Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша «кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу ережелеріне», «кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу ережелерін», «кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу ережелеріне», «кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу ережелерімен», «кемелерді және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу ережелерінде», «Кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу ережелерін» деген сөздер тиісінше «Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасына», «Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасын», «Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасында», «Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасымен» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Осы Заң кеме қатынасын, жолаушыларды, багажды және жүк тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде ішкі су көлiгi саласында мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, сондай-ақ олардың құқықтарын, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) айлақ - кемелердiң қауiпсiз кiруiне арналған құрылғылары бар және кемелердiң қауiпсiз тоқтап тұруына, оларға жүк тиеуге, жүк түсiруге және қызмет көрсетуге, сондай-ақ жолаушыларды кемеге отырғызуға және кемеден түсiруге арналған гидротехникалық құрылыс;
2) арқандап байлау - кеменiң айлаққа, пирске немесе басқа кемеге жақындап келуi және кеменi осыларға бекiту жөнiндегi iс-қимылдар;
2-1) әлеуметтік мәні бар тасымалдаулар – халықтың тасымалдауларға сұранымын қанағатандыратын және жергілікті атқарушы органдар айқындайтын жолаушыларды тұрақты қатынаста ішкі су көлігімен тасымалдау;
3) дебаркадер - жолаушылар кемелерiн немесе жүк кемелерiн арқандап байлауға және оларға қызмет көрсетуге арналған жүзбелi айлақ;
4) диспаша - тасымалдауға қатысатын тараптар арасында жалпы авария бойынша бөлiнетiн шығындарының есебi;
5) диспашерлер - iшкi су көлiгi саласында бiлiмi мен тәжiрибесi бар, диспашаны айқындау жөнiндегi есептi жасайтын адамдар;
6) жағалау белдеуі – экологиялық талаптарды сақтай отырып, навигациялық белгілер мен жабдықтарды орнатуға арналған, жағалау сызығынан бастап ені жиырма метрге тең, су объектiлері жағалауы бойындағы құрлық белдеуі;
6-1) жалға алынған шетелдiк кемелер тiзiлiмi – осы Заңның 26-бабының 5-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін шетелдік кемелер тіркелетін құжат;
7) жол жұмыстары – iшкi су жолдарындағы су түбiн тереңдету, түзеп-жөндеу, тральдау, су түбiн тазарту, iздестiру жұмыстары және навигациялық құрал-жабдықтарды орналастыру мен күтiп ұстау жөнiндегi басқа да жұмыстар;
8) жолаушы – тасымалдаушымен шарттық қатынастарда тұрған және билетте немесе оның жол жүру құқығын растайтын өзге де құжатта көрсетiлген не жүк тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушының келiсiмiмен автокөлiк құралын, жануарларды және өзге де жүктi алып жүруге оның құқығы расталған адам;
8-1) жолаушы куәлiгі – кемедегі жолаушылардың рұқсат етілген ең көп саны туралы мәлiметтерді қамтитын кеме құжаты;
8-2) жолаушылар кемесі – он екiден артық жолаушыны тасымалдауға арналған кеме;
9) жүзуге жарамдылығы туралы куәлiк - Кеме қатынасы тiркелiмiнiң ережелерiне сәйкес берiлетiн Кеме қатынасы тiркелiмiнiң негiзгi құжаттарының бiрi;
10) кеме – Кеме қатынасы тiркелiмiнiң техникалық бақылауындағы, ішкі суларда жүзетін кеме, кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын өздігінен жүзетiн немесе өздігінен жүзбейтiн жүзбелi құрылғы, оның iшiнде «өзен-теңiзде» жүзетiн кеме, паром, техникалық флот кемесі (су түбiн тереңдетушi және су түбiн тазартушы снарядтар, жүзбелi кран және басқа да осы сияқты техникалық құрылғылар);
11) кеме жолы - белгiлi бiр көлемдегi кемелердiң кедергiсiз жүзуiне жол берiлетiн шектерде жолдың бағыты мен шекараларын көрсететiн навигациялық жағдайдың белгiлерi қойылған iшкi су жолдарындағы су бетi;
12) кеме жүргiзу - iшкi су жолдарымен жүзудi жүзеге асыратын кеменi басқаруға байланысты қызмет;
13) кеме иесi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кеменi өз атынан иелену және пайдалану құқығымен пайдаланатын тұлға;
13-1) кеме ипотекасы – мемлекеттiк тiркеуге жататын ішкі суда жүзетiн кеменiң, оның ішінде шағын көлемдi кеменің, «өзен-теңiзде» жүзетiн кеменiң, сондай-ақ жасалып жатқан кеменiң тиiстi тiзiлiмде тiркелген шарт негiзiнде туындайтын ипотекасы;
14) кеме кiтабы - Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiне енбеген кемелер мен оларға құқықтар тiркелетiн құжат;
15) кеме қатынасы - iшкi су жолдарында жүктердi, жолаушылар мен олардың багаждарын, почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау, кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреуге, пайдалы қазбаларды iздеу, барлау және өндiру, балық аулау және өзге де кәсiпшiлiк, құрылыс, жол, гидротехникалық, су асты-техникалық және басқа осы сияқты жұмыстар, кемелердi лоцмандық алып өту, құтқару операциялары, су объектiлерiн қорғау, оларды ластану мен қоқыстанудан сақтау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру, суға батқан мүлiктi көтеру, санитарлық және басқа да бақылау және қадағалау, ғылыми зерттеулер жүргiзу, оқу, спорттық, мәдени және өзге де мақсаттар үшiн кемелердi пайдалануға байланысты қызмет;
16) кеме қатынасы шлюзi – кемелердi судың бiр деңгейiнен екiншi деңгейiне көтеруге немесе түсiруге арналған гидротехникалық құрылыс;
17) Кеме қатынасының тiркелiмi – iшкi суларда жүзетiн кемелердi және «өзен-теңiзде» жүзетiн кемелердi жіктейтін және олардың техникалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк кәсіпорын;
18) кемелердi лоцмандық алып өту - кемелердiң iшкi су жолдарының аса күрделi учаскелерi бойынша қауiпсiз өтуiн қамтамасыз ететiн қызмет;
19) кеменiң меншiк иесi - Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасына сәйкес кеменiң меншiк иесi ретiнде тiркелген тұлға;
20) киль - кеменiң негiзгi ұзына бойы созылған элемент, ол кеменiң түбiн бойлай оның тұмсығынан артқы жағына дейiн тартылып, оны екi симметриялы бөлiкке бөледi;
21) көлiктiк жүкқұжат - тiкелей су және аралас қатынастарда жүк тасымалдау кезiнде ресiмделетiн тасымалдау құжаты;
22) куәландыру - кеменiң арналуы мен жiктелiмiнiң расталуын есепке ала отырып, оның жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған, техникалық регламенттерде және Кеме қатынасы тiркелiмiнiң ережелерiнде белгiленген талаптарға сәйкес кеменiң техникалық жай-күйiн анықтау мақсатында кеменi қарап шығу;
23) Қазақстан Республикасының iшкi су жолдары (бұдан әрi - iшкi су жолдары) - кеме қатынасы мақсатында пайдалануға болатын табиғи немесе қолдан жасалған қатынас жолдары;
24) Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi (бұдан әрi - iшкi су көлiгi) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген және iшкi су жолдарында кеме қатынасы мен кеме қатынасына байланысты өзге де қызметтi жүзеге асыратын көлiк түрi;
25) қарап шығу - уәкiлеттi органның объектiнi қауiпсiз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгi мәнiне тексеруi;
26) қауiптi жүк - өзiнiң қасиеттерi мен ерекшелiктерiне қарай тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде жарылыстың болуына, өрттiң шығуына немесе техникалық құралдардың, құрылғылардың, үйлердiң, құрылыстардың және ғимараттардың зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiмiне, жарақаттануына немесе ауруға шалдығуына себеп болуы, қоршаған ортаға зиян келтiруi мүмкiн жүк;
27) лоцман - кеменi арқандап байлау, зәкiрге қою және оларды портта қайта орналастыру орнына қауiпсiз алып жүру саласындағы белгiлi бiр бiлiмi мен дағдысы бар маман;
28) Мемлекеттiк кеме тiзiлiмi - осы Заңның 26-бабының 5-тармағында белгiленген талаптарға сәйкес кемелер мен оларға құқықтар тiркелетiн құжат;
29) мемлекеттiк көлiктiк бақылау және қадағалау (бұдан әрi - көлiктiк бақылау және қадағалау) - жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасының талаптарын сақтауын тексеру мақсатында уәкiлеттi орган жүргізетiн iс-шаралардың жиынтығы;
30) навигация - кеме қатынасын жасау мүмкiн болатын уақыт кезеңi;
31) "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кеме - техникалық сипаттамалары бойынша теңiз және iшкi су жолдарында кеме қатынасы мақсатында жарамды әрi белгiленген тәртiппен пайдалануға жiберiлген кеме;
32) порт - жолаушылар мен кемелерге қызмет көрсету, жүктердi тиеу, түсiру, қабылдау, сақтау және беру, көлiктiң басқа да түрлерiмен өзара iс-қимыл жасасу мақсатында жайластырылған және жабдықталған жер учаскесiнде және iшкi су жолдары акваториясында орналасқан құрылыстар кешенi;
33) порт акваториясы - кемелер мен құрамдар жүгiнiң өңделуiн немесе рейске жөнелтудi күтiп тұратын, сондай-ақ қажеттi операциялар орындалатын айлаққа және рейдтер құрылғысына кемелердiң келуi мен онда тұруы үшiн қызмет ететiн су бетiнiң шектеулi учаскесi;
34) рейдтер - кемелердiң зәкiр салып тұруына, маневр жасауына немесе жүктердi қайта тиеуге арналған кеме жолы шегiнен тыс порт акваториясының бөлiгi;
35) рейс - белгiлi бiр уақыт аралығында географиялық пункттер немесе аудандар арасында жолаушыларды немесе жүктердi тасымалдаудың көлiктiк процесi;
35-1) судың жобалық деңгейі – кеме қатынасы қарқындылығының белгісі бойынша су жолдары тобына қарай көпжылдық қамтамасыз етудің белгіленген шамасы бар төменгі навигация деңгейлерінің бірі, оның негізінде кеме қатынасы өзендерінде кепілдік берілген кеме жүрісі габариттері белгіленеді;
36) такелаж - жүк көтеру жұмыстарына, тулар мен белгiлердi көтеруге және түсiруге арналған кеме жабдықтарының жиынтығы;
37) тасымалдаушы - кеменi меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздермен иеленушi, жолаушыларды, багаж бен жүктердi тасымалдау жөнiнде қызметтер көрсететiн және тасымал құжаттарында көрсетiлген тұлға;
38) тез бүлiнетiн жүк - жарамдылық мерзiмi шектеулi және тасымалдау мен сақтаудың ерекше шарттарын қажет ететiн жүк;
39) тексеру - кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасының талаптарын сақтауын айқындау мақсатында жасайтын бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың iс-әрекетi;
40) теңiзшi паспорты - шетелдерге жүзетiн қазақстандық кемелерде немесе шетелдiк кемелерде жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат;
41) техникалық қадағалау - Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу және iшкi су көлiгi туралы заңнамасының сақталуын кезең-кезеңмен тексерудi қамтитын кемелердiң техникалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған сыныптау қызметiнiң құрамдас бөлiгi;
42) тұру пунктi - кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн жөндеу, олардың жылдың жазғы және қысқы мезгiлiнде тұруы, оларды техникалық байқаудан өткiзу мақсатында жайластырылған және жабдықталған жер учаскесi мен су бетi объектiсiнiң акваториясы;
42-1) тіркеу нөмірі – кеменің, оның ішінде шағын көлемді кеменің мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру кезінде оған берілетін нөмірі;
43) уәкiлеттi орган – iшкi су көлiгi саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
44) уәкiлеттi органның кәсiпорны - қызмет көрсететiн шекаралар шегiнде кемелердiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз ету мақсатында iшкi су жолдарын және кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстарын (шлюздерін) тиiсiнше күтiп ұстау мен дамыту үшiн өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыру негiзгi мiндетi болып табылатын iшкi су көлiгiнiң мемлекеттiк кәсiпорны;
45) шағын көлемдi кеме – кеме қатынасына байланысты емес, демалыс, серуен, спорт және басқа қызмет үшін әдейі арналған, жолаушы сыйымдылығы он екі адамға дейін немесе жалпы сыйымдылығы сексен тіркелімдік тоннадан аспайтын қозғалтқыш қуатына және ұзындығына байланыссыз жүзбелі құрылыс, сондай-ақ аспалы моторы бар кемелер (қозғалтқыш қуатына қарамастан), жүк көтергіштiгi бір жүз елу килограмм және одан артық желкенді кемелер және өздігінен жүзбейтiн кемелер (жүк көтергіштігі бір жүз килограмм және одан артық ескектi қайықтар, жүк көтергіштігі бір жүз елу килограмм және одан артық – байдаркалар, жүк көтергіштігі екі жүз жиырма бес килограмм және одан артық – үрмелі кемелер).
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.06 N 209 Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
2-бап. Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi
туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң iшкi су жолдарындағы:
1) iшкi су жолдарында пайдаланылатын кемелердегi;
2) гидротехникалық құрылыстардағы;
3) iшкi су жолдарында орналасқан порттардағы қызметтi жүзеге асыратын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
2. Осы Заң Қазақстан Республикасы Әскери-теңiз күштерiнiң және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң туын көтерiп жүзушi кемелерге қолданылмайды.
3. Теңiз портына кiрген жағдайларда, құтқару операциясы кезiнде және теңiз кемесiмен iшкi суларда жүзетiн кемелердiң, сондай-ақ "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кемелердің соқтығысуы кезінде туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы заңдарымен реттеледi.
Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы қызметтi
жүзеге асырудың негiзгi принциптерi
Iшкi су көлiгi саласындағы қызмет мынадай негiзгi принциптер:
1) кеме қатынасы қауiпсiздiгiнiң басымдығы, адамның өмiрi мен денсаулығын қорғау, табиғатты және экологиялық қауiпсiздiктi қорғау;
2) iшкi су көлiгiнде жұмыстар атқару мен қызметтер көрсету кезiнде жеке және заңды тұлғалар құқықтарының теңдiгі;
3) қызметтер көрсетудi тұтынушының тасымалдаушыны еркiн таңдауын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстар атқару мен қызметтер көрсету бағаларының еркiндiгiн қамтамасыз ету негiзiнде жүзеге асырылады.
5-бап. Iшкi су көлiгiнiң жұмылдыру дайындығын
қамтамасыз ету және оны төтенше жағдайларды
жоюға тарту
1. Iшкi су көлiгiнiң жұмылдыру дайындығын, азаматтық қорғаныс және авариялық-құтқару жұмыстары жөнiндегi іс-шараларды қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген кезде мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен материалдық шығындар мен нұқсанды соған тең құнмен кейiннен өтей отырып, тасымалдаушыларды төтенше жағдайларды жоюға байланысты жұмыстарды орындауға тартуға құқылы.
2-тарау. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттiк реттеу
және бақылау және қадағалау
Ескерту. 2-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
6-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттiк реттеудің,
бақылау мен қадағалаудың негiзгi мiндеттерi
Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттiк реттеудің, бақылау мен қадағалаудың негiзгi мiндеттерi:
1) республика экономикасының және халықтың тасымалдауларға, iшкi су көлiгiндегi жұмыстардың атқарылуы мен қызметтердiң көрсетiлуiне қажетiн қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау;
1-1) iшкi су көлiгiнiң және оның өмiрлiк циклi процестерiнiң адам өмiрi мен денсаулығы және қоршаған орта үшiн қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
2) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ мемлекеттiң ұлттық мүдделерiн қорғау;
3) iшкi су көлiгiндегi тасымалдаулардың iшкi рыногын қорғау;
4) iшкi су көлiгi мен iшкi су жолдарының инфрақұрылымын одан әрi дамыту;
5) iшкi су көлiгi саласындағы қызметке және кеме қатынасы қауiпсiздiгiне бақылау жасау болып табылады.
Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.06. N 209, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
7-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттiк реттеу,
бақылау мен қадағалау
Ескерту. 7-баптың тақырыбының орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттiк реттеу, бақылау мен қадағалау құқықтық қамтамасыз ету, техникалық реттеу қызметiнiң жекелеген түрлерiн лицензиялау, Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңдарының сақталуын бақылау арқылы жүзеге асырылады.
2. Iшкi су көлiгiндегi мемлекеттiк басқаруды Қазақстан Республикасының Үкiметi және уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Ішкі су көлігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.12.06. N 209 , 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
8-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне:
1) iшкi су көлiгi саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
2) iшкi су жолдарын және ішкі су көлігін дамыту жөніндегі тұжырымдама мен бағдарламаларды бекіту;
3) iшкi су көлiгi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
4) Ішкi су жолдарын пайдалану қағидасын бекiту;
5) Кеменi, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттiк тiркеу қағидасын бекiту;
6) порттың мiндеттi қызмет көрсетулерiнiң тiзбесiн бекiту;
7) жағалау белдеуiн пайдалану тәртiбiн айқындау;
8) кемелердi лоцмандық алып өтудi жүзеге асыру тәртiбiн айқындау;
9) iшкi су көлiгi саласындағы жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялау кезiнде бiлiктiлiк талаптарын бекiту;
10) біліктілік комиссиялары туралы ережені, кемелердiң командалық құрамының адамдарына және экипаждың басқа да мүшелеріне диплом беру және аттестаттау тәртiбiн бекіту;
11) кемелермен тасымалдауға арналған қауiптi жүктер тiзбесiн бекiту;
12) Қауiптi жүктердi тасымалдау қағидасын бекiту;
13) Қазақстан Республикасының аумағымен транзиттiк жолаушы қатынасына тыйым салу туралы шешiмдер қабылдау;
14) Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) багажды және жүктi әкелуге, әкетуге, олардың транзитіне тыйым салу туралы шешiмдер қабылдау;
15) iшкi су көлiгi саласындағы техникалық регламенттердi бекiту;
15-1) нысанды киім (погонсыз) киiп жүруге құқығы бар мемлекеттiк қадағалау қызметкерлерiн онымен қамтамасыз етудің заттай нормаларын бекіту;
16) кемелер экипаждарының ең аз құрамына қойылатын талаптарды белгілеу;
17) Кемелердің портқа кіру және порттан шығу, кемелердің порт акваториясы мен порттағы тұрақ шегінде жүзуі қағидасын бекіту;
18) кемелерді, салдарды және өзге де жүзу объектілерін айлаққа қою, тоқтату және олардың тұрақта тұруы үшін уақытша құрылғылар мен жүзу құрылыстарын қою, жолаушыларды кемеге отырғызу әрі одан түсіру, жүктерді тиеу, түсіру және сақтау тәртібін айқындау;
19) Ішкі су көлігінде жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидасын бекіту;
20) Кемелердегі, оның ішінде ішкі су жолдарындағы шағын көлемді кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидасын бекіту;
21) Ішкі суда жүзетін кемелерді техникалық пайдалану қағидасын бекіту;
22) Кеме жүргізушілерін шағын көлемді кемелерді басқару құқығына аттестаттау қағидасын бекіту;
23) Шағын көлемді кемелерді және олар тоқтайтын базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидасын бекіту;
24) Шағын көлемді кемені және олар тоқтайтын базаларды (құрылыстарды) техникалық қадағалау қағидасын бекіту;
25) Ішкі су жолдарында жүзу қағидасын бекіту;
26) Кемелердегі қызмет жарғысын бекіту;
27) Кемелерді, салдарды және өзге де жүзу объектілерін сүйреу қағидасын бекіту;
28) Тасымалдаушылардың әлеуметтік мәні бар жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты залалдарын бюджет қаражаты есебінен субсидиялау қағидасын бекіту;
29) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде жүктелген өзге де өкілеттіктерді орындау жатады.
Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 379-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
9-бап. Уәкiлеттi органның және оның аумақтық
бөлiмшелерiнiң құзыретi
1. Уәкiлеттi органның құзыретiне:
1) iшкi су жолдарын және iшкi су көлiгiн дамыту жөнiндегi тұжырымдама мен бағдарламаларды әзiрлеу;
2) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi, iшкi су көлiгiнiң жұмыс iстеу тәртiбiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi жеке және заңды тұлғалардың сақтауын бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру;
3) iшкi су жолдарының кеме қатынай алатын жағдайда болуын қамтамасыз ету және шлюздердi күтiп ұстау;
4) iшкi су көлiгi саласындағы техникалық регламенттерді әзірлеу;
5) Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнің, Жалға алынған шетелдiк кемелер тiзiлiмiнің және кеме кітабының нысандарын бекiту;
6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын беру және кеменi шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзуге уақытша ауыстыру туралы шешiм қабылдау;
7) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептiлiктiң, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесiн бағалау критерийлерiн, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзiрлеу және бекiту;
8) лоцмандық қызмет туралы ереженi бекiту;
9) мiндеттi түрде лоцмандық алып өтуге жататын iшкi су жолдары учаскелерiнiң, кемелер түрлерi мен көлемдерiнiң тiзбесiн бекiту;
10) Ішкi және аралас «өзен-теңiз» суларында жүзетiн кемелердi сыныптау қағидасын бекіту;
11) кемелердiң, порттардың, жағалау объектiлерiнiң, кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарының техникалық куәландырылуын жүргiзудi қамтамасыз ету;
12) Пайдаланылатын кемелердi куәландыру қағидасын бекіту;
13) Кемелердi жасауды және материалдар мен бұйымдарды дайындауды техникалық байқау қағидасын бекіту;
14) Кемелердің кеме қатынасы шлюздері арқылы өту қағидасын бекіту;
15) Кемелерді жөндеу қағидасын бекіту;
16) нысанды киім (погонсыз) киiп жүруге құқығы бар мемлекеттiк қадағалау қызметкерлері лауазымдарының (кәсіптерінің) тізбесін, нысанды киiмнің (погонсыз) және айырым белгiлерiнің үлгiлерiн, сондай-ақ оны киiп жүру тәртiбiн бекіту;
17) Аралас «өзен-теңiз» суларында жүзетiн кемелердi жасау қағидасын бекіту;
18) Пайдаланылған кемелердің элементтерін пайдалана отырып, ішкi және аралас «өзен-теңiз» суларында жүзетiн кемелердi жасау қағидасын бекіту;
19) Ішкі суларда жүзетін кемелерді және аралас «өзен-теңiз» суларында жүзетiн кемелердi жаңарту жөніндегі қағиданы бекіту;
20) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес iшкi су көлiгi саласындағы жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялау;
21) Техникалық флот кемелерін жаңарту жөніндегі қағиданы бекіту;
22) Ішкi суда жүзетiн кемелердi жасау қағидасын бекіту;
23) өз құзыретi шегiнде iшкi су көлiгi саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу және халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiру;
24) iшкi су көлiгi саласында туындайтын қатынастарды реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу;
25) суға кеткен мүлiктi көтеру тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындау;
26) Қазақстан Республикасының кеме қатынасының су жолдарын пайдалану құқығына рұқсат беру жөніндегі нұсқаулықты бекіту;
27) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
2. Уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң (бұдан әрi – аумақтық бөлiмше) құзыретіне:
1) кемелердiң, салдардың және iшкi су жолдарында орналасқан өзге де жүзбелi объектiлер мен құрылыстардың кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарына сай болуын қарап-тексерудi жүргiзу;
2) кемелерді тіркеу;
3) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарына сай келмейтiн кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн ұстау;
4) кеме қатынасы қауiпсiздiгiне, адамдардың өмiрi мен денсаулығына, жүктердiң сақталуына қатер төнген кезде кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң қозғалысын тоқтата тұру және оған тыйым салу;
5) Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттар талаптарының сақталуын бақылауды және қадағалауды өз құзыреті шегінде жүзеге асыру;
6) ішкі су жолдарының жай-күйін қадағалау;
7) кемелерде техникалық пайдалану қағидасының, қызмет жарғыларының сақталуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
8) iшкi су жолдарында кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шараларды жүзеге асыру;
9) Ішкі су жолдарында жүзу қағидасының сақталуын лоцмандық қызметтің және ішкі су көлігіндегі өзге де қызметтердің бақылауы;
10) шағын көлемді кемелерді техникалық қадағалауды жүзеге асыру;
11) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде немесе кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беру, сондай-ақ теңізші паспортын беру;
12) кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты қызметкерлерді аттестаттауды жүргізу;
13) Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар шығару;
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 N 379-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
10-бап. Лицензиялау
Iшкi су көлiгiндегi жекелеген қызмет түрлерi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес берiлген лицензия негiзiнде жүзеге асырылады.
3-тарау. Iшкі су жолдары
11-бап. Жалпы ережелер
1. Iшкi су жолдары және оларда орналасқан кеме қатынасы және шлюздер үшiн пайдаланылатын кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстары мемлекет меншiгiнде болады және иеліктен шығаруға жатпайды.
Кеме қатынасы жолдарына кеме қатынасы үшін ашық ішкі су жолдары жатады. Кеме қатынасы су жолдарының тізбесі Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес белгіленеді.
2. Қазақстан Республикасының шекаралық аймақ учаскелерiн қоспағанда, кемелердiң iшкi су жолдарымен жүзу жағдайын навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз етудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Кемелердiң Қазақстан Республикасының шекаралық аймағы учаскелерiндегi iшкi су жолдарымен жүзу жағдайын навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттеледi.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
12-бап. Iшкi су жолдарын күтiп ұстау
1. Астананың әкімшілік-аумақтық шекарасы шегіндегі Есіл өзенінің кеме қатынасы учаскесін қоспағанда, су жолы жұмыстарын, оның iшiнде мемлекет меншiгiндегi порттарда рейдтер және осы порттардың айлақтарына кiреберiстердi жасау мен күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзудi, сондай-ақ кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстарын күтiп ұстау мен тасымалдаушының технологиялық байланысты ұйымдастыруын уәкiлеттi органның кәсiпорындары жүзеге асырады.
2. Порттарға (осы баптың 1-тармағында көрсетiлмегендерiне) кiреберiстердегi, сондай-ақ тоқтау пункттерiндегi жол жұмыстарын жүргiзудi олардың иелерi уәкiлетті органмен келiсе отырып жүзеге асыруға мiндеттi.
2-1. Астананың әкімшілік-аумақтық шекарасы шегіндегі Есіл өзенінің кеме қатынасы учаскесінде су жолы жұмыстарын жүргiзудi қамтамасыз етуді астана әкімдігі жүзеге асырады.
3. Iшкi су жолдарын және олардағы кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарын күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстар жол жұмыстарын жүргiзуге арнайы рұқсатсыз жүзеге асырылады.
Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
13-бап. Iшкi су жолдарындағы акваторияларды, жағалау
белдеулерiн және жер учаскелерiн пайдалану
1. Қалалық елдi мекендер аумағынан тысқары орналасқан iшкi су жолдары шегiнде iшкi су жолдарының кеме қатынасына жарамды болуын қамтамасыз етумен байланысты жұмыстар үшiн тұрақты жер пайдалануға өтеусiз негiзде жағалау белдеуi берiледi.
2. Уәкiлеттi органның кәсiпорны:
1) кеме қатынасын қамтамасыз ету және осы мақсаттарда құрылыстар мен ғимараттар тұрғызу жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу үшiн жағалау белдеуiн пайдалануға;
2) iшкi су жолдарының жағалау белдеуiне навигациялық жабдықтар құралдарын орнатуға;
3) кеме қатынасының қауiпсiздiгiн, оның iшiнде навигациялық жабдықтар құралдарының көрiнiп тұруын қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ өзен арналары учаскелерiн суретке түсiру кезiнде геодезиялық негiздеме үшiн жағалау белдеуiнде өскен ағаштар мен бұталарды кесiп тастауға құқылы. Навигациялық жабдықтардың жағалау құралдарын орнату және олардың көрiнiп тұруын қамтамасыз ету үшiн ағаштарды кесу жұмыстарын жүргiзу Қазақстан Республикасының орман және су заңдарында белгiленген тәртiппен жағалау белдеуi шегiнен тысқары жерлерде де жүргiзiлуi мүмкiн;
4) осы тармақта көрсетiлген жұмыстарды жүргiзу үшiн жағалау белдеуiнiң шегiндегi топырақты, тасты, қиыршық тастарды, ағаштар мен бұталарды пайдалануға құқылы.
3. Уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi:
1) кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң айлаққа келуiне, арқандап байлануына және тоқтап тұруына, жолаушыларды кемеге отырғызуға және кемеден түсiруге, жүктердi тиеуге, түсiруге және сақтауға арналған уақытша құрылғылар мен жүзбелi құрылыстар салуға;
2) кемелердiң алдын ала болжанбаған қыстап қалуы немесе олардың көлiк оқиғаларына ұшырауы жағдайларында уақытша құрылғылар мен құрылыстар салуға және басқа да қажеттi жұмыстар жүргiзуге рұқсат беруге құқылы.
4. Iшкi су жолдарының жағалау белдеуiн уақытша жұмыстар жүргiзу үшiн пайдаланушы тұлғалар олар аяқталғаннан кейiн жағалау белдеуiн тазалауға және оны жайластыруға мiндеттi.
5. Iшкi су жолдарының жағалау белдеуiне, навигациялық шырақтарды қоспағанда, кеме жолына қарай бағытталған қандай да бiр тұрақты шырақтар орнатуға тыйым салынады.
Уақытша шырақтарды орнату тек қана уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша мұндай шырақтар кеме жүретiн жол жағынан қоршалған жағдайда жүзеге асырылады.
6. Егер шаруашылық және өзге де қызметтiң кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысы болмаса, мұндай қызметтi жүзеге асыру үшiн жағалау белдеуiн пайдалануға жол берiлмейдi.
7. Жағалау белдеуiнде орналастырылатын объектiлер құрылысының немесе оларды қайта жаңарту жобалары мiндеттi түрде уәкiлеттi органмен келiсiлуi тиiс.
8. Су учаскелерi кеме қатынасы мақсаттарында пайдаланылатын болса, мұндай учаскелердi балық аулау қажеттiлiгi үшiн пайдалануға уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша жол берiледi.
9. Жағалау белдеуi шегiнде орналасқан жер учаскелерiн бөлу және iшкi су жолдары акваториясынан учаскелер бөлiп беру, оларда құрылғылар мен құрылыстар салу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
10. Уәкілетті органның кәсіпорындары кемелерінің тоқтап тұруына, оларды жөндеуге, жасауға арналған жағалау белдеуi мен су акваториясына iргелес учаске уәкiлеттi орган кәсiпорнының пайдалануында болады.
11. Қазақстан Республикасы шекаралық аймақтары учаскелерiндегi iшкi су жолдарының жағалау белдеуiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
12. Iшкi су жолдары шегiндегi акваторияда және жағалау белдеуiнде iшкi су жолдары мен жағалау белдеуiнiң жай-күйiне терiс әсерiн тигiзетiн және (немесе) оларды пайдалануға қиындық туғызатын қадағалаусыз кемелердi, құрылғылар мен құрылыстарды қалдырып кетуге тыйым салынады.
Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
14-бап. Iшкi су жолдарында құрылыстар салу және оларды
пайдалану
1. Iшкi су жолдарында салынып жатқан жасанды құрылыстар (көпiрлер, бөгеттер, айлақ құрылыстары, арналар, гидроэнергетика құрылғылары, су бетiндегi және су астындағы өту жолдары, байланыс және электр берiлiсiнiң желiлерi, құбырлар, су жинағыштар және басқа да гидротехникалық құрылыстар) салу мен пайдалану және оларды пайдалануға байланысты жүргiзiлетiн жұмыстар, руда емес құрылыс материалдарын өндiру уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Iшкi су жолдарындағы құрылыстардың (оның iшiнде салынып жатқан құрылыстардың) иелерi уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша өз есебiнен навигациялық жабдықтар құралдарын, оның iшiнде жүзу жабдықтары мен өзге де жабдықтарды орнатуға, сондай-ақ кеме қатынасының қауiпсiздiгi мақсатында олардың iшкi су көлiгi саласындағы техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкес жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Iшкi су жолдарында пайдаланылатын, сондай-ақ салынып жатқан көпiрлердiң және басқа да гидротехникалық құрылыстардың иелерi уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша:
1) кемелердiң, салдардың және басқа да жүзу объектiлерiнiң кедергiсiз әрi қауiпсiз өткiзiлуiн қамтамасыз етуге;
2) өз есебiнен олардың кiреберiстерiнде қажеттi су түбiн тереңдету және су түбiн тазалау жұмыстарын жүргiзуге;
3) кемелердiң қауiпсiз жүрiп өтуi үшiн қажеттi құрылыстар мен құрылғыларды дайындауға, орнатуға және күтiп ұстауға;
4) көтерме көпiрлер қанаттарын ашуға әрi көтеруге мiндеттi.
4. Гидроэлектрстанциялардың және iшкi су жолдарындағы су деңгейiн реттеушi су қысымымен жұмыс iстейтiн басқа да гидротехникалық құрылыстардың иелерi мұндай құрылыстардан жоғары және төмен учаскелерде кiдiрiссiз және қауiпсiз кеме қатынасы үшiн қажеттi, уәкiлеттi органмен келiсiлген су деңгейiн ұстап тұруға мiндеттi.
5. Iшкi су жолдарындағы су деңгейiн реттеушi құрылыстарды пайдалану уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
6. Кеме қатынасы үшiн пайдаланылатын және бiрнеше мемлекеттiң аумағынан өтетiн өзендердегi кепiлдiк берiлетiн тереңдiк Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес белгiленедi.
Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.
4-тарау. Кеме қатынасының қауіпсіздігі
15-бап. Жалпы ережелер
1. Кеменi кеме қатынасы қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкес жүзуге дайындау кеменiң меншiк иесiнiң және (немесе) кеме иесiнiң мiндетi болып табылады.
Кеме, егер ол:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген iшкi су көлiгi саласындағы қауiпсiздiктi, оның iшiнде экологиялық және өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар талаптарына сай болған;
2) кеме экипажының саны ол жүзуге шығатын күнгi кеме экипажының ең аз құрамы туралы белгiленген талаптардан кем болмаған жағдайларда жүзуге жiберiледi.
2. Кеменiң меншiк иесi және (немесе) кеме иесi:
1) кемелердiң қауiпсiз пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
2) кемелердi қауiпсiз пайдалануға жауапты адамды тағайындауға;
3) кеме қатынасы қауiпсiздiгi талаптарына сәйкес кеме экипажы мүшелерiнiң, басқа да қызметкерлердiң дағдыларын ұдайы жетiлдiрiп отыруға;
4) кеме экипажын жасақтауды қамтамасыз етуге және кеменi осы Заңда белгiленген кеме қатынасы қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкес техникалық жарамды күйде ұстап тұруға мiндеттi.
3. Алып тасталды - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4. Уәкiлеттi органның кәсiпорындары кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн:
1) су жолдарын кеме қатынасы жағдайында және шлюздерді күтіп ұстауды қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысқа сәйкес ішкi су жолдарын күтіп ұстауды жүзеге асыруға міндетті.
Судың деңгейі жобалық деңгейден төмендеген және уәкiлеттi орган өзеннің сағасының отыруына әкеп соғатын түбін тереңдету жұмыстарын одан әрі жүргізудің орынсыздығын айқындаған кезде уәкiлеттi органның кәсiпорындары кеме жүрісінің кепілдік берілген габариттерін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттен босатылады;
2) кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн шлюз және каналдар арқылы өткiзудi жүзеге асыруға мiндеттi, бұл ретте мұндай iс-шаралар тасымалдаушының есебiнен жүзеге асырылады.
5. Iшкi су жолдарында орналасқан гидротехникалық және басқа да құрылыстардың иелерi тиiстi шаралар қолдану үшiн кеме қатынасы қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайдың туындағаны туралы аумақтық бөлiмшелердi дер кезiнде хабардар етуге мiндеттi.
6. Аумақтық бөлiмшелер кеме қатынасының қауiпсiздiгi мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзушi теңiз кемесiне немесе шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзушi кемеге iшкi су жолдарына кiрген кезде iшкi су жолдарымен жүзетiн кемелермен бiрдей негiздерде тексеру жүргiзуге құқылы.
7. Кеме жасау өнiмдерiн шығару және кемелердi жөндеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларда Кеме қатынасы тiркелiмi беретiн сәйкестiк құжаты болуға тиiс.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.12.06. N 209, 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
15-1-бап. Iшкi су көлiгi саласындағы техникалық реттеу
1. Iшкi су көлiгi саласындағы қызметтi iске асыратын жеке және заңды тұлғалар адам өмiрi мен денсаулығы, жолаушылардың жол жүруi үшiн қауiпсiз жағдайларды, сондай-ақ кеме қатынасы қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кеме қатынасының қауiпсiздiгi адам өмiрi мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғауға, ішкі су көлiгi саласында авариясыз жұмыс жағдайларын жасауға, iшкi су жолдарын кеме қатынасы жағдайында, кемелердi, порттарды, жағалау объектiлерiн және iшкi су жолдарындағы құрылыстарды техникалық жағынан жарамды жағдайда ұстауға, сонымен қатар кемелердегi авариялардың алдын алуға бағытталған ұйымдық және техникалық iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз етiледi.
Мыналар:
1) iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгiнiң кемелерi, порттар, жағалаудағы объектiлер және құрылыстар;
2) iшкi су көлiгi кемелерiн жасау, порттарды, iшкi су жолдарында жағалау объектiлерi мен құрылыстарды салу (құрылыс жүргiзу, жөндеу, қайта жаңарту);
3) iшкi су көлiгi кемелерiн, порттарды, iшкi су жолдарында жағалау объектiлерi мен құрылыстарды пайдалану;
4) iшкi су көлiгi кемелерiн сақтау;
5) iшкi су көлiгi кемелерiн тасымалдау және тiркеп тарту;
6) iшкi су көлiгi кемелерiн жою және кәдеге жарату техникалық реттеу объектiлерi болып табылады.
Ескерту. 15-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.
15-2-бап. Iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгiнiң
кемелерiне, порттарға, жағалаудағы объектiлер
мен құрылыстарға қойылатын қауiпсiздiк
талаптары
1. Қауiптi жүктердi жөнелтетiн жөнелтушi (жүк жөнелтушi), қабылдайтын алушы (жүк алушы), сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдайтын тасымалдаушы олардың қауiпсiз тасымалдануын қамтамасыз етуге мiндеттi, оларда авариялық жағдайларды және олардың салдарын жоюға қажеттi құралдар мен жұмылдыру бөлiмшелерi (оның iшiнде шарт бойынша) болуға тиiс.
2. Қауiптi жүктердi тасымалдау процесiнде авариялық жағдайлар туындаған кезде жағдайда қауiптi жүктi жөнелтетiн жөнелтушi (жүк жөнелтушi), қабылдайтын алушы (жүк алушы) аталған бөлiмшелердiң оқиға орнына жедел түрде жiберiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Ескерту. 15-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.
15-3-бап. Iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгi кемелерiн
жасау, порттарды, жағалаудағы объектiлер мен
құрылыстарды салу (құрылыс жүргiзу, жөндеу,
қайта жаңарту) кезiнде қойылатын қауiпсiздiк
талаптары
1. Iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгi кемелерiн жасау, порттарды, жағалаудағы объектiлер мен құрылыстарды салу (құрылыс жүргiзу, жөндеу, қайта жаңарту) кезiнде жобалық құжаттама мен Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасының талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз ету қажет.
2. Iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгi кемелерiн жасау, порттарды, жағалаудағы объектiлер мен құрылыстарды салу (құрылыс жүргiзу, жөндеу, қайта жаңарту) кезiнде дайындаушы жобалық құжаттамада айқындалған қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралардың бүкiл кешенiн орындауға және iшкi су көлiгiнiң қауiпсiздiгiне байланысты барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Егер iшкi су жолдарындағы iшкi су көлiгi кемелерiн жасау, порттарды, жағалаудағы объектiлер мен құрылыстарды дайындау процессiнде немесе одан кейiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сынақтар жүргiзу қажет болса, онда олар жобалық құжаттаманың барлық талаптары орындала отырып, толық көлемде жүргiзiлуге тиiс.
4. Әрбiр кемеде корпусына жазылатын тіркеу нөмiрi таңбалануға тиiс. Таңбалау көрiнетiн, анық және өшiрiлмейтiн болуға тиiс.
5. Кеме адамдардың борт жиегiнен құлау тәуекелiн мейлiнше төмендететiндей етiп әзiрленуге және борт сыртында қалғандарды құтқаруды қамтамасыз етуге тиiс.
6. Негiзгi рульдiк басқару орны айнала шолуды қамтамасыз етуге тиiс.
7. Кеме пайдалану жөнiндегi нұсқаумен жабдықталуға, онда өрт және су басу қатерiне баса назар аударылуға тиiс.
Ескерту. 15-3-баппен толықтырылды - ҚР 2006.12.06. N 209 Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
15-4-бап. Iшкi су көлiгi жолдарындағы iшкi су көлiгi
кемелерiн, порттарды, жағалаудағы объектiлер
мен құрылыстарды пайдалану кезiндегi
қауiпсiздiк талаптары
1. Кеме қатынасы процесiне байланысты iшкi суда жүзетiн кемелер, iшкi су жолдарындағы порттар, жағалаудағы oбъектiлер және құрылыстар қауiптiлiгi жоғары аймақтар болып табылады және Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
2. Iшкi суда жүзетiн кемелердi, iшкi су жолдарындағы порттарды, жағалаудағы объектiлер мен құрылыстарды пайдалануды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиiс.
3. Кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын кемелер және олардың тұрағына арналған базалар (құрылыстар) Шағын көлемді кемелерді және олардың тұрағына арналған базаларды (құрылыстарды) техникалық қадағалау жөніндегі қағиданың талаптарына сәйкес келуі тиіс.
4. Кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын кемелерді және олардың тұрағына арналған базаларды (құрылыстарды) техникалық қадағалауды уәкілетті орган бастапқы, жыл сайынғы және кезектен тыс техникалық куәландырулар жүргізу арқылы, сондай-ақ арнайы және бақылап қарап-тексеруді жүргізу жолымен жүзеге асырады.
5. Кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын кемелерді және олардың тұрағына арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану Шағын көлемді кемелерді және олардың тұрағына арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану қағидасына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жататын өздігінен жүзетін кемелердің кеме жүргізушілері кеме жүргізушілерді даярлау жөніндегі бағдарлама бойынша оқытылуы және олардың шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлігі болуы тиіс.
Шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлік беруді, кеме жүргізушілерді даярлау бағдарламасын келісуді және шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды тіркеуді уәкілетті орган Кеме жүргізушілерді шағын көлемді кемені басқару құқығына аттестаттау қағидасына сәйкес жүзеге асырады.
Ескерту. 15-4-баппен толықтырылды - ҚР 2006.12.06 N 209 Заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
16-бап жаңа редакцияда көзделген - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
16-бап. Кемелердi техникалық қадағалау және сыныптау
1. Кемелердi техникалық бақылау және қадағалау мен сыныптауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Iшкi су жолдарында пайдалануға арналған iшкi суларда жүзетiн кемелер және "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кемелер:
жолаушылар тасымалдайтын;
бас қозғалтқышының қуаты 55 киловатт (75 а.к.) және одан да асатын жолаушылар тасымалдамайтын, өздiгiнен жүзетiн iшкi суда жүзетiн кемелер;
сыйымдылығы 80 тонна және одан да асатын өздiгiнен жүзетiн және өздiгiнен жүзбейтiн кемелер олардың кiмге тиесiлiгi мен меншiк нысанына қарамастан, кемелердi техникалық бақылау және қадағалау мен сыныптауға жатады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлмеген кемелердi техникалық бақылау және қадағалау мен сыныптау Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Кеме қатынасы тiркелiмi уәкiлеттi орган бекiтетiн техникалық бақылау жүзеге асырылуы тиiс кемелердi жобалау, жасау, жөндеу және пайдалану туралы ережелердi және кемелерге орнату үшiн материалдар мен бұйымдар дайындау туралы ережелердi әзiрлейдi.
5. Кеме қатынасы тiркелiмi, тұлғалар осы баптың 4-тармағында көзделген ережелердi орындамаған кезде, кемелердi, кеме тетiктерiн, құрылғылар мен техникалық құралдарды пайдалануға тыйым салуға, сондай-ақ кемелердi пайдалануға рұқсат ететiн құжаттарды беруден бас тартуға немесе бұрын берiлгендерiнiң күшiн жоюға құқылы.
Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
17-бап. Кемелердi пайдалану қауiпсiздiгiн бақылау және
қадағалау
Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Iшкi су жолдарында iшкi суда жүзiп жүрген өздiгiнен жүзетiн және өздiгiнен жүзбейтiн кемелердiң, iшкi су жолдарында пайдаланылатын жолаушылар, серуендiк, спорттық және құйып тасымалдау кемелерiнiң, паромды өткелдер мен басқа да жүзу объектiлерiнiң, оның iшiнде шағын көлемдi флоттық пайдаланылу қауiпсiздігін, олардың қозғалтқыштарының түрiне, бас қозғалтқыштарының қуатына және мұндай кемелердiң сыйымдылығына қарамастан, бақылауды уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен ережелерге сәйкес iшкi су жолдарында кемелер, соның iшiнде шағын көлемдi кемелер ұшыраған көлiк оқиғаларын тексеру, сыныптау және есепке алуды жүргiзу;
2) кеме қатынасының су жолдарын және навигациялық жабдықтар құралдарын тиiсiнше күтiп ұстауды бақылау және қадағалау;
3) кемелердiң (соның iшiнде шағын көлемдi кемелердiң), салдардың және iшкi су жолдарында орналасқан өзге де жүзу объектiлерi мен құрылғыларының кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарына сай болуын қарап шығуды жүргiзу;
4) кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарына сай келмейтiн кемелердi (соның iшiнде шағын көлемдi кемелердi), салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн ұстап алу;
5) кеме қатынасы қауiпсiздiгiне, адамдардың өмiрi мен денсаулығына, жүктердiң сақталуына қауiп төнген кезде кемелердiң (соның iшiнде шағын көлемдi кемелердiң), салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң қозғалысын тоқтата тұру және оған тыйым салу;
6) кеме иелерiнiң, кеме экипаждары мүшелерiнiң, iшкi су жолдарындағы кеме қатынасын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi туралы заңнамасына сәйкес кемелердi пайдалану қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету талаптарын орындауын бақылау және қадағалау;
7) кемелердi (соның iшiнде шағын көлемдi кемелердi) мемлекеттiк тiркеу және Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасына сәйкес жүзеге асырылатын тиiстi құжаттарды беру;
8) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен Кемелердің командалық құрамының адамдарын аттестаттау қағидасына сәйкес жүргiзiлетiн кемелердiң командалық құрамының адамдарын аттестаттау. Кемелердiң командалық құрамының адамдарын аттестаттау әрбiр үш жыл аяқталғанда жүргiзiледi. Тиiстi мамандық бойынша оқу орнын кезектi аттестаттау жылында аяқтаған, сондай-ақ сол жылы диплом беруден өткен адамдар аттестаттаудан босатылады;
9) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен кемелер экипаждары мүшелерiне диплом беру ережелерiне сәйкес жүргiзiлетiн кемелердiң командалық құрамының адамдарына диплом беру. Диплом беруге тиiстi бiлiмi бар, аумақтық бөлiмшеге мынадай құжаттарды:
еркiн нысандағы өтiнiштi;
жеке куәлiгiн немесе паспортын;
жоғары немесе орта білімнен кейінгі бiлiм туралы құжатты (дипломды);
жүзу өтiлiн растайтын құжат;
медициналық комиссияның кемедегi жұмысқа жарамдылығы туралы қорытындысын табыс еткен адамдар жiберiледi.
Диплом берудi жүргiзу туралы өтiнiштi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi отыз күн iшiнде қарайды.
Табыс етiлген құжаттар кемелер экипаждарының мүшелерiне диплом беру ережелерiнiң талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, бұл жөнiнде құжаттар табыс етiлген күннен бастап жетi күннен кешiктiрмей құжаттарды табыс еткен адамға хабарлайды;
10) анықталған iшкi су көлiгiнiң (соның iшiнде шағын көлемдi кемелердiң) жұмыс iстеуiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беру;
11) Қазақстан Республикасының кеме қатынасының су жолдарын жеке және заңды тұлғалардың пайдалану мерзiмдерiн бақылау және қадағалау;
12) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын тасымалдаушының жасасуын бақылау және қадағалау;
13) жеке және заңды тұлғалардың iшкi су көлiгi қызметiн жүзеге асыру кезiнде лицензиялық ережелердi сақтауын бақылау;
14) шағын көлемді кемелерді және шағын көлемдi кемелерге арналған база-тұрақтарды техникалық қадағалауды жүргiзу;
15) өз құзыретiнiң шегiнде Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар талаптарының сақталуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
16) шағын көлемдi кемелерге мемлекеттiк борттық нөмiрлер беру;
17) тұрақты мекен-жайы өзгерген, тиесiлiгi (иесi) өзгерген, қайта жабдықтау салдарынан кеменiң техникалық деректерi өзгерген жағдайларда шағын көлемдi кемелердi қайта тiркеудi жүргiзу;
18) шағын көлемдi кемелердiң кеме жүргiзушiлерiн даярлау жөнiндегi курстарды, оларды аттестаттауды ұйымдастыру;
19) шағын көлемдi кемелердi басқару құқығына куәлiктер беру;
20) шағын көлемдi кемелерге арналған база-тұрақтарды мемлекеттiк есепке алуды және оларды пайдалануға рұқсат берудi жүргiзу;
21) тиiстi мамандарды шағын көлемдi көлiк мәселелерi жөнiндегi сараптамаларға қатысуға тарту;
22) алкогольдiк, есiрткiлiк және уытты мас күйiнде болған шағын көлемдi кемелердiң кеме жүргiзушiлерiн басқарудан шеттету және оларды медициналық куәландыруға жiберу;
23) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыру;
24) паромды өткелдердi мемлекеттiк тiркеудi жүргiзу арқылы жүзеге асырады.
Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.07.27 N 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
17-1-бап. Уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң
кемелердi қарап шығуды жүргiзуi
1. Кемелердi қарап шығу кеменiң (оның мемлекеттiк тiркелген орнына қатыссыз) және экипаждың кемелердi пайдаланудың қауiпсiздiгiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкестiгiн анықтау мақсатында жүргiзiледi. Кемелердi қарап шығу капитанның немесе бiрiншi штурманның (капитанның аға көмекшiсiнiң) және шағын көлемдi кеменiң кеме жүргiзушiсiнiң қатысуымен тұрақта да, қозғалыс кезiнде де жүргiзiлуi мүмкiн.
Iшкi суларда жүзетiн кемелердi қарап шығу навигацияаралық кезеңнен кейiн, ал "өзен-теңiз" жүзу кемелерiн - теңiзде пайдаланғаннан кейiн, олар iшкi су жолдарына кiрген кезде жүргiзiледi.
Кемелердi бақылап қарап шығу навигация кезеңiнде екi айда бiр реттен жиi емес немесе көлiк оқиғасы болған кезде жүргiзiледi.
2. Өздiгiнен жүзетiн кемелердi қарап шығу кезiнде мыналар тексеруге жатады:
1) осы Заңның 23-бабында көрсетiлген кеме құжаттары (болуы, жарамдылық мерзiмдерi, оларды жүргiзу тәртiбi);
2) штат кестесi мен кеменi пайдалану режимi мен экипаждың жұмысы туралы кеме иесiнiң бұйрығы (немесе басқа құжат);
3) iшкi су жолдарының навигациялық карталары;
4) вахталық, штурмандық, жалпы кеме қызметтерiн, адамдарды құтқаруды ұйымдастыру жөнiндегi кеме iшi құжаттамасы (саны, жүргiзу сапасы):
вахталар кестесi;
дабылдар бойынша кесте және экипаж мүшелерiнiң жеке карточкалары;
ауа-райы болжамдарының журналы (тiгiнi);
жол ақпараттарының және кеме жүргiзушiлерге берiлген хабарламалар журналы (тiгiнi);
магниттiк компастың девиациясының кестесi;
кеменiң маневр элементтерiнiң кестесi;
адамның борт сыртына құлауы кезiндегi маневрлеу сызбасы;
радиолокациялық станцияның көлеңкелi секторларының сызбасы;
5) Мемлекеттiк тудың, мұржадағы марканың, кеменiң атауының (нөмiрiнiң) және борттарда тiркеу нөмiрлерiнiң, корпустағы жүк маркасының болуы мен жай-күйi;
6) кеменiң (құрамның) жүзу ауданының разряды мен жағдайына, құрамдарды қалыптастырудың және жолдар габариттерiнiң үлгілiк сызбаларына сәйкестiгi;
7) жолаушылар сыйымдылығы және жүк көтергiштiк, борттың су бетiндегi биiктiгi (жүк маркасы бойынша) нормаларын сақтау, кеменi басқару постынан көрудi қамтамасыз ету;
8) жарықтық, көрiнетiн және дыбыстық белгi берудiң болуы мен iс-әрекетi;
9) навигациялық, штурмандық және электрлi радионавигациялық приборлардың өзен кеме қатынасы нормалары бойынша болуы мен iс-әрекетi;
10) ұжымдық және жеке құтқару құралдары, пиротехникалар, авариялық жабдықтау санының кеме қатынасы тiркелiмi нормаларына сәйкестiгi, олардың маркировкаларының, орналасуы мен сақталуының дұрыстығы;
11) экипаждың штаттық кестеге және iшкi және аралас "өзен - теңiз" жүзу көлiктiк кемелерi экипажының ең аз құрамы туралы ережеге сәйкес жасақталуы;
12) командалық және қатардағы құрамда тиiстi лауазымдарға орналасу құқығына дипломдарының (бiлiктiлiк куәлiктерiнiң), дипломдарға бақылау талондарының, аттестаттау туралы анықтамаларының болуы;
13) ағымдағы және алдыңғы рейстерде (вахталық журналдағы жазбалар бойынша) құрамдарды қалыптастырудың үлгілік сызбаларын, жолаушылар сыйымдылығы мен жүк көтеру нормаларын, тiркеу құжаттарында көрсетiлген жүзу ауданы мен шарттары бойынша шектеулердi, вахталарды атқару режимiн, оқу дабылдарын және басқару құрылғысы iстен шыққандағы iс-әрекет бойынша жаттығулар жүргiзудiң кезеңдiгiн сақтауы;
14) экипаж мүшелерiнiң басқару құрылғысы iстен шыққан кезде дабыл бойынша iс-әрекет етудi бiлуi мен игеруi;
15) ағымдағы навигацияда аумақтық бөлiмшелер қызметкерлерiнiң ұйғарымдарының орындалуы тексерiледi.
3. Қарап шығу нәтижелерi бойынша уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң қызметкерi анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтардың тiзбесiн және ескертулердi жою мерзiмдерiн көрсете отырып акт жасайды. Кеме құжаттары болмаған кезде және жүзу қауiпсiздiгiне қауiп төнген жағдайларда уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң қызметкерi кеменiң (құрамның) қозғалысына тыйым салу туралы шешiм қабылдайды, бұл туралы кеменiң капитаны кеме иесiне хабарлайды.
Қарап шығу актiсi екi данада жасалады және оған уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң қызметкерi мен капитан (немесе капитанның аға көмекшісі) қол қояды. Капитан (капитанның аға көмекшiсi) қол қоюдан бас тартқан жағдайда актiде бас тартудың мәлiмделген себептерi көрсетiле отырып жазба жасалады.
Актiнiң бiрiншi данасы кемеде, екiншiсi - уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнде кеме iсiнде сақталады.
Уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң кеменi қарап шығуды жүргiзген қызметкерлерi кеменi қарап шығу жөнiндегi актiдегi жазбалардың дұрыстығына жауапты болады.
Ескерту. 17-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
18-бап. Кеме қатынасы қауiпсiздiгiнiң және порттағы
тәртiптiң қамтамасыз етiлуiн бақылау
Ескерту. 18-бап алып тасталды - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
19-бап. Экологиялық қауiпсiздiктiң қамтамасыз
етiлуiн бақылау
1. Кемелердi пайдалану кезiнде экологиялық қауiпсiздiктiң қамтамасыз етiлуiн бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Уәкiлеттi орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк уәкiлеттi органмен бiрлесе отырып:
1) алып тасталды - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
2) кеменiң меншiк иелерiне, кеме иелерi мен кеме капитандарына экологиялық қауiпсiздiкке байланысты мәселелер бойынша ақпараттық қызмет көрсетудi жүзеге асырады.
3. Iшкi су көлiгiнде санитарлық ережелер мен нормалардың сақталуын бақылауды және қадағалауды халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк уәкілетті opган жүзеге асырады.
Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
20-бап. Кеменi лоцмандық алып өту
1. Кемелердi лоцмандық алып өту iшкi су жолдарындағы кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және кемелер ұшырауы мүмкiн көлiк оқиғаларын болғызбау мақсатында жүзеге асырылады.
Кемелердi лоцмандық алып өту жөнiндегi қызметтер ақылы негiзде көрсетiледi.
2. Лоцмандар ретiнде жұмысқа лоцмандық қызмет туралы ережеде белгiленген талаптарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын кемелердi лоцмандық алып өту талаптарына сай болған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтары жiберiлуi мүмкiн.
3. Қажет болған жағдайда, кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында лоцман кеменi лоцмандық алып өтудi кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн мән-жайлар туындағанға дейiн тоқтата тұруға құқылы.
4. Кемеде лоцманның болуы кеме капитанын кеменi басқару жауапкершiлiгiнен босатпайды.
Кеме капитаны кеме қатынасы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында лоцман ұсыныстарының дұрыстығына күмәнi болған жағдайда, оның қызмет көрсетуiнен бас тартуға құқылы, бұл ретте, егер кеменi лоцмандық алып өту мiндеттi болса, кеме капитаны мұндай лоцманды алмастыруды талап етуге мiндеттi.
5. Кеменiң меншiк иесiне және (немесе) кеме иесiне лоцманның кiнәсiнен келтiрiлген зиян үшiн кеменiң меншiк иесiне және (немесе) кеме иесiне зиян келтiрiлген кезде лоцман жұмыс iстейтiн ұйым жауапты болады.
Егер лоцмандық алып өтудi тиiсiнше жүзеге асырмаудың салдарынан келтiрiлген залал лоцманның немесе лоцман жұмыс iстейтiн ұйымның қасақана немесе абайсызда жасаған әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) салдарынан болғандығы дәлелденсе, лоцман немесе лоцман жұмыс iстейтiн ұйым толық көлемде жауапты болады.
Кеменi лоцмандық алып өтудi тиiсiнше жүзеге асырмауға кiнәлi лоцман Кемелерді лоцмандық алып өтуді жүзеге асыру қағидасында айқындалатын тәртiппен және жағдайларда мамандығынан айырылуы мүмкiн.
6. Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзушi кеме iшкi су жолдарымен бүкiл жүзу жолында, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, мiндеттi түрде лоцмандық алып өтуге жатқызылады.
7. Кеменi лоцмандық алып өту кезiнде лоцман аумақтық бөлiмшеге:
1) кеме қатынасы қауiпсiздiгiне қатер төндiруi мүмкiн кеме жолының кез келген өзгерiстерi;
2) лоцмандық алып өтудi өзi жүзеге асырып отырған кеме және iшкi су жолдарында өзi қызмет көрсететiн учаскеде басқа да кемелер ұшыраған кез келген оқиғалар;
3) лоцмандық алып өтудi өзi жүзеге асырып отырған кеменiң капитаны кеменiң жүзу ережелерi мен iшкi су жолдарының кемелерден аққан сарқынды және құрамында мұнайы бар сулармен ластануын болғызбау ережелерiн орындамауы туралы дереу хабарлауға мiндеттi.
8. Лоцмандық қызметтiң жұмысын бақылауды және қадағалауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
21-бап. Кемелер қозғалысын шектеу немесе оған тыйым салу
1. Дүлей зiлзалалар, әскери iс-қимылдар туындаған жағдайларда, сондай-ақ портта жүктер мен кемелердiң шамадан тыс шоғырлануы кезiнде аумақтық бөлiмше кеме қатынасы қауiпсiздiгi, адамдардың өмiрi мен денсаулығын сақтау, жүктердiң сақталуы мақсатында кемелер қозғалысын шектеу немесе оларға тыйым салу туралы шешiм қабылдауға құқылы, ол туралы мұндай шектеудiң қолданылу мерзiмдерi жөнiнде шешiм қабылдайтын уәкiлеттi органға дереу хабарлайды.
Кемелер қозғалысына бес күннен астам мерзiмге шектеу енгiзiлген немесе тыйым салынған жағдайда уәкiлеттi орган ол жөнiнде Қазақстан Республикасының Yкiметiн дереу хабардар етедi.
2. Аумақтық бөлiмше қабылданған шешiм туралы кемелер қозғалысына шектеу енгiзудiң немесе тыйым салудың себептерi мен мерзiмдерiн көрсете отырып, жүк тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен тасымалдаушыларды, жүк жөнелтушiлердi және жүк алушыларды хабардар етуге мiндеттi.
5-тарау. Кеме
22-бап. Кеменi бiрдейлендiру құралдары
1. Кеменiң атауының, тiркелiмге алынған пунктiнiң, тіркеу нөмiрiнiң, шақыру сигналының және кеменiң техникалық жарақтандырылуына қарай кемедегi жерсерiктiк байланыс станциясының бiрдейлендiру нөмiрi мен кеме станциясын iздеп шақыру нөмiрiнiң болуы мiндеттi.
2. Кеменiң атауын уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен оның меншiк иесi бередi.
3. Кеменiң тіркеу нөмiрiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi орган бередi.
4. Шақыру сигналы, кемедегi жерсерiктiк байланыс станциясының бiрдейлендiру нөмiрi мен кеме станциясын iздеп шақыру нөмiрi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiледi.
Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
23-бап. Кеме құжаттары
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында тiркелген және iшкi су жолдарымен кеме қатынасын жүзеге асыратын кемеде олардың нысандарын, оларды беру және жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн мынадай кеме құжаттары болуға тиiс:
1) кеменiң Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын және кемеге меншiк құқығын растайтын кеме куәлiгi;
2) шетелдiк кемеге (жалға алынған шетел кемелерiнiң тiзiлiмiнде тiркелген кемелер үшiн) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзуге уақытша құқық беру туралы куәлiк;
3) кеменiң жүзуге жарамдылығы туралы, оның сыныбы немесе сыныптау куәлiгi көрсетiлген куәлiгi;
4) өздiгiнен жүзетiн кемелер үшiн кеме журналы (вахталық журнал);
5) кеме рөлi (өздiгiнен жүзетiн кемелер үшiн) - кеме капитаны жасаған кеме экипажы мүшелерiнiң тiзiмi;
6) радиожурнал (егер кемеде кеме радиостанциясы бар болса);
7) кеме станциясының рұқсаты (егер кемеде кеме радиостанциясы бар болса);
8) машина журналы (механикалық қозғағышы бар кемелер үшiн);
9) кеменi қарап шығудың бiрыңғай кiтабы;
10) санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды және кемеге санитарлық паспорт;
11) өрт қауiпсiздiгi куәлiгi (қарап шығу актiсi);
12) кеменiң мұнаймен, қалдық сулармен және қоқыспен ластануын болғызбау туралы куәлiк;
13) кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлiк.
2. Көшiрмесiн кемеге меншiк құқығы туралы куәлiктi берген орган растауға немесе нотариус куәландыруға тиiстi осындай куәлiктi қоспағанда, кеме құжаттары кемеде түпнұсқа түрiнде болуға тиiс.
3. Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында тiркелген, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын кесiп өтуге байланысты кеме қатынасын жүзеге асыратын кемеде, осы баптың 1-тармағында көзделген құжаттардан басқа, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда белгiленген құжаттар болуға тиiс.
4. Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзушi, iшкi су жолдарында кеме қатынасын жүзеге асыратын кемеде Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда белгiленген құжаттар болуға тиiс.
5. Шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзушi әрi Қазақстан Республикасының портына кiрушi немесе iшкi су жолдарымен жүзiп өтушi кеменiң кеме құжаттарын тану Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
24-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын
көтерiп жүзу құқығы
1. Кемелердiң iшкi су жолдарында тек қана Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзуiне жол берiледi.
2. Кемелердiң шет мемлекеттiң туын көтерiп, оның iшiнде iшкi су жолдары арқылы транзит мақсатында жүзуi Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы:
1) мемлекеттiң;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелген Қазақстан Республикасы азаматтарының және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiндегi кемелерге берiледi.
3) алып тасталды - 2006.01.31. N 125 Заңымен.
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын пайдаланушы кеме Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туымен жүзуге мiндеттi.
5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы кеменiң Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiне немесе кеме кiтабына мемлекеттiк тiркелген сәтiнен бастап туындайды.
6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы туралы куәлiктi уәкiлеттi орган бередi.
7. Кеменi жалға алынған шетелдiк кемелер тiзiлiмiне мемлекеттiк тiркеу кезiнде уәкiлеттi орган кемеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын уақытша беру туралы шешiмде көрсетiлген мерзiмге Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы туралы куәлiк бередi.
8. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерден меншiкке сатып алынған кеме Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын Қазақстан Республикасының консулдық қызметi мұндай құқықты растаған және кеме Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мемлекеттiк тiркелгенге дейiн күшi болатын уақытша куәлiк берген күннен бастап бiр жылдан аспайтын мерзiмде пайдаланады.
9. Кеменiң меншiк иесi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы туралы куәлiктi жоғалтқан жағдайда уәкiлеттi орган меншiк иесiнiң өтiнiшi бойынша оған аталған куәлiктiң дубликатын бередi. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы туралы куәлiктiң дубликатын беру тәртiбi Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасымен белгiленедi.
10. Кеме Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан шығарылған күннен бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын жоғалтады.
11. Уәкiлеттi орган шешiмiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы шет мемлекеттiң кеме тiзiлiмiнде тiркелген, қазақстандық тұлға экипажсыз жалға алған (бербоут-чартер) кемеге:
1) жалға алушы осы баптың 3-тармағына сәйкес кеменiң меншiк иесiне қойылған талаптарға сай келетiн;
2) кеменiң меншiк иесi кеменiң Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзуге ауысуына жазбаша нысанда келiсiм берген;
3) кеменiң меншiк иесi мемлекетiнiң заңдары кемеге шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзу құқығын беруге тыйым салмайтын жағдайда уақытша берiлуi мүмкiн.
12. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы осы баптың 11-тармағында көрсетiлген кемеге екi жылдан аспайтын мерзiмге, одан әрi қарай әрбiр екi жыл сайын, бiрақ жалға алу шартының қолданылу мерзiмiнен аспайтын уақытқа ұзарту құқығымен берiлуi мүмкiн.
13. Кеме шетелдiк тұлғаға экипажсыз жалға берiлген (бербоут-чартер) жағдайда кеменiң меншiк иесi осындай беруге жазбаша түрде келiсiм беру және кеменi жалға алушы мемлекеттiң заңдары кемеге мұндай мемлекеттiң туын көтерiп жүзу құқығына жол беру шартымен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы уақытша тоқтатыла тұруы мүмкiн.
Кеменi шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзуге ауыстыру мүмкiндiгi туралы шешiмдi уәкiлеттi орган қабылдайды. Кеменi шет мемлекеттiң туын көтерiп жүзуге ауыстыру мерзiмi кеменi жалға алу шартының қолданылу мерзiмiмен айқындалады.
Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
6-тарау. Кемеге меншік құқығы. Кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу. Кеме кепілі. Кеменің немесе жасалып жатқан кеменің ипотекасы
25-бап. Кемеге меншiк құқығы
1. Кемелер:
1) мемлекеттiң;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының;
3) егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттердiң, шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды тұлғалардың меншiгiнде болуы мүмкiн.
2. Кемеге немесе кеменiң бiр бөлiгiне меншiк құқығы осындай құқықты Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мемлекеттiк тiркеу сәтiнен бастап туындайды және уәкiлеттi орган немесе оның аумақтық бөлiмшелерi берген куәлiкпен расталады.
Кемеге меншiк құқығы туралы куәлiктi жоғалтқан жағдайда уәкiлеттi орган кеменiң меншiк иесiнiң өтiнiшi бойынша оған аталған құжаттың дубликатын беруге құқылы. Кемеге меншiк құқығы туралы куәлiктiң дубликатын беру тәртiбi Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасымен белгiленедi.
3. Жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы киль тарту немесе сарапшының қорытындысымен расталған соған тең құрылыс жұмыстары жүргiзiлген жағдайда жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiнде тiркелуi мүмкiн. Жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын тiркеу кезiнде тиiстi куәлiк берiледi.
3-1. Кемеге немесе жасалып жатқан кемеге тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) туралы мәліметтер жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың және онымен жасалатын мәмілелердің бірыңғай мемлекеттік тізіліміне (құқықтық кадастрға) енгізілуге тиіс.
4. Кеменiң меншiк иесi, егер шартта өзгеше көзделмесе, оны меншiк иесiнiң мүддесiнде сыйақы алу арқылы кеменi басқаруды жүзеге асыру үшiн оны сенiмгерлiк басқару шарты бойынша сенiмгерлiк басқарушыға беруге құқылы.
Кеменi сенiмгерлiк басқаруға беру оған меншiк құқығының сенiмгерлiк басқарушыға өтуiне әкеп соқпайды.
5. Кеменi сенiмгерлiк басқаруға беру Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мiндеттi тiркелуге тиiс.
6. Кемелердi басқару мен оларды пайдалану саласындағы құзыреттi тұлға сенiмгерлiк басқарушы бола алады.
Ескерту. 25-бап 3-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.07.26. N 311 Заңымен.
26-бап. Кеменi, оның ішінде шағын көлемді кемені және
оған құқықтарды мемлекеттiк тiркеу
Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Кеме оған тіркеу нөмiрiн беру арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
2. Осы Заңның 24-бабының 11-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы уақытша берiлген кеме жалға алынған шетелдiк кемелер тiзiлiмiнде мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
3. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттiк тiркеу деп Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес мемлекеттiң кемеге құқықтың туындауын, шектелуiн (ауыртпалықтарын), ауысуын немесе тоқтатылуын тану және pастау актiсi түсiнiледi.
4. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) үшiн, сондай-ақ кеменi мемлекеттiк тiркеудi куәландыратын құжаттың дубликатын алу кезiнде Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде алым алынады.
4-1. Егер оқиғаға ұшырау нәтижесінде немесе басқа бір себеппен кеме бұрын Мемлекеттік кеме тізіліміне немесе кеме кітабына енгізілген техникалық параметрлерге сәйкес келмей қалса, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кемені мемлекеттік қайта тіркеу жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының меншігіндегі және мемлекеттік органдардың өздеріне жүктелген функцияларды орындауы үшін коммерциялық мақсаттарда пайдалануы да кемені қайта тіркеу үшін негіз болып табылады.
5. Мемлекеттік кеме тізілімінде ішкі суларда жүзетін кемелер және iшкi су жолдарында пайдалануға арналған «өзен-теңiз» суларында жүзетiн кемелер тіркеледі, олар:
1) жолаушылар кемесі;
2) бас қозғалтқышының қуаты елу бес киловатт (жетпіс бес ат күші) және одан артық болатын жолаушыларға арналмаған өздігінен жүзетiн кемелер;
3) сыйымдылығы тіркелімдік сексен тонна және одан астам өздігінен жүзетiн және өздігінен жүзбейтiн кемелер.
6. Шағын көлемді кемелер кеме кітабында мемлекеттік тіркеуге жатады.
7. Уәкiлеттi орган, егер ұсынылған құжаттардың нысаны мен мазмұны Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасында белгiленген талаптарға сай болмаған жағдайда, мемлекеттiк тiркеуден бас тартады.
8. Мүдделi тұлға кеменi және оған құқықтарды мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға қатысты сот тәртiбiмен шағымдана алады.
9. Егер кемеге меншiк құқығы шет мемлекеттiң кеме тiзiлiмiнде тiркелген болса, ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiне тiркелмейдi. Мұндай жағдайда кемеге меншiк құқығын Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде тiркеу үшiн меншiк иесi кеменiң шет мемлекеттiң кеме тiзiлiмiнен шығарылғаны туралы үзiндi көшiрменi ұсынуға тиiс.
10. Шет мемлекеттiң кеме тiзiлiмiнде тiркелген кеме мұндай кемеге осы Заңның 24-бабының 11-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын уақытша беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр ай iшiнде жалға алынған шетелдiк кемелер тiзiлiмiнде мемлекеттiк тiркелуге тиiс.
Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
27-бап. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттiк
тiркеудiң негiздерi
Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттiк тiркеудiң негiздерi:
1) мемлекеттiк органдардың өз құзыретi шегiнде шығарған актiлерi;
2) кемеге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалған шарттар мен басқа да мәмiлелер;
3) мұраға құқық туралы куәлiк;
4) соттың заңды күшiне енген шешiмi;
5) Қазақстан Республикасы заңдарында белгiленген тәртiппен берiлген кемеге құқық туралы куәлiк болып табылады.
28-бап. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттiк
тiркеу үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесi
1. Кеменi және оған құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiшке мынадай құжаттap:
1) сауалнама;
2) кемеге меншiк құқығын растайтын құжат;
3) жүзуге жарамдылығы туралы куәлiк;
4) өлшеу куәлiктерi ("өзен-теңiз" суларында жүзетiн кемелер үшiн);
5) сыныптау куәлiгi;
6) көлiк құралдарын мемлекеттiк тiркеу үшiн алымдар сомасының бюджетке төленгенiн растайтын құжат;
7) жолаушылар куәлiгi (жолаушылар кемесi үшiн) қоса берiлуге тиiс.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы уақытша берiлген кеменi және оған құқықтарды мемлекеттiк тiркеу кезiнде кеменi жалға алушының кеменi және оған құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiшiне, осы баптың 1-тармағында көрсетiлген құжаттардан басқа, қосымша мынадай құжаттар:
1) кеменi жалға алу шартының нотариат куәландырған көшiрмесi;
2) кеменiң меншiк иесiнiң және кеменiң немесе оған ауыртпалықтардың тiркелген ипотекасының кепiл ұстаушысының кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзуге ауыстыруға жазбаша рұқсаты;
3) жалға алу шарты бойынша кеменi қазақстандық жалға алушының аты мен тұрғылықты жерiн не атауын және орналасқан жерiн растайтын құжат;
4) шет ел кемесiне Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын уақытша беру туралы және осы кеменiң атауын айқындау туралы уәкiлеттi органның шешiмi;
5) кеме тiркелген, тiкелей ту ауыстырғанға дейiн шет мемлекеттiң құзыреттi билiк орындары берген және бұл мемлекеттiң туын көтерiп жүзу құқығының кемеге Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы берiлген мерзiмге тоқтатыла тұрғанын растайтын құжат табыс етiледi.
Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.11. N 201 (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
29-бап. Кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк
кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан шығару
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан:
1) опат болған немесе хабарсыз жоғалып кеткен;
2) конструкциялық жағынан күйреген;
3) қайта жасау немесе басқа да өзгерiстер нәтижесiнде кеме сапасын жоғалтқан;
4) осы Заңның 24-бабының 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкестiгiн жоғалтқан кеме шығарылуға тиiс.
2. Кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан шығару үшiн кеменiң меншiк иесi уәкiлеттi органға өтiнiш пен мұндай шығаруға негiз болып табылатын мән-жайларды растайтын құжаттарды беруге мiндеттi.
30-бап. Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және
оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасын
бұзғаны үшiн жауаптылық
Кеменi және оған құқықтарды мiндеттi мемлекеттiк тiркеуден жалтарған тұлға, сондай-ақ кеменi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде белгiленген тәртiптi бұза отырып тiркеген тұлға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
31-бап. Кеменi тұтқындау және мәжбүрлеп сату
Егер сот кеменi тұтқынға алу түрiнде талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдаған немесе кеме атқарушылық iс жүргiзу тәртiбiмен сатылған жағдайда уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiне тиiстi жазба енгiзедi. Бұл ретте, уәкiлеттi орган кеменiң меншiк иесiн кемеге қатысты талапты қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау немесе кемеден мұндай шараларды алып тастау туралы хабардар етугe тиiс.
32-бап. Кеме кепiлi, кеменiң немесе жасалып жатқан
кеменiң, оның ішінде шағын көлемді кеменің
ипотекасы
Ескерту. Тақырыпқақа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Кеме кепiлi, кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң, оның ішінде шағын көлемді кеменің ипотекасы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 32-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
32-1-бап. Кеменің ипотекасын мемлекеттiк тiркеу
1. Кеменің ипотекасын уәкілетті орган сол кеме тiркелген тiзiлiмге тiркейдi.
2. Жасалып жатқан кеменiң ипотекасы жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы тiркелген, жасалып жатқан кемелердің тiзiлiмiнде тiркеледi.
3. Осы Заңның 24-бабының 7 және 11-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын көтерiп жүзу құқығы уақытша берiлген шетелдік кеменiң ипотекасын, сондай-ақ шетелдiк алушы үшiн жасалып жатқан кеменiң ипотекасын Қазақстан Республикасында тiркеуге болмайды.
4. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiш берілген күні тiркеледi.
5. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркеу тәртібі Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасында айқындалады.
6. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркеу кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлікті берумен куәландырылады.
7. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркегені және кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркеу туралы куәліктің телнұсқасын бергені үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен алым алынады.
Ескерту. 6-тарау 32-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
32-2-бап. Шағын көлемді кеменің ипотекасын мемлекеттiк
тiркеу
1. Шағын көлемді кеменің ипотекасын уәкілетті орган сол шағын көлемді кеме тiркелген кеме кітабына тіркейді.
2. Шағын көлемді кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiш берілген күнi шағын көлемді кеменiң ипотекасы тiркеледi.
3. Шағын көлемді кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркеу тәртібі Кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидасында айқындалады.
4. Шағын көлемді кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркеу шағын көлемді кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлікті берумен куәландырылады.
5. Шағын көлемді кеменiң ипотекасын мемлекеттiк тiркегені және кеменің ипотекасын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің телнұсқасын бергені үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен алым алынады.
Ескерту. 6-тарау 32-2-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7-тарау. Кеме экипажы
33-бап. Кеме экипажының құрамы
1. Кеме экипажы кеменiң командалық құрамының адамдарынан, кеме командасынан, ал жолаушы кемелерiнде - кеме жолаушыларына қызмет көрсетушi персоналдан да тұрады.
2. Кеменiң командалық құрамына кеме капитаны, су түбiн тереңдету немесе су түбiн тазалау снарядының командирi, олардың көмекшiлерi, механиктер мен электромеханиктер, механиктер мен электромеханиктердiң көмекшiлерi, радиомамандар және дәрiгерлер кiредi.
3. Кеме командасы кемеде жұмыс iстейтiн, кеменiң командалық құрамына және кеме жолаушыларына қызмет көрсететiн персоналға жатпайтын адамдардан тұрады.
4. Кеме экипажының ең аз құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлi бiр түрдегi кеменi пайдалану талаптарына сәйкес белгiлейдi.
5. Кеме экипажының құрамына кiретiн адамдар кеме экипажы мүшелерiнiң тiзiмiне (кеме рөлi) енгiзiлуге тиiс, оны жүргiзу кеме капитанының мiндетi болып табылады.
Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
34-бап. Кеме экипажының мүшелерiне қойылатын талаптар
1. Кеме экипажы мүшелерiнiң лауазымдарын иеленуге Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Кемелер экипаждарының командалық құрамының адамдарына және басқа да мүшелеріне диплом беру және оларды аттестаттау қағидасына сәйкес тиiстi бiлiктiлiгi бар адамдар жiберiледi.
1-1. Кемелер экипаждарының мүшелеріне диплом беру, сондай-ақ ішкі су жолдарында пайдаланылатын кемелердің командалық құрамының адамдарын аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссияларын құру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Кемедегi жұмысқа денсаулық жағдайы бойынша мұндай жұмысқа жарамдылығы туралы медициналық комиссияның қорытындысы бар адамдар жiберiледi.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзушi кеме экипажының құрамына кiретiн шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар кеме капитаны, кеме капитанының аға көмекшiсi, аға механик пен радиомамандар лауазымдарына тағайындала алмайды. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кеме экипажының құрамына кiру мүмкiндiгiнiң шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын кесiп өтуге байланысты кеме қатынасын жүзеге асыратын кемедегi жұмысқа Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ресiмделген теңiзшi паспорты бар адамдар жiберiледi.
Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
35-бап. Кеме капитаны
1. Кеме капитаны бiлiктiлiк деңгейi қойылған талаптарға сәйкес келетiн Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс.
Кеме капитанына қойылатын бiлiктiлiк талаптарын, оны аттестаттау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Кеме капитанына кеменi басқару, оның iшiнде кеме жүргiзу, кеменiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз ету, кемедегi тәртiптi сақтау, қоршаған ортаны қорғау, кемеге, кемедегi адамдарға, багажға және жүкке зиян келтiрiлуiн болдырмау жөнiнде шаралар қабылдау жүктелeдi.
3. Кеменiң меншiк иесi, кеме иесi, жүк жөнелтушi немесе олардың өкiлдерi болмаған уақытта кеме капитаны қажет болған жағдайда кемеге, жүкке немесе кеменiң жүзуiне қатысты мәмiлелер жасасу, сондай-ақ кемедегi мүлiкке қатысты талап қою кезiнде кеменiң меншiк иесiнiң, кеме иесiнiң және жүк жөнелтушiнiң өкiлi болып табылады.
4. Егер кеме капитанының пiкiрi бойынша кемеге анық опат болу қаупi төнген жағдайда кеме капитаны жолаушыларды құтқару жөнiндегi барлық шаралар қабылданғаннан кейiн кеме экипажының мүшелерiне кеменi тастап шығуға рұқсат етедi. Кеме капитаны кеме журналын, машиналық журналды, кеменiң жүзу бағытының карталарын, кеме мөрiн, құжаттар мен бағалы заттарды құтқару жөнiндегi өзiне байланысты барлық шараларды қабылдағаннан кейiн кеменi ең соңынан тастап шығады.
5. Кеменiң меншiк иесi мен кеме иесi кеме капитанының осы баптың 4-тармағында көзделген мiндеттердi бұзғаны үшiн жауап бермейдi.
Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
36-бап. Кеме капитанының құқықтары мен мiндеттерi
1. Кеме капитанының өз өкiлеттiгi шегiнде берген өкiмдерiн кемедегi адамдардың барлығы орындауға тиiс.
2. Кеме капитаны:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес экипаж мүшелерiн қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетуге;
2) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленген тәртiппен кеме экипажының мүшелерiн көтермелеуге және оларға тәртiптiк жазалар қолдануға;
3) жүзу кезiнде кемеде болған адамның аманатын куәландыруға құқылы, бұл ретте кеме капитаны куәландырған аманат Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңдарына сәйкес нотариалдық куәландырумен теңестiрiледi.
3. Кеме капитаны:
1) егер өз кемесiне және ондағы адамдарға қауiп төндiрмейтiн болса, суға батып бара жатқан адамға көмек көрсетуге;
2) кемелер соқтығысқан жағдайда осы соқтығысқа ұшыраған басқа кемеге, оның жолаушылары мен экипаж мүшелерiне көмек көрсетуге, бұл ретте соқтығысқан кемелердiң капитандары бiр-бiрiне өз кемелерiнiң атауларын хабарлауға;
3) кеме экипажының мүшесiне немесе жолаушыға кеме жүзуде жүрген уақытта көрсетiлуi мүмкiн емес шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда - кеменiң меншiк иесiн және (немесе) кеме иесiн, уәкілетті органның аумақтық бөлімшесін, ал кеме шетелдiк портқа кiрген кезде Қазақстан Республикасының консулы мен кеме иесiнiң агентiн де (шетел портында мұндай агент болған кезде) хабардар ете отырып, ең жақын портқа кiруге;
4) кеме экипажының мүшесi немесе жолаушы оның опат болу мүмкiндiгi бар мән-жайларда жоғалып кеткен жағдайда кеме журналына жазба енгiзуге, акт жасауға, сондай-ақ жоғалып кеткен кеме экипажы мүшесiнiң немесе жолаушының кемедегi мүлкiне тiзiмдеме жасап, аталған акті мен мүлiктi eң жақын порттың капитанына тапсыруға;
5) кемеде бала туылған немесе кемеде қайтыс болудың әрбiр жағдайында екi куәгердiң және егер кемеде дәрiгер болса, соның қатысуымен тиiстi акт жасауға, сондай-ақ кеме журналына жазба енгiзуге;
6) кеменiң меншiк иесiн және (немесе) кеме иесiн кемедегi қайтыс болу жағдайы туралы хабардар етуге және қайтыс болған адамның мәйiтiн сақтау әрi оны туысқандарына немесе ең жақын порттағы порт әкiмшiлiгiне тапсыру жөнiнде шаралар қолдануға;
7) қайтыс болған адамның кемедегi мүлкiне тiзiмдеме жасауға және мұндай мүлiктiң жасалған тiзiмдемеге сәйкес қайтыс болған адамның туысқандарына немесе ең жақын порттағы порт әкiмшiлiгiне тапсырылғанға дейiн сақталуын қамтамасыз етуге;
8) iс-әрекетi кеме немесе ондағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн адамды оқшаулауға;
9) жүзiп жүрген кемеде Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарында көзделген қылмыстардың белгiлерi бар әрекеттер анықталған жағдайда ол туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға және мұндай қылмыстың жасалуына күдiктi aдамды ол ең жақын порттағы немесе ең жақын елдi мекендегi аталған органдарға берiлгенге дейiн ұстауға;
10) құқыққа қарсы iс-әрекеттер жасау мақсатында кемеге адамдар шабуыл жасаған жағдайда iшкi iстер және ұлттық қауiпсiздiк органдарымен келiсе отырып, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiпке сәйкес әрекет етуге мiндеттi.
4. Кеме капитаны ауырған немесе оған өз қызметтiк мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн өзге де себептер болған жағдайларда, сондай-ақ ол қайтыс болғанда кеме капитанының мiндеттерi кеменiң меншiк иесiнiң және (немесе) кеме иесiнiң өкiмiн алғанға дейiн кеме капитанының аға көмекшiсiне жүктеледi.
Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.15 N 253, 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
37-бап. Кемедегi еңбек қатынастары
1. Кеме экипажының мүшелерiн тағайындауды кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi кеме капитанымен келiсе отырып жүзеге асырады.
2. Кеме экипажының мүшелерімен еңбек шартын жасасу тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері, еңбек және ақы төлеу шарттары, сондай-ақ олармен еңбек шартын тоқтатудың тәртібі мен негіздері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және осы Заңмен айқындалады.
3. Кеме иесi кеме экипажының мүшелерiне олар кемеде болған кезде:
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбектiң қауiпсiз жағдайларын;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес денсаулықты қорғау мен медициналық көмектi;
3) құтқару құралдарының болуын;
4) азық-түлiкпен және сумен үздiксiз жабдықтауды;
5) санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетiн демалуға, тамақтануға, емделуге, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған үй-жайлармен қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Кеме экипажының мүшесi өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде опат болған немесе оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда кеменiң меншiк иесi және (немесе) кеме иесi кеме экипажының мұндай мүшесiне келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес өтеуге мiндеттi.
5. Кеме экипажының мүшесi жеке пайдалануға арналған мүлкiн кемеде алып жүруге құқылы. Кеменiң оқиғаға ұшырауы салдарынан мұндай мүлiк жойылған немесе зақымданған жағдайда кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi кеме экипажының осы мүшесiне келтiрiлген нұқсанды өтеуге мiндеттi. Бұл ретте кеменiң оқиғаға ұшырауына кiнәлi экипаж мүшесiнiң мүлкiне келтiрiлген нұқсан өтелмейдi.
Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N 253 Заңымен.
38-бап. Кеме экипажы мүшесiнiң ол жұмысқа қабылданған
жерге қайта оралуы
1. Кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi:
1) кеме опат болған;
2) кеме экипажының мүшесi ауырып қалған немесе кемеден тысқары жерде емделудi қажет ететiн жарақат алған;
3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты тоқтатылған, оның iшiнде белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шартының қолданылу мерзiмi Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде аяқталған;
4) кеме иесiнiң банкротқа ұшырауы, кеменi сату немесе кеме тiркелген мемлекеттiң өзгеруi салдарынан кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесiнiң кеме экипажының мүшесiне қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында немесе еңбек және ұжымдық шарттарда көзделген өз мiндеттерiн орындау мүмкiндiгi болмаған;
5) кеме экипажы мүшесiнiң келiсiмiнсiз кеме әскери iс-қимылдар аймағына немесе эпидемиологиялық қауiптi аймаққа жiберiлген жағдайда кеме экипажының мүшесiн және оның салмағы отыз килограммға дейiнгi жеке мүлкiн өз есебiнен кеме экипажының мүшесiн жұмысқа қабылдаған жерге немесе тараптар келiскен басқа жерге жеткiзудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кеме экипажы мүшесiнiң жұмысқа қабылданған жерге қайта оралуының себебi олардың еңбек және ұжымдық шарттарды бұзуы болып табылған жағдайда кеменiң меншiк иесi мен (немесе) кеме иесi Қазақстан Республикасының заңдарына, еңбек және ұжымдық шарттарға сәйкес осы экипаж мүшелерiнен мұндай қайта оралуға байланысты шығыстарды толық немесе iшiнара өндiрiп алуға құқылы.
Ескерту. 38-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N 253 Заңымен.
8-тарау. Кемені жалға алу
39-бап. Жалпы ережелер
1. Кеменi жалға алу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына және осы тарауда белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Егер жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, осы тарауда белгiленген ережелер қолданылады.
2. Кеменi экипажымен жалға алу жалға берушiнiң кеменi жалға алушыға сонымен қатар кеменi басқару және оны техникалық пайдалану жөнiндегi қызметтер көрсетудi де беруiн көздейдi.
3. Кеменi экипажсыз жалға алуға жалға берушiнiң кеменi басқару және оны техникалық пайдалану жөнiндегi қызметтер көрсетуi кiрмейдi.
4. Жалға алушыға қойылатын талаптардан туындайтын өндiрiп алу талаптарын үшiншi бiр тараптардан жалға алынған кемеге қатысты қоюға жол берiлмейдi.
5. Жалға алу шарты қолданыста болған уақытта кеменi иелiктен айыру оның қолданысының тоқтатылуына әкеп соқпайды, бұл ретте жаңа меншiк иесi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен мұндай шартта көзделген барлық құқық пен мiндеттердi иеленедi.
Кемеге иелiк етуден айырылған тұлға кемеге меншiк құқығын иеленген тұлғаны иелiктен айырылған кемеге қатысты жасалған жалға алу шарты туралы хабардар етуге мiндеттi. Кемеге меншiк құқығын иеленушi тұлғаның мiндетi осы кеменi жалға алушыны меншiк иесiнiң ауысқаны туралы хабардар ету болып табылады.
6. Кеменi жалға беру және кеменi қайтарып алу жалға алу шартында көрсетiлген жерде жүзеге асырылады. Кеменi шартта көрсетiлген жерге жеткiзуге байланысты шығыстарды, егер жалға алу шартында өзгеше көзделмесе, кеменi жалға берушi тарап көтередi.
7. Жалға алу шартында жалға беру мерзiмiнiң басталу және аяқталу күндерi көрсетiле отырып, кеменi жалға алушының иеленуi мен пайдалануына берудiң мұндай мерзiмi қарастырылады. Жалға алушы кеменi иеленуге және пайдалануға мұндай мерзiмнiң басталу күнiнен бұрын алуға мiндеттi емес. Жалға алушы кеменi өз билiгiне мұндай мерзiмнiң аяқталу күнi өткенге дейiн алуға мiндеттi. Егер кеме жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде жалға алушының иеленуiне және пайдалануына берiлмеген жағдайда жалға алушының жалға алу шартын бұзуды талап етуге құқығы бар. Егер жалға алушы мұндай мерзiмнiң аяқталу күнi өткеннен кейiн кеменi алмаса, жалға берушi де жалға алу шартын бұзуға құқылы.
Жалға алу шартын өзгерту және бұзу тәртiбi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жүргiзiледi.
8. Жалға алушы жалға берушiнiң келiсiмi бойынша кеменi қосалқы жалға беруге құқылы.
Қосалқы жалға беру шартын жасасқан кезде кеменi берушi тұлға Қазақстан Республикасының заңдарында кеме қосалқы жалға тапсырылатын тұлғаға қатысты жалға берушiлер үшiн көзделген құқықтар мен мiндеттердi иеленедi, бiрақ, бұл ретте бұған дейiн кеменi жалға немесе қосалқы жалға алған тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында және жалға алу шартында көзделген құқықтары мен мiндеттерi сақталады.
Қосалқы жалға беру шарты жалға алу шартының мерзiмiнен асатын мерзiмге жасалмайды.
40-бап. Кеменi экипажымен жалға беру кезiндегi
жалға берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Жалға берушi жалға алу шартында көзделген мақсаттар үшiн кеменiң жарамдылығын, кеменiң экипажбен және тиiстi жабдықтармен жасақталуын, сондай-ақ кеменi техникалық қауiпсiз пайдалануды, оның экипажын ұстауды және жалға алу мақсаттарына сәйкес осы Заңда көзделген кеме құжаттарының болуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кеме экипажы мүшелерiнiң кеменi жалға берушiмен еңбек қатынастары сақталады. Бұл ретте, жалға берушi кеменi басқаруға және техникалық пайдалануға қатысты кеме экипажының мүшелерiне өкімдер беруге құқылы.
Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмесе, экипаж мүшелерi көрсететiн қызметтерге төлем жасау жөнiндегi шығыстарды, сондай-ақ оларды ұстау жөнiндегi шығыстарды жалға берушi көтередi.
3. Жалға берушi жалға берiлген кеменiң кемшiлiктерi үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес жауапты болады.
4. Жалға берушi кеменiң меншiк иесi болмаған жағдайда, мұндай кеменi жалға немесе қосалқы жалға беру кеменiң меншiк иесiнiң келiсiмi бойынша жүргiзiледi.
41-бап. Кеменi экипажымен жалға алу және кеменi
коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру кезiндегi
жалға алушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жалға алушы коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру шеңберiнде жалға берушiнiң келiсiмiнсiз өз атынан, егер де кеменiң мақсаты мен сыныбына, сондай-ақ жалға алу шартында көзделген мақсаттарға қайшы келмесе, тасымалдау немесе тiркеп сүйреу шарттарын жасасуға құқылы.
2. Кеменi коммерциялық пайдалану кезiнде кеме экипажының мүшелерi жалға алушының өкiмдерiне бағынады. Жалға алушы кеменi коммерциялық пайдалануға байланысты барлық шығыстарды, оның iшiңде отын және пайдалану барысында жұмсалатын басқа да материалдар үшiн және алымдарды төлеуге арналған шығыстарды көтередi.
3. Жалға алушы кеменi коммерциялық пайдалануды жүзеге асыру шеңберiнде өз өкiлiн тағайындауға құқылы, өкiлдiң кеменi коммерциялық пайдалану тұрғысындағы өкiмдерi кеме капитаны үшiн мiндеттi болып табылады.
42-бап. Кеменi экипажсыз жалға беру кезiндегi жалға
берушiнiң және жалға алушының құқықтары мен
мiндеттерi
Кеменi экипажсыз жалға беру кезiндегi жалға берушiнiң және жалға алушының құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен айқындалады.
43-бап. Кеменi жалға алғаны үшiн есеп айырысу
1. Жалға алушы жалға берушiге жалға алу шартында көзделген тәртiп пен мерзiмде жалдау ақысын төлейдi.
2. Жалға алушы жалға берушiнiң кiнәсiнен кеме пайдалануға жарамсыз болған уақыт iшiнде жалға алу ақысы мен кемеге қатысты шығыстарды төлеуден босатылады. Егер кеме жалға алушының кiнәсiнен пайдалануға жарамсыз болып қалған жағдайда, жалға алу ақысы толық көлемде төленуге тиiс.
3. Кеме опат болған жағдайда жалға алушы жалға алу ақысын - оның опат болған күнiн, ал егер бұл күндi анықтау мүмкiн болмаса, ол туралы соңғы хабар алынған күндi қоса алған уақыт үшiн төлеуге тиiс.
4. Жалға берушiге кеменi уақтылы қайтармаған кезде жалға алушы кеменi пайдаланудың жалға алу шартының мерзiмiнен асып кеткен бүкiл мерзiм үшін жалға алу шартында көзделген жалға алу ақысы ставкасына немесе, егер ол жалға алу шартында көзделген жалға алу ақысы ставкасынан асып кетсе, жалға алу ақысының нарықтық ставкасына сүйене отырып, жалға алу, ақысын төлейдi.
5. Жалға алу ақысы төлем жасаудың шартта белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн екi реттен көп төленбеген жағдайда жалға берушi сот тәртiбiмен жалға алу шартын мерзiмiнен бұрын бұзуға құқылы.
6. Егер жалға алу шартында өзгеше көзделмеген болса, жалға алушының кемеге жасаған ажыратып алуға болатын жақсартулары оның меншiгi болып табылады және жалға алушы оларды алып қоюы мүмкiн.
9-тарау. Порттар
44-бап. Порттың құқықтық мәртебесi, оның аумағы
мен акваториясы
1. Порттар:
1) мемлекеттiң;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының меншiгiнде болуы мүмкiн.
Iшкi су жолдарындағы порттар ортақ пайдалану объектiлерi болып табылады.
2. Порт аумағын Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес портқа бөлiнiп берiлген жер учаскелерi, соның iшiнде оның перспективалық дамуы үшiн қажетті аймақтар құрайды.
3. Порт акваториясын iшкi су жолдары шегiндегi акватория учаскелерi, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен портқа бөлiнiп берiлген рейдтер мен портқа кiреберiс жолдар құрайды.
Порт акваториясының шекараларын белгiлеудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Порттардың акваториясы мен жағалау белдеуiндегi жерлер мемлекеттiк меншiк болып табылады.
5. Мемлекет меншiгiндегi порттарды салу, қайта жаңарту үшiн жеке меншiктегi жер учаскелерi залалдар толық көлемiнде өтеле отырып немесе соған тең басқа жер учаскесi берiлiп, Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен алып қойылуы мүмкiн.
45-бап. Порт капитаны
Ескерту. 45-бап алып тасталды - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
46-бап. Порттарды пайдалануға қойылатын негiзгi талаптар
1. Порт айлақтарының иелерi кемелер үшiн қауiпсiз кiреберiстердi, кемелердiң мұндай айлақтардағы қауiпсiз тұрағын қамтамасыз етуге мiндеттi, олардың қоймалары, жүк массасын анықтауға арналған, жүк тиеу-жүк түсiру құралдары, жолаушыларды, оның iшiнде мүгедектердi кемеге отырғызуға, түсiруге және олардың кеменiң келуiн күтуге арналған құрылғылары мен қондырғылары, ал қажет болған жағдайларда портқа вагондарды әкелуге арналған темiржолдың кiрме жолдары болуға тиiс.
Жүк массасын анықтауға арналған құралдар белгiленген тәртiппен мемлекеттiк метрологиялық бақылануға тиiс.
2. Порттың гидротехникалық құрылыстары, навигациялық жабдықтардың құралдары, жүктi қайта тиеу кешендерi, айлақтары, қызметтiк ғимараттары мен портта орналасқан және пайдаланылатын өзге де мүлiк порт иесiнiң есебiнен күтiп ұсталады.
3. Порттарда қоршаған ортаны қорғауға, шаруашылық-тұрмыстық және құрамында мұнай бар суларды, басқа да қалдықтарды қабылдауға және өңдеуге арналған құралдар, сондай-ақ порт акваториясы шегiнде кемелердi құтқару және өрт сөндiру жөнiндегi жұмыстарды жүзеге асыруға арналған құралдар болуға тиiс.
Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
47-бап. Кемелердiң портқа кiру және порттан шығу тәртiбi
1. Кемелердiң портқа кiруi және порттан шығуы, кемелердiң порт акваториясының шегiнде жүзуi және портта тұруы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Шетелдiк кемелердiң Қазақстан Республикасының порттарына кiруi және оларға қызмет көрсету халықаралық шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
48-бап. Портта көрсетiлетiн қызметтер
1. Порт:
1) кемелерге жүк тиеудi (түсiрудi) және қызмет көрсетудi олардың келу кезегiне қарай;
2) жүктермен көлiк-экспедиторлық және қоймалық операцияларды;
3) көлiктiң басқа түрлерiнен iшкi су көлiгiне және керiсiнше жүктердi ауыстырып тиеудi;
4) кемелер жолаушыларына қызмет көрсетудi;
5) порт кемелерi мен көлiктiң басқа түрлерiнде жолаушыларды, багажды және жүктердi тасымалдауды жүзеге асырады.
2. Порттың мiндеттi қызмет көрсетулерiне бағалар (тарифтер) және олардың шектi деңгейiн белгiлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізiледі.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн порттың мiндеттi қызмет көрсетулерiнiң тiзбесiне кiрмейтiн қызмет көрсетулерге ақы төлеудiң мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жасалған шарттармен белгiленедi.
10-тарау. Жолаушыларды, багажды және
почта жөнелтілімдерін тасымалдау
49-бап. Жолаушыны және багажды тасымалдау шарты
1. Жолаушыларды және олардың багажын тасымалдау жолаушы тасымалдау шартының негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Жолаушы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы жолаушыны - баратын пунктiне, ал жолаушы багаж тапсырған жағдайда багажды да баратын жерiне жеткiзуге және оны жолаушыға немесе багажды алуға уәкiлеттi адамға беруге мiндеттенедi; жолаушы - жол жүргенi үшiн, ал багаж өткiзген жағдайда багажды алып жүргенi үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
3. Жолаушыны және багажды тасымалдау шарты уәкiлеттi орган бекiткен нысанда тиiсiнше жол жүру билетiмен және багаж түбiртегiмен ресiмделедi.
4. Жолаушыларды экскурсиялық және туристiк бағыттар бойынша тасымалдау шарты жолдама немесе жолаушылар тобын тасымалдау билетi нысанында ресiмделуi мүмкiн.
50-бап. Жолаушылар мен багажды тасымалдау тәртiбi
және түрлерi
1. Iшкi су көлiгi ұсынатын жолаушыларды тасымалдау оның шарттарына, ұзақтығына, қашықтығына және сапасына қарай:
1) көлiктiк;
2) туристiк;
3) экскурсиялық түрлерге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түрлерге бөлiнедi.
2. Жолаушыларды тасымалдау қатынас түрлеріне қарай:
1) халықаралық – Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасындағы тасымалдау;
2) республикаішілік – Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан елді мекендер арасындағы тасымалдау болып бөлінеді.
3. Әкімшілік-аумақтық белгісіне қарай жолаушылар мен багажды республикаішілік тасымалдау:
1) облысаралық – әртүрлі облыстардағы жөнелту және межелі пункттер арасында жүзеге асырылатын немесе елді мекендерді республикалық маңызы бар қалалармен, астанамен жалғастыратын тасымалдау;
2) ауданаралық (облысішілік қаларалық) – бір облыс шегіндегі, әртүрлі аудандарда орналасқан елді мекендер арасында жүзеге асырылатын немесе облыстық маңызы бар қалаларды елді мекендермен жалғастыратын тасымалдау;
3) ауданішілік – бір аудан шегіндегі елді мекендердің арасындағы тасымалдау;
4) қала маңындағы – елді мекеннің белгіленген шекарасынан бастап өлшенетін, ұзақтығы елу километрге дейінгі қала маңы аймағындағы елді мекенмен жалғастыратын маршруттар бойынша тасымалдау;
5) қалалық – қаланың белгіленген шекарасының шегіндегі тасымалдау болып бөлінеді.
4. Жолаушылар мен багажды тасымалдау тәртiбiн және түрлерiн (бұдан әрi – жолаушыларды тасымалдау қағидасы) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Ескерту. 50-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
51-бап. Тасымалдаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Тасымалдаушы, реттелетiн тасымалдауды қоспағанда, баға жасау ережелерiне сәйкес тасымалдауға арналған бағаларды еркiн белгiлеуге құқылы.
2. Тасымалдаушы жолаушыға билетте немесе жолдамада көрсетiлген кемедегi орынды беруге мiндеттi.
3. Жолаушыларға қызмет көрсету орындарында, оның iшiнде билеттер сатылатын пункттерде жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру туралы көрнекi және қолжетiмдi нысанда уақтылы әрi анық ақпарат берiлуге тиiс.
4. Тасымалдаушы билет сатуды, оның iшiнде алдын ала сатуды ұйымдастыруға, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау ережелерiне сәйкес анықтама орындарының, сақтау камераларының, демалыс бөлмелерiнiң және басқа да орындардың қызметiн көрсетуге мiндеттi.
5. Жолаушы, үй-жайлары бар дебаркадерлерi болмаған елдi мекендерде - павильондар, ал қала маңындағы желiлер мен өткелдерде орындықтары бар шатырлы қалқалар болуға тиiс. Бұл ретте осындай павильондардың иелерi жолаушылардың қауiпсiздiгi мақсатында жолаушыларды отырғызу және түсiру орындарын қажеттi құрылғылармен жабдықтауға мiндеттi.
6. Жолаушыларға мемлекеттiк стандарттармен және жолаушылар тасымалдау жөнiндегi нормативтермен белгiленген тасымалдау жағдайлары қамтамасыз етiледi.
7. Жолаушыларға жеңiлдiктер әрi қызмет көрсетулер ұсынудың тiзбесi мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
8. Тасымалдаушы кеменiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз етуге, оны экипажбен жасақтауға және оны бүкiл тасымалдау уақыты iшiнде тиiсiнше күтiп ұстау үшiн барлық қажеттi заттармен жарақтауға мiндеттi.
9. Вокзал маңындағы және айлақ маңындағы аумақтарды жайластыру олардың иелерi есебiнен жүзеге асырылады.
51-1-бап. Әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды ұйымдастыру
Жолаушылар мен багажды әлеуметтік мәні бар тасымалдауды ұйымдастыруды, олардың маршруттарын бекітуді, оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру мен өткізуді және маршруттар бойынша қозғалыс кестелерін бекітуді:
1) ауданаралық (облысішілік қаларалық) қатынаста – облыстардың жергілікті атқарушы органдары;
2) қалалық және қала маңындағы қатынаста – өзінің заңдық құзыры шегінде аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;
3) ауданішілік қатынаста – аудандардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
Жолаушыларды әлеуметтік мәні бар тасымалдауларды ішкі су көлігімен жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың залалдары бюджет қаражаты есебінен субсидияланады.
Ескерту. Заң 51-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
52-бап. Жолаушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Жолаушы:
1) кемелер қозғалысының кестесiнде көрсетiлген немесе кеме жүзiп өтетiн бағыт бойынша жарияланған кез келген портқа (пунктке) дейiн бару үшiн кез келген санаттағы жолаушы орнына билет алуға;
2) өзiмен бiрге жеке орын алу құқығынсыз - жетi жасқа дейiнгi, ал халықаралық қатынастарда бес жасқа дейiнгi бiр баланы тегiн алып жүруге; Қазақстан Республикасының тасымалдаушысы жүзеге асыратын тасымалдау кезiнде - жетi жастан он бес жасқа дейiнгi балаларға, халықаралық қатынастарда бес жастан он екi жасқа дейiнгi балаларға билеттiң толық құнының елу процентiн төлеп билет алуға;
3) өзiмен бiрге жалпы салмағы отыз алты килограмнан аспайтын, ал жүрдек кемелерде - жиырма килограмнан аспайтын қолжүгiн (алып жүруге жеңiл, басқа жолаушылардың орнын тарылтпайтын ұзындығы 1,8 метрден аспайтын немесе периметрi бойынша жалпы ұзындығы 2,6 метрден аспайтын заттарды) ақысыз алып жүруге құқылы. Қолжүгiн сақтау жауапкершiлiгi оның иесiне жүктеледi;
4) багажды тасымалдау тарифiне сәйкес багажды ақылы тасымалдау үшiн өткiзуге;
5) кемелерде қашықтығы бес жүз километр және одан да асатын жол жүру кезiнде жүру жолында аялдауға және жол жүру құжатының (билетiнiң) жарамдылық мерзiмiн он тәулiктен аспайтын мерзiмге ұзартуға;
6) емдеу мекемесiнiң құжатымен расталған науқастану жағдайында билеттiң қолданылу мерзiмiн ауырған уақытқа ұзартуға немесе билеттi тапсырып, тасымалдау ақысын қайтарып алуға;
7) кеме шыққанға дейiн кез келген уақытта, ал рейс басталғаннан кейiн кеме аялдаған кез келген портта тасымалдау шартынан бас тартуға, жолаушыларды тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен билеттi өткiзiп, кеме жолының жүзiп өтiлмеген бөлiгi үшiн тасымалдау ақысын қайтарып алуға;
8) кеменiң шығуы кешiккен жағдайда тасымалдау шартынан бас тартып, тасымалдау ақысын қайтарып алуға құқылы.
2. Жолаушы:
1) жол жүру құжатын (билет) сатып алған кезде, жол жүргенде және жолда жол құжатын (билеттi) тексерген кезде жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуге;
2) кемеге отырғызу кезiнде және жолда жол жүру аяқталғанға дейiн жол жүру құжатын (билетiн) сақтауға;
3) қоғамдық тәртiптi, кемелердi және жағалауда орналасқан, жолаушы тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған объектiлердi пайдалану ережелерiн сақтауға, сондай-ақ тасымалдаушының мүлкiне ұқыпты қарауға мiндеттi.
53-бап. Жолаушы тасымалдау шартының тасымалдаушы
бастамасымен тоқтатылуы немесе өзгертiлуi
1. Тасымалдаушы:
1) еңсерiлмейтiн күштiң, соғыс iс-қимылдарының, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың немесе тасымалдаушыға қатыссыз өзге де себептердiң салдарынан жолаушыны баратын портына тасымалдау мүмкiн болмаған;
2) тиiстi мемлекеттiк органдардың шешiмi негiзiнде кеменiң шығуы кешiктiрiлген немесе кеме мемлекеттiк қажеттiлiктерге тартылған;
3) кеме опат болған немесе оны күшпен басып алған;
4) жолаушы жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзған немесе жолаушы мұндай ережелердi сақтаудан бас тартқан жағдайда бiржақты тәртiппен жолаушыларды тасымалдау шартын бұза алады.
2. Кеме шыққанға дейiн тасымалдаушының бастамасымен тасымалдау шарты тоқтатылған кезде жолаушыға - жол ақысы және багажды тасымалдау ақысы, ал аталған шарт рейс аяқталғанға дейiн тоқтатылған кезде кеме жүзiп өтпеген қашықтық үшiн жол ақысы мен багажды тасымалдау ақысы қайтарылады.
Егер аталған шарттың тоқтатылуы жолаушының жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзуынан немесе оның кеме қатынасы, басқа жолаушылардың өмiрi мен денсаулығы қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн iс-әрекеттерiнен туындаған жағдайда жол ақысы мен багажды тасымалдау ақысы жолаушыға қайтарылмайды.
3. Жолаушы тасымалдау шарты, осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушының бастамасымен кеме рейсi кезiнде тоқтатылған жағдайда, тасымалдаушы жолаушыны оның талабы бойынша жөнелту портына немесе жолаушының баратын портына жету мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мақсатында ең жақын елдi мекенге өз есебiнен жеткiзуге, сондай-ақ тасымалдаушының кiнәсiнен жолаушыға келтiрiлген залалдарды өтеуге мiндеттi.
54-бап. Талап етiлмеген багаж
1. Жолаушы багажын тасымалдаушыға қатысы жоқ себептермен алмаған жағдайда тасымалдаушы оны келiп жеткен күнiнен бастап үш ай бойы келген портында сақтауға мiндеттi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген сақтаудың шектi мерзiмдерi өткен соң талап етiлмеген багаж сатылуы мүмкiн.
3. Багаж түбiртегiн көрсетушi талап-арыз қою мерзiмi iшiнде тасымалдаушыға талап етiлмеген багажды сақтау және оны сату кезiнде келтiрiлген шығындар шегерiле отырып, осы баптың 2-тармағына сәйкес сатудан түскен соманы алуға құқылы.
55-бап. Почта жөнелтiмдерiн тасымалдау
1. Почта операторларына тұрақты рейстер жасайтын кемелерде белгiленген ақыға өз қызметкерлерiнiң iлесiп жүруiмен почта жөнелтiмдерiн тасымалдауға құқық берiледi.
Почта операторлары-қызметкерлерiнiң iлесiп жүруiмен почта жөнелтiмдерiн тасымалдайтын кемелерде почта қызметтерiн көрсету, почта жөнелтiмдерiн сақтауды жүзеге асыру және почта операторлары-қызметкерлерiнiң демалысы үшiн белгiленген тәртiппен ақылы негiзде орын-жайлар ұсынылады.
2. Почта жөнелтiмдерiн iшкi су көлiгiмен тасымалдау тәртiбiн байланыс саласындағы мемлекеттiк уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Тасымалдаушының кiнәсiнен почта жөнелтiмдерiнiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының почта операторлары алдындағы жауапкершiлiгi почта операторларының жөнелтушi немесе адресат алдында көтеретiн жауапкершiлiгi мөлшерiнен аспауға тиiс.
11-тарау. Жүктерді тасымалдау
56-бап. Жалпы ережелер
1. Iшкi су көлiктерiнде жүктердi тасымалдау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, осы Заңға, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге және жүк тасымалдау шартына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Iшкi су көлiктерiнде жүк тасымалдауды жүзеге асыру тәртiбiн (бұдан әрi - жүк тасымалдау ережелерi) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
Жүк тасымалдау ережелерiнде:
1) жүктердi тасымалдауға ұсынудың және қабылдаудың;
2) жүкқұжаты мен тасымалдау құжаттарын ресiмдеудiң;
3) жүктердi тиеу мен түсiрудiң;
4) жүктердi үйiп және ақтара тиеп тасымалдаудың;
5) тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдаудың;
6) жүк массасын айқындаудың;
7) кемелер мен контейнерлерге қойылатын талаптардың;
8) кемелер мен контейнерлердi пломбалаудың;
9) жүктердi кемеде орналастыру мен бекiтудiң;
10) кеменi немесе контейнердi жүктi тиеу мен түсiру үшiн берудiң;
11) тасымалдаулар бойынша есеп айырысулардың;
12) жүктердi жеткiзу мерзiмдерiнiң және жеткiзу мерзiмдерiн есептеудiң;
13) жүктерге билiк етудiң, оларды басқа мекен-жайға жiберудiң және қайтарудың;
14) жүктердi сақтаудың, ұстап қалу мен берудiң;
15) жүктердi сатудың;
16) қауiптi жүктердi тасымалдаудың;
17) жүктердi басқа мекен-жайға жiберудiң;
18) кеменi тазалаудың шарттары мен тәртiбi айқындалады.
Ескерту. 56-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
57-бап. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт
Тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер жүк тасымалдауды жүйелi түрде жүзеге асыру қажет болғанда жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттар жасасуға құқылы.
Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартқа сәйкес тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi - оны тасымалдау үшiн уағдаласқан көлемде ұсынуға мiндеттенедi. Шартта көлiк құралдарын беру мен жүктердi тасымалдауға ұсынудың көлемi, мерзiмi және басқа да шарттары, есеп айырысу тәртiбi, сондай-ақ жүк тасымалдауды ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделмеген өзге де шарттары белгiленедi.
58-бап. Жүк тасымалдау шарты
1. Жүк тасымалдау шарты тасымалдау құжаттарын - көлiктiк жүкқұжатты, жол ведомосын (көлiктiк жүкқұжат негiзiнде ресiмделген) және жүктi тасымалдауға қабылдау туралы түбiртектi толтыру арқылы ресiмделедi.
2. Тасымалдау құжаттарының нысандары мен оларды толтыру тәртiбi жүк тасымалдау ережелерiмен белгiленедi және iшкi су көлiгiнде жүк тасымалдаумен байланысты жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi болып табылады.
59-бап. Қауiптi жүктердi тасымалдау
1. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң iшкi су жолдарындағы кеме қатынасы тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар айқындайды.
2. Қауiптi жүктердi өндiру, тиеу, түсiру, сақтау және тасымалдау жүзеге асырылатын объектiлер елдi мекендерден, үйлерден, құрылыстардан, ғимараттардан, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден мемлекеттiк құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес қажеттi қашықтықта болуға тиiс.
3. Қауiптi жүктердi жөнелтушi және алушы - жүк жөнелтушi, жүк алушы, сондай-ақ қауiптi жүктердi тасымалдауды орындайтын тасымалдаушы олардың тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, авариялық жағдайлардың туындауын болдырмау және (немесе) олардың зардаптарын жою үшiн қажеттi құралдар мен икемдi бөлiмшелердiң болуын қамтамасыз етуге (оның iшiнде тасымалдау шарты бойынша) мiндеттi. Қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде авариялық жағдай туындаған кезде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар аталған бөлiмшелердiң оқиға болған жерге дереу жiберiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
60-бап. Жүктi жеткiзу мүмкiндiгi болмауының салдары
1. Тасымалдауға қабылданған жүктi жеткiзу портына апару немесе оны көлiктiк жүкқұжатта көрсетiлген тұлғаға беру еңсерiлмейтiн күш, соғыс iс-қимылдары, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарды қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың акт шығаруы (жария акт), дүлей сипаттағы құбылыстар, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар немесе тасымалдаушыға қатыссыз өзге де себептер салдарынан мүмкiн болмаған кезде тасымалдаушы жүктi жеткiзуге кедергi келтiретiн себептердi көрсете отырып, ол туралы жүк жөнелтушiнi, жүк алушыны, жөнелту және жеткiзу порттарында тиеу-түсiру жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдарды хабардар етедi және жүктi не iстеу керектiгi туралы жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының өкiмiн сұратады.
Егер тасымалдаушы төрт тәулiк өткенше (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - екi тәулiк) жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының жүктi не iстеу керектiгi туралы өкiмiн алмаса немесе орындалуы көрiнеу мүмкiн емес өкiм алса, онда тасымалдаушы ол туралы жүк жөнелтушiнi, жүк алушыны хабардар ете отырып, жүктi өзiнiң пiкiрi бойынша жүк жөнелтушi, жүк алушы үшiн неғұрлым тиiмдi деп есептеген таяудағы порттардың бiрiне түсiруге, не жүктi жөнелтiлген портқа қайтаруға құқылы.
2. Егер жүк ерекше жағдайларда сақтауды қажет ететiн болса (тез бүлiнетiн жүктер) және оны сақтау мүмкiн болмай, оның бүлiнуiне әкеп соғуы мүмкiн жағдайда тасымалдаушы жүктi сатуға құқылы.
Жүктi сатудан алынған сома тасымалдаушыға тиесiлi сома шегерiле отырып, депозит шарттарымен нотариустың атына енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айналымнан алынған және айналымы шектелген, сондай-ақ арнайы жүктер, оның iшiнде мемлекеттiк және қорғаныс қажеттерiн қанағаттандыруға арналған әскери мақсаттағы жүктер сатылуға жатпайды.
4. Егер жүк оны тасымалдау үшiн мiндеттi түрде қабылдауды тоқтату мерзiмi басталғанға дейiн тасымалдау үшiн қабылданса және осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептердi қоспағанда, кеме рейстi жалғастыруға ұзақ уақытқа созылған кедергiнiң болуына байланысты жолда кiдiртiлсе, тасымалдаушы жүк жөнелтушiмен, жүк алушымен келiсе отырып, жүктi межелi портқа немесе басқа пунктке көлiктiң басқа түрiмен жөнелту жөнiнде шаралар қабылдауға немесе оны осы Заңның 61-бабында көзделген тәртiппен сатуға мiндеттi.
Жүрiп өтпеген қашықтық үшiн тасымалдау ақысы жүк тасымалдауға ақы төлеген жүк жөнелтушiге немесе жүк алушыға қайтарылады. Портта жүктi түсiру мен сақтау тасымалдаушының есебiнен жүзеге асырылады.
5. Егер жүк оны тасымалдау үшiн мiндеттi түрде қабылдауды тоқтату мерзiмi басталғаннан кейiн тасымалдау үшiн қабылданса және кеме осы баптың 1-тармағында көрсетiлген себептердi қоспағанда, рейстi жалғастыруға ұзақ уақытқа созылған кедергiнiң болуына байланысты жолда кiдiртiлсе және төрт тәулiк iшiнде жүк жөнелтушiден, жүк алушыдан жүктi не iстеу керектiгi туралы өкiм келiп түспесе, тасымалдаушы оны өз қалауы бойынша жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының есебiнен рейстi жалғастыру мүмкiндiгi туындағанға дейiн сақтауға қалдыруға, оның iшiнде навигацияаралық кезеңге кемеде қалдыруға немесе жүктi осы Заңның 61-бабында көзделген тәртiппен сатуға құқылы.
61-бап. Жүктердi сату тәртiбi
1. Осы баптың 3-тармағында көрсетiлген жүктердi қоспағанда, осы Заңда көзделген жағдайларда жүктердi сату:
1) олардың құнын төлеу туралы құжаттармен расталған жүктердiң бағасын негiзге ала отырып сатып алу-сату шартына сәйкес;
2) салыстырмалы жағдайларда, әдетте, осы сияқты тауарлар үшiн алынатын бағаны негiзге ала отырып, тараптардың келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
Сатылатын тауарларды есепке алу және олар үшiн есеп айырысу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Жүктердi сатудан түскен сома, тасымалдаушыға тиесiлi төлемдер мен оларды сатуға жұмсалған шығындар шегерiле отырып, жүктердiң құнын ол төлеген жағдайда - жүк алушыға немесе басқа жағдайларда жүк жөнелтушiге аударылуға тиiс.
Егер жүктердi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi төлемдердi және жүктердi сақтау мен сатуға жұмсалған шығыстарды жабу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда, тасымалдаушы алынбаған қалған соманы жүк жөнелтушiден өндiрiп алуға құқылы.
3. Егер жүктер тез бүлiнетiн болса немесе көрсетiлген мерзiмде жүктердi сақтауға жұмсалатын шығыстар жүктердiң құнынан асып кететiн болса, тасымалдаушы жүктердi осы Заңда көзделген мерзiмдерден бұрын сатуға құқылы.
Ескерту. 61-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
62-бап. Көлiк экспедициясы шарты
1. Көлiк экспедициясы шарты бойынша бiр тарап (экспедитор) сыйақы үшiн және екiншi тараптың (клиенттiң, жөнелтушiнiң немесе жүк алушының) есебiнен жүк тасымалдауға байланысты шартта айқындалған қызмет көрсетулердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, оның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүк тасымалдау шартын жасасуға мiндеттенедi.
2. Көлiк экспедициясы шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жасалады.
12-тарау. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу
объектiлерiн тiркеп сүйреу
63-бап. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу
объектiлерiн тiркеп сүйреу шарты
1. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу шартына сәйкес бiр тарап (тiркеп сүйреушi) тiркеп сүйреу шарттарын сақтай отырып, кеменi, салды немесе өзге де жүзу объектiсiн межелi пунктiне уақтылы әрi сол күйiнде тiркеп сүйреп жеткiзуге және оны көлiктiк жүкқұжатта көрсетiлген тұлғаға тапсыруға, ал екiншi тарап (жөнелтушi) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйреуге ұсынуға және ол үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi тiркеп сүйреу (бұдан әрi - тiркеп сүйреу) тiркеп сүйреу шартына және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу қағидасына сәйкес жүзеге асырылады. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреу ережелерi:
1) жүкқұжатты, тасымалдау және өзге де құжаттарды ресiмдеудiң;
2) тiркеп сүйреудi ұйымдастырудың;
3) тiркеп сүйреу жөнiндегi қызмет көрсетулер үшiн ақы төлеудiң;
4) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйреуге ұсынудың;
5) кеменiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң экипаж құрамына және тiркеп сүйреудi жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптардың;
6) тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтудiң, қабылдаудың және тапсырудың тәртiбi мен шарттарын айқындайды.
Ескерту. 63-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
64-бап. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу
объектiлерiн тiркеп сүйреу кезiндегi
жауапкершiлiк
1. Кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн iшкi су жолдарымен не порт акваториясында тiркеп сүйреу тiркеп сүйрейтiн кеме капитанының басқаруымен жүзеге асырылады.
Тiркеп сүйретiлетiн кемеге, салға немесе басқа да жүзу объектiсiне, ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген нұқсан үшiн, егер мұндай нұқсан өзінің кінәсінен келтірілмегенін дәлелдей алмаса, тiркеп сүйрейтiн кеменiң меншiк иесi және (немесе) иесi жауапты болады.
2. Егер тiркеп сүйреу шарты бойынша тiркеп сүйреудi басқару мiндетi тiркеп сүйретiлетiн кеменiң капитанына жүктелген болса, мұндай тiркеп сүйреу кезiнде тiркеп сүйрейтiн кемеге, ондағы адамдарға немесе мүлiкке келтiрiлген нұқсан үшiн, егер нұқсан өзiнiң кiнәсiнен келтiрiлмегенiн дәлелдей алмаса, тiркеп сүйретiлетiн кеменiң, салдың немесе басқа да жүзу объектiсiнiң меншiк иесi мен (немесе) иесi жауапты болады.
13-тарау. Жалпы авария. Кемелердi және басқа да
мүлiктердi құтқару
65-бап. Жалпы авария, кемелердi және басқа да
мүлiктердi құтқару кезiнде туындайтын
қатынастарды реттеу
Iшкi су көлiгiндегi жалпы авария, кемелердi және басқа да мүлiктердi құтқару кезiнде туындайтын қатынастарды реттеу осы тарауда белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
66-бап. Мүлiктiң контрибуциялық құны
1. Мүлiктiң (кеменiң, жүктiң және тасымалдау ақысының) жалпы апатты бөлу тәртiбiмен өтелетiн шығындарды жабуға арналған жарналар соған мөлшерлес белгiленетiн жалпы құны (контрибуциялық құны) кеме рейсі аяқталғаннан кейiнгi осы мүлiктiң нақты таза құны негiзiнде осы бапта белгiленген ережелерге сәйкес айқындалады.
2. Кеменiң контрибуциялық құны кеменiң зақымданған жағдайындағы құнының негiзiнде айқындалады.
3. Жүктiң контрибуциялық құны жүктi түсiру сәтiнде - жүк алушыға ұсынылатын саудалық есеп негiзiнде белгiленетiн құнды негiзге ала отырып, ал мұндай есеп болмаған кезде жүктi тиеп жiберу сәтiндегi оның құны негiзiнде айқындалады. Жүктiң құны, егер шығынға ұшырау тәуекелiн жүк жөнелтушi ғана көтеретiн болса, сақтандыруға арналған шығыстарды және тасымалдау ақысын қамтиды. Жүктiң құнынан жүктiң опат болуынан немесе зақымдануынан бастап оны түсiргенге дейiнгi не түсiру кезiндегi келтiрiлген барлық залалдар сомасы шегерiледi.
4. Тасымалдау ақысының контрибуциялық құны, егер шығынға ұшырау тәуекелiн тасымалдаушы көтеретiн болса, жоғалған тасымалдау ақысына тең болады.
5. Егер де жалпы аварияны бөлу тәртiбiмен өтелетiн сома мүлiктiң (кеменiң, жүктiң және тасымалдау ақысының) контрибуциялық құнына енгiзiлмеген болса, мұндай сома осы құнға қосылады.
6. Жүк орындарын бекiтудiң кез келген құралдары жалпы авария бойынша енгiзiлген жарналарда жүкпен тең есептеледi.
67-бап. Диспаша және диспашерлер
Мүдделi тұлғалардың өтiнiштерi бойынша жалпы аварияның болған-болмағаны анықталады және оны бөлу жөнiндегi есептi (диспашаны) диспашерлер жасайды.
68-бап. Дәлелдеу ауыртпалығы
Жалпы апатты бөлудi талап етушi тарап мәлiмделген залалдардың жалпы авария болып танылуы тиiс екенiн дәлелдеуге мiндеттi.
69-бап. Кемелер керуенi
1. Кемелер тобындағы әрбiр кеме жеке-жеке алғанда өздiгiнен қозғалыс жасай алмайтындай жағдайда бiр-бiрiмен өзара тiркемеленген кемелер тобы кемелер керуенi болып табылады.
2. Егер керуеннiң бiр және (немесе) бiрнеше кемесiне және ондағы жүктерге қатысты оларға төнген жалпы қауiптен құтқару операцияларын жүзеге асыру мақсатында iс-қимылдар жасалған жағдайда, осы тарауда белгiленген ережелер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы заңдарында белгiленген ережелер қолданылады.
Керуен кемесi, егер ол басқа кемеден немесе басқа кемелерден бөлiнiп кету нәтижесiнде қауiпсiз жағдайда болса, керуендегi басқа кемемен бiрге жалпы қауiп төнген кеме болып есептелмейдi.
3. Кеме және жүк деп кемелер керуенiне қатысты контрибуциялық құнды айқындау кезiнде жалпы қауiп төнген керуеннiң барлық кемелерi мен жүктердiң жалпы құны ұғынылады.
70-бап. Паналау орны
1. Iшкi су жолдарындағы су тасуы, сең жүру, су деңгейiнiң кенеттен әрi жылдам төмендеуi салдарынан кеменiң портқа немесе өзге де паналау орнына кiруiне жұмсалған немесе кеменiң портқа немесе өзге де паналау орнына кiру қажеттiгiмен, оның портта немесе өзге де паналау орнында болуымен және кеменiң порттан немесе өзге де паналау орнынан шығуымен байланысты өзге де төтенше жағдайлар кезiндегi шығыстар жалпы авария деп танылады. Шығыстар жүгi бар кеме жүк тиелген портқа қайтып оралған жағдайда өтелуге тиiс.
2. Егер су тасуы немесе сең жүру жүгi бар кеме жүк түсiрiлетiн портқа кiргеннен кейiн орын алса және кеме жүктi түсiру аяқталғанға дейiн басқа қауiпсiз портқа кiру мақсатында бұл порттан кетуге тиiс болса, мұндай порт паналау порты болып есептеледi.
3. Егер кеме су тасуы немесе сең жүру салдарынан рейстi жалғастыра алмаса және жүктiң осы портқа арналған бөлiгiн түсiрiп болғаннан кейiн портта қалуға тиiс болса, ол мұндай кеме үшiн басқа порттарға арналған жүктерге қатысты ғана паналау порты болып есептеледi.
71-бап. Машиналардың зақымдануынан, әдейi қайраңға
отырғызудан, суға батып кеткен кеменi көтеруден
және кемедегi өрттен туындаған жалпы авария
1. Машиналар жұмысының өзгеруi нәтижесiнде, сондай-ақ кеме қайраңнан шығуға әрекеттенген, рулдiк, қозғалу, тiркеп сүйреу, басқа да құрылғылары зақымданған кезде туындаған зақымдануларды жоюға арналған шығыстар машиналардың зақымдануынан, әдейi қайраңға отырғызудан, суға батып кеткен кеменi көтеруден және кемедегi өрттен туындаған жалпы авария деп танылады.
2. Кеменi әдейi қайраңға отырғызудан немесе оны әдейi суға батырудан кемеге және (немесе) жүкке келтiрiлген зақымданулардан болған залалдар машиналардың зақымдануынан, әдейi қайраңға отырғызудан, суға батып кеткен кеменi көтеруден және кемедегi өрттен туындаған жалпы авария деп танылады.
3. Егер жүгi бар кеме авария салдарынан суға батып кеткен жағдайда жүгi бар кеменi көтеру шығындары мен тиiстi залалдар жалпы аварияға жатқызылады.
4. Кемеге және (немесе) жүкке кеменiң судан немесе өзгеше түрде зақымдануы салдарынан келтiрiлген залалдар, оның iшiнде жанып жатқан кеменi жағаға шығарып тастауды немесе суға батырудан келтiрiлген залалдар жалпы авария деп танылады.
72-бап. Тасымалдау ақысының ысырабынан келтiрiлген
залалдар
Жоғалған, лажсыз лақтырылған жүк үшiн төленбеген тасымалдау ақысы ысырап болған тасымалдау ақысы мөлшерiнде өтеледi.
73-бап. Жалпы аварияны бөлу тәртiбiмен өтелетiн
залалдарға есептелетiн проценттер
Жалпы аварияны бөлу тәртiбiмен өтелетiн шығыстар сомасы мен басқа да сомаларға (залалдарға) диспаша толтырылған күннен кейiнгi үш ай iшiнде жылдық жетi процент есептеледi. Бұл ретте жалпы аварияны жабуға қатысушы тараптар есебiнен немесе оны өтеу үшiн депозитке салынған қаражат есебiнен жүргiзiлген төлемдер тиiстi түрде ескерiледi.
74-бап. Жүктi бiр кемеден iшiнара түсiру және оны
басқа кемеге тиеу
Егер кеме жүктi одан әрi жағада немесе басқа кемеде сақтай отырып, оны iшiнара түсiрудi жүзеге асыруға мәжбүр болған жағдайда жалпы аварияға:
1) жүктi кемеден түсiруге, оны сақтауға және жүктi кемеге қайта тиеуге жұмсалған шығындар;
2) жүктi iшiнара тиеу жүзеге асырылатын кеменi жалға алуға жұмсалған шығыстар;
3) жүктi iшiнара тиеу жүзеге асырылған кемеге келтiрiлген зақымдануларды жөндеуге жұмсалған ысыраптар мен шығыстар, сондай-ақ мұндай кеменiң пайдаланудан шығып қалуымен байланысты ысыраптар;
4) аварияға ұшыраған кемеден жүктi түсiру немесе оны басқа кемеге тиеу кезiнде онда пайда болған зақымданулардан туындаған шығыстар;
5) жүктi түсiру, сақтау және тиеу кезiнде оның жоғалуына, жетiспеуiне немесе зақымдануына (бүлiнуiне) байланысты залалдар мен шығыстар;
6) қосымша сақтандыру үшiн сақтандырушыларға төленген сақтандыру сыйақылар жатқызылады.
75-бап. Жанама залалдарды қоспау
1. Жалпы аварияға тек қана жалпы аварияның тiкелей салдары болып табылатын залалдар қосылады.
2. Кеменiң рейс кезiнде кешiгуiнен, оның бос тұрып қалуынан, бағаның өзгеруiнен туындаған залалдар және басқа да жанама залалдар жалпы авария деп танылмайды.
14-тарау. Суға батқан мүлік
76-бап. Суға батқан мүлiк
1. Суға батқан мүлiкке iшкi су жолдары шегiнде қалқып жүруiне немесе су астына, су түбiне кетуiне не саяз суларға немесе жағаға шығып қалғанына қарамастан, апатқа ұшыраған кемелер, олардың сынықтары, жабдықтар, жүктер мен басқа да заттар жатады.
2. Осы тараудың ережелерi:
1) суға батқан әскери мүлiктi көтеруге, аластауға және жоюға;
2) егер суға батқан археологиялық немесе тарихи мәнi бар мүлiк iшкi су жолдары шегiндегi су түбiнде жатса, мұндай мүлiктi көтеруге қатысты қолданылмайды.
77-бап. Меншiк иесiнiң суға батқан мүлiктi
көтеру мiндетi
1. Суға батқан мүлiк кеме қатынасы қауiпсiздiгiне немесе қоршаған ортаға ластанумен байланысты залал келтiру қатерiн төндiретiн, не биологиялық су ресурстары кәсiпшiлiгiн, iшкi су көлiгiндегi қызметтi жүзеге асыруға және iшкi су жолдары шегiнде жүргiзiлетiн жол жұмыстарына кедергi келтiретiн жағдайларда суға батып кеткен мүлiктiң меншiк иесi уәкiлеттi органның талабы бойынша ол белгiлеген мерзiмде суға батып кеткен мүлiктi көтеруге және қажет болғанда оны аластауға немесе жоюға мiндеттi.
2. Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi белгiлi болса, уәкiлеттi орган оған суға батып кеткен мүлiктi көтерудiң, аластаудың немесе жоюдың тәртiбi мен мерзiмi туралы хабардар етедi.
Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi, белгiсiз болса, уәкiлеттi орган бұқаралық ақпарат құралдарында суға батқан мүлiктi көтеру үшiн белгiленген мерзiмдер туралы мәлiметтер жариялауға мiндеттi.
3. Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi суға батқан мүлiк туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiн мәлiмдеме жасамаса, мұндай мүлiктi құрайтын заттар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес иесiз деп танылады.
78-бап. Суға батқан мүлiктi оның меншiк иесiнiң көтеруi
1. Суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мұндай мүлiктi көтеру туралы өзiнiң ниетiн уәкiлеттi органға мүлiк суға батқан күннен бастап бiр жыл iшiнде хабарлауға мiндеттi.
2. Уәкiлеттi орган суға батқан мүлiктiң меншiк иесiнiң мәлiмдемесiн алған күннен бастап үш ай iшiнде суға батқан мүлiктi көтерудiң тәртiбiн, сондай-ақ көтеру мерзiмiн белгiлейдi, ол меншiк иесi суға батқан мүлiктi көтерудiң тәртiбi мен мерзiмi туралы уәкiлеттi органның хабарламасын алған күннен бастап кемiнде бiр жыл болуға тиiс.
79-бап. Уәкiлеттi орган кәсiпорындарының суға
батқан мүлiктi көтеруi, аластауы немесе жоюы
1. Уәкiлеттi органның кәсiпорындары, егер:
1) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi суға батқан мүлiктi уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде көтермесе және аластамаса (жоймаса);
2) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi анықталмаса, адамдардың опат болуына әкеп соғуы, олардың өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзу объектiлерiне зиян келтiруi, едәуiр материалдық шығындарға ұшыратуы және халықтың тыныс-тiршiлiгi жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкiн аварияларды, зiлзаланы немесе апатты болдырмау мақсатында;
3) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мүлiктi көтеру, аластау, жою үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген техникалық қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтiн құралдарды қолданатын болса;
4) суға батқан мүлiктiң меншiк иесi мүлiк суға батқан күннен бастап бiр жыл iшiнде анықталмаса суға батқан мүлiктi көтеруге, ал қажет болғанда аластауға немесе жоюға құқылы.
2. Егер суға батқан мүлiктiң меншiк иесi белгiлi болса, онда осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда мұндай мүлiктi көтеру, аластау немесе жою соның есебiнен жүзеге асырылады.
3. Егер суға батқан мүлiк көтерiлген сәттен бастап бiр жылдан аспаған болса, оның меншiк иесi суға батқан мүлiктi көтеруге кеткен шығыстарды және осыған байланысты басқа да келтiрiлген шығыстарды өтегеннен кейiн осы баптың 1-тармағына сәйкес көтерiлген суға батқан мүлікті талап етуi мүмкін.
80-бап. Уәкiлеттi орган кәсiпорнының өзiне келтiрiлген
шығыстарды толық өтеттiру құқығы
Осы Заңның 79-бабының 3-тармағында көзделген мерзiм өткен соң сот суға батқан мүлiктi иесiз деп таныған жағдайда уәкiлеттi органның кәсiпорны:
1) көтерiлген суға батқан мүлiктi немесе оның бiр бөлiгiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатып, оны сатудан түскен сома есебiнен оны көтеруге кеткен шығыстардың және оған байланысты келтiрiлген басқа да шығыстардың өтемiн алуға;
2) суға батқан мүлiктiң меншiк иесiнен оны сатудан түскен сомамен жабылмаған шығыстарды, ал суға батқан мүлiк жойылған кезде мұндай мүлiктi жоюға байланысты келтiрiлген шығыстарды өтеттiрiп алуға құқылы.
81-бап. Кездейсоқ көтерiлген суға батқан мүлiк
Кеме қатынасына байланысты операцияларды жүзеге асыру кезiнде iшкi су жолдары шегiнде кездейсоқ көтерiлген суға батқан мүлiк мұндай мүлiкке қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген шараларды қабылдауға мiндеттi уәкiлеттi органға тапсырылуға тиiс.
15-тарау. Тасымалдаулардан туындайтын міндеттемелер
бойынша жауаптылық
82-бап. Тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны
үшiн жауаптылық
1. Тасымалдаудан туындайтын мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда тараптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, тасымалдау ережелерiнде, сондай-ақ солардың негiзiнде жасалатын шарттарда белгiленген негiздер мен көлемдерде жауапты болады.
2. Тараптардың осы Заңда белгiленген жауаптылықты шектеу немесе жою мақсатындағы келiсiмдерi жарамсыз болады.
Тараптар келiсiм бойынша осы Заңда белгiленген жауаптылықтың көлемiн ұлғайтуға, сондай-ақ тасымалдау шарты бойынша қосымша жауаптылық көздеуге құқылы.
3. Тасымалдау, оның iшiнде тiкелей аралас және халықаралық қатынастарда тасымалдау жөнiндегi мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн тасымалдаушылардың өзара жауаптылығы осы Заңмен, халықаралық шарттармен және жүк тасымалдаушылар арасындағы келiсiмдермен айқындалады.
4. Тасымалдауды бiрнеше тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайда олар жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының алдында жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн ортақ жауапты болады, ал жүктi, багажды жеткiзу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн, егер мерзiмiн өткiзiп алу тасымалдаушылардың кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, соңғы тасымалдаушы жауапты болады.
5. Егер тасымалдаушыға өзге тасымалдаушының, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, экспедитордың кiнәсiнен болған жауапкершiлiк жүктелсе, тасымалдаушы оларға керi талап қоюға құқылы.
83-бап. Тұрақсыздық айыбы
1. Тасымалдау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда немесе шартта белгiленген мөлшерде тұрақсыздық айыбы төленедi.
2. Тасымалдаушыға тиесiлi төлемдер жасаудың мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес бөгде бiреудiң ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшiн жауапкершiлiк көлемiнде тұрақсыздық айыбы алынады.
84-бап. Жолаушының өмiрi мен денсаулығына зиян
келтiргенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
1. Егер жолаушыларды тасымалдау шартында тасымалдаушының жоғары жауапкершiлiгi көзделмеген болса, тасымалдаушы тасымалдау кезiнде жолаушының өмiрi мен денсаулығына зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Тасымалдаушының жауапкершiлiгi жолаушы кемеде және кемеге отырғызу (түcipу) кезiнде порт аумағында болған кезеңде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлгенi үшiн туындайды.
85-бап. Жолаушыны және багажды жеткiзу мерзiмдерiн
бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Жолаушылар кемесiнiң (қалалық және қала маңы қатынастарындағы, сондай-ақ өткелдердегi тасымалдауларды қоспағанда) жөнелтiлуiн кiдiрткенi немесе оның баратын портына кешiгiп келгенi үшiн, егер тасымалдаушы мұндай кiдiру немесе кешiгiп келу еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, тасымалдаушы жолаушыға кiдiртiлген немесе кешiгiп келген әрбiр сағат үшiн тасымалдау ақысының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
Өндiрiп алынған айыппұл сомасы тасымалдау ақысының мөлшерiнен аспауға тиiс.
Көрсетiлген айыппұлдарды төлеу жолаушылар тасымалдау ережелерiне сәйкес жолаушының өтiнiшi бойынша жүргiзiледi.
2. Тасымалдаушы багажды жеткiзудiң мерзiмiн өткiзiп алған әрбiр тәулiк үшiн жолаушыға немесе багажды алуға уәкiлеттiк берiлген адамға, егер мерзiмдi өткiзiп алу оның кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, тасымалдау ақысының бес процентi мөлшерiнде, бiрақ тасымалдау ақысы мөлшерiнен аспайтын айыппұл төлейдi.
86-бап. Жолаушылардың билетсiз жол жүруi және оларды
билетсiз тасымалдағаны, қол жүгi мен багажды
ақысыз тасымалдағаны үшiн жауаптылық
Жолаушылардың билетсiз жол жүруi және оларды билетсiз тасымалдағаны, сондай-ақ қол жүгi мен багажды ақысыз тасымалдағаны үшiн кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген тәртiппен әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылуға жатады.
87-бап. Жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе
зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының
жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы жүктi, багажды тасымалдауға қабылдаған кезден бастап, жүк алушыға, жолаушыға немесе багажды алуға уәкiлеттi тұлғаға бергенге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
Тасымалдаушы жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн, егер жоғалу, кем шығу немесе зақымдану (бүлiну) оның кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Тасымалдауға құндылығы жарияланбай қабылданған жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушы мынадай мөлшерлерде және жағдайларда:
1) жүк, багаж жоғалғанда немесе кем шыққанда - жоғалған не кем шыққан жүк, багаж құнының мөлшерiнде;
2) жүк, багаж зақымданғанда (бүлiнгенде) - жүк, багаж құнының төмендеген сомасы мөлшерiнде, ал зақымданған жүктi, багажды қалпына келтiру мүмкiн болмағанда оның құны мөлшерiнде жауапты болады.
3. Тасымалдауға құндылығы жарияланып қабылданған жүктiң, багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушы жарияланған құндылық мөлшерiнде жауапты болады.
4. Егер жүк, багаж баратын портқа жеткiзу мерзiмi аяқталған соң отыз тәулiк өткеннен кейiн келмеген болса, жоғалған деп есептелiп, мұндай жүктiң, багаждың құны осы баптың 2-тармағында көзделген мөлшерде өтелуге тиiс.
Жүк, багаж көрсетiлген мерзiмдер өткен соң келген жағдайда жүк алушы немесе багажды алуға уәкiлеттiк берiлген адам тасымалдаушыға бұған дейiн жүктi немесе багажды жоғалтқаны үшiн алынған соманы қайтара отырып, оны алуға құқылы.
5. Жүктiң немесе багаждың құны - оның сатушының есебiнде көрсетiлген немесе шартта көзделген бағасы негiзге алына отырып, ал есеп болмаған немесе шартта баға көрсетiлмеген жағдайда осымен салыстыруға болатын мән-жайларда, әдетте, осы сияқты тауарлар үшiн алынатын баға негiзге алына отырып айқындалады.
6. Тасымалдаушы жүктiң, багаждың жоғалуынан, кем шығуынан, зақымдануынан (бүлiнуiнен) туындаған белгiленген нұқсанды өтеумен қатар, егер тасымалдау ақысы жүктiң немесе багаждың құнына кiрмеген болса, жүк алушыға, жолаушыға немесе жүктi, багажды алуға уәкiлеттi тұлғаға мұндай жүктi немесе багажды тасымалдағаны үшiн алынған тасымалдау ақысын қайтарады.
7. Тасымалдаушы багаждың бүлiнуi тасымалдаушының кiнәсiнен болған жағдайдан басқа кезде жолаушы өзiмен бiрге қолжүгi ретiнде алып жүретiн багаждың сақталуына жауапты болмайды.
88-бап. Жүк тасымалдау немесе тiркеп сүйретiлетiн
объектiлердiң кемелерiн тiркеп сүйрету жоспары
бойынша тапсырысты орындамағаны үшiн
жауапкершiлiк
Тасымалдаушы, тiркеп сүйретушi қабылданған өтiнiмге немесе шартқа сәйкес жүк тасымалдауға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйретуге көлiк құралдарын бермегенi үшiн, жүк жөнелтушi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушi жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi ұсынбағаны үшiн, сондай-ақ берiлген көлiк құралдарын өзге де себептерге байланысты пайдаланбағаны үшiн мынадай мөлшерлерде:
1) кемеде жүк тасымалдау және жүзу объектiсiн тiркеп сүйрету кезiнде - жүктiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң әрбiр тоннасы үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 0,3 айлық есептiк көрсеткiш шамасының мөлшерiнде;
2) жүктi контейнерлерде тасымалдау кезiнде:
қоса есептелгенде брутто салмағы 5 тоннаға дейiнгi әрбiр контейнер үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 1,5 айлық есептiк көрсеткiш шамасы мөлшерiнде;
қоса есептелгенде брутто салмағы 5 тоннадан 10 тоннаға дейiнгi әрбiр контейнер үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 3,5 айлық есептiк көрсеткiш шамасы мөлшерiнде;
брутто салмағы 10 тоннадан асатын әрбiр контейнер үшiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген 7 айлық есептiк көрсеткiш шамасы мөлшерiнде айыппұл түрiнде жауапты болады.
89-бап. Жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының жауапкершiлiгi
1. Көлiктiк жүкқұжатта жүктiң атауын, ерекше белгiлерiн және жүктi тасымалдау кезiнде қажет болатын сақтық шараларын дұрыс көрсетпегенi үшiн, тасымалдауға тыйым салынған жүктi ұсынғаны немесе жүктiң қасиеттерiн дұрыс көрсетпегенi үшiн жүк жөнелтушiден осы мән-жайларға байланысты тасымалдаушыға келтiрiлген залалдардың өтелуiне қарамастан мұндай жүктi тасымалдаудың бүкiл қашықтығына тасымалданғаны үшiн төлемақының бес еселенген мөлшерiнде айыппұл өндiрiп алынады.
2. Жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының кiнәсiнен кемелердiң нормадан артық бос тұрып қалғаны және контейнерлердi қайтарудың кiдiртiлгенi үшiн тараптардың келiсiмiмен белгiленген мөлшерде олардан айыппұл өндiрiп алынады.
3. Жүктердi, түсiргеннен кейiн кемелердi немесе контейнерлердi тазаламағаны үшiн жүк алушы тасымалдаушыға тазалау жұмыстарының құнын екi еселенген мөлшерде төлеуге мiндеттi. Тасымалдаушы кеменiң немесе контейнердiң нормадан артық бос тұрып қалғаны үшiн айыппұл өндiрiп ала отырып, жүк алушы оларды тазалау жұмыстарын орындағанға дейiн тазаланбаған кеменi немесе контейнердi тазалаудан бас тартуға құқылы.
4. Кеменiң, контейнердiң немесе пакеттеу құралдарының зақымданғаны үшiн кiнәлi тараптан қажеттi жөндеудiң құны өндiрiп алынады.
90-бап. Тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жоғалғаны немесе
зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тiркеп
сүйретушiнiң жауапкершiлiгi
1. Тiркеп сүйретушi тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жоғалғаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн, егер жоғалу немесе зақымдану (бүлiну) оның кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, оны қабылдап алған кезден бастап оны алушыға берген кезге дейiн жауапты болады.
2. Тiркеп сүйретiлетiн объект жоғалған жағдайда тiркеп сүйретушiден жоғалған тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң құны мөлшерiндегi нұқсан және егер тiркеп сүйрету ақысы жоғалған тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң құнына кiрмеген болса, осындай ақы өндiрiп алынады.
3. Салды қоспағанда, тiркеп сүйретiлетiн объект зақымданған (бүлiнген) жағдайда тiркеп сүйретушiден тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушi немесе алушы айқындайтын тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөндеу құны өндiрiп алынады. Келiспеушiлiктер туындаған кезде тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жөндеу құнын тәуелсiз сарапшы белгiлеуi мүмкiн.
4. Сал тiркеп сүйретушiнiң кiнәсiнен зақымданған (бүлiнген) кезде ол:
салды жөнелтушiге (алушыға) жоғалған такелаждың құнын;
уәкiлеттi органның кәсiпорындарына тараптардың келiсiмiмен немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де органның шешiмiмен айқындалатын салдың сынықтарын (сүректердi) жинау жөнiндегi қызмет көрсетулер құнын, бiрақ, әдетте осы сияқты тауар (салды құрастыруға арналған сүрек) үшiн алынатын баға негiзге алына отырып, салдың көлiк оқиғасына ұшыраған сәттегi толық құнынан аспайтын құнды төлейдi.
5. Тiркеп сүйретiлетiн объект, егер шартта көрсетiлген тiркеп сүйрету мерзiмi аяқталған соң он күн өткеннен кейiн баратын портына (пунктiне) келмеген болса, жоғалған деп есептеледi.
91-бап. Жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi
жеткiзу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн жауаптылық
Жүктi немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жеткiзу мерзiмiн өткiзiп алудың әрбiр тәулiгi үшiн тасымалдаушы немесе тiркеп сүйретушi, егер мерзiмдi өткiзiп алу өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жүк алушыға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушыға тасымалдау ақысының тоғыз процентi мөлшерiнде, бiрақ тасымалдау ақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
92-бап. Тiкелей аралас қатынаста жүк тасымалдауды
жүзеге асыру кезiндегi жауаптылық
1. Тiкелей аралас қатынаста тасымалдау мiндеттемелерiн орындау кезiнде жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүк жөнелтушi (жүк алушы) алдында ортақ жауапты болады.
Жүктi жеткiзу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн, егер мерзiмдi өткiзiп алу тасымалдаушылардың кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, соңғы тасымалдаушы жауапты болады.
2. Тiкелей аралас қатынаста тасымалдауға қабылданған жүктердiң сақталмағаны үшiн iшкi су көлiгiндегi және басқа да көлiк түрлерiндегi тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
93-бап. Жауапкершiлiктен босату
1. Тараптар тасымалдау, тiркеп сүйрету шарттарынан туындайтын мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген негiздер бойынша жауапкершiлiктен босатылуы мүмкiн.
2. Тараптар, егер мiндеттемелердi орындамау немесе тиiсiнше орындамау:
1) еңсерiлмейтiн күштiң, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың;
2) соғыс iс-қимылдарының, төтенше жағдай енгiзудiң;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жариялау арқылы жүктердiң орнын ауыстыруды, кемелердiң, салдардың және өзге де жүзу объектiлерiнiң қозғалысын тоқтату немесе шектеу салдарынан болса, жауапкершiлiктен босатылады.
3. Тасымалдаушы, тiркеп сүйретушi сондай-ақ:
1) мiндеттемелер жолаушының, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, жөнелтушiнiң, алушының, экспедитордың кiнәсiнен орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған;
2) көлiк ыдысының немесе олардың қасиеттерiнiң жасырын кемшiлiктерi салдарынан жүк, багаж сақталмаған;
3) жүк салмағында табиғи кему нормалары, ылғалдылығының төмендеу нормалары мен таразы аспаптарының көрсетулерiнде алшақтық нормалары шегiнде айырмашылықтар болған, сондай-ақ жүк жөнелтушi тасымалдаушының қатысуынсыз айқындаған салмақ бойынша тасымалдауға қабылданған жүк салмағында айырмашылықтар болған;
4) жүк жөнелтушiнiң немесе жүк алушының жол серiгiнiң iлесiп жүруiмен жүктi тасымалдаған кезде жауапкершiлiктен босатылады.
4. Егер жүк немесе тiркеп сүйретiлетiн объект тасымалдауға немесе тiркеп сүйретуге белгiлi бiр мән-жайлар салдарынан ұсынылмаған болса, жүк жөнелтушi, жөнелтушi жауапкершiлiктен босатылады.
16-тарау. Iшкі су көлігіндегі қызметті жүзеге
асыру кезінде келтірілген зиянды өтеу
94-бап. Iшкi су жолдары мен порттарда кеме қатынасы
мен өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде
келтiрiлген зиян үшiн жауаптылық
Жеке және заңды тұлғалардың навигациялық жабдықтардың құралдарын, кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарын, кеме жолдары мен басқа да объектiлердi зақымдауы немесе жоюы салдарынан келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне сәйкес өтелуге тиiс.
95-бап. Кемелер соқтығысуының салдарынан келтiрiлген
зиян үшiн жауаптылық
1. Кемелер соқтығысқан кезде келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен өтеледi.
2. Егер кемелердiң соқтығысуы екi немесе одан көп тараптардың кiнәсiнен болса, келтiрiлген зиян үшiн жауаптылық олардың әрқайсысының кiнәлiлiк деңгейiне мөлшерлес айқындалады.
Егер соқтығысудың мән-жайларын негiзге ала отырып, әрбiр тараптың кiнәлiлiк деңгейiн айқындау мүмкiн болмаса, жауаптылық олардың арасында тең бөлiнедi.
3. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн тараптар Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес ортақ жауаптылықта болады.
96-бап. Кемелер соқтығысуының салдарынан келтiрiлген
зиян үшiн жауапкершiлiктен босатудың негiздерi
1. Кемелердiң соқтығысуы кезiнде келтiрiлген зиянға тараптар кiнәлi болмаған, еңсерiлмейтiн күш салдарынан соқтығысқан немесе соқтығысу себептерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайда тараптардың ешқайсысы зиянды өтеудi талап етуге құқылы емес.
Бұл жағдайда әрбiр тарап өзiне келтiрiлген залалдар тәуекелiн көтередi.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелер, егер кемелер немесе олардың бiрi соқтығысу сәтiнде зәкiрде тұрса не өзгеше тәсiлмен бекiтiлген жағдайда қолданылады.
17-тарау. Актілер, кінә қою, талап
қою және талап қою мерзімі
97-бап. Актiлер
1. Тасымалдаушылардың, тiркеп сүйретушiлердiң, жүк жөнелтушiлердiң, жүк алушылардың тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi жөнелтушiлер мен оларды алушылардың, сондай-ақ жолаушылардың мүлiктiк жауапкершiлiгi үшiн негiз болуы мүмкiн мән-жайлар тиiстi тасымалдауларды жүзеге асыру кезiнде өтiнiштер арқылы коммерциялық актiлермен немесе жалпы нысандағы актiлермен куәландырылады.
Коммерциялық aктi мен жалпы нысандағы актiнiң нысандары, сондай-ақ оларды толтыру ережелерi жүк тасымалдау ережелерiмен және жолаушылар мен багаж тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
2. Тасымалдаушы жүктi, багажды немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi беру кезiнде мынадай мән-жайларды:
1) жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң нақты атауының, жүктiң немесе багаж салмағының, жүк орындары немесе багаж орындары санының тасымалдау құжатында көрсетiлген деректерге сәйкес болмауын;
2) жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жоғалуын, кем шығуын және зақымдануын (бүлiнуiн);
3) тасымалдау құжаттары жоқ жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң, сондай-ақ жүксiз, багажсыз немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiсiз тасымалдау құжаттарының анықталғанын;
4) зақымданған салдағы сүрек пен такелаждың кем шығуын;
5) ұрланған жүктiң, багаждың немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң тасымалдаушыға қайтарылғанын куәландыру үшiн коммерциялық акт толтыруға мiндеттi.
Тасымалдаушы тасымалдау құжаттарында коммерциялық актiнi толтырғаны туралы белгi қоюға мiндеттi.
Коммерциялық актiнi толтырудан бас тартуға немесе оны белгiленген талаптарды бұза отырып ресiмдеуге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
3. Сұйық күйiнде тасымалданатын жүктердiң кем шығуы немесе бүлiнуi жүк тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiпте тасымалдау құжаттарымен куәландырылады.
4. Коммерциялық акт:
1) табиғи кему нормалары, жүк тасымалдау кезiнде ылғалдылық немесе қоқыстану процентiнiң төмендеу нормалары, таразылау құралдары көрсетулерiндегi алшақтық нормалары шегiнде жүк салмағының кем шығуы, навигация қорытындылары бойынша есеп жасау шарттары негiзге алына отырып, тасымалдауға қабылданған жүк салмағындағы айырмашылықтар болған;
2) техникалық ақаусыз кемеде немесе зақымданбаған жабу-пломбалау құрылғылары бар контейнерлерде немесе жүк жөнелтушi немесе жүк алушы өкiлiнiң iлесiп жүруiмен жеткiзiлген жүктi беру жағдайларында жасалмайды.
5. Жалпы нысандағы актiлер осы баптың 2-тармағында көзделмеген мән-жайлар куәландырылған жағдайда жасалады.
6. Акт жасауға қатысушы тараптар оған қол қоюдан бас тартуға құқылы. Акт мазмұнымен келiспеген жағдайда тараптар оған өз пiкiрлерiн жазуға құқылы.
7. Дәйексiз ақпарат жазылған актiнi толтырған немесе оған қол қойған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
98-бап. Кiнә қою және талап қою құқығы
1. Тасымалдаушыға немесе тiркеп сүйретушiге:
1) жүк немесе тiркеп сүйретiлетiн объект жоғалған жағдайда - тасымалдаушының немесе тiркеп сүйретушiнiң жүктiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң келмегенi туралы белгiсi бар жүк тасымалдауға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi тiркеп сүйретуге қабылдағаны туралы түбiртегiн ұсына отырып, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушiнiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушының;
2) жүк кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) не тiркеп сүйретiлген объект зақымданған жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты, жүктердi сұйық күйiнде тасымалдағанда - коммерциялық актiнi немесе тасымалдау құжатын, ал коммерциялық акт болмағанда коммерциялық актiнi жасаудан бас тартуға шағым берiлгенi туралы құжатты ұсына отырып, жүктi алушының немесе тiркеп сүйретiлген объектiнi алушының;
3) тасымалдау ақысын және өзге де төлемдердi белгiленген мөлшерден артық төлеген жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты ұсына отырып, жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi жөнелтушiнiң, алушының;
4) багаж жоғалған жағдайда - багаж түбiртегiн ұсына отырып жолаушының;
5) багаж кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) жағдайда - тасымалдаушы берген багаждың кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) туралы коммерциялық актiнi ұсынушының;
6) жолаушы кемесiнiң шығуы кiдiртiлген немесе ол кешiгiп келген жағдайда - билетiн көрсете отырып жолаушының;
7) жүктiң немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнiң жеткiзiлу мерзiмдерi сақталмаған жағдайда - көлiктiк жүкқұжатты ұсына отырып, жүк алушының немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiнi алушының кiнә қоюға және талап қоюға құқығы бар.
2. Осы бапта белгiленген кiнә қою мен талап қою құқығы тапсыру шарты немесе сенiмхат тиiстi түрде ресiмделген кезде жүк жөнелтушiге, жүк алушыға және өзге де жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
99-бап. Кiнә қоюдың шарттары мен тәртiбi
1. Тасымалдау (тiркеп сүйрету) шартынан туындайтын кiнә қоюлар жүк тасымалдаушыға талап қою мерзiмi iшiнде бiлдiрiлуi мүмкiн.
2. Жолаушыларды, багажды, жүктердi тасымалдауға немесе тiркеп сүйретiлетiн объектiлердi тiркеп сүйретуге байланысты туындайтын кiнә қоюлар тасымалдаушыларға немесе тiркеп сүйретушілерге олардың орналасқан жерлерi бойынша бiлдiрiледi.
3. Жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны және зақымданғаны (бүлiнгенi) туралы кiнә қоюларға тасымалдау құжаттарынан басқа, кiнә қою құқығын растайтын құжаттар және жөнелтiлген жүктiң саны мен құнын куәландыратын құжаттар қоса берiлуге тиiс. Тасымалдау құжаттары түпнұсқа түрiнде ұсынылады.
100-бап. Кiнә қоюларды қарау мерзiмi
1. Кiнә қою ол алынған күннен бастап екi апта мерзiмде қаралуға тиiс.
2. Тiкелей аралас қатынаста жүзеге асырылатын тасымалдау жөнiндегi бiр құжат бойынша кiнә қою үш ай мерзiмде қаралуға тиiс.
Егер кiнә қою қабылданбаса немесе осы бапта белгiленген мерзiмде жауап алынбаса, арызданушының талап қою құқығы туындайды.
101-бап. Талап қою мерзiмдерi
1. Тасымалдаушыға (тiркеп сүйретушіге) iшкi су жолдары арқылы тасымалдау шартынан туындайтын талап қоюлар тасымалдаушы кiнә қоюды қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тартқан жағдайда не кiнә қоюға тасымалдаушыдан мерзiмiнде жауап алынбаған жағдайда ұсынылуы мүмкiн.
2. Талап қою мерзiмiнiң өтуi кiнә қоюға негiз болған оқиғалар туындаған күннен басталады.
3. Талап қою мерзiмi:
1) жүктердi тасымалдау (тiркеп сүйрету) шарты бойынша - бiр жыл;
2) жолаушылар мен багаж тасымалдау шарты бойынша - алты ай болып белгiленедi.
4. Кемелердiң соқтығысуына және құтқару операцияларын жүзеге асыруға байланысты туындаған қажеттiлiктер бойынша талап қоюлар екi жыл iшiнде ұсынылуы мүмкiн.
18-тарау. Қорытынды ережелер
102-бап. Дауларды қарау
Iшкi су көлiгi саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.
103-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық
Осы Заңның бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының
Президенті