Байланыс туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі N 567 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

       Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "телекоммуникацияның жергілікті желісінің", "телекоммуникацияның жергілікті желілері" деген сөздер тиісінше "жергілікті телекоммуникация желісінің", "жергілікті телекоммуникация желілері" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында байланыс саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, мемлекеттік органдардың аталған қызметті реттеу жөніндегі өкілеттіктерін, байланыс қызметтерін көрсететін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Байланыстың мақсаты

      1. Байланыс Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып табылады, ол байланыс қызметіне жеке және заңды тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және қауіпсіздіктің, қорғаныстың, құқық тәртібін қорғаудың, мемлекеттік органдардың қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған.
      2. Байланыс және есептеу техникасы, сондай-ақ ақпараттық жүйелер құралдары ақпаратты жинау, сұрыптау, жинақтау және тарату процесін қамтамасыз етудің техникалық базасын құрайды.
       Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

      2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) абонент - байланыс қызметін көрсету мақсатында абоненттік жол, абоненттік нөмір және (немесе) сәйкестендіру коды бөліне отырып, осындай қызмет көрсету үшін шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;

      2) абоненттер туралы қызметтік ақпарат - абоненттер туралы мәліметтер (жеке тұлғалар үшін телефон нөмірлері, сәйкестендіру кодтары, электрондық почтаның мекенжайы, почталық мекенжай, жеке сәйкестендіру нөмірі және заңды тұлғалар үшін реквизиттері (бизнес-сәйкестендіру нөмірі, қосылған құн салығы бойынша есепке қойылғандығы туралы куәліктің деректері), биллингтік мәліметтер және абоненттерге көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтер, деректерді беру желісіндегі абоненттердің мекенжайы және деректерді беру желісіндегі интернет-ресурстарға кірудің адресі, интернет-ресурсты сәйкестендірушілер, деректерді беру желісінің хаттамалары ;

      2-1) абоненттік жол - жергілікті телекоммуникация желісінің бір бөлігі болып табылатын және абоненттік құрылғыны осы желінің телекоммуникация құралдарымен жалғайтын байланыс жолы;

      2-2) абоненттік құрылғы - абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және байланыс операторының желісіне қосылатын жеке пайдаланылатын байланыс құралы;

      3) арнаулы байланыс - почта байланысы ұйымдары жүзеге асыратын әрi заңмен қорғалатын кез келген құпия және құндылықтар, оның iшiнде қымбат бағалы металдар, тастар және олардан жасалған бұйымдар бар арнаулы және өзге де жөнелтiлiмдердi қабылдауды, сұрыптауды, сақтауды, тасымалдауды және жеткiзудi (тапсыруды) қамтамасыз ететiн курьерлiк байланыс түрi;

      4) арнаулы және фельдъегерлiк байланыс арналары - арнаулы жөнелтiлiмдердi фельдъегерлердiң алып жүруiмен жөнелтуге пайдаланылатын почта желiлерiнiң, арнаулы және фельдъегерлiк байланыс бөлiмшелерiнiң жиынтығы;

      5) арнаулы жөнелтiлiмдер - мемлекеттiк құпиялар және оларды жеткiзгiштер, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың аса маңызды хат-хабарлары, қорғаныс өнеркәсiбiнiң бұйымдары, олардың құраушы бөлшектерi (заттары) мен жүктерi салынған тiркелетiн пакеттер, посылкалар және металл бұйымдар;

      6) әмбебап қызмет көрсету операторы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес телекоммуникацияның әмбебап қызметiн көрсету жөнiндегi мiндет жүктелген, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiнде байланыс қызметiн көрсететiн байланыс операторы;

      7) байланыс - ақпаратты, почта және арнаулы жөнелтiлiмдердi, почталық ақша аударымдарын қабылдау, жинау, өңдеу, жинақтау, беру (тасымалдау), жеткiзу, тарату;

      7-1) байланыс арнасы - жиіліктер белдеуінде телекоммуникация құралдарының арасында немесе осы байланыс арнасына тән беру жылдамдығымен сигнал беруді қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен тарату ортасының кешені. Байланыс түріне қарай арналар телефондық, телеграфтық, деректерді беру арналары болып, ал аумақтық белгілері бойынша - халықаралық, қалааралық, аймақтық және жергілікті арналар болып бөлінеді;

      8) байланыс желiсi - байланыс құралдары мен жолдарынан тұратын және телекоммуникацияға немесе почта байланысына арналған технологиялық жүйе;

      9) байланыс желiсiн басқару - байланыс желiсiнiң қызмет iстеуiн қамтамасыз етуге, оның iшiнде жүктеме ағысын (трафиктi) реттеуге бағытталған ұйымдастыру-техникалық iс-шаралардың жиынтығы;

      10) байланыс жолдары - тарату жолдары (кәбiлдiк, радиорелелiк, жерсерiктiк және басқалары), байланыстың физикалық тiзбектерi және жол-кәбiлдiк құрылғылары, оның iшiнде магистральдық (халықаралық және қалааралық) жолдар;

      11) (алынып тасталды - 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен);

      12) байланыс қызметтерi - почта жөнелтiлiмдерi мен арнаулы жөнелтiлiмдердi, почталық ақша аударымдарын немесе телекоммуникация хабарламаларын қабылдау, сұрыптау, сақтау, беру, тасымалдау, жеткiзу жөнiндегi қызмет;

      13) байланыс қызметтерiн көрсету - байланыс операторларының пайдаланушыларға байланыс қызметтерiн көрсетуге негiзделген қызметi;

      14) байланыс қызметтерiн пайдаланушы - байланыс қызметiн алатын және немесе заңды тұлға;

      15) байланыс операторы - байланыс қызметiн көрсетуге Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;

      16) байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлер - байланыс операторлары, арнаулы, ведомстволық және корпорациялық телекоммуникация желiлерiнiң, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiне қосылатын жеке коммутациялық жабдықтың иелерi, радиожиiлiк спектрiн пайдаланушылар болып табылатын радиоэлектрондық құралдар иелерi;

      17) байланыс саласындағы ұлттық ресурстар - радиожиiлiктердiң, нөмiрлеудiң және байланыс жерсерiктерi орбиталық позицияларының ресурстары;

      18) байланыстың басым операторы - Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасына сәйкес байланыс саласында басым (монополиялық) жағдайға ие болып отырған байланыс операторы;

      18-1) биллинг - абоненттерге көрсетілетін қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ оларды тарифтеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен;

      18-2) жалғау жолы - телекоммуникацияның жалғайтын және жалғанатын желілерінің арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, байланыс жолы мен станциялық жабдықтау бөлігін қамтитын техникалық құралдар кешені;

      18-3) жалғаудың (қосудың) стандартты нүктесі - үлгілік техникалық талаптарды пайдалана отырып және жалғаудың үлгілік шартына сәйкес бір желіні басқа желіге жалғауға арналған телекоммуникация құралдары;

      19) желiаралық қосу - телекоммуникацияның бiр желiсiн екiншiсiне қосу қызметiн көрсетудiң нәтижесi болып табылатын телекоммуникация желiлерiнiң әрекеттестiгi;

      19-1) жергілікті телекоммуникация желісі - елді мекеннің аумағында электр байланысын жүзеге асыруға арналған телекоммуникация желісі мен құралы. Жергілікті телекоммуникация желілері елді мекеннің мәртебесіне қарай қалалық және ауылдық болып бөлінеді;

      20) жергiлiктi телефондық қосылыс құнын уақытпен есепке алу жүйесi (бұдан әрi - жергiлiктi телефондық қосылысты уақытпен есепке алу) - жергілікті телекоммуникация желісінің қызметiн пайдаланғаны үшiн төлем сомасын есептеудi қамтамасыз ететiн жергiлiктi телефондық қосылысты есепке алудың әдiстерi технологиясының жиынтығы;

      21) жиiлiктер белдеуiн, радиожиiлiктi (радиожиiлiк арнасын) иелiкке беру (тағайындау) - радиожиiлiк спектрiн пайдалануға берiлетiн рұқсат, оны тиiстi радиожиiлiк органы радиожиiлiк спектрiн пайдаланушыға осы рұқсатта көрсетiлетiн жиiлiктер белдеуiн, радиожиiлiктi (радиожиiлiк арнасын) радиоэлектрондық құралдарды қолдана отырып пайдалану үшiн бередi;

      22) жоғарғы жиiлiктi құрылғылар - телекоммуникация саласында қолдануды қоспағанда, өнеркәсiптiк, ғылыми, медициналық, тұрмыстық немесе басқа мақсаттарда электромагниттiк энергияны өндiруге және пайдалануға арналған жабдық және (немесе) аспаптар;

      23) кәбiлдiк кәрiз - байланыс кәбiлдерiн төсеуге, құрастыруға және техникалық қызмет көрсетуге арналған жер асты құбырлары мен құдықтардың жиынтығы;

      24) қалааралық байланыс операторы - қалааралық байланыс жолын, қалааралық коммутация станцияларын иеленетiн және (немесе) пайдаланатын әрi қалааралық телефон байланысы қызметiн көрсететiн тiркелген байланыс операторы;

      25) қалааралық және халықаралық байланыс операторы - қалааралық және халықаралық байланыс жолдарын, қалааралық және халықаралық коммутация станцияларын иеленетiн және (немесе) пайдаланатын және трафик транзитi мен басқа байланыс операторларына желiлiк ресурстарды беру бойынша қалааралық және халықаралық байланыс қызметiн көрсететiн тiркелген байланыс операторы;

      26) қалааралық телефон байланыс жолы - Қазақстан Республикасының аумағында байланыс операторының қалааралық коммутация станцияларын қосатын байланыс жолы;

      27) қалааралық телефон байланысы - жергiлiктi телефондық қосылыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы байланыс қызметiн пайдаланушылар арасындағы телефондық қосылыс;

      28) қосу қызметiн көрсету - әрекеттес желiлердiң пайдаланушылары арасында қосуды орнату және ақпарат беру мүмкiн болатын, байланыс операторларының байланыс желiлерiнiң арасындағы әрекеттестiктi ұйымдастыру қажеттiлiгiн қанағаттандыруға бағытталған қызмет;

      28-1) қызметке ақы төлеудің аралас жүйесі - белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлем сомасы:
      тұрақты құрамдас бөліктен - абоненттік жолдың түріне қарамастан, оның абонентке тұрақты пайдалануға берілгені және жергілікті жалғаулардың тарифтеу бірлігінің белгілі бір көлемі үшін төлемақыдан;
      уақытына қарай құрамдас бөліктен - телефондық қосылыс берілгені үшін оның тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты ұзақтығына қарай төлемақыдан тұратын ақы төлеу жүйесі;

      28-2) қызметке уақытына қарай ақы төлеу жүйесі - белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлем сомасы тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты ұзақтығына қарай телефондық қосылыстың берілгені үшін төлемақыны қамтитын қызметке ақы төлеу жүйесі;

      29) магистральдық байланыс жолы - Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердiң телекоммуникация желiлерiнiң аймақтық (қалааралық) және (немесе) халықаралық коммутация станцияларын қосатын жердегi (кәбiлдiк, соның iшiнде талшықты-оптикалық, радиорелелiк) немесе жерсерiктiк байланыс жолы;

      30) нөмiрлеу ресурсы - байланыс желiлерiнде пайдаланылатын нөмiрлер жиынтығы;

      30-1) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі - жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді телекоммуникация желісі;

      31) почта байланысы - почталық және арнаулы жөнелтiлiмдердi түзу, өңдеу, тасымалдау және жеткiзу, сондай-ақ почталық ақша аударымдары;

      32) почта жөнелтiлiмдерi - жазбаша хат-хабарлар, посылкалар, почта контейнерлерi, сондай-ақ тиiстi орамадағы баспасөз басылымдары;

      32-1) радиоәуесқойлық қызмет - тиісті рұқсаты бар жеке тұлғалар жүзеге асыратын өздігінен үйрену, сөйлесу байланысы және техникалық зерттеу мақсатына арналған радиобайланыс қызметі;

      33) радиобақылау - радиосәуле таратуларды техникалық бақылауды орындау арқылы бөгеуiлдерiнiң деңгейi жол берiлетiндей радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың пайдаланылуын, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларға инспекция жасауды, радиобөгеуiл көздерiнiң әсерiн, радиожиiлiктердi пайдалану тәртiбiн, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғылардың сәуле тарату өлшемдерiнiң стандарттары мен нормаларын бұзылушылықтарды анықтауды және олардың жолын кесуді қамтамасыз ететiн шаралар жүйесi;

      34) радиожиiлiк органдары - жиiлiктер белдеулерiн, радиожиiлiктердi (радиожиiлiк арналарын) бөлiп берудi, бөлектеудi және иелiкке берудi, сондай-ақ олардың пайдаланылуына бақылау жасауды осы Заңға сәйкес жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк органдар;

      35) радиожиiлiк спектрi - 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейiнгi ауқымдағы радиожиiлiктердiң белгiлi бiр жиынтығы;

      36) радиожиiлiк спектрiн пайдаланушы - жиiлiктер белдеуi немесе радиожиiлiк (радиожиiлiк арнасы) берiлген (тағайындалған) жеке немесе заңды тұлға;

      37) радиожиiлiк спектрiнiң конверсиясы - радиожиiлiк спектрiн пайдалануды азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдармен кеңейтуге бағытталған iс-шаралар жиынтығы;

      38) радиоэлектрондық құрал - көмекшi жабдықты қоса алғанда, радиотолқындарды таратуға және (немесе) қабылдауға арналған және бiр немесе бiрнеше таратушы және (немесе) қабылдаушы құрылғылардан не олардың құрамаларынан тұратын техникалық құрал;

      38-1) сәйкестендіру коды - әзірлеуші зауыт беретін, байланыс операторының желісіне осы құрылғыны қосу кезінде берілетін абоненттік құрылғының немесе абоненттік станцияның коды;

      38-2) тарифтеу бірлігі - Қазақстан Республикасы телекоммуникациясының бірыңғай желісіне кіретін байланыс операторлары мен барлық санаттағы желі иелері үшін міндетті болып табылатын, байланыс қызметінің тиісті түрі үшін төлемақы алынатын уақытты, ақпарат санын немесе көлемін өлшеу бірлігі;

      39) телекоммуникация желiлерiнiң күзетiлетiн аймағы - байланыс жолының бойында және байланыс объектiлерiнiң айналасына орналасқан, ондағы өсiмдiктерiмен және құрылыстарымен қоса жер учаскесi;

      39-1) телекоммуникация желісі - коммутациялық жабдықтардан (станциялардан, кіші станциялардан, концентраторлардан), жол-кабельдік құрылыстардан (абоненттік, жалғау жолдары мен арналарынан), тарату жүйелері мен абоненттік құрылғылардан тұратын телекоммуникация хабарламаларының берілуін қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен байланыс жолдарының жиынтығы;

      39-2) телекоммуникация желісінің иесі - ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінің бір бөлігі және (немесе) телекоммуникацияның бірыңғай желісінің тиісті санаты тиесілі жеке немесе заңды тұлға;

      39-3) телекоммуникация құралдары (байланыс құралдары) - электромагниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, беруге, қабылдауға, сақтауға, өңдеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдықтар, жүйелер және бағдарламалық құралдар;

      39-4) телекоммуникация хабарламалары - телекоммуникация құралдарының көмегімен берілетін ақпарат;

      40) телекоммуникацияның (байланыс құралдарының) бiр желiсiн екiншiсiне қосу - телекоммуникацияның екi желiсi арасында технологиялық әрекеттесудi ұйымдастыру, бұл кезде осы желiлердiң байланыс қызметтерiн пайдаланушылар арасында қосуды iске асыру және ақпарат беру мүмкiн болады;

      41) телекоммуникацияның әмбебап қызметтерi - уәкiлеттi орган әзiрлейтiн және Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн телекоммуникация қызметтерiнiң ең аз тiзбесi, оны кез келген елдi мекенде байланыс қызметiнiң кез келген пайдаланушысына белгiлi бiр мерзiмде белгiленген сапада және осы қызметтiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн баға деңгейiнде көрсету әмбебап қызмет көрсету операторлары үшiн мiндеттi болып табылады;    

      44) телефондық қосылыстар қызметiне ақы төлеудiң абоненттiк тiркелген жүйесi (бұдан әрi - қызметке ақы төлеудiң абоненттiк жүйесi) - байланысты пайдаланушының белгiлi бiр уақыт кезеңiндегi төлемдер сомасы абоненттiк желiнi оның түрiне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру төлемақысын және жергiлiктi телефондық қосылыстың бiр абонентке шаққандағы орташа ұзақтығына қарай төлемақыны қамтитын, қызметке ақы төлеу жүйесі;

      45) трансляция - телевизия және радио бағдарламаларын тарату үшiн таратушы радиоэлектрондық құралдарды, кәбiлдiк желiлер мен радиожиiлiк спектрiнiң номиналдарын пайдалана отырып, ақпарат тарату процесiн жүзеге асыру;

      46) трафик - байланыс құралдарына жүктеме жасайтын шақырулар, хабарламалар мен сигналдар легi;

      47) трафиктi өткiзу - байланыс қызметтерiн (телекоммуникация желiлерiн) пайдаланушылар арасында қосу және ақпарат беру процесiн жүзеге асыру;

      47-1) тікелей сым-өткізгіш - телекоммуникация құралдарының арасында тікелей байланысты қамтамасыз ететін жергілікті телекоммуникация желісінің бөлігі болып табылатын физикалық жол;

      48) уәкiлеттi орган - байланыс саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын, байланыс саласында қызмет көрсететiн немесе оларды пайдаланатын тұлғалардың қызметiн мемлекеттiк бақылауды, үйлестiру мен реттеудi жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын орталық атқарушы орган;

      48-1) ұялы байланыс - қызмет көрсетілетін аумақты бірқатар ұяшықтарға бөлуді пайдаланатын, абонент ұяшықтан ұяшыққа өткен кезде байланыстың үзіліссіз болу мүмкіндігін қамтамасыз ететін және радиотолқындар арқылы көбінесе сөйлесу түрінде берілетін екіжақты (көпжақты) ақпарат алмасуға арналған электр байланысының түрі;

      48-2) ұялы байланыс операторы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұялы байланыс қызметін көрсететін байланыс операторы;

      49) үкiметтiк байланыс - мемлекеттiк басқару қажеттерi үшiн арнаулы қорғалған байланыс;

      50) фельдъегерлiк байланыс - мемлекеттiк органдардың хат-хабарларын, соның iшiнде мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтердi қабылдауды, сақтауды, тасымалдауды және жеткiзудi қамтамасыз ететiн үкiметтiк курьерлiк байланыстың түрi;

      50-1) физикалық жол - телекоммуникация хабарламаларын беру үшін бағыттайтын ортаны қалыптастыратын металл сым-өткізгіштер немесе оптикалық талшықтар;

      51) халықаралық байланыс жолы - Қазақстан Республикасының шекарасын кесiп өтетiн немесе Қазақстан Республикасының шекарасында басқа елдiң байланыс операторының байланыс жолымен түйiсетiн нүктесi бар және Қазақстан Республикасы байланыс операторының халықаралық коммутация станциясын басқа мемлекеттердiң байланыс операторларының халықаралық коммутация станцияларымен қосатын байланыс жолы;

      52) халықаралық байланыс операторы - халықаралық байланыс жолын, халықаралық коммутация станциясын иеленетiн және (немесе) пайдаланатын әрi халықаралық телефон байланысы қызметiн көрсететiн тiркелген байланыс операторы;

      53) халықаралық телефон байланысы - Қазақстан Республикасының аумағындағы байланыс қызметiн пайдаланушылар мен басқа мемлекеттiң аумағындағы байланыс қызметiн пайдаланушылар арасындағы телефондық қосылыс;

      54) шеткi жабдық - байланыс жолдары бойынша телекоммуникация сигналдарын таратуға немесе қабылдауға арналған, абонент жолдарына қосылған және абоненттердiң пайдалануындағы не көрсетiлген мақсаттарға арналған техникалық құралдар;

      55) электр байланысы (телекоммуникация) - белгiлердi, сигналдарды, дауыстық ақпаратты, жазбаша мәтiндi, бейнелердi, дыбыстарды сым-өткiзгiш, радио, оптикалық және басқа электромагниттiк жүйелер бойынша тарату немесе қабылдау.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.06 N 209 , өзгерту енгізілді - 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз), 2009.07.10. N 178-IV   Заңдарымен.

      3-бап. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы
             заңдары

      1. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-тарау. Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу
мен бақылау

      4-бап. Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік
              реттеу мен бақылау

      1. Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылау қызметтің жекелеген түрлерін құқықтық қамтамасыз ету, лицензиялау, Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.

      2. Байланыс саласындағы мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі және уәкілетті орган жүзеге асырады.

      3. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

      5-бап. Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік
              реттеудің негізгі принциптері

      Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу принциптері мыналар болып табылады:

      1) байланыс қызметтерін пайдаланушылардың, байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

      2) телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсету үшін жағдайлар жасау;

      3) телекоммуникация желілері мен құралдары арқылы хабарламалар тарату еркіндігі, почта жөнелтілімдерін қабылдау, жеткізу және оларды транзитпен жіберу еркіндігі;

      4) жеке және заңды тұлғалардың байланыс саласындағы қызметке қатысу және оның нәтижелерін пайдалану құқықтарының теңдігі;

      5) адал бәсеке;

      6) Қазақстан Республикасы аумағындағы бірыңғай стандарттар негізінде желілік технологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, байланыстың қауiпсiздiгiн, сенімділігі мен басқарылуын қамтамасыз ету;

      7) байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастықты, әлемдік байланыс жүйесіне ықпалдасуды кеңейтуге қолдау көрсету;

      8) байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды орталықтандырылған  басқаруды қамтамасыз ету.
      Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.

      6-бап. Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу
             мен бақылаудың негізгі міндеттері

      Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылаудың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      1) байланыс қызметтері нарығының тиімді жұмыс істеуі үшін байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

      2) байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыру;

      3) ұсыныстар әзірлеу және Қазақстан Республикасының байланысын дамыту мен жетілдірудің негізгі бағыттары мен басымдықтарын іске асыру;

      4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық мүдделерін қорғау.

      7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі байланыс саласындағы құзыретіне:

      1) басым дамудың негізгі бағыттарын айқындау, байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру, дамудың салалық бағдарламаларын бекіту;

      2) байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуды қамтамасыз ету, уәкілетті органға осы мәселелер бойынша өкілеттіктер беру;

      3) радиожиілік спектрін бөліп беру, сондай-ақ радиожиіліктерді және байланыс жерсеріктерінің орбиталық позицияларын тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру;

      4) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, біртұтас телекоммуникация желілерінің ресурстарын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттері үшін әзірлеу мен пайдалану тәртібін бекіту ;

      5) қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы операторларын айқындау жөніндегі біліктілік талаптары мен өлшемдерін бекіту ;

      6) байланыс қызметін көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін конкурстар өткізу тәртібін бекіту ;

      7) Қазақстан Республикасының Радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы туралы ережені және оның құрамын бекіту;

      8) Қазақстан Республикасы радио қызметтері арасында барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдарға арналған 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейінгі жиіліктер ауқымында жиіліктер белдеуін бөлу кестесін бекіту;

      9) байланыс саласындағы қызметті лицензиялаған кезде лицензия беру шарттарын айқындау және біліктілік талаптарын бекіту ;

      10) радиожиілік спектрін пайдалана отырып байланыс саласындағы қызметтер көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін біржолғы төлемақы тәртібі мен мөлшерін айқындау ;

      11) Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік қызметі туралы ережені, сондай-ақ нысанды киім үлгілерін бекіту;

      12) почтамен жіберуге тыйым салынған заттардың тізбесін айқындау;

      13) Қазақстан Республикасындағы телекоммуникация желілерін күзету ережелерін бекіту;

      14) телекоммуникацияның әмбебап қызметтерінің тізбесін және телекоммуникацияның әмбебап қызметтерінің құнын субсидиялау ережелерін бекіту;

      14-1) байланыс саласындағы техникалық регламенттердi бекiту;

      14-2) радиожиілік спектрінің конверсиясын жүргізудің ережелері мен радиожиілік спектрінің конверсиясын жүргізуге жұмсалатын шығындардың техникалық-экономикалық негіздемесінің әдістемесін бекіту;

      15) өзіне Қазақстан Республикасы Конституциясымен , заңдарымен және Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.06 N 209 , 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

      8-бап. Уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің
              құзыреті

      1. Уәкілетті органның құзыретіне:

      1) байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды бөліп беруді және пайдалануды, сондай-ақ өз құзыреті шегінде байланыс саласындағы техникалық реттеу және метрология қызметтеріне қатысуды қоса алғанда байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және оның іске асырылуын қамтамасыз ету;

      2) өз құзыреті шегінде байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыру;

      3) Қазақстан Республикасының байланысын дамыту мен жетілдірудің негізгі бағыттары және басымдықтары жөнінде ұсыныстар әзірлеуді ұйымдастыру және оны іске асыру, оның сапасын, қолжетімділігін және орнықты жұмыс істеуін арттыру;

      4) байланыс саласындағы қызметті салааралық үйлестіру;

      5) радиожиілік спектрін жоспарлау және тиімді пайдалану;

      6) байланыс қызметтері нарығының жұмыс істеуі үшін өз құзыреті шегінде жағдайлар жасау;

      7) байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды басқару;

      8) өз құзыретi шегiнде байланыс саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi, оның iшiнде радиоэлектрондық құралдарды, жоғары жиiлiктi құрылғыларды тiркеу және пайдалану, сондай-ақ оларды шет елдерден әкелу тәртiбiн, радиоәуесқойлық қызметтің радиоэлектрондық құралдары мен жоғары жиілікті құрылғыларын тіркеу және пайдалану тәртібін , байланыс қызметтерiн көрсету ережесiн және Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникациялар желiсiн, Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiн құру тұжырымдамаларын әзiрлеу және қабылдау;

      8-1) радиобақылауды жүзеге асыру және байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың радиожиілік спектрiн пайдалануына және байланыс қызметтерiн көрсететiн лицензиаттардың лицензия талаптарын сақтауына тексеру жүргiзу;

      8-2) радиобақылауды, байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың радиожиiлiк спектрiн пайдалануын және байланыс қызметтерiн көрсететiн лицензиаттардың лицензия талаптарын сақтауын тексерудi жүргiзуге қатысты құжаттардың (хаттаманың, нұсқаманың, тексеру тағайындау туралы актiлердiң) нысандарын әзiрлеу және бекiту;

      8-3) "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлеу және бекіту;

      9) байланыс саласындағы қызметті лицензиялау, соның ішінде телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсету құқығына лицензия беру;

      10) почта ақысы мемлекеттік белгілерінің түрлерін және шығарылу көлемін бекіту;

      11) арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілерінің объектілерін қоспағанда, байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын және радиожиілік спектрін пайдаланатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің байланыс объектілеріне белгіленген тәртіппен тексеру жүргізу үшін тиісті үлгіде ресімделген техникалық тапсырманы және қызметтік куәлікті көрсету бойынша кіру;

      12) пайдалануға және шет елден әкелуге рұқсат етілген радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың тізбесін айқындау және тізбеде көрсетілмеген радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды әкелуге және пайдалануға рұқсат беру құқығын өзінің аумақтық бөлімшелеріне беру;

      13) пайдалану құқығына рұқсаты болмаған, техникалық сипаттамалары белгіленген нормаларға сәйкес келмеген жағдайда радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды өшіру;

      14) байланыс саласындағы мемлекеттік техникалық қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру;

      15) адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне қауіп төндіретін байланыс желісі технологиялық жабдығын пайдалану, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзу анықталған кезде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекелеген байланыс құралдарының немесе желілерінің жұмысындағы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар жіберу;

      16) байланыс саласындағы қатынастарды реттеу мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

      17) байланыс саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесе отырып, байланыс операторларының байланыс саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;

      18) байланыс саласындағы ұлттық ресурстардың және лицензиаттардың тізімдерін жүргізу;

      19) телекоммуникация желілерін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісіне қосу және Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі бойынша трафикті өткізуді реттеу ережелерін бекіту;

      19-1) байланыс саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлеу;

      19-2) телекоммуникациялар және почта байланысының жалпыға қолжетімді қызметі саласындағы табиғи монополиялар аясында және реттелетін нарықтарда реттеу мен бақылауды жүзеге асыру;

      19-3) телекоммуникациялар және почта байланысы қызметтерін көрсету нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) бағаларды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру;

      19-4) телекоммуникациялар және почта байланысы саласындағы нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) және инфрақұрылымына кемсітусіз қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында тауар нарықтарына талдау жүргізу функциялары;

      20) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функциялар жатады.

      2. Аумақтық бөлімшелердің құзыретіне:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдары талаптарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      2) байланыс саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне және радиожиілік спектрінің пайдаланылуына мемлекеттік техникалық қадағалау мен бақылау жүргізуді қамтамасыз ету;

      3) адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне қауіп төндіретін байланыс желілері технологиялық жабдығын пайдалану, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзу анықталған кезде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекелеген байланыс құралдарының немесе желілерінің жұмысындағы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар жіберу;

      4) байланыс құралдарын пайдалануға қабылдап алу жөніндегі іс-шараларға қатысу;

      5) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды тіркеу; V085127

      6) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды олар пайдалануға және шет елден әкелуге рұқсат етілгендер тізбесінде болмаған немесе техникалық сипаттамалары белгіленген нормаларға сәйкес келмеген жағдайда өшіру;

      7) электрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың орындалуын бақылау;

      8) үкіметтік байланыс желілерін қоспағанда, байланыс ғимараттарының, телекоммуникация жолдарының және басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілері құрылысының жоспарларын келісуге қатысу;

      9) байланыстың барлық түрлерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, соның ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте заңсыз жұмыс істеп тұрған радиоэлектрондық құралдарды анықтау және пайдаланудың жолын кесу мәселелерін шешу кезінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-әрекетті қамтамасыз ету;

      9-1) радиобақылауды жүзеге асыру және байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың радиожиiлiк спектрiн пайдалануына және байланыс қызметтерiн көрсететiн лицензиаттардың лицензия талаптарын сақтауына тексеру жүргiзу;

      9-2) лицензиаттардың Қазақстан Республикасының аумағында лицензия талаптарын сақтауын бақылау;

      9-3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес телекоммуникациялар желiлерi мен құрылғылары құрылыстарының және почта байланысының техникалық нормалар мен оларды техникалық пайдалануды ұйымдастыру жөнiндегi талаптарға сәйкестiгiн тексеру;

      9-4) Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiктi құрылғыларды анықтау және олардың жолын кесу;

      9-5) почта желiсi объектiлерiн пайдалануды ұйымдастыру және байланыс қызметiн пайдаланушыларға қызмет көрсету жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын сақтауды қамтамасыз ету;

      10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мәселелер жатады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.12.06 N 209 , 2007.07.27 N 316 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз), 2008.12.29 N 116-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      9-бап. Қазақстан Республикасының радиожиілік органдары

      1. Қазақстан Республикасында жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөліп беруді, бөлектеуді және иелікке беруді жүзеге асыратын радиожиілік органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасының уәкілетті органы;
      Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы.

      2. Уәкілетті органның радиожиілік спектрін реттеу кезіндегі негізгі функциялары мыналар болып табылады:

      1) радиожиілік спектрін бөліп беру және пайдалану мәселелері, радиоэлектрондық құралдар мен жоғарғы жиiлiктi құрылғыларды пайдалану жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi өз құзыреті шегінде әзірлеу және қабылдау;

      2) бөлектелетін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) техникалық сараптау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      3) Қазақстан Республикасының аумағында радиожиілік спектрін пайдалануға, сатып алуға (сатуға), іске қосуға және азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды шетелден әкелуге рұқсат беру және оның тәртібін айқындау;

      4) азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды тіркеу;

      5) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар белгіленген стандарттар мен техникалық нормаларға сәйкес келмеген, азаматтардың қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға қауіп төндірген жағдайда, сондай-ақ аса маңызды жұмыстар мен іс-шараларды орындаған кезде оларды пайдалануды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтата тұру;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпке сәйкес радиожиілік спектрінің пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру;

      7) радиоэлектрондық құралдарға, оның ішінде халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің халықаралық шарттарға сәйкес жұмыс істейтін радиоэлектрондық құралдарына радиобөгеуілдерді жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      8) жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) иелікке беруді жүзеге асыру және Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес радиожиіліктерді халықаралық үйлестіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру.

      3. Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы Жиілік белдеулерін бөлудің ұлттық кестесіне сәйкес азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін бірлесіп пайдалану ауқымдарында радиожиілік спектрін бөлектеу және пайдалану жөнінде қажетті келісулерді жүргізеді, сондай-ақ мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігі қажеттерін қамтамасыз ету мақсатында радиожиілік спектрінің және тиісті радиоэлектрондық құралдардың пайдаланылуын реттеуді жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.

      10-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдігі:
      1) қызметін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте жүзеге асыратын уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен және Қазақстан Республикасы әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер уәкілетті мемлекеттік органдарының аумақтық бөлімшелерімен бірге, үкіметтік байланыс бөлімшелерінің желілерін қоспағанда, байланыс ғимараттарының, телекоммуникация жолдары мен басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілері құрылысының жоспарларын айқындайды және әзірлейді;

      2) байланыс операторларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тиісті шығыстарды өтей отырып, абоненттерге тегін қосуды ұсыну үшін байланыс операторларымен бірлесіп, әлеуметтік мәні бар объектілердің тізбесін айқындайды;

      3) почта операторларының өндірістік объектілері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын емес үй-жайлар бөледі, сондай-ақ почта операторларының олардың аумағына өндірістік объектілерді орналастыруына жәрдемдеседі.

      2. Облыстағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігіне облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) даму жоспарына енгізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте байланыс қызметтерін көрсетуді ұйымдастыру жөнінде ұсыныс енгізеді.

      11-бап. Радиожиілік спектрін және байланыс
               жерсеріктерінің орбиталық позицияларын
               пайдалануды реттеу

      1. Радиожиілік спектрін және байланыс жерсеріктерінің орбиталық позицияларын пайдалануды реттеу мемлекеттің ерекше құзыретінде болады.
      Радиожиілік спектрін пайдалануды реттеу дегеніміз радиожиілік спектрін тиімді пайдалануға және радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешенін білдіреді.
      Радиожиілік спектрі байланыс саласындағы ұлттық ресурс болып табылады.

      2. Радиожиілік спектрін бөліп беру, сондай-ақ радиожиілік спектрі мен байланыс жерсеріктерінің орбиталық позицияларын мемлекет мүддесі үшін тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуді Қазақстан Республикасының Радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы байланыс операторлары қауымдастықтары (одақтары) мен байланыс қызметтерін және радиожиілік спектрін пайдаланушылар қоғамдық бірлестіктерінің қатысуымен жүзеге асырады.

      3. Шектеулі ұлттық ресурс болып табылатын радиожиілік спектрін пайдалану ақылы негізде жүзеге асырылады. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақының жылдық ставкалары , оны есептеу мен мемлекеттік бюджетке төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес айқындалады.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында радиожиіліктерді бөліп беру және тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

      1) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды  пайдалану және шет елдерден әкелу тәртібін;

      2) байланыс құралдарын, соның ішінде телерадиохабарын тарату мақсатында пайдаланылатын құралдарды және электромагниттік сәулелену көзі болып табылатын өзге де техникалық құралдарды міндетті түрде тіркеу тәртібін;

      3) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік үйлесімділігін есептеу тәртібін;

      4) Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес радиожиіліктерді халықаралық үйлестіру тәртібін әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді.

      5. Байланыс құралдары, соның ішінде телерадиохабарын тарату үшін пайдаланылатын құралдар және электромагниттік сәулелену көзі болып табылатын өзге де техникалық құралдар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік тіркелуге тиіс.
      Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексіне айқындалған тәртіппен алым алынады.

      6. Радиоэлектрондық құралдар және жоғары жиiлiктi құрылғылар келтiретiн индустриялық бөгеуiлдер деңгейi техникалық регламенттер мен радиоэлектрондық құралдардың және жоғары жиiлiктi құрылғылардың осы түрлерiне арналған стандарттау жөнiндегі нормативтiк құжаттарда белгiленген нормалардан аспауға тиiс.
      Радиоэлектрондық құралдардың және жоғары жиiлiктi құрылғылардың индустриялық радиобөгеуiлдерден сыртқы қорғалуы техникалық регламенттер мен радиоэлектрондық құралдардың және жоғары жиiлiктi құрылғылардың осы түрлерiне арналған нормативтiк құжаттарда белгiленген нормалардан төмен болмауға тиiс.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.06 N 209 , 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

      12-бап. Радиожиілік спектрін бөліп беру, жиіліктер
               белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік
               арналарын) бөлектеу және иелікке беру
               (тағайындау) жөніндегі жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасында радиожиіліктер спектрін пайдалану:

      1) пайдаланушылардың радиожиілік спектріне қол жеткізуінің рұқсаттық тәртібі;

      2) мемлекеттік басымдықтар ескеріле отырып, барлық пайдаланушылардың радиожиілік спектріне тең қол жеткізу құқығы;

      3) радиожиілік спектрін пайдаланудың ақылы болуы;

      4) жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) мерзім белгілемей бөлектеуге, иелікке беруге (тағайындауға) жол бермеу;

      5) осы іс-шараларға жұмсалатын шығыстардың орны толтырыла отырып, радиожиілік спектрін пайдалануды конверсиялау;

      6) радиожиілік спектрін бөліп беру және пайдалану рәсімдерінің айқындығы және ашықтығы принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Радиожиілік спектрін бөліп беру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейінгі жиіліктер ауқымында Қазақстан Республикасының радио қызметтері арасында Жиіліктер белдеулерін бөлудің ұлттық кестесіне және Халықаралық электр байланыс одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес Қазақстан Республикасының Радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының ұсынымдары негізінде уәкілетті орган бекітетін радиожиілік спектрін перспективалық пайдаланудың жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөліп беру, бөлектеу және иелікке беру тәртібін радиожиілік органдары айқындайды.
      Телевизия және радио хабарларын тарату мақсаттары үшін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөліп беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес конкурстық негізде өткізіледі.

      4. Жиіліктерді иелікке беру Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды, қорғанысты, қауіпсіздікті және құқық тәртібін қорғауды қамтамасыз ету мүддесіне орай, байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің басқа жиіліктерге көшуіне байланысты залалдарын бір мезгілде өтей отырып өзгертілуі мүмкін.

      5. Радиожиілік спектрін пайдалану құқығы уәкілетті орган азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін және Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау қажеттерін қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар үшін беретін рұқсат құжаттарымен куәландырылады.

      6. Лицензия иелеріне және радиожиілік спектрін өндіріс ішіндегі қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануды көздейтін тұлғаларға радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсат уәкілетті органға белгіленген үлгідегі өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай мерзімнен кешіктірмей беріледі.

      7. Өтінім берушіге азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беруден мынадай негіздер бойынша:

      1) мәлімделген жиіліктер белдеуі, радиожиіліктер (радиожиілік арнасы) Жиіліктер белдеулерін бөлудің ұлттық кестесіне сәйкес келмесе;

      2) мәлімделген радиоэлектрондық құралдардың сәулелену және қабылдау параметрлері радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз ету саласындағы талаптарға, нормаларға сәйкес келмесе;

      3) қолданыстағы және пайдалану үшін жоспарланып отырған радиоэлектрондық құралдармен электромагниттік үйлесімділік сараптамасының оң қорытындысы болмаса;

      4) пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен бұрын иелікке берілген, мәлімделген жиілік белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арнасы) азаматтық пайдаланушылардың қарамағында болса;

      5) радиожиілік пайдаланылатын, байланыс саласындағы кәсіпкерлік қызмет түріне лицензиар Қазақстан Республикасының заңдарына белгіленген тәртіппен беретін тиісті лицензия болмаса;

      6) жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арнасы) Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органымен келісу жүргізудің оң нәтижелері болмаса;

      7) егер Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланысы регламентінде және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында радиожиілікті (радиожиілік арнасын) халықаралық үйлестіру рәсімін жүргізу көзделіп, осындай рәсім жүргізудің оң нәтижесі болмаса, бас тартылады.

      8. Мемлекеттің қорғанысы және қауіпсіздігі қажеттерін қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар үшін радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беруден бас тарту Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      8-1. Радиожиілік спектрі бір жыл бойы пайдаланылмаған жағдайда, радиожиілік спектрін пайдалануға берілген рұқсат уәкілетті орган белгілеген тәртіппен алып қойылады.

      9. Жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) радиожиілік органдарымен келісу жүргізілген жағдайда, келісу жүргізу мерзімі сауал алынған кезден бастап отыз күннен аспауға тиіс, бұл ретте өтінімді қарау мерзімі қажетті келісулерді жүргізу уақытына ұзартылуы мүмкін, бірақ бұл отыз күннен аспауы керек. Іргелес мемлекеттермен (Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аймақтарында) Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланысы регламентіне сәйкес радиожиіліктерді халықаралық үйлестіру жүргізілген кезде өтінішті қарау мерзімі ұзартылуы мүмкін, бірақ бұл төрт айдан аспауы керек, ол туралы өтініш беруші алдын ала жазбаша түрде хабардар етілуге тиіс.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.06 N 209 , 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

      13-бап. Нөмірлеу ресурсын бөліп беру мен оларды
               пайдалануды реттеу және нөмірлерді бөлектеу

      1. Қазақстан Республикасының телефон қызметтерін көрсетуге арналған ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісіндегі нөмірлеу ресурсын бөліп беру мен нөмірлеуді бөлектеу, сондай-ақ оларды алып қою тәртібін және телефон байланысы нөмірлерін пайдаланудың ерекшеліктерін уәкілетті орган айқындайды.

      2. Уәкілетті орган нөмірлерді пайдалану құқықтарын алу тәртібін белгілейтін ережені әзірлейді және бекітеді, оның ішінде нөмірлерді иелікке берудің негіздерін айқындайды, нөмірлеудің бөліп берілген және резервтік ресурстарының тізілімін жүргізеді.

      3. Байланыс желілерінің операторлары өздерінің жергілікті телекоммуникация желілерінде пайдаланушыларға иелікке берген нөмірлерді олар орналасқан жерін емес, байланыс операторын ауыстырған кезде сақтап қалу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Уәкілетті орган техникалық себептерді көрсете отырып, осы талаптың орындалуын белгілі бір мерзімге тоқтата тұруға құқылы.

      4. Уәкілетті орган байланыс операторына бөлінген нөмірлеу ресурсын алып қоюды:

      1) нөмірлеу ресурсын алушының өтініші;

      2) байланыс операторы лицензиясының қолданылуын тоқтату;

      3) байланыс операторының нөмірлеу ресурсын пайдалануды реттейтін нормативтік құжаттарды бұзуы;

      4) байланыс операторының жергілікті телекоммуникация желісінің нөмірлеу ресурсы бөлектелген кезден бастап екі жыл ішінде бөлектелген нөмірлеу ресурсының елу проценттен астамын пайдаланбауы негізінде жүзеге асырады.
       Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

      14-бап. Төтенше жағдайлар кезінде байланыс желілерін
               басқару

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде байланыс желілерін басқаруды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша мемлекеттік органдардың байланысын басқару орталықтарымен және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, сондай-ақ қарауында телекоммуникация желілері бар уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет жасай отырып жүзеге асырады.

      2. Мемлекеттік органдардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған кезде, үкіметтік байланысты қоспағанда, байланыс желілері мен құралдарын басымдықпен пайдалануға, сондай-ақ олардың қызметін тоқтата тұруға құқығы бар.
      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде байланыс операторларының байланыс желілері мен құралдары пайдаланылған кезде олардың шеккен шығындарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      3. Байланыс желілері мен құралдарының иелері адамдар өмірінің теңіздегі, жердегі, ауадағы, ғарыш кеңістігіндегі қауіпсіздігіне, Қазақстан Республикасында қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау саласында шұғыл іс-шаралар жүргізуге қатысты барлық хабарламаларға, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы хабарламаларға абсолюттік басымдық беруге тиіс.

      15-бап. Байланыс операторларының жедел-іздестіру
               қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара
               іс-қимылы

       РҚАО-ның ескертуі!
      1-тармаққа өзгерту қарастырылған - ҚР-ның 2009.07.10. N 178-IV   (2010.01.01. бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      1. Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыратын байланыс операторлары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, байланыс желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға барлық байланыс желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерін, абоненттер туралы қызметтік ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ аталған іс-шараларды жүргізу нысандары мен әдістерінің жария болуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
      Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсаттары үшін байланыс желілері мен құралдарына қойылатын талаптарды арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыратын ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісе отырып уәкілетті орган айқындайды .
      Байланыс операторлары байланыс желілерінде қажетті техникалық құралдарды орнатуға, сондай-ақ өз жабдықтарының белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге міндетті.

       2. Ұялы байланыс операторлары өз желілерінде жұмыс істейтін абоненттік құрылғылардың сәйкестендіру кодтарының тізілімін жүргізуге міндетті.
      Желіде сәйкестендіру кодтары бірдей бірнеше абоненттік құрылғы байқалған жағдайда, ұялы байланыс операторы бұл туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын тиісті органдарды хабардар етуге міндетті.

      3. Байланыс құралдары жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда пайдаланылған жағдайда, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кез келген байланыс желілері мен құралдарының қызметін тоқтата тұруға құқылы.

      4. Байланыс операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы осы Заңға және Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамасына сәйкес реттеледі.

       5. Ұялы байланыс операторлары абоненттік құрылғы иесінің өтініші бойынша өз желісіндегі абоненттік құрылғының жұмысын сәйкестендіру коды бойынша тоқтата тұруға не оны қайта бастауға міндетті.
       Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

      16-бап. Техникалық байланыс құралдарының сәйкестiгiн
              растау

      Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісінде пайдаланылатын техникалық байланыс құралдары электромагниттік сәулелену көздері болып табылатын радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар, почта байланысының техникалық құралдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сәйкестiгi расталуға тиіс.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.

      17-бап. Байланыс саласындағы қызметті лицензиялау

      1. Жеке және заңды тұлғалардың байланыс қызметтерін жасауға және көрсетуге байланысты қызметі лицензия негізінде жүзеге асырылады.

      2. Байланыс саласындағы қызметті лицензиялауды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      3. Лицензиар мынадай негіздер бойынша:

      1) қызмет түрін техникалық іске асыру радиожиіліктердің болмауына, радиоэлектрондық құралдардың қуаты бойынша шектеулерге және нөмірлеу ресурсының жеткіліксіздігіне байланысты мүмкін болмаса;

      2) жүзеге асыру үшін конкурстық негізде ғана лицензия берілетін қызмет түрлеріне өтініш берілсе, лицензия беруден бас тартуға құқылы. Өтініш беруші конкурсқа қатысқан жағдайда, лицензия беруден бас тарту конкурс нәтижелері бойынша жүргізілуі мүмкін;

      3) лицензия беру немесе лицензияланатын қызметті жүзеге асыру нәтижесінде ұлттық қауіпсіздікке және (немесе) қоғамдық тәртіпке қауіп төнсе;

      4) байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде халықтың денсаулығына электромагниттік сәулеленудің зиянды әсер етуі мүмкін болса, лицензия беруден бас тартуға құқылы.

      4. Лицензиар:

      1) радиожиілік спектрі тиісті рұқсаттар ресімделмей пайдаланылған;

      2) лицензиат өзіне бекітіліп берілген жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) басқа пайдаланушыларға уақытша немесе тұрақты пайдалануға берген;

      3) радиоэлектрондық жабдықтарды пайдалану ережелерін лицензиаттың бұзуы электромагниттік жүйелердің жұмыс істеуінің белгіленген нормаларын бұзатын бөгеуілдер туғызуға әкеп соққан;

      4) лицензияны қолдану шарттары бұзылуы салдарынан мемлекетке немесе басқа тұлғаларға залал келуі мүмкін не осындай залалдың келу қаупі нақты төнетін;

      5) лицензиар өз құзыреті шегінде сауал салған және лицензиаттың қызметін бағалауға қажетті мәліметтерді оған беруден бас тартылған;

      6) егер лицензияның қолданылу шартында өзгеше белгіленбесе, лицензиат лицензия берілген кезден бастап бір жыл бойы байланыс қызметтерін көрсетпеген жағдайларда лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға құқылы.

      5. Лицензиядан айыру сот тәртібімен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-бап. Байланыс саласындағы қызметті конкурстық негiзде
               лицензиялау

      1. Радиожиiлiк белдеулерiн және нөмiрлеу ресурсын пайдалана отырып байланыс қызметтерiн көрсету бойынша кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыруға лицензиялар мынадай жағдайда, егер:

      1) сапасы тиiстi деңгейдегi байланыс қызметiн көрсету үшiн қолжетiмдi радиожиiлiк спектрi көлемiнiң жеткілiксiз болуы себептi байланыс қызметi Қазақстан Республикасының Радиожиiлiктер жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясы белгiлi бiр аумақта жұмыс iстейтiн байланыс операторларының ықтимал саны бойынша шектеу ұсынған ауқымдағы радиожиiлiктi пайдалана отырып көрсетiлетiн болса;

      2) белгiлi бiр географиялық аумақта ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiнiң желiлiк қол жеткiзу ресурстары шектеулi болып, соған байланысты уәкiлеттi орган осы аумақта жұмыс iстейтiн байланыс операторларының ықтимал саны бойынша шектеулер белгiлейтiн болса, конкурстық негiзде берiледi.

      2. Конкурс (немесе аукцион) өткiзу туралы шешiмдi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Радиожиiлiктер жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясының ұсынымдарын ескере отырып, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қабылдайды.
      Конкурс (немесе аукцион) осындай шешiм қабылданғаннан кейiн алты айдан кешiктiрiлмейтiн мерзімде өткiзiледi.

      3. Радиожиiлiктердi пайдалана отырып, байланыс саласында қызмет көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығын конкурстың қорытындысы бойынша алған кезде жеңiмпаз мемлекеттік бюджетке Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде бiржолғы төлемақы енгiзедi.

      4. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға, конкурс (немесе аукцион) өткiзу ережелерiне сай келетiн жеке және заңды тұлғалар конкурстарға (немесе аукциондарға) қатысуға жiберiледi.

      19-бап. Телевизия және (немесе) радио хабарларын
               таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметтi
               лицензиялау

      1. Жеке және заңды тұлғаларға телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметке лицензияны бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлетті орган бередi .

      2. Телевизия және радио хабарларын тарату желiлерiн телекоммуникация қызметтерін (деректер берудi, Интернет желiсiне қол жеткiзудi, телематикалық қызметтердi, жергiлiктi телефон байланысы қызметiн және басқаларды) тарату үшiн пайдаланған жағдайда, аталған желiлердің иесi қызметiн осы Заңның 17-бабына сәйкес уәкілетті орган берген лицензия негiзiнде жүзеге асырады.

      3. Телевизия және радио хабарларын тарату мақсатында радиожиiлiктердi есептеуді, радиожиілік органдарымен келісуді және халықаралық үйлестіруді уәкiлетті орган бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлетті органның есеп жүргiзуге қажетті деректердi қоса берген өтiнiмi бойынша жүргiзедi.

      4. Телевизия және (немесе) радио хабарларын тарату мақсатында радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсатты уәкiлетті орган бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсе отырып, телевизия және (немесе) радио xaбарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметке лицензиясы болған жағдайда бередi. P020932
      Радиожиілік спектрiн пайдалануға арналған рұқсатта техникалық құралдардың орналасқан жерi, оның ішінде географиялық координаттары көрсетiле отырып антенна құрылғыларының орналасуы, сондай-ақ пайдаланылатын тарату құралдарының іс жүзіндегі қуаты көрсетiлуге тиiс.

      20-бап. Байланыс қызметтеріне арналған тарифтер

      1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, байланыс операторлары байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді негізделген шығындарды негізге ала отырып дербес белгілейді.

      2. Уәкілетті орган:
      1) телекоммуникацияның әмбебап қызметтеріне;
      2) телекоммуникация және почта байланысының жалпыға қолжетімді қызметі саласындағы табиғи монополиялар аясында тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) бекітеді.
      Осы тармақта аталған қызметтерге тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды .

      3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, телекоммуникация және почта байланысы саласындағы тауарлар нарығында басым (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілерінің тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) белгілеген бағасын реттейді.

      4. Байланыс операторлары уәкілетті орган белгілеген тәртіппен байланыс қызметтерін пайдаланушыларға шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авариялық, анықтамалық қызметтерді және тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын басқа да қызметтерді тегін жалғауды қамтамасыз етеді.
       Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2008.11.21 N 89-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

3-тарау. Байланыс желілері

      21-бап. Қазақстан Республикасының бірыңғай
               телекоммуникация желiсi

      1. Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникация желiсi Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және мынадай санаттардағы телекоммуникация желілерінен:

      1) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнен;

      2) телекоммуникацияның ведомстволық желiлерiнен;

      3) телекоммуникацияның, бөлектелген желiлерiнен;

      4) арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiнен;

      5) корпорациялық және ақпаратты электромагниттiк сигналдар арқылы беретін басқа да желiлерден тұратын телекоммуникация желiсi болып табылады.

      2. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желiсi болып табылатын желiлер үшiн уәкілеттi орган:

      1) әрекеттестiктiң бiрыңғай тәртiбiн, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ұйымдастыру-техникалық iс-шаралар кешенiн, басқарылатын параметрлердi қалыптастыруды және олардың орындалуын бақылауды қамтитын телекоммуникация желiлерiн орталықтандырылған басқаруды айқындайды;

      2) телекоммуникация желiсiнің санатына байланысты телекоммуникация желiлерiн құру, басқару, нөмiрлеудi пайдалану, олардың жұмыс iстеуiн, тұрақтылығын және ақпараттық қауіпсіздігін ұйымдастыру-техникалық тұрғыдан қамтамасыз eту, радиожиілік спектрiн пайдалану, трафиктi өткiзу тәртiбi, желiлердің әрекеттестiк шарттары, телекоммуникация қызметтерiн көрсету жөнiндегi талаптарды белгілейді;

      3) арналарды коммутациялау технологияларын хабар беру мен коммутациялаудың пакеттік технологияларымен ауыстыруға негізделген ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін жаңғыртуды аяқтағанға дейін техникалық қажеттілік туындаса, қызметтер көрсетуді ұйымдастырудың өздері таңдаған тәсіліне қарай тіркелген телефон байланысы қызметтерін көрсететін байланыс операторлары желілерінің қосылу және өзара әрекет жасау шарттарына қойылатын талаптарды белгілейді.

      3. Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникация желiсiне кiретін барлық санаттағы желiлердің байланыс операторлары уәкiлеттi орган бекiткен әрекеттестiктiң бiрыңғай тәртiбiнің талаптарын қанағаттандыратын өз желiлерiн басқару жүйелерiн құруға мiндеттi.
      Телекоммуникация желiлерiн құру кезiнде байланыс операторлары желiлер жабдықтарының жедел-iздестiру iс-шараларының жүргiзiлуiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды белгiлейтiн мемлекеттiк стандарттарға технологиялық тұрғыдан сәйкес келуiн қамтамасыз етедi.

      4. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық пайдаланушыларға телекоммуникация қызметтерiн көрсетуге арналған телекоммуникацияның өзара байланысты желiлерiнің кешенi болып табылады.
      Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсi:

      1) қызмет көрсетiлетiн аумақ пен нөмiрлеу ресурсы аясында географиялық тұрғыда (жергілікті телекоммуникация желілері);

      2) Қазақстан Республикасының шегiнде белгiлi бiр географиялық аумақпен және нөмiрлеу ресурсымен байланыспаған, географиялық емес тұрғыда;

      3) пайдаланушыға көрсетiлетiн байланыс қызметтерiн iске асыру әдiсi (бекiтiлген және жылжымалы) бойынша айқындалатын телекоммуникация желiлерi болып бөлiнедi.
      Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi шет мемлекеттердің ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiмен әрекеттестік жасайды.
      Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн пайдаланушылардың мүдделерiн, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнің құрамына кiретiн телекоммуникация желiлерiнiң сенiмдi жұмыс iстеуін қамтамасыз ету мақсатында олар бiрыңғай мемлекеттiк нормативтiк-техникалық реттеуге жатады. Нормативтiк-техникалық талаптардан тыс телекоммуникацияның осы желiлерiнiң жұмыс iстеу және оларды пайдалану тәртiбiн, телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсету жөнiндегi қызмет үшiн осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, байланыс желiлерiнiң меншік иелерi дербес айқындайды.

      5. Телекоммуникацияның ведомстволық желiлерi мемлекеттiк органдар мен жергiлiкті өзiн-өзi басқару органдарының басқарушылық және ұйымдастырушылық мақсаттарын өз өкілеттіліктеріне сәйкес