезден бастап бір жыл өткен соң кейіннен меншікке өтеусіз беру арқылы берілуі мүмкін.
      2. Шағын кәсіпкерлік субъектісінің мүліктік жалдау (жалға алу) немесе сенiмгерлікпен басқару шарттарының талаптарын орындауын бақылауды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшелері немесе жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
      3. Өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету салаларын дамыту үшін мүліктік жалдауға (жалға алу) немесе сенiмгерлікпен басқаруға берілген мемлекеттік меншік объектілерін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне өтеусіз беру мүліктік жалдау (жалға алу) немесе сенiмгерлікпен басқару шарттары жасалған кезден бастап бір жыл өткеннен кейін, оларда көзделген талаптар орындалған жағдайда жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттiк меншiктiң пайдаланылмайтын объектiлерiн өндiрiстiк қызметтi ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету салаларын дамыту үшiн кейiннен меншiкке өтеусiз бере отырып шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) немесе сенiмгерлiкпен басқаруға беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      121-бап. Мемлекетке тиесілі болмайтын мүлікті және
               жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің
               құрамына түскен мүлікті иеліктен шығару

      1. Егер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына орай мемлекетке тиесілі болмайтын мүлік мемлекеттік мүліктің құрамына түссе, осы мүлікке құқықты иеленген кезден бастап бір жыл ішінде бұл мүлік иеліктен шығарылуға тиіс, ал мүлікті өткізуден түскен қаражат бюджет есебіне жатқызылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлік осы Заңның 213-бабының қағидалары бойынша иеліктен шығарылады.

5-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН ТҮРЛЕРІН БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

11-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТ МҮЛКІНЕ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУЫ

1-параграф. Мемлекеттік заңды тұлғалар туралы жалпы ережелер

      122-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты
               мемлекеттік меншік құқығын жүзеге асыру

      1. Республикалық заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік орган атқарады.
      2. Республикалық заңды тұлғаларды басқаруды тиісті салалардың уәкілетті органдары жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті саланың уәкілетті органын айқындамаған республикалық заңды тұлғаларға қатысты, сондай-ақ тиісті саланың уәкілетті органында мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асыратын құқықтар тоқтатылған кезде тиісті саланың уәкілетті органының функцияларын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган атқарады.
      4. Коммуналдық заңды тұлғаларға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
      5. Жергілікті атқарушы орган тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің коммуналдық заңды тұлғаларын басқаруды жүзеге асыратын орган ретінде әрекет етеді.
      Аудандық коммуналдық заңды тұлғаларды басқару ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының шешімімен аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдеріне беріледі.
      Ескерту. 122-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңымен.

      123-бап. Мемлекеттік заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу
               және қайта тіркеу

      1. Мемлекеттік заңды тұлға мемлекеттік тіркелген кезден бастап құрылды деп есептеледі және заңды тұлғаның құқықтарына ие болады.
      Мемлекеттік заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, сондай-ақ «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мемлекеттік заңды тұлға қайта тіркелуге жатады.

      124-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың құрылтай құжаттары

      1. Мемлекеттік кәсіпорынның құрылтай құжаты – жарғы, ал мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты жарғы немесе ереже болып табылады.
      Республикалық мемлекеттік мекеменің жарғысын (ережесін) – тиісті саланың уәкілетті органы, ал коммуналдық мемлекеттік мекеменің жарғысын (ережесін) жергілікті атқарушы орган бекітеді.
      Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның жарғысын – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік орган, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның жарғысын жергілікті атқарушы орган бекітеді.
      2. Мемлекеттік заңды тұлғаның жарғысында (ережесінде):
      1) мемлекеттік заңды тұлғаның түрі туралы нұсқау;
      2) атауы (фирмалық атауы);
      3) құрылтайшы және тиісті саланың уәкілетті органы туралы мәліметтер;
      4) тұрған орны;
      5) қызметінің нысанасы мен мақсаттары;
      6) басшысының өкілеттігі;
      7) байқау кеңесі құрылған жағдайларда оның өкілеттігі;
      8) жұмыс режимі;
      9) мүліктің құралу тәртібі;
      10) қайта ұйымдастыру және тарату талаптары болуға тиіс.
      Жарғыда (ережеде) заңды тұлға мен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның), заңды тұлға мен тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның), заңды тұлғаның әкімшілігі мен оның еңбек ұжымының арасындағы өзара қарым-қатынастар да айқындалады. Жарғыда (ережеде) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да ережелер болуы мүмкін.
      3. Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекеменің құрылтай құжатына, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе оны құру жөніндегі жеке актіде өзгеше көзделмесе, осы баптың қағидалары қолданылады.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен үлгі жарғының (жалпы ереженің) негізінде мемлекеттік мекеме тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) шешімі бойынша, ал мемлекеттік кәсіпорын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) шешімі бойынша қызметті жүзеге асырады.

      125-бап. Мемлекеттік кәсіпорынның фирмалық атауы,
               мемлекеттік мекеменің атауы

      1. Мемлекеттік кәсіпорынның фирмалық атауында мемлекеттік меншік түріне (республикалық немесе коммуналдық) тиесілілігі, ведомстволық бағыныстылығы көрсетілуге тиіс. Жедел басқару құқығындағы кәсіпорынның фирмалық атауында оның қазыналық екендігі де көрсетілуге тиіс.
      Мемлекеттік мекеменің атауында мемлекеттік меншік түріне (республикалық немесе коммуналдық) тиесілілігі, ұйымдық-құқықтық нысаны және ведомстволық бағыныстылығы көрсетілуге тиіс. Мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелердің атауы Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе оларды құру жөніндегі жеке актіде айқындалады.
      2. Мемлекеттік заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және заңды тұлғаның атауы жазылған мөрі болады.

      126-бап. Мемлекеттік заңды тұлға қызметінің нысанасы мен
               мақсаттары

      1. Мемлекеттік мекеме қызметінің нысанасы мен мақсаттарын тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) айқындайды және мемлекеттік мекеменің жарғысында (ережесінде) бекітіледі.
      Республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсаттарын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын түрінің (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) анықтамасын – осы Заңның 134-бабының талаптарына сәйкес тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуы бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын түрінің анықтамасын жергілікті атқарушы орган айқындайды.
      2. Мемлекеттік заңды тұлғаларға (мемлекеттік органдардан басқа) мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын беруге жол берілмейді.
      3. Егер осы Заңның 135-бабының 3-тармағында және Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік заңды тұлға басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
      4. Мемлекеттік заңды тұлғаларға жарғыда (ережеде) бекітілген өз қызметінің нысанасы мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасауға тыйым салынады.
      5. Мемлекеттік заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында белгілі бір шек қойылған қызмет мақсаттарына қайшы не оның басшысының жарғылық құзыретін бұза отырып жасаған мәмілесі тиісті саланың уәкілетті органының немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
      Мемлекеттік заңды тұлға басшысының заңды тұлғаның жарғыдан тыс қызметті жүзеге асыруға бағытталған іс-әрекеттері еңбек міндеттерін бұзу болып табылады және тәртіптік және материалдық жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соғады.

      127-бап. Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкі

      1. Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкін заңды тұлғаның активтері құрайды, оның құны өзінің балансында көрсетіледі.
      2. Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкі бөлінбейтін мүлік болып табылады және салымдар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері, пайлар) бойынша, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаның қызметкерлері арасында бөлінбейді.
      3. Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкі:
      1) оған меншік иесі берген мүлік;
      2) өз қызметі нәтижесінде ие болған мүлік (ақшалай табыстарды қоса алғанда);
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.

      128-бап. Шаруашылық жүргізу құқығына және жедел басқару
               құқығына ие болу және оны тоқтату

      1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе немесе осы заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, шаруашылық жүргізу құқығына және жедел басқару құқығына ие болу және оны тоқтату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде меншік құқығына және өзге де заттық құқыққа ие болу және оны тоқтату үшін көзделген талаптармен және тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен немесе меншік иесінің шешімімен өзгеше көзделмесе, меншік иесі бұрын құрылып қойған мемлекеттік заңды тұлғаға бекітіп беру туралы шешім қабылдаған мүлікке шаруашылық жүргізу құқығы немесе оны жедел басқару құқығы осы мемлекеттік заңды тұлғада мүлік оның балансына бекітіп берілген кезде пайда болады.
      3. Шаруашылық жүргiзудегi (жедел басқарудағы) мүлiктi пайдаланудан алынған жемiстер, өнiм мен табыстар, сондай-ақ шарттар немесе өзге де негiздер бойынша мемлекеттік заңды тұлға сатып алған мүлiк Қазақстан Республикасының заңнамасында меншiк құқығына ие болу үшін белгiленген тәртiппен мемлекеттік заңды тұлғаның шаруашылық жүргiзуiне (жедел басқаруына) түседi.
      4. Мүлiкке шаруашылық жүргiзу (жедел басқару) құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 249-бабында меншiк құқығын тоқтату үшін көзделген негiздер бойынша және тәртiппен, сондай-ақ осы Заңның 144154162-баптарында көзделген жағдайларда тоқтатылады.

      129-бап. Мемлекеттік меншік не ведомстволық бағыныстылық
               түрінің өзгеруі кезінде мемлекеттік заңды
               тұлғаның мүлікке құқықтарды сақтауы

      Мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкін республикалық меншіктен коммуналдық меншікке немесе керісінше, не тиісті саланың бір уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) бағынысынан екіншісінің бағынысына берген кезде мұндай мемлекеттік заңды тұлға өзіне тиесілі мүлікке құқықтарды сақтайды.

      130-бап. Мемлекеттік заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру және
               тарату

      1. Республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру және тарату – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша, ал коммуналдық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру және тарату жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жүргізіледі.
      Мемлекеттік заңды тұлға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген басқа негіздер бойынша да таратылады.
      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімімен тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.
      Коммуналдық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
      2. Таратылған мемлекеттік заңды тұлғаның кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) қайта бөледі.
      Таратылған мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкін өткізу нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, осы заңды тұлғаның кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған ақшасы тиісті бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.

      131-бап. Мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттеріне
               (әрекетсіздігіне) мемлекеттік заңды тұлғаның
               шағымдануы

      Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның және тиісті саланың уәкілетті органының, жергілікті атқарушы органның мүлікті қайта бөлуге байланысты әрекеттерін (әрекетсіздігін) қоса алғанда, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғаның құқықтарын бұзатын басқа да әрекеттерге (әрекетсіздікке) мемлекеттік заңды тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.

2-параграф. Мемлекеттік кәсіпорын туралы жалпы ережелер

      132-бап. Мемлекеттік кәсіпорындар түрлері

      Мемлекеттік кәсіпорындарға:
      1) шаруашылық жүргізу;
      2) жедел басқару (қазыналық кәсіпорындар) құқықтарына негізделген мемлекеттік кәсіпорындар жатады.

      133-бап. Мемлекеттік кәсіпорынды құру, қайта ұйымдастыру
               және тарату

      1. Республикалық мемлекеттік кәсіпорынды – Қазақстан Республикасының Үкіметі, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынды жергілікті атқарушы орган құрады.
      2. Мемлекет қоғам мен мемлекеттiң қажеттерiне қарай айқындалатын әлеуметтiк-экономикалық мiндеттердi шешу мақсатында мынадай жағдайларда:
      1) мемлекеттiң ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабiлетiн және қоғам мүддесiн қорғауды қамтамасыз етудің өзге мүмкіндігі жоқ болса;
      2) мемлекетке тиесілі стратегиялық объектілерді пайдаланғанда және оны күтіп ұстағанда;
      3) мемлекеттiк монополияға жатқызылған салалардағы қызметтi жүзеге асыру үшін;
      4) бәсекелестік жоқ не бәсекелестік жете дамымаған қоғамдық өндіріс салаларындағы тауарларды өндіруге қоғамдық қажеттілік болғанда мемлекеттiк кәсiпорындар құрады.
      3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайларда мемлекеттік кәсіпорындарды Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құрады.
      Осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлген жағдайларда, мемлекеттiк кәсiпорындарды Қазақстан Республикасының Үкiметi не Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрады.
      Қалған жағдайларда мемлекеттік кәсіпорындарды Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (республикалық кәсіпорындарды) немесе жергілікті атқарушы органдар (коммуналдық кәсіпорындарды) құрады.
      Мемлекеттік кәсіпорындарды құру осы Заңның 134-бабында белгіленген шектеулер ескеріле отырып, «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттік кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және тарату осы бапта белгіленген ерекшеліктерімен қоса, осы Заңның 130-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      5. Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісілген тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша, шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жүргізіледі.
      6. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру бойынша барлық шығыстар, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорынның өзінде жеткілікті қаражат болмаған кезде қайта құрылатын мемлекеттік кәсіпорынның өз кредиторларымен есеп айырысулары тиісті бюджет есебінен жүзеге асырылады.
      7. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның негізінде құрылатын қазыналық кәсіпорын оған бұрын бөлінген мемлекеттік мүлік және ақша бойынша, сондай-ақ жер пайдалану, табиғат пайдалану, жер қойнауын пайдалану, квоталар, лицензиялар беру және бұрын жасалған шарттар бөлігінде, егер осылар жаңадан құрылған қазыналық кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсаттарына сәйкес келетін болса, қайта құрылатын мемлекеттік кәсіпорынның құқықтық мирасқоры болып табылады.
      8. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру кезінде оған бекітіліп берілген мүліктің құқықтық режимі мемлекеттік кәсіпорынды қайта құру туралы шешім қабылданған кезден бастап шаруашылық жүргізу құқығынан жедел басқару құқығына ауысады.
      Ескерту. 133-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      134-бап. Мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің мақсаты

