Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 қарашадағы N 490 Заңы.

      Осы Заң адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылыс негiздерiн қорғау, Қазақстан Республикасының егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн, ұлттық қауiпсiздігін қамтамасыз ету мақсатында экстремизмге қарсы iс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) экстремизм – мыналардың:

      жеке және (немесе) заңды тұлғаның, белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдар атынан жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы;

      жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестігінің мынадай экстремистік мақсаттарды:

      Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қолсұғылмаушылығын және бөлiнбестігiн бұзуды, мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiрудi, билікті күшпен басып алуды немесе билікті күшпен ұстап тұруды, заңсыз әскерилендiрілген құралым құруды, оған басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлiк ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi);

      нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды (ұлттық экстремизмдi);

      дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы;

      2) экстремизмге қарсы iс-қимыл – мемлекеттiк органдардың адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылыс негiздерiн, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен ұлттық қауiпсiздiгiн экстремизмнен қорғауды қамтамасыз етуге, экстремизмнің алдын алуға, оны анықтауға, оның жолын кесуге және салдарларын жоюға, сондай-ақ экстремизмдi жүзеге асыруға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған қызметi;

      3) экстремизмді қаржыландыру – жеке тұлғаның не адамдар тобының не заңды тұлғаның іс-әрекетінің экстремистік сипатын не берілген мүліктің, көрсетілген ақпараттық, қаржылық және өзге де қызмет түрлерінің экстремизмді жүзеге асыру не экстремистік топты, экстремистік ұйымды, заңсыз әскерилендірілген құралымды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатынын көрінеу ұғынып жасаған адамның оларға ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті, мүлікке құқықты немесе мүліктік сипаттағы пайданы беруі немесе жинауы, сондай-ақ сыйға тартуы, айырбастауы, қайырмалдық жасауы, қайырымдылық көмегі, ақпараттық және өзге де қызмет түрлерін көрсетуі не қаржылық қызметтер көрсетуі;

      4) экстремизмнiң профилактикасы – экстремизмнің алдын алуға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, тәрбиелiк, насихаттық және өзге де шаралар жүйесi;

      5) экстремистiк әрекеттер – экстремистiк мақсаттағы әрекеттер жасауға жария түрде шақыруды, экстремистiк ұйымдардың нышандарын насихаттауды, үгіттеуді және көпшiлiкке жария көрсетудi қоса алғанда, осындай әрекеттердi тiкелей iске асыру;

      6) экстремистiк әрекеттерді ұйымдастыру – экстремистiк әрекеттерге басшылық ету, экстремизмдi қаржыландыру, экстремистiк мақсатта адамдарды азғырып тарту, құралдар мен қарулар жасау және иемдену, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiктерiнің экстремизмдi жүзеге асыру үшiн жағдайлар жасауға бағытталған басқа да әрекеттерi;

      7) экстремистiк материалдар – экстремистік әрекеттердiң белгілерін және (немесе) оны жүзеге асыруға шақыруды қамтитын не оларды жасау қажеттігін негiздейтiн немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдар;

      8) экстремистік топ – бір немесе бірнеше экстремистік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ;

      9) экстремистік ұйым – экстремизмдi жүзеге асыратын және сот экстремистiк деп таныған заңды тұлға, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестігi.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.11.2014 N 244-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-бап. Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы ic-қимыл туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де актiлерiнен тұрады.

      2. Eгер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Қазақстан Республикасында экстремистiк ұйымдарды құруға тыйым caлу

      Қазақстан Республикасының аумағында мақсаттары немесе әрекеттерi экстремизмдi жүзеге асыруға бағытталған ұйымдарды (филиалдар мен өкілдiктерді) құруға және олардың іс-әрекетіне тыйым салынады.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдардың атауларын құрылатын ұйымдардың атауларында пайдалануға жол берілмейдi.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.11.2014 N 244-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

4-бап. Экстремизмге қарсы іс-қимылдың мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары

      1. Қазақстан Республикасында экстремизмге қарсы іс-қимылдың мақсаттары адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылысты қорғау, Қазақстан Республикасының егемендігін, оның аумағының тұтастығын, қолсұғылмаушылығын және бөлінбестігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасында экстремизмге қарсы іс-қимылдың міндеттері мыналар болып табылады:

      1) экстремизмнiң көрiнiс беру нысандарына қарамастан, Қазақстан Республикасында оны жүзеге асыруға жол бермеу;

      2) экстремизмдi жүзеге асыру үшiн жағдайлар мен мүмкiндiктердің жасалуын болғызбау;

      3) азаматтардың саяси және құқықтық мәдениетін қалыптастыру;

      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

      3. Қазақстан Республикасында экстремизмге қарсы іс-қимыл мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) заңның үстемдігі;

      2) нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдiгi;

      3) қоғамдық, оның ішінде ұлтаралық және конфессияаралық келісім;

      4) мемлекет пен қоғамдық институттардың өзара іс-қимылы;

      5) жариялылық.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда – ҚР 23.12.2023 № 51-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Экстремизмге қарсы iс-қимылдың негізгi бағыттары

      Экстремизмге қарсы iс-қимыл мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      экстремизмнен сақтандыруға, соның iшiнде оны жүзеге асыруға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтауға және кейiннен жоюға бағытталған алдын алу шараларын қабылдау;

      экстремизмдi анықтау және оның жолын кесу;

      экстремизмге қарсы iс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық.

6-бап. Мемлекеттiк органдардың экстремизмнiң алдын алу саласындағы құзыреті

      Мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде экстремизмнен сақтандыруға бағытталған мынадай алдын алу шараларын iске асырады:

      1) діни қызмет саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының аумағында құрылған дiни бiрлестiктер мен миссионерлердiң қызметiне зерделеу мен талдау жүргiзедi, өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттық iс-шараларды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасының бұзылуына қатысты мәселелердi қарайды, Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы iс-қимыл туралы заңнамасын бұзатын дiни бiрлестiктердiң қызметiне тыйым салу туралы ұсыныстар енгiзедi;;

      2) масс-медиа саласындағы уәкiлеттi орган бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiнде экстремизмдi насихаттауға және ақтауға жол бермеу, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы тұрғысында оларға мониторинг жүргiзедi, мемлекеттiк тапсырысты орындайтын бұқаралық ақпарат құралдарында ұлтаралық және конфессияаралық келiсiмдi нығайту мәселелерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi;

      3) бiлiм саласындағы орталық атқарушы орган бiлiм беру ұйымдарында оқушылардың экстремизм идеяларын қабылдамауын, халықаралық құқық пен iзгiлiктiң көпшілік таныған принциптерiн құрметтеуiн қалыптастыруға бағытталған тәрбиелiк бағдарламалардың бекiтiлуiн және iске асырылуын қамтамасыз етедi, оқу орындарының студенттер алмасу мәселелерi бойынша халықаралық шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiк органдары жедел-iздестiру, қарсы барлау iс-шараларын жүргiзедi және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк органдардың уәждi қорытындылары бойынша өздерiнiң әрекеттерiмен қоғам мен мемлекет қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына кiруiне жол бермеу жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;

      5) Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары жедел-iздестiру қызметiн, қоғамдық тәртiптi қорғау және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде атқарушылық және өкiмдiк функцияларды жүзеге асырады, сондай-ақ өздерiнiң iс-әрекеттерiмен қоғам мен мемлекет қауіпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасынан шығарып жiберудi жүзеге асырады;

      6) облыстардың (республикалық маңызы бap қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілiктi атқарушы органдары қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимылды жүзеге асырады, тиiстi аумақтарда құрылған діни бірлестіктердің және миссионерлердің қызметiн зерделеудi жүзеге асырады, олар туралы деректер банкiн жасайды, өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша өңiрлiк деңгейде ақпараттық-насихат iс-шараларын жүзеге асырады, өңiрдегi дiни ахуалға зерделеу мен талдау жүргізедi;

      7) сыртқы барлау субъектілері өз iс-әрекеттерiмен қоғамның және мемлекеттің қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн немесе нұқсан келтiретiн шет мемлекеттердің ұйымдарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын хабардар етуді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.07.08 № 67-ІІІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.05.27 № 279-IV, ҚР 2011.10.11 № 484-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.06.2024 № 94-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Мемлекеттiк органдардың экстремизмдi анықтау және оның жолын кесу жөнiндегі құзыретi

      1. Ұлттық қауiпсiздiк, iшкi iстер органдары және экономикалық тергеу қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында осы органдардың қарауына жатқызылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтайды, жолын кеседi, ашады және тергейдi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      1-1. Экономикалық тергеу қызметі экстремизмді қаржыландыру көздерінің, арналары мен тәсілдерінің алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді жүзеге асырады.

      2. Прокурорлар жеке және заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) Қазақстан Республикасының экстремизмге қарсы iс-қимыл саласындағы заңнамасын бұзғаны фактілерін тапқан кезде немесе дайындалып жатқан құқыққа қарсы әрекеттер туралы мәлiметтер болған кезде, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделерiне зиян келтiруі мүмкін экстремистiк материалдар таратылған жағдайда, экстремизмнiң кез келген көрiнiстерiн, оны жүзеге асыруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы, бұзылған құқықтарды қалпына келтiру туралы прокурорлық қадағалау актілерін енгізеді, ұйымдар экстремизмдi жүзеге асырған жағдайда олардың қызметiне тыйым салу туралы сотқа өтініш бередi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және шектерде қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

      3. Өзге де мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өз құзыретi шегiнде экстремизмдi анықтау мен оның жолын кесуге қатысады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.11.2014 N 244-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

8-бап. Ұйымды экстремистiк деп тану тәртiбi

      1. Ұйымды экстремистiк деп тану сот тәртібімен жүзеге асырылады.

      Егер ұйымның құрылымдық бөлiмшелерінің (филиалдары мен өкілдiктерiнің) бiреуi болса да осы ұйымның басшы органдарының бiрiнiң рұқсатымен экстремизмдi жүзеге асыратын болса, ұйым экстремистiк деп танылады.

      2. Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында өз іс-әрекетін жүзеге асыратын ұйымды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен прокурордың өтiнiшi бойынша сот экстремистiк деп таниды.

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары өз құзыретi шегiнде прокуратура органдарына ұйымды экстремистiк деп тану үшiн қажеттi айғақтық базаны қалыптастыру үшiн материалдар беруге мiндеттi.

      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.11.2014 N 244-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

9-бап. Экстремистік ұйымдарды, экстремистік деп танылған ақпараттық материалдарды және экстремизмді жасағаны үшін жауаптылыққа тартылған адамдарды есепке алу

      1. Экстремизмнің профилактикасы, оны анықтау және оның жолын кесу мақсатында өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган соттардың шешімдері негізінде экстремистік ұйымдарды, экстремистік деп танылған ақпараттық материалдарды және экстремизмді жасағаны үшін жауаптылыққа тартылған адамдарды есепке алуды жүргізеді.

      2. Сот ұйымды экстремистік деп таныған және экстремизмді жүзеге асырғаны үшін оны тарату арқылы іс-әрекетіне тыйым салған, сондай-ақ ақпараттық материалдарды экстремистік деп таныған не экстремизмді жасағаны үшін адамдарды жауаптылыққа тартқан кезде, өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға сот ақпараттық есепке алу құжаттарын дереу жіберуге міндетті.

      3. Өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган сот экстремистік деп таныған ұйымдардың және ақпараттық материалдардың бірыңғай тізімдерін жүргізеді.

      Көрсетілген тізімдер өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.11.2014 N 244-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

9-1-бап. Экстремизмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара iс-қимылы

      Экстремизмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өз құзыретi шегiнде:

      1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мүмкiндiктерiн, сондай-ақ азаматтардың жәрдемін пайдалана отырып, бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасайды;

      2) экстремизм белгілері бар және осы мемлекеттік органдардың құзыретiне жататын іс-әрекеттердің дайындалуы және жасалуы фактiлерi мен белгiлерi туралы хабарлайды және өзара қажеттi көмек көрсетедi.

      Ескерту. Заң 9-1-баппен толықтырылды - ҚР 03.11.2014 N 244-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

10-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының шет мемлекеттердiң органдарымен және халықаралық ұйымдармен экстремизмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу саласындағы өзара ic-қимылы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары экстремизмнiң алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасып жұмыс iстейдi.

      2. Экстремизмге қарсы iс-қимылды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарымен, халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен ынтымақтастық орнатады, Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының немесе басқа мемлекеттердiң аумағында жедел-iздестiру, қарсы барлау iс-шараларын жүргiзедi.

      Осы Заңның 7-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген мемлекеттік органдар басқа мемлекеттердiң құзыретті органдарының, халықаралық құқық қорғау ұйымдарының өтiнiшi бойынша, экстремизмге қатысы бар адамдардың экстремизмдi жүзеге асырған жерiне қарамастан, оларды Қазақстан Республикасының аумағында қудалайды.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

11-бап. Мемлекеттiк органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметiн үйлестiру

      1. Мемлекеттiк органдардың экстремизмге қарсы iс-қимыл бойынша қызметiн үйлестiрудi тұрақты түрде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы шеңберінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары жүзеге асырады.

      2. Мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлімшелерінің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экстремизм профилактикасы бойынша қызметiн үйлестiрудi терроризмге қарсы комиссиялар шеңберінде облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда – ҚР 23.12.2023 № 51-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

12-бап. Экстремистік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және (немесе) таратуға жол бермеу

      Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.11.2014 N 244-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      Қазақстан Республикасының аумағында байланыс желілері мен құралдарын экстремизмді жүзеге асыру үшін пайдалануға, сондай-ақ экстремистік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және (немесе) таратуға тыйым салынады.

      Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын және экстремизм белгілері бар ақпараттық материалдарды прокурордың өтінішімен сот тыйым салу талабын мәлімдеген прокурордың тұрған жері бойынша немесе мұндай материалдардың табылған жері бойынша экстремистік деп танып, оларды әкелуге, басып шығаруға , әзірлеуге және (немесе) таратуға тыйым салады.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 23.04.2014 N 200-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 03.11.2014 N 244-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

13-бап. Бейбiт жиналыстар, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізген кезде экстремизмдiжүзеге асыруға жол бермеу

      Ескерту. 13-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 25.05.2020 № 334-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Бейбiт жиналыстар, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткiзген кезде экстремизмдi жүзеге асыруға жол берілмейдi. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілiктi атқарушы органы бейбiт жиналыстарды, митингілердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды ұйымдастырушыларға оларды өткiзгенге дейiн жауаптылық туралы жазбаша нысанда ескертедi.

      Бейбiт жиналыстар, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткiзген кезде оларға қатысу үшiн экстремистiк ұйымдарды тартуға, олардың нышандарын пайдалануға, сондай-ақ экстремистiк материалдарды таратуға жол берiлмейдi.

      Осы бапта көзделген мән-жайлар байқалған жағдайда бейбiт жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды ұйымдастырушылар немесе оларды өткiзуге жауапты өзге де тұлғалар көрсетiлген бұзушылықтарды жою жөнiнде шұғыл шаралар қолдануға мiндеттi. Осы мiндеттердiң сақталмауы бейбiт жиналыстарды, митингілердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды тоқтатуға әрi оларды ұйымдастырушылардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша және тәртіппен жауаптылықта болуына әкеліп соғады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 25.05.2020 № 334-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

14-бап. Экстремизмдi қаржыландыруға жол бермеу

      Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметiн жүзеге асыратын шетелдiк немесе халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiктерiнiң Қазақстан Республикасының аумағында экстремизмдi қаржыландыруға бағытталған қызметiне тыйым салынады.

      Осы бапта көзделген мән-жайлар байқалған жағдайда, Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметiн жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiктерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

15-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың экстремизмдi жүзеге асырғаны үшiн жауаптылығы

      Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар экстремизмдi жүзеге асырғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      Сот экстремистік ұйымдарға қатысушылар немесе экстремистік әрекеттер жасады деп таныған адамдарға мемлекеттік қызметке, әскери қызмет пен арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына қызметке кіруде шектеу қойылуы мүмкін.

      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

16-бап. Ұйымдардың экстремизмдi жүзеге асырғаны үшiн жауаптылығы

      1. Экстремизмдi жүзеге асырған жағдайда ұйымның, сондай-ақ оның құрылымдық бөлiмшесінің (филиалы мен өкiлдiгінің) іс-әрекетіне оны Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен экстремистік деп тану және тарату арқылы тыйым салынады.

      2. Экстремистік деп танылған ұйымды тарату кезінде оған (филиалы мен өкілдігіне) тиесілі Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлкі тәркіленеді және мемлекет кірісіне өндіріп алынады.

      3. Экстремизм бұқаралық ақпарат құралын пайдалана отырып жүзеге асырылған жағдайда, осындай бұқаралық ақпарат құралы меншік иесінің немесе оны таратушының қызметін сот заңда белгіленген тәртіппен тоқтата тұрады немесе оған тыйым салады.

      4. Жеке тұлғалар бiрлестiгi экстремизмдi жүзеге асырған жағдайда оның іс-әрекетіне осы Заңның 7-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетiлген органдардың арызы бойынша сот тыйым салады.

      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.11.2014 N 244-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      Қазақстан Республикасының
      Президентi