Байланыс туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі N 567 Заңы

Қолданыстағы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында байланыс саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, мемлекеттік органдардың аталған қызметті реттеу жөніндегі өкілеттіктерін, байланыс қызметтерін көрсететін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Байланыстың мақсаты

      1. Байланыс Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымының ажырамас бөлігі болып табылады, ол байланыс қызметіне жеке және заңды тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және қауіпсіздіктің, қорғаныстың, құқық тәртібін қорғаудың, мемлекеттік органдардың қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған.
      2. Байланыс және есептеу техникасы құралдары ақпаратты жинау, сұрыптау, жинақтау және тарату процесін қамтамасыз етудің техникалық базасын құрайды.

       2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) абонент - байланыс қызметтерін көрсету мақсаттары үшін абоненттік номер немесе бірдейлендірілген код бөлінген кезде осындай қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан байланыс қызметін пайдаланушы;
      2) телефондық қосылыстар қызметіне ақы төлеудің абоненттік тіркелген жүйесі (бұдан әрі - қызметке ақы төлеудің абоненттік жүйесі) - байланысты пайдаланушының белгілі бір уақыт кезеңіндегі  төлемдер сомасы абоненттік желіні оның түріне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру төлемақысын және жергілікті телефондық қосылыстың бір абонентке шаққандағы орташа ұзақтығына қарай төлемақыны қамтитын, қызметке ақы төлеу жүйесі;
      3) жоғарғы жиілікті құрылғылар - телекоммуникация саласында қолдануды қоспағанда, өнеркәсіптік, ғылыми, медициналық, тұрмыстық немесе басқа мақсаттарда электромагниттік энергияны өндіруге және пайдалануға арналған жабдық және (немесе) аспаптар;
      4) байланыстың басым операторы - Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңдарына сәйкес байланыс саласында басым (монополиялық) жағдайға ие болып отырған байланыс операторы;
      5) кәбілдік кәріз - байланыс кәбілдерін төсеуге, құрастыруға және техникалық қызмет көрсетуге арналған жер асты құбырлары мен құдықтардың жиынтығы;
      6) арнаулы және фельдъегерлік байланыс арналары - арнаулы жөнелтілімдерді фельдъегерлердің алып жүруімен жөнелтуге пайдаланылатын почта желілерінің, арнаулы және фельдъегерлік байланыс бөлімшелерінің жиынтығы;
      7) радиожиілік спектрінің конверсиясы - радиожиілік спектрін пайдалануды азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдармен кеңейтуге бағытталған іс-шаралар жиынтығы;
      8) байланыс жолдары - тарату жолдары (кәбілдік, радиорелелік, жерсеріктік және басқалары), байланыстың физикалық тізбектері және жол-кәбілдік құрылғылары, оның ішінде магистральдық (халықаралық және қалааралық) жолдар;
      9) магистральдық байланыс жолы - Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің телекоммуникация желілерінің аймақтық (қалааралық) және (немесе) халықаралық коммутация станцияларын қосатын жердегі (кәбілдік, соның ішінде талшықты-оптикалық, радиорелелік) немесе жерсеріктік байланыс жолы;
      10) халықаралық байланыс жолы - Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өтетін немесе Қазақстан Республикасының шекарасында басқа елдің байланыс операторының байланыс жолымен түйісетін жері бар және Қазақстан Республикасы байланыс операторының халықаралық коммутация станциясын басқа мемлекеттердің байланыс операторларының халықаралық коммутация станцияларымен қосатын байланыс жолы;
      11) қалааралық телефон байланыс жолы - Қазақстан Республикасының аумағында байланыс операторының қалааралық коммутация станцияларын қосатын байланыс жолы;
      12) қалааралық телефон байланысы - жергілікті телефондық қосылыстарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы байланыс қызметін пайдаланушылар арасындағы телефондық қосылыс;
      13) халықаралық телефон байланысы - Қазақстан Республикасының аумағындағы байланыс қызметін пайдаланушылар мен басқа мемлекеттің аумағындағы байланыс қызметін пайдаланушылар арасындағы телефондық қосылыс;
      14) желіаралық қосу - телекоммуникацияның бір желісін екіншісіне қосу қызметін көрсетудің нәтижесі болып табылатын телекоммуникация желілерінің әрекеттестігі;
      15) телекоммуникацияның жергілікті желісі - елді мекеннің аумағында электр байланысын жүзеге асыруға арналған, коммутациялық жабдықтардан (станциялардан, кіші станциялардан, жинақтағыштардан), желілік-кәбілдік құрылғылардан (қосқыш жолдардан және арналардан), тарату жүйелері мен абоненттік құрылғылардан (терминалдардан) тұратын техникалық құралдардың жиынтығы. Телекоммуникацияның жергілікті желілері елді мекеннің мәртебесіне қарай қалалық және селолық болып бөлінеді;
      16) байланыс саласындағы ұлттық ресурстар - радиожиіліктердің, нөмірлеудің және байланыс жерсеріктері орбиталық позицияларының ресурстары;
      17) байланыс қызметтерін көрсету - байланыс операторларының пайдаланушыларға байланыс қызметтерін көрсетуге негізделген қызметі;
      18) шеткі жабдық - байланыс жолдары бойынша телекоммуникация сигналдарын таратуға немесе қабылдауға арналған, абонент жолдарына қосылған және абоненттердің пайдалануындағы не көрсетілген мақсаттарға арналған техникалық құралдар;
      19) байланыс операторы - байланыс қызметін көрсетуге Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актісінде белгіленген тәртіппен лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;
      20) қалааралық байланыс операторы - қалааралық байланыс жолын, қалааралық коммутация станцияларын иеленетін және (немесе) пайдаланатын әрі қалааралық телефон байланысы қызметін көрсететін тіркелген байланыс операторы;
      21) халықаралық байланыс операторы - халықаралық байланыс жолын, халықаралық  коммутация станциясын иеленетін және (немесе) пайдаланатын әрі халықаралық байланыс қызметін көрсететін байланыс операторы;
      22) қалааралық және халықаралық байланыс операторы - қалааралық және халықаралық байланыс жолдарын, қалааралық және халықаралық коммутация станцияларын иеленетін және (немесе) пайдаланатын және трафик транзиті мен басқа байланыс операторларына желілік ресурстарды беру бойынша қалааралық және халықаралық байланыс қызметін көрсететін тіркелген байланыс операторы;
      23) әмбебап қызмет көрсету операторы - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес байланыстың әмбебап қызметін көрсету жөніндегі міндет жүктелген, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінде байланыс қызметін көрсететін байланыс операторы;
      24) телекоммуникация желілерінің күзетілетін аймағы - байланыс жолының бойында және байланыс объектілерінің айналасына орналасқан, ондағы өсімдіктерімен және құрылыстарымен қоса жер учаскесі;
      25) телефондық қосылыс қызметіне уақытына қарай ақы төлеу жүйесі (бұдан әрі - қызметке уақытына қарай ақы төлеу жүйесі) - байланысты пайдаланушының белгілі бір уақыт кезеңі үшін төлемдер сомасы;
      тұрақты құрамдас бөліктен - абоненттік жолдың түріне қарамастан, оның абонентке тұрақты пайдалануға берілгені үшін төлемақыдан;
      уақытына қарай құрамдас бөліктен - жергілікті телефондық қосылыстардың берілгені үшін тарифтеу бірлігіндегі іс жүзіндегі ұзақтығына байланысты төлемақыдан тұратын ақы төлеу жүйесі;
      26) байланыс қызметтерін пайдаланушы - байланыс қызметін алатын және немесе заңды тұлға;
      27) радиожиілік спектрін пайдаланушы - жиіліктер белдеуі немесе радиожиілік (радиожиілік арнасы) берілген (тағайындалған) жеке немесе заңды тұлға;
      28) почта байланысы - почталық және арнаулы жөнелтілімдерді қабылдау, сұрыптау, тасымалдау және жеткізу, сондай-ақ почталық ақша аударымдары;
      29) почта жөнелтімдері - жазбаша хат-хабарлар, посылкалар, почта контейнерлері, сондай-ақ тиісті орамадағы баспасөз басылымдары;
      30) үкіметтік байланыс - мемлекеттік басқару қажеттері үшін арнаулы қорғалған байланыс;
      31) жиіліктер белдеуін, радиожиілікті (радиожиілік арнасын) иелікке беру (тағайындау) - радиожиілік спектрін пайдалануға берілетін рұқсат, оны тиісті радиожиілік органы радиожиілік спектрін пайдаланушыға осы рұқсатта көрсетілетін жиіліктер белдеуін, радиожиілікті (радиожиілік арнасын) радиоэлектрондық құралдарды қолдана отырып пайдалану үшін береді;
      32) телекоммуникацияның (байланыс құралдарының) бір желісін екіншісіне қосу - телекоммуникацияның екі желісі арасында технологиялық әрекеттесуді ұйымдастыру, бұл кезде осы желілердің байланыс қызметтерін пайдаланушылар арасында қосуды іске асыру және ақпарат беру мүмкін болады;
      33) трафикті өткізу - байланыс қызметтерін (телекоммуникация  желілерін) пайдаланушылар арасында қосу және ақпарат беру процесін жүзеге асыру;
      34) радиожиілік органдары - жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөліп беруді, бөлектеуді және иелікке беруді, сондай-ақ олардың пайдаланылуына бақылау жасауды осы Заңға сәйкес жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік органдар;
      35) радиожиілік спектрі - 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейінгі ауқымдағы радиожиіліктердің белгілі бір жиынтығы;
      36) радиоэлектрондық құрал - көмекші жабдықты қоса алғанда, радиотолқындарды таратуға және (немесе) қабылдауға арналған және бір немесе бірнеше таратушы және (немесе) қабылдаушы құрылғылардан не олардың құрамаларынан тұратын техникалық құрал;
      37) нөмірлеу ресурсы - байланыс желілерінде пайдаланылатын нөмірлер жиынтығы;
      38) байланыс - ақпаратты, почта және арнаулы жөнелтілімдерді, почталық ақша аударымдарын қабылдау, жинау, сұрыптау, жинақтау, беру (тасымалдау), жеткізу, тарату;
      39) байланыс желісі - байланыс құралдары мен жолдарынан тұратын және телекоммуникацияға немесе почта байланысына арналған технологиялық жүйе;
      40) жергілікті телефондық қосылыс құнын уақытына қарай есепке алу жүйесі (бұдан әрі - жергілікті телефондық қосылысты уақытына қарай есепке алу) - телекоммуникацияның жергілікті желісінің қызметін пайдаланғаны үшін төлем сомасын есептеуді қамтамасыз ететін жергілікті телефондық қосылысты есепке алудың технологиялары мен әдістерінің жиынтығы;
      41) абоненттер туралы қызметтік ақпарат - абоненттер туралы мәліметтер (телефон нөмірлері, электрондық почтаның мекен-жайы), биллингтік мәліметтер және абонентке көрсетілетін қызметтер туралы мәліметтер;
      42) арнаулы байланыс - почта байланысы ұйымдары жүзеге асыратын әрі заңмен қорғалатын кез келген құпия және құндылықтар, оның ішінде қымбат бағалы металдар, тастар және олардан жасалған бұйымдар бар арнаулы және өзге де жөнелтілімдерді қабылдауды, сұрыптауды, сақтауды, тасымалдауды және жеткізуді (тапсыруды) қамтамасыз ететін курьерлік байланыс түрі;
      43) арнаулы жөнелтілімдер - мемлекеттік құпиялар және оларды жеткізушілер, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың аса маңызды хат-хабарлары, қорғаныс өнеркәсібінің бұйымдары, олардың құраушы бөлшектері (заттары) мен жүктері салынған тіркелетін пакеттер, посылкалар және металл бұйымдар;
      44) байланыс құралдары - телекоммуникация хабарламаларын не почта жөнелтілімдерін қалыптастыру, сұрыптау, беру немесе қабылдау үшін пайдаланылатын техникалық және бағдарламалық құралдар;
      45) трансляция - телевизия және радио бағдарламаларын тарату үшін таратушы радиоэлектрондық құралдарды, кәбілдік желілер мен радиожиілік спектрінің номиналдарын пайдалана отырып, ақпарат тарату процесін жүзеге асыру;
      46) трафик - байланыс құралдарына жүктеме жасайтын шақырулар, хабарламалар мен сигналдар ағысы;
      47) телекоммуникацияның әмбебап қызметтері - уәкілетті орган әзірлейтін және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін телекоммуникация қызметтерінің ең аз тізбесі, оны кез келген елді мекенде байланыс қызметінің кез келген пайдаланушысына белгілі бір мерзімде белгіленген сапада және осы қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ететін баға деңгейінде көрсету әмбебап қызмет көрсету операторлары үшін міндетті болып табылады;
      48) уәкілетті орган - байланыс саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын, байланыс саласында қызмет көрсететін немесе оларды пайдаланатын тұлғалардың қызметін мемлекеттік бақылауды, үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын орталық атқарушы орган;
      49) байланыс желісін басқару - байланыс желісінің қызмет істеуін қамтамасыз етуге, оның ішінде жүктеме ағысын (трафикті) реттеуге бағытталған ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жиынтығы;
      50) қосу қызметін көрсету - әрекеттес желілердің пайдаланушылары арасында қосуды орнату және ақпарат беру мүмкін болатын, байланыс операторларының байланыс желілерінің арасындағы әрекеттестікті ұйымдастыру қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
      51) байланыс қызметтері - почта жөнелтімдері мен арнаулы жөнелтімдерді, почталық ақша аударымдарын немесе телекоммуникация хабарламаларын қабылдау, сұрыптау, сақтау, беру, тасымалдау, жеткізу жөніндегі қызмет;
      52) фельдъегерлік байланыс - мемлекеттік органдардың хат-хабарларын, соның ішінде мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді қабылдауды, сақтауды, тасымалдауды және жеткізуді қамтамасыз ететін үкіметтік курьерлік байланыстың түрі;
      53) байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілер - байланыс операторлары, арнаулы, ведомстволық және корпорациялық телекоммуникация желілерінің, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісіне қосылатын жеке коммутациялық жабдықтың иелері, радиожиілік спектрін пайдаланушылар болып табылатын радиоэлектрондық құралдар иелері;
      54) электр байланысы (телекоммуникация) - белгілерді, сигналдарды, дауыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, бейнелерді, дыбыстарды сым-өткізгіш, радио, оптикалық және басқа электромагниттік жүйелер бойынша тарату немесе қабылдау.

       3-бап. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы
              заңдары

      1. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

  2-тарау. Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік
реттеу мен бақылау

       4-бап. Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік
               реттеу мен бақылау

      1. Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылау қызметтің жекелеген түрлерін құқықтық қамтамасыз ету, лицензиялау, Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.
      2. Байланыс саласындағы мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі және уәкілетті орган жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

       5-бап. Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік
               реттеудің негізгі принциптері

      Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу принциптері мыналар болып табылады:
      1) байланыс қызметтерін пайдаланушылардың, байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
      2) телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсету үшін жағдайлар жасау;
      3) телекоммуникация желілері мен құралдары арқылы хабарламалар тарату еркіндігі, почта жөнелтілімдерін қабылдау, жеткізу және оларды транзитпен жіберу еркіндігі;
      4) жеке және заңды тұлғалардың байланыс саласындағы қызметке қатысу және оның нәтижелерін пайдалану құқықтарының теңдігі;
      5) адал бәсеке;
      6) Қазақстан Республикасы аумағындағы бірыңғай стандарттар негізінде желілік технологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, байланыстың сенімділігі мен басқарылуын қамтамасыз ету;
      7) байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастықты, әлемдік байланыс жүйесіне ықпалдасуды кеңейтуге қолдау көрсету;
      8) байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды орталықтандырылған  басқаруды қамтамасыз ету.

       6-бап. Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу
             мен бақылаудың негізгі міндеттері

      Байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылаудың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
      1) байланыс қызметтері нарығының тиімді жұмыс істеуі үшін байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
      2) байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыру;
      3) ұсыныстар әзірлеу және Қазақстан Республикасының байланысын дамыту мен жетілдірудің негізгі бағыттары мен басымдықтарын іске асыру;
      4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық мүдделерін қорғау.

       7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі байланыс саласындағы құзыретіне:
      1) басым дамудың негізгі бағыттарын айқындау, байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру, дамудың салалық бағдарламаларын бекіту;
      2) байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуды қамтамасыз ету, уәкілетті органға осы мәселелер бойынша өкілеттіктер беру;
      3) радиожиілік спектрін бөліп беру, сондай-ақ радиожиіліктерді және байланыс жерсеріктерінің орбиталық позицияларын тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру;
      4) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін, біртұтас телекоммуникация желілерінің ресурстарын Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау органдарының қажеттері үшін әзірлеу мен пайдалану тәртібін бекіту;
      5) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторларын айқындау жөніндегі біліктілік талаптары мен өлшемдерін бекіту;
      6) байланыс қызметін көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін конкурстар өткізу тәртібін бекіту;
      7) Қазақстан Республикасының Радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы туралы ережені және оның құрамын бекіту;
      8) Қазақстан Республикасы радио қызметтері арасында барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдарға арналған 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейінгі жиіліктер ауқымында жиіліктер белдеуін бөлу кестесін бекіту;
      9) байланыс саласындағы қызметті лицензиялаған кезде лицензия беру шарттарын айқындау және біліктілік талаптарын бекіту;
      10) радиожиілік спектрін пайдалана отырып байланыс саласындағы қызметтер көрсету жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін біржолғы төлемақы тәртібі мен мөлшерін айқындау;
      11) Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік қызметі туралы ережені, сондай-ақ нысанды киім үлгілерін бекіту;
      12) почтамен жіберуге тыйым салынған заттардың тізбесін айқындау;
      13) Қазақстан Республикасындағы телекоммуникация желілерін күзету ережелерін бекіту;
      14) телекоммуникацияның әмбебап қызметтерінің құнын субсидиялау ережелерін, олардың тізбесін және тарифтерін қайта баланстау жоспарын бекіту;
      15) өзіне Қазақстан Республикасы Конституциясымен, заңдарымен және Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.

       8-бап. Уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің
               құзыреті

      1. Уәкілетті органның құзыретіне:
      1) байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды бөліп беруді және пайдалануды, сондай-ақ өз құзыреті шегінде байланыс саласындағы стандарттау, метрология және сертификаттау қызметтеріне қатысуды қоса алғанда байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және оның іске асырылуын қамтамасыз ету;
      2) өз құзыреті шегінде байланыс саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыру;
      3) Қазақстан Республикасының байланысын дамыту мен жетілдірудің негізгі бағыттары және басымдықтары жөнінде ұсыныстар әзірлеуді ұйымдастыру және оны іске асыру, оның сапасын, қолжетімділігін және орнықты жұмыс істеуін арттыру;
      4) байланыс саласындағы қызметті салааралық үйлестіру;
      5) радиожиілік спектрін жоспарлау және тиімді пайдалану;
      6) байланыс қызметтері нарығының жұмыс істеуі үшін өз құзыреті шегінде жағдайлар жасау;
      7) байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды басқару;
      8) өз құзыреті шегінде байланыс саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, оның ішінде байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілерге тексеру жүргізу тәртібін, олардың қызмет көрсету ережелерін және Қазақстан Республикасы телекоммуникациясының бірыңғай желілерін, Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерін құру тұжырымдамаларын әзірлеу және қабылдау;
      9) байланыс саласындағы қызметті лицензиялау, соның ішінде телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсету құқығына лицензия беру;
      10) почта ақысы мемлекеттік белгілерінің түрлерін және шығарылу көлемін бекіту;
      11) арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілерінің объектілерін қоспағанда, байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын және радиожиілік спектрін пайдаланатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің байланыс объектілеріне белгіленген тәртіппен тексеру жүргізу үшін тиісті үлгіде ресімделген техникалық тапсырманы және қызметтік куәлікті көрсету бойынша кіру;
      12) пайдалануға және шет елден әкелуге рұқсат етілген радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың тізбесін айқындау және тізбеде көрсетілмеген радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды әкелуге және пайдалануға рұқсат беру құқығын өзінің аумақтық бөлімшелеріне беру;
      13) пайдалану құқығына рұқсаты болмаған, техникалық сипаттамалары белгіленген нормаларға сәйкес келмеген жағдайда радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды өшіру;
      14) байланыс саласындағы мемлекеттік техникалық қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру;
      15) адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне қауіп төндіретін байланыс желісі технологиялық жабдығын пайдалану, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзу анықталған кезде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекелеген байланыс құралдарының немесе желілерінің жұмысындағы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар жіберу;
      16) байланыс саласындағы қатынастарды реттеу мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;
      17) байланыс саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесе отырып, байланыс операторларының байланыс саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;
      18) байланыс саласындағы ұлттық ресурстардың және лицензиаттардың тізімдерін жүргізу;
      19) телекоммуникация желілерін ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісіне қосу және Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі бойынша трафикті өткізуді реттеу ережелерін бекіту;
      20) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функциялар жатады.
      2. Аумақтық бөлімшелердің құзыретіне:
      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдары талаптарының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
      2) байланыс саласындағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне және радиожиілік спектрінің пайдаланылуына мемлекеттік техникалық қадағалау мен бақылау жүргізуді қамтамасыз ету;
      3) адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне қауіп төндіретін байланыс желілері технологиялық жабдығын пайдалану, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы ережелерін бұзу анықталған кезде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекелеген байланыс құралдарының немесе желілерінің жұмысындағы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар жіберу;
      4) байланыс құралдарын пайдалануға қабылдап алу жөніндегі іс-шараларға қатысу;
      5) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды тіркеу;
      6) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды олар пайдалануға және шет елден әкелуге рұқсат етілгендер тізбесінде болмаған немесе техникалық сипаттамалары белгіленген нормаларға сәйкес келмеген жағдайда өшіру;
      7) электрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың орындалуын бақылау;
      8) үкіметтік байланыс желілерін қоспағанда, байланыс ғимараттарының, телекоммуникация жолдарының және басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілері құрылысының жоспарларын келісуге қатысу;
      9) байланыстың барлық түрлерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, соның ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте заңсыз жұмыс істеп тұрған радиоэлектрондық құралдарды анықтау және пайдаланудың жолын кесу мәселелерін шешу кезінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарымен өзара іс-әрекетті қамтамасыз ету;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мәселелер жатады.

       9-бап. Қазақстан Республикасының радиожиілік органдары

      1. Қазақстан Республикасында жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөліп беруді, бөлектеуді және иелікке беруді жүзеге асыратын радиожиілік органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасының уәкілетті органы;
      Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы.
      2. Уәкілетті органның радиожиілік спектрін реттеу кезіндегі негізгі функциялары мыналар болып табылады:
      1) радиожиілік спектрін бөліп беру және пайдалану мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді, мемлекеттік стандарттарды, пайдалану ережелерін және радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану жөніндегі басқа да нормативтік-техникалық құжаттарды өз құзыреті шегінде әзірлеу және қабылдау;
      2) бөлектелетін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) техникалық сараптау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында радиожиілік спектрін пайдалануға, сатып алуға (сатуға), іске қосуға және азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды шетелден әкелуге рұқсат беру және оның тәртібін айқындау;
      4) азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды тіркеу;
      5) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар белгіленген стандарттар мен техникалық нормаларға сәйкес келмеген, азаматтардың қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға қауіп төндірген жағдайда, сондай-ақ аса маңызды жұмыстар мен іс-шараларды орындаған кезде оларды пайдалануды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтата тұру;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпке сәйкес радиожиілік спектрінің пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру;
      7) радиоэлектрондық құралдарға, оның ішінде халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің халықаралық шарттарға сәйкес жұмыс істейтін радиоэлектрондық құралдарына радиобөгеуілдерді жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
      8) жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) иелікке беруді жүзеге асыру және Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес радиожиіліктерді халықаралық үйлестіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру.
      3. Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы Жиілік белдеулерін бөлудің ұлттық кестесіне сәйкес азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін бірлесіп пайдалану ауқымдарында радиожиілік спектрін бөлектеу және пайдалану жөнінде қажетті келісулерді жүргізеді, сондай-ақ мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігі қажеттерін қамтамасыз ету мақсатында радиожиілік спектрінің және тиісті радиоэлектрондық құралдардың пайдаланылуын реттеуді жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

       10-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдігі:
      1) қызметін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте жүзеге асыратын уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен және Қазақстан Республикасы әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер уәкілетті мемлекеттік органдарының аумақтық бөлімшелерімен бірге, үкіметтік байланыс бөлімшелерінің желілерін қоспағанда, байланыс ғимараттарының, телекоммуникация жолдары мен басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілері құрылысының жоспарларын айқындайды және әзірлейді;
      2) байланыс операторларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен тиісті шығыстарды өтей отырып, абоненттерге тегін қосуды ұсыну үшін байланыс операторларымен бірлесіп, әлеуметтік мәні бар объектілердің тізбесін айқындайды;
      3) почта операторларының өндірістік объектілері үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын емес үй-жайлар бөледі, сондай-ақ почта операторларының олардың аумағына өндірістік объектілерді орналастыруына жәрдемдеседі.
      2. Облыстағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігіне облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) даму жоспарына енгізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте байланыс қызметтерін көрсетуді ұйымдастыру жөнінде ұсыныс енгізеді.

       11-бап. Радиожиілік спектрін және байланыс
                жерсеріктерінің орбиталық позицияларын
                пайдалануды реттеу

      1. Радиожиілік спектрін және байланыс жерсеріктерінің орбиталық позицияларын пайдалануды реттеу мемлекеттің ерекше құзыретінде болады.
      Радиожиілік спектрін пайдалануды реттеу дегеніміз радиожиілік спектрін тиімді пайдалануға және радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешенін білдіреді.
      2. Радиожиілік спектрін бөліп беру, сондай-ақ радиожиілік спектрі мен байланыс жерсеріктерінің орбиталық позицияларын мемлекет мүддесі үшін тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуді Қазақстан Республикасының Радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы байланыс операторлары қауымдастықтары (одақтары) мен байланыс қызметтерін және радиожиілік спектрін пайдаланушылар қоғамдық бірлестіктерінің қатысуымен жүзеге асырады.
      3. Шектеулі ресурс болып табылатын радиожиілік спектрін пайдалану ақылы негізде жүзеге асырылады. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін төлемақының жылдық ставкалары, оны есептеу мен мемлекеттік бюджетке төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының  Салық кодексіне  сәйкес айқындалады.
      4. Қазақстан Республикасының аумағында радиожиіліктерді бөліп беру және тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган:
      1) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды  жобалау, салу, пайдалану және шет елдерден әкелу тәртібі;
      2) байланыс құралдарын, соның ішінде телерадиохабарын тарату мақсатында пайдаланылатын құралдарды және электромагниттік сәулелену көзі болып табылатын өзге де техникалық құралдарды міндетті түрде тіркеу;
      3) радиобақылау жүргізу және радиоқабылдауды индустриялық бөгеуілдерден қорғауды жүргізу, радиожиілік спектрін пайдалануды мемлекеттік техникалық бақылау мен қадағалау;
      4) Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес радиожиіліктерді халықаралық үйлестіру жөніндегі рәсімдерді әзірлеу мен орындауды қамтамасыз етеді.
      5. Байланыс құралдары, соның ішінде телерадиохабарын тарату үшін пайдаланылатын құралдар және электромагниттік сәулелену көзі болып табылатын өзге де техникалық құралдар Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік тіркелуге тиіс.
      Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының  Салық кодексіне  айқындалған тәртіппен алым алынады.

       12-бап. Радиожиілік спектрін бөліп беру, жиіліктер
                белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік
                арналарын) бөлектеу және иелікке беру
                (тағайындау) жөніндегі жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасында радиожиіліктер спектрін пайдалану:
      1) пайдаланушылардың радиожиілік спектріне қол жеткізуінің рұқсаттық тәртібі;
      2) мемлекеттік басымдықтар ескеріле отырып, барлық пайдаланушылардың радиожиілік спектріне қол жеткізу құқығы;
      3) радиожиілік спектрін пайдаланудың ақылы болуы;
      4) жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) мерзім белгілемей бөлектеуге, иелікке беруге (тағайындауға) жол бермеу;
      5) осы іс-шараларға жұмсалатын шығыстардың орны толтырыла отырып, радиожиілік спектрін пайдалануды конверсиялау;
      6) радиожиілік спектрін бөліп беру және пайдалану рәсімдерінің айқындығы және ашықтығы принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Радиожиілік спектрін бөліп беру Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейінгі жиіліктер ауқымында Қазақстан Республикасының радио қызметтері арасында Жиіліктер белдеулерін бөлудің ұлттық кестесіне және Халықаралық электр байланыс одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес Қазақстан Республикасының Радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының ұсынымдары негізінде уәкілетті орган бекітетін радиожиілік спектрін перспективалық пайдаланудың жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөліп беру, бөлектеу және иелікке беру тәртібін радиожиілік органдары айқындайды.
      Телевизия және радио хабарларын тарату мақсаттары үшін жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) бөліп беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес конкурстық негізде өткізіледі.
      4. Жиіліктерді иелікке беру Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды, қорғанысты, қауіпсіздікті және құқық тәртібін қорғауды қамтамасыз ету мүддесіне орай, байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілердің басқа жиіліктерге көшуіне байланысты залалдарын бір мезгілде өтей отырып өзгертілуі мүмкін.
      5. Радиожиілік спектрін пайдалану құқығы уәкілетті орган азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін және Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау қажеттерін қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар үшін беретін рұқсат құжаттарымен куәландырылады.
      6. Лицензия иелеріне және радиожиілік спектрін өндіріс ішіндегі қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануды көздейтін тұлғаларға радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсат уәкілетті органға белгіленген үлгідегі өтінім келіп түскен күннен бастап екі ай мерзімнен кешіктірмей беріледі.
      7. Өтінім берушіге азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар үшін радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беруден мынадай негіздер бойынша:
      1) мәлімделген жиіліктер белдеуі, радиожиіліктер (радиожиілік арнасы) Жиіліктер белдеулерін бөлудің ұлттық кестесіне сәйкес келмесе;
      2) мәлімделген радиоэлектрондық құралдардың сәулелену және қабылдау параметрлері радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік үйлесімділігін қамтамасыз ету саласындағы талаптарға, нормаларға және ұлттық стандарттарға сәйкес келмесе;
      3) қолданыстағы және пайдалану үшін жоспарланып отырған радиоэлектрондық құралдармен электромагниттік үйлесімділік сараптамасының оң қорытындысы болмаса;
      4) пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында  белгіленген тәртіппен бұрын иелікке берілген, мәлімделген жиілік белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арнасы) азаматтық пайдаланушылардың қарамағында болса;
      5) радиожиілік пайдаланылатын, байланыс саласындағы кәсіпкерлік қызмет түріне лицензиар Қазақстан Республикасының заңдарына белгіленген тәртіппен беретін тиісті лицензия болмаса;
      6) жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арнасы) Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органымен келісу жүргізудің оң нәтижелері болмаса;
      7) егер Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланысы регламентінде және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында радиожиілікті (радиожиілік арнасын) халықаралық үйлестіру рәсімін жүргізу көзделіп, осындай рәсім жүргізудің оң нәтижесі болмаса, бас тартылады.
      8. Мемлекеттің қорғанысы және қауіпсіздігі қажеттерін қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар үшін радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат беруден бас тарту Қазақстан Республикасының әскери басқару орталық атқарушы органы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      9. Жиілік белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) радиожиілік органдарымен келісу жүргізілген жағдайда, келісу жүргізу мерзімі сауал алынған кезден бастап отыз күннен аспауға тиіс, бұл ретте өтінімді қарау мерзімі қажетті келісулерді жүргізу уақытына ұзартылуы мүмкін, бірақ бұл отыз күннен аспауы керек. Іргелес мемлекеттермен (Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аймақтарында) Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланысы регламентіне сәйкес радиожиіліктерді халықаралық үйлестіру жүргізілген кезде өтінішті қарау мерзімі ұзартылуы мүмкін, бірақ бұл төрт айдан аспауы керек, ол туралы өтініш беруші алдын ала жазбаша түрде хабардар етілуге тиіс.

       13-бап. Нөмірлеу ресурсын бөліп беру мен оларды
                пайдалануды реттеу және нөмірлерді бөлектеу

      1. Қазақстан Республикасының телефон қызметтерін көрсетуге арналған ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісіндегі нөмірлеу ресурсын бөліп беру мен нөмірлеуді бөлектеу тәртібін, сондай-ақ телефон байланысы нөмірлерін пайдаланудың ерекшеліктерін уәкілетті орган айқындайды.
      2. Уәкілетті орган нөмірлерді пайдалану құқықтарын алу тәртібін белгілейтін ережені әзірлейді және бекітеді, оның ішінде нөмірлерді иелікке берудің негіздерін айқындайды, нөмірлеудің бөліп берілген және резервтік ресурстарының тізілімін жүргізеді.
      3. Байланыс желілерінің операторлары өздерінің жергілікті телекоммуникация желілерінде пайдаланушыларға иелікке берген нөмірлерді олар орналасқан жерін емес, байланыс операторын ауыстырған кезде сақтап қалу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Уәкілетті орган техникалық себептерді көрсете отырып, осы талаптың орындалуын белгілі бір мерзімге тоқтата тұруға құқылы.
      4. Уәкілетті орган байланыс операторына бөлінген нөмірлеу ресурсын алып қоюды:
      1) нөмірлеу ресурсын алушының өтініші;
      2) байланыс операторы лицензиясының қолданылуын тоқтату;
      3) байланыс операторының нөмірлеу ресурсын пайдалануды реттейтін нормативтік құжаттарды бұзуы;
      4) байланыс операторының жергілікті телекоммуникация желісінің нөмірлеу ресурсы бөлектелген кезден бастап екі жыл ішінде бөлектелген нөмірлеу ресурсының елу проценттен астамын пайдаланбауы негізінде жүзеге асырады.

       14-бап. Төтенше жағдайлар кезінде байланыс желілерін
                басқару

      1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде байланыс желілерін басқаруды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша мемлекеттік органдардың байланысын басқару орталықтарымен және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, сондай-ақ қарауында телекоммуникация желілері бар уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет жасай отырып жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік органдардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар болған кезде, үкіметтік байланысты қоспағанда, байланыс желілері мен құралдарын басымдықпен пайдалануға, сондай-ақ олардың қызметін тоқтата тұруға құқығы бар.
      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде байланыс операторларының байланыс желілері мен құралдары пайдаланылған кезде олардың шеккен шығындарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      3. Байланыс желілері мен құралдарының иелері адамдар өмірінің теңіздегі, жердегі, ауадағы, ғарыш кеңістігіндегі қауіпсіздігіне, Қазақстан Республикасында қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғау саласында шұғыл іс-шаралар жүргізуге қатысты барлық хабарламаларға, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы хабарламаларға абсолюттік басымдық беруге тиіс.

       15-бап. Байланыс операторларының жедел-іздестіру
                қызметін жүзеге асыратын органдармен өзара
                іс-әрекеті

      1. Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыратын байланыс операторлары байланыс желілерінде жедел іздестіру іс-шараларын жүргізетін органдарға барлық байланыс желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерін, абоненттер туралы қызметтік ақпаратқа қол жеткізуін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қамтамасыз етуге, сондай-ақ аталған іс-шараларды жүргізу нысандары мен әдістерінің жария болмауы жөнінде шаралар қолдануға міндетті.
      Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсаттары үшін байланыс желілері мен құралдарына қойылатын талаптарды уәкілетті орган арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыратын ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісе отырып айқындайды.
      2. Байланыс құралдары жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарда пайдаланылған жағдайда жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын уәкілетті органдар кез келген байланыс желілері мен құралдарының қызметін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтата тұруға құқылы.
      3. Байланыс операторларының жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара қатынасы осы Заңға және Қазақстан Республикасының жедел-іздестіру қызметі туралы заңдарына сәйкес реттеледі.

       16-бап. Техникалық байланыс құралдарын сертификаттау

      Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісінде пайдаланылатын техникалық байланыс құралдары электромагниттік сәулелену көздері болып табылатын радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар, почта байланысының техникалық құралдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес міндетті сертификатталуға тиіс.
      Міндетті сертификаттауға жататын байланыс құралдарының тізбесін уәкілетті орган ұлттық қауіпсіздік органдарымен және стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі уәкілетті органмен келісе отырып айқындайды.

       17-бап. Байланыс саласындағы қызметті лицензиялау

      1. Жеке және заңды тұлғалардың байланыс қызметтерін жасауға және көрсетуге байланысты қызметі лицензия негізінде жүзеге асырылады.
      2. Байланыс саласындағы қызметті лицензиялауды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
      3. Лицензиар мынадай негіздер бойынша:
      1) қызмет түрін техникалық іске асыру радиожиіліктердің болмауына, радиоэлектрондық құралдардың қуаты бойынша шектеулерге және нөмірлеу ресурсының жеткіліксіздігіне байланысты мүмкін болмаса;
      2) жүзеге асыру үшін конкурстық негізде ғана лицензия берілетін қызмет түрлеріне өтініш берілсе, лицензия беруден бас тартуға құқылы. Өтініш беруші конкурсқа қатысқан жағдайда, лицензия беруден бас тарту конкурс нәтижелері бойынша жүргізілуі мүмкін;
      3) лицензия беру немесе лицензияланатын қызметті жүзеге асыру нәтижесінде ұлттық қауіпсіздікке және (немесе) қоғамдық тәртіпке қауіп төнсе;
      4) байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде халықтың денсаулығына электромагниттік сәулеленудің зиянды әсер етуі мүмкін болса, лицензия беруден бас тартуға құқылы.
      4. Лицензиар:
      1) радиожиілік спектрі тиісті рұқсаттар ресімделмей пайдаланылған;
      2) лицензиат өзіне бекітіліп берілген жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) басқа пайдаланушыларға уақытша немесе тұрақты пайдалануға берген;
      3) радиоэлектрондық жабдықтарды пайдалану ережелерін лицензиаттың бұзуы электромагниттік жүйелердің жұмыс істеуінің белгіленген нормаларын бұзатын бөгеуілдер туғызуға әкеп соққан;
      4) лицензияны қолдану шарттары бұзылуы салдарынан мемлекетке немесе басқа тұлғаларға залал келуі мүмкін не осындай залалдың келу қаупі нақты төнетін;
      5) лицензиар өз құзыреті шегінде сауал салған және лицензиаттың қызметін бағалауға қажетті мәліметтерді оған беруден бас тартылған;
      6) егер лицензияның қолданылу шартында өзгеше белгіленбесе, лицензиат лицензия берілген кезден бастап бір жыл бойы байланыс қызметтерін көрсетпеген жағдайларда лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға құқылы.
      5. Лицензия Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актісінде көзделген негіздер бойынша сот тәртібімен қайтарылып алынуы мүмкін.

       18-бап. Байланыс саласындағы қызметті конкурстық негiзде
                лицензиялау

      1. Радиожиiлiк белдеулерiн және нөмiрлеу ресурсын пайдалана отырып байланыс қызметтерiн көрсету бойынша кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыруға лицензиялар мынадай жағдайда, егер:
      1) сапасы тиiстi деңгейдегi байланыс қызметiн көрсету үшiн қолжетiмдi радиожиiлiк спектрi көлемiнiң жеткілiксiз болуы себептi байланыс қызметi Қазақстан Республикасының Радиожиiлiктер жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясы белгiлi бiр аумақта жұмыс iстейтiн байланыс операторларының ықтимал саны бойынша шектеу ұсынған ауқымдағы радиожиiлiктi пайдалана отырып көрсетiлетiн болса;
      2) белгiлi бiр географиялық аумақта ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiнiң желiлiк қол жеткiзу ресурстары шектеулi болып, соған байланысты уәкiлеттi орган осы аумақта жұмыс iстейтiн байланыс операторларының ықтимал саны бойынша шектеулер белгiлейтiн болса, конкурстық негiзде берiледi.
      2. Конкурс (немесе аукцион) өткiзу туралы шешiмдi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Радиожиiлiктер жөнiндегi ведомствоаралық комиссиясының ұсынымдарын ескере отырып, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қабылдайды.
      Конкурс (немесе аукцион) осындай шешiм қабылданғаннан кейiн алты айдан кешiктiрiлмейтiн мерзімде өткiзiледi.
      3. Радиожиiлiктердi пайдалана отырып, байланыс саласында қызмет көрсету жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру құқығын конкурстың қорытындысы бойынша алған кезде жеңiмпаз мемлекеттік бюджетке Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде бiржолғы төлемақы енгiзедi.
      4. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға, конкурс (немесе аукцион) өткiзу ережелерiне сай келетiн жеке және заңды тұлғалар конкурстарға (немесе аукциондарға) қатысуға жiберiледi.

       19-бап. Телевизия және (немесе) радио хабарларын
                таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметтi
                лицензиялау

      1. Жеке және заңды тұлғаларға телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметке лицензияны бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлетті орган бередi.
      2. Телевизия және радио хабарларын тарату желiлерiн телекоммуникация қызметтерін (деректер берудi, Интернет желiсiне қол жеткiзудi, телематикалық қызметтердi, жергiлiктi телефон байланысы қызметiн және басқаларды) тарату үшiн пайдаланған жағдайда, аталған желiлердің иесi қызметiн осы Заңның 17-бабына сәйкес уәкілетті орган берген лицензия негiзiнде жүзеге асырады.
      3. Телевизия және радио хабарларын тарату мақсатында радиожиiлiктердi есептеуді, радиожиілік органдарымен келісуді және халықаралық үйлестіруді уәкiлетті орган бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлетті органның есеп жүргiзуге қажетті деректердi қоса берген өтiнiмi бойынша жүргiзедi.
      4. Телевизия және (немесе) радио хабарларын тарату мақсатында радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсатты уәкiлетті орган бұқаралық ақпарат құралдары iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен келiсе отырып, телевизия және (немесе) радио xaбарларын таратуды ұйымдастыру жөнiндегi қызметке лицензиясы болған жағдайда бередi.
      Радиожиілік спектрiн пайдалануға арналған рұқсатта техникалық құралдардың орналасқан жерi, оның ішінде географиялық координаттары көрсетiле отырып антенна құрылғыларының орналасуы, сондай-ақ пайдаланылатын тарату құралдарының іс жүзіндегі қуаты көрсетiлуге тиiс.

       20-бап. Байланыс қызметтеріне арналған тарифтер

      1. Байланыс қызметтерiне арналған тарифтердi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес байланыс қызметтерiнiң барлық пайдаланушылары үшiн бiрдей жағдайды қамтамасыз ететiн негiзделген шығындар және объективтi әдiс негiзiнде байланыс операторлары белгiлейдi.
      2. Байланыс операторлары байланыс қызметтерiн пайдаланушыларға шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авария, анықтама қызметтерiн және тізбесін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын басқа да қызметтердiң ақысыз қосылуын қамтамасыз етедi.

  3-тарау. Байланыс желілері

       21-бап. Қазақстан Республикасының бірыңғай
                телекоммуникация желiсi

      1. Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникация желiсi Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және мынадай санаттардағы телекоммуникация желілерінен:
      1) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнен;
      2) телекоммуникацияның ведомстволық желiлерiнен;
      3) телекоммуникацияның, бөлектелген желiлерiнен;
      4) арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiнен;
      5) корпорациялық және ақпаратты электромагниттiк сигналдар арқылы беретін басқа да желiлерден тұратын телекоммуникация желiсi болып табылады.
      2. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желiсi болып табылатын желiлер үшiн уәкілеттi орган:
      1) әрекеттестiктiң бiрыңғай тәртiбiн, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ұйымдастыру-техникалық iс-шаралар кешенiн, басқарылатын параметрлердi қалыптастыруды және олардың орындалуын бақылауды қамтитын телекоммуникация желiлерiн орталықтандырылған басқаруды айқындайды;
      2) телекоммуникация желiсiнің санатына байланысты телекоммуникация желiлерiн құру, басқару, нөмiрлеудi пайдалану, олардың жұмыс iстеуiн, тұрақтылығын және ақпараттық қауіпсіздігін ұйымдастыру-техникалық тұрғыдан қамтамасыз eту, радиожиілік спектрiн пайдалану, трафиктi өткiзу тәртiбi, желiлердің әрекеттестiк шарттары, телекоммуникация қызметтерiн көрсету жөнiндегi талаптарды белгілейді.
      3. Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникация желiсiне кiретін барлық санаттағы желiлердің байланыс операторлары уәкiлеттi орган бекiткен әрекеттестiктiң бiрыңғай тәртiбiнің талаптарын қанағаттандыратын өз желiлерiн басқару жүйелерiн құруға мiндеттi.
      Телекоммуникация желiлерiн құру кезiнде байланыс операторлары желiлер жабдықтарының жедел-iздестiру iс-шараларының жүргiзiлуiн қамтамасыз ету жөнiндегi талаптарды белгiлейтiн мемлекеттiк стандарттарға технологиялық тұрғыдан сәйкес келуiн қамтамасыз етедi.
      4. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық пайдаланушыларға телекоммуникация қызметтерiн көрсетуге арналған телекоммуникацияның өзара байланысты желiлерiнің кешенi болып табылады.
      Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсi:
      1) қызмет көрсетiлетiн аумақ пен нөмiрлеу ресурсы аясында географиялық тұрғыда (телекоммуникацияның жергiлiкті желiлерi);
      2) Қазақстан Республикасының шегiнде белгiлi бiр географиялық аумақпен және нөмiрлеу ресурсымен байланыспаған, географиялық емес тұрғыда;
      3) пайдаланушыға көрсетiлетiн байланыс қызметтерiн iске асыру әдiсi (бекiтiлген және жылжымалы) бойынша айқындалатын телекоммуникация желiлерi болып бөлiнедi.
      Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi шет мемлекеттердің ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiмен әрекеттестік жасайды.
      Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн пайдаланушылардың мүдделерiн, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнің құрамына кiретiн телекоммуникация желiлерiнiң сенiмдi жұмыс iстеуін қамтамасыз ету мақсатында олар бiрыңғай мемлекеттiк нормативтiк-техникалық реттеуге жатады. Нормативтiк-техникалық талаптардан тыс телекоммуникацияның осы желiлерiнiң жұмыс iстеу және оларды пайдалану тәртiбiн, телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсету жөнiндегi қызмет үшiн осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, байланыс желiлерiнiң меншік иелерi дербес айқындайды.
      5. Телекоммуникацияның ведомстволық желiлерi мемлекеттiк органдар мен жергiлiкті өзiн-өзi басқару органдарының басқарушылық және ұйымдастырушылық мақсаттарын өз өкілеттіліктеріне сәйкес iске асыруын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң өндiрiстік және басқарушылық мақсаттарды қамтамасыз етуiн iске асыруға арналған.
      Телекоммуникацияның ведомстволық желiлерi ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылады.
      Бұл ретте телекоммуникацияның ведомстволық желiлерiн осы тармақта көзделмеген өзге мақсаттар үшiн пайдалануға жол берiлмейдi.
      6. Телекоммуникацияның бөлектелген желiлерi телекоммуникация желiлерiнің дербес санаты болып табылады және пайдаланушылардың шектеулi тобына телекоммуникация (электрлi байланыс) қызметтерiн көрсетуге арналған және:
      1) әрекеттесе алады, бiрақ Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне немесе ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылған кез келген басқа желiлерге, сондай-ақ шет мемлекеттердiң ортақ пайдаланылатын телекоммуникация (электрлi байланыс) желiлерiне қосылмайды;
      2) егер ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерінің жұмыс iстеуiн регламенттейтiн талаптарға сәйкес келсе, оларды ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсінің санатына ауыстыра отырып, ортақ танылатын телекоммуникация желiлерiне қосуға болады. Бұл ретте осы бөлектелген желiге берiлген географиялық емес код алып тасталады;
      3) осы телекоммуникация желiлерi операторларының байланыс қызметтерiн көрсетуi лицензиялар негiзiнде, лицензияда көрсетiлген аумақтар шегiнде, бөлектелген желілерге уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен берiлген нөмiрлеудi (гeoграфиялық емес кодты) пайдалана отырып жүзеге асырылады.
      Бөлектелген желiлердi ұйымдастыру үшiн қолданылатын байланыс технологиялары мен құралдарын, сондай-ақ құру принциптерiн осы желiлердiң иелері белгiлейдi.
      7. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерi Қазақстан Республикасындағы қорғаныс, қауіпсiздiк және құқық тәртiбiн қорғау қажеттерiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ үкіметтiк байланысты қамтамасыз етуге арналған және ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiне жалғанады.
      Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiн өтеулi байланыс қызметтерiн көрсету үшiн пайдалануға болмайды.
      8. Телекомммукацияның корпорациялық желiлерi заңды тұлғалардың басқару және ішкі өндiрiстiк мақсаттарын iске асыруды қамтамасыз етуге арналған.
      Телекоммуникацияның корпорациялық желiлерi:
      1) егер олар тиiстi нөмiрлеу ресурсын бөлектей отырып, желінің түрлі әкімшілік аумақтар бойынша бөлiнген учаскелерiн бiрiктiретiн болса, әкiмшілік аумақ шеңберiнде мекемелiк коммутациялық станция арқылы корпорациялық клиент ретiнде немесе Қазақстан Республикасының халықаралық коммутация орталығының транзиттік торабы деңгейiнде ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосылуы;
      2) осы Заңның 17-бабына cәйкес кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыруға лицензия алған жағдайда байланыс қызметтерiн өтеулі көрсету үшiн (егер олардың қолданылу аймағында ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілерi операторларының желiлерi болмаса) пайдаланылуы мүмкін.
      9. Телевизия және радио хабарларын тарату желiлерi бiрыңғай телекоммуникация желiсiнің құрамдас бөлiгi болып табылады және Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердiң аумағына телевизия және радио бағдарламаларын тарату әрi трансляциялау үшiн пайдаланылатын, жердегi және жерсеріктік хабар тарату жүйелерiнiң бiртұтас өндiрiстік-технологиялық кешенiн құрайды. Жердегi жүйелерге мемлекеттік және коммерциялық бағдарламаларды трансляциялауға арналған радиорелелi және кәбiлдi байланыс желiлерi, қуаты әртүрлі радиотаратқыштар мен басқа да құралдар кiредi. Жерсеріктік жүйелерге халықаралық жерсерiктік ұйымдарға, жекелеген мемлекеттерге тиесiлі орбиталық байланыс жерсерiктерi мен жердегi таратушы және қабылдаушы станциялар кiредi.
      10. Мемлекеттiк телевизия және радио бағдарламаларын тарату және трансляциялау үшiн байланыс операторларының техникалық құралдары мен арналарын пайдалана отырып, бiрыңғай телекоммуникация желiсiне негiзделген телевизия мен радио хабарларын таратудың республикалық және өңiрлік желiлерi құрылады. Коммерциялық телерадио хабарларын тарату ұйымдары өз бағдарламаларын тарату мен трансляциялау үшiн өз меншiгiндегi желiлерiн де және жасалған шарт талаптарымен басқа телекоммуникация желiлерiн де пайдалануға құқылы.
      11. Телевизия және радио хабарларын тарату желілерi бағдарламаларды тарату мен трансляциялаудан басқа, бейбiт уақыттағы төтенше жағдайларда және жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезiндегi ерекше кезеңде хабарлау сигналдарын таарту үшiн қорғаныс, ұлттық қауіпсiздік және құқық тәртiбiн қорғау мүддесiне пайдаланылады.

       22-бап. Фельдъегерлік және арнаулы байланыс

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк фельдъегерлік қызметi мемлекеттiк құпияларды қорғауды қамтамасыз ете отырып, үкiметтiк курьерлік байланысты жүзеге асыратын қызмет болып табылады. Қазақстан Республикасы фельдъегерлiк қызметiнiң жеке құрамы iшкi iстер органдарының кадрларында тұрады, жедел қызметтік міндеттерді шешу үшін жауынгерлік атыс қол қаруымен, арнаулы қорғану және байланыс құралдарымен, сондай-ақ нысанды киiм-кешекпен қамтамасыз етiледi.
      2. Арнаулы байланыс қызметi арнаулы байланыс арналары бойынша арнаулы жөнелтiмдердi жiберген кезде мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәліметтердi қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi ерекше жарғылық міндеттердi орындайды.
      Арнаулы байланыс қызметi Қазақстан Республикасы Ұлттық почта операторының бiрыңғай құрылымдық бөлiмшесi болып табылады, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес арнаулы байланыс қызметiн көрсетедi.
      Арнаулы байланыс қызметінің жеке құрамы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес нысанды киiммен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметтiк қарумен, арнаулы қорғану және байланыс құралдарымен қамтамасыз етiледi.
      3. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiн ұйымдастыру қызметін, сондай-ақ фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiн көрсету тәртiбi мен оларды пайдаланушылардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.
      4. Қазақстан Республикасы почта байланысы ұйымдарының, фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiнiң, Қарулы Күштерiнiң фельдъегерлiк-почта байланысының өзара қатынастары тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың бiрлескен нормативтiк құқықтық актiлерiнде регламенттеледi.
      5. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерi тасымалдайтын арнаулы жөнелтiмдер тексеруге және кідіртiлуге жатпайды.

       23-бап. Қазақстан Республикасының уәкілетті
                мемлекеттік органдарының, әскери басқару, ұлттық
                қауіпсіздік және ішкі істер органдарының
                қажеттеріне арналған байланыс желілері

      1. Үкіметтік байланысты Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн телекоммуникацияның арнаулы түрлерiн құру, дамыту және қауіпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы арнаулы уәкiлеттi мемлекеттiк орган қамтамасыз етедi. Аталған орган мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтердi өз өкiлеттiктерi шегiнде сақтай отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын телекоммуникацияның арнаулы түрлерiмен қамтамасыз етедi.
      Байланыс операторлары үкіметтiк байланыстың техникалық мүмкіндiктерi мен жарақтануын есепке ала отырып, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация жерлерiн жаңғыртуды және дамытуды ұлттық қауiпсiздiк органымен келiсе отырып жүргізеді.
      Үкiметтiк байланыс жүйесi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қамтамасыз етiледi.
      2. Қазақстан Республикасының қорғаныс, қауiпсiздік және құқық тәртібін сақтау қажеттеріне арналған байланысты ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiн негiз ретiнде пайдаланатын арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерi қамтамасыз етедi.
      3. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi мен ведомстволық байланыс желiлерiнiң арналары Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, әскери басқару, ұлттық қауiпсiздiк және ішкі iстер органдарының қажеттері үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен шарт негiзiнде берiледi.
      4. Арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге арналған бiрыңғай телекоммуникация желiсінің ресурстарын әзiрлеу мен пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
      5. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, әскери басқару, ұлттық қауіпсiздiк және ішкі істер органдарының қажеттерi үшiн байланыс арналары мен желiлерiн басымдықпен берудi және байланыс арналары бүлінген жағдайда оларды ауыстыру немесе қалпына келтiру жөнiнде бiрiншi кезектегi және шұғыл шаралар қолдануға мiндеттi.
      6. Байланыс операторларының, сот шешiмiмен болмаса, байланыс арналарын ажыратуға және (немесе) Қазақстан Республикасының әскери басқару, ұлттық қауiпсiздiк және ішкі iстер органдарына үкіметтік байланыс қызметтерiн, байланыс қызметтерiн көрсетудi тоқтата тұруға құқығы жоқ.
      7. Байланыс операторлары байланыстың жұмыс iстеп тұрған және жаңадан салынып жатқан құрылыстары мен тораптарында техникалық құралдарды орналастыру үшiн қажеттi алаңдарды, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желiлерi мен үкiметтiк байланыс мүдделерiне пайдаланылатын желiлiк-кәбiлдiк құрылыстардағы резервтiк сыйымдылықтар мен кепiлдi электрмен қоректендiруді көздеуге мiндеттi.
      8. Бейбiт уақытта жедел жағдай шиеленiскен, ерекше маңызды жұмыстар мен iс-шаралар жүргізілген кезде байланыс операторлары жедел iздестiру қызметiн жүзеге асыратын немесе ерекше маңызды жұмыстар мен iс-шараларды жүргiзуге өкілеттiгi бар байланыс қызметтерiн пайдаланушыларға жеке өтiнiмдер бойынша, шарттарды ресiмдемей уақытша жалдау жағдайында, шығындарды кейiн өтейтіндей етiп, қажет болған жағдайда ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнің жұмыс арналарын пайдалана отырып, қосымша арналар мен тiкелей байланыс жолдарын бөліп береді.

       24-бап. Почта байланысы

      1. Почта байланысы почта жөнелтiмдерiн қабылдауды, сұрыптауды, тасымалдау мен жеткiзудi, ақша аударуды қамтамасыз ететiн, сондай-ақ шарт негiзiнде мерзiмдi баспасөздi жөнелтудi, жеткiзiп беру мен таратуды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жеткiзіп берудi ұйымдастыратын байланыс инфрақұрылымының бiр бөлiгі болып табылады.
      2. Әскери жөнелтiмдердi сұрыптау мен қолға тапсыруды Қазақстан Pecпубликасы Қарулы Күштерiнің фельдъегерлік-почта байланысы жүзеге асырады.
      3. Почта байланысы саласындағы қызметтердi уәкiлеттi орган белгiленген тәртіппен беретiн лицензиялар негiзiнде почта байланысының мемлекеттiк емес ұйымдары көрсетуге құқылы.
      4. Почта жөнелтiмдерiн жеткiзу мерзiмдерiн уәкiлеттi орган айқындайды.
      5. Почта жөнелтімiн жiберушi оның құндылығын салыным құны шегiнде жариялауға құқылы.

  4-тарау. Телекоммуникация желілерінің әрекеттестігі

       25-бап. Телекоммуникация желілерін қосу

      1. Барлық байланыс операторларының өз желiлерiн ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне қосуға құқығы бар.
      Телекоммуникацияның бiр желiсiн басқа желiге қосуды байланыс операторлары шарт негiзiнде жүзеге асырады.
      2. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнiң операторлары уәкiлеттi орган монополияға қарсы органмен келiсе отырып бекiтетiн ережелерге сәйкес қосу қызметтерiн көрсетуге мiндетті.

       26-бап. Басым байланыс операторларының
                телекоммуникация желiлерiн қосу ерекшеліктері

      1. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерінің басым операторлары үшін телекоммуникацияның басқа желiлерiн қосу қызметтерiн көрсетудiң, сондай-ақ желiлердiң әрекеттестігі және трафиктi өткiзу бойынша осыған байланысты мiндеттемелердің талаптарын айқындайтын қосу шарты жария шарт болып табылады, оның құрылымын монополияға қарсы орган бекiтедi.
      2. Басым байланыс операторының қосу шартын жасасудан бас тартуына жол берiлмейдi.
      3. Телекоммуникация желілерiнiң операторлары өз желілерiнде байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың әрқайсысына уәкiлетті орган айқындайтын тәртіппен қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторын еркін таңдаудың техникалық мүмкiндiгін қамтамасыз етуге міндетті.
      4. Қалааралық және халықаралық байланыс операторлары:
      1) өз желiлерiнің абоненттерiне қалааралық және халықаралық телефон байланысы қызметтерiн;
      2) басқа байланыс операторларына қалааралық және халықаралық байланыс қызметтерiн;
      3) трафик транзитi және басқа байланыс операторларына желілік ресурстарды беру бойынша қызметтердi;
      4) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актiсiнде белгiленген тәртіппен тиiстi лицензияларды алған жағдайда байланыс қызметінің өзге де түрлерін көрсетуге құқылы.
      5. Қалааралық байланыс операторлары:
      1) өз желiлерiнің абоненттер не қалааралық телефон байланысы қызметтерін;
      2) басқа байланыс операторларына қалааралық байланыс қызметтерiн;
      3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актісінде белгiленген тәртiппен тиiстi лицензияларды алған жағдайда байланыс қызметінің өзге де түрлерін көрсетуге құқылы.
      6. Халықаралық байланыс операторлары:
      1) өз желiлерінiң абоненттеріне халықаралық телефон байланысы қызметтерiн;
      2) басқа байланыс операторларына халықаралық телефон байланысы қызметтерін;
      3) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заң актiсiнде белгіленген тәртіппен тиiстi лицензияларды алған жағдайда байланыс қызметінiң өзге де түрлерін көрсетуге құқылы.

  5-тарау. Байланыс құралдарын, байланыс ғимараттары мен желілерін, радиожиілік спектрін және байланыс жерсеріктерінің орбиталық позицияларын қорғау және күзету

       27-бап. Байланыс желiлерінің күзетілетін аймақтары

      1. Байланыс желiлерінің сақталуын, техникалық құралдардың, ғимараттар мен құрылғылардың пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында күзетілетін аймақтар мен соқпақтар белгiленедi, олар жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтары болып табылады.
      2. Күзетілетiн аймақтарға енгiзiлген жер жергілікті жерде арнаулы белгілермен белгіленедi. Мұндай жер меншік иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қоюға жатпайды.
      3. Күзетілетiн аймақтарды белгiлеу тәртiбін және олардағы жұмыс режимiн уәкілетті орган айқындайды. Аталған аймақтардың шекараларын және олардағы жер пайдалану режимін Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес жерді меншікке немесе жер пайдалануға беру туралы шешім қабылдаған орган айқындайды.

       28-бап. Байланыс құралдарын, байланыс ғимараттары
                мен желiлерiн, радиожиілік спектрін және
                байланыс жерсеріктерінің орбиталық
                позицияларын қорғау және күзету

      1. Байланыс құралдары, байланыс ғимараттары мен желiлерi, радиожиiлiк спектрi және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позициялары мемлекеттiң қорғауында болады.
      2. Байланыс құралдарын, байланыс ғимараттары мен желiлерін, радиожиілік спектрін, байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын күзету Қазақстан Pecпубликасының заңдарына сәйкес белгiленеді.
      3. Радиожиiлiк спектрiн және байланыс жерсерiктерiнiң орбиталық позицияларын пайдаланудың белгiленген тәртiбiн қорғау мақсатында электромагниттiк жүйелердiң жұмыс iстеуiне нормаланбаған бөгеуiлдер туғызатын радиоэлектрондық байланыс құралдарын шығаруға және Қазақстан Республикасына әкелуге, сондай-ақ пайдалануға Қазақстан Республикасының заңдарымен шектеулер белгiленуi мүмкін.
      4. Байланыс құралдарының, телекоммуникация ғимараттары мен желiлерiнiң бүлiнуiне, радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиектi құрылғыларды дайындаудың, сатып алудың, әкелудiң, пайдаланудың және тіркеудiң, барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілiктi құрылғылардың жұмысына арналған радиожиiлiктi пайдаланудың белгіленген тәртібiн бұзуға жол берген, сондай-ақ теле- және радио қабылдауға нормаланбаған бөгеуiлдер жасайтын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.

  6-тарау. Байланыс желілерін дамыту

       29-бап. Байланыс желілерін дамыту

      1. Байланыс операторлары байланыс желілерін дамытуды дербес жоспарлайды және жүзеге асырады. Пайдаланушыларға телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін байланыс желілерін дамыту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Байланыс желілерін дамытуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру өз қаражатының және қарыз қаражатының есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен инвестицияларды тарту есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Тұрғын үйлер мен басқа да объектiлердi салу кезiнде iшкi және орамдар iшiндегi байланыс желiлерiн жобалау мен тарту, сондай-ақ абоненттiк почта шкафтарын орнату қолданыстағы техникалық нормалар мен ережелер негiзiнде құрылысқа тапсырыс берушiлердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      4. Тұрғын жай массивтерiнiң кешендi құрылысын, өндiрiстiк объектiлер мен оған iргелес жатқан елдi мекендердi салу кезiнде, азаматтық ғимараттар мен почта бөлiмшелерiнiң үй-жайларын қоса алғанда, барлық байланыс құралдарын жобалау мен салу тапсырыс берушiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      5. Үйлердi, ғимараттарды, жолдарды, көпiрлердi және басқа да объектiлердi салу немесе қайта жаңарту кезiнде байланыс желiлерiн қайта салу мен көшiру жөнiндегi жұмыстар стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерiнiң меншiк иелерi және (немесе) пайдаланушылар беретiн техникалық шарттар бойынша құрылысқа тапсырыс берушiнiң есебiнен орындалады.
      6. Жалпыреспубликалық магистральдық, халықаралық байланыс жолдары мен желiлерiн жобалауды, салуды құрылыс саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган беретiн лицензия негiзiнде жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi органмен келiсе отырып жүзеге асырады.
      7. Қызметкерлерi үкiметтiк байланыс желiсiнiң абоненттерi болып табылатын мемлекеттiк органдардың және ұйымдардың ғимараттарын, құрылыстары мен объектiлерiн салу кезiнде, сондай-ақ олар орналасқан жерiн ауыстырған кезде қосу желiлерiн және арнаулы мақсаттағы iшкi байланыс желiлерiн жобалау мен тартуды құрылысқа тапсырыс берушiлер өз қаражаты есебiнен жүзеге асырады.

       30-бап. Көлiк құралдарын пайдалану

      1. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiне шарт талаптарымен темiр жол, теңiз, iшкi су, әуе және автомобиль көлiгiнiң барлық бағдарлары мен жолдары бойынша почта байланысы қызметкерлерiнiң, фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерiнiң алып жүруiмен почта және арнаулы жөнелтiмдердi тасымалдауға, сондай-ақ почта жөнелтiмдерiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес тасымалдау үшiн тапсыруға құқық берiледi.
      2. Облыс iшiндегi қалааралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық бағдарлар бойынша тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын көлiк ұйымдары, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тасымалдау жөнiндегi қызметтердi көрсетуге мүмкiндiгi болмаған жағдайларды қоспағанда, почта және арнаулы жөнелтiмдердi тасымалдауға шарт жасасудан бас тартуға құқылы емес, сонымен қатар:
      1) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде кезексiз билет сатып алу;
      2) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерi автомобиль көлiгi құралдарының темiр жол, теңiз, iшкi су, әуе және автомобиль көлiктерi тұрақтарына өту;
      3) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерi қарулы қызметкерлерiнiң жолаушыларды жаппай отырғызуға дейiн көлiкке отыру құқығын қамтамасыз етедi.
      3. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiнiң автомобиль көлiгi құралдары қандай да бiр ерекше жазбаларсыз "арнаулы" санатқа жатқызылады және соғыс жағдайын енгiзу немесе соғыс уақытын жариялау жағдайларын, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзу кезiн не табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай болған кездi қоспағанда, оларды осы қызметтердiң келiсiмiнсiз мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк ұйымдардың мүдделерiне пайдалануға болмайды.
      4. Бүлiнген байланыс желiлерi мен құралдарында авариялық ахуал туындаған жағдайда байланыс ұйымдары тасымалдаушыдан көлiк құралдарын бiрiншi кезекте жалға алуға құқылы.
      Байланыс ұйымдарына тиесiлi автомобиль көлiгi құралдарының арнаулы рәмiздерi болуы мүмкiн және оларды байланыс ұйымдарының келiсiмiнсiз байланыс саласындағы қызметке жатпайтын қызметтер көрсету мен жұмыстарды орындау үшiн пайдалануға болмайды.

       31-бап. Байланыс жерiн беру және пайдалану

      1. Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес байланыс операторларына меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлген, сондай-ақ жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану (сервитут) құқығымен берiлген жер учаскелерi байланыс жерiне жатады.
      2. Автостанциялар мен темiр жол станциялары, әуежайлар, теңiз, өзен порттары мен айлақтары жанынан почта тасымалдау бөлiмшелерi үшiн үйлер, құрылыстар немесе ғимараттар салуға арналған жер учаскелерi - вокзал үйiне таяу жерден, ал қалалық почтамттар мен почта байланысы тораптарын салуға - автомобиль көлiгi құралдарымен, почта вагондарымен, ұшақтармен, теңiз және өзен кемелерiмен жеткiзiлген почта жөнелтімдерін алмастыруға жағдай туғыза отырып, қаланың орталық бөлiгiнен бөлiнуге тиiс.
      3. Байланыс операторларына берiлетiн жер учаскелерiнiң, оның iшiнде күзетiлетiн аймақтар мен соқпақтардың көлемi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен осы қызмет түрi үшiн жер учаскелерiн бөлудiң нормаларына және жобалау-техникалық құжаттамаға сәйкес айқындалады.
      4. Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында ұсынылатын талаптар сақталған жағдайда көпiрлер, туннельдер, көшелер, автомобиль және темiр жолдар, құрылыстар, коллекторлар, тыйым салынған аймақтар, ормандар мен сулар арқылы байланыс желiлерiн тартуға құқылы.
      5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiне және жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына телекоммуникация желiлерi мен объектiлерiн салу Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес аталған жерде (аумақтарда) жер пайдаланудың белгiленген режимiн ескере отырып жүзеге асырылады.
      6. Жер учаскесiндегi, үйдегi, құрылыстағы немесе ғимараттағы жұмыстар аяқталғаннан кейiн байланыс операторы немесе тапсырыс берушi жер учаскесiн, үйдi, құрылысты немесе ғимаратты өз есебiнен бастапқы қалпына келтiруге не жер учаскесiнiң меншiк иесiне, жер пайдаланушыға немесе үйдiң, құрылыстың немесе ғимараттың меншiк иесiне келтiрiлген шығындарды өтеуге мiндеттi.
      7. Байланыс операторлары желiлер мен объектiлердi салу кезiнде табиғат қорғау технологияларын қолдануға және қызметiн жүзеге асыру кезiнде экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуге мiндеттi. Бұл орайда қоршаған ортаға және халықтың экологиялық қауiпсiздiгiне келтiрген залалы үшiн операторлар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
      8. Елдi мекендердi жаңадан салуға, кеңейтуге, қайта жаңартуға, жердi игеруге, мелиорация жүйелерiн қайта орналастыруға, пайдалы қазбаларды шығаруға байланысты байланыс ғимараттарын көшiрудi немесе қайта орналастыруды құрылыс тапсырысшылары стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерiн иеленушiлердiң және (немесе) пайдаланушылардың техникалық шарттары бойынша өз есебiнен жүргiзедi. Бұл ретте байланыс құралдарының қуатын ұлғайту байланыс ғимараттары меншiк иелерiнiң есебiнен жүзеге асырылады.
      9. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскесiн шектеулі нысаналы пайдалану құқығын мүдделi байланыс операторларына табыстауға мiндеттi.
      10. Байланыс объектiлерi үшiн жер учаскелерiне құқықтар табыстау жергiлiктi атқарушы органдар шешiмiнiң, жер учаскесiн сатып алу-сату шартының, жер учаскесiн жалдау шартының негiзiнде, сондай-ақ жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану туралы шарт (сервитут шарты) бойынша жүзеге асырылады.

  7-тарау. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтері

       32-бап. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерi

      1. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерi - дауыстық телефония мен жеткiзу жолдарын пайдалану секторында бекiтiлген байланыс қызметтерi, оларды уәкiлеттi орган белгiлеген қызмет көрсету сапасының параметрлерiмен халыққа беру мiндеттi болып табылады.
      2. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн берудiң негiзгi өлшемдерiне:
      1) байланыс қызметтерiн пайдаланушылар үшiн бағаның қолжетiмдiлiгi;
      2) тұрған жерi бойынша елдi мекен санатын және тұрғындар санын ескере отырып айқындалатын қолжетiмдiлiк;
      3) белгiленген уақыт кезеңi iшiнде жеке телефондар орнатуға немесе қолжетiмдi жолдың белгiлi бiр санын енгiзуге (қоғамдық телефондар орнатуға) өтiнiмдердi қанағаттандыруды ескере отырып айқындалатын уақыт бойынша қолжетiмдiлiк жатады.
      3. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсiнде қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын беру құқығы үшiн мемлекеттiк бюджетке қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы берiлгенi үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында айқындалатын тәртiппен төлемақы енгiзiледi.
      4. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiне тарифтер мiндеттi мемлекеттiк реттеуге жатады және оларды Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

       33-бап. Әмбебап қызмет көрсету операторы

      1. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсетудi байланыс операторлары конкурстық негiзде жүзеге асырады немесе ол осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалады.
      2. Облыстағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ аумағында (оның ерекшелiктерiн ескере отырып) жұмыс iстейтiн телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсету жөнiндегi байланыс операторларының саны барлық ықтимал пайдаланушыларды телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiмен қамтамасыз ету қажеттiлiгiн негiзге ала отырып айқындалады.
      Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсету құқығы Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi байланыс операторларының арасында жүргiзiлген конкурс нәтижелерi бойынша берiледi.
      Конкурсқа қатысуға өтiнiмдер болмаған немесе жеңiмпазды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, уәкiлеттi орган телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсетудi осы аумақта ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнiң қызметтерiн көрсететiн басым байланыс операторына жүктейдi.
      3. Басым байланыс операторы өзiне жүктелген әмбебап байланыс қызметтерiн көрсету жөнiндегi мiндеттерден бас тартуға құқылы емес.

       34-бап. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн
                көрсеткенi үшiн өтемақы

      1. Селолық елдi мекендерде телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсететiн байланыс операторларының шығындары, егер бұл конкурс нәтижелерiмен немесе телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсету жөнiндегi мiндеттемелердi осы аумақта ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнiң басым байланыс операторына шарт негiзiнде жүктеу талаптарымен айқындалған болса, өтелуге тиiс.
      Қалаларда телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсететiн байланыс операторларының шығындары өтелмейдi.
      2. Өтемақы мөлшерiн айқындау кезiнде әмбебап қызмет көрсету операторы қызмет түрлерi бойынша, көрсетiлетiн байланыс қызметтерi және осы қызметтердi көрсету үшiн пайдаланылатын байланыс желiсiнiң бөлiктерi бойынша кiрiстер мен шығыстардың бөлек есебiн жүргiзуге мiндеттi.
      Қызмет түрлерi, көрсетiлетiн байланыс қызметi және осы қызметтердi көрсету үшiн пайдаланылатын байланыс желiсiнiң бөлiктерi бойынша кiрiстер мен шығыстардың бөлек есебiн жүргiзуге мүмкiндiк болмаған жағдайда, әмбебап қызмет көрсету операторларына өтемақы мөлшерi конкурс нәтижелерi немесе басым байланыс операторына әмбебап телекоммуникация қызметтерiн беру жөнiнде мiндеттемелер жүктеу шарттары бойынша айқындалады.
      3. Халыққа телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсететiн байланыс операторларының шығындарын өтеу үшiн телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiнiң құнын субсидиялау ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      4. Телекоммуникацияның қалалық желiлерiнiң абоненттерi болып табылатын әлеуметтiк қорғалатын азаматтарға телефон үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеу мөлшерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

  8-тарау. Байланыс қызметтерін пайдаланушылардың құқықтары

       35-бап. Байланыс қызметтерiнiң сапасы

      1. Байланыс операторлары пайдаланушыларға сапасы жағынан стандарттарға, техникалық нормаларға, байланыс қызметiн көрсету шартының талаптарына сәйкес келетiн байланыс қызметтерiн көрсетуге мiндеттi.
      2. Байланыс қызметтерi пайдаланушылардың барлық санаттарына (тұрғын халыққа, бюджеттiк ұйымдарға, шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеңiлдiктер мен артықшылықтар ескерiле отырып, уәкiлеттi орган бекiтетiн байланыс қызметтерiн көрсету ережелерiне сәйкес тең жағдайларда көрсетiледi.

       36-бап. Байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың
                құқықтарын қорғау

      1. Пайдаланушылардың өздерiне тиiстi сападағы байланыс қызметтерiнiң көрсетiлуiне құқығын, осындай қызметтер туралы және оларды орындаушылар туралы ақпарат алу құқығын қорғау, сондай-ақ осындай құқықтарды iске асыру тетiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
      2. Байланыс операторлары хат-хабар алысу, телефонмен сөйлесу, почта жөнелтiмдерi, телекоммуникация желiлерi бойынша берiлетiн телеграфтық және өзге де хабарламалар құпиясын қамтамасыз етедi, бұған Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен осы құқықты шектеу жағдайлары қосылмайды.
      3. Жергiлiктi телефон байланысының қызметтерiн көрсететiн ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнiң байланыс операторлары анықтама қызметтерiн құру немесе телефон нөмiрлерiнiң анықтамалығын жариялау мақсатында сұрау салу бойынша бiр-бiрiне өз желiсiнiң пайдаланушылары туралы деректерге рұқсат беруге құқылы. Ақпарат осы Заңның және Қазақстан Республикасының пайдаланушылар құқықтарын қорғау туралы заңдарының талаптары ескерiле отырып берiледi.
      4. Байланыс операторынан абоненттер туралы қызметтiк ақпарат алуға пайдаланушының келiсiмiмен ғана және осы Заңның 15-бабында көзделген жағдайларда рұқсат етiледi.
      Телефонмен сөйлесудi тыңдауға, телекоммуникация хабарламаларымен танысуға, почта жөнелтiмдерi мен құжаттамалық хат-хабарларды кiдiртуге, қарауға және алуға, олар туралы мәлiметтер алуға, сондай-ақ байланыс құпияларын өзге де шектеулерге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен ғана рұқсат етiледi.
      5. Байланыс операторлары байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың хат-хабар алысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф арқылы жiберiлетiн және өзге де хабарламаларының құпиясын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      6. Байланыс операторының жергiлiктi телефондық қосылыстарды уақытына қарай есепке алуды жүзеге асыруға техникалық мүмкiндiктерi болған жағдайда, байланыс қызметiн пайдаланушы - жеке тұлға қызметтерге абоненттiк немесе уақытына қарай ақы төлеу жүйесiн таңдап алуға құқылы.
      Уақытына қарай ақы төлеу жүйесi кезiнде пайдаланушының талабы бойынша байланыс операторы ақы төленуге тиiстi, жүзеге асырылған жергiлiктi телефондық қосылыстар туралы жазбаша ақпаратты тегiн беруге мiндеттi.
      Мұндай ақпарат берiлмеген жағдайда байланыс қызметтерiн пайдаланушы байланыс қызметтерiне абоненттiк жүйе бойынша төлем жүргiзуге құқылы.
      Байланыс қызметтерiн пайдаланушы - заңды тұлға жергiлiктi телефондық қосылыстарға уақытына қарай ақы төлеу жүйесi бойынша есеп айырысуды жүзеге асырады. Байланыс қызметтерiн пайдаланушы телефондық қосылыстарды есепке алудың сертификатталған есептегiшiн орнатуға құқылы.

  9-тарау. Байланыс қызметтерін көрсету ерекшеліктері

       37-бап. Байланыс операторларының қызметiнде тiлдер мен
                әлiпбилердi пайдалану

      1. Қазақстан Республикасының аумағында байланыс желiлерiнде байланыс операторларының қызметтiк iс жүргiзуi мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының шегiнде жiберiлетiн жеделхаттар мен почта жөнелтiмдерiн жөнелтушi мен алушының мекен-жайлары жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде ресiмделуге тиiс.
      3. Жеделхаттың мәтiнi жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде жазылуға тиiс.
      4. Байланыс желiлерi арқылы берiлетiн халықаралық хабарламалар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келiсiмдерiнде айқындалатын тiлдерде өңделедi.
      5. Байланыс операторларының қызметiне қатысты ақпараттық, анықтамалық және басқа да мәлiметтер, сондай-ақ бланкiлiк өнiмнiң үлгiлерi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, байланыс қызметтерiн пайдаланушылар үшiн қолайлы жерге орналастырылады.

       38-бап. Байланыс саласындағы есепке алу-есеп беру
                уақыты

      1. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жерiне қарамастан, хабарламалар мен ақпаратты берудiң немесе қабылдаудың технологиялық процестерiнде байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде уәкiлеттi орган белгiлейтiн бiрыңғай есепке алу-есеп беру уақытын қолданады.
      2. Байланыс қызметтерiн пайдаланушыларға байланыс қызметтерiн көрсету уақыты туралы хабарлау жергiлiктi уақыт бойынша жүргiзiледi.
      3. Халықаралық байланыстағы есепке алу-есеп беру уақыты Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.

       39-тарау. Халықаралық ынтымақтастық

      1. Байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Халықаралық қызметте уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының байланыс әкiмшiлiгi ретiнде өз құзыретi шегiнде халықаралық одақтар мен байланыс ұйымдарында Қазақстан Республикасының мүдделерiне өкiлдiк етедi және қорғайды.

  10-тарау. Қорытынды ережелер

       40-бап. Байланыс операторлары мен байланыс қызметтерiн
                пайдаланушылардың жауапкершiлiгi

      1. Байланыс операторлары:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелетiн почта жөнелтiмдерiнiң жоғалғаны, жетiспеушiлiгi, бүлiнгенi (бұзылғаны) үшiн;
      2) жеделхат мәтiнi оның мағынасы өзгеретiндей бұрмаланғаны үшiн;
      3) жеделхаттың жеткiзiлмегенi немесе жеделхаттың белгiленген мерзiм өтiп кеткен соң жолданым иесiне табыс етiлгенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Mүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
      Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарын бұза отырып байланыс қызметтерiн көрсеткен байланыс операторлары байланыс қызметтерiн пайдаланушыға осындай бұзушылықтан болған шығындарды өтеуге мiндеттi.
      2. Байланыс қызметiн пайдаланушы шарт талаптарын, жабдықтарды пайдалану ережелерiн бұзған, телекоммуникация желiсiнде сертификатталмаған жабдықтарды пайдаланған жағдайда, сондай-ақ байланыс қызметтерiне уақтылы ақы төлемеген жағдайда, жазбаша хабардар етiлгеннен кейiн он күн өткен соң, байланыс операторы, осы Заңның 15-бабы 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, байланыс қызметiн пайдаланушы байланыс операторының кiрiс шығындарын және жабдықтардың бүлiнуi немесе тоқтап тұруы салдарынан байланыс операторына келтiрiлген зиянды өтей отырып, кемшiлiктердi жойғанға дейiн пайдаланушының байланыс желiсiне қол жеткiзуiн Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес тоқтата тұруға құқылы.
      3. Байланыс операторы хабарламаларды беру немесе қабылдап алу не почта жөнелтiмдерiн жөнелту немесе жеткiзу жөнiндегi мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн, егер мiндеттемелердiң осылайша орындалмауы немесе тиiсiнше орындалмауы байланыс қызметiн пайдаланушының кiнәсiнен не еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғаны дәлелденсе, жауап бермейдi.

       41-бап. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы
                заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

       42-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi туралы

      1. Осы Заң, 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 26-бабының 3-тармағын, 5-тармағының 2) тармақшасын және 6-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. "Байланыс туралы" 1999 жылғы 18 мамырдағы Қазақстан Республикасы  Заңының  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 12, 396-құжат; 2001 ж., N 24, 338-құжат; 2003 ж., N 1-2, 10-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президентi