Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
РҚАО-ның ескертпесі!
ҚР Заңының қолданысқа енгізілу тәртібін 63-баптан қараңыз.
Осы Заң халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындайды.
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бұрынғы отандас – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және шетелде тұрақты тұратын адам;
2) бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету – оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру мақсатында көрсетілетін (ақпараттық, заңдық, әлеуметтік, медициналық және білім беру) қызметтер кешені;
3) келуге және кетуге берілетін рұқсат (бұдан әрі – виза) – осыған уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының көшіп-қонушының паспортындағы немесе оны ауыстыратын құжатындағы белгісі, ол визада белгіленген уақытқа, мақсаттарда және шарттармен Қазақстан Республикасының аумағына келуге, оның аумағы арқылы жүріп-тұруға, онда болуға және Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге құқық береді;
4) еңбек көші-қоны – еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жеке тұлғалардың басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасынан, сондай-ақ мемлекет ішінде уақытша қоныс аударуы;
5) заңсыз көшіп келу – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың келу және болу тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитті жол жүруді бұза отырып, Қазақстан Республикасына келуі және Қазақстан Республикасында болуы;
6) заңсыз көшіп келуші – Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасында болатын шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
7) көшіп келу – шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келуі;
8) көшіп келуші – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
9) көші-қон – жеке тұлғалардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде тұрақты немесе уақытша, ерікті түрде немесе мәжбүрлі түрде қоныс аударуы;
10) көшіп-қонушы – себебі мен ұзақтығына қарамастан, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасынан кеткен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адам;
11) Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері – Қазақстан Республикасының шет елде орналасқан дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, сондай-ақ консулдық мекемелері;
12) қоныс аударушы – ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына сәйкес Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адам;
13) оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары;
14) оралмандар туралы деректер базасы – оралмандар мен олардың отбасы мүшелері туралы, сондай-ақ оларға көрсетілген мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы деректер жиынтығы;
15) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын және оралмандардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің уақытша тұруына және оларға бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетуге арналған заңды тұлға;
16) оралмандардың көшіп келу квотасы – осы Заңда көзделген шарттарда және тәртіппен әлеуметтік көмек көрсетілетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін оралмандар отбасыларының саны;
17) тұрақты тұруға арналған рұқсат – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган беретін және оларға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығын беретін құжат;
18) уақытша орналастыру орталығы – этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін уақытша тұруына арналған тұрғын жай;
19) уақытша тұруға арналған рұқсат (тіркеу) – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде көшіп келушілерге халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган беретін және болу мақсатына қарай оларға Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге тұру құқығын беретін құжат;
20) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – көші-қон процестерін реттеуді және халықтың көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді өз құзыреті шегінде жүзеге асырушы мемлекеттік орган;
21) шақырушы адам – Қазақстан Республикасында тұратын және осы Заңға сәйкес отбасын біріктіру мақсатында өз отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына келуіне жәрдемдесетін адам;
22) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота – Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейтін, Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартылатын шетелдік жұмыс күшінің саны;
23) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат – еңбек жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушіге жергілікті атқарушы орган беретін белгіленген нысандағы құжат;
24) шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға берілетін рұқсат – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын адамдардың тізбесіне кіретін шетелдік қызметкерге Қазақстан Республикасында өз бетінше жұмысқа орналасу үшін еңбек жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде жергілікті атқарушы орган беретін белгіленген нысандағы құжат;
25) ішкі көші-қон – жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының ішінде тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударуы;
26) ішкі көшіп-қонушы – тұрақты немесе уақытша тұру мақсатында қоныс аударушы немесе Қазақстан Республикасының ішінде өз бетінше қоныс аударушы адам;
27) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасы – өмір сүру үшін экологиялық жағдайы ерекше қолайсыз және даму әлеуеті төмен елді мекендерден Қазақстан Республикасының экономикалық тұрғыдан перспективалы өңірлеріне тұрақты тұру үшін қоныс аударатын Қазақстан Республикасы азаматтары отбасыларының Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін шекті саны;
28) этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.
2-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны
саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
3-бап. Көшіп келудің негізгі түрлері
Қазақстан Республикасының аумағына келу және Қазақстан Республикасының аумағында болу мақсатына қарай көшіп келудің мынадай негізгі түрлері бар:
1) тарихи отанына оралу мақсатында;
2) отбасын біріктіру мақсатында;
3) білім алу мақсатында;
4) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында;
5) гуманитарлық және саяси уәждер бойынша.
4-бап. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік
саясаттың негізгі қағидаттары мен міндеттері
1. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясат мынадай негізгі қағидаттарға:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және халықаралық шарттарға сәйкес көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын тану және оларға кепілдік беруге;
2) ұлттық мүддені қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;
3) жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін ұштастыруға;
4) пайдаланылатын ақпараттың жаңартылуы және бірнеше рет қайталануы негізінде көші-қон процестерін реттеудің ашықтығына;
5) мемлекеттің көшіп келудің әрқилы түрлерін реттеудегі сараланған тәсіліне негізделеді.
2. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері:
1) көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
2) өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін ескере отырып, оралмандарды ұтымды орналастыруды ұйымдастыру;
3) Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту;
4) ішкі еңбек нарығын шетелдік жұмыс күшін тартуды квоталау жолымен қорғау;
5) Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына ықпалдасуын қамтамасыз ету;
6) халықтың жаппай көші-қонына әкеп соқтыруы мүмкін жанжалдардың алдын алу және оларды болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен ынтымақтастығын дамыту;
7) ішкі көші-қон ағынын оңтайландыру, көшіп-қонушылардың ел аумағында ұтымды қоныстандырылуын қамтамасыз ету;
8) шетелде тұратын бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты, оның ішінде мәдени ынтымақтастық пен ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы өзара қарым-қатынасты қолдау және дамыту;
9) этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесу;
10) көші-қон процестерін реттеу саласындағы халықаралық ынтымақтастық, заңсыз көшіп келудің алдын алу және жолын кесу болып табылады.
5-бап. Көшіп келушілердің құқықтары мен міндеттері
1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында:
1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім, медициналық және әлеуметтік көмек алуға;
3) Қазақстан Республикасының көшіп келушілердің болуы үшін ашық аумағы бойынша еркін жүріп-тұруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жерін еркін таңдауға;
5) өзіне тиесілі мүліктік құқықтарын және мүліктік емес жеке құқықтарын қорғау үшін сотқа және мемлекеттік органдарға жүгінуге;
6) осы қызмет түрлері ақысыз негізде көрсетілетін оралмандарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында ақылы бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін алуға құқығы бар.
2. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасында:
1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген міндеттерді атқарады;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағына келудің, кетудің және онда болудың белгіленген тәртібін сақтауға міндетті.
6-бап. Көшіп келушілердің келуінің, кетуінің және
болуының жалпы шарттары
1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келуінің, кетуінің, онда болуының тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
2. Келудің және болудың визасыз режимі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген көшіп келушілер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда, заңды паспорттары немесе оларды ауыстыратын құжаттары бойынша келеді.
3. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге визаны ұлттық қауіпсіздік органымен келісім бойынша Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері береді.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге визаны халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган береді.
4. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде уақытша немесе тұрақты тұруға арналған рұқсатты ресімдеу үшін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға өтініш жасауға міндетті.
7-бап. Көшіп келушілер болып табылмайтын шетелдіктер
және азаматтығы жоқ адамдар
Мыналар:
1) осы Заңның 3-бабында көзделмеген мақсаттарда Қазақстан Республикасының аумағында күнтізбелік тоқсан күннен артық болмайтын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер болып табылмайды. Аталған адамдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органда тіркелуге міндетті;
2) бес тәуліктен аспайтын мерзім ішінде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін;
3) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметте жүрген;
4) дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелер мен Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың құрамына енетін;
5) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болып табылатын;
6) теңіз және өзен кемелері, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан әуе, теміржол және автомобиль көлігі экипаждарының мүшелері болып табылатын;
7) миссионерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер болып табылмайды.
Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОНЫ ПРОЦЕСТЕРІН БАСҚАРУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖҮЙЕСІ
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оны жүзеге асыруды ұйымдастырады;
2) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны жыл сайын белгілейді;
3) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасын белгілейді;
4) ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу тәртібін айқындайды;
5) оралмандардың көшіп келу квотасын белгілейді;
6) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
7) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібін айқындайды;
8) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын құрады;
9) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
9-бап. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі
уәкілетті органның құзыреті
Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) көші-қон процестерін реттеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлейді;
4) шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
5) көші-қон процестері мониторингін жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасының сақталуын бақылайды;
7) халықтың көші-қоны мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
8) Қазақстан Республикасының Үкіметіне оралмандардың көшіп келу, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
9) оралмандардың көшіп келу, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың арасында бөледі;
10) ұлттық қауіпсіздік органымен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, көшіп келушілердің паспорттарын тіркеу, олардың орын ауыстыру, сондай-ақ шетелдіктердің болуы үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) келу тәртібін, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік жол жүру тәртібін айқындайды;
11) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуі мен кетуін есепке алудың бірыңғай деректер базасын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ еңбек жөніндегі уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және ұлттық қауіпсіздік органымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
12) Қазақстан Республикасының аумағындағы көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге виза береді;
13) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады;
14) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келу, Қазақстан Республикасынан кету, Қазақстан Республикасында болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүрудің белгіленген қағидаларын сақтауын бақылайды;
15) заңсыз көшіп келудің жолын кесу жөнінде шаралар қабылдайды;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдайды;
17) көшіп келушілерге шекаралық аймаққа келу құқығын беретін құжаттарды ресімдейді;
18) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат береді;
19) оралман, босқын, қоныс аударушы мәртебесін беру және оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандарға біржолғы жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға қаражат төлемін белгілеу туралы шешім қабылдайды;
20) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары, уақытша орналастыру орталықтары қызметінің тәртібін айқындайды;
21) Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдейді;
22) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуіне рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды;
23) Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады;
24) Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден шығаруды жүзеге асырады;
25) уақытша тұрғылықты жерге келген Қазақстан Республикасының азаматтарын уақытша болатын жері бойынша есепке қоюды жүзеге асырады;
26) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
министрлігінің және Қазақстан
Республикасының шетелдегі мекемелерінің
құзыреті
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаты туралы ақпараттың шетелде таратылуына жәрдемдеседі;
3) бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен байланысты және қарым-қатынасты дамытуға жәрдемдеседі;
4) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың келуіне визалар беру есебінің бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықтың көші-қоны жөніндегі уәкілетті органмен және ұлттық қауіпсіздік органымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасына келу туралы өтініш берген көшіп келушілердің құжаттарын қабылдап, тіркейді және оларды ұлттық қауіпсіздік органына жібереді;
6) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
11-бап. Еңбек жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Еңбек жөніндегі уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнінде ұсыныстар дайындайды;
3) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталарды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың арасында бөледі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп келушілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етеді;
5) еңбекші көшіп-қонушылардың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады және халықтың көші-қоны жөніндегі уәкілетті органның, ұлттық қауіпсіздік органының, Сыртқы істер министрлігінің тиісті ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
6) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті
органның құзыреті
Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) көшіп келушілерге медициналық көмек көрсетудің тәртібін бекітеді;
3) шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекітеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның
құзыреті
Білім беру саласындағы уәкілетті орган:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) этникалық қазақтар мен оралмандарға техникалық және кәсіптік білім берудің, ортадан кейінгі және жоғары білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген квотаға сәйкес білім гранттарын бөледі;
3) Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес шетелдегі жалпы білім беру мекемелерінде оқып жүрген этникалық қазақтарды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп келушілердің балаларының білім алуға құқықтарын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
14-бап. Ұлттық қауіпсіздік органының құзыреті
Ұлттық қауіпсіздік органы:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың келуі мен кетуін есепке алудың бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
3) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына және шетелдіктердің баруы үшін жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) келуін келіседі;
4) көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келген кезде көші-қон карточкаларын беруді және Қазақстан Республикасынан кеткен кезде оларды алып қалуды жүзеге асырады;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
15-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
1. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) оралмандар мен көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді;
3) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға еңбек ресурстарының қажеттілігін ескере отырып, оралмандардың көшіп келу, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) еңбек жөніндегі уәкілетті органға шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
5) жұмыс берушілерге тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін еңбек жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат береді, сондай-ақ көрсетілген рұқсатты тоқтата тұрады және кері қайтарып алады;
6) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын шетелдік қызметкерлерге еңбек жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында жұмысқа орналасуға рұқсат береді, сондай-ақ көрсетілген рұқсатты тоқтата тұрады және қайтарып алады;
7) бизнес-көшіп келушілердің уақытша тұруға арналған рұқсатының қолданылу мерзімін ұзартуға немесе қысқартуға қолдаухат береді;
8) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оралмандарға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек көрсетеді;
3) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес халықтың нысаналы топтарына жататын оралмандарға жұмысқа орналасуға, кәсіптік даярлықтан өтуге, қайта даярлықтан өтуге және біліктілігін арттыруға жәрдем көрсетеді;
4) көшіп-қонушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мектептерден, мектепке дейінгі ұйымдардан, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелерден орын береді;
5) оралмандарға қазақ тілін және өздерінің қалауы бойынша орыс тілін үйрену үшін жағдай жасайды;
6) оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу, бағбандықпен айналысу және саяжай құрылысы, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерін береді;
7) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ТАРИХИ ОТАНЫНА ОРАЛУ МАҚСАТЫНДА КӨШІП КЕЛУ
16-бап. Оралмандардың көшіп келу квотасы
1. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері арқылы Қазақстан Республикасына қоныс аударуға ниет білдірген этникалық қазақтардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасына қоныс аударған, тіркелген және оралмандар туралы деректер базасына енгізілген оралмандардан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, оралмандардың көшіп келу квотасы жөніндегі ұсыныстарды халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі оралмандардың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған көшіп келу квотасын белгілейді.
2. Оралмандардың көшіп келу квотасын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бойынша бөледі.
3. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу тәртібін осы Заңның 20 және 21-баптарында көзделген талаптарды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
17-бап. Оралмандардың санаттары
Оралмандар мынадай санаттарға:
1) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар;
2) оралмандардың көшіп келу квотасынан тыс Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын оралмандар болып бөлінеді.
18-бап. Оралман мәртебесін беруге және (немесе)
оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге
өтініш берудің тәртібі
1. Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген және Қазақстан Республикасының аумағында болатын этникалық қазақтар халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне оралман мәртебесін беру және (немесе) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш береді.
2. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын этникалық қазақтар:
1) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне Қазақстан Республикасының аумағында тұруы ықтимал жерін көрсете отырып, оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы;
2) Қазақстан Республикасының аумағына келгеннен кейін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне оралман мәртебесін беру туралы өтініш береді.
3. Өтініште Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын барлық отбасы мүшелері:
1) жұбайы (зайыбы);
2) өтініш берушінің және жұбайының (зайыбының) ата-аналары;
3) балалары (оның ішінде асырап алған балалары) және олардың отбасы мүшелері;
4) некеде тұрмайтын, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) көрсетіледі.
19-бап. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу
жөніндегі комиссия
Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы этникалық қазақтар мен оралмандардың өтініштерін қарау үшін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі тиісті комиссияларды құрады.
Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді.
Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссия туралы үлгі ережені халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
20-бап. Қазақстан Республикасының аумағына келгенге
дейін бұл туралы өтініш берген этникалық
қазақтарға оралман мәртебесін беру және
оларды оралмандардың көшіп келу квотасына
енгізу
1. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері оралмандардың көшіп келу квотасына енуге үміткерлердің өтініштері мен құжаттарын қабылдап алады және олар тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күннің ішінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті
органға жібереді.
2. Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініш беруші үміткердің ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазба негізінде белгіленеді. Мұндай жазба болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жіберілетін құжаттарға үміткердің ұлтын растайтын басқа да құжаттардың көшірмелерін қоса береді.
3. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісімі туралы қорытынды дайындау үшін үміткерлер тұруға таңдап алған әкімшілік-аумақтық бөліністердегі аумақтық бөлімшелеріне жібереді.
Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды этникалық қазақтың өзі таңдаған әкімшілік-аумақтық бөліністе тұруына қабылдауға келісімі туралы не дәлелді негізделген себептермен оны қабылдаудан бас тартуы туралы ұсыныстар алу үшін жергілікті атқарушы органдарға жібереді.
Жергілікті атқарушы орган этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде этникалық қазақтың өзі таңдаған әкімшілік-аумақтық бөліністе тұруына қабылдауға келісімі туралы не дәлелді негізделген себептермен оны қабылдаудан бас тартуы туралы ұсыныс дайындайды және оны халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жібереді.
Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі жергілікті атқарушы органның тиісті ұсынысы негізінде үш жұмыс күнінен кешіктірмей этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісімі туралы не этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуден дәлелді негізделген себептермен бас тартуы туралы қорытынды дайындайды және оны оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның қарауына ұсынады.
4. Оралмандарды көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссия тиісті қорытындыны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге алдын ала келісімі туралы не этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуден дәлелді негізделген себептермен бас тартуы туралы шешім қабылдайды.
Үміткер осы Заңның 1-бабының 13) тармақшасында белгіленген шарттарға сай болған кезде оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісім беріледі.
Этникалық қазақтар оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге артықшылықты мынадай кезектілік ретімен:
1) белгілі бір мамандық бойынша тиісті білімі, біліктілігі мен тәжірибесі барлар;
2) көп балалы отбасылар;
3) жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндігі бар кәмелетке толған жастар;
4) саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақсыз елдерден келгендер пайдаланады.
5. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның шешімін екі жұмыс күні ішінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның шешімін өтініш берушіге жеткізу үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне жібереді.
6. Этникалық қазақтардың оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге берген өтінішін қараудың жалпы мерзімі халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға осы өтініш келіп түскен күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.
7. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі шешімін алғаннан кейін оны бір айдың ішінде этникалық қазаққа жібереді және Қазақстан Республикасына қоныс аударуына жәрдем көрсетеді не оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуден бас тартылғаны туралы хабарлайды.
8. Этникалық қазақ оралмандардың көшіп келу квотасына сәйкес Қазақстан Республикасында тұратын жеріне келгеннен кейін, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне оралман мәртебесін алуға өтініш береді.
9. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісу туралы бұдан бұрын қабылданған шешімін ескере отырып, өтініш жасаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш беруші мен оның отбасы мүшелеріне оралман мәртебесін береді, оралман куәлігін тапсырады және шешім қабылдау үшін оралмандардың тізімін оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияға жібереді.
10. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің өздері өтініш жасаған кезден бастап он жұмыс күні ішінде тұрақты тұруға рұқсат алуға және тұратын жері бойынша тіркелуге құқығы бар.
11. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссия оралман мен оның отбасы мүшелері тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін, сондай-ақ тұратын жері бойынша тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы шешім қабылдайды.
12. Еңбек жөніндегі уәкілетті орган оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне бір айдың ішінде осы Заңда көзделген жеңілдіктерді, өтемақылар мен әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін береді.
21-бап. Қазақстан Республикасының аумағына өз
бетінше келген және сонда жүрген этникалық
қазақтарға оралман мәртебесін беру және
(немесе) оларды оралмандардың көшіп келу
квотасына енгізу
1. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген этникалық қазақтардың оралман мәртебесін беру туралы өтініштерін олар тіркелген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде қарайды және шешім қабылдайды.
Үміткер осы Заңның 1-бабының 13) тармақшасында белгіленген шарттарға сай болған кезде оралман мәртебесі беріледі.
Оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылданған жағдайда, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген этникалық қазаққа және оның отбасы мүшелеріне оралман куәлігін береді.
2. Оралман мәртебесін алуға үміткердің ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазбаға сәйкес расталады. Мұндай жазба болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша үміткердің ұлтын растайтын басқа құжаттардың көшірмелерін жібереді.
3. Оралман мәртебесін алған этникалық қазақтар өздерін осы Заңда айқындалған жағдайларда және тәртіппен оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге және жеңілдіктер, өтемақылар және әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға үміткер бола алады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін оралман ретінде белгіленген тәртіппен оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге өтініш берген Қазақстан Республикасы азаматының өзі мен оның отбасының осы квотаға енгізілуге құқығы бар.
22-бап. Этникалық қазақтардың жекелеген отбасы
мүшелерін оралмандардың көшіп келу квотасына
енгізудің ерекшеліктері
1. Отбасы оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілгеннен кейін келген оралмандар отбасының басқа мүшелері де, сондай-ақ өздерінің ата-аналары Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін Қазақстан Республикасында туған балалары да күнтізбелік жыл ішінде оралмандардың көшіп келу квотасына енгізіледі.
2. Егер оралман өз отбасының құрамында отбасы бар балаларын көрсетпеген болса, онда оралмандардың отбасы бар балалары қайтыс болған, ата-ана құқықтарынан айрылған не олар Қазақстан Республикасының азаматтығын алған жағдайларда ғана балаларының отбасы мүшелері оралманның отбасы құрамында оралмандардың көшіп келу квотасына енгізіледі.
Бұл ретте оралмандардың отбасы бар балаларының кәмелетке толмаған отбасы мүшелерін оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу үшін отбасы бар балаларының кәмелетке толмаған отбасы мүшелерінің ата-анасының екеуі де қайтыс болған не ата-ана құқықтарынан айрылған жағдайларда, оралман (оралманның жұбайы (зайыбы) олардың қорғаншысы (қамқоршысы) болуға тиіс.
23-бап. Оралмандарға, этникалық қазақтарға және
олардың отбасы мүшелеріне берілетін
жеңілдіктер, өтемақылар және әлеуметтік
көмектің басқа да түрлері
1. Этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде өздерінің төлем қабілеттілігінің растамасын ұсынудан босатылады.
2. Оралман мәртебесін алған адамдар мен олардың отбасы мүшелері:
1) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетумен;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен;
3) Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей мектептерде және мектепке дейінгі ұйымдарда орындармен, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын көлемде техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлінген квотаға сәйкес білім алу мүмкіндігімен;
4) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең әлеуметтік қорғалумен;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етіледі.
3. Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу, бағбандықпен айналысу және саяжай құрылысы үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елді мекендердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінен, көшіп келушілерге арналған жер қорынан, арнаулы жер қорынан және босалқы жерлерден жерді уақытша өтеусіз пайдалану құқығымен жер учаскелері беріледі.
Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнаулы жер қорынан, көшіп келу жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелері беріледі.
4. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасына оралмандардың көшіп келу квотасынан тыс қоныс аударған оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын қамтитын біржолғы жәрдемақыларды белгілеуі мүмкін.
5. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен берілетін жеңілдіктерден, өтемақылардан, жәрдемақылар мен әлеуметтік көмектің өзге де түрлерінен басқа мынадай қосымша жеңілдіктер:
1) қоныстандыру өңіріне қарай сараланған және алғашқы бейімдеу, тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын қамтитын біржолғы жәрдемақы төлемі беріледі;
2) тұрғын үй сатып алуға қаражат бөлінеді немесе тұрғын үй салуға, қалпына келтіруге немесе сатып алуға жеңілдікті кредиттік қарыз алады.
6. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде, көлік құралдарын қоспағанда, жеке мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатылады.
7. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражатты тек қана Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданғаннан кейін, отбасының ұлты қазақ емес мүшелерінен басқа, отбасының кәмелетке толған мүшелерін қоса алғанда, жеке басын куәландыратын құжаттарын ұсынуы бойынша алуы мүмкін.
8. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқан жағдайда біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат есептелмейді және (немесе) төленбейді.
9. Оралман немесе оның отбасы мүшесі оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілгеннен кейін қайтыс болған жағдайда отбасының мүшелеріне немесе оралманға біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу-алмауына қарамастан төленеді.
10. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар, оларға осы баптың 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес төленген біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражатты:
1) Қазақстан Республикасында тұрған алғашқы үш жылдың ішінде оралмандардың көшіп келу квотасын алған кезде қоныстану үшін белгіленген өңірден тыс жерге өзінің ерік қалауымен өз бетінше ішкі көшіп-қонған жағдайларда;
2) оралман мәртебесін алған күннен бастап бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін болса, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекетке өтеуге міндетті.
24-бап. Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру
1. Этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін оралман мәртебесін алғанға дейін алғашқы қоныстандыру олардың қалауы бойынша уақытша орналастыру орталықтарында халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
2. Бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету үшін оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары құрылады.
Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тұруының тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ оларға бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетудің тәртібін халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
25-бап. Оралман мәртебесінің тоқтатылуы
Оралман мәртебесі:
1) оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін;
2) егер ол Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініш бермеген болса, оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткен соң тоқтатылады.
26-бап. Оралмандардың құқықтары мен міндеттері
1. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің:
1) жеңілдетілген (тіркелген) тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға;
2) жеңілдіктерді, өтемақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде атын, әкесінің атын (ол болғанда) және тегін қазақ тілінде дұрыстап жазуға құқығы бар.
2. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелері:
1) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне олардың оралман мәртебесін беру және (немесе) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініштерін қарауға қажетті дәйекті деректерді ұсынуға;
2) денсаулық сақтау органдарының талап етуі бойынша медициналық қарап-тексеруден өтуге, екпелерді алуға, емдеу курсынан өтуге, сондай-ақ денсаулық сақтау органдарының нұсқамаларын орындауға;
3) оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығына жолдама алған жағдайда, күнтізбелік үш күннің ішінде сонда қоныстануға және халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген болу кезеңі аяқталғаннан кейін берілген үй-жайды босатуға;
4) уақытша орналастыру орталықтарында және оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында болудың белгіленген тәртібін сақтауға міндетті.
4-тарау. ОТБАСЫН БІРІКТІРУ МАҚСАТЫНДА КӨШІП КЕЛУ
27-бап. Шақырушы адамдар және шақырушы адамдардың
отбасы мүшелері
1. Мына адамдар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұрып жатқан этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар;
3) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрып жатқан көшіп келушілер мен бизнес-көшіп келушілер шақырушы адамдар болуы мүмкін.
2. Шақырушы адамдардың отбасын біріктіру мақсатында шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар болып табылатын өз отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына келуі туралы қолдаухат беруге құқығы бар.
3. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасымен танылатын некеде кемінде үш жыл тұрған жұбайы (зайыбы);
2) он сегіз жасқа толмаған, некеде тұрмайтын және шақырушы адамның асырауындағы және (немесе) қамқоршылығындағы (қорғаншылығындағы) балалар, оның ішінде асырап алған балалары;
3) он сегіз жастан асқан, некеде тұрмайтын, денсаулық жағдайына байланысты себептер бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуге қабілетсіз балалар, оның ішінде асырап алған балалары;
4) шақырушы адамның асырауындағы еңбекке жарамсыз ата-аналары;
5) оларды күтіп-бағу шақырушы адамның міндеті болып табылатын, отбасының өзге де мүшелері отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келетін шақырушы адамның отбасы мүшелері болып табылады.
4. Шақырушы адамның мына отбасы мүшелері отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына жіберіледі:
1) егер Қазақстан Республикасының азаматы шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағында аталған барлық адамдар.
Аталған адамдарға уақытша тұруға арналған рұқсат кейіннен жыл сайын ұзарту құқығымен үш жылға дейінгі мерзімге беріледі;
2) егер уақытша (кемінде екі жыл мерзімге) тұруға рұқсат алған этникалық қазақ немесе бұрынғы отандас шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында аталған адамдар.
Аталған адамдарға уақытша тұруға арналған рұқсат шақырушы адамның уақытша тұруына арналған рұқсаттың қолданылу мерзіміне беріледі;
3) егер Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын көшіп келуші немесе Қазақстан Республикасында кемінде екі жыл үзіліссіз тұратын бизнес-көшіп келуші шақырушы адам болса – осы баптың 3-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында аталған адамдар.
Тұрақты тұруға арналған рұқсаты бар шақырушы адамның отбасы мүшелеріне уақытша тұруға арналған рұқсат жыл сайын ұзарту құқығымен бір жылға беріледі.
Бизнес-көшіп келуші болып табылатын шақырушы адамның отбасы мүшелеріне уақытша тұруға арналған рұқсат жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен бір жылға беріледі. Бұл ретте шақырушы адамның отбасы мүшелеріне уақытша тұруға арналған рұқсат шақырушы адамның уақытша тұруына арналған рұқсаттың қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.
5. Қазақстан Республикасының аумағындағы көшіп келушілердің мынадай санаттарының:
1) оқу, кәсіптік даярлықтан өту және (немесе) тағылымдамадан өту кезеңіне білім алу мақсатында көшіп келушілердің (жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, студенттер мен тағылымдамадан өтушілер);
2) маусымдық шетелдік қызметкерлердің;
3) гуманитарлық уәждер бойынша көшіп келушілердің отбасы мүшелеріне қатысты отбасын біріктіру мақсатында көшіп келуге жол берілмейді.
28-бап. Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан
Республикасына келуге виза алудың тәртібі
1. Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келуге виза шақырушы адамның отбасын біріктіру туралы қолдаухатының негізінде беріледі.
2. Шақырушы адамның отбасы мүшелері Қазақстан Республикасына келуге виза алу үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне өтініш пен мынадай құжаттарды:
1) шақырушы адамның қолдаухатын;
2) Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, шақырушы адамның уақытша тұруға арналған рұқсатының нотариатта куәландырылған көшірмесін;
3) шақырушы адамның және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың нотариатта куәландырылған көшірмесін;
4) шақырушы адамда отбасының әрбір мүшесін күтіп-бағуға айына, республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде ақшасының болуы растамасын;
5) шақырушы адамда Қазақстан Республикасының аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда көлемі белгіленген ең төмен нормативтерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық және өзге де нормаларға сәйкес келетін тұрғын үйдің болуы растамасын;
6) шақырушы адамның отбасы мүшелері үшін медициналық сақтандыруды;
7) шақырушы адаммен отбасылық қатынастарын растайтын, Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің осыған уәкілетті мемлекеттік органдары ұсынған құжаттардың нотариатта куәландырылған көшірмелерін;
8) отбасының кәмелетке толған мүшелерінің соттылығы болуын не болмауын растайтын құжатты ұсынады.
3. Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасында тұруға құқығы бар көшіп келушілерге, уақытша тұруға арналған рұқсаттың берілуі солардың болуына байланысты болатын мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған жағдайларда (кәмелетке толуы, біріктіруді сұраған адамның қайтыс болуы, соның негізінде біріктіру жүргізілген некенің бұзылуы немесе күшінің жойылуы), осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген осыған қажетті қаржы қаражатының болуы расталған жағдайда, халықтың көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган олардың өтініштері негізінде алты айға дейінгі кезеңге рұқсатты ұзартады.
29-бап. Отбасын біріктіру мақсатында келген көшіп
келушілердің құқықтары мен міндеттері
1. Отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келген балалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім алуға құқығы бар.
2. Отбасын біріктіру мақсатында келген көшіп келушілердің мынадай:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары шақырушы адамдары болып табылатын, осы Заңның 27-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында аталған отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарымен жалпы жағдайларда еңбек қызметін жүзеге асыратын;
2) осы Заңның 27-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында санамаланған адамдар шақырушы адамдары болып табылатын отбасы мүшелері жергілікті атқарушы органдар шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын квота шегінде және тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға беретін рұқсаттың негізінде еңбек қызметін атқаратын жағдайларда, еңбек қызметін жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Отбасын біріктіру мақсатында келетін көшіп келушілер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшіп келушілерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндеттерді атқарады;
2) Қазақстан Республикасында уақытша болуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін, егер оның бұдан әрі болуына заңды негіздері болмаса, Қазақстан Республикасынан кетіп қалуға міндетті.
5-тарау. БІЛІМ АЛУ МАҚСАТЫНДА КӨШІП КЕЛУ
30-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілер
Қазақстан Республикасының аумағына білім алу мақсатында келетін көшіп келушілерге жалпы орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына, оның ішінде оқушылар алмасудың және даярлық курстарынан өтудің ұйымдастырылған бағдарламалары бойынша қабылданған білім алушылар жатады.
31-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп
келушілердің келу шарттары
Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілер:
1) этникалық қазақтарды қоспағанда, көшіп келуші мен қабылдаушы білім беру ұйымдарының арасындағы шартқа сәйкес тұруына, сондай-ақ оқуына ақы төлеуге қажетті өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ұсынуға;
2) таңдаған мамандығы бойынша білім алуға кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға және медициналық сақтандыруы болуына;
3) соттылығының болуы не болмауы жөніндегі растаманы ұсынуға;
4) оқу орнына оқуға қабылданғаны туралы растаманы табыс етуге және (немесе) Қазақстан Республикасына келгенге дейін кәсіптік даярлықтан өтуге шақырған тараптың келісімін растауға міндетті.
32-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп
келушілерге келуге виза берудің шарттары
1. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің келуіне рұқсатты ата-аналарының немесе қамқоршыларының, қорғаншыларының келісімімен қабылдаушы білім беру ұйымының қолдаухаты негізінде айқындалатын бір жылдан аспайтын мерзімге оқу орнының немесе білім беру жөніндегі уәкілетті органның қолдаухаты негізінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері береді.
Білім алу мақсатында келген көшіп келушілерге уақытша тұруына арналған рұқсатты қабылдаушы білім беру ұйымының қолдаухаты негізінде айқындалатын оқу мерзіміне оқу орнының қолдаухаты негізінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган береді.
2. Білім алу мақсатында келген көшіп келушілердің келуіне визаны және уақытша тұруға арналған рұқсатты халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қабылдаушы білім беру ұйымы растаған жағдайда оқуды аяқтауға қажетті, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге жыл сайын ұзартып отырады.
3. Қабылдаушы білім беру ұйымдары білім алу мақсатында келетін көшіп келушілерге олардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтары мен міндеттерін уақтылы түсіндіруді және оларды іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ уақытша тұруға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталған соң олардың Қазақстан Республикасында болу, ел аумағы бойынша жүріп-тұру және Қазақстан Республикасынан кету құқықтарына арналған құжаттарды уақтылы ресімдемегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
4. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден білім алу мақсатында келген көшіп келушілердің уақытша тұруына арналған рұқсатты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган береді.
33-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп
келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттер
1. Шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі тегін білім алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалады.
Қазақстан Республикасына білім алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін тұрақты тұруға және Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтініш беруге құқылы.
2. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшіп келушілерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндеттерді атқарады;
2) оқудың және (немесе) кәсіптік даярлықтың толық курсын аяқтағаннан кейін, егер одан әрі болу үшін заңды негіздері болмаса, Қазақстан Республикасынан кетіп қалуға міндетті.
6-тарау. ЕҢБЕК ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МАҚСАТЫНДА КӨШІП КЕЛУ
34-бап. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында
келетін көшіп келушілердің санаттары
Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін көшіп келушілер мынадай санаттарға бөлінеді:
1) шетелдік қызметкерлер – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген немесе жұмыс берушілер тартатын көшіп келушілер;
2) бизнес-көшіп келушілер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер;
3) маусымдық шетелдік қызметкерлер – климат немесе өзге де табиғат жағдайларына байланысты белгілі бір, бірақ бір жылдан аспайтын кезеңнің (маусымның) ішінде атқарылатын маусымдық жұмыстарды орындау үшін жұмыс берушілер жұмысқа тартатын көшіп келушілер.
35-бап. Шетелдік қызметкерлердің келу шарттары
Өз бетінше жұмысқа орналасу үшін келетін немесе жұмыс берушілер тартатын шетелдік қызметкерлер:
1) кәмелеттік жаста болуға;
2) жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағынан кету үшін қажетті өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ұсынуға;
3) алдағы атқарылатын жұмысты орындау үшін қажетті білімі, біліктілігі мен тәжірибесі болуға;
4) соттылығының болуы не болмауы жөніндегі растаманы ұсынуға;
5) таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
6) медициналық сақтандыруының болуына міндетті.
36-бап. Шетелдік қызметкерлерге келуге виза беру
шарттары
1. Шетелдік қызметкерлерге келуге визаны шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттың негізінде және қолданылу мерзіміне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері береді.
2. Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетелдік қызметкерлерге келуге виза олар Алматы қаласының халықаралық әуежайына келген кезде беріледі.
3. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген шетелдік қызметкерлерге уақытша тұруға арналған рұқсатты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган береді.
4. Шетелдік қызметкерлерге келуге визаны және уақытша тұруға арналған рұқсатты, шетелдік қызметкердің жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің алдағы жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаты болған жағдайда, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бір жылға ұзартады.
37-бап. Шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға
және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін
тартуға арналған рұқсатты берудің тәртібі
1. Шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының Үкіметі кәсіптік және біліктілік санаттары бойынша жыл сайын белгілейтін квотаның негізінде жүзеге асырылады.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота экономикалық тұрғыдан белсенді халық санына пайыздық қатынаспен айқындалады және (немесе) еңбек нарығындағы сұраныс жағдайының алдағы жылға арналған болжамына сәйкес басым жобалар бойынша және (немесе) шығу елдері бойынша абсолюттік мәнде белгіленеді.
2. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны еңбек жөніндегі уәкілетті орган облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың арасында бөледі.
Жергілікті атқарушы органдар белгіленген квота шегінде:
1) жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға;
2) шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға арналған рұқсатты береді және оны ұзартады.
3. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметін жүзеге асыруы шетелдік қызметкердің жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты алуынсыз жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеудің тәртібін, шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты берудің шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5. Осы Заңның шетелдік жұмыс күшін квоталау туралы және шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты беру туралы нормалары «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда қолданылмайды.
38-бап. Этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар
қатарындағы шетелдік қызметкерлердің еңбек
қызметін реттеудің ерекшеліктері
Жергілікті атқарушы орган шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушілерге этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсатты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жеңілдетілген тәртіппен береді.
39-бап. Бизнес-көшіп келушілердің келу және оларға виза
беру шарттары
1. Келуге виза алу үшін бизнес-көшіп келуші:
1) кәмелеттік жаста болуға;
2) еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
3) медициналық сақтандыруының болуына;
4) соттылығының болуы не болмауы және сот шешімі негізінде кәсіпкерлік қызметпен айналысуына тыйым салынбағаны жөніндегі растаманы ұсынуға;
5) кәсіпкерлік қызмет тәжірибесінің болуына міндетті.
2. Бизнес-көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге визаны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері екі жылға дейінгі мерзімге береді.
3. Этникалық қазақтар қатарындағы, оның ішінде келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген бизнес-көшіп келушілердің келуіне виза және уақытша тұруына арналған рұқсат үш жылға дейінгі мерзімге беріледі.
40-бап. Бизнес-көшіп келушілердің Қазақстан
Республикасының аумағында болу және олардың
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру шарттары
1. Бизнес-көшіп келушілердің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының аумағында болуының міндетті шарты болып табылады.
2. Бизнес-көшіп келуші Қазақстан Республикасының аумағына келген күнінен бастап екі ай мерзім ішінде:
1) Қазақстан Республикасында заңды тұлғаны тіркеуге немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асырушы коммерциялық ұйымдар қатысушыларының (акционерлерінің) құрамына енуге;
2) заңды тұлғаны тіркеу кезінде оның жарғылық капиталын қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен мөлшерден кем емес ақша сомасын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіне енгізуге міндетті.
Бизнес көшіп келушілер осы бапта белгіленген міндеттемелерді орындамаған жағдайда халықтың көші-қоны мәселелелері жөніндегі уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдардың қолдаухаты негізінде бизнес-көшіп келушілердің болу мерзімін олардың ерікті түрде кетуіне қажетті мерзімге қысқарту туралы шешім қабылдайды.
Бизнес-көшіп келуші ретінде келуге виза алмаған шетелдіктердің заңды тұлға құруына, сондай-ақ заңды тұлға қатысушыларының құрамына кіру арқылы коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуына тыйым салынады.
3. Бизнес-көшіп келушінің Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру үшін жабдықтар әкелуі Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында айқындалатын шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Бизнес-көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шетелдіктердің баруына ашық аумақтары бойынша еркін жүріп-тұра алады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрғылықты жерін таңдай алады.
41-бап. Маусымдық шетелдік қызметкерлердің келу және
болу шарттары
1. Маусымдық шетелдік қызметкерлерге келуге визаны шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың негізінде Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері береді.
2. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген маусымдық шетелдік қызметкерлердің келуіне арналған рұқсатты халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган береді.
3. Маусымдық шетелдік қызметкерлер:
1) кәмелеттік жаста болуға;
2) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының аумағынан кету үшін қажетті өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіп пен мөлшерде ұсынуға;
3) еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға;
4) медициналық сақтандыруының болуына міндетті.
42-бап. Маусымдық шетелдік қызметкерлерді тарту
шарттары
1. Маусымдық шетелдік қызметкерлер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес немесе жұмыс берушілерге жергілікті атқарушы органдар беретін квота шегінде шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын шарттарда және тәртіппен экономиканың жекелеген салаларындағы жұмысқа тартылады.
2. Маусымдық шетелдік қызметкерлерді тартатын жұмыс берушілер оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық және өзге де нормаларға сай келетін уақытша тұрғын үй беруге міндетті.
43-бап. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында
келген көшіп келушілердің негізгі құқықтары
мен міндеттері
1. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшіп келушілерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген міндеттерді атқарады;
2) рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін, егер одан әрі болуына заңды негіздері болмаса, Қазақстан Республикасынан кетіп қалуға міндетті.
2. Қазақстан Республикасына еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген маусымдық қызметкерден басқа шетелдік қызметкер:
1) жұмысқа орналасуға рұқсат алған қызметкер, рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін - оның мерзімін ұзартуға өтініш беруге;
2) еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс беруші тартқан қызметкер, рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін - жұмысқа орналасуға рұқсат алу туралы өтініш беруге құқылы.
7-тарау. ГУМАНИТАРЛЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ УӘЖДЕР БОЙЫНША КӨШІП КЕЛУ
44-бап. Гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп
келушілердің санаттары
Гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп келушілерге:
1) волонтерлер – Қазақстан Республикасына білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек саласында өтеусіз негізде қызмет көрсету үшін келетін көшіп келушілер;
2) Қазақстан Республикасына қайырымдылық, гуманитарлық көмек көрсету және гранттар беру мақсатында Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың шеңберінде келетін көшіп келушілер жатады.
45-бап. Саяси уәждер бойынша келетін көшіп келушілер
Саяси уәждер бойынша келетін көшіп келушілерге:
1) босқындар;
2) саяси пана берілген адамдар жатады.
46-бап. Гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп
келушілердің келу және келуіне виза беру
шарттары
1. Қазақстан Республикасына гуманитарлық уәждер бойынша келетін көшіп келушілердің келуіне визаны Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйым өкілдігінің не ол орналасқан елде осы елдің заңнамасына сәйкес ресми тіркелген шетелдік үкіметтік емес қоғамдық ұйымның (қордың) қолдаухаты негізінде Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері бір жылға дейінгі мерзімге береді.
2. Гуманитарлық уәждер бойынша келген көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағында келудің мақсаттарында көзделмеген қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
47-бап. Саяси уәждер бойынша келудің және болудың
шарттары
1. Пана іздеп жүрген адамдардың келу және болу шарттары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға пана беру және оларға босқын мәртебесін беру жөніндегі қатынастар, босқындардың Қазақстан Республикасының аумағындағы құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасымен реттеледі.
2. Саяси пана берудің тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
8-тарау. КӨШІП КЕЛУШІНІҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНА КЕЛУІНЕН БАС ТАРТУ ҮШІН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ТҰРАҚТЫ ТҰРУҒА АРНАЛҒАН РҰҚСАТТЫ АЛУ ҮШІН ЖАЛПЫ НЕГІЗДЕР
48-бап. Көшіп келушінің Қазақстан Республикасына
келуінен бас тарту үшін негіздер
Көшіп келушінің:
1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi және халықтың денсаулығын сақтау мүддесінде;
2) егер оның іс-әрекеті конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге бағытталған болса;
3) егер ол Қазақстан Республикасының егемендігіне және тәуелсіздігіне қарсы шықса, ел аумағының бірлігі мен тұтастығын бұзуға шақыратын болса;
4) егер ол ұлтаралық және діни араздықты өршітетін болса;
5) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
6) егер оның Қазақстан Республикасында бұрын болған уақытында Қазақстан Республикасында шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден, валюта немесе өзге де заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылу фактiлерi анықталған болса;
7) егер ол келу туралы қолдаухатпен өтiнiш жасаған кезде өзi туралы жалған мәлiметтерді хабарласа немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде ұсынбаса;
8) оның Қазақстан Республикасына келуі үшін қарсы айғақ болып табылатын аурулары болса, Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салынады.
Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген көшіп келушілерге шығарып жіберу туралы шешiм шығарылған күннен бастан бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
49-бап. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында
тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас
тарту не оның күшін жою үшін негiздер
Мынандай:
1) заңсыз келген, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшiн өздерi шыққан елдердiң заңнамасы бойынша қудалауға ұшыраған;
2) сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;
3) адамзатқа қарсы қылмыс жасаған;
4) оралмандарды немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған бұрынғы отандастарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негізінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқығы бар адамдар мен олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, өзiнiң төлем қабiлеттiлiгiнің растамасын Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын тәртiппен және мөлшерде ұсынбаған;
5) Қазақстан Республикасында шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы бұзған;
6) ұлтаралық және дiни араздықты өршіткен;
7) іс-әрекеттерi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған;
8) Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне қарсы шыққан, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырған;
9) террористiк әрекетi, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн соттылығы болған;
10) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу туралы қолдаухатпен өтiнiш жасаған кезде жалған құжаттарды ұсынған не өзі туралы көрінеу жалған мәлiметтер хабарлаған немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде дәлелді себепсіз ұсынбаған;
11) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты берген кезге дейін бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген;
12) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
13) Қазақстан Республикасынан уақытша кеткен және өздері мәлімдеген қайтып оралу мерзімінен кейін алты ай өткен соң Қазақстан Республикасына қайтып оралмаған;
14) Қазақстан Республикасының азаматтарымен некелескен, осы некесі тұруға ықтиярхат алу үшін негіз болған, егер бұл неке заңды күшіне енген сот шешімімен жарамсыз деп танылса;
15) Қазақстан Республикасына келуге қарсы айғақ болып табылатын аурулары бар көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылады не бұрын берiлген рұқсаттың күші жойылады.
Тұруға ықтиярхатты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлiгін беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
9-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ІШКІ КӨШІП-ҚОНУШЫЛАР
50-бап. Ұйымдасқан түрде қоныс аударатын және өз
бетінше қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушылар
Қазақстан Республикасында ішкі көшіп-қонушылар:
1) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына сәйкес ұйымдасқан түрде қоныс аударатындар (қоныс аударушылар) немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қоныс аударылатындар;
2) өзінің ерік қалауымен өз бетінше қоныс аударушылар болып бөлінеді.
51-бап. Ішкі көшіп-қонушылардың негізгі құқықтары
мен міндеттері
1. Ішкі көшіп-қонушылардың:
1) Қазақстан Республикасының заңында жазылған жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында еркін жүріп-тұруға, тұрғылықты жерін еркін таңдауға;
2) тұрғылықты жерінен немесе болатын жерінен мәжбүрлі түрде қоныс аудартудан қорғалуға;
3) жұмысқа орналасуда жәрдем көрсетілуге құқығы бар.
Жеке тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңында көзделмеген негіздер бойынша мәжбүрлі түрде қоныс аудартуға жол берілмейді.
2. Ішкі көшіп-қонушылар Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен тіркелуге міндетті.
10-тарау. ІШКІ КӨШІП-ҚОНУШЫЛАРҒА ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ
52-бап. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару
квотасын белгілеу және қоныс аударушы
мәртебесін алу
1. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасы ұйымдасқан түрде қоныс аударылатын Қазақстан Республикасының азаматтары отбасыларының санын және экологиялық жағдайы аса қолайсыз әкімшілік-аумақтық бөліністерді айқындайды, олар осы әкімшілік-аумақтық бөліністерден қоныс аударушыларды қабылдау үшін белгіленген экономикалық тұрғыдан перспективалы елді мекендерге қоныс аударылады.
3. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгізу және қоныс аударушы мәртебесін беру кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біреуінің Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға берген өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.
53-бап. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару
квотасына енгізілген Қазақстан
Республикасының азаматтарына әлеуметтік
көмек көрсету
Ішкі көшіп-қонушылардың квотасына енгізілген Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын қамтитын біржолғы жәрдемақы төленеді және тұрғын үй салу, оны қалпына келтіру немесе сатып алу үшін жеңілдікті кредиттік қарыздар беріледі.
11-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ЕЛДЕН ТЫС ЖЕРГЕ КЕТУІНІҢ ШАРТТАРЫ МЕН ТӘРТІБІ. ЗАҢСЫЗ КӨШІП КЕЛУДІҢ АЛДЫН АЛУ
54-бап. Елден тыс жерге кететін Қазақстан
Республикасы азаматтарының санаттары
Елден тыс жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) басқа мемлекетке тұрақты тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтары болып екі санатқа бөлінеді.
Басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің персоналы, Қазақстан Республикасына бекітіп берілген квоталарға сәйкес халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған, шетелде уақытша еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары, бітімгершілік парызын орындаушы әскери қызметшілер, сондай-ақ, ұйымдар мен жеке адамдардың шақыруы бойынша оқуда, емделуде, туристік және жеке сапарда, шет елдерде қызметтік іссапарда жүрген адамдар жатады.
55-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының елден
тыс жерге кетуінің шарттары мен тәртібі
1. Әркімнің Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуге құқығы бар. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергісіз қайтып оралуға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган кетуге арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтінішті халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне:
1) әрекетке қабілетті азаматтар - өздері;
2) балалар мен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар атынан олардың заңды өкілдері береді.
4. Халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтардың Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кетуінен бас тарту үшін негіздердің болмауына тексеру жүргізеді.
Мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтініш берген азаматтарға қатысты халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның сауалдарын он күн мерзімде қарайды.
Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешім барлық құжаттар ұсынылған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қабылданады.
5. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жерге кетуімен байланысты шығындарды қаржыландыру кетушілердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, сондай-ақ, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, басқа да көздерден жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекетке тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздеріне және өздерінің отбасы мүшелеріне меншік құқығымен тиесілі мүлікті өз қаражаты есебінен әкетуге құқылы.
7. Азаматтардың мемлекет үшін мәдени, тарихи немесе өзге де құндылығы бар заттарды Қазақстан Республикасының шегінен тыс әкетуі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реттеледі.
8. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұрғылықты жеріне кеткен адамдардың Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікке құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
56-бап. Қазақстан Республикасының азаматына елден
тұрақты тұрғылықты жеріне кетуге рұқсат
беруден бас тарту үшін негіздер
Қазақстан Республикасының азаматына мынадай жағдайларда, егер ол:
1) мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді білетін болса және өзінің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кету фактісі туралы тиісті уәкілетті органдарды хабардар етпеген болса – осы мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылғанға дейін;
2) қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған не кінәлі ретінде жауапқа тартылған болса – іс бойынша шешім шығарылғанға дейін немесе сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін;
3) қылмыс жасағаны үшін сотталған болса – жазасын өтегенге дейін немесе жазадан босатылғанға дейін;
4) өзіне сот жүктеген міндеттемелерді орындаудан жалтарған болса – осы мән-жайлар тоқтатылғанға дейін;
5) міндетті мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген болса – осы қызметті өткеру аяқталғанға дейін немесе «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес одан босатылғанға дейін;
6) Қазақстан Республикасынан кету үшін құжаттарды ресімдеу кезінде өзі туралы көрінеу жалған деректерді хабарлаған болса – бас тартуға және беруге негіз болған себептер жойылғанға дейін және дәйекті деректерді ұсынғанға дейін;
7) азаматтық сот ісін жүргізуде жауапкер болып табылса – сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жеріне кетуге рұқсат беруден уақытша бас тартылады.
Қазақстан Республикасы азаматының салық берешегі болған жағдайда, оған Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсат беруден бас тартылады.
Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету құқығын шектеудің барлық жағдайларында халықтың көші-қоны жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама береді, онда шектеудің негіздемесі мен мерзімі және осы шешімге шағымданудың тәртібі көрсетіледі.
57-бап. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге
барған Қазақстан Республикасы азаматтарының
құқықтары мен міндеттері
Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге барған Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтары мен бостандықтары бар, сондай-ақ олар Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген міндеттерді атқарады.
Қазақстан Республикасы өз азаматтарын одан тыс жерде қорғауға және оларға сүйеу болуға кепілдік береді.
58-бап. Заңсыз көшіп келудің алдын алу және құқықтық
мәртебесі реттелмеген көшіп келушілерді
заңдастыру шаралары
1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына келуі, олар келу, кету, болу және транзиттік жол жүру тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарын орындаған жағдайда мүмкін болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар көші-қон бақылауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдардың есебін жүргізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
12-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОНЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ. ДАУЛАРДЫ ШЕШУ
59-бап. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны
саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін
жауаптылық
Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
60-бап. Заңсыз көшіп келушілерді шығарып жіберу
1. Заңсыз көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шегінен тыс өздерінің шыққан мемлекетіне (шетелдік азаматтығын алған немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын елге) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарып жіберілуге жатады.
Шығарып жіберу туралы шешімді сот қабылдайды.
Заңсыз көшіп келушілерді кідіртіп ұстауға және оларды Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу үшін қажетті мерзімге ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде ұстауға Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен жол беріледі.
2. Шығарып жіберу бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін заңсыз көшіп келушілер, заңсыз көшіп келушіні Қазақстан Республикасына шақырған жеке немесе заңды тұлғалар көтереді. Аталған адамдардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды өтеуге қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келу құқығынсыз келген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге осы адамдарды алып келген көлік ұйымы жауапты болып табылады.
61-бап. Дауларды шешу
Уәкілетті органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған мемлекеттік органдарға (жоғары тұрған лауазымды адамға) және (немесе) сотқа Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
62-бап. Осы Заңның қолданылу тәртібі
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенінен кейін туындаған халықтың көші-қоны саласындағы қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін уәкілетті мемлекеттік органдар берген құжаттар өзінің күшін сақтайды.
63-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 3) тармақшасын, 50-баптың 1) тармақшасын және 10-тарауды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 24, 341-құжат; 2001 ж., № 8, 50-құжат; № 21-22, 285-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 6, 76-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 3, 23-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 23, 117-құжат; 2010 ж., № 24, 149-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев