Әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 27 қазандағы № 651 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 28 қарашада № 7313 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.11.2015 № 1115 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 70-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 27.11.2015 № 1115 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Халықаралық ұшуларды орындау үшін Қазақстан Республикасының әуеайлақтарын ашу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 2002 жылғы 27 желтоқсандағы № 442-1 бұйрығының (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 1 ақпанда № 2146 тіркелген) күші жойылған деп танылсын.

      3. Азаматтық авиация комитеті (Р.Ө.Әдимолда) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі А.Ғ.Бектұровқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Б. Камалиев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрі

      _________С.З.Қайырбекова

      2011 жыл "___"___________

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      _________Қ.Н.Қасымов

      2011 жыл 26 тамыз

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      _________Б.Б.Жәмішев

      2011 жыл "___"___________

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      Шекара қызметінің директоры

      _______________М.К. Мырзалиев

      2011 жылғы 12 қазан



  Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация министрінің
2011 жылғы 27 қазандағы
№ 651 бұйрығымен бекітілген

Әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 31.07.2023 № 555 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу және жабу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 70-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз ету үшін әуежайларды ашу және жабу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:

      1) авиациялық хаб - жолаушыларды, багажды, почтаны және жүктерді межелі орынға жеткізу үшін авиакомпаниялар аралық пункт ретінде пайдаланатын, тоғысатын рейстерді ұйымдастыру үшін қажетті инфрақұрылымы бар авиакөліктік тораптық әуежай;

      2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименталдық авиация қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) аэровокзал - тіркеу, жете тексеру, авиарейстер бойынша жинақтау мен толықтыру кезеңінде жолаушыларға қызмет көрсетуге, кедендік, шекаралық және санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыруға арналған құрылыс кешені;

      4) әуеайлақ минимумы - осы әуеайлақта осы үлгідегі әуе кемесімен ұшу және қону рұқсат етілетін ұшу-қону жолағындағы көрудің ең аз мүмкін мәні және бұлттың төменгі шегінің биіктігі (немесе шешім қабылдау биіктігі);

      5) әуежайдың бақыланатын аймағы – оларға кіру бақыланатын әуежайдың (әуеайлақтың) жұмыс алаңы, оған іргелес жатқан аумақ және жақын орналасқан ғимараттар немесе олардың бір бөлігі;

      6) кедендік бақылау аймағы - Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу пунктері, кеден органының кедендік декларациялау және өзге де кедендік операцияларды жүргізу орындары, сондай-ақ уақытша сақтау орындары мен қоймаларының, кедендік және бос қоймалар, арнайы экономикалық аймақ, бажсыз сауда дүкендерінің аумағы;

      7) мәжбүрлі қону – ұшу жоспарына сәйкес ұшуды орындау мүмкін болмаған себептер бойынша әуеайлаққа немесе әуеайлақтан тыс жерге қону;

      8) санитариялық-карантиндік бақылау - жұқпалы және паразиттік ауруларды, сондай-ақ адам денсаулығы үшін ықтимал қауіпті заттар мен өнімдерді ел аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында жүргізілетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдар мен жүктерді өткізу кезінде жүктің санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйін және адамдардың денсаулық жай-күйін бақылау;

      9) стерильді аймақ - жолаушыларды, багажды, жүктерді, қол жүгін және әуе кемесін тексерудің, жете тексерудің бірінші пункті арасындағы бақыланатын аймақтың бөлігі, оған кіру қатаң бақыланады;

      10) транзиттік жолаушы - халықаралық әуе тасымалы шартына сәйкес аралық әуежайға келіп қонған рейспен одан әрі тасымалданатын жолаушы;

      11) трансфер жолаушы - халықаралық әуе тасымалы шартына сәйкес трансфер пунктіне бір рейспен жеткізіліп, одан әрі сол немесе өзге тасымалдаушының басқа рейсімен тасымалданатын жолаушы;

      12) техникалық-пайдаланымдық тексеру - әуежай объектілерінің, құрылыстарының, жабдықтарының және қызметтерінің нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігін тексеру;

      13) шекаралық бақылау аймағы-кедендік бақылау аймағы мен әуе кемесі арасындағы стерильді аймақтың бөлігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы пайдаланушыларының әуе кемелері оған қол жеткізу Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен келісім бойынша жүргізіледі.

