Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 55-б. қараңыз.
Осы Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызметті өткеруі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі мемлекеттік саясат негіздерін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер – осы Заңда айқындалатын мерзімге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына (бұдан әрі – Қарулы Күштер) әскери қызметке шақырылған Қазақстан Республикасының азаматтары;
2) әскерге шақыру жасына дейінгілер – әскери есепке алынғанға дейін әскери қызметке даярлықтан өтетін Қазақстан Республикасының ер азаматтары;
3) әскерге шақыруды кейінге қалдыру – осы Заңда көзделген негіздер бойынша азаматтарды әскери қызметке шақыру мерзімін ауыстыру;
4) әскерге шақырылушылар – аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті әскери басқару органдарының әскерге шақыру учаскелеріне тіркелген және Қарулы Күштерге әскерге шақыруға жататын Қазақстан Республикасының ер азаматтары;
5) әскери атақ – әскери қызметшіге және әскери міндеттіге берілетін әскери айырым белгісі;
6) әскери билет – азаматтың әскери қызметке тиесілігін және әскери міндеттілікке қатыстылығын айқындайтын бірыңғай мерзімсіз жеке есептік-әскери құжаты;
7) әскери бөлімнің штаты – жеке құрамның құрамын, ұйымдастыру-штаттық құрылымын, санын және қару-жарақ кадастрына сәйкес бекітіп берілген негізгі қару-жарақ пен әскери техника санын айқындайтын құжат;
8) әскери есепке алу – әскери қызметшілер, әскерге шақырылушылар мен жұмылдыру ресурстары туралы сандық және сапалық деректерді есепке алу және талдау жүйесі;
9) әскери жиындар – Қарулы Күштердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру мақсатында әскери міндеттілерді әскери бөлімдерге шақыра отырып, оларды әскери даярлау, әскери білім алу және жетілдіру бойынша әскери басқару органдары жүргізетін іс-шаралар.
Әскери жиындар:
оқу-жаттығу жиындары – әскери міндеттілерді, әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түскен кезде әскерге шақырылушыларды және жоғары оқу орындары әскери кафедраларының студенттерін даярлау және қайта даярлау мақсатында өткізілетін әскери жиындар түрі;
тексеру жиындары – соғыс уақытының ұйымдастыру-штаттық құрылымында міндеттерді орындауға арналған әскери бөлімдердің дайындығын тексеру мақсатында өткізілетін әскери жиындар түрі;
арнайы жиындар – төтенше жағдайлар салдарларын жою жөніндегі іс-шараларды орындау мақсатында және Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де жағдайларда өткізілетін әскери жиындар түрі болып бөлінеді;
10) әскери киім нысаны – Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін әскери қызметшілердің Қарулы Күштерге тиесілігін айқындайтын айырым белгілері бар нысанды киім (киім-кешек) және жабдық;
11) әскери қызмет – Қазақстан Республикасының егемендігін, аумақтық тұтастығы мен шекараларының қол сұғылмаушылығын қарулы қорғауға байланысты әскери қауіпсіздікті тікелей қамтамасыз етуге бағытталған Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің мемлекеттік қызметінің ерекше түрі;
12) әскери қызметтен шығару – әскери қызметшіні осы Заңда көзделген негіздемелер бойынша запасқа немесе отставкаға шығара отырып, әскери бөлімнің (мекеменің) тізімдерінен шығару;
13) әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт – уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы азамат әскери қызмет өткерген кезеңде тараптардың құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін белгілейтін ерікті түрде әскери қызмет өткеру туралы шарт;
14) әскери қызметшілер – Қарулы Күштерде әскери қызметте тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;
15) әскери лауазым – әскери қызмет функцияларын орындау үшін лауазымдық өкілеттіктер мен лауазымдық міндеттер жүктелген Қарулы Күштер мемлекеттік мекемесінің штаттық бірлігі;
16) әскери міндеттілер – әскери есепте тұратын және әскери есепте тұрудың шекті жасына дейін запаста болатын Қазақстан Республикасының азаматтары;
17) әскери міндеттілер запасы (запас) – аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті әскери басқару органдарында әскери есепте тұратын, Қарулы Күштерді және соғыс уақытының басқа да мемлекеттік органдарын толық жасақтау, жұмылдыра өрістету және шығынының орнын толтыру мақсатында пайдаланылатын осы Заңда белгіленген жастағы әскери міндеттілер;
18) әскери міндеттілік – Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасын қорғау жөніндегі конституциялық міндеті;
19) бастапқы әскери даярлық – әскери іс және адамның қауіпсіздігі мен тіршілік әрекетін қамтамасыз ету негіздері бойынша міндетті оқыту пәні (оқу пәні);
20) еңбек сіңірген жылдары – әскери қызметшінің күнтізбелік те, сондай-ақ жеңілдікпен де есептеліп шығарылатын әскери қызметте болу ұзақтығы;
21) жалпыға бірдей әскери оқыту – Қазақстан Республикасының азаматтарын соғыс жағдайы енгізілген кезеңде әскери даярлыққа міндетті оқыту;
22) жеке құрам – Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен азаматтық персонал адамдары;
23) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер – осы Заңда айқындалатын мерзімге Қарулы Күштерге әскери қызметке ерікті түрде кірген Қазақстан Республикасының азаматтары;
24) курсанттар – орта техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу-жаттығу орталықтарында, оқу орындарының әскери факультеттерінде (бұдан әрі – әскери факультеттер), әскери оқу орындарында оқитын офицерлер құрамының әскери атағы жоқ әскери қызметшілері;
25) курстық даярлық – әскери қызметшілердің әскери білімін, практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған кәсіби деңгейін, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды қамтитын кәсіптік оқыту нысаны;
26) қолданыстағы резерв – барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындайтын әскери қызметшілер;
27) мерзімді әскери қызмет – ер азаматтарды осы Заңда айқындалған тәртіппен Қарулы Күштерге қатардағы жауынгерлер және сержанттар құрамының әскери лауазымдарына әскерге шақыруға негізделген әскери қызмет;
28) отставка – әскери қызметтен босатылған немесе әскери есептен шығарылған, запаста болудың шекті жасына толған адамдардың немесе әскери есептен шығарылып, әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдардың жай-күйі;
29) офицерлер – офицерлер құрамының тиісті әскери атақтары берілген әскери қызметшілер;
30) психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулер – адамның жеке физиологиялық реакцияларын арнайы техникалық құралдар көмегімен тестілеуді және тіркеуді қамтитын, Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарында, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілер арсеналдарында, базаларында және қоймаларында қару-жарақты және оқ-дәрілерді сақтауға байланысты лауазымдарда әскери қызмет өткеру үшін іріктеу кезінде жүзеге асырылатын, Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері мен азаматтарының жеке-психологиялық және психикалық-физиологиялық қасиеттерін жан-жақты бағалауға бағытталған тексеру іс-шаралары жиынтығы;
31) ротация – әскери қызметшілерді Қарулы Күштердегі тең және өзге де лауазымдарға ауыстыру;
32) сарбаздар (матростар) – сарбаздар (матростар) құрамының әскери атақтары берілген әскери қызметшілері;
33) сержанттар (старшиналар) – бекітіліп берілген жеке құрамға қатысты басқару функцияларын жүзеге асыратын, жеке құрамды үйрету және тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындайтын, сержанттар (старшиналар) құрамының әскери атақтары берілген командалық құрамның әскери қызметшілері;
34) тәрбиеленушілер – әскери даярлық бойынша қосымша білім беру бағдарламалары бар жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқитын Қазақстан Республикасының азаматтары;
35) тыңдаушылар – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарында оқитын офицерлер құрамының әскери қызметшілері;
36) уәкілетті лауазымды адам – Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қарулы Күштерде әскери қызмет өткеру қағидаларында (бұдан әрі – Әскери қызмет өткеру қағидалары) белгіленген тәртіппен келісімшарт жасасуға құқық берілген лауазымды адам;
37) уәкілетті орган – құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген мемлекеттік орган;
38) ұйымдастыру-штаттық іс-шаралар – Қарулы Күштерде мемлекеттік мекемелерді және олардың құрылымдық бөлімшелерін құру, тарату, қайта ұйымдастыру, орнын ауыстыру, бағыныстылығын өзгерту, штаттарын өзгерту бойынша, сондай-ақ Қарулы Күштердің құрамы мен штат санын өзгерту бойынша өткізілетін іс-шаралар.
2-бап. Қарулы Күштердегі әскери қызметтің құқықтық негізі
1. Қарулы Күштердегі әскери қызметтің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заңда көзделген ерекшеліктерімен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесінің
қағидаттары
Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесінің қағидаттары:
1) заңдылық;
2) әскери қызметшілердің алдына қойылған міндеттерді орындау үшін әскери қызмет өткеру шарттарын ескере отырып, оларды толық, жеткілікті және уақтылы қамтамасыз ету;
3) әскери қызметшінің құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де заңға қарсы қол сұғушылықтан қорғау, әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде оған қол сұғылмаушылық;
4) дара басшылық және дәреже сатысы;
5) саяси партиялар және өзге де қоғамдық бірлестіктер қызметіне тәуелді болмау болып табылады.
4-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заң Қазақстан Республикасының барлық әскери қызметшілеріне, оның ішінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес біріккен (коалициялық) қарулы күштер, сондай-ақ бітімгершілік күштер құрамында әскери қызмет өткеретін Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне және әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерге қолданылады.
Осы Заңның күші мемлекеттік қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде саяси мемлекеттік қызметшілерге қолданылады.
Осы Заңның әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру туралы жекелеген ережелері мен нормалары олардың отбасы мүшелеріне, әскери қызметтен шығарылған адамдарға, сондай-ақ әскери қызмет өткеру кезеңінде қаза тапқан, қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мүгедек болып қалған әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне қолданылады.
Қарулы Күштердегі әскери қызметтен шығарылған және басқа мемлекеттерге тұрақты тұруға қоныс аударған Қазақстан Республикасы азаматтарының мәртебесі тұрақты тұру үшін таңдалған мемлекеттермен жасалған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
5-бап. Әскери қызметшінің мәртебесі
1. Әскери қызметшінің мәртебесі заңдарда белгіленген алып тастауларымен және шектеулерімен Қазақстан Республикасының азаматы ретінде әскери қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ әскери қызмет ерекшеліктерімен негізделген оның құқықтарын, міндеттері мен жауаптылығын қамтиды.
Әскери қызметшілердің құқықтары мен бостандықтарын алып тастаулар мен шектеулер, ерекше міндеттері мен жауаптылығы осы Заңда белгіленген қосымша құқықтармен және жеңілдіктермен өтеледі.
Әскери қызметші мәртебесіне мына азаматтар:
әскери қызметке (жиындарға) шақырылғандар – жергілікті әскери басқару органынан әскери қызмет (жиындарды) өткеру орнына кету туралы тиісті бастықтың бұйрығы шыққан күннен бастап;
келісімшарт бойынша әскери қызметке түскендер – әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) бөлім жеке құрамының тізіміне қабылдау туралы бұйрығы шыққан күннен бастап;
әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түскендер, егер бұған дейін олар әскери қызметшілер болып табылмаса – оқу орны бастығының оқу орны (әскери факультет) жеке құрамының тізіміне қабылдау туралы бұйрығы шыққан күннен бастап, ал шетел әскери оқу орнына түскен кезде – уәкілетті орган басшысының оқуға жіберу туралы бұйрығы шыққан күннен бастап ие болады.
Азамат әскери қызметтен шығарылуға (әскери жиындардың аяқталуына) байланысты әскери бөлімнің тізімдерінен шығарылған күнінен бастап әскери қызметші мәртебесінен айырылады.
2. Әскери қызметшілер әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде мемлекеттің қорғауында болады. Олар жалпы әскери жарғыларға сәйкес олар үшін бастықтар болып табылатын адамдарға ғана бағынады және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа ешкім де олардың қызметтік істеріне араласуға құқылы емес.
3. Әскери қызметші:
1) лауазымдық міндеттерін орындаған;
2) жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайында, сондай-ақ қарулы жанжалдар жағдайларында міндеттер орындаған;
3) бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бітімгершілік операцияларына қатысқан;
4) террорға қарсы операцияларға қатысқан;
5) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарларын жоюға қатысқан;
6) оқу-жаттығуларға немесе корабльдердің жорықтарына қатысқан;
7) күн тәртібімен белгіленген қызмет уақыты ішінде немесе қызметтік қажеттіліктен туындаған басқа да уақытта әскери бөлімнің аумағында болған;
8) қызметтік іссапарда болған;
9) қызмет орнына барған және кері қайтқан;
10) емделуде болған, емделу орнына барған және кері қайтқан;
11) әскери жиындардан өткен;
12) тұтқында, кепілде немесе еркінен айырылу жағдайында болған;
13) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық тәртіпті күзету және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;
14) қолданыстағы резервте болған жағдайларда әскери қызмет міндеттерін орындауда болады.
Офицерлер құрамын әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілердің мәртебесі келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің мәртебесімен айқындалады.
Мерзімді қызмет әскери қызметшісі мерзімді қызмет өткерудің барлық уақыты ішінде, ал әскери міндетті – әскери жиындарды өткерудің барлық уақыты ішінде әскери қызмет міндеттерін орындайды.
4. Командирлерге (бастықтарға) әскери қызмет міндеттерін орындауға қатысы жоқ немесе Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар (бұйырулар) мен өкімдер беруге тыйым салынады.
5. Әскери қызметшілерге олардың мәртебесін растау үшін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен әскери қызметшінің жеке куәліктері (әскери билеттер) және жеке нөмірлері бар жетондар беріледі.
6-бап. Әскери қызметшілердің құқықтары
1. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңнамасында көзделген барлық құқықтар мен бостандықтарды Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалған шектеулерді ескере отырып пайдаланады.
Әскери қызметшілердің:
1) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде, уәкілетті органдардың бірінші басшылары көздеген тәртіппен ақшалай үлеспен мемлекет есебінен қамтамасыз етілуге;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нормалар бойынша заттай және басқа да мүлік түрлерімен мемлекет есебінен қамтамасыз етілуге;
3) біліктілігін, қабілетін, өз лауазымдық міндеттерін адал орындауын ескере отырып, қызметі бойынша жоғарылатылуға;
4) уәкілетті лауазымды адаммен келісу бойынша әскери оқу орындарына және басқа да білім беру ұйымдарына оқуға түсуге және курстық даярлықтан өтуге;
5) денсаулығын сақтауға және қауіпсіздік техникасы мен гигиена талаптарына сай келетін қызмет жағдайларына;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен әскери қызмет міндеттерін орындаған кезде өмірі мен денсаулығына немесе жеке мүлкіне келтірілген зиянның өтелуіне;
7) осы Заңға сәйкес әскери қызмет өткеру кезеңінде тұрғын үймен қамтамасыз етілуге;
8) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.
2. Әскери қызметшілердің қару алып жүру қағидалары жалпы әскери жарғыларда айқындалады. Әскери қызметшілердің соңғы шара ретінде мынадай:
1) күзетілетін әскери және азаматтық объектілерге, қарауылдарға, әскери бөлімдердің үй-жайлары мен құрылыстарына қарулы шабуыл жасауға тойтарыс беру;
2) қаруды және әскери техниканы күшпен тартып алу әрекетінің жолын кесу;
3) әскери қызметшілер мен азаматтық адамдарды, егер өзге тәсілдермен және құралдармен оларды қорғау мүмкін болмаса, олардың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін шабуыл жасаудан, оның ішінде жануарлардың шабуыл жасауынан қорғау;
4) егер өзге де тәсілдермен және құралдармен қылмыскердің қарсылығын еңсеру, ұстау немесе қаруын алу мүмкін болмаса, қылмыс жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен не ауыр қылмыс жасау кезінде қолға түскен адамды, сондай-ақ қаруды тапсыру туралы заңды талаптарды орындаудан бас тартқан қаруланған адамды ұстау;
5) кепілге алынғандарды, басып алынған күзетілетін объектілерді, құрылыстар мен арнайы (әскери) жүктерді босату;
6) бұлтартпау шарасы ретінде тұтқынға алу таңдалған; бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың күзетуден қашып шығуының жолын кесу, сондай-ақ оларды күшпен босату әрекеттерінің жолын кесу;
7) дабыл белгілерін беру немесе көмекке шақыру;
8) қажетті қорғаныс және аса қажеттілік жағдайларында жеке немесе бөлімше құрамында қару қолдануға құқығы бар.
Кенеттен қарулы шабуыл жасауды, жауынгерлік техниканы, көлік құралдарын, теңіз және өзен кемелерін пайдалана отырып шабуыл жасауды, сондай-ақ қамаудан қарумен қашып шығуды қоспағанда, қару қолданбай тұрып, оны қолдану ниеті туралы ескерту жасау көзделуге тиіс.
Әскери қызметші қаруды қолданған және пайдаланған кезде айналасындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін болатын шараларды қолдануға, ал қажет болған жағдайда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетуге міндетті.
Әйелдер мен кәмелетке толмағандар әскери қызметшінің немесе басқа да адамдардың өміріне қатер төндіретін терроризм актісін, қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен не топтасып шабуыл жасаған, егер ондай шабуыл жасауға өзге де тәсілдермен және құралдармен тойтарыс беру мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты қару қолдануға тыйым салынады.
Әскери қызметші қару қолданудың немесе пайдаланудың әрбір жағдайы туралы командирге (бастыққа) баяндайды.
3. Соғыс жағдайы және төтенше жағдайлар туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен әскери қызметшілерге өзге де құқықтар берілуі мүмкін.
7-бап. Әскери қызметшілердің жалпы міндеттері
1. Әскери қызметші:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және басқа да нормативтік құқықтық актілерін сақтауға, сондай-ақ жалпыәскери жарғылардың талаптарын сақтауға;
2) белгіленген тәртіппен әскери ант қабылдауға;
3) командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарын дәлме-дәл және мерзімінде орындауға;
4) Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен бөлімшелері, халықаралық шарттарға сәйкес біріккен (коалициялық) қарулы күштер құрамында қарулы жанжалдарға қатысуға;
5) тәртіпті, қырағы болуға және мемлекеттік құпиялардың жария етілуіне жол бермеуге;
6) әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын сақтауға;
7) әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде әскери киім нысанын киіп жүру қағидасын сақтай отырып, оны киіп жүруге;
8) уәкілетті органдардың басшылары бекітетін дене дайындығы жөніндегі нормативтердің талаптарын сақтауға және орындауға;
9) өзіне сеніп берілген қаруды, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдана білуге, оның сақталуын және дұрыс пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті.
2. Қарулы Күштер лауазымды адамдарының міндеттері жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
3. Келісімшарт бойынша әскери қызметші әскери қызметке кіргеннен кейін бір ай ішінде әскери қызмет өткеру кезеңіне әскери қызметшінің меншігінде болатын оған заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, пайлық инвестициялық қорлардың ашық және аралық пайларын, сондай-ақ оған мүліктік жалға берілген өзге де мүлікті қоспағанда, оларды пайдаланудан кіріс алынатын коммерциялық ұйымдардың акцияларын (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) және өзге де мүлікті сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқару шартын нотариат куәландыруға тиіс.
4. Соғыс жағдайы және төтенше жағдайлар туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен әскери қызметшілерге өзге де міндеттер жүктелуі мүмкін.
8-бап. Әскери қызмет өткерумен байланысты әскери
қызметшілердің құқықтарын шектеу
Әскери қызметші:
1) өкілді органдардың депутаты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі болуға, саяси партияларда, кәсіптік одақтарда, діни бірлестіктерде тұруға, қандай да бір саяси партияға қолдау білдіруге;
2) әскери қызмет міндеттерін орындауға кедергі келтірмейтін педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет болмаса, басқа ақылы қызметпен айналысуға;
3) кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, оның ішінде коммерциялық ұйымның ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан, оны басқаруға қатысуға;
4) заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, үшінші адамдардың істері бойынша өкіл болуға;
5) әскери мүлік пен оның қызметтік істерін қамтамасыз ететін басқа да құралдарды, басқа да мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;
6) ереуілдерді, пикеттерді және өзге де наразылық акцияларын ұйымдастыруға және оған қатысуға;
7) өзінің қызметтік жағдайын пайдакүнемдік мақсаттарда, оның ішінде лауазымды және өзге де адамдармен сөз байласу жолымен пайдалануға;
8) өзінің жақын туысқандары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алынған балалар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын лауазымға тікелей бағынысты лауазым атқаруға құқылы емес.
2-тарау. АЗАМАТТАРДЫ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ДАЯРЛАУ
9-бап. Азаматтарды әскери қызметке даярлау
1. Азаматтарды әскери қызметке даярлау – бұл мемлекеттік органдар әскерге шақыру жасына дейінгі және әскерге шақыру жасындағы азаматтарды әскери қызмет негіздеріне оқыту мақсатында, сондай-ақ әскери міндеттілер әскери қызмет өткеруі үшін әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау және қайта даярлау мақсатында өткізетін міндетті іс-шаралар кешені.
2. Азаматтарды әскери қызметке даярлау:
1) бастапқы әскери даярлықты;
2) қосымша білім беру бағдарламалары бойынша әскери даярлықты;
3) әскери-техникалық және басқа да мамандықтар бойынша даярлықты;
4) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықты қамтиды.
3. Азаматтарды әскери қызметке даярлауды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Азаматтарды әскери қызметке даярлау қағидаларына сәйкес мемлекеттік органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
4. Ұйымдардың басшылары әскерге шақыру жасына дейінгілердің және әскерге шақырылушылардың әскери қызметке даярлықтан өту мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
10-бап. Бастапқы әскери даярлық
1. Азаматтармен бастапқы әскери даярлық жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүргізiледі.
2. Әскерге шақырылуға жататын және бастапқы әскери даярлықтан өтпеген азаматтар Азаматтарды әскери қызметке даярлау қағидаларына сәйкес мерзiмдi әскери қызметке шақырылар алдында одан өтедi.
3. Бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ оның оқу-материалдық базасын қалыптастыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
11-бап. Азаматтарды білім беру ұйымдарында қосымша білім
беру бағдарламалары бойынша әскери даярлау
1. Азаматтарды қосымша білім беру бағдарламалары бойынша әскери даярлау жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүргізіледі.
2. Тәрбиеленушілердің әскери даярлықтан өту және барлық үлес түрлерімен қамтамасыз етілу тәртібі Азаматтарды әскери қызметке даярлау қағидаларында айқындалады.
12-бап. Азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери
мамандықтар бойынша даярлау
1. Әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау Қарулы Күштердің қажеттілігіне сәйкес Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында өтеусіз негізде және оқуға арналған шығыстарды толық немесе ішінара өтеумен жүргізіледі.
Қорғаныс министрлігі есебінен оқуға арналған шығыстарды ішінара өтеу кезінде оқу-жаттығу атыстарын өткізу және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жүзеге асырылады.
2. Өтеусіз негізде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды, он жеті жас алты айдан жиырма алты жасқа дейінгі, оны аяқтағаннан кейін мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын немесе жұмылдыру резервіне қойылатын азаматтар тартылады. Кіші мамандарды даярлауға тапсырысты уәкілетті органдар жасайды.
3. Өтеулі негізде әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлауға мыналар:
келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру үшін денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды әскери міндеттілер;
әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқыту үшін денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды немесе шектеулі жарамды, оның ішінде әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылған жиырма екі жастан жиырма жеті жасқа дейінгі азаматтар тартылады.
4. Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқыту үшін азаматтарды іріктеу мен жіберуді жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады.
5. Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарының базасында әскери оқытылған резервті даярлауға мемлекеттік тапсырысты жергілікті әскери басқару органдарына Қорғаныс министрлігі мамандандырылған ұйымдарының басшылығы ұсынған өтінімдер негізінде Қорғаныс министрлігінің жұмылдыру органы жеткізеді.
6. Әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша азаматты оқытудың басталуы Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымы басшысының оны қабылдау туралы бұйрығы шыққан күн болып саналады.
7. Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында азаматтарды оқыту мерзімі әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша алатын мамандығына байланысты белгіленеді.
8. Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы жөніндегі мамандандырылған ұйымы басшысының даярлауды аяқтау туралы бұйрығы шыққан күн оқытудың аяқталуы болып саналады.
9. Әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқытудың аяқталғаны туралы сертификат нысанын және әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді.
10. Оқыту аяқталғаннан кейін азаматтарға әскери билеттер беру жергілікті әскери басқару органдары белгілеген тәртіпте жүзеге асырылады. Әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқытудың аяқталғаны туралы сертификат әскери билетті беру үшін негіздеме болып табылады.
11. Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында сабақтар өткізілетін уақытта көрсетілген ұйымдарда оқытудан өтіп жатқан қызметкерлерге жұмыс берушілер оқу демалыстарын беруге міндетті.
12. Азаматтардың әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқу кезеңінде жұмыс орны (лауазымы) сақталады. Осы кезеңде олар заңды тұлға таратылған жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушілердің бастамасы бойынша жұмыстан шығарылмайды, сондай-ақ білім беру ұйымы басшысының бастамасы бойынша білім беру ұйымынан шығарылмайды.
13-бап. Азаматтарды жоғары білім беру ұйымдарында
запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери
даярлау
1. Азаматтарды запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау Қарулы Күштердің жұмылдыру қажеттілігіне сүйене отырып, Қорғаныс министрлігінің тапсырысына сәйкес жүргізіледі.
2. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған азаматтарға Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалған тәртіппен «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі.
3. Азаматтардың запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтан өту тәртібі Азаматтарды әскери қызметке даярлау қағидаларында айқындалады.
14-бап. Азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқыту
1. Халықты азаматтық қорғаныс іс-шараларына тарту және соғыс уақытында Қарулы Күштерді жасақтау үшін қажетті контингентті даярлау мақсатында:
1) ерлер – он алты жастан алпыс жасқа дейінгілерді қоса алғанда;
2) балалары жоқ немесе он жастан асқан балалары бар әйелдер – он сегіз жастан қырық бес жасқа дейінгілерді қоса алғанда, жалпыға бірдей әскери оқыту жүргізіледі.
Азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқытуды азаматтардың жұмыс, оқу орны және тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады.
2. Жалпыға бірдей әскери оқыту бағдарламасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Қорғаныс министрлігі азаматтарды жалпыға бірдей әскери оқыту жөніндегі бағдарламаны әзірлейді және іс-шараларға бақылауды жүзеге асырады.
3-тарау. ӘСКЕРИ ЕСЕПКЕ АЛУ. АЗАМАТТАРДЫ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ УЧАСКЕЛЕРІНЕ ТІРКЕУ
15-бап. Әскери есепке алу
1. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар:
1) әскери-есептік мамандығы жоқ әйелдерді;
2) осы Заңға сәйкес әскери міндеттерін орындаудан босатылған адамдарды;
3) бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жүрген адамдарды;
4) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратындарды қоспағанда, әскери есепке алуға жатады.
2. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды олардың тұрғылықты жерлері бойынша жергілікті әскери басқару органдары жүзеге асырады, ал олар жоқ елді мекендерде әскери есепке алуды кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері қамтамасыз етеді.
3. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. Қарулы Күштерде әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер уәкілетті орган белгілеген тәртіпте тиісті әскери басқару органдарында (басқару органдарында), әскери бөлімдерде (бөлімдерде) және мекемелерде есепке алуға жатады.
16-бап. Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу
1. Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу – бұл әскерге шақыру жасына дейінгілерді әскери есепке қою үшін жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, тиісті жергілікті атқарушы органдар жүргізетін әскери есепке алу іс-шаралары.
2. Тіркелу жылы он жеті жасқа толатын Қазақстан Республикасының ер азаматтары әскерге шақыру учаскелеріне тіркелуге жатады.
3. Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді және медициналық куәландыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Әскери міндеттілерді және әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларында және Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әкімдері ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
4. Азаматтар әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу кезінде әскери қызметке жарамдылық дәрежесін белгілеу үшін Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларында айқындалған тәртіппен медициналық комиссиядан өтеді.
Медициналық комиссиядан өткен азаматтар тіркеу жөніндегі комиссияның шешімімен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуға қабылданады.
Әскери-дәрігерлік комиссия әскери есептен шығарып, әскери қызметке жарамсыз деп таныған азаматтар әскери есепке қабылданбайды.
5. Азаматтар, олардың жұмыс (оқу) орындарын, атқаратын лауазымы мен орташа жалақысын сақтай отырып, әскерге шақырылуға дейінгілерді әскери есепке қоюға байланысты міндеттерді орындау үшін қажетті уақытта жұмыстан (оқудан) босатылады.
6. Азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді жүргізу үшін аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының (әкімдіктерінің) шешімімен мынадай құрамда тіркеу комиссиясы құрылады:
1) комиссия төрағасы – ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы басшысының (әкімінің) орынбасары;
2) комиссия төрағасының орынбасары – ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті әскери басқару органының бастығы;
комиссия мүшелері:
3) ішкі істер органдары тиісті аумақтық бөлімшесі бастығының орынбасары;
4) мемлекеттік денсаулық сақтау басқармасының тиісті жергілікті органы бастығының орынбасары – медициналық комиссияның төрағасы;
5) хатшы.
Аудандық (қалалық) тіркеу жөніндегі комиссияның дербес құрамы, осы жұмысты жүргізу және қамтамасыз ету тәртібі ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы орган басшысының (әкімнің) шешімімен жыл сайын бекітіледі.
17-бап. Лауазымды адамдардың, мемлекеттік органдардың,
ұйымдардың, әскери міндеттілердің және әскерге
шақырылушылардың Әскери міндеттілер мен әскерге
шақырушыларды әскери есепке алу қағидаларын
орындау жөніндегі міндеттері
1. Кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімдері, сондай-ақ әскери міндеттілер және әскерге шақырылушылар жұмыс істейтін ұйымдардың басшылары өз құзыреті шегінде:
1) әскери міндеттілерді және әскерге шақырылушыларды, оларды жергілікті әскери басқару органдарына шақырылғаны туралы хабардар етуге;
2) алып тасталды - ҚР 2013.01.08 № 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
3) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) тиісті жергілікті әскери басқару органдарына әскери міндеттілердің, әскерге шақырылушылардың және әскер жасына дейінгілердің сандық және сапалық құрамын растайтын құжаттарды беруге;
4) әскер жасына дейінгілерге тіркеу жүргізген және азаматтарды әскери қызметке әскерге шақырған кезде басқа жергілікті жерлерден аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) әскери басқару органдарына азаматтарды жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
2. Жергілікті әскери басқару органдары өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың, әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың Әскери есепке алу қағидаларын сақтауына бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
3. Ішкі істер органдары өз құзыреті шегінде әскери міндеттілікті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді жүзеге асыруға міндетті.
4. Азаматтық хал актілерін жазу органдары жеті жұмыс күні ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті әскери басқару органдарына әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың тегін, аты мен әкесінің атын (ол болған кезде), туған күні мен жерін өзгерткені туралы, сондай-ақ әскери міндеттінің немесе әскерге шақырылушының қайтыс болғаны тіркелген жағдайлар туралы хабарлауға міндетті.
5. Анықтау және алдын ала тергеу органдары жеті жұмыс күні ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергіліктi әскери басқару органдарына оларға қатысты анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізіліп жатқан әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы, ал соттар оларға қатысты қылмыстық істерді сот қарап жатқан әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы, сондай-ақ оларға қатысты заңды күшiне енген үкімдер туралы хабарлауға мiндетті.
6. Халықты әлеуметтiк қорғау органдары жетi жұмыс күні ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi әскери басқару органдарына мүгедек деп танылған барлық әскери мiндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы хабарлауға міндетті.
7. Денсаулық сақтау ұйымдары әскерге шақыру басталар алдында жергілiкті әскери басқару органдарының сұрау салулары бойынша стационарлық емделуде болатын және диспансерлік есепте тұрған әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы мәліметтердi хабарлауға міндетті.
8. Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеу есебінен шығару туралы мәліметтер ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдарына мемлекеттік органдардың мемлекеттік ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ету арқылы беріледі.
9. Алып тасталды - ҚР 2013.01.08 № 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2013.01.08 № 64-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ ӨТКЕРУ
18-бап. Әскери қызметтің мазмұны
1. Әскери қызмет:
1) әскерге шақыру бойынша әскери қызметті;
2) келісімшарт бойынша әскери қызметті қамтиды.
Әскерге шақыру бойынша әскери қызметке:
1) сарбаздар (матростар) құрамының мерзімді әскери қызметі;
2) осы Заңның 32-бабына сәйкес әскерге шақырылған офицерлердің әскери қызметі;
3) жұмылдыру, соғыс жағдайы кезіндегі, соғыс уақытындағы және әскери жиындарды өткеру кезіндегі әскери қызмет жатады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметке:
1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) және офицерлер құрамының лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің әскери қызметі;
2) әскери оқу орындары курсанттары мен тыңдаушыларының әскери қызметі және оқуы жатады.
2. Әскери жиындарға шақырылған азаматтар әскери қызмет міндеттерін атқарады.
3. Мерзiмдi қызмет өткеруге азаматтардың құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар оқу орындарының күндiзгi оқу бөлiмдерiнде оқыған уақыты, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өту уақыты теңестiріледi.
4. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының халқына адалдығы туралы әскери ант қабылдайды.
Бұрын әскери ант қабылдамаған әскери мiндеттiлер оны әскери жиындарға және жұмылдыруға шақырылған кезде қабылдайды.
5. Осы Заңда айқындалған жағдайларда және тәртiппен азаматтарды әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылуы немесе әскери қызметтен босатылуы мүмкiн.
19-бап. Әскери қызметшілер мен әскери міндеттілердің
құрамы. Әскери атақтар
1. Әскери қызметшілер мен әскери міндеттілер:
1) сарбаздар (матростар);
2) сержанттар (старшиналар);
3) офицерлер құрамына бөлінеді.
2. Қарулы Күштерде мынадай әскери атақтар белгiленедi:
әскери |
корабльдік |
1) сарбаздар (матростар) құрамы |
|
қатардағы жауынгер |
матрос |
ефрейтор |
аға матрос |
2) сержанттар (старшиналар) құрамы |
|
кіші сержанттар құрамы |
|
кiшi сержант |
екiншi сатылы старшина |
сержант |
бiрiншi сатылы старшина |
аға сержант |
бас старшина |
аға сержанттар құрамы |
|
үшiншi сыныпты сержант |
үшiншi сыныпты старшина |
екiншi сыныпты сержант |
екiнші сыныпты старшина |
бiрiншi сыныпты сержант |
бiрiншi сыныпты старшина |
жоғары сержанттар құрамы |
|
штаб-сержант |
штаб-старшина |
шебер-сержант |
шебер-старшина |
3) офицерлер құрамы |
|
кiшi офицерлер құрамы |
|
лейтенант |
лейтенант |
аға лейтенант |
аға лейтенант |
капитан |
капитан-лейтенант |
аға офицерлер құрамы |
|
майор |
үшiншi дәрежелi капитан |
подполковник |
екiншi дәрежелi капитан |
полковник |
бiрiншi дәрежелi капитан |
жоғары офицерлер құрамы |
|
генерал-майор |
контр-адмирал |
генерал-лейтенант |
вице-адмирал |
генерал-полковник |
адмирал |
армия генералы |
3. Медициналық немесе заңгер мамандығы бар офицерлер үшiн әскери атақтарының алдына тиiсiнше «медицина қызметiнiң», «әдiлет» деген сөздер қосылады.
4. Авиацияның жоғары офицерлер құрамы үшiн (инженерлiк-авиациялық даярлығы бар ұшқыштық инженерлiк) әскери атақтарының алдына тиісінше «авиация» деген сөз қосылады.
5. Запаста тұратын азаматтардың әскери атақтарының алдына тиісінше «запастағы» деген сөз, ал отставкадағыларға «отставкадағы» деген сөз қосылады.
20-бап. Әскери атақты беру, төмендету, одан айыру және
әскери атағын қалпына келтіру тәртібі
Әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттілерге әскери атақтарды мерзiмiнен бұрын берудi қоса алғанда, оларды беру, төмендету, әскери атағынан айыру Әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Жоғары офицерлер құрамын қоспағанда, әскери атағынан айырылған адамның әскери атағы тек сот ақтау үкімін шығарған немесе ақтау негіздемелері бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайларда қалпына келтiрiледі. Жоғары офицерлер құрамының әскери атағынан айырылған адамға әскери атағы Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша қалпына келтіріледі.
Әскери атағы төмендетілген әскери қызметшілерге әскери атағы Әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес беріледі.
Әскери атақтарда еңбек сiңiрген мерзiмi мынадай:
1) сержанттар (старшиналар) құрамына: |
|
кіші сержанттарға |
- бір жыл; |
сержанттарға |
- екі жыл; |
аға сержанттар мен 3-сыныпты сержанттарға |
- үш жыл; |
2-сыныпты сержанттарға, 1-сыныпты сержанттар мен штаб-сержанттарға |
- төрт жыл; |
2) офицерлер құрамына: |
|
лейтенанттарға |
- екі жыл; |
аға лейтенанттарға |
- үш жыл |
капитандарға (капитан-лейтенанттарға) |
- төрт жыл; |
майорларға (үшiншi дәрежелi капитандарға) |
- бес жыл; |
подполковниктерге (екiншi дәрежелi капитандарға) |
- жеті жыл |
болып белгіленеді.
Сарбаздар (матростар) құрамына, шебер-сержанттарға және полковниктерге әскери атақтарындағы еңбек сіңірген жылдары белгіленбейді.
Қарулы Күштердегі әскери қызметке қызметін ауыстыру тәртібімен кіретін құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне әскери атақ уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын қайта аттестаттау тәртібімен, қазіргі бар арнайы атағынан төмендетілмей беріледі.
21-бап. Әскери лауазымдар
1. Әскери лауазым Қарулы Күштердің алдына қойылған негізгі мiндеттер мен функцияларға сүйене отырып айқындалады.
2. Қарулы Күштердегі әскери лауазымдар мен оларға сәйкес келетін әскери атақтар тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Әскери лауазымдар:
1) қатардағы жауынгерлер құрамының;
2) сержанттар құрамының;
3) офицерлер құрамының;
4) жоғары офицерлер құрамының лауазымдарына бөлiнеді.
4. Әскери қызметшiлерден әскери лауазымдарды жасақтау, тағайындау, ауыстыру, әскери лауазымдардан босату және шығару Әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес жүргiзіледi.
5. Әскери қызметшi мынадай:
1) оны басқа лауазымға тағайындаған кезде командирдiң (бастықтың) қарамағында болған – екi айдан аспайтын;
2) ұйымдық-штаттық iс-шараларды жүргізуге байланысты командирдiң (бастықтың) қарамағында болған – үш айдан аспайтын;
3) әскери қызметшіге қатысты қылмыстық iс қозғалуға байланысты командирдің (бастықтың) қарамағында болған – қылмыстық iс бойынша шешiм шыққанға дейін;
4) Әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсiздігі мүддесіндегi жұмыстарды орындау мақсатында мемлекеттік органдарға, халықаралық және басқа да ұйымдарға iссапарға жiберiлген;
5) Қазақстан Республикасы әскери атташесі аппаратындағы лауазымға тағайындалуға байланысты командирдің (бастықтың) қарамағында болған – Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығуға рұқсат ету құжаттарын алғанға дейін;
6) әскери қызметші әйел ақшалай үлес сақталмай шетелге қызметке, оқуға жіберілген әскери қызметші жұбайымен бірге болған кезде уәкілетті орган басшысының қарамағында болған жағдайларда әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткереді.
Әскери лауазымдарда болу мерзімдері Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалады.
22-бап. Ротация
1. Әскери қызметшілерді ротациялау қызметтік қажеттілік немесе олардың кәсіби әлеуетін анағұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
2. Әскери қызметшілердің ротациясы Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалатын тәртіппен және мерзімдерде уәкілетті орган басшысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
3. Басқа жергілікті жерге ауыстыруға байланысты ротациялауға мүгедек жұбайы (зайыбы) бар, мүгедек балалары (қамқоршысы болып табылатын), оның ішінде асырап алған балалары бар немесе асырауында қартайған ата-аналары бар адамдар жатпайды. Көрсетілген жағдайлар құжаттама түрінде расталуға тиіс.
22-1-бап. Әскери қызметшілерді аттестаттау
1. Қарулы Күштердің келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін аттестаттау Әскери қызмет өткеру қағидаларымен айқындалады.
2. Қарулы Күштердің келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін кезектен тыс аттестаттау оның тәртібін, мерзімдерін және аттестатталатын әскери қызметшілердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі.
Кезектен тыс аттестаттаудың қорытындылары бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) атқаратын лауазымына сай келеді және жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады;
2) атқаратын лауазымына сай келеді;
3) атқаратын лауазымына сай келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
4) атқаратын лауазымына сай келмейді және ротациялауға ұсынылады;
5) атқаратын лауазымына сай келмейді және қызметтен шығаруға ұсынылады.
Кәсіби жарамдылықты айқындау бойынша нормативтерді тапсырмаған және тестілеу кезінде шектi мәннен төмен баға алған жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы тармақтың 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмей қалған әскери қызметшілер осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен шығарылуға ұсынылады.
Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) өзге де лауазымдарда, оның ішінде төмен тұрған лауазымдарда әскери қызметін жалғастырудан бас тартқан әскери қызметшілер осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен шығарылуға жатады.
Ескерту. 4-тарау 22-1-баппен толықтырылды - ҚР 2013.01.16 № 71-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
23-бап. Әскери қызметшілердiң әскери киiм нысаны мен
айырым белгiлерi
1. Қарулы Күштердiң әскери киiм нысаны мен айырым белгiлерiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
Әскери қызметшiлер салтанатты, күнделікті, далалық, арнайы киім нысанымен және арнайы киім-кешек заттарымен қамтамасыз етіледі.
Қарулы Күштердің әскери киiм нысанын киіп жүру және айырым белгілерін тағып жүру қағидаларын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi белгілейдi, ал әскери киiм нысанының жекелеген заттары мен айырым белгiлерiн тағып жүру ерекшелiктерiн уәкілетті органдардың бiріншi басшылары белгілейдi.
2. Әскери киiм нысанын киіп жүруге құқығы жоқ адамдарға оларды киіп жүруге тыйым салынады және заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
24-бап. Әскери қызмет мерзiмдері. Еңбек сіңірген жылдары
1. Әскери қызмет мерзiмдерi күнтiзбелік есеппен:
1) мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлерi үшiн – он екi ай;
2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер үшін – жиырма төрт ай;
3) келiсiмшарт бойынша әскери қызмет өткеретiн әскери қызметшiлер үшiн – әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшартта көрсетілген мерзiмге белгіленеді.
2. Еңбек сіңірген жылдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіппен, зейнетақыға құқық беретін әскери қызмет ұзақтығын есептеу мақсатында есептеледі. Әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
Әскери емес лауазымдарда әскери қызмет өткеру уақыты еңбек сіңірген жылдарға есептеледі. Еңбек сіңірген жылдар жалпы еңбек өтіліне және мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі.
Әскери қызметші-күйеуі одан әрі әскери қызмет өткеруге (оқуға түсуге) байланысты шетелге кеткен әскери қызметші-әйелдердің шетелге кеткен уақыты еңбек сіңірген жылдарына есептеледі.
Қарулы Күштердегі әскери қызметке түскенге дейін құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары олардың құқық қорғау және мемлекеттік арнайы органдардағы әскери немесе арнайы атақтар, сыныптық шендер беру көзделген лауазымдардағы жұмыс істеген уақытын ескере отырып есептеледі.
25-бап. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметте болуының
шектi жасы
1. Әскери қызметшiлердiң әскери қызметте болуының шектi жасы:
1) сарбаздар мен кіші сержанттар құрамының әскери қызметшілеріне – қырық бес жас;
2) подполковникке (екiншi дәрежелi капитанға) дейiнгіні қоса алғанда, аға сержанттар құрамының және офицерлер құрамының әскери қызметшілеріне – қырық жеті жас;
3) жоғары сержанттар құрамының әскери қызметшілеріне және полковниктерге (бiрiншi дәрежелi капитандарға) – елу бес жас;
4) генерал-майорларға (контр-адмиралдарға), генерал-лейтенанттарға (вице-адмиралдарға) – алпыс жас;
5) генерал-полковниктерге, адмиралдарға және армия генералдарына – алпыс үш жас болып белгіленеді.
2. Шектi жасқа толған әскери қызметшiлер Әскери қызмет өткеру қағидаларында белгiленген тәртiппен запасқа немесе отставкаға шығарылуға жатады.
Шекті жасқа толған, оқытушылық, ғылыми қызметті жүзеге асыратын және магистр академиялық дәрежесі, ғылыми дәрежелері немесе атақтары бар әскери қызметшілерге, олардың баянаты бойынша уәкілетті органдардың басшылары олармен бес жылға дейін жаңа келісімшарт жасасу жолымен әскери қызмет мерзімін ұзартады.
26-бап. Әскери қызметтен шығару
1. Мыналар:
1) әскери қызметте болудың шектi жасына толу;
2) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзiмінің аяқталуы;
3) келісімшарт мерзімінің аяқталуы;
4) әскери-дәрiгерлiк комиссияның әскери қызметке жарамсыз немесе шектеулі жарамды деп танығаны туралы қорытындысына байланысты денсаулық жағдайы бойынша;
5) әскери қызметшіні басқа тең лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған және ол төмен лауазымға тағайындалудан бас тартқан кезде санын немесе штаттарды қысқарту;
6) мемлекеттік органдарға (мекемелерге) мемлекеттік қызметке ауысу;
7) әскери қызметшіге қатысты келісімшарт талаптарын елеулі және (немесе) жүйелі түрде бұзу;
8) мынадай отбасы жағдайлары бойынша:
медициналық көрсеткіштер бойынша әскери қызметші әскери қызмет өткеретін жергілікті жерде әскери қызметшi отбасы мүшесiнiң тұруы мүмкін болмауы және оны жаңа әскери қызмет орнына ауыстыру мүмкіндiгі болмауы;
отбасын басқа елді мекенге көшiру қажеттiгiне байланысты әскери қызметшi-жұбайының (әскери қызметшi-зайыбының) әскери қызмет орнын өзгертуі;
тұрғылықты жерi бойынша медициналық ұйымның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтiмге мұқтаж не бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын әйелiне (күйеуiне), жақын туыстарына немесе жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына толған немесе он сегiз жасқа толмаған, заң бойынша аталған азаматтарды асырауға мiндеттi басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтім жасау қажеттігі;
әскери қызметшi анасыз (әкесiз) тәрбиелеп отырған он сегiз жасқа толмаған балаға күтім жасау қажеттігі;
9) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайлану (тағайындалу);
10) судья лауазымына тағайындалу;
11) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу;
12) арнаулы тексеруден өтуден бас тарту;
13) мынадай теріс себептер бойынша:
әскери қызметшiге әскери қызметі бойынша шектеу және тұтқындау түріндегі жазаларды қоспағанда, қылмыстық, оның ішінде шартты түрде жаза тағайындау туралы сот үкімiнің заңды күшiне енуі;
ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылу;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери атағынан айыру;
әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйге ұшырататын заттарды тұтыну;
денсаулық жағдайы бойынша және отбасы жағдайлары бойынша шығарылған жағдайларды қоспағанда, әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылу;
әскери қызметшінің келісімшарттың талаптарын жүйелі түрде бұзуы;
педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, кез келген ақылы қызмет түрлерімен айналысу;
әскери қызметшінің ауыр салдарларға әкеп соқтырған қауіпсіздік шараларын, оның ішінде өрт қауіпсіздігін не қызметтік көлікте жүру қауіпсіздігін бұзуы;
әскери қызметшінің қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелсіз себептермен қызметте болмауы;
ақшалай қаражатпен немесе әскери мүлікпен тікелей жұмыс істейтін әскери қызметшінің кінәратты әрекеттер жасауы, егер бұл әрекеттер командир (бастық) тарапынан оған сенімді жоғалту үшін негіз болса;
мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, оларды тасығыштарды жария етуге немесе жоғалтуға әкеп соқтырған құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптардың бұзылуы;
Қазақстан Республикасының еңбек және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасында айқындалған жағдайлар;
14) аттестаттау қорытындылары бойынша қызметіне сай келмеу әскери қызметшілерді қызметтен шығару үшін негіздер болып табылады.
Әскерге шақыру бойынша әскери қызметшiлер әскери қызметтен осы баптың 1-тармағының 2), 4), 9), 10), 11) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша, офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілері де осы баптың 12) тармақшасы бойынша шығарылады.
2. Мерзімді қызмет әскери қызметшісі:
1) осы Заңның 35-бабының 9-тармағына сәйкес әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тарту туралы өтінiш берген адамдарды қоспағанда, отбасы жағдайының өзгеруi салдарынан әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе әскерге шақырудан босату құқығы туындаған;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шет елге шығуға құқық берілетінін растайтын құжаттары болған кезде отбасы құрамында немесе Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерде тұрақты тұратын отбасына қосылу үшiн шетелде тұрақты тұруға кеткен жағдайларда мерзімінен бұрын шығарылуға құқылы.
3. Офицерлер құрамының әскерге шақыру бойынша әскери қызметшісі 35-баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайлар болған кезде әскери қызметтен мерзiмiнен бұрын шығарылуға құқылы.
4. Қайтыс болған (қаза тапқан) әскери қызметшi қайтыс болған (қаза тапқан) күні құжатпен расталған күннен кейiнгі күннен бастап, ал сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болған деп жарияланған әскери қызметші сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап әскери бөлім жеке құрамының тiзiмдерінен шығарылады.
5. Белгіленген мерзiмдi өткерген адамдарды әскери қызметтен босату төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзілген жағдайда ол қолданылған кезеңге уақытша тоқтатылады.
6. Әскери қызметшілерге әскери қызметтен шығарылған кезде, теріс себептермен босатылған жағдайларды қоспағанда, жұмыстан шығу жәрдемақысы:
1) келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге мынадай:
әскери қызметте кемінде 10 күнтізбелік жыл болғандарға және әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты шығарылғандарға – үш айлық ақшалай қаражат;
10-нан 20-ға дейінгі күнтізбелік жыл – бес айлық ақшалай қаражат;
20-дан 30-ға дейінгі күнтізбелік жыл – жиырма айлық ақшалай қаражат;
30 күнтізбелік жылдан астам – отыз айлық ақшалай қаражат;
2) мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан көрсетілген адамдарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді.
Жауынгерлік іс-қимылдарға, террорға қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысқаны үшін орденмен (ордендермен) наградталған әскери қызметшілерге жұмыстан шығу жәрдемақысы ақшалай қаражаттың екі жалақысына арттырылады.
7. Бұрын мерзімді қызмет өткермеген, жиырма жеті жасқа толмаған, бірақ он сегіз жастан кіші емес, кемінде бір жыл қызмет өткерген немесе оқыған және теріс себептер бойынша әскери қызметтен босатылған немесе оқудан шығарылған сарбаздар, сержанттар құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының курсанттары белгіленген тәртіппен мерзімді қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін әскери бөлімдерге жіберіледі.
Бұрын мерзімді қызмет өткермеген, бір жылдан аз оқыған және теріс себептер бойынша оқудан шығарылған, он сегіз жасқа толмаған әскери оқу орындарының курсанттары мерзімді қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тәртіпте әскери қызметке шақырылу үшін әскерге шақырылушылардың әскери есебіне қою үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына жіберіледі.
Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2013.01.16 № 71-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5-тарау. ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ
27-бап. Азаматтарды әскери қызметке шақыру
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыру – бұл әскери міндеттілік негізінде Қарулы Күштерді жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін iс-шаралар кешенi.
2. Азаматтарды әскери қызметке шақыру:
1) азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыруды;
2) запастағы офицерлердi әскери қызметке шақыруды;
3) әскери жиындарға шақыруды;
4) жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыруды қамтиды.
3. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергіліктi атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы органдар әскери басқару органдарын жабдықталған әскерге шақыру (жиын) пункттерімен, оларды күтіп-ұстауды, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлкімен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз етеді.
Азаматтарды әскери қызметке шақыру үшін осы Заңда белгіленген тәртіппен әскерге шақыру комиссиялары құрылады.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметi айқындайды.
4. Ұйымдардың басшылары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды iссапарлардан шақыртып алуға, оларды хабардар етуді және азаматтарды, олар әскери қызметке шақырылған кезде медициналық куәландырудан өткізу үшін әскерге шақыру пунктіне уақтылы келуiн ұйымдастыруға міндетті.
5. Уақытша шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру олар Қазақстан Республикасына тұрақты тұрғылықты жеріне қайтып келгеннен кейін әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату құқығы болмаса, осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Азамат облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жергiлiктi әскери басқару органы бастығының оны әскери қызметке шақыру туралы бұйрығы шыққан сәттен бастап әскери қызметке шақырылды деп есептеледi.
28-бап. Әскерге шақыру комиссиялары
1. Әскерге шақыру комиссиялары осы Заңның 16-бабында айқындалған құрамда, жергіліктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша әскерге шақыруды өткізу кезеңiне құрылады.
Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясының құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық органы басшысының орынбасары кіреді.
Әскерге шақыру комиссияларының құрамына өзге де мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкiлдерi де кiруi мүмкiн. Комиссиялардың сан құрамы тақ болуға тиiс.
Азаматтарды әскери қызметке шақыруды өткiзу кестесін жергiлiктi атқарушы орган бекiтедi.
2. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы:
1) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссияларының қызметiне басшылық жасау мен бақылауды жүзеге асырады;
2) азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру және одан босату дұрыстығын тексереді;
3) қызмет өткеретiн жерге жiберілер алдында әскери қызметке шақырылған азаматтардың, әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқуға түсетін және әскери оқу орындарына түсетiн азаматтардың медициналық тексеруден өтуiн ұйымдастырады;
4) әскери қызметке жарамдылығы (жарамсыздығы) туралы қорытындымен келiспейтiнi туралы арыз берген азаматтарды қайтадан медициналық куәландырудан өткізеді;
5) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссияларының шешiмдерiне азаматтар берген шағымдар мен өтiнiштердi қарайды;
6) аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әскерге шақыру комиссиялары шешiмдерiнің күшiн жояды.
3. Аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыларды және әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудан өткiзеді.
Медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясы әскери оқу орнына (әскери факультетке) түсетін азаматқа қатысты конкурстық оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшін оны жіберу туралы немесе жіберуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушыға қатысты:
1) әскери қызметке шақырылуға жатқызылады;
2) әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылсын;
3) әскери қызметке шақырылудан босатылсын;
4) әскери міндеттiлiкті атқарудан босатылсын деген шешімдердің бірін қабылдайды.
Әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бір күн ішінде әскери қызметке шақырылуға жатқызылатын азаматқа хабарланады, шешім көшiрмесi оның қалауы бойынша қолына берiледi.
Азамат әскерге шақыру комиссиясының шешiмiне сот тәртiбiмен немесе облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясына шағымдана алады. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясына алдын ала жүгіну сотқа жүгiну үшін мiндеттi шарт болып табылмайды.
Арыздар облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясында және сотта бiр уақытта қаралған кезде облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы арызды қарауды соттың шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн тоқтата тұрады.
Заңды күшіне енген соттың шешімін тиiстi әскерге шақыру комиссияларының орындауы міндеттi.
4. Уәкілетті органдардың басшылары денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз адамдарға қатысты әскерге шақыру туралы әскерге шақыру комиссиясы шешімінің күшін жояды және олар әскери ант қабылдағанға дейін оның орнын басқа адаммен ауыстыра отырып, әскерге шақыру комиссиясына қайтарады.
Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2013.01.16 № 71-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
29-бап. Медициналық комиссиялар
1. Әскерге шақырылушыларды және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін, әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түсетiн азаматтарды медициналық куәландырудан өткiзу үшiн әскерге шақыру комиссияларының құрамында медициналық комиссиялар құрылады.
2. Медициналық комиссиялар әскерге шақырылушыларды және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін, әскери оқу орындарына түсетiн азаматтарды медициналық куәландыру нәтижелерi бойынша олардың әскери қызметке жарамдылығы дәрежесі туралы қорытынды бередi.
3. Медициналық куәландыру тәртiбi және медициналық комиссиялардың құрамы Әскери-дәрiгерлiк сараптама жүргізу қағидасында айқындалады.
30-бап. Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың
мiндеттері
Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергiлiктi әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне жергілiкті әскери басқару органдарының лауазымды адамдары немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып тапсырады.
Шақыру қағазын азаматтың жеке өзiне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиiстi iшкi iстер органына жүктеледі.
31-бап. Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру
Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негiзiнде жылына екi рет жүргiзіледi.
Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi жасақтау үшін қажетті санында мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады.
32-бап. Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру
Жиырма тоғыз жасқа дейінгi, әскери қызметке жарамды запастағы офицерлер уәкілеттi органдардың өтiнiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметінің қаулысы негiзінде бейбiт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін әскерге шақырылады.
33-бап. Әскери мiндеттілердi әскери жиындарға шақыру
Әскери мiндеттiлер:
орталық атқарушы органдар жүргізетін жұмылдыру дайындығы жөніндегі республикалық іс-шаралар шеңберінде – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы негізiнде;
облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) жергілікті атқарушы органдары жүргізетін жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғанысты дайындау жөніндегі іс-шаралар шеңберінде – облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің қаулысы негізінде әскери жиындарға шақырылады.
34-бап. Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы
кезінде және соғыс уақытында әскерге шақыру
1. Азаматтарды жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентiнің Жарлығы негiзiнде және осы Заңда белгiленген тәртіппен жүргiзiледi.
2. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған әскери міндеттiлер мен әскерге шақырылушыларға жұмыс (қызмет) орны бойынша толық есеп айырысу жүргізiледі, нақты жұмыс iстеген уақыты үшін жалақы, жұмыстан шығу жәрдемақысы және пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төлемдері төленеді. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында шақырылған азаматтардың өздерi тұрған тұрғын алаңы сақталады. Жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырылған азаматтардың отбасыларын мемлекеттік қамсыздандыру (жәрдемақылар, зейнетақылар) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
3. Жергіліктi атқарушы органдар, ұйымдар жұмылдыруды жүргiзу кезiнде, соғыс жағдайы енгізілген және соғыс уақыты кезінде әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды уақтылы хабардар етуді және оларды шақыру пункттеріне немесе әскери бөлiмдерге жеткiзуді қамтамасыз етуге міндеттi.
35-бап. Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру
1. Азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешiмi бойынша беріледі.
Кейінге қалдыру мынадай негіздер бойынша:
1) отбасы жағдайлары бойынша;
2) білім алуды жалғастыру үшін;
3) денсаулық жағдайы бойынша;
4) басқа да себептер бойынша беріледі.
2. Отбасы жағдайлары бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1) басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, Қазақстан Республикасының аумағында онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға беріледі.
Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi:
әкесi, анасы, әйелi, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса;
ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері;
әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi);
өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды күйеусiз (әйелсiз) асырап отырған анасы (әкесi);
бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедек болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi;
2) өзiнiң асырауында:
анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары);
ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сот бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға;
3) некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарға беріледі.
3. Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1) білім беру ұйымдарында жалпы орта білiм алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне;
2) тиiстi білім беру ұйымдарында күндiзгі оқу нысаны бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарында күндізгі білім алып жүрген азаматтарға оқитыны туралы растайтын құжаттарды ұсынған ретте – бiр жоғары оқу орнын аяқтағанға дейiн;
3) жоғары оқу орнынан кейiнгі кәсiби білім алып жүрген азаматтарға – оқу кезеңіне беріледі.
4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға әскерге шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.
5. Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1) ауылдық (селолық) жерде орналасқан білiм беру ұйымдарының орта білімнен кейінгі немесе жоғары педагогтік білiмi бар және мамандығы бойынша жұмыс iстейтiн оқытушыларына – жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
2) тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық (селолық) жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге – денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына – олардың депутаттық өкілеттігi мерзiміне;
4) өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға – тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн беріледі.
6. Офицерлер құрамының әскери атағын бере отырып, запасқа қойылған азаматтарға отбасы жағдайлары бойынша, денсаулық жағдайы бойынша, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алуды жалғастыру үшін және басқа да себептер бойынша әскери қызметке шақыру кейiнге қалдырылады.
7. Әскери жиындарға шақыру кейінге қалдырылмайды.
8. Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру кезiнде азаматтарды әскерге шақыруды кейінге қалдыру тоқтатыла тұрады.
9. Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жеке өтiнішін және мүдделi адамдар мен халықты әлеуметтiк қорғау органдарынан нотариат куәландырған тиiстi құжатты ұсынған кезде азаматтар әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тартуға құқылы және әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
10. Осы бапта көзделген әскерге шақыруды кейiнге қалдыру үшін негiздерінің күші жойылған азаматтар осы Заңда белгіленген тәртiппен әскерге шақырылуға жатады.
36-бап. Әскери қызметке және әскери жиындарға шақырудан
босату
1. Бейбiт уақытта әскери қызметке шақырудан:
1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
2) жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған;
3) туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;
4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
5) ғылыми дәрежесi бар азаматтар;
6) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.
2. Әскери жиындарға шақырудан:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарында қорғанысты, қауiпсiздiк пен құқықтық тәртiпті қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарда жұмыс iстейтiн адамдар;
2) мемлекеттiк, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиациялық персоналы;
3) ауыл шаруашылығында және ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу ұйымдарында жұмыс iстейтiн адамдар, егіс және егiн жинау жұмыстары кезеңiне;
4) күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi, оқу жылы кезеңiне;
5) күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарында оқитындар;
6) әскери мiндеттi әйелдер;
7) әскери мiндеттілер, запасқа шығарылғаннан кейiнгі екi жыл ішінде;
8) он сегiз жасқа дейiнгі үш және одан да көп баласы бар адамдар;
9) оларға қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiлiп жатқан немесе сот қылмыстық iсін қарап жатқан адамдар;
10) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергіліктi өкілді органдардың депутаттары болып сайланған әскери міндеттілер босатылады.
3. Осы баптың 2-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген әскери міндеттілер арнаулы жиындардан өтуден босатылмайды.
4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақырудан босатылады.
5. Әскери қызметке шақырудан босатылуға құқығы бар азаматтар, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген азаматтардан басқа, мүдделі адамдардан нотариат куәландырған тиісті құжаттарды және өтінішін ұсынған кезде олардың қалауы бойынша әскери қызметке шақырылуы мүмкiн.
6. Соттылығы бар азаматтар бейбiт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды.
7. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген әскерге шақырудан босату үшін негiздерiнің күші жойылған азаматтар осы Заңда белгiленген тәртіппен әскерге шақырылуға жатады.
6-тарау. КЕЛІСІМШАРТ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ
37-бап. Әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт
1. Қазақстан Республикасының азаматы Қарулы Күштердiң уәкілеттi лауазымды адамымен Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасады.
2. Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тарап арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
1) мерзiмнің өтуi бойынша;
2) әскери қызметшiнiң мерзiмiнен бұрын босатылуына байланысты;
3) әскери қызметшiнiң әскери қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшарт жасасқан күнінен бастап;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
3. Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың әскери қызметке кiруiнiң ерiктілiгi, азаматтың әскери қызметті өткеруге мiндеттенген мерзiмi және келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.
4. Әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм ішінде Қарулы Күштерде әскери қызмет өткеру мiндеттiлiгiн қамтиды. Келiсiмшарт талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, азаматтың өз құқықтары мен өзiнің отбасы мүшелерi құқықтарының сақталу құқығы көзделеді.
5. Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындаған әскери қызметшілер тиiстi лауазымдағы әскери қызметтi әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасаспастан өткередi. Осы әскери қызметшілерге келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қатысты осы Заңның талаптары қолданылады.
Аталған әскери қызметшiлер лауазымнан босатылғаннан кейiн Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалған тәртiппен әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісiмшарт жасасады немесе әскери қызметтен шығарылады.
6. Жоғары білімі бар және алты ай қызмет өткерген мерзiмдi қызмет әскери қызметшілерi Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалған тәртіппен тиісті әскери-есептік мамандығына ұқсас лауазымға келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiруге құқылы.
38-бап. Келiсімшарт бойынша әскери қызметке кіретін
адамдарға қойылатын талаптар
1. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамдар мынадай талаптарға сай келуге:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығына ие болуға;
2) курсанттарды қоспағанда, он тоғыз жастан кіші емес және әскери атағына байланысты әскери қызметте болудың осы Заңда белгіленген шектi жасынан бес жас кіші болмауға;
3) әскери лауазымға сәйкес келетін әскери-есептік мамандығы болуға;
4) мерзімді әскери қызметті өткерген не жоғары оқу орындарының әскери кафедрасынан оқудан өткен немесе әйелдерді қоспағанда, Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өткен болуға тиiс.
2. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулi деп таныған;
2) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес әскери қызмет міндеттерін орындауға кедергі келтiретін ауруы бар;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулердi өзiне қабылдаудан бас тартқан;
4) бұрын сотталған немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған не оған қатысты қылмыстық iс қозғалған;
5) әскери қызметке кiрер алдындағы екi жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптiк жауаптылыққа тартылған;
6) әскери қызметке кiргенге дейінгі үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртiбiмен әкiмшілік жаза қолданылған;
7) әскери қызметке кіргенге дейінгі бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
8) егер босатылған күнінен бастап үш жыл өтпеген болса, мемлекеттік қызметтен немесе әскери қызметтен терiс себептер бойынша босатылған адамдар қабылданбайды.
Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамға қатысты арнайы тексеру жүргізiледi.
Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке, сондай-ақ арсеналдарда, базаларда, қару мен оқ-дәрілер қоймаларында қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталуымен байланысты лауазымдарға кіретін адамдарға қатысты психика-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді қолдана отырып, арнайы тексеру жүргізіледі.
3. Адамның белгiленген талаптарға сәйкестігін айқындау үшiн Әскери-дәрiгерлiк сараптаманы жүргізу қағидасына
сәйкес медициналық куәландыру жүргiзiледi.
4. Сондай-ақ мыналар:
1) осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтердi бұрмалау;
2) кандидаттың әскери-есептiк мамандығы бойынша бос лауазымдардың болмауы;
3) психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулердің теріс нәтижелері келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiретiн адамнан бас тарту үшін негiздер болып табылады.
39-бап. Азаматтардың әскери оқу орындарына (әскери
факультеттерге) түсуi. Әскери оқу орындарында
(әскери факультеттерде) оқитын азаматтармен
әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттар жасасу
1. Әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түсуге:
1) әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жетi жасқа толған, бiрақ жиырма бiр жастан аспаған азаматтардың;
2) оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған әскери қызмет өткерген азаматтардың және мерзiмдi әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшілердің;
3) жиырма бес жасқа толғанға дейін келісiмшарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлердің құқығы бар.
Азаматтардың әскери оқу орындарына түсуі уәкілетті орган бекітетін Әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Әскери оқу орындарының оқитындар құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде көрсеткіштері бірдей болған жағдайда:
«Жас ұлан» республикалық мектебінің түлектері;
әскери даярлық бойынша қосымша бағдарламалары бар білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері;
қызмет өткеру уақытында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен немесе әскери қызмет өткеру кезеңінде мүгедек болып қалған әскери қызметшілердің балалары артықшылықты құқыққа ие болады.
Жоғары оқу орындарының әскери факультеттеріне қабылдау қағидаларын және оларда оқытуды ұйымдастыру тәртібін Қорғаныс министрлігі білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді.
Шет мемлекеттердің әскери оқу орындарына оқуға жіберілген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келісімшарттарға сәйкес оқытылады.
2. Курсанттың (тыңдаушының) әскери қызмет міндеттерін орындауды бастауы оның әскери оқу орнына қабылданған күнi болып, әскери факультеттерде – әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасаған сәттен бастап есептеледi.
3. Әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) қабылданған азаматтар Әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әскери лауазымдарға тағайындалады.
4. Әскери қызмет өткермеген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызметшi мәртебесiне ие болады және әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келiсімшарт жасасады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген, сондай-ақ әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген немесе өткерген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде қабылданғаны туралы бұйрық шыққан күннен бастап әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
Әскери факультеттерге қабылданған кезде азаматтар әскери қызметші мәртебесіне ие болады, ал әскери қызметшілер әскери факультетте оқудың соңғы жылының алдындағы курсына ауысқан кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісімшарттар жасасады.
Осы Заңда белгiленген тәртiпте әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметші әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылуға жатады.
5. Әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданбаған әскери қызметші Әскери қызмет өткеру қағидаларында белгіленген тәртiппен әскери қызметті одан әрi өткеру үшін жiберіледi.
6. Әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылған, сондай-ақ әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметші, егер оқудан шығарылу сәтінде ол он сегіз жасқа толған және әскерге шақыру бойынша белгіленген әскери қызмет мерзiмін өткермеген болса, уәкілетті органның өкімі бойынша әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызмет өткеру орнына жіберіледі. Бұл ретте үлгерімінің төмен болуы, тәртiп сақтамағаны үшін, басқа да теріс себептер бойынша немесе өз бастамасы бойынша әскери оқу орнынан шығарылған әскери қызметші өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
7. Әскери қызметшi әскери оқу орнын (әскери факультетті) аяқтағаннан кейiн әскери қызмет өткеруден бас тартса немесе теріс себептер бойынша немесе өз бастамасы бойынша келiсiмшартты бұзған жағдайда ол өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi. Ұсталуға жататын сома келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiн әрбiр толық өткерiлмеген айға барабар есептеледі.
Әскери қызметшілерді әскери оқу орындарында оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке қайтару тәртібін уәкілетті органдар, әскери факультеттерде – Қорғаныс министрлігі белгілейді.
8. Жоғары әскери оқу орындарын (әскери факультеттерді) аяқтағаннан кейiн әскери қызметшiлерге «лейтенант» әскери атағы беріледi.
40-бап. Келiсiмшарт мерзімі және оны жасасу тәртiбi
1. Әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт:
1) үш жылға – әскери қызметке алғаш кіретін адамдар үшін;
2) бес жылға;
3) он жылға;
4) әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейін;
5) курсанттар үшін – әскери оқу орнындағы (жоғары оқу орнының әскери факультетіндегі) оқу мерзіміне және оны аяқтағаннан кейiн әскери қызметтің он жылына;
6) тыңдаушылар үшін – оқу мерзіміне және әскери оқу орнын аяқтағаннан кейін әскери қызметтің бес жылына не әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейінгі мерзімге жасалады.
2. Кандидаттарды iрiктеу және олардың келiсімшарт бойынша әскери қызметке кiру тәртiбi Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалады.
7-тарау. ЗАПАСТА ТҰРУ
41-бап. Запасқа қою
1. Мынадай:
1) запасқа қоя отырып, әскери қызметтен шығарылған;
2) әскери қызметке шақырудан босатылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
3) жиырма жеті жасқа толған, әскерге шақыру кейінге қалдырылуына байланысты әскери қызмет өткермеген;
4) әскери-есептік мамандығы бар әйелдер;
5) жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен;
6) Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқудан өткен адамдар запасқа қойылды деп саналады.
2. Запаста тұратын адамдар әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық куәландырудан өтедi.
3. Мерзiмдi әскери қызметке шақырудан босатылған адамдарды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары запастағы «қатардағы жауынгер» («матрос») әскери атағын бере отырып, запасқа қояды.
4. Запасқа қойған кезде адамдардың әскери-есептік мамандығын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары айқындайды.
5. Ұлттық қауіпсiздiк органдары және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган үшін әскери міндеттілердiң запасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалады.
6. Запаста болу әскери жиындардан өтудi, әскери қызметке шақыру қағидаларын орындауды және әскери есеп бойынша мiндеттердi сақтауды қамтиды.
7. Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдары әскери қызметшілерінің қолданыстағы резервте болуы барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындау кезінде әскери қызмет өткеруді қамтиды.
8. Запасқа қойылған әскери міндеттілер әскери жиындардан өткен немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген кезде олар резервке қойылған әскери міндеттілер санатына ауыстырылады.
42-бап. Запаста тұрудың шектi жасы
1. Әскери міндеттілердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады:
1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы – елу жасты қоса алғанда;
2) офицерлер құрамы үшін – алпыс жасты қоса алғанда.
2. Әскери мiндетті әйелдердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады:
1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы үшiн – отыз бес жасты қоса алғанда;
2) офицерлер құрамының адамдары үшiн – қырық бес жасты қоса алғанда.
3. Запаста тұрудың шектi жасына толған әскери мiндеттілер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар әскери есептен шығарыла отырып, отставкаға ауыстырылады.
4. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президентi запаста тұрудың шекті жасын бес жылға дейін ұзартуы мүмкін.
43-бап. Әскери жиындардан өту
1. Әскери міндеттілер оқу-жаттығу, тексеру және арнайы әскери жиындарға шақырылады, сондай-ақ әскери даярлық бойынша сабақтарға тартылады.
2. Ұзақтығы екі айға дейінгі оқу-жаттығу жиындарына әскери міндеттілер бес жылда бір рет шақырылады.
3. Әскери міндеттілер оқу-жаттығу жиындары арасындағы кезеңде он бес күнге дейінгі мерзімге тексеру жиындарына тартылуы мүмкін.
4. Запаста тұру уақытындағы жиындардың жалпы мерзімі әскери міндеттілер үшін он сегіз айдан аспауға тиіс. Бұл ретте оқу-жаттығу жиындарында болудың жалпы мерзіміне тексеру жиындарында болған уақыт та есептеледі.
5. Арнайы жиындар ұзақтығы үш айға дейін жүргізіледі.
6. Әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады, оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі жалақы төленеді.
Әскери міндеттінің дәлелсіз себептермен жиындар орналасқан жерден тыс болған уақыты әскери жиындардан өту мерзіміне есептелмейді.
8-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ
44-бап. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру
1. Әскери қызметшілердің барлық санаттары әскери қызмет міндеттерін орындағаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленетін ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.
Ақшалай үлес ақшалай қаражатты (лауазымдық айлықақыны және әскери атағы бойынша айлықақыны), қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақыларды және қолданыстағы заңнамада көзделген басқа да үстемеақыларды қамтиды.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің лауазымдық айлықақылары мемлекеттік қызмет өтілі ескеріле отырып айқындалады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер лауазымдық айлықақыларының және әскери атақтар бойынша айлықақыларының мөлшері тиісті лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілер лауазымдық жалақыларының мөлшерінен және тиісті арнайы атақтар мен сыныптық шендерге қосымша ақылар мөлшерінен төмендетілмей белгіленеді.
Әскери қызметші әскери қызметте дәлелсіз себептермен болмаған жағдайда оған болмаған күндері үшін ақшалай үлес төленбейді.
Ақшалай үлесті, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу тәртібін уәкілетті органдар белгілейді.
2. Әскери қызметшілерге жарылу қаупі бар заттарды және өзге де жарылғыш құрылғыларды іздеу, тасымалдау, залалсыздандыру және жою жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындаған кезде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тәулігіне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
3. Радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты лауазымдарда қызмет өткеретін, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға және объектілерде радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты авария салдарларын жою жөніндегі жұмыстарға уақытша тартылатын әскери қызметшілерге нақты жұмыс істеген уақытына тепе-тең ұзақтығы жылына он екі тәулікке дейін қосымша демалыс беріледі.
4. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда тұратындарды қоспағанда, коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды төлеу үшін уәкілетті органдардың бірінші басшылары айқындайтын тәртіппен, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген мөлшерде ақшалай өтемақы төленеді.
5. Әскери қызметшілерді әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
Әскери қызметшілердің қызмет орны немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда тиісті бөлімшелер не медициналық көрсеткіштер бойынша арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде көрсетіледі.
Жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарына және жеке меншік медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсету бойынша шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Емделуге жұмсалған қаражатты әскери қызметшілерге, олар құрылымында әскери қызмет өткеретін уәкілетті орган тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде өтейді.
Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған әскери қызметшілер, олар құрылымында әскери қызмет өткеретін Қарулы Күштердің қаражаты есебінен санаторийге жіберіледі.
Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының курсанттары медициналық көрсеткіштері болған кезде мемлекет есебінен санаторлық-курорттық емделумен қамтамасыз етіледі.
6. Әскери қызметшілер мемлекет есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін нормалар бойынша уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі.
7. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін нормалар бойынша мынадай жағдайларда:
1) жауынгерлік кезекшілікті атқарған кезде;
2) қарауылдағы қызметті атқарған кезде;
3) тәуліктік нарядты атқарған кезде;
4) далалық шығуларға (теңізге шығуларға) қатысқан кезде;
5) орналасқан орындарда дауылға қарсы әзірлік кезіндегі іс-шараларды жүзеге асырған кезде;
6) маяктарда вахтада тұрған кезде;
7) суасты міндеттерін (жұмыстарын) орындаған кезде;
8) парашютпен секірген кезде;
9) әскери эшелондарға ілесіп жүрген кезде;
10) әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) стационарлық емделуде болған кезде;
11) гауптвахтада ұсталған кезде тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
Ұшқыштар құрамының әскери қызметшілері әскери қызмет өткеру уақытында тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
Авиациялық техникаға қызмет көрсетуге және ұшуларды қамтамасыз етуге рұқсат етілген инженерлік-техникалық құрам ұшуларды дайындау және орындау кезеңінде тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
8. Әскери қызметшілер мемлекет есебінен қызметі бойынша ауысқан, әскери қызметтен шығарылған кезде, стационарлық емделуге барған және кері қайтқан кезде теміржол, әуе, су және автомобиль көлігімен жол жүруге, сондай-ақ қызметі бойынша ауысқан және әскери қызметтен шығарылған кезде он тоннаға дейін жеке мүлікті тасымалдауға құқылы.
Осы Заңда көзделген жағдайларда әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлікте жол жүруге және пошта жөнелтілімдеріне арналған басқа да шығындар өтеледі.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қашықтығы 100 шақырымнан астам бір елді мекеннен басқасына қоныс аударуға байланысты қызмет бабымен ауысқан кезде (оның ішінде әскери бөлім немесе бөлімше құрамында) оларға әскери қызметшінің өзіне екі айлық ақшалай қаражат және онымен бірге қоныс аударған әрбір отбасы мүшесіне айлық ақшалай қаражаттың жартысы мөлшерінде көтерме жәрдемақысы төленеді.
45-бап. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету
1. Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер мен олармен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелері – жұбайы (зайыбы); ортақ немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің кәмелетке толмаған (асырап алынған, асырауында немесе қамқорлығында болатын) балалары, күндізгі оқу нысаны бойынша білім беру ұйымдарында оқитын (асырап алған, асырауында немесе қамқорлығында болатын) жиырма үш жасқа толмаған балалары және жұбайының (зайыбының) балалары; он сегіз жасқа толмаған мүгедек балалары (асырап алған, асырауында немесе қамқорлығында болатын) және жұбайының (зайыбының) мүгедек балалары; әскери қызметшінің асырауындағы ата-аналары – мемлекет есебінен әскери қызмет өткеру кезеңіне тұрғын жаймен қамтамасыз етіледі.
2. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
46-бап. Әскери қызметшілердің демалыстары
1. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып жыл сайынғы негізгі демалыс беріледі, ұзақтығы күнтізбелік есептеуде еңбек сіңірген жылдарына байланысты белгіленеді:
1) кемінде он жыл – 30 тәулік;
2) оннан жиырма жылға дейін – 35 тәулік;
3) жиырма және одан астам жыл – 40 тәулік.
Ұшу жұмыстарында, корабльдік қызметте болатын, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет атқаратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тізбе бойынша жерлерде қызмет өткеретін әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, демалыс ұзақтығы 40 тәулік болып белгіленеді.
Жыл сайынғы негізгі демалыстың ұзақтығы демалыс күндеріне келетін мереке күндерді есептемей, күн тәртібіне және қызметтік уақыт регламентіне қарамастан, күнтізбелік күндермен есептеледі.
2. Әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыстан басқа Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген қосымша демалыстар беріледі.
Жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы тиісті жыл үшін алпыс тәуліктен аспауға тиіс, бұл ретте демалыс өткізу орнына дейін бару және кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшінің демалысы қызмет мүдделерін ескере отырып, екі бөлікке бөлінуі мүмкін.
3. Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне жалпыәскери жарғыларда айқындалған тәртіпте көтермелеу түрінде қысқа мерзімді демалыс беріледі.
4. Қажет болған кезде әскери қызметшілерге ауыруы бойынша, отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді, ал әскери оқу орындарында (әскери факультеттерде) оқитындарға каникулдық демалыстар беріледі.
Әскери қызметшілерге (мерзімді қызмет әскери қызметшілерінен басқа) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасын іске асыратын ұйымдарда оқуға түсу емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін, сондай-ақ жоғары оқу орындарына оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшін оқу демалыстары, ал философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесінің ізденушілері болып табылатындарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шығармашылық демалыстар беріледі.
5. Жыл сайынғы негізгі демалыс жұмылдыру, соғыс немесе төтенше жағдай жарияланған жағдайда, соғыс уақытында және қызметтік қажеттілік жағдайында уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен тоқтатылады. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлігі ағымдағы жылы немесе келесі жылы беріледі.
Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлігі он және одан астам күнтізбелік күнді құраса, әскери қызметшілерге демалыс өткізу орнына бару және кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі.
Әскери қызметшінің баянаты бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлігі келесі жылдың жыл сайынғы ақылы негізгі демалысына қосылады.
6. Өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін немесе оқуға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге жіберілген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының аумағында қызмет өткеретіндердің демалысқа құқықтарын пайдаланады.
47-бап. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының
келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін
әлеуметтік қамсыздандыру ерекшеліктері
Сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарында күнтізбелік есептеуде кемінде сегіз жыл қызмет өткерген келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға жұмсалатын шығындарын бюджет қаражаты есебінен оқыту құнының елу пайызы мөлшерінде өтетуге құқылы. Осы құқықты әскери қызметшілер бір рет пайдалана алады.
Әскери қызметшіге көрсетілген шығындарды өтеуді құрылымында әскери қызметші әскери қызмет өткеретін уәкілетті орган жүргізеді.
Әскери қызметшіні басқа білім беру ұйымына ауыстыру кезінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтеу мөлшері түзетілуге жатады.
Әскери қызметшіге академиялық демалыс берілген кезде оның Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалған шығындарды өтету құқығы сақталады.
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтетуге құқылы әскери қызметшіге, ол оқыған (оқитын) білім беру ұйымы таратылған және қайта ұйымдастырылған, әрекетін тоқтатқан, білім беру ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайларда басқа жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтетуге кепілдік беріледі.
48-бап. Мерзімді қызмет әскери қызметшілерін және әскери
оқу орындарының (әскери факультеттердің)
курсанттарын әлеуметтік қамсыздандыру
ерекшеліктері
Мерзімді қызмет әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалар бойынша заттай мүлікпен, тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
Демалысқа, каникулға кеткен кезде азық-түлік үлесінің орнына оларға ақшалай өтемақы төленеді.
Мерзімді қызмет әскери қызметшілері қысқа мерзiмдi демалысқа барған және керi қайтқан кезде, әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттары каникулдық демалысқа және тағылымдамадан өтуге барған кезде, сондай-ақ керi қайтқан кезде оларға мемлекет есебiнен темiржол, су және автомобиль көлiгiмен жол жүру құқығы берiледi. Шетелдік әскери оқу орындарында білім алатын курсанттарға каникулдық демалысқа барған және керi қайтқан кезде мемлекет есебiнен әуе көлігімен жол жүру құқығы да берiледi.
Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне, әскери оқу орындарының бірінші және екінші курс курсанттарына Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде почта жөнелтілімдеріне арналған өтемақы да төленеді.
Мерзімді қызмет өткеру және әскери оқу орнында оқу уақытында тұру үшін әскери қызметшілер казармаларға орналастырылады. Курсанттарға, сондай-ақ әскери оқу орнында (әскери факультетте) оқу уақытында жатақхана берілуі мүмкін.
Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
49-бап. Әскери қызметшілердің жекелеген санаттарын қосымша
әлеуметтік қамсыздандыру
Жауынгерлік іс-қимылдарға, террорға қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге және барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындауға қатысатын Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының әскери қызметшілеріне жыл сайынғы демалысына қосылатын ұзақтығы екі апта қосымша демалыс беріледі.
Жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге жауынгерлік іс-қимылдар және террорға қарсы операциялар кезеңінде жеңілдіктер шарттарымен еңбек сіңірген жылдарына қызметінің бір айы үш ай болып есептеледі.
Бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге бітімгершілік операцияларына қатысқан кезең жеңілдіктер шарттарымен қызметінің бір айы бір жарым ай болып есептеледі.
50-бап. Әскери қызметтен шығарылған азаматтарды әлеуметтік
қамсыздандыру
1. Жасы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған, әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты ауырған, сондай-ақ жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар адамдарға мемлекет есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған аурулар тізбесі бойынша көрсеткіштер бар болған кезде әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық қамтамасыз ету, ал жиырма бес және одан да көп еңбек сіңірген жылдары барларға – санаторлық-курорттық емделу беріледі.
Әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық көрсеткіштер бойынша тиісті бөлімшелер не арнайы жабдықтар болмаған кезде көрсетілген адамдарға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде:
1) ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында;
2) жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында;
3) жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда көрсетіледі.
Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде емделуге жұмсалған қаражатты көрсетілген адамдарға құрылымында олар әскери қызмет өткерген уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен өтейді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар Қарулы Күштерден шығарылған кезде, оның ішінде әскери қызмет өткерген кезеңде азаматтық мамандықтарды меңгеру мақсатында әлеуметтік бейімделумен қамтамасыз етіледі.
51-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен
жағдайда әскери қызметшілерге өтемақы төлеу
1. Әскери қызметін өткеру кезеңінде әскери қызметші немесе әскери жиындарға шақырылған әскери міндетті қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оған мүгедектік белгіленген кезде немесе ол әскери қызмет мiндеттерiн орындауға байланысты мертiккен жағдайда біржолғы өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жүргiзiледi.
2. Әскери қызмет өткеру кезеңінде не қызметтен шығарылғаннан кейін әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда әскери қызметшінің мұрагерлеріне қаза тапқан (қайтыс болған) күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде, ал мерзімді қызмет әскери қызметшісінің, әскери оқу орны (әскери факультет) курсантының, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттінің мұрагерлеріне – 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.
3. Келісімшарт бойынша әскери қызметшіге, ол әскери қызмет өткерген кезеңде немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан туындаған мүгедектік белгіленген кезде біржолғы өтемақы әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл өткенге дейін:
1) I топтағы мүгедекке – отыз айлық ақшалай қаражат;
2) II топтағы мүгедекке – он сегiз айлық ақшалай қаражат;
3) III топтағы мүгедекке – алты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде төленеді.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшiлер әскери қызмет мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқтырмаған ауыр мертiгу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) жағдайында оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражат; жеңiл мертіккенде – жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
Мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлеріне, әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) стипендия алатын курсанттарына, әскери жиындарға шақырылған әскери мiндеттiлерге осы тармақта көзделген жағдайларда:
1) I топтағы мүгедекке – 250 айлық есептiк көрсеткiш;
2) II топтағы мүгедекке – 150 айлық есептiк көрсеткiш;
3) III топтағы мүгедекке – 50 айлық есептiк көрсеткiш;
4) ауыр мертіккені үшiн – 12 айлық есептiк көрсеткiш;
5) жеңiл мертіккені үшiн – 4 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде бiржолғы өтемақылар төленедi.
4. Егер әскери қызметшінің қаза табуы (қайтыс болуы) немесе ол алған мертігу:
1) соттың заң күшіне енген үкімі болған кезде өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізген жағдайларды қоспағанда, өзіне-өзі қол жұмсау нәтижесінде;
2) қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде;
3) олар алкогольдік, есірткілік немесе масаңдану жай-күйінің өзге де түрін туғызатын заттарды тұтыну немесе қолдану себебінен;
4) өзiне-өзі қасақана қандай да бiр дене жарақатын түсiру (денесiне зиян келтiру) немесе біржолғы өтемақы алу немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтiру нәтижесінде;
5) әскери қызметшінің әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын бұзған әрекеттері нәтижесінде туындағаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.
5. Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде алған мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қайтыс болған әскери қызметшілерді, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді жерлеу әскери қызмет (жиындар) орны бойынша немесе олардың туыстарының тілегі бойынша басқа жерде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындаумен, мәйітті тасымалдаумен, жерлеумен, құлпытасын жасаумен және орнатумен байланысты барлық шығыстар әскери қызметшілер, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызмет (жиындар) өткерген уәкілетті орган есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлерде жүзеге асырылады.
Осы тармақта көрсетілген ережелер әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты әскери қызметтен шығарылған, әскери қызметтің жалпы ұзақтығы 25 және одан да көп жылдары бар азаматтарға, сондай-ақ әскери қызметтің жалпы ұзақтығына қарамастан, жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысушыларға қолданылады, бұл ретте әскери қызметшілер қатарынан зейнетақы төлемдерін алатын қайтыс болғандардың отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде төленеді.
Ескерту. 51-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.02.2013 № 75-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
52-бап. Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әлеуметтік
қамсыздандыру
1. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әскери-медициналық мекемелерде медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
Қызмет орны немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда медициналық көрсеткіштер бойынша тиісті бөлімшелер не арнайы жабдықтар болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде көрсетіледі.
2. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің олармен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелеріне әскери қызметші қызметі бойынша ауысқан, оны әскери қызметтен шығарған кезде мемлекет есебінен әуе, теміржол, су және автомобиль көлігінде жол жүру құқығы беріледі.
3. Әскери қызметшілердің, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқандардың, қайтыс болғандардың немесе хабар-ошарсыз кеткендердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінде кезектен тыс орындар береді.
Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары әскери мектеп-интернаттарына, «Жас ұлан» республикалық мектебіне конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады.
9-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ
53-бап. Әскери қызметшілердің жауаптылығы
1. Әскери тәртіпті бұзғаны үшін командир (бастық) әскери қызметшіге тәртіптік жазалардың:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
5) лауазымында бір сатыға төмендету;
6) әскери атағын бір сатыға төмендету;
7) теріс себептер бойынша әскери қызметтен босату түрлерін қолданады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгендерден басқа, мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттарына қатысты тәртіптік жазалардың мынадай түрлері қолданылады:
1) әскери бөлім орналасқан жерден немесе корабльден жағалауға кезекті сейілге шығудан айыру;
2) Қарулы Күштердің кеуде айырым белгісінен айыру.
3. Әскерге шақыру бойынша офицерлерге қатысты әскери атақты төмендету «кіші сержант» («екінші дәрежелі старшина») әскери атағына дейін жүргізіледі. Бұл ретте осы әскери қызметші сержанттар (старшиналар) құрамына ауыстырылады және мерзімді қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін қызмет етеді.
4. Теріс себептер бойынша әскери қызметтен босату әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге қатысты қолданылмайды.
5. Әскери қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту жалпы әскери жарғыларда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
54-бап. Әскери қызметшiлердiң қылмыстар, теріс қылықтар
және өзге де құқық бұзушылықтар үшiн жауаптылығы
Әскери қызметшiлер қылмыстар, теріс қылықтар және өзге де құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкiмшiлiк, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауаптылықта болады.
10-тарау. ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
55-бап. Өтпелi ережелер
1. Осы Заң, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 44-баптың 2, 4 және 7-тармақтарын және 45-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгiзілгенге дейiн әскери атақтар берілген әскери қызметшілердің осы әскери атақтардағы еңбек сіңірген мерзімдері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес есептеледі.
3. Осы Заңда әскери қызметте болудың шектi жасы өзгертiлген әскери қызметшiлер мынадай шектi жасқа:
1) подполковникті (екінші дәрежелі капитанды) қоса алғанда – қырық бес жасқа;
2) полковниктер (бiрiншi дәрежелi капитандар) – елу үш жасқа;
3) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген полковниктер (бiрiншi дәрежелi капитандар) – елу жасқа;
4) әскери атақ осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген генерал-майорлар (контр-адмиралдар) және генерал-лейтенанттар (вице-адмиралдар) – елу сегіз жасқа;
5) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген генерал-майорлар (контр-адмиралдар) және генерал-лейтенанттар (вице-адмиралдар) – елу бес жасқа;
6) әскери атақ осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген генерал-полковниктер (адмиралдар) – алпыс жасқа толғаннан кейін жұмыстан шығуға немесе отставкаға шығуға құқылы.
4. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт, өз қолданысын осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданылатын заңнамаға сәйкес мерзімі аяқталғаннан кейін тоқтатады.
5. Осы Заң тек әскери қызмет кезеңінде қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету бөлігінде 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте кемінде он жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қолданылады.
Тұрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақы төлеу 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте кемінде он жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жүргізіледі.
6. 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте күнтізбемен есептегенде он және одан да көп жыл болатын әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үй мемлекеттік тұрғын үй қорынан беріледі, олар оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген шарттарда және тәртіппен (жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда орналасқан тұрғын үйлерді қоспағанда) жекешелендіруге құқылы.
7. 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте күнтізбемен есептегенде он бес және одан да көп жыл болған әскери қызметшілер күнтізбелік есептеуде әскери қызметтің жиырма жылы өткеннен кейін қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіруге құқылы.
Қызметтік тұрғын үй өтеусіз, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатқызылмайтын жағдайларда өтеусіз жекешелендіру құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен тиісті тұрғын үй құнымен өтеледі.
Осы баптың 6-7-тармақтарында көзделген жеңілдіктер бір рет қолданылады.
8. Әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, келісімшарт мерзімінің өтуі бойынша, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқаруына байланысты шығарылған, 2013 жылғы 1 қаңтарға еңбек сіңірген жылдары он және одан да көп жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге әскери қызметтен босатылған кезде мынадай:
әскери қызметте 10 жылдан 15 күнтізбелік жылға дейін еңбек сіңірген жылдары барларға – төрт айлық ақшалай қаражат;
15 жылдан 20 жылға дейінгілерге – бес айлық ақшалай қаражат;
20 жылдан 25 жылға дейінгілерге – алты айлық ақшалай қаражат;
25 жылдан 30 жылға дейінгілерге – жеті айлық ақшалай қаражат;
30 жылдан астамдарға – сегіз айлық ақшалай қаражат мөлшерінде шығу жәрдемақысы төленеді.
Әскери қызмет өткеру кезеңінде орденмен (ордендермен) наградталған әскери қызметшілерге шығу жәрдемақысының мөлшері ақшалай қаражатының екі айлықақысына арттырылады.
9. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке алғаш рет кіретін азаматтарға жасасатын келісімшарт мерзіміне байланысты мынадай мөлшерде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді:
3 жылға – 1 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
5 жылға – 10 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
10 жылға – 20 лауазымдық айлықақы мөлшерінде.
Көрсетілген ақшалай сыйақыларды төлеу келісімшарт жасаған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей жүргізіледі.
Алынған біржолғы ақшалай сыйақы:
1) осы Заңның 26-бабы 1-тармағының 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген жағдайларда келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызметтен шығарылған кезде;
2) егер әскери қызметті одан әрі өткерумен сыйыспайтын жаралануы, контузиясы, жарақаты, мертігуі немесе ауруы әскери қызметші заңға қарсы іс-қимыл жасаған немесе алкогольдік, есірткілік, уытты масаңдануы немесе өзіне қандай да бір дене жарақатын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтіруі себебінен болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденсе, қайтаруға жатады.
Төленген біржолғы ақшалай сыйақыны қайтару әскери қызметші әскери қызмет өткерген мемлекеттік органға әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір ай мерзімде жүргізіледі.
Әскери қызметші әскери қызмет өткерген кезеңде қаза тапқан (қайтыс болған), әскери қызметті одан әрі өткерумен сыйыспайтын жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған жағдайда біржолғы ақшалай сыйақыны қайтару жүргізілмейді.
10. Осы Заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап:
1) «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1993 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 2, 32-құжат; № 18, 429-құжат; 1995 ж., № 20, 120-құжат; № 22, 133-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; № 23, 920-құжат; 2001 ж., № 20, 257-құжат; 2003 ж., № 15, 135-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 2-3, 8-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 16, 129-құжат);
2) «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 14, 60-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; 2010 ж., № 10, 48-құжат; № 24, 151-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 17, 136-құжат; 2011 жылғы 15, 16 қарашада «Егемен Қазақстан» және 2011 жылғы 15, 16 және 19 қарашада «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2011 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. НАЗАРБАЕВ