Жекешелендіру объектілерін сату қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы № 920 Қаулысы.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 100-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2022 № 1133 қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 9 тамыздағы
№ 920 қаулысымен
бекітілген

Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Жекешелендіру объектілерін сату қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 100-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді, Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі және шет елде дипломатиялық қызмет органдарына бекітілген мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару жағдайларын қоспағанда, жекешелендіру объектілерін аукцион мен тендер, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс, мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату нысанындағы сауда-саттықта сату тәртібін реттейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдағы баға – жекешелендіру объектісінің бағаны көтеру аукционы нысанындағы сауда-саттық барысында қалыптасатын бағасы немесе бағаны төмендету аукционы нысанындағы сауда-саттық барысында қалыптасатын жарияланған баға;

      2) алғашқы баға – жекешелендіру объектісінің құнын бағалау туралы тәуелсіз консультанттар немесе бағалаушы берген есептің негізінде айқындалатын және қайсысының ең жоғары болатынына байланысты баланстық құн не бағалау құны мөлшерінде мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия белгілейтін жекешелендіру объектісінің бағасы;

      3) аукцион – тізілімнің веб-порталын пайдалану арқылы электрондық форматта өткізілетін сауда-саттықтың қатысушылар өз ұсыныстарын жария түрде мәлімдейтін нысаны;

      4) аукцион залы – тізілім веб-порталының аукционды өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін бөлімі;

      5) аукцион нөмірі – Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңбасы болған кезде қатысушыға аукционға, тендерге қатысу үшін берілетін нөмір;

      6) әлеуетті сатып алушының (ие болушының) үлестес тұлғасы – осы әлеуетті сатып алушының (ие болушының) шешімдерін айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешімге, оның ішінде жазбаша түрде жасалған мәмілеге байланысты ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзіне қатысты осы әлеуетті сатып алушының (ие болушының) осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;

      7) бастапқы баға – әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық басталатын баға;

      8) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс – конкурс жеңімпазын сатушы тәуелсіз консультанттардың қатысуымен кезең-кезеңімен келіссөздер жүргізу арқылы айқындайтын сауда-саттық нысаны;

      9) ең төменгі баға – жекешелендіру объектісін одан төмен бағаға сатуға болмайтын баға;

      10) жекешелендіру объектісі – мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын; жекешелендірілуі тұйық технологиялық тізбекті бұзбайтын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның өндірістік және өндірістік емес бөлімшелері мен құрылымдық бірліктері; мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі; акционерлік қоғамдардың акциялары; жауапкершілегі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері; акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздар;

      11) жеңімпаз – жекешелендіру объектісі үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған аукционға және тендерге қатысушы; екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың екінші кезеңінің ең жоғары баға және (немесе) ең үздік шарттар ұсынған қатысушысы;

      12) кепілдік жарна – сауда-саттық немесе өзге міндеттемені орындау кезінде шарт жасасу жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілдік жарнаны төлеуші кепілдік жарнаны алушыға беретін ақша сомасы;

      13) қатысушы – аукционға, тендерге немесе екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысу үшін белгіленген тәртіппен тіркелген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;

      14) қатысушының ақшалай балансы (бұдан әрі – электрондық әмиян) –екінші деңгейдегі банктегі бірыңғай оператордың арнайы транзиттік шотына әлеуетті қатысушы құйған:

      екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсты қоспағанда, аукцион, тендер және жабық тендер нысанындағы сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарналарды қабылдауға;

      осы Қағиданың 23-тармағының бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, кепілдік жарналарды қайтаруға байланысты ақша қаражатын есепке алу үшін бірыңғай оператор пайдаланатын тізілімдегі әлеуетті қатысушының жеке шоты;

      15) мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) – Заңда және осы Қағидада көзделген жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу үшін мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты құратын алқалы орган;

      16) сату бағасы – өткізілген сауда-саттық нәтижелері бойынша белгіленген жекешелендіру объектісінің түпкілікті бағасы;

      17) сатушы (мүлікті иеліктен айыруды жүргізетін адам) – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты;

      18) сатып алушы (ие болушы) – мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесінде мүлікті сатып алатын жеке тұлға немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;

      19) сауда-саттық – жекешелендіру түрі;

      20) сауда-саттықтың бағаны көтеру әдісі – аукцион нысанындағы сауда-саттықта қолданылатын, бастапқы бағасы алдын ала жарияланған қадаммен арттырылатын әдіс;

      21) сауда-саттықтың бағаны төмендету әдісі – аукцион нысанындағы сауда-саттықта қолданылатын, бастапқы бағасы жарияланған қадаммен төмендетілетін әдіс;

      22) тәуелсіз консультанттар – жекешелендіру объектісінің құнын бағалауды жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілені сүйемелдеу мақсатында сатушы тартатын заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдіктер немесе олардың бірлестіктері, бағалау және (немесе) инвестициялық қызметке және (немесе) қаржылық консультация беруге қатысушылар;

      23) тендер – тізілімнің арнайы бөлінген веб-парақшасында жабық электрондық конвертке жүктелетін, қатысушылар өздерінің баға ұсыныстарын мәлiмдейтiн сауда-саттық нысаны;

      24) тізілімнің веб-порталы – www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған, мемлекеттік мүлік тізілімінің (бұдан әрі – тізілім) сатылатын объектілері жөніндегі электрондық дерекқорға бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;

      25) ұйымдастырушы – қор биржасында және шет елдегі мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесін ұйымдастыру үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада айқындалған тәртіппен тартылатын сатушы не заңды немесе жеке тұлға;

      26) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      27) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      3. Объектіні жекешелендіру туралы шешімді мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган не жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты қабылдайды, олар күнтізбелік он күн ішінде жекешелендіру объектілері туралы ақпаратты (жекешелендіру кестесі) тізілімге енгізуді қамтамасыз етеді.

      Табиғи монополия субъектілері немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын ұйымдарды жекешелендіру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

      Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган республикалық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде республикалық мүлікті, сондай-ақ нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие табиғи монополия субъектілері немесе нарық субъектілері болып табылмайтын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде республикалық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

      Жергілікті атқарушы органдар коммуналдық мүлікті жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешімді "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті түрде жария тыңдау жүргізе отырып қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау барысында коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісінің сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

      Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жекешелендіруді жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша жүзеге асырады, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жекешелендіру туралы шешім қабылдайды, объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде оның сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

      Кәсіпорында мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары бар болса, кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде жекешелендіру туралы шешім дайындау кезінде шешімнің жобасы мемлекеттік материалдық резерв, жұмылдыру даярлығы және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдармен келісіледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      4. Екінші және одан кейінгі сауда-саттық өткізілетін жағдайларды қоспағанда, жекешелендіру объектілері сатуға жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасынан төмен болмайтын бастапқы бағамен қойылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      5. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару Заңда және осы Қағидада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Тиісті саланың уәкілетті органының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жекешелендіру объектілері осы Қағиданың 7-тарауына сәйкес екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурста иеліктен шығарылады.

      Бұл ретте мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздар осы Қағиданың 8 тарауына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің (республикалық меншік бойынша) немесе тиісті жергілікті атқарушы органның (коммуналдық меншік бойынша) шешімі бойынша иеліктен шығарылады.

      Комиссия шешімінің негізінде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (республикалық меншік бойынша) немесе тиісті жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының (коммуналдық меншік бойынша) шешімі бойынша жекешелендіру объектілері осы Қағиданың 4, 5 және 6-тарауларына сәйкес аукцион немесе тендер нысанындағы сауда-саттықта сату, қор биржасындағы сауда-саттық жолымен иеліктен шығарылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      6. Эмиссиясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген акцияларды сатуға жол берілмейді.

      7. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекеттің қатысу үлесін сату Заңда, "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша серіктестіктер туралы", "Акционерлік қоғамдар туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптар сақталып жүргізіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      8. Жарғылық капиталындағы акциялардың бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлесін) сату кезінде әлеуетті сатып алушы (ие болушы) және әлеуетті сатып алушының (ие болушының) үлестес тұлғасы аукционға, тендерге, екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа бірге қатыса алмайды.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекеттің қатысу үлесін сату кезінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қатысушылары заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, қатысушылардың бірі қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатқан кезде үшінші тұлғалардың алдында қатысушының үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алу артықшылық құқығын пайдаланады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      9. Мемлекеттік заңды тұлға мемлекеттік мүлікті сатуға ұсынған кезде осы мемлекеттік заңды тұлғаны басқаратын мемлекеттік органның жазбаша келісімі қажет. Бұл ретте сатушыға жекешелендіру объектісіне құқық белгілейтін құжаттарды, сондай-ақ ауыртпалықтар жоқ екенін растайтын құжатты беру қажет.

      Қажет болған жағдайда сатушы жекешелендіру объектісінің техникалық және функционалдық сипаттамаларын айқындауға мүмкіндік беретін құжаттарды сұратады.

      Мемлекеттік мүліктің теңгерім ұстаушысы меншік құқықтары сатып алушыға өткенге дейін жекешелендіру объектісінің сақталуына және жекешелендіру объектісі бойынша мәліметтердің дұрыстығына жауап береді.

      Хабарлама жарияланғаннан кейін теңгерім ұстаушы жекешелендіру объектісін сатып алуды қалаушылардың жекешелендіру объектісін көруге еркін қатынауын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9-1. Жекешелендіру объектісі акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеті, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мемлекеттік қатысу үлесі немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын түрінде сатылатын болса, осы жекешелендіру объектісі басқаруында болатын тиісті саланың уәкілетті органы комиссияның қарауына шығару үшін сатушыға оны сату тәсілі мен шарттары бойынша ұсыныс береді.

      Қажет болған жағдайда сатушы жекешелендіру объектісінің мүлкінің құрамы және шаруашылық қызметі бойынша құжаттарды сұратады.

      Акционерлік қоғамның, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның басшылығы акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеті, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлесі немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын түрінде жекешелендіру объектісі бойынша мәліметтердің дұрыстығына меншік құқығы сатып алушыға ауысқанға дейін жауапты болады.

      Хабарлама жарияланғаннан кейін тиісті саланың уәкілетті органы және акционерлік қоғамның, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның басшылығы жекешелендіру объектісін сатып алуды қалаушылардың жекешелендіру объектісін көруге еркін қатынауын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 1-тарау 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жер учаскесіне құқық сатып алушыға өтеді.

      Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын сатып алушы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жеке төлейді.

      11. Сатушы жекешелендiру объектiлерiн сатуды Заңда және осы Қағидада айқындалған тәртiппен жүзеге асырады.

      12. Сатушының функциялары:

      1) жекешелендіру объектісінің құнына бағалау жүргізуді қамтамасыз ету;

      2) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс, туынды бағалы қағаздарды сату жағдайларын қоспағанда, комиссия шешімінің негізінде әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық нысанын және шарттарын айқындау;

      3) сауда-саттық өткізу мерзiмiн белгiлеу;

      4) сауда-саттықты дайындауды және өткізуді жүзеге асыру;

      5) комиссия шешімінің негізінде жекешелендіру объектілерінің алғашқы бағасын айқындау;

      6) екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысушылардың кепілдік жарнасын қабылдау;

      7) мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды комиссияның шешімі негізінде Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржасында сатуды жүзеге асыру;

      8) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату кезінде брокерлік компанияның ұсынымдары бойынша сауда-саттық жүргізу әдісін айқындау;

      9) биржалық сауда-саттыққа акцияларды қою мерзімі мен ұзақтығын, сатудың шекті мерзімдері мен биржалық сауда-саттықтан алу күнін айқындау;

      10) жекешелендіру объектісінің құнын бағалауды жүргізу және (немесе) жекешелендіру объектілері бойынша мәмілелерді сүйемелдеу мақсатында "Тәуелсіз консультантты тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 1 маусымдағы № 98 бұйрығымен бекітілген Тәуелсіз консультантты тарту қағидаларында (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32695 болып тіркелген) белгіленген тәртіппен тәуелсіз консультанттарды тарту;

      11) жекешелендіру объектілерін сауда-саттықтан алу туралы шешім қабылдау;

      12) сатып алушының талабы бойынша жекешелендіру объектілерінің ауыртпалықтары, сондай-ақ егер жекешелендіру объектісі мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын болып табылса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасасқан шарттарының кредиторлық және дебиторлық берешектер сомасы туралы ақпаратты дайындау және ұсыну;

      13) жекешелендіру объектісінде мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары болған жағдайда, сату туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органға және тиісті орталық атқарушы органдарға хабарлау;

      14) тендерге қатысушылардың құжаттарын олардың қосымша талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарау және оларды сауда-саттыққа жіберу;

      15) ұйымдастырушы тартылған жағдайда онымен сауда-саттықты ұйымдастыруға және өткізуге шарт жасасу;

      16) сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу барысын бақылауды жүзеге асыру;

      17) сауда-саттық жеңімпаздарымен сатып алу-сату шарттарын жасасу және олардың орындалуын бақылау;

      18) қатысушылармен, сатып алушылармен, ұйымдастырушымен сауда-саттық өткізу рәсімдеріне байланысты есептесулерді жүзеге асыру;

      19) жекешелендіру жүргізу үшін қажет басқа да іс-шараларды жүргізу болып табылады.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 27.07.2023 № 611 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.

      13. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне немесе құрылтай құжаттарына сәйкес қызметтiң жүзеге асырылуы объектiнi сауда-саттықтарда сатудың шарты болып табылатын түрлерiмен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлғалар;

      2) ұйымдастырушы;

      3) қор биржасындағы сауда-саттықты қоспағанда, акционерлік қоғамдар (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) акцияларының мемлекеттік пакеттері (жарғылық капиталға қатысу үлесі) сауда-саттыққа шығарылған жағдайда мемлекет тікелей қатысатын квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың еншілес ұйымдары, сондай-ақ олармен үлестес болып табылатын өзге заңды тұлғалар сауда-саттықтың қатысушысы ретінде тіркелуге жатпайды.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

2-тарау. Комиссия

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу үшін сатушы міндетті түрде комиссия құрады, оның құрамына сатушының, басқа да мемлекеттік атқарушы органдардың (аумақтық бөлімшелердің) және (немесе) өкілді органдардың, Қазақстан Республикасының "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының (жергілікті атқарушы органдар жанындағы комиссияларға) өкілдері енгізіледі. Комиссия мүшелерінің саны кемінде 5 адамды құрайды. Сатушының өкілі комиссия төрағасы болып табылады. Хатшы комиссия мүшесі болып табылмайды.

      Комиссия шешімдері қатысып отырған комиссия мүшелерінің жалпы санынан қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төраға дауысы шешуші болып табылады. Комиссия шешімі сатушы үшін ұсынымдық сипатта болады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) өз жұмысының регламентін өзі әзірлейді;

      2) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсты, туынды бағалы қағаздарды сату жағдайларын қоспағанда, әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық нысаны мен шарттары туралы шешім қабылдайды;

      3) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсты қоспағанда, акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеті, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлесі немесе мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорын түріндегі әрбір жекешелендіру объектісі бойынша сауда-саттық нысаны мен шарттары туралы тиісті саланың уәкілетті органының ұсыныстарын қарайды және шешім қабылдайды;

      4) Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату туралы шешім қабылдайды;

      5) жекешелендіру объектісін бағалау негізінде қайсысының ең жоғары болатынына байланысты жекешелендіру объектісінің баланстық құны немесе бағалау құны мөлшеріндегі алғашқы бағасын белгілеу туралы шешім қабылдайды;

      6) акцияларды биржалық сауда-саттыққа қоюдың мерзімдері мен ұзақтығы, сатудың шекті мерзімдері және биржалық сауда-саттықтан алу күні туралы шешім қабылдайды;

      7) тендер шарттары туралы шешім қабылдайды;

      8) қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптар туралы шешім қабылдайды;

      9) жекешелендіру объектісін сауда-саттыққа одан әрі қоюдың орындылығы туралы шешім қабылдайды;

      10) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарайды және оларды сауда-саттыққа жібереді;

      11) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс жеңімпазын жариялайды;

      12) сатушының ұсынысы бойынша жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарты бойынша кейінгі бақылауды аяқтау туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      16. Сауда-саттық ашық болуға тиіс. Сауда-саттықты өткізуге дайындықты сатушы жүзеге асырады, ол сауда-саттықтың өткізілетіні туралы хабарламаның уақтылы жариялануын қамтамасыз етеді, өтінімдер қабылдауды және екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысушыларды тіркеуді жүргізеді, екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың түскен материалдарын комиссияның қарауына береді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

3-тарау. Сауда-саттықты өткізуге дайындық

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      17. Сауда-саттықтарды өткiзуге дайындық мынадай тәртiппен жүзеге асырылады:

      1) жекешелендіру объектісі бойынша қажеттi материалдарды жинау жүргiзiледi;

      2) жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасы жекешелендіру объектілерінің құнын бағалау туралы тәуелсіз консультанттар немесе бағалаушы ұсынған есептер негізінде комиссияның шешімі бойынша қайсысының ең көп болатынына байланысты баланстық құн не бағалау құны мөлшерінде айқындалады;

      3) әрбiр жекешелендiру объектiсiнiң сауда-саттық нысаны айқындалады;

      4) жекешелендiру объектiлерi жекелеген сауда-саттықтар бойынша бөлiнедi;

      5) кепiлдiк жарнаны енгiзу тәртiбi айқындалады;

      6) сауда-саттықты өткізу мерзiмі белгiленедi;

      7) қажет болған кезде ұйымдастырушы тартылады;

      8) сауда-саттық өткiзу туралы хабарлама жарияланады;

      9) кепiлдiк жарналар қабылданады;

      10) қатысушыларды тiркеу жүргiзiледi;

      11) сатып алу-сату шартының жобасын дайындау жүзеге асырылады.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.

      18. Теңгерімдік құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен астам болатын жекешелендіру объектілерін бағалауды халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес тәуелсіз консультанттар жүзеге асырады.

      19. Теңгерімдік құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 2500000 еселенген мөлшерінен аз болатын жекешелендіру объектілерін бағалау Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      20. Сауда-саттыққа қатысу үшін жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға енгізетін кепілдік жарна жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасының он бес пайызын құрайды.

      Аукционға, тендерге қатысуға кепілдік жарна мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың (бұдан әрі – бірыңғай оператор) деректемелеріне хабарламада белгіленген нысанда және тәртіппен енгізіледі.

      Бірыңғай оператор сауда-саттыққа қатысу үшін меншікті активтер деп танылмайтын арнайы транзиттік шотқа түсетін кепілдік жарналарды пайдаланбайды.

      Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысу үшін кепілдік жарна сатушының деректемелеріне хабарламада белгіленген нысанда және тәртіппен енгізіледі.

      Кепілдік жарнаны қатысушы не қатысушының атынан кез келген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға енгізеді.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      21. Қатысушыларға кепiлдiк жарнаның кез келген санын енгiзуге жол беріледі, бұл ретте бір кепілдік жарна қатысушыға ол бойынша сауда-саттыққа қатысу үшін осы кепілдік жарнаны енгізген жекешелендіру объектісін сатып алу құқығын береді.

      22. Сауда-саттықта жеңген және сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепiлдiк жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесілі төлемдер есебіне жатқызылады.

      Егер кепілдік жарнаның сомасы сату бағасынан артық болса, онда айырма жеңімпаздың электрондық әмиянында тізілімнің веб-порталында сатып алушы мен сатушы сатып алу-сату шартын жасасқан күні бұғаттан алынады.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.12.2017 № 924 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Сатушы мынадай жағдайларда:

      1) жеңiмпазға – ол сауда-саттықтардың нәтижелерi туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына қол қоймаған жағдайда;

      2) сатып алушыға – сатып алу-сату шарты бойынша мiндеттемелерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда кепiлдiк жарнаны қайтармайды.

      Барлық қалған жағдайларда кепілдік жарна сомасына енгізілген ақша қаражаты аукционға, тендерге қатысушының электрондық әмиянында сауда-саттық күні бұғаттан алынады, ал сатушы екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурсқа қатысушының кепілдік жарнасын өтініш берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қайтарады.

      Кепілдік жарналар сауда-саттыққа қатысушы, жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға кепілдік жарнаны қайтару туралы өтініште көрсететін деректемелерге қайтарылады.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.

      24. Сауда-саттық өткізілетіні туралы хабарламаны сатушы ол өткізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын жариялайды.

      Хабарлама қазақ және орыс тiлдерiнде тізілімнің веб-порталында жарияланады.

      Тізілімнің веб-порталында сауда-саттықты өткізілетіні туралы хабарлама жарияланғаннан кейін сатушы өзінің интернет-ресурсында және (немесе) әлеуметтік желілер алаңдарында тізілімнің веб-порталында жарияланған хабарламаға сілтемені көрсетіп, сауда-саттық өткізілетіні туралы ақпараттық хабарламаны қосымша орналастырады.

      Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптары қолданылатын акцияларды, ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы үлестерді, мүліктік кешендер ретінде мемлекеттік кәсіпорындарды сату туралы хабарламаны объект (жекешелендіру кестесі) бойынша ақпарат тізілімге енгізілген күннен бастап күнтізбелік алпыс күн өткеннен кейін жариялауға жол беріледі.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      25. Сауда-саттық өткізу туралы хабарламада мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) сауда-саттықтың өткiзiлетiн күнi, орны және уақыты;

      2) сауда-саттықтың түрі, нысаны мен әдiсi;

      3) жекешелендiру объектiсi туралы мәлiметтер (акцияларды сату кезінде акциялар эмитентінің атауы мен олар туралы мәліметтер, сатылатын акциялардың саны);

      4) сатуға қойылатын жекешелендіру объектiлерiнiң бастапқы және ең төменгі (аукцион сауда-саттықтың голландтық әдiсiн қолдана отырып өткiзiлген кезде) бағалары;

      5) кепілдік жарнаның мөлшері мен оны аудару үшін банктік деректемелер;

      6) өтiнiмдердi қабылдау орны мен мерзімі;

      7) сауда-саттықтарды өткiзу, оның ішінде сауда-саттыққа қатысуды ресімдеу, сауда-саттық жеңімпазын анықтау шарттары туралы тәртіп;

      8) сатушының және/немесе сауда-саттықты ұйымдастырушының және теңгерім ұстаушының телефоны мен орналасқан жерi;

      9) сатушының шешiмi бойынша қосымша ақпарат.

      Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату туралы хабарламада мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) сауда-саттықтың басталатын күнi мен уақыты;

      2) сауда-саттықтың өткізілетін орны;

      3) акциялар эмитентінің атауы;

      4) эмитент туралы мәліметтер;

      5) сатылатын акциялардың саны;

      6) сауда-саттықты ұйымдастырушының телефоны мен орналасқан жерi;

      7) сатушының шешімі бойынша мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сатуға қатысты өзге де мәліметтер.

      Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      26. Әрбiр жекешелендіру объектiсі бойынша сату туралы хабарлама жарияланғанға дейiн сатушы тізілімге мынадай құжаттардың:

      1) жекешелендіру объектісінің құнын бағалау туралы есептің;

      2) техникалық жағдайы туралы көріністі қамтамасыз ететін, кемінде 5 дана жекешелендіру объектісі фотосуретінің (тек жылжымайтын мүлік, көлік, жабдық және басқа да материалдық мүлік үшін);

      3) сатып алу-сату шарты жобасының электрондық көшiрмелерінің тізілімге енгізілуін қамтамасыз етеді.

      Жекешелендіру объектiсін сату туралы хабарлама жарияланғаннан кейiн сатушы тізілімнің веб-порталы арқылы барлық қалаушылардың жекешелендiру объектiсi туралы ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 26-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацына орыс тілінде өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      27. Сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және аукцион, тендер басталғанға дейін бес минут бұрын және екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын аяқталады, содан соң қатысушылар берген өтінімдерін кері қайтарып ала алмайды.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      28. Аукционға, тендерге қатысу үшін мыналарды:

      1) жеке тұлғалар үшін: жеке сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – ЖСН), тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);

      2) заңды тұлғалар үшін: бизнес сәйкестендіру нөмірін (бұдан әрі – БСН), толық атауын, бірінші басшының тегін, атын, әкесінің атын (бар болса);

      3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелерін;

      4) байланыс деректерін (почталық мекенжайы, телефоны, факс, е-mail) көрсете отырып, тізілімнің веб-порталында алдын ала тіркелу қажет.

      Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде қатысушы бір жұмыс күні ішінде тізілімнің веб-порталындағы деректерге тиісті өзгерістер енгізеді.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.

      29. Аукционға, тендерге қатысушы ретінде тіркелу үшін осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қатысушының ЭЦҚ қойылған сауда-саттыққа қатысуға өтінімді тізілімнің веб-порталында тіркеу қажет.

      Тендерге қатысушылар сауда-саттық шартымен келісетінін қамтитын өтінімді және тізілімнің арнайы бөлінген веб-парақшасында электрондық конвертке жүктелетін баға ұсынысын сауда-саттық өткізілетіні туралы хабарламада көрсетілген, қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелерімен қоса тіркейді.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      30. Аукционның, тендердің жеңімпазы сатып алу-сату шартына қол қойған кезде сатушыға мынадай құжаттардың көшірмелерін, оларды салыстырып тексеру үшін міндетті түрде түпнұсқаларын не нотариат куәландырған көшірмелерін ұсынады:

      1) жеке тұлғалар үшін: паспорттың немесе жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат;

      2) заңды тұлғалар үшін: заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік не анықтама;

      заңды тұлға өкілінің өкілеттіктерін куәландыратын құжат, сондай-ақ заңды тұлға өкілінің паспорты немесе оның жеке басын куәландыратын құжат;

      мемлекетке тиесілі акцияларды сатқан кезде – қатысушының акцияларына иелік ететін (хабарлама жарияланған сәтте) акционерлік қоғамдар туралы ақпаратты қамтитын акционерлер тізілімінен үзінді-көшірме.

      Шетелдік заңды тұлғалар қазақ және/немесе орыс тілдерінде нотариат куәландырған аудармасы бар құрылтай құжаттарының нотариат растаған көшірмелерін ұсынады.

      Тендердің жеңімпазы сатып алу-сату шартына қол қойған кезде сатушыға да өтінімге қоса берілген құжаттардың түпнұсқаларын не нотариат куәландырған көшірмелерін ұсынады.

      Құжаттардың түпнұсқалары салыстырылып тексерілгеннен кейін бір жұмыс сағаты ішінде қайтарылады.

      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      31. Сатушы мен ұйымдастырушыға мыналарға:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, сауда-саттықты дайындау және оларды өткізудің бүкіл кезеңінің ішінде сауда-саттыққа қатысушыларға қатысы бар ақпаратты жариялауға;

      2) осы Қағиданың 29-тармағында көрсетілгендерден басқа, қосымша құжаттар ұсынуды талап етуге жол берілмейді.

      32. Аукционға, тендерге қатысушылардың өтінімдері және оларға қоса берілетін құжаттардың электрондық (сканерленген) көшірмелері тізілімнің дерекқорында сақталады және сауда-саттықтың өткізілетіні туралы хабарламада көрсетілген күн мен уақытқа дейін жүктеу және қарау үшін қолжетімсіз болады.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      33. Аукционға, тендерге қатысуға өтінім тіркелгеннен кейін тізілімнің веб-порталы үш минут ішінде электрондық әмиянда өтінім берілген сату объектісі бойынша кепілдік жарна сомасына ақша қаражатының бар-жоғын автоматты түрде тексереді.

      Қатысушының осы Қағиданың 28 және 29-тармақтарында көрсетілген талаптарды сақтамауы, сондай-ақ сауда-саттық басталғанға дейін бес минут бұрын электрондық әмиянда сауда-саттық өткізілетіні туралы хабарламада көрсетілген кепілдік жарна сомасына ақша қаражатының болмауы тізілім веб-порталының өтінімді қабылдамауы үшін негіз болып табылады.

      Электрондық әмиянда өтінім берілген сату объектісі бойынша кепілдік жарна сомасына ақша қаражаты болған жағдайда тізілімнің веб-порталы оны сауда-саттық нәтижелері анықталғанға дейін бұғаттайды, өтінімді қабылдауды және қатысушыларды аукционға, тендерге жіберуді жүзеге асырады. Электрондық әмиянда кепілдік жарна сомасына ақша қаражаты болмаған кезде тізілімнің веб-порталы қатысушының өтінімін кері қайтарады.

      Тізілімнің веб-порталы автоматты тексеру нәтижелері бойынша тізілімнің веб-порталында көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына өтінімді қабылдау не өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы электрондық хабарлама жібереді.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      34. Тізілімнің веб-порталы аукционға, тендерге қатысу үшін электрондық өтінімін кері қайтарып алған қатысушының аукцион нөмірін сауда-саттықты өткізу басталғанға дейін кемінде бес минут бұрын жояды.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      35. Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысушы ретінде тіркелу үшін мыналарды ұсыну қажет:

      1) осы Қағидаға қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауда-саттыққа қатысуға өтінім;

      2) жеке тұлғалар үшiн:

      салыстыру үшiн түпнұсқасын мiндеттi түрде көрсете отырып, паспорттың немесе жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi не көрсетілген құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;

      банктен ағымдағы шоттың бар-жоғын растайтын анықтаманың түпнұсқасы;

      заңды тұлғалар үшiн:

      салыстыру үшiн түпнұсқасын мiндеттi түрде көрсете отырып, жарғының көшiрмесi немесе көрсетілген құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi;

      салыстыру үшiн түпнұсқасын мiндеттi түрде көрсете отырып, заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі немесе көрсетілген құжаттың нотариат куәландырған көшiрмесi не заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      банктен банктік шоттың бар-жоғын растайтын анықтаманың түпнұсқасы.

      Құжаттардың түпнұсқалары салыстырғаннан кейін бір жұмыс сағаты ішінде қайтарып беріледі.

      Акционерлік қоғамдар мемлекетке тиесілі акцияларды сату бойынша екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысу кезінде өздерінің акцияларына иелік ететін акционерлік қоғамдар туралы ақпаратты қамтитын акционерлер тізілімінен (ақпараттық хабарлама жариялау сәтіндегі) үзінді-көшірменің түпнұсқасын ұсынады;

      3) кепілдік жарнаның енгізілгенін растайтын төлем құжатының түпнұсқасы мен көшірмесі. Қатысушы сауда-саттық өткізілгеннен кейін жүгінген кезде төлем құжатының түпнұсқасы қайтарылады;

      4) заңды тұлға өкілінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттың түпнұсқасы, сондай-ақ салыстырғаннан кейін қайтарылып берілетін түпнұсқасын қоса бере отырып, заңды тұлғаның өкілі паспортының немесе оның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі не заңды тұлғаның өкілі паспортының немесе оның жеке басын куәландыратын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі.

      Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысу үшін ұсыныстар жабық конвертте жазбаша ұсынылады.

      36. Шетелдік заңды тұлғалар қазақ және/немесе орыс тілдерінде нотариат куәландырған аудармасы бар құрылтай құжаттарының нотариат растаған көшірмелерін ұсынады.

      37. Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысуды қалайтын тұлғалардың өтінімдерін қабылдау және оларды тiркеу талап етілетін құжаттардың толық жиынтығы болған кезде жүргізіледі.

      Өтінім қолма-қол тәсілмен берілген кезде талап етілетін құжаттардың бар-жоғын тексеруді сатушы сол жерде, бір жұмыс сағаты ішінде жүзеге асырады және осы Қағиданың 35-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуі болмаған жағдайда ұсынылған өтінім тіркелмейді.

      Өтінім поштамен келіп түскен кезде осы Қағиданың 35-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуі болмаған жағдайда, ұсынылған өтінім тіркелмейді, бұл туралы сатушы өтінім берген тұлғаға бір жұмыс күні ішінде жазбаша нысанда хабарлайды.

      38. Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа қатысушылардың құжаттары журналда тіркелгеннен кейін сейфте сақталады және оны өткiзетiн күні комиссияға қарау және екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурсқа жіберу үшін берiледi.

      39. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

4-тарау. Аукцион өткiзу

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      40. Аукцион екі әдіспен:

      1) бағаны көтеру;

      2) бағаны төмендету арқылы өткізіледі.

      Аукционды бағаны көтеру әдісін қолдана отырып өткiзген кезде жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасы жекешелендіру объектісінің алғашқы бағасына тең болады.

      Аукционды бағаны төмендету әдісін қолдана отырып өткізген кезде жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы алғашқы бағаны 3-ке тең арттыру коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады.

      Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      41. Жекешелендiру объектiсi бірінші сауда-саттыққа бағаны көтеру әдісі қолданылатын аукционға шығарылады.

      Жекешелендiру объектiсi екінші сауда-саттыққа бағаны төмендету әдiсi қолданылатын аукционға алғашқы бағаның жетпіс пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгіленіп шығарылады.

      Жекешелендiру объектiсi үшінші сауда-саттыққа бағаны төмендету әдiсi қолданылатын аукционға алғашқы бағаның елу пайызы мөлшеріндегі ең төменгі баға белгіленіп шығарылады.

      Жекешелендiру объектiсi төртінші сауда-саттыққа бағаны төмендету әдiсi қолданылатын аукционға алғашқы бағаның отыз пайызы мөлшеріндегі ең төменгі баға белгіленіп шығарылады.

      Жекешелендіру объектісі бесінші және одан кейінгі сауда-саттыққа бағаны төмендету әдісі қолданылатын аукционға кепілдік жарна мөлшерінен төмен болмайтын ең төменгі баға белгіленіп шығарылады.

      Аукцион нысанындағы әрбір келесі сауда-саттық алдыңғы аукцион күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізіледі.

      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      42. Аукционға жіберілген қатысушыға тізілімнің веб-порталы беретін аукцион нөмірі бойынша аукцион залына кіруге рұқсат беріледі.

      Аукционға қатысушылар аукцион басталғанға дейін бір сағат ішінде аукцион залына ЭЦҚ мен аукцион нөмірін пайдалана отырып кіреді. Аукцион жекешелендіру объектісінің бастапқы құнын аукцион залында автоматты түрде орналастыру жолымен сауда-саттықты өткізу туралы хабарламада көрсетілген Астана қаласының уақыты бойынша басталады.

      Ескерту. 42-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Үкіметінің 05.06.2019 № 372 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2022 № 1133 қаулыларымен.

      43. Аукцион залында аукцион Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбі – жұма аралығында өтеді. Аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап сағат 17:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі, бұл ретте аукцион Астана қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-ден кешіктірмей басталады.

      Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 30.12.2022 № 1133 қаулысымен.

      44. Жекешелендіру объектісі бойынша аукцион басталған сәтте тіркелген қатысушылар болмаған жағдайда, осы жекешелендіру объектісі бойынша аукцион өтпеді деп танылады және сатушы тізілімнің веб-порталы қалыптастыратын өткізілмеген аукцион туралы актіге қол қояды.

      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      45. Егер аукцион залында бағаны көтеру аукционы басталғаннан кейін жиырма минут ішінде қатысушылардың бірде-біреуі жекешелендіру объектісін бастапқы баға бойынша сатып алу ниетін растамайтын болса, онда осы жекешелендіру объектісі бойынша бағаны көтеру аукционы өткізілмеді деп танылады.

      Егер жекешелендіру объектісінің бағасы белгіленген ең төменгі мөлшерге жетсе және тіркелген қатысушылардың бірде-біреуі жекешелендіру объектісін сатып алу ниетін растамаса, онда бағаны төмендету аукционы өткізілмеді деп танылады.

      Егер бағаны төмендету аукционы аяқталатын сәтте сағат 17:00-де аукцион жеңімпазы айқындалмаса, онда осы жекешелендіру объектісі бойынша аукцион өтпеді деп танылады.

      Осы Қағиданың осы тармағында көзделген жағдайларда сатушы тізілімнің веб-порталы қалыптастыратын өткізілмеген аукцион туралы актіге қол қояды және осы жекешелендіру объектісі өткізілмеген сауда-саттық шарттарымен сауда-саттыққа қайтадан шығарылады.

      Ескерту. 45-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      46. Бағаны өзгерту қадамы былайша белгіленеді:

      1) жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 20 000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезінде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында – 10 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгiленедi;

      2) жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 20 000 еселенгеннен бастап 50 000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезінде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында – 7 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде;

      3) жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 50 000 еселенгеннен бастап 100 000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы 5 пайыз мөлшерінде белгiленедi;

      4) жекешелендіру объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 100 000 еселенгеннен бастап 250 000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында – 2,5 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді;

      5) жекешелендіру объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 250 000 еселенгеннен бастап 500 000 еселенгенге дейінгі мөлшерінде болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 1 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді;

      6) жекешелендіру объектісінің бастапқы немесе ағымдағы бағасы айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 500 000 еселенген мөлшерінде және одан жоғары болған кезде өзгерту қадамы бағаны көтеру аукционында 0,5 пайыз мөлшерінде және бағаны төмендету аукционында 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді.

      Аукцион төменде көрсетілген екі әдістің біреуі бойынша жүргізіледі.

      47. Бағаны көтеру аукционы:

      1) егер аукцион залында бастапқы баға расталған сәттен бастап жиырма минут ішінде қатысушылардың бірі жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасын осы Қағиданың 46-тармағына сәйкес белгіленген қадамға ұлғайту арқылы жекешелендіру объектісін сатып алу ниетін растаса, онда бастапқы баға белгіленген қадамға ұлғайтылады;

      1-1) егер аукцион залында бастапқы баға расталғаннан кейін жиырма минут ішінде қатысушылардың бірде-біреуі жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасын ұлғайту жолымен жекешелендіру объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда бастапқы бағаны растаған қатысушы жеңімпаз болып танылады, ал осы сату объектісі бойынша аукцион өткізілген болып танылады;

      2) егер ағымдағы баға ұлғайғаннан кейін жиырма минут ішінде қатысушылардың бірде-біреуі жекешелендіру объектісінің ағымдағы құнын ұлғайту жолымен жекешелендіру объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, онда жекешелендіру объектісін сатып алу ниетін соңғы растаған қатысушы жеңімпаз болып танылады, ал осы жекешелендіру объектісі бойынша аукцион өткізілген болып танылады;

      3) егер бағаны көтеру аукционы аяқталатын сәтте сағат 17:00-де аукцион жеңімпазы айқындалмаса, онда жекешелендіру объектісін сатып алу ниетін растаған соңғы қатысушы жеңімпаз деп танылады және осы жекешелендіру объектісі бойынша аукцион өткізілген болып танылады.

      Жекешелендіру объектісі бойынша бағаны көтеру аукционы қатысушылардың бірі ұсынған ең жоғары бағаға дейін жүргізіледі.

      Бір ғана қатысушы қатысқан бағаны көтеру аукционы, егер қатысушы бастапқы бағаны растаса, өтті деп танылады.

      Ескерту. 47-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      48. Бағаны төмендету аукционы:

      1) егер аукцион басталған кезден бастап екі минут ішінде қатысушылардың бірде-біреуі аукционда жекешелендіру объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы осы Қағиданың 46-тармағына сәйкес белгіленген қадамға азаяды;

      2) егер баға азайтылғаннан кейін екі минут ішінде қатысушылардың бірде-біреуі жекешелендіру объектісін сатып алу ниетін растамайтын болса, жекешелендіру объектісінің соңғы ағымдағы бағасы белгіленген қадамға азаяды.

      Жекешелендіру объектісін ағымдағы баға бойынша сатып алу ниетін бірінші болып растаған қатысушы бағаны төмендету аукционының жеңімпазы болып танылады және осы жекешелендіру объектісі бойынша аукцион өткізілген болып танылады.

      Бір ғана қатысушы қатысқан бағаны төмендету аукционы, егер қатысушы бастапқы және жарияланған бағаны растаса, өтті деп танылады.

      Ескерту. 48-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      49. Әрбір сатылған жекешелендіру объектісі бойынша аукцион нәтижелері сауда-саттық нәтижелері туралы электрондық хаттамамен ресімделеді, оған сатушы және жеңімпаз ЭЦҚ пайдалана отырып, сауда-саттық өткiзiлген күнi тізілімнің веб-порталында қол қояды.

      50. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама аукцион нәтижелерін және жеңімпаз бен сатушының жекешелендіру объектісін сату бағасы бойынша сатып алу-сату шартына қол қою міндеттемесін белгілейтін құжат болып табылады. Сатып алу-сату шарты электрондық форматта тізілімнің веб-порталында жасалады және сатушы мен сатып алушы ЭЦҚ пайдалана отырып сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде оған қол қояды. Бұл ретте сатушы сатып алушыға сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойған күннен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қол қоюға сатып алу-сату шартының жобасын ұсынады.

      Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.12.2017 № 924 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      51. Жеңімпаз сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына осы Қағиданың 49 және 50-тармақтарында көрсетілген мерзімдерде қол қоймаған жағдайда, сатушы тізілім веб-порталында қалыптастыратын аукцион нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды және осы жекешелендіру объектісі күшін жойған сауда-саттық шарттарымен сауда-саттыққа қайтадан шығарылады.

      Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.12.2017 № 924 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      52. Бірыңғай оператор тізілім веб-порталының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ сауда-саттыққа қатысушылардың кепілдік жарналарын қабылдайды.

      Бірыңғай оператор:

      1) сатушы қол қойған кепілдік жарнаны аударуға өтінім негізінде сауда-саттықта жеңген қатысушының электрондық әмиянында бұғатталмаған кепілдік жарнасын тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдалана отырып бюджет сыныптамасының тиісті кодына аударады;

      2) қатысушылар тізілімнің веб-порталында ЭЦҚ пайдаланып қол қойған, ақша қаражатын қайтаруға арналған өтініштер негізінде сауда-саттыққа қатысушыларға электрондық әмияннан ақша қаражатын бірыңғай операторға өтініш берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қайтарады;

      3) аукцион және тендер нысанында кейінгі сауда-саттықтарға қатысуға өтінім беру үшін электрондық әмиянда қатысушылардың бұғаттан алынған ақшалай қаражатын бірнеше рет пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 52-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      53. Аукцион барысында аукционға қатысуға кедергі болатын техникалық ақаулықтар туындаған кезде қатысушыға:

      1) тізілім веб-порталымен орнықты байланыс жоғалған кезден бастап 30 секунд ішінде аукционға қатысушының мониторында бірыңғай оператордың байланыс деректері бар электрондық хабарламаны шығару жолымен хабарлайды;

      2) бұл туралы бірыңғай оператордың байланыс деректері бойынша телефон немесе электрондық хабарлама арқылы дереу хабарлайды.

      54. Бірыңғай оператор техникалық ақаулықтар фактісін тіркейді және олар тізілім веб-порталы жағында болған кезде ақпаратты тізілім веб-порталында орналастыру жолымен аукционға қатысушылардың барлығын хабардар етеді.

      55. Қатысушының компьютерлік және/немесе телекоммуникация жабдығының техникалық ақаулықтары болғанда аукцион жалғаса береді.

      56. Аукционды жүргізуге немесе аукционды жүргізу рәсіміне кедергі болатын осы Қағиданың 54-тармағында көрсетілген тізілім веб-порталының техникалық ақаулықтар фактісі болған жағдайда, бірыңғай оператор бұл туралы сатушыға жазбаша түрде хабарлайды, ал сатушы осы аукционның жалғастырылатын күні мен уақыты туралы ақпаратты тізілім веб-порталында орналастыру және тізілімнің веб-порталында көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына электрондық хабарлама жіберу арқылы аукционға қатысқан қатысушыларды алдын ала міндетті түрде хабардар ете отырып, аукционды бірыңғай оператор техникалық ақаулықты жойған күннен кейін келесі жұмыс күніне ауыстырады.

5-тарау. Тендердi өткiзу

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.
      57. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      58. Тендердi ұйымдастыру мен өткiзудi сатушы жүзеге асырады. Жекешелендіру объектiсі бірінші тендерге шығарылған кезде жекешелендiру объектiсiнiң бастапқы бағасы алғашқы бағасына тең болады.

      Ескерту. 58-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      59. Тендер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, сейсенбі – жұма аралығында тізілімнің веб-порталында өтеді. Тендер Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап сағат 13:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі.

      Ескерту. 59-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      60. Жекешелендіру объектісі екінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алғашқы бағаның жетпіс пайызына тең болады.

      Жекешелендіру объектісі үшінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алғашқы бағаның елу пайызына тең болады.

      Жекешелендіру объектісі төртінші тендерге шығарылған кезде бастапқы баға алғашқы бағаның отыз пайызына тең болады.

      Жекешелендіру объектісі бесінші және одан кейін тендерге шығарылған кезде бастапқы баға кепілдік жарнаның мөлшеріне тең болады.

      Әрбір келесі тендер алдыңғы тендер өткізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей өткізіледі.

      Ескерту. 60-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      61. Жарғылық капиталындағы акциялардың (қатысу үлестерінің) бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тендерде сатылған жағдайда қызмет бейінін және қызметкерлердің штат санының кемінде үштен екісін сақтау тендердің шарты болып табылады.

      Акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) қызмет бейінін, жұмыскерлерінің штат санын сақтау мерзімдерін сатушы комиссия шешімінің негізінде айқындайды.

      Ескерту. 61-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      62. Жекешелендіру объектісі бойынша тендер басталған сәтте тіркелген қатысушылар болмаған жағдайда тендер өтпеді деп танылады. Егер қатысушы бастапқы бағадан кем болмайтын құн ұсынса, бір қатысушы қатысқан тендер өтті деп танылады.

      Егер тендер өтпеді деп жарияланса, сатушы тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын тендердің өткізілмегені туралы актіге қол қояды.

      Ескерту. 62-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      63. Тендерге қатысуға өтінімдерді ашу сауда-саттық өткізу туралы хабарламада көрсетілген күн мен уақыт келгенде тізілімнің веб-порталы арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

      Ескерту. 63-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      64. Тендерге қатысуға өтінімдерді сатып алушы сауда-саттық өткізу туралы хабарламада көрсетілген объектіге қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын қосымша талаптарға сәйкес келетін қатысушыларды айқындау мақсатында тізілімнің веб-порталында қарайды.

      Ескерту. 64-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      65. Жекешелендiру объектiсi үшiн ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңiмпаз деп танылады. Егер тендерде екi және одан көп қатысушының ұсынысында бірдей ең жоғары баға қамтылатын болса, онда осы қатысушылардың арасында өтінімі басқа қатысушылардың өтінімдерінен бұрын қабылданған қатысушы тендердің жеңімпазы болып танылады.

      Ескерту. 65-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      66. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамада:

      1) себебі көрсетіле отырып, қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын талаптарды қанағаттандырмайтын қатысушылар тізімі;

      2) тізілімнің веб-порталында тендерге қатысушылардың баға ұсыныстарын автоматты салыстыру жүргізілетін, қатысушыларға (сатып алушыға) қойылатын талаптарға қанағаттандыратын қатысушылар тізімі;

      3) жекешелендіру объектісі үшін ең жоғары бағаны ұсынған жеңімпаз көрсетіледі.

      67. Тендердің жеңімпазы сауда-саттық нәтижелері туралы электрондық хаттамаға қол қою үшін электрондық пошта арқылы сауда-саттық нәтижелері туралы хабардар етіледі.

      Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама тізілімнің веб-порталында қалыптастырылады, оған сауда-саттық өткізілген күні сатушы мен тендердің жеңімпазы ЭЦҚ пайдаланып қол қояды.

      Ескерту. 67-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      68. Сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттама тендердің нәтижелерiн және жеңімпаз бен сатушының тендер нәтижесi болып табылатын шарттарда жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шартына қол қою міндеттемесін тіркейтін құжат болып табылады. Сатып алу-сату шарты электрондық форматта тізілімнің веб-порталында жасалады және сатушы мен сатып алушы ЭЦҚ пайдаланып сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде қол қояды. Бұл ретте сатушы сатып алушыға сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға қол қойған күннен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қол қоюға сатып алу-сату шартының жобасын ұсынады.

      Ескерту. 68-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      69. Жеңімпаз сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға не сатып алу-сату шартына осы Қағиданың 67 және 68-тармақтарында көрсетілген мерзімдерде қол қоймаған жағдайда, сатушы тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды және осы жекешелендіру объектісі күші жойылған сауда-саттық талаптарымен сауда-саттыққа қайтадан шығарылады.

      Ескерту. 69-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

6-тарау. Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      70. Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің аумағында жұмыс істейтін қор биржаларында (бұдан әрі – қор биржасы) мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сатуды комиссияның шешімі негізінде сатушы жүзеге асырады.

      71. Қор биржасында сатылуға жататын бағалы қағаздарды сатушы биржалық сауда-саттыққа брокерлік компаниялар арқылы қояды.

      72. Бағалы қағаздарды сатуға құқылы брокерлік компанияны айқындауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сатушы жүзеге асырады.

      73. Мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сату кезінде оларды сатуға байланысты сатушы мен брокерлік компаниялар арасында туындайтын қарым-қатынастар тиісті шартпен реттеледі.

      74. Қор биржасының сауда-саттық жүйелерінде бағалы қағаздарды сату тиісті қор биржасының биржалық сауда-саттық қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

7-тарау. Екi кезеңдi рәсiмдер арқылы конкурс

      Ескерту. 7-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      75. Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс жекешелендіру бағасының басымдығын және (немесе) өзге де шарттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша тәуелсіз консультанттардың қатысуымен өткізіледі.

      Ескерту. 75-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      76. Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс мынадай iс-шаралар жоспарын қамтиды:

      1) Заңның 100-1-бабында белгіленген тәртiппен, жекешелендiру объектiсiн жан-жақты талдауды, оның құнын бағалауды жүргізу үшін тәуелсіз консультантты тарту және әлеуетті сатып алушылар (инвесторлар) үшiн сату объектiсi туралы ақпараттық дерекқор қалыптастыру;

      2) сатушының жекешелендiру объектiсiн сату туралы хабарламаны тізілімнің веб-порталында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялауы, сондай-ақ тәуелсіз консультанттың әлеуетті сатып алушыларға (инвесторларға) сату туралы ұсынысты жіберуі;

      3) тәуелсіз консультанттың әлеуетті сатып алушылардың (инвесторлардың) ұсыныстары бар өтiнiмдерiнің тiзбесiн қалыптастыруы;

      4) келiссөздер барысында ең жақсы ұсыныстарды ұсынған (конкурстың бірінші кезеңі) кемiнде екi әлеуетті сатып алушыны (инвесторды) анықтау мақсатында, өтiнiмдердiң тiзбесi бойынша тәуелсіз консультанттың қатысуымен сатушының әлеуетті сатып алушылармен (инвесторлармен) келiссөздер жүргізуі;

      5) сатушының бұрын ұсынылған шарттарды жақсарту нысанасына тәуелсіз консультанттың қатысуымен конкурстың бiрiншi кезеңiнiң жеңiмпаздарымен келiссөздер жүргізуі (конкурстың екiншi кезеңi).

      Ескерту. 76-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      77. Екі кезеңді рәсімдер арқылы конкурс кезінде комиссияның отырысында қатысушылардың ұсыныстары жазылған өтiнiмдердi комиссияның барлық мүшелерi зерделейдi және салыстырады. Комиссия барлық формальдылықтардың сақталуын тексередi, талап етiлетiн мәлiметтер мен құжаттардың бар-жоғын айқындайды.

      78. Сатушы, тәуелсіз консультант және екi кезеңдi рәсiмдер арқылы конкурстың барлық қатысушылары келiссөздiң әрбiр кезеңiнiң өткiзiлу қорытындылары бойынша оның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.

      79. Екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың екiншi кезеңi барысында ең жоғары баға және (немесе) ең үздік шарттарды ұсынған әлеуетті сатып алушы (инвестор) екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың жеңiмпазы болып танылады.

      Ескерту. 79-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      80. Екi кезеңдi рәсiмдер арқылы конкурстың жеңiмпазы сатып алу-сату шартына сатушы белгiлеген мерзiмде қол қоюдан бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, сатушы оның кепілдік жарнасын ұстайды және ұсынысы конкурс жеңiмпазының ұсынысынан кейiн ең жақсы деп танылған әлеуетті сатып алушымен (инвестормен) сатып алу-сату шартына қол қояды.

      80-1. Егер:

      1) конкурстың бірінші кезеңіне қатысуға екеуден аз өтінім тіркелсе;

      2) конкурстың екінші кезеңіне екеуден аз әлеуетті сатып алушы (инвестор) жіберілсе;

      3) конкурс жеңімпазы сатушы белгілеген мерзімде сатып алу-сату шартына қол қоймаса, екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс өткізілмеді деп танылады.

      Осы тармақта көзделген жағдайларда сатушы мен тәуелсіз консультант өткізілмеген конкурс туралы актіге қол қояды және жекешелендіру объектісі қайтадан конкурсқа шығарылады.

      Әрбір кейінгі конкурс алдыңғы конкурс күнінен бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей өткізіледі.

      Ескерту. 7-тарау 80-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

8-тарау. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату

      Ескерту. 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      81. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе тиісті жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      82. Туынды бағалы қағаздарды сатудың негізгі шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге – сатушы немесе тиісті жергілікті өкілдік органға бекітуге жергілікті атқарушы орган ұсынады.

      83. Туынды бағалы қағаздарды сату туралы шешімде оларға туынды бағалы қағаздар шығарылған мемлекетке тиесілі акциялардың саны, сатылатын туынды бағалы қағаздардың типі, аумағында туынды бағалы қағаздарды сатуды жүзеге асыру ұйғарылған шет мемлекет (шет мемлекеттер), мәмілені аяқтаудың ең ұзақ мерзімі, туынды бағалы қағаздардың меншік иелерінің құқықтарын сату шарттары мен тәртібі қамтылуы тиіс.

9-тарау. Тiкелей атаулы сату

      Ескерту. 9-тарау алып тасталды - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

10-тарау. Есеп айырысу тәртiбi

      Ескерту. 10-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      87. Сатып алу-сату шартына сатушы мен сатып алушы қол қояды. Шартта оны жасасудың негiзi ретiнде сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға жасалған сiлтеме көрсетіледі.

      88. Сауда-саттықта ұтқан тұлға сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоймаған кезде өзі енгізген кепілдік жарнасын жоғалтады және сатушыға кепілдік жарнамен жабылмаған бөлігінде оның іс жүзінде шеккен залалын өтейді.

      89. Сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысулар сатушы мен сатып алушы арасында жүргiзiледi, бұл орайда сатып алушы есеп айырысуларды мынадай тәртiппен жүргiзедi:

      1) аванстық төлем жекешелендiру объектiсiн сату бағасының кемiнде он бес пайызы мөлшерiнде сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешiктiрiлмей енгiзiледi (кепiлдiк жарна тиесiлi аванстық төлем есебiне есептеледi);

      2) қалған сома тараптардың уағдаласуы бойынша, бiрақ сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрмей енгiзiледі.

      90. Аванстық немесе түпкілікті төлемнiң мерзімі өткен жағдайда сатушы сатып алу-сату шартын біржақты тәртіппен бұзып, сатып алушыға кепілдік жарнамен жабылмаған бөлігінде iс жүзiндегi шығындарды өтеу туралы талаптар қояды.

      Бұл жағдайда жекешелендіру объектісі күші жойылған сауда-саттық шарттарымен сауда-саттыққа қайтадан шығарылады.

      Ескерту. 90-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      91. Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiнен басқа жекешелендіру объектiсiн беру осы Қағиданың 95-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, сатып алу-сату шарты бойынша сатып алушы сату бағасын толық төлеген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей қабылдап алу-беру актiсi бойынша жүргiзiледi.

      Сатып алушының қабылдап алу-беру актісіне қол қоюы туралы мәліметтерді сатушы екі күндік мерзімде тізілімнің веб-порталына енгізеді.

      Сатылған жекешелендіру объектісінің меншік иесінің өзгергені туралы мемлекеттік тіркеуді жүргізуге қол қойылған қабылдап алу-беру актісі негіз болып табылады.

      Мүліктік кешен ретінде мемлекеттік кәсіпорын сатылатын болса, сатып алушы "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жекешелендірілген мемлекеттік кәсіпорынның қызметі тоқтатылғанын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырып, сатушыға тіркеудің өткізілгені туралы міндетті түрде хабарлауға тиіс.

      Сатып алушы қабылдап алу-беру актісіне белгіленген мерзімде қол қоймаған жағдайда сатушы сатып алу-сату шартын біржақты тәртіппен бұзып, сатып алушыға кепілдік жарнамен жабылмаған бөлігінде іс жүзіндегі шығындарды өтеу туралы талаптар қояды және тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды.

      Бұл жағдайда жекешелендіру объектісі күші жойылған сауда-саттық шарттарымен сауда-саттыққа қайтадан шығарылады.

      Ескерту. 91-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      92. Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн беру сатып алушы сатып алу-сату шарты бойынша сатып алушы сату бағасын толық төлегеннен кейiн бағалы қағаздарды аудару туралы бұйрыққа қол қою жолымен жүргiзiледi.

      93. Ықтимал бөліп төлеудің шарттары сауда-саттыққа қатысушылардың назарына алдын ала жеткізілген жағдайда ғана бөліп төлеуге жол беріледі. Бұл ретте бастапқы жарнаның мөлшері сату бағасының он бес пайызынан кем болмауға, ал бөліп төлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс.

      Ескерту. 93-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.10.2024 № 890 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      94. Бастапқы жарнаны сатып алушы сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде енгізеді. Кейіннен енгізілетін сомаларға пайыздар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесіне сүйене отырып есептеледі. Келесі сомаларды енгізу кемінде тоқсанына бір рет жүзеге асырылуда тиіс.

      Егер сатып алу-сату шартында қамтамасыз етудің өзге тәсілі көзделмеген болса, сатып алушы сатып алған жекешелендiру объектiсiне сатушының кепiл құқығы төлемдердiң уақтылы өтелуiн қамтамасыз ету болып табылады.

      Ескерту. 94-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.04.2021 № 247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      95. Егер сатып алу-сату шартында қамтамасыз етудің өзге тәсілі көзделмеген болса, объектіні бөліп-бөліп төлеу арқылы сату кезінде беру тиісінше тіркелуі тиіс кепіл шартын бір уақытта жасаумен жекешелендіру объектісін қабылдап алу-беру актісіне қол қою арқылы бастапқы жарнаны төлегеннен кейін жүзеге асырылады.

      Акциялардың мемлекеттік пакетін бөліп-бөліп төлеуге сату кезінде беру тиісінше тіркелуі тиіс кепіл шартын бір мезгілде жасаумен бағалы қағаздарды аудару туралы бұйрыққа қол қою арқылы бастапқы жарнаны төлегеннен кейін жүзеге асырылады.

11. Жекешелендiру объектiсiн сатудан алынған қаражат

      Ескерту. 11-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      96. Республикалық меншiк объектiлерiн жекешелендiруден алынған қаражат Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына жiберiледi және олар туралы мәліметтерді сатушы сатып алушы сатып алу-сату шарты бойынша сату бағасын төлеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тізілімге енгізеді.

      Ескерту. 96-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 29.12.2017 № 924 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      97. Жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      98. Ұйымдастырушының және/немесе бірыңғай оператордың қызметтеріне ақы төлеу сатушының жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындауға және өткізуге жұмсалатын шығыстарына қосылады.

12-тарау. Сатып алу-сату шартының орындалуын бақылау

      Ескерту. Қағида 12-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 10.09.2025 № 730 (25.08.2025 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      99. Сатушы осы Қағиданың 5 және 7-тарауларына сәйкес тендердің немесе екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурстың нәтижелері бойынша сатып алушының міндеттемелерді орындау шартымен жасалған жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шартының талаптарының тиісінше орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      100. Сатушы бақылауды жүзеге асыру мақсатында сатып алу-сату шартын, оның iшiнде өзiнiң қолданысын тоқтатқан шартты орындаумен байланысты құжаттармен танысады және жұмысқа тиісті салалардың уәкілетті органдарының (жергілікті атқарушы органдардың) өкілдерін, сондай-ақ қажет болған жағдайда консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тартады.

      Сатып алу-сату шартында сатып алушының инвестициялық және өзге де қаржылық міндеттемелерді орындауы (берешекті өтеу, құрылысты немесе реконструкциялауды жүзеге асыру, өндіріс көлемінің белгілі бір деңгейін, шығарылатын өнім немесе көрсетілетін қызметтер номенклатурасын қамтамасыз ету) бойынша шарттар болған кезде бақылау консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тарта отырып жүргізіледі.

      101. Тиісті салалардың уәкілетті органдары (жергілікті атқарушы органдар) сатушыдан хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде сатып алу-сату шарты талаптарының орындалуын бақылауға қатысу үшін өз өкілдерінің кандидатураларын ұсынады.

      Бақылауды жүргізу үшін консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тарту Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      102. Тиісті салалардың уәкілетті органдарының (жергілікті атқарушы органдардың) өкілдерін тарту арқылы бақылау нәтижелері бойынша сатушы сатып алушының сатып алу-сату шартының талаптарын және қабылданған міндеттемелерді орындауының барысы туралы ақпаратты қамтитын тиісті бақылау актісін растайтын құжаттармен қоса ресімдейді.

      Бақылау актісіне бақылауға қатысушылардың бәрі (сатушының, тиісті салалардың уәкілетті органдарының (жергілікті атқарушы органдардың) өкілдері) және сатып алушы не оның уәкілетті өкілі қол қояды.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес консультациялық, аудиторлық және өзге де ұйымдар тартылатын бақылау нәтижелері бойынша сатушыға сатып алушының сатып алу-сату шартының талаптарын және қабылданған міндеттемелерді орындауын бағалау туралы бекітілген есеп растайтын құжаттармен қоса ұсынылады.

      103. Сатып алу-сату шарты талаптарының орындалуын бақылау жекешелендіру объектісі сатып алушыға берілген күннен бастап осы Қағиданың 91-тармағында белгіленген тәртіппен сатып алушының міндеттемелерді орындауы аяқталған сәтке дейін, бірақ жылына бір реттен сиретпей жүргізіледі.

      104. Сатып алу-сату шарты талаптарының сақталуын бақылауды аяқтау туралы шешімді сатып алушы сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелерді тиісінше орындаған кезде комиссия шешімінің негізінде сатушы қабылдайды.

      Сатып алушы сатып алу-сату шартының талаптарын және қабылданған міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен бұзылуы мүмкін.

  Жекешелендіру объектілерін
сату қағидасына
қосымша

      Жекешелендіру объектісін (объектілерін) сату бойынша ________________________________ қатысуға

      (сауда-саттық нысаны көрсетіледі)

ӨТІНІМ

      1. Жекешелендіру объектісінің (объектілерінің) сатылуы туралы

      жарияланған хабарламаны қарап және сату қағидасымен танысып,

      ___________________________________________________________________

      (жеке тұлғаның Т.А.Ә. немесе заңды тұлғаның атауы және заңды тұлға

      басшысының немесе заңды тұлғаның сенімхат негізінде әрекет ететін өкілінің Т.А.Ә.)

      20 __ жылғы "__" ___________ ____________________ мекенжайы бойынша

      болатын сауда-саттықта қатысуды қалайды.

      2. Мен (біз) сауда-саттықта қатысу үшін _______________________

      мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың

      арнайы транзиттік шотына жалпы сомасы ________ (____________________)

      (цифрмен) (сомасы жазумен)

      теңге _______ кепілдік жарнаны (жарналарды) енгіздім (енгіздік).

      (саны)

      Кепілдік жарна енгізілген жекешелендіру объектілері туралы мәліметтер:

Р/с

Жекешелендіру объектісінің атауы

Аударуға жататын кепілдік жарнаның сомасы, теңге

1



2




Жиыны



      Енгізілген кепілдік жарналар туралы мәлімет:

Р/с

Кепілдік жарнаның мақсаты және сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарна енгізілген жекешелендіру объектісінің атауы

Төлем құжатының №

Төлем құжатының күні

Кепілдік жарнаның сомасы, теңге

1





2






Жиыны





      3. Қатысушыға қойылатын талаптарға менің (біздің) сәйкес келмегенім (келмегеніміз) анықталған жағдайда, мен (біз) сауда-саттыққа қатысу құқығынан айырылатыныммен (айырылатынымызбен), мен (біз) қол қойған сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама және

      сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылатынымен келісемін (келісеміз).

      4. Мен (біз) сауда-саттық жеңімпаз(дар)ы болып танылған жағдайда, өзімізге сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға өткізілген күні қол қоюға және ол өткізілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде сатып алу-сату шартына қол қоюға міндеттеме аламыз.

      5. Мынадай:

      1) сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамаға оны өткізу күнінде қол қоймаған;

      3) сатып алу-сату шарты бойынша мен (біз) міндеттемелерді орындамаған және тиісінше орындамаған жағдайда, енгізген кепілдік жарна сомасының қайтарылмайтынына және сатушыда қалатынына келісемін (келісеміз).

      6. Осы өтінімнің сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамамен бірге сатып алу-сату шарты жасалғанға дейін қолданылатын шарт күші бар.

      7. Өзім(із) туралы мынадай мәліметтерді ұсынамын:

      Заңды тұлға үшін:

      Атауы ________________________________________________________

      БСН __________________________________________________________

      Басшының Т.А.Ә. ______________________________________________

      Мекенжайы: ___________________________________________________

      Телефон (факс) нөмірі: _______________________________________

      Кепілдік жарнаны қайтару үшін банк деректемелері:

      ЖСК __________________________________________________________

      БСК __________________________________________________________

      Банктің атауы ________________________________________________

      Кбе __________________________________________________________

      Кепілдік жарнаны төлеген тұлғаның ЖСК/БСК ____________________

      Өтінімге мыналар қоса беріледі (аукционға өтінім бергенде толтырылмайды):

      1) ___________________________________________________________

      2) ___________________________________________________________

      3) ___________________________________________________________

      Жеке тұлға үшін:

      Т.А.Ә. _______________________________________________________

      ЖСН __________________________________________________________

      Паспорт деректері ____________________________________________

      Мекенжайы: ___________________________________________________

      Телефон (факс) нөмірі: _______________________________________

      Кепілдік жарнаны қайтару үшін банк деректемелері:

      ЖСК __________________________________________________________

      БСК __________________________________________________________

      Банктің атауы ________________________________________________

      Кбе __________________________________________________________

      Кепілдік жарнаны төлеген тұлғаның ЖСК/БСК ____________________

      Өтінімге мыналар қоса беріледі (аукционға өтінім бергенде толтырылмайды):

      1) ___________________________________________________________

      2) ___________________________________________________________

      3) ___________________________________________________________

      (қолы) (жеке тұлғаның Т.А.Ә. немесе заңды тұлғаның атауы және заңды тұлға басшысының немесе заңды тұлғаның сенімхат негізінде әрекет ететін өкілінің Т.А.Ә.)

      М.О.

      Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында

      20__ж. "__" __________ _______ сағат ____ минутта қабылданды.

      Қатысушының аукциондық нөмірі _____________________

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 9 тамыздағы
№ 920 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Жекешелендiру объектiлерiнiң құнын бағалау жөнiндегi ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 6 мамырдағы № 562 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, № 19, 166-құжат).

      2. "Мемлекетке тиесiлi акцияларды бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногы арқылы сатудың ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 6 қарашадағы № 1137 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., № 40, 367-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 6 қарашадағы № 1137 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 5 сәуірдегі № 508 қаулысы (Қазақстан Республикасың ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 18, 191-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу және олардың күшi жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 28 қазандағы № 1369 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 11-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 36-37, 478-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 6 қарашадағы № 1137 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 16 қарашадағы № 1455 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 39, 505-құжат).

      6. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 6 қарашадағы № 1137 және 2000 жылғы 26 маусымдағы № 942 қаулыларына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 23 мамырдағы № 562 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 14, 155-құжат).

      7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 6 қарашадағы № 1137 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 желтоқсандағы № 1333 қаулысы.

      8. "Жекешелендіру объектілерін сатудың ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 26 маусымдағы № 942 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 27, 317-құжат).

      9. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 26 маусымдағы № 942 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 14 желтоқсандағы № 1639 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 47, 557-құжат).

      10. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 26 маусымдағы № 942 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 11 сәуірдегі № 350 қаулысы.

      11. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 маусымдағы № 613 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 1-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 39, 342-құжат).