2-тарау. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды ашу тәртібі

      3. Әуежайларда әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз ету үшін ашу кезінде мыналар болады:

      1) бірінші кластан төмен емес әуе кемелерін қабылдауға және оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін жасанды ұшу-қону жолағы, жермен жүру жолдары, перрон, тұрақ орындары мен басқа жабдықтар;

      2) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ұсынылған практикасында және стандарттарында белгіленген үш санаттың (I, II, III) біреуі бойынша әуеайлақтың минимумын қамтамасыз ететін қонудың жарық-техникалық жүйесі;

      3) авиакассалармен, тіркеу орындарымен, тіркеу, күту, ұшу және ұшып келу залдарымен, санитариялық - тұрмыстық үй-жайлар, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен халықтың баяу қимылдайтын топтары үшін арнайы жабдықталған үй-жайлар (өтетін және шығатын жолдар қолжетімді болуы тиіс және пандустармен, арнайы бейімделген лифтілермен жабдықталуға тиіс), ана мен бала бөлмесі, ақпараттық қызмет көрсету объектілері, медициналық пункт, жоғалған заттарды табу бюросы, "Кеден одағының кеден аумағына тауарларды әкелу және осы аумақтан әкету орындарында қос дәлiз жүйесiн жайластыруға қолданылатын талаптар туралы" Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 259 шешiмiмен белгiленген талаптарға сәйкес оқшауланған және қос дәлiз жүйесiмен жабдықталған "ұшу", "қону" залдары, сондай-ақ халықаралық қатынастар (ұшу) үшiн ашық әуежайлардағы "қызыл" және "жасыл" дәлiздер басқа дәлiздер бойынша жүретiн адамдарды бақылауды болдырмайтын тәсiлмен бөлiнген болуы және кеден одағына мүше мемлекеттiң мемлекеттiк тiлiнде, орысша және ағылшын тiлдерiнде "Кеден" және "Сustoms" деген жазулармен белгiленуi, әуежайда орналасқан әуежайдың авиациялық қауiпсiздiк қызметiнiң, кеден, шекара органдарының және санитариялық-карантиндік бақылау органдарының тiркеу, ресiмдеу және жете тексеру жүргiзуi үшiн арнайы бөлiнген залы және бизнес-залымен жарақталған аэровокзалы.

      Авиациялық хабтардың аэровокзалдарының транзиттік жолаушылар мен олардың багажына қызмет көрсету үшін қажетті алаңы, инфрақұрылымы және жабдықтары болуға тиіс;

      4) жолаушылардың кедендік декларациясын ресімдеуге арналған үй-жайы;

      5) әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметімен және кеден органдарымен жолаушыларды, багажды, жүктерді, қол жүгін тексерудің кемінде екі арнайы техникалық құралымен жарақтандырылған кемінде үш тексеру тірегі.

      Бұл ретте арнайы техникалық құралдар Заңның 14-бабының 1-2) тармақшаларына сәйкес азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен нәрселердің, сондай-ақ есірткінің барлық түрлерінің тізбесіне сәйкес әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған барлық заттар мен нәрселерді анықтауға тиіс;

      6) төлқұжаттық бақылау үшін "ұшу", "қону" залдарында кемінде үш кабинадан және арнайы бөлінген, бизнес-залы залдарында бір-бір кабинадан;

      7) телефон байланысы (оның ішінде халықаралық) құралдарымен қамтамасыз етілген шекара, кеден органдарының "ұшу", "қону" залдарындағы жұмыс бөлмелеріне арналған үй-жайлар азаматтардың арыздары мен өтініштерін таза аймақтан тыс қабылдау, тіркеу үшін ішкі істер органдарының үй-жайлары және жұмыс бөлмелері.

      Бұл ретте, жұмыс бөлмелері мен үй-жайлардың саны Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаментімен және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісіледі;

      8) анықтама бюросымен (телефонмен), қалааралық (халықаралық) телефонмен, ұшып келетін және ұшып кететін әуе кемелері туралы ақпараттық тақтамен жабдықталған және тиісті санитариялық-тұрмыстық жағдайлары бар транзит (трансфер) жолаушыларды орналастыруға арналған үй-жай;

      9) өрт және күзет сигналымен жарақталған қойма үй-жайлары, багажға, жүктерге (оның ішінде белгісіз жүктерге, багажға, почтаға, қол жүгіне) арналған сақтау камералары, сондай-ақ кедендік бақылауда тауарларды уақытша сақтау қоймалары;

      10) әуежайда орналасқан әуежай қызметтерінің шекара және кеден органдарының, санитариялық-карантиндік бақылау қызметтерінің, ішкі істер органдарының технологиялық нұсқаулықтары мен өзара іс-қимыл схемалары;

      11) сауда-сервистік және санитариялық-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілген таза аймақта жолаушыларды оқшауланған жинақтағыштар;

      12) жолаушыларды аэровокзалдан әуе кемесіне дейін және кері жеткізуге арналған көлік құралдары;

      13) кедендік бақылау аймағында және шекаралық бақылау аймағында жолаушыларды жеке тексеруді жүргізуге, құжаттарды алдын ала зерделеуге арналған кемінде екі-екіден оқшауланған үй-жайлар (кабиналар);

      14) әуежайда орналасқан кеден, шекара органдары, көліктегі ішкі істер органдары, санитариялық-карантиндік бақылау қызметі ауысымдарының демалуына арналған, тиісті санитариялық-тұрмыстық жағдайлары, байланыс құралдары бар таза аймақтан тыс орналасқан қызметтік үй-жайлар;

      15) тиісті санитариялық-тұрмыстық жағдайлары бар, жер аударылған, ұсталған азаматтарды уақытша орналастыруға арналған оқшауланған үй-жайлар (оқшаулағыш);

      16) арнайы қызметтік жануарларды ұстауға арналған үй-жайлар;

      17) әуежайда орналасқан шекара, кеден органдарының, авиациялық қауіпсіздік қызметтерінің, ішкі істер органдарының (кезекшілер) және санитариялық-карантиндік бақылау қызметінің тексеру пункттері арасындағы селектрлі (дауыс зорайтатын) байланыс;

      18) эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша әуе кемелеріне дезинфекция, дезинсекция жүргізуге арналған алаң;

      19) байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген, санитариялық-карантиндік пункті мамандарының жұмыс кабинетіне арналған таза аймақтан тыс үй-жай.

      4. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз ету үшін әуежайларды ашу мақсатында әуежай иесі (пайдаланушысы) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға алдын ала облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдіктерімен келісілген өтінім береді.

      Ұсынылған өтінімнің негізінде әуежайдың осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігіне зерттеп-қарауды жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілдерін тарта отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен құрылған мемлекеттік қабылдау комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) әуежайға жіберіледі.

      5. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамына төраға, төрағаның орынбасары және комиссия мүшелері кіреді. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын оны ауыстыратын адам орындайды. Қабылдау комиссиясы мүшелерінің жалпы саны кемінде он бір адамды құрауы тиіс.

      Мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның лауазымды тұлғасы болады.

      6. Комиссия әуежайдың (пайдаланушының) өтінімдерін келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды, оның нәтижесі бойынша өтініш берушіге тиісті хабарламаны жібереді.

      7. Комиссия әуежайдың дайындығын белгіленген тәртіпте осы Қағидалардың 3-тармағының талаптарына сәйкестігіне тексереді және нәтижелері бойынша Халықаралық ұшуларды қамтамасыз етуге әуежайдың дайындығы туралы комиссияның актісі жасалады.

      8. Әуежайдың әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге дайындығы туралы комиссияның актісі мемлекеттік қабылдау комиссиясының жұмысы аяқталған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға жіберіледі.

      Оң шешім болған кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен әуежайды әуе кемелерінің халықаралық ұшуларын қамтамасыз етуге жіберу туралы шешім қабылдайды.

      9. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бөлімшелері және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің органдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайды ашу туралы шешім қабылдағаннан кейін жұмысқа кіріседі.

      10. Ішкі рейстерге қызмет көрсететін әуежайлар техникалық, мәжбүрлі түрде қонуды және гуманитарлық рейстерді орындауға, сондай-ақ мемлекеттік міндеттерді орындауға байланысты халықаралық ұшуға қызмет көрсетуге, халықаралық рейстерді қамтамасыз етуге рұқсат етілмеген әуежайлардан (әуежайларға) халықаралық ұшуды орындайтын азаматтық әуе кемелерін қабылдауға, ұшуға шығаруға және оларға қызмет көрсетуге азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның уақытша рұқсаттары арқылы жіберілуі мүмкін.

3-тарау. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды жабу тәртібі

      11. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды жабу мынадай:

      1) әуежай иесінің (пайдаланушының) өтінімі бойынша;

      2) халықаралық ұшуға қызмет көрсететін әуежайдың осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген, Заңның 11-бабына сәйкес жүзеге асырылатын инспекциялық тексеру жүргізу кезінде анықталған талаптарға сәйкес келмеуі жағдайларында жүзеге асырылады.

      12. Әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге арналған әуежайларды жабу рәсімі:

      1) әуежай иесі (пайдаланушы) ұсынған өтінім негізінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен келісім бойынша әуежайға әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге рұқсат ету туралы шешімді жою туралы шешім қабылдау үшін он жұмыс күні ішінде өтінішін қарайды.

      Оң шешім қабылдаған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіпте әуежайға әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз етуге рұқсат ету туралы шешімін жою туралы шешім қабылдайды;

      2) Заңның 11-бабына сәйкес жүзеге асырылатын инспекциялық тексеру барысында халықаралық ұшуға қызмет көрсететін әуежайдың осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтіні айқындалған кезде, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган комиссиясы тиісті акті жасайды, оларды жою жөнінде шаралар қабылдау үшін пайдаланушыға (меншік иесіне) он жұмыс күні ішінде жіберіледі.

      Әуежайды пайдаланушы (меншік иесі) тиісті актіні алған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға айқындалған сәйкессіздіктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын жою мерзімін көрсете отырып жібереді.

      Сәйкессіздіктерді белгіленген мерзімдерде жоймаған жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен келісім бойынша он жұмыс күні ішінде әуе кемелерінің халықаралық ұшуын қамтамасыз ету үшін әуежайды ашу туралы шешімін жою туралы шешім қабылдайды.