Техникалық реттеу туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы N 603 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертуі: Осы Заңның күшіне ену тәртібін 47-баптың 1-тармағынан қараңыз.

      Ескерту. Бүкiл мәтiн бойынша "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық акт", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлермен, "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актіде", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнi", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiге", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiн", "техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiнiң" деген сөздер тиiсiнше "техникалық регламенттерде", "техникалық регламенттер" "техникалық регламенттердiң", "техникалық регламенттердi", "техникалық регламент", "техникалық регламенттермен", "техникалық регламенттерге", "техникалық регламентте", "техникалық регламенттi", "техникалық регламентке", "техникалық регламенттерiн",  "техникалық регламенттiң" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз);
      бүкіл мәтін бойынша "мен қадағалау", "мен қадағалауды" деген сөздер алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

     Осы Заң Қазақстан Республикасында өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң құқықтық негiздерiн белгiлейдi.
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз) Заңымен.

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) аккредиттеу - аккредиттеу жөнiндегi орган өтініш берушінің белгiлi бiр салада техникалық реттеу объектiлерiнiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау жөнiндегi жұмыстарды орындауға құзыреттілігін ресми танитын рәсiм;

      2) (алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;

      3) (алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;

      4) аккредиттеу саласы - аккредиттеу қолданылатын, ресми танылған сәйкестікті бағалау объектілері;

      5) аудит (сәйкестiктi растау саласындағы) - сәйкестiктi растау жөнiндегi аккредиттелген органдардың және (немесе) сынақ зертханаларының (орталықтарының) қызметiн жүйелi, тәуелсiз құжатталған талдау, сондай-ақ өтiнiм берушiнiң бастамасы бойынша жүргiзiлетiн сертификатталған өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң, процестердiң, сапа менеджментi жүйелерiнiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн бақылау;

      5-1) әскери және қосарланған мақсаттағы тауарларға (өнімге), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге әскери стандарт – белгіленген және арнайы пайдалану мақсатында әскери мақсаттағы объектілерге қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін, мемлекеттік құпияларды құрайтын және таратылуы шектеулі мәліметтерден тұратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен бекітілген нормативтік-техникалық құжат.

      6) берушi - өнiм беретiн, қызмет көрсететiн жеке немесе заңды тұлға;

      7) дайындаушы (орындаушы) - өнiмдi кейiннен иелiктен шығару немесе өндiрiстiк мақсаттарда өзi тұтыну үшiн өндiретiн, сондай-ақ өтеулi және (немесе) өтеусiз шарт бойынша жұмыстарды орындайтын немесе қызметтер көрсететiн жеке немесе заңды тұлғалар;

      8) инспекциялық бақылау - сертификатталған өнiмнiң, процестiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау жөнiндегi аккредиттелген органның уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асыратын тексеруi;

      9) (алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;

      10) көрсетiлетiн қызмет - берушi мен тұтынушының тiкелей өзара iс-қимылының және берушiнiң тұтынушы қажеттiктерiн қанағаттандыру жөнiндегi iшкi қызметiнiң қорытындылары;

      11) қауiп-қатер - зардаптарының ауырлық деңгейi ескерiле отырып, адамның өмiрiне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, оның iшiнде жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiне зиян келтiру ықтималдығы;

      12) мемлекеттiк стандарт - уәкiлеттi орган бекiткен және тұтынушылардың қалың көпшiлiгiне қолжетiмдi стандарт;

      13) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесi - өз құзыретi шегiнде техникалық реттеу саласындағы жұмыстарды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актiлердiң, стандарттардың жиынтығы;

      14) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң тiзiлiмi - техникалық регламенттердi, стандарттарды, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiн, сәйкестiктi растау жөнiндегi органдарды, сынақ зертханаларын, стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттердi, сарапшы-аудиторларды және сәйкестiктi растау саласында берiлген құжаттарды есепке алу құжаты;

      15) мүдделi тараптар - қызметi техникалық регламенттердi әзiрлеумен тiкелей байланысты жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және олардың қауымдастықтары, одақтары, сондай-ақ қатысуы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де тұлғалар;

      16) мiндеттi сертификаттау - сәйкестiктi растау жөнiндегi органдардың қатысуымен өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау нысаны;

      17) негiзге алынатын стандарт - қолданылу саласы кең немесе техникалық реттеудiң белгiлi бiр саласына арналған жалпы ережелерi бар стандарт;

      18) өнiм - процестiң немесе қызметтiң нәтижесi;

      19) өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi бiрдейлендiру - белгiлi бiр өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi ерекшелейтiн белгiлерi бойынша бiржақты тануды қамтамасыз ететiн рәсiм;

      20) өнiмнiң және процестердiң қауiпсiздiгi (бұдан әрi - қауiпсiздiк) - қауiптi фактордың iске асу ықтималдығы мен оның зардаптарының ауырлық деңгейiнiң ұштасуын ескере отырып, адамның өмiрiне, денсаулығына, қоршаған ортаға, оның iшiнде өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне зиян келтiруiне байланысты жол берiлмейтiн қауiп-қатердiң болмауы;

      21) өнiмнiң өмiрлiк циклi - өнiмдi жобалау, өндiру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткiзу, жою және кәдеге жарату процестерi;

      22) өңiрлiк стандарт - стандарттау жөнiндегi өңiрлiк ұйым қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт;

      23) өтiнiм берушi - сәйкестiгiн растау үшiн өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi, процестердi ұсынған жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ аккредиттеуге және аудитке (сәйкестiктi растау саласында) өтiнiм берген заңды тұлғалар;

      24) процесс - өнiмнiң өмiрлiк циклiнiң процестерiн қоса алғанда, қандай да бiр тапсырылған нәтижеге жету жөнiндегi өзара байланысты және дәйектi iс-қимылдар (жұмыстар) жиынтығы;

      25) сәйкестiк белгiсi - өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң техникалық регламенттерде, стандарттар мен өзге де құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау рәсiмiнен өткенi туралы сатып алушыларды хабардар етуге арналған белгi;

      26) сәйкестiк сертификаты - өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға, стандарттардың немесе өзге де құжаттардың ережелерiне сәйкестiгiн куәландыратын құжат;

      27) (алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;

      28) сәйкестiк туралы декларация - дайындаушы (орындаушы) айналысқа шығарылатын өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн куәландыратын құжат;

      29) сәйкестiктi ерiктi растау - дайындаушының (орындаушының) немесе сатушының бастамасы бойынша жүргiзiлiп, өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң, процестердiң стандартқа, өзге де құжатқа немесе өтiнiм берушiнiң арнайы талаптарына сәйкестiгiн растау жүзеге асырылатын рәсiм; 

      30) сәйкестiктi мiндеттi растау - өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау жүзеге асырылатын рәсiм; P050367

      31) сәйкестiктi растау - нәтижесi объектiнiң техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн құжаттамалық куәландыру (сәйкестiк туралы декларация немесе сәйкестiк сертификаты түрiнде) болып табылатын рәсім;

      32) сәйкестiктi растау жөнiндегi орган - сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн белгiленген тәртiппен аккредиттелген заңды тұлға;

      33) сәйкестiктi растау нысаны - нәтижелерi өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiнiң дәлелi ретiнде қаралатын iс-қимылдардың жиынтығы;

      34) сәйкестiктi растау саласындағы құжат - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сәйкестiктi растау жөнiндегi аккредиттелген орган берген сәйкестiк сертификаты немесе сәйкестiк туралы декларация;

      35) сәйкестiктi растау схемасы - объектiнiң техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе шарттарда белгiленген талаптарға сәйкестiгiн осы жұмысты жүргiзудiң нақты кезеңдерiн (сынау, өндiрiстi бағалау, сапа менеджментi жүйесiн бағалау, нормативтiк және техникалық құжаттаманы талдау және басқалар) сипаттай отырып айқындау тәсiлдерi;

      36) сәйкестiктi растау, тауар шығарылатын мемлекеттi анықтау, аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-аудитор - уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аттестатталған маман;

      37) сертификаттау - сәйкестiктi растау жөнiндегi орган өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң белгiленген талаптарға сәйкестiгiн жазбаша куәландыратын рәсiм;

      38) стандарт - уәкiлеттi орган көздеген тәртiппен бекiтiлген, көп мәрте және ерiктi пайдалану мақсатында техникалық реттеу объектiлерiне ережелердi, жалпы принциптер мен сипаттамаларды белгiлейтiн құжат;

      39) стандарттау - нақты қойылып отырған және ықтимал мiндеттерге қатысты көпшiлiкке ортақ, көп мәрте және ерiктi пайдалану үшiн ережелер белгiлеу арқылы өнiмге, көрсетiлетiн қызметке және процестерге қойылатын талаптарды ретке келтiрудiң оңтайлы деңгейiне қол жеткiзуге бағытталған қызмет;

      40) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжат - стандарттау жөнiндегi қызметтiң әр түрiне немесе оның нәтижелерiне қатысты нормаларды, ережелердi, сипаттамаларды, принциптердi белгiлейтiн құжат;

      41) стандарттау жөнiндегi өңiрлiк ұйым - географиялық немесе экономикалық бiр ғана өңiрдiң стандарттау жөнiндегi тиiстi органдары қызметiне қатысу үшiн ашық болатын стандарттау жөнiндегi ұйым;

      42) стандарттау жөнiндегi техникалық комитет - бекiтiлген стандарттау объектiлерi немесе қызмет бағыттары бойынша стандарттарды әзiрлеу және мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн құруға қатысу үшiн ерiктi негiзде экономика салаларында құрылатын консультациялық-кеңесшi орган;

      43) сынақ зертханасы (орталығы) (бұдан әрі - зертхана) - зерттеулерді, сынақтарды жүзеге асыратын заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі;

      44) техникалық кедергi - техникалық регламенттерде және стандарттарда қамтылатын талаптардың әр түрлiлiгi немесе өзгермелiлiгi салдарынан туындайтын кедергi;

      45) техникалық регламент - өнiмдерге және (немесе) олардың өмiрлiк циклiнiң процестерiне қойылатын мiндеттi талаптарды белгiлейтiн, Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес әзiрленетiн және қолданылатын нормативтiк құқықтық акт;

      46) техникалық реттеу - санитарлық және фитосанитарлық шараларды қоспағанда, сәйкестiктi растау, аккредиттеу және белгiленген талаптардың сақталуын мемлекеттiк бақылау жөнiндегi қызметтi қоса алғанда, өнiмге, көрсетiлетiн қызметке, процестерге қойылатын мiндеттi және ерiктi талаптарды анықтауға, белгiлеуге, қолдануға және орындауға байланысты қатынастарды құқықтық және нормативтiк реттеу;

      47) техникалық регламенттер мен стандарттардың мемлекеттiк қоры - мемлекеттiк органдардың техникалық регламенттерiнiң, стандарттарының және өз құзыреттерi шегiнде қалыптастыратын өзге де құжаттарының мамандандырылған қорларының жиынтығы;

      48) техникалық сарапшы - сәйкестiгi расталатын объектiге қатысты арнаулы бiлiмi немесе тәжiрибесi бар жеке тұлға;

      49) техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктеуiшi - техникалық-экономикалық ақпарат объектiлерiнiң жiктеу топтарының кодтары мен атауларының жүйеленген жиынтығын бiлдiретiн құжат;

      50) уәкілетті орган - техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      51) ұлттық стандарт - шет мемлекеттiң стандарттау жөнiндегi уәкiлеттi органы қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт;

      52) ұйым стандарты - ұйым бекiткен стандарт;

      53) үйлестiрiлген стандарт - техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ететiн стандарт;

      54) халықаралық стандарт - стандарттау жөнiндегi халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың көпшiлiгi қол жеткiзе алатын стандарт.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.29 N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан қараңыз), 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының техникалық
            реттеу туралы заңнамасы

     1. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.

     2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

     1. Осы Заң өнiмге, көрсетiлетiн қызметке, өнiмнiң өмiрлiк циклiнiң процестерiне (бұдан әрi - процестер) қойылатын мiндеттi және ерiктi талаптарды айқындау, белгiлеу, қолдану және орындау, олардың сәйкестігін растау, аккредиттеу және техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi қоғамдық қатынастарды реттейдi.

     2. Өнiм, көрсетiлетiн қызмет, процестер техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.

     3. Мемлекеттiк органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес техникалық реттеу объектiлерiне қатысты пайдалану құқығын иеленетiн жеке және заңды тұлғалар техникалық реттеу субъектiлерi болып табылады.

      4-бап. Техникалық реттеудiң негiзгi мақсаттары
            мен принциптерi

      1. Техникалық реттеудiң негiзгi мақсаттары:

      1) мiндеттi регламенттеу саласында:
      өнiмнiң, процестердiң адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта, оның iшiнде жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң қауiпсiздiгiне және сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын iс-әрекеттердiң алдын алу;
      саудадағы техникалық кедергiлердi жою;

      2) стандарттау саласында:
      отандық өнiмнiң бәсекеге-қабiлеттiлiгiн арттыру;
      табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу болып табылады.

      2. Техникалық реттеу:

      1) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң бiрлiгi мен тұтастығы;

      2) бiрыңғай терминологияны, өнiмге, көрсетiлетiн қызметке, процестерге қойылатын талаптарды белгiлеу ережелерiн қолдану;

      3) техникалық реттеу мақсаттарының орындылығы мен қолжетiмдi болуы, техникалық реттеу процестерiне қатысу үшiн тең мүмкiндiктердi, мемлекет пен мүдделi тараптар мүдделерінің теңгерімiн қамтамасыз ету;

      4) отандық және импортталатын өнiмге, көрсетiлетiн қызметке және олардың белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау рәсiмдерiне қойылатын талаптардың бiрдей болуы;

      5) техникалық регламенттер мен стандарттарды әзiрлеу кезiнде ғылым мен техника жетiстiктерiн, халықаралық және өңiрлiк ұйымдардың стандарттарын басым пайдалану;

      6) техникалық регламенттер талаптарының мемлекет экономикасының дамуы, оның материалдық-техникалық базасы деңгейiне және ғылыми-техникалық даму деңгейiне сәйкестігі;

      7) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi қоспағанда, техникалық регламенттердiң, стандарттардың және олар туралы, оларды әзiрлеу, бекiту, жариялау тәртiбi туралы ақпараттың қолжетiмдiлiгi;

      8) стандарттарды қолдану мақсатында оларды ерiктi түрде таңдау;

      9) сәйкестiктi растаудың бiрыңғай жүйесi мен ережелерi;

      10) бiр органның аккредиттеу және сәйкестiктi растау жөнiндегi өкiлеттiктердi қоса атқаруын болдырмау;

      11) бiр мемлекеттiк органда мемлекеттiк бақылау және сәйкестiктi растау функцияларының үйлеспеушiлiгi;

      12) сәйкестiктi растау жөнiндегi органдардың дайындаушылардан (орындаушылардан), сатушылардан және сатып алушылардан тәуелсiздiгi;

      13) сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарда бәсекелестiктiң шектелуiн болдырмау принциптерiне негiзделедi.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      5-бап. Мемлекеттiк техникалық реттеу
            жүйесiнiң құрылымы

     Мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң құрылымын:
     1) Қазақстан Республикасының Үкiметi;

     2) уәкiлетті орган ;

     3) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк органдар;

     3-1) аккредиттеу жөнiндегi орган;

     4) мемлекеттiк органдар жанындағы техникалық реттеу саласындағы сарапшылық кеңестер;

     5) Саудадағы техникалық кедергiлер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар жөнiндегi ақпарат орталығы (бұдан әрi - Ақпарат орталығы);

     6) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер;

     7) сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар, зертханалар;

     8) сәйкестiктi растау, тауар шығарылатын елдi анықтау және аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-aудиторлар;

     9) техникалық техникалық регламенттер мен стандарттардың мемлекеттiк қоры құрайды.
     Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
             техникалық реттеу саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң техникалық реттеу саласындағы құзыретiне мыналар жатады:

      1) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;

      2) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн құру;

      3) техникалық реттеу саласында құқықтық реформаны қамтамасыз ету;

      4) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн дамыту бағдарламасын бекiту;

      5) қорғау технологияларын қолдану ережелерiн және мiндеттi қорғалуға жататын құжаттар мен объектiлер тiзбесiн бекiту;

      6) техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiнiң депозитарийiн құру және жүргiзу ережелерiн бекiту;

      7) өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесi үшiн консультациялық-кеңесшi органдар құру;

      8) техникалық регламенттердi бекiту;

      8-1) техникалық регламенттердi әзiрлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және күшiн жою тәртiбiн белгiлеу;

      9) (алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;

      10) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды атқару;

      10-1) техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспарды бекiту;
      11) тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі ережені және тауардың шығарылуы туралы сертификатты беру ережесін бекіту;
      12) ішкі айналымға арналған тауардың шығу тегі туралы сертификатты беруге уәкілетті органды (ұйымды) айқындау;
      13) кеден одағы тауарының және (немесе) шетелдік тауардың мәртебесін айқындауға уәкілетті органды (ұйымды) белгілеу;
      14) өнiмдi таңбалау тәртiбiн белгiлейдi;
      14-1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мұқтаждары үшін пайдаланылатын әскери және қосарланған мақсаттағы тауарларға (өнімге), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге әскери стандарттарды әзірлеу, келісу, қабылдау, есепке алу, өзгерту және күшін жою қағидаларын бекіту;
      15) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.29 N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05 N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.11 N 184-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      7-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган мынадай функцияларды орындайды:
      Техникалық реттеу саласында:
      1) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн құруға қатысады;
      2) техникалық реттеу саласында мемлекеттiк саясатты жүзеге асырады;
      3) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметiн салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      4) мемлекеттiк органдармен бiрлесе отырып, мемлекеттік техникалық реттеу жүйесiн дамыту бағдарламасын әзiрлейдi және олардың орындалуын үйлестiредi;
      4-1) техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспарды әзiрлейдi;
      5) техникалық реттеу саласындағы жобалардың және нормативтiк құқықтық актiлердiң техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк саясатқа және осы Заңның 4-бабы 1-тармағында көзделген мақсаттарға сәйкестiгiне талдауды және сараптама жүргiзудi ұйымдастырады;
      6) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттермен, жеке және заңды тұлғалармен техникалық реттеу мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасайды;
      7) стандарттау, сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөнiндегi халықаралық және өңiрлiк ұйымдарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк етедi, халықаралық және өңiрлiк стандарттау, сәйкестiктi растау нәтижелерiн өзара тану жөнiндегi жұмыстарға қатысады;
      8) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң тiзiлiмiн жүргiзудi ұйымдастырады;
      9) техникалық регламенттер мен стандарттардың мемлекеттiк қорының жұмысын ұйымдастырады және үйлестіреді;
      10) Ақпарат орталығының жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi;
      11) сәйкестiктi растау, тауар шығарылатын елдi анықтау, аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-аудиторларды аттестаттау тәртiбiн айқындайды және оны ұйымдастырады, сондай-ақ оларды кәсiби даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастырады;
      11-1) алынып тасталды - ҚР 2009.07.11 N 184-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      12) техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылау жүргізу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады және үйлестiредi;
      13) алып тасталды.
      14) аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталарының қызметін тауардың шығу тегі туралы сертификатты беру тәртібінің сақталуына және уәкілетті органның (ұйымның) қызметін ішкі айналымға арналған тауардың шығу тегі туралы сертификатты беру тәртібінің сақталуына жыл сайынғы тексеруді жүргізу, кеден одағы тауарының және (немесе) шетелдік тауардың мәртебесін айқындау арқылы бақылауды жүзеге асырады.
      Стандарттау саласында:
      1) мемлекеттiк стандарттарды және техникалық-экономикалық ақпараттың жiктеуiштерiн әзiрлеудiң, келiсудiң, есепке алудың, бекiтудiң, сараптаудың, өзгертудiң, жоюдың және қолданысқа енгiзудiң тәртiбiн белгiлейдi;
      2) техникалық регламенттермен үйлестiрiлген стандарттарды талдауды және әзiрлеудi ұйымдастырады;
      3) халықаралық, өңiрлiк және ұлттық стандарттарды, шет мемлекеттердiң техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiн, стандарттау, сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөнiндегi ұсынымдарын Қазақстан Республикасының аумағында есепке алу және қолдану тәртiбiн белгiлейдi;
      4) мемлекеттік, халықаралық және өңiрлiк стандарттардың, шет мемлекеттер стандарттарының ресми басылымдарын, стандарттау, сәйкестiктi растау және аккредиттеу жөнiндегi ережелер мен ұсынымдарды басып шығаруды және таратуды ұйымдастырады, олар туралы ақпаратты жариялайды;
      5) мемлекеттiк стандарттаудың жоспарларын әзiрлеу тәртiбiн белгiлейдi;
      6) стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармаларын растауды ұйымдастырады;
      7) өнiмдi таңбалау тәртiбiн әзірлейді және оларды бақылауды жүзеге асырады;
      8) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
      Сәйкестiктi растау саласында:
      1) алынып тасталды - ҚР 2008.07.05 N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;
      2) алынып тасталды - ҚР 2008.07.05 N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;
      3) сәйкестiк сертификатының, сәйкестiк туралы декларацияның, өтініш-декларацияның, тауар шығарылатын елдi анықтау жөнiнде сертификаттың нысандарын белгiлейдi және оларды шығаруды ұйымдастырады;
      3-1) өтініш-декларацияларды тіркеу тәртібін белгілейді;
      4) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң ережелерiн әзiрлейдi;
      5) шағымдарды (апелляцияларды) қарау үшiн апелляциялық комиссия құрады;
      6) егер басқа ұйымдар шығарған сәйкестiктi растау мәселелерi жөнiндегi құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң талаптарына сай болмаса, олардың күшiн жою туралы ұсыныстар дайындайды;
      7) зертханааралық салыстыру сынақтары (салыстырмалар) бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
      Уәкiлеттi орган осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.29 N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05 N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.11 N 184-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.01.26 № 400-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      8-бап. Мемлекеттiк органдардың техникалық реттеу
              саласындағы құзыретi

      Мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде техникалық реттеу саласында:
      1) техникалық регламенттердiң және олармен өзара байланысты стандарттардың ғылыми-техникалық деңгейiн талдауды;
      2) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен техникалық регламенттердi әзiрлеу немесе техникалық регламенттерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар әзiрлеу, стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға өзектi сипат беру және оларды бiр iзге салу туралы ұсыныстар дайындау мен енгiзудi;
      3) Қазақстан Республикасында қабылданатын жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес техникалық регламенттердi және мемлекеттiк стандарттарды әзiрлеу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды;
      4) техникалық регламенттердiң жобаларын әзiрлеу, мемлекеттiк органдардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау үшiн сарапшылық кеңестер құруды;
      5) өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша техникалық регламенттердiң, стандарттардың және өзге де құжаттардың қорларын басқаруды;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын тәртiппен техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың орындалуын мемлекеттiк бақылау;
      7) стандарттар мен өзге де құжаттарды әзiрлеу және оларды халықаралық нормалармен және талаптармен үйлестiру жөнiндегi жоспарлар мен бағдарламаларды дайындауды және iске асыруды;
      8) стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердi, сәйкестiктi растау жөнiндегi органдарды және сәйкестiгi мiндеттi расталуға тиiстi өнiм жөнiндегi зертханаларды құру бойынша ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.29 N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

       8-1-бап. Аккредиттеу жөнiндегi орган

      Ескерту. Алынып тасталды - ҚР 2008.07.05 N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      9-бап. Мемлекеттiк органдар жанындағы техникалық
            реттеу саласындағы сарапшылық кеңестер

     1. Мемлекеттiк органдар жанындағы техникалық реттеу саласындағы сарапшылық кеңестер техникалық регламенттердiң жобаларын әзiрлеу, техникалық регламенттердi әзiрлеуге және қолдануға байланысты салада мемлекеттiк органдардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау үшiн құрылады.

     2. Мемлекеттiк органдар жанындағы техникалық реттеу саласындағы сарапшылық кеңестердiң құрамын және олар туралы ереженi мемлекеттiк органдар бекiтедi.
     Сарапшылық кеңестiң құрамына мемлекеттiк органдардың, стандарттау жөніндегі техникалық комитеттердiң және басқа да мүдделi тараптардың өкiлдерi кiредi.

      10-бап. Ақпарат орталығы

     1. Ақпарат орталығы мүдделi тараптарға және шет мемлекеттерге олардың сауал салуы бойынша:

     1) техникалық реттеу саласындағы қолданылып жүрген немесе әзiрленiп жатқан нормативтiк құқықтық актiлер, стандарттар, оларға енгiзiлетiн өзгерiстер және өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң сәйкестiгiн растау рәсiмдерi;

     2) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға және стандарттау, сәйкестiктi растау, аккредиттеу жөнiндегi екi жақты және көп жақты сипаттағы халықаралық шарттарға мүшелiгі немесе қатысуы;

     3) техникалық реттеу саласындағы әзiрленiп жатқан және қабылданған нормативтiк құқықтық актiлердiң, стандарттардың жобаларын немесе олар туралы ақпаратты жариялау көздерi туралы құжаттардың көшiрмелерi мен ақпаратты беру мақсатында Дүниежүзiлiк сауда ұйымының Хатшылығымен, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүше елдермен, халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен құрылады және жұмыс iстейдi.

     2. Ақпарат уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде хабарлама түрiнде орналастырылады. Хабарлама нысанын, оны толтыру және ұсыну тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды .

      11-бап. Стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттер

     1. Стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттер мемлекеттік органдардың және мүдделi тараптардың ұсыныстары бойынша салааралық деңгейде стандарттау жөнiндегi жұмыстарды жүргізу үшiн экономика салаларында құрылады.
     Стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттердiң құрамына мемлекеттiк органдардың және мүдделi тараптардың өкiлдерi кiредi.

     2. Стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттердiң құзыретiне:

     1) бекiтiлiп берiлген объектiлер және қызмет бағыттары бойынша мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн дамытудың негiзгi бағыттарын айқындау жөнiндегi ұсыныстарды дайындау;

     2) мемлекеттiк стандарттарды және техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiн, халықаралық, өңiрлiк, ұлттық стандарттар мен шет мемлекеттердiң техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерiн және оларға енгiзiлетiн өзгерiстердi әзiрлеуге және оларға сараптама жасауға белгiленген тәртiппен қатысу;

     3) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн дамыту бағдарламаларына техникалық регламенттер мен мемлекеттiк стандарттарды әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар дайындау жатады.

     3. Стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттердiң құрылу, жұмыс iстеу, таратылу тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi .

      12-бап. Сәйкестiктi растау жөніндегі органдар

     1. Сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар - меншiк нысанына қарамастан, өнімді (көрсетілетін қызметті) өндірушілерден (орындаушылардан), өнімді (көрсетілетін қызметті) берушілер мен тұтынушылардан тәуелсiз, штатында сәйкестiктi растау жөнiндегi сарапшы-аудиторлары және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда бекiтiлiп берiлетiн қызмет бағыттары бойынша зертханалары бар Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртiппен аккредиттелген ұйымдар.
     Сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар, оның iшiнде шетелдiк органдар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен аккредиттелуге тиiс.
     Сәйкестiктi растау жөнiндегi органдардың филиалдары сәйкестiктi растау жөнiндегi органның құрамында Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен аккредиттеледi.

     2. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар сәйкестікті міндетті растау мақсаты үшін аккредиттелген зертханалардың сынақ нәтижелерін пайдалануға тиіс.

     3. Сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар өтінiм берушiлермен жасалған шарт талаптарымен аккредиттеу саласы шегiнде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

     1) дайындаушылардың (орындаушылардың), сатушылардың сәйкестiктi мiндеттi растау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге өтінімдерін қарайды, сәйкестiгiн растауға ұсынылған өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi бiрдейлендiредi;

     2) сәйкестiктi мiндеттi растау жөнiнде жұмыстар жүргiзедi;

     3) дайындаушылардың (орындаушылардың) өтiнiмдерi бойынша сәйкестiк туралы декларацияны қабылдауға қажеттi жұмыстар жүргiзедi;

     4) сәйкестiк туралы декларацияларды және өтініш-декларацияларды тiркейдi;

     5) сәйкестiктi растау схемасына сай сәйкестiгi мiндеттi растаудан өткен өнiмге инспекциялық тексеру жүргiзедi, олардың белгiленген талаптарға сәйкес еместiгi анықталған жағдайда берiлген сәйкестiк сертификаттарының қолданысын немесе сәйкестiк туралы декларацияны тiркеудiң қолданысын уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен тоқтата тұрады немесе олардың күшiн жояды;

     6) берiлген сәйкестiк сертификаттарының және тiркелген сәйкестiк туралы декларациялардың тiзiлiмiн жүргiзедi.

     4. Сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар:

     1) дайындаушының (орындаушының), сатушының өтiнiмi бойынша аккредиттеу саласы шегiнде объектiлердiң сәйкестiгiн мiндеттi және ерiктi түрде растауды жүргізуге;
     2) алып тасталды

     3) өтiнiм берушiден сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн қажеттi құжаттардың ұсынылуын сұратуға құқылы.

     5. Сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар:

     1) өтiнiм берушiнiң сәйкестiктi растау ережелерi мен шарттары туралы ақпаратқа кедергiсiз қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге;

     2) өтiнiм берушiге қатысты кемсiтушiлiкке жол бермеуге;

     3) тіркелген сәйкестік туралы декларациялар, өтініш-декларациялар, берілген сәйкестік сертификаттары туралы, өтініш-декларацияларды тіркеген өтініш берушілердің сәйкестікті растау жұмыстарын жүргізуден жалтаруы туралы, сертификаттаудан және оларды беруден бас тартуы туралы деректердің электрондық есебін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асыруға;

     4) өнiм, көрсетiлетiн қызмет шығарылған елге қарамастан, өтiнiм берушiнiң коммерциялық мүддесi болып табылатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге мiндеттi.

     6. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар және сарапшы-аудиторлар сәйкестікті міндетті растау ережелерін бұзғаны және сәйкестік сертификатын заңсыз бергені, сәйкестік туралы декларацияларды,  өтініш-декларацияларды заңсыз тіркегені үшін, сондай-ақ өтініш-декларацияда көрсетілген ақпараттың дәйексіздігі үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

     7. Сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар аккредиттеу саласында консалтингтік қызмет көрсетуге құқылы емес және осы қызметтердi көрсететiн тұлғалармен аффилиирленген болуға тиiс емес.

     8. Сәйкестiктi растау жөнiндегi органның меншiк, шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқығы негiзiнде сәйкестiктi растау жөнiндегi органның аккредиттеу саласында көзделген объектiлерiне уәкілетті орган айқындайтын көлемде сынақ жүргiзудi қамтамасыз ететiн зертханасы болуға тиiс.
     Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының - 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      13-бап. Зертханалар

     1. (Алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

     2. (Алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

     3. Зертханалар сәйкестiктi растау жөнiндегi органдармен немесе басқа өтінім берушiлермен жасалған шарт жағдайларында:

     1) өзiнiң аккредиттеу саласы шегiнде сәйкестiктi мiндеттi немесе ерiктi растау мақсатында объектiлерге сынақ жүргiзедi;

     2) сынақ нәтижелерiнiң дәйектiлiгiн қамтамасыз етедi;

     3) уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен және нысандар бойынша жұмыс нәтижелерiн ресiмдейдi және бередi;

     4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де қызметтi жүзеге асырады.

     3-1. (Алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

     4. Зертханалар объектiлердiң сәйкестігін растау кезiнде оларға сынақтың дәйектемесiз нәтижелерiн ұсынғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      14-бап. Техникалық реттеу саласындағы жеке және
             заңды тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерi

     1. Техникалық реттеу саласындағы жеке және заңды тұлғалар:

     1) техникалық регламенттердi және мемлекеттiк стандарттарды әзiрлеу, оларға өзгерiстер енгiзу, күшiн жою жөніндегі ұсыныстарды, техникалық регламенттердiң, стандарттардың жобаларын дайындайды;

     2) қажет болған жағдайда осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарда стандарттау жөніндегі тиiстi бөлiмшелер мен қызметтердi құрады.

     2. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын өнiмдi өткiзетiн жеке және заңды тұлғалар осы Заңға сәйкес оның техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестiгiн растауды қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      15-бап. Техникалық регламенттер мен стандарттардың
               мемлекеттiк қоры

     1. Техникалық регламенттер мен стандарттардың мемлекеттiк қорын уәкiлеттi орган мен мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде құрады .

     2. Мемлекеттiк құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәлiметтердi қоспағанда, техникалық реттеу саласында әзiрленетiн және қабылданатын нормативтiк құқықтық актiлер, мемлекеттiк, ұлттық, халықаралық, өңiрлiк стандарттар мен техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi, ұйымдар стандарттары және стандарттау жөнiндегi ұсынымдар туралы ресми ақпарат, сондай-ақ көрсетiлген құжаттар пайдаланушыларға қолжетiмдi болуға тиiс.

     3. Стандарттарды және стандарттау, метрология, сертификаттау, аккредиттеу жөнiндегi нормативтiк құжаттарды, стандарттар каталогтары мен сiлтемелерiн басып шығару және пайдаланушыларды олармен және олар туралы ақпаратпен қамтамасыз ету уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

     4. Құжатты әзiрлеген тұлға әрбiр стандарттың және стандарттау жөніндегі өзге де нормативтiк құжаттың қабылданғаны туралы ақпаратты және олардың бiр данасын уәкiлеттi органға бiрыңғай анықтамалық-библиографиялық деректер базасын құру үшiн жiбередi.

      16-бап. Сәйкестiктi растау, аккредиттеу жөніндегі
              сарапшы-аудиторлардың құзыретi

     1. Сәйкестiктi растау жөнiндегi сарапшы-аудиторлар сәйкестiктi растау жөнiндегi органның құрамында өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң белгiлi бiр түрлерiнiң сәйкестiгiн растау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге қатысады.
     Жеке тұлғалардың сәйкестiктi растау жөнiндегi сарапшы-аудитор ретiндегi қызметiн сәйкестiктi растау жөнiндегi бiр органның немесе зертхананың құрамында ғана жүзеге асыруға құқығы бар.
     Егер сәйкестiктi растау жөнiндегi сарапшы-аудиторлар өтiнiм берушiнiң мүддесiн бiлдiрсе немесе онымен еңбек немесе өзге шарттық қатынастарда болса, олар нақтылы өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң сәйкестiгiн растау жөнiндегi жұмыстарды орындауға құқылы емес.

     2. алып тасталды - ҚР 2009.07.11. N 184-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

     3. (Алып тасталды - ҚР-ның 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

     4. Сәйкестікті растау және аккредиттеу жөнiндегi сарапшы-аудиторларға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын, оларды даярлау мен аттестаттау, сарапшы-аудитордың аттестатын беру, оның қолданылуын тоқтата тұру немесе оның күшiн жою тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз),  2009.07.11. N 184-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      16-1-бап. Сараптама ұйымы және тауардың шығарылған елін
                 айқындау жөніндегі сарапшы-аудитор

      1. Сараптама ұйымы тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудитордың жасаған тауардың шығарылуы туралы сараптама актісін куәландырады және береді.
      2. Тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудитор өз қызметін бір сараптама ұйымының құрамында жүзеге асырады.
      3. Тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудитордың құзыреттілігі тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі жұмыстарды орындауға құқық беретін, уәкілетті орган белгілеген нысандағы біліктілік аттестатымен расталады.
      Біліктілік аттестатын алған тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудитор тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлар тізіліміне енгізіледі.
      4. Тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторларды аттестаттауды уәкілетті орган құратын тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторларды аттестаттау жөніндегі комиссия жүзеге асырады.
      5. Тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторларды аттестаттау жөніндегі комиссия кемінде бес адамнан құралуға тиіс. Тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторларды аттестаттау жөніндегі комиссияның құрамына тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлар, уәкілетті органның, аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталарының және өзге де ұйымдардың өкілдері енгізіледі. Тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторларды аттестаттау жөніндегі комиссияның төрағасы комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен сайланады.
      6. Аттестаттаудан өту үшін тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторларды аттестаттау жөніндегі комиссияға мынадай құжаттар табыс етілуге тиіс:
      1) өтініш;
      2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      3) жоғары білім туралы дипломның көшірмесі;
      4) жеке тұлғаның теориялық даярлығын растайтын оқу орталығы куәлігінің не сертификаттың көшірмесі;
      5) тауардың шығарылған елін айқындау жөнінде жұмыстар жүргізуге жеке тұлғаның қатысқанын растайтын, оның тағлымдамадан өткені туралы он есептің көшірмесі;
      6) жалпы еңбек стажы кемінде екі жыл екендігін растайтын жұмыс орнынан анықтама немесе еңбек кітапшасынан үзінді көшірме.
      7. Тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлар өз қызметін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.
      8. Тауардың шығарылған елін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлардың тауардың шығарылуы туралы сараптаманың тауар туралы деректері бұрмаланған және (немесе) дәйексіз болған актісін жасауына тыйым салынады.
      Ескерту. 1-тарау 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.11. N 184-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

2-тарау. Техникалық регламенттер

      17-бап. Жалпы ережелер

     1. Техникалық регламенттер осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсатта әзiрленедi және қолданылады.

     2. Техникалық регламенттерде белгiленген талаптар мiндеттi болып табылады, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында тiкелей қолданылады және техникалық регламенттерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу арқылы өзгертiлуi мүмкiн.

     3. Техникалық регламенттерде айқындалған талаптар, Қазақстан Республикасының аумағына жануарлар мен өсiмдiктер не олардың өңделген өнiмдерi арқылы тарайтын аурулардың кiруiн болғызбауға бағытталған санитарлық және фитосанитарлық шараларды белгiлеу мен қолдануды қоспағанда, өнiмнiң шыққан елiне және (немесе) шыққан орнына қарамастан, бiрдей әрi тең дәрежеде белгiленедi және қолданылады.
     Қажеттiк өлшемдерi, санитарлық және фитосанитарлық шаралардың талаптары мен рәсiмдерi осындай өнiмнiң барлық процестерiнде одан келетiн зиянның нақты ғылыми негiзделген қауiп-қатер деңгейiне негізделедi.

     4. Процестерге қойылатын техникалық регламенттерде айқындалған талаптар осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жетуге әсер ете алатын жағдайда ғана белгiленедi және қолданылады.

     5. Техникалық регламенттерде белгіленген талаптар кәсiпкерлiк қызмет үшiн осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарды орындауға қажет деңгейден артық кедергі тудырмауға тиiс.

     6. Техникалық регламент мемлекеттiк саясат мүдделерiне, материалдық-техникалық базаның дамуына және ғылыми-техникалық даму деңгейiне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес келмейтiн жағдайда уәкiлеттi орган мұндай нормативтiк құқықтық актiнiң күшiн жою немесе оған өзгерiстер енгізу рәсiмiн бастауға мiндеттi.

     7. Техникалық регламенттерде оның қолданысқа енгiзiлу мерзiмi мен өтпелi кезең уақыты белгiленетiн шарттары көзделуге тиiс, бұл кезең iшiнде техникалық регламенттердi қолданысқа енгiзуге, нормативтiк немесе техникалық құжаттаманы әзiрлеуге және (немесе) түзетуге арналған мәселелер, сондай-ақ өнiм шығаруға байланысты мәселелер ескерiлуге тиiс.

     8. Өнiмдi өндiру кезiнде үйлестiрiлген стандарттар пайдаланылған болса, техникалық регламенттердiң талаптары орындалған болып саналады.
     Өнiмдi өндiру кезiнде техникалық регламенттерде белгiленген талаптар мен нормалардың орындалуы қамтамасыз етiлетiн жағдайларда өзге де стандарттарды пайдалануға болады.
     Ескерту. 17-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      18-бап. Техникалық регламенттердiң мазмұны

     1. Техникалық регламенттер зиян келтiру қауiп-қатерiнiң деңгейiн ескере отырып, өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ең төменгi қажеттi талаптарды белгiлейдi.

     2. Техникалық регламентте:

     1) оның талаптары қолданылатын өнiмнiң, процестердiң толық қамтылған тiзбесi;

     2) техникалық регламенттерді қабылдау мақсаттарына жетудi қамтамасыз ететiн өнiмнiң, процестердiң сипаттамаларына қойылатын талаптар болуға тиiс.
     Техникалық регламенттерде өнiмнiң сынамаларын iрiктеу және оны сынақтан өткiзу ережелерi, сәйкестiктi растаудың ережелерi мен нысандары (оның iшiнде сәйкестiктi растау схемалары) және (немесе) терминологияға, буып-түюге, таңбалауға немесе затбелгi жапсыруға және оларды түсiру ережелерiне қойылатын талаптар болуы мүмкiн.

     3. Техникалық регламенттерде, келтiрiлетiн зиянның деңгейi ескерiлетiн, өнiмнiң конструкциясы мен орындалуына қойылатын талаптардың болмауы салдарынан осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жету қамтамасыз етiлмейтiн жағдайларды қоспағанда, өнiмнiң конструкциясы мен орындалуына қойылатын талаптар болмауға тиiс.

     4. Егер шет мемлекеттердiң, халықаралық және өңiрлiк ұйымдардың нормалары мен стандарттары осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға сәйкес келсе, олар техникалық регламенттердi әзiрлеу кезiнде негiз ретiнде толық немесе iшiнара қолданылуы мүмкiн.

     5. Ұзақ пайдаланған кезде жол берiлетiн қауiп-қатер деңгейiн анықтауға мүмкiндiк бермейтiн факторларға байланысты зиян келтiруi мүмкiн өнiмге қойылатын талаптарды айқындау мүмкiн болмаған жағдайда, техникалық регламенттерде тұтынушыны өнiмнiң ықтимал зияны туралы және оған байланысты факторлар туралы хабардар етуге қатысты талаптар болуға тиiс.

     6. Техникалық регламенттерде зиян келтiру қауiп-қатерiнiң деңгейiн ескере отырып, техникалық реттеу объектiлерiне:

     1) азаматтардың жекелеген санаттарын (кәмелетке толмағандарды, жүктi әйелдердi, бала емiзетiн аналарды, мүгедектердi) қорғауды қамтамасыз ететiн;

     2) егер мұндай талаптардың болмауы климаттық және географиялық ерекшелiктерге байланысты осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жете алмауға әкеп соғатын болса, Қазақстан Республикасының жекелеген әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерiнде қолданылатын;

     3) техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде адам өмiрi мен денсаулығына, Қазақстан Республикасының және басқа да iргелес мемлекеттердiң қоршаған ортасына қауiп төндiретiн трансшекаралық қауiптi өндiрiстiк объектiлерге қойылатын арнайы талаптар болуы мүмкiн.

     7. Өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн талаптар техникалық регламенттерде ғана белгiленедi.
     Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      19-бап. Техникалық регламентті әзiрлеу, сараптау,
              қабылдау, өзгерту және оның күшiн жою
              ерекшелiктерi

     1. Техникалық регламент, техникалық регламентке өзгерiстер және (немесе) толықтырулар осы Заңның ережелерiн ескере отырып, белгiленген тәртiппен әзiрленедi, қабылданады және күшiн жоюға жатады.

     2. Техникалық регламенттердi әзiрлеу, өзгерту, толықтыру немесе оның күшiн жою жөнiндегi ұсыныстарды құзыретiне мiндеттi ережелер мен нормаларды белгiлеу кiретiн мемлекеттiк органдар стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттердiң, мүдделi тараптардың ұсыныстарын ескере отырып дайындайды және уәкiлеттi органға ұсынады. P092243

     3. Уәкiлеттi орган техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспардың жобасын жасайды және оны Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiту үшiн ұсынады. Техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi бекiтiлген жоспар бекiтiлген күннен бастап бiр ай iшiнде жариялануға тиiс.
     Техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспарда көзделмеген техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жұмыстарды бюджет қаражаты есебiнен қаржыландыруға жол берiлмейдi.

     4. Техникалық регламенттiң жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган жобаны, нормативтiк құқықтық актiге өзгерiстер мен толықтыруларды немесе оның күшiн жоюды әзiрлей бастаған кезден бастап бiр айдан кешiктiрмей, ресми басылымға және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеге техникалық регламенттiң жобасын әзiрлеу, оған өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу немесе оның күшiн жою туралы белгіленген нысанда хабарлама бередi.

     5. Егер техникалық регламенттерде белгiленген талаптар тиiстi халықаралық стандарттардың талаптарына сай келмесе немесе тиiстi халықаралық стандарттар жоқ болса немесе техникалық регламенттерде белгiленген талаптар өнiмнiң Қазақстан Республикасына импортының немесе Қазақстан Республикасынан экспортының жағдайларына әсер етуi мүмкiн болса, техникалық регламенттiң жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган уәкiлеттi орган арқылы:

     1) техникалық регламент қолданылатын өнiм тiзбесi, актiнiң мақсаты мен оны әзiрлеу қажеттiгi туралы хабарлайды;

     2) техникалық регламент туралы егжей-тегжейлi мәлiметтердi немесе мазмұны халықаралық стандарттар талаптарына сай келмейтiн нормаларын көрсете отырып, оның көшiрмесiн мүдделi тараптардың және шет мемлекеттердiң сауал салуы бойынша табыс етедi.

     6. Техникалық регламенттiң жобасын әзiрлеу туралы хабарлама жарияланған кезден бастап оның жобасы мүдделi тараптардың танысуы үшiн қолжетiмдi болуға тиiс.

     7. Техникалық регламенттiң жобасын әзiрлеген мемлекеттiк орган:

     1) жобаны жария талқылауды ұйымдастырады;

     2) алынған ескертпелердi есепке ала отырып жобаны пысықтайды және оны уәкiлеттi органның ресми басылымына және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеге орналастырады;

     3) техникалық регламенттiң жобасына алынған ескертпелердi мүдделi тараптарға олардың сауал салуы бойынша бередi.

     8. Техникалық регламенттiң жобасын жария талқылау мерзiмi (оны әзiрлеу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарландыру жарияланған күнге дейiн) кемiнде күнтiзбелiк алпыс күн болуға тиiс.

     9. Техникалық регламенттің жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы хабарлама уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жариялануға тиiс және онда жобамен және алынған ескертпелердiң тiзбесiмен танысу тәсiлi, техникалық регламенттiң жобасын әзiрлеген мемлекеттiк органның атауы, оның почта және электрондық мекен-жайы туралы ақпарат болуға тиiс.

     10. Техникалық регламент жобасының түпкiлiктi редакциясы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қабылдау үшiн ұсынылады.

     11. Техникалық регламенттi қабылдау күнi мен қолданысқа енгізу немесе күшiн жою күнi аралығында оның талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру үшiн қажеттi уақыт кезеңi көзделуге тиiс.

     12. Техникалық регламенттi төтенше жағдайларға (адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға немесе ұлттық қауiпсiздiкке тiкелей қауiп төнуiне) байланысты әзiрлеу, қабылдау және қолданысқа енгiзу қажет болған кезде техникалық регламент жария талқылаусыз қабылданады.
     Техникалық регламенттi қабылдау туралы хабарлама уәкiлеттi органның ресми басылымында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жариялануға, сондай-ақ Дүниежүзiлiк сауда ұйымының Хатшылығына жолдануға тиiс.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

3-тарау. CTAHДАРТТАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      20-бап. Қазақстан Республикасының стандарттау
             жөнiндегi нормативтiк құжаттары

     1. Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарға:

     1) халықаралық стандарттар;

     2) өңiрлiк стандарттар және техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi, стандарттау жөнiндегi ережелер мен ұсынымдар;

     3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттары мен техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi;

     4) ұйымдар стандарттары;

     5) Қазақстан Республикасының стандарттау жөнiндегi ұсынымдары;

     6) шет мемлекеттердiң ұлттық стандарттары, ұйымдар стандарттары, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi, стандарттау жөнiндегi ережелерi, нормалары мен ұсынымдары жатады.

     2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында аталған стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттардың ресми басылымдарын таратуды тек қана уәкiлеттi орган немесе ол уәкiлеттiк берген ведомстволық қарасты кәсiпорын жүзеге асырады.
     Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      21-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк
             стандарттары

      1. Мемлекеттiк стандарттарды әзiрлеу, келiсу, қабылдау, есепке алу, өзгерту және оның күшiн жою тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      1-1. Мемлекеттік стандарттар, егер Қазақстан Республикасының заңдары немесе техникалық регламенттері олар туралы нұсқауларды қамтитын болса, міндетті болып табылады.

     2. Мемлекеттік стандарттар:

     1) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң жалпы ұйымдастыру-әдiстемелiк ережелерiн белгiлейтiн, негiзге алынатын стандарттар;

     2) өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң бiртектi топтарына, қажет жағдайда нақты өнiмге, көрсетiлетiн қызметке қойылатын талаптарды белгiлейтiн өнiмге, көрсетiлетiн қызметке арналған стандарттар;

     3) процестерге арналған стандарттар;

     4) өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi, процестердi бақылау әдiстерiне арналған стандарттар;

      5) әскери және қосарланған мақсаттағы тауарларға (өнімге), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге әскери стандарттар болып бөлінеді.

     3. Негізге алынатын мемлекеттiк стандарттарды уәкiлетті органның кәсiпорындары әзiрлейдi.

     4. Шет мемлекеттердiң, халықаралық ұйымдардың нормалары мен стандарттары, осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жету үшiн тиiмсiз немесе қолайсыз болып табылатын жағдайларды қоспағанда, олар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттарын әзiрлеу кезiнде негiз ретiнде толық немесе ішінара қолданылуы мүмкiн. V106278 қараңыз

     5. Мемлекеттік стандарттарда:

     1) техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ететiн өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгі жөнiндегi қажеттi талаптар;

     2) өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi жiктеуге қойылатын талаптар;

     3) өнiмнiң бiрiздiлiк, үйлесiмдiлiк және өзара алмастырушылық көрсеткiштерi;

     4) терминдер мен анықтамалар;

     5) өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң тұтыну қасиеттерi мен сипаттамаларын қоса алғанда, функционалдық мақсатының көрсеткiштерi;

     6) қабылдау, буып-түю, таңбалау, тасымалдау, сақтау, кәдеге жарату және жою ережелерi;

     7) сапасы мен қауiпсiздiгiн сынау әдiстерi;

     8) ресурстардың барлық түрлерiн сақтауға және ұтымды пайдалануға қойылатын талаптар;

     9) менеджмент жүйесiн енгiзудi қамтамасыз ететiн, өндiрiстi ұйымдастыруға қойылатын талаптар;

     10) белгiлi бiр қызмет саласына арналған ұйымдастырушылық-әдiстемелiк сипаттағы ережелер, сондай-ақ жалпы техникалық нормалар мен ережелер белгiленуi мүмкiн.

     6. Мемлекеттік стандарттар өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң шығарылған жерiне қарамастан, тең дәрежеде қолданылады.
     Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.12.29 N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05 N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      22-бап. Қазақстан Республикасының техникалық-
             экономикалық ақпаратының мемлекеттiк
              жiктеуiштерi

     1. Экономика салаларында қолданылатын және есепке алынуға тиiс техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуге және код қоюға жатады.

     2. Техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктеуiштерiн әзiрлеу мемлекеттiк стандарттау жөнiндегi жұмыстардың жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүргiзiледi.

     3. Мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктеуiштерiн әзiрлеудi, жүргiзудi және оларға өзектi сипат берудi жүзеге асырады.
     Техникалық-экономикалық ақпараттың мемлекеттiк жiктеуiштерiнiң тiзiлiмiн уәкiлеттi орган жүргізедi.

     4. Қазақстан Республикасында техникалық-экономикалық ақпаратты жiктеу және оларға код қою жүйесiн құру мен оның қызметiне бақылау жасау жөнiндегi жұмыстарды үйлестiрудi уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      23-бап. Қазақстан Республикасындағы ұйымдар
             стандарттары және стандарттау жөнiндегi
             ұсынымдар

     1. Ұйымдардың стандарттарын осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттар үшiн ұйымдар дербес әзiрлейдi және бекiтедi.
     Ұйымдардың стандарттарын әзiрлеу, бекiту, есепке алу, өзгерту, күшiн жою, тiркеу, белгiлеу, басып шығару тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
     Ұйымдардың стандарттарының қолданылу сипаты ерiктi түрде болады және техникалық реттеу саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға қайшы келмеуге тиiс.

     2. Ұсынымдар стандарттау, өлшемдер бiрлiгiн қамтамасыз ету, сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстар жүргiзуге қатысты, қолданылу үшiн ерiктi ұйымдастыру-әдiстемелiк ережелерiн қамтиды.
     Ұсынымдардың жасалуына, ресiмделуiне, мазмұнына, баяндалуына, оларды әзiрлеу, келiсу, бекiту, тiркеу және қолдану тәртiбiне қойылатын талаптарды оларды бекiтетiн ұйым белгiлейдi.
     Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      24-бап. Халықаралық, өңiрлiк стандарттарды, шет
             мемлекеттердiң ұлттық стандарттары мен
             стандарттау жөнiндегi нормативтiк
             құжаттарын қолдану

     1. Қазақстан Республикасының аумағында осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға сай келетiн халықаралық және өңiрлiк стандарттар, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi, ережелер, нұсқаулықтар мен ұсынымдар, шет мемлекеттердiң ұлттық стандарттары, ұйымдар стандарттары, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуiштерi, стандарттау жөнiндегi ережелерi, нормалары мен ұсынымдары қолданылуы мүмкін.

     2. Халықаралық және өңiрлiк стандарттарды, шет мемлекеттердiң ұлттық стандарттарын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттары ретiнде қолдану үшiн:

     1) Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және аккредиттеу жөнiндегi халықаралық және өңiрлiк ұйымдарға мүшелiгі;

     2) Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасында стандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы екi жақты (көп жақты) шарттардың (келiсiмдердiң) болуы қажеттi талап болып табылады.

     3. Қазақстан Республикасы мүше болып табылмайтын халықаралық және өңiрлiк ұйымдардың стандарттарын Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының қолдануы көрсетiлген стандарттарға келiсiм-шарттар мен шарттарда сiлтеме болған жағдайда жүзеге асырылады.

     4. Халықаралық және өңiрлiк стандарттарды, техникалық-экономикалық ақпарат жiктеуіштерiн, ережелер мен ұсынымдарды, сондай-ақ шет мемлекеттердiң ұлттық стандарттарын Қазақстан Республикасының аумағында қолдану тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.

     5. Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуға тиiс халықаралық өңiрлiк стандарттар, ұлттық стандарттар және шет мемлекеттердiң стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттары Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға және олармен үйлестiрiлген стандарттарға қайшы келмеуге, сапалық көрсеткiштерi бойынша мемлекеттiк стандарттардан төмен болмауға және олардың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен келiсiлуге тиiс.

     6. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық және өңiрлiк стандарттар мен стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттарымен және стандарттау жөнiндегi нормативтiк құжаттарымен бiрдей әрi тең дәрежеде қолданылады.

     7. Шет мемлекеттер ұйымдарының стандарттарын қолдану көрсетiлген стандарттарды қолдануға құқық беретiн олардың түпнұсқасын ұстаушы ұйымдармен жасалған шарттар (рұқсаттар) негiзiнде жүзеге асырылады.
     Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      25-бап. Мемлекеттiк стандарттау жөнiндегi
             жұмыстарды жоспарлау

     1. Қазақстан Республикасы экономикасының салаларындағы басым бағыттарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, стандарттау жөнiндегi техникалық комитеттерiнiң, жеке және заңды тұлғаларының ұсыныстары негізiндегi стандарттау жөнiндегi жұмыстардың жоспарлары мен бағдарламалары уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен бекiтiледi.

     2. Мемлекеттiк стандарттау жөнiндегi жұмыстардың жоспарлары мен бағдарламаларын әзiрлеген кезде Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптар, Қазақстан Республикасының әлеуметтiк және экономикалық дамуының жоспарлары мен ғылыми-зерттеу жұмыстары, жылдық және ұзақ мерзімдi мемлекеттiк және салалық ғылыми-техникалық бағдарламалар ескерiледi.

     3. Мемлекеттiк стандарттау жөнiндегi жұмыстардың бекiтiлген бағдарламалары мен жоспарлары уәкiлеттi органның ресми баспа басылымдарында және ортақ пайдаланылатын ақпараттық жүйеде жарияланады.

     4. Мемлекеттiк стандарттау жоспарлары мен бағдарламаларын әзiрлеу тәртiбiн уәкiлеттi орган бекiтедi.

4-тарау. СӘЙКЕСТIКТI РАСТАУ

      26-бап. Өнiмнiң және процестердiң белгiленген
             талаптарға сәйкестігін растау

     1. Өнiм, процестер сәйкестiктi растау объектiлерi болып табылады.

     2. Өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растауды:

     1) өнiмдi өндiрушi (орындаушы) сәйкестiк туралы декларацияны қабылдау нысанында;

     2) өнiмдi тұтынушы оның тапсырмасы бойынша сәйкестiктi растау жөніндегі органның сертификаттау жүргiзуi нысанында;

     3) сәйкестiктi растау жөнiндегi орган сертификаттау жүргiзу және сәйкестiк сертификатын беру нысанында жүргiзедi.

     3. Сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстарды басқару мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесi шеңберiнде жүзеге асырылады.

     4. Мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесi сәйкестiктi растау саласында бiртұтас саясат жүргiзудi қамтамасыз етедi және сәйкестiктi растаудың, сарапшы-аудиторларды даярлау мен аттестаттаудың, жүйе тiзiлiмiн жүргiзудiң негiзгi ережелерi мен рәсiмдерiн және сәйкестiктi растау мақсаттарын iске асыруға қажетті өзге де талаптарды белгiлейдi.

     5. Қазақстан Республикасының аумағында өнiмнiң сәйкестiгiн растау мiндеттi немесе ерiктi сипатта болады.

     6. Сәйкестiктi растау саласындағы шетелдiк үлгiдегi құжаттарды беретiн шетелдiк және халықаралық ұйымдар уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен есептiк тiркеуден өтуге тиiс.
     Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      27-бап. Сәйкестiктi мiндеттi растау

     1. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын өнiм техникалық регламенттерде айқындалады.

     2. Сәйкестiктi мiндеттi растау:

     1) дайындаушы (орындаушы) кәсiпорынның сәйкестiк туралы декларация қабылдауы;

     2) мiндеттi сертификаттау жүргiзу нысанында жүзеге асырылады.

     3. Өнiмнiң сәйкестiгiн мiндеттi растау техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгі және сәйкестiктi растау схемалары бойынша жүзеге асырылады.

     4. Сәйкестiктi растау схемаларында сәйкестiктi белгiлеу тәсiлдерi (сынау, өндiрiстi бағалау, сапа менеджментi жүйесiн бағалау, техникалық құжаттаманы талдау, инспекциялық бақылау) болады және сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар мен (немесе) өнiмдi дайындаушылар (орындаушылар) оларды мiндеттi сертификаттау жүргiзген немесе сәйкестiк туралы декларация қабылдаған кезде қолданады.
     Өнiмнiң сәйкестігін мiндеттi растау кезiнде техникалық сарапшылар тартылуы мүмкiн.

     5. Егер техникалық регламенттерде өзгеше белгіленбесе, бұрын тұтынуда болған, көрме үшiн және оны нысаналы пайдаланбау үшiн әкелiнген, сондай-ақ iзгiлiк көмек желiсi бойынша жеткiзiлетiн өнiм сәйкестiктi мiндеттi растау объектiлерiне жатпайды.
     Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      28-бап. Өнiмдi дайындаушылардың (орындаушылардың),
             сатушылардың сәйкестiктi растау саласындағы
             құқықтары мен мiндеттерi

     1. Өнiмдi дайындаушылар (орындаушылар) мен сатушылар:

     1) осы өнiм үшiн техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiктi растау нысаны мен схемасын таңдауға;

     2) аккредиттеу саласы өтiнiм берiлген өнiмге қолданылатын сәйкестiктi растау жөнiндегi кез келген органға жүгiнуге;

     3) егер бұл сәйкестiктi растаудың таңдалған схемасында көзделсе, сәйкестiгі мiндетті растаудан өткен өнiмге сәйкестiктi растау саласындағы мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң сәйкестiк белгiсiн қолдануға;

     4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар мен аккредиттелген зертханалардың заңсыз әрекеттерiне уәкiлеттi органға шағым жасауға;

     5) өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн сотқа шағым жасауға құқылы.

     2. Сәйкестiгі мiндеттi расталуға тиiс өнiмдi дайындаушылар (орындаушылар), сатушылар:

     1) өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн қамтамасыз етуге;

     2) өнiмнiң сәйкестiгi расталуын жүргiзудi қамтамасыз етуге;

     3) егер бұл сәйкестiктi растаудың таңдалған схемасында көзделсе, сәйкестiгi расталудан өткен өнiмге, инспекциялық бақылау жүргiзуге арналған жағдайларды қамтамасыз етуге;

     4) өнiмдi сәйкестiгi расталғаннан кейiн ғана өткiзуге;

     5) мемлекеттiк бақылау жүргiзiлген кезде мүдделi тараптарға қажеттi ақпаратты, өнiмнiң сәйкестiк сертификаттарын (сәйкестiк сертификаттарының көшiрмелерiн), сәйкестiк туралы декларацияларды (сәйкестiк туралы декларациялардың көшiрмелерiн) табыс етуге;

     6) iлеспе құжаттамада сәйкестiк сертификаты немесе сәйкестiк туралы декларация жөнiндегi мәлiметтердi көрсетуге;

     7) егер сәйкестiк сертификатының немесе сәйкестiк туралы декларацияның қолданылу мерзiмi аяқталса, не сәйкестiк сертификатының немесе сәйкестiк туралы декларацияның қолданысы тоқтатыла тұрса, күшi жойылса немесе тоқтатылса, өнiмдi өткiзудi тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;

     8) сәйкестiктi растау жөнiндегi органды техникалық құжаттамаға немесе сертификатталған өнiм өндiрiсiнiң технологиялық процестерiне енгiзiлетiн өзгерiстер туралы хабардар етуге;

     9) сәйкестiктi растау нәтижелерi бойынша техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiн өнiмнiң өндiрiлуiн тоқтата тұруға мiндеттi.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      29-бап. Сәйкестiк сертификаты

     1. Сәйкестiк сертификатын өтiнiм берушiге сәйкестiктi растаудың таңдалған схемасына сәйкес барлық рәсiмдердi орындаудың оң нәтижелерi болған жағдайда өнiмге сәйкестiктi растау жөнiндегi орган бередi.

     2. Сәйкестiк сертификатында:

     1) өтiнiм берушiнiң, өнiмдi дайындаушының (орындаушының), сәйкестiк сертификатын берген органның атауы және орналасқан жерi;

     2) сертификатталған өнiмнiң бiрдейлендiруге мүмкiндiк беретiн атауы;

     3) оның талаптарына сәйкестiкке сертификаттау жүргiзiлген техникалық регламенттiң атауы;

     4) жүргiзiлген зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер туралы ақпарат;
     5) өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiне дәлел ретiнде өтiнiм берушiнiң сәйкестiктi растау жөнiндегi органға ұсынған құжаттары туралы ақпарат;

     6) сертификаттың қолданылу мерзiмi көрсетiлуге тиiс.

     3. Сәйкестiк сертификаты бланкiде ресiмделедi, оның нысаны мен толтырылу тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
     Сәйкестiк сертификаты оны берген сәйкестiктi растау жөнiндегi органда тiркелуге тиiс.

     4. Сериялы шығарылатын өнiмге сәйкестiк сертификаты сәйкестiктi растау схемасында белгiленген мерзiмге берiледi.
     Сәйкестiк сертификатының күшi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына қолданылады.

      30-бап. Сәйкестiк белгiсi

      1. Сәйкестiк белгiсi сәйкестiктi растау рәсiмiнен өткен өнiмдi таңбалауға арналады.
      2. Сәйкестiк белгiсiнiң бейнесiн, оған қойылатын техникалық талаптар мен таңбалау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
      3. Сәйкестiк сертификатын алған дайындаушы (орындаушы), сатушы сәйкестiк белгiсiн сәйкестiктi растау саласындағы мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң ережелерiнде белгiленген өзi үшiн қолайлы кез келген тәсiлмен қолдануға құқылы.
      4. Сәйкестiгі мiндеттi расталуға жататын және техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгі растаудан өтпеген өнiмге сәйкестiк белгiсiн қоюға жол берiлмейдi.
      Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілід - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      31-бап. Сәйкестiк туралы декларация

     1. Егер бұл техникалық регламенттерде көзделген жағдайда, сәйкестiк туралы декларацияны сәйкестiгі мiндеттi расталуға жататын өнiмдi дайындаушы (орындаушы) ресiмдейдi, сондай-ақ ол сәйкестiгі мiндеттi расталуға жатпайтын кез келген өнiмге қатысты ерiктi түрде ресiмделедi.

     2. алып тасталды

     3. Сәйкестiк туралы декларацияда:

     1) өтiнiм берушiнiң атауы мен орналасқан жерi;

     2) сәйкестiктi растау объектiсiн бiрдейлендiруге мүмкiндiк беретiн осы объект туралы ақпарат;

     3) оның талаптарына сәйкестiгiне өнiм расталатын техникалық регламенттiң атауы;

     4) өтiнiм берушiнiң өнiмдi нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланған кезде оның қауiпсiз екендiгi және өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгін қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдағаны туралы өтiнiшi;

     5) жүргiзiлген зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер, сапа менеджментi жүйесiнiң сертификаты туралы, сондай-ақ өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау үшiн негiз болған құжаттар туралы мәлiметтер;

     6) сәйкестiк туралы декларацияның қолданылу мерзiмi;

     7) техникалық регламенттерде көзделген өзге де мәлiметтер болуға тиiс.
     Сәйкестiк туралы декларацияның нысанын, декларацияларды ресiмдеу және тiркеу тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.

     4. Сәйкестiк туралы декларация осы өнiмдi шығарудың жоспарланған мерзiмiне сүйене отырып өнiмдi дайындаушы (орындаушы) белгiлеген, бiрақ бiр жылдан аспайтын мерзiмге қабылданады.

     5. Өнiмнiң сәйкестiгi туралы декларация аккредиттеу саласына осы өнiм кiретiн сәйкестiктi растау жөнiндегi органда тiркелуге тиiс.

     6. Сәйкестiктi растау саласындағы мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң ережелерiнде белгiленген тәртiппен ресiмделген және тiркелген сәйкестiк туралы декларацияның Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында сәйкестiк сертификатына тең заңдық күшi бар.

     7. Сәйкестiктi декларациялау:

     1) өз дәлелдерi негiзiнде сәйкестiк туралы декларацияны қабылдау;

     2) сәйкестiктi растау жөнiндегi органның қатысуымен алынған дәлелдер негiзiнде сәйкестiк туралы декларацияны қабылдау арқылы жүзеге асырылуы мүмкiн.
     Сәйкестiктi растау үшiн дәлел ретiнде пайдаланылуы мүмкiн материалдардың тiзбесi техникалық регламентте айқындалады.
     Дәлел ретiнде техникалық құжаттама, өз зерттеулерi (сынақтары) мен өлшемдерiнiң нәтижелерiн және (немесе) өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгін растау үшiн негiз болған басқа да құжаттар пайдаланылады.
     Өз дәлелдерi және сәйкестiктi растау жөнiндегi органның қатысуымен алынған дәлелдер негiзiнде сәйкестiктi декларациялау кезiнде өтiнiм берушi өз дәлелдерiне қосымша таңдауы бойынша зертханада жүргiзiлген зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер хаттамаларын пайдалануға, сапа менеджментi жүйесiнiң сертификатын ұсынуға құқылы.
     Өнiмнiң сәйкестiгi туралы декларацияны қабылдаған кезде, осындай өнiм үшiн техникалық регламенттерде сәйкестiктi растаудың өзге де нысандары көзделген жағдайды қоспағанда, сапа менеджментi жүйесiнiң сертификаты дәлелдердiң құрамында пайдаланылуы мүмкiн.

     8. Сәйкестiк туралы декларацияның қолданылу мерзiмi аяқталған кезден бастап үш жыл бойы сәйкестiк туралы декларацияның бiрiншi данасы мен сәйкестiктi растаудың дәлелi ретiнде пайдаланылатын материалдар - өтiнiм берушiде, ал сәйкестiк туралы декларацияның екiншi данасы оны тiркеген сәйкестiктi растау жөнiндегi органда сақталады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      32-бап. Сәйкестiгі мiндеттi расталуға жататын
             өнiмнiң нарықтағы айналыс шарттары

     1. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға (сертификаттауға немесе декларациялауға) жататын өнiмнiң белгiленген тәртiппен расталған, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестiгі оның нарықтағы айналысының қажеттi шарты болып табылады.

     2. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын, сәйкестігі растаудан өтпеген өнiмдi әкелуге және өткiзуге тыйым салынады.
     Мiндеттi сертификатталуға жататын және Қазақстан Республикасында одан өтпеген өнiмдi жарнамалауға жол берiлмейдi.

     3. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын импортталатын өнiмдi жеткiзуге жасалған шарттарда сәйкестiктi растау жөнiндегi мiндеттеме көзделуге тиiс.

     4. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын және саудаға арналған импортталатын өнiмдi жеткiзуге жасалған шарттарда өнiмнiң, елдiң және дайындаушы кәсiпорынның (орындаушының) атауын, сақталу (жарамдылық, пайдалану) мерзiмiн, сақтау шарттарын, қолдану тәсiлiн қамтитын мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi ақпараттың (егер аталған ақпараттың болуы техникалық регламенттерде регламенттелсе) өнiммен қоса жүруi көзделуге тиiс.
      Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      33-бап. Шет мемлекеттердiң сәйкестiктi растау
             нәтижелерiн тану

     1. Шет мемлекеттердiң сәйкестiк сертификаттары, өнiмдi сынау хаттамалары, сәйкестiк белгiлерi халықаралық шарттарға сәйкес танылады.

     2. Шетелдiк сәйкестiк сертификаттарын, сынақ хаттамаларын, сәйкестiк белгiлерiн және сәйкестiктi растау саласындағы өзге де құжаттарды тану тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

      34-бап. Өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң, процестердiң
             сәйкестiгін ерiктi растау

     1. Техникалық регламенттерде белгiленген талаптар қолданылмайтын өнiмнiң, процестердiң сәйкестiгiн ерiктi растау өтiнiм берушiнiң бастамасы және талаптары бойынша жүргiзiледi.
     Сәйкестiктi ерiктi растау, егер бұл техникалық регламентте белгiленсе, өнiмнiң сәйкестiгін мiндеттi растауды алмастыра алмайды.

     2. Сәйкестiктi ерiктi растауды сәйкестiктi растау жөнiндегi орган шарт негiзiнде жүргiзедi.
     3. алып тасталды
     Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

  5-тарау. СӘЙКЕСТIКТI РАСТАУ ЖӨНIНДЕГI ОРГАНДАРДЫ ЖӘНЕ
ЗЕРТХАНАЛАРДЫ АККРЕДИТТЕУ

      35-бап. Аккредиттеу

      Сәйкестікті растау жөніндегі органдарды және зертханаларды аккредиттеу Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 35-бап жаңа редакцияда - 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      36-бап. Аккредиттеу аттестаты

      (Алып тасталды - 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

6-тарау. ТЕХНИКАЛЫҚ РЕГЛАМЕНТТЕРДЕ БЕЛГIЛЕНГЕН ТАЛАПТАРДЫҢ САҚТАЛУЫН МЕМЛЕКЕТТIК
БАҚЫЛАУ МЕН ҚАДАҒАЛАУ

      37-бап. Техникалық регламенттерде белгiленген
              талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды
              жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар

     1. Техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуын мемлекеттiк бақылау (бұдан әрi - мемлекеттiк бақылау) уәкiлеттi орган, оның аумақтық органдары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттi өзге де мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жүзеге асырады.

     2. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi, олардың лауазымды адамдары өткiзу сатысындағы өнiмге қатысты мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.

     3. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары:

     1) өздерiнiң құзыретіне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк бақылау жөнiндегi iс-шараларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады;

     2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сай келмейтiн өнiмдi өткiзудiң жолын кесу және оған жол бермеу жөнiндегi ықпал ету шараларын қолданады;
      3) сәйкестікті растау жөніндегі органдарды және зертханаларды мемлекеттік бақылау жөніндегі іс-шараларды жеке, заңды тұлғалардың өтініштері және мемлекеттік органдардың, оның ішінде аккредиттеу жөніндегі органның хабарламалары бойынша ғана жүргізеді.
      Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгізілді - 2008.07.05. N 62-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      38-бап. Мемлекеттiк бақылау объектiлерi

     Техникалық регламенттiң күшi қолданылатын өнiм, процестер, сәйкестiктi растау жөнiндегi органдар және зертханалар техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуын мемлекеттiк бақылау объектiлерi болып табылады.

      39-бап. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды
             адамдар

     1. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:

     1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бақылау жөніндегі бас мемлекеттiк инспекторы - уәкiлеттi органның басшысы;

     2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының орынбасарлары - уәкiлеттi орган басшысының орынбасарлары;

     3) облыстар мен қалалардың мемлекеттiк бақылау жөніндегі бас мемлекеттiк инспекторлары - аумақтық органдардың басшылары;

     4) облыстардың және қалалардың мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларының орынбасарлары - аумақтық органдар басшыларының орынбасарлары және олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары;

     5) мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлар - аумақтық органдардың барлық санаттағы мамандары жатады.

     2. Осы баптың 1-тармағының 3) - 5) тармақшаларында санамаланған мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар өз құзыретi шегінде мемлекеттiк органдар белгiлеген тәртiппен аттестатталуға тиiс.

     3. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
     Ескерту. 39-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз),  2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      40-бап. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды
               адамдардың құқықтары

      1. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
      1) техникалық реттеу саласындағы объектілерге техникалық реттеу саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары талаптарының сақталуы тұрғысынан бақылау мақсатында баруға;
      2) жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк бақылау жүргiзу үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтердi алуға;
      3) мемлекеттiк бақылау үшiн:
      өнiм техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, жұмсалған үлгiлердiң құнын және сынақ (талдау, өлшеу) жүргiзуге жұмсалған шығындарды бюджет қаражаты есебiне жатқыза отырып;
      өнiм техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, жұмсалған үлгiлердiң құнын және сынақ (талдау, өлшеу) жүргiзуге жұмсалған шығындарды тексерiлушi тұлғалардың есебiне жатқыза отырып, өнiмнiң сынамалары мен үлгiлерiн iрiктеп алуға;
      4) егер өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растайтын сәйкестiк туралы декларацияны немесе сәйкестiк сертификатын қолдану техникалық регламенттерде көзделсе, өнiмдi өткiзу сатысында өнiмдi дайындаушылардан (орындаушылардан), сатушылардан осындай құжаттарды немесе олардың көшiрмесiн көрсетуiн талап етуге;
      5) мынадай жағдайларда:
      өнiм техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сай келмеген;
      сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын өнiмнiң сәйкестiк сертификаттары (сәйкестiк сертификаттарының көшiрмелерi), сәйкестiк туралы декларациялары (сәйкестiк туралы декларацияларының көшiрмелерi) болмаған;
      өнiмдi оған құқығы болмай тұрып сәйкестiк таңбасымен таңбалаған жағдайда, техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың бұзылу сипаты ескерiле отырып белгiленген мерзiмде оның бұзылуын жою немесе өнiмдi өткiзуге тыйым салу туралы нұсқама шығаруға;
      6) өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес еместiгі анықталған жағдайда берiлген сәйкестiк туралы декларациялар мен сәйкестiк сертификаттары тiркелуiнiң күшiн тоқтата тұруға және (немесе) жоюға;
      7) техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiн өнiмдi өткiзушi тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершілiкке тартуға;
      8) өнiм өткiзуге және тұтынуға жарамсыз деп танылған жағдайда, оны жою жөнiндегi комиссияларға Қазақстан Республикасының Үкiметi  белгiлеген тәртiппен қатысуға;
      9) дайын өнiмнiң техникалық регламенттерге сәйкес келмеуi анықталған жағдайда өнiмнiң өмiрлiк циклiнiң кез келген сатыларында сәйкес келмеу себептерiн тексерудi ұйымдастыруға;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
      2. Бас мемлекеттiк инспекторлардың және олардың орынбасарларының нұсқамаға қол қою құқығы болады.
      Нұсқамалардың нысандары мен оларды беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      3. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары берген нұсқамаларды барлық жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi.
      Ескерту. 40-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.29 N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      41-бап. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды
             адамдардың мiндеттерi

     Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:

     1) мемлекеттiк бақылау жөнiндегi iс-шаралар барысында Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасын қолдану жөнiнде түсiндiру жұмысын жүргiзуге, дайындаушыларды (орындаушыларды), сатушыларды техникалық регламенттер туралы хабардар етуге;

     2) коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға;

     3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн сақтауға;

     4) мемлекеттiк бақылау жүргiзу нәтижелерiнiң негізiнде анықталған қиғаштықтарды жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.

      42-бап. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды
             адамдардың әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне)
             шағымдану

     Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамасына  сәйкес шағымдануға болады.

      43-бап. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды
             адамдарды қорғау шаралары

     Егер мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың өмiрi мен денсаулығына қызметтiк мiндеттерiн атқаруға байланысты зиян келтiрiлген болса, осы лауазымды адамдардың немесе олардың жақын туыстарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зиянды өтеткiзуге құқығы бар.

7-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫҢ, ОЛАРДЫҢ ЛАУАЗЫМДЫ
АДАМДАРЫНЫҢ, ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАН
РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ ЗAҢHАМАСЫН
САҚТАМАҒАНЫ ҮШIН ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

      44-бап. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды
              адамдарының мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру
             кезiндегi жауаптылығы

     1. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары мемлекеттiк бақылау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзген кезде өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда және құқыққа қарсы әрекеттер (әрекетсiздiктер) жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына  сәйкес жауапты болады.

     2. Мемлекеттiк органдар құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жеке және (немесе) заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуына кiнәлi, мемлекеттiк бақылау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына қатысты қабылданған шаралар туралы бiр ай iшiнде хабарлауға мiндеттi.

      45-бап. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан
              Республикасының техникалық реттеу саласындағы
              заңнамасын сақтамағаны үшiн жауаптылығы

     1. Жеке және заңды тұлғалар (дайындаушы, орындаушы, сатушы):

     1) нарықта өткiзiлетін өнiмнiң қауiпсiздiгi үшін;

     2) техникалық регламенттерде белгiленген талаптарды бұзғаны үшiн;

     3) осы Заңның 40-бабында көзделген мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органның нұсқамалары мен шешiмдерiн орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

     2. Өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкес келмеуi салдарынан азаматтың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне не заңды тұлғаның мүлкiне келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге тиiс.
      Ескерту. 45-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛI ЕРЕЖЕЛЕР

      46-бап. Өтпелi ережелер

     1. Осы Заңға сәйкес техникалық регламенттер қолданысқа енгiзiлгенге дейiн Қазақстан Республикасының аумағында "Стандарттау туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 14-бабының және 15-бабы 1-тармағының күшi сақталады.
     "Стандарттау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы  15-бабының 1-тармағында көзделген актiлер мен құжаттардың ережелерi осы Заңның 4-бабының 1-тармағында белгіленген мақсаттарға сәйкес бөлiгiнде ғана мiндеттi сақталуға тиiс.
     Өнiмге арналған техникалық регламенттер және өнiмнiң техникалық регламенттерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн растау мүмкiндiгiн көздейтiн, олармен үйлестiрiлген стандарттарды қолданысқа енгiзуге байланысты осы өнiмге арналған техникалық шарттарды мемлекеттiк тiркеудiң күшi белгiленген тәртiппен жойылуға тиiс.

     2. Техникалық регламенттер қолданысқа енгiзiлгенге дейiн сәйкестiктi растау саласында сәйкестiктi растау жөнiндегi жұмыстар "Сертификаттау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.

     3. Техникалық регламенттердiң қолданысқа енгiзiлуiне қарай Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген, оларды қайталайтын немесе оларға сәйкес келмейтiн стандарттау жөнiндегi нормативтік құжаттардың күшi жойылуға тиіс.

     4. Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн сәйкестiктi растау жөнiндегi органдарға және зертханаларға белгiленген тәртiппен берiлген аккредиттеу туралы құжаттар, сондай-ақ осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн берiлген сертификаттар оларда көрсетiлген мерзiм аяқталғанға дейiн жарамды болып есептеледi.

     5. Техникалық регламенттер қолданысқа енгiзiлгенге дейiн нақты объектiлерге қатысты техникалық реттеу осы Заңға қайшы келмейтiн бөлігінде нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
      Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.29. N 209 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      47-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

     1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi.

     2. Қазақстан Республикасының мына заңдарының күшi жойылды деп танылсын:
     1) "Стандарттау туралы" 1999 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 20, 724-құжат; 2003 ж., N 12, 82-құжат);
     2) "Сертификаттау туралы" 1999 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 20, 725-құжат; 2001 ж., N 1, 7-құжат; N 15-16, 231-құжат; N 23, 321-құжат; 2003 ж., N 12, 82-құжат).

     3. Осы Заңның 46-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 2-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының заңдары күшін жояды.

      Қазақстан Республикасының
     Президенті