Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 05.05.2018 № 681 Жарлығымен.
Республикалық баспасөзде
жариялануға тиіс
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 28-бабының 4-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Н.НАЗАРБАЕВ |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 25 шілдедегі № 604 Жарлығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне
қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидалары
1. Осы Қағидалар бейбіт уақытта Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне және оның стратегиялық объектiлеріне қатер төнген жағдайларда, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне (бұдан әрі – бұзушы әуе кемесі) қару мен жауынгерлік техниканы қолдану тәртібін реттейді.
2. Бұзушы әуе кемелеріне "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 27-бабының 1-тармағында және "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 73-бабының 1-тармағында көзделген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзатын ұшақтар мен тікұшақтар, оның ішінде қашықтықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары (құралдары), зымырандар, аэростаттар, әуе шарлары, зондылар және басқа да ұшу аппараттары жатады.
3. Қару мен жауынгерлік техниканы қолдануды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің кезекші күштері мен құралдары, ал қажет болған кезде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері басқа да түрлерінің күштері мен құралдары жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуді тоқтату жөнінде шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету кезінде өздеріне қолжетімді аймақтағы ұшқышсыз ұшу аппараттарына немесе қашықтықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын өзге де әуе кемелеріне, экипажсыз және жолаушыларсыз ұшу аппараттарына (құралдарына) қару мен жауынгерлік техниканы қолданады.
4. Бұзушы әуе кемесін зақымдауға қару мен жауынгерлік техниканы қолдану туралы шешімді Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы немесе Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі уәкілеттік берген лауазымды адамдар қабылдайды.
Шекара кеңістігінде келісілмеген ұшуларды жүзеге асыратын ұшқышсыз ұшу аппараттарына немесе қашықтықтан (автоматты түрде) басқарылатын экипажсыз және жолаушыларсыз өзге де ұшу құралдарына қатысты оларды зақымдауға қару мен жауынгерлік техниканы қолдану туралы шешімді шекара кеңістігінде немесе Қазақстан Республикасының аумақтық теңізінің аймағындағы теңіз учаскесінде шекара заставасының бастығы немесе оның орнында уақытша болатын адам (бөлімше, бекет бастығы, әскери немесе шекара кораблінің (катерінің) командирі, ұшақ немесе тікұшақ командирі, шекара нарядының жетекшісі, застава сақшысы, шекара заставасы, комендатура бойынша кезекші) қабылдайды және ол туралы жоғары тұрған басқару пунктіне дереу баяндайды.
5. Бұзушы әуе кемесі осы Қағидалардың 2-тармағында көзделген іс-әрекеттерді жасаған кезде әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуды тоқтату үшін әуе кемелеріне тосқауыл жасайтын экипаждар зақымдауға қару қолданар алдында бұл туралы белгіленген сигналдар беру арқылы бұзушы әуе кемесінің экипажына ескертеді. Бұзушы әуе кемесі әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуды тоқтату туралы қойылған талаптарға бағынудан бас тартқаннан кейін ескерту мақсатында оқ атылады.
Ескерту мақсатында оқ ату туралы шешімді: Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Орталық командалық пунктіне дереу баяндай отырып Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас штабының бастығы), Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас командалық пунктінің жедел кезекшісі қабылдайды.
Бұдан әрі бағынбаған жағдайда бұзушы әуе кемесіне қатысты зақымдауға қару мен жауынгерлік техника қолданылады.
6. Бұзушы әуе кемесінде әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға қатысы жоқ жолаушылар мен өзге де адамдардың болуы туралы нақты ақпарат болған кезде, егер осы бұзушы әуе кемесінің одан әрі ұшуы Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне және стратегиялық объектiлеріне қатер төндірмесе, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қаруды қолданудан тартынады.
Бұзушы әуе кемесі әуе қозғалысын басқару (қызмет көрсету) органдарының және әуе кемелеріне тосқауыл жасайтын экипаждардың қойған талаптарын орындамаған жағдайларда Заңның 28-бабының 4-тармағына сәйкес, егер осы бұзушы әуе кемесінің бұдан әрі ұшуы Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне және стратегиялық объектілеріне нақты қатер төндірсе, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері осы бұзушы әуе кемесіне қатысты оны зақымдауға қару мен жауынгерлік техниканы қолдануға дейінгі барлық шараларды қабылдайды.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 73-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда, бұзушы әуе кемесін зақымдауға қару мен жауынгерлік техниканы ескертусіз қолданады.
Бұзушы әуе кемесі басқару пункттерінің және тосқауыл жасайтын әуе кемелерінің командаларын орындаған кезде қару мен жауынгерлік техниканы қолдану тоқтатылады.
Қолайсыз метеорологиялық немесе басқа да жағдайларда бұзушы әуе кемесінің мемлекеттік тиесілігін және түрін анықтау мүмкін болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағы шегінде тосқауыл жасайтын ұшақтар (тікұшақтар) бұзушы әуе кемесіне ілесіп ұшуды жүзеге асырады және радиолокациялық құралдармен оны танып-анықтау шаралары алынады.
Көрсетілген мән-жайлар болған ретте, егер осы бұзушы әуе кемесінің одан әрі ұшуы Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне және стратегиялық объектiлеріне қатер төндірмесе, оларды зақымдауға қару мен жауынгерлік техника қолданылмайды.
7. Осы Қағидалардың 5-тармағында айқындалған тәртіппен бұзушы әуе кемесін зақымдауға қару мен жауынгерлік техниканы қолдану мүмкін болмаған жағдайда бұзушы әуе кемесін жоюды осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген лауазымды адамдардың шешімі бойынша, бұзушы әуе кемесі зақымдау аймағында болатын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері мен құралдары немесе басқа да күштер мен құралдар жасайды.
8. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қаруы мен жауынгерлік техникасы Қазақстан Республикасы аумағының үстінде Заңның 27-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 6), 7) тармақшаларында көзделген жағдайларда ұшқышсыз ұшу аппараттарын немесе қашықтықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын өзге де әуе кемелерін, экипажсыз және жолаушыларсыз ұшу аппараттарын (құралдарын) зақымдауға ескертусіз қолданылады.
9. Бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техника қолданылған әрбір жағдай туралы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік және прокуратура органдары он екі сағат ішінде хабардар етіледі.
Шетелдік бұзушы әуе кемелері және мемлекеттік тиесілігі белгіленбеген бұзушы әуе кемелері туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі хабардар етіледі.
10. Бұзушы әуе кемелерін анықтау және оларға қару қолдану мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жалпы және арнайы бөлінген байланыс құралдары мен арналары арқылы жедел өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастырады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелері бұзушы әуе кемелерінің анықталғаны туралы алғашқы ақпаратты дереу барлық қолжетімді байланыс арналары арқылы, өзара іс-қимыл жасайтын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері мен бөлімдеріне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Орталық командалық пунктіне береді.
11. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану жөніндегі іс-қимылының тәртібін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.