Саяси партиялар туралы

Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 15 шілдедегі N 344 Заңы.

     

      Ескерту. Кіріспе алып тасталды – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Саяси партия ұғымы

      1. Азаматтардың, әртүрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн мемлекеттiк билiктiң өкiлдi және атқарушы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында бiлдiру және оларды қалыптастыру iсiне қатысу мақсатында олардың саяси еркiн бiлдiретiн Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiктi бiрлестiгi саяси партия деп танылады.

      2. Саяси партияның халық атынан билiк жүргiзуге құқығы жоқ.

2-бап. Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.

      2. Саяси партиялар заң алдында бiрдей.

3-бап. Саяси партияларға бiрiгу құқығы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси партияларға бiрлесу бостандығына құқығы бар.

      2. Қазақстан Республикасының азаматы тек бiр саяси партияға мүше бола алады.

      3. Саяси партияға мүше болу Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негiз бола алмайды.

      4. Әркiм өзiнiң қандай партияға жататынын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы.

4-бап. Мемлекет және саяси партиялар

      1. Мемлекет саяси партиялардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.

      2. Мемлекеттiң саяси партиялардың iстерiне және саяси партиялардың мемлекет iстерiне заңсыз араласуына жол берiлмейдi. Саяси партияларға мемлекеттiк органдардың функцияларын жүктеуге де жол берiлмейдi.

      3. Азаматтардан кез келген нысанда, оның iшiнде ресми құжаттарда да, қандай партияға жататынын көрсетудi талап етуге тыйым салынады.

      4. Парламент депутаттарының, мемлекеттiк қызметшiлердiң саяси партиялардағы ақы төленетiн қызметтерде болуына құқығы жоқ.

      5. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялар мен олардың органдарының шешiмдерiмен байланысты болмайды.

      6. Саяси партиялардың тұрақты жұмыс істейтін органдарында қызмет атқаратын адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру туралы заңнамасы қолданылады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2007.05.15. № 253 Заңымен.

5-бап. Саяси партиялардың құрылу және қызмет ету негiздерi

      1. Саяси партияларды құрудың құқықтық негіздерін, олардың құқықтары мен міндеттерін, олардың қызметінің кепілдіктерін айқындау Заңның негізгі мақсаты болып табылады.

      2. Саяси партиялардың мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен қатынастарын реттеу Заңның негізгі міндеті болып табылады.

      3. Саяси партиялардың қызметi ерiктiлiк, тең құқықтылық, өзiн-өзi басқару, заңдылық және жариялылық қағидаттарына негiзделедi. Осы Заңда белгiленген шектеулердi қоспағанда, саяси партиялар iшкi құрылымын, мақсаттарын, қызмет нысандары мен әдiстерiн еркiн айқындайды.

      4. Саяси партиялардың қызметi адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiлген құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға тиiс.

      5. Саяси партиялар Қазақстан Республикасының саяси партияға мүше болып табылатын азаматтарына саяси партиялардың басшы органдарында, депутаттыққа кандидаттар тiзiмiнде өкiлдiк етуi үшiн және мемлекеттiк билiк органдары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарындағы өзге де сайланбалы қызметтерге бiрдей мүмкiндiктер жасауға тиiс.

      6. Саяси партиялардың ұйымдық құрылымы аумақтық қағидат бойынша құрылады.

      7. Саяси партиялар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшы органдары Қазақстан Республикасының аумағында болуға тиiс.

      8. Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттердiң саяси партияларының қызметiне жол берiлмейдi.

      9. Мақсаттары немесе әрекеттерi Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауiпсiздігiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты тұтатуға бағытталған саяси партияларды құру мен олардың қызметiне тыйым салынады.

      10. Азаматтардың кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этностық және дiни белгiлерi бойынша саяси партиялар құруға, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында саяси партиялардың бастауыш партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.

      11. Әскерилендiрiлген саяси партиялар, сондай-ақ саяси партиялар жанынан әскерилендiрiлген құралымдар құруға және олардың қызметiне тыйым салынады.

      12. Бiлiм беру ұйымдарының оқу процесiнде саяси партиялардың бағдарламалық, жарғылық талаптарын насихаттауға жол берiлмейдi.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. САЯСИ ПАРТИЯНЫ ҚҰРУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

6-бап. Саяси партияны құру

      1. Саяси партия саны жеті жүз адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) шақыратын және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың үштен екісінің атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады. Азаматтар саяси партияның құрылтай съезіне (конференциясына) жеке өзі қатысады. Азаматтардың саяси партияның құрылтай съезінде (конференциясында) сенімхат бойынша өкілдік етуіне жол берілмейді. Саяси партияның құрылуын, оның ішінде құрылтай съезінің (конференциясының) өткізілуін ұйымдастыруды қаржыландыру осы Заңның 18-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) дайындау және өткізу үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамашы тобы мүшелерінің қатарынан құрамында кемінде он адам болатын ұйымдастыру комитеті құрылады.

      3. Ұйымдастыру комитеті тіркеуші органға мынадай ақпаратты:

      1) тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша электрондық және қағаз жеткізгіштерде азаматтардың саяси партия құру жөніндегі бастамашы тобының тізімін және ұйымдастыру комитетінің мүшелері туралы мәліметтерді;

      2) ұйымдастыру комитетінің құрылу мақсаты, саяси партияның болжалды атауы, орналасқан жері, ұйымдастыру комитетінің ақшасы мен өзге де мүлкін қалыптастыру мен пайдаланудың болжалды көздері, сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің қаражатын қалыптастыру үшін есеп айырысу шотын ашуға және оның қызметін қамтамасыз ету үшін азаматтық-құқықтық шарттар жасасуға уәкілеттік берілген ұйымдастыру комитетінің мүшесі (бұдан әрі - ұйымдастыру комитетінің уәкілетті адамы) туралы мәліметтер көрсетілген ұйымдастыру комитеті жиналысының хаттамасын қоса тіркей отырып, саяси партия құру ниеті туралы тіркеуші орган белгілеген нысандағы хабарламаны табыс етеді.

      4. Тіркеуші орган осы баптың 3-тармағында көрсетілген хабарламаны және өзге де құжаттарды алған күні ұйымдастыру комитетінің уәкілетті адамына олардың табыс етілгенін растайтын құжатты (бұдан әрі - растама) береді.

      5. Ұйымдастыру комитеті тіркеуші орган растама бергеннен кейін ғана өз қызметіне кірісуге құқылы.

      6. Ұйымдастыру комитеті растама берілген күннен бастап үш айдың ішінде саяси партияның құрылтай съезін (конференциясын) өткізуге тиіс. Бұл мақсатта ұйымдастыру комитеті:

      1) растама берілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасының аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында саяси партияны құру ниеті, саяси партия құрылтай съезінің (конференциясының) өтетін орны мен күні туралы мәліметтерді жариялайды;

      2) ұйымдастыру комитетінің уәкілетті адамы арқылы Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде есеп айырысу шотын ашады;

      3) саяси партияны құруға бағытталған өзге де ұйымдастырушылық және ақпараттық-насихаттық қызметін жүзеге асырады.

      7. Құрылтай съезінде (конференциясында) саяси партияны құру, оның атауы, жарғысы, бағдарламасы туралы шешімдер қабылданады және оның басшы органдары құрылады.

      8. Саяси партия жарғылық қызметін мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырады.

      9. Ұйымдастыру комитеті өзінің қызметін мынадай жағдайлардың бірі туындаған:

      1) тіркеуші орган растама берген күннен бастап жеті ай өткен;

      2) саяси партия мемлекеттік тіркелген;

      3) саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тартылған кезде;

      4) азаматтардың бастамашы тобының шешімі бойынша тоқтатады.

      10. Саяси партия мемлекеттік тіркелген жағдайда ұйымдастыру комитетінің ақшасы және өзге де мүлкі, сондай-ақ ақша қаражаты мен өзге де мүліктің түсу көздері көрсетілген олардың пайдаланылуы туралы қаржылық есеп құрылған саяси партияға табыс етіледі.

      Саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тартылған немесе ұйымдастыру комитетінің қызметі азаматтардың бастамашы тобының шешімі бойынша тоқтатылған жағдайда ұйымдастыру комитетінің қалған ақшасы мен өзге де мүлкі Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес ұйымдарына енгізілген қайырмалдықтарға пропорционалды түрде беріледі.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда – ҚР 06.02.2009 № 122-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Саяси партияның атауы мен рәмiзi

      1. Саяси партияның атауында "саяси партия" немесе "партия" деген сөздер болуға тиiс, оларды саяси партиялардың атауында ғана пайдалануға жол берiледi.

      Саяси партияның толық және қысқартылған атауы мен оның рәмiзi мемлекеттiк органдардың, Қазақстан Республикасында тiркелген саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылыққа байланысты таратылған саяси партиялардың және қоғамдық ұйымдардың атауы мен рәмiзiн толық немесе олардың елеулi бөлiгiн қайталамауға тиiс.

      2. Саяси партияның атауында ұлттық, этникалық, дiни, аймақтық, қауымдық және гендерлiк белгiлердi көрсетуге, оның лидерлерiнiң, тарихи тұлғалардың есiмдерi мен фамилияларын пайдалануға жол берiлмейдi.

      3. Саяси партияның өз рәмiзi ретiнде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердiң мемлекеттiк нышандарын пайдалануға құқығы жоқ.

      4. Саяси партия рәмiз ретiнде эмблемаларды, туларды, гимндердi, вымпелдердi, значоктарды пайдалануға құқылы.

      5. Саяси партияның рәмiзi Конституцияға қарсы және заңға қарсы мақсаттарды насихаттауға қызмет етпеуге тиiс.

      6. Саяси партия рәмiзiнiң сипаттамасы мен эскиздерi жарғыда болуға тиiс.

      Ескерту. 7-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі № 67-ІІІ Заңымен (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009 жылғы 6 ақпандағы № 122-IV (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

8-бап. Саяси партияға мүше болу

      1. Қазақстан Республикасының жасы он сегiзге толған азаматы саяси партияның мүшесi бола алады.

      2. Саяси партияға шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың мүше болуына, сондай-ақ ұжымдық мүшелiкке жол берiлмейдi.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы, Төрағасының орынбасары, судьялары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және өзге де соттардың Төрағасы мен судьялары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлері, әскери қызметшілер саяси партияларда болмауға, қандай да бір саяси партияға қолдау көрсетпеуге тиіс.

      Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерді қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдар тағайындалған, сайланған, қызметке кірген күннен бастап он күн ішінде саяси партиялардан шығуға тиіс.

      3-1. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс.

      Халыққа ант беру кезінде Қазақстан Республикасының Президенті саяси партияда тұрған жағдайда, ол ант берген күннен бастап он күн ішінде саяси партиядан шығуға тиіс.

      4. Саяси партияға мүшелiк ерiктi, жеке және тiркелетiн тәртiпте болады.

      5. Саяси партияға қабылдау жазбаша өтiнiш негiзiнде жүзеге асырылады.

      6. Саяси партияға мүше болу кәсiби, әлеуметтiк, нәсiлдiк, рулық, ұлттық немесе дiни белгiлер бойынша, сондай-ақ жынысына және мүлiктiк жағдайына байланысты шектелмеуге тиiс.

      7. Саяси партияның мүшелерi саяси партияның басшы органдарына сайлауға және сайлануға, саяси партия мен оның басшы органдарының қызметi туралы ақпарат алуға құқылы.

      8. Қайтыс болу, партиядан шығу, партиядан шығарылу, басқа партияға кiру, әскери қызметке қабылдану, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке кіру саяси партияға мүше болуды тоқтатуға негiз болып табылады.

      Әскери қызметке қабылданған немесе құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке кірген жағдайда саяси партияға мүшелік автоматты түрде тоқтатылады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Саяси партияның жарғысы

      1. Саяси партияның жарғысында мыналар болуға тиiс:

      1) саяси партияның атауы, мақсаттары мен мiндеттерi, сондай-ақ рәмiзiнiң сипаттамасы;

      2) саяси партияның орталық аппаратының орналасқан жерi;

      3) саяси партияға мүше болудың және мүшелiктен шығып қалудың шарттары мен тәртiбi, оның мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi;

      4) саяси партия мүшелерiн есепке алу тәртiбi;

      5) саяси партияны және оның құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) құру, қайта ұйымдастыру мен тарату тәртiбi;

      6) саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшы және бақылау-тексеру органдарын сайлау тәртiбi, аталған органдардың өкiлеттiк мерзiмi мен құзыреті;

      7) саяси партияның жарғысына және оның бағдарламасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi;

      8) осы Заңның талаптары ескеріле отырып, депутаттыққа және мемлекеттiк билiк органдары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарындағы өзге де сайланбалы қызметтерге саяси партиядан кандидаттар (кандидаттар тiзiмiн) ұсыну тәртiбi;

      9) саяси партиядан сайланған депутаттарды керi шақырып алу негiздерi;

      10) саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) ақшаны және өзге де мүлiктi басқару саласындағы құқықтары, саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) қаржылық жауапкершiлiгi және саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) есептiлiк тәртiбi.

      2. Саяси партияның жарғысында өзiнiң қызметiне жататын және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуы мүмкiн.

      3. Саяси партияның жарғысына енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар мемлекеттiк тiркелуге жатады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 29.06.2018 № 163-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.05.2020 № 336-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 42-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу

      1. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.

      2. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуге қажеттi құжаттар саяси партияның құрылтай съезi (конференциясы) өткiзiлген күннен бастап төрт айдан кешiктiрiлмей тiркеушi органға табыс етiледi.

      3. Саяси партия мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастап он екі айдың iшiнде өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) аумақтық әдiлет органдарында есептiк тiркеуден өткiзуге мiндеттi.

      4. Осы баптың 3-тармағын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен саяси партияның мемлекеттiк тiркелуiнiң күшiн жоюға әкеп соғады.

      5. Саяси партияны тiркеу мен қайта тiркеу, сондай-ақ оның құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) есептiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу туралы заңнамасында көзделген тәртiппен және мерзiмдерде жүзеге асырылады.

      6. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн оның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы әрқайсысында кемiнде екі жүз партия мүшесi бар құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) атынан өкiлдiк ететiн кем дегенде бес мың партия мүшесi болуға тиiс.

      7. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу тiркеушi органға мынадай құжаттарды тапсырған жағдайда жүзеге асырылады:

      1) тiркеушi орган белгiлеген нысан бойынша өтiнiш;

      2) саяси партияның басшысы қол қойған саяси партияның екi дана етiп жасалған жарғысы мен бағдарламасы;

      3) саяси партияның құрылтай съезiнiң (конференциясының) хаттамасы;

      4) саяси партия мүшелерiнiң тiркеушi орган белгiлеген нысандағы және осы баптың 6-тармағының талабына сай келетiн электрондық және қағаз жеткiзгiштегi тiзiмдерi;

      5) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу үшiн алынатын алымның төленгенi туралы құжат.

      8. Мемлекеттік тіркеу мерзімі Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкiлдiктерді есептiк тiркеу туралы заңнамасында көзделген негіздер бойынша тоқтатыла тұрады.

      Мемлекеттік тіркеу мерзімінде үзіліс жасауға себеп болған негіздемелер жойылған кезде тіркеуші орган саяси партияны мемлекеттік тіркеу не мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 08.07.2005 № 67-ІІІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.02.06 № 122-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.05.2020 № 336-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуден бас тарту

      1. Тiркеушi орган Қазақстан Pecпубликасының заң актiлерiнде көзделген негiздемелер бойынша, сондай-ақ партия құрудың заңда белгiленген тәртiбiн бұзған, берiлген құжаттар, соның iшiнде оның құрылтай құжаттары мен партия мүшелерiнiң, оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) тiзімдерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес келмеген жағдайда саяси партияны мемлекеттік тiркеуден бас тартады.

      Тiркеуші орган Қазақстан Республикасының заң актілерiне көзделген негiздемелер бойынша, сондай-ақ құрылымдық бөлiмшенi (филиалы мен өкiлдiгiн) құрудың заңдарда белгіленген тәртібін бұзған, есептік тіркеуге берілген құжаттар, соның iшiнде партия мүшелерінiң тiзiмдерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес келмеген жағдайда саяси партияның құрылымдық бөлiмшесiн (филиалы мен өкiлдiгiн) есептiк тiркеуден бас тартады.

      1-1. Осы Заңның 10-бабының 6-тармағында көзделген, партия мүшелерінің жалпы санына әсер етпейтін саяси партия мүшелерінің тізімі бойынша анықталған бұзушылықтар саны саяси партияны мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіз бола алмайды.

      Осы тармақтың күші осы Заңның 8-бабының 1, 2, 3 және 5-тармақтары бұзылған жағдайларға қолданылмайды.

      2. Мемлекеттiк тiркеуден бас тартылған жағдайда саяси партия тiркеушi органға үш ай өткен соң оны мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды қайтадан бере алады.

      3. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуден, оның құрылымдық бөлiмшелерін (филиалдары мен өкiлдiктерiн) есептiк тiркеуден бас тартуға сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі № 67-ІІІ (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2009 жылғы 6 ақпандағы № 122-IV (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

12-бап. Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар

      Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдарының сақталуына, сондай-ақ саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) қызметiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестiгiн бақылауды:

      1) саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) саяси партия мүшелерiнiң қажеттi саны бар екендiгiн растайтын құжаттарын берудi талап ету немесе оларға қол жеткiзу құқығы бар тiркеушi органдар;

      2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары;

      3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда басқа мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.

      Азаматтардың саяси партия құру жөнiндегi бастамашы тобының, саяси партия мүшелерi тiзiмдерiнiң дұрыстығын осы Заңның 6-бабы 1-тармағының, 8-бабының, 10-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкестігіне тексерудi Қазақстан Республикасының Әділет министрлігi айқындайтын тәртіппен тиiстi мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 08.07.2005 № 67-ІІІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

13-бап. Саяси партияның қызметiн тоқтата тұру

      1. Саяси партияның қызметi соттың шешiмi бойынша үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын бұзған;

      2) саяси партияның жарғысына қайшы келетiн қызметтi үнемi жүзеге асырған;

      3) саяси партия басшыларының экстремизмдi жүзеге асыруға бағытталған жария шақыруы мен сөйлеген сөздерi орын алған;

      4) саяси партия мүшелерiнiң саны осы Заңның 10-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкiн.

      2. Саяси партияның қызметі тоқтатыла тұрған кезеңде партияның басшылары мен мүшелеріне бұқаралық ақпарат құралдарында партия атынан сөз сөйлеуге, бейбіт жиналыстар мен өзге де жария сөз сөйлеуді ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады, сондай-ақ саяси партияның банктік шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрады, бұған еңбек шарттары, қызметінің нәтижесінде келтірілген залалдардың орнын толтыру және айыппұлдар төлеу бойынша есеп айырысулар кірмейді.

      3. Егер саяси партияның қызметiн тоқтата тұрудың белгiленген мерзiмi iшiнде тәртiп бұзушылықтар жойылатын болса, саяси партия өз қызметiн қайта бастайды.

      4. Саяси партияның орын алған тәртiп бұзушылықты жойғандығы фактiсiн саяси партияның қызметiн тоқтата тұру туралы шешiм шығарған сот анықтайды.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.02.23. № 33, 08.07.2005 № 67-ІІІ (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 25.05.2020 № 334-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Саяси партияны қайта ұйымдастыру және тарату

      1. Саяси партияны қайта ұйымдастыру (қосылу, бірігу, бөліну, бөлініп шығу, қайта құрылу) оның жоғары органының шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және саяси партияның жарғысында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      Өз қызметін тоқтатқан саяси партияның құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) саяси партияның жоғары органының қайта ұйымдастыру (тарату) туралы шешімінің негізінде тіркеуші органда есептік тіркеуден шығарылуға жатады.

      2. Қайта ұйымдастырылғаннан кейiн жаңадан құрылған саяси партияны тiркеу саяси партияны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай мерзім өткеннен кейін Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      2-1. Саяси партия бөлінген немесе саяси партияның құрамынан бөліп шығарылған кезде қайта ұйымдастырылған саяси партия мен жаңадан құрылған саяси партиялар мүшелерінің жалпы саны осы Заңның 10-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкес болуға тиіс.

      3. Саяси партия:

      1) өзiнiң жоғары органының шешiмi бойынша;

      2) аймақтардың кемiнде жартысының өкiлi болып табылатын мүшелерiнiң кемiнде елу бiр процентiнiң ұсынысы бойынша;

      3) соттың шешiмi бойынша таратылады.

      4. Саяси партияны таратуды саяси партияның жоғары органы тағайындайтын тарату комиссиясы немесе Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.

      5. Соттың шешiмi бойынша саяси партия:

      1) осы Заңның талаптарын орындамаған;

      2) саяси партияның қызметiн тоқтата тұру үшiн негiз болған тәртiп бұзушылықты сот белгiлеген мерзiмде жоймаған;

      3) саяси партияның жарғысына қайшы келетiн қызметтi үнемi жүзеге асырған;

      4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған қызметтi жүзеге асырған не қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарын бiрнеше рет (кемiнде екi рет) немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;

      5) мемлекеттiк тiркеу үшiн табыс етiлген құжаттардағы мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған кезде саяси партияны мемлекеттiк тiркеудiң заңсыздығы танылған не саяси партияны мемлекеттiк тiркеудiң күшi жойылған;

      6) саяси партия Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi депутаттарының сайлауына қатарынан екi рет қатыспаған;

      7) шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтар, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар қаржыландырған, саяси партия осы Заңда тыйым салынған қайырмалдықтарды қабылдаған;

      7-1) саяси партия, оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қайта тiркеусiз жүзеге асырған;

      8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда таратылуы мүмкiн.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі № 67-ІІІ Заңымен (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009 жылғы 6 ақпандағы № 122-IV (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

3-тарау. САЯСИ ПАРТИЯНЫҢ ҚЫЗМЕТI

15-бап. Саяси партияның құқықтары мен мiндеттерi

      1. Саяси партия жарғысы мен бағдарламасында анықталған мақсаттар мен мiндеттердi жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен:

      1) өзiнiң қызметi туралы ақпарат таратуға және өз мақсаттары мен мiндеттерiн насихаттауға;

      2) ерiктi негiзде қауымдастықтарға (одақтарға), сайлау блоктарына бiрiгуге;

      3) Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң және мәслихаттарының депутаттығына, аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкіміне кандидаттар ұсынуға; мәслихаттардағы өз өкiлдерi арқылы Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидатуралар ұсынуға құқылы.

      Әкімшілік-аумақтық бірліктің шекаралары бөлініп шығу немесе бөліну арқылы өзгерген жағдайда, саяси партия:

      мәслихат бөлген мандаттарды ескере отырып, қайта ұйымдастырылған мәслихат депутаттарының дербес құрамын;

      тіркелген партиялық тізімге енгізілген кандидаттарды бөледі;

      4) өздерiнiң бұқаралық ақпарат құралдарын құруға;

      5) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге;

      6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерiнде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Саяси партия:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының талаптарын сақтауға;

      2) әрбiр азаматтың өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгін қамтамасыз етуге;

      3) тiркеушi органға Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгiзiлетiн мәлiметтер көлемiнде тұрақты жұмыс iстейтiн орган орналасқан жердің және оның басшылары туралы деректердiң өзгергені жөнінде хабарлауға;

      4) мемлекеттік кіріс органдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмдер мен көлемде өзiнiң қаржылық қызметi туралы есепті табыс етуге мiндеттi.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.05.2020 № 334-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 42-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-1-бап. Саяси партиядан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну ерекшеліктері

      1. Саяси партия Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіткен кезде оларға үш санат өкілдерін: әйелдерді, жастарды, мүгедектігі бар адамдарды жиынтығында кандидаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызы көлемінде енгізеді.

      2. Саяси партия мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіткен кезде оларға әйелдерді және жастарды жиынтығында кандидаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызы көлемінде енгізеді.

      Ескерту. 1-тарау 15-1-баппен толықтырылды – ҚР 25.05.2020 № 336-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР 07.02.2022 № 106-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Саяси партияның және оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) органдары

      1. Саяси партияның төрт жыл iшiнде кемiнде бiр рет шақырылатын съезi (конференциясы) саяси партияның жоғары басшы органы болып табылады.

      2. Саяси партияның съезiнде (конференциясында):

      1) саяси партияның жарғысы мен бағдарламасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiледi;

      2) саяси партияның мүшелері Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттығына кандидаттар ретiнде ұсынылады, депутаттыққа кандидаттардың Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына тiркеу үшін ұсынылатын партиялық тiзiмi бекiтiледi;

      3) саяси партияның басшы органдары сайланады;

      4) партияның мүшелiк жарналарының мөлшерi бекiтiледi.

      3. Саяси партияның филиалы мен өкiлдiгiнiң конференциясы (жалпы жиналысы) саяси партия филиалы мен өкiлдiгiнiң жоғары басшы органы болып табылады.

      4. Саяси партияның филиалы мен өкiлдiгiнiң конференциясында (жалпы жиналысында):

      1) олардың басшы органдары сайланады;

      2) тиісті мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдері, аудан (облыстық маңызы бар қала), аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкіміне кандидаттар, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаттары депутаттығына кандидаттар ұсынылады.

      5. Саяси партия съезiнiң (конференциясының) шешiмi саяси партияның съезiне (конференциясына)саяси партияның барлық облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы филиалдары мен өкiлдiктерiнiң өкiлдерi қатысқан кезде көпшiлiк дауыспен қабылданады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2018 № 163-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.05.2021 № 42-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Саяси партияның меншiгi

      Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған объектiлердi қоспағанда, саяси партияның меншiгiнде оның жарғысында көзделген қызметтi материалдық жағынан қамтамасыз ету үшiн қажеттi объектiлер, сондай-ақ оның қаражаты есебiнен құрылатын ұйымдар болуы мүмкiн.

      Саяси партия тұтас алғанда, саяси партия мүлкiнiң, соның iшiнде оның құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) мүлкiнiң меншiк иесi болып табылады. Саяси партия мүшелерiнiң саяси партияның мүлкiне қатысты құқықтары болмайды.

      Саяси партияның мүлкi саяси партияның жарғысы мен бағдарламасында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру және мiндеттердi шешу үшiн пайдаланылады.

      Саяси партияның мүлкi ол таратылған жағдайда оның жарғысына сәйкес пайдаланылуға тиiс. Егер саяси партияның жарғысында мұндай тәртiп көзделмесе, онда бұл мәселенi шешудi саяси партияны тарату туралы шешiм қабылдаған орган жүзеге асырады.

18-бап. Саяси партияны қаржыландырудың көздерi және оның қаражатын пайдалану

      1. Саяси партияның қаражаты:

      1) мүшелiкке кiру және мүшелiк жарналардан;

      2) қайырмалдықтар құжатпен расталып, олардың шығу көздерi көрсетiлген жағдайда мемлекет алдындағы салықтық мiндеттемелерiнiң орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн орталық атқарушы орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес ұйымдарының қайырмалдықтарынан;

      3) кәсiпкерлiк қызметтен түскен кірістерден;

      4) бюджет қаражатынан құралады.

      2. Саяси партияға және оның құрылымдық бөлiмшелерiне (филиалдары мен өкiлдiктерiне):

      1) шет мемлекеттерден, шетелдiк заңды тұлғалардан және халықаралық ұйымдардан;

      2) шетелдiктерден және азаматтығы жоқ адамдардан;

      3) шетел қатысатын заңды тұлғалардан;

      4) мемлекеттiк органдардан және мемлекеттiк ұйымдардан;

      5) дiни бiрлестiктерден және қайырымдылық ұйымдарынан;

      6) иесi көрсетiлмеген қайырмалдық жасаушылардан;

      7) халықаралық немесе шетелдік үкіметтік емес ұйымдардан гранттар және өзге де қаражаттар алатын Қазақстан Республикасының азаматтарынан немесе мемлекеттік емес ұйымдарынан қайырмалдық алуға жол берілмейді.

      Осы тармақта көрсетiлген адамдардан келiп түскен қайырмалдықтар соттың шешiмi бойынша мемлекеттің кiрiсiне аударылады.

      3. Саяси партиялардың ақшасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелген банктердiң шоттарына орналастырылады.

      4. Саяси партияның ақшасы мен өзге де мүлкi оның мүшелерi арасында бөлiнбейдi және жарғылық мақсаттарға сәйкес жұмсалуға тиiс. Саяси партияның өз қаражатын қайырымдылық көмекке пайдалануына жол берiледi.

      5. Саяси партияның жылдық қаржылық есебi жыл сайын республикалық баспасөз басылымдарында жарияланады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі № 67-ІІІ Заңымен (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009 жылғы 6 ақпандағы № 122-IV (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 16.11.2015 № 403-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

18-1-бап. Саяси партияларға бөлінетін бюджет қаражаты

      1. Соңғы сайлау қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға бюджет қаражаты жыл сайын бөлінеді.

      2. Саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының мөлшері республикалық бюджет туралы заңда айқындалады.

      3. Саяси партияларды қаржыландыру тәртібін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

      4. Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 18-1-баппен толықтырылды – ҚР 06.02.2009 № 122-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2024 № 115-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

19-бап. Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдарын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оған кiнәлi жеке және заңды тұлғалар, оның iшiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары және саяси партияның басшы органдарының құрамына кiретiн адамдар жауаптылықта болады.

20-бап. Саяси партиялардың халықаралық байланыстары

      Қазақстан Республикасының саяси партиялары халықаралық байланыстар орнатып, жасай алады, тиiстi келiсiмдер жасасып, дiни бiрлестiктердi қоспағанда, халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктерге ұжымдық мүшелер ретiнде кiре алады.

21-бап. Өтпелi ережелер

      Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған саяси партиялар алты ай iшiнде осы Заңның талаптарына сәйкес мемлекеттiк қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.

22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      1-1. Мыналардың:

      9-баптың 1-тармағының 9) тармақшасы тоқтатыла тұрған кезеңде:

      "9) бiрыңғай жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжiлiсінің саяси партиядан сайланған депутаттарын керi шақырып алу немесе ротациялау негiздерi;" деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, 9-баптың 1-тармағы 9) тармақшасының;

      16-баптың 4-тармағының 2) тармақшасы тоқтатыла тұрған кезеңде:

      "2) тиiстi мəслихаттардың депутаттығына кандидаттар ұсынылады." деген редакцияда қолданылады деп белгіленіп, 16-баптың 4-тармағы 2) тармақшасының қолданысы 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.

      2. "Саяси партиялар туралы" 1996 жылғы 2 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының күшi жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., № 11-12, 260-құжат; 1997 ж., № 13-14, 205-құжат).

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2018 № 163-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының
Президенті