Мемлекеттік авиация қызметіне мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 маусымдағы № 697 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 қарашадағы № 772 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 16.11.2018 № 772 қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңы 10-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік авиация қызметіне мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 23 маусымдағы
№ 697 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік авиация қызметіне мемлекеттік бақылау мен
қадағалау жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік авиация қызметіне мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді, мемлекеттік авиация қызметіне мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу тәртібін айқындайды және пайдалануында мемлекеттік әуе кемелері бар мемлекеттік органдарға қолданылады.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) мемлекеттік авиация қызметін мемлекеттік бақылау мен қадағалау органы (бұдан әрі - бақылау мен қадағалау органы) - мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік авиация қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;

      2) мемлекеттік авиация қызметін мемлекеттік бақылау (бұдан әрі - бақылау) - тексерілетін субъектілерді олардың қызметінің әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуі мәніне тексеру және байқау жөніндегі бақылау мен қадағалау органының қызметі;

      3) мемлекеттік авиация қызметін мемлекеттік қадағалау (бұдан әрі - қадағалау) - тексерілетін субъектілердің әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауын тексеру және байқау жөніндегі бақылау мен қадағалау органының қызметі;

      4) тексерілетін субъектілер - мемлекеттік авиацияның басқару органдары, мемлекеттік авиация саласындағы жеке (авиация персоналы) және заңды тұлғалар.

      3. Мемлекеттік авиацияның басқару органдарына мыналар жатады:

      1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы;

      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің
      26.03.2013 N 274; 02.04.2015 № 176 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

2. Мемлекеттік авиация қызметіне мемлекеттік бақылау мен
қадағалау жүргізу тәртібі
2.1. Тексеру жүргізу тәртібі

      4. Тексерілетін субъектіні тексеру - бұл мынадай іс-әрекеттердің бірін жасау жолымен бақылау мен қадағалау органдары жүргізетін бақылау мен қадағалау нысаны:

      1) бақылау мен қадағалау органы лауазымды адамының тексерілетін субъектіге баруы;

      2) байқау жүргізу кезінде ақпарат талап етуді қоспағанда, тексеру мәніне қатысты қажетті ақпаратқа сұрау салу;

      3) тексерілетін субъектінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтағаны туралы ақпаратты алу мақсатында оларды шақырту.

      5. Тексерілетін субъектіні тексеру бақылау мен қадағалау органының басшысы қол қойған осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес үлгі бойынша тексеру нұсқамасы негізінде жүргізіледі.

      6. Тексеруді "Бірінші сыныпты маман" және одан жоғары сыныптық біліктілігі бар бақылау мен қадағалау органының мамандары жүргізеді.

      7. Тексерілетін субъектілерді тексеру жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді.

      Жоспарлы тексеру - жыл сайынғы тексерулер жоспары негізінде тексерілетін субъектіге қатысты тағайындалатын тексеру.

      Жоспардан тыс тексеру - адам өміріне және денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке, заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүддесіне тікелей төнген қатерді жою мақсатында нақты тексерілетін субъектіге қатысты бақылау мен қадағалау органы тағайындайтын тексеру.

      8. Тексерулерді жүргізудің жыл сайынғы жоспарын бақылау мен қадағалау органы адам өміріне және денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке, заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүддесіне төнген қатерден сақтандыру мақсатында бұрын болған тексерулерге қатысы бойынша белгіленген уақыт аралықтарын ескере отырып әзірлейді.

      Тексерулерді жүргізудің жыл сайынғы жоспары мемлекеттік авиацияның басқару органдарымен келісіледі және оны тексерулер жүргізу жылының алдындағы жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде бақылау мен қадағалау органының басшысы бекітеді.

      9. Тексерулерді жүргізудің жыл сайынғы жоспарларына өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

      10. Тексерілетін субъектілерді жоспарлы тексерулер бақылау мен қадағалау органы айқындайтын кезеңділікпен, бірақ жылына бір реттен жиі емес жүргізіледі.

      11. Жоспарлы тексеруді жүргізу туралы бақылау мен қадағалау органы тексеру басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын тексеру жүргізу мерзімдері мен мәнін көрсете отырып, жазбаша түрде тексерілетін субъектіні хабардар етеді.

      12. Жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіздемелер мыналар болып табылады:

      1) тексерулер нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға нұсқамалардың (қаулылардың, ұсынымдардың, хабарламалардың) орындалуын бақылау;

      2) жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан және жергілікті өкілді органдардан адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке, заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүддесіне елеулі зиян келтірілгені туралы немесе қатер төңгені туралы ақпарат және өтініштер алу;

      3) тексерілетін субъектінің қызметіне тексеру жүргізу туралы оның бастамашылық өтініші;

      4) авиациялық инциденттер туралы ақпарат алу;

      5) тексерілетін субъектінің бастапқы тексерумен келіспейтіні туралы өтініші;

      6) егер оған қатысты жоспарлы тексеру белгіленсе, тексерілетін субъектіні қайта ұйымдастыру және оның атауын өзгерту.

      13. Жоспардан тыс тексерулер иесі көрсетілмеген өтініштер жасалған жағдайларда жүргізілмейді.

      14. Жоспардан тыс тексеруге осы жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіздеме болған фактілер мен жағдайлар жатады.

      15. Бақылау мен қадағалау органы жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын тексеру жүргізу мәнін көрсете отырып, тексерілетін субъектіні хабардар етеді.

      16. Тексерулер бір уақытта бір тексерілетін субъектіге де қатысты, сонымен қатар бірнеше тексерілетін субъектіге де қатысты жүргізіледі.

      17. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер кешенді және тақырыптық болып бөлінеді.

      Кешенді тексеру - мемлекеттік авиация саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға қатысты кешенді мәселелер бойынша тексерілетін субъектінің қызметін тексеру.

      Тақырыптық тексеру — мемлекеттік авиация саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға қатысты жекелеген мәселелер бойынша тексерілетін субъектінің қызметін тексеру.

      18. Осы Қағидаларда белгіленбеген өзге де тексеру түрлерін жүргізуге тыйым салынады.

      19. Жоспарлы (кешенді, сондай-ақ тақырыптық) тексерулердің көлемі тексеру парақтарымен айқындалады.

      20. Тексеру парақтарын бақылау мен қадағалау органы әзірлейді және Қазақстан Республикасының заңнамасында және пайдалану-техникалық құжаттамада белгіленген тексерілетін субъектілердің қызметіне қойылатын талаптардың түбегейлі тізбесін қамтиды, оларды сақтамау адамдардың өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға және жеке, заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүддесіне елеулі зиян келтіру қатеріне әкеп соқтырады.

      Тексеру парақтарын бақылау мен қадағалау органының басшысы бекітеді.

      Тексеру парақтарында болатын талаптар барынша аз қажеттілік қағидатына сәйкес құрылады.

      21. Қазақстан Республикасының заңнамасында және пайдалану-техникалық құжаттамада көзделмеген немесе тексерілетін субъектілердің қызметінен туындайтын тәуекел дәрежесінің төмендеуіне ықпал етпейтін тексерілетін субъектілер қызметіне қойылатын талаптар тексеру парақтарына енгізілуге жатпайды және тексеру барысында тексеру субъектілеріне қойылмайды.

      22. Тексеру жүргізу мерзімін бақылау мен қадағалау органының басшысы алдағы жұмыс көлемін, сондай-ақ қойылған міндеттерді ескере отырып белгілейді және ол отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      Бұл ретте бақылау мен қадағалау органының басшысы (немесе оны алмастыратын адам) тексерулердің елеулі ауқымына байланысты тексеру жүргізу мерзімін бір рет отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.

      23. Тексеру мерзімдерін ұзартқан жағдайда бақылау мен қадағалау органы міндетті түрде тексеруді ұзарту туралы актіні ресімдейді, онда тексеру нұсқамасының тіркеу нөмірі мен күні және ұзарту себебі көрсетіледі.

      Тексеруді ұзарту туралы акті екі данада ресімделеді және оған тексеруді жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамы және тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы қол қояды.

      Актінің бір данасы бақылау мен қадағалау органында сақталады, екінші данасы тексерілетін субъектінің уәкілетті адамына беріледі.

      24. Тексеру:

      1) жоспарлы тексерулер кезінде бір айдан аспайтын мерзімге - осы тексерілетін субъекті бағынысында болатын мемлекеттік авиация басқару органының жоспарына сәйкес жүргізілетін іс-шараларға тексерілетін субъекті тартылған;

      2) бақылау мен қадағалау органының олардың нәтижелерін алғанға дейін отыз жұмыс күнінен асатын мерзімге - арнайы зерттеулерді, сынақтарды, сараптамаларды жүргізген;

      3) бақылау мен қадағалау органы мәліметтер мен кұжаттарды алғанға дейін отыз жұмыс күнінен асатын мерзімге - шет мемлекеттерден жүргізілетін тексеру шеңберінде елеулі мәні бар мәліметтер мен құжаттарды алу қажет болған жағдайларда тоқтатыла тұрады.

      25. Тексеруді тоқтата тұру немесе жаңғырту туралы тексерілетін субъектіні хабардар ету тексеруді тоқтата тұруға немесе жаңғыртуға дейін бір күн бұрын жүргізіледі.

      26. Тексеруді тоқтата тұру немесе жаңғырту кезінде тексеруді тоқтата тұру немесе жаңғырту туралы акті жасалады, онда тексеру нұсқамасының тіркеу нөмірі мен күні және тоқтата тұру себебі көрсетіледі.

      Тексеруді тоқтата тұру туралы акті екі данада ресімделеді және оған тексеруді жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамы және тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы қол қояды.

      Актінің бір данасы бақылау мен қадағалау органында сақталады, екінші данасы тексерілетін субъектінің уәкілетті адамына беріледі.

      27. Тоқтата тұрылған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу оны жаңғырту күнінен бастап жалғастырылады.

      28. Осы Қағидаларда белгіленген мерзімдерде тексеру тоқтата тұрылған және жаңғыртылмаған тексерілетін субъектіге қайта тексеру жүргізуге жол берілмейді.

      29. Объектіге тексеру жүргізу үшін келген бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамдары мыналарды ұсынады:

      1) тексеруді тағайындау туралы нұсқаманы;

      2) белгіленген үлгідегі қызметтік куәлікті;

      3) жоспарлы тексеру кезінде тексеру парағын;

      4) қажет болған кезде құзыретті органның режимдік объектілерге баруға рұқсатты.

      30. Бақылау мен қадағалау жүргізу кезінде бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамдары:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, тексерілетін субъектілердің құқықтары мен заңды мүддесін сақтайды;

      2) тексеруді осы Қағидалар және Қазақстан Республикасының заңдары негізінде және белгіленген тәртіпке қатаң сәйкестікте жүргізеді;

      3) мемлекеттік авиация саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзылуының алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттігін толық көлемде уақтылы орындайды;

      4) тексеру нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді.

      31. Тексеру жүргізу кезінде бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамдарына:

      1) егер осындай талаптар бақылау мен қадағалау органының құзыретіне жатпайтын болса, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардың орындалуын тексеруге;

      2) егер олар тексеру объектілері болып табылмаса немесе тексеру мәніне жатпайтын болса, құжаттарды, ақпарат пен материалдарды ұсынуды талап етуге;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексеру жүргізу нәтижесінде алынған және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты жариялауға және/немесе таратуға;

      4) осы Қағидалар 12-тармағының 1) - 5) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, оған қатысты бір кезең ішінде бір мәселе бойынша бұрын тексеру жүргізілген тексерілетін субъектіге қасақана қайта тексеру жүргізуге тыйым салынады.

      32. Тексерілетін субъектінің лауазымды адамдары тексеру жүргізу кезінде:

      1) тексеру міндеттері мен мәніне сәйкес бақылау мен қадағалау органы лауазымды адамдарының осы Қағидалардың 29-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде тексерілетін субъектінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін;

      2) бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамдарына мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, тексеру нәтижелері туралы актіге қосу үшін қағаз және электрондық тасымалдағыштардағы құжаттарды (мәліметтерді) немесе олардың көшірмелерін ұсынуды;

      3) тексеру міндеттеріне және мәніне сәйкес автоматтандырылған деректер базасына (ақпараттық жүйелерге) кіруді;

      4) егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзгеше көзделмесе, тексеруді жүзеге асыру кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуді;

      5) осы объекті үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік ықпал ету факторларынан объектіге тексеру жүргізу үшін келген адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

      33. Тексеру жүргізудің басталуы тексерілетін субъектіге тексеру нұсқамасын ұсынған күн болып саналады.

      34. Бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамында тексеруге нұсқама болған кезде тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы тексеру мәніне жататын барлық қажетті объектілерді, материалдар мен мәліметтерді тексеруге ұсынады.

      35. Қажетті объектілерді, материалдар мен мәліметтерді (толық көлемде немесе ішінара) тексеруге ұсыну мүмкін болмаған жағдайда ұсынбау себептерін көрсете отырып акті жасалады.

      Акт екі данада ресімделеді және оған тексеруді жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамы және тексерілетін субъектінің уәкілетті адамы қол қояды.

      Актінің бірінші данасы бақылау мен қадағалау органында сақталады, екінші данасы тексерілетін субъектінің уәкілетті адамына беріледі.

      36. Тексеруді тексеру нұсқамасында көрсетілген лауазымды адамдар жүргізеді.

      Тексеру жүргізетін лауазымды адамдардың құрамына өзгерістер бақылау мен қадағалау органы басшысының шешімімен енгізіледі. Бұл ретте тексеру нұсқамасында бұрын көрсетілмеген адамдардың тексеруге қатысуына дейін бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамы осындай өзгерістерді енгізу себебін көрсете отырып, ол туралы тексерілетін субъектіні хабардар етеді.

      37. Тексеру қорытындылары бойынша бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамдары осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тексеру нәтижелері туралы акті жасайды және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ықпал ету шараларын қабылдайды.

      38. Тексеру нәтижелері туралы акті үш данада жасалады және оған тексеруді жүзеге асыратын бақылау мен қадағалау органының лауазымды адамдары қол қояды.

      Барлық қосымшалары бар тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасы тексеруді жүргізген бақылау мен қадағалау органында сақталады.

      Тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасы анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау және басқа да іс-қимылдар үшін тексерілетін субъектіге немесе оның өкіліне жолданады.

      Тексеру нәтижелері туралы актінің үшінші данасы бағынысында тексерілетін субъекті бар мемлекеттік авиация басқару органының басшысына жолданады.

      39. Тексеру нәтижелері туралы актіге бар болған кезде жекелеген мәселелер бойынша тексеру нәтижелері туралы актілер (анықтама-баяндамалар), жүргізілген зерттеулердің (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және басқа да құжаттар немесе тексеру нәтижелеріне байланысты олардың көшірмелері қоса беріледі.

      40. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және/немесе келіспеушіліктер бар болған жағдайда тексерілетін субъектінің басшысы немесе өкілдері оларды жазбаша түрде жазады.

      41. Ескертулер және/немесе келіспеушіліктер тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы актіде тиісті жазба жасалады.

      42. Тексеру қорытындылары бойынша бақылау мен қадағалау органы тексерілетін субъектіге анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқама береді.

      43. Анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқамада бақылау мен қадағалау органының анықталған кемшіліктерді, бұзушылықтарды және олқылықтарды жою жөніндегі ұсынымдары көрсетіледі.

      44. Тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтар (кемшіліктер, олқылықтар) және нұсқамада көрсетілген ұсынымдар бойынша тексерілетін субъекті он жұмыс күні ішінде бақылау мен қадағалау органына тексеру жүргізген бақылау мен қадағалау органының басшысымен келісілетін мерзімдерді көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданатын шаралар туралы ақпаратты ұсынады.

      45. Тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу болмаған жағдайда тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.

      46. Тексерудің аяқталуы тексерілетін субъектіге тексеру нәтижелері туралы актіні, тексеру нұсқамасында көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірілмей ұсынылған күн болып саналады.

      47. Егер бақылау мен қадағалау органы жүргізген тексеру осы Қағидаларда белгіленген тексерулерді ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптар өрескел бұзыла отырып жүзеге асырылған болса, тексеру жарамсыз болып танылады.

      48. Осы Қағидалардың талаптарын өрескел бұзу мыналар жатады:

      1) тексеру жүргізуге негіздемелердің болмауы;

      2) тексеру нұсқамасының болмауы;

      3) тексеруді жүргізу туралы хабарлама мерзімдерін сақтамау;

      4) осы Қағидалар 31-тармағының талаптарын бұзу;

      5) жоспарлы тексеруді тағайындау кезінде алдында болған тексеруге қатысы бойынша уақыт аралығын бұзу;

      6) бақылау мен қадағалау органының өздерінің құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексерулер тағайындауы.

      49. Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның тексерілетін субъектінің тексерудің жарамсыз болуына байланысты тексеру нәтижелері туралы актіні жою туралы өтінішін қарау өтініш берілген сәттен бастап он жұмыс күн ішінде жүзеге асырылады.

      50. Тексеруді жарамсыз деп тану мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және соттың осы тексеру нәтижелері туралы актіні жоюға негіздеме болып табылады.

2.2. Байқау жүргізу тәртібі

      51. Тексерілетін субъектілердің қызметін байқау (бұдан әрі - байқау) - бұл бақылау мен қадағалау органының тексерілетін субъектілерге бармай, оларды жүргізуді көздейтін бақылау мен қадағалау нысаны.

      Байқау:

      1) авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру нәтижелері бойынша;

      2) мемлекеттік авиацияны пайдалану саласындағы тексерілетін субъектінің қызметіне байланысты және бақылау мен қадағалау органына тексерілетін субъектінің өкілдері ұсынған ақпарат, құжаттар мен материалдар негізінде тұжырымдалған орындалуына жүзеге асырылады.

      Осы тармақта көрсетілген ақпарат, құжаттар мен материалдар тізбесі мен көлемін, сондай-ақ оларды ұсыну кезеңділігін бақылау мен қадағалау органы айқындайды.

      52. Байқау оның жүргізу жиілігіне байланысты жүйелі, эпизодтық және дара болып бөлінеді.

      Жүйелі байқау - байқауға жатқызылатын үдерістер қарқынын анықтау үшін регламенттелген кестені пайдалана отырып байқау.

      Эпизодтық байқау - регламенттелген орындау кестесінсіз байқау. Қайта зерттеу бұл ретте байқаудың нақтыланған рәсімін пайдаланады.

      Дара байқау — қойылған мақсаттарға сәйкес бір рет жүргізілетін байқау.

      53. Байқау жүргізу кезінде тексерілетін субъектіні алдын ала хабардар ету талап етілмейді.

      54. Байқау нәтижелері бойынша тексерілетін субъектілердің қызметіне талдау жүргізіледі және қорытынды құжаттар (анықтама, қорытынды және басқалары) жасалады.

      55. Байқау барысында қандай да бір бұзушылықтар анықталған жағдайда бақылау мен қадағалау органы тексерілетін субъектіге анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқама жібереді.

  Мемлекеттік авиация қызметіне
мемлекеттік бақылау мен қадағалау
жүргізу қағидаларына
1-қосымша

      Формат 297х210

Бақылау мен қадағалау органының бұрыштама мөртаңбасы

НҰСҚАМА

      _____________________________________________________________________

      (қандай бақылау мен қадағалау органы)

      1) __________________________________________________________________

      2) __________________________________________________________________

      (кімге берілді әскери атағы, тегі және аты-жөні)

      3) __________________________________________________________________

      4) __________________________________________________________________

      5) __________________________________________________________________

      20___ж"___"________-20___ж."___"_____________________кезеңіңде_______

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      ________________________________тексеруді жүзеге асыру үшін берілді

      (жоспарлы/жоспардан тыс; кешенді/тақырыптық) _____________________

      Тексеру мақсаты:_____________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _________________________________________________________

      Командир (бастық)_________________________________________________

      (Әскери атағы, қолы, тегі және аты жөні)

      М.О

  Мемлекеттік авиация қызметіне
мемлекеттік бақылау мен қадағалау
жүргізу қағидаларына
2-қосымша

Тексеру нәтижелері туралы акті

      20_____ж."___"______________№_________________нұсқама негізінде

      _____________________________________________________________________

      20_____ж."___"______________№____________________ кезеңінде

      ____________________________________________________________мамандары

      (бақылау мен қадағалау органының атауы)

      1)___________________________________________________________________

      (бақылау мен қадағалау органы өкілінің әскери атағы, тегі

      және аты-жөні)

      2)___________________________________________________________________

      (бақылау мен қадағалау органы өкілінің әскери атағы, тегі

      және аты-жөні)

      _____________________________________________________________________

      (бақылау мен қадағалау органы өкілінің әскери атағы, тегі

      және аты-жөні)

      _____________________________________________________________________

      (тексерілетін субъектінің атауы)

      ____________________________________________________тексеру жургізді.

      (жоспарлы/жоспардан тыс; кешенді/тақырыптық)

      Тексеру мақсаты:_____________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      Жүргізілген тексеру барысында мынадай кемшіліктер анықталды:

      1) __________________________________________________________________

      2) __________________________________________________________________

      3) __________________________________________________________________

      Қорытындылар:

      _____________________________________________________________________

      Қосымшалар:

      1. __________________________________________________________________

      (қосымшаның атауы, парақтар саны, даналар саны, құпиялылық белгісі)

      2. __________________________________________________________________

      (қосымшаның атауы, парақтар саны, даналар саны, құпиялылық белгісі)

      Комиссия төрағасы: ____________________________________________

      (әскери атағы, қолы, тегі және аты-жөні)

      Комиссия мүшелері: ____________________________________________

      (әскери атағы, қолы, тегі және аты-жөні)

      ____________________________________________

      (әскери атағы, қолы, тегі және аты-жөні)

      ____________________________________________

      (әскери атағы, қолы, тегі және аты-жөні)

      Актімен таныстым

      Командир (бастық) _____________________________________________

      (тексерілетін субъекті өкілінің әскери атағы,

      қолы, тегі және аты-жөні)

      М.О.