Республикалық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1102 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 ақпандағы № 88 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 13.02.2014 № 88 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 74-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Республикалық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi                           К. Мәсiмов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2011 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 1102 қаулысымен    
бекітілген        

Республикалық мүлікті мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру
қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Республикалық мүлікті мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және республикалық мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібін айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне бекітілген мүлікті, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери мүлкін және пайдаланылмайтын әскери мүлкін қоспағанда, республикалық заңды тұлғалардың теңгеріміндегі және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің иелігіне түскен жылжымалы және жылжымайтын мүлік (заттар) мүліктік жалдау (жалға алу) объектілері (бұдан әрi - объектілер) болып табылады.
      Ақша, бағалы қағаздар және мемлекеттің мүліктік құқықтары мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру шартының объектісі (нысанасы) бола алмайды.
      3. Объектілерді мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беруді мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – жалға беруші) объектінің баланс ұстаушысының келісімі бойынша жүзеге асырады.
      4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мемлекеттік мүлікті жалдаушы (жалға алушы) ретінде (бұдан әрі – жалдаушы) әрекет етеді.
      5. Мүлiктiк жалдау (жалға алуға) шарты (бұдан әрі – шарт) шарт талаптарын тиiсiнше орындаған жағдайда шарттың қолданылу ұзарту құқығымен үш жылдан аспайтын мерзiмге жалға берушінің шешімі (бұйрығы) негізінде жасалады.
      Егер шартта белгіленген мерзім өткенге дейін баланс ұстаушы жалға берушіге шарттың қолданылу мерзімін ұзартудан жазбаша бас тартуды ұсынбаса, шарттың қолданылу мерзімін ұзарту жалға берушінің шешімі (бұйрығы) негізінде негізгі шартқа қосымша келісім жасау жолымен жүзеге асырылады.
      Шарттың қолданылу мерзімін ұзартуды қоспағанда, шартта белгіленген мерзім өткеннен кейін Шарт тоқтатылды деп саналады.
      Шартта жалдаушыға Заңның 105106120 және 145-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге заңдарында тікелей көзделген жағдайларда жалдауға (жалға алуға) берілген объектіні иеліктен шығару туралы талап көздеулі мүмкін.
      6. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган республикалық заңды тұлғаларға бекітілген мүлікті мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беруге талдау жүргізеді.
      Мүлікті мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беруге талдау жүргізу тәртібін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
      7. Мемлекеттік меншiк болып табылатын тарих және мәдениет ескерткiштерін жеке және заңды тұлғаларға пайдалануға беруге шарт жасасу ерекшеліктері «Тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңында айқындалады.

2. Тендер өткізбей объектiлердi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру

      8. Объектілерді мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру:
      1) алаңы 100 шаршы метрге дейінгі үй-жайларды, ғимараттарды және құрылыстарды, қалдық құны 150 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын жабдықтарды және оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың үй-жайларын курстық сабақтар, конференциялар, семинарлар, концерттер және спорттық іс-шаралар өткізу үшін бір айдан аспайтын мерзімге беру;
      2) тауарларды жеткізуге, жұмыстарды орындауға және объектілердің баланс ұстаушыларына қызмет көрсетуге байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан өнім берушілерге үй-жайлар беру жағдайларын қоспағанда, тендерлік негізде жүргізіледі.
      Жалдаушының алып отырған үй-жайлары мөлшерінің шартта көрсетілген үй-жайлардың мөлшеріне сәйкестігі үшін объектінің баланс ұстаушысы жауапты болады.
      9. Осы Қағиданың 8-тармағының 1) тармақшасында көзделген объектілерді мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге екі немесе одан да көп өтінімдер берілген жағдайда, оларды мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тендер өткізу арқылы жүзеге асырылады.
      10. Объектіні тендер өткізбей мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру кезінде жалдаушының объектіні мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге арналған өтініміне (бұдан әрі - өтінім) (еркін нысанда) мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) объектіні мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге баланс ұстаушының жазбаша келісімі;
      2) объектіге деген қажеттілік негіздемесі;
      3) заңды тұлғалар үшін:
      салыстыру үшін міндетті түрде түпнұсқасын ұсына отырып, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі немесе көрсетілген құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі не мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
      салыстыру үшін міндетті түрде түпнұсқасын ұсына отырып, құрылтай құжаттарының (құрылтай шарты және жарғы), салық төлеуші куәлігінің көшірмелері не көрсетілген құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      жеке тұлғалар үшін – салыстыру үшін міндетті түрде түпнұсқасын ұсына отырып, жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің, жеке тұлғаның жеке басын растайтын құжаттың, салық төлеуші куәлігінің және үй кітапшасының көшірмелері не көрсетілген құжаттардың  нотариалдық куәландырылған көшірмелері;
      4) акционерлік қоғамдар үшін – бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімінен үзінді көшірме;
      жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін – серіктестікке қатысушылардың тізілімінен үзінді көшірме (серіктестіктікке қатысушылардың тізілімі жүргізілген жағдайда);
      5) шетелдік заңды тұлғалар үшін – қазақ және орыс тілдеріне нотариалдық куәландырылған аудармасы бар құрылтай құжаттары;
      6) өтінімді беру сәтінде салықтық берешегі жоқ екені туралы салық органының анықтамасы.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 N 391 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      11. Объектіні мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге өтінімді жалға беруші күнтізбелік 15 күннен асырмай қарайды.
      Жалдаушы өтінімді және ұсынылған құжаттарды қарау нәтижесі бойынша мынадай:
      1) объектіні нысаналы мақсаты бойынша мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру туралы;
      2) осы Қағиданың 4-тарауына сәйкес аталған объекті бойынша тендер өткізу туралы;
      3) себептерін көрсете отырып, жазбаша түрде бас тарту туралы шешімдердің біреуін қабылдайды.
      12. Жалдаушымен шартты жалға берушінің басшысы немесе оның міндетін атқарушы адам осы Қағиданың 47505152-тармақтарының талаптарына сай келетін шарттарда Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекеттік мүліктің мүлiктiк жалдауға (жалға алу) үлгілік шартына сәйкес өтінім берілген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей жасайды.
      13. Баланс ұстаушының объектіні жалдаушыға беруі осы Қағиданың 6-тарауына сәйкес қабылдау-беру актісі бойынша жүзеге асырылады.
      14. Үй-жайлар алаңының мөлшеріне қарамастан, үй-жайларды (банктердің есептеу-кассалық орталықтары, «Қазпошта» АҚ) банктік операцияларды жүзеге асыру үшін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру банкоматтар мен мультикассаларды орнатуға арнаған алаңдарды қоспағанда, тендер негізінде жүргізіледі.

3. Тендер өткізуге дайындық

      15. Жалға берушi тендер өткiзу туралы шешiм қабылдау кезiнде:
      1) тендер комиссиясын қалыптастырады;
      2) тендер өткiзу күні мен орнын, оның шарттарын, сондай-ақ тендер жеңiмпазын таңдау өлшемдерiн айқындайды;
      3) тендер құжаттамасын бекiтедi;
      4) осы Қағиданың 24-тармағында көзделген құжаттарды қабылдайды;
      5) тендерге қатысушыларды тіркеуді жүзеге асырады;
      6) кепiлдiк жарналар қабылдайды;
      7) тендер комиссиясы отырысының хаттамаларын бекiтедi;
      8) тендер жеңiмпазымен шарт жасасуды қамтамасыз етедi;
      9) осы Қағиданың 26-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда тендер аяқталғаннан кейін тендерге қатысушыларға кепілдік жарналарды қайтарады;
      10) осы Қағидада көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      16. Тендердің ұйымдастырушысы ретінде жалға беруші әрекет етеді.
      17. Тендер комиссиясының құрамына жалға берушiнiң, баланс ұстаушының, басқа да мүдделi мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкiлдерi енгiзiледі. Жалға беруші қажет болған жағдайда тәуелсiз мамандар мен сарапшыларды тартады. Жалға берушiнiң өкiлi комиссия төрағасы болып табылады.
      Комиссияның құрамы жалға берушiнiң бұйрығымен бекiтiледi.
      18. Тендер комиссиясы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) жалға беруші белгілеген мерзімде және олар ұсынған объекті туралы деректердің негізінде осы Қағиданың 57-тармағына сәйкес есептелген жалдау ақысының ставкасынан төмен болмайтын, жалдау ақысының ең төменгі ставкасы негізгісі болып табылатын тендердің шарттарын әзірлейді;
      2) тендер жариялау үшiн тендер құжаттамасын және басқа да қажеттi құжаттарды дайындайды;
      3) тендер өткiзедi;
      4) тендер жеңiмпазын айқындайтын қорытындыны немесе тендердің қорытындысы бойынша өзге де шешiмді қамтитын тендер комиссиясы отырысының хаттамасын ресiмдейдi;
      5) осы Қағидада көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      19. Жалға беруші мерзімді баспа басылымдарында және мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі - тізілім) веб-порталында өткізу туралы хабарламаның оларды өткізуге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын қазақ және орыс тілінде жариялануын қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 N 391 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      20. Тендер өткiзу туралы хабарлама мынадай мәліметтерді:
      1) жалға берушінің атауын;
      2) тендер өткізу шарттарын және жеңiмпазды таңдау өлшемдерін;
      3) тендер объектiсiнiң қысқаша сипаттамасын;
      4) тендер өткiзу күнін, уақыты мен орнын;
      5) тендерге қатысуға өтiнiмдердi қабылдау мерзiмдерiн;
      6) мүлiктiк жалдау (жалға алу) мерзiмiн және жалдау ақысының бастапқы ставкасының мөлшерін (ол осы Қағиданың 57-тармағына сәйкес жалға беруші бекіткен есептеу ставкасынан төмен болмайтындай есептеледі);
      7) кепiлдiк жарнаның мөлшерiн, мерзiмi мен оны енгiзу үшін банк деректемелерін;
      8) тендерге қатысу үшiн қажеттi құжаттар тiзбесiн;
      9) шартты жасасу мерзімін;
      10) тендерлік құжаттаманы алу және тендер объектісімен танысу мекенжайын, мерзімдерін және шарттарын қамтиды.
      21. Тендерлік құжаттама мынадай негізгі бөлімдерді қамтиды:
      1) тендер объектiсi туралы мәлiметтер;
      2) өтiнiмнің және онымен бiрге ұсынылатын құжаттардың мазмұны бойынша талаптар;
      3) тендер өткiзудiң шарттары мен тәртiбi;
      4) тендер жеңiмпазын таңдау өлшемдері;
      5) шарттың жобасы;
      6) тендерге қатысуға өтiнiмнiң нысаны.

4. Тендерді өткізу

      22. Тендерге қатысушыларды тiркеу тендер өткiзу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және тендер өткiзiлгенге дейін бір жұмыс күні бұрын аяқталады.
      23. Жалға берушi тендер өткiзу туралы хабарлама жарияланғаннан кейiн объектiлер туралы ақпаратқа және тендер өткiзу қағидаларына барлық ниет бiлдiрушiлердiң еркiн, оның ішінде Тізілімнің веб-порталы  арқылы қол жеткiзуiн қамтамасыз етеді.
      24. Үмiткер тендерге қатысу үшiн жалға берушi белгiлеген мерзiмде:
      1) үмiткердiң тендерге қатысуға келiсiмiн және оның тендер шарттарын орындау мен шарт жасасу жөнiндегi мiндеттемелерін қамтитын тендерге қатысуға өтiнішті;
      2) желiмделген конвертте тендердiң шарттары бойынша ұсыныстарды;
      3) заңды тұлғалар үшін:
      салыстыру үшін міндетті түрде түпнұсқасын ұсына отырып, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесін немесе көрсетілген құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесін не мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы;
      салыстыру үшін міндетті түрде түпнұсқасын ұсына отырып, құрылтай құжаттарының (құрылтай шарты пен жарғы) және салық төлеуші куәлігінің көшірмелеріне көрсетілген құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін;
      жеке тұлғалар үшін – салыстыру үшін міндетті түрде түпнұсқасын ұсына отырып, жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің, жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың, салық төлеуші куәлігінің және үй кітапшасының көшірмелерін не көрсетілген құжаттардың нотариалдық куәландырылған көшірмелерін;
      4) акционерлік қоғамдар үшін – бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімінен үзінді көшірмені;
      жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін – серіктестікке қатысушылар тізілімінен үзінді көшірмені (серіктестікке қатысушылардың тізілімі жүргізілген жағдайда);
      5) шетелдік заңды тұлғалар үшін – қазақ және орыс тілдеріне нотариалдық куәландырылған аудармасы бар құрылтай құжаттарын;
      6) кепілдік жарнаның аударылғанын растайтын төлем тапсырмасының көшірмесін;
      7) өтініш беру сәтіне салықтық берешегі жоқ екені туралы салық органының анықтамасын беруі қажет.
      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 N 391 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      25. Өтініш тендерлік құжаттамада анықталған талаптар мен шарттарға сәйкес жасалады. Өтініштер қосарланған конверттерде қабылданады. Сыртқы конвертте осы Қағиданың 24-тармағында айтылған құжаттар болуы тиіс. Ішкі конвертте үміткердің ұсынысы болуы тиіс. Ішкі конверт өтінім берген сәтте жабық болуы және үміткер мөрлеуі тиіс.
      26. Өтінішті қабылдаған кезде жалға беруші ішкі конвертке салынғандарды қоспағанда, құжаттардың бар болуын тексереді. Егер құжаттар осы Қағиданың 24-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, жалға беруші өтінішті қабылдаудан және тіркеуден бас тартады.
      27. Өтінішті қабылдау жалға берушінің атына тігілген түрде, парақтарына нөмір қойылған және соңғы бетіне қол қойып, мөр басылған құжаттарды (егер осындай болған жағдайда жеке тұлға үшін) ұсынылған кезде жүргізіледі. Тендерге қатысуға ниет білдірген адамдарды тіркеу Тіркеу журналында көрсетіледі.
      28. Тендерге қатысушылар тендер өткiзу туралы хабарламада көрсетiлген мөлшерде, мерзiмдер мен тәртiппен, жалға берушiнiң депозиттiк шотына кепiлдiк жарна енгiзедi.
      Кепiлдiк жарнаның мөлшерi хабарлама жарияланғаннан кейiн өзгертiлмейдi. Жалға берушi кепiлдiк жарнаны алушы болып табылады.
      29. Тендерге қатысу үшiн кепiлдiк жарнаны тендер комиссиясы мүлікті жалдауға (жалға алуға) берілетін объекті үшін жалдаушының қызмет түрі мен жалдаушының құқықтық-ұйымдастырушылық нысанын ескеретін коэффициенттер ескерілместен, есептелген айлық жалдау ақысы мөлшерінде белгіленеді.
      30. Кепiлдiк жарна тендер жеңімпазының мынадай:
      1) тендерде жеңiске жеткен жағдайда, тендердiң нәтижелерi туралы хаттамаға қол қою;
      2) тендер нәтижелерi туралы хаттамаға сәйкес шарт жасасу мiндеттемелерiн қамтамасыз ету болып табылады.
      31. Жалға берушi кепiлдiк жарнаны:
      1) тендерге қатысушыға оны өткiзгенге дейін үш күннен кем уақыт қалғанда тендерге қатысудан жазбаша бас тартқан жағдайда;
      2) жеңiмпазға – ол тендер жеңiмпазының ұсыныстарына сай келетін талаптарда шарт жасасудан бас тартқан жағдайда қайтармайды.
      Қалған барлық жағдайларда кепілдік жарналар қатысушының кепілдік жарнаны қайтару туралы осы қатысушының деректемелері көрсетіле отырып өтініш берген күнінен бастап банктiк он күннен кешiктiрілмейтін мерзiмде қайтарылады. Тендерге қатысушылардың кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініштері жалға берушінің шотына салымдар түскеннен кейін қабылданады.
      32. Тендер комиссиясы тендердің шарттарын өзгерткен жағдайда барлық өзгерістер туралы хабарлама мерзімді баспа басылымдарында және Тізілім веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде тендерді өткізгенге дейін кемінде күнтізбелік бес күн бұрын жариялануы тиіс.
      Тендер шарттарының өзгертілгені туралы хабарлама жарияланғанға дейін тендерге қатысуға өтінім берген және осыған байланысты тендерге қатысудан бас тартқан адамдар жазбаша өтініш негізінде кепілдік жарнасын және өздерінің шеккен шығыстарын қайтаруды талап ете алады.
      33. Бір кепілдік жарна бір объектінің тендеріне қатысуға мүмкіндік береді.
      34. Тендерге қатысушылар:
      1) тендерге өзi немесе тиiстi түрде ресiмделген сенiмхаттың негізiнде өзiнiң өкiлдерi арқылы қатысады;
      2) тендерге шығарылатын объекті бойынша қосымша мәлiметтердi, нақтылауларды тегiн алады;
      3) объектiнi алдын ала тексеріп қарайды;
      4) өзінің құқықтары бұзылған кезде сотқа жүгiнеді;
      5) тендер басталғанға дейін кемінде үш күн бұрын бұл туралы жалға берушіге жазбаша хабарлап, қатысуға берген өзінің өтінішін қайтарып алады.
      35. Егер өтініштерді қабылдау мерзiмiнiң аяқталу сәтiнде бiр ғана өтiнiш тіркелген болса (екiншi және келесi тендерлердi қоспағанда), тендер өтпедi деп танылады. Өткізілмеген тендер туралы шешім тиісті хаттамамен ресімделеді.
      36. Тендер өтетiн күнi отырыста тендер комиссиясы тендерге қатысушылардың ұсыныстары бар ішкі конверттердi ашады және олардың ұсыныстарын жариялайды. Конверттердi ашу алдында комиссия олардың бүтiндiгiн тексередi, бұл ішкі конверттерді ашу хаттамасында тіркеледі.
      Конверттердi ашу және ұсыныстарды жариялау кезiнде тендерге қатысушылар немесе олардың уәкiлеттi өкiлдерi қатыса алады.
      37. Тендер комиссиясы ұсынылған ұсыныстардың тендерлiк құжаттамада қамтылған талаптарға сәйкестiгiн тексередi. Егер берілген  ұсыныстар тендерлiк құжаттамада қамтылған талаптарға сәйкес болмаған жағдайда, көрсетiлген ұсыныстар одан әрi қарауға жатпайды және мұндай  өтiнiш берген тұлға тендерге қатысушы мәртебесiн жоғалтады, бұл конверттерді ашу хаттамасында тіркеледі.
      38. Конверттерді ашу хаттамасында тендерге қатысу мәртебесін жоғалтқан тұлға туралы мынадай ақпарат:
      Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары үшін – заңды тұлғаның атауы, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) күні және тіркеу нөмірі (қайта тіркеу нөмірі), сондай-ақ олардың өкілінің өкілеттігін растайтын құжат;
      жеке тұлғалар үшін – ТАӘ, жеке куәлігі немесе паспортының нөмірі және берілген күні көрсетіледі.
      Осы хаттамаға тендерге қатысу мәртебесін жоғалтқан тұлға берген ұсыныстардың конкурстық құжаттамада қамтылған талаптарға сәйкес келмейтіндігін растайтын нақты мәліметтер енгізіледі.
      39. Конверттердi ашу хаттамасы ресімделгеннен кейін тендер комиссиясы ұсыныстарды талқылау және бағалау үшiн кеңесуге кетедi.
      40. Тендер комиссиясының шешiмдерi қатысып отырған комиссия мүшелерiнiң жай көпшiлiк дауысымен қабылданады, дауыстар тең болған кезде тендер комиссиясы төрағасының дауысы шешушi болып табылады.
      41. Тендер комиссиясының отырыстары, егер оларға тендер комиссиясы мүшелерiнiң кемінде 2/3-сi қатысса, заңды болып табылады. Бұл ретте тендер комиссиясы мүшелерінің дәлелді себеп бойынша растайтын құжаттамаларды ұсына отырып, келмеуіне болады.
      42. Тендер комиссиясының шешiмi бойынша объект үшін жалдау ақысының ең жоғары сомасын ұсынған және тендерлiк құжаттамада қамтылған барлық талаптарға сай келетін тендерге қатысушы тендер жеңiмпазы деп танылады.

5. Тендер нәтижелерін ресімдеу

      43. Тендер жеңiмпазын анықтайтын тендер комиссиясының қорытындысы немесе тендердің қорытындылары бойынша өзге шешiм тендер аяқталғаннан кейін бір күн мерзімде хаттамамен ресiмделедi, тендер комиссиясының барлық мүшелерi қол қояды және жалға берушi бекiтедi.
      Тендер жеңiмпазын айқындайтын хаттамаға тендердi жеңiп алушы да қол қояды.
      Тендердің нәтижелері туралы хаттаманың көшірмесі міндетті түрде барлық тендерге қатысушыларға, сондай-ақ жеңімпазға жіберіледі және оған сәйкес шарт жасалатын құжат болып табылады.
      44. Хаттамада мынадай деректер:
      1) тендерлік комиссияның құрамы;
      2) тендердiң шарттары;
      3) объекті туралы мәліметтер;
      4) тендерге қатысушылар мен олардың ұсыныстары туралы мәлiметтер;
      5) тендердiң жеңiмпазы туралы мәліметтер немесе жеңімпаздың болмауы себебін көрсете отырып, тендердің қорытындылары бойынша өзге шешім;
      6) жеңімпаздың тендерді жеңіп алу шарттары;
      7) шартқа қол қою бойынша тараптардың міндеттемелері қамтылады.
      45. Тендердiң нәтижелерi туралы хаттаманың негiзiнде тендер жеңiмпазының ұсыныстарына сай келетін талаптарда Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдаудың (жалға алудың) үлгі шартына сәйкес жеңімпазбен шарт жасалады.
      46. Жалға беруші не оның міндетін атқарушы тұлға тендер хаттамасына қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей тендердің жеңімпазымен шарт жасасады және Тізілімде тіркелуге жатады.
      47. Бір жылдан артық мерзімге жасалған шарт мемлекеттік тіркеуге жатады және осындай тіркеу сәтінен бастап жасалған болып есептеледі.
      Шарттарды мемлекеттік тіркеу жалдаушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      48. Тендердің жеңімпазына енгізілген кепілдік жарнаның сомасы жасалған шарт бойынша тендердің объектісін пайдаланғаны үшін төлем есебіне жатқызылады.
      49. Жеңімпаз тендер жеңiмпазының ұсыныстарына сай келетін талаптарда шарт жасасудан жазбаша бас тартқан жағдайда, жалға берушi бір күн мерзімде тендерге қалған қатысушылардың iшiнен (егер қалғандарының саны кемiнде екеу болса) Қағиданың 42-тармағының талаптарына сай келетін жеңімпазды анықтайды не жаңадан тендер өткiзу туралы шешiм қабылдайды.
      50. Жалға алынатын объектілерді қосалқы жалдауға тапсыру, сондай-ақ жалға алынған объекті үшін залалы жоқ объектінің ажырамас жақсартуларын жалдаушының өз қаражаты есебінен жүргізуі мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің келісімі бойынша, баланс ұстаушының келісімі және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жазбаша рұқсатымен жүзеге асырылады.
      Жалдаушы жүргізген объектілердің ажырауға келетін жақсартулары, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның меншігі болып табылады.
      Жалдаушы жүргізген объектілердің ажырамас жақсартуларының құны жалға берушінің келісімі бойынша республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
      51. Ажырамас жақсартуларды жүзеге асыруға рұқсат алу үшін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға тиісті өтінішті мына құжаттарды:
      1) жалдаушының өтінімдерін;
      2) объектіге ажырамас жақсартулар жүргізуге баланс ұстаушының келісімін;
      3) жалпы түсіндірме жазбаның құрамындағы енгізілетін ажырамас жақсартуларға қысқаша сипаттама және оларды жүргізу қажеттілігіне, сондай-ақ құнының еркін сметалық есебіне негіздеме берілетін жобалау-сметалық құжаттаманы;
      4) жаңадан салынатын объектілер үшін есептеулерді, көлемдік-жоспарланған, сындарлы және инженерлік жобалық шешімдердің сызбаларын қоса бере отырып, ұсынады.
      Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган бір ай мерзімде көрсетілген өтінішті қарайды және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне объектінің ажырамас жақсартуларын жүргізуге келісімі немесе бас тартуы туралы ақпарат береді.
      Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның рұқсатын алғаннан кейін жалдаушы объектінің ажырамас жақсартуларын жүргізуге кіріседі.
      Жалдаушы жүргізетін объектінің ажырамас жақсартуларының құнын өтеу үшін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
      1) жалдаушының өтемақы алуына өтінімін;
      2) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның объектінің ажырамас жақсартуларын жүргізуге жазбаша рұқсатын;
      3) объектілерді қайта жаңартудан және техникалық қайта жарақтандырудан кейін объектіні пайдалануға енгізуге рұқсат беретін құжатты (мемлекеттік комиссия актілері, объектіні пайдалануға енгізу бойынша жұмыс комиссиясының актісі және басқалары);
      4) орындалған жұмыстар актілерін бере отырып, тиісті өтініш ұсынуы қажет.
      Енгізілген ажырамас жақсартуларды растау үшін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қажетті мамандар мен сарапшыларды тартуы мүмкін.
      Ұсынылған құжаттарды қарау қорытындылары бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган тиісті шешім қабылдайды, ол туралы ақпарат Тізілімге енгізіледі.
      52. Күрделі жөндеуді жүзеге асыру бойынша міндеттеме объектіні жалдаушыға жүктелген жағдайда объектіні күрделі жөндеу құны шарт бойынша төлем есебіне жатқызылады. Объектіге күрделі жөндеу жүргізудің құны мен басқа шарттары осы Қағиданың 51-тармағында көзделген талаптарға сәйкес мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен жазбаша келісілуі тиіс.

6. Қабылдау-беру актісі бойынша объектіні беру

      53. Шартқа қол қойылғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей объектіні баланс ұстаушы жалға беруші бекіткен қабылдау-беру актісі бойынша жалдаушыға береді және Тізілімде тіркеледі.
      54. Қабылдау-беру актісінде мыналар:
      1) акт жасалған орын мен күн;
      2) өкiлдері оларға сәйкес тараптардың мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттi құжаттардың атауы мен деректемелері;
      3) объектіні беру жүргізілетін шарттың нөмiрi мен қол қойылған күнi;
      4) берiлетiн объектiнiң анықталған ақаулықтардың тiзбесімен бiрге техникалық жай-күйі;
      5) тараптардың мөрлерiмен куәландырылған өкiлдердiң қолдары көрсетіледі.
      55. Қабылдау-беру актісі қазақ және орыс тiлдерiнде алты данада жасалады, оның екеуi жалға берушiде, екеуi баланс ұстаушыда сақталады және екеуi жалдаушыға беріледі.
      56. Осы Қағидамен реттелмеген барлық мәселелер бойынша шарттың тараптары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын басшылыққа алады.

7. Жалдау ақысы

      57. Объектілерді мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру кезінде жалдау ақысының ставкасын есептеуді жалға беруші мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын салудың түрлерін, тұрғын емес үй-жайдың түрін, қолайлылық дәрежесін, аумақтық орналасуын, жалдаушы қызметінің түрін, жалдаушының ұйымдастыру-құқықтық нысанын ескере отырып, базалық ставканың және қолданылатын коэффициенттердің мөлшері негізінде жүзеге асырады.
      58. Төлем тұтас алғанда барлық жалданған мүлік үшін немесе шартта көзделетін мерзімділікпен немесе бір жолғы енгізілетін төлемдердің нақты сомасында оның барлық құрамдас бөліктерінің әрқайсысы бойынша жеке белгіленеді.
      Ғимаратта үй-жайлардың бір бөлігін жалдау үшін төлемдерді есептеу кезінде жалдаушының осы алаңдарды үлестік пайдалануына тепе-тең жалпы пайдалану орындарына қол жетімділікті ескеру қажет.
      59. Мүлікті жалдау (жалға алу) ақысына коммуналдық қызметтер үшін төлемдер, ағымды және күрделі жөндеуге есептеулер, объектіге қызмет көрсету үшін төлемдер енгізілмейді. Бұл төлемдерді жалдаушы тікелей ведомстволық күзетке, пайдалану, коммуналдық, санитарлық және басқа да қызметтерге төлейді.
      60. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мүлікті пайдаланғаны үшін жалдау ақысының ставкасын жылына бір реттен жиі өзгертуге болмайды.
      61. Жалдау ақысы республикалық бюджетке аударылады.

8. Дауларды шешу

      62. Объектiнi шарт бойынша мүлiктiк жалдауға беру кезінде туындайтын даулар келіссөздер жолымен шешіледі.
      Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда даулар сот тәртібінде шешіледі.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2011 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 1102 қаулысына   
қосымша       

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң күші жойылған кейбір
шешiмдерiнiң тізбесі

      1. «Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың шаруашылық жүргiзуiндегi немесе жедел басқаруындағы мүлiктi, оның iшiнде жекешелендiруге жатпайтын мемлекеттiк меншiк объектiлерiн мүлiктiк жалға беру ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 7 наурыздағы № 336 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2001 ж., № 10, 111-құжат).
      2. «Сауда мақсатында теңiзде жүзудi дамытудың кейбiр мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 27 қыркүйектегі № 1263 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2001 ж., № 33, 438-құжат).
      3. «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 7 наурыздағы № 336 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 21 қаңтардағы № 67 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2003 ж., № 2, 28-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 7 наурыздағы № 336 қаулысына толықтыру енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 14 қыркүйектегi № 963 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 35, 461-құжат).
      5. «Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2001 жылғы 7 наурыздағы № 336 қаулысына толықтыру енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметiнiң 2005 жылғы 18 тамыздағы № 846 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2005 ж., № 32, 443-құжат).
      6. «Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейтудің кейбір мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 16 мамырдағы № 408 қаулысы.