Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 ақпандағы N 140 Қаулысы.

      "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңы 5-бабының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы    
Үкіметінің          
2008 жылғы 15 ақпандағы    
N 140 қаулысымен        
бекітілген           

Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесі

      1. Осы Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 5-бабына сәйкес әзірленген және адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою тәртібін белгілейді.

      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      қауіпті тамақ өнімдері - пайдаланылуы кезінде адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін жол берілмейтін қатер төндіруі мүмкін өнімдер;
      қауіпті тамақ өнімдерін жою - тамақтық мақсатқа пайдаланылуын болдырмай және оған адам мен жануарлар жете алмастай етіп, тұтынуға және (немесе) одан әрі өңдеуге жарамсыз тамақ өнімдеріне ықпал жасау;
      тамақ өнімдерін кәдеге жарату - мақсаты бойынша басқа тамақ өнімдеріне пайдалануға жарамсыз тамақ өнімдерін технологиялық қайта өңдеу.

      3. Мынадай:
      1) санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларда, гигиеналық нормативтерде, сондай-ақ ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен ветеринариялық нормативтерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін;
      2) сапасыздығының (бүлінген, бұзылған, ластанған) айқын белгілері бар;
      3) тамақ өнімдерінің өндірілген жерін, қауіпсіздігін растайтын, өнімді дайындаушының (өнім берушінің) белгіленген тәртіппен ресімделген құжаттары жоқ;
      4) қасиеттері тамақ өнімдерінің осы түрі мен атауына сәйкес келмейтін;
      5) таңбалануы нормативтік және техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтін;
      6) тамақ өнімдеріне белгіленуі тиіс жарамдылық мерзімі белгіленбеген немесе жарамдылық мерзімі өткен;
      7) жалған тамақ өнімдері адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдері (бұдан әрі - қауіпті тамақ өнімдері) болып танылады.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.08 N 2038 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      4. Тамақ өнімдерінің қауіптілігі санитарлық-эпидемиологиялық немесе ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізу арқылы мынадай жолдармен белгіленеді:
      1) тамақ өнімдеріне ілеспе құжаттаманың нормативтік және техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкестігін бағалау;
      2) тамақ өнімдерінің сыртын, қаптамасы мен таңбалануының жай-күйін көзбен шолып тексеру;
      3) зертханалық зерттеулер (санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық-санитарлық сараптама) жүргізу.

      5. Егер жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша мемлекеттік орган белгілі бір талаптар мен технологияларды сақтай отырып, оны кәдеге жаратқаннан кейін тамақ өнімдерін пайдалану мүмкіндігі туралы қорытынды берген жағдайда, мұндай тамақ өнімдері кәдеге жаратылуы тиіс.

      6. Сараптама нәтижелері бойынша кәдеге жаратылуы тиіс тамақ өнімдері:
      шикізат алу;
      зарарсыздандыру (біршама пісіру, стерильдеу, мұздату, тұздау, қайнату және т.б.);
      өнеркәсіптік қайта өңдеу (пісірілген шұжық батоны ішінде кемінде 75 оС дейінгі температурада, ет нандарын, консервілерді дайындау, майды және басқаларды қуыру);
      мал азықтарын алу;
      техникалық кәдеге жарату (етті сүйектен, балықтан ұн жасау) мақсатында технологиялық өңдеуге жіберіледі.

      7. Қауіпті тамақ өнімдерін малға азық ретінде оны кәдеге жаратқаннан кейін пайдалану мүмкіндігі туралы шешімді мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарымен келісім бойынша мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау органдары қабылдайды.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.08 N 2038 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      8. Қауіпті тамақ өнімдерін өндіруге немесе оның айналымына тыйым салу туралы шешімді өз құзыретіне сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қауіпті өнімді анықтаған мемлекеттік орган қабылдайды.
      Қауіпті тамақ өнімдерін өндіруші, сатушы (бұдан әрі - иесі) кәдеге жарату немесе жою үшін өз бетінше немесе мемлекеттік органдардың нұсқамасы негізінде оны өндіруден немесе айналымнан шығарады.

      9. Өндірілген жері белгісіз немесе иесі жоқ, сапасыздығының айқын белгілері бар, адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға тікелей қатер төндіретін қауіпті тамақ өнімдерін иесі сараптама жүргізбестен өз бетінше немесе мемлекеттік органдар айналымнан шығарады.

      10. Қауіпті тамақ өнімдері сараптама жүргізу, оны бұдан әрі кәдеге жарату немесе жою туралы шешім қабылдау және оны орындау үшін қажетті кезеңде арнайы бөлінген қойма үй-жайларында, қажет болған жағдайда оған қол жеткізуді болдырмайтын шарттар сақтала отырып, иесінің тоңазытқышында (оқшауланған камерада) уақытша сақтауда болады. Уақытша сақтауға қойылған өнімдер қатаң есепке алынуға тиіс.
      Қауіпті тамақ өнімдерін уақытша сақтаудың шекті мерзімі екі айдан аспайтын уақытқа белгіленеді.

      11. Егер жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша мемлекеттік орган тамақ өнімдерінің нормативтік-құқықтық және нормативтік актілердің талаптарына сәйкессіздігі және олар қауіпті деп танылғандығы туралы қорытынды берген жағдайда, мұндай тамақ өнімі комиссиялық жойылуға тиіс.

      12. Қауіпті тамақ өнімдерін жою үшін мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және ветеринариялық-санитариялық бақылау органдарының жанынан құрамына қоршаған ортаны қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және жеке кәсіпкерлік субъектілері қауымдастықтарының (одақтарының) өкілдері енгізілген комиссия (бұдан әрі - комиссия) құрылады.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.08 N 2038 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      13. Сараптама нәтижелерін ескере отырып, комиссия сараптама қорытындысын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жою тәсілі мен орнын көрсете отырып, қауіпті тамақ өнімдерін жою туралы шешім қабылдайды.
      Комиссия шешім қабылдағанға дейін қауіпті тамақ өнімдері иесінің бастамасы бойынша және оның қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген (аттестатталған) зертханаларда қауіпті тамақ өнімдеріне қосымша зертханалық сараптама жүргізілуі мүмкін.

      14. Егер Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін тамақ өнімдері кедендік ресімдеу кезеңінде қауіпті деп танылса, мұндай тамақ өнімдері Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шығарылуға тиіс немесе Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес тауарларды жоюдың кедендік режиміне қойылады.
      Қауіпті тамақ өнімдерін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге шығару фактісі оны әкету туралы кеден органының белгісі бар, белгіленген тәртіппен ресімделген жүкке арналған кеден декларациясымен расталады, ол қауіпті тамақ өнімдерін анықтаған мемлекеттік органға көрсетіледі.

      15. Қауіпті тамақ өнімдерін жою орнына тасымалдау ішкі істер органдары қызметкерлерінің, тауар тауарларды жоюдың кедендік режиміне қойылған кезде - кеден органдары қызметкерлерінің бірге жүруімен жүзеге асырылады.

      16. Қауіпті тамақ өнімдерін тасымалдауға, оны сақтауға, кәдеге жаратуға және жоюға байланысты шығыстарды өнімнің иесі немесе тауарларды жоюдың кедендік режиміне өтініш білдірген тұлға көтереді.

      17. Қауіпті тамақ өнімдерін жою техникалық қолжетімді тәсілмен (термиялық, химиялық, механикалық, биологиялық, өзге де әсер ету тәсілімен) қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамалардың міндетті талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады, оның нәтижесінде өнімдердің тұтынушылық қасиеттері толық жойылады немесе жоғалтылады.

      18. Ауру тудыратын микроорганизмдердің қоздырғышын жұқтырған тамақ өнімдері жойылу алдында немесе жою процесінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес зарарсыздандырылуға тиіс.

      19. Радиациялық қауіп төндіретін тамақ өнімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көмілуі тиіс.

      20. Қауіпті тамақ өнімдерін жоятын (көметін) жерді мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және қоршаған ортаны қорғау органдарымен келісім бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары белгілейді.

      21. Қауіпті тамақ өнімдерін жоюды комиссия мушелерінің міндетті түрде қатысумен иесі жүргізеді және ол осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша актімен ресімделеді.

      22. Қауіпті тамақ өнімдерін жою туралы комиссияның шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      23. Иесі уақытша сақтауда тұрған қауіпті тамақ өнімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді және оның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен одан әрі кәдеге жаратылуына немесе жойылуына жауапты болады.

                                                Ережеге қосымша

            Қауіпті тамақ өнімдерін жою туралы
                             АКТ

____________________________________________________________________
____________________________________________________________________                          (Т.А.Ә., лауазымы)
____________________________________________________________________
құрамдағы комиссия өнімдерді жойды
____________________________________________________________________
              (қауіпті тамақ өнімінің атауы, мөлшері)
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________
                          (жою тәсілі)
Негіздеме___________________________________________________________
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________
    (өнімдерді жарамсыз деп тануға негіз болған құжатты (нөмірін)
                      көрсету керек)

Комиссия мүшелерінің
қолы                              ___________________________
                                          (Т.А.Ә.)
200__ жылғы "___"_____________

Иесінің қолы                      ___________________________
                                           (Т.А.Ә.)

200__ жылғы "___"_____________