Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "заңнамалық актілерінде", "заң актілеріне" және "заңнамалық актілеріне" деген сөздер тиісінше "заңдарында", "заңдарына" және "заңдарына" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Осы Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Pecпубликасының аумағында тұратын шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың (бұдан әрі - азаматтар және басқа да адамдар), сондай-ақ мемлекеттік органдардың, әскери басқару органдарының және меншік нысандарына қарамастан ұйымдардың (бұдан әрі - ұйымдар) соғыс жағдайы кезеңіндегі құқықтық қатынастарын реттейді.
Осы Заңның қолданылуы соғыс жағдайы кезеңімен шектеледі.
Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) агрессия - шет мемлекеттің (мемлекеттер тобының не коалициясының) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне, Егемендігіне, аумақтық қол сұғылмаушылығына немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы қарулы күш қолдануы немесе оған Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен сыйыспайтын қандай да болсын басқадай әрекет жасауы.
Соғыстың жариялану-жарияланбауына қарамастан мынадай іс-қимылдардың кез келгені:
шет мемлекеттің қарулы күштерінің Қазақстан Республикасының аумағына басып кіруі, шабуыл жасауы, қарулы күшті қолдана отырып Қазақстан Республикасының аумағын немесе оның бөлігін аннексиялаудың кез келгені;
Қазақстан Республикасының аумағын бомбалау немесе шет мемлекеттің кез келген қаруды Қазақстан Республикасына қарсы қолдануы;
шет мемлекеттің қарулы күштерінің Қазақстан Республикасының порттарын немесе жағалауларын қоршап алуы;
шет мемлекеттің қарулы күштерінің Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа әскерлері мен әскери құралымдарына, Қазақстан Республикасының теңізде жүзетін сауда немесе азаматтық авиация Keмесіне шабуыл жасауы;
халықаралық шарт бойынша Қазақстан Республикасының аумағында
орналасқан шет мемлекеттің қарулы күштерін халықаралық шартта көзделген талаптарды бұза отырып қолдану немесе халықаралық шарттың
қолданылуы тоқтатылғаннан кейін де олардың Қазақстан Республикасының аумағында болуының кез келген түрде жалғасуы;
басқа мемлекеттің билігіне берілген аумақта, сол мемлекеттің Қазақстан Республикасына қарсы агрессия актісін жасау үшін пайдалануына мүмкіндік жасаушы мемлекеттің іс-қимылы;
мемлекеттің немесе мемлекет атынан Қазақстан Республикасына қарсы тегеурінділігі жоғарыда атап көрсетілген актілерге пара-пар қарулы күш қолдану актілерін жүзеге асыратын қарулы бандалардың, топтардың және тұрақты eмec күштердің немесе жалдамалылардың жіберілуі;
шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық қол сұғылмаушылығына немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы бағытталған өзге де іс-қимылдары, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелеріне сәйкес Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі агрессия ретінде белгілеген актілер агрессия актісі болып танылады;
2) аннексия - Қазақстан Республикасының аумағын немесе оның бір бөлігін шет мемлекеттің күштеп қосып алуы, басып алуы;
3) әскери цензура - хабарлар мен материалдардың не олардың жекелеген бөліктерінің таралуына шектеу қою немесе тыйым салу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлар мен материалдарды әскери басқару органдарымен және мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен олардың талабы бойынша немесе өзге де негіздер бойынша алдын ала келісуі, сондай-ақ мемлекеттік құпиялары бар мәліметтердің жариялануы мен әйгіленуіне жол бермеу мақсатында хат-хабар алмасуға, телефон және радио арқылы сөйлесулерге бақылауды жүзеге асыру;
4) соғыс жағдайы - Қазақстан Республикасына қарсы агрессияны не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей төнген қатерді болдырмауға немесе оларға тойтарыс беруге жағдай жасауға бағытталған саяси, экономикалық, әкімшілік, әскери және өзге де шаралар кешенін көздейтін және Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде енгізетін ерекше құқықтық режим;
5) интернирлеу – Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасаған мемлекеттің азаматтарын халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес ұстап алу және арнайы бөлінген қоныстандыру орындарына жабу;
6) коменданттық сағат - соғыс жағдайы кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету, барлаушылық, диверсиялық және басқа да дұшпандық әрекеттердің жолын кесу мақсатында қолданылу мерзімдері мен уақыты көрсетіле отырып енгізілетін, халықтың арнайы берілген рұқсат қағаздар мен жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тәуліктің белгіленген уақытында тұрғын үйлерден тыс жерлерде болуына және елді мекендер арасында жүріп-тұруына тыйым салатын шара;
7) қауіпсіздікке сырттан тікелей төнген қатер - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының қол сұғылмаушылығына төнген қатер және Қазақстан Республикасына қатысты күш қолдану қатері, сондай-ақ шет мемлекеттердің арнайы қызметтері мен ұйымдарының, сондай-ақ жекелеген адамдардың барлаушылық, террористік, диверсиялық және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне залал келтіруге бағытталған өзге де әрекеттері;
8) әскери басқару органдары - стратегиялық, жедел-стратегиялық, жедел-аумақтық, жедел-тактикалық, тактикалық және жергілікті әскери басқару органдары;
9) астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың қорғаныс кеңесі – соғыс жағдайы кезеңіне құрылатын және әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және арнаулы құралымдарға мемлекет қорғанысы мүдделерінде басшылықты жүзеге асыратын әскери басқару органы.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.07.08. № 70; 10.06.2020 № 344-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2020 № 375-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.2-бап. Соғыс жағдайын енгізудің мақсаты
Қазақстан Республикасына қарсы агрессияның жолын кесу немесе оған тойтарыс беру үшін жағдайлар жасау соғыс жағдайын енгізудің мақсаты болып табылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының соғыс жағдайы туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының соғыс жағдайы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 30.06.2025 № 202-VІІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.1. Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жағдайлары не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей төнген қатер Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде соғыс жағдайын енгізу үшін негіз болып табылады.
2. Соғыс жағдайы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен енгізіледі.
3. Соғыс жағдайы енгізілген кезде Қазақстан Республикасының Президенті, егер бұрын жарияланбаған болса, ішінара немесе жалпы мобилизация жариялайды.
4. Қазақстан Республикасы Президентінің соғыс жағдайын енгізу туралы жарлығында:
соғыс жағдайын енгізу үшін негіз болған мән-жайлар;
енгізілген шаралардың және азаматтар мен басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын уақытша шектеулердің тізбесі;
соғыс жағдайы енгізілетін аумақтың шекаралары;
соғыс жағдайын орнату мен қолдау үшін тартылатын күштер мен құралдар;
соғыс жағдайы қолданыла бастайтын уақыт белгіленеді.
5. Қазақстан Республикасы Президентінің соғыс жағдайын енгізу
туралы жарлығының толық мәтіні дереу радио мен теледидар арқылы таратылуға, сондай-ақ ресми түрде жариялануға тиіс.
6. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Құрылтайын соғыс жағдайының енгізілгені және ішінара немесе жалпы мобилизация жарияланғаны туралы дереу хабардар
етеді.
7. Мемлекетті агрессияға тойтарыс беруге әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгілейді.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.5-бап. Соғыс жағдайының кезеңі
1. Соғыс жағдайының кезеңі соғыс жағдайы енгізілген уақыттан басталады және соғыс жағдайының күші жойылған уақытпен аяқталады.
2. Соғыс жағдайы күшінде болған кезеңде азаматтардың және басқа да адамдардың, Қазақстан Республикасы Конституциясы 41-бабының 3-тармағында аталған баптарда көзделген құқықтар мен бостандықтарды қоспағанда, құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың
қызметін шектеу, сондай-ақ оларға осы Заңда белгіленген қосымша міндеттер жүктеу көзделеді.
3. Соғыс жағдайы енгізілген жерлерде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әскери басқару органдарының өкілеттіктері кеңейтіледі, оларға мемлекеттік билік пен басқару органдарының қорғаныс және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы барлық функциялары көшеді.
4. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, арнаулы мемлекеттік органдары соғыс жағдайы қолданылатын кезеңде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес агрессияға тойтарыс беру үшін қолданылады.
5. Соғыс жағдайы күшінде болған кезеңде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғанысы мен аумақтық қорғанысы іс-шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізіледі.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.13 № 553-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 202-VІІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.2-тарау. Соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету
6-бап. Соғыс жағдайының шаралары
1. Соғыс жағдайы енгізілген аумақта мынадай шаралар қолданылуы мүмкін:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдарын, сондай-ақ экономикасын соғыс жағдайы талаптарына сай жұмыс істеуге көшіру;
2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, арнаулы мемлекеттік органдарының жұмылдыра өрістетуін жүргізу;
3) Қарулы Күштердің мүдделеріне сай міндеттерді орындау үшін арнайы құралымдар жасақтау, экономиканың іркіліссіз жұмысы мен халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғанысы мен аумақтық қорғанысы іс-шараларын өткізу;
5) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу;
6) қоғамдық тәртіптің, сондай-ақ республикалық объектілер бойынша - Қазақстан Республикасының Үкіметі, коммуналдық объектілер бойынша - жергілікті атқарушы органдар белгілейтін тізбелерге сәйкес мемлекеттік және әскери объектілердің, халықтың тыныс-тіршілігін, көлік пен коммуникациялардың жұмысын қамтамасыз ететін объектілердің, адамдардың өмірі, денсаулығы және қоршаған орта үшін аса қауіпті объектілердің күзетін күшейту;
7) көлік, коммуникациялар және энергетика, сондай-ақ адамдардың өмірі, денсаулығы және қоршаған орта үшін аса қауіпті объектілер жұмысының ерекше режимін белгілеу;
8) халықты, шаруашылық, әлеуметтік және мәдени мақсаттағы объектілерді эвакуациялау, сондай-ақ азаматтарды және басқа адамдарды өмір сүруге қауіпті аудандардан, уақытша немесе тұрақты тұруы және орналасуы үшін оларға міндетті түрде тұрғын үй-жай және тұрғын үйге жатпайтын үй-жай бере отырып, басқа аудандарға уақытша көшіру;
9) жеке және заңды тұлғалардан қорғаныс мұқтажы үшін қажетті мүлікті, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және жағдайда реквизициялау, оларға реквизицияланған мүлік құнын мемлекеттің өтеуі;
10) соғыс жағдайы енгізілген аумаққа кірудің және одан шығудың ерекше режимін белгілеу және қамтамасыз ету, сондай-ақ жүріп-түру еркіндігін шектеу;
11) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ұйымдарды, азаматтарды және басқа адамдарды қорғаныс сипатындағы жұмыстарды орындауға, қарсылас жақтың қару қолдануының салдарын жоюға, зақымданған, қираған объектілерді, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіруге, сондай-ақ өртке, эпидемияға, эпизоотияға қарсы күреске қатысуға тарту;
12) соғыс жағдайы енгізілген жерде болатын орын мен тұратын орынды таңдауға тыйымдар мен шектеулер белгілеу;
13) бейбіт жиналыстарды, ереуілдерді ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салу немесе оларды шектеу;
14) коменданттық сағат белгілеу және әскери басқару органдары мен мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша азаматтардың және басқа да адамдардың құжаттарын тексеруді жүзеге асыруына, олардың жеке басына тексеру жүргізуіне, заттарын, тұрғын үйі мен көлігін тексеріп қарауына, сондай-ақ азаматтарды, басқа да адамдарды және көлік құралдарын ұстап, іркуді жүзеге асыруына құқық беру;
15) қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш және улы заттар сатуға тыйым салу, құрамында есірткі және өзге де күшті әсер ететін заттар бар дәрі-дәрмек пен медициналық препараттар, алкоголь өнімдері айналымының ерекше режимін белгілеу;
16) (Алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. № 70 Заңымен)17) баспаханалардың, есептеу орталықтарының және автоматтандырылған жүйелердің, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына бақылау орнату, оларды қорғаныс қажеті үшін пайдалану, сондай-ақ олардың қызметін шектеу;
18) әскери цензура енгізу;
19) интернирлеу;
20) Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге шығуына тыйым салу немесе шектеу;
21) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құпиялылық режимін күшейтуге бағытталған қосымша шаралар енгізу;
22) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес соғыс жағдайын қамтамасыз етуге қажетті өзге де шаралар.
2. Соғыс жағдайы кезеңінде мемлекеттің қорғаныс мүддесіндегі қажеттерін, сондай-ақ халықтың мұқтажын қанағаттандыру үшін қажетті өнімдер өндіруге, жұмыстар мен қызмет көрсетулерді жүзеге асыруға арналған жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында экономикалық және қаржылық қызметті жүзеге асыруға; тауарлардың, ақшаның және қызмет көрсетудің бірден бірге еркін өтуіне; ақпаратты іздеуге, алуға, беруге, өндіруге және таратуға; банкроттық рәсімдерін қолданудың тәртібі мен шарттарына; еңбек қызметінің режиміне арналған уақытша шектеулер қоюға байланысты шаралар қолданылуы мүмкін, сондай-ақ Қазақстан Pecпубликасының заңдарында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында да, оның жекелеген жерлерінде де қаржы, салық, кеден және банк жүйелерінің жұмыс ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген соғыс жағдайы шараларын жүзеге асыруды регламенттейтін қажетті нормативтік құқықтық актілер соғыс жағдайының күшінде болу кезеңінде де, ол енгізілгенге дейін де қабылдануы мүмкін.
Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.07.08 № 70, 2012.02.13 № 553-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.05.2020 № 334-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2020 № 344-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2025 № 202-VІІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.7-бап. Соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету үшін Қарулы Күштерді қолдану, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, сондай-ақ мемлекеттік органдарды тарту
Ескерту. 7-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 10.01.2015 № 275-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша мынадай негізгі міндеттерді орындау үшін:
1) соғыс жағдайы енгізілген аумаққа кірудің және ол аумақтан шығудың ерекше режимін сақтау, сондай-ақ ондағы жүріп-тұру еркіндігін шектеу;
2) халықты құтқару мен эвакуациялауға, авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарға, санитариялық-эпидемияға қарсы, эпизоотияға қарсы және басқа да шараларды өткізуге қатысу;
3) күзетілетін адамдар мен күзетілетін объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік және әскери объектілерді, халықтың тыныс-тіршілігін, көлік пен коммуникациялардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, сондай-ақ адамдардың өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға жоғары қауіп төндіретін объектілерді күзету;
4) қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау, соғыс жағдайы шараларын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізуге қатысу;
5) заңсыз қарулы құралымдардың, террористердің, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарында, әскери басқару органдарында қызметі Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталғандығы туралы анық мәліметтер бар қоғамдық және діни бірлестіктер, шетелдік және халықаралық ұйымдар әрекеттерінің жолын кесу үшін Қарулы Күштер қолданылады, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, сондай-ақ мемлекеттік органдар тартылады.
1-1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі жұмылдыру және соғыс жағдайы кезеңдерінде Қазақстан Республикасының қорғаныс жоспарына сәйкес күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін, күзетілетін объектілердің күзетілуі мен қорғалуын қамтамасыз ету мүдделерінде Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының қажетті күштері мен құралдарын пайдалануға құқылы.
Күзету іс-шараларын өткізу жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам күзет іс-шаралары өткізіле басталғаннан бастап және олар аяқталғанға дейін оларды өткізуге тартылған барлық әскери қызметшілерге, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен мамандарына басшылықты жүзеге асырады.
2. Соғыс жағдайы шараларын қамтамасыз ету үшін қолданылатын мемлекеттік органдардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.01.2015 № 275-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2020 № 344-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2022 № 136-VІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.8-бап. Соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету кезінде қару-жарақты, әскери техниканы, арнайы құралдарды, сондай ақ дене күшін қолдану
1. Соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету үшін тартылып отырған
әскери қызметшілерге және мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін орындау кезінде қару-жарақ, әскери техника, арнайы құралдар алып жүру, сақтау, қолдану, сондай-ақ дeнe күшін қолдану құқығы беріледі.
Аталған адамдар дене күшін, арнайы құралдарды, қару-жарақты және соғыс техникасын қолдануға байланысты келтірілген зиян үшін, егер келтірілген зиян төнген қауіптің сипаты мен дәрежесіне сәйкес болса, жауапты болмайды.
2. Соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету үшін тартылған әскери қызметшілер мен мемлекеттік органдар қызметкерлері дене күшін, арнайы құралдарды, қару-жарақты немесе соғыс техникасын:
1) мемлекеттік және әскери объектілерге, азаматтарға және басқа да адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшін;
2) әскери қызметшілер мен мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, сондай-ақ азаматтардың және басқа да адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қарсылықты болғызбау үшін;
3) өздерімен бірге қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жарылғыш, химиялық немесе улы заттарды алып жүрген адамдарды, егер олар:
қылмыс жасау үстінде қолға түссе;
әскери қызметшілердің немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамаса;
әскери қызметшілер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерді жүзеге асыруына кедергі келтірсе, оларды ұстау үшін;
4) күзетілетін объектілер мен әскерлердің орналасқан жерлеріне заңсыз еніп кету әрекеттерінің жолын кесу үшін;
5) кепілдікке алынғандарды, басып алынған күзетілетін объектілерді, ғимараттарды, көлік құралдары мен жүктерді азат ету үшін, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктер мен қоғамдық тәртіпті топтасып бұзудың жолын кесу үшін;
6) жүргізушісі заңды талаптарды орындамаған көлік құралын тоқтату үшін;
7) дабыл немесе көмекке шақыру белгісін беру үшін;
8) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де жағдайларда қолдануға құқылы.
3. Дене күшін, арнайы құралдарды, қару-жарақты және соғыс техникасын өкілеттіктен асыра қолдану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа апарып соғады.
3-тарау. Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдарының соғыс жағдайы кезеңіндегі өкілеттіктері
Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 10.06.2020 № 344-VІ Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
9-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің соғыс жағдайы кезеңіндегі өкілеттіктері
1. Қазақстан Республикасының Президенті соғыс жағдайы кезеңінде:
1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшылығының Ставкасын құрады, соғыс жағдайын қамтамасыз етуді ұйымдастыруға жалпы басшылықты жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшылығының Ставкасы туралы ережені бекітеді;
3) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың қорғаныс кеңестері туралы ережені бекітеді;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің соғыс жағдайы кезеңіндегі қызметін ұйымдастыру туралы ережені бекітеді;
5) соғыс жағдайы кезеңіндегі өзіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар туралы ережелерді бекітеді;
6) мемлекеттік органдардың келісімді түрде жұмыс істеуін және өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді;
7) соғыс жағдайы шараларын қолдану тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың осы шараларды қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктерін бекітеді;
8) соғыс жағдайы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді шығарады;
9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төтенше мемлекеттік бюджетті қабылдап, енгізеді және бұл туралы дереу Қазақстан Республикасының Құрылтайына хабар береді;
10) осы Заңға сәйкес соғыс жағдайын қамтамасыз ету үшін Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, мемлекеттік органдарды қолдану тәртібін белгілейді және олардың міндеттерін айқындайды;
11) бейбіт жиналыстарды, ереуілдерді ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салуларды немесе шектеулерді белгілейді;
12) әскери қызмет өткерудің ерекшеліктерін айқындайды;
13) көліктің, коммуникациялардың және энергетиканың, сондай-ақ адамдардың өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға жоғары қауіп төндіретін объектілердің ерекше жұмыс режимін белгілейді;
14) қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері бойынша консультативтік-кеңесші органдарды құрады;
15) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің соғыс жағдайы қолданылатын кезеңдегі құрылымын айқындайды;
16) Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағы 2), 3), 4), 5), 7), 8) және 10) тармақшаларының ережелері соғыс жағдайы кезеңінде де, ол енгізілгенге дейін де іске асырылуы мүмкін.
Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда – ҚР 10.06.2020 № 344-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің соғыс жағдайы кезеңіндегі құзыреті
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі соғыс жағдайы кезеңінде:
1) соғыс жағдайы кезеңіндегі министрліктер туралы ережелерді бекітеді;
2) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ұйымдардың соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету жөніндегі қызметіне басшылық етеді;
3) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, азаматтар мен басқа да адамдардың мұқтажын қанағаттандыруға бағытталған шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының Президентіне төтенше мемлекеттік бюджетті ұсынады және оның атқарылуын қамтамасыз етеді;
5) соғыс жағдайы шараларын материалдық-техникалық, еңбек және басқа да ресурстармен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
6) Қазақстан Республикасы Құрылтайының агрессия жасаған мемлекетпен (мемлекеттер тобымен не коалициясымен) халықаралық шарттардың күшін жоюы үшін оларды өз құзыреті шегінде ұсынады;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтық қорғанысы мен аумақтық қорғанысына басшылық жасайды, жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының азаматтық қорғанысы, аумақтық қорғанысы іс-шараларын жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қорғанысы мүддесінде аумақты жедел жабдықтау жөніндегі тапсырмаларды белгілейді;
8) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдарды және ұйымдарды соғыс уақытының құрылымы мен штаттарына көшіруді ұйымдастырады;
9) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды, ұйымдар мен халықты құлақтандыру жүйесін ұйымдастырады;
10) өзіне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
2. Осы баптың 1-тармағы 1) және 3) тармақшаларының ережелері соғыс жағдайы кезеңінде де, ол енгізілгенге дейін де іске асырылуы мүмкін.
Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда – ҚР 10.06.2020 № 344-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 30.06.2025 № 202-VІІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.10-1-бап. Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті
Ескерту. 10-1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті жергілікті атқарушы органдары соғыс жағдайы кезеңінде:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органдары аумақтық бөлімшелерінің және ұйымдарының соғыс жағдайы шараларын орындауын қамтамасыз етеді;
2) астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың қорғаныс кеңестерін құрады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде жүзеге асырады.
2. Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың қорғаныс кеңестері астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың қорғаныс кеңестері туралы ережеге сәйкес қызметін жүзеге асырады және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшылығының Ставкасына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне бағынады.
3. Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың қорғаныс кеңесіне тікелей басшылық ету тиісті әкімге жүктеледі.
Ескерту. 3-тарау 10-1-баппен толықтырылды – ҚР 10.06.2020 № 344-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. 4-тарау. Соттар мен прокуратура органдарының соғыс
жағдайы кезеңіндегі қызметі
11-бап. Соттар мен прокуратура органдарының соғыс жағдайы енгізілген аумақтағы қызметі
1. Соғыс жағдайы енгізілген аумақта Қазақстан Республикасының Конституциясында және конституциялық заңында белгіленген соттар жұмыс істейді.
2. Соғыс жағдайы енгізілген аумақтағы прокуратура органдарының қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. Азаматтардың және басқа да адамдардың, ұйымдардың
соғыс жағдайы кезеңіндегі міндеттері
12-бап. Азаматтардың және басқа да адамдардың соғыс жағдайы кезеңіндегі міндеттері
1. Азаматтар және басқа да адамдар Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Заңның, өзге де нормативтік құқықтық актілердің және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың соғыс жағдайы мәселелері жөніндегі талаптарын орындауға міндетті.
2. Соғыс жағдайы енгізілген аумақтағы азаматтар мен басқа да адамдар:
1) соғыс жағдайын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды адамдарының талаптарын орындауға және оларға жәрдемдесуге;
2) тұрып жатқан жеріндегі әскери басқару органдарына және мемлекеттік органдарға шақырту бойынша келуге;
3) мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарын орындауға;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен қорғаныс сипатындағы жұмыстарға, қарсылас жақтың қару қолдануының салдарын жоюға, зақымданған, қираған объектілерді, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіруге, сондай-ақ өртке, эпидемияға, эпизоотияға қарсы күреске қатысуға;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өздерінің меншігіндегі қорғаныс қажетіне керекті мүлікті беруге; <*>
6) өздеріне Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 2005.07.08. № 70 Заңымен.13-бап. Ұйымдардың соғыс жағдайы кезеңіндегі міндеттері
1. Соғыс жағдайы енгізілген аумақтағы ұйымдар соғыс жағдайын қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды адамдарының заңды талаптарын орындауға және оларға жәрдемдесуге міндетті.
2. Ұйымдар соғыс жағдайы кезеңінде:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өздерінің меншігіндегі қорғаныс қажетіне керекті мүлікті беруге; <*>
2) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шарттар негізінде мемлекеттің тапсырмаларын (тапсырыстарын) бірінші кезектегі тәртіппен орындауға;
3) өздеріне Қазақстан Республикасының заңдарымен жүктелген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. № 70 Заңымен.14-бап. Қазақстан Республикасының соғыс жағдайы жөніндегі заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
Жеке және заңды тұлғалар соғыс жағдайы жөніндегі заңдарды бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
6-тарау. Қорытынды ережелер
15-бап. Халықаралық міндеттемелердің орындалуы
Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде соғыс жағдайы енгізілген ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын Қазақстан Республикасының міндеттемелеріне сәйкес шаралар қабылдайды.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 306-VІІІ (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.16-бап. Соғыс жағдайының күшін жою
1. Қазақстан Республикасының аумағындағы немесе оның жекелеген жерлеріндегі соғыс жағдайы оны енгізуге негіз болған әрекеттер тоқтағаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен күшін жояды.
2. Соғыс жағдайын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған және азаматтар мен басқа да адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ ұйымдардың құқықтарын уақытша шектеуге байланысты нормативтік құқықтық актілер соғыс жағдайы енгізілген мерзім ішінде ғана қолданылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен күшін жоюға тиіс.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 10.06.2020 № 344-VІ Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).17-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |