Қоғамдық бiрлестiктер туралы

Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 31 мамырдағы N 3 Заңы.

      Бірлесу бостандығына құқық адам мен азаматтың аса маңызды және конституциялық құқықтарының бірі болып табылады, оның іске асырылуы қоғам мүдделеріне сай келеді және мемлекеттің қорғауында болады.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңмен реттелетін мәселелер

      Осы Заңмен реттелетін мәселелер - Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына құқығын іске асыруға, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің құрылуына, қызметіне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастар.

2-бап. Қоғамдық бірлестік ұғымы

      Қазақстан Республикасында саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың ортақ мақсаттарға жету үшін ерікті негізде құрылған, заңдарға қайшы келмейтін басқа да бірлестіктері қоғамдық бірлестіктер деп танылады. Қоғамдық бірлестіктер коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.

3-бап. Қоғамдық бірлестіктер туралы заңдар

      Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен оған қайшы келмейтін басқа да заң актілерінен тұрады.

      Осы Заңның күші азаматтардың бастамасымен құрылған барлық қоғамдық бірлестіктерге қолданылады, бұған діни бірлестіктер, құрылу тәртібі мен қызметі өзге заң актілерімен белгіленетін өзін-өзі басқару органдары мен қоғамдық ынталы органдар кірмейді.

      Осы Заңның күші Қазақстан Республикасы аумағында құрылған және жұмыс істейтін шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) қызметіне қолданылады, бұған діни бірлестіктер кірмейді.

      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      Саяси партиялардың, кәсіптік одақтардың, ерікті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу ұйымдарының және басқа да жекелеген қоғамдық бірлестіктер түрлерінің құрылуына, қызметіне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты ерекшеліктер Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен реттелуі мүмкін. Аталған қоғамдық бірлестіктердің Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен реттелмеген қызметі осы Заңмен регламенттеледі.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.02.09 № 126-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.04.29 № 154-ІV; 24.05.2018 № 156-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Мемлекет және қоғамдық бірлестіктер

      Мемлекет қоғамдық бірлестіктердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттің қоғамдық бірлестіктер істеріне және қоғамдық бірлестіктердің мемлекет істеріне заңсыз араласуына, қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардың міндеттерін жүктеуге жол берілмейді.

      Қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік органдармен ынтымақтасуы және өзара іс-қимыл етуі, олармен келісімдер жасасуы мүмкін, мемлекеттік органдармен шарттар бойынша олар үшін заңдарда көзделген белгілі бір жұмыстар орындауы мүмкін.

      Қоғамдық бірлестіктер аппараттарының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасы қолданылады.

      Заң актілерінде көзделген жағдайларда қоғамдық бірлестіктердің мүдделерін қозғайтын мәселелерді қоғамдық бірлестіктермен келісе отырып, мемлекеттік органдар шешуі мүмкін.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.15 № 253, 2009.04.29 № 154-ІV; 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Қоғамдық бірлестіктер қызметінің негіздері

      Қоғамдық бірлестіктер азаматтардың саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары мен бостандықтарын іске асыру мен қорғау, белсенділігі мен ынталылығын дамыту; кәсіби және әуесқойлық мүдделерін қанағаттандыру, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамыту, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, қоршаған табиғи ортаны қорғау; қайырымдылыққа қатысу; мәдени-ағарту, спорт-сауықтыру жұмыстарын жүргізу; тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау; патриоттық, құқықтық және адамгершілік тәрбие беру; халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту; Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қызметті жүзеге асыру мақсаттарында құрылып, жұмыс істейді.

      Экстремистік мақсаттарды көздейтін қоғамдық бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген әскерилендірілген құралымдарды құруға тыйым салынады.

      Қазақстан Республикасы аумағында әскерилендірілген құрылымы, түрі, арнаулы айырым белгілері, гимндері, жалаулары, вымпельдері, ішкі тәртіп пен басқарудың ерекше ережелері, қаруы, соның ішінде қару іспеттес заттары бар әскерилендірілген құрамалар үлгісіндегі қоғамдық бірлестіктер құруға тыйым салынады.

      Басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының, діни негіздегі партиялардың қызметіне, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді.

      Азаматтардың денсаулығы мен адамгершілік негіздеріне қастандық жасайтын қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ тіркелмеген қоғамдық бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.02.23 № 33, 2010.04.29 № 272-ІV; 16.11.2015 № 403-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Қоғамдық бірлестіктер құрудың және олардың қызметінің принциптері

      Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Қоғамдық бірлестіктер қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен өзге де заң актілері шеңберінде жүзеге асырады.

      Қоғамдық бірлестіктер өз мүшелерінің (қатысушыларының) еріктілігі, тең құқықтылығы, өзін-өзі басқару, қызметінің заңдылығы, есептілігі мен жариялылығы негізінде құрылып, жұмыс істейді.

      Азаматтың қоғамдық бірлестік қызметіне қатысуы немесе қатыспауы оның құқықтары мен бостандықтарын шектеу үшін негіз бола алмайды. Ресми құжаттарда қоғамдық бірлестікке мүшелік (қатысу) туралы көрсетуді талап етуге жол берілмейді.

7-бап. Қоғамдық бірлестіктердің мәртебесі

      Қазақстан Республикасында республикалық, аймақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер құрылып, жұмыс істеуі мүмкін.

      Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астамының аумағында өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер республикалық қоғамдық бірлестіктерге жатады.

      Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан азының аумағында өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер аймақтық қоғамдық бірлестіктерге жатады.

      Жергілікті қоғамдық бірлестіктерге Қазақстан Республикасының бір облысы шегінде жұмыс істейтін бірлестіктер жатады.

      Республикалық және аймақтық қоғамдық бірлестіктер өз мәртебесін растау үшін тіркелген күннен бастап бір жыл өткенге дейін осы бірлестікті тіркеген органға құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) аумақтық әділет органдарында есептік тіркеуден өткенін растайтын құжаттардың көшірмелерін табыс етуге міндетті.

8-бап. Қоғамдық бірлестіктер одақтары (қауымдастықтары)

      Белгіленген тәртіппен құрылған және тіркелген қоғамдық бірлестіктер, түріне қарамастан, одақтар (қауымдастықтар) қабылдаған құрылтай шарттары мен жарғылары негізінде жаңа заңды тұлға жасай отырып, қоғамдық бірлестіктер одақтарын (қауымдастықтарын) құруға, сондай-ақ халықаралық одақтарға (қауымдастықтарға) қатысушы болуға құқылы.

      Қоғамдық бірлестіктер, соның ішінде халықаралық бірлестіктер одақтарының (қауымдастықтарының) қызметі мен мемлекеттік тіркелу тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес белгіленеді.

9-бап. Халықаралық және шетелдік коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің Қазақстан Республикасы аумағындағы қызметі

      Қазақстан Республикасы аумағында халықаралық және шетелдік коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) құрылып, жұмыс істей алады.

      Халықаралық және шетелдік коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері), егер олар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін болса, сол бірлестіктердің жарғыларын басшылыққа алады.

2-тарау. Қоғамдық бірлестіктерді құру, қайта ұйымдастыру, тарату

10-бап. Қоғамдық бірлестікті құру

      Қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде он адамнан тұратын тобының бастамасы бойынша құрылады.

      Азаматтардың қоғамдық бірлестіктерді құру құқығы тікелей жеке тұлғаларды біріктіру жолымен де, саяси партияларды қоспағанда, заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер арқылы да іске асырылады.

      Жарғы қабылданатын және басшы органдар қалыптастырылатын құрылтай съезін (конференцияны, жиналысты) шақыратын жеке тұлғалар және (немесе), саяси партияларды қоспағанда, заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер қоғамдық бірлестіктердің құрылтайшылары болып табылады. Қоғамдық бірлестіктердің құрылтайшылары – жеке және (немесе) заңды тұлғалар тең құқықтарға ие болады және бірдей міндеттерді атқарады.

      Кәсіптік одақ кәсіптік одақтың құрылтайшысы болып табылуы мүмкін.

      Қоғамдық бірлестіктердің заңды тұлға ретіндегі құқықтық қабілеттілігі ол Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіп бойынша тіркелген кезден бастап пайда болады.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 27.06.2014 № 212-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Қоғамдық бірлестікке мүшелік (қатысу)

      Қазақстан Республикасының азаматтары және (немесе), саяси партияларды қоспағанда, заңды тұлғалар – қоғамдық бірлестіктер қоғамдық бірлестіктердің мүшелері (қатысушылары) бола алады. Саяси партиялардан басқа, қоғамдық бірлестіктердің жарғыларында оларға шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың мүшелігі (қатысуы) көзделуі мүмкін.

      Кәсіптік одақтар кәсіптік одақтардың мүшелері (қатысушылары) болып табылуы мүмкін.

      Он алты жасқа толған азаматтар саяси партиялар жанындағы жастардың қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері (қатысушылары) бола алады. Өзге де қоғамдық жастар және балалар бірлестіктері мүшелерінің жас шамасы солардың жарғыларымен (ережелерімен) белгіленеді.

      Мүшелікке ие болу және одан айрылу ережелері мен тәртібі қоғамдық бірлестіктердің жарғыларымен белгіленеді.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, Төрағасының орынбасары, судьялары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және өзге де соттардың Төрағасы мен судьялары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлері, әскери қызметшілер саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап әрекет етпеуге тиіс.

      Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерді қоспағанда, осы баптың бесінші бөлігінде аталған адамдар тағайындалған, сайланған, қызметке кірген күннен бастап он күн ішінде саяси партиялардан, кәсіптік одақтардан шығуға тиіс.

      Әскери қызметке қабылданған немесе құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке кірген жағдайда саяси партияға, кәсіптік одақтарға мүшелік автоматты түрде тоқтатылады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2014 № 212-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Қоғамдық бірлестіктің жарғысы

      Қоғамдық бірлестіктің жарғысында мыналар көзделуге тиіс:

      1) қоғамдық бірлестіктің атауы, қызметінің мәні мен мақсаттары;

      2) қоғамдық бірлестікке мүшелік (қатысу), мүшелікке ие болу және одан айрылу ережесі мен тәртібі, мүшелердің (қатысушылардың) құқықтары мен міндеттері;

      3) қоғамдық бірлестіктің ұйымдық құрылымы, құрылымдық бөлімшелердің (филиалдар мен өкілдіктердің) құқықтық жағдайы және шегінде өз қызметін жүзеге асыратын аумақ;

      4) басшы органдарды құру тәртібі, олардың құзыреті мен өкілеттік мерзімдері, қоғамдық бірлестіктің тұрақты жұмыс істейтін басшы органы орналасқан орын;

      5) қоғамдық бірлестіктің ақша қаражаты мен өзге де мүлкінің қалыптастырылу көздері, қоғамдық бірлестік пен оның құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) мүлікті басқару жөніндегі құқықтары;

      6) қоғамдық бірлестіктің жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;

      7) қоғамдық бірлестікті қайта ұйымдастыру мен тарату тәртібі, қоғамдық бірлестік таратылған жағдайда оның мүлкінің тағдыры.

      Жарғыда қоғамдық бірлестіктің қызметіне қатысты, Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтін өзге де ережелердің көзделуі мүмкін.

      Жарғы қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қоғамдық бірлестіктің жоғары органы - съездің (конференцияның, жиналыстың) құзыретіне ғана жатады.

13-бап. Қоғамдық бірлестікті мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу

      Республикалық, аймақтық қоғамдық бірлестіктерді, шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырады.

      Жергілікті қоғамдық бірлестіктерді, филиалдар мен өкілдіктерді мемлекеттік тіркеуді аумақтық әділет органдары жүзеге асырады.

      Қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеу заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы заңдарда көзделген тәртіп пен мерзімдерде жүргізіледі.

      Қоғамдық бірлестікті тіркеу үшін ол құрылған күннен бастап екі ай мерзім ішінде тіркеуші органға өтініш беріледі. Өтінішке жарғы, жарғыны қабылдаған құрылтай съезінің (конференциясының, жиналысының) хаттамасы, бірлестікті құру бастамашылары туралы мәлімет және қоғамдық бірлестіктің тұрған жерін, сондай-ақ заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуден өткізгені үшін алымның төленгенін растайтын құжаттар қоса тіркеледі.

      Қоғамдық бірлестікті тіркеу туралы өтініш беру үшін белгіленіп, дәлелді себептермен өткізіп алынған мерзімді тіркеуді жүзеге асыратын орган қалпына келтіреді.

      Заңдарда көзделген реттерде қоғамдық бірлестік қайта тіркелуге тиіс.

      Қоғамдық бірлестіктерді тіркеу және қайта тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген тәртіппен заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуден өткізгені үшін алым алынады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2000.03.23 № 39, 2001.12.24 № 276 Заңдарымен.

14-бап. Қоғамдық бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу

      Қоғамдық бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) есептік тіркелуге тиіс.

      Шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктердің филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүргізеді.

      Қоғамдық бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) есептік тіркеу аумақтық әділет органдарында жүргізіледі.

      Есептік тіркеуден өту тәртібі мен мерзімдері заңды тұлғаларды тіркеу туралы заңдармен реттеледі.

15-бап. Мемлекеттік тіркеу мерзіміндегі үзіліс

      Мемлекеттік тіркеу мерзімінде құрылтай құжаттарына сараптама жүргізілген, саяси партиялар мүшелерінің тізімдері тексерілген жағдайларда, сондай-ақ заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы заң актілерінде көрсетілген негіздер бойынша үзіліс жасалады.

16-бап. Мемлекеттiк тiркеуден бас тарту

      Қоғамдық бiрлестiктi, оның құрылымдық бөлiмшесiн (филиалы мен өкiлдiгiн) тiркеуден бас тарту Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.

      Тiркеуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкiн.

      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.06.2020 № 351-VІ Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

17-бап. Қоғамдық бірлестікті қайта ұйымдастыру және тарату

      Қоғамдық бірлестікті қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, қайта құру оның жарғысында және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен қоғамдық бірлестік органының шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      Қоғамдық бірлестікті тарату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

18-бап. Қоғамдық бірлестіктің рәмізі

      Қоғамдық бірлестіктердің Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өз рәмізі (жалауы, гимні, эмблемасы, вымпелдері, омырау белгілері) болуы мүмкін.

      Қоғамдық бірлестіктердің толық және қысқартылған атауы мен оның рәмізі Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің, мемлекеттік органдардың, Қазақстан Peспубликасында тіркелген қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылыққа байланысты таратылған қоғамдық ұйымдардың атауы мен рәмізін толық немесе олардың елеулі бөлігін қайталамауға тиіс.

      Қоғамдық бірлестік рәмізінің сипаттамасы мен эскиздері жарғыда бекітіледі.

      Ескерту. 18-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.07.08 № 67 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

3-тарау. Қоғамдық бірлестіктің құқықтары мен міндеттері. Қоғамдық бірлестіктің меншігі

19-бап. Қоғамдық бірлестіктің құқықтары мен міндеттері

      Қоғамдық бірлестіктер жарғыда және Қазақстан Республикасының заңдарында берілген өкілеттік шегінде жұмыс істейтін басшы органдары арқылы құқықтарға ие болып, өздеріне міндеттер алады.

      Жарғылық мақсаттарды жүзеге асыру үшін қоғамдық бірлестіктер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:

      - өз қызметі туралы ақпарат таратуға;

      - соттар мен басқа да мемлекеттік органдарда, өзге де қоғамдық бірлестіктерде өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіруге және қорғауға;

      - бұқаралық ақпарат құралдарын құруға;

      - бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге;

      - баспа қызметін жүзеге асыруға;

      - халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктерге кіруге;

      - Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де өкілеттікті жүзеге асыруға құқылы.

      Қоғамдық бірлестік:

      - Қазақстан Республикасының заңдарын, сондай-ақ жарғыда көзделген нормаларды сақтауға;

      - өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен және шешімдермен олардың танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;

      - ақша қаражатының келіп түсуі мен жұмсалуы туралы өз мүшелерін хабардар етуге;

      - тұрақты жұмыс істейтін басшы орган орналасқан жердің және Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілетін мәліметтер көлемінде басшылар туралы деректердің өзгергені туралы тіркеуші органға хабарлап отыруға міндетті.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.05.2020 № 334-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

20-бап. Қоғамдық бірлестіктердің кәсіпкерлік қызметі

      Қоғамдық бірлестіктер жарғылық мақсаттарға қол жеткізетіндей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыра алады. Кәсіпкерлік қызметті қоғамдық бірлестіктер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.

      Қоғамдық бірлестіктердің кәсіпкерлік қызметінен алынатын табысқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық салынуға тиіс.

      Қоғамдық бірлестіктердің кәсіпкерлік қызметінен алынатын табысты қоғамдық бірлестіктердің мүшелері (қатысушылары) арасында қайта бөлуге болмайды және ол жарғылық мақсаттарға жету үшін пайдаланылуға тиіс. Қоғамдық бірлестіктердің өз қаражатын қайрылымдылық мақсаттарға пайдалануына жол беріледі.

21-бап. Қоғамдық бірлестіктердің меншігі

      Қоғамдық бірлестіктің жарғысында көзделген қызметті материалдық жағынан қамтамасыз ету үшін қажетті объектілер оның меншігі болып табылады, бұған Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған объектілер қосылмайды.

      Қоғамдық бірлестіктің мүлкі, егер кіру жарналары мен мүшелік жарналарды төлеу жарғыда көзделген болса, кіру жарналары мен мүшелік жарналардан, ерікті жарналар мен қайырмалдықтардан, жарғыға сәйкес лекциялар, көрмелер, спорттық және өзге де іс-шаралар өткізуден түскен түсімдерден, өндірістік және өзге де шаруашылық қызметтен алынған кірістерден және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған басқа да кірістерден қалыптасады.

      Қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің (қатысушыларының) сол бірлестіктерге өздері берген мүлікке, соның ішінде мүшелік жарналарға құқықтары жоқ. Өздері мүшелері (қатысушылары) ретінде қатысатын қоғамдық бірлестіктердің міндеттемелері бойынша олар жауап бермейді, ал аталған бірлестіктер өз мүшелерінің (қатысушыларының) міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      Қоғамдық бірлестіктердің меншігі Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 496-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. Қоғамдық бірлестіктер туралы заңдарды
бұзғандық үшін жауапкершілік

22-бап. Қоғамдық бірлестіктер туралы заңдарды бұзғандық үшін жауапкершілік

      Қоғамдық бірлестіктер туралы заңдарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіп бойынша жауап беруге әкеп соқтырады.

      Қоғамдық бірлестіктер туралы заңдарды бұзғандық үшін бұған кінәлі заңды және жеке тұлғалар, соның ішінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары және қоғамдық бірлестіктердің басшы органдарының құрамына кіретін адамдар жауапты болады.

      Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.15 № 253 Заңымен.

23-бап. Қоғамдық бірлестіктің қызметін тоқтата тұру

      Қоғамдық бірлестіктің қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары бұзылған немесе қоғамдық бірлестік өз жарғысында белгіленген мақсаттар мен міндеттер шегінен шығатын әрекеттерді бірнеше рет жасаған жағдайларда прокуратура, ішкі істер органдарының ұсынулары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өтініштері немесе азаматтардың арыздары негізіндегі сот шешімі бойынша үш айдан алты айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.

      Қоғамдық бірлестіктің қызметі тоқтатыла тұрған жағдайда оған барлық бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға, үгіт пен насихат жүргізуге, бейбіт жиналыстар мен басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, сайлауға қатысуға тыйым салынады. Қоғамдық бірлестіктің банктік салымдарды пайдалану құқығы да тоқтатыла тұрады, бұған еңбек шарттары, қызметінің нәтижесінде келтірілген залалдардың орнын толтыру және айыппұлдар төлеу бойынша есеп айырысулар кірмейді.

      Егер қоғамдық бірлестік өз қызметін тоқтата тұруға негіз болған тәртіп бұзушылықты қызметі тоқтатыла тұратын болып белгіленген мерзім ішінде жойса, аталған мерзім аяқталған соң қоғамдық бірлестік өз қызметін қайта бастайды. Қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуын жоймаған жағдайда, не оларды қайталап бұзған жағдайда прокуратура, ішкі істер органдары, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары, азаматтар сотқа оны тарату туралы арызбен жүгінуге құқылы.

      Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.02.23 № 33; 04.05.2020 № 321-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.05.2020 № 334-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. Қорытынды ережелер

24-бап. Қоғамдық бірлестіктердің халықаралық байланыстары

      Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктері өздерінің жарғыларына сәйкес халықаралық байланыстар орнатып, тиісті келісімдер жасасуы, діни бірлестіктерден басқа халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес бірлестіктерге ұжымдық мүшелер ретінде кіруі мүмкін.

      Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктері жалпы жұрт таныған принциптер мен халықаралық құқық нормалары, халықаралық шарттар мен тиісті мемлекеттердің заңдары негізінде шет мемлекеттерде өздерінің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) құра алады.

Қазақстан Республикасының
Президенті