Оңалту және банкроттық туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V ҚРЗ

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң кредиторлар талаптарын борышкер толық көлемде қанағаттандыруға дәрменсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, жеделдетілген оңалту рәсімін, оңалту рәсімін қолдану және борышкерді банкрот деп тану негіздерін белгілейді, сондай-ақ оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) ауылшаруашылық өнімін өндіруші – жердi пайдалана отырып, ауылшаруашылық өнiмiн өндiретiн; мал шаруашылығының, құс шаруашылығының (оның iшiнде төлдi өсiруден бастап толық циклді асыл тұқымды), омарта шаруашылығының ауылшаруашылық өнiмiн, егер осы өнiмдi, оның iшiнде қайта өңделген өнiмдi өткiзуден түсетiн табыс жылдық табыстың жалпы сомасының елу пайызынан астамын құраса, өндiретiн дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      2) әдейi банкроттық – заңды тұлға құрылтайшысының (қатысушысының), лауазымды адамының, органдарының, сол сияқты дара кәсiпкердiң жеке мүдделері үшін немесе өзге де тұлғалардың мүдделерi үшін жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) нәтижесінде төлем қабiлетсiздiгiн қасақана жасау немесе ұлғайту;
      3) әкімші – сотта істерді қарау және оңалту рәсімі мен банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде белгіленген тәртіппен тағайындалатын уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар;
      4) әкімшілік шығыстар – оңалту рәсіміне немесе банкроттық рәсіміне бастамашылық жасауға және оларды жүргізуге байланысты шығыстар;
      5) банкрот – дәрменсiздiгi заңды күшіне енген сот шешімімен белгiленген борышкер;
      6) банкроттық – борышкердiң сот шешiмiмен танылған, оны таратуға негiз болып табылатын дәрменсiздiгi;
      7) банкроттық рәсімі – кредиторлардың талаптарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен банкроттың мүліктік массасы есебінен қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын рәсім;
      8) банкроттықты басқарушы – банкроттық рәсімін жүзеге асыру үшін оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті орган тағайындаған адам;
      9) борышкер – төлем қабiлетсiздiгi оларға осы Заңда көзделген рәсiмдердi қолдануға негiз болып табылатын дара кәсiпкер немесе заңды тұлға;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      10) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      10) бiртектi кредиторлар тобы – борышкерге қоятын бiрдей талаптары бар және оларды қанағаттандыруда бiр-бiрiнiң алдында артықшылығы жоқ кредиторлар тобы.
      Бiртектi кредиторлар топтарын:
      өмiріне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптар бойынша кредиторлар;
      еңбек шарттары бойынша еңбекақы төлеу және өтемақыларды, сондай-ақ Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектердi төлеу бойынша кредиторлар;
      кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер бойынша кредиторлар;
      салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша кредиторлар;
      тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi беру шарттарынан туындайтын талаптар бойынша кредиторлар;
      кепiлмен қамтамасыз етiлмеген кредит (микрокредит) алуға арналған шарттардан туындайтын талаптар бойынша кредиторлар – қаржы ұйымдары (микроқаржы ұйымдары);
      кредиторлар – борышкердің облигацияларын ұстаушылар құрауы мүмкiн;
      11) бірыңғай өндірістік кешен – жиынтығында ауылшаруашылық өнімін өндіру, дайындау, сақтау, тасымалдау, қайта өңдеу немесе өткізу кезінде бірыңғай циклді қамтамасыз ету үшін қажетті мүлік;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      12) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      12) дәрменсiздiк – кредиторлардың ақшалай мiндеттемелер бойынша талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбекақы төлеу бойынша есеп айырысуды жүргiзуге, салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды, сондай-ақ мiндеттi зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеудi қамтамасыз етуге борышкердiң сот белгiлеген қабiлетсiздiгi;
      13) жалған банкроттық – кредиторларға тиесілі төлемдердің мерзімін кейінге қалдыру немесе ұзарту немесе борыштардан жеңілдіктер алу үшін, сол сияқты борыштарды төлемеу үшін кредиторларды жаңылыстыру мақсатымен заңды тұлға құрылтайшысының (қатысушысының), лауазымды адамының, органдарының, сол сияқты дара кәсіпкердің әрекеттері және (немесе) қабылдаған шешімдері нәтижесінде өзiнiң төлем қабілетсіздігі туралы көрінеу жалған хабарлау;
      14) жеделдетiлген оңалту рәсiмi – сотқа дейiнгi тәртiппен кредиторлармен келiсiлген оңалту жоспары негiзiнде борышкерге қатысты сот тәртібімен қолданылатын рәсiм;
      15) жоқ борышкер – тұрғылықты жерiн немесе тіркелген жерiн немесе тұрақты жұмыс істейтін органының, сондай-ақ борышкер оларсыз өз қызметiн жүзеге асыра алмайтын қатысушылары мен лауазымды адамдарының орналасқан жерін алты ай iшiнде анықтау мүмкiн болмаған борышкер;
      16) кәдімгі коммерциялық операциялар – борышкердiң күнделiктi жұмыс iстеуiн қолдау мақсатында өндiрiлетiн тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң айналымымен байланысты, тұрақты сипаты бар iс-әрекеттер;
      17) кепiлдi кредитор – талаптары борышкердiң мүлкiн кепiлге салумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер бойынша кредитор;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      18) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      18) кредитор – еңбекке ақы төлеу, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу, авторлық сыйақы төлеу, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша мiндеттемелердi қоса алғанда, борышкерге азаматтық-құқықтық және өзiнiң өзге де мiндеттемелерiнен туындайтын мүлiктiк талаптары бар тұлға;
      19) кредиторлар комитеті – кредиторлардың оңалту және банкроттық рәсімдерінде кредиторлар жиналысы сайлайтын және осы Заңда көзделген өкілеттіктерге ие өкілді органы;
      20) кредиторлар талаптарының тізілімі – осы Заңда белгіленген тәртіппен оңалту немесе банкроттық рәсімдерінде қалыптасатын, мөлшері, негіздері мен туындау күні көрсетіле отырып, кредиторлардың борышкерге қоятын талаптарының тізбесі;
      21) қала құраушы заңды тұлға – өңірлік даму жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен айқындалатын заңды тұлға;
      22) лауазымды адам – акционерлік қоғам директорлары кеңесінің мүшесі, заңды тұлғаның – дәрменсіз борышкердің басшысы (басшының орынбасары), сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органына кіретін, заңды тұлғаны басқару бойынша тұрақты немесе уақытша өкілеттіктер берілген өзге тұлға, заңды тұлғаның - дәрменсіз борышкердің бас бухгалтері (бас бухгалтердің орынбасары), сол сияқты оның міндеттерін уақытша атқаратын өзге тұлға;
      23) мемлекеттiк қолдау шаралары – Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен ұйымға қатысты қолданылатын, қаржылық сауықтыруға бағытталған шаралар;
      24) мүліктік масса – оңалту рәсімінде немесе банкроттық рәсімінде өндіріп алу қолданынуы мүмкін борышкердiң немесе банкроттың мүлкi, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда өзге де тұлғалардың мүлкi;
      25) оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – оңалту және банкроттық саласында (банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын және жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда) мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      26) оңалту жоспары – оңалту рәсiмiн, жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану кезiнде борышкердi сауықтыруға бағытталған және жұмыс iстеп тұрған заңды тұлғаның төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiру және жұмыс орындарын сақтау мақсатында борышкер мен кредиторлар, бiртектi кредиторлар тобы арасындағы өзара келiсiм негiзiнде жүзеге асырылатын, кредиторлар талаптарын өтеу кестесiн қоса алғанда, iске асырылу мерзiмдерi, сондай-ақ қол жеткiзiлетiн нәтижелер, пайдаланылатын ресурстар мен ықтимал тәуекелдер көрсетiлетiн өзара байланысты iс-шаралар кешенi;
      27) оңалту рәсiмi – сот тәртібімен енгізілетін рәсiм, оның шеңберiнде төлемге қабiлетсiз борышкерге оның таратылуын болғызбау мақсатында борышкердің төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiруге бағытталған қайта ұйымдастыру, ұйымдық-шаруашылық, басқарушылық, инвестициялық, техникалық, қаржылық-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де шаралар қолданылады;
      28) оңалтуды басқарушы – осы Заңда белгiленген тәртiппен оңалту рәсiмiнiң кезеңiне дәрменсiз борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегі өкiлеттiк берiлетiн тұлға;
      29) санация – оңалту жоспарында көзделген іс-шара, оның барысында борышкер мүлкiнiң меншік иесi (ол уәкiлеттiк берген орган), кредиторлар немесе өзге де тұлғалар төлемге қабілетсіз борышкерге қаржылық көмек көрсетедi, сондай-ақ борышкердiң резервтерiн жұмылдыру мен оның қаржылық-шаруашылық жағдайын жақсарту жөнiндегі өзге де шаралар кешенiн iске асырады;
      30) уақытша әкімші – оңалту жоспарын әзірлеу кезеңінде кредиторлар талаптарының тізілімін жасау және кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді келісу үшін сот тағайындаған тұлға;
      31) уақытша басқарушы – борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру үшін, сондай-ақ банкроттықты басқарушыны тағайындағанға дейін банкроттық рәсімін жүргізу үшін сот тағайындаған тұлға;
      32) үлестес тұлғалар – шешімдерді тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) оңалту немесе банкроттық рәсімдеріне қатысушы қабылдайтын шешімдерге әсер ету, оның ішінде жасалған шартқа орай әсер ету мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлға (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды және ұлттық басқарушы холдингті қоспағанда). Оңалту немесе банкроттық рәсіміндегі үлестес тұлғалардың тізбесі осы Заңның 9-бабымен белгіленеді.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      2-бап. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық
             туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендегіден өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу ерекшелiктерi

      1. Осы Заң қазыналық кәсiпорындар мен мекемелерден, жинақтаушы зейнетақы қорларынан, банктерден, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан басқа, заңды тұлғаларды жеделдетiлген оңалту рәсімі және оңалту, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттығы туралы iстерге қолданылады.
      Сот банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, жинақтаушы зейнетақы қорын банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған жағдайда оларды тарату Қазақстан Республикасының банк заңнамасына, Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Банкроттық немесе оңалту рәсiмдерiн мақта өңдеу ұйымдарынаастық қабылдау кәсіпорындарына, сондай-ақ табиғи монополия субъектiлерiне немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiне қатысты қолдану ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленуi мүмкiн.
      2. Банкроттық, оңалту немесе жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iстердi сот осы Заңда белгiленген ерекшелiктерімен азаматтық сот iсiн жүргiзудiң жалпы қағидалары бойынша қарайды.
      3. Табиғи монополия субъектiлерi немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын не республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдар мен дара кәсіпкерлер, оның ішінде акцияларының пакеттері (қатысу үлестері) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған, сондай-ақ мемлекеттiң бастамасы бойынша банкрот деп танылған ұйымдар банкрот болған кезде Қазақстан Республикасының Үкiметi азаматтар мен мемлекеттiң мүдделерiн қорғау мақсатында мүліктік массаны өткiзудiң ерекше шарттары мен тәртiбiн және мүліктік масса объектiлерiн сатып алушыларға қосымша талаптар белгiлеуге, сондай-ақ акцияларының пакеттерi (қатысу үлестерi) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектiлерге жатқызылған ұйымдар немесе республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар ұйымдар банкрот болған кезде мүліктік массаны ұлттық басқарушы холдингтiң сатып алуы туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      4. Шаруашылық және өзге де қызметтiң экологиялық тұрғыдан қауiптi түрлерiн жүзеге асыратын заңды тұлғалар банкрот болған кезде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексiне сәйкес олардың қызметiне мiндеттi экологиялық аудит жүргiзiледi.

      4-бап. Банкроттықты тану

      1. Банкроттық борышкердiң сотқа берген өтiнiшi негiзiнде ерікті түрде белгiленедi.
      2. Банкроттық кредиторлардың немесе осы Заңмен уәкілеттік берiлген өзге де тұлғалардың сотқа берген өтiнiшi негiзiнде мәжбүрлі түрде белгiленедi.
      3. Осы Заңда белгiленген жағдайларда борышкер өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгінуге мiндеттi.
      4. Егер өзіне қатысты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексi 49-бабының 1-тармағында белгiленген тәртiппен тарату туралы шешiм қабылданған заңды тұлға мүлкiнiң құны кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткiлiксiз болса, мұндай заңды тұлға осы Заңда белгiленген қағидалар бойынша сот тәртiбiмен таратылуға тиiс.
      5. Борышкердiң дәрменсiздiгi оны сот тәртiбiмен банкрот деп жариялау үшін негiз болып табылады.
      Дәрменсiздiк фактiсiн анықтау кезiнде борышкердiң орындау мерзiмi басталған, сондай-ақ орындауға қабылданған және (немесе) орындалып жатқан мiндеттемелерi ескерiлуге тиiс.

      5-бап. Оңалту немесе банкроттық рәсiмiн қолдану үшін
             сотқа жүгіну негiздерi

      1. Кредитордың борышкердi банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгiнуi үшін борышкердiң төлем қабiлетсiздiгi негiз болып табылады.
      Борышкер мына шарттардың бірі және одан көбі басталған кезде төлемге қабілетсіз болып табылады:
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      1) өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, алименттерді өндіріп алу, еңбекақы төлеу, еңбек шарттары бойынша өтемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жөніндегі, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақылар жөніндегі кредиторлар алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап үш ай ішінде орындалмаған және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды;
      2) салық берешегі бойынша борышкердің филиалдары мен өкілдіктерінің берешегін қоса алғанда, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап төрт ай ішінде орындалмаған және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз елу айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды;
      3) өзге кредиторлар алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап үш ай ішінде орындалмаған және жиынтығында дара кәсіпкерлер үшін – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген үш жүз айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы, заңды тұлғалар үшін – республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір мың айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайды.
      Осы тармақтың талаптары жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш беру жағдайларына қолданылмайды.
      2. Борышкердiң төлем қабілетін қалпына келтiру мүмкiндiгi болмаған кездегі төлем қабiлетсiздiгi өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болып табылады.
      3. Борышкердiң төлем қабілетін қалпына келтiру мүмкiндiгi болған кездегі төлем қабiлетсiздiгi немесе борышкерге таяу он екi айда ақшалай мiндеттемелердi орындау мерзiмi басталған кезде оларды орындайтындай күйде болмайтын төлем қабiлетсiздiгі қаупiнiң төнуi оның оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болып табылады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      6-бап. Әдейi және жалған банкроттық үшін жауаптылық

      1. Борышкердiң құрылтайшысы (қатысушысы) және (немесе) лауазымды адамдары әдейi банкроттық үшiн дәрменсiз борышкердің кредиторлары алдында өзiне тиесiлi мүлiкпен субсидиарлық жауаптылықта болады.
      Банкроттың лауазымды адамы борышкердi төлем қабiлетсiздiгiне әдейi әкеп соқтырғаны үшiн оның мүлкiнiң меншiк иесiне залалды өтейдi.
      2. Егер борышкер сотқа банкрот деп тану туралы өтінішті жалған банкроттық мақсатында берсе, онда кредиторлар борышкерден келтiрiлген залалды өтеудi талап етуге және осындай шешім қабылдаған адамдарды субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы сотқа жүгінуге құқылы.
      3. Банкроттықты басқарушы банкроттық рәсімі барысында әдейі банкроттық фактілері анықталған жағдайда, бір ай мерзімде банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша банкрот мүлкінің жеткіліксіз болуына қарай қанағаттандырылмай қалған кредиторлар талаптарының сомаларын өндіріп алу туралы осындай тұлғаға қатысты қуыныммен сотқа жүгінуге міндетті, ал кредиторлар осылай етуге құқылы.
      4. Әкімші әдейi немесе жалған банкроттық белгiлерi анықталған кезден бастап бір ай мерзімде, сондай-ақ осы Заңның 47-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негізде прокурордың өтініші бойынша банкрот деп танылған жағдайларда, тиісті тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту үшiн құқық қорғау органдарына жүгiнуге мiндеттi.

      7-бап. Борышкердiң мәмiлелерiн жарамсыз деп тану және
             мүлiктi қайтару

      1. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мәмілелер, егер оларды борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және осы Заңда көзделген негiздер болған кезде банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде жасасқан болса, жарамсыз деп танылады.
      2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделгендерден өзге мәмілелердің жарамсыздығына мыналар негіз болып табылады:
      1) жасалған мәміленің бағасы және (немесе) өзге де шарттар, егер мәміленің салдарлары қаржылық шығындарға әкеп соқтырса, салыстырмалы жағдайлардағы бағадан және (немесе) өзге де шарттардан борышкер үшін айтарлықтай нашар болып табылатын ұқсас мәмілелердің жасалуы;
      2) мәміле борышкердің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, құрылтайшылық құжаттарында шектелген қызметіне сәйкес келмейді не жарғыда айқындалған құзыретті бұза отырып жасалған;
      3) мүліктің (оның ішінде уақытша пайдалануға) өтеусіз не салыстырмалы экономикалық жағдайлар кезінде біртекті немесе ұқсас тауар бағасынан борышкер үшін айтарлықтай нашар болып табылатын бағамен не кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып негізі болмастан берілген;
      4) егер банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғалғанға дейін алты ай ішінде жасалған мәміле бір кредитордың талаптарын басқаларына қарағанда артықшылықпен қанағаттандыруға әкеп соқтырса;
      5) кәдімгі коммерциялық операциялардың шеңберінде жасалған шарттарды қоспағанда, егер осындай мәміленің оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін бір жыл бұрын жасалған мәмілелерден айтарлықтай айырмашылығы болса, борышкердің мүлкін сыйға тарту шарттары.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар кезінде жасалған мәмілелер анықталған жағдайда, әкімші мұндай мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге, оның ішінде мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша жүгінуге міндетті.
      4. Мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішті кредиторлар комитеті белгілеген мерзімде әкімші ұсынады.
      5. Мәміле жарамсыз деп танылған кезде жауапкер мәміле бойынша алғандардың бәрін қайтаруға міндетті, заттай қайтару мүмкін болмаған кезде – қайтарылуға жататын мүліктің, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын өтеуге міндетті.
      Бұл ретте жауапкер осы Заңда көзделген тәртіппен қанағаттандыруға жататын, борышкерге талап қою құқығына ие болады.
      6. Осы бапта көзделген жағдайларда мүлікті қайтару мүмкін болмаған кезде немесе мүлік оның жоғалуына, бүлінуіне не оны кейіннен үшінші тұлғалардың адал жолмен сатып алуына байланысты өтеусіз берілген кезде талап етілетін мүліктің бастапқы сатып алушылары борышкер алдында жоғалған, бүлінген не үшінші тұлғалар адал жолмен сатып алған мүліктің құны шегінде осыған байланысты туындаған залалды өтеу бойынша жауаптылықта болады.
      7. Бастапқы сатып алушылардың мүлік құнын өтеуі мүмкін болмаған кезде борышкердің мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдаған тұлға, сондай-ақ осы Заңда белгіленген жағдайларда осындай мәмілені келіскен уақытша әкімші және уақытша басқарушы сот тәртібімен субсидиарлық жауаптылыққа тартылуға тиіс.
      8. Осы баптың талаптары жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру мәмiлелерiне қолданылмайды.
      9. Әкімші банкроттық туралы іс қозғалғанға дейінгі үш жыл ішінде біріктіру, бөлу немесе бөліп шығару жолымен жасалған және активтерді шығаруға әкеп соққан борышкердің қайта ұйымдастырылуын жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінуге құқылы.

      8-бап. Шарттардың құқықтық режимі

      1. Банкроттық туралы iс қозғау банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін борышкер контрагентінің бастамасы бойынша борышкер жасасқан шартты орындаудан біржақты бас тарту үшін негіз болып табылмайды және осы шарттың қолданысын тоқтатуға әкеп соқтырмайды. Тараптардың банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін жасасқан, шартты орындаудан бас тарту және банкроттық туралы іс қозғау себебі бойынша осы шарттың қолданысын тоқтату туралы келісімі жарамсыз болады.
      2. Оңалтуды басқарушы мынадай мән-жайлардың бiреуi болған кезде:
      1) шарт үлестес тұлғамен жасалса;
      2) бұрын жасалған ұқсас шарттармен салыстырғанда шартта борышкерге ауыртпалық салатын жағдайлар болса;
      3) шарт ұзақ (бір жылдан астам) мерзiмді болса не борышкердiң нәтижеге жетуi тек ұзақ мерзiмдi перспективаға есептелсе;
      4) борышкердiң шартты орындауы қалған кредиторлар үшiн жағымсыз салдарларға әкеп соқтырады деп пайымдауға өзге де негiздер болса, оңалту туралы iс қозғалғанға дейiн борышкер жасасқан, екi тарап толық немесе iшiнара орындамаған шарттарды орындаудан бас тартуға құқылы.
      3. Банкроттықты басқарушы кредиторлар комитетінің шешімі негізінде, банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін жасалған шартты өзгертуге, бұзуға, орындаудан бас тартуға немесе оның жарамдылығына дауласуға, борышкер берген мүлікті қайтаруды талап етуге міндетті.
      4. Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалған кезден бастап және оңалту немесе банкроттық туралы істі тоқтату туралы сот ұйғарымы не борышкерге оңалту рәсімін қолдану немесе борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін борышкер мен оның кредиторлары арасындағы өзара талаптарды есепке алуға жол берілмейді.
      Оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы, егер талаптарды есепке алу кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігін бұзбаса, басқа тұлғалар тартылмай, тікелей, өзара негізде болып табылса, талаптарды есепке алу туралы кредиторға мәлімдеуге міндетті. Ақшаны төлеу туралы талаптар бойынша ғана есепке алуға жол беріледі.
      5. Электр және жылу энергиясын, су шаруашылығы және кәріз жүйелері, байланыс жөніндегі, сондай-ақ борышкердің мүлкін қорғау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді беруші борышкерді банкрот деп тану себебі бойынша борышкермен жасалған шарттан бас тартуға құқылы емес. Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалғаннан кейін осы шарттарды орындауға байланысты шығыстар әкімшілік шығыстарға жатады.

      9-бап. Үлестес тұлғалар

      Осы Заңда мыналар үлестес тұлғалар деп танылады:
      1) борышкердің немесе кредитордың акционері, құрылтайшысы (қатысушысы);
      2) борышкер-дара кәсіпкердің, сондай-ақ осы баптың 1), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген жеке тұлғаның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жұбайының (зайыбының) жақын туыстары;
      3) шартқа сәйкес борышкер қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқылы, оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушымен жасалған шартпен байланысты тұлға;
      4) оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушының немесе осы баптың 1), 3), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның лауазымды адамдары;
      5) оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушы оған қатысты акционер, қатысушы болып табылатын не мүліктегі тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлға;
      6) оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушымен бірге үшінші тұлғаның бақылауында болатын заңды тұлға;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушының үлестес тұлғасы болып табылатын өзге де тұлға.

      10-бап. Құпиялылық

      1. Уәкілетті орган және әкімші борышкерді банкрот деп тануға дейінгі кезеңді қоса алғанда, банкрот мүлкінің меншік иесінің, құрылтайшыларының (қатысушыларының) келісімін алмастан, борышкердің қаржылық-шаруашылық қызметі туралы мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы.
      2. Әкімшінің не уәкілетті органның осы мәліметтер сеніп тапсырылған немесе оған қызметі немесе жұмысы бойынша белгілі болған лауазымды адамының қаржылық-шаруашылық қызмет туралы мәліметтерді жария етуі, сол сияқты осындай мәліметтерді қамтитын құжаттарды жоғалту Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Осы баптың күші әкімші тартқан тұлғаларға қолданылады.
      3. Уәкілетті органның немесе әкімшінің өздеріне ұсынылған ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдарға беруі құпия ақпаратты жария ету болып табылмайды.
      4. Осы Заңда көзделген рәсімдерді жүргізу кезінде мынадай ақпарат құпия болып табылмайды:
      1) әкімші болып тағайындалған адам туралы;
      2) кредиторлар комитетінің құрамы және ол қабылдаған шешімдер туралы;
      3) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген талаптар сомасы туралы және оларды кезек бойынша қанағаттандыру мөлшері туралы;
      4) рәсімдерді жүргізу мерзімдері туралы;
      5) кредиторлар алдындағы берешекті өтеу кестесін орындау туралы;
      6) әкімшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдардың болуы және оларды қарау нәтижелері туралы;
      7) әкімшіні анықталған құқық бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы;
      8) оңалту рәсімін тоқтатудың негізі туралы;
      9) әкімші кредиторлар комитетіне шешім қабылдау үшін ұсынатын;
      10) осы Заңда белгіленген құқықтарды іске асыру шеңберінде осыған уәкілеттік берілген адамдар бастамашылық жасаған сот талқылаулары туралы ақпарат.

      11-бап. Борышкердің құқықтық жағдайы

      1. Борышкер:
      1) өзінің төлем қабілетсіздігі салдарынан ақшалай міндеттемелерді және (немесе) еңбек және соған байланысты қатынастардан туындайтын міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындауға жағдайының болмайтынын куәландыратын мән-жайлар болған кезде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;
      2) оңалту жоспары бекітілген кезден бастап мүлкі мен істерін басқару құқығын сақтау туралы сотта өтініш білдіруге;
      3) сотта кредиторлық берешек сомаларына дауласуға, сондай-ақ осы мақсаттар үшін аудитор ұйымдарды тартуға;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтарды пайдалануға құқылы.
      2. Борышкер:
      1) оның мүлкінің меншік иесі, ол уәкілеттік берген орган, заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттармен осыған уәкілеттік берілген органы оны тарату туралы шешім қабылдаған, ал мүлкінің құны кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;
      2) егер бір кредитордың немесе бірнеше кредитордың талаптарын қанағаттандыру оның басқа кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерін толық көлемде орындаудың мүмкін болмауына әкелсе, өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;
      3) борышкер төлем қабілетсіздігінің басталғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған кезден бастап алты ай ішінде өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;
      4) әкімшіні тағайындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сотқа және әкімшіге қаржылық-шаруашылық қызмет туралы ақпаратты, оның ішінде борышкерде бар мүлік, оның ішінде кепіл ауыртпалығы салынған, мүліктік жалдауда (жалға алуда) және (немесе) лизингте тұрған мүлік туралы, банктік шоттарда жатқан ақша туралы, шоттардың нөмірлері және банктердің орналасқан жері, дебиторлық берешек сомасы туралы мәліметтерді ұсынуға;
      5) оңалтуды басқарушыға ол тағайындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтайшылық құжаттарын, мөрлерді, мөртабандарды, он бес жұмыс күні ішінде – есепке алу құжаттамасын, екі ай ішінде – материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
      6) уақытша басқарушы тағайындалған күннен бастап қарау арқылы зерделеу үшін есепке алу құжаттамасына оның қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
      7) бухгалтерлік құжаттаманың, бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік жүйелерінің толықтығы мен анықтығын қамтамасыз етуге;
      8) оңалту жоспарын кредиторлар жиналысында қарау күнінен кейінгі күннен кешіктірмей, оны танысу үшін уақытша әкімшіге ұсынуға;
      9) құпия болып табылатын мәліметтерді қоспағанда, оңалту рәсімін жүргізу кезінде борышкердің кез келген кредиторына оның жазбаша сұрау салуы негізінде сұрау салуды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей өз қызметінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты ұсынуға;
      10) сұрау салу негізінде сотқа, оңалтуды, уақытша немесе банкроттықты басқарушыға және кредиторлар комитетіне өзінің қаржылық жағдайы мен шаруашылық қызметі туралы ақпаратты, түсіндірмені ұсынуға;
      11) әр айдың он бесінші күнінен кешіктірмей, оңалту рәсімін жүргізу кезеңіндегі қаржылық жағдай, алдыңғы айдағы кәдімгі коммерциялық операциялар барысында жүргізілген мәмілелер туралы ақпаратты кредиторлар комитетінің назарына жеткізуге;
      12) егер осындай іс-әрекеттер оңалту жоспарында көзделмесе, оңалту рәсімін жүргізу кезеңінде заңды тұлғаның мүлкін пайдаланбауға немесе оны кредиторлар жиналысының шешімінсіз пайдалануға жол бермеуге;
      13) оңалту рәсімін жүргізу кезеңінде кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді уақытша әкімшімен келісуге;
      14) осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
      3. Борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы борышкер мүлкінің меншік иесінде, құрылтайшыларда (қатысушыларда) қалған жағдайларда борышкердің органдарына осы Заңда оңалтуды басқарушы үшін көзделген, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде өкілеттіктер және жауаптылық қолданылады.
      4. Борышкердің құрылтайшысы (қатысушысы), борышкер мүлкінің меншік иесі немесе лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда аталған адамдар өздерінің іс-әрекеттері нәтижесінде келтірілген залалды өтей отырып, тиісті жауаптылыққа тартылады.
      5. Осы баптың 2-тармағының 1) – 6) тармақшаларында көзделген талаптарды орындау міндеттеріне кіретін борышкердің лауазымды адамдары борышкердің мүлкі барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда, осы баптың 2-тармағы 1) – 6) тармақшаларының ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ортақ субсидиарлық жауаптылықта болады.

      12-бап. Әкімші

      1. Осы Заңда белгіленген жағдайларда, оңалту рәсiмiн, борышкердiң қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды немесе банкроттық рәсімін жүзеге асыру мақсаттарына қол жеткiзу үшін оларды өткізу кезеңiнде борышкердің барлық органдары басқарудан шеттетiледi және борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегi өкiлеттiктер әкімшіге берiледi.
      Әкімші борышкердiң жалғыз басқарушы органы ретiнде әрекет етедi және өз өкiлеттiктерiн борышкердiң орналасқан жерi бойынша жүзеге асыруға мiндеттi.
      Осы тармақтың ережелерi осы Заңның 69-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
      2. Уәкiлеттi органда тiркелген адам осы Заңда белгіленген тәртіппен әкімші болып тағайындалады.
      Осы Заңның 78-бабының 2-тармағында және 118-бабында көзделген жағдайды қоспағанда, әкімшіге осы Заңмен жүктелген өкiлеттiктер өзге адамдарға берілмейді.
      3. Мыналар:
      1) үлестес тұлғалар;
      2) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
      3) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар;
      4) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар әкімші болып тағайындалмайды.
      4. Әкімші ретінде қызметті жүзеге асыру үшін адамдарға қойылатын рұқсат беру талаптары мыналар:
      1) жоғары заңгерлік немесе экономикалық бiлiмiнiң болуы;
      2) экономикалық, қаржылық немесе заң қызметі салаларында кемінде үш жыл жұмыс тәжiрибесiнiң болуы;
      3) Қазақстан Республикасының азаматтығы;
      4) наркологиялық немесе психиатриялық диспансерде есепте тұратыны туралы мәліметтердің болмауы;
      5) жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығының болмауы;
      6) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танығаны туралы мәліметтердің болмауы.
      5. Біліктілік емтиханын тапсыру және рұқсат беру талаптарына сәйкестік әкімші ретінде тіркелу үшін негіздер болып табылады.
      Біліктілік емтиханы қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына бір реттен жиі өткізілмейді.
      Біліктілік емтиханын өткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
      6. Уәкілетті орган тіркеу туралы өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей тіркеуді жүргiзедi.
      Уәкiлеттi орган осы тармақта көзделген мерзiм iшiнде өтiнiш берушiге – тiркелгенi туралы растауды, ал тiркеуден бас тартқан жағдайда бас тартудың себептерi көрсетiлген дәлелдi жауапты жiбередi.
      Тiркеу туралы өтiнiште көрсетiлген деректер өзгерген кезде, уәкiлеттi органда тiркелген адам уәкiлеттi органға бес жұмыс күнi iшiнде хабарлауға мiндеттi.
      Тіркеуге, тіркеуден шығаруға, тіркелген тұлғаның деректеріне өзгерістер енгізуге арналған өтініштердің нысандарын, сондай-ақ тіркелгендігін растау және тіркеуден бас тарту нысандарын уәкілетті орган бекітеді.
      7. Уәкiлеттi орган мынадай:
      1) құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған;
      2) өтiнiш берушi осы бапта белгiленген рұқсат беру талаптарына сәйкес келмеген;
      3) біліктілік емтиханының қорытындылары қанағаттанарлықсыз болған;
      4) өтiнiш берушi бұрын осы баптың 8-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негiздердiң бiрi бойынша тiркеуден шығарылған жағдайларда тіркеуден бас тартады.
      Осы тармақшаның ережелерi осы баптың 8-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша тiркеуден шығарылған өтiнiш берушiге үш жыл бойы қолданылады.
      8. Уәкiлеттi орган әкiмшiнің қызметiн жүзеге асыру мақсатында тiркелген тұлғаны тiркеуден шығаруды мынадай:
      1) тiркеу кезiнде анық емес мәлiметтерді ұсыну фактiсi анықталған;
      2) кредитордың немесе борышкердің мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соққан, осы Заңда белгіленген талаптар бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан көп рет) бұзылған;
      3) осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасына орай әкімшіні тағайындауға кедергі болатын мән-жайлардың болуы себебінен оның бас тартуын қоспағанда, әкімші ретінде қызметті жүзеге асырудан бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан көп рет) бас тартылған;
      4) қайтыс болған;
      5) өз еркімен тiркеуден шығару туралы өтiнiш берілген;
      6) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған;
      7) экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы не экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылған;
      8) осы адамға қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген;
      9) наркологиялық немесе психиатриялық диспансерде есепке қойылған;
      10) сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған;
      11) әкімші осы баптың 3-тармағы негізінде оның оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы болып тағайындалуына кедергі болған мән-жайлардың болуы туралы хабарламаған, оларды кейіннен оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі барысында уәкілетті орган анықтаған жағдайларда жүргізеді.
      9. Уәкілетті орган тіркеуден шығарғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде:
      1) сотқа – уақытша басқарушыны, уақытша әкімшіні тіркеуден шығару туралы;
      2) кредиторлар жиналысына – оңалтуды не банкроттықты басқарушыны тіркеуден шығару туралы хабарлама жібереді.
      10. Әкімші мынадай:
      1) уәкілетті органда тіркеуден шығарылған;
      2) осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасына орай әкімшіні тағайындауға кедергі болатын мән-жайлардың болуы себебінен ол өкілеттіктерді орындаудан бас тартқан;
      3) кредиторлар жиналысы оны шеттету туралы шешім қабылдаған;
      4) тексеру нәтижелері бойынша осы Заңда белгіленген талаптарды әкімшінің бұзғаны анықталған жағдайларда өз өкілеттіктерін орындаудан шеттетіледі.
      11. Әкімші өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берген жағдайда, осы Заңда белгіленген тәртіппен жүктелген өкілеттіктерді орындаудан босатылады.
      Әкімші оңалтуды және (немесе) банкроттықты басқарушылар ретінде қатысқан жағдайда, өз қалауымен тіркеуден шығару туралы өтінішке оңалтуды және (немесе) банкроттықты басқарушылар қызметін жүзеге асырудан өзін шеттету және жаңа кандидатураны таңдау туралы әрбір борышкер бойынша кредиторлар жиналысы хаттамасының көшірмесі қоса беріледі.
      12. Әкімші жүктелген өкiлеттiктердi орындаудан шеттетiлген немесе босатылған жағдайда жаңадан тағайындалған әкімші өзінен алдыңғысының құқық мирасқоры болып табылады.
      13. Әкімші уәкілетті органда тіркелген кезден бастап әрбір үш жыл сайын уәкілетті органға растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсына отырып, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен экономика, қаржы немесе заң салаларында өз біліктілігін арттыруға міндетті.
      14. Әкімші осы Заңмен реттелетін қатынастарға уәкілетті орган белгілеген тәртіппен электрондық тәсілмен қатысуға құқылы.
      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      13-бап. Әкімшінің сыйақысы

      1. Уақытша және банкроттықты басқарушылардың негізгі сыйақысы, осы Заңның 61-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, борышкердің мүлкінен төленеді, мерзімінің ұзақтығына қарамастан, рәсімді өткізудің бүкіл кезеңіне тіркелген болып табылады.
      Уақытша әкімшінің және оңалтуды басқарушылардың негізгі сыйақысының ең төмен мөлшерін, сондай-ақ уақытша және банкроттықты басқарушылардың негізгі сыйақысының мөлшерін және оны төлеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
      2. Оңалтуды және банкроттықты басқарушыға қосымша сыйақы борышкердің мүлкінен кредиторлар жиналысының шешімі негізінде осы тармақта белгіленген шектерде мынадай:
      1) заңсыз шығарылған мүлік қайтарылған және осындай мүлікті немесе мәмілелерді анықтау бойынша оңалтуды және банкроттықты басқарушы жүргізген жұмыс нәтижелері бойынша мәмілелер жарамсыз деп танылған жағдайларда:
      банкроттықты басқарушыға – қайтарылған мүлікті өткізуден түскен және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға бағытталған соманың екі пайызына дейін;
      оңалтуды басқарушыға – қайтарылған мүліктің бағалау құнының үш пайызына дейін;
      2) дебиторлық берешек өндіріп алынған жағдайда:
      банкроттықты басқарушыға – өндіріп алынған және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға бағытталған соманың екі пайызына дейін;
      оңалтуды басқарушыға – осындай берешектің өндіріп алынған сомасының үш пайызына дейін төленеді.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      14-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің оңалту және
              банкроттық саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңда көзделген функцияларды және өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымензаңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      15-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi орган:
      1) әкiмшiнiң қызметiн жүзеге асыру құқығы бар адамдарды тiркеудi және оларды тiркеуден шығаруды жүргiзедi;
      2) кредиторлар жиналысы ұсынған кандидатураны оңалтуды және банкроттықты басқарушы етіп тағайындайды;
      3) оңалтуды және банкроттықты басқарушыны шеттетеді;
      4) оңалту рәсiмiнің және банкроттық рәсiмiнің жүргiзiлуiн мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      5) оңалтуды басқарушының – оңалту рәсiмiнің жүзеге асырылу барысы туралы, уақытша басқарушының – борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинау мен банкроттық рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы, банкроттықты басқарушының – банкроттық рәсiмiнің жүргiзілу барысы туралы ағымдағы ақпаратын қарайды;
      6) оңалтуды және банкроттықты басқарушылардың қорытынды есебiнiң нысандарын бекiтедi;
      7) санацияға қатысушыдан растайтын құжаттарды сұратады;
      8) борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату бойынша электрондық аукционды өткізу тәртiбiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
      9) осы Заңда көзделген жағдайда банкроттың мүлкін уақытша басқарушының сатуын келіседі;
      10) жалған және әдейi банкроттық белгiлерiн анықтайды;
      11) әкiмшiнiң iс-әрекеттерiне жасалған шағымдарды қарайды;
      12) осы Заңның 7-бабында көрсетiлген мән-жайлар кезінде жасалған мәмiлелердi анықтау бойынша шаралар қолданады;
      13) әкімшілерді есепке алу, оңалтуды және банкроттықты басқарушыларды тағайындау және шеттету тәртібін, сондай-ақ әкімшінің біліктілігін арттыру тәртібін айқындайды;
      14) оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы уақытша әкімші қорытындысының үлгі нысандарын бекітеді;
      15) мемлекеттiк органдардан, заңды тұлғалардан және олардың лауазымды адамдарынан төлемге қабiлетсіз және дәрменсiз борышкерлер туралы ақпаратты сұратады және алады;
      16) уақытша және банкроттықты басқарушыларға банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы ақпаратты ұсынады;
      17) осы Заңды бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшінің шешiмдерi мен әрекеттерiн (әрекетсiздiгiн) сотта даулайды;
      18) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелердi қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетедi;
      19) заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасайды және олар туралы iстердi қарайды, өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк жазалар қолданады;
      20) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      21) өз құзыреті шегінде оңалту және банкроттық рәсімдерін енгізу, жүргізу және тоқтату жөнінде түсініктеме беру мен түсіндіруді жүзеге асырады және береді;
      22) борышкердің қаржылық жағдайы туралы уақытша басқарушы қорытындысының үлгі нысандарын бекітеді;
      23) уәкілетті органның интернет-ресурсында оларды банкрот деп тану туралы сот шешімдері заңды күшіне енген банкроттардың тізімін жариялайды;
      23-1) тiркеуге, тiркеуден шығаруға, тiркелген тұлғаның деректерiне өзгерiстер енгiзуге арналған өтiнiштердiң нысандарын, сондай-ақ тiркелгендiгiн растау және тiркеуден бас тарту нысандарын әзірлейді;
      23-2) біліктілік емтиханын өткізу тәртібін әзірлейді;
      24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      16-бап. Уәкілетті органның мемлекеттік органдармен өзара
              іс-қимылы

      1. Уәкілетті орган мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
      2. Мемлекеттік органдар оңалту және банкроттық саласындағы қызметті жүзеге асыру бойынша міндеттерді орындауда уәкілетті органға жәрдем беруге міндетті.
      3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен электрондық тәсілмен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға құқылы.

      17-бап. Оңалту және банкроттық рәсімдерінің жүргізілуін
              мемлекеттік бақылау

      1. Оңалту және банкроттық рәсімдерін жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Әкімшінің қызметін мемлекеттік бақылау:
      1) тексерулер нысанында;
      2) мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандарына:
      әкімшінің қызметін жүзеге асыруға құқығы бар адамдарды есепке алу;
      камералдық бақылау;
      сұрау салуларды жіберу;
      рәсімдердің жүргізілу барысы туралы ақпаратты қабылдау жатады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      4. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      18-бап. Камералдық бақылау

      1. Камералдық бақылау тәуекелдерді басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
      2. Камералдық бақылаудың мақсаты әкімшіге камералдық бақылау нәтижелері бойынша уәкілетті орган анықтаған бұзушылықтарды өз бетінше жою мүмкіндігін беру болып табылады.
      3. Камералдық бақылауды уәкілетті орган жүзеге асырады. Камералдық бақылауды жүргізу тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді.
      4. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша әкімшінің әрекетінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда, анықталған бұзушылықтардың сипаттамасы қоса беріле отырып, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама ресімделеді.
      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      19-бап. Сұрау салуларды жіберу және рәсімдердің жүргізілу
              барысы туралы ақпаратты қабылдау

      1. Әкімшілердің қызметін бақылауды жүзеге асыру мақсатында уәкілетті орган сұрау салулар жібереді.
      2. Атына сұрау салу келіп түскен мемлекеттік орган, жеке және заңды тұлға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен уәкілетті органға кез келген құпия ақпаратты (банктік, салықтық, коммерциялық құпия) ашуға және борышкерге және әкімші жүзеге асыратын оңалту немесе банкроттық рәсіміне қатысты құпия ақпаратты қамтитын кез келген құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
      3. Сұрау салуды орындау мерзімі орындаудың неғұрлым ұзақ мерзімі осы сұрау салуда көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сұрау салу келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнін құрайды.
      4. Әкімші рәсімдердің жүргізілу барысы туралы ақпаратты ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей, ұсынылатын ақпаратқа енгізілген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
      Рәсімдердің жүргізілу барысы туралы ақпаратты әкімшінің ұсынған күні, оны ұсыну тәсіліне қарай:
      1) өзі келу тәртібімен - уәкілетті орган рәсімдердің жүргізілу барысы туралы ақпаратты қабылдаған күн;
      2) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен – пошта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгісі қойылған күн болып табылады.

      20-бап. Хабарламалар

      1. Әкімшіге мынадай:
      1) қызметін тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар үшін шеттетілген алдыңғы әкімшінің осы бұзушылықтарын жою туралы;
      2) әкімшінің қызметін камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жіберіледі.
      2. Осы бапта көрсетілген хабарламаларды жіберудің тәртібін, нысандары мен мерзімдерін, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген хабарламаның орындалуы туралы есептің тәртібін, мерзімдері мен нысандарын уәкілетті орган белгілейді.
      3. Хабарлама әкімшіге қолын қойдыра отырып жеке өзіне немесе жөнелту мен алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.
      Бұл ретте төменде тізбеленген тәсілдердің бірі арқылы жіберілген хабарлама әкімшіге мынадай жағдайларда:
      1) қолма-қол – әкімші алғаны туралы хабарламада белгі қойған күннен бастап;
      2) электрондық тәсілмен – әкімшіні уәкілетті органда тіркеу (қайта тіркеу) кезінде әкімшінің өтініште көрсетілген электрондық мекенжайына уәкілетті орган жөнелткен күннен бастап табыс етілген болып есептеледі.
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      21-бап. Әкімшілердің ағымдағы және сұратылатын ақпаратты
               ұсыну және қабылдау тәртібі

      Ағымдағы және уәкілетті орган сұрататын оңалту рәсімінің немесе банкроттық рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты әкімші уәкілетті органға уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша, тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.
      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

2-тарау. КРЕДИТОРЛАР

      22-бап. Кредиторлардың жеделдетілген оңалту рәсіміне,
              оңалту рәсіміне, банкроттық рәсіміне қатысуы

      1. Жеделдетілген оңалту рәсімі, оңалту рәсімі, банкроттық рәсімі барысында барлық кредиторлардың мүдделерін осы Заңға сәйкес құрылатын кредиторлар жиналысы білдіреді.
      2. Жеделдетілген оңалту рәсімі туралы, оңалту, банкроттық туралы іс қозғалған кезден бастап кредиторлар осы Заңда белгіленген тәртіппен ғана өздерінің талаптарын қанағаттандыру мақсатында борышкерге және (немесе) әкімшіге жүгінуге құқылы.
      3. Кредитор оңалту рәсімін немесе банкроттық рәсімін жүргізу барысында соттың шешіміне, әкімшінің әрекетіне, егер осы шешімдер немесе әрекеттер оның заңды мүдделеріне нұқсан келтірсе, шағым жасауға құқылы.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.04.2015 № 308-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      23-бап. Кредиторлар жиналысы

      1. Жеделдетілген оңалту рәсімі кезінде кредиторлар жиналысына қатысу құқығы оңалту жоспарына енгізілген барлық кредиторларға тиесілі.
      2. Оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі кезінде кредиторлар жиналысына қатысу құқығы кредиторлар жиналысын өткізу күніне кредиторлар талаптарының тізіліміне талаптары енгізілген кредиторларға тиесілі.
      Кредиторлар жиналысына борышкер мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), құрылтайшылар (қатысушылар) және уәкілетті органның өкілдері қатысуға құқылы.
      3. Кредиторлар жиналысының өкілеттіктері осы Заңның 3475 және 93-баптарында көзделген.

      24-бап. Кредиторлар жиналысын шақыру тәртібі

      1. Кредиторлар жиналысын ұйымдастыруды және өткізуді осы Заңда көзделген жағдайларда борышкер немесе әкімші жүзеге асырады.
      2. Кредиторлар жиналысы:
      1) борышкердің;
      2) әкімшінің;
      3) кредиторлар комитетінің;
      4) талаптары тізілімге енгізілген кредиторлар талаптарының жалпы сомасының кемінде он пайызын не кредиторлардың жалпы санының кемінде он пайызын құрайтын кредиторлардың бастамашылығы бойынша шақырылуы мүмкін.

      25-бап. Кредиторлар жиналысын өткізу туралы ақпараттық
              хабар

      1. Осы Заңның мақсаттары үшін кредиторларға, сондай-ақ кредиторлар жиналысына қатысуға құқығы бар өзге де тұлғаларға кредиторлар жиналысы өткізілетіні туралы хабардың кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмей пошта арқылы тапсырыс хатпен жіберілуі тиісінше хабардар ету болып танылады. Егер кредиторлар саны елуден астам болған жағдайда, кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмей, кредиторлар жиналысы өткізілетіні туралы хабарландырудың уәкілетті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялануы тиісінше хабардар ету болып танылады.
      Тұрақты немесе көбіне тұратын немесе орналасқан жері бойынша жеке хабардар ету үшін қажет мәліметтерді анықтау мүмкін болмаған кезде не мұндай хабардар ету мүмкін болмайтын өзге де мән-жайлар болған кезде кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы мәліметтерді осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен жариялау мұндай адамдарды тиісінше хабардар ету деп танылады.
      Борышкерде интернет-ресурс болған кезде кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы хабарды кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей көрсетілген интернет-ресурста жариялау міндетті болып табылады.
      Осы тармақтың күші оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі кезінде кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу туралы кредиторларды хабардар етуге қолданылмайды. Кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу туралы хабарламаны кредиторларға жіберу тәртібі:
      оңалту рәсімі кезінде – осы Заңның 72-бабының 6-тармағында;
      банкроттық рәсімі кезінде – осы Заңның 91-бабының 1-тармағында айқындалады.
      Кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарлама кредиторларға жіберілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әкімші уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарламаны қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға жібереді.
      Уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
      2. Кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарда мынадай мәліметтер:
      борышкердің атауы