      1. Осы Заңның 133-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда мемлекеттік кәсіпорындар құрылуы мүмкін, ал бұрын құрылғандары осы бапта көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін ғана жұмыс істеуі мүмкін.
      2. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар өз қызметін:
      1) елді мекендердің тыныс-тіршілігін (энергиямен, газбен, сумен, жылумен жабдықтау және коммуналдық қалдықтарды көму, қалдықтар полигондарын құру және пайдалану) қамтамасыз ету;
      2) табиғат пайдаланудың және орман өсірудің шектеулі режимі бар орман саябақтары, жасыл және қорғаныш аймақтарын құру;
      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы мен оның ведомстволарының және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарының өздеріне жүктелген функцияларын жүзеге асыруына ықпал ету;
      4) мемлекеттік автомобиль жолдарын күтіп ұстау;
      5) денсаулық сақтау; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру;
      6) спорттық-сауықтыру объектілерін, мәдениет және демалыс саябақтарын пайдалану;
      7) ғылыми зерттеулер;
      8) мемлекеттік жер кадастры үшін жерге орналастыру жұмыстарын, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы ақпараттық деректер базасын, экологиялық ақпараттың мемлекеттік қорын және Қазақстан Республикасы табиғи ресурстарының мемлекеттік кадастрларын, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу;
      9) мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы жүйелерін және құрылыстарды күтіп ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      10) өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині, карантинге жатқызылған өнімнің фитосанитариялық сараптамасы;
      11) тарих және мәдениет ескерткіштерін ғылыми зерттеу, консервациялау, реставрациялау, қайта жасау, жөндеу және бейімдеу жөніндегі жұмыстарды орындау;
      12) теңіз портының қызметі;
      13) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға аэронавигациялық қызметтер ұсыну;
      14) мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және сақтау;
      15) техникалық реттеу және метрология саласында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;
      16) қылмыстық-атқару жүйесі саласында өндірістік қызметті жүзеге асыру және сотталғандардың жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру;
      17) алып тасталды - ҚР 2013.01.29 N 74-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      18) мынадай функцияларды:
      жануарлар ауруларының диагностикасы жөніндегі референттік функцияны;
      Қазақстан Республикасындағы жабайы жануарлар ауруларының эпизоотиялық мониторингін;
      сақтаулы микроорганизмдер штаммдарының Ұлттық коллекциясын жүргізуді;
      ветеринариялық препараттарды, жемшөп қоспаларын тіркеу сынақтарын, байқаудан өткізуді, сондай-ақ препараттарға шағым түскен кезде олардың серияларын (партияларын) бақылауды;
      тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік мониторингті, референцияны;
      ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауіпсіздік мониторингін;
      жануарлардың аса қауіпті және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралар жүргізуді;
      ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру жүргізуді;
      жануарларды қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсетуді;
      жануарлардың аса қауіпті және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық препараттарды тасымалдау (жеткізу), сақтау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүргізу үшін ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар (құралдар) мен атрибуттарды тасымалдау (жеткізу) бойынша қызметтер көрсетуді;
      тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары салған мал көмінділерін (биотермиялық шұңқырды), мал соятын алаңдарды күтіп-ұстауды;
      қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды жүзеге асыру;
      19) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      20) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      20-1) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары үшін қаруды, әскери техниканы және өзге де пайдаланылмайтын әскери мүлікті жою (құрту, кәдеге жарату, көму), қорғаныс объектілерін жалға беру, қаруды, әскери техниканы, оқ-дәріні, оларға қосалқы және жинақтауыш бұйымдарды, өнімдерді, жабдықты және қосарлас қолданылатын тиісті технологияларды өткізу (оның ішінде экспорттау) және сатып алу (оның ішінде импорттау);
      21) мемлекеттік авариялық жұмыс істемей тұрған кеніштерді және көмір кәсіпорындарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша жою және консервациялау, сондай-ақ олардың жұмысының зардаптарын жою;
      22) жеке және (немесе) заңды тұлғаларға «жалғыз терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету және оларды автоматтандыру саласында жүзеге асырады.
      3. Қазыналық кәсіпорындар өз қызметін:
      1) төтенше және авариялық жағдайлар кезінде тауда құтқару және өзге де арнайы жұмыстарды орындау, өрттен, су тасқынынан және басқа да дүлей зілзалалардан қорғау;
      2) денсаулық сақтау;
      3) мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, қосымша білім беру, техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру;
      3-1) егер олар Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдары болса, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру;
      4) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті ұйым жүзеге асыратын қызметті қоспағанда, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт;
      5) ғылыми зерттеулер;
      6) биологиялық әртүрлілікті және тектік қорды сақтау мақсатында жануарлар, өсімдіктер дүниесі объектілерін қорғауды, тұрақты пайдалануды, молайтуды және жасанды түрде өсіруді, сондай-ақ табиғатты (зоологиялық саябақтарды, ботаникалық бақтарды, дендрологиялық саябақтарды) қорғауды, орман қорын күзету және қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету;
      7) топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізу;
      8) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдар (отбасылар) үшін арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету;
      9) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      10) кемелерді сыныптау және олардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында жүзеге асырады.
      4. Мемлекеттік кәсіпорындарға - табиғи және мемлекеттік монополия субъектілеріне осы Заңда және «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
      Ескерту. 134-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.21 N 468-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.09 N 535-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 N 540-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2013.01.29 N 74-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      135-бап. Мемлекеттік кәсiпорынның мүлкiне билік ету

      1. Мемлекеттік кәсіпорын өзі өндірген өнімді дербес өткізеді.
      2. Мемлекеттік кәсіпорынның негізгі құралдарға жататын мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту шарттары негізінде иеліктен шығаруға құқығы жоқ.
      3. Республикалық мемлекеттік кәсіпорын Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімімен басқа заңды тұлға құра алады, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алады.
      Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын жергілікті атқарушы органның келісімімен басқа заңды тұлға құра алады, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алады.
      Мемлекеттік кәсіпорын – табиғи монополия субъектісі Қазақстан Республикасы Үкіметінің (жергілікті атқарушы органның) және табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның келісімімен басқа заңды тұлға құра алады, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алады.

      136-бап. Мүлiктiк кешен ретiндегi мемлекеттiк кәсiпорын

      1. Мүлiктiк меншiк ретiнде мемлекеттік кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуіне арналған мүліктің барлық түрлері, оның ішінде ғимараттар, құрылыстар, жабдық, құрал-сайман, шикiзат, өнiм, жер учаскесiне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлеулерге (фирмалық атауы, тауар таңбалары) құқықтар және басқа да ерекше құқықтар кіреді.
      2. Республикалық мемлекеттiк кәсiпорынға қатысты, онда осы кәсіпорын бiрыңғай мүлiктiк кешен ретiнде қатысатын мәмiлелер (кепiлге беру, жалға алу және басқалары) жасау – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша, ал коммуналдық мемлекеттік кәсiпорынға қатысты – жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүргізіледі.

      137-бап. Мемлекеттік кәсiпорынның заңсыз алған табыстарын
               алып қою

      Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған, мемлекеттік кәсіпорынның жарғысында көзделмеген, қызметтi жүзеге асырудан осы кәсіпорын алған табыстар, сондай-ақ бюджеттен қаржыландыру есебінен құралған, сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) белгіленген бағаларын көтеру нәтижесiнде алынған табыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бюджетке алып қоюға жатады. Мүлікті бухгалтерлік есеп қағидалары бойынша тиісті түрде көрсетпей пайдалану фактілері анықталған жағдайда, ол да алып қоюға жатады.

      138-бап. Мемлекеттік кәсiпорын қызметкерлерiне еңбекақы
               төлеу

      1. Республикалық мемлекеттік кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын тиісті саланың уәкілетті органы, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындікін – жергілікті атқарушы орган белгілейді.
      2. Еңбекке ақы төлеу нысандарын, штат кестесiн, лауазымдық айлықақылар мөлшерiн, сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесiн шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын белгiленген еңбекке ақы төлеу қорының шегiнде дербес айқындайды.
      Қазыналық кәсіпорын жұмыскерлерінің еңбекке ақы төлеу жүйесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      3. Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсiпорын басшысының, оның орынбасарларының, бас (аға) бухгалтерiнiң лауазымдық айлықақыларының мөлшерiн, оларға сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесiн – тиісті саланың уәкілетті органы, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын басшысының, оның орынбасарларының, бас (аға) бухгалтерiнiң лауазымдық айлықақыларының мөлшерiн, оларға сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесiн жергілікті атқарушы орган белгiлейдi.
      Ескерту. 138-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      139-бап. Мемлекеттік кәсіпорынды басқару

      1. Мемлекеттік кәсіпорынның басшысымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес:
      республикалық мемлекеттік кәсіпорын басшысының тиісті саланың уәкілетті органымен;
      коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын басшысының жергілікті атқарушы органмен еңбек шартын жасасуы арқылы ресімделеді.
      2. Еңбек шартында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген талаптардан бөлек, мемлекеттік кәсіпорын басшысының таза табыстың белгіленген бөлігін уақтылы бюджетке аудармағаны үшін жауапкершілігі айқындалады.
      3. Басшыны тағайындау, осы Заңда көзделген жағдайларда басшының кандидатурасын келісу, оны аттестаттаудан өткізу, Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жекелеген мемлекеттік білім беру кәсіпорындарының бірінші басшыларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттік кәсіпорынның басшысы дара басшылық принципі бойынша әрекет етеді және егер осы Заңда және кәсіпорынның жарғысында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік кәсіпорын қызметінің барлық мәселелерін осы Заңда және мемлекеттік кәсіпорынның жарғысында айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.
      5. Мемлекеттік кәсіпорын басшысы қаржы-шаруашылық қызметіне және мемлекеттік кәсіпорын мүлкінің сақталуы үшін жеке жауаптылықта болады.
      6. Мемлекеттік кәсіпорынның басшысы мемлекеттік кәсіпорынның атынан сенімхатсыз әрекет етеді, барлық органдарда оның мүддесін білдіреді, осы Заңда белгіленген шектерде мемлекеттік кәсіпорынның мүлкіне билік етеді, шарттар жасасады, сенімхаттар береді, банк шоттарын ашады және өзге де мәмілелер жасайды, барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді.
      7. Мемлекеттік кәсіпорынның басшысы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және олармен еңбек шартын бұзады, егер осы Заңда және кәсіпорынның жарғысында өзгеше көзделмесе, көтермелеу шараларын қолданады және оларды жазалайды.
      Тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) басшының ұсынуы бойынша қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерінің номенклатурасы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысында белгіленеді.
      8. Мемлекеттік кәсіпорын басшысының орынбасарларын тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) мемлекеттік кәсіпорын басшысының ұсынуы бойынша қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      Мемлекеттік кәсіпорын басшысы орынбасарларының және басқа да басшы қызметкерлерінің құзыретін басшы белгілейді.

      140-бап. Мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін
               қаржыландыру

      1. Мемлекеттік кәсіпорынның қызметі даму жоспарына сәйкес өз табысы және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен алынған бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
      Мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу және бекіту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      2. Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігін аудару нормативін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігін аудару нормативін жергілікті атқарушы орган белгілейді.
      3. Мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының белгіленген нормативтер бойынша бір бөлігі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген тәртіппен тиісті бюджеттің есебіне жатқызылады.
      4. Тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының белгіленген бөлігінің бюджетке толық және уақтылы аударылуына бақылауды жүзеге асырады.
      Мемлекеттік кәсіпорындар таза табыстың бір бөлігін тиісті бюджетке аударуды корпоративтік табыс салығы бойынша декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді.

3-параграф. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын

      141-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi болуы мүмкін.
      2. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынның қарамағында не оның жарғылық мақсаттарында көзделген қызметтi қамтамасыз ету үшiн өзіне қажеттi, не осы қызметтiң өнiмi болып табылатын мүлiк қана бола алады.

      142-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік
               кәсіпорындардың органдары

      Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның органдары оның басшысы, сондай-ақ осы Заңның 148-бабында көзделген жағдайларда байқау кеңесі болып табылады.

      143-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік
               кәсiпорынның жарғылық капиталы

      1. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынның жарғылық капиталының мөлшерiн оның құрылтайшысы айқындайды, бiрақ оның мөлшерi шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынға берiлетін мүлiктiң жалпы құнынан аспауға және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынды мемлекеттiк тiркеу күнінде белгiленген айлық есептiк көрсеткiштің он мың еселенген мөлшерінен кем болмауға тиіс.
      Жарғылық капиталдың мөлшерi шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынның жарғысында көрсетiледi.
      Меншiк иесi (құрылтайшы) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынды мемлекеттiк тiркеу кезіне жарғылық капиталды толығымен қалыптастыруға тиiс.
      2. Егер Қазақстан Республикасының кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерi туралы заңдарында жарғылық капиталды қалыптастырудың өзге де тәртіптері мен мөлшерi белгiленген болса, онда шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорындар оларды Қазақстан Республикасының осы заңдарында көзделген, бiрақ осы баптың 1-тармағында көрсетiлгеннен кем болмайтындай мөлшерде қалыптастырады.

      144-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығын тоқтатудың
               ерекшеліктері

      1. Осы Заңның 128-бабының 4-тармағында көзделген шаруашылық жүргiзу құқығын тоқтатудың жалпы негіздерінен бөлек, шаруашылық жүргiзу құқығы меншік иесінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның мүлкін заңды түрде алып қойған жағдайларда тоқтатылады.
      Заңды түрде алып қою жағдайларына, атап айтқанда:
      1) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынның жарғылық қызметiнiң мақсатына сай келмейтін мүлiктi алып қою (осы Заңның 141-бабының 2-тармағы);
      2) артық, пайдаланылмаған не өз мақсатында пайдаланылмаған мүлiктi алып қою жатады.
      2. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мүлiктi алып қою туралы шешiмде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкiлеттi орган (жергілікті атқарушы орган) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынға алып қойылған мүлiктi өзге тұлғаға бергенге дейін күтіп ұстау және оның сақталуын қамтамасыз ету мерзімдерiн белгiлейді.

      145-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік
               кәсiпорынның мүлiктiк құқықтарын жүзеге асыру
               шарттары

      1. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын өзiне шаруашылық жүргiзу құқығында бекiтiлiп берiлген, негiзгi құралдарға жатпайтын жылжымалы мүлiкке дербес билiк етеді.
      2. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын тиісті саланың уәкілетті органының ұсынуы бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) жазбаша келiсiмiмен:
      1) филиалдар, өкілдіктер құруға;
      2) акционерлік қоғамдардың өзіне тиесiлi акцияларына, сондай-ақ дебиторлық берешекке билік етуге;
      3) үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлгер болуға немесе кепiлдiк беруге;
      4) қарыздар беруге құқылы.
      3. Егер Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі немесе меншік иесі (мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкiлетті орган, жергілікті атқарушы орган) өзгеше белгілесе, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген мүлiкпен жасалған мәмiлелерден алынған ақшаны дербес пайдаланады.

      146-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік
               кәсiпорын өндiретін тауарлардың (жұмыстардың,
               көрсетілетін қызметтердің) бағалары

      1. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын өндiретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынның оларды өндiруге жұмсаған шығындарын толық өтеуді, оның қызметінің залалсыздығын және өз табыстары есебiнен қаржыландырылуын қамтамасыз етуге тиiс.
      2. Бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) көлемі шеңберінде өндiрілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын тиісті саланың уәкілетті органымен келісім бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын белгiлейдi.
      3. Табиғи монополиялар субъектілеріне немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілеріне жататын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының және табиғи монополиялар субъектілерінің немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің баға белгілеуін реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптары ескеріле отырып белгіленеді.

      147-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік
               кәсiпорынның жауаптылығы

      Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлiкпен жауап бередi.
      Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын мемлекеттің мiндеттемелерi бойынша жауаптылықта болмайды.
      Мемлекет құрылтайшының, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның немесе тиісті саланың уәкілетті органының iс-әрекеттерiнен туындаған банкроттық, ал коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты – жергілікті атқарушы органның іс-әрекеттерінен туындаған банкроттық жағдайларын қоспағанда, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Бұл жағдайларда мемлекет шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынның қаражаты кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған кезде оның мiндеттемелерi бойынша жауап бередi.
      Қазақстан Республикасының заңдарында шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша мемлекет жауапкершілігінің өзге де жағдайлары белгiленуi мүмкiн.

4-параграф. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды басқарудың ерекшеліктері

      148-бап. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы
               мемлекеттік кәсіпорынды басқару

      1. Білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорында тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) ұсынысы бойынша кәсіпорын органы – байқау кеңесі құрылуы мүмкін.
      Білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды құру, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істеп тұрған шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін енгізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шешімі негізінде жүзеге асырылады.
      Байқау кеңесі құрылатын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарға қойылатын критерийлерді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшелерінің саны тақ сан болуға әрі бір-бірімен және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басшысымен жақын туыстық және жекжаттық қатынастарда болмайтын кемінде бес адамнан құралуға тиіс. Байқау кеңесінің мүшелері шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлерінің штатына кірмейді.
      Байқау кеңесінің төрағасы байқау кеңесі мүшелері арасынан байқау кеңесі мүшелерінің көпшілік даусымен сайланады.
      2. Байқау кеңесін құру тәртібін, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Байқау кеңесінің құрамына тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) өкілі, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басшысы кіреді. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басшысы байқау кеңесінің төрағасы болып сайлана алмайды.
      3. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды.
      4. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшесінің өкілеттігі байқау кеңесі мүшесінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы байқау кеңесінің шешіміне сәйкес байқау кеңесі мүшесінің жазбаша өтініші негізінде мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
      5. Тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) байқау кеңесі мүшелерінің қызметін бағалауды жүзеге асырады. Тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) байқау кеңесі мүшелерінің қызметін бағалау қорытындылары бойынша байқау кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеу туралы шешім қабылдайды. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басшысына және байқау кеңесінің мүшелері болып табылатын мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төленбейді. Байқау кеңесінің мүшелеріне сыйақы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның қаражаты есебінен төленеді.
      Байқау кеңесі мүшелерінің қызметін бағалау және байқау кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеу лимитін айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      6. Байқау кеңесінің хатшысы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның қызметкері болып табылады және байқау кеңесінің мүшесі болып табылмайды. Байқау кеңесінің хатшысы байқау кеңесіне есеп береді, оның отырыстарын дайындау мен өткізуді, отырысқа материалдар ресімдеуді қамтамасыз етеді және байқау кеңесі мүшелерінің отырыстар материалдарына қолжетімді болуын қамтамасыз етілуіне бақылау жүргізеді.
      Байқау кеңесі хатшысының құзыреті мен қызметі шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ішкі құжаттарында айқындалады.
      7. Байқау кеңесінің мүшелері өздерінің іс-әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) кәсіпорынның залалға ұшырауына әкеп соқтырған зиян үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын мен тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) алдында жауаптылықта болады.
      Байқау кеңесінің мүшелері, егер байқау кеңесі қабылдаған, кәсіпорынның залалға ұшырауына әкеп соқтырған шешімге қарсы дауыс берсе немесе дауыс беруге қатыспаса, жауапкершіліктен босатылады.

      149-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік
               кәсіпорынның байқау кеңесінің өкілеттіктері

      1. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің мынадай өкілеттіктері бар:
      1) тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның даму жоспарының жобасы бойынша, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қорытынды береді;
      2) даму жоспарының орындалуы туралы есептің жобасын келіседі, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жылдық қаржы есептілігін алдын ала бекітеді;
      3) демеушілік, қайырымдылық көмектер мен қосымша көздерден алынған қаражатты, оның ішінде шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның иелігінде қалған таза табыстың бір бөлігін бөлу туралы шешім қабылдайды;
      4) бюджет қаражаты мен қосымша көздерден алынған қаражаттың нысаналы пайдаланылуын бақылау үшін шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның және оның құрылымдық бөлімшелерінің құжаттамасымен кедергісіз танысады және көрсетілген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын тексеруді жүзеге асыру үшін тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) ұсыныстар енгізеді;
      5) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және онымен еңбек шартын бұзу мәселелері бойынша тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) ұсыныстарын келіседі;
      6) ұжымдық шартты әзірлеуге қатысады және қосымша қаржы көздерінен, даму жоспарында бекітілген қаражат шегінде кәсіпорын қызметкерлерінің, басшысының, оның орынбасарларының, бас бухгалтерінің лауазымдық жалақыларына үстемеақы белгілеу, сыйлықақы беру және материалдық көмек көрсету бөлігінде шешімдер қабылдайды;
      7) байқау кеңесінің хатшысын тағайындайды, оның өкілеттік мерзімін және жалақысының мөлшерін айқындайды, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатады;
      8) тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар енгізеді;
      9) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын қызметінің басым бағыттары бойынша ұсыныстар тұжырымдайды;
      10) тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы ұсыныстар енгізеді;
      11) тиісті саланың уәкілетті органына (жергілікті атқарушы органға) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның филиалдарын, өкілдіктерін құру және жабу туралы ұсыныстар енгізеді.
      2. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшесінің талап етуі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелері байқау кеңесінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпарат беруге міндетті.

      150-бап. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік
               кәсіпорынның байқау кеңесінің отырыстарын өткізу
               тәртібі

      1. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің отырыстары қажет болуына қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
      2. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің отырысын оның төрағасы өз бастамасы бойынша, тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның), байқау кеңесі мүшесінің немесе шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын басшысының талап етуі бойынша шақыруы мүмкін.
      3. Байқау кеңесі туралы ережені, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің отырыстарын шақыру және өткізу тәртібін тиісті саланың уәкілетті органы (жергілікті атқарушы орган) бекітеді.
      4. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің отырысы, егер шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің барлық мүшелері оның өтетін уақыты мен орны туралы хабардар етілсе және отырысқа шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшелерінің жартысынан астамы қатысса, заңды болып табылады. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі мүшесінің өз дауысын байқау кеңесінің басқа мүшесіне немесе өзге жеке тұлғаға (сенімхат бойынша) беруіне жол берілмейді.
      5. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесінің әрбір мүшесі дауыс беру кезінде бір дауысқа ие болады. Дауыстар тең болған жағдайда шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның байқау кеңесі төрағасының дауысы шешуші дауыс болып табылады.
      6. Байқау кеңесінің шешімдері жазбаша нысанда ресімделеді және оларға байқау кеңесінің барлық мүшелері қол қояды.

      151-бап. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы
               мемлекеттік кәсіпорынның аудиті

      1. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын жылдық қаржылық есептілігіне аудит жүргізуге міндетті.
      2. Байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның аудиті байқау кеңесінің, мемлекеттік кәсіпорын басшысының, тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) бастамасы бойынша мемлекеттік кәсіпорын қаражаты есебінен жүргізілуі мүмкін.

      152-бап. Мүдделер қайшылығы

      Байқау кеңесінің мүшесі шешім қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алуға тиіс. Байқау кеңесінің мүшелеріне шешімдер қабылдаған кезде өзінің жеке мүддесін көздеуіне, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның коммерциялық мүмкіндіктерін жеке мақсатында пайдалануына тыйым салынады.

5-параграф. Қазыналық кәсiпорын

      153-бап. Қазыналық кәсiпорынның мүлкiне билік ету

      Осы Заңның 135-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, республикалық қазыналық кәсіпорын – негізгі құралдарға жататын, өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсiлмен билiк етуге, сондай-ақ дебиторлық берешекті мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жазбаша келісімімен ғана, ал коммуналдық қазыналық кәсіпорын жергілікті атқарушы органның келісімімен ғана беруге және есептен шығаруға құқылы.
      Қазыналық кәсіпорын негізгі құралдарға жатпайтын, өзіне жедел басқару құқығында бекітіліп берілген жылжымалы мүлікке дербес билік етеді.

      154-бап. Қазыналық кәсіпорынның жедел басқаруына берiлген
               мүлiктi мемлекеттің алып қою және қайта бөлу
               құқығы

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) қазыналық кәсіпорынға бекітіліп берілген мүлікті тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша алып қоюға не оны өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге құқылы.
      2. Жедел басқару құқығындағы мүлікті алып қою туралы шешімде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) қазыналық кәсіпорынға алып қойылған мүлікті өзге тұлғаға бергенге дейін оны күтіп ұстау және сақталуын қамтамасыз ету мерзімдерін белгілеуге құқылы.

      155-бап. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi

      1. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi жарғыда бекітілген оның мақсаттарымен және мiндеттерiмен айқындалады.
      2. Өзге шаруашылық қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.

      156-бап. Қазыналық кәсiпорын өндiретін және өткізетін
               тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін
               қызметтердің) бағалары

      1. Республикалық қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң) бағаларын тиісті саланың уәкілетті органы белгiлейдi.
      2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, коммуналдық қазыналық кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) бағаларын жергiлiктi атқарушы орган белгiлейдi.
      3. Табиғи монополия субъектісіне немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілеріне жататын қазыналық кәсiпорындар өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң) бағалары «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының және табиғи монополиялар субъектілерінің немесе тиісті тауар нарығында үстем не монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің баға белгілеуін реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптары ескеріле отырып белгіленеді.
      Ескерту. 156-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңымен.

      157-бап. Қазыналық кәсіпорынның жарғылық капиталы

      Қазыналық кәсіпорынның жарғылық капиталы меншік иесінен жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін басқаруға алынған мүліктен қалыптастырылады.

      158-бап. Қазыналық кәсіпорынның жауаптылығы

      1. Қазыналық кәсiпорын өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң билігіндегі ақшамен жауап бередi.
      Қазыналық кәсiпорынды тарату жағдайларын қоспағанда, осы заңды тұлғаның қалған мүлкiн өндiрiп алуға жол берiлмейдi.
      2. Қазыналық кәсiпорын мемлекеттің мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
      3. Қазыналық кәсiпорынның ақшасы жеткiлiксiз болған кезде, оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлініс тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.

6-параграф. Мемлекеттік мекеме

      159-бап. Мемлекеттік мекемені құру

      1. Республикалық мемлекеттік мекемені – Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі, коммуналдық мемлекеттік мекемені облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрады.
      2. Мемлекеттің жеке тұлғалармен және мемлекеттік емес заңды тұлғалармен бірлесіп мемлекеттік мекеме құруына жол берілмейді.
      3. Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекемені құрудың ерекшеліктері мен мемлекеттік органдардың мүліктік айналымға қатысуын құқықтық реттеудің ерекшеліктері осы Заңның 163 және 164-баптарында белгіленеді.

      160-бап. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көзі белгіленбесе, мемлекеттік мекеменің қызметін тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) қаржыландырады.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарында мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелерге басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе өзге де коммерциялық емес сипаттағы функцияларды жүзеге асырудан бөлек, табыс әкелетін қызметті (ақылы қызметтер көрсету) жүзеге асыру құқығы берілуі мүмкін.

      161-бап. Мемлекеттік мекеменің мүліктік құқықтарды іске
               асыруы

      1. Мемлекеттік мекеме өзіне бекітіліп берілген мүлікті және өзіне смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше әдіспен билік етуге құқылы емес.
      2. Білім беру, сорт сынағы, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларындағы мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік мұражайлар мен мұражай-қорықтар өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақшаны қоспағанда, табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы Қазақстан Республикасының заңдарымен берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджеттің есебіне жатқызылады.
      3. Арнаулы мемлекеттік органдардың жылжымайтын мүлкін беру, өткізу, кәдеге жарату және есептен шығару, сондай-ақ мүліктік жалға беру (жалдау) тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 161-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      162-бап. Мемлекеттік мекеменің жедел басқаруына берiлген
               мүлiктi мемлекеттің алып қою және қайта бөлу
               құқығы

      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) мемлекеттік мекемеге бекітіліп берілген мүлікті тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша алып қоюға не оны басқа мемлекеттік заңды тұлғалар арасында қайта бөлуге құқылы.

      163-бап. Мемлекеттік органдардың мүліктік қатынастарға
               қатысуы

      1. Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарына, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына орай мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік органдар, егер Қазақстан Республикасының көрсетілген заңнамасында және оларды құру туралы жеке құқықтық актілерде олар заңды тұлғалар ретінде айқындалса, мемлекеттік мекемелер болып танылады.
      2. Заңды тұлға ретінде айқындалған мемлекеттік органдар, егер олар азаматтық-құқықтық қатынастарға мемлекет атынан емес, өз атынан қатысса (жалға алу, кеңсе керек-жарақтарын, жабдықтар сату-сатып алу шарттарын жасаса, зиян келтіргені үшін міндеттемелер бойынша жауаптылықта болса, басқа да азаматтық-құқықтық әрекеттер жасаса) мемлекеттік мекемелер ретінде қарастырылады.

      164-бап. Мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік
               мекемелерді құрудың және олардың қызметінің
               ерекшеліктері

      1. Осы Заңның 163-бабының 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасы заңнамасының және мемлекеттік органды құру туралы жеке құқықтық актілердің негізінде құрылады және осы мекеме туралы ережелердің негізінде жұмыс істейді.
      2. Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекеме өзінің атынан басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы (акционері, қатысушысы, мүшесі) ретінде әрекет етуге құқылы емес. Мемлекеттік заңды тұлғаларды, акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құру кезінде мемлекеттік органдар мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) атынан ғана құрылтайшы (акционер, қатысушы) ретінде әрекет етуге құқылы.
      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелер табыс әкелетін қызметпен айналысуға құқылы емес. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен табыс әкелетін қызметпен айналысуға құқылы.
      4. Мемлекеттік органның құзыреті, құрылымы, ведомстволық бағыныстылығы және функцияларын жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы мемлекеттік органдарды құру туралы жеке құқықтық актілерде айқындалады.
      5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, осы Заңның күші мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік мекемелерге қолданылады.

      165-бап. Мемлекеттік мекеменің жауаптылығы

      1. Мемлекеттік мекеме өз міндеттемелері бойынша өзінің билігіндегі ақшамен жауап береді.
      Мемлекеттік мекеменің қалған мүлкін өндіріп алуға жол берілмейді.
      2. Мемлекеттік мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.

12-тарау. АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМДАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТКЕ ТИЕСІЛІ АКЦИЯЛАРЫНА ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІКТЕРДІҢ ЖАРҒЫЛЫҚ КАПИТАЛЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТКЕ ТИЕСІЛІ ҚАТЫСУ ҮЛЕСТЕРІНЕ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

      166-бап. Акционерлік қоғамдардың акцияларына және
               жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің
               жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне
               мемлекеттің өзіне тиесілі құқықтарын жүзеге
               асыруын құқықтық реттеу

      1. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құруды, акционерлердің (қатысушылардың) құқықтарын, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басқару органдарын құру мен олардың өкілеттігін құқықтық реттеу осы тарауда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, «Акционерлік қоғамдар туралы», «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдарда және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы акционердің (қатысушының) акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға қатысу құқығын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Республикалық меншіктегі акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша тиісті саланың уәкілетті органына беруі мүмкін. Республикалық меншіктегі акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетіне билік ету құқығы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органда қалады.
      Акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асырушы тиісті саланың уәкілетті органы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының (қатысушылардың жалпы жиналысының) құзыретіне жататын мәселелер бойынша акционер (қатысушы) ретінде мемлекеттің мүддесін білдіреді.
      3. Әкімшілік-аумақтық бөлініс қатысатын акционерлік қоғамдарда және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде әкімшілік-аумақтық бөліністің акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) акционер (қатысушы) ретінде басқаруға қатысу құқығын жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
      4. Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы, Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы, оның ішінде кепілдендірілген тапсырысты орналастыруы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгі қағидалары негізінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 166-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.28. № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.01 N 551-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      167-бап. Мемлекеттің акционерлік қоғамдардың акцияларына
               және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің
               жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне
               құқықтарының туындау негіздері

      Мемлекет акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлесіне құқықтарды:
      1) мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер етіп қайта құру;
      2) мемлекеттің акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құруы;
      3) мемлекеттің акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сатып алуы;
      4) жарғылық капиталындағы қатысу үлесі осы Заңның 19-бабында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен, өзге де ұйымдық-құқықтық нысандағы мемлекеттік емес коммерциялық ұйымдарды акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер етіп қайта құру;
      5) «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін мәжбүрлеп сатып алу;
      6) стратегиялық объектілерді сатып алуға басым құқықты іске асыру;
      7) осы Заңның 19-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша сатып алу жолымен ие болады.

      168-бап. Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік
               мекемелерді акционерлік қоғамдар және
               жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер етіп
               қайта құру

      Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер етіп қайта құру Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүргізіледі.

      169-бап. Мемлекеттің акционерлік қоғамдардың акциялары
               мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің
               жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сатып
               алуы

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін республикалық және коммуналдық мүліктің құрамына сатып алу туралы шешімді тиісінше Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
      2. Акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін бюджет қаражаты есебінен сатып алу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
      3. Акционерлік қоғамдардың акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ақшадан басқа, өзге мүлікпен төлеу туралы шешім қабылданған жағдайда мемлекеттік мүлікті беру осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.
      4. Акционерлік қоғамдардың акцияларын республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алған кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдарды құрған кезде республикалық мүліктің құрамына түсетін, акционерлік қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылардың тізіліміндегі акциялар Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жеке шотының есебіне жатқызылуға тиіс.
      Акционерлік қоғамдардың акцияларын жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алған кезде, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бөлініс қатысатын акционерлік қоғамдарды құрған кезде коммуналдық мүліктің құрамына түсетін, акционерлік қоғамның бағалы қағаздарын ұстаушылардың тізіліміндегі акциялар Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органның жеке шотының есебіне жатқызылуға тиіс.

      170-бап. Мемлекеттің акционерлік қоғамдар мен
               жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құруы

      1. Мемлекет акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді құрған кезде олардың құрылтайшысы Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының атынан акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болады.
      3. Әкімшілік-аумақтық бөліністің атынан акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшысы жергілікті атқарушы орган болады.
      4. Акционерлік қоғамдарды және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша құратын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органды және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органды қоспағанда, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары және мемлекеттік мекемелер акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің құрылтайшысы бола алмайды.
      5. Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге мемлекеттің қатысуына тыйым салулар мен шектеулер белгіленуі мүмкін.
      6. Мемлекеттің қатысуымен құрылатын акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын төлеу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      7. Акционерлік қоғамның акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталын ақшадан басқа, өзге мүлікпен төлеу туралы шешім қабылданған жағдайда, мемлекеттік мүлікті беру осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.
      8. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      171-бап. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен
               жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің
               түрлері

      1. Акционерлік қоғамдардың акциялары (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері) кімге тиесілі екендігіне қарай мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер:
      1) Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер;
      2) әкімшілік-аумақтық бөлініс қатысатын акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болып бөлінеді.
      2. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларының санына (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерінің мөлшеріне) қарай акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер:
      1) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – жарғылық капиталындағы акционерлік қоғам акцияларының бақылау пакеті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысуының бақылау үлесі мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болып бөлінеді. Акционерлік қоғамның акцияларының бақылау пакеті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысуының бақылау үлесі тиісінше акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының елу пайызынан астамы немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі екендігін білдіреді;
      2) мемлекет үстем емес үлеспен қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген белгілері жоқ акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болып бөлінеді.

      172-бап. Мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдингтер,
               ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар бақылайтын
               акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі
               серіктестіктердің өзге заңды тұлғалардың
               жарғылық капиталдарына қатысу ерекшеліктері

      1. Ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания немесе мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания бақылайтын өзге де акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер нысанында құрылған коммерциялық ұйымдардың, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ шет мемлекеттердің аумағында құрылған ұйымдардың құрылтайшысы (акционерлері және қатысушылары) бола алады.
      Ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның немесе мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания бақылайтын өзге де акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзге ұйымдық-құқықтық нысанда коммерциялық ұйымдар болып табылатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) ретінде әрекет етуіне жол берілмейді.
      2. Ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания немесе мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания бақылайтын өзге де акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік акционерлік қоғамға немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарағанда өзге мемлекеттік емес коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы қатысу үлесіне құқықтарға ие болған жағдайда, жарғылық капиталдағы көрсетілген қатысу үлесі, егер осы коммерциялық ұйым акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылмаса, оған құқыққа ие болған кезден бастап бір жыл ішінде иеліктен шығарылуға жатады.

      173-бап. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы
               мемлекетке тиесілі бола алмайтын қатысу
               үлестеріне (пайларға) құқықтарға мемлекеттің ие
               болуының салдары

      Егер осы Заңның 19-бабында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына акционерлік қоғамға немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарағанда өзге ұйымдық-құқықтық нысандағы мемлекеттік емес коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы қатысу үлестері (пайлар) түскен болса, жарғылық капиталдағы көрсетілген қатысу үлестері (пайлар), егер заңды тұлға акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылмаса, немесе аталған тұлғаның мүлкі негізінде мемлекеттік заңды тұлға құрылмайтын болса, сатудан түскен табысты бюджет есебіне жатқыза отырып, оларға құқыққа ие болған кезден бастап бір жыл ішінде иеліктен шығарылуға жатады.

      174-бап. Акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі
               серіктестіктерге мемлекеттің қатысуын тоқтату

      1. Акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге мемлекеттің қатысуы акционерлік қоғамдардың акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сатқан кезде немесе осы Заңның 83-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне құқықтарды тоқтатқан кезде тоқтатылады.
      2. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін сату осы Заңның 10-тарауының қағидалары бойынша жүргізіледі.
      3. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін акционерлік қоғам орналастыратын акцияларды төлеуге немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына салым ретінде беру осы Заңның 114-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      175-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі
               акцияларына және жауапкершілігі шектеулі
               серіктестіктердің жарғылық капиталындағы
               мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне билік ету

      1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне билік ету осы Заңның 10-тарауында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
      2. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін) өтеусіз беруге жол берілмейді.
      3. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің жарғылық капиталдарына берілген ұлттық компаниялардың акцияларына, сондай-ақ стратегиялық объектілер болып табылатын, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне) билік етуге Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жол беріледі.
      4. Мемлекетке тиесілі акцияларға (жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне) кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқару нысанындағы үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға және оларды иеліктен шығаруға осы Заңның 10-тарауының қағидалары бойынша жол беріледі.
      5. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін кепілге қоюға жол берілмейді.

      176-бап. Акционерлік қоғамның мемлекетке тиесілі
               акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі
               серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке
               тиесілі қатысу үлестерін сенімгерлікпен
               басқаруға беру

      1. Акционерлік қоғамның мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың сенімгерлікпен басқаруына беруді, егер берудің нысанасы республикалық мүлікке жататын – акционерлік қоғамдардың акциялары немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері болып табылса, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
      2. Коммуналдық мүлікке жататын – акционерлік қоғамның акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беруді жергілікті атқарушы орган жүргізеді.
      3. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін кейіннен сатып алу құқығымен жеке тұлғалардың немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың сенiмгерлікпен басқаруына беру осы Заңның 10-тарауында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      4. Сыйақы мөлшері, сондай-ақ сенімгерлікпен басқару әрекетінің мерзімі акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шартпен айқындалады.
      Акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға мемлекеттің дивидендтерге деген өз құқығынан бас тартуы арқылы беруге жол берілмейді.
      5. Сенiмгерлікпен басқарушыға мынадай:
      1) акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын өзгерту туралы;
      2) акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшерін өзгерту (ұлғайту немесе азайту) туралы;
      3) акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тарату, оларды қайта ұйымдастыру туралы, сондай-ақ олардың атауларын өзгерту туралы мәселелерді шешуге байланысты мемлекеттің құқықтарын беруге болмайды.

      177-бап. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғам мен
               жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқаруға
               мемлекеттің қатысу құқығы

      1. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқаруға мемлекеттің қатысу құқығын мемлекет «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес іске асырады.
      2. Акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша шешім қабылданатын:
      1) қоғамның жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе оны жаңа редакцияда бекіту;
      2) жарғылық капиталдың мөлшерін өзгерту;
      3) жылдық қаржы есептiлiгiн бекiту және қоғамның есептi қаржы жылындағы таза табысын бөлу;
      4) қоғамға тиесілі барлық активтердің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын сомадағы активтерінің бір бөлігін немесе бірнеше бөлігін беру арқылы қоғамның өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы туралы шешім қабылдау;
      5) директорлар кеңесінің сан құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар төлеу мөлшері мен шарттарын айқындау;
      6) «алтын акцияны» енгiзу және оның күшiн жою;
      7) қоғамның ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша директорлар кеңесі қабылдаған шешімдердің күшін жою мәселелерін қоспағанда, акционердің құзыретіне жататын барлық мәселелер бойынша шешімді дербес қабылдайды.
      Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлестерін иелену және оларды пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша шешім қабылданатын:
      1) жарғыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе жарғыны жаңа редакцияда бекіту;
      2) жарғылық капиталдың мөлшерін өзгерту;
      3) жылдық қаржы есептілігін бекіту және таза табысты бөлу;
      4) серіктестіктің өзге де заңды тұлғаларға қатысуы туралы шешім;
      5) серіктестіктің барлық мүлкін кепілге қою туралы шешім;
      6) серіктестіктің атқарушы органын құру, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
      7) серіктестіктің мүлкін жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға беру бойынша мәмілелер туралы шешімдер қабылдау;
      8) байқау кеңесін және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушіні) сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
      9) қатысушыдан жарғылық капиталдағы қатысу үлесін мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім;
      10) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;
      11) серіктестіктің ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша байқау кеңесі қабылдаған шешімдердің күшін жою мәселелерін қоспағанда, қатысушының құзыретіне жататын барлық мәселелер бойынша шешімді дербес қабылдайды.
      3. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғам директорлары кеңесінің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесінің құрамына акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органының және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның өкілдері кіреді.
      4. Акционерлік қоғамдардың директорлар кеңесінің және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің байқау кеңесінің мүшелері болып табылатын мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төленбейді.

      178-бап. Мемлекет жалғыз акционері (қатысушысы) болып
               табылатын акционерлік қоғамды немесе
               жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқару

      1. Қазақстан Республикасы тиісінше жалғыз акционері немесе қатысушысы болып табылатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тарату, қайта ұйымдастыру және олардың атауларын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      2. Әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісінше жалғыз акционері немесе қатысушысы болып табылатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тарату, қайта ұйымдастыру және олардың атауларын өзгерту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
      3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) алған таза табысын бөлу туралы шешімнің уақтылы қабылдануын және акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) мемлекетке тиесілі акцияларға (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне) арналған дивидендтерді (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің таза табысының бір бөлігін) жалғыз акционер (қатысушы) шешім қабылдаған күннен бастап он күн ішінде аударуын қамтамасыз етуге міндетті.

      179-бап. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық
               компанияны басқару

      1. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық компания өз қызметін жүзеге асыру кезінде экономиканың белгілі бір саласындағы мемлекеттік мүлікті басқару аясында мемлекеттің саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Мемлекет жалғыз акционері болып табылатын ұлттық компанияны тарату, қайта ұйымдастыру және оның атауын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған ұлттық компанияны тарату, қайта ұйымдастыру және оның атауын өзгерту туралы шешімдерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құратын ұлттық компания (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация) біреуден артық болмайды.
      3. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан жиырма беске дейінгі пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді компанияның директорлар кеңесі қабылдайды. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді ұлттық компанияның басқармасы қабылдайды.
      4. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан көп пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді компанияның директорлар кеңесінің ұсынуы бойынша (ұлттық компанияның жалғыз акционерінің шешімімен) ұлттық компания акционерлерінің жалпы жиналысы қабылдайды.

      180-бап. Акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық
               холдинг болып табылатын ұлттық компанияны
               басқару

      1. Акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны тарату, қайта ұйымдастыру және оның атауын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      2. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің он және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компанияның директорлар кеңесі қабылдайды. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компанияның басқармасы қабылдайды.
      3. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жалғыз акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің директорлар кеңесі қабылдайды.

      181-бап. Ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық
               холдингтерді басқару

      1. Ұлттық басқарушы холдингті, ұлттық холдингті тарату, қайта құру және оның атауын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдайды.
      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестері осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша берілуі мүмкін.
      3. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесінің құрамына мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның, тиісті саланың уәкілетті органының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
      4. Акционерлердің жалпы жиналысы үшін белгіленген, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер акционерлерінің жалпы жиналысының ерекше құзыретіне «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабы 1-тармағының 6) және 14) тармақшаларында көрсетілген мәселелерді қоспағанда, осы Заңның 36-бабында көрсетілген мәселелер жатады.
      5. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабы 2-тармағының 15-1) тармақшасында көрсетілген мәселені қоспағанда, осы Заңның 53-бабының 2-тармағында көрсетілген мәселелерден басқа ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесінің ерекше құзыретіне мынадай мәселелер:
      1) аудиттi жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды айқындау;
      2) штат санын бекіту;
      3) еншілес ұйымдардың стратегияларын және даму жоспарларын әзірлеу кезінде олардың бірыңғай (оның ішінде еншілес ұйымдар қызметінің салалары бойынша) қаржы, инвестициялық, өндірістік-шаруашылық, ғылыми-техникалық саясатын қалыптастыру;
      4) даму жоспарын, сондай-ақ оның орындалу есептерін бекіту;
      5) даму жоспарларының іске асырылуын бағалау;
      6) тәуекелдерді басқару жөніндегі саясатты айқындау;
      7) қоғам акцияларды сатып алған жағдайда олардың құнын белгiлеу әдiстемесін және әдiстемесiне енгізілетін өзгерiстердi бекiту;
      8) активтердiң бiр бөлігін немесе бiрнеше бөлiгiн қоғамға тиесiлi барлық активтердiң жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын сомада беру арқылы қоғамның өзге де заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау жатады.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің атқарушы органының құзыретіне «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көзделген мәселелер және акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің) он және одан да көп пайызы қоғамға тиесілі заңды тұлға акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жататын қызмет мәселелері бойынша шешімдер қабылдау кіреді.

      182-бап. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарды
               корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі
               мамандандырылған кеңестер

      1. Ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді басқару жөніндегі қызметті үйлестіру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңестер құрылуы мүмкін.
      Корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңестер туралы ережені және олардың құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      2. Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқаруды бағалау тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

      183-бап. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық
               холдингтердің бюджеттік инвестициялық жобаларды
               іске асыру бойынша бюджеттік инвестицияларды
               пайдалануы

      1. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру кезінде акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асырмайтын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер акцияларының эмиссиясын төлей алады.
      Ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің және ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке кіретін акционерлік қоғамдардың бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру туралы есебін ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг тоқсан сайын ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің директорлар кеңесінің қарауына және бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне ұсынады.
      2. Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру үшін шығарған акциялар мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның шотына жатқызылады.
      Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг шығарған акцияларды ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын уәкілетті органға береді.
      3. Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған ақша ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің құрамына кіретін акционерлік қоғамдардың орналастыратын акцияларын төлеуге түскен, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің атқарушы органы, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке кіретін акционерлік қоғамдардың атқарушы органы осы бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуы үшін жауаптылықта болады.

      184-бап. Акциялары ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық
               холдингке, сондай-ақ ұлттық компанияларға
               тиесілі ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық
               холдингтердің, ұлттық компаниялардың қызметін
               жоспарлау

      1. Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер және ұлттық компаниялар даму стратегиялары мен даму жоспарларын әзірлейді.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттары негізінде он жылға әзірленеді.
      Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары олардың даму стратегияларын іске асыруы мақсатында бес жыл мерзімге әзірленеді.
      2. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары:
      1) олардың стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, қызметі нәтижелерінің көрсеткіштерін айқындайды;
      2) акциялары (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) өздеріне тиесілі заңды тұлғалардың, оның ішінде ұлттық компаниялардың даму стратегиялары ескеріле отырып әзірленеді.
      Қазақстан Республикасы Президентінің елдегі жағдай мен ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына Жолдауының ережелері ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму стратегияларын түзету үшін негіз болып табылуы мүмкін.
      Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму стратегияларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      3. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарлары:
      1) инвестицияларды, табыстарды, шығыстарды, қарыздарды, дивидендтерді және басқа да мәліметтерді қоса алғанда, мақсаттарды, міндеттерді, нәтижелер көрсеткіштерін және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін қамтиды;
      2) акциялары (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) өздеріне тиесілі заңды тұлғалардың, оның ішінде ұлттық компаниялардың даму жоспарларын ескере отырып әзірленеді.
      4. Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарлары жобаларының Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында баяндалған мақсаттар мен міндеттерге сәйкестігі, сондай-ақ әлеуметтiк-экономикалық даму болжамында көрсетiлген бюджет параметрлерiне сәйкестiгi мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi органмен келісіледі.
      5. Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын олардың директорлар кеңесі бекітеді.
      Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларын олардың директорлар кеңесі бекітеді.
      6. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар үшін даму стратегиялары мен даму жоспарларын әзірлеу мен бекіту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      7. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарларының іске асырылуын бағалауды олардың директорлар кеңесі жүзеге асырады.
      Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының іске асырылу мониторингі мен оны бағалау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарларының орындалуы бойынша есепті ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      8. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарларының әзірленуі, орындалуы үшін, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептің уақтылы ұсынылуы үшін ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың атқарушы органдары жауаптылықта болады.
      Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер акционері болып табылатын ұлттық компаниялардың даму жоспарларының әзірленуі, орындалуы үшін ұлттық компаниялардың атқарушы органдары жауаптылықта болады.
      9. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компаниялар қызметінің нәтижелерін тыңдауды акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган жыл сайынғы негізде жүзеге асырады.
      Акционерлері ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер болып табылатын ұлттық компаниялар қызметінің нәтижелерін тыңдауды ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесі жыл сайынғы негізде жүзеге асырады.
      Акционері Ұлттық әл-ауқат қоры болып табылатын ұлттық компанияларды қоспағанда, ұлттық компаниялардың қызметін тыңдау нәтижелері туралы есеп осы тармаққа сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға табыс етіледі.
      Ескерту. 184-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.01 N 551-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      185-бап. Ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық
               холдингтерді және ұлттық компанияларды
               қоспағанда, мемлекет бақылайтын жауапкершілігі
               шектеулі серіктестіктердің және акционерлік
               қоғамдардың қызметін жоспарлау

      1. Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бес жылға арналған даму жоспарларын әзірлейді.
      2. Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарлары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында баяндалған мақсаттар мен міндеттерге және әлеуметтік-экономикалық даму болжамында көрсетілген бюджет параметрлеріне сәйкес әзірленеді және мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің директорлар кеңестері (байқау кеңестері) бекітеді.
      Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларын әзірлеу және бекіту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      3. Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының іске асырылуын бағалауды олардың директорлар кеңестері (байқау кеңестері) жүзеге асырады.
      Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жоспарларын іске асыру мониторингі мен бағалау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының орындалуы бойынша есепті ұсыну тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      4. Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларының әзірленуі, орындалуы, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептің уақтылы ұсынылуы үшін мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің атқарушы органдары жауаптылықта болады.
      5. Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қызметінің нәтижелерін тыңдауды акциялардың мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталдағы қатысу үлесін) иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға тыңдаудың есебін ұсына отырып, жыл сайынғы негізде жүзеге асырады.
      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі акционері (қатысушысы) болып табылатын мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қызметін жоспарлау тәртібі, сондай-ақ көрсетілген акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) даму жоспарларының іске асырылу мониторингі және оны бағалау, қызметінің есептерін тыңдау және нәтижелерін ұсыну тәртібі осы баптың ережелері ескеріле отырып Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.

      186-бап. Акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі
               серіктестік) табысының бір бөлігін алуға
               акционердің (жауапкершілігі шектеулі
               серіктестікке қатысушының) құқықтарын
               мемлекеттің іске асыруы

      Акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттiк пакетiн (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналысын өткізу кезінде акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) таза табысының бір бөлігін Қазақстан Республикасының Үкіметі пайыздық қатынаста белгілеген мөлшерде дивидендтерді (табысты) төлеуге бағыттау үшін шаралар қабылдайды.

6-БӨЛІМ. ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРҒА ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ЕМЕС ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА ТИЕСІЛІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ОБЪЕКТІЛЕРГЕ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ШЕКТЕУ

13-тарау. ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРҒА ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ЕМЕС ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА ТИЕСІЛІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ОБЪЕКТІЛЕРГЕ АУЫРТПАЛЫҚ САЛУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ИЕЛІКТЕН ШЫҒАРУ

      187-бап. Жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды
               тұлғаларға тиесілі стратегиялық объектілерге
               үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу
               не оларды иеліктен шығару тәртібі

      1. Жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оларды иеліктен шығару осы бапта, осы Заңның 188-бабында және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсат беру туралы шешімінің негізінде мүмкін болады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға немесе оларды иеліктен шығаруға рұқсат беру туралы не осындай рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      3. Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға немесе оларды иеліктен шығаруға рұқсат беруден бас тарту туралы шешім, егер осындай ауыртпалық салу немесе иеліктен шығару Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, оның ішінде елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық келісімдерді сақтамауға әкеп соғатын жағдайларда қабылданады.
      Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат беруден бас тарту осы тармаққа сәйкес бас тарту себептерінің дәлелді негіздемелерін қамтымауы мүмкін.
      4. Стратегиялық объектіге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) не кепіл ұстаушысы, конкурстық немесе оңалтушы басқарушысы шағымдана алады.
      5. Стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) орналастырылатын акциялардың санын көрсете отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсат беру туралы шешімінің негізінде бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында жария етілген акцияларды орналастырады.
      6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген акциялармен бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында одан әрі мәмілелер жасасу, бір тұлға немесе аффилиирленген тұлғалар бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында эмитенттің дауыс беретін акциялары жалпы санының жиырма пайызынан астамын құрайтын акциялар сатып алатын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсатын талап етпейді.
      Бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында стратегиялық объектілерге жататын акциялармен мәмілелер жасасу кезінде мәмілелер эмитенттің дауыс беретін акциялары жалпы санының бес пайызынан аспайтын мөлшерде жасалған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсаты талап етілмейді.
      7. Стратегиялық объектінің кепіл ұстаушысы, оңалтушы және конкурстық басқарушылары кепілге салынған осы мүлікті иеліктен шығару туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің иеліктен шығарудың ерекше шарттары және стратегиялық объектіні сатып алушыларға қосымша талаптары белгіленген рұқсат беру туралы шешімінің негізінде қабылдайды.
      Кепілге салынған мүлікті сот актісінің негізінде иеліктен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен белгіленген иеліктен шығарудың ерекше шарттары және кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптар бойынша жүзеге асырылады.
      Стратегиялық объектіні иеліктен шығарудың ерекше шарттарын және сатып алушыларға қойылатын қосымша талаптарды белгілеу жөніндегі ұсынысты уәкілетті мемлекеттік орган және өзге де мүдделі мемлекеттік органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.

      188-бап. Жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды
               тұлғаларға тиесілі стратегиялық объектілерге
               үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу
               не оларды иеліктен шығару рәсімі

      1. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға рұқсат алу үшін стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нысан бойынша өтінішті;
      2) заңды тұлға үшiн – заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы және жарғының нотариат куәландырған көшiрмесiн;
      3) жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
      4) стратегиялық объектіні иеліктен шығару жөнінде мәміле жасауға негіз болатын не оған үшінші тұлғаның құқықтарымен ауыртпалық салуға әкеп соғатын шарттың жобасын;
      5) стратегиялық объектіге меншік құқығын немесе өзге де мүліктік құқықтарды растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін;
      6) стратегиялық объектінің нарықтық құнын айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы объектіні бағалау туралы есепті;
      7) стратегиялық объектіні ықтимал сатып алушы туралы мәліметтерді жібереді;
      8) жарияланған акцияларды орналастырған жағдайда стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) жарияланған акциялардың шығарылымын және оған енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен бірге акциялар шығарылымының проспектісін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмелерін де табыс етеді;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарында аудитті міндетті түрде өткізу белгіленген заңды тұлғалар соңғы қаржы жылының аудиторлық есебінің түпнұсқасын немесе нотариат куәландырған көшірмесін де табыс етеді. Егер өтініш ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін берілсе, онда соңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылының аудиторлық есебінің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі ұсынылады. Аудиторлық есептің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі, егер заңды тұлға ағымдағы қаржы жылында құрылса не заңды тұлға өткен қаржы жылында құрылса және өтініш ағымдағы жылғы 1 маусымға дейін берілген болса, ұсынылмайды;
      10) директорлар кеңесінің немесе байқау кеңесінің шешімін (болған жағдайда);
      11) банктің кредиттік комитетінің шешімін;
      12) ауыртпалық салынатын мүлікке кепілдің (ауыртпалық салудың) жоқ немесе бар екендігі туралы растауды;
      13) стратегиялық объектінің меншік иелерінің пайыздық арақатынастағы құрылымын;
      14) стратегиялық объект сенімгерлік басқаруда болған жағдайда стратегиялық объектінің меншік иесінің стратегиялық объектіні иеліктен шығаруға немесе ауыртпалық салатын тұлғаны көрсете отырып, үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға жазбаша рұқсатын табыс етеді.
      Оңалтушы (конкурстық) басқарушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға осы тармақтың 1), 2), 4), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ борышкерге қатысты оңалту рәсімдері (конкурстық іс жүргізілгені туралы) қолданылғаны туралы сот актісін, мүлікті иеліктен шығарудың (сатудың) болжалды бағасын және борышкердің мүлкін (стратегиялық объектіні) иеліктен шығаруға немесе үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға кредиторлар комитетінің жазбаша келісімін табыс етеді.
      2. Стратегиялық объектінің кепіл ұстаушысы кепілге салынған мүлікті иеліктен шығаруға арналған рұқсатты алу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға осы баптың 1-тармағының 1), 2), 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ кепіл шартын, кепілге салынған мүлікті иеліктен шығарудың (сатудың) болжалды бағасын, стратегиялық объектіні әлеуетті сатып алушыларға қойылатын талаптарды ұсынады.
      Сот актісінің негізінде әрекет ететін сот орындаушысы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға осы баптың 1-тармағының 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ кепіл шартын және (немесе) сот актісін, кепілге салынған мүлікті иеліктен шығарудың (сатудың) болжалды бағасын, стратегиялық объектіні әлеуетті сатып алушыларға қойылатын талаптарды ұсынады.
      3. Стратегиялық объектіге ауыртпалық салуға негіз болатын шартта тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ стратегиялық объектінің сақталуы мен одан әрі пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптар міндетті түрде қамтылуға тиіс.
      Стратегиялық объектіні иеліктен шығару бойынша мәміле жасауға негіз болған не оған ауыртпалық салуға әкеп соққан шарттың талаптарын өзгертуге ниет білдірген жағдайда стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) осы бапта және осы Заңның 187-бабында айқындалатын тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға қайтадан жүгінеді.
      Кепіл ұстаушы оның негізінде стратегиялық объектіге ауыртпалық салынған шартқа сәйкес кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) иеліктен шығаруға ниет білдірген жағдайда кепіл ұстаушы осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жүгінеді.
      Стратегиялық объектіні жария сауда-саттықта сатқан кезде шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, резидент еместер немесе олармен аффилиирленген тұлғалар қатысатын заңды тұлғалар сауда-саттыққа жіберілмейді.
      4. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға не оларды иеліктен шығаруға берілген өтініштерді қарау және олар бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешім қабылдауы құжаттар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап алпыс жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырылуға тиіс. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында айқындалған құжаттардың толық топтамасын алған күн құжаттардың келіп түскен күні болып есептеледі.
      Стратегиялық объектілер меншік иелерінің (құқық иеленушілердің) оңалтушы (конкурстық) басқарушылардың ауыртпалық салу не иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      5. Стратегиялық объектілерге ауыртпалық салуға рұқсат беру немесе оны беруден бас тарту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды және ол қаулы түрінде ресімделеді.
      6. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешім туралы өтініш берушіні шешім шығарылған күннен бастап бес күн мерзімде жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
      Ескерту. 188-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      189-бап. Стратегиялық объектілерді мемлекет меншігіне алу

      Стратегиялық объектілер осы Заңның 5-тарауында көзделген тәртіппен мемлекет меншігіне алынуы мүмкін.

      190-бап. Стратегиялық объектілердің мониторингі

      Стратегиялық объектілердің мониторингі Қазақстан Республикасының экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

14-тарау. ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРҒА ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ЕМЕС ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА ТИЕСІЛІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ОБЪЕКТІЛЕРДІ САТЫП АЛУҒА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАСЫМ ҚҰҚЫҒЫ

      191-бап. Жеке тұлғаға немесе мемлекеттік емес заңды
               тұлғаға тиесілі стратегиялық объектіні сатып
               алуға Қазақстан Республикасының басым құқығын
               қолдану шарттары

      1. Мемлекеттік емес заңды тұлға немесе жеке тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығаруға ниет білдірген жағдайда, сондай-ақ стратегиялық объектіге өндіріп алу жүргізілген немесе стратегиялық объектіні оңалтушы немесе конкурстық басқарушы иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) сот тәртібінен тыс өткізген не стратегиялық объектіге сот актісінің негізінде өндіріп алу жүргізілген жағдайда Қазақстан Республикасы осы тарауда айқындалған шарттармен стратегиялық объектіге ие болудың басым құқығына ие болады.
      Стратегиялық объектілердің меншік иелерінің (құқық иеленушілердің), оңалтушы немесе конкурстық басқарушылардың стратегиялық объектіні иеліктен шығару туралы өтініштерін қарау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының атынан стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе оның тапсырмасы бойынша ұлттық басқарушы холдинг іске асырады.

      192-бап. Стратегиялық объектіні сатып алуға Қазақстан
               Республикасының басым құқығын іске асыру тәртібі

      1. Уәкілетті орган Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіге ие болуға басым құқықты іске асыру туралы шешімінің жобасын қажетті бюджет қаражатын бөлу негіздемесімен бірге ұсынады.
      Республикалық бюджеттік комиссия тиісті шешім қабылдайды. Республикалық бюджеттік комиссияның ұсынымдары мен ұсыныстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынылады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Республикалық бюджеттік комиссия шешім қабылдаған кезден бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде стратегиялық объектіге ие болудың басым құқығын пайдалану туралы шешім қабылдауы мүмкін.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіге ие болудың басым құқығын пайдалану туралы шешімі осы құқықты пайдалану себептерінің дәлелді негіздемелерін қамтымауы мүмкін.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешімнің қорытындылары туралы тиісті саланың уәкілетті органы стратегиялық объектіні иеліктен шығаруды жүргізетін тұлғаны шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша түрде хабардар етеді.
      4. Стратегиялық объектінің меншік иесі (құқық иеленуші) шарт жасалғанға дейін кез келген уақытта стратегиялық объектіні иеліктен шығарудан бас тарта алады. Меншік иесі (құқық иеленуші) стратегиялық объектіні иеліктен шығарудан бас тартқан жағдайда оған ие болуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тоқтатылады.
      5. Бюджет процесін ескере отырып, стратегиялық объектілерді сатып алу мерзімдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіге ие болудың басым құқығын пайдалануы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешім қабылдаған кезден бастап екі жылдан аспауға тиіс.
      Стратегиялық объектілерді оңалтушы немесе конкурстық басқарушы сатқан кезде сатып алу мерзімдері «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген оңалту рәсімдерін немесе   конкурстық іс жүргізу мерзімдерінен аспауға тиіс.
      6. Стратегиялық объектіге өндіріп алу қолданылған немесе банкроттық, оңалту немесе жеделдетілген оңалту рәсімі туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған жағдайларда, стратегиялық объектілердің меншік иелері (құқық иеленушілері) стратегиялық объектіге өндіріп алуды жүргізу туралы хабарлама алған кезден бастап немесе соттың банкроттық, оңалту туралы немесе жеделдетілген оңалту рәсімі бойынша іс қозғау туралы ұйғарымының көшірмесін алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органды стратегиялық объектіге өндіріп алудың жүргізілуі немесе банкроттық, оңалту немесе жеделдетілген оңалту рәсімі туралы іс бойынша іс жүргізудің қозғалуы туралы жазбаша хабардар етуге міндетті. Хабарлау жөніндегі міндеттерді сақтамау осы Заңның 195-бабында көзделген салдарларға әкеліп соғады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі стратегиялық объектіге ие болуға басым құқықты осы бапта көзделген тәртіппен іске асырады.
      Стратегиялық объектіге өндіріп алуды жүргізу немесе стратегиялық объектіні конкурс (тарату) массасы құрамында иеліктен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық объектіге ие болуға басым құқықты іске асыру немесе басым құқықты іске асырудан бас тарту туралы шешімі алынғаннан кейін жүргізіледі.
      7. Қазақстан Республикасы стратегиялық объектіге өндіріп алуды жүргізу немесе стратегиялық объектіні конкурс (тарату) массасы құрамында иеліктен шығару кезінде басым құқықты іске асырудан бас тартқан жағдайда, стратегиялық объектіні иеліктен шығару «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 192-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 № 564-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      193-бап. Нарықтық құнды айқындау

      1. Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын іске асыру кезінде стратегиялық объектінің нарықтық құны өтелуге жатады.
      2. Стратегиялық объектінің нарықтық құны стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын іске асыру кезінде мемлекет ие болатын мүлікті осы Заңның 206-бабының қағидаларына сәйкес бағалау негізінде айқындалады.

      194-бап. Мемлекет сатып алған стратегиялық объектілерді
               басқару

      Қазақстан Республикасының Үкіметі сатып алынған стратегиялық объектілерді осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша акцияларды төлеуге немесе мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен арнайы құрылған заңды тұлғаның не ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің немесе ұлттық компанияның жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде береді.

      195-бап. Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың
               құқықтарымен ауыртпалық салу немесе оларды
               иеліктен шығару туралы және стратегиялық
               объектілерді сатып алудың басым құқығы туралы
               ережелерді бұзудың салдары

      Стратегиялық объектілерге құқықтарды иеленушінің стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу немесе оларды иеліктен шығару туралы және стратегиялық объектілерді сатып алудың басым құқығы туралы талаптарды бұза отырып жасаған мәмілесі, ол жасалған кезден бастап сот тәртібімен жарамсыз деп танылады.

7-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ ЕСЕПКЕ АЛУ, МҮЛІКТІҢ МОНИТОРИНГІ, ОНЫ БАҒАЛАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНЫЛУЫН БАҚЫЛАУ

15-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ ЕСЕПКЕ АЛУ, МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІ БАСҚАРУ ТИІМДІЛІГІНІҢ МОНИТОРИНГІ, ОНЫ БАҒАЛАУ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІҢ ПАЙДАЛАНЫЛУЫН БАҚЫЛАУ

      196-бап. Мемлекеттік мүлікті есепке алу және мемлекеттік
               мүлікті басқару тиімділігінің мониторингі туралы
               жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік мүлікті есепке алу мемлекеттік мүлікті бақылау және тиімді пайдалану мақсаттары үшін жүзеге асырылады. Мемлекеттік мүлікті есепке алу туралы деректер мемлекеттік мүліктің тізіліміне енгізілуге тиіс.
      2. Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
      3. Осы тараудың қағидаларында Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бөліністердің мемлекеттік мүлкін есепке алу тәртібі, мемлекеттік мүліктің тізілімін түзудің және оның жұмыс істеуінің негізгі принциптері, сондай-ақ есепке алу объектілерінің құрамын, тізбесін, олар туралы мәліметтерді жинау, өңдеу және өзекті ету тәртібін айқындайды.
      Есепке алу объектілері туралы мәліметтерді өзекті ету мемлекеттік мүліктің құрамы туралы нақты, объективті және оған барабар ақпаратты есепке алу деректерінде көрсетуге мүмкіндік беретін жаңарту, толықтыру, өзгерту және өзге де іс-қимылдар арқылы жүзеге асырылады.

      197-бап. Мемлекеттік мүлікті есепке алудың түрлері

      1. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік мүлік тізілімі нысанында бірыңғай орталықтандырылған есепке алуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Осы Заңның 210 – 212-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүлікті ведомстволық есепке алуды мемлекеттік мүлік тізіліміне есепке алу объектілері туралы мәліметтерді беретін тиісті саланың уәкілетті органдары жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттік мүлік тізілімінде мемлекеттік мүліктің түрлері бойынша – республикалық және коммуналдық мүлікті бөлек есепке алу, ал жергілікті мемлекеттік басқару деңгейлері бойынша облыстық және аудандық коммуналдық мүлікті бөлек есепке алу жүзеге асырылады.
      Осы Заңның 17-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүлік тізілімінде көрсету үшін коммуналдық мүлікті есепке алуды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады.

      198-бап. Мемлекеттік мүлікті есепке алудың және
               мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігі
               мониторингінің объектілері

      1. Мемлекеттік мүлік тізілімінің есепке алу объектілері:
      1) мемлекеттік заңды тұлғалар және оларға бекітіліп берілген мүлік;
      2) жер пайдаланудағы жер учаскелері;
      3) акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акциялары және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестері;
      4) мемлекетке тиесілі ұлттық мәдени игілік объектілері;
      5) мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік құқығы объектілері;
      6) мемлекеттік материалдық резерв;
      7) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізу қағидаларында айқындалған мемлекеттік мүліктің өзге де түрлері (санаттары) болып табылады.
      2. Мемлекеттік мүлікті есепке алу объектілері туралы деректер осы объектілерді сипаттайтын мәліметтер болып табылады. Мемлекеттік мүлікті есепке алу объектіні басқа объектілерден айырып тануға мүмкіндік беретін жеке сипаттамаларын көрсете отырып, есепке алу объектісінің сипаттамасын қамтуға тиіс.
      3. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мемлекеттік мүлікті есепке алуды тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.
      4. Осы тараудың қағидалары мемлекеттік немесе жергілікті қазынаны құрайтын мүлікке қолданылмайды. Бұл мүлікті есепке алу Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
      5. Мемлекеттік материалдық резервті құрайтын мемлекеттік мүлікті есепке алуды тиісті саланың уәкілетті органы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
      6. Реквизициялау тәртібімен мемлекетке өткен мемлекеттік мүлікті есепке алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      7. Мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігі мониторингінің объектілері:
      1) мемлекеттік кәсіпорындар;
      2) мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қоса алғанда, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, оның ішінде Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар;
      3) мемлекеттік мүліктің құрамына кіретін, оның ішінде сенімгерлікпен басқарудағы, жалдаудағы, концессиядағы мүліктің барлық түрлері болып табылады.
      Ескерту. 198-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.01 N 551-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      199-бап. Мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсетілетін
               мәліметтер

      1. Мемлекеттік мүліктің тізілімінде мемлекеттік мүлікті есепке алу объектісі бойынша мынадай мәліметтер:
      1) объектіні сәйкестендіруге мүмкіндік беретін оның сипаттамасы;
      2) объектінің белгілі бір мемлекеттік емес заңды тұлғаға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаға шартқа сәйкес тиесілігі немесе бекітіліп берілуі туралы мәліметтер;
      3) объектінің баланстық құны;
      4) мүлікке үшінші тұлғалардың құқықтарымен салынған ауыртпалықтың болуы туралы мәліметтер және ауыртпалықтар салу түрі;
      5) объектінің күтіп ұсталуына немесе сақталуына жауапты тұлғалардың реквизиттері;
      6) объектіге құқықтардың туындау және тоқтатылу негіздері, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік мүлікке құқықтарды міндетті түрде тіркеу жағдайында – объектіні және (немесе) оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер көрсетіледі.
      2. Есепке алу объектілері үшін мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсетілетін қосымша мәліметтердің құрамына мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарлары және олардың орындалуы туралы есептері кіреді.
      Мемлекеттік мүлікті есепке алу объектілері үшін мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсетілетін қосымша мәліметтердің құрамы мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларында айқындалады.
      3. Мемлекеттік мүліктің тізіліміне мәліметтердің сапалы және уақтылы ұсынылуы үшін мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің атқарушы органдарының басшылары жауаптылықта болады.

      200-бап. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу

      1. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мемлекеттік мүлікті басқаруға және оның сақталуына бақылау жасауға байланысты шешімдер қабылдау кезінде мемлекеттік мүлік тізілімінің деректерін пайдаланады.
      2. Мемлекеттік мүліктің тізіліміне есепке алу тіркеу және ақпараттық мақсаттарды жүзеге асыруға арналған және оның құқық белгілеушілік немесе құқық куәландырушылық мәні болмайды.
      3. Мемлекеттік мүліктің тізілімін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган құқықтық кадастр деректері, сондай-ақ жер ресурстарын басқару, мемлекеттік статистика, салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету, бағалы қағаздар нарығын реттеу және қадағалау, бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу мәселелері жөніндегі орталық атқарушы органдардың және басқа да орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері базасында Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен қалыптастырады және жүргізеді. Бұл деректер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысанда, көлемде және кезеңділікпен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға берілуге жатады.
      4. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу кезінде облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейіндегі республикалық және коммуналдық мүлік объектілері бөлек есепке алынуға жатады.
      Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың коммуналдық мүлкі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік мүлік тізіліміне есепке алынуына жатады.
      5. Мемлекеттік мүліктің тізіліміне мемлекеттік заңды тұлғалардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың атаулы тізбесі кіреді. Мемлекеттік заңды тұлғаларды және мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру, тарату, қайта тіркеу, атауларын өзгерту мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіппен мемлекеттік мүліктің тізіліміне есепке алынуға жатады. P1100684
      6. Мемлекеттік заңды тұлғалар есепке алу объектілері деректерінің мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілуін, сондай-ақ мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган белгілеген бірыңғай мерзімде, бірыңғай әдістеме және деректер пішімі бойынша мемлекеттік мүлікке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекеттік мүлікті түгендеу мемлекеттік мүліктің нақты бар екенін анықтауды, сондай-ақ ескерілмеген және бекітіп берілмеген мемлекеттік мүлікті анықтауды және оны одан әрі мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіп беруді қамтамасыз етуге тиіс.
      7. Мемлекеттік мүлік тізілімінің деректері мемлекетке тиесілі.
      8. Мемлекеттік органдар, заңды және жеке тұлғалар мемлекеттік мүлік тізілімінің деректерін пайдаланушылар болып табылады. Мемлекеттік мүлік тізілімінің деректеріне қол жеткізуді мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы қамтамасыз етеді.
      9. Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор:
      1) мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу үшін қажетті бағдарламалық қамсыздандыруды әзірлеуді, енгізуді және жаңғыртуды жүзеге асырады;
      2) мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізудің техникалық және бағдарламалық құралдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
      3) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталын құруды, оның жұмыс істеуін және техникалық сүйемелденуін қамтамасыз етеді;
      4) мемлекеттік мүліктің тізілімін пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетеді;
      5) мемлекеттік мүліктің тізілімін пайдаланушылардың мемлекеттік мүлік тізілімінің деректеріне қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
      6) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы мемлекеттік органдарға консультациялық және практикалық көмек көрсетеді;
      7) мемлекеттік мүлікті есепке алуды жүзеге асыру кезінде техникалық жобаларды басқару функциясын жүзеге асырады;
      8) мемлекеттік мүліктің тізіліміне есепке алу объектілері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
      9) мемлекетке тиесілі немесе мемлекеттің оларға қатысты мүліктік құқықтары бар бағалы қағаздарды номиналды ұстаушының функциясын жүзеге асырады.
      10. Мемлекеттік мүліктің тізілімін қалыптастыруға және жүргізуге арналған шығыстарды қаржыландыру тиісті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      201-бап. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу тәртібі

      1. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу:
      1) тізілімге есепке алу объектісі туралы деректерді енгізу;
      2) есепке алу объектісі туралы деректерді өзекті ету;
      3) есепке алу объектісін тізілімнен алып тастау арқылы жүзеге асырылады.
      2. Объектіні мемлекеттік мүліктің тізіліміне қосу осы Заңның 199-бабында көзделген мәліметтерді тізілімге енгізуді білдіреді.
      3. Есепке алу объектісіне мемлекеттің құқықтарының тоқтатылуына байланысты оны тізілімнен алып тастаған кезде осы объектіні байқау тоқтатылады.
      Есепке алу объектісін бір мемлекеттік органның басқаруынан екіншісіне беру, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға иеленуге және (немесе) пайдалануға беру есепке алу объектісін тізілімнен алып тастауға негіз болып табылмайды.
      Мемлекеттік мүліктің тізілімінен алып тасталған есепке алу объектісі туралы деректер тізілім деректері базасының мұрағатына ауыстырылады.
      4. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларын, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау және пайдаланушыларға мемлекеттік мүліктің тізілімінен мәліметтер ұсыну тәртібін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      202-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару тиiмдiлiгiн бағалау
               және мемлекеттік мүліктің пайдаланылуын бақылау

      1. Мемлекеттік мүлікті басқару тиiмдiлiгiн бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
      Бағалау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік мүлікті басқару тиiмдiлiгi туралы жылдық есеп ұсынылады.
      2. Ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік заңды тұлғалар мүлкінің сақталуына және ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарының орындалуына бақылау жасауды тиісті саланың уәкілетті органы және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттік мүліктің мақсатқа сай пайдаланылуын бақылауды және артық, пайдаланылмаған не мақсатқа сай пайдаланылмаған мүлікті алып қоюды, республикалық мүлікке қатысты – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, коммуналдық мүлікке қатысты жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен кемінде үш жылда бір рет жүзеге асырады.
      4. Мемлекеттік мүліктің пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі әдістемелік басшылықты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

16-тарау. МЕМЛЕКЕТ ЖЕКЕЛЕГЕН НЕГІЗДЕР БОЙЫНША САТЫП АЛАТЫН НЕМЕСЕ ИЕЛІКТЕН ШЫҒАРАТЫН МҮЛІКТІ БАҒАЛАУ

      203-бап. Мемлекет жекелеген негіздер бойынша сатып алатын
               немесе иеліктен шығаратын мүлікті бағалау туралы
               жалпы ережелер

      1. Осы тараудың қағидалары стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты іске асыру, мемлекет меншігіне алу, реквизициялау, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару, мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу төлеміне беру, мемлекеттік заттай гранттарды табыс ету кезінде мүлікті бағалауға қолданылады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекет сатып алатын немесе иеліктен шығаратын мүлікті бағалауды «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы жүргізеді.
      3. Бағалаушыға сыйақы төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
      4. Бағалау нәтижелерінің дәйектілігі туралы, сондай-ақ қайта бағалау жүргізу және оның дәйектілігі туралы даулар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен шешіледі.
      5. Мемлекеттің мүлікке құқықтарға ие болуы және олардың тоқтатылуы, мемлекеттік мүлікті иеленуге және (немесе) пайдалануға беру кезінде туындайтын мүлікті бағалау жөніндегі қатынастарға «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының қағидалары қолданылады.

      204-бап. Мемлекет жекелеген негіздер бойынша сатып алатын
               немесе иеліктен шығаратын мүлікті бағалаушыны
               айқындау тәртібі

      Осы Заңның 203-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекет сатып алатын немесе иеліктен шығаратын мүліктің жекелеген түрлері үшін бағалаушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.

      205-бап. Мемлекет меншігіне алу кезінде мемлекет сатып
               алатын мүлікті бағалаудың ерекшеліктері

      1. Мемлекет меншігіне алынатын мүлікке бағалау жүргізу кезінде осы мүліктің алдағы мемлекет меншігіне алу туралы хабарландырудың нәтижесінде өзгеруі ескерілместен оның нарықтық құны белгіленуге тиіс.
      2. Мемлекет меншігіне алынатын мүліктің меншік иесінің талап етуі бойынша мемлекет меншігіне алынатын мүліктің өтем төленген күнгі құнына қайта бағалау жүргізіледі. Бағалаушыға сыйақы төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
      3. Мемлекет меншігіне алынатын мүлік құнының өтемін өзге мүлікпен төлеу кезінде меншік иесіне мемлекет меншігіне алынатын мүліктің орнына берілетін мүлікті бағалау осы Заңның 203 және 204-баптарының қағидалары бойынша жүргізілуге тиіс.

      206-бап. Стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты
               іске асыру кезінде мемлекет сатып алатын мүлікті
               бағалау ерекшеліктері

      1. Стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты іске асыру кезінде мемлекет сатып алатын мүлікке бағалау жүргізу кезінде осы Заңның 188-бабының 1-тармағына сәйкес стратегиялық объектінің меншік иесі табыс еткен стратегиялық объектіні бағалау туралы есепте айқындалған стратегиялық объектінің нарықтық құны, мемлекеттің стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын іске асыруы туралы хабарландырудың нәтижесінде оның өзгеруі ескерілмей белгіленуге тиіс.
      2. Стратегиялық объектіге қайта бағалау жүргізу осы Заңның 203 және 204-баптарының қағидалары бойынша айқындалатын бағалаушыға тапсырылуы мүмкін. Стратегиялық объектіге бастапқы бағалауды жүргізген бағалаушы стратегиялық объектіні қайта бағалауды жүзеге асыра алмайды.
      3. Стратегиялық объектінің меншік иесінің талап етуі бойынша стратегиялық объектінің өтем төленген күнгі құнына қайта бағалау жүргізілуі мүмкін. Бағалаушыға сыйақы төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

      207-бап. Реквизициялау кезінде мемлекет сатып алатын
               мүлікті бағалау ерекшеліктері

      1. Реквизициялау кезінде бағалаушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес реквизициялауды жүргізетін уәкілетті орган айқындайды.
      2. Реквизициялау кезінде мүлікті бағалауды реквизициялауды жүргізетін уәкілетті орган бекітеді.
      3. Реквизицияланатын мүлікті бағалау және оның құнын өтеу мөлшерін айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      208-бап. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қою кезінде
               мемлекет ие болатын мүлікті бағалау
               ерекшеліктері

      1. Мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесіне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке бағалау жүргізу кезінде осы мүліктің нарықтық құны осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыны қабылдау нәтижесінде оның өзгеруі ескерілмей белгіленуге тиіс.
      Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті бағалау, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекітетін бағалау стандартына сәйкес жүргізіледі.
      2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің меншік иесінің атқарушы органға жіберілетін талабы бойынша мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүліктің өтем төленген күнгі құнына қайта бағалау жүргізілуге тиіс. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті қайта бағалауды мүлікті бастапқы бағалауды жүргізген бағалаушы жүзеге асыра алмайды.
      3. Өтемді ақшадан өзгеше мүлікпен ұсыну кезінде оны бағалау осы Заңның 203 және 204-баптарының қағидалары бойынша жүргізілуге тиіс.

      209-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің
               жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не
               акционерлік қоғам акцияларының төлеміне
               берілетін мемлекеттік мүлікті бағалау
               ерекшеліктері

      1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларының төлеміне берілетін мемлекеттік мүліктің құнын бағалаушы растауға тиіс.
      2. Мүлікті пайдалану құқығын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларының төлеміне беру кезінде осы салымның мөлшері немесе акциялар төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 59-бабы 1-тармағының қағидалары бойынша және «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдары бойынша осындай мүлікті пайдаланғаны үшін төлеммен айқындалады.

17-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІҢ ҚҰРАМЫНА ЖЕКЕЛЕГЕН НЕГІЗДЕР БОЙЫНША ТҮСКЕН МҮЛІКТІ ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      210-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер
               бойынша түскен мүлікті есепке алу ерекшеліктері

      1. Осы тарауда көзделген мүлікті есепке алу ерекшеліктері мынадай:
      1) тәркілеу;
      2) сот актілерінің негізінде заттай айғақтарды мемлекет кірісіне айналдыру;
      3) мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбелерді табу;
      4) лауазымдық жағдайына байланысты немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне берілген, арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусiз тапсыруға жататын сыйлықтар;
      5) республикалық мүліктің құрамына - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның iшiнде мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимiнде ресiмделген тауарлар мен көлiк құралдарын өтеусіз беру;
      6) коммуналдық меншікке түскен жылжымайтын затты соттың иесі жоқ деп тануы;
      7) өсиет бойынша мұрагерлік;
      8) иесіз қалған мүліктің мемлекетке өтуі;
      9) олжаның мемлекетке өтуі;
      10) қараусыз қалған жануарлардың мемлекетке өтуі;
      11) мүлікті коммуналдық меншік құрамына өтеусіз беру (сыйға тарту);
      12) мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұрмайтын көмбелерді табу негіздері бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүліктерге қолданылады.
      2. Осы Заңның 15-тарауының қағидалары, осы мүлік дереу жойылуға немесе өткізілуге жататын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алуға қолданылады. Мұндай жағдайларда осы мүлік туралы мәліметтер есепке алынуға жатады, бірақ мемлекеттік мүліктің тізіліміне ұсынылмайды.

      211-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер
               бойынша түскен мүлікті есепке алуды, сақтауды
               және одан әрі пайдалануды жүзеге асыратын
               органдар

      1. Атқарушылық іс жүргізу органдары республикалық меншiкке айналдырылған (түскен) мынадай мүлiктi:
      1) тәркіленген мүлікті;
      2) сот актілерінің негізінде мемлекет кірісіне айналдырылған заттай айғақтарды;
      3) мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбелерді;
      4) лауазымдық жағдайына байланысты немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне берілген, арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусiз тапсыруға жататын сыйлықтарды;
      5) республикалық меншікке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеусіз өткен мүлікті, оның iшiнде мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимiнде ресiмделген тауарлар мен көлiк құралдарын есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады.
      2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен) мынадай мүлікті:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесі жоқ деп танылған;
      2) мұрагерлік құқығы бойынша мемлекетке өткен, сондай-ақ иесіз қалған мүлікті;
      3) олжаларды;
      4) қараусыз қалған жануарларды;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткен мүлікті;
      6) мәдени құндылықтарға жататын заттарды қамтымайтын көмбелерді (қазыналар үлесін) есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша түскен мүлікті одан әрі пайдалану, осы тарауда белгіленген жағдайларды қоспағанда, оны өткізу арқылы жүзеге асырылады.
      4. Осы бапта көрсетілген негіздер бойынша мемлекет алған мүлікті заңды және жеке тұлғаларға уақытша пайдалануға беруге тыйым салынады.

      212-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер
               бойынша түскен мүлікті есепке алу және сақтау
               қағидалары

      1. Мүлiктi есепке алу:
      1) тиiстi сот актілерi;
      2) нотариус беретiн, мемлекеттiң мұрагерлiкке құқығы туралы куәлiк;
      3) кедендiк ресiмдеу аяқталғаннан кейiн мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимiне сәйкес мәлiмделген кедендік жүк декларациясы;
      4) мемлекеттің меншiк құқығы туындағанын растайтын өзге де құжаттар негiзінде жүзеге асырылады.
      2. Мүлiк тiзiмдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актiсi негiзiнде беріледi. Мүлiктi тiзiмдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актiсi онда көрсетiлген тараптардың санына қарай жасалады.
      3. Мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілерін есепке алу үшін актілерді есепке алу кітабы жүргізіледі. Актілерді есепке алу кітабында мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілері олардың түсуіне қарай тіркеледі. Жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті есепке алуды жүргізу тәртібін, мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілерінің және актілерді есепке алу кітабының нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      4. Осы баптың қағидалары бойынша мемлекетке түскен мүлікті сақтау осы Заңның 211 және 213-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.

      213-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер
               бойынша түскен мүлікті өткізу

      1. Мемлекет жекелеген негіздер бойынша сатып алған мемлекеттік мүлікті өткізу мынадай тәртіпті сақтау арқылы жүргізіледі:
      1) комиссия шартының негiзiнде сауда ұйымдары арқылы:
      жарамдылық (сақталу) мерзiмi шектелген азық-түлiк тауарлары;
      бұрын пайдалануда болған өнеркәсiп тауарлары (көлiк құралдарынан, антикварлық бұйымдар мен тауарлардан басқа) өткізіледі;
      2) қор биржасындағы сауда-саттықта бағалы қағаздар өткізіледі;
      3) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген өзге де мүлік аукциондарда өткізіледі.
      Егер сауда ұйымдары арқылы немесе аукциондарда өткізуден кейін мүлік толықтай немесе iшiнара өткізілмей қалса, атқарушылық іс жүргізу органы немесе жергілікті атқарушы орган осы мүлікті қайта бағалауды жүргізеді.
      Ең төменгі баға бойынша өткізілмеген жылжымалы мүлікті пайдаланудың және жоюдың тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      2. Осы баптың қағидалары бөлшектелген көлiк құралдарына, өнеркәсiптік және өзге де жабдықтар объектілеріне, аяқталмаған құрылысқа не мәнi жағынан ұқсас басқа мүлiкке пайдаланылады. Көрсетілген мүлік қосалқы бөлшектер, құрылыс материалдары немесе қара және түсті металдардың сынықтары ретiнде бағаланады және өткізіледі.
      3. Осы бапта көрсетілген мүлiктi өткізуден түскен қаражат Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген тәртіппен бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.
      4. Мүлiктi есепке алуға, бағалауға, сақтауға, жөнелтіп жiберуге, оны сатуды ұйымдастыруға және одан әрi пайдалану жөнiндегi өзге де шығындарға байланысты шығыстар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      5. Сот мүлiктің мемлекет меншiгiне түсуіне негіз болған актiнің күшін жойған (тиiстi бөлiгін өзгерткен) жағдайда атқарушылық іс жүргізу органдары немесе жергілікті атқарушы органдар мүлiктi заттай қайтаруды жүргiзедi. Егер мүлiк Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өткізілген болса, оның құнын өтеу оны өткізуден алынған қаражат шегiнде жүргiзіледi.
      Залалдар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабының 4-тармағына сәйкес өтелуге жатады.

      214-бап. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени
               құндылығы бар мүлікке құқықтарды жүзеге асыру
               ерекшеліктері

      1. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы болуы мүмкін мүлiкке «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын арнаулы комиссия сараптама жасайды.
      2. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылыққа жатқызылған мүлiк тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша мемлекеттік мұражайларға өтеусiз берiлуі мүмкін.

      215-бап. Ақшаға, бағалы металдарға, асыл тастарға және
               олардан жасалған бұйымдарға құқықтарды жүзеге
               асыру ерекшеліктері

      1. Ақша түрiндегі мүлiк бюджет кiрiсiнің есебіне жатқызылады.
      Шетел валютасы операция жасалған күнi белгiленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң филиалдары арқылы бюджет кiрiсiнің есебіне жатқызылады. Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған, айырбасталмайтын шетел валютасын қабылдау, сақтау, өткізу тәртібін, сондай-ақ оларды өткізуден түскен ақшаны бюджет есебіне жатқызу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
      2. Ақша түрiндегi мүлiктi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және олардың филиалдарына берудi осындай мүлiктi алған орган мүлiктiң сомасы, берілу уақыты және алушысы көрсетілген беру туралы хабарламаны уәкiлетті органға жiбере отырып жүргiзедi.
      3. Мемлекеттік меншіктің құрамына түскен салымдар (депозиттер) сомасын банктер номиналды түрде толық көлемінде бюджеттің кiрiсiне аударады.
      4. Бағалы металдар, асыл тастар және олардан жасалған бұйымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жiберiледi және тапсырылады.
      Мемлекет меншiгіне жекелеген негiздер бойынша айналдырылған (түскен) бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды тасымалдау, қабылдау, есепке алу, бағалау, сақтау және өткізу тәртiбiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің келісімі бойынша атқарушылық іс жүргізу органы белгiлейді.
      Арнаулы мемлекеттiк қордың бағалы металдардан жасалған сыйлықтарын сараптауды, бағалауды және өткізгенге дейін сақтауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
      5. Осы баптың қағидалары лотерея билеттерi бойынша ұтыс түрiнде мүлiкке қолданылады. Лотерея билеттері бойынша заттай ұтыстың құнын лотереяның ұйымдастырушысы болып табылатын тұлға бюджет кірісінің есебіне жатқызады.
      Лотерея билеттерiн беру тiзiмдеме актiсi бойынша жүргiзiледi, онда лотереяның атауы, шығарылған күнi, ұтыс ойынын жүргiзген тұлғаның атауы, билеттердiң сериясы, нөмiрi және ұтыстың сомасы көрсетiледі.

      216-бап. Сыйлыққа құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері

      1. Лауазымдық жағдайларына байланысты немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге жария түрде немесе ресми іс-шаралар кезінде, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне берілген (тапсырылған), құны Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген он айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар мемлекетке берілген сыйлық болып есептеледі және мемлекеттік мүліктің құрамына түседі, ол арнаулы мемлекеттік қорды қалыптастырады және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен және шарттарда атқарушылық іс жүргізу органдарына немесе жергілікті атқарушы органдарға тапсырылады.
      2. Арнаулы мемлекеттiк қордағы мүлікті өткізу «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып жүргiзiледi.
      3. Атқарушылық іс жүргізу органдары немесе жергілікті атқарушы органдар арнаулы мемлекеттік қорға сыйлықты тапсырған тұлға оны сатып алудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда ғана сыйлықты үшінші тұлғаларға өткізуге құқылы.

      217-бап. Сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға
               сәйкес келмейтін азық-түлiк шикізатына, тамақ
               өнімдеріне және өзге де мүлікке құқықтарды
               тоқтату ерекшеліктері

      Сапасы мен қауiпсiздiгiне нормативтiк құжаттарда қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлiк шикiзатын, тамақ өнiмдерiн, шыққан елi белгіленбеген, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларға және гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтiн, акциздiк таңбаларсыз өткізілетін темекi бұйымдарын және құрамында темекi бар басқа да бұйымдарды, сондай-ақ тасымалдауға, сақтауға, өткізуге, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама мен сертификаттауды жүргiзуге байланысты шығындары өздерінің бағалау құнынан асып түсетiн тауарлардың шамалы партияларын және өзге де мүлiктi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес атқарушылық іс жүргізу органдары немесе жергілікті атқарушы органдар құратын комиссия жояды.
      Қажет болған жағдайларда комиссияның құрамына санитариялық-эпидемиологиялық қызметтiң қызметкерлерi және жергiлiктi атқарушы органдар мен басқа да мүдделi ұйымдардың өзге де мамандары тартылуы мүмкін.

      218-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын
               үйлерге құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері

      Осы Заңның 19-бабында көрсетілген жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын үйлер мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорына енгізіледі.
      Мемлекет меншігіне жекелеген негіздер бойынша түскен тұрғын үйлерді одан әрі пайдаланудың тәртібі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

18-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

      219-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін екі жыл өткен соң қолданысқа енгізілетін 15-тарауды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 9-10, 66-құжат; № 24, 164-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 183-құжат; № 13-14, 205-құжат; 1998 ж., № 23, 429-құжат; 1999 ж., № 22, 789-құжат; № 23, 916-құжат; 2001 ж., № 10, 126-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 11, 71-құжат; 2004 ж., № 11-12, 65-құжат; 2006 ж., № 12, 71-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 4, 33-құжат; № 9, 67-құжат; № 18, 143-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 24, 126-құжат; 2009 ж., № 15-16, 76-құжат; № 18, 86-құжат; № 23, 112-құжат);
      2) «Жекешелендіру туралы» 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 163-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 189-құжат; 1999 ж., № 21, 786-құжат; № 23, 916-құжат; 2000 ж., № 21, 396-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 1-2, 6-құжат; № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат).
      3. Тіркеуші органдар осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін мүліктік кешендер ретінде жекешелендірілген мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік кәсіпорын қызметінің тоқтатылуы туралы жазбаны осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде мемлекеттік мүліктің сатушысы табыс еткен, мүлікті сатып алу-сату шарты және беру актісі негізінде енгізеді.
      4. Орман шаруашылығын жобалау саласындағы қызметті жүзеге асыратын, өз қызметін 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асыра алатын мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған, өздерінің қызмет түрлері осы Заңда көзделмеген мемлекеттік кәсіпорындар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таратылуға, қайта құрылуға немесе жекешелендірілуге тиіс.

      220-бап. Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік мүлік бойынша қабылданған нормативтік құқықтық актілерді осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай мерзімде осы Заңға сәйкес келтіру жөнінде шаралар қабылдасын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу тәртібі мен мемлекеттік мүліктің тізілімін жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітсін және осы іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз етсін.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев