Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы N 234 Заңы

Қолданыстағы

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Қазақстан Республикасында бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн реттейдi, бухгалтерлiк есептi жүргiзу мен қаржылық есептiлiктi жасаудың принциптерiн, негiзгi сапалық сипаттамалары мен ережелерiн белгiлейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) аккредиттеу - уәкiлеттi органның бухгалтерлердiң кәсiби ұйымдарының және осы Заңда көзделген, уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша куәлiкпен расталған, бухгалтерлердi кәсiби сертификаттау жөнiндегi ұйымдардың құқықтылығын тануы;

      2) бастапқы eceпкe алу құжаттары (бұдан әрi - бастапқы құжаттар) - бухгалтерлiк есеп жүргiзуге негiз болатын, операцияның немесе оқиғаның жасалу фактiсiнiң және оны жасауға берiлген құқықтың қағаз және электрондық жеткiзгiштегi құжаттық растамасы;

      3) бухгалтерлердi кәсiби сертификаттау жөнiндегi аккредиттелген ұйым (бұдан әрi - сертификаттау жөнiндегi ұйым) - кәсiби бухгалтерлерге кандидаттарды сертификаттауды жүзеге асыратын, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аккредиттелген заңды тұлға;

      4) бухгалтерлердiң аккредиттелген кәсiби ұйымы (бұдан әрi - кәсiби ұйым) - бухгалтерлер мен бухгалтерлiк ұйымдардың бiрлестiгi болып табылатын коммерциялық емес ұйым;

      5) бухгалтерлiк есепке алу тiркелiмдерi - бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiнде көрсету үшiн есепке алуға қабылданған бастапқы құжаттардағы ақпаратты қорытуға, жүйелеуге және жинақтауға арналған нысандар;

      6) бухгалтерлiк ұйым - бухгалтерлiк есеп саласында қызмет көрсететiн, кәсiби ұйымның мүшесi болып табылатын ұйым;

      7) жария мүдделi ұйымдар - қаржы ұйымдары, акционерлiк қоғамдар (коммерциялық еместерiн қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндiретiн ұйымдардан басқа) және жарғылық капиталында мемлекеттiң қатысу үлесi бар ұйымдар, сондай-ақ шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген мемлекеттiк кәсiпорындар;

      8) кәсiби бухгалтер - кәсiби бухгалтер сертификаты бар жеке тұлға;

      9) кәсiби бухгалтер сертификаты (бұдан әрi - сертификат) - сертификаттау жөнiндегi ұйым берген, бухгалтердiң кәсiби бiлiктiлiгiн куәландыратын құжат;

      10) қаржылық есептiлiк депозитарийi (бұдан әрi - депозитарий) - қаржылық есептiлiктiң ұйымдар жыл сайын өткiзiп отыратын, пайдаланушылар үшiн ашық қолжетiмдi электрондық деректер базасы;

      11) қаржылық есептiлiк стандарты - бухгалтерлiк есеп жүргiзу және қаржылық есептiлiк жасау принциптерi мен әдiстерiн белгiлейтiн құжат;

      12) қаржылық есептiлiктiң ұлттық стандарттары (бұдан әрi - ұлттық стандарттар) - қаржылық есептiлiктiң уәкiлеттi орган бекiткен стандарттары;

      13) қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттары (бұдан әрi  - халықаралық стандарттар) - Қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттары комитетiнiң Қоры бекiткен қаржылық есептiлiк стандарттары;

      14) уәкiлеттi орган - бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк саласындағы қызметтi реттеудi жүзеге асыратын орталық мемлекеттiк орган.

      2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      1. Осы Заңның күшi:
      дара кәсiпкерлерге;
      заңды тұлғаларға, шетелдiк заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында тiркелген филиалдары мен өкiлдiктерiне (бұдан әрi - ұйымдар) қолданылады.

      2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бiржолғы талон немесе патент негiзiнде арнайы салық режимiн қолданатын дара кәсiпкерлер бухгалтерлiк есептi жүргiзудi және қаржылық есептiлiк жасауды жүзеге асырмауға құқылы.

      3. Мемлекеттiк мекемелердi, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiн және жария мүдделi ұйымдарды қоспағанда, дара кәсiпкерлер мен ұйымдар мынадай санаттарға:
      1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес шаруа немесе фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiретiн заңды тұлғалар үшiн, сондай-ақ оңайлатылған декларация негiзiнде арнайы салық режимiн қолданатын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне;
      2) осы тармақтың 1) тармақшасында аталғандарды қоспағанда, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға, шетелдiк заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында тiркелген филиалдары мен өкiлдiктерiне;
      3) орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне, сондай-ақ оралымды басқару құқығына негiзделген мемлекеттiк кәсiпорындарға (қазыналық кәсiпорындарға) жатқызылуына қарай қаржылық есептiлiк жасауды ұлттық стандарттарға сәйкес жүзеге асырады.

      4. Iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi мен жария мүдделi ұйымдар қаржылық есептiлiктi халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға мiндеттi.

      5. Осы баптың 3-тармағында аталған ұйымдар есептiлiк саясатын бекiткен олардың басшы органдарының шешiмi бойынша қаржылық есептiлiктi халықаралық стандарттарға сәйкес жасауға құқылы.

      3-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен
              қаржылық есептiлiк туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

2-тарау. БУХГАЛТЕРЛIК ЕСЕП ПЕН ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТIЛIК ЖҮЙЕСI

      4-бап. Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiктiң
              мақсаты

      Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiктiң мақсаты мүдделi тұлғаларды дара кәсiпкерлер мен ұйымдардың қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.

      5-бап. Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiктiң
              принциптерi мен негiзгi сапалық сипаттамалары

      1. Есептеу мен үздiксiздiк бухгалтерлiк есептi жүргiзудiң және қаржылық есептiлiктi жасаудың принциптерi болып табылады.

      2. Түсiнiктiлiк, орындылық, сенiмдiлiк және салыстырмалылық қаржылық есептiлiктiң негiзгi сапалық сипаттамалары болып табылады.

      6-бап. Бухгалтерлiк есеп жүйесi

      1. Бухгалтерлiк есеп дара кәсiпкерлер мен ұйымдардың операциялары мен оқиғалары туралы ақпаратты жинаудың, тiркеудiң және қорытудың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасымен, сондай-ақ есеп саясатымен регламенттелген тәртiпке келтiрiлген жүйесiн бiлдiредi.

      2. Есеп саясаты Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына, халықаралық немесе ұлттық стандарттарға және бухгалтерлiк есеп шоттарының үлгi жоспарына сәйкес, олардың қажеттiлiктерi мен қызмет ерекшелiктерi негiзге алына отырып, бухгалтерлiк есептi жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасау үшiн дара кәсiпкер немесе ұйым қолдануға қабылдаған нақты принциптердi, негiздердi, ережелердi, тәртiп пен практиканы бiлдiредi.

      3. Операциялар мен оқиғалар бухгалтерлiк есеп жүйесiнде көрсетiледi, бұл ретте:
      1) бухгалтерлiк жазбаларды бастапқы құжаттардың түпнұсқаларына сайма-сай бекiту және бухгалтерлiк жазбаларда барлық операциялар мен оқиғаларды көрсету;
      2) операциялар мен оқиғаларды хронологиялық тәртiппен және уақтылы тiркеу;
      3) әрбiр айдың бiрiншi күнiндегi жағдай бойынша синтетикалық (қорытынды) есептi талдамалық (егжей-тегжейлi) есеппен сәйкес келтiру қамтамасыз етiлуге тиiс.

      4. Операциялар мен оқиғалар ұйымдардың уәкiлеттi орган және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген талаптарға сай келетiн бухгалтерлiк есеп шоттары үлгi жоспарының негiзiнде синтетикалық шоттарда екi рет жазу тәсiлiмен көрсетiледi. V021972 , V021973 , V085348
      Операциялар мен оқиғалардың талдамалық есебiн жүргiзу тәртiбiн дара кәсiпкер немесе заңды тұлғаның лауазымды адамдары (бұдан әрi - басшылық) белгiлейдi, олар Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне және құрылтай құжаттарға сәйкес дара кәсiпкердiң немесе ұйымның қажеттiлiктерiн негiзге ала отырып ағымдағы басшылықты және iстердi жүргiзудi жүзеге асырады.

      5. Жеке кәсiпкерлер мен ұйымдар мемлекеттiк тiлде және (немесе) орыс тiлiнде бухгалтерлiк есеп жүргiзудi және қаржылық есептiлiк жасауды қамтамасыз етедi.

      7-бап. Бухгалтерлiк құжаттама

      1. Бухгалтерлiк құжаттама бастапқы құжаттарды, бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiн, қаржылық есептiлiктi және есеп саясатын қамтиды.
      Бухгалтерлiк жазбалар бастапқы құжаттар негiзiнде жүргiзiледi.

      2. Операцияларды немесе оқиғаларды ресiмдеу үшiн қолданылатын бастапқы құжаттардың нысандары немесе оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекiтедi .

      3. Нысандары немесе оларға қойылатын талаптар осы баптың 2-тармағына сәйкес бекiтiлмеген қағаз және электрондық жеткiзгiштегi бастапқы құжаттарды дара кәсiпкерлер мен ұйымдар дербес әзiрлейдi және олар мынадай мiндеттi реквизиттердi қамтуға тиiс:
      1) құжаттың (нысанның) атауы;
      2) жасалған күнi;
      3) құжат өз атынан жасалған ұйымның атауы немесе дара кәсiпкердiң тегi және аты-жөнi;
      4) операцияның немесе оқиғаның мазмұны;
      5) операцияның немесе оқиғаның өлшем бiрлiгi (сандық және құндық көрiнiсiнде);
      6) операцияның жасалуына (оқиғаны растауға) және оның дұрыс рәсiмделуiне жауапты адамдар лауазымының атауы, тегi, аты-жөнi және қолы;
      7) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi.
      Операцияның немесе оқиғаның сипатына, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына және есепке алу ақпаратын өңдеу тәсiлiне қарай бастапқы құжаттарға қосымша реквизиттер енгiзiлуi мүмкін.

      4. Бастапқы құжаттар операцияның немесе оқиғаның iске асырылу кезiнде не олар аяқтала салысымен жасалуға тиiс.

      5. Есепке қабылданған бастапқы құжаттарда қамтылған ақпарат бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiнде жинақталады және жүйеленедi, олардың нысандарын немесе оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекiтедi . V074868 , V074787 .
      Бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiнiң деректерi топтастырылған түрде қаржылық есептiлiкке көшiрiледi.

      6. Электрондық жеткiзгiштерде бастапқы құжаттарды және бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiн жасау кезiнде дара кәсiпкерлер мен ұйымдар операциялардың басқа қатысушылары үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап ету құқығы берiлген мемлекеттiк органдардың талап етуi бойынша осындай құжаттардың көшiрмелерiн қағаз жеткiзгiштерде дайындауға тиiс.

      7. Кассалық және банктiк бастапқы құжаттарға түзетулер енгiзуге жол берiлмейдi. Басқа бастапқы құжаттарға түзетулер операцияға қатысушылармен келiсiм бойынша ғана енгiзiлуi мүмкiн, бұл түзетулер енгiзiлген күнi көрсетiле отырып, құжаттарға қол қойған адамдардың қолдарымен расталуға тиiс.

      8-бап. Бухгалтерлiк есептi ұйымдастыру

      1. Басшылық немесе дара кәсiпкер:
      1) есеп саясатын келiседi және (немесе) бекiтедi;
      2) бухгалтерлiк есептi ұйымдастыруды қамтамасыз етедi.
      Есеп саясаты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және ұйымның жарғысымен (ережесiмен) бекiтiледi.

      2. Басшылық немесе дара кәсiпкер есеп жұмысының көлемiне қарай:
      1) бас бухгалтер басқаратын құрылымдық бөлiмше ретiнде бухгалтерлiк қызмет құруды;
      2) штатқа бас бухгалтер лауазымын енгiзудi;
      3) бухгалтерлiк есептi жүргiзудi және қаржылық есептiлiктi жасауды шарт негiзiнде бухгалтерлiк немесе аудиторлық ұйымға немесе кәсiби бухгалтерге берудi;
      4) бухгалтерлiк есептi жеке жүргiзудi жүзеге асыра алады.
      Жария мүдделi ұйымдарға осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларының күшi қолданылмайды.
      Халықаралық бухгалтерлер федерациясының толық мүшесi болып табылатын ұйым - шетел институтының мүшесi бухгалтерлiк ұйымға теңестiрiледi.

      9-бап. Бухгалтерлiк қызметтiң басшысы

      Бухгалтерлiк есептi жүргiзудi, қаржылық есептiлiк жасауды және ұсынуды, есеп саясатын қалыптастыруды қамтамасыз ететiн бас бухгалтер немесе басқа лауазымды адам бухгалтерлiк қызметтiң басшысы (бұдан әрi - бас бухгалтер) болып табылады.
      Жария мүдделi ұйымның бас бухгалтерi лауазымына кәсiби бухгалтер тағайындалады.
      Ескерту. 9-баптың екінші бөлігі 2009 жылғы 1 қаңтардан  бастап қолданысқа енгізіледі.

      10-бап. Бухгалтерлiк құжаттарға қол қою құқығы

      1. Басшылық немесе дара кәсiпкер бухгалтерлiк құжаттарға қол қою құқығы бар адамдарды анықтайды. Бұл ретте адамның атқаратын лауазымына, ақша сомасының мөлшерiне, операцияның қолданыс аясына және мәнiне қарай қол қою құқығының сатылылығы белгiленуi мүмкiн.

      2. Электрондық қолтаңбаны пайдаланатын дара кәсiпкерлер немесе ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық қолтаңбаны пайдалану және оларға қол жеткiзу құқығына қатысты тиiстi сақтық және бақылау шараларын белгiлеуге тиiс.

      11-бап. Бухгалтерлiк құжаттарды сақтау

      Дара кәсiпкерлер мен ұйымдар бастапқы құжаттарды, қағаз және (немесе) электрондық жеткiзгiштердегi бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiн, қаржылық есептiлiктi, есеп саясатын, есепке алу деректерiн электрондық өңдеу бағдарламаларын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген кезең iшiнде сақтауға мiндеттi.

      12-бап. Бухгалтерлiк ақпарат құпиясы

      1. Бастапқы құжаттар мен бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiнiң мазмұны коммерциялық құпияны құрайтын ақпарат болып табылады, оларға қол жеткiзуге басшылықтың немесе дара кәсiпкердiң рұқсаты бар адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына ғана рұқсат етiледi.

      2. Аталған құжаттарға қол жеткiзе алатын адамдар ондағы ақпаратты олардың иесiнiң келiсiмiнсiз жария етпеуге мiндеттi және оны жеке мүддесi үшiн пайдалануға құқығы жоқ. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа қол жеткiзе алатын адамдар оны жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

3-тарау. ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТIЛIК

      13-бап. Қаржылық есептiлiк элементтерi

      1. Активтер, мiндеттемелер және капитал қаржы жағдайын бағалаумен байланысты қаржылық есептiлiк элементтерi болып табылады.
      Активтер - дара кәсiпкер немесе ұйым өткен оқиғалар нәтижесiнде бақылап отырған, болашақта экономикалық пайда алу күтiлетiн ресурстар.
      Мiндеттеме - дара кәсiпкердiң немесе ұйымның өткен оқиғалардан туындайтын мойнында тұрған мiндетi, оны реттеу экономикалық пайданы қамтитын ресурстардың шығып қалуына әкеп соғады.
      Капитал - дара кәсiпкердiң немесе ұйымның активтерiндегi барлық мiндеттемелер шегерiлiп тасталғаннан кейiнгi үлес.

      2. Кiрiстер мен шығыстар пайда мен зиян туралы есепте қызмет нәтижелерiнiң өлшемiмен тiкелей байланысты элементтер болып табылады.
      Кiрiстер - есептi кезең iшiнде активтердiң түсiмi немесе өсiмi немесе мiндеттемелердiң азаюы нысанында экономикалық пайданың ұлғаюы, олар капиталға қатысушы тұлғалардың жарнасымен байланысты ұлғаюдан өзгеше капиталдың ұлғаюына әкеп соғады.
      Шығыстар - есептi кезең iшiнде активтердiң қолдан кетуi немесе азаюы немесе мiндеттемелердiң пайда болуы нысанында экономикалық пайданың азаюы, олар капиталға қатысушы тұлғаларға бөлумен байланысты азаюдан өзгеше капиталдың азаюына әкеп соғады.

      14-бап. Қаржылық есептiлiк элементтерiн бағалау және
               есепке алу

      1. Қаржылық есептiлiк элементтерiн бағалау - аталған элементтер бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiкте танылатын және тiркелетiн ақша сомаларын анықтау. Бағалауды қолдану әдiстерi мен тәртiбi халықаралық стандарттарға және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгiленедi.

      2. Қаржылық есептiлiк элементтерiн есепке алу әдiстерi және тану тәртiбi халықаралық стандарттарға және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгiленедi.

      15-бап. Қаржылық есептiлiк

      1. Қаржылық есептiлiк дара кәсiпкердiң немесе ұйымның қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы ақпаратты бiлдiредi.

      2. Мемлекеттiк мекемелердiң қаржылық есептiлiгiн қоспағанда, қаржылық есептiлiк мыналарды қамтиды:
      1) бухгалтерлiк баланс;
      2) пайда мен зияндар туралы есеп;
      3) ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп;
      4) капиталдағы өзгерiстер туралы есеп;
      5) түсiндiрме жазба.
      Қаржылық есептiлiктi жасау тәртiбi және оған қойылатын қосымша талаптар халықаралық стандарттарға және Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес белгiленедi.

      3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, мемлекеттiк мекемелердiң қаржылық есептiлiк көлемiн, оны жасау нысандары мен тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi .

      4. Қаржылық есептiлiкке ұйымның басшысы және бас бухгалтерi, дара кәсiпкер қол қояды.
      Бухгалтерлiк есебiн бухгалтерлiк ұйым немесе кәсiби бухгалтер жүргiзетiн ұйымның қаржылық есептiлiгiне ұйымның басшылығы, сондай-ақ бухгалтерлiк ұйымның басшысы немесе кәсiби бухгалтер қол қояды.

      16-бап. Қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттары

      Қаржылық есептiлiктi жасауды ұйымдар Қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттары комитетi Қорының оларды ресми аударуға және (немесе) Қазақстан Республикасында жариялауға жазбаша рұқсаты бар ұйым мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде жариялаған халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырады.

      17-бап. Шоғырландырылған қаржылық есептiлiк

      Еншiлес ұйымдары бар ұйымдар негiзгi ұйымның қызметi жөнiндегi қаржылық есептiлiктен басқа Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi жасауға және ұсынуға мiндеттi.

      18-бап. Есептi кезең

      1. Жылдық қаржылық есептiлiк үшiн есептi кезең 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса күнтiзбелiк жыл болып табылады.

      2. Жаңадан құрылған ұйым үшiн бiрiншi есептi жыл ол мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден басталып сол жылдың 31 желтоқсанын қоса қамтиды.

      19-бап. Қаржылық есептiлiктi табыс ету

      1. Ұйымдар:
      1) құрылтай құжаттарына сәйкес құрылтайшыларға (қатысушыларға);
      2) Қазақстан Республикасының статистика органдарында тiркелу орны бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк статистика органдарына;
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарына олардың құзыреттерiне сәйкес қаржылық есептiлiктi ұсынады.

      2. Қаржылық есептiлiк Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетiлiп ұсынылады.

      3. Ұйымдар жылдық қаржылық есептi есептi кезеңнен кейiнгi жылдың 30 сәуiрiнен кешiктiрмей ұсынады.

      4. 18-бапта көрсетiлген мерзiм шегiнде құрылтайшылар (қатысушылар) аралық қаржылық есептiлiктi ұсыну мерзiмiн айқындауға және жылына бiр реттен сирек болмайтын өзге кезеңдiлiктi белгiлеуге құқылы.

      5. Шоғырландырылған қаржылық есептiлiктi ұсыну осы баптың 1-3-тармақтарына сәйкес жүргiзiледi.

      6. Жария мүдделi ұйымдар (қаржылық ұйымдардан басқа) жылдық қаржылық есептiлiктi уәкiлеттi орган бекiткен тiзбеге, нысандарға сәйкес мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялауға мiндеттi.
      Қаржылық ұйымдар жылдық қаржылық есептiлiктi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жариялайды.

      7. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша жария мүдделi ұйымдар үшiн депозитарий құрылуы мүмкiн, бұл ұйымдар осы депозитарийге уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен қаржылық есептiлiктi өткiзуге мiндеттi.

4-тарау. БУХГАЛТЕРЛIК ЕСЕП ПЕН ҚАРЖЫЛЫҚ ЕСЕПТIЛIК ЖҮЙЕСIН
РЕТТЕУ

      20-бап. Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн
               мемлекеттiк реттеу

      1. Қазақстан Республикасында бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн мемлекеттiк реттеудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнен басқа, мемлекеттiк мекемелердегi бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн мемлекеттiк реттеу ерекшелiктерiн уәкiлеттi орган мемлекеттiк мекемелер үшiн Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiлейдi .

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнде бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Директорлар кеңесi (Директорат) жүзеге асырады.

      4. Қаржы ұйымдарында және Қазақстан Республикасының секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компанияларында бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн мемлекеттiк реттеудi - нормативтiк құқықтық актiлердi және оларға әдiстемелiк ұсынымдарды қабылдау арқылы, ал Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады.

      5. Уәкiлеттi орган :
      1) бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк саласында мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды және iске асыруды қамтамасыз етедi;
      2) бухгалтерлiк есептi жүргiзу тәртiбiн айқындайды;
      3) бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн қабылдайды;
      4) ұлттық стандарттарды және оларға қатысты әдiстемелiк ұсынымдарды әзiрлейдi және бекiтедi ;
      5) Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi жөнiндегi заңнамасы халықаралық стандарттардың талаптарына қайшы келген жағдайда, консультациялық органның ұсыныстарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына тиiстi өзгерiстер енгiзудi қамтамасыз етедi;
      6) бухгалтерлiк есеп шоттарының үлгi жоспарын әзiрлейдi және бекiтедi ;
      7) ұлттық стандарттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мерзiмдi баспасөз басылымдарында жариялайды;
      8) өзге де мемлекеттiк органдармен және кәсiби ұйымдармен бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасайды;
      9) консультациялық органның Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерiнiң жобасын әзiрлеу туралы ұсыныстарын қарайды;
      10) кәсiби ұйымдарды, сертификаттау жөнiндегi ұйымдарды аккредиттеудi жүргiзедi;
      11) кәсiби ұйымдарды, сертификаттау жөнiндегi ұйымдарды аккредиттеу ережелерiн бекiтедi;
      12) консультациялық органның ұсынымдарын ескере отырып, кәсiби бухгалтерлерге қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi ;
      13) аккредиттеу ережелерi сақталмаған жағдайда, кәсiби ұйымдарға, сертификаттау жөнiндегi ұйымдарға ескерту жасайды;
      14) кәсiби ұйымды, сертификаттау жөнiндегi ұйымды аккредиттеу жөнiндегi куәлiгiнен айыру туралы шешiм қабылдайды;
      15) кәсiби ұйымдардың, сертификаттау жөнiндегi ұйымдардың есептiлiктi ұсынуының тiзбесiн, нысанын және мерзiмдiлiгiн анықтайды ;
      16) Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында таратылатын, белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында кәсiби ұйымдардың, сертификаттау жөнiндегi ұйымдардың тiзбесiн мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жариялайды;
      17) консультациялық орган туралы ереженi бекiтедi;
      18) депозитарийге қаржылық есептiлiктi ұсыну тәртiбiн белгiлейдi;
      19) сертификаттың нысанын келiседi.

      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi:
      1) қаржы ұйымдары үшiн:
      уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша халықаралық стандарттармен реттелмеген мәселелер бойынша қаржылық есептiлiк стандарттарын, сондай-ақ оларға арналған әдiстемелiк ұсынымдарды әзiрлейдi және бекiтедi;
      осы Заңның талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлерiн , сондай-ақ бухгалтерлiк есеп шоттарының үлгi жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi ;
      2) мемлекеттiк кәсiпорындар мен акцияларының (үлесiнiң) елу және одан да көп процентi немесе акцияларының бақылау пакетi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне тиесiлi заңды тұлғалар үшiн қаржылық есептiлiктiң халықаралық стандарттарына сәйкес келетiн тiзбелер мен нысандарды, сондай-ақ қаржылық есептiлiктi ұсынудың мерзiмi мен тәртiбiн белгiлейдi;
      3) Қазақстан Республикасының секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниялары үшiн:
      осы заңның талаптарына сәйкес бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;
      Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының және халықаралық стандарттардың сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы негiзiнде банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарын және халықаралық стандарттарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады.

      21-бап. Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн
               мемлекеттiк емес реттеу

      1. Консультациялық орган консультациялық-кеңесшi орган нысанында құрылады, оның құрамын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсiм бойынша уәкiлеттi орган бекiтедi және ол өзi туралы ереже негiзiнде жұмыс iстейдi.

      2. Консультациялық органның құрамына мемлекеттiк органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң, мемлекеттiң қатысу үлесi бар ұйымдардың, мемлекеттiк кәсiпорындардың өкiлдерi кiредi.

      3. Консультациялық орган:
      1) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi жөнiндегi заңнамасын жетiлдiру туралы ұсыныстар енгiзуге;
      2) уәкiлеттi органға қаржылық есептiлiк стандарттарын қолдану жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдарды қайта қарау мен әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
      3) ұлттық стандарттарды және олардың әдiстемелiк ұсынымдарын әзiрлеуге қатысуға;
      4) бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк саласындағы халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасауды жүзеге асыруға құқылы.

      4. Консультациялық орган:
      1) Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасында халықаралық стандарттар талаптарына қайшылықтардың бар-жоғына талдау жүргiзуге және уәкiлеттi органға тиiстi ұсыныстар енгiзуге;
      2) бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеуге қатысуға мiндеттi.

      5. Кәсiптiк ұйым мынадай талаптарға сай келуге тиiс:
      1) кәсiби ұйымның құрамында бухгалтерлiк есеп немесе аудит саласында кемiнде екi жыл расталған жұмыс тәжiрибесi бар кемiнде үш жүз мүшесiнiң болуы;
      2) халықаралық практикаға сәйкес келетiн және оның барлық мүшелерiне мiндеттi болып табылатын, ұйымның жарғысына сәйкес бекiтiлген Кәсiби бухгалтерлердiң әдеп кодексiнiң болуы;
      3) өз мүшелерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiнiң болуы;
      4) аккредиттеу ережелерiне сәйкестiк.
      Кәсiби ұйымға аккредиттеу туралы куәлiк берiлген кезден бастап бiр жыл өткеннен кейiн оның құрамында кемiнде елу кәсiби бухгалтер болуға тиiс.

      6. Кәсiби ұйымның құрылымы мен жұмыс органдары оның жарғысымен анықталады және аккредиттеу ережелерiне сәйкес болуға тиiс.

      7. Кәсiби ұйымның басшысы төрт жылдан аспайтын мерзiмге сайланады және қатарынан екi мерзiмге қайта сайлана алмайды.

      8. Кәсiби ұйым:
      1) өз мүшелерiне қатысты өзiнiң жарғысында көзделген және осы Заңға қайшы келмейтiн функцияларды жүзеге асыруға;
      2) ұлттық стандарттарды және олардың әдiстемелiк ұсынымдарын әзiрлеуге қатысуға;
      3) бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеуге қатысуға;
      4) бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк саласындағы оң жұмыс тәжiрибесiн талдауға, жинақтауға және таратуға құқылы.

      9. Кәсiби ұйым:
      1) Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын сақтауға;
      2) консультациялық органның құрамына аккредиттеу ережелерiнде белгiленген мөлшерде кәсiби ұйымның мүшелерiн жiберуге және олардың толымды жұмысын қамтамасыз етуге;
      3) уәкiлеттi органға белгiлеген тәртiппен оған өзiнiң қызметi туралы есептiлiктi ұсынуға;
      4) халықаралық және ұлттық стандарттарды қолдану жөнiндегi сауалдарды қарауға мiндеттi.

      22-бап. Кәсiби бухгалтерге кандидаттарды сертификаттау
               шарттары

      1. Кәсiби бухгалтерге кандидаттарды сертификаттауды сертификаттау жөнiндегi ұйым жүзеге асырады.

      2. Сертификаттау жөнiндегi ұйым кәсiби бухгалтерге кандидаттарды сертификаттау бағдарламалары бойынша материалдар әзiрлеудi, шығаруды және таратуды жүзеге асырады, емтихан процесiн ұйымдастырады.

      3. Сертификаттау жөнiндегi ұйым мынадай талаптарға сай келуге тиiс:
      1) оқытуға тәуелсiз емтихан жүйесiнiң болуы;
      2) Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк мәселелерi жөнiндегi заңнамасына шолуды қамтитын емтихан модульдерiнiң, оларды жаңарту жүйесiнiң болуы;
      3) бiр немесе бiрнеше кәсiби ұйымдармен өзара iс-қимыл туралы келiсiмнiң болуы;
      4) уәкiлеттi орган бекiткен аккредиттеу ережелерiне сәйкестiк.
      Бiр немесе бiрнеше кәсiби ұйымдармен өзара iс-қимыл жөнiндегi келiсiмнiң болуы туралы талаптың сақталуы аккредиттеу туралы куәлiк берiлген кезден бастап алты ай өткеннен кейiн мiндеттi болып табылады.

      4. Кәсiби бухгалтерге кандидаттарды сертификат алу үшiн емтихандарға қатысуға жiберу кәсiби бухгалтерлерге қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Емтихан тапсырған адамдар уәкiлеттi органмен келiсiлген нысан бойынша бiрыңғай үлгiдегi сертификат алады. Сертификаттың қолданылу мерзiмi шектелмеген.
      Халықаралық бухгалтерлер федерациясының толық мүшесi болып табылатын шетел институттары берген кәсiби бухгалтердiң бiлiктiлiк куәлiктерi сертификаттау жөнiндегi ұйым берген сертификатпен бiрдей танылады.

      23-бап. Аккредиттеу туралы куәлiктен айыру

      1. Уәкiлеттi орган мынадай жағдайларда, егер:
      1) аккредиттеу ережелерiнде белгiленген мерзiм iшiнде кәсiби ұйым өз өкiлдерiн консультациялық органның құрамына жiбермесе;
      2) соңғы үш жыл iшiнде жүйелi түрде (үш реттен көп) аккредиттеу ережесiн бұзса;
      3) уәкiлеттi органға өзi және өзiнiң қызметi туралы көрiнеу жалған ақпарат берсе;
      4) уәкiлеттi орган ескерту жасаған себептердi екi ай мерзiм iшiнде жоймаса немесе әкiмшiлiк жаза қолданылған болса, кәсiби ұйымды, сертификаттау жөнiндегi ұйымды аккредиттеу туралы куәлiгiнен айыру туралы шешiм қабылдайды.

      2. Кәсiби ұйым, сертификаттау жөнiндегi ұйым уәкiлеттi органның шешiмiне сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.

      24-бап. Iшкi бақылау

      1. Ұйымдар Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының, есеп саясатының сақталуын қамтамасыз ету, бухгалтерлiк есеп жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасау кезiнде активтердiң сақталу шараларын, ұрлану жағдайлары мен қателесудi болдырмау және анықтау жөнiндегi шараларды қоса алғанда, операцияларды тиiмдi жүргiзу үшiн iшкi бақылау ұйымдастыруға құқылы.

      2. Iшкi бақылауды ұйымдастыруды басшылық қамтамасыз етедi.

      3. Мемлекеттiк мекемелердi бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк органдар жүргiзедi.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      25-бап. Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен
               қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзғаны
               үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      26-бап. Өтпелi ережелер

      1. Осы Заң, 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 9-бабының екiншi бөлiгiн қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi.

      2. Кәсiби бухгалтердiң бiлiктiлiгiн растайтын және уәкiлеттi орган таныған, осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн берiлген құжаттар жарамды.

      3. Осы Заңның 2-бабының 3-тармағында көрсетiлген дара кәсiпкерлер және ұйымдар бухгалтерлiк есеп стандарттарын ұлттық стандарттар қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қолданады.

      4. "Бухгалтерлiк есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., N 24, 171-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 13-14, 205-құжат; 1999 ж., N 20, 727-құжат; 2001 ж., N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 12, 116-құжат; 2003 ж., N 15, 139-құжат; 2004 ж., N 11-12, 66-құжат; 2006 ж., N 4, 24-құжат; N 8, 45-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi