«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 46-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету мұқтажы үшін, сондай-ақ құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде берілген реквизицияланған мүлікті есепке алу қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 6 қазандағы
№ 1145 қаулысымен
бекітілген
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды
жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету мұқтажы үшін,
сондай-ақ құтқару және авариялық-қалпына келтіру
жұмыстарын жүргізу кезінде берілген реквизицияланған
мүлікті есепке алу қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету мұқтажы үшін, сондай-ақ құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде берілген реквизицияланған мүлікті есепке алу қағидасы «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 46-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген.
2. Жеке және заңды тұлғалардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету мұқтажы үшін, сондай-ақ құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде реквизицияланатын және берілетін мүлкі осы Қағидаға сәйкес арнайы есепке алынуға жатады.
3. Жеке және заңды тұлғаларда реквизицияланған мүлікті есепке алу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған аймақтарда және олардың салдарын жою кезеңінде, сондай-ақ құтқару және авариялық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу уақытында ұйымдастырылады.
4. Реквизицияланған мүлікті есепке алуды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялауды жүзеге асырған, реквизицияланған мүліктің есебін жүргізуге міндетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
2. Реквизицияланған мүлікті есепке алу тәртібі
5. Реквизицияланған мүлікті есепке алуды реквизициялау туралы шешім қабылдаған төтенше жағдайларды жою, жергілікті атқарушы органдардың, авариялық-құтқару қызметтерінің, авариялық-құтқару қызметтерінің немесе шұғыл медициналық көмек қызметтерінің жасағы (бөлімшесі, экипажы) бастықтары мүлікті пайдаланудың және сақтаудың бүкіл кезеңі ішінде жүзеге асырады. Реквизицияланған мүлікті есепке алу мүлік толық қайтарылғаннан немесе оның нарық құнын өтелгеннен кейін аяқталады.
6. Төтенше жағдайларды жою, жергілікті атқарушы органдар, авариялық-құтқару қызметтері басшыларының, авариялық-құтқару қызметтері немесе шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметтері жасақтары (бөлімше, экипаж) бастықтарының мүлікті реквизициялау жөніндегі іс-қимылына жалпы басшылықты және оларды үйлестіруді азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
7. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) реквизицияланатын мүлікті сақтау орнын анықтайды;
2) реквизицияланған мүлікті құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар жүргізу орындары бойынша бөледі;
3) есептік деректер базасын құрады.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
8. Есептік деректер Заңның 41, 42 және 43-баптарында белгіленген талаптарға сәйкес жасалған реквизициялау туралы актілер негізінде қалыптастырылады.
9. Авариялық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін бөлімшелердің басшылары, сондай-ақ мүлікті реквизициялауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар мүлікті реквизициялау жүзеге асырылғаннан кейін бір тәулік ішінде Заңның талаптарына сәйкес толтырылған мүлікті реквизициялау туралы актілерді және есептерді азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға және реквизицияланған мүлікті есепке алуды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органға береді.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
10. Реквизицияланған мүлікті есепке алуды жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер:
Мүлікті реквизициялау туралы актілерін қабылдауды және тіркеуді ұйымдастырады:
1) реквизицияланған мүлік туралы актіні қабылдайды және тіркейді;
2) реквизицияланған мүлік туралы, оның ішінде осы Қағиданың 11-тармағына сәйкес электрондық түрде қалыптастырады және жинақтайды;
3) материалдық есептік деректердің сақталуын қамтамасыз етеді, мерзімі өткеннен кейін оларды мұрағатқа тапсырады;
4) мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша, сондай-ақ меншік иесінің жазбаша өтініші бойынша немесе оның атынан басқа тұлғаға нотариалды расталған сенімхат негізінде реквизицияланған мүлік туралы мәліметтер береді.
11. Реквизицияланған мүлікті есепке алу қағаз тасығыштарда мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Егер есептік деректерді өзгерту мүмкіндігін болдырмайтын жағдай болса, оны жүргізудің электрондық нысанына рұқсат етіледі.
12. Қағаз тасығыштарда реквизицияланған мүлікті есепке алу белгіленген тәртіппен әр парағы нөмірленген, тігілген, мөр басылған, қол қойылып, мөрмен куәландырылған жеке журналдарда жүргізіледі.
13. Реквизицияланған мүлік туралы есептік деректер мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
1) мүліктік меншік иесі және оның орналасқан жері туралы мәліметтер;
2) төтенше жағдайларды жою (жергілікті атқарушы орган немесе авариялық-құтқару қызметтері, авариялық-құтқару қызметтер немесе шұғыл медициналық жәрдем қызметтер жасағы (бөлімшесі, экипажы)) басшысының мүлікті реквизициялау туралы шешімінің нөмірі және күні;
3) мүліктің атауы, мүлік тізбесі (тізімі);
4) мүліктің сипаты және негізгі сипаттамалары;
5) мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері;
6) нарықтық құны, мың теңгемен;
7) мүліктің мемлекеттік тіркелуі туралы мәліметтер;
8) мүлікті алып қою күні және орны;
9) мүлікті реквизициялауды (алып қоюды) жүзеге асырған лауазымды тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты;
10) мүлікті реквизициялау туралы актінің күні және нөмірі;
11) реквизицияланған мүлік пайдалануға берілген авариялық-құтқару қызметтерінің жасақтары (бөлімшелер, экипаждар) және өзге де ұйымдар туралы толық мәліметтер;
12) мүлікті қайтару немесе оны өтеу күні (төленген ақшалай сомасы мың теңгеде немесе мүліктік өтеу фактісі көрсетіледі).
Есептік деректерге мүлікті реквизициялау актісі (түпнұсқасы), сондай-ақ меншік иесіне сақталған мүлікті қайтару туралы, реквизицияланған мүлікті ақшалай өтеу туралы құжаттар қоса беріледі.
14. Сақталуда жатқан мүлікті реквизициялау үшін осы Қағиданың 13-тармағында көзделген мүлік туралы мәліметтерді тіркей отырып, орналасқан сақталған жері бойынша жеке есепке алу ұйымдастырылады.