Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы

Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі № 339-IV Заңы

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Заңға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      ҚР Заңының қолданысқа енгізілу тәртібін 111-баптан қараңыз.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануға және авиация қызметіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, әуе кеңістігі мен авиация қызметін адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, мемлекет мүдделерін қорғау, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының экономикасы мен азаматтардың авиациялық қызмет көрсетуге қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында пайдалану тәртібін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) авариялық-құтқару жұмыстары – апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелеріне уақтылы көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралар кешені;
      2) авиакомпания – азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификаты бар заңды тұлға;
      3) авиамаршрутқа арналған куәлiк – авиациялық маршрутты тұрақты рейстерді орындау үшін пайдалану құқығына арналған құжат;
      4) авиация – қызметі әуе кемелерінің көмегімен адамның әуе кеңістігін пайдалануына және оған жағдайлар жасауға бағытталған ұйымдардың барлық түрлері;
      5) авиациялық жұмыстар - басқа жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүдделері үшін пайдаланушы азаматтық әуе кемелерін қолдана отырып орындайтын мамандандырылған операциялар;
      6) авиациялық қауіпсіздік – авиацияның қызметіне заңсыз араласу әрекеттерінің алдын алу және оларды болғызбау арқылы қамтамасыз етілетін оның қауіпсіз қызметі;
      7) авиациялық қызмет - әуе кемелерінің көмегімен адамның әуе кеңістігін пайдалануына жағдайлар жасауға бағытталған қызметтің барлық түрі;
      8) авиациялық қызметтер көрсету – азаматтық авиацияның жолаушыларды, багажды, жүкті, почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдауды ұйымдастыру мен қамтамасыз етуге және авиациялық жұмыстарды ақысын алып немесе жалдау бойынша орындауға байланысты қызметтер көрсетуі;
      9) авиация қызметіне заңсыз араласу – авиацияның қауiпсiз қызметiне қол сұғатын, адамдардың бақытсыз жағдайға ұшырауына, материалдық зиян шегуге, әуе кемесiн басып алуға немесе айдап әкетуге әкеп соққан немесе осындай салдардың туындау қатерін төндiрген құқыққа қарсы әрекет;
      10) авиациялық маршрут (авиамаршрут) – авиатасымалдар пункттері арасындағы олардың үстінен әуе қатынасы жүзеге асырылатын жер бетiнiң географиялық сипаттамасы немесе географиялық сипаттамаларының комбинациясы;
      11) авиациялық оқу орталығы – авиация персоналын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіптік деңгейін ұстауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
      12) авиациялық оқу орталығының сертификаты – авиациялық оқу ұйымының сертификаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат;
      13) авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификат – авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымның сертификаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат;
      14) авиация персоналы - арнайы және (немесе) кәсіптік даярлығы бар, әуе кемелерінің ұшуын, әуе тасымалдары мен авиациялық жұмыстарды орындау және қамтамасыз ету, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету, әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке адамдар;
      14-1) авиациялық хаб – жолаушыларды, багажды, поштаны және жүктерді межелі орынға жеткізу үшін авиакомпаниялар аралық пункт ретінде пайдаланатын, тоғысатын рейстерді ұйымдастыру үшін қажетті инфрақұрылымы бар авиакөліктік тораптық әуежай;
      15) автомобиль жолының әуеайлақтық учаскесі – әскери-қызметтік міндеттер мен әскери дайындық міндеттерін шешу кезінде мемлекеттік авиация әуе кемелерінің ұшып көтерілуі және қонуы үшін пайдаланылатын, мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындаған автомобиль жолының учаскесі;
      16) азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган – Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және азаматтық және эксперименттiк авиация қызметi саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      17) азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымның авиациялық стандарты – азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйым қабылдаған, азаматтық авиация қызметінің жекелеген аспектілерін ұйымдастыруды және жүзеге асыруды регламенттейтін талап;
      18) азаматтық авиация ұйымы – азаматтық авиация саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
      19) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      20) азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының сертификаты – азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген, пайдаланушының Азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушыларды сертификаттау қағидаларына және сертификаттау талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
      21) азаматтық әуе кемесін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік – азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген және азаматтық әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілгенін растайтын белгіленген үлгідегі құжат;
      22) азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының сертификаты – азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген, азаматтық әуе кемесiнiң ұшуға жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
      23) апатқа ұшыраған әуе кемесі – жермен жүрген, ұшып көтерілген, қонған немесе құлаған кезде қатты зақымданған немесе толық қираған әуе кемесі, сондай-ақ әуеайлақтан тыс жерге мәжбүрлі түрде қонған әуе кемесі;
      24) апатқа ұшырау жағдайындағы әуе кемесі – өзіне немесе бортындағы адамдарға тікелей қауіп төнген не онымен радиобайланысы үзілген және қай жерде екені белгісіз әуе кемесі;
      25) аса маңызды ұшу – Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының күзетілетін адамдарын әуемен тасымалдау кезінде әуе кемелерінің ұшуына, сондай-ақ олардың ұшатын маршруттарына (рейстеріне) беретін мәртебе;
      26) аэроклуб – әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды меншік құқығында не өзге де заңды негіздерде пайдаланатын және осы Заңда көзделген жағдайларда жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылардың қызметін қамтамасыз ететін заңды тұлға;
      27) аэронавигациялық ақпарат – әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз ету, әуе қозғалысына қызмет көрсету және әуе қозғалысын басқару мақсаттары үшін деректерді жинау, талдау және өңдеу нәтижесінде алынған ақпарат;
      28) аэронавигациялық ақпарат құжаты – ұшуды орындау, әуе кемесіне қызмет көрсету және әуе қозғалысын басқару үшін елеулі маңызы бар ақпаратты қамтитын, белгіленген тәртіппен бекітілген және жарияланған құжат;
      28-1) аэронавигациялық қызмет көрсету – әуе қозғалысына қызмет көрсетуге, радиотехникалық жабдықты және байланыс құралдарын пайдалануға, ұшуларды метеорологиялық және іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуге, аэронавигациялық ақпарат беруге байланысты кешенді қызмет көрсету;
      29) аэронавигациялық ұйым – әуе қозғалысына қызмет көрсетуді және әуе кемесінің бортына қажетті метеорологиялық ақпарат беруді, әуе кеңістігін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз етуді және радиотехникалық жабдық пен байланыс құралдарын пайдалануды жүзеге асыратын азаматтық авиация ұйымы;
      29-1) аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органының және (немесе) радиотехникалық жабдығын пайдалану және байланыс қызметінің сертификаты – аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органының және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметінің сертификаттық талаптарға сәйкестігін куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат;
      30) әуеайлақ – жер немесе су бетінің толықтай немесе ішінара әуе кемелерінің келуіне, жөнелтілуіне және осы жер бетімен қозғалуына арналған белгілі бір учаскесі (ғимараттарды, құрылыстарды және жабдықты қоса алғанда);
      31) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) жарамдылығының сертификаты – азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген, әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) оларды пайдалануға жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
      32) әуеайлақ маңындағы аумақ – әуеайлақтың бақылау нүктесінде орналасқан орталығы және азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын радиусы бар жер бетіндегі аумақ;
      33) әуеайлақтық метеорологиялық орган – әуеайлақта орналасқан, әуе кемелерінің ұшуын метеорологиялық қамтамасыз етуге арналған қызмет;
      34) әуеайлақтық қозғалыс – әуе кемелері мен көлік құралдарының әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы қозғалысы, сондай-ақ барлық әуе кемелерінің әуеайлақ аумағындағы ұшуы;
      35) әуеайлақтың бақылау нүктесі – әуеайлақтың географиялық орналасқан жерін айқындайтын нүкте;
      36) әуежай – әуе кемелерiн қабылдауға және жөнелтуге, әуе тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған және осы мақсаттар үшiн әуеайлағы, аэровокзалы, сондай-ақ басқа да қажетті құрылыстары мен жабдығы бар құрылыстар кешенi;
      37) әуежай қызметi – жеке және (немесе) заңды тұлғалардың әуежайларда әуемен тасымалдауды, авиациялық жұмыстарды, ұшу қауiпсiздiгi мен авиация қауiпсiздiгін қамтамасыз етумен байланысты жүзеге асыратын қызметі;
      38) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қарап тексеруі жөніндегі ұйымының сертификаты – әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қарап тексеру ұйымының сертификаттау талаптарына сәйкестігін куәландыратын белгіленген үлгідегі құжат;
      39) әуежайдың бақыланатын аймағы – оларға кіруді авиациялық қауіпсіздік қызметі бақылайтын әуежайдың, әуеайлақтың, ұшуды аэронавигациялық қамтамасыз ету объектілерінің жұмыс алаңы және оларға іргелес жатқан аумақ, қызметтік ғимараттар, құрылыстар, қоймалар;
      40) әуе кемесi – жер (су) бетiнен шағылысқан ауамен әрекеттесуді болғызбай, ауамен өзара әрекеттесу есебiнен атмосферада қалықтайтын аппарат;
      41) әуе кемесімен жалданушы – әуе кемесін жалдау (чартер) шартына сәйкес бiр немесе бiрнеше рейстерде жолаушыларды, багажды, жүктi, почта жөнелтілімдерін тасымалдау және басқа да мақсаттар үшiн бiр әуе кемесiнiң (немесе бірнеше әуе кемесінің) бүкіл сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бiр бөлiгiн ақысын алып екiншi тарапқа (әуе кемесiн жалдаушыға) экипажымен қоса беретiн және өз күшiмен оны басқару және техникалық пайдалану бойынша қызмет көрсететін әуемен тасымалдаушы;
      42) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      43) әуе кемесін жалдаушы – бір немесе бiрнеше рейстерде жолаушыларды, багажды, жүктi, почта жөнелтілімдерін тасымалдау немесе басқа да мақсаттар үшiн бiр әуе кемесінің (немесе бірнеше әуе кемесінің) бүкіл сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бiр бөлiгiн экипажымен қоса өзінің пайдалануына беру туралы әуемен тасымалдаушымен (әуе кемесімен жалданушымен) әуе кемесін жалдау (чартер) шартын жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
      44) әуе кемесінің сертификатталған ең жоғары ұшып көтерілу массасы – азаматтық әуе кемесінің үлгі сертификатында немесе ұшуға жарамдылығының сертификатында көрсетілген әуе кемесінің рұқсат етілген сертификатталған ең жоғары ұшып көтерілу массасы;
      45) әуе кемесiнiң ұшуы – әуе кемесінің ұшып көтерiлу кезіндегі екпін алудан (тiк ұшып көтерiлген кезде жер немесе су бетiнен ажыраудан) бастап жүру аяқталғанға (ұшу-қону жолағын аялдамай босатқанға дейін) немесе тiк қонған кезде жер (су) бетiне жанасқанға дейiн әуе кемесiнiң жер (су) бетiмен және әуе кеңiстiгiнде қозғалуы;
      46) әуе кеңістігін пайдалану режимі – әуе кеңістігін пайдалануды арнайы ұйымдастыруды талап ететін қызметті жүзеге асыру үшін белгіленетін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі құрылымының жекелеген элементтерін пайдаланудың уақытша тәртібі;
      47) әуе қозғалысы – ұшып жүрген және әуеайлақтың маневр жасау алаңындағы әуе кемелерінің қозғалысы;
      48) әуе қозғалысына қызмет көрсету – әуе қозғалысына ұшу-ақпараттық қызмет көрсету, авариялық хабар беру, диспетчерлік қызмет көрсету (аумақтық диспетчерлік қызмет көрсету, қонуға жақындағанда диспетчерлік қызмет көрсету немесе әуеайлақтық диспетчерлік қызмет көрсету);
      49) әуе қозғалысына қызмет көрсету органы – әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету органы, ұшу ақпараты орталығы немесе аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсетуіне қатысты хабарламаларды жинау пункті;
      50) әуе қозғалысын басқару – ұшуды жоспарлаудың, үйлестірудің және қамтамасыз етудің кешенді процесі, әуе кемелерінің қозғалысын әуеде және жерде тікелей басқару, сондай-ақ ұшудың белгіленген режимінің және әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің сақталуын бақылау;
      51) әуе қозғалысын басқару органы – өз құзыреті шегінде және өзі үшін белгіленген аймақтар мен аудандарда әуе қозғалысын басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік авиацияның әуе қозғалысын басқару орталығы немесе басқару пункті;
      52) әуемен тасымалдау – жеке және заңды тұлғалардың әуе кемелерiмен жолаушыларды, багажды, жүктерді және почта жөнелтілімдерін тасымалдау қызметi;
      53) әуе трассасы – әуе кемелерiнiң ұшуына арналған және аэронавигациялық қондырғылармен жабдықталған дәлiз түрiндегi әуе кеңiстiгi;
      53-1) әуе кемесін жалдау (чартер) шарты – тасымалдау (әуе кемесін жалдау) шарты, ол бойынша жалға беруші (әуе кемесін жалға беруші) жалға алушыға (әуе кемесін жалдаушыға) жолаушыларды, багажды, жүкті, почта жөнелтілімдерін тасымалдау немесе басқа да мақсаттар үшін бір әуе кемесінің (немесе бірнеше кемелердің) бүкіл сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бір бөлігін ақысын алып уақытша иеленуге беруге және бір немесе бірнеше рейске пайдалануға беруге және өз күшiмен оны басқару және техникалық пайдалану бойынша қызметтер көрсетуге міндетті;
      54) жауапкершілік аймағы – әуе қозғалысына қызмет көрсететін орган немесе әуе қозғалысын басқару органы өз функцияларын жүзеге асыратын белгілі бір мөлшердегі әуе кеңістігі;
      55) жолаушы – экипаж құрамына кірмейтін және әуемен тасымалдау шартына сәйкес немесе өзге де заңды негіздерде әуе кемесімен тасымалданатын жеке адам;
      55-1) инспекторлық нұсқама – анықталған бұзушылықтарды жою үшін жеке немесе заңды тұлғаларға мемлекеттік бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік авиация инспекторы берген жеке сипаттағы акт;
      56) кабиналық экипаж мүшесі – қауіпсіздік мүддесіне орай және жолаушыларға қызмет көрсету және (немесе) жүктерді тасымалдау мақсатында әуе кемесінің бортында пайдаланушы немесе әуе кемесінің командирі өзіне тапсыратын міндеттерді орындайтын, авиация персоналына жататын, бірақ ұшу экипажының мүшесі болып табылмайтын тұлға;
      57) коммерциялық әуе тасымалы – заңды тұлғалардың жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдау шартына сәйкес азаматтық әуе кемелерімен ақысын төлеу немесе жалдау бойынша тасымалдау жөніндегі қызметі;
      58) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi – Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiн, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу жүргiзiлетiн құжат;
      59) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi – Қазақстан Республикасының құрлықты және сулы аумағының үстіндегі, оның iшiнде аумақтық суларының үстiндегi әуе кеңiстiгi;
      60) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк авиациясы әуе кемелерiнiң тiзiлiмi – Қазақстан Республикасы мемлекеттiк авиациясының әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркеу жүргiзiлетiн құжат;
      60-1) қайтарылмайтын өкілеттік – Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығаруға (тіркеуден алып тастауға) және Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияға Авиациялық жабдық жөніндегі хаттамаға сәйкес әуе кемесін әкетуге талап қою құқығы соның пайдасына берілген жеке немесе заңды тұлғаның өкілеттігі;
      61) қауіпті аймақ – оның шегінде белгілі бір уақыт кезеңінде әуе кемелерінің ұшуына қауіп төндіретін қызмет жүзеге асырылуы мүмкін белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі;
      62) қону алаңы – жердің, мұздың, су бетінің, құрылыстың үстіңгі бетінің, оның ішінде қалқымалы құрылыстың үстіңгі бетінің әуе кемелерінің ұшып көтерілуіне, қонуына, жермен жүруіне және тұрағына арналған учаскесі;
      63) қосалқы әуеайлақ – қону белгіленген әуеайлаққа бару немесе оған қону мүмкін болмаған немесе мақсатқа сәйкес болмаған жағдайда, әуе кемесі бара алатын әуеайлақ;
      64) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және мемлекеттік авиация қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      65) метеорологиялық ақпарат – нақты немесе күтіліп отырған метеорологиялық жағдайларға қатысты, әуе кеңістігін пайдаланушыларға арналған метеорологиялық мәлімет, талдау, болжам және кез келген басқа хабарлама;
      66) пайдаланушы – азаматтық әуе кемелерiн пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өз қызметтерiн ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
      67) тексеру – авиациялық оқиғаны немесе инцидентті болғызбау мақсатында жүргізілетін, олардың болу себептерін және (немесе) ілеспе факторларды анықтауды қоса алғанда, олар бойынша ақпарат жинауды және талдау жүргізуді, қорытынды әзірлеуді және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеуді қамтитын процесс;
      68) тұрақты емес рейс (ұшу) – тұрақты рейс (ұшу) болып табылмайтын және әуе тасымалы мақсатында немесе онсыз белгілі бір тапсырыс беруші үшін орындалатын рейс (ұшу);
      68-1) тұрақты қадағалау – халыққа қауіпсіз авиациялық қызметтерді ұсыну мақсаттарында сертификаттаудан өткен жеке және заңды тұлғалардың белгіленген талаптарды сақтауын мемлекеттік қадағалау түрі;
      69) тұрақты рейс – авиакомпания белгілеген және жариялаған кестеге сәйкес орындалатын рейс;
      70) тыйым салынған аймақ – Қазақстан Республикасы аумағының үстіндегі белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі, оның шегінде әуе кемелерінің арнайы рұқсатсыз ұшуды орындауына тыйым салынады;
      71) тікұшақ – ауадан ауыр, ұшу кезінде негізінен шамамен тік қалыпта болатын осьтердің айналасындағы күш қондырғысы арқылы айналатын бір немесе бірнеше тірек бұрандамен ауа реакциясының есебінен қалықтайтын әуе кемесі;
      72) тікұшақ айлағы – әуеайлақ немесе құрылыстың үстіңгі бетінің тікұшақтардың келуіне, жөнелтілуіне немесе осы үстіңгі беті арқылы қозғалуына толықтай немесе ішінара арналған белгілі бір учаскесі;
      73) уақытша әуеайлақ – жылдың белгілі бір кезеңінде әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз етуге арналған, белгіленген тәртіппен есепке алуға жататын стационарлық құрылыстары мен жабдықтары жоқ әуеайлақ;
      74) ұшақ – ауадан ауыр, ұшу кезіндегі көтеру күші негізінен осы ұшу жағдайларында қозғалмаған күйінде қалатын үстіңгі беттердегі аэродинамикалық реакциялар есебінен қалыптасатын күш қондырғысы арқылы қозғалысқа келтірілетін әуе кемесі;
      75) ұшуға жарамдылығы – әуе кемесiнiң қауiпсiздiгi мен ұшу сапасын қамтамасыз ететiн ұшу-техникалық сипаттамаларға сай келетін оның техникалық жай-күйі;
      76) ұшуға жарамдылығының нормалары – әуе кемелерiнiң конструкциясына, параметрлерi мен ұшу сапасына және олардың ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған компоненттеріне қойылатын талаптар;
      77) ұшу жоспары – әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарына пилот, экипаж немесе пайдаланушы ұсынатын әуе кемесінің белгіленген ұшуы немесе ұшуының бір бөлігі туралы белгілі бір мәліметтер;
      78) ұшу қауiпсiздiгi – ұшудың қауiпсiз жүргiзiлуiн қамтамасыз ететiн шаралар кешенi, бұл ретте адамдардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру немесе мүлкіне залал келтіру тәуекелі шекті деңгейге дейін төмендетіледі және қауіптілік көздерін анықтаудың және тәуекел факторларын бақылаудың үздіксіз процесі арқылы осындай не бұдан да төмен деңгейде сақталады;
      78-1) ұшу сынақтары – әуе кемесінің, күш қондырғыларының, авиациялық және арнаулы жабдықтардың, қару-жарақтар мен басқа да авиациялық техниканың, аэродинамика және әуе кемелерінің, сондай-ақ олардың жүйелерінің беріктігі саласындағы зерттеулердің сипаттамаларын айқындау үшін және (немесе) азаматтық авиациялық техниканың ұшу жарамдылығы талаптарына сәйкестігін айқындау үшін орындалатын ұшу;
      79) ұшу экипажының мүшесі – авиация персоналына жататын, авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар, ұшу уақыты ішінде әуе кемесін басқаруға байланысты міндеттер жүктелген тұлға;
      80) ұшуға шектеу қойылған аймақ – Қазақстан Республикасы аумағының үстіндегі белгіленген мөлшердегі әуе кеңістігі, оның шегінде әуе кемелерінің ұшуына белгілі бір жағдайлармен шектеу қойылған;
      81) үлгі сертификаты – азаматтық әуе кемесiнің үлгісі конструкциясының ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестiгiн растайтын құжат;
      82) халықаралық әуежай – кедендік, шекаралық және санитарлық-карантиндiк бақылау ұйымдастырылған халықаралық әуемен тасымалдауды қамтамасыз ететін әуежай;
      83) халықаралық әуемен тасымалдау – тасымалдауда немесе қайта тиеуде үзiлiстiң болуына немесе болмауына қарамастан, тасымалдауды орындау кезінде жөнелту және межелі пункттерi:
      екi немесе одан да көп мемлекеттің аумағында;
      егер екiншi мемлекет аумағында аялдау көзделсе, бiр мемлекет аумағында орналасқан әуемен тасымалдау;
      84) халықаралық қатынастағы авиарейстерді жүзеге асыруға рұқсат берілген әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруы – халықаралық қатынастағы авиарейстерді жүзеге асыруға рұқсат берілген әуежайды пайдаланушыға қатысты әкімшілік, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсімдер кешенін мәжбүрлеп жүргізу;
      85) халықаралық ұшу – әуе кемесiнің шет мемлекет шекарасын кесiп өтетін ұшуы;
      85-1) іздестіру-құтқару жұмыстары – апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде адамдарды іздестіру және оларға көмек көрсету мақсатында жүргізілетін іс-шаралар кешені;
      86) экипаж мүшесі – авиация персоналына жататын, ұшу уақыты ішінде әуе кемесінің бортында белгілі бір міндеттерді орындау үшін тағайындалған тұлға;
      87) экипаж мүшесінің куәлігі – авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар экипаж мүшелеріне, ұшуды техникалық қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрамға және ұшу кезінде азаматтық әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персоналға берілетін белгіленген үлгідегі құжат.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 363-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне
             егемендігі

      1. Қазақстан Республикасының құрлық және су аумағы үстінде және оның аумақтық сулары үстінде орналасқан әуе кеңістігіне толық және айрықша егемендік Қазақстан Республикасына тиесілі.
      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі оның мемлекеттік аумағының бір бөлігі болып табылады.

      3-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн
             пайдалануды және авиация қызметін реттейтiн
             Қазақстан Республикасының заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көздегендегіден өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заң:
      1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға;
      2) Қазақстан Республикасының шегінде мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиацияға;
      3) егер әуе кемесі баратын елдің заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының мемлекеттік және азаматтық әуе кемелері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болған уақытта оларға қолданылады.

      5-бап. Авиация құралдарына меншік құқығы

      Әуе кемелері, әуеайлақтар, тікұшақ айлақтары, әуежайлар, техникалық құралдар және әуе кемелерінің ұшуын ұйымдастыру, орындау, қызмет көрсету және қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да мүлік мемлекеттік және (немесе) жеке меншікте болуы мүмкін.

      6-бап. Авиация түрлері

      1. Қазақстан Республикасының авиациясы мемлекеттiк, азаматтық және эксперименттiк болып бөлiнедi.
      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органының, ішкi iстер органдарының, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметінiң шешiмi бойынша басқа да мемлекеттiк органдардың қарамағында болатын және қорғаныс, мемлекеттің қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында пайдаланылатын авиация мемлекеттiк авиация болып табылады.
      3. Азаматтық авиация деп эксперименттiк және мемлекеттiк авиацияның құрамына кiрмейтiн және:
      1) жолаушыларды, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін тасымалдау (әуемен тасымалдау);
      2) авиациялық жұмыстарды орындау;
      3) оқу, спорттық, мәдени-ағарту iс-шараларын жүргiзу, техникалық шығармашылықты дамыту;
      4) әуе кемесiн пайдаланушының жеке қажеттіліктерiн қанағаттандыру;
      5) iздестiру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу, дүлей зілзалалар болған жағдайда көмек көрсету;
      6) аэронавигациялық қызмет көрсету;
      7) әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу;
      8) әуежай қызметін және (немесе) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) қызметін көрсетуді жүзеге асыру;
      9) әуеайлақтарды және азаматтық авиация объектілерін жоспарлау мақсаттарында пайдаланылатын авиация танылады.
      Осы тармақтың 1), 2) және 5) тармақшаларында көрсетілген мақсаттарда ақысы төленіп немесе жалдау бойынша пайдаланылатын азаматтық авиация коммерциялық авиация болып танылады.
      Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың меншiгiндегі және осы тармақтың 1), 2) және 5) тармақшаларында көрсетiлген мақсаттарда ақысы төленбей және жалдаусыз пайдаланылатын, сондай-ақ осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген мақсаттарда пайдаланылатын азаматтық авиация жалпы мақсаттағы авиация болып танылады.
      Сертификатталған ең жоғары ұшып көтерілу массасы бес мың жеті жүз килограмнан кем болатын әуе кемелерін, оның ішінде сертификатталған ең жоғары ұшып көтерілу массасы үш мың бір жүз сексен килограмнан кем болатын тікұшақтарды пайдаланатын азаматтық авиация жеңіл авиация болып танылады.
      Сертификатталған ең жоғары ұшып көтерілу массасы жеті жүз елу килограмнан кем болатын әуе кемелерін, басқа да ұшу аппараттары мен қосымша құрылғыларды пайдаланатын азаматтық авиация аса жеңіл авиация болып танылады.
      4. Эксперименттiк авиация деп авиациялық және басқа да техника саласында тәжiрибелiк-конструкторлық, эксперименттiк, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен сынақтарын жүргiзуге арналған авиация танылады.

      7-бап. Азаматтық авиация саласындағы халықаралық
             ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдану

      1. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың стандарттары қолданылады.
      2. Азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган оларды қолдануға рұқсат берген Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдары үшін міндетті болып табылады.
      3. Азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес реттелуі жүзеге асырылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға жатпайды.
      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘУЕ КЕҢІСТІГІН
ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ АВИАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК
РЕТТЕУ, БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      8-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн
             пайдалану және авиация қызметі саласындағы
             мемлекеттiк реттеу

      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметін мемлекеттік реттеу міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушылардың оны қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуі, ұшуды адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекет мүдделеріне қатер төндірмей орындау;
      2) әуе кеңістігін пайдалануға және ұшуды орындауға байланысты қызметті жүзеге асырудың жалпы принциптерін белгілеу;
      3) Қазақстан Республикасы экономикасының және азаматтардың авиациялық қызметтерге қажеттіктерін қанағаттандыру болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды және авиация қызметін мемлекеттік реттеуді өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Үкіметі, азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.

      9-бап. Әуе кеңістігін пайдалану саласындағы
             мемлекеттік бақылау және қадағалау

      1. Әуе кеңістігін пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбау және (немесе) тоқтату және (немесе) оның жолын кесу мақсатында жүзеге асырылады.
      2. Әуе кеңістігін пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      10-бап. Авиация қызметін мемлекеттік бақылау және
              қадағалау

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Мемлекеттік авиация қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі салаларындағы заңнамасында белгіленген талаптардың сақталуы нысанасына жүзеге асырылады.
      2. Азаматтық, эксперименттік және мемлекеттік авиация қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.
      3. Мемлекеттік авиация қызметіне мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      4. Азаматтық және эксперименттік авиацияның қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мынадай нысанда:
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      1) осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген тексерулерді қоспағанда, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен жүргізу тәртібі айқындалатын азаматтық авиация ұйымдарын тексеру;
      2) жеке және заңды тұлғалардың осы Заңмен жүргізу тәртібі айқындалатын әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексеру;
      3) жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін байқауды және талдауды қамтитын, бақылау мен қадағалаудың өзге де нысанында жүзеге асырады.
      5. Жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін, сондай-ақ авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру нәтижелері бойынша ұсынымдарды орындау мақсатында байқау және талдау, осы Заңның талаптарына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға жеке және заңды тұлғалар берген ақпарат, құжаттар мен материалдар негізінде жүзеге асырылады.
      6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдарының тексерулері мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарының қорытындылары бойынша қорытынды құжаттар (актілер, инспекторлық нұсқамалар) жасалуы және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін.
      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      10-1-бап. Жеке және заңды тұлғалардың әуе кемелерінің
                 ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік
                 талаптарын сақтауын тексерулер түрлері

      1. Жеке және заңды тұлғалардың әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
      1) жоспарлы;
      2) жоспардан тыс.
      Жоспарлы тексеруді тәуекелдерді бағалау жүйесіне сәйкес және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және (немесе) халықаралық стандарттарға сәйкестігіне жүргізілген бұрынғы тексерулерге қатысты белгіленген уақыт аралықтарын ескере отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен тексерулер жоспары не тұрақты қадағалау бағдарламасы негізінде азаматтық авиация, әуе кемелері және (немесе) әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз ететін олардың компоненттері мен жабдықтары саласында қызметін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаға қатысты азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тағайындайды.
      Жоспардан тыс тексеруді Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және (немесе) халықаралық стандарттарға сәйкестігіне азаматтық авиация, әуе кемелері және (немесе) әуе кемелерінің ұшуын қамтамасыз ететін олардың компоненттері, жабдықтары саласында қызметін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаға қатысты авиация саласындағы уәкілетті орган тағайындайды.
      Мақсаттарына қарай жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
      1) азаматтық және (немесе) эксперименттік авиация саласында қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғаны, оның ішінде осындай адамның ұшуды ұйымдастыруын, дайындауын және орындауын тексеру;
      2) азаматтық және (немесе) эксперименттік авиация саласында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғаны тексеру;
      3) шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерін перрондық тексеру.
      2. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, ішкі еңбек тәртібінің қағидаларында белгіленген, тексерілетін субъектінің жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
      Жоспардан тыс тексеру бұзушылықтардың және олардың тікелей жасалуы кезінде жолын кесу қажет болған жағдайларда, жұмыстан тыс уақытта (түнгі уақыт, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.
      Ескерту. 2-тарау 10-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10-2-бап. Ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті
                 қамтамасыз ету бойынша бақылау мен қадағалауға
                 жататын қызмет

      Азаматтық және эксперименттік авиация саласында ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бақылау мен қадағалауға жататын қызметке:
      1) әуе кемелерін пайдалану, ұшуды жүргізу және соған дайындалу;
      2) әуе қозғалысына қызмет көрсету;
      3) аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету;
      4) ұшуды метеорологиялық қамтамасыз ету;
      5) әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету;
      6) ұшуды әуеайлақпен қамтамасыз ету;
      7) ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету;
      8) ұшуды электрлі жарықпен техникалық қамтамасыз ету;
      9) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету;
      10) авиация персоналын даярлау және қайта даярлау;
      11) авиация персоналын дәрігерлік-ұшу сарапшылық комиссияларының куәландыруын ұйымдастыру;
      12) ұшуды авариялық және іздестіру-құтқару қызметімен қамтамасыз ету;
      13) азаматтық әуе кемелерін, әуежай объектілері мен қызметтерін жанар-жағармай материалдарымен және арнайы сұйықтықтармен қамтамасыз ету;
      14) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылар мен басқа да тұтынушыларды арнайы автокөлік құралдарымен және жабдықпен қамтамасыз ету;
      15) осы Заңның 90-бабының 1-тармағында көзделген, ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызмет;
      16) осы Заңның 105-бабының 2-тармағында көзделген авиациялық қауіпсіздік шаралары жатады.
      Ескерту. 2-тарау 10-2-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      11-бап. Жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігі
               мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын
               тексерулер тәртібі

      1. Жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын тексерулерді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган қажеттілік және жеткіліктілік қағидатына сәйкес жүргізеді.
      2. Тексеруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары тексеру парағына сәйкес жүргізеді. Тексеру парағы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеке және заңды тұлғалардың қызметіне қойылатын талаптардың толық тізбесін қамтиды, оларды сақтамау ұшу қауіпсіздігіне және авиациялық қауіпсіздікке қатер төндіруге әкеп соғады және олар авиациялық оқиғаның немесе оқыс оқиғаның алғышарттары болуы мүмкін.
      3. Тексеру азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тексеруді тағайындау туралы актісі негізінде жүргізіледі. Тексеруді тағайындау туралы акт бір жеке немесе заңды тұлғаға ресімделеді.
      Шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне перрондық тексерулер жүргізу үшін тексеру тағайындау туралы акт нақты жеке немесе заңды тұлға көрсетілместен, бірақ аумағының шегінде тексеру жүргізілетін әуежай (әуеайлақ) атауы міндетті түрде көрсетіле отырып жасалады.
      4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамдары тексеру кезінде:
      1) тексеру тағайындау туралы актіні;
      2) қызметтік куәлігін;
      3) тексеру парағын көрсетуге міндетті.
      5. Тексеру жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      Тексеру бір рет бір айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.
      Жеке немесе заңды тұлғаны хабардар ету тексеру тоқтатыла тұрғанға дейін не қайтадан басталғанға дейін бір күн бұрын жүргізіледі.
      Тексеруді тоқтата тұрған не қайтадан бастаған кезде тексеруді тоқтата тұру не қайтадан бастау туралы акт шығарылады. Тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімдерін есептеу ол қайтадан басталған күннен бастап жалғасады.
      6. Тексеру тағайындау туралы актіні тексерілетін тұлғаға табыс еткен кез тексеру жүргізудің басталуы болып саналады.
      7. Тексеру тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартылған немесе азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарының объектілерге кіруіне және (немесе) тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайда, хаттама жасалады. Хаттамаға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамы мен тексерілетін адам не оның уәкілетті өкілі қол қояды.
      Тексерілетін адам бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексеру тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеруді болдырмауға негіз болып табылмайды.
      8. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамы тексеру нәтижелері бойынша тексеру нәтижелері туралы екі данада акт жасайды.
      Тексеру нәтижелері туралы актіде:
      1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
      2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның атауы;
      3) соның негізінде тексеру жүргізілген, тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
      4) тексеру жүргізген адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы;
      5) тексерілетін жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) не заңды тұлғаның атауы мен деректемелері, ал шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне тексеру жүргізілген жағдайда – барлық тексерілетін жеке немесе заңды тұлғалардың және тексеру жүргізу кезінде қатысқан өзге де адамдардың;
      6) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
      7) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер;
      8) жеке немесе заңды тұлғаның, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың актімен танысуы немесе танысудан бас тартуы туралы мәліметтер, олардың қолтаңбасы немесе қол қоюдан бас тартуы туралы жазба;
      9) тексеру жүргізген лауазымды адамның қолтаңбасы көрсетіледі.
      Жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың), сараптамалардың қорытындылары және тексеру нәтижелеріне байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшірмелері (олар болған кезде) тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі.
      9. Тексеру нәтижелері бойынша ескертпелері және (немесе) қарсылықтары болған жағдайда, тексерілетін адам оларды жазбаша түрде баяндайды. Ескертпелер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізу нәтижелері туралы актіге қоса берілуі мүмкін, ол туралы тиісті белгі жасалады.
      10. Тексерілетін адамның қолындағы түпнұсқадағы құжаттардың көшірмелерін қоспағанда, қосымшаларының көшірмелерімен бірге тексеру нәтижелері туралы актінің бір данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану және басқа да іс-қимылдар үшін тексерілетін адамға не оның уәкілетті өкіліне табыс етіледі.
      11. Тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
      12. Тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тексерудің аяқталған мерзімінен кешіктірмей тексеру нәтижелері туралы актіні тексерілетін адамға табыс еткен күн тексеру аяқталған күн болып саналады.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      12-бап. Ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті
               қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылау мен
               қадағалаудың нәтижелері

      1. Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайларда, мемлекеттік авиация инспекторлары жеке немесе заңды тұлғаларға бұзушылықтарды жою туралы инспекторлық нұсқамалар береді.
      Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларда, мемлекеттік авиация инспекторлары әуе кемесін пайдалануды тоқтату не инспекцияланатын пайдаланушының немесе азаматтық авиация ұйымының және (немесе) авиация персоналының белгілі бір әрекеттерді тоқтатуы туралы талаппен инспекторлық нұсқамалар береді.
      2. Инспекторлық нұсқама жеке немесе заңды тұлғаға немесе олардың өкілдерінің қолына немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен тапсырылуы тиіс.
      Инспекторлық нұсқамада жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы, инспекторлық нұсқаманың берілген күні, инспекторлық нұсқаманы жіберудің негізі, анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар және инспекторлық нұсқаманы орындау мерзімдері, оған шағымдану тәртібі көрсетіледі.
      3. Хабарламалы тапсырыс хат арқылы почтамен не хабарламалардың кепілді жеткізілуін қамтамасыз ететін электронды байланыс арналары арқылы электронды түрде жіберілген инспекторлық нұсқама почта операторынан почта жөнелтілімін адресаттың алғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап не хабарламаны электронды түрде жіберген күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң тапсырылды деп есептеледі.
      4. Инспекторлық нұсқама азаматтық және (немесе) эксперименттік авиация саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылады.
      5. Инспекторлық нұсқаманы орындамау азаматтық және (немесе) эксперименттік авиация саласындағы қызметті жүзеге асыруға арналған сертификаттың (куәліктің) қолданысын тоқтата тұру немесе оны қайтарып алу үшін негіз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      Мемлекеттік авиация инспекторлары беретін инспекторлық нұсқамаға жоғары тұрған лауазымды адамға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      12-1-бап. Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі
                 бағдарлама

      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаны әзірлейді, ол:
      1) азаматтық авиация саласындағы азаматтық авиациядағы ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін білдіреді;
      2) халықаралық стандарттарды және ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесіне байланысты ұсынылатын практиканы тиімді енгізуді белгілейді;
      3) ұшу қауіпсіздігі тәуекелдерін басқарудың жоғары деңгейіне қол жеткізуге және авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалардың санын үздіксіз азайтуға бағытталған.
      2. Азаматтық авиациядағы ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарлама мыналарды:
      1) мемлекеттік деңгейде қауіпсіздік саласындағы саясат пен мақсаттарды;
      2) мемлекеттік деңгейде ұшу қауіпсіздігіне байланысты тәуекелдерді басқаруды;
      3) мемлекеттік деңгейде азаматтық авиацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
      4) мемлекеттік деңгейде азаматтық авиацияның қауіпсіздігін дамытуға жәрдемдесуді қамтиды.
      Ескерту. 2-тарау 12-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      13-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің әуе
              кеңістігін пайдалану және авиациялық қызмет
              саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) әуе кеңістігін пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      3) азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарды айқындайды;
      3-1) азаматтық авиация саласында ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаны бекітеді;
      3-2) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында формальдылықты оңайлату мақсатында рәсімдерді белгілеуге жәрдемдесуге тиісті шаралар жиынтығын білдіретін, халықаралық әуе тасымалдары кезіндегі формальдылықты оңайлату бағдарламасын бекітеді;
      4) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын бекітеді;
      5) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларын бекітеді;
      6) Қазақстан Республикасының аса маңызды ұшуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      7) - 15-1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      16) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      17) - 26) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      27) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      28) - 41) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      42) Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларын бекітеді;
      43) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      44) Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулығын (бағдарламасын) бекітеді;
      45) - 51) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      52) азаматтық авиация саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;
      53) жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшiн халықаралық авиамаршруттарға арналған конкурс өткiзу және халықаралық авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларын бекiтедi;
      53-1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      54) Авиамаршруттарды субсидиялау қағидаларын бекітеді;
      54-1) жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшiн субсидияланатын авиамаршруттарға арналған конкурс өткізу және субсидияланатын авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларын бекітеді;
      55) Қазақстан Республикасының авиациялық қауіпсіздігі қағидаларын бекітеді;
      56) Авиациялық қауіпсіздіктің сақталуы сапасына бақылау жүргізу  қағидаларын бекітеді;
      57) әуежайларға әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге рұқсат ету туралы шешім қабылдайды;
      58) әуе көлігімен тасымалданатын, оларға қатысты қарап тексеру жүргізілмейтін Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының арнайы тізбесін бекітеді;
      59) Қазақстан Республикасының әуежайларындағы арнайы бөлінген залдарда қызмет көрсетілетін адамдардың тізбесін бекітеді;
      60) жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдардың, сондай-ақ есірткінің барлық түрлерінің тізбесін бекітеді;
      61) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      14-бап. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның
              әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі
              саласындағы құзыреті

      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
      1) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын және (немесе) халықаралық стандарттарды жеке және заңды тұлғалардың сақтауын мемлекеттік реттеуді, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
      2) әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруды жүзеге асырады;
      3) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      4) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшуды жүргізу қағидаларын бекітеді;
      5) Әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      6) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      7) азаматтық әуе кемелерінің әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылықтың жолын кеседі;
      8) азаматтық және эксперименттік авиацияның әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзушылықтарды есепке алуды жүргізеді;
      9) аэронавигациялық ақпарат құжаттарын бекітеді;
      10) халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық азаматтық авиация ұйымдарында өкілдік етуін жүзеге асырады;
      11) азаматтық авиация саласында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуға қатысады;
      12) Халықаралық тұрақты емес ұшуды орындауға рұқсаттар беру және оны беруден бас тарту негіздерінің қағидаларын бекітеді;
      13) әуе кемелерін есептен шығару қағидаларын бекітеді;
      14) әуе қозғалысына қызмет көрсету кезіндеәуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезіндеәуежайлардаазаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулықтарды бекітеді;
      15) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысатын авиация персоналының кәсіптік даярлығының үлгілік бағдарламасын бекітеді;
      15-1) Радиотелефон байланысында пайдаланылатын тілді меңгеру дәрежесін айқындауға арналған тестілеу қағидаларын бекітеді;
      15-2) авиациялық оқу орталықтары мен азаматтық авиация ұйымдары әзірлеген азаматтық авиация персоналын кәсіптік даярлау бағдарламасын келіседі;
      16) авиация персоналына жататын адамға оның қажеттi бiлiмi мен дағдысының бар екенiн, сондай-ақ оның денсаулығының белгiленген талаптарға сай екенiн растайтын кәсiптiк қызметтi жүзеге асыру құқығына арналған авиация персоналының куәлігін бередi, куәліктің қолданылу мерзімін ұзартады, мұндай куәлiктi қайтарып алады, қолданысын тоқтата тұрады, куәлікке біліктілік белгілері мен арнайы белгілерді енгізеді;
      17) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушынының сертификатын, авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған куәлікті, авиациялық оқу орталығының сертификатын, азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымның сертификатын, тип сертификатын, әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатын, азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификатын, әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметін тексеріп қарауды ұйымдастыру жөніндегі сертификатты, әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының экспорттық сертификатын, аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органының және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметінің сертификатын сертификаттауды және беруді жүзеге асырады;
      18) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген қолданыстағы сертификаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, иеленушілер сертификаттау талаптарын сақтамаған жағдайда сертификаттар беруден бас тартады, сертификаттарды қайтарып алады, олардың қолданылуын тоқтата тұрады;
      19) жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті беруді жүзеге асырады;
      20) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      21) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      22) Қазақстан Республикасының әуежайларында әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін уақытша интервалдарды бөлу қағидаларын бекітеді;
      23) шетелдік авиатасымалдаушылардың тұрақты ұшу кестесін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық авиамаршруттарындағы шетелдік авиатасымалдаушылардың тұрақты рейстерінің кестесін бекіту жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      24) субсидияланатын маршруттарда ұшуды орындаған кезде Ұшу сағатының өзіндік құны есебінің нұсқаулығын бекітеді;
      25) азаматтық әуе кемелерімен тасымалдауға арналған қауіпті жүктердің тізбесін бекітеді;
      26) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);
      27) әуежайдың және Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелері мен Қазақстан Республикасының әуежайларына тұрақты ұшуды орындайтын шет мемлекеттердің әуе кемелерін пайдаланушылардың авиациялық қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламаларды келісуді жүзеге асырады;
      28) мүдделі мемлекеттік органдар арасында авиациялық қауіпсіздік саласындағы қызметті үйлестіруді жүзеге асырады, азаматтық авиация қызметіне заңсыз араласу әрекеттерін тексеруде мемлекеттік органдарға жәрдемдеседі, олардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлейді;
      29) әуежайдың бақыланатын аймағына өту, көлікпен өту құқығына арналған рұқсаттамалардың түрлері мен нысандарын бекітеді;
      30) авиациялық қауіпсіздік қызметі мамандарын, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның авиациялық қауіпсіздік және ұшу қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі лауазымды адамдарын даярлау және қайта даярлау бағдарламасын бекітеді;
      31) азаматтық авиация саласында әуе қозғалысына қызмет көрсетілуін, ұшудың радиотехникалық және метеорологиялық қамтамасыз етілуін бақылауды және қадағалауды, сондай-ақ көрсетілетін қызмет пен оның сапасын тексеруді жүзеге асырады;
      32) авиациялық техника мен оған жерде қызмет көрсету құралдарының ұшу және техникалық пайдалану талаптарына сәйкестігін бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      33) әуе кемесі, оның компоненттері, қосалқы бөлшектері мен қосымша аспаптары жай-күйінің пайдаланушыға берілген ұшуға жарамдылығы сертификатының талаптарына және ұшуға жарамдылығын айқындайтын пайдалану-техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкестігін бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      34) авиация персоналына жататын адамдардың осы Заңға сәйкес белгіленген талаптар мен нормаларды сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      35) авиация персоналының кәсіптік даярлығы және денсаулық жағдайы мәселелері бойынша белгіленген талаптар мен нормаларды азаматтық авиация ұйымдарының қамтамасыз етуін бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      36) әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) объектілерінің, қону алаңдарының күтіп-ұсталуын және осы Заңның 65-бабы 1-тармағының 1) -7)9) және 10) тармақшаларында көзделген әуежай қызметінің сапасын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      37) азаматтық авиация саласында ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік талаптарының бұзылуын есепке алуды жүргізеді;
      38) алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      38-1) азаматтық және эксперименттік авиация саласындағы ұшуларды іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару қызметімен қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады;
      39) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      40) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      41) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      41-1) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілеттік органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес астана мен астаналық әуежайдың үстіндегі әуе кеңістігін пайдалану тәртібін айқындайды;
      41-2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкестігіне мониторинг жүргізуді жүзеге асырады;
      41-3) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасынан орын алған айырмашылықтар туралы Халықаралық азаматтық авиация ұйымын (ИКАО) уақтылы хабардар етуді және оларды аэронавигациялық ақпарат құжаттарында жариялауды қамтамасыз етеді;
      41-4) өзі бекіткен Авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
      41-5) Қазақстан Республикасының Азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген не әуе кемелерінің пайдаланушылары Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғалары болып табылатын әуе кемелерімен басқа мемлекеттердің аумағында болған азаматтық авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеруге қатысады;
      41-6) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалардың алдын алу немесе олардың салдарларын азайту мақсаттарында ұсынымдар береді, сондай-ақ осындай ұсынымдардың орындалуына талдау жүргізеді;
      41-7) Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген не пайдаланушылары Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғалары болып табылатын әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалар жөнінде статистикалық деректер жүргізеді;
      41-8) Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттер пайдаланушыларының әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалар жөнінде статистикалық деректер жүргізеді;
      41-9) халықаралық азаматтық авиация ұйымдарымен статистикалық деректерді алмасуға қатысады;
      41-10) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеруге жауапты шет мемлекеттердің органдарымен және халықаралық азаматтық авиация ұйымдарымен ынтымақтасады;
      41-11) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен ынтымақтасады;
      41-12) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру кезінде дәлелдемелердің сақталуын қамтамасыз етеді;
      41-13) ұшу қауіпсіздігі туралы құпия ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етеді;
      41-14) авиациялық оқиғаларды жинау, бағалау, өңдеу, сақтау және тіркеу тетігін қоса алғанда, авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғалар туралы деректерді міндетті және ерікті түрде ұсыну жүйесін әзірлейді, енгізеді, зерделейді және қолдайды;
      41-15) мемлекеттік және халықаралық деңгейлерде ұшу қауіпсіздігі туралы ақпарат алмасуға және авиациялық оқиғалар туралы ақпарат таратуға қатысады;
      41-16) азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігіне байланысты ақпаратты жинауды және талдауды, сондай-ақ осындай ақпаратты жасауды және азаматтық авиация саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізуді жүзеге асырады. Талдау ақпарат көздерін ашуды талап етпейді;
      41-17) азаматтық авиацияда ұшуды және авиациялық радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      41-18) әуе кемелерін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      41-19) Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы нормаларын бекітеді;
      41-20) сертификаттау және үлгі сертификатын беру қағидаларын бекітеді;
      41-21) азаматтық әуе кемесі данасын сертификаттау және оның ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігіне куәлік беру қағидаларын бекітеді;
      41-22) Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесін сертификаттау және ұшуға жарамдылық сертификатын беру қағидаларын бекітеді;
      41-23) аса жеңіл авиация саласында сертификаттау қағидаларын бекітеді;
      41-24) Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және жөндеу қағидаларын бекітеді;
      41-25) азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымды сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларын бекітеді;
      41-26) азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларын бекітеді;
      41-27) аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органын және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметін сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларын, сондай-ақ аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарына және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтеріне қойылатын сертификаттық талаптарды бекітеді;
      41-28) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын авиация персоналын кәсіптік даярлау қағидаларын бекітеді;
      41-29) азаматтық және эксперименттік авиацияның аттестатталуға жататын авиация персоналының лауазымдары мен кәсіптерінің тізбесін бекітеді;
      41-30) Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      41-31) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларын бекітеді;
      41-32) пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға рұқсат беру қағидаларын бекітеді;
      41-33) жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға рұқсат беру қағидаларын бекітеді;
      41-34) Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйымдардың авиациялық стандарттарын қолдануға рұқсат беру қағидаларын бекітеді;
      41-35) аэроклубтар туралы үлгілік ережені бекітеді;
      41-36) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында ұшу жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекітеді;
      41-37) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында бортсеріктердің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      41-38) әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) жарамдылығын сертификаттау және оларға сертификат беру қағидаларын бекітеді;
      41-39) азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларын бекітеді;
      41-40) әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) азаматтық әуе кемелерін пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкестігін бағалау әдістемесін бекітеді;
      41-41) азаматтық авиацияда әуеайлақтық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      41-42) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясының ұшуын электржарықпен техникалық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      41-43) Қазақстан Республикасының әуежайларында арнайы көлік қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      41-44) азаматтық әуе кемелерін авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      41-45) Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарында авиациялық жанар-жағармай материалдары мен арнаулы сұйықтықтарды сақтау, құюға беруге дайындау және олардың сапасына бақылау жүргізу қағидаларын бекітеді;
      41-46) Қазақстан Республикасында азаматтық әуе кемелерінің ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      41-47) Қазақстан Республикасының әуежайларында жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
      41-48) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекітеді;
      41-49) Қазақстан Республикасының әуежайларында ұшуды авариялық-құтқару тұрғысынан қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      41-50) авиатасымалдауды ұйымдастыру қызметі туралы үлгілік ережені бекітеді;
      41-51) авиациялық қауіпсіздік қызметі туралы үлгілік ережені бекітеді;
      41-52) азаматтық авиация ұйымдарының өндірістік-диспетчерлік қызметі туралы үлгілік ережені бекітеді;
      41-53) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің жете тексеруді ұйымдастыруын сертификаттау және сертификат беру қағидаларын бекітеді;
      41-54) әуе кемелерін ұшу алдында және арнайы жете тексеру қағидаларын бекітеді;
      41-55) Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы ұйымдарының авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің басшылары мен мамандары лауазымдарының тізбесін, сондай-ақ осындай лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;
      41-56) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға қойылатын сертификаттық талаптарды бекітеді;
      41-57) авиациялық оқу орталықтарына қойылатын сертификаттық талаптарды бекітеді;
      41-58) авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттық талаптарды бекітеді;
      41-59) азаматтық әуе кемелерiн жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету ұйымдарына қойылатын талаптарды бекiтедi;
      41-60) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің жете тексеруді ұйымдастыруы бойынша сертификаттық талаптарды бекітеді;
      41-61) авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсат беру қағидаларын бекітеді;
      41-62) Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау мен өңдеу жөніндегі бірыңғай талаптар мен технологиялық рәсімдерді бекітеді;
      41-63) электрондық авиажүкқұжатының нысанын бекітеді;
      41-64) әуе көлігімен багажды, поштаны және жүктерді тасымалдау және өңдеу кезінде ақпараттық өзара іс-қимыл қағидаларын бекітеді;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақты 41-65), 41-66) және 41-67) тармақшалармен толықтыру көзделген - ҚР 27.10.2015 № 363-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).
      42) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      2. алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      3. алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 363-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      15-бап. Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті
              органның әуе кеңістігін пайдалану және
              авиация қызметі саласындағы құзыреті

      Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
      1) әуе кеңістігін пайдалану мен мемлекеттік авиация қызметін мемлекеттік реттеуді және мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      2) әуе кеңістігін пайдалану және мемлекеттік авиация қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруды жүзеге асырады;
      3) әуе шабуылына тойтарыс беру немесе әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзуды болғызбау және (немесе) тоқтату жөнінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық тұтастығына және қауіпсіздігіне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерін жою жөнінде шаралар қабылдайды;
      4) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзудың жолын кеседі;
      5) тыйым салынған аймақтар мен ұшуға шектеу қойылған аймақтардың тізбесін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіменұлттық қауіпсіздік органдарымен келісім бойынша әзірлейді және бекітеді;
      6) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес әуе кеңістігін пайдалануға арналған режимдерді және қысқа мерзімді шектеулерді белгілейді;
      7) тыйым салынған аймақтар мен ұшуға шектеу қойылған аймақтар аумағының үстінен ұшып өтуге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметімен және ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілгеннен кейін арнайы рұқсаттар береді;
      8) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге арнайы бөлінген дәліздерден тыс шет мемлекеттердің әуе кемелерінің әуе кеңістігінде халықаралық ұшуды орындауына рұқсаттар береді;
      9) шет мемлекеттердің мемлекеттік авиациясы әуе кемелерінің халықаралық ұшуды орындауына арналған рұқсаттарды келіседі;
      10) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін мемлекеттік авиацияның бұзуын есепке алуды жүргізеді;
      11) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуды жүргізу қағидаларын бекітеді;
      12) Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясында авиациялық оқиғалар мен инциденттерді болғызбау жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      13) Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      14) Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын штурмандық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      15) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелеріне мемлекеттік, тіркелім және қосымша танылым белгілерін салу жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      16) әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының), автомобиль жолдарының әуеайлақтық учаскелерінің пайдалануға жарамдылығының нормаларын және Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуеайлақтарына қойылатын тактикалық-техникалық талаптарды бекітеді;
      17) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдалану қағидаларын бекітеді;
      18) Мемлекеттік авиация әуеайлақтарының, автомобиль жолдарының әуеайлақтық учаскелерінің тізілімін және оны жүргізу тәртібін бекітеді;
      19) мемлекеттік авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы туралы қорытынды береді;
      20) мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын есепке алуды жүргізеді, авиациялық оқиғалар мен инциденттерді сыныптауды, мемлекеттік органдардың мемлекеттік авиация саласындағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерге тексеру жүргізу жөніндегі қызметін бақылауды жүзеге асырады;
      21) мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны бекітеді, мемлекеттік авиациядағы ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;
      22) Мемлекеттік авиацияның авиация персоналын куәландыру қағидаларын бекітеді және мемлекеттік авиацияның авиация персоналына жататын адамға оның қажетті білімі мен дағдысының бар екенін, сондай-ақ оның денсаулығының белгіленген талаптарға сай екенін растайтын кәсіптік қызметті жүзеге асыру құқығына арналған куәлікті береді;
      23) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік авиацияның қызметкерлері лауазымдарының тізбесін айқындайды;
      24) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының авиациялық іздестіру-құтқару қызметі жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      25) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуын медициналық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      26) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуын метеорологиялық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      27) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуын орнитологиялық қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
      28) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерін тіркеу қағидаларын бекітеді;
      29) Әуе қозғалысын басқару жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;
      30) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      16-бап. Азаматтық авиация саласындағы сертификаттау

      1. Азаматтық авиация саласындағы сертификаттау кезінде осы Заңда көзделген әуе кемелерінің, әуеайлақтардың және көрсетілетін авиациялық қызметтердің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі расталады.
      2. Сертификаттаудың мақсаты адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, мемлекет мүдделерін қорғау, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономиканың және азаматтардың сапалы авиациялық қызметтерге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.
      3. Осы Заңда белгіленген жағдайларда, сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Азаматтық авиация саласындағы сертификаттау үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде (Салық кодексі) айқындалатын тәртіппен және мөлшерде алым алынады. Азаматтық авиация саласындағы сертификаттау көрсетілген алымды мемлекеттік бюджетке төлегеннен кейін жүзеге асырылады. (РҚАО-ның ескертпесі! Абзац 01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Беру кезінде сертификат (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) өтініш берушінің сертификаттық талаптарға сәйкестігін растайды және оған қызметтің рұқсат етілген түрлерін жүзеге асыруға арналған құқық береді.
      4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін сертификаттық талаптарға сәйкес болған кезде өтініш берушіге сертификат (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) береді.
      Азаматтық авиация пайдаланушыларын немесе ұйымдарын сертификаттау процесі олардың белгіленген сертификаттау талаптарына сәйкестігін сертификаттық тексеруді, оның ішінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олардың қаржы-экономикалық жағдайын бағалауды көздейді.
      Сертификаттық тексеру шеңберінде өтініш беруші қызметтің сұратылып отырған түрлеріне байланысты функцияларды орындау үшін қажетті қабілеті мен құралдарын көрсетуге міндетті.
      5. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификаттау кезінде мыналарға:
      1) сертификатты (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) берер алдында, сертификаттау рәсімдеріне жататын азаматтық авиация ұйымдарына қолданылатын сертификаттау талаптарына сәйкестігіне;
      2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамасына сәйкес, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен түзету іс-қимылдарының жоспарын орындауға (қолдануға) сертификаттық тексеруді жүзеге асырады.
      6. Осы баптың 5-тармағында көзделген сертификаттық тексеру:
      1) сертификаттық тексеру жүргізу жөніндегі мемлекеттік авиация инспекторлары үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әзірлеген нұсқамалық материал пайдаланыла отырып жүзеге асырылуы;
      2) тексерілетін жеке және заңды тұлғаларға сертификаттық тексерудің тиісті нәтижелері ұсынылуы тиіс.
      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      16-1-бап. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты
                 қадағалау

      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жеке және заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне тұрақты қадағалауды жүзеге асырады.
      Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты қадағалауға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификаттаған азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдары жатады.
      2. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тұрақты қадағалауды жүзеге асыру кезінде:
      1) сертификаттау талаптары мен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін ұстауды;
      2) осы Заңның 16-3-бабына сәйкес түзету іс-қимылдарының жоспарын орындауды тексереді.
      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген тексеру:
      1) тұрақты қадағалауды жүргізу жөніндегі мемлекеттік авиация инспекторлары үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әзірлеген нұсқамалық материал пайдаланыла отырып жүзеге асырылуы;
      2) тексерілетін жеке және заңды тұлғаларға ұшу қауіпсіздігін қадағалаудың тиісті нәтижелерін беруі;
      3) бұрынғы қадағалаудың нәтижелеріне және азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарының ұшу қауіпсіздігін басқарудың белгіленген жүйесі шеңберінде ұшу қауіпсіздігі саласындағы басымдықтарға негізделуі;
      4) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға осы Заңның 16-3-бабына сәйкес шаралар қолдану үшін бұзушылықтардың жоқ екені немесе бар екені туралы мәліметтерді ұсынуы тиіс.
      4. Тұрақты қадағалауды жүргізу тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама шеңберінде азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарын жоспарлы тексеру арқылы жүзеге асырылады.
      5. Азаматтық авиация саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының шегінде немесе одан тыс жерлерде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген сертификаттар (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) негізінде өз қызметін жүзеге асыру кезінде сертификаттау талаптарын үнемі сақтайтынын растайтын ақпаратты, құжаттарды береді және мемлекеттік авиация инспекторларының өздерінің қарауындағы жерлер мен аймақтарда сертификаттау нысанасы болып табылатын ақпараттарға, құжаттарға, бұйымдарға, бөліктер мен жабдықтарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті.
      6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жоспардан тыс тексерулер жүргізу жөнінде шешім қабылдау үшін азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарының қаржы-экономикалық жағдайын бағалауға арналған деректерді қоса алғанда, тұрақты қадағалау функцияларын орындау үшін деректерді жинайды және өңдейді.
      Ескерту. 2-тарау 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16-2-бап. Тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі
                 бағдарлама

      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жыл сайын тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны қабылдайды, ол сертификатталған азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарының сертификаттау талаптарына сәйкестігін ұстау бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүргізетін іс-шаралар кешенін білдіреді.
      2. Тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарының тәуекелдер дәрежесін бағалау, оның ішінде азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдарының қаржы-экономикалық жағдайын бағалау ескеріле отырып әзірленеді және сертификатта (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікте) көзделген қызмет түрлерін қамтиды.
      Азаматтық авиацияның пайдаланушылары мен ұйымдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға тоқсан сайын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қаржы-экономикалық жағдай туралы ақпарат береді.
      3. Тұрақты қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама тексерулерді жоспарлауды, қадағалау мәселелері бойынша азаматтық авиацияның пайдаланушылары мен ұйымдарының лауазымды адамдарымен өзара іс-қимыл жасауды және жүргізілген тексерулер нәтижелерін есепке алуды қамтиды.
      Ескерту. 2-тарау 16-2-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16-3-бап. Тұрақты қадағалауды жүзеге асыру кезінде
                 анықталған, белгіленген талаптарды бұзушылықтар
                 деңгейі және бұзушылықтарды жою жөніндегі
                 шаралар

      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу дәрежесіне қарай, тұрақты қадағалау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар бірінші және екінші деңгейдегі бұзушылықтар болып бөлінеді.
      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретіндей елеулі бұзушылықтар бірінші деңгейдегі бұзушылықтарға жатады.
      Бірінші деңгейдегі бұзушылыққа:
      мемлекеттік авиация инспекторына азаматтық авиация пайдаланушысының және (немесе) ұйымының объектілеріне (әуе кемелерін, үйлерді, құрылыстарды, ангарларды, отын қоймаларын, қызметтік үй-жайларды қоса алғанда және оның аумағына) кіргізуден бас тарту;
      ұсынылған құжаттарды бұрмалау арқылы азаматтық авиация пайдаланушысының немесе ұйымының сертификат (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) алуы, сертификаттау талаптарына сәйкестікте ұстауы;
      азаматтық авиацияның пайдаланушысының немесе ұйымының заңға қайшы іс-қимылдар жасауы немесе сертификатты (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлік) заңсыз пайдалануы;
      азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның тиісті бекітуінсіз, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай органның бекітуіне жататын құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;
      түзету іс-қимылдарының жоспарын азаматтық авиация пайдаланушысының немесе ұйымының белгіленген мерзімде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға оны бағалауды жүргізу үшін ұсынбау немесе екінші деңгейдегі заң бұзушылық кезінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген немесе ұзартқан мерзімдерде түзету іс-қимылдарын орындамау;
      осы Заңға сәйкес, соның негізінде сертификаттың (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктің) қолданысы тоқтатыла тұратын не сертификатты (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті) қайтарып алатын өзге де жағдайлар кіреді.
      3. Бірінші деңгейдегі бұзушылықтарға кірмейтін, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзудың барлығы екінші деңгейдегі бұзушылықтарға жатады.
      4. Мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық анықталған кезде, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган немесе мемлекеттік авиация инспекторы азаматтық авиацияның пайдаланушысына немесе ұйымына анықталған бұзушылықтарды жою үшін түзету іс-қимылдарын қабылдау талабымен нұсқама жібереді.
      Қажет болған жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесі тіркелген шет мемлекеттің құзыретті органына хабарлайды.
      5. Бірінші деңгейдегі бұзушылық болған кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиацияның пайдаланушысы немесе ұйымы анықталған бұзушылықтарды жойған кезге дейін осы Заңда белгіленген жағдайларда және тәртіпте, сертификатты (авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті) қайтарып алу немесе оны толық немесе ішінара шектеу немесе қолданысын тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылдайды.
      6. Екінші деңгейдегі бұзушылықтар болған кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган:
      1) анықталған бұзушылықтарды жою үшін бұзушылық анықталған кезден бастап үш айдан аспайтын мерзім белгілейді. Азаматтық авиация пайдаланушысы немесе ұйымы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі түзету іс-қимылдарының жоспарын әзірлейді. Бұзушылықтарды жою үшін белгіленген мерзім бекітілген түзету іс-қимылдары жоспарының мерзімдерін өзгерту қажеттігін негіздеу шартымен ұзартылуы мүмкін;
      2) азаматтық авиация пайдаланушысы немесе ұйымы ұсынған анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды бағалау негізінде түзету іс-қимылдарының жоспарын бекітеді не оны негіздемесімен қоса пысықтауға қайтарады.
      7. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиация пайдаланушысының немесе ұйымының түзету іс-қимылдарының жоспарын ұсынуын және (немесе) жоспарда белгіленген мерзімдерде түзету іс-қимылдарын орындауын бақылайды.
      Көрсетілген жоспар азаматтық авиация пайдаланушысы немесе ұйымы инспекторлық нұсқаманы алған кезден бастап он күндік мерзімде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ұсынылуы тиіс.
      8. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымдары тарапынан түзету іс-қимылдарын қоса алғанда, барлық анықталған бұзушылықтарды, оларды жою жөнінде қабылданған шаралар мен белгіленген мерзімдерді есепке алуды жүргізеді.
      Ескерту. 2-тарау 16-3-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16-4-бап. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау

      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган қызметі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның сертификаттауына жатпайтын, бірақ осы Заңның 10-2-бабында көзделген қызметке жататын жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне бақылауды жүзеге асырады.
      2. Бақылау жеке және (немесе) заңды тұлғаларды жоспарлы және жоспардан тыс тексеру, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтаудағы олардың қызметін бақылау және талдау арқылы жүзеге асырылады.
      Жоспарлы тексерулерді жүргізу тексеру парақтарының негізінде және тексеру жоспарында белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылады.
      Бақылауды жүзеге асыру кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларды жоспардан тыс тексеруге мыналар:
      1) тексеру немесе бақылаудың өзге де нысандары нәтижесінде анықталған Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы инспекторлық нұсқамалардың орындалуын бақылау;
      2) адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтіру туралы не зиян келтіру қаупінің төнуі туралы жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан және жергілікті өкілді органдардан ақпарат алу және өтініштердің түсуі;
      3) өзінің қызметіне тексеру жүргізу туралы тексерілетін жеке немесе заңды тұлғаның бастамашылық өтініші;
      4) егер оларға қатысты жоспарлы тексеру белгіленген болса, тексерілетін жеке тұлғаның тегінің, атының, әкесінің атының (бар болған кезде) немесе тексерілетін заңды тұлға атауының өзгеруі, сондай-ақ оның қайта ұйымдастырылуы;
      5) бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы тексерілетін жеке немесе заңды тұлғаның өтініш жасауына байланысты қайта тексеру негіз болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда, мемлекеттік авиация инспекторлары бұзушылықтарды жою туралы инспекторлық нұсқамалар береді.
      Ескерту. 2-тарау 16-4-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16-5-бап. Шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе
                 кемелерін перрондық тексерулер

      1. Шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерін перрондық тексерулерді Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының негізінде әзірленген, нысанын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін тексеру парақтары негізінде мемлекеттік авиация инспекторлары жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының халықаралық ұшулар үшін ашық әуежайында қонуды жүзеге асырған әуе кемесі мен экипаж тексеруге жатады.
      Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жасалған келісімдер негізінде шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне жүргізілген перрондық тексерулер бойынша ақпарат жинауға және оны шет мемлекеттермен алмасуға атсалысады.
      2. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тиісті әуеайлақтардағы пайдаланушылар санын, әуе кемесінің типін және қону санын, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдер дәрежесін ескере отырып, есептеу әдісіне негізделген, шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне перрондық тексерулер жүргізудің жылдық жоспарын қабылдайды.
      3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, егер осындай әуе кемесінің бортында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары не пайдаланушы сертификатының шарттары мен пайдалану шектеулері сақталмайды деп есептеуге негіз болса, шетелдік пайдаланушының азаматтық әуе кемесіне жоспардан тыс перрондық тексерулерді жүзеге асырады.
      Мұндай негіздер:
      1) алдыңғы тексерулер және бақылаудың өзге де нысандары нәтижесінде бұрын анықталған бұзушылықтардың жойылуын бақылау;
      2) адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған орта мен жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне зиян келтіру не зиян келтіру қаупінің төнуі туралы жеке және (немесе) заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан ақпарат алу және өтініштердің түсуі;
      3) өзінің әуе кемесі мен экипажына тексеру жүргізу туралы тексерілетін шетелдік пайдаланушының бастамашылық өтініші;
      4) егер тексерілетін шетелдік пайдаланушыға қатысты жоспарлы тексеру белгіленсе, оны қайта ұйымдастыру және атауын өзгерту;
      5) бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы тексерілетін шетелдік пайдаланушының өтінішіне байланысты қайта тексеру болып табылады.
      4. Шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне перрондық тексерулерді жүргізу кезінде мемлекеттік авиация инспекторлары инспекцияланатын әуе кемелерінің ұшуын негізсіз кідіртуді болғызбау қағидатын басшылыққа алады.
      5. Шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелеріне инспекциялауды жүргізу барысында анықталған бұзушылықтар мынадай түрде сыныпталады:
      1) үшінші санаттағы бұзушылық – ұшу қауіпсіздігіне едәуір әсері бар пайдаланушы сертфикатының белгіленген шарттары мен пайдаланудағы шектеулерін бұзу;
      2) екінші санаттағы бұзушылық – ұшу қауіпсіздігіне елеулі әсері бар пайдаланушы сертификатының белгіленген шарттары мен пайдаланудағы шектеулерін бұзу;
      3) бірінші санаттағы бұзушылық – ұшу қауіпсіздігіне болмашы әсері бар пайдаланушы сертификатының белгіленген шарттары мен пайдаланудағы шектеулерді бұзу.
      Бұзушылықтарды осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген санаттарға жатқызу шарттары тексеру парағымен айқындалады.
      6. Үшінші санаттағы бұзушылықты анықтаған жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның:
      1) әуе кемесін пайдалануға шектеу қоюға не Қазақстан Республикасының аумағында әуе кемесін пайдалануға дереу тыйым салуды енгізуге не анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шұғыл түзету іс-қимылдарын қабылдауды талап етуге не әуе кемесін жерде кідіртуге;
      2) перрондық тексерудің нәтижелері туралы пайдаланушыға жазбаша түрде хабар беруге және қабылданған түзету іс-қимылдары бойынша дәлелді талап етуге;
      3) пайдаланушы тіркелген мемлекет пен әуе кемесі тіркелген және ұшу экипажы куәлігін берген мемлекеттің құзыретті органдарына хабарлауға, сондай-ақ пайдаланушы қабылдаған түзету іс-қимылдарын келісу туралы құзыретті органдардан растауды сұратуға құқығы бар.
      7. Егер экипаж Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының не пайдаланушы сертификатының шарттары мен пайдаланудағы шектеулердің анықталған бұзушылықтарын жою бойынша тиісті түзету іс-қимылдарын қабылдамастан, тексерілетін әуе кемесінде ұшуды орындау жөнінде іс-қимылдар жасады деп есептеуге негіз болған жағдайда, мемлекеттік авиация инспекторы әуе кемесінің командирін және (немесе) пайдаланушысын қосымша нұсқау алғанға дейін әуе кемесінің мұндай ұшуға рұқсатының жоқ екендігі туралы хабардар етеді және әуе кемесін жерде кідіртеді.
      8. Әуе кемесі жерде кідірген жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, егер тіркеу мемлекеті пайдаланушы мемлекетінен өзгеше болса, әуе кемесін пайдаланушының мемлекеті мен ол тіркелген мемлекеттің құзыретті органдарына дереу хабар береді және осы органдармен бірлесіп әуе кемесі ұшуға рұқсат ала алатын қажетті шарттарды көздейді.
      9. Әуе кемесінің ұшуға жарамдылығына қатысты Халықаралық азаматтық авиация ұйымы стандарттарының (ИКАО) не пайдаланушы сертификатының шарттары мен пайдаланудағы шектеулердің бұзылуы анықталған жағдайда, әуе кемесінің ұшуына тыйым салу:
      1) әуе кемесінің ұшуға жарамдылығына қатысты бұзушылық жойылғандығын;
      2) пайдаланушыда осындай әуе кемесінің арнайы ұшуына арналған рұқсаттың немесе әуе кемесі тіркелген мемлекеттің немесе пайдаланушы мемлекеттің құзыретті органы берген осыған ұқсас құжаттың болуын, сондай-ақ қажет болған кезде транзиттік мемлекеттердің олардың әуе кеңістігінен ұшып өтуге арналған рұқсаттың болуын растайтын құжаттаманы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға пайдаланушы ұсынғанға дейін сақталады.
      10. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган екінші санаттағы бұзушылықты анықтаған кезде:
      1) қабылданған түзету іс-қимылдары туралы растайтын құжаттаманы ұсынуды талап ете отырып, пайдаланушыға шешімі туралы жазбаша хабар береді;
      2) әуе кемесін пайдаланушының мемлекеті мен ол тіркелген және ұшу экипажы куәліктерін берген мемлекеттің құзыретті органдарына хабар береді. Қажет болған жағдайда, пайдаланушы қабылдаған түзету іс-қимылдарымен осындай құзыретті органдардың келісуі туралы растауды сұратады.
      11. Бірінші санаттағы бұзушылық анықталған кезде мемлекеттік авиация инспекторы оларды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін бұл туралы шетелдік пайдаланушының азаматтық әуе кемесінің командирін хабардар етеді.
      Ескерту. 2-тарау 16-5-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16-6-бап. Мемлекеттік авиация инспекторы

      1. Азаматтық және эксперименттік авиация саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды адамы мемлекеттік авиация инспекторы болып табылады.
      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік авиация инспекторының қызметіне жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың араласуына жол берілмейді.
      2. Мемлекеттік авиация инспекторларының өз міндеттерін орындау кезінде:
      1) қызметтік міндеттерді жүзеге асыру үшін ангарларды, отын қоймаларын, пайдаланушылардың қызметтік үй-жайларын және авиациялық оқу орталықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасы әуежайларының барлық бақыланатын аймақтарына, әуе кемелеріне және азаматтық авиация ұйымдарының объектілеріне кедергісіз кіруге;
      2) авиация персоналының біліктілігі туралы ақпаратты қоса алғанда, азаматтық авиацияның пайдаланушылары мен ұйымдарынан ақпарат, құжаттар сұратуға, сондай-ақ оларды ұсыну мерзімдерін белгілей отырып, өз функцияларын орындау үшін қажетті түсініктемелер мен материалдарды талап етуге;
      3) оларды орындау мерзімдерін белгілей отырып, азаматтық авиация пайдаланушылары мен ұйымының лауазымды адамдарына ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша инспекторлық нұсқамалар беруге;
      4) әуе кемесінің кабинасында немесе салонында болу құқығымен ұшу кезінде пайдаланушымен келісу бойынша азаматтық әуе кемесінің бортында болуға құқығы бар.
      3. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік авиация инспекторлары:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2) тармақша жаңа редакцияда көзделген - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2) «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен осы Заңда белгіленген тәртіпке сәйкес тексерулер жүргізуге;
      3) тексеру жүргізу кезеңінде азаматтық авиация ұйымының белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
      4) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзудың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;
      5) авиация персоналы куәлігінің, кеме, ұшу құжаттамасының, сертификаттардың, рұқсаттардың және берілуі осы Заңда көзделген құжаттардың болуын, сондай-ақ шетелдік кемелерді қоса алғанда, азаматтық әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы талаптарына және тексеру парағына сәйкес Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкестігін тексеруге міндетті.
      4. Азаматтық авиацияның пайдаланушысы немесе ұйымы, тексеруге жататын объектілер, құралдар әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағында болған кезде, әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы оларға мемлекеттік авиация инспекторының қызметтік куәлікті көрсетуі негізінде кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
      5. Мемлекеттік авиация инспекторлары Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сметасы (бюджет) негізінде белгіленетін ақшалай ризықпен қамтамасыз етіледі.
      Ақшалай ризық ақшалай үлесті (лауазымдық айлықақы), ерекше еңбек жағдайлары үшін үстемеақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін басқа да үстемеақылар мен сыйлықақыларды қамтиды.
      6. Мемлекеттік авиация инспекторлары талап етілетін кәсіптік даярлық деңгейін ұстап тұру үшін кезең-кезеңмен:
      1) кәсіптік деңгейді ұстау жөніндегі курстарда оқытудан өтуге;
      2) авиациялық техниканы пайдаланып және (немесе) авиациялық тренажерлерде жаттығудан өтуге;
      3) азаматтық авиация және пайдаланушылар ұйымдарында кәсіптік даярлықты (біліктілікті) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Мемлекеттік авиация инспекторларын кәсіптік даярлау және олардың біліктілігін ұстау қағидаларында белгіленген көлемде және деңгейде ұстауға тиіс.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      7-тармақ 01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі.
      7. Ұшуда авиациялық инспекцияларды жүзеге асыру және авиациялық техниканы пайдалана отырып біліктілік деңгейін ұстау кезінде мемлекеттік авиация инспекторларының өмірі мен денсаулығын сақтандыру Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 2-тарау 16-6-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тарауды 16-7-баппен толықтыру көзделген - ҚР 27.10.2015 № 363-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. ӘУЕ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ

      17-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру негiздерi

      1. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру әуе кемелерінің ұшуын (әуе қозғалысын) қауiпсiз, үнемдi және тұрақты орындауды, сондай-ақ әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызметтi қамтамасыз етудi көздейдi.
      Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру:
      1) әуе кеңiстiгiнiң құрылымын белгiлеуді;
      2) осы Заңның 25-бабында белгiленген басымдықтарға сәйкес әуе кеңiстiгiн пайдалануды жоспарлауды және үйлестiруді;
      3) бақыланатын әуе кеңiстiгiн пайдаланудың рұқсат беру тәртiбiн айқындауды және қамтамасыз етуді;
      4) бақыланбайтын әуе кеңiстiгiн пайдаланудың хабарламалық тәртiбiн айқындауды және қамтамасыз етуді;
      5) әуе қозғалысын ұйымдастыруды, олар:
      әуе қозғалысына қызмет көрсетуді (аэронавигациялық қызмет көрсетуді), әуе қозғалысын басқаруды;
      әуе қозғалысының ағындарын ұйымдастыруды;
      әуе қозғалысына қызмет көрсетудi қамтамасыз ету, әуе қозғалысын басқару мақсатында әуе кеңiстiгiн ұйымдастыруды және әуе қозғалысының ағындарын ұйымдастыруды білдіреді;
      6) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларының сақталуын бақылауды және қадағалауды қамтиды.
      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын оның пайдаланушыларының барлығы өздерінің жауапкершілігі аймақтары шегінде сақтауын қамтамасыз етуді:
      1) әуе трассаларында, жергілікті әуе желілерінде және әуеайлақтар аумағында - азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға анықталған бұзушылықтар туралы хабарлай отырып, аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары;
      2) мемлекеттік авиация ұшуының арнайы аймақтары мен басқа да аудандарында - әуе қозғалысын басқару органдары;
      3) әуе трассаларынан және жергілікті әуе желілерінен тыс, әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан ұшып өту кезінде аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысын басқару органдары немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырады.
      3. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыруды азаматтық авиация және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкiлеттi органдар, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында айқындалған тәртiппен олар үшiн белгiленген аймақтар мен аудандарда әуе қозғалысына қызмет көрсету және әуе қозғалысын басқару органдары жүзеге асырады.
      4. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымын ұйымдастыру Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы сақталған жағдайда жүзеге асырылуға тиiс.
      5. Мемлекеттiк және (немесе) эксперименттік авиация ұшуының арнайы аймақтары мен аудандарын, сондай-ақ сыныпталмайтын әуеайлақтардың аудандарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының бақыланатын әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысына қызмет көрсетудi азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысындағы мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын аэронавигациялық ұйым жүзеге асырады.
      Жекелеген әуеайлақтардың ауданында әуе қозғалысына қызмет көрсетудi жеке меншік нысандағы аэронавигациялық ұйым жүзеге асыруы мүмкін.
      6. Алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      7. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары орындалатын ұшудың ауқымы мен күрделілігіне қарай үлгі нұсқаулыққа сәйкес ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.
      8. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары әуе қозғалысына қызмет көрсетудің бұзылуына байланысты күтпеген мән-жайлар жағдайына іс-шаралар жоспарларын әзірлейді және оларды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келіседі.
      9. Алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      18-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызмет

      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызметке:
      1) әуе кемелерiнiң және басқа да ұшу аппараттарының ұшуы;
      2) атыстардың және зымырандарды ұшырудың барлық түрлерi, жарылыс жұмыстары және материалдық объектiлердiң әуе кеңiстiгiнде қозғалуымен байланысты өзге де қызмет жатады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар болып табылады.

      19-бап. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы мен сыныптамасы

      1. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы мен сыныптамасы, сондай-ақ әрбір сыныптағы әуе кеңістігі шегінде ұшуға және әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленеді.
      2. Әуе кеңістігін пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде әуе қозғалысына қызмет көрсету аудандары, әуеайлақтар мен әуетораптар аудандары, әуе трассалары, жергілікті әуе желілері, әуе кемелерінің ұшуына арналған маршруттар мен арнайы аймақтар, бақыланбайтын әуе кеңістігі аудандары, тыйым салынған аймақтар, қауіпті аймақтар, әуе кемелерінің ұшуына шектеу қойылған аймақтар және әуе кеңістігіндегі қызметті жүзеге асыру үшін белгіленетін басқа да арнайы элементтер белгіленеді, бұлардың жиынтығы Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің құрылымын құрайды.
      Әуе кеңістігінің құрылымы Әуе кемелерін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес аэронавигациялық ақпарат құжаттарында жарияланады.
      3. Әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару мақсаттары үшін әуе кеңістігі деп шегінде ұшудың нақты түрлері орындалуы мүмкін және ол үшін әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері мен ұшу қағидалары айқындалған белгілі бір мөлшердегі әуе кеңістігі түсініледі.
      4. Әуе кеңістігінің сыныптамасы ұшу түріне, әуе кемелерін өзара эшелондауға, әуе қозғалысына қызмет көрсету түріне, әуе кемелерінің ұшу жылдамдығы бойынша шектеулерге, радиобайланысқа қойылатын талаптарға, әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарының ұшуға рұқсат беруінің қажеттігіне байланысты белгіленеді.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      20-бап. Әуе кеңiстiгiнде аэронавигациялық қызмет
               көрсетуді ұсыну

      1. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар үшін аэронавигациялық қызмет көрсету шарттар (жария шарттар) негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсету:
      1) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелері, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға, материалдық бөлiгiнің істен шығуына немесе ақауы болуына байланысты маршруттары өзгертілген әуе кемелері әуе кемесiнiң ұшып бара жатқан жері айқындалған кезден бастап;
      2) iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргiзу үшін әуе кемелерi;
      3) дүлей зілзалалар кезінде халыққа медициналық және (немесе) гуманитарлық көмек көрсету үшiн әуе кемелерi;
      4) Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелері;
      5) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, корольдiк тұлғаларды, шет мемлекеттердің мемлекет және үкiмет басшыларын тасымалдайтын әуе кемелерi;
      6) егер шарт ережелерінде әуе қозғалысына қызмет көрсеткені үшін ақы төлеуден босату көзделген болса, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ұшуды орындаған жағдайларда, өтеусіз жүзеге асырылады.
      3. Ұсынылатын аэронавигациялық қызмет көрсетулер үшін әуе кеңістігін пайдаланушылардан төлемақы алуды аэронавигациялық ұйым жүзеге асырады. Аэронавигациялық қызмет көрсетуге кіретін қызметтерді ұсынуға қатысушы ұйымдармен құқықтық қатынастарды реттеу шарттар негізінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      21-бап. Аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету

      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысындағы мемлекеттік кәсіпорын болып табылатын аэронавигациялық ұйым Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына және Әуе кемелерін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес аэронавигациялық ақпарат ұсынуды қамтамасыз етеді.
      2. Аэронавигациялық ақпарат көздері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар Әуе кемелерін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты өтеусіз негізде беруге міндетті және мұндай ақпараттың дәйектілігі, нақтылығы және уақтылы берілуі үшін жауаптылықта болады.
      3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган ұсынылатын аэронавигациялық ақпараттың дәйектілігін, нақтылығын және уақтылы берілуін қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асырады.

      22-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері

      1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету мынадай түрлерді:
      1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтиды, әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету деп:
      әуе кемелері арасындағы және әуе кемелерінің маневр жасау алаңындағы кедергілермен соқтығысуын болғызбау;
      әуе қозғалысын жылдамдату және реттеу мақсаттарында бақыланатын әуе кеңістігінде ұсынылатын қызмет көрсету түсініледі;
      2) ұшу-ақпараттық қызмет көрсетуді қамтиды, оның мақсаты ұшудың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ету үшін қолда бар байланыс құралдарын пайдалана отырып, консультациялар мен ақпарат беру болып табылады;
      3) тиісті ұйымдарды іздестіру-құтқару қызметтерінің көмегіне мұқтаж әуе кемелері туралы хабардар ету және осындай ұйымдарға қажетті жәрдем көрсету үшін ұсынылатын қызмет көрсету болып табылатын авариялық хабар беруді қамтиды.
      2. Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету:
      бақыланатын әуе кеңістігінде ұшуға диспетчерлік қызмет көрсету үшін - аудандық диспетчерлік қызмет көрсету;
      әуе кемелерінің ұшып келуіне және әуеайлақтардан (тікұшақ айлақтарынан) ұшып кетуіне байланысты ұшуға диспетчерлік қызмет көрсету үшін – қонуға жақындағанда диспетчерлік қызмет көрсету;
      әуеайлақтық қозғалысқа диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін әуеайлақтық диспетчерлік қызмет көрсету болып бөлінеді.
      Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін әуе қозғалысына қызмет көрсететін орган:
      1) әрбір әуе кемесінің болжамды қозғалысы немесе оның өзгеруі туралы ақпаратпен, сондай-ақ әрбір әуе кемесінің нақты ұшу барысы туралы соңғы ақпаратпен қамтамасыз етіледі;
      2) өзіне хабар берілген әуе кемелерінің бір біріне қатысты салыстырмалы түрде ұшып бара жатқан жерін алынған ақпарат негізінде айқындайды;
      3) өзі бақылайтын әуе кемелерінің арасындағы соқтығысуды болғызбау үшін, сондай-ақ реттелген қозғалыс ағынын жеделдету және сақтау үшін рұқсаттар мен ақпарат береді;
      4) әуе кемесі әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) басқа органдардың бақылауында ұшуды орындап жүрген басқа әуе кемелерімен жанжалды жағдайды туындатуы мүмкін болғанда немесе әуе кемесін бақылауды әуе қозғалысына қызмет көрсететін басқа органдарға берудің алдында қажет болған жағдайда рұқсаттарды әуе қозғалысын қамтамасыз ететін (әуе қозғалысын басқаратын) басқа органдармен келіседі.
      Әуе кемелерін эшелондауға қойылатын талаптарды қамтитын әуе кемелеріне диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында айқындалады.
      3. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары беретін диспетчерлік рұқсаттар әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге қойылатын талаптарға негізделеді. Мұндай рұқсат пайдаланушылардың (әуе кемесі экипажының) әуе қозғалысына қызмет көрсету органына ұшу жоспарын беруі арқылы сұратылады.
      Диспетчерлік рұқсаттың нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында белгіленеді.
      4. Ұшуына осы ақпарат әсер етуі мүмкін және әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетумен қамтамасыз етілетін немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органына қай жерде екені белгілі болған барлық әуе кемелері ұшу-ақпараттық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.
      5. Мыналар:
      1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетумен қамтамасыз етілетін барлық әуе кемелері;
      2) ұшу жоспарын берген немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органына қай жерде екені белгілі болған барлық басқа әуе кемелері;
      3) оларға қатысты заңсыз араласу объектісі болып табылатындығы белгілі болған немесе болжанатын кез келген әуе кемелері авариялық хабар берумен қамтамасыз етіледі.

      23-бап. Ұшуды орындау қағидалары

      Әуе кемелерінің Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшуы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларына сәйкес орындалады.
      Ұшуды орындау кезінде әуе кемесінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында көзделген кеме құжаттары болуға тиіс.

      24-бап. Әуе кемесінің ұшу жоспары

      1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарына жоспарланған ұшуға немесе ұшудың бір бөлігіне қатысты жіберуге жататын ақпарат, мынадай:
      1) әуе шабуылына тойтарыс беру, әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзуды немесе Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кіруді болғызбау және тоқтату;
      2) әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде көмек көрсету, ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын iздестiру және эвакуациялау;
      3) әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбау және (немесе) тоқтату және (немесе) оның жолын кесу жағдайларында орындалатын әуе кемесінің ұшуын қоспағанда, осы Заңда көзделген әуе кеңістігін пайдалануға рұқсаттар болған кезде ұшу жоспары нысанында ұсынылады.
      2. Ұшу жоспарын ұсыну, ұшу жоспарына өзгерістер енгізу және оны жабу тәртібі, оның мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
      3. Бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде әуе кеңістігін пайдаланушы әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарын алдағы ұшу туралы хабардар етуге және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен ұшу жоспарын ұсынуға міндетті.
      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      25-бап. Әуе кеңістігін пайдаланудағы басымдықтар

      Әуе кеңiстiгiнің бір бөлігін пайдалануға мүдделі екі немесе одан да көп әуе кеңістігін пайдаланушы болған кезде оны пайдалану құқығы хронологиялық тәртіппен жазылған мынадай басымдықтарға сәйкес берiледi:
      1) әуе шабуылына тойтарыс беру немесе әуе кеңiстiгiнде Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк шекарасын бұзуды, әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнің бұзылуын болғызбау және тоқтату, Қазақстан Республикасының егемендiгiне, аумақтық тұтастығына және қауiпсiздiгiне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерін жою;
      2) адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн немесе елеулі материалдық залал келтiру қаупін тудыратын дүлей зілзалалар және өзге де зілзалалар, апаттар, авариялар, авариялық және өзге де жағдайлар кезінде көмек көрсету;
      3) ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын ұшыру, қондыру, iздестiру және эвакуациялау;
      4) Қазақстан Республикасының аса маңызды ұшуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес орындалатын ұшу;
      5) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның жоспарлы оқу-жаттығулар өткізуі, сондай-ақ әуе кемелерінің ұшуы немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес жүзеге асырылатын өзге де қызмет;
      6) жолаушыларды, жүктердi және почта жөнелтілімдерін тасымалдайтын тұрақты рейстер;
      7) Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің мемлекеттік авиациясының ұшуы;
      8) эксперименттiк және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу;
      9) тұрақты емес әуемен тасымалдау және авиациялық жұмыстарды орындау;
      10) оқыту, көрсету, мәдени-ағарту іс-шараларын өткізу, сондай-ақ пайдаланушының жеке мақсаттағы ұшуы.

      26-бап. Әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салу

      Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында және 25-бабының 1)5) тармақшаларында көзделген қызметті жүзеге асырған жағдайларда мемлекеттік авиация саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен әуе кемелерінің ұшуы үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн немесе оның жекелеген аудандарын пайдалануға тыйым салады.

      27-бап. Әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу

      1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызмет Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзу болып танылады.
      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуға:
      1) осы Заңның 18-бабында көрсетілген, ұшу жоспарын бермей (бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде – хабар бермей) және (немесе) ұшуды орындауға рұқсатсыз және (немесе) әуе кемелерінің ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметті жүзеге асыруға рұқсатсыз жүзеге асырылатын қызмет;
      2) саны рұқсатта көрсетілгеннен артық әуе кемелері тобының ұшуы;
      3) әуе кемелерінің әуе кеңістігін пайдалану режимдерін сақтамауы;
      4) әуе кемесiнiң мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның әуе қозғалысын басқару органдарының арнайы рұқсатынсыз тыйым салынған аймақтың және (немесе) шектеу қойылған аймақтың үстінен ұшып өтуі;
      5) мәжбүрлi түрде қону және қосалқы әуеайлаққа жіберу жағдайларынан басқа, әуе кемелерінің ұшу жоспарында көрсетілмеген әуеайлаққа қонуы;
      6) ұшу қауiпсiздiгiне анық қатер төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе кемелерiнiң тiк, ұзына бойына, қапталдан эшелондауды сақтамауы, әуе трассаларынан, жергiлiктi әуе желiлерiнен және маршрут осьтерiнен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген нормалардан асатын қашықтыққа ауытқуы;
      7) ұшу қауіпсіздігіне нақты қатер төнуі және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе кеңістігін пайдаланушылардың әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару органдарының командаларын орындамауы жатады.
      2. Азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдары өз құзыретіне сәйкес әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбауға және (немесе) тоқтатуға және (немесе) оның жолын кесуге қажетті барлық шараларды қабылдауға міндетті, ал әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға жол берген әуе кеңістігін пайдаланушылар көрсетілген бұзушылықты өз есебінен және (немесе) өз күштерімен тоқтатуға міндетті.
      Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының құзыретті мемлекеттік органдардың талап етуі бойынша шетелдік әуе кемесінің бортында экспорттық бақылауға жататын мәлімделмеген өнімнің бар екендігі туралы ақпарат болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарап тексеру үшін оны Қазақстан Республикасының әуайлағына қонуға мәжбүрлеуге құқығы бар.

      28-бап. Әуе кемесiнің ұшу жоспарынан ауытқуы.
              Тәртіп бұзушы әуе кемесі

      1. Әуе кемесi белгiленген ұшу жоспарынан ауытқыған кезде әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы дереу мынадай шараларды қабылдауға:
      1) әуе кемесінің экипажымен байланыс орнату және белгіленген ұшу жоспарынан ауытқыған әуе кемесінің ұшып бара жатқан жерін анықтау үшін қолда бар барлық құралдарды пайдалануға;
      2) ауытқу салдарынан әуе кемесі жауапкершілік ауданына кірген болуы мүмкін немесе кіруі мүмкін деп жорамалданған ауданның әуе қозғалысына қызмет көрсететін және әуе қозғалысын басқаратын сабақтас органдарына хабарлауға міндетті.
      2. Әуе кемесінің ұшып бара жатқан жері анықталған болса, әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы әуе кемесінің экипажына оның қай жерде ұшып бара жатқаны және орындалуға тиіс түзетуші іс-әрекеттер туралы хабарлайды.
      3. Әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзған немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн өзгедей бұзуға жол берген әуе кемесi тәртіп бұзушы әуе кемесі деп танылады және егер әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарының талаптарына бағынбаса, мәжбүрлі түрде қондыруға жатады.
      Қону туралы нұсқау алған тәртiп бұзушы әуе кемесi көрсетілген жерге дереу қонуға тиiс.
      4. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне және оның стратегиялық объектiлеріне қатер төнген жағдайларда мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган қатердi болғызбау үшін, Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қаруды және ұрыс техникасын қолдану қағидаларына сәйкес тәртiп бұзушы әуе кемесiн жоюға дейiн баратын барлық шараларды қолданады.
      5. Тәртіп бұзушы әуе кемесінде жолаушылар және әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуына қатысы жоқ өзге де адамдар бар екені туралы дәйекті ақпарат болған жағдайда мемлекет ұшып жүрген азаматтық әуе кемелеріне қарсы қару қолданудан тартынады.
      Тәртіп бұзушы әуе кемесi Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiне ұшып кіру шарттарын сақтамаған кезде және (немесе) әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзған жағдайларда қонатын әуеайлақта ұсталуға жатады.
      Бұзушылық тексерілгеннен кейін тәртіп бұзушы әуе кемесiнiң одан әрі ұшуына Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында айқындалатын тәртіппен рұқсат етiледi.
      Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға қойылатын белгіленген талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларына сәйкес тексерілуге жатады.

      29-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалану үшiн байланысты
              ұйымдастыру

      1. Әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарымен байланыста болуға мiндеттi.
      2. Байланыс ұйымдары әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға қажетті байланыс арналарын жалға береді. Берілген байланыс арналары iстен шыққан кезде олар басқа байланыс арналарымен ауыстырылуға тиiс.

      30-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе
              қозғалысын басқару кезіндегі радиобайланыс

      1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезінде байланыс үшін радиотелефон және (немесе) деректерді беру желісі пайдаланылады.
      2. Байланыс құралдары әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары (әуе қозғалысын басқару органдары) мен әуе кеңістігін пайдаланушылар арасында тікелей, жедел, үздіксіз және бөгеуілі жоқ екіжақты байланыс жасауға мүмкіндік беруге тиіс.
      3. Әуе кемелерінің ұшуын және олармен радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарына бөгеуіл жасайтын қондырғылары мен аппараттары бар жеке және заңды тұлғалар байланыс саласындағы уәкілетті органның немесе оның бөлімшелерінің талап етуі бойынша бөгеуілдерді өз күштерімен жоюға, ал олар жойылғанға дейін осындай қондырғылар мен аппараттардың жұмысын тоқтатуға міндетті.
      4. Байланысты қамтамасыз ету тәртібі, әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының байланысты қамтамасыз етуге қоятын талаптары, азаматтық авиациядағы байланыс құралдарының сипаттамасы Азаматтық авиацияда ұшуды және авиациялық радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларында айқындалады.
      5. Радиобайланысты жүргізу рәсімдері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде радиоалмасу фразеологиясының қағидаларында айқындалады.
      6. Қазақстан Республикасының аумағында радиотелефон байланысы қазақ, орыс немесе ағылшын тiлдерiнде жүзеге асырылады.

      31-бап. Елді мекеннің үстінен ұшу

      1. Елдi мекеннің үстiнен ұшу әуе кемесi бұзылған жағдайда сол елдi мекеннің шегінен тысқары жерде немесе таяудағы әуеайлақта қонуға мүмкiндiк беретiндей биiктiкте орындалады. Метеорологиялық жағдайлар тиісті биіктікті ұстап тұруға мүмкiндiк бермейтiн жағдайда әуе кемесінің командирі, егер айналып өтудің басқа тәртібі белгіленбесе, елді мекендерді оң жағынан айналып өтуге міндетті.
      2. Әуе кемелерінің елді мекендердің үстінен ұшуының схемалары (маршруттары) ұлттық қауіпсіздік органдарымен және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісіледі және оларды  азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      3. Күзет іс-шараларын өткізу кезеңінде әуе кемелерінің және ұшқышсыз ұшу аппараттарының елді мекендердің үстінен белгіленген маршруттардан тыс ұшуы ұлттық қауіпсіздік органдарымен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметімен келісіледі.
      4. Елді мекендердің үстінен белгіленген маршруттардан тыс ұшуды келісу және орындау тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      32-бап. Көрсету мақсатындағы ұшу

      1. Көрсету мақсатындағы ұшу авиациялық техниканы көрсету, авиация жетістіктерін насихаттау, сондай-ақ қоғамдық-саяси және ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды қамтамасыз ету үшін қолданылады.
      2. Әуе кемелерiнiң көрсету мақсатындағы ұшуы әуе кемесінің тұрғын үй алаптары мен адамдар жиналған жерлерге құлауын болғызбайтын қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, белгіленетін аймақтарда (аудандарда) орындалады.
      3. Көрсету мақсатындағы ұшудың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік оларды ұйымдастырушыға жүктеледі.

      33-бап. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшуы

      1. Ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану адамдардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру, мүлікті зақымдау (бүлдіру) қатерін, басқа әуе кемелері үшін қауіпті барынша азайтуға және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген шарттар сақтала отырып жүзеге асырылуға тиіс.
      2. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланушылар әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарына Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшуы туралы егжей-тегжейлі деректерді хабарлайды.
      3. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының күзетілетін объектілердің үстінен ұшуы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметімен келісіледі.
      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 N 233-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      34-бап. Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету

      1. Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз етуді азаматтық және (немесе) мемлекеттік авиация ұйымдарының радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтері жүзеге асырады.
      2. Әуе кемелері ұшуының, ұшып көтерілуінің және қонуының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезінде ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі:
      1) азаматтық және эксперименттік авиация үшін - Азаматтық авиацияда ұшуды және авиациялық радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес;
      2) мемлекеттік авиация үшін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын байланыспен және радиотехникамен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидаларына және Байланыс құралдарын техникалық пайдалану, ұшуды және мемлекеттік авиацияның автоматтандырылған басқару жүйесін радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес айқындалады.

      35-бап. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз ету

      1. Әуе кемелерінің ұшуын метеорологиялық қамтамасыз ету пайдаланушыларға, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарына және осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін басқа да пайдаланушыларға, олардың мемлекеттік тиесілігіне, ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан, шарттар негізінде сапалы метеорологиялық ақпаратты уақтылы беру болып табылады.
      2. Әуеайлақтардың метеорологиялық органдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекiткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын метеорологиялық қамтамасыз ету қағидаларына және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк авиациясын метеорологиялық қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес ұшуды метеорологиялық қамтамасыз етудi жүзеге асырады.
      Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      35-1-бап. Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына
                 қызмет көрсету органдарын және (немесе)
                 радиотехникалық жабдықты пайдалану және
                 байланыс қызметтерін сертификаттау

      1. Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтері аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарына және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтеріне қойылатын сертификаттық талаптарға сәйкес келуі тиіс.
      Көрсетілген органдар мен қызметтердің сәйкестігі аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органының және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметінің сертификатын берумен расталады. Сертификат аэронавигациялық ұйымның құрамына кіретін әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерінің барлығына не бір бөлігіне ресімделеді.
      Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарын және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерін сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарын және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерін сертификаттау тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      3. Егер аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі қойылатын сертификаттық талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификатын беруден бас тарту жүргізіледі.
      4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификатының қолданысын мынадай жағдайларда:
      1) аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификаттық талаптарды сақтамаған жағдайда;
      2) аэронавигациялық ұйымның өзінің қарауындағы әуе қозғалысына қызмет көрсету органына немесе радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметіне қатысты өтініші бойынша бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтата тұрады.
      5. Егер аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі - аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификатының қолданысын тоқтата тұрған күннен бастап алты ай ішінде анықталған бұзушылықтарды жоймаса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тиісті сертификатты қайтарып алады.
      6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша сертификаттық талаптардан уақытша ауытқуларға, егер мұндай ауытқулар белгіленген ұшу қауіпсіздігінің деңгейіне баламалы деңгейді қамтамасыз ететін қосымша шаралар енгізумен өтелетін болса, жол беріледі.
      Ескерту. 3-тарау 35-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      36-бап. Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерін
              пайдалануға рұқсат ету

      Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерін пайдалануға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерін пайдалануға рұқсат ету қағидаларына сәйкес рұқсат беріледі.
      Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілері туралы мәліметтер азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен және ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерінің тізбесінде жарияланады.

      37-бап. Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету
               мақсаттарына арналған өлшем бірліктері

      1. Қазақстан Республикасының аумағында және әуе кеңістігінде ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсаттары үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары талабына сәйкес келетін координаттар, биіктіктер өлшемдерінің, гравиметрикалық және спутниктік өлшемдердің бірыңғай жүйесі белгіленеді.
      2. Қолданылатын өлшем жүйелері Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында көрсетіледі.

      38-бап. Әуе кемелерi ұшуының зиянды әсерiнен қорғау

      1. Қазақстан Республикасында пайдалануға арналған азаматтық әуе кемесiн Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жергілікті жердегі шуылға қатысты талаптарға сәйкестігіне азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификатына қосымша болып табылатын шуыл жөніндегі сертификатты бере отырып, сертификаттайды.
      Шуыл бойынша сертификаттау жүргізу және сертификат беру Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      Әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) иелерi, пайдаланушылар, әуе кемелерiнің командирлері мен экипаж мүшелерi әуе кемелерiн жерде және әуеде пайдаланған кезде қажетсiз шуылды болғызбауға немесе оны барынша азайтуға мiндеттi.
      2. Халықтың және қоршаған ортаның қауiпсiздiгi шараларын сақтай отырып орындалатын ауыл шаруашылығында авиациялық жұмыстардың жүргiзiлуiн, мемлекеттік авиацияның жауынгерлік-оқу және жауынгерлік ұшуын немесе ұшу қауіпсіздігіне анық қауіп төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайын қоспағанда, адамның денсаулығы мен қоршаған орта үшін зиянды заттарды немесе басқа да қалдықтар мен материалдарды әуе кемелерiнен лақтыруға тыйым салынады.
      Әуе кемелерiнiң адамдарға, жануарларға және қоршаған ортаға зиянды әсерiн болғызбау мақсатында нақты аудандарда әуе кемесін авариялық тастап шығу аймағы, барлық әуе кемелерi үшiн бiрыңғай немесе әуе кемелерiнiң үлгiлерi бойынша бөлек ең төменгi ұшу биiктiгi көзделетін отынды төгу немесе оны ұшып жүріп тауысу аймағы белгіленуі мүмкін.
      3. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде әуе кемелерiнiң дыбыстан жылдам ұшуы қоршаған ортаға дыбыс екпiнiнiң зиянды әсерi тимейтiн биiктiктерде жалпы қағидалар бойынша немесе елдi мекендерден шалғай, дыбыстан жылдам ұшуға арнайы бөлiнген аудандарда орындалуға тиiс.
      Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰШУ

      39-бап. Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің
              халықаралық ұшуы

      1. Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуы:
      1) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың;
      2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының;
      3) тиiстi шет мемлекеттердiң құзыреттi органдары беретін бiржолғы ұшуды орындауға арнайы рұқсаттардың негiзiнде және солардың шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасы әуе кемесінің шет мемлекеттің әуе кеңістігінде ұшуына арнайы рұқсатты алуға сұратуды сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті орган:
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиациясының халықаралық ұшуы;
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын лауазымды адамдарды тасымалдайтын Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесінің халықаралық ұшуы жағдайларында шет мемлекеттерге жібереді.
      Сұрату кеме құжаттарына, экипаж мүшелеріне арналған куәліктерге, сақтандыру полистерінің көшірмелеріне қатысты барлық талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен аумағында (аумағы арқылы) ұшуды орындау жоспарланып отырған шет мемлекеттердің аумағында қолданылатын басқа да талаптар мен қағидалар сақталған кезде Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өтініштері негізінде жүргізіледі.
      3. Азаматтық әуе кемесін пайдаланушы Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесiнiң шет мемлекеттің әуе кеңістігінде ұшуына тиісті шет мемлекеттердің құзыретті органдары беретін арнайы рұқсатты алуға сұратуды дербес жүзеге асырады. Шет мемлекеттің құзыретті органының сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті органнан сұратуы бойынша арнайы рұқсат беруге талабы болған кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осындай сұратуды азаматтық әуе кемесін пайдаланушының өтініші негізінде осы баптың 2-тармағына сәйкес жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінен тыс жерде тұрақты емес халықаралық ұшуды орындау кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесін пайдаланушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен орындалған ұшудың күні мен мақсаты туралы хабарлауға міндетті.
      5. Шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарағын және әскери техникасын, сондай-ақ қосарлы мақсатта пайдаланылатын өнімдерді тасымалдау үшін азаматтық әуе кемесін пайдаланушының халықаралық ұшуына азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның келісуінсіз жол берілмейді. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өз кезегінде осы ұшуды сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын органмен оның құзыреті шегінде келісуді жүзеге асырады.
      6. Шет мемлекеттің әуе кеңістігінде халықаралық ұшуды орындаған кезде шет мемлекеттің уәкілетті органының көрсетілген әуеайлаққа мәжбүрлеп қондыру туралы талабы болған жағдайда Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесінің экипажы осы талапты орындауға міндетті.

      40-бап. Шет мемлекеттердің әуе кемелерiнiң Қазақстан
              Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшуы

      1. Шет мемлекеттердің әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшуы:
      1) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың;
      2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының;
      3) Қазақстан Республикасының әуеайлақтарына қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық емес мақсаттарда халықаралық тұрақты ұшуды орындауға арналған рұқсаттардың;
      4) әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарына алдын ала хабарлама беру шартымен, қонбай орындалатын ұшуларды қоспағанда, халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуды орындауға арналған рұқсаттардың;
      5) біржолғы ұшуды орындауға берілетін арнайы (дипломатиялық) рұқсаттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының әуеайлақтарында қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық емес мақсаттарда халықаралық тұрақты ұшуды орындауға рұқсаттарды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган береді.
      3. Сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті орган:
      1) мемлекеттік және эксперименттік әуе кемелерінің;
      2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тізбе бойынша шет мемлекеттердің лауазымды адамдарын тасымалдайтын азаматтық әуе кемелерінің;
      3) шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарақтары мен әскери техникасын, сондай-ақ қос мақсатта пайдаланылатын өнімдерін тасымалдау үшін әуе кемелерінің біржолғы ұшуын орындауға арналған арнайы (дипломатиялық) рұқсаттарды Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес береді.
      4. Осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуын орындауға арналған рұқсаттарды береді.
      Азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуын орындауға арналған рұқсаттарды беру және қонбай орындалатын ұшуларды орындау туралы алдын ала хабарламалар беру тәртібі Халықаралық тұрақты емес ұшуды орындауға рұқсаттар берудің және рұқсаттар беруден бас тартуға негіздердің қағидаларында белгіленеді.
      4-1. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында немесе азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерімен Қазақстан Республикасының аумағында қалыптастырылатын коммерциялық әуе тасымалына байланысты тұрақты емес (бір реттік) халықаралық ұшуды орындауға жол берілмейді.
      5. Әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуын орындауға арналған рұқсаттарды, сондай-ақ арнайы (дипломатиялық) рұқсаттарды беруден бас тарту үшін мына жағдайлар:
      1) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның осы Заңның 26-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін немесе әуе кемесінің ұшу маршруты өтетін оның жекелеген аумақтарын пайдалануға тыйым салуы;
      2) әуе кемесі ұшуының Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерін бұзуы;
      3) жоспарланып отырған ұшудың Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын және (немесе) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын бұзуы негіз болып табылады.
      Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      41-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде
              халықаралық ұшуды орындау

      1. Ұлттық әуе кемелері мен шет мемлекеттердің әуе кемелерi Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде халықаралық ұшуды орындаған кезде осы Заңға сәйкес ұшудың орындалуын және әуе кемелерiн пайдалануды реттейтiн жалпы ережелер қолданылады.
      2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде халықаралық ұшу халықаралық әуе трассалары бойымен жүзеге асырылады.
      Әуе кемелерінің халықаралық ұшуы үшін әуе трассаларын ашу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
      Әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуді әуе кемелері оны халықаралық трассалар қиылысатын жерлерде немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен осы мақсаттар үшiн арнайы бөлiнген әуе дәлiздерi арқылы орындайды.
      3. Азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдардың келісімі бойынша ішкі әуе трассалары, жергілікті әуе желілері, ұшу маршруттары бойынша және әуе трассаларынан тыс халықаралық ұшуды орындауға жол беріледі.
      4. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіптен ауытқуға:
      1) дүлей зілзала, әуе кемесінде апат, авария, авариялық жағдай болғанда және адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндiретiн басқа да жағдайларда;
      2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайда;
      3) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында айқындалған тәртiппен берiлетiн рұқсатты алған жағдайларда жол беріледі.
      5. Халықаралық ұшудың мақсаттары үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарына сәйкес келетін геодезиялық есептеу жүйесі көлденең жазықтықта геодезиялық есептеу жүйесі ретінде пайдаланылады.
      6. Қазақстан Республикасының аумағынан әуе кемелерінің ұшып шығуы, сондай-ақ олардың ұшып көтерілгеннен кейін Қазақстан Республикасының аумағына қонуы халықаралық ұшуға арналған ашық әуеайлақтарда жүргізіледі.
      7. Қазақстан Республикасының аумағына келетін және оның аумағынан кететін немесе транзитпен өтетін барлық әуе кемелеріне, олардың экипаждары мен жолаушыларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелетін немесе осы аумақтан әкететін олардың мүлкіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген паспорттық, кедендік, валюталық, санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалар қолданылады.
      8. Шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелерінің бортындағы авиация персоналының куәлігі, кеме құжаттары, егер олар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келсе, Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылады. Әуе кемесін жалға алған, жалдаған (чартер) немесе оны алмасқан жағдайда шет мемлекеттер арасындағы келісім бойынша берілген шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелерінің бортындағы авиация персоналының куәлігі, кеме құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылады.
      9. Алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5-тарау. ӘУЕ КЕМЕЛЕРІ

      42-бап. Әуе кемелерiнiң сыныптамасы

      1. Әуе кемелері авиацияға тиесiлігiне қарай:
      мемлекеттік әуе кемелері;
      азаматтық әуе кемелері;
      эксперименттiк әуе кемелері болып бөлiнедi.
      2. Мемлекеттік авиацияда пайдаланылатын және мемлекеттік авиация әуе кемелерінің тізілімінде тіркелген әуе кемесі мемлекеттік әуе кемесі болып табылады.
      3. Азаматтық авиацияда пайдаланылатын және Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесі азаматтық әуе кемесі болып табылады.
      Азаматтық әуе кемелерінің сыныптамасы әуе кемесінің ұшу-техникалық сипаттамаларына және деректеріне қарай Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында айқындалады.
      4. Тәжірибелік-конструкторлық, эксперименттік, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және сынақтар өткізуге арналған әуе кемесі эксперименттiк әуе кемесі болып табылады.

      43-бап. Азаматтық әуе кемесiнiң үлгiсiн сертификаттау

      1. Сериялы шығаруға арналған жаңа конструкциядағы (жаңа үлгiдегi) азаматтық әуе кемесiнің Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген ұшуға жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификаттауға тиіс және ол зауыттық, мемлекеттiк және пайдалану сынақтарынан өткеннен кейiн оның азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген үлгi сертификаты болуға тиіс.
      2. Азаматтық әуе кемелерiнiң үлгiсiн сертификаттау Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Азаматтық әуе кемесiн жасап шығарушы үлгі сертификатының иесі болып табылады.
      4. Ұшу жарамдылығына әсер ететiн, азаматтық әуе кемесi үлгісінің бекітілген конструкциясы (типтік конструкциясы) немесе оның пайдалану-техникалық құжаттамасы өзгерген жағдайда, әуе кемесiнiң осы үлгісі үлгі сертификатына қосымшаны алу үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның қосымша сертификаттауына жатады.
      5. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін кемшіліктер анықталған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген үлгі сертификатының қолданылуы Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрады, ал әуе кемесін пайдалану уақытша тоқтатылады.
      6. Шет мемлекет, әуе кеңістігін сертификаттауды жүзеге асыратын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйым берген үлгі сертификатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленген тәртіппен таниды.
      Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      44-бап. Азаматтық әуе кемесінің данасын сертификаттау

      1. Бекітілген үлгі конструкциясы жоқ азаматтық әуе кемесінің әрбір данасы сертификатталуға және оның конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестігіне азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген куәлігі болуға тиіс.
      Конструкциясының, сипаттамаларының және пайдалану-техникалық құжаттамасының ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкестігіне куәлік берілген әуе кемесі коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыруға жіберілмейді.
      2. Азаматтық әуе кемесінің данасын сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен, Азаматтық әуе кемесі данасын сертификаттау және оның ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігіне куәлік беру қағидаларына сәйкес, әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
      Ескерту. 44-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      45-бап. Әуе кемелерін, оларға құқықтарды және олармен
              жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу

      1. Мемлекеттiк әуе кемелерi Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуе кемелерін тіркеу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясының әуе кемелерінің тізілімінде мемлекеттік тіркелуге жатады. 
      Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік әуе кемесінің меншік иесіне әуе кемесінің Мемлекеттік авиацияның әуе кемелерінің тізілімінде мемлекеттік тіркелгені туралы хабарлама береді.
      2. Азаматтық әуе кемелері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін, оларға құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді, сондай-ақ оларға құқықтарды куәландыратын құжаттардың нысандарын мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде мемлекеттік тіркелуге жатады.
      Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне:
      1) Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғаларының меншігіндегі әуе кемелері;
      2) Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларының уақытша иелігіндегі және пайдалануындағы әуе кемелерінің ұшу массасы қырық бес жарым тоннадан аспайтын жағдайда, осындай әуе кемелері енгізіледі.
      Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тіркелген азаматтық әуе кемесінің иесіне азаматтық әуе кемесінің мемлекеттік тіркелгені туралы куәлік береді.
      Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілетін әуе кемесі Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы нормаларына және ұшуға жарамдылығын айқындайтын пайдалану-техникалық құжаттамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
      3. Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғаларының меншiгiндегi азаматтық әуе кемелерiне құқықтар және аталған әуе кемелерiмен жасалатын мәмiлелер, сондай-ақ қайтарылмайтын өкілеттіктер азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде тiркеуіне жатады.
      Азаматтық әуе кемелерiн, әуе кемелерінің кепілі туралы шарттарды және қайтарылмайтын өкілеттіктерді мемлекеттiк тiркегені үшiн «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде (Салық кодексi) айқындалатын тәртiппен және мөлшерде алым алынады. Азаматтық әуе кемелерiн мемлекеттiк тiркеу көрсетілген алым мемлекеттік бюджетке төленгеннен кейiн жүзеге асырылады.
      4. Әуе кемесі тиісті шет мемлекеттің әуе кемелерінің тізілімінен шығарылғаннан кейін ғана Қазақстан Республикасының тиісті тізіліміне енгізіледі.
      5. Эксперименттік әуе кемелері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның есебінде тұрады.
      Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      46-бап. Әуе кемесін тiзiлiмнен шығару

      1. Әуе кемесі мынадай:
      1) әуе кемесi есептен шығарылған немесе пайдаланудан алып тасталған;
      2) әуе кемесi шет мемлекетке, шетелдiк жеке немесе заңды тұлғаға сатылған немесе берiлген;
      3) азаматтық әуе кемесi Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясы әуе кемелерінің тізілімінде немесе шет мемлекеттердің тізілімінде тіркелген;
      4) мемлекеттік әуе кемесі Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген;
      5) қолданыстағы ұшуға жарамдылығының сертификаты соңғы үш жыл ішінде болмаған;
      6) қайтарылмайтын өкілеттікті атқарған жағдайларда, Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің тиісті тізілімінен шығарылады.
      Кепілде тұрған әуе кемесін Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығару үшін кепіл ұстаушының келісімі болуы міндетті.
      2. Әуе кемесi тиiстi тiзiлiмнен шығарылған кезде кеменің тiркелгені туралы куәлiктiң және осы кемеге қатысты жасалған барлық жазбалардың күшi жойылады.
      3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесінің меншік иесіне әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылғаны туралы куәлік береді.
      Ескерту. 46-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      47-бап. Әуе кемелерін пайдалануға рұқсат ету және
              ұшуға жарамдылықта ұстау

      1. Мемлекеттік әуе кемесiн мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен пайдалануға рұқсат етіледі.
      2. Азаматтық әуе кемесі ұшуға жарамды болуға тиіс және ұшуға жарамдылықтың қолданыстағы сертификаты болған кезде пайдалануға жіберіледі.
      Егер азаматтық әуе кемесі құрастырылған, жасалған, жарақтандырылған және техникалық қызмет көрсету мен жөндеуден өткен болса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес оның ұшу сапасы болса, ұшуға жарамды деп танылады.
      Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшқан кезде шетелдік әуе кемесінің Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негізінде шет мемлекет берген және Қазақстан Республикасында танылған ұшуға жарамдылығының сертификаты мен шуыл бойынша сертификаты болуға тиіс.
      Ұшуға жарамдылығының сертификаты:
      1) пайдалануға жарамдылық туралы бағалау актісімен расталған, азаматтық әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкестігі негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес;
      3) Аса жеңіл авиация саласындағы сертификаттау қағидаларына сәйкес беріледі.
      Әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Жалпы мақсаттағы авиация мақсатында авиациялық жұмыстар мен ұшуларды орындайтын жеңіл және аса жеңіл әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Бекітілген типтік конструкциясы жоқ әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттауды әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдарды тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      3. Алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      4. Азаматтық әуе кемелерінің шет мемлекет берген ұшуға жарамдылығы сертификаттарын тану азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      5. Азаматтық әуе кемесін және оның компоненттерін ұшуға жарамдылықта ұстау Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және жөндеу қағидаларының талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
      6. Азаматтық әуе кемелерін ұшуға жарамдылықта ұстау үшін жауапкершілік азаматтық әуе кемесін пайдаланушыға жүктеледі.
      Азаматтық әуе кемесін пайдаланушыға:
      1) әуе кемесі ұшуға жарамды күйінде ұсталмаған;
      2) авариялық құтқару жабдығы ақаулы болған;
      3) ұшуға жарамдылығы сертификатының қолданылу мерзімі өтіп кеткен;
      4) әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету жөніндегі бағдарламаға (регламентке) сәйкес оған техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу орындалмаған жағдайларда ұшуды орындауға тыйым салынады.
      7. Әуе кемесінің иесі немесе пайдаланушысы Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ұшуға жарамдылығының жай-күйі, техникалық қызмет көрсетілгендігі және жөндеу жүргізілгендігі туралы ақпаратты, сондай-ақ оны пайдалану жөніндегі деректерді ұсынады.
      8. Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген барлық әуе кемелері ұшуға жарамдылықта ұсталуға қатысты тексерілуге жатады. Әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкессіздігі анықталған кезде ұшуға жарамдылығы сертификатының қолданылуы тоқтатыла тұрады, ал азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкессіздігі жойылғанға дейін әуе кемесін пайдалануға тыйым салады.
      Әуе кемесінің ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкес болмауы жойылмаған жағдайда, тоқтатыла тұрған күннен бастап алты ай ішінде ұшуға жарамдылық сертификаты қайтарып алынады.
      Әуе кемесінің ұшуға жарамдылықта ұсталуын тексеру:
      1) пайдаланушының әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі есептері мен пайдалану құжаттамасын және әуе кемесінің техникалық жай-күйі жөніндегі басқа да есептер мен құжаттарды тексеруді;
      2) әуе кемесін қарап тексеруді;
      3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның бақылауымен әуе кемесіне ұшу сынақтарын қажет болған кезде жүргізуді қамтиды.
      Ұшуға жарамдылығының қолданыстағы сертификаты жоқ әуе кемесіне ұшу сынақтарын жүргізу немесе оның техникалық қызмет көрсетілетін және жөндеу жүргізілетін жерге ұшып баруы үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мұндай әуе кемесі үшін арнайы ұшуды орындауға рұқсат береді.
      Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган арнайы ұшуды орындауға рұқсат берудің алдында ұшуды қауіпсіз орындау үшін әуе кемесінің жай-күйіне бағалау жүргізуге міндетті және оны пайдалануға қажетті шектеулерді белгілеуге құқылы. Арнайы ұшуды орындаған кезде әуе кемесінің бортында жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады.
      9. Егер азаматтық әуе кемелерінде радиомен хабарлау аппаратурасы орнатылған болса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осындай аппаратураны пайдалануға рұқсат береді.
      10. Халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелері Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарының талаптарына сай келетін жабдықпен жарақтандырылады.
      11. Әрбір әуе кемесінде борт журналы жүргізіледі, оған әуе кемесі туралы, әуе кемесін пайдалану процесінде анықталған ақаулар туралы деректер енгізіледі.
      Борт журналының нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында белгіленеді.
      12. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылған азаматтық әуе кемесінің экспорты үшін ұшуға жарамдылықтың экспорттық сертификатын береді.
      Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      48-бап. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет
              көрсету және оларды жөндеу

      1. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және жөндеу қағидаларына сәйкес авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйымдар, осы Заңның 54-бабына сәйкес берілген қолданыстағы куәлігі немесе шет мемлекет берген және осы Заңның 55-бабына сәйкес танылған куәлігі бар авиация персоналы жүргізеді.
      2. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету техникалық қызмет көрсету бағдарламалары (регламенттері) бойынша жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету бағдарламасын (регламентін) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      3. Азаматтық әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүргізу кезінде оларды шығарушы немесе техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйым берген сәйкестендіру құжаттары (формулярлары, паспорттары, этикеткалары, пайдалануға рұқсат берілгені туралы құжаттары, теңтүпнұсқалы телнұсқалары) жоқ агрегаттарды, жиынтықтаушы бұйымдарды және олардың қосалқы бөлшектерін пайдалануға тыйым салынады.
      4. Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымды сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарды сертификаттау тәртібі Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарды сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленеді.
      5. Шет мемлекеттердің авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйымдар техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жұмыстарына олардың сертификаттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган танығаннан кейін жіберіледі. Шетелдік ұйымдардың авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификаттарын танудың тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      6. Авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі сертификатталған ұйым әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезінде ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулыққа сәйкес, орындалатын жұмыстың ауқымына және күрделілігіне қарай ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.
      Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      49-бап. Әуе кемелерiне салынатын белгiлемелер

      1. Тiркеу кезiнде әуе кемелерiне мемлекеттiк және тiркелетін танылым белгiлерi берiледi, олар осы кемелерге салынады.
      2. Әуе кемелерiне мемлекеттiк және тiркелетін танылым белгiлерiнен басқа қосымша белгiлер (рәмiздер, жазбалар, эмблемалар) салынады.
      Қосымша белгiлер әуе кемелеріне мемлекеттiк және тiркелетін танылым белгiлерiнiң көзбен көргенде танылуын қиындатпайтындай етiп салынады.
      3. Мемлекеттiк, тiркелетін танылым белгілері мен қосымша белгiлердi әуе кемелерiне салу тәртiбiн және көрсетілген белгілердің сипаттамасын азаматтық және эксперименттік әуе кемелеріне қатысты – азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, ал мемлекеттiк авиацияның әуе кемелерiне қатысты мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      50-бап. Әуе кемесін ұшуға дайындау

      1. Әуе кемесiнiң ұшуы алдында әуе кемесiн, авиация персоналын, әуеайлақтарды, тікұшақ айлақтарын дайындау жүргізілуге тиіс.
      2. Ұшуға дайындау қағидаларын азаматтық және эксперименттік авиация үшiн – азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттiк авиация үшiн мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгiлейдi.

      51-бап. Әуе кемесiн жалдау

      1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесiнiң меншiк иесi болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары немесе ұйымдары кемені экипажымен қоса немесе экипажсыз Қазақстан Республикасының пайдаланушысына немесе шетелдiк пайдаланушыға жалға беруге құқылы.
      Қазақстан Республикасының пайдаланушысы Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің азаматтарына немесе ұйымдарына тиесілі әуе кемесін экипажымен қоса немесе экипажсыз жалға алуға құқылы.
      2. Шетелдік жалға алушының Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген не оның пайдаланушысы Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымы болып табылатын жалға алынған әуе кемесінде ұрыс қимылдары, қарулы қақтығыстар аймағында ұшуды орындауына және қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді, әскери құралымдарды тасымалдауға байланысты ұшуды орындауына тыйым салынады.
      3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес шетелдік пайдаланушы тіркелген шет мемлекеттің құзыретті органы арасында жасалған келісім болмаса, Қазақстан Республикасының әуе кемесін шетелдік пайдаланушыға экипажсыз жалға беруге жол берілмейді. Мұндай келісім Халықаралық азаматтық авиация ұйымында (ИКАО) тіркелуге тиіс.
      4. Шетелдік пайдаланушыға экипажсыз жалға берілген Қазақстан Республикасы әуе кемесінің пайдаланылуын бақылау және қадағалау осы баптың 3-тармағында көрсетілген келісімнің негізінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 51-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      52-бап. Әуе кемесін жалдау

      1. Жалдау (чартер) шартына сәйкес әуе кемесін жалдау жүзеге асырылады.
      Жалдау (чартер) шартында тараптардың атауы, әуе кемесiнiң үлгiсi, жалға берiлу мақсаты, тасымалданатын жолаушылардың ең көп саны, багаждың, жүктің және почта жөнелтілімдерінің салмағы, жалдау ақысының мөлшерi, жөнелту пунктi, тасымалдың уақыты және межелі пункті көрсетiледі.
      Жалдау шартына басқа да талаптар енгiзiлуi мүмкiн.
      2. Әуе кемесімен жалданушының әуе кемесін жалдаушыдан қосымша төлем талап етпей-ақ, тасымалдың басталу уақытын және әуе кемесiнiң ұшу жоспары бойынша көзделген қонатын жерiндегi ұшып шығу уақытын ауыстыруға, егер ол әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажет болса, қосымша қону немесе ұшу маршрутын өзгертуге құқылы.
      3. Әуе кемесімен жалданушы әуе кемесiнiң бүкіл сыйымдылығын уақтылы беруге және шарт күшiнде болған уақытта әуе кемесiн шартта көзделген мақсаттарда пайдалануға болатындай күйде күтiп ұстауға мiндеттi.
      4. Әуе кемесін жалдаушы әуе кемесімен жалданушының келiсiмiмен жалданған әуе кемесiн субчартерге беруге құқылы.

6-тарау. АВИАЦИЯ ПЕРСОНАЛЫ

      53-бап. Авиация персоналының сыныптамасы

      1. Авиация персоналы авиация түрлерiне тиесілігіне қарай азаматтық, мемлекеттiк және эксперименттік авиация персоналы болып бөлiнедi.
      2. Азаматтық, мемлекеттiк және эксперименттік авиация персоналы лауазымдарының тiзбелерi азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдардың бірлескен бұйрығымен белгіленеді. 
      3. Азаматтық авиацияның авиация персоналы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен киім үлгісін кию және айырым белгілерін тағып жүру қағидаларын сақтауға міндетті.

      54-бап. Азаматтық авиацияның авиация персоналын
               кәсіптік даярлау және қызмет түрлеріне жіберу

      Ескерту. 54-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Азаматтық авиацияның авиация персоналын кәсіптік даярлау бастапқы даярлауды, қайта даярлауды және кәсіптік деңгейде ұстауды қамтиды.
      Авиация персоналын бастапқы даярлау және қайта даярлау авиациялық оқу орталықтарында жүзеге асырылады.
      Кәсіптік деңгейін ұстау авиациялық оқу орталықтарында және (немесе) азаматтық авиация ұйымдарында жүзеге асырылады.
      Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган авиация персоналының біліктілік деңгейін айқындауға құқығы бар жеке тұлғалардың тізбесін айқындайды. Мұндай адамдар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейтін біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс.
      2. Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығы көрсететін қызметтердің сертификаттау талаптарына сәйкестігін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығының сертификатын беру арқылы растайды.
      Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттауды жүргізу тәртібі Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленеді.
      Шетелдік азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталықтарына олардың сертификаттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган танығаннан кейін азаматтық авиацияның авиация персоналын даярлауға және оларды кәсiптік деңгейде ұстауға рұқсат етіледі.
      3. Авиация персоналына жататын адамдар кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісілген бағдарламалар бойынша кәсіптік даярлықтан өтуге міндетті.
      Әуе кемелерінің ұшуын орындаумен және қамтамасыз етумен, оларға техникалық қызмет көрсетумен, әуе қозғалысына қызмет көрсетумен тікелей байланысты адамдар кәсіптік қызметке осындай қызметті жүзеге асыру құқығына арналған авиация персоналының куәлiгi болған және денсаулық жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда жіберіледі.
      Авиация персоналына, сондай-ақ мiндеттi медициналық куәландырылуға жататын адамдар санатына денсаулық жағдайы бойынша қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары негiзiнде әзiрленген және денсаулық сақтау саласы мен азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органдар бекiткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында медициналық куәландыру қағидаларымен белгiленедi. Авиация персоналына жататын адамның денсаулық жағдайының сәйкестігі авиация персоналы куәлігінің ажырамас бөлігі болып табылатын медициналық қорытындымен расталады.
      Авиация персоналы куәлiгiн беру және қолданылу мерзімін ұзарту, сондай-ақ куәлікке біліктілік белгілері мен арнайы белгілерді енгізу азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен Авиация персоналы куәлiктерiн беру және қолданылу мерзімін ұзарту қағидаларымен айқындалады.
      4. Авиация персоналына жататын адам тағылымдамадан өткеннен кейін және тағылымдаманы өткізген лауазымды адамның дербес кәсіптік қызметке жіберу мүмкіндігі туралы шешімінен кейін дербес кәсіптік қызметке жіберіледі. Авиация персоналының дербес кәсіптік қызметіне қол жеткізу мүмкіндігі туралы негізделген шешім үшін тағылымдаманы өткізген адамдар жауаптылықта болады.
      5. Біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде адамға кәсіптік қызметті жүзеге асыру құқығына арналған авиация персоналының куәлігін беруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Авиация персоналының куәлігін алу үшін адамға қойылатын біліктілік талаптарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы бапқа сәйкес берілген авиация персоналы куәліктерінің және осы Заңның 55-бабына сәйкес танылған авиация персоналы куәліктерінің тізілімін жүргізеді.
      6. Алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      6-1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мынадай:
      1) әуе кемесінің ұшуға жарамдылығына әсер ететін жұмыстарды орындаудың технологиясы сақталмаған;
      2) тексерулер кезінде кәсіптік даярлығы жеткіліксіз деп анықталған;
      3) ұшуды қамтамасыз ету және орындау кезінде, әуе қозғалысына қызмет көрсету және техникалық қызмет көрсету кезінде белгіленген талаптарды ұдайы түрде немесе бір рет өрескел бұзған;
      4) қызметтік міндеттерді орындауға жататын жазбалар мен оларға байланысты деректер бұрмаланған;
      5) алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық (оларға ұқсас заттармен) масаң күйде әуе кемесін басқаруға, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге, әуе қозғалысына қызмет көрсетуге байланысты қызметті орындаған жағдайларда, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген не танылған авиация персоналы куәлігінің иесі болып табылатын адамның авиация персоналы куәлігінің (тану туралы шешімнің) қолданылуын тоқтата тұрады.
      6-2. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мынадай:
      1) өздеріне ұсынылған құжаттарды бұрмалау арқылы куәлік (тану туралы шешім) алған;
      2) қызметтік міндеттерді орындауға жататын жазбалар мен оларға байланысты деректер бұрмаланған;
      3) авиация персоналы куәлігін жоғалтып алған, тегін, атын, әкесінің атын (бар болған кезде) ауыстыру себебімен және басқа да техникалық себептермен оны ауыстырған;
      4) денсаулық жағдайына байланысты зейнетке шыққан немесе қайтыс болған (жұмыс орнынан деректер ұсыну бойынша);
      5) жұмыста бес жылдан астам үзіліс болған жағдайларда;
      6) сот шешімі бойынша Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген және танылған авиация персоналы куәлігінің иесі болып табылатын адамның авиация персоналы куәлігін (тану туралы шешімді) қайтарып алады.
      6-3. Авиация персоналы куәлігін тоқтата тұру, сондай-ақ авиация персоналына жататын жеке тұлға болып табылатын өтініш берушіден (иесінен) оны қайтарып алу тәртібі мен мерзімдері Авиация персоналы куәлігін беру және оның қолданылу мерзімін ұзарту қағидаларымен айқындалады.
      7. Азаматтық және эксперименттік авиацияның ұшу қауіпсіздігіне тікелей байланысты авиация персоналының жұмыс уақыты режимінің ерекшеліктерін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      Азаматтық және эксперименттік авиацияның ұшу қауіпсіздігіне тікелей байланысты авиация персоналының жұмыс уақыты режимінің ерекшеліктеріне сәйкес үлгісін шет мемлекеттің авиация биліктері сертификаттаған азаматтық авиацияның әуе кемесін пайдаланушы осындай әуе кемелерін пайдалану кезінде пайдаланылатын еңбек, демалыс, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық стандарттарды ескере отырып, әуе кемелері экипаждары мүшелерінің жұмыс уақытын және демалысын ұйымдастыру туралы ережені бекітуге құқылы.
      8. Авиация персоналының аса маңызды ұшуды орындауы мен қызмет көрсетуіне рұқсат ету Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің келісімі бойынша жүзеге асырылады.
      9. Алып тасталды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Әуе кемесінің ұшуын орындаумен және қамтамасыз етумен және оларға техникалық қызмет көрсетумен, әуе қозғалысына қызмет көрсетумен байланысты адамдардың осындай қызметті алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң күйінде жүзеге асыруына немесе өз міндеттерін орындау процесінде осындай масаңдыққа ұшырататын заттарды пайдалануына тыйым салынады.
      Ескерту. 54-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      55-бап. Шет мемлекеттің авиация персоналының
              куәлiгiн тану

      1. Шет мемлекеттер берген авиация персоналының куәлiктерi осындай куәлiктердiң берiлуiне қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгiлеген стандарттарға сай болған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
      Шет мемлекет Қазақстан Республикасының азаматына берген авиация персоналының куәлiгін не жұмысқа жалдану үшін Қазақстан Республикасына келген шетел азаматының авиация персоналы куәлігін тануды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тиісті куәлік бере отырып жүзеге асырады.
      2. Шет мемлекеттер берген авиация персоналының куәліктерін тану тәртібі мен шарттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

      56-бап. Әуе кемесiнiң экипажы

      1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен ұшуды орындау бойынша әуе кемесін басқару және оған қызмет көрсету жөнiндегі белгiлi бiр мiндеттердi атқару тапсырылған авиация персоналының адамдары әуе кемесiнiң экипажы болып табылады.
      Азаматтық әуе кемесінің экипажы кабина экипажын қоса алғанда, ұшу экипажынан және ұшу экипажынан басқа экипаждан тұрады.
      Осы Заңның 54-бабына сәйкес берілген авиация персоналының қолданыстағы куәлігі немесе шет мемлекет берген және осы Заңның 55-бабына сәйкес танылған авиация персоналының куәлігі болған кезде, адам Қазақстан Республикасы пайдаланушысының азаматтық әуе кемесінің ұшу экипажының және ұшу экипажынан басқа экипаждың құрамына кіретін пилот, бортинженер (бортмеханик), штурман немесе бортрадист лауазымын атқарады.
      2. Әуе кемесінің ұшу экипажының ең аз құрамын әуе кемесінің үлгісі мен қызметіне, пайдалану мақсаттары мен талаптарына қарай оны жасаушы айқындайды және ол әрбір үлгідегі әуе кемесін ұшуға пайдалану жөніндегі құжаттарда көрсетіледі.
      3. Эксперименттік әуе кемесіне сынақ жүргізу кезеңіне ұшу экипажының ең аз құрамын осы әуе кемесін жасаушы айқындайды.
      4. Ұшу экипажының құрамы толық болмаса әуе кемесінің ұшуына жол берілмейді.
      5. Экипаждың әрбір мүшесінің, егер оның пікірінше, ұшудың сәтті аяқталуына негізді қаупі бар болса, ұшуға тапсырманы орындаудан бас тартуға құқығы бар.
      6. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің кабина экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті.
      Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      57-бап. Әуе кемесiнiң командирi

      1. Белгiленген тәртiппен тиісті оқытудан өткен, пилот куәлігі және осы үлгiдегi әуе кемесiн дербес басқару құқығына рұқсаты бар адам әуе кемесiнiң командирi бола алады.
      1-1. Азаматтық авиация әуе кемесінің командирі қолданыстағы пилот куәлігі және белгілі бір типтегі әуе көлігін өз бетінше басқаруға арналған рұқсаты бар және пайдаланушы немесе жалпы мақсаттағы авиация жағдайында әуе кемесінің иесі командир міндетін орындауға және ұшудың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз етуге тағайындаған пилот болып табылады.
      2. Әуе кемесiнiң командирi әуе кемесін басқаруды жүзеге асырғандығына немесе жүзеге асырмағандығына қарамастан, әуе кемесінің ұшуы мен оны пайдалану қағидаларының, әуе кемесiнде тәртiп пен реттiлiктiң, әуе кемесiндегі мінез-құлық ережесінің сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ борттағы адамдардың қауіпсіздігін, әуе кемесінің, жүк пен мүліктің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
      3. Әуе кемесі командирінің өкімдері әуе кемесінің бортындағы барлық адамдардың орындауы үшін міндетті.
      4. Әуе кемесінің командирі әуе кемесінің бортындағы барлық адамнан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қағидаларды сөзсіз орындауын талап етеді, сондай-ақ әуе кемесінің бортындағы кез келген адамға өз құзыреті шегінде тиісті өкім етеді.
      5. Әуе кемесi командирінің:
      1) әуе кемесінің ұшып көтерілуі, ұшуы және қонуы туралы, сондай-ақ авиациялық оқиғаны болғызбау мақсатында ұшуды тоқтату және әуеайлаққа оралу туралы немесе әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне анық қатер төнген жағдайда мәжбүрлі түрде қону туралы түпкілікті шешімдер қабылдауға құқығы бар. Осындай шешімдер ұшу жоспарынан, әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) тиісті органның нұсқауларынан тыс және мүмкіндігінше, белгіленген ұшу қағидаларына сәйкес қабылдануы мүмкін;
      2) әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесінің бортындағы адамға өкім етуге және олардың орындалуын талап етуге;
      3) өздерінің іс-әрекеттерімен әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін және оның өкіміне бағынудан бас тартатын адамдарға қатысты барлық қажетті шараларды, оның ішінде мәжбүрлеу шараларын қолдануға;
      4) ұшуды орындау кезінде әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзғаны туралы тиісті актіні ресімдеуге;
      5) әуе кемесі жақын арадағы әуеайлаққа келгеннен кейін осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген адамдарды әуе кемесінен алып шығуға, оларды құқық қорғау органдарына беруге;
      6) егер бұл әуе кемесінің ұшу және оны қондыру қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болса, ұшу кезінде отынды төгу, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін лақтыру туралы шешім қабылдауға;
      7) тиісті авиациялық қауіпсіздік қызметтері болмаған кезде жолаушыларды, қол жүгін, багажды және жүктерді ұшу алдында тексеріп қарауды жүргізуге;
      8) әуе кемесінің ұшуды қауіпсіз аяқтауын қамтамасыз ету жөніндегі өзге де қажетті шараларды қабылдауға құқығы бар.
      6. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған адамдар туралы ұшу барысында ақпарат алған әуе кемесінің командирі, бұл туралы әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) тиісті органға хабарлауға, егер бұл осы әуе кемесінің, жолаушылар мен экипаждың ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін болса, мүмкіндігінше көмек көрсетуге міндетті.
      7. Авиациялық оқиға болған жағдайда әуе кемесінің командирі өз өкілеттіктерін әуе кемелерін іздестіру және құтқару қызметтері өкілдеріне бергенге дейін әуе кемесінің бортындағы адамдардың іс-қимылдарына басшылық жасайды.
      8. Әуе кемесінің командирі шұғыл медициналық көмекті талап ететін науқас адамдар, сондай-ақ жұқпалы аурулары бар немесе тамақтан уланған деп күдіктенген адамдар анықталған жағдайда бұл туралы алғаш қонатын әуежай қызметтеріне хабарлауға міндетті.
      Ескерту. 57-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      58-бап. Авиация ұйымдарының ұшу қауiпсiздiгiн
              қамтамасыз ететiн басшы қызметкерлерi

      1. Ұшу қызметiнiң басшысы, ұшу қауiпсiздiгi жөнiндегi инспекцияның бастығы, инженерлiк-авиациялық қызмет басшысы азаматтық және эксперименттiк авиация ұйымдарының ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн басшы қызметкерлерi болып танылады.
      2. Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлері лауазымдарының тізбесін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлерін қызметке тағайындау және қызметтен босату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-тарау. ПАЙДАЛАНУШЫ

      59-бап. Тұлғаларға азаматтық әуе кемелерін пайдалануға
              рұқсат беру

      1. Азаматтық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат етілген Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары:
      1) сертификаттаудан өткеннен кейін және пайдаланушы сертификатын алғаннан кейін коммерциялық әуе тасымалдарын орындайтын пайдаланушы;
      2) сертификаттаудан өткеннен кейін және аваиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті алғаннан кейін авиациялық жұмыстарды орындайтын пайдаланушы;
      3) жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушы болуы мүмкін.
      2. Жалпы мақсаттағы авиацияға жататын және сертификатталған ең жоғары ұшу массасы кемінде бес мың жеті жүз килограммнан кем болатын әуе кемелерін пайдаланушыларды қоспағанда, пайдаланушылар азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулыққа сәйкес орындалатын ұшудың көлемі мен күрделілігіне қарай ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.

      60-бап. Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды
              сертификаттау

      1. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті алу үшін өтініш беруші азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және сертификат беру қағидаларына және (немесе) пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу  қағидаларына сәйкес тізбе бойынша сертификаттау талаптарына сәйкестікті растайтын құжаттармен қоса белгіленген нысанда өтінім жібереді.
      Пайдаланушының сертификатталған әуе кемелері, даярланған персоналы, құжаттамасы, әуе кемелерін ұшуға пайдалануға, техникалық пайдалануға және ұшуды орындауды қамтамасыз етуге қажетті жабдықтары, ғимараттары, құрылыстары болуға, сондай-ақ міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.
      Пайдаланушы өзінің әуе кемелері бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшқан кезде авариялық хабар беру үшін жауаптылықта болады.
      Пайдаланушыларды сертификаттау шарттары Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және сертификат беру қағидаларында және (немесе) Пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу қағидаларында айқындалады.
      2. Пайдаланушының сертификатында және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікте белгіленген пайдалану талаптары мен шектеулерді пайдаланушының бұзуына тыйым салынады. Бір әуе кемесін екі және одан да көп пайдаланушының сертификатына бір мезгілде енгізуге жол берілмейді.
      3. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті басқа адамға беруге болмайды.
      4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган:
      1) пайдаланушы сертификатталған талаптар мен шектеулерді сақтамаған;
      2) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңнамасының талаптарына сәйкес сақтандыру қамтамасыз етілмеген;
      3) инспекциялық тексеру кезінде, оның ішінде шет мемлекеттерде тексеру кезінде белгілі болған ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін бұзушылықтар анықталған жағдайларда;
      4) пайдаланушы жазбаша өтініш берген жағдайда пайдаланушы сертификатының және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктің қолданылуын тоқтата тұрады.
      Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатының және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктің қолданылуын тоқтата тұру тәртібі тиісінше Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және сертификат беру қағидаларында және Пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу қағидаларында айқындалады.
      Егер әуе кемесін пайдаланушы анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жоймаса, уәкілетті орган пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті қайтарып алады.
      Пайдаланушы коммерциялық әуе тасымалдарын алты айдан астам мерзімге тоқтатқан жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган пайдаланушы сертификатын қайтарып алады.
      5. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті беруден бас тартуға сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      Ескерту. 60-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      61-бап. Жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылар

      1. Сертификатталған ең жоғары ұшу массасы бес мың жеті жүз килограмнан кем болатын ұшақтарды, сертификатталған ең жоғары ұшу массасына қарамастан тікұшақтарды, сондай-ақ ұшу аппараттары мен қосалқы құрылғыларды пайдаланатын жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу үшін мынадай шарттарды сақтау:
      1) әуе кемесінің осы түрін басқаруға рұқсаты бар пилоттың қолданыстағы куәлігінің болуы;
      2) азаматтық әуе кемесін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының қолданыстағы сертификатының болуы;
      3) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңдарының талаптарына сәйкес сақтандыруды қамтамасыз ету;
      4) бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшқан кезде аэроклубтармен немесе әуе кемелерін пайдаланушыларды біріктіретін коммерциялық емес ұйымдармен авариялық хабар беруді қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетуге шарттар жасасуы негіз болып табылады.
      Ұшу қауіпсіздігін әуе кемесінің командирі (пилот) және жалпы мақсаттағы авиацияның пайдаланушысы болып табылатын әуе кемесінің иесі қамтамасыз етеді.
      2. Сертификатталған ең жоғары ұшу массасы бес мың жеті жүз килограмнан асатын ұшақтарды және (немесе) бір немесе бірнеше турбореактивті (турбобұрандалы) қозғалтқышпен жарақтандырылған ұшақтарды пайдаланатын жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушылар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу қағидаларына сәйкес ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті бергеннен кейін ұшуға жіберіледі.
      3. Әуе кемесінің иесі ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті алу үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға Жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкестікті растайтын құжаттармен қоса өтінім жібереді.
      4. Ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті алу үшін азаматтық әуе кемесі иесінің сертификатталған әуе кемесі, дайындалған авиация персоналы, құжаттамасы, әуе кемесін ұшуға пайдалануға, техникалық пайдалануға және ұшуды орындауды қамтамасыз етуге қажетті жабдықтары болуға, сондай-ақ міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.
      Әуе кемесін пайдаланушы (оның иесі) өзінің әуе кемелері бақыланбайтын кеңістікте ұшқан кезде авариялық хабар беру үшін жауаптылықта болады.
      5. Ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті басқа адамға беруге болмайды.
      6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган ұшуды орындау құқығына арналған куәліктің қолданылуын:
      1) әуе кемесін пайдаланушы (оның иесі) Жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу қағидаларында белгіленген талаптар мен шектеулерді сақтамаған;
      2) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңдарының талаптарына сәйкес сақтандыру қамтамасыз етілмеген;
      3) инспекциялық тексерулер кезінде, оның ішінде шет мемлекеттерде тексерулер кезінде ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін бұзушылықтар анықталған жағдайларда тоқтата тұрады.
      Ұшуды орындау құқығына арналған куәліктің қолданылуын тоқтата тұру тәртібі Жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларды ұшуға жіберу қағидаларында айқындалады.
      7. Ұшуды орындау құқығына арналған куәлікті беруден бас тартуға сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      Ескерту. 61-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      62-бап. Аэроклуб

      1. Аэроклуб ұсынатын қызметтер көрсетуге пайдаланушылармен жасалған шарттардың есебін аэроклуб жүргізеді.
      Аэроклуб пайдаланушы алдындағы өз міндеттемелерін олардың арасында жасалатын шарттың негізінде және пайдаланушымен келісім бойынша басқа аэроклубқа беруге құқылы.
      Аэроклубтың қызметтер көрсетуіне арналған үлгі шартты азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      2. Аэроклуб авариялық хабар беруді қамтамасыз етеді және оның көрсететін қызметтерін пайдаланатын пайдаланушыларға метеорологиялық және аэронавигациялық ақпаратты, әуе кемелерін ұшуға жарамдылықта ұстау, оларға техникалық және жөндеу бойынша қызмет көрсету, авиация персоналын кәсіптік даярлау, жауапкершілік аймағы шегінде әуе қозғалысына қызмет көрсету, авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметтерін ұсынуға құқылы.
      3. Аэроклуб ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі талаптардың орындалуы үшін пайдаланушымен жасалған шартқа сәйкес жауаптылықта болады.

8-тарау. ӘУЕАЙЛАҚТАР (ТІКҰШАҚ АЙЛАҚТАРЫ).
ӘУЕЖАЙЛАР

      63-бап. Әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) сыныптамасы

      1. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) тиесілігіне қарай:
      азаматтық авиация;
      эксперименттік авиация;
      мемлекеттік авиация әуеайлақтарына (тікұшақ айлақтарына) бөлінеді.
      2. Азаматтық, эксперименттік және мемлекеттік авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) сыныптамасын олардың пайдаланылуына, ұшып көтерілу-қону жолағының мөлшерiне және олардың жабын қабатының салмақ көтеру қабiлеттiлiгiне қарай, сондай-ақ әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) байланыс, жарық беру сигналдары және ұшуды радиотехникамен қамтамасыз ету құралдарымен жабдықталуына қарай авиация салаларындағы тиісті уәкілетті органдар айқындайды.
      3. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) ұшып көтерілу-қону жолағының үстіңгі қабатының түріне қарай жасанды жабыны бар, топырақ бетіндегі, қар бетіндегі, мұз бетіндегі және су бетіндегі әуеайлақтар болуы, сондай-ақ жүзетін баржалардың, кемелердің және басқа да құрылыстардың үстінде болуы мүмкін.

      64-бап. Азаматтық авиация әуеайлағын (тікұшақ айлағын),
              әуежайын пайдаланушы

      1. Меншік құқығымен не өзге де заңды негіздерде әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланатын, Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттің жеке немесе заңды тұлғасы әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы деп танылады.
      Меншік құқығымен не өзге де заңды негіздерде әуежайды пайдаланатын Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттің заңды тұлғасы ғана әуежайды пайдаланушы бола алады.
      Әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды пайдаланушы:
      1) әуежай, әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аумағында ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздіктің сақталуын, оның ішінде әуеайлақ (тікұшақ айлағы), әуежай аумағында қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз етеді және бақылайды;
      2) әуеайлақ маңындағы аумақта ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті бақылау жөнінде комиссия құрады;
      3) әуе кемелерін қабылдау және жөнелту жөніндегі тәуліктік жоспарды жүргізеді, оның орындалуын қамтамасыз етеді, әуе кемелерінің жөнелтілуі, ұшып көтерілуі мен қонуы тұрақтылығының есебі мен талдауын жүргізеді;
      4) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның сұратуы бойынша ұшу қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті сақтау туралы есептерді, аудиторлық, бухгалтерлік есептерді ұсынады;
      5) әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін техникалық және метеорологиялық жағдайларға байланысты азаматтық әуе кемелерін қабылдау және жөнелту үшін әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды жабуға құқығы бар;
      6) авиациялық емес қызметті жүзеге асыруға құқығы бар, бұл ретте мұндай қызметті жүзеге асыруға жұмсалатын шығыстар реттелетін қызметтерге арналған тарифтерге тікелей немесе жанама әсер етпеуге тиіс.
      2. Әуежайды пайдаланушының бірінші басшысы лауазымына кандидат азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейтін біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
      3. Әуеайлақты (тікұшақ айлағын), әуежайды пайдаланушы ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгі нұсқаулыққа сәйкес орындалатын ұшудың ауқымы мен күрделілігіне қарай әуежайларда ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.
      Ескерту. 64-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      65-бап. Әуежай қызметі

      1. Әуежай қызметiнiң құрамына мынадай қызметтер көрсету:
      1) ұшып көтерілу мен қонуды қамтамасыз ету;
      2) авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      3) әуе кемелерін қарсы алу мен ұшуға шығаруды қамтамасыз ету;
      4) әуе кемелеріне техникалық және сервистік қызмет көрсету;
      5) жолаушыларға қызмет көрсету, багажды, жүктерді, почта жөнелтілімдерін өңдеу;
      6) азаматтық әуе кемелерін, әуежай объектілері мен қызметтерін жанар-жағармай материалдарымен және арнайы сұйықтықтармен қамтамасыз ету, олардың сапасын бақылау;
      7) азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды және басқа да тұтынушыларды арнайы автокөлік құралдарымен және жабдықтармен қамтамасыз ету;
      8) әуежайларда және азаматтық әуе кемелерінде жолаушыларды, экипаждарды тамақпен қамтамасыз ету;
      9) жолаушыларға, экипаждарға, халыққа азаматтық авиация саласындағы қажеттi деректерді бере отырып, ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету;
      10) осы қызметтер көрсетуге және осы тармақта көрсетілген қызметтер көрсетуге кіретін операцияларды қоса алғанда, тізбесін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган табиғи монополиялар саласында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша бекітетін басқа да қызметтер көрсету кiредi.
      2. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасымен әуежайлардың реттелетін қызметтер көрсетуіне жатқызылған қызметті қоспағанда, әуежайдың аумағында көрсетілетін қызметтерді әуежайды пайдаланушы және басқа да ұйымдар бәсекелестік негізінде көрсетуі мүмкін. Мұндай ұйымдарға қойылатын талаптар, оларға әуежайлар аумағында әуежай қызметін көрсетуге рұқсат берудің тәртібі мен шарттары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган табиғи монополиялар саласында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен және бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп бекіткен Көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) берушілердің әуежай қызметін жүзеге асыруына қолжетімділігін қамтамасыз ету қағидаларында белгіленеді.
      Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасымен әуежайлардың реттелетін қызметтеріне жатқызылған қызметті қоспағанда, әуежайды пайдаланушы әуежайдың аумағында басқа ұйымдарға әуежай қызметін жүзеге асырудан негізсіз бас тартуға құқылы емес.
      Әуежайды пайдаланушының басқа ұйымдарға әуежай қызметін жүзеге асырудан бас тарту туралы шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      3. Әуежайды пайдаланушы ұсынылатын қызметтердің азаматтық авиация саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестігін айқындау үшін осы баптың 1-тармағында көрсетілген ұсынылатын қызметтердің сапасына аудитті тұрақты негізде жүргізеді. Мұндай аудитті жүргізу азаматтық авиация ұйымдарының арасындағы шарттық негізде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 65-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.10.2015 № 363-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

     65-1-бап. Аэровокзал

      1. Ішкі рейстерге қызмет көрсетуге арналған аэровокзалда авиакассалар, тіркеу үлдіріктері, тіркеу, күту, ұшу және ұшып келу залдары, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар, оның ішінде мүгедектер мен халықтың баяу қимылдайтын топтары үшін арнайы жабдықталған үй-жайлар, ана мен бала бөлмесі, ақпараттық қызмет көрсету объектілері, медициналық пункт, қоғамдық тәртіпті сақтау пункті, жоғалған заттарды табу бюросы болуға тиіс.
      Авиациялық хабтардың аэровокзалдарының транзиттік жолаушылар мен олардың багажына қызмет көрсету үшін қажетті алаңы, инфрақұрылымы және жабдықтары болуға тиіс.
      2. Халықаралық рейстерге қызмет көрсетуге арналған аэровокзалда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу қағидаларының талаптарына сәйкес қосымша объектілер мен үй-жайлар болуға тиіс.
      3. Аэровокзалдарда халық авиарейстердің ұшу және ұшып келу уақыты, авиабилет құны және олардың бар-жоқ екендігі, шұғыл медициналық көмек, шағымдар мен ұсыныстар кітапшасының тұрған орны, авиакассалардың жұмыс режимі, үй-жайлардың орналасуы, сондай-ақ халыққа көрсетілетін қызметтер тізбесі туралы анық ақпаратпен қамтамасыз етіледі.
      Ақпаратты ұсыну тілдерді, мәтіндерді, Брайль қарпін, тактильдік қатынасты, ірі қаріпті, қолжетімді мультимедиялық құралдарды пайдалана отырып, мүгедектер үшін де қамтамасыз етіледі.
      4. Өтетін және шығатын жолдар мүгедектер мен халықтың баяу қимылдайтын топтары үшін қолжетімді болуға (пандустармен, арнайы бейімделген лифтілермен жабдықталуға) тиіс.
      5. Халыққа қызмет көрсетуге арналған аэровокзалдар ақаусыз техникалық жай-күйде ұсталуға тиіс.
      6. Аэровокзалдарда қызметін жүзеге асыратын адамдар жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға қажетті жағдайлар жасауға, мәдениетті түрде қызмет көрсетуге, барлық адамдармен сөйлескенде сыпайы және ұстамды болуға, олардан Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауды талап етуге тиіс.
      7. Аэровокзалдар тасымалдау процесінің ажырамас бөлігі болып табылады және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес пайдаланылуға тиіс.
      8. Аэровокзалдың класына қарай аэровокзалдардың қызмет көрсету сапасы мен жарақтандырылуына қосымша талаптар қойылады.
      Аэровокзал класы мен аэровокзал класын айқындау әдістемесін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
      Ескерту. 8-тарау 65-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 27.10.2015 № 363-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      66-бап. Әуеайлақтарды, тікұшақ айлақтарын
              сертификаттау және пайдалануға рұқсат ету

      1. Азаматтық авиация пайдаланатын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары), сондай-ақ бірлесіп пайдаланылатын және орналастырылатын әуеайлақтар азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығының нормаларына сәйкес келуге тиіс.
      Мемлекеттік авиация ғана пайдаланатын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығының нормаларына сәйкес келуге тиіс.
      2. Сыныпталған әуеайлақты (тiкұшақ айлағын) пайдалануға әуеайлақты (тiкұшақ айлағын) пайдаланушы оның жарамдылығы туралы сертификатты алғаннан кейiн және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға әуеайлақты (тiкұшақ айлағын) ашу туралы хабарлама жасалғаннан кейiн рұқсат етiледi.
      3. Сыныпталмайын әуеайлақты, уақытша әуеайлақтар мен қону алаңдарын пайдалануға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Сыныпталмайтын және уақытша әуеайлақтар мен қону алаңдарының пайдалануға жарамдылығын айқындау қағидаларына сәйкес рұқсат етіледі.
      4. Мемлекеттік авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға рұқсат ету тәртібін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      5. Мемлекеттік авиация мүдделерінде пайдаланылатын сыныпталмайтын әуеайлақты, уақытша әуеайлақтар мен қону алаңдарын пайдалануға Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалану қағидаларына сәйкес рұқсат етіледі.
      6. Азаматтық авиация саласында пайдаланылатын әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) сертификаттау тәртібі Әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларында айқындалады.
      7. Әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатын беруден бас тарту мынадай жағдайларда, егер:
      1) әуеайлақ (тікұшақ айлағы) азаматтық әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкес келмесе;
      2) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы осы Заңның 64-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, жүргізіледі.
      8. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мынадай жағдайларда:
      1) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы сертификаттау талаптарын сақтамаса;
      2) әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушының өтініші бойынша әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатының қолданылуын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрады.
      9. Егер әуеайлақты (тікұшақ айлағын) пайдаланушы анықталған сәйкессіздіктерді белгіленген мерзімде жоймаған болса, уәкілетті орган әуеайлақтың (тікұшақ айлағының) жарамдылығы сертификатын қайтарып алады.
      10. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығы нормаларынан уақытша ауытқуға, егер мұндай ауытқулар белгіленген ұшу қауіпсіздігі деңгейіне баламалы деңгейді қамтамасыз ететін қосымша шаралар енгізумен өтелсе, рұқсат етіледі.
      11. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әуеайлақты (тікұшақ айлағын), уақытша әуеайлақты және қону алаңын пайдаланудың бүкіл кезеңінде олардың пайдалануға жарамдылығының сертификаттау талаптарына сәйкестігі үшін жауапкершілік пайдаланушыға жүктеледі.
      Ескерту. 66-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      67-бап. Әуеайлақтарды (тiкұшақ айлақтарын) есепке алу

      1. Сыныпталмайтын және уақытша әуеайлақтардан (тiкұшақ айлақтарынан) басқа, азаматтық авиация мақсатында пайдаланылатын әуеайлақтар (тiкұшақ айлақтары) азаматтық авиация әуеайлақтарының (тiкұшақ айлақтарының) тiзiлiмiнде есепке алынуға жатады.
      Азаматтық авиация ұйымдары әуеайлақтарды (тiкұшақ айлақтарын) ашқан кезде азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органға:
      1) әуеайлақ (тiкұшақ айлағы) орналасқан жер учаскесiне немесе басқа объектiге құқық туралы (жердi тұрақты немесе уақытша өтеулі пайдалану) құқық белгiлейтiн құжаттың көшiрмесiн;
      2) әуеайлаққа (тiкұшақ айлағына) меншiк құқығын немесе иелену құқығын растайтын құжаттардың (сатып алу-сату шарты, қабылдау-беру актiсi, теңгерiмге беру туралы бұйрық, меншiк, мүлiктiк жалдау, сенiмгерлiк басқару құқығы және т. б.) көшiрмелерiн;
      3) әуеайлақтың (тiкұшақ айлағының) техникалық сипаттамалары, географиялық координаттары мен орналасқан орны (елдi мекен) туралы ақпаратты қоса бере отырып, өтiнiш жолдайды.
      Азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi органда әуеайлақтардың (тiкұшақ айлақтарының) жабылуы азаматтық авиация ұйымының өтiнiшi бойынша жүзеге асырылады.
      2. Азаматтық авиация әуеайлақтарын (тiкұшақ айлақтарын), бiрлесiп пайдаланылатын және бiрлесiп орналастырылатын әуеайлақтарды есепке алуды азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      3. Пайдаланушылар сыныпталмайтын және уақытша әуеайлақтарды (тiкұшақ айлақтарын), қону алаңдарын азаматтық және мемлекеттiк авиация салаларындағы уәкiлеттi органдар айқындаған тәртiппен есепке алуға тиiс.
      Ескерту. 67-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      68-бап. Әуе кемелеріне әуеайлақтық қызмет көрсету

      1. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар, аэронавигациялық, метеорологиялық ұйымдар ортақ пайдалану үшін ашылған әуеайлақтарда (тікұшақ айлақтарындарда) әуе кемелерінің ұшуына әуеайлақтық, аэронавигациялық және метеорологиялық қызмет көрсетуді бірдей жағдайларда және шарттар (жария шарттар) негізінде жүзеге асырады.
      2. Әуеайлақтар, әуежайлар ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн техникалық немесе метеорологиялық жағдайлар бойынша ғана олардың жұмысының жарияланған сағаттарында әуе кемелерiн қабылдау және ұшуға шығару үшiн жабық болуы мүмкiн.
      3. Осы Заңның 65-бабы 1-тармағының 1)3) тармақшаларында көрсетілген әуежай қызметінің құрамына кіретін қызметтер көрсету:
      1) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған, сондай-ақ борттағы авариялық жағдайға, материалдық бөлігі істен шығуына немесе бұзылуына байланысты ұшу маршруттары өзгерген;
      2) iздестiру-құтқару жұмыстарын жүргізу немесе дүлей зілзалалар кезінде халыққа көмек көрсету үшін;
      3) авиация қызметіне заңсыз араласу актісіне байланысты төтенше жағдайдың салдарынан әуе кемелерінің ұшуын орындаған жағдайда өтеусіз жүзеге асырылады.

      69-бап. Бірлесіп орналастыру және пайдалану әуеайлақтары

      1. Азаматтық, мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиация ұйымдары бірлесіп орналастыратын әуеайлақ бірлесіп орналастырылатын әуеайлақ болып табылады.
      2. Азаматтық, мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиация бірлесіп пайдаланатын әуеайлақ бірлесіп пайдалану әуеайлағы болып табылады.
      3. Бірлесіп орналастыру әуеайлақтарын және бірлесіп пайдалану әуеайлақтарын пайдалану азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық және мемлекеттік авиациясының бірлесіп орналастыру әуеайлақтарын пайдалану қағидаларына сәйкес шарттар негізінде жүзеге асырылады.
      4. Бірлесіп орналастыру әуеайлақтары және бірлесіп пайдалану әуеайлақтары тиесілігіне қарай азаматтық немесе мемлекеттік авиацияға жатады. Мұндай әуеайлақтардың тізбесі Қазақстан Республикасының азаматтық және мемлекеттік авиациясы салаларындағы уәкілетті органдар басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітіледі.

      70-бап. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын
              қамтамасыз етуге арналған әуежайлар

      1. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу тәртібін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      2. Ішкі рейстерге қызмет көрсететін әуежайлар техникалық, мәжбүрлі түрде қонуды және гуманитарлық рейстерді орындауға, сондай-ақ мемлекеттік міндеттерді орындауға байланысты халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге, халықаралық рейстерді қамтамасыз етуге рұқсат етілмеген әуежайлардан (әуежайларға) халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелерін қабылдауға, ұшуға шығаруға және оларға қызмет көрсетуге азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның уақытша рұқсаттары арқылы жіберілуі мүмкін.
      3. Шет мемлекеттердің мемлекеттік және эксперименттік әуе кемелерінің халықаралық ұшуы, сондай-ақ шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарақтарын және әскери техникасын тасымалдауға арналған әуе кемелерінің халықаралық ұшуы үшін ашылған әуежайларды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      Ескерту. 70-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      71-бап. Әуеайлақтар мен әуежайларды тарату немесе көшiру

      Әуеайлақтар мен әуежайларды тарату немесе басқа жерге көшiру меншiк иесiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

      72-бап. Әуеайлақ маңы аумағының шегіндегі құрылыс

      Әуеайлақ маңының аумағы шегінде қалалық және ауылдық елді мекендерді жобалау, салу және дамыту, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы объектілерін және өзге де объектілерді салу және реконструкциялау әуеайлақ жабдықтарының және әуе кемелері ұшуының адамдардың денсаулығына әрі жеке және заңды тұлғалардың қызметіне ықтимал келеңсіз әсері ескеріле отырып, сондай-ақ осы Заңның 90-бабының талаптары ескеріле отырып, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі талаптары сақталып жүргізілуге тиіс.

      73-бап. Әуежайды уақытша басқару

      1. Стратегиялық объект болып табылатын әуежайды елдің мүддесiне, адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарамастан пайдаланудан Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгіне қатер төнген жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсім бойынша халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етiлген әуежайды пайдаланушыға қатысты уақытша басқаруды енгiзеді.
      2. Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етiлген әуежайды пайдаланушыны уақытша басқаруды уақытша әкiмшiлiк жүзеге асырады.
      Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат берiлген әуежайды пайдаланушыны уақытша басқару әуежайды пайдаланушының есебінен жүзеге асырылады.
      3. Уақытша басқаруды енгiзу туралы шешiмге меншiк иесi, әуежайды пайдаланушы немесе пайдаланушы акционерлерiнің жалпы жиналысы уәкiлеттiк берген адам сот тәртiбiмен шағым жасауы мүмкiн.
      4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган уақытша әкімшілікті қалыптастырады, оның құрамына өзіне қатысты уақытша басқару енгізілетін әуежай меншік иесінің және пайдаланушының өкілдері енгізіледі.
      5. Халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге рұқсат етілген әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруының қолданылуы кезеңінде:
      1) әуежайды пайдаланушының басқару жөніндегі барлық өкілеттіктері уақытша әкімшілікке ауысады;
      2) пайдаланушының әуежайды басқару жөніндегі құқықтары тоқтатыла тұрады;
      3) әуежайды пайдаланушының басқару органдарының және оның басшы қызметкерлерінің өкілеттіктері тоқтатыла тұрады.
      6. Уақытша әкімшілік:
      1) осы Заңда айқындалған құзыреті шегінде әуежайды пайдаланушы қызметінің барлық мәселелері бойынша шешімдерді дербес қабылдайды;
      2) әуежайды пайдаланушының атынан шарттар жасасады және құжаттарға қол қояды;
      3) әуежайды пайдаланушының атынан және соның мүддесінде, оның ішінде сотта өкілдік етуді жүзеге асырады;
      4) әуежайды пайдалануға байланысты өндірістік мәселелерді бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тартады.
      7. Әуежайды пайдаланушының уақытша басқаруы мынадай негіздер:
      1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның шешімімен белгіленген уақытша басқару мерзімінің өтуі;
      2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы шешім қабылдауы;
      3) уақытша басқарудың тоқтатылуы туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі бойынша тоқтатылады.
      8. Халықаралық ұшуды орындауға рұқсат етілген әуежайды пайдаланушыға уақытша басқару кезеңінде заңсыз әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірген залалы үшін уақытша әкімшілік мүшелері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

9-тарау. ӘУЕМЕН ТАСЫМАЛДАУ. АВИАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР

      74-бап. Әуемен тасымалдауды жүзеге асыру құқығы.
              Авиакомпаниялар

      1. Жолаушыларды, багажды, жүктерді және почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдауды жүзеге асыру құқығына ақысын алып немесе жалдау бойынша (коммерциялық әуе тасымалдары) пайдаланушының қолданыстағы сертификаты бар авиакомпаниялар ие болады.
      2. Авиакомпаниялар осы Заңға сәйкес азаматтық авиация саласындағы өзге де қызметті жүзеге асыруы мүмкін.
      3. Тұрақты әуемен тасымалдауды орындайтын әуе компаниялары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен акционерлік қоғам нысанында құрылады.
      4. Шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және (немесе) шетелдік заңды тұлғалардың акционерлік қоғам нысанындағы авиакомпанияның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі қырық тоғыз пайыздан аспауға тиіс.
      5. Авиакомпанияда сертификаттау талаптарына сәйкес әуе кемелерінің резервтерін қоса алғанда, әуе кемелері, әуе кемелерін қауіпсіз пайдалану және оларды ұшуға жарамдылықта ұстау үшін, сондай-ақ авиация персоналын даярлауды және қайта даярлауды ұйымдастыру үшін қаржы ресурстары мен мүлкі, әуе кемелерінің ұшуын және көрсетілетін қызметтердің сапасын ұйымдастыру және қамтамасыз ету үшін әуе кемелеріне қосалқы бөлшектерінің қоры болуға тиіс.
      6. Авиакомпанияның бірінші басшысы лауазымына кандидат азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейтін біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.

      75-бап. Халықаралық әуемен тасымалдау

      1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiнде халықаралық әуе тасымалдары кезінде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан өзгеше жағдай туындамаса, әуемен тасымалдау туралы жалпы ережелер қолданылады.
      2. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шартқа сәйкес тұрақты әуемен тасымалдауды жүзеге асыру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы Заңның 80-бабында белгіленген тәртіппен айқындаған тасымалдаушы тағайындалған әуемен тасымалдаушы болып табылады.
      3. Почта жөнелтілімдерінің халықаралық әуемен тасымалдау Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың қағидалары сақтала отырып жүзеге асырылады.

      76-бап. Коммерциялық әуемен тасымалдау саласындағы
              негізгі ережелер

      1. Коммерциялық әуе тасымалдары әуе тасымалы шартының негізінде орындалады. Әуе тасымалы шарты авиакомпания не ол уәкілеттік берген тұлғалар (агенттер) беретін тасымалдау құжаттарын ресімдеумен куәландырылады.
      Жолаушылардың, багаждың және жүктердің коммерциялық әуе тасымалдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Әрбір жолаушыға жеке билет ресімделеді, ол:
      1) жолаушының әуемен тасымалдау шартының талаптарымен танысқанын;
      2) жолаушы мен авиакомпания арасында әуемен тасымалдау шартының жасалғанын растайды.
      Билет жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттың деректері негізінде ресімделеді.
      3. Авиакомпания әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін сақтауға міндетті.
      Авиакомпания және оның лауазымды адамдары әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      4. Тiркелген багажды тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттерi көрсетiлген багаж түбiртегi берiледi.
      5. Жүкті тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттері, жүктің салмағы, оны тасымалдаудың шарттары көрсетілген жүкқұжаты берiледi. Жүкқұжат қағаз жеткізгіште немесе электрондық түрде жазып беріледі. Жөнелтуші мәліметтер ұсынуға және жүк берілгенге дейін Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін алушыға қажетті барлық құжаттарды жүкқұжатына қоса беруге тиіс.
      Электрондық түрде жазып берілетін жүкқұжаттарды қабылдау, өңдеу, беру және сақтау авиакомпаниялар қолданатын ақпараттық жүйе мен ақпараттық технологиялар арқылы жүзеге асырылады.
      Бiрыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бірыңғай коносамент) бойынша әртүрлi көлiк түрлерiмен жүктердi аралас тасымалдауға қатысатын тасымалдаушылардың, сондай-ақ басқа да тұлғалардың қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
      Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау ерекшеліктері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі нұсқаулықта айқындалады.
      5-1. Жүк жөнелтушінің, жүкті алушының жүкті әуе тасымалдауына арналған құжаттарда көрсетілген межелі пунктке әуе тасымалдаушының уақтылы жеткізуіне және оның сақталуын қамтамасыз етуіне құқығы бар.
      Жүкті, багажды немесе пошта жөнелтілімдерін тасымалдау шарты бұзылған жағдайда, жүк жөнелтушінің немесе жүкті алушының тасымалдаушыдан жүктің, багаждың немесе пошта жөнелтілімдерінің сақталмау себептері туралы құжаттарды (коммерциялық акт, жалпы нысандағы акт және өзге де құжаттар) жасауды талап етуге құқығы бар.
      Егер жүктің сапасы оның тiкелей мақсаты бойынша пайдаланылуы мүмкін болмайтындай өзгергендігі анықталған болса, жүк алушының бүлінген немесе бұзылған жүкті қабылдаудан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшiн өтем талап етуге құқығы бар.
      5-2. Әуе тасымалын жүзеге асыратын авиакомпания:
      1) жолаушылар мен жүк жөнелтушілерден авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды, оның ішінде қарап-тексеруді ұйымдастыру және жүргізу арқылы сақтауын талап етеді;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолаушыларға (жүкті жөнелтушілерге) тиісті үлгідегі ақаусыз әуе кемесін, білікті ұшу экипажын, тасымалдау қауіпсіздігін және өзге де көрсетілетін қызметтерді ұсынуды қамтамасыз етеді;
      3) жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларында белгіленген, жолаушыларға, жүкті жөнелтушілерге, жүкті алушыларға қызмет көрсету талаптарын сақтайды;
      4) жолаушының, жүкті жөнелтушінің немесе жүкті алушының талап етуі бойынша және жолаушыны, багажды, жүкті немесе пошта жөнелтілімдерін тасымалдау шарты бұзылған жағдайда, олардың бірі тасымалдау құжаттарын көрсеткен кезде жүктің, багаждың немесе пошта жөнелтілімдерінің сақталмауының себептері туралы құжаттарды (коммерциялық акт, жалпы нысандағы акт және өзге де құжаттар) жасайды.
      6. Почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдау шарты, оның талаптары және почта жөнелтілімдерін тасымалдауға қабылдау почта жүкқұжатымен куәландырылады.
      7. Тасымалдау құжаттарын ресімдеу қажетті деректерді тасымалдау құжатының электрондық немесе қағаз нысанына қолмен, автоматтандырылған немесе электрондық режимде енгізу арқылы жүзеге асырылады.
      Брондалғаннан кейін тасымалдау құжатын ресімдеу авиакомпания белгілеген мерзімде жүргізіледі.
      8. Авиакомпания алатын және жолаушыларды, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін тасымалдау құнына кіретін алымдардың негізгі түрлері әуежай және отын алымдары болып табылады.
      9. Тасымалдауға арналған тариф қолданылатын кезеңде авиациялық отынға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеу мақсатында авиакомпания алатын, оны есептеген кезде бұл өсуді ескеру мүмкін болмаған алым отын алымы болып табылады.
      10. Авиакомпания әуежай алымын жолаушыларға әуежайда қызмет көрсету жөніндегі қызметтер құнын өтеу мақсатында енгізеді және алады.
      11. Әуежайларда және әуе кемелерінің бортында жолаушыларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
      Қосымша басқа тілдерді пайдалануға жол беріледі.
      Ескерту. 76-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 27.10.2015 № 363-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      76-1-бап. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы
                 төтенше жағдайлар кезінде, төтенше жағдай
                 енгізілген кезде әуе көлігін пайдалану

      Әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілген кезде әуе көлігі төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жою бойынша шаралар қолдану үшін пайдаланылады.
      Авиакомпаниялар (дипломатиялық иммунитеті бар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінен басқа) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың өтінімдері бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың жеке құрамын оқиғалар, төтенше жағдайлар болған жерлерге тасымалдау және шұғыл медициналық жәрдемге мұқтаж азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу бойынша қызметтер көрсетуге міндетті.
      Осы бапта көзделген жағдайларда авиакомпанияларға көрсеткен қызметтері үшін шығыстар, сондай-ақ келтірілген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі.
      Ескерту. Заң 76-1-баппен толықтырылды - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      77-бап. Жолаушының құқықтары мен міндеттері

      1. Жолаушының:
      жолаушылар тасымалы үшін ашық кез келген авиамаршрут бойынша билет алуға;
      алынған билетіне сәйкес орын алуға;
      белгіленген нормалар шегінде қол жүгі мен багажды өзімен бірге тегін алып өтуге;
      тасымалдаушының кінәсінен тасымалдауда үзіліс немесе кідіріс болған, әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейсті ұшырмай тастаған, тасымалдау маршруты өзгертілген кезде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген қызметтерге;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқығы бар.
      2. Жолаушы:
      әуе көлігінде Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтауға және әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін іс-әрекеттерге жол бермеуге;
      авиация персоналының өз қызметтік міндеттерін орындауы кезінде кедергі жасамауға;
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

      78-бап. Жолаушыны әуемен тасымалдау шартын бiржақты
              тоқтату

      1. Жолаушының ұшудан бас тартуға және енгізген тасымалдау ақысын әуемен тасымалдау шартында белгiленген мөлшерде қайтарып алуға құқығы бар.
      2. Әуемен тасымалдау шарты авиакомпанияның бастамасы бойынша біржақты тәртіппен мынадай:
      1) жолаушы әуе кемесi ұшуының алдында осы Заңның 107-бабында белгiленген тексеруден бас тартқан;
      2) жолаушы Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуемен тасымалдау қағидаларын бұзған және (немесе) жолаушы әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретін iс-әрекет жасаған;
      3) жолаушы өзінің денсаулығына немесе әуе кемесiнiң бортындағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретін, сондай-ақ басқа жолаушыларға қолайсыз жағдай туғызатын алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болған;
      4) жолаушылар әуе кемесінің бортында осы Заңның 88-бабында көзделген өз міндеттерін орындамаған жағдайларда тоқтатылуы мүмкін.
      Жолаушының алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық куәландыру арқылы расталады.
      3. Жолаушыны әуемен тасымалдау шарты тоқтатылған жағдайда тасымалдау үшiн енгізілген төлем әуемен тасымалдау шартында көзделген тәртiппен қайтарылады.
      Ескерту. 78-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      79-бап. Авиамаршруттар

      1. Тұрақты және тұрақты емес коммерциялық әуемен тасымалдау авиамаршруттар бойынша жүзеге асырылады.
      2. Авиамаршруттар халықаралық маршруттар және iшкi маршруттар болып бөлінеді.
      Тұрақты коммерциялық әуемен тасымалдауды жүзеге асыруға арналған халықаралық авиамаршруттар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады.
      Авиакомпанияларды тұрақты ішкі коммерциялық әуемен тасымалдауларды орындауға рұқсат ету қағидаларында белгіленген біліктілік талаптарына сай авиакомпанияларға ішкі тұрақты коммерциялық әуемен тасымалдауларды орындауға рұқсат етіледі.
      3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе ол уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органның шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылатын авиамаршруттар бойынша тұрақты тасымалдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылатын, авиамаршруттың тиiмдi жұмыс iстеуiне қажеттi кiрiс деңгейiн қамтамасыз етпейтiн тасымалдар бюджет қаражаты есебінен субсидиялануға жатады.
      Ескерту. 79-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      80-бап. Тұрақты әуемен тасымалдаулар үшiн халықаралық және
               субсидияланатын авиамаршруттарды бөлу

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Қазақстан Республикасының авиакомпаниялары арасында тұрақты әуе тасымалдарын жүзеге асыруға арналған халықаралық және субсидияланатын (облысішілікті қоспағанда) авиамаршруттарды бөлудi азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган конкурстық негiзде жүргiзедi. Жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтімдерін тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшін субсидилияланатын облысішілік авиамаршруттарға арналған конкурсты жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Конкурс жеңiмпаздарына авиамаршрутқа арналған куәлiктер берiледi.
      Конкурсқа Жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтiмдерiн тасымалдау бойынша халықаралық авиамаршрутқа конкурс өткiзу және авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларында, сондай-ақ Жолаушыларды, багажды, жүктер мен пошта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша субсидияланатын авиамаршрутқа конкурс өткiзу және авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларында белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетін авиакомпаниялар жіберіледі.
      2. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар құзыреті шегінде авиакомпания авиамаршрутты пайдалану талаптарын орындамаған жағдайда одан авиамаршрутқа арналған куәлікті қайтарып алады.
      3. Мыналар:
      1) ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды және (немесе) еңсерілмейтін күштің салдарын қоспағанда, авиамаршрутты пайдаланудың басталған күнін, белгілі бір уақыт кезеңінде тұрақты рейстердің белгіленген санын орындауды және әуе кемелерінің авиамаршрутында кестеде белгіленген үлгілерді және (немесе) сыйымдылықты қолдануды қамтитын кестені авиакомпанияның сақтауы;
      2) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарға сәйкестік;
      3) белгіленген кестеге сәйкес тұрақты әуе тасымалдарын қамтамасыз ету үшін авиакомпанияда болжамды кірісті ескермегенде бір ай ішінде қажетті қаржы қаражатының азаймайтын резервінің болуы авиамаршрутты пайдаланудың талаптары деп түсініледі.
      4. Авиакомпаниядан халықаралық немесе субсидияланатын авиамаршрутқа арналған куәлiктi қайтарып алған кезде куәлiк конкурстық ұсынысы жеңiмпаздан (жеңiмпаздардан) кейiн үздiк деп танылған конкурстың басқа қатысушысына берiледi.
      5. Халықтың әуе қатынасына қажеттiлігiн қанағаттандыру үшiн азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган авиамаршруттарды бөлу жөнiндегi конкурстар аралығындағы кезеңде қажеттiгi туындаған авиамаршрутты пайдалану үшiн авиамаршруттарды бөлу жөнiндегi конкурсты өткiзбей-ақ авиакомпанияға халықаралық немесе субсидияланатын авиамаршрутқа арналған куәлiктi беруге құқылы.
      Пайдалану қажеттiгi конкурстар аралығындағы кезеңде туындаған халықаралық немесе субсидияланатын авиамаршрутты бөлген кезде жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша халықаралық авиамаршрутқа конкурс өткiзу және авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларында, сондай-ақ жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша субсидияланатын авиамаршрутқа конкурс өткiзу және авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларында көзделген бiлiктiлiк талаптарына авиакомпания сай келген жағдайда, өтiнiм берген барлық авиакомпанияларға куәлік берiледi.
      Ескерту. 80-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      81-бап. Шетелдік әуемен тасымалдаушылардың
              Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметі

      1. Шетелдiк әуемен тасымалдаушылар Қазақстан Республикасы аумағындағы өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасына (Қазақстан Республикасынан) тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды жоспарлайтын шетелдік тасымалдаушылар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органда тіркелуден өтуге міндетті.
      3. Шетелдік тасымалдаушыларды тіркеу тәртібін және оларға қойылатын талаптарды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      4. Шетелдік әуемен тасымалдаушыға қатысты тасымалдауға құқық беру шарттары Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
      5. Шетелдік әуемен тасымалдаушылар экипажды және жолаушыларды Қазақстан Республикасының халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі саласындағы заңнамасына сәйкес өткізу мерзімдерін сақтай отырып, сапалы және қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етуге міндетті.
      6. Шетелдік әуемен тасымалдаушылардың өкілдіктері Қазақстан Республикасының аумағында жолаушыларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетуді қазақ тілінде жүзеге асырады.
      Қосымша басқа тілдерді пайдалануға жол беріледі.

      82-бап. Авиациялық жұмыстарды орындау

      1. Авиациялық жұмыстар азаматтық әуе кемесін пайдаланушы мен тапсырыс берушi арасындағы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Авиациялық жұмыстардың тізбесі және оларды орындауға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында белгіленеді.

10-тарау. ӘУЕМЕН ТАСЫМАЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

      83-бап. Әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне
              немесе денсаулығына зиян келтіргені үшiн
              тасымалдаушының жауапкершілігі

      1. Тасымалдаушы, егер зиян еңсерілмейтін күштің салдарынан немесе жәбірленушінің ниетінен туындағанын дәлелдемесе, әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
      Жолаушыны әуемен тасымалдау жолаушы әуе кемесінің бортына отырғызылған кезден бастап, әуе кемесiнiң ұшқанына немесе ұшпағанына қарамастан, жолаушы әуе кемесінің бортын тастап шыққан кезге дейiнгi кезеңді қамтиды.
      2. Халықаралық ұшуды орындаған кезде әуемен тасымалдау кезiнде жолаушының өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшiн тасымалдаушының жауаптылығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.

      84-бап. Багаж бен жүктің және жолаушының өзінде болған
              заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе)
              зақымданғаны (бүлінгені) үшін тасымалдаушының
              жауапкершілігі

      Тасымалдаушы тіркелген багаждың, жүктің жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн, егер багаждың немесе жүктің жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) оның кінәсінен болмағандығын дәлелдемесе, залалды мынадай мөлшерде:
      1) тасымалдауға құны жарияланбай қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн – әуемен тасымалдау шартында белгіленген мөлшерде;
      2) тасымалға құны жарияланып қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн – жарияланған құн мөлшерiнде;
      3) багаждың, жүктің зақымданғаны үшін – багаждың, жүктің құнының азайған сомасы мөлшерiнде, ал зақымданған жүкті немесе багажды қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде – оның құны мөлшерінде өтейді.
      Тасымалдаушы жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн, егер жолаушы зиян тасымалдаушының кінәсінен болғандығын дәлелдесе, заттар құнының азайған сомасы мөлшерінде залалды өтейді.
      Халықаралық ұшуды орындаған кезде тіркелген багаждың, жүктің, жолаушының өзінде болған заттардың жоғалғаны, жетіспеушілігі және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) үшiн тасымалдаушының жауаптылығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.
      Егер багаждың, жүктiң бiр бөлiгiнiң немесе солардың iшiндегi қандай да бiр заттың жоғалғаны, жетiспеушiлiгi және (немесе) зақымданғаны (бүлінгені) сол багаж түбiртегiнде немесе жүкқұжатында жазылған багаждың немесе жүктiң құнына әсер ететін болса, өтем мөлшерiн белгiлеген кезде бүкіл осы багаждың және (немесе) жүктiң жалпы құны ескерiлуге тиiс.
      Тасымалдаушы жүктiң немесе багаждың жоғалуынан, жетіспеушілігінен немесе зақымдануынан (бүлiнуiнен) келтiрiлген белгiленген залалды өтеумен қатар, жөнелтушiге (алушыға), егер тасымалдау ақысы жүк құнына кiрмейтiн болса, жоғалған, жетіспеген, бүлiнген немесе зақымданған жүктi немесе багажды тасымалдау үшiн алынған ақыны қайтарады.

      85-бап. Почта жөнелтілімдерінің жоғалғаны, жетiспеушілігі
              және (немесе) зақымданғаны және жеткiзiлуiнiң
              кешіктірілгені үшiн тасымалдаушының
              жауапкершілігі

      Тасымалдаушының кінәсінен почта жөнелтілімдерінің жоғалғаны, жетiспеушілігі немесе зақымданғаны және жеткiзiлуiнiң кешiктiрiлгенi үшiн байланыс мекемелерi жөнелтiлім жасаушылардың немесе адресаттардың алдында жауаптылықта болған мөлшерде тасымалдаушы почта ұйымдарының алдында материалдық жауаптылықта болады.

      86-бап. Тасымалдаушының рейс болмаған немесе кідірген
              кездегi жолаушы алдындағы жауапкершілігі

      1. Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе кідіртілген немесе әуе кемесінің кеш келуі, тасымалдау маршрутының өзгеруі салдарынан рейс кідірген, орындалмаған кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттері мен аралық пункттерде мынадай:
      1) жеті жасқа дейінгі балалы (болған кезде) жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну;
      2) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;
      3) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;
      4) рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде:
      күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын;
      түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
      5) рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;
      6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.
      Осы тармақта көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетіледі.
      2. Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзімге кідіртілетін кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:
      1) осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;
      2) жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
      Ескерту. 86-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      87-бап. Азаматтық авиация қызметімен байланысты міндетті
              сақтандыру

      Әуе кемелерінің, азаматтық авиацияның басқа да объектілері мен жабдықтарының меншік иелері (иелері) мен пайдаланушылары Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңдарының талаптарына сәйкес өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін, оның ішінде жолаушылар мен авиация персоналы алдындағы жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.
      Халықаралық әуемен тасымалдау кезіндегі сақтандыру Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

11-тарау. ӘУЕ КЕМЕЛЕРІНІҢ ҰШУ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ӘСЕР
ЕТЕТІН ІС-ӘРЕКЕТТЕР ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ

      88-бап. Әуе кемесінің бортындағы адамдардың ұшу
              қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі
              міндеттері мен іс-әрекеттері

      1. Әуе кемесіндегі жолаушылар ретіндегі адамдар:
      1) әуе кемесі командирінің және экипаждың басқа мүшелерінің талаптарын, сондай-ақ қосылған ақпараттық таблода көрсетілген іс-әрекеттерді сөзсіз орындауға;
      2) қол жүгі мен жеке заттарын осы үшін арнайы бөлінген орындарға орналастыруға;
      3) әуе кемесі командирінің өкімі бойынша немесе көрсетілген іс-әрекеттерді орындауға міндеттейтін ақпараттық табло қосылған кезде жолаушы креслосының таңу белдіктерін тағуға;
      4) бүкіл ұшу кезінде әуе кемесінің бортында тәртіп пен реттілікті сақтауға міндетті.
      2. Әуе кемесiнің бортындағы адамдардың, оның iшiнде кеменің есі  болып табылатын адамдардың экипаждың iс-әрекетіне араласуына, одан ұшуды орындаудың жоспары мен ретiн өзгертудi немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету не әуе қозғалысын басқару органдарының нұсқауларын орындамауды талап етуiне тыйым салынады.
      3. Әуе кемесіндегі жолаушылар ретіндегі адамдардың:
      1) ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар туғызуына;
      2) экипаж мүшелеріне қауіп төндіруіне;
      3) әуе кемесінің бортында ұшудың бүкіл кезеңінде темекі шегуіне;
      4) ұялы байланыс пен радиоэлектрондық құралдарды әуе кемесінің бортында «ұшуда» деген автономды режимде пайдалануды қоспағанда, ұшудың бүкіл кезеңдерінде ұялы, транкингтік байланыс қызметтерін пайдалануына, әуе кемесін жүргізу, биікке көтерілу, қонуға бет алу кезеңдерінде радиоэлектрондық құралдар мен тұрмыстық мақсаттағы жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалануына тыйым салынады.
      Ескерту. 88-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.10.2015 № 363-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      89-бап. Әуе кемесінің бортындағы адамдар ұшу
              қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар

      Осы Заңның 88-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, әуе кемесінің бортындағы адамдардың ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларына:
      ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортында адамдардың өміріне немесе денсаулығына және әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, зорлық-зомбылық актісін жасау;
      әуе кемесіне және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін оның жабдықтарына зақым келтіру;
      ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін көрінеу жалған мәліметтерді хабарлау;
      әуе кемесін қиратуы немесе ұшу кезінде оның қауіпсіздігіне қатер төндіретін зақым келтіруі мүмкін қондырғыларды немесе заттарды әуе кемесіне орналастыруға әкеп соқтыратын іс-әрекеттер жасау;
      әуе кемесінің бортында авариялық жағдай туындаған жағдайларды қоспағанда, әуе кемесінің есіктерін және (немесе) авариялық шығатын есіктерді ашуға әрекет ету жатады.

      90-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруі мүмкiн қызмет

      1. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметке әуеайлақ маңындағы аумақта және әуе трассаларының шегiндегi жерлерде орналасқан объектiлердiң, электр беру желiлерiнiң, басқа да бөгеттердiң құрылысы; оның салдарынан әуе кеңiстiгiнде электромагниттiк, жарық арқылы, акустикалық, корпускулярлық және өзге де сәулелену түрлері жүргізілетін жұмыстар; құстардың топталып жиналуына немесе ұшу көрiнiсiнiң нашарлауына әкеп соғатын объектiлердi орналастыру, сондай-ақ әуе кеңiстiгiн пайдаланумен тікелей байланысты емес, бiрақ әуе кемелері ұшуының, олардың жабдықтарының және олардағы адамдардың қауiпсiздiгiне әсерiн тигiзетiн кез келген басқа қызмет жатады.
      Мұндай қызмет Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларына сәйкес берілетін рұқсатпен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
      2. Рұқсат алу:
      1) биіктігі мен орналасқан жері Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларындағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету ескеріле отырып айқындалған әуеайлақ ауданындағы барлық объектілерді;
      2) авиациялық радиотехникалық құралдардың және жарық беретін сигнал жабдықтарының қалыпты жұмыс істеуі үшін кедергі келтіруі мүмкін байланыс, электр беру желілерін, сондай-ақ басқа да радио, электромагниттік және жарық арқылы сәулелену объектілерін;
      3) жарылыс қаупі бар объектілерді;
      4) шығарылатын газдарды авариялық жағу үшін факелді құрылғыларды орналастыру үшін талап етіледі.
      Факелді құрылғылардың биіктігін анықтау кезінде жалын шығарудың ең жоғары ықтимал биіктігі ескеріледі;
      5) қызметі әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы көрудің нашарлауына әкеп соғуы мүмкін өнеркәсіптік, өзге де кәсіпорындар мен құрылыстарды орналастыру үшін талап етіледі.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген объектілерді орналастыру жергілікті атқарушы органдар немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Әуеайлақтың бақылау нүктесінен он бес километр жақын қашықтықта тағам қалдықтарын тастайтын орындарды, аң фермаларын, қасапханаларды және құстарды тартумен және олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін басқа да объектілер құрылысын орналастыруға тыйым салынады.
      5. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметтi жүзеге асыру ережелерiнің бұзылуына жол берген жеке және заңды тұлғалар осы бұзушылықтарды өз есебiнен және өз күштерiмен жоюға, ал оларды жойғанға дейiн ондай қызметтiң жүзеге асырылуын тоқтатуға мiндеттi.
      6. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiруі ықтимал қызмет атқарылып жатқан ауданға олардың абайсызда ұшып кiру жағдайларын болғызбау үшін, осындай қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарға аталған қызмет туралы хабар беруге мiндеттi.
      7. Осындай қызметтiң жүзеге асырылуын бақылауды және қадағалауды азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде орындайды.
      8. Әуежайлар аумағы шегінде жөндеу, құрылыс және монтаждау жұмыстарының барлық түрін жүргізуді ұлттық қауіпсіздік органдары немесе Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күзет іс-шараларын жүргізу кезеңінде тоқтата тұруы мүмкін.
      Ескерту. 90-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      91-бап. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн объектiлердi
              таңбалау

      1. Ғимараттар мен құрылыстардың иелерi ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидаларына, Қазақстан Республикасының азаматтық әуеайлақтарының пайдалануға жарамдылығы нормаларына сәйкес осы объектiлерге түнде және күндiз көрiнетiн таңбалық белгiлер мен құрылғыларды өз есебiнен орнатуға мiндеттi.
      Әуеайлақтарды айырып-тану үшін қабылданған таңбалық белгiлер мен құрылғыларға ұқсайтын қандай да бiр белгiлер мен құрылғыларды әуеайлақ ауданында орнатуға жол берiлмейдi.
      2. Әуеайлақ ауданындағы объектiлерге таңба салудың жүзеге асырылуын бақылау өз құзыреті және жауапкершілік аймағы шегінде азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарға жүктеледi.

12-тарау. АВИАЦИЯЛЫҚ ОҚИҒАЛАР МЕН ИНЦИДЕНТТЕР ЖӘНЕ
ОЛАРДЫ ТЕКСЕРУ

      92-бап. Авиациялық оқиғалар мен инциденттер

      1. Әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты әуе кемесінің бортындағы адамдардың мерт болуына (дене жарақатын алып, соңынан қайтыс болуына) және (немесе) осы әуе кемесінің жойылып кетуіне әкеп соқтырған оқиға мемлекеттік авиацияда авиациялық оқиға деп танылады.
      2. Азаматтық әуе кемесін ұшу мақсатында пайдаланумен байланысты, ұшқыш басқаратын әуе кемесі жағдайында қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған немесе ұшқышсыз әуе кемесінде әуе кемесі ұшу мақсатында қозғалуға дайын болған кезден бастап ұшуды аяқтап тоқтағанға және негізгі күш қондырғысын ажыратқанға дейін орын алған және оның барысында:
      1) дене жарақатын табиғи себептер нәтижесінде алған, өзін-өзі жарақаттаған не басқа адамдар жарақаттаған немесе әдетте жолаушылар мен экипаж мүшелерінің кіруіне болатын аймақтан тыс жерде жасырынып қалған билетсіз жолаушы дене жарақатын салған жағдайларды қоспағанда, қандай да бір адамның осы әуе кемесінде болуы нәтижесінде дене жарақатын алып, соңынан қайтыс болған (дене жарақатын алуына байланысты оқиға болғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде қайтыс болған жағдайды қоса алғанда);
      2) мыналарды:
      бір ғана қозғалтқыш, оның капоттары немесе оның қосалқы агрегаттары бүлінген кездегі қозғалтқыштың істен шыққан немесе зақымданған;
      тек қана әуе бұрандалары, күш түсетін бұрандалардың қалақтары, соңғы жағындағы бұранданың қалақтары, планердің күш түспейтін элементтері, ағыстатқыштар, қанатының ұштары, антенналар, датчиктер, қалақтар, пневматикалар, тежегіш құрылғылар, алдыңғы әйнектері, доңғалақтары зақымданған немесе шассилері, шассилердің ашылатын панельдері болымсыз зақымданған не қаптамада аздаған майысқан жерлер немесе ойықтар болған, оның ішінде бұршақтың немесе құстармен соқтығысудың салдарынан (радиолакатор антеннасының ағыстатқышындағы ойықтарды қоса алғанда) аздаған зақымданған;
      конструкцияның жалпы беріктігін бұзбайтын басқа да элементтер зақымданған;
      егер бұл жағдайлар фюзеляждың (арқалықтардың) күш түсетін элементтерінің зақымдануына немесе бүлінуіне әкеп соқпаған болса, тірек және рульдік бұрандалар элементтерінің, тірек немесе рульдік бұранда төлкесінің, трансмиссияның зақымданған, желдеткіш қондырғының немесе редуктордың зақымданған, күш түсетін элементтерді зақымдамай фюзеляждың қаптамасының (арқалықтарының) зақымданған жағдайларын қоспағанда, әуе кемесі зақымданған немесе оның конструкциялары сынған, соның салдарынан әуе кемесі конструкциясының беріктігі бұзылатын, әуе кемесінің техникалық немесе ұшу сипаттамалары нашарлайтын, ірі жөндеу немесе зақымданған элементті ауыстыру қажет болатын;
      3) әуе кемесі хабарсыз жоғалып кеткен немесе оған бару мүлдем мүмкін болмайтын жерде болған авиациялық оқиға азаматтық (эксперименттік) авиациядағы оқиға деп танылады.
      3. Мемлекеттік авиациядағы авиациялық инцидент деп әуе кемесін ұшуға пайдаланумен байланысты, әуе кемесінің тұтастығына және (немесе) оның бортындағы адамдардың өміріне қатер туғызуы мүмкін немесе қатер туғызған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға танылады.
      4. Азаматтық (эксперименттік) авиациядағы авиациялық инцидент деп азаматтық әуе кемесін пайдаланумен байланысты, қандай да бір адам ұшу ниетімен бортқа кірген кезден бастап ұшу мақсатында бортта болған барлық адамдар әуе кемесін тастап шыққан кезге дейін орын алған және әуе кемесінің, экипаждың, ұшуды басқару және қамтамасыз ету қызметтерінің қалыпты жұмыс істеуден ауытқуына байланысты, ұшу қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін сыртқы ортаның әсеріне байланысты болған, бірақ авиациялық оқиғамен аяқталмаған оқиға танылады.

      93-бап. Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру

      1. Қазақстан Республикасының әуе кемесімен не шет мемлекеттің әуе кемесімен Қазақстан Республикасының аумағында болған авиациялық оқиға немесе инцидент міндетті түрде тексерілуге жатады.
      2. Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексерудің мақсаты оқиғаның және (немесе) ілеспе факторлардың себептерін анықтау, авиациялық оқиғаны болғызбау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
      Кімнің болсын кінәсі мен жауапкершілігін анықтау авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексерудің мақсаты болып табылмайды.
      Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеруді мүдделі тараптардың уәкілетті өкілдерінің міндетті түрде қатысуымен комиссия жүзеге асырады. Азаматтық және эксперименттік авиацияда комиссияны - азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган, мемлекеттік авиацияда мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган құрады.
      3. Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның өкiлеттiгi, сондай-ақ авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға тергеп-тексеру жүргiзу тәртібі уәкілетті орган бекіткен Авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында айқындалады.
      Тергеуді ұйымдастыру кезінде авиациялық оқиғаларды немесе оқыс оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссияның қызметіне, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, басқа да мемлекеттік органдардың тарапынан араласуға жол берілмейді.
      Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру жөніндегі комиссия авиациялық оқиғаға немесе инцидентке қатысты оқиға болған жерлерді, объектілерді және сынықтарды тексеруге, жұмыстарға сарапшыларды тартуға, көрген адамдардан сұрауға, авиациялық оқиғаның немесе инциденттің және (немесе) ілеспе факторлардың себептерін анықтап белгілеу үшін қажетті зерттеулер мен сынақтар жүргізуді тағайындауға, осындай авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді болдырмау немесе олардың салдарын азайту мақсатында ұсынымдар беруге құқылы.
      4. Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік әуе кемесімен болған авиациялық оқиға немесе инцидент авиация саласындағы уәкілетті органдар комиссияларының тексеруіне жатады немесе оны өзара келісім бойынша әуе кемесі тіркелген елдің (пайдаланушының) шет мемлекеті тексереді.
      5. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен инциденттерге шет мемлекеттердің тексерулер жүргізуіне Қазақстан Республикасы өкілдерінің қатысу шарттары мен тәртібі Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидаларында айқындалады.
      6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру барысында шет мемлекет ұсынған ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдарды алған кезде оқиға болған жердегі мемлекетті қолданған шаралар немесе шаралар қолданбаудың себептері туралы хабардар етеді.
      Ескерту. 93-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      94-бап. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді
              сыныптау және есепке алу

      1. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді сыныптауды және есепке алуды азаматтық, эксперименттік немесе мемлекеттік авиацияда осы өкілеттіктер жүктелген уәкілетті органдар жүзеге асырады.
      2. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді сыныптау және есепке алу Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидаларында айқындалады.
      3. Сертификатталған ең жоғары ұшу массасы екі мың екі жүз елу килограмнан асатын әуе кемелерімен және (немесе) турбореактивті қозғалтқышы бар ұшақтармен болған авиациялық оқиғалар туралы ақпараттық есептер Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ИКАО) жіберіледі.
      4. Азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар авиациялық оқиғалардың немесе инциденттердің есебін жүргізу үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты немесе ықтимал кемшіліктер туралы ақпарат жинауға жәрдемдесу мақсатында авиациялық оқиғалар немесе инциденттер туралы деректер ұсыну жүйесін құрады.
      Осы жүйені құру тәртібі Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру қағидаларында және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін, әуежайлардағы, әуе қозғалысына қызмет көрсету кезіндегі, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезіндегі қауіпсіздікті басқару жөніндегі нұсқаулықтарда айқындалады.

      95-бап. Заттай дәлелдемелерді сақтау

      Осы Заңның 101-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар әуе кемесiн, оның құрамдас бөліктерiн, бортындағы және жер үстiндегi объективтiк бақылау құралдарын, әуе кемесiндегi барлық заттарды, сондай-ақ авиациялық оқиға немесе инцидент әсерін тигізген аумақ пен ондағы заттарды, әуе кемесiн жасауға, жөндеуге және пайдалануға және оның ұшуын қамтамасыз етуге қатысты бүкiл құжаттаманы авиациялық оқиғаны тексеру жөнiндегi комиссияның мүшелерi келгенге дейін ешкімге қол сұқтырмай сақтауға тиiс.

      96-бап. Авиациялық оқиға болған жердегi жұмыс

      Авиациялық оқиға болған жерде жүргiзiлетiн тексеру дүлей зiлзала зардаптарын жою жөнiндегi жұмыстарға теңестiрiлетiн ерекше жағдайдағы жұмыстар санатына жатқызылады.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, заңды және жеке тұлғалар авиациялық оқиғаны тексеру жөнiндегi комиссияға жан-жақты жәрдем көрсетуге мiндеттi.

      97-бап. Авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты
              жұмыстарды қаржыландыру және шығыстарды өтеу
              тәртiбi

      Авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты барлық жұмысты пайдаланушы қаржыландырады.
      Авиациялық оқиғаны тексерумен байланысты ғылыми-зерттеу, конструкторлық, жөндеу және өнеркәсiптiк ұйымдар жүргiзетiн зерттеулер мен сынақтарды осы ұйымдар қаржыландырып, пайдаланушы кейiннен шығындардың орнын толтырады.

13-тарау. ӘУЕ КЕМЕЛЕРІН, ОЛАРДЫҢ ЖОЛАУШЫЛАРЫ МЕН ЭКИПАЖ
МҮШЕЛЕРІН ІЗДЕСТІРУ ЖӘНЕ ҚҰТҚАРУ

      98-бап. Әуе кемелерін, олардың жолаушылары мен
              экипаж мүшелерін іздестіруді және құтқаруды
              ұйымдастыру

      1. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін iздестiру мен құтқаруды ұйымдастыру Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидалары:
      1) авариялық хабар беру тәртібін, апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіру мен құтқаруды ұйымдастыру схемасын;
      2) персоналға және әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарын, іздестіру-құтқару командаларын, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерін, әуе кемелерін пайдаланушыларды қажетті жабдықпен және байланыс құралдарымен жарақтандыруға қойылатын талаптарды;
      3) іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу жоспарын әзірлеу, келісу және бекіту тәртібін;
      4) Қазақстан Республикасының аумағында іздестіру-құтқару қызметін бірлесіп құратын барлық мемлекеттік органдардың, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе кемесін басқару органдарының, іздестіру-құтқару командаларының, мемлекеттік органдардың іздестіру-құтқару қызметтерінің, әуе кемесін пайдаланушылардың және әуежайлардың арасында жауапкершілікті бөлуді және іс-шараларды ұйымдастыруды;
      5) азаматтық авиация ұйымдары іздестіру-құтқару операцияларын (жұмыстарын) жүзеге асырған және оны қамтамасыз етуге қатысқан кезінде олардың шығынын өтеу тәртібін қамтуға тиіс.
      1-1. Азаматтық авиацияда әуе кемелерінің іздестіру-құтқару кезекшілігін қамтамасыз ету аэронавигациялық қызмет көрсету үшін алынатын алымдар есебінен жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында кез келген мемлекеттің әуе кемелерін, жолаушылар мен экипаж мүшелерін іздестіру және құтқару жөніндегі жұмыстар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      3. Әуе кемелерiнің жолаушыларын, экипаж мүшелерiн апат болған жерден эвакуациялау апатқа ұшыраған әуе кемесiн пайдаланушының күшiмен және құралдарымен немесе пайдаланушының шығыстарын кейiннен өтейтіндей етіп өзге де күштермен және құралдармен жүзеге асырылады.
      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, ұйымдар әуе кемесiн iздестiруді және құтқаруды жүргiзуде кез келген мүмкiн болатын көмектерiн көрсетуге мiндеттi және iздестiру-құтқару органдары келгенге дейін адамдарды құтқару, оларға медициналық және басқа да көмек көрсету, сондай-ақ әуе кемесiн және оның бортындағы құжаттаманы, жабдықтар мен мүлiктi күзету жөнінде қажеттi шараларды қолданады.
      5. Авиациялық iздестiру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және жүзеге асыру кезінде өздерінің құзыретіне және жарғысына сәйкес мемлекеттік органдардың (кәсіпорындардың) күштері мен құралдары, сондай-ақ іздестіру және құтқару ауданындағы әуе кемелерінің экипажы тартылады және пайдаланылады.
      6. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiне қажеттi көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасының аумағына кiруге:
      1) басқа мемлекеттердiң iздестiру-құтқару күштерi мен құралдарына;
      2) сол әуе кемелерiнiң иелерi мен пайдаланушыларына;
      3) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi тiркелген мемлекеттiң билігіне рұқсат етiледi.
      Мұндай рұқсаттың шарттары Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына және Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларға сәйкес айқындалады.
      Ескерту. 98-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 132-V Заңымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).

      99-бап. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа
              ұшыраған әуе кемесi экипажының iс-әрекеттері

      1. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесiнің экипажы Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшудың негiзгi қағидаларына сәйкес шаралар қабылдауға және адамдардың өмiрi мен денсаулығын сақтауға және мүлiктi, оның ішінде әуе кемесiн сақтауға мүмкiн болатын өзге де шараларды қолдануға міндетті.
      2. Апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң экипажы өз өкiлеттiктерiн азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдеріне тапсырғанға дейiн борттағы адамдарды, мүлiктi құтқару мен олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, әуе кемесiнiң өзiн сақтау жөнiнде барлық мүмкiн болатын шараларды қолдануға мiндеттi. Әуе кемесi экипажының барлық мүшелерi адамдарды, мүлiктi және әуе кемесiн құтқаруға қатысуға мiндеттi.
      3. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң командирi азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдері келгенге дейін осы әуе кемесiнiң бортындағы адамдардың iс-әрекеттеріне басшылық жасайды.
      Ескерту. 99-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      100-бап. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа
               ұшыраған әуе кемесi туралы хабарлау

      1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдары, аэроклубтар апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi туралы ақпаратты, сондай-ақ қауiптi жағдайға ұшыраған адамдар туралы кез келген өзге де ақпаратты алған кезде Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшудың негiзгi қағидаларында айқындалатын тәртiппен қажеттi көмек көрсету жөнінде мүмкiн болатын барлық шараларды қолдануға және іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу жоспарына сәйкес іздестіру-құтқару командаларына, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтеріне, әуе кемелерін пайдаланушыларға дереу хабарлауға, сондай-ақ өз құзыреті шегінде авариялық оқиғаға немесе инцидентке тексеру жүргізуді ұйымдастыру үшін азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарды хабардар етуге міндетті.
      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, жеке және заңды тұлғалар әуе кемелерiнiң апатқа ұшырауы жөнінде өздерiне белгiлi болған барлық жағдайлар туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға немесе жақын маңдағы әуеайлаққа дереу хабарлауға мiндеттi.
      Ескерту. 100-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      101-бап. Авариялық-құтқару жұмыстары

      1. Әуеайлақта және әуеайлақ маңындағы аумақта авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу әуе кемесi апатқа ұшыраған пайдаланушының есебiнен меншiк иелерiнiң немесе әуеайлақтар иелерiнiң күштерiмен және құралдарымен Қазақстан Республикасының әуежайларында ұшуды авариялық-құтқарумен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Егер апатқа ұшыраған әуе кемесi немесе оның бөліктерi темiржол, автомобиль, су көлiгiнiң қозғалысына немесе әуе кемелерiнiң ұшуына кедергi келтiрсе, құтқару жұмыстарының басшысы көлiк құралдары қозғалысын немесе ұшуды қалпына келтiру мақсатында әуе кемесiнің (оның бөліктерiнің) орналасқан жерiн және жалпы жай-күйiн алдын ала белгiлеп алып, оларды басқа орынға көшіру жөнінде шаралар қолдануға мiндеттi.

      102-бап. Әуе кемесiн, оның жолаушылары мен экипажын
               iздестiрудi тоқтату

      1. Iздестiру шаралары нәтиже бермеген жағдайда, апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiрудi тоқтату туралы шешiмдi әуе кемесiнiң иесiмен және іздестiру-құтқару командасының басшысымен келiсім бойынша тексеру жөнiндегi комиссияның төрағасы қабылдайды.
      Апатқа ұшыраған әуе кемесін іздестіруді тоқтату туралы шешім қолда бар iздестiру-құтқару күштерiмен және құралдарымен бұдан әрi iздестiру әуе кемесiн табуға және тiрi қалған адамдарды құтқаруға қол жеткiзбейді деп пайымдауға жеткiлiктi негіздер болғанда ғана қабылдануы мүмкiн.
      2. Апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiруді тоқтату туралы шешiмге осы әуе кемесiнiң иесi сот тәртiбiмен шағым жасауы мүмкін.
      3. Осы бапқа сәйкес iздестiрiлуi тоқтатылған әуе кемесi хабарсыз жоғалып кеткен болып есептеледi.
      Хабарсыз жоғалып кеткен әуе кемесi экипажының мүшелері мен жолаушыларын хабарсыз жоқ болып кеткендер деп тану немесе оларды қайтыс болды деп жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

      103-бап. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс
               жерлердегi әуе кемелерін iздестiру және
               құтқару

      Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған Қазақстан Республикасының әуе кемелерiн iздестiру және құтқару осы Заңның және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптары ескеріле отырып, аумағында осы жұмыстар жүргiзiлетiн мемлекеттiң iздестiру-құтқару жұмыстарын орындау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      104-бап. Апат жағдайларына әуе кемелерiн жабдықтау
               және экипажды даярлау

      1. Әуе кемелерi іздестіру мен құтқаруға арналған борттық авариялық-құтқару құралдарымен және авариялық жетекті таратқыштармен жабдықталады, олардың тiзбесi әуе кемесiнiң үлгiсi мен ұшатын ауданына қарай азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы нормаларына сәйкес айқындалады, ал мемлекеттiк авиацияның әуе кемелерi үшiн мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
      2. Әуе кемесi экипажының барлық мүшелерi авариялық-құтқару даярлығы және әуе кемесiнiң бортында авариялық жағдай туындаған кезде жолаушыларға көмек көрсету бағдарламасы бойынша арнайы оқытудан өтуге мiндеттi.
      3. Экипаж осындай жағдайда жасалатын iс-әрекеттер туралы және жеке және борттық авариялық-құтқару құралдарын пайдалану қағидалары туралы жолаушыларға мiндеттi түрде нұсқау беруге тиiс.
      Жолаушыларға арналған ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс. Бейнеақпаратты қолдануға рұқсат етіледі.

14-тарау. АВИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

      105-бап. Авиациялық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету

      1. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар, әуе кемелерiн пайдаланушылар Авиациялық қауiпсiздiк қағидаларына сәйкес азаматтық авиацияны оның қызметіне заңсыз араласу актілерінен қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
      1-1. Әуежайлар мен авиакомпаниялар пайдаланушыларының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік қару мен оның оқ-дәрілерін сатып алуға, сақтауға және пайдалануға құқығы бар.
      2. Азаматтық авиацияны оның қызметiне заңсыз араласу актілерінен қорғау:
      1) әуежайдың бақыланатын аймағына бөгде адамдар мен көлiк құралдарының кiруiне жол бермеу;
      2) бөгде адамдардың әуе кемелерiне кiрiп кету мүмкiндiгiн болғызбайтындай тұрақтардағы әуе кемелерiн күзету;
      3) әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қаруларды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш, радиоактивтi, уландырғыш, тез тұтанғыш және басқа да қауiптi заттар мен құралдарды заңсыз алып жүру мүмкiндiгiн болғызбау;
      4) қару-жарақ пен оқ-дәрiлердi тасымалдау кезiнде олардың әуе кемелерiнің жолаушылардан оқшауланған бөлiктерiнде оқтары алынған күйде багажбен тасымалдануын қамтамасыз ететiн айрықша сақтық шараларын енгiзу;
      5) ерекше жағдайларда әуе кемелерiн арнайы қарап тексеру;
      6) ұшу кезiнде экипаждың қауiпсiз жұмысын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ әуе кемесiн заңға қайшы пайдалануға жол бермейтiн техникалық құрылғылармен әуе кемелерiн жабдықтау;
      7) азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган мен мемлекеттік органдар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өз құзыреті шегінде арнайы әзiрлеген авиация қызметiне заңсыз араласуға қарсы іс-әрекет жасау шаралары, сондай-ақ авиациялық қауiпсiздiкті қамтамасыз ететiн басқа да шаралар арқылы қамтамасыз етiледi.
      2-1. Егер әуе кемесі заңсыз араласу актісіне ұшыраса, әуе кемесінің командирі, егер әуе кемесінің бортындағы жағдай өзгені талап етпесе, Авиациялық қауiпсiздiк қағидаларына сәйкес, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган айқындаған қолайлы әуеайлаққа аса қысқа мерзімде қону әрекетін жүзеге асырады.
      3. Әуе кемелерін пайдаланушылар әуе кемесінің бортында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттер бойынша азаматтық әуе кемелерінің экипаждарына арналған нұсқаулықтың болуын қамтамасыз етеді.
      4. Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын заңсыз араласу актілерінен қорғауды қамтамасыз ететін заңдардың, қағидалар мен рәсімдердің сақталуына бақылауды және қадағалауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне сәйкес олармен бірлесіп жүзеге асырады.
      5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген авиациялық қауіпсіздік шараларының сапасына бақылауды және қадағалауды жүргізу:
      1) Қазақстан Республикасының әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдаланушылар мен азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды және Қазақстан Республикасының әуежайларына тұрақты рейстерді орындайтын шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды жылына бір реттен жиі болмайтын кезеңділікпен жоспарлы тексерулер және жоспардан тыс тексерулер;
      2) ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін қызметтік эксперименттер;
      3) әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың авиациялық қауіпсіздік бойынша ішкі тексерулері;
      4) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қарап тексеруін ұйымдастыруды сертификаттау;
      5) авиациялық қауіпсіздік шараларының сапасын бақылауды жүзеге асыратын мамандарды іріктеуді жүргізу;
      6) кемшіліктерді анықтауды және оларды жою жөнінде шаралар қабылдауды қамтитын авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйіне талдау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
      6. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды тексерулер олардың адамдарды, әуежайдың бақыланатын аймағында орналасқан әуе кемелерін, азаматтық авиация объектілерін, радионавигациялық құралдарды, жабдықтарды заңсыз араласу актілерінен қорғауды қамтамасыз ету қабілетін анықтау үшін жүргізіледі.
      7. Жоспарлы тексерулер қатерлерді бағалауды және әуежай арқылы немесе азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылар жүзеге асырған тасымалдар көлемін, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік саласында бұрын анықталған бұзушылықтарды ескере отырып жүргізіледі.
      8. Қызметтік эксперимент жүргізу жөніндегі талаптар:
      1) қызметтік эксперимент азаматтық авиация ұйымдарының үздіксіз қызметін бұзатын заңсыз араласу актісін айнытпай көрсетуге және әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың авиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапасын тексеруге тиіс;
      2) қызметтік эксперимент жүргізу адамдардың өміріне және әуе кемелерінің, авиациялық техниканың және әуежайдың бақыланатын аймағындағы басқа да объектілердің қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге тиіс;
      3) қызметтік эксперимент әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға, өзге де заңды және жеке тұлғаларға материалдық залал келтірмеуге тиіс және азаматтық авиация ұйымдарының үздіксіз қызметіне әсер етпеуге тиіс;
      4) қызметтік эксперимент ұлттық қауіпсіздік органдары өкілдерінің, эксперимент жетекшісінің және әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың авиациялық қауіпсіздік қызметі басшысының тұрақты бақылауымен жүзеге асырылуға тиіс;
      5) экспериментке қатысушылардың күш қолдануын және ұстаудан және авиациялық қауіпсіздік қызметі өкілдерінің не қызметтік экспериментке қатысатын мемлекеттік органдардың талаптарын орындаудан жалтарудың өзге де тәсілдерін қолдануын болғызбауға тиіс.
      9. Әуеайлақтарды (тікұшақ айлақтарын) және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды ішкі тексеруді авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен авиациялық қауіпсіздікті инспекциялық тексерудің үлгі бағдарламасы негізінде белгіленген авиациялық қауіпсіздік бойынша ішкі тексеру бағдарламасы негізінде жүргізеді.
      Ескерту. 105-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      106-бап. Авиациялық қауіпсіздік қызметтері

      1. Әрбір әуежайдың және тұрақты әуемен тасымалдауды орындайтын авиакомпанияның өз құрылымында тиісті қажетті техникалық құралдар және кадр құрамы жинақталған авиациялық қауіпсіздік қызметі болуға тиіс.
      Авиациялық жұмыстарды және тұрақты емес әуемен тасымалдауды орындайтын пайдаланушының өз құрылымында авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жауапты адамы болуға тиіс.
      1-1. Әуежайлар мен авиакомпаниялардың авиациялық қауіпсіздік қызметтері қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтік қару мен оның оқ-дәрілерін қолдануға, сақтауға және алып жүруге құқығы бар.
      2. Әуежайдың, тұрақты әуемен тасымалдауды орындайтын авиакомпанияның тиісінше бірінші басшысына тікелей бағынатын, ұлттық қауіпсіздік органдарының келісімі бойынша тағайындалатын Қазақстан Республикасының азаматы ғана әуежайдың, тұрақты әуемен тасымалдауды орындайтын авиакомпанияның авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысы бола алады.
      Қазақстан Республикасының Президентін және күзетілетін өзге де адамдарды тасымалдауды жүзеге асыратын авиакомпанияның авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшылары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметімен келісіле отырып тағайындалады.
      Пайдаланушының бірінші басшысына тікелей бағынатын, ұлттық қауіпсіздік органдарының келісімі бойынша тағайындалатын Қазақстан Республикасының азаматы ғана тұрақты емес әуемен тасымалдауды және авиациялық жұмыстарды орындайтын пайдаланушының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жауапты адамы бола алады.
      3. Авиациялық қауіпсіздік үшін дербес жауаптылық:
      1) әуежайды пайдаланушы болып табылатын ұйымның бірінші басшысына және әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысына;
      2) тұрақты әуемен тасымалдауды орындайтын авиакомпанияның бірінші басшысына және авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшысына;
      3) тұрақты емес әуемен тасымалдауды және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындайтын әуе кемелерін пайдаланушының бірінші басшысына және авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жауапты адамына;
      4) жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға жататын әуе кемесінің иесіне жүктеледі.
      4. Азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің жұмысы уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарымен олардың құзіретіне сәйкес өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.
      5. Авиациялық қауіпсіздік қызметіне жұмысқа алу кезінде заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар адамдар қабылданбайды.
      Ескерту. 106-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 132-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      107-бап. Қарап тексеру

      1. Әуе кемесінің жолаушылары мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесі, борттағы қосалқы заттар мен тағам, экипаж мүшелері, жолаушылар, багаж, қол жүгі, оның ішінде жолаушылардың өздерінде болатын заттар, сондай-ақ жүктер мен почта жөнелтілімдері міндетті түрде ұшу алдында қарап тексеруге жатады.
      2. Жолаушыларды, багажды, қол жүгін, оның ішінде жолаушылардың өздерінде болатын заттарды, экипаж мүшелерін, азаматтық авиацияның авиация персоналы қатарындағы адамдарды, әуе кемесі бортындағы қосалқы заттар мен тағамды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін ұшу алдында әуежайда қарап тексеруді авиациялық қауіпсіздік қызметінің персоналы жүргізеді.
      Әуе кемелерін пайдаланушылар өздерінің әуе кемелеріне ұшу алдында қарап тексеру жүргізілу үшін жауапты болады.
      Ұшу кезінде қарап тексеруді әуе кемесінің командирі тағайындаған экипаж мүшесі жүргізеді.
      Әуежайларда әуе кемесін арнайы қарап тексеруді әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің персоналы экипаж мүшелерін (инженерлік-техникалық құрамды) және мемлекеттік органдарды олардың құзыретіне сәйкес тарта отырып жүзеге асырады.
      3. Авиациялық қауіпсіздік қызметі жоқ сыныпталмайтын әуеайлақта, уақытша әуеайлақта, қону алаңында ұшу алдындағы қарап тексеруді жүргізу әуе кемесінің экипажына жүктеледі.
      4. Қол жүгін, багажды қарап тексерудің және жолаушыларды жеке қарап тексерудің алдында жолаушыға оның қолында болуы мүмкін, қауіпті заттар мен нәрселер тізбесінде белгіленген қауіпті заттар мен нәрселерді, сондай-ақ жолаушыларға азаматтық әуе кемелерімен тасымалдауға тыйым салынған есірткінің барлық түрлерін көрсетуге ұсыныс жасалады.
      Қарап тексеру кезінде жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттарды тасымалдау құжаттарымен салыстырып тексеру жүргізіледі.
      Қол жүгін, багажын және өздерін жеке қарап тексеруден жалтарған жолаушылар тасымалдауға жіберілмейді.
      Қарап тексеруді ұйымдастыру үшін әуежайлардың басшылары мен авиациялық қауіпсіздік қызметінің басшылары жауаптылықта болады.
      5. Әуе кемесіне жүк тиелгеннен кейін оның барлық сыртқы есіктері жабылған кезден бастап жүкті түсіру үшін осы есіктердің кез келгені ашылған кезге дейін жолаушының келісіміне қарамастан, қарап тексеру жүргізілуі мүмкін.
      6. Қарап тексеру кезінде техникалық құралдар қолданылады, оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар ретінде жолаушыларды ішінара жеке қарап тексеру және олардың қол жүгі мен багажын қолмен қарап тексеру жүргізілуі мүмкін.
      Жолаушыларды жеке қарап тексеру және олардың қол жүгі мен багажын қолмен қарап тексеру Авиациялық қауіпсіздік қағидаларына сәйкес әуе кемесімен тасымалдауға тыйым салынған заттар мен нәрселерді табу үшін қажет болатын шектерде жүзеге асырылады.
      Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралдарын не нәрселерін табу мақсатында жеке қарап тексеруді Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде санамалап көрсетілген лауазымды адамдар жүргізеді.
      Жолаушылардың және экипаж мүшелерінің өздерінде болатын, азаматтық әуе кемелерімен тасымалдауға тыйым салынған барлық заттар мен нәрселерді табу мақсатында жеке қарап тексеруді әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметінің мамандары жүргізеді.
      Жеке қарап тексеруді тексерілетін жолаушымен бір жыныстағы адам ғана әуежайларда санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалардың талаптарына сай келетін арнайы бөлінген үй-жайларда жүргізеді.
      Бір үй-жайда бір уақытта бірнеше жолаушыны жеке қарап тексеруге тыйым салынады.
      Жеке қарап тексерудің нәтижелері қарап тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған адам, қарап тексеру жүргізген адам және жолаушы қол қоятын актімен ресімделеді.
      7. Егер жолаушының қол жүгін, багажын және өзін жеке қарап тексерген кезде азаматтық әуе кемелерімен алып жүруге тыйым салынған заттар мен нәрселер табылмаса, әуежайдың және авиакомпанияның лауазымды адамдары, сондай-ақ қарап тексеруді жүргізген басқа да адамдар жолаушыны билет алынған рейспен немесе кезекті рейспен жөнелтуді қамтамасыз ететін қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
      Жолаушы қарап тексеруге байланысты жөнелтудің кешіктірілуі себебінен ұшудан немесе ұшуды жалғастырудан бас тартқан жағдайда, авиакомпания оның талап етуі бойынша билеттің құнын немесе оның пайдаланылмаған бөлігін Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларында көзделген тәртіппен өтеуге тиіс.
      8. Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен арнайы тiзбедегі лауазымды адамдарды, сондай-ақ дипломатиялық иммунитеттi пайдаланатын адамдарды қоспағанда, әуе кемесiмен тасымалданатын әрбiр адамға және оның багажына қатысты қарап тексеру жүргізіледі.
      9. Әуежайдың бақыланатын аймағында қарап тексеру жүргізудің тәртібі мен шарттары Авиациялық қауіпсіздік қағидаларында айқындалады.

      108-бап. Экипаж мүшесінің куәлігі

      Авиация персоналы адамдарының өз қызметтік міндеттерін орындауы кезінде экипаж мүшесінің куәлігін көрсетуі оларға әуежайларда бірінші кезекте қарап тексеруден өту құқығын береді. Экипаж мүшесінің куәлігі әуежайдың бақыланатын аймағына рұқсаттама болып табылады.
      Авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар ұшу құрамының, кабина экипажының адамдарына, ұшуды техникалық қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрамға және ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персоналға экипаж мүшесінің куәлігін беру ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілгеннен кейін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Авиация персоналының қолданыстағы куәлігі бар ұшу құрамының, кабина экипажының адамдарына, ұшуды техникалық қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрамға және ұшу кезінде әуе кемесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін персоналға экипаж мүшесінің куәлігін беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

15-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

      109-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін
               пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан
               Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін
               жауаптылық

      Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      110-бап. Өтпелi ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған авиакомпаниялар осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап бiр жыл iшiнде өздерiнiң құрылтай құжаттарына тиiстi өзгерiстер енгiзуге мiндеттi.
      2. Авиакомпаниялар осы баптың 1-тармағының талаптарын орындамаған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiм аяқталған күннен бастап үш айдан кешiктiрмей азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификатын қайтарып алады.

      111-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 16-бабының 3-тармағының екінші - алтыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күнінен бастап мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 1995 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 23, 148-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 23, 321-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2003 ж., № 10, 54-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 18, 143-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат);
      2) «Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы» 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., № 23, 320-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат; № 18, 143-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат).

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев