Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі N 593 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және қазiргi және келешек ұрпақтың мүдделерiн ескере отырып, адамның экологиялық, экономикалық, эстетикалық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру мақсатында жануарлар дүниесiн, оның биологиялық сан алуандығын сақтау, жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану шарттарын қамтамасыз етуге бағытталған.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) балық ресурстарын және басқа су жануарларын мемлекеттiк басқарудың бассейндiк принципi (бұдан әрi - бассейндiк принцип) - әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсiне қарамастан, балықтар мен басқа да су жануарларының өсiмiн молайтуы мен өрiс аударуының ерекшелiктерi ескерiле отырып, балық шаруашылығы су тоғандарындағы (учаскелерiндегi) балық ресурстары мен басқа да су жануарларын басқарудың бiртұтас жүйесi;

      2) биологиялық негiздеме - жануарлар дүниесiнiң объектiлерi мен олардың мекендейтiн ортасына ықпал ететiн жануарлар дүниесiн пайдалануға немесе шаруашылық және өзге қызметке арналған ғылыми негiзделген қорытынды;

      3) жануарлар дүниесiнiң биологиялық сан алуандығы - жануарлар дүниесi объектiлерiнiң бiр түр шеңберiндегi, түрлер арасындағы және экологиялық жүйелердегi сан алуандығы;

      4) биологиялық-экономикалық тексеру - жануарлар дүниесi объектiлерiн алып қоюға оңтайлы түрде жол берiлуiн айқындау әрi аңшылық және балық шаруашылығын ұтымды жүргiзу мақсатында аумақ пен акваторияны биологиялық және экономикалық бағалау;

      5) шаруашылықiшiлiк аңшылық iсiн ұйымдастыру - аңшылық алқаптарын түгендеу, сапасын бағалау, табиғи және экономикалық жағдайларын зерттеу, жануарларды есепке алу, биотехникалық және пайдалану шараларын жобалау жөнiндегi iс-шаралар жиынтығы, олардың негiзiнде аңшылық шаруашылығын жүргiзу жоспары әзiрленедi;

      6) шаруашылықiшiлiк балық шаруашылығы iсiн ұйымдастыру - балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) түгендеу, олардың табиғи және экономикалық жағдайларын зерттеу, балық ресурстарын есепке алу, балық-су-мелиоративтiк және пайдалану шараларын жобалау жөнiндегi iс-шаралар жиынтығы, олардың негiзiнде балық шаруашылығын жүргiзу жоспары әзiрленедi;

      7) қорықшы - бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғауды жүзеге асыратын қорықшы қызметiнiң қызметкерi;

      8) қорықшылық қызмет - бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау функцияларын жүзеге асыратын аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдарының құрылымдық бөлiмшесi;

      9) жануарлар - құрғақта, суда, атмосферада және топырақта табиғи еркiндiк жағдайда болатын жабайы жануарлар (сүтқоректiлер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қосмекендiлер, балықтар, моллюскалар, жәндiктер және тағы басқалары);

      10) жануарлар дүниесi - Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрлықтағы қайраңының және айрықша экономикалық аймағының табиғи ресурстарына жатқызылатын аумақтарда тұрақты немесе уақытша мекендейтiн жануарлар жиынтығы;

      11) зоологиялық коллекция - жануарлар дүниесi объектiлерi тұлыптарының, жұмыртқаларының, препараттары мен бөлiктерiнiң, оның iшiнде ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу-тәрбиелiк және эстетикалық құндылығы бар жабайы жануарлар зоопарктерiнiң, зообақтардың, цирктердiң, зоологиялық питомниктердiң, аквариумдардың, океанариумдардың жинағы;

      12) жануарлар дүниесi объектiлерiн алып қою - бiржолғы аулау кезiнде бiр балықшыға балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерiнiң) резервтiк қорында бес килограмға дейiн әуесқойлық (спорттық) балық аулауды қоспағанда, жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттың негiзiнде табиғи еркiн жағдайда мекендейтiн жануарларды мекендеу ортасынан айыру (алу, атып алу, аулау);

      13) жануарларды жасанды өсiру - жануарлар дүниесi объектiлерiн ерiксiз және (немесе) жартылай ерiктi жағдайларда ұстау және өсiру;

      14) интродукция - жануарлардың жеке түрлерiн олар мекендейтiн ортадан тысқары жерлерге әдейi немесе кездейсоқ тасымалдау;

      15) аңшылық шаруашылығының санаты - аңшылық шаруашылықтарының шаруашылықаралық аңшылық ұйымдастыру негiзiнде аңшылық шаруашылықтарына аңшылық шаруашылықтарының алқаптары өнiмдiлiгiнiң, күзет және өсiмiн молайту iс-шаралары сипатының белгiлерi бойынша белгiленетiн сыныптамалық бөлу бiрлiгi;

      16) шаруашылықаралық аңшылық өсiрудi ұйымдастыру - аңшылық алқаптарын бекiтiп беруге дейiн жүргiзiлетiн жануарлар дүниесi мен олар мекендейтiн ортаның шекараларын белгiлеу, алаңын, жай-күйiн есептеу;

      17) жануарлар дүниесiнiң объектiсi - жануарлардың жеке түрi немесе популяциясы;

      18) жануарлар дүниесiн қорғау - жануарлар дүниесiн, олар мекендейтiн ортаны және биологиялық сан алуандықты сақтауға, жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану мен өсiмiн молайтуға бағытталған қызмет, сондай-ақ жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен оларға қарсы күрес жөнiндегi iс-шаралар кешенi;

      19) жануарлар дүниесiнiң мекендеу ортасын қорғау - табиғи еркiн жағдайда жануарлар дүниесi объектiлерiнiң орнықты тiршiлiк етуi және өсiмiн молайту шарттарын сақтауға немесе қалпына келтiруге бағытталған қызмет;

      20) аңшы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аң аулауға құқық алған жеке тұлға;

      21) аңшылық шаруашылығы ұйымы - бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптарда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аңшылық шаруашылығын жүргiзушi шаруашылық субъектiсi;

      22) аңшылық минимумы (аңшылыққа қойылатын ең төменгi талап) - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары бойынша арнайы бағдарлама;

      23) аңшылық шаруашылығы - аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану, жануарлар дүниесiнiң мекендеу ортасын сақтау, оларды қорғау және өсiмiн молайту жөнiндегi шаруашылық қызметтiң түрi;

      24) жануарлар дүниесiн пайдалану - жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн, олардың пайдалы қасиеттерiн мекендеу ортасынан айырып немесе айырмай-ақ пайдалану;

      25) жануарлар дүниесiн пайдаланушылар - осы Заңға сәйкес жануарлар дүниесiн пайдалану құқығы берiлген жеке және заңды тұлғалар;

      25-1) алып тасталды - 2009.07.17. N 188-IV Заңымен;

      26) жолдама - бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптарға немесе балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) жануарлар дүниесi объектiлерiн алу мақсатында бару үшiн жеке тұлғаларға берiлетiн құжат;

      27) жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған рұқсат - жеке және заңды тұлғаларға жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану құқығын беретiн белгiленген нысандағы құжат;

      28) аңшылық алқаптардың және балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерiнiң) резервтiк қоры - жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға бекiтiлiп берiлмеген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi);

      29) балық аулаушы - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен балық аулауға құқық алған жеке тұлға;

      30) балық шаруашылығы ұйымы - бекiтiлiп берiлген балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен балық шаруашылығын жүргiзушi шаруашылық субъектiсi;

      31) балық шаруашылығын ұйымдастыру - балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекiтiп беруге дейiн жүргiзiлетiн ихтиофаунаның шекараларын, алаңын және жай-күйiн айқындау;

      32) балық шаруашылығы - балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) балық ресурстары мен басқа да су жануарларын орнықты пайдалану, олардың мекендеу ортасын сақтау, оларды қорғау және өсiмiн молайту жөнiндегi шаруашылық қызметтiң түрi;

      33) сервитут - аңшылық шаруашылығының және (немесе) балық шаруашылығының қажеттерi үшiн бөгде бiреудiң жер учаскесi мен су объектiсiн шектеулi түрде мақсатты пайдалану құқығы;

      34) жануарлар дүниесiнiң мекендеу ортасы - жануарлар дүниесiнiң объектiлерi табиғи еркiн жағдайда мекендейтiн табиғи орта;

      35) аңшы куәлiгi - жеке тұлғаның аң аулау құқығын куәландыратын белгiленген нысандағы құжат;

      36) уәкiлеттi орган - жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;

      37) жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану - жануарлар дүниесi объектiлерiн олардың түрлiк сан алуандығының таусылуына әкеп соқпайтын және оның өсiмiн молайту мен қазiргi және келешек ұрпақтың қажеттiлiктерiн қанағаттандыру қабiлетi сақталатын тәсiлдер арқылы пайдалану.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз),  2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының жануарлар
              дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
              пайдалану саласындағы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Жануарлар дүниесiнiң санаттары

      1. Жануарлар дүниесi мақсатты пайдалану жағынан мынадай санаттарға бөлiнедi:

      1) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi;

      2) жануарлардың аң аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi;

      3) жануарлардың балық аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi;

      4) жануарлардың уәкiлеттi орган айқындайтын өзге де шаруашылық мақсаттарда (аң аулау мен балық аулаудан басқа) пайдаланылатын түрлерi;

      5) жануарлардың шаруашылық мақсаттарда пайдаланылмайтын, бiрақ экологиялық, мәдени және өзге де құндылығы бар түрлерi;

      6) жануарлардың халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау, қоршаған ортаға зиян келтiрiлуiн болдырмау, ауыл шаруашылығы қызметiне айтарлықтай зиян келтiру қаупiнiң алдын алу мақсатында саны реттелуге тиiс түрлерi.

      2. Жануарлардың түрлерiн санаттарға бөлу және оларды бiр санаттан басқасына ауыстыру жануарлар дүниесiнiң түрлiк сан алуандығын сақтау, оларды қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану мақсатында жүргiзiледi.

      4-бап. Жануарлар дүниесiне және жануарлар дүниесi
              объектiлерiне меншiк

      1. Жануарлар дүниесi мемлекеттiк меншiкте болады.

      2. Мекендейтiн ортадан осы Заңда белгiленген тәртiппен алынған, сондай-ақ ерiксiз және (немесе) жартылай ерiктi жағдайларда өсiрiлiп, ұсталатын жануарлар дүниесiнiң объектiлерi оларды аулаған, өсiретiн және ұстайтын жеке және заңды тұлғалардың меншiгi болып табылады.

      5-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
              пайдалану саласындағы қатынастар субъектiлерi

      Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттiк органдар жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қатынастар субъектiлерi болып табылады.

2-тарау. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласын мемлекеттiк басқару

      6-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
              пайдалану саласын мемлекеттiк басқарудың
              негiзгi принциптерi

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласын мемлекеттiк басқарудың негiзгi принциптерi:

      1) жануарлар дүниесiнiң қорғалуын, өсiмiн молайтуды және орнықты пайдаланылуын қамтамасыз ету;

      2) жануарлар дүниесiн iзгiлiк принциптерiне сәйкес жануарларға қатал қарауға жол бермейтiн тәсiлдермен пайдалану;

      3) жануарлар дүниесiнiң пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi қызметтiң жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалану жөнiндегi қызметпен қоса атқарылуына жол бермеу;

      4) жануарлар дүниесiн пайдалану құқығын жердi, суларды, өсiмдiк дүниесiн және басқа табиғи ресурстарды пайдалану құқығынан бөлу;

      5) жануарлар дүниесiн арнайы пайдаланудың ақылы болуы;

      6) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен бұлтартпау;

      7) азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану саласындағы мiндеттердi шешуге қатысуы болып табылады.

      7-бап. Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын
              қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
              саласындағы мемлекеттiк басқарудың
              ерекшелiктерi

      Балық ресурстарының және басқа су жануарларының пайдаланылуын мемлекеттiк есепке алу, кадастры, мониторингi және бақылау, сондай-ақ олардың зерттелуi, қорғалуы мен өсiмiн молайту мемлекеттiк басқарудың бiртұтас жүйесiн құрайды және балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) бассейндiк принцип бойынша жүзеге асырылады.

      8-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жануарлар
              дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
              саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:

      1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және iске асырылуын қамтамасыз етедi;

      2) жануарлар дүниесiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырады;

      3) уәкiлеттi органның және жергiлiктi атқарушы органдардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi жөнiндегi қызметiне басшылық жасауды жүзеге асырады;

      4) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлейдi;

      5) уәкiлеттi органды белгiлейдi;

      6) Құрып кету қаупi төнген жабайы фауна мен флора түрлерiмен халықаралық сауда туралы конвенция бойынша мiндеттемелердiң орындалуын ұйымдастыру үшiн әкiмшiлiк органды (бұдан әрi - әкiмшiлiк орган) белгiлейдi;

      7) жануарлар дүниесi объектiлерiн алып қоюға арналған лимиттердi бекiтедi;

      8) халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерiнiң) тiзбесiн бекiтедi;

      9) аң аулау, балық аулау ережелерiн бекiтедi;

      10) аңшылық шаруашылығын жүргiзу ережелерiн және балық шаруашылығын жүргiзу ережелерiн бекiтедi;

      11) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұзудан келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерiн бекiтедi;

      12) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы туралы ереженi бекiтедi;

      13) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;

      14) (алынып тасталды - 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен);

      15) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат беру ережелерiн бекiтедi;

      16) жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгiлеу ережелерiн бекiтедi;

      17) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң санаттарын белгiлейдi және оларды басқа санаттарға ауыстырады;

       17-1) ерiксiз немесе жартылай ерiктi жағдайларда өсетiн жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн халықаралық саудалауға шектеулер енгiзедi;

      18) жануарлар дүниесiн мемлекеттiк есепке алуды, оның мемлекеттiк кадастры мен мониторингiн жүргiзудiң тәртiбiн белгiлейдi;

      19) зоологиялық коллекциялар жинау мен мемлекеттiк есепке алу ережелерiн бекiтедi;

      20) аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекiтiп беру жөнiндегi конкурс өткiзу ережелерiн және конкурсқа қатысушыларға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi;

      21) аң аулау және балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлардың құнды түрлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;

      22) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтердi бекiтедi;

      23) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ жануарлар дүниесiн қорғауды тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер мен ұйымдардың нысанды киiм (погонсыз) киюге құқығы бар қызметкерлерiнiң тiзбесiн бекiтедi;

      24) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.09 N 213, 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      9-бап. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық
              органдарының құзыретi

      1. Уәкiлеттi орган:

      1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;

      2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi салалық (секторлық) бағдарламаларды әзiрлейдi;

      3) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;

      4) бекiтiлген лимиттер негізiнде жануарлар дүниесi объектiлерiн алып қоюға арналған квоталарды бөледi;

      5) аңшы куәлiгiн берудiң тәртiбiн белгiлейдi;

      6) аңшылық шаруашылықтарының санаттарын белгiлейдi;

      7) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттар бередi;

      8) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтердi әзiрлейдi;

      9) жануарлар дүниесiн мемлекеттiк есепке алуды, оның мемлекеттiк кадастры мен мониторингiн жүргiзедi;

      10) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мен жобалау-iздену жұмыстарын жүргiзудi ұйымдастырады;

      11) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргiзедi және басып шығаруды қамтамасыз етедi;

      12) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген санаттарға жатқызуды қоспағанда, жануарлар түрлерiнiң санаттарын белгiлейдi және оларды бiр санаттан екiншiсiне ауыстырады;

      13) жануарлар дүниесiнiң объектiлерiн, олардың бөлiктерi мен туынды түрлерiн, оның iшiнде сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген санаттарға жатқызылған жануарлар түрлерiн әкелу және әкету тәртiбiн айқындайды және оған Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен рұқсаттар бередi;

      14) жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн биологиялық негiздеме дайындаудың тәртiбiн белгiлейдi;

      15) жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын және Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұзудан келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерiн белгiлеудiң әдiстемесiн әзiрлейдi және бекiтедi;

      15-1) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын анықтау мақсатында жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың қызметiн тексередi;

      16) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды;

      17) жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салулар енгiзедi;

      18) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн жасанды түрде өсiру жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады;

      19) аңшылық алқаптары мен балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерiнiң) резервтiк қорында жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды және мемлекеттiк есепке алуды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;

      20) жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспектор актiлерiнiң нысандарын, оларды толтыру мен берудiң тәртiбiн бекiтедi;

      21) аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдарының қорықшылық қызмет туралы үлгi ережесiн бекiтедi;

      22) жолдаманың үлгi нысанын бекiтедi;

      23) жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың арнайы құралдарды қолдану ережелерiн бекiтедi;

      24) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдарының, сондай-ақ жануарлар дүниесiн қорғауды тiкелей жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерiнiң нысанды киiмiнiң (погонсыз) үлгiлерiн, кию тәртiбiн және онымен қамтамасыз ету нормаларын бекiтедi;

      25) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      26) "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.

      2. Аумақтық органдар өз қызметiн уәкiлеттi орган белгiлеген құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз),  2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      10-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы жергiлiктi мемлекеттiк
               басқару органдарының құзыретi

      1. Қазақстан Республикасының жергiлiктi өкiлдi органдары:

      1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi өңiрлiк бағдарламаларды бекiтедi;

      2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi бойынша жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының есептерiн қарайды.

      2. Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары:

      1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлейдi және олардың iске асырылуын қамтамасыз етедi;

      2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi ведомстволық бағыныстағы органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiру мен бақылауды жүзеге асырады;

      3) жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының тiзбесiн бекiтедi;

      4) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекiтiп беру жөнiнде шешiмдер қабылдайды.

      11-бап. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк есепке алу,
               оның мемлекеттiк кадастры мен мониторингi

      Жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды және пайдалануды қамтамасыз ету үшiн жануарлар дүниесi түрлерiнiң жай-күйі мен географиялық таралуы туралы, олардың саны, жүйелi байқау нәтижелерi, оларды шаруашылықтағы пайдалану көлемдерi туралы мәлiметтер жиынтығын және басқа да қажеттi деректердi құрайтын жануарлар дүниесiн мемлекеттiк есепке алу, оның мемлекеттiк кадастры мен мониторингi жүргiзiледi.

3-тарау. Жануарлар дүниесiн қорғау

      12-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi
               негiзгi талаптар

      1. Жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне, мекендейтiн ортасына, көбею жағдайларына және жануарлардың өрiс аудару жолдарына әсер ететiн қызмет жануарлар дүниесінiң, олар мекендейтін ортаның сақталуы мен өсiмiн молайтуды және келтiрiлген зиянды өтеудi қамтамасыз етудiң талаптары, оның iшiнде экологиялық талаптар сақтала отырып жүзеге асырылуға тиiс.

      2. Жануарлар дүниесiнiң жай-күйiне және олар мекендейтiн ортаға әсер ететiн немесе әсер етуi мүмкiн қызметтi жүзеге асыру кезiнде мынадай негiзгi талаптардың сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс:

      1) жануарлар дүниесiнiң табиғи еркiндiк жағдайындағы биологиялық сан алуандығы мен үйiрлiк тұтастығын сақтау;

      2) жануарлар дүниесiнiң объектiлерi мекендейтiн ортаны, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдарын және шоғырлану орындарын сақтау;

      3) жануарлар дүниесi объектiлерiн ғылыми негізделген тұрғыдан ұтымды пайдалану және олардың өсiмiн молайту;

      4) табиғаттағы биологиялық тепе-теңдiктi сақтау мақсатында жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын реттеу;

      5) жануарларды, оның iшiнде сирек кездесетiндерi мен құрып кету қаупi төнгендерiн жасанды өсiрудi қоса алғанда, кейiннен оларды мекендеу ортасына шығара отырып, жануарлар дүниесiнiң өсiмiн молайту.

      3. Жануарлар дүниесiн қорғаудың, өсiмiн молайтудың және пайдаланудың мемлекеттiк, салалық (секторлық) және өңiрлiк бағдарламаларын, нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу кезiнде осы баптың 2-тармағында көрсетiлген негiзгi талаптар мiндеттi түрде ескерiлуге тиiс.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.09. N 213 Заңымен.

      13-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау

      Жануарлар дүниесiн қорғау:

      1) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi ережелер мен нормаларды белгiлеу және сақтау;

      2) жануарлар дүниесiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салулар белгiлеу;

      3) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау;

      4) жануарлар дүниесiн пайдаланудың белгiленген ережелерiн бұзуды болдырмау;

      5) жануарлар мекендейтiн ортаны қорғауды, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын ұйымдастыру;

      6) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүктей отырып, аумақтарды, акваторияларды бекiтiп беру;

      7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру;

      8) жануарларды жасанды түрде өсiру;

      9) жануарлар ауырған жағдайда, дүлей зiлзала кезiнде және басқа себептер салдарынан қырылу қаупi төнген жағдайларда оларға көмек көрсету;

      10) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулердi ұйымдастыру;

      11) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау және орнықты пайдалану идеяларын насихаттау;

      12) жеке және заңды тұлғалардың жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi қызметiн ынталандыру;

      13) азаматтарды жануарлар дүниесiне iзгiлiктi және ұқыпты қарау рухында тәрбиелеу жолымен жүзеге асырылады.

      14-бап. Жануарлар дүниесiн сақтау және өсiмiн молайту
               мақсатында оны пайдалануға шектеулер мен
               тыйым салулар белгiлеу

      1. Жануарлар дүниесi объектiлерiн сақтау және өсiмiн молайту мақсатында:

      1) жануарлар дүниесiн пайдалану мерзiмдерiн шектеу;

      2) аулау әдiстерiне, тәсiлдерiне және құрал түрлерiне тыйым салу;

      3) алу нормаларын өзгерту;

      4) жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың санын шектеу белгiленуi мүмкiн.

      2. Шектеулер мен тыйым салулар белгiлеуге:

      1) жануарлар популяциясының жыныс-жас құрылымының бұзылуы;

      2) жануарлар санының азаюы;

      3) мекендеу ортасының нашарлауы;

      4) жануарлардың өрiс аударуы мен көбеюi кезеңiнде олар жаппай шоғырланатын жерлерде тыным алу аймақтарын құру қажеттiгi негiз болып табылады.

      3. Жануарлар дүниесi объектiлерiн сақтау мақсатында:

      1) өсiмдiктердi жоюға және жануарлар мекендейтiн ортаның жағдайларын нашарлататын өзге де iс-әрекеттерге;

      2) жануарлар үйiрiмен мекендейтiн жерлердi периметр бойынша олардың iндерi орналасқан жерлерге жиырма метр жақындап немесе уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша оларды алдын ала басқа жерге көшiрмей жыртуға;

      3) жануарлардың паналау орындары мен ұяларын бұзуға және бүлдiруге, жұмыртқаларын жинауға;

      4) суда жүзетiн құстардың жаппай ұя салуы көрсетiлген және балықтардың көбеюi кезеңiнде олар уылдырық шашатын жерлерде катерлердiң, моторлы қайықтардың және басқа да жүзу құралдарының моторын iске қосып жүзуге;

      5) ұшақтардың, тiкұшақтардың және өзге де ұшу аппараттарының тұяқты жабайы жануарлар мен топтасып ұшатын құстар жаппай мекендейтiн аумақтардың үстiнен уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз бiр километрден төмен биiктiкте ұшып өтуiне;

      6) жануарлардың мекендеу ортасын жоюға, жемшөптiк өсiмдiктер егiстiктерiн, қорғау екпелерiн, сортаң топырақтарды, жануарларға арналған астауларды, сiлтеме белгiлердi, аң аулау және балық аулау шаруашылығын жүргiзуге арналған құрылыстарды бүлдiруге;

      7) сирек кездесетiн және құрып кетуi қаупi төнген жануарлар түрлерiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiнсiз алуға;

      8) жануарлар дүниесi объектiлерiн белгiленген лимиттен асырып және жануарлар дүниесiн пайдалануға берiлген рұқсатта көрсетiлген мерзiмнен тыс аулауға;

      9) жануарлар дүниесi объектiлерiн аң аулау мен балық аулау ережелерiнде көзделмеген жануарларды аулау құралдарының, әдiстерінің және тәсiлдерiнiң түрлерiн қолдана отырып аулауға;

      10) жарылғыш құрылғыларды, улы химикаттарды қолдана отырып (дала кемiргiштерiн қыру кезiнде, сондай-ақ жануарлардың құтыруы мен басқа да ауруларының iндетi жағдайларында уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша улы химикаттарды қолдануды қоспағанда) жануарлар дүниесi объектiлерiн аулауға;

      11) уәкiлеттi органның рұқсатынсыз жануарларды интродукциялау мен будандастыруды жүргiзуге, сондай-ақ жаңадан жерсiндiрiлген жануарларды алуға тыйым салынады.

      15-бап. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету
               қаупi төнген түрлерiн қорғау

      1. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiледi.

      2. Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жануарлар түрлерiн қорғауды мемлекет жүзеге асырады. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабына енгiзiлген жануарлар түрлерiн қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.

      3. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн алуға ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша оларды арнайы жасалған жағдайларда өсiру және кейiннен мекендеу ортасына шығару үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын ғылыми және өзге де мақсаттарда жол берiледi.

      4. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң қырылуына, санының азаюына немесе мекендеу ортасының бұзылуына әкеп соғатын iс-әрекеттерге жол берiлмейдi.

      5. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерін әкiмшiлiк органының рұқсатынсыз қолда ұстауға, тасымалдауға, сатуға, сатуға шығаруға және сатып алуға, сондай-ақ оларды әкелу мен әкетуге тыйым салынады.

      16-бап. Пестицидтердi (улы химикаттарды), минералдық
               тыңайтқыштар мен басқа да препараттарды
               қолдану кезiнде жануарларды қорғау

      Пестицидтердi (улы химикаттарды), минералдық тыңайтқыштарды және басқа препараттарды қолдану, сақтау және тасымалдау жануарлар дүниесi мен олар мекендейтiн ортаның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
      Жануарлар дүниесiн қорғау мақсатында пестицидтердi (улы химикаттарды), минералдық тыңайтқыштарды және басқа препараттарды қолданудың шектеулi рұқсат етiлген нормалары белгiленедi.

      17-бап. Шаруашылық және өзге де қызметтi жобалау
               мен жүзеге асыру кезiнде жануарлар мекендейтiн
               ортаны, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару
               жолдарын және шоғырланған жерлерiн сақтау
               жөнiндегi iс-шаралар

      1. Елдi мекендердi, кәсiпорындарды, құрылыстар мен басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және салу, өндiрiстiк процестердi жүзеге асыру мен көлiк құралдарын пайдалану, қолданыстағы технологиялық процестердi жетiлдiру және олардың жаңаларын енгiзу, пайдаланылмаған, жағалау маңындағы, батпақты, бұта басқан аумақтарды шаруашылық айналымына енгiзу, жердi мелиорациялау, орман ресурстарын және су объектiлерiн пайдалану, геологиялық-барлау жұмыстарын жүргiзу, пайдалы қазбаларды өндiру, ауыл шаруашылығы жануарлары жайылатын және оларды айдап өтетiн жерлердi белгiлеу, туристiк маршруттар әзiрлеу мен халықтың жаппай демалатын орындарын ұйымдастыру кезiнде жануарлар дүниесi объектiлерi мекендейтiн ортаны және олардың көбею жағдайларын, жануарлардың өрiс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерiн сақтау жөнiндегi iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, сондай-ақ жабайы жануарлар мекендейтiн орта ретiнде ерекше құнды болып табылатын учаскелерге ешкiмнiң қол сұқпауы қамтамасыз етiлуге тиiс.

      2. Темiр жол, тас жол, құбыр тарту және басқа көлiк магистральдарын, электр беру және байланыс желiлерiн, арналарды, бөгеттердi және өзге де су шаруашылығы құрылыстарын орналастыру, жобалау және салу кезiнде жануарлар мекендейтiн ортаны, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерiн сақтауды қамтамасыз ететiн іс-шаралар әзiрленiп, жүзеге асырылуға тиiс.

      18-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы
               жануарларды қорғау

      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      19-бап. Жануарлар дүниесi объектiлерiн жасанды
               түрде өсiру

      1. Жануарлар дүниесi объектiлерiн жасанды түрде өсiру:

      1) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн сақтау және көбейту;

      2) ғылыми зерттеулер;

      3) жануарларды интродукциялау;

      4) жануарлар дүниесi объектiлерiн кәсiпкерлiк қызметте пайдалану мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерi санын оларды кейiннен мекендеу ортасына шығару арқылы сақтау және көбейту мақсатында жануарлар дүниесi объектiлерiн жасанды түрде өсiру мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздердiң есебiнен жүзеге асырылады.

      3. Құрып кету қаупi төнген жабайы фауна мен флора түрлерiмен халықаралық сауда туралы конвенцияның I және II қосымшаларына енгiзiлген жануарлар түрлерi олар ерiксiз жағдайларда өсiрiлген және әкiмшiлiк органында тiркелген жағдайларда ғана саудалау нысанасы бола алады.

      4. Жануарлар дүниесi объектiлерiн кәсiпкерлiк қызмет мақсатында жасанды түрде өсiру жеке және заңды тұлғалардың қаражаты мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздердiң есебiнен жүзеге асырылады.

      20-бап. Жабайы жануарларды интродукциялау мен
               будандастыру, оларды Қазақстан Республикасына
               әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету

      1. Сирек кездесетiндерiн және құрып кету қаупi төнгендерiн қоспағанда, жануарлар түрлерiн интродукциялау мен будандастыруға, оларды Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге биологиялық негiздеме мен мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысына сәйкес уәкiлеттi органның рұқсаттары бойынша ғана жол берiледi.

      2. Сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн интродукциялау мен будандастыруға биологиялық негiздеме мен мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысына сәйкес және уәкiлеттi органның ұсынымы негiзiнде Қазақстан Республикасы Yкiметінің шешiмi бойынша жол берiледi.

      21-бап. Жаппай ауыру, дүлей зiлзала кезiнде және
               басқа себептер салдарынан қырылу қаупi төнген
               жағдайларда жануарларға көмек көрсету

      1. Бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жаппай ауыру, дүлей зiлзала кезiнде және басқа себептер салдарынан қырылу қаупi төнген жағдайларда жануарларға көмек көрсетудi аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдары, ал басқа алқаптар мен су тоғандарында - Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады. Аумақтың және оқиғаның маңыздылығына қарай аталған жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкiметi мен халықаралық ұйымдар көмек көрсетуi мүмкiн.

      2. Дүлей зiлзала аудандарындағы, сондай-ақ қырылу қаупi төнген жануарларды аулауға жол берiлмейдi.

      22-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер

      1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер:

      1) жануарлар дүниесiнiң жай-күйiн жыл сайын бағалау;

      2) жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң жай-күйiн ұдайы зерделеу;

      3) iндеттi жағдайды ұдайы зерделеу;

      4) халықаралық ғылыми-зерттеу бағдарламаларына қатысу;

      5) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтердi негіздеу;

      6) биологиялық саналуандылықты сақтау жөнiндегi шараларды және жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi бағдарламаларды негiздеу;

      7) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғаудың, өсiмiн молайтудың және пайдаланудың құқықтық және экономикалық тетiктерiн әзiрлеу мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады.

      3. Бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарындағы (учаскелерiндегi) жануарлар дүниесiнiң жай-күйiн жыл сайын бағалау олар бекiтiлiп берiлген жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

4-тарау. Жануарлар дүниесiн пайдалану

      23-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану

      1. Жануарлар дүниесiн пайдалану жалпы және арнайы пайдалану тәртiбiмен жүзеге асырылады.

      2. Жануарлар дүниесiнiң объектiлерi Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес пайдалануға берiледi.

      3. Жануарлар дүниесiн арнайы пайдалануға жануарлар дүниесi объектiлерiн және олардың тiршiлiк ету өнiмдерiн мекендейтiн ортасынан алу арқылы пайдалану жатады.

      4. Жануарлар дүниесiн жалпы пайдалануға жануарлар дүниесi объектiлерiн, сондай-ақ олардың пайдалы қасиеттерiн мекендейтiн ортасынан алмай пайдалану жатады.

      5. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк орман қорының аумағында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда пайдалану Қазақстан Республикасының орман заңдары мен Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарының талаптары ескерiле отырып жүзеге асырылады. P031303

      6. Жануарлар дүниесi объектiлерiн биологиялық қару ретiнде пайдалануға тыйым салынады.

      24-бап. Жануарлар дүниесiн пайдаланудың түрлерi

      Қазақстан Республикасының аумағында жануарлар дүниесiн пайдаланудың мынадай түрлерiне жол берiледi:

      1) аң аулау;

      2) судағы омыртқасыз жануарлар мен теңiз сүтқоректiлерiн қоса алғанда, балық аулау;

      3) аң аулау мен балық аулау объектiлерiне жатпайтын жануарларды шаруашылық мақсаттарда пайдалану;

      4) жануарларды ғылыми, мәдени-ағарту, тәрбиелiк және эстетикалық мақсаттарда пайдалану;

      5) жануарлардың пайдалы қасиеттерiн және тiршiлiк ету өнiмдерiн пайдалану.

      25-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану мерзiмдерi

      Жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану үшiн:
      1) аңшылық және (немесе) балық шаруашылығын жүргiзу кезiнде - биологиялық-экономикалық тексерудiң, аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекiтiп беруге арналған конкурсқа қатысушыларға қойылатын бiлiктiлiк талаптарының, аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдарын дамыту жоспарларының негiзiнде конкурстық комиссия айқындайтын аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекiтiп беру кезеңiне қарай он жылдан қырық тоғыз жылға дейiнгi;

      2) қалған түрлерiне - бiр жылдан аспайтын мерзiмдер белгiленедi.

      2. Жануарлар дүниесiн жалпы пайдалану үшiн пайдалану мерзiмдерi белгiленбейдi.

      26-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалануға беру

      1. Жануарлар дүниесi арнайы пайдалануға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiлетiн жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған рұқсаттар негiзiнде берiледi.

      1-1. Әуесқойлық (спорттық аң аулау мен балық аулауды, ғылыми зерттеулердi қоспағанда, жануарлар дүниесiн арнайы пайдалануды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес экологиялық рұқсат алу қажет.

      2. Жануарлар дүниесiн жалпы пайдалану қандай да бiр рұқсатсыз жүзеге асырылады.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.09. N 213 Заңымен.

      27-бап. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың
               құқықтары мен мiндеттерi

      1. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылар арнайы пайдалану кезiнде:

      1) жануарлар дүниесiнiң өздерiне рұқсат етiлген түрлерiн ғана пайдалануды жүзеге асыруға;

      2) жануарлар дүниесi объектiлерiн оларды беру шарттарына сәйкес пайдалануға;

      3) ауланған жануарлар дүниесi объектiлерiн және бұл ретте алынған өнiмдi меншiктенуге;

      4) жолдама беруге;

      5) жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалану үшiн жеке және заңды тұлғалармен шарттар жасасуға құқығы бар.

      2. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылар арнайы пайдалану кезiнде:

      1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын сақтауға;

      2) жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен уақтылы төлемдер жасауға;

      3) шаруашылықiшiлiк аңшылық ұйымдастыруды жүргiзуге;

      4) шаруашылықiшiлiк балық аулауды ұйымдастыруды жүргiзуге;

      5) жануарлар мекендейтiн ортаның нашарлауына жол бермеуге;

      6) жануарлар дүниесiн халық пен қоршаған ортаға қауiпсiз, табиғи үйiрлер тұтастығының бұзылуына және жануарларға қатысты қатыгездiкке жол берiлмейтiн тәсiлдермен пайдалануға;

      7) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын есепке алуды жүргiзуге және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен есептiлiктi табыс етуге;

      8) жануарлар дүниесi объектiлерiн, оның iшiнде сирек кездесетiн және құрып кету қауіпі төнгендерiн қорғау мен олардың өсімін молайтуды қамтамасыз етуге;

      9) биологиялық-экономикалық тексерулердiң нәтижелерiне сәйкес жануарлар дүниесi объектiлерiнiң өсiмiн молайтуды қамтамасыз ететiн қажеттi iс-шараларды жүргiзуге;

      10) осы Заңның 49-бабына сәйкес жүргiзiлетiн, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттiк бақылау мақсатында тексерудi жүзеге асыруға кедергi жасамауға мiндеттi.

      3. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылар жалпы пайдалану кезiнде жануарлар дүниесi объектiлерiн өздерiнiң мәдени және эстетикалық қажеттерiн қанағаттандыру үшiн пайдалануға құқығы бар.

      4. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылар жалпы пайдалану кезiнде:
      1) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарының талаптарын сақтауға;

      2) жануарлар мекендейтiн ортаның нашарлауына жол бермеуге;

      3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөнiндегі өзге де талаптарды орындауға мiндеттi.

      5. Жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың қызметiне мемлекеттiк органдар, лауазымды адамдар мен ұйымдар тарапынан заңсыз араласуға тыйым салынады.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      28-бап. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы

      1. Жануарлар дүниесiн жалпы пайдалану ақысыз жүзеге асырылады.

      2. Жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес ақылы негiзде жүзеге асырылады.

      29-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану үшiн лимиттер
               мен квоталар

      1. Жануарларды алу лимитi - жануарларды олардың табиғи өсiмi мен саны сақталатын жағдайда алудың жол берiлетiн шектi көлемi.
      Жануарларды алу лимитi олардың өткен жылдағы санының есеп материалдары, жануарлар дүниесi объектiлерiнiң және олар мекендейтiн ортаның мониторингi, ғылыми зерттеулер негiзiнде дайындалған биологиялық негіздемеге сәйкес белгiленедi және оны мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi.
      Бiрнеше мемлекеттердiң аумақтары бойымен өрiс аударатын немесе мемлекетаралық маңызы бар су тоғандарын мекендейтiн жануарларды алу лимитi халықаралық шарттардың негiзiнде, ал олар болмаған жағдайда - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалады.

      2. Жануарларды алу квотасы - жануарларды алу лимитiнiң аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдары үшiн белгiлi бiр мерзiмге белгiленген бөлiгі.
      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер кезiнде мемлекеттiк тапсырысты орындау үшiн уәкiлеттi орган жеке квота белгiлейдi.

      30-бап. Жануарлар дүниесiн пайдалану құқығын тоқтатудың
               негiздерi

      Жануарлар дүниесiн пайдалану құқығы:

      1) жануарлар дүниесiн пайдаланудан өз еркiмен бас тартқан;

      2) жануарлар дүниесiн пайдалану мерзiмi өтiп кеткен;

      3) жануарлар дүниесiн пайдаланушының қызметi тоқтатылған;

      4) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, олардың өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарының талаптарын, сондай-ақ аңшылық шаруашылығын немесе балық шаруашылығын жүргiзу шарттарының талаптарын жүйелi түрде бұзған;

      5) аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) бекiтiлiп берiлген жер учаскелерiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қажеттiлiктер үшiн алу;

      6) жануарлар дүниесiн арнайы пайдалануға берiлген рұқсаттар жойылған;

      7) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер туындаған жағдайларда тоқтатылады.

      31-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы нормативтер

      1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтер жануарлар дүниесiнiң сақталуын, мекендеу ортасы мен оның орнықты пайдаланылуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi жол берiлетiн шектi сандық және сапалық көрсеткiштердiң мәнiн айқындайды.

      2. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтер ғылыми зерттеулер негiзiнде белгiленедi, шаруашылық және өзге де қызметті жоспарлау мен жүргiзу, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ic-шараларды жүргiзу кезiнде мiндеттi болып табылады.

5-тарау. Aң аулау

      32-бап. Аң аулау ұғымы және түрлерi

      1. Аң аулау - аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiн мекендейтiн ортасынан алуды жүзеге асыру арқылы жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану түрi.
      Жануарлар дүниесi объектiлерiн аулау мақсатында iздеу, iзiн кесу және iзiне түсу, аулауға әрекет жасау, аңшылық алқаптарда қабынан шығарылған аңшылық қаруы және басқа да аң аулау құралдары немесе аң аулаудан алған өнiмдерi бар, қарғыбауы алынған аң аулайтын иттерi мен қыран құстары бар адамдардың жүруi аң аулауға теңестiрiледi.

      2. Аң аулау:
      1) кәсiпшiлiк аң аулау;

      2) әуесқойлық (спорттық) аң аулау болып бөлiнедi.

      3. Кәсiпшiлiк аң аулау - аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiн кәсiпкерлiк қызмет мақсатында аулау.

      4. Әуесқойлық (спорттық) аң аулау - аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiн спорттық, эстетикалық қажеттiктерiн қанағаттандыру мақсатында және ауланған өнiмдi жеке тұтыну үшiн аулау.

      5. Егер уәкiлеттi орган өзгеше белгiлемесе, аң аулау бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптарда жүргiзiледi.

      33-бап. Аң аулау құқығы

      1. Аң аулау құқығы жеке тұлғаларға:

      1) егер аң аулау атыс қаруы қолданыла отырып жүргiзiлетiн болса, он сегiз жасқа толған;

      2) егер аң аулау аңшылық ережелерiнде рұқсат етiлген басқа да аңшылық құралдарының түрлерi, иттер мен қыран құстар қолданыла отырып жүргiзiлетiн болса, он төрт жасқа толған;

      3) аңшылыққа қойылатын ең төменгi талап бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгiсi бар аңшы куәлігі болған және аң аулау құқығына рұқсат беру үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген мемлекеттiк бажды төлеген;

      4) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат алған жағдайда берiледi.

      2. Шетелдiктер үшiн Қазақстан Республикасының аумағында аң аулау құқығы аң шаруашылығы ұйымымен жасасқан аң аулауды ұйымдастыру шартының және оның аң аулау құқығын куәландыратын тұратын елінде берiлген құжаттың және жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат алуының негiзiнде туындайды.

6-тарау. Балық аулау

      34-бап. Балық аулау ұғымы және түрлерi

      1. Балық аулау - балық аулау және балық аулау объектiсi болып табылатын басқа да су жануарларын аулау.

      2. Балық аулау:

      1) кәсiпшiлiк балық аулау;

      2) әуесқойлық (спорттық) балық аулау болып бөлiнедi.

      3. Кәсiпшiлiк балық аулау - балықты және балық аулау объектiсi болып табылатын басқа да су жануарларын кәсiпкерлiк қызмет мақсатында аулау.
      Кәсiпшiлiк балық аулау балық шаруашылығы ұйымдарына бекiтiлiп берiлген балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) ғана жүзеге асырылады.

      4. Әуесқойлық (спорттық) балық аулау - балықты және басқа су жануарларын спорттық, эстетикалық қажеттiктерiн қанағаттандыру мен ауланған өнiмдi жеке тұтыну мақсатында аулау.

      35-бап. Балық аулауға құқық

      1. Кәсiпшiлiк балық аулауға құқық жеке және заңды тұлғаларға:

      1) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаты;

      2) балық аулау үшiн уәкiлеттi органмен жасасқан шарты болған кезде берiледi.

      2. Жеке тұлғалардың әуесқойлық (спорттық) балық аулауға құқығы болады.

      36-бап. Жасанды әдiспен жасалған су тоғандарында балық
               шаруашылығы қызметiн реттеудiң ерекшелiктерi

      Өздерi жасаған жасанды су тоғандарында балықтар мен басқа да су жануарларын өсiрген жеке және заңды тұлғалар осы балықтар мен су жануарларының меншiк иесi болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларға иелiк етедi.

7-тарау. Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу

      37-бап. Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу
               құқығын беру

      1. Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу құқығы жеке және заңды тұлғаларға облыстық атқарушы органның аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) бекiтiп беру туралы уәкiлеттi органмен келiсiлген шешiмiнiң, уәкiлеттi орган мен жануарлар дүниесiн пайдаланушы арасында жасалатын аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу шартының негiзiнде берiледi.

      2. Аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдары жануарлар дүниесi объектiлерiн квота шегiнде алып қою құқығын жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат алған сәттен бастап, ал басқа жеке және заңды тұлғалар - аңшылық шаруашылығы мен балық шаруашылығы ұйымдарынан жолдама алғаннан кейiн немесе солармен аң аулау немесе балық аулау шартын жасасқан соң алады.

      3. Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарын (учаскелерiн) аңшылық шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдарына бекiтiп беру мерзiмi өткен кезде олардың осы аумақтар мен акваторияларды қайта бекiтуiне басымдығы болады.

      38-бап. Аңшылық алқаптар

      1. Аңшылық алқаптар - аң аулау және аңшылық шаруашылығын жүргiзу жүзеге асырылатын немесе асырылуы мүмкiн, аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiнiң мекендеу ортасы болатын аумақтар мен акваториялар.

      2. Аумақтар мен акваторияларды аңшылық алқаптарға жатқызу, олардың шекараларын айқындау және тиiстi сервитуттар белгiлеу шаруашылықаралық аңшылық iсiн ұйымдастыру мен биологиялық-экономикалық зерттеу нәтижелерiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      3. Аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға байланысты емес шаруашылық қызмет жануарлар дүниесi объектiлерiнiң және олар мекендейтiн ортаның сақталуын қамтамасыз ететiн әдiстермен және тәсiлдермен жүргiзiлуге тиiс.

      4. Аңшылық алқаптары бар жерлер мен акваторияларды иелену, пайдалану және оларға билiк ету құқығы аң аулау объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерiн пайдалану құқығын бермейдi.

      5. Мына жағдайларда:
      1) аңшы куәлiгiнсiз;

      2) атыс қаруын сақтау мен пайдалану құқығын беретiн iшкi iстер органдары рұқсатынсыз атыс қаруын қолданып;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркеуден өткiзiлмеген иттердi және қыран құстарды қолданып;

      4) аң аулау ережелерiнде қолданылуы көзделмеген аулау құралдарын пайдаланып;

      5) аңшылық шаруашылығы ұйымдарымен шарт жасаспай кәсiпшiлiк мақсатта;

      6) егер уәкiлеттi орган өзгеше белгiлемесе, аңшылық алқаптардың резервтiк қорында;

      7) елдi мекендердiң жерлерiнде, сондай-ақ олармен iргелес аумақтарда аң аулау ережелерiне сәйкес аңшылық атыс қаруын қолдану қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлмейтiн қашықтықта;

      8) уәкiлеттi органның рұқсатынсыз өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерiнде;

      9) күйзелiстi және дәрменсiз жағдайдағы жануарларды (дауылдан, су тасқынынан, өрттен бас сауғалағандарды, су тоғандарынан өту кезiнде, көктайғақ кезiнде, аштықтан әлсiрегендердi, жусанды паналаған суда жүзетiн құстарды);

      10) қозғағышын iске қосып, авиа-, авто-, мотокөлiк құралдарын, қарда жүретiн техниканы (қасқыр аулауды қоспағанда), шағын көлемдi кемелердi, түнде көру құралдарын, лазерлiк нысана көрсеткiштерiн, жарық беру және дыбыс шығару құралдарын қолдана отырып, әуесқойлық (спорттық) мақсатта;

      11) алкогольден немесе есiрткiден масаң болу немесе өзге түрде улану жағдайларында аң аулауға тыйым салынады.

      39-бап. Балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi)

      1. Балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) - балық аулау және басқа су жануарларын аулау үшiн пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн не олардың қорларының өсiмiн молайту үшiн маңызы бар су тоғандары (өзендер және оларға теңестiрiлген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа iшкi су тоғандары, аумақтық сулар), сондай-ақ теңiз сулары.

      2. Балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) маңызы жағынан халықаралық, республикалық және жергiлiктi болып бөлiнедi.

      3. Халықаралық маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) Қазақстан Республикасының және онымен шектес мемлекеттердiң аумақтарында орналасқан су тоғандары жатады.
      Республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) екi және одан да көп облыстардың аумағында орналасқан балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) жатады.
      Жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) облыстық атқарушы орган бекiткен тiзбеге енгiзiлген қалған барлық балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) жатады.

      4. Балық шаруашылығы су тоғандарында:
      1) елдi мекендердiң, балық қабылдау пункттерiнiң жанына бакендер орнату үшiн, аялдауды және аса қажет жағдайды қоспағанда, балық аулауға тыйым салынған жерлерде су көлiгiнiң тоқтауына;

      2) балық аулайтын түрлi құралдарды бiр балық шаруашылығы су тоғандарынан (учаскелерiнен) басқаларына арнайы өңдеусiз апаруға;

      3) уәкiлеттi органның рұқсатынсыз өзендерде жаңа балық аулау кәсiпшiлiгi учаскелерiн, ұйықтар ашуға, салдар мен қалқымалар орнатуға;

      4) су тоғандарында немесе оған тiкелей жақын жерде балық аулау ережелерiнде қолдану көзделмеген балық аулау құралдарымен болуға;

      5) балықтарды ноқталарында сақтауға, ойылған жерден шыққан өлi және ауру балық пен балық аулау құралдарын суға және жағалау белдеуiне лақтырып тастауға;

      6) балық аулау ережелерiнде белгiленген кәсiпшiлiк шаралардан кем балық аулауға, қабылдауға, сатуға және сақтауға;

      7) уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсатынсыз балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) суда жүзетiн құстар өсiруге және құндыз өсiру немесе басқа кәсiпшiлiк мақсатта мелиорациялық жұмыстар жүргiзуге;

      8) мұз қатқан кезеңде халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз, ал жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарына (учаскелерiне) - облыстық атқарушы органның келiсiмiнсiз автомобиль көлiгiмен және өзге де механикалық жылжымалы құралдармен баруға тыйым салынады.

      5. Мына жағдайларда:
      1) бөгеттердiң, шлюздердiң және көпiрлердiң жанында, көлдердi өзара және негiзгi өзенмен жалғастыратын тармақтарда, мелиорациялық жүйелердiң жеткiзу арналары мен бұрылыстарында, балық аулау ережелерiнде белгiленген шекаралардан тыс өзендер мен арналардың сағалары алдында;

      2) балық аулау ережелерiнде көзделмеген балық аулау құралдарымен;

      3) балықтардың қыстайтын шұңқырлары мен уылдырық шашатын жерлерiнде;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген және тiркеу нөмiрлерi көрсетiлмеген жүзу құралдарымен;

      5) балық аулау құқығын беретiн рұқсатқа сәйкес ұйымның атауы және балық аулау құралдарының параметрлерi көрсетiлген жапсырмалары жоқ балық аулау құралдарымен;

      6) теңiзде және өзендерде бекiре балықтарды аулауға арналған құрылған аулау құралдарымен;

      7) алкогольден немесе есiрткiден масаң болу немесе өзге түрде улану жағдайларында балық аулауға тыйым салынады.

      40-бап. Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы
               су тоғандарын (учаскелерiн) бекiтiп беру тәртiбi

      1. Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандары (учаскелерi) облыстық атқарушы органның шешiмiмен конкурстық негiзде бекiтiлiп берiледi.
      Конкурсты уәкiлеттi орган құратын комиссия облыстық атқарушы органмен бiрлесiп, конкурс өткiзу ережелерiне сәйкес өткiзедi. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда конкурсты Қазақстан Республикасының Үкiметi құратын комиссия өткiзедi.

      2. Жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың жеке  меншiгiнде немесе уақытша жер пайдалануында болатын жер учаскелерiндегi аңшылық алқаптар белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сай болған жағдайда және уәкiлеттi органның ұсынымы болғанда конкурс өткiзiлмей, олардың өтiнiмi бойынша облыстық атқарушы органның шешiмiмен өздерiне бекiтiлiп берiледi.

      3. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы мүдделi жеке және заңды тұлғаларға сервитут беруді қамтамасыз етуге мiндеттi.

      41-бап. Аң аулау мен балық аулау объектiлерiне жатпайтын
               жануарларды шаруашылық мақсаттарда пайдалану

      Аң аулау мен балық аулау объектiлерiне жатпайтын жануарларды, сондай-ақ олардың пайдалы қасиеттерi мен тiршiлiк ету өнiмдерiн шаруашылық мақсаттарда пайдалану уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      42-бап. Жануарларды ғылыми, мәдени-ағартушылық,
               тәрбиелiк және эстетикалық мақсаттарда,
               оның iшiнде зоологиялық коллекциялар жинау үшін
               пайдалану

      Сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнгеннен басқа жануарларды ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбиелiк және эстетикалық мақсаттарда, оның iшiнде зоологиялық коллекциялар жинау үшiн пайдалану уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      43-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту
               саласындағы мемлекеттiк мекемелер мен
               кәсiпорындар

      Қазақстан Республикасының Үкiметi жануарлар дүниесiнiң саны азаюға ұшыраған жекелеген түрлерiнің популяциясын қорғауды жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк мекемелердi және тектiк қорды сақтау мақсатында жануарлар дүниесi объектiлерiн жасанды түрде өсiру үшiн республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарды құрады.

8-тарау. Жануарлар санын реттеу

      44-бап. Жануарлар санын реттеудiң мақсаттары

      Жануарлардың санын реттеу:

      1) халықтың денсаулығын сақтау;

      2) ауыл шаруашылығы мен үй жануарлары ауруларын болдырмау;

      3) экономикаға зиян келтiрудi болдырмау;

      4) биологиялық тепе-теңдiктi сақтау мақсатында жүзеге асырылады.

      45-бап. Жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын
               реттеудiң негiздерi

      Жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын реттеудiң негiздерi:

      1) халықтың, ауыл шаруашылығы мен үй жануарларының жұқтырушылары жануарлар дүниесiнiң объектiлерi болып табылатын ауруларды жұқтыру немесе онымен ауыру қатерiнiң туындауы;

      2) экономикаға елеулi зиян келтiру қатерiнiң туындауы;

      3) жануарлардың жекелеген түрлерi санының азаюына және басқа жағымсыз салдарларға әкеп соққан жануарлар дүниесi мекендейтiн ортада қалыптасқан табиғи баланстың бұзылуы болуы мүмкiн.

      46-бап. Жануарлардың санын реттеудiң тәртiбi

      Жануарлардың санын реттеудiң тәртiбiн уәкiлеттi орган қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың келiсiмi бойынша айқындайды.

9-тарау. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және тұрақты пайдалану жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру және экономикалық ынталандыру

      47-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту
               және тұрақты пайдалану жөнiндегi iс-шараларды
               қаржыландыру

      1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану iс-шараларын мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты есебiнен қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптары мен балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру аңшылық шаруашылығы мен балық шаруашылығы ұйымдарының қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

      3. Жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қоғамдық қорлар құрылуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер тартылуы мүмкiн.

      48-бап. Жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды
               және орнықты пайдалануды экономикалық
               ынталандыру

      Жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды және орнықты пайдалануды экономикалық ынталандыру (жеңiлдiктер, преференциялар беру және мемлекеттiк қолдау) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.

10-тарау. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы бақылау

      49-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылау

      1. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      Тексеру "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары:

      1) тексерулердiң жылдық жоспары бойынша жылына бiр реттен көп емес;

      2) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу фактiлерi туралы жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi бойынша, олардың түсуiне қарай;

      3) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы келеңсiз салдарларды растайтын ғылыми зерттеулер мен жануарлар дүниесiнiң мониторингi нәтижелерi бойынша, олардың айқындалуына қарай, оларды жою жөнiндегi ұсынымдарды ескере отырып;

      4) жоспарлы iс-шаралар нәтижесiнде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың нұсқамада көрсетiлген мерзiмде орындалуын бақылау мақсатында жүзеге асырады.
      Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз),  2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      50-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылау
               объектiлерi

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылау объектiлерi:

      1) жануарлар дүниесi және олар мекендейтiн орта;

      2) жануарлар дүниесi объектiлерiн ерiксiз және жартылай ерiктi жағдайларда ұстаудың шарттары;

      3) жануарлар дүниесiн аулау құралдары;

      4) жануарлар дүниесiнiң ауланған өнiмi;

      5) жануарлар дүниесiн пайдалану құқығын растайтын құжаттама (аңшы куәлiгi, жануарлар дүниесiн пайдалануға арналған шарт және рұқсат, жолдама, кәсiпшiлiк журналы);

      6) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегі қызмет;

      7) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтiк құжаттама;

      8) жануарлар дүниесiне және олар мекендейтiн ортаға әсер ететiн қызмет болып табылады.

      51-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды
               жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық
               органдардың лауазымды адамдары

      1. Уәкiлеттi органның басшысы лауазымы бойынша бiр мезгiлде Қазақстан Республикасының Жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы болып табылады.

      2. Уәкiлеттi орган басшысының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы реттеу мен бақылау мәселелерiн қадағалайтын орынбасарлары лауазымы бойынша бiр мезгiлде Қазақстан Республикасының Жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының орынбасарлары болып табылады.

      3. Аумақтық органның басшысы лауазымы бойынша бiр мезгiлде тиiстi облыстың жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторы болып табылады.

      4. Аумақтық орган басшысының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы реттеу мен бақылау мәселелерiн қадағалайтын орынбасарлары лауазымы бойынша бiр мезгiлде тиiстi облыстың жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторының орынбасарлары болып табылады.

      5. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында реттеу мен бақылау мәселелерiн қадағалайтын уәкiлеттi және аумақтық органдар құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары лауазымы бойынша бiр мезгiлде тиiстi облыстағы Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi аға мемлекеттiк инспекторлары, ал жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында реттеу мен бақылау мәселелерiн қадағалайтын мамандар - тиiстi облыстағы Қазақстан Республикасының Жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.

      52-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды
               жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтың
               органдар лауазымды адамдарының құқықтары мен
               мiндеттерi

      1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдар лауазымды адамдарының:

      1) объектілерге жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары талаптарының сақталуы тұрғысынан бақылау мақсатында баруға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жануарлар дүниесін пайдаланушылардың қызметі туралы ақпарат алуға;

      2) осы Заңда берiлген өкiлеттiктер шегiнде актiлер шығаруға;

      3) тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына iс жүргiзу шешiмiн қабылдау үшiн беруге;

      4) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуы анықталған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жануарлар дүниесiн пайдаланушылардың қызметiн тоқтата тұруға немесе қызметiне тыйым салу туралы ұсыныс енгiзуге;

      5) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуы салдарынан келтiрiлген зиянның көлемiн анықтауға және осының негiзiнде кiнәлi тұлғаларға осы зиянды ерiктi түрде өтеу туралы талап қоюға не сотқа талап-арыз беруге;

      6) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға;

      7) аңшылық алқаптардың, балық шаруашылығы су тоғандарының (учаскелерiнiң) аумақтарында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және олардан шыққан кезде көлiк және жүзу құралдарын тоқтатуға, оларды жете тексеруге;

      8) жануарлар дүниесi объектiлерiн аулау құралдарының тыйым салынған түрлерiн сот шешiм қабылдағанға дейiн сақтау үшiн алып қоюға;

      9) заңсыз ауланған жануарлар дүниесi объектiлерiн және олардың тiршiлiк ету өнiмдерiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен алып қоюға;

      10) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұза отырып пайдаланылған атыс қаруын сот шешiм шығарғанға дейiн уақытша сақтау үшiн алып қоюға;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнаулы құралдар мен қызметтік атыс қаруын сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.

      2. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдары:

      1) аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу ережелерiнiң сақталуына;

      2) аң аулау және балық аулау ережелерiнiң сақталуына;

      3) жеке және заңды тұлғалардың аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргізуге арналған шарт талаптарының орындалуына;

      4) жануарларды ерiксiз немесе жартылай ерiктi жағдайларда ұстау тәртiбiнiң, сондай-ақ зоологиялық коллекциялардың сақталуына;

      5) жануарлар дүниесiн пайдалану үшiн белгiленген шектеулер мен тыйым салулардың сақталуына;

      6) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi iс-шаралардың орындалуына;

      7) жануарларды интродукциялау мен будандастыруды жүзеге асыру тәртiбiнiң сақталуына;

      8) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы нормативтердiң сақталуына;

      9) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарының өзге де талаптарының орындалуына бақылау жасауға мiндеттi.

      3. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдары нысанды киiммен (погонсыз) қамтамасыз етiледi.
      Ескерту. 52-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      53-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды
               жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдар
               лауазымды адамдарының актiлерi

      1. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдары талаптарының бұзылуының белгiлi болуына байланысты мемлекеттiк бақылау нәтижелерi бойынша ықпал етудiң құқықтық шараларын қолдану мақсатында жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдары мынадай актiлер:

      1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама;

      1-1) тексеру актiсi;

      2) мынадай:
      жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзуды жою туралы;
      жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметiне сот шешiмiнсiз үш күннен аспайтын мерзiмге тыйым салу немесе көрсетiлген мерзiмде сотқа мiндеттi түрде талап-арыз бере отырып, оны тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады. Бұл ретте қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру туралы акт анықталған бұзушылықтар жойылғанға немесе сот шешiмi шығарылғанға дейiн қолданыста болады;

      3) мынадай:
      жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған жағдайда кiнәлi тұлғаларды әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту туралы;
      Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұза отырып пайдаланылған атыс қаруын, тыйым салынған аулау құралдарын және заңсыз ауланған жануарлар дүниесi объектiлерi мен олардың өнiмдерiн сот шешiмi шығарылғанға дейiн уақытша сақтау үшiн алу туралы қаулы шығарады.

      2. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдар лауазымды адамдарының актiлерi жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.
      Ескерту. 53-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      54-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды
               жүзеге асыратын уәкілетті және аумақтық
               органдардың лауазымды адамдарын құқықтық және
               әлеуметтiк қорғау

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi және аумақтық органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық және әлеуметтiк қорғалуға тиiс.

      55-бап. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау

      1. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау (бұдан әрi - жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерiн қадағалайтын жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк мекемелердің қызметкерлерiнен құралады.

      2. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғауға өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн:

      1) жеке және заңды тұлғалардың аң және (немесе) балық аулау құқығын беретiн құжаттарын тексеру;

      2) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру;

      3) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды ұстап, құқық қорғау органдарына жеткiзу;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көлiк құралдарын, өзге де объектiлер мен орындарды, ал қажет болған кезде - ұсталған адамдардың жеке заттарын жете тексеру;

      5) жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұза отырып пайдаланылған атыс қаруын, заңсыз аң аулау мен балық аулаудан алынған өнiмдi, аулау құралдарының тыйым салынған түрлерiн алып қою және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен олардың бұдан әрi тиесiлi болуы туралы мәселенi шешу;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен нысанды киiм кию және атыс қаруын алып жүру құқығы берiледi.

      3. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау:
      1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмауға және олардың жолын кесуге;

      2) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарын бұзу фактiлерi бойынша ақпаратты, талап қою мен өзге де материалдарды уәкiлеттi және құқық қорғау органдарына, сотқа жiберуге мiндеттi.

      4. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғаудың лауазымды адамдарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен арнаулы құралдар мен қызметтiк қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға рұқсат берiледi.

      5. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғаудың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен нысанды киiммен (погонсыз) және қызметтiк қарумен қамтамасыз етiледi.

      6. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау қызметi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау туралы ережемен айқындалады.

      56-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану жөнiндегi өндiрiстiк бақылау

      1. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi өндiрiстiк бақылау - бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жануарлар дүниесiн күзету функциясын жүзеге асыратын аңшылық шаруашылығы мен балық шаруашылығы ұйымдарының қорықшылық қызметi.

      2. Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне сәйкес қорықшылардың кейiннен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторларға не уәкiлеттi органға мiндеттi түрде беру үшiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға құқығы бар.

      3. Қорықшылар бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптарында және балық шаруашылығы су тоғандарында (учаскелерiнде) жануарлар дүниесiн күзетудi қамтамасыз етуге мiндеттi.

      57-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауды Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес қоғамдық бiрлестiктер жүзеге асырады.

11-тарау. Қорытынды ережелер

      58-бап. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн
               қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану
               саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.      

59-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы дауларды шешу

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.

      60-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және
               пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      61-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Мыналардың:
      "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" 1993 жылғы 21 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., N 18, 439-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., N 11, 357-құжат; 2001 ж., N 3, 20-құжат; N 24, 338-құжат);
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қолданысқа енгiзу тәртiбi туралы" 1993 жылғы 21 қазандағы Қаулысының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., N 18, 440-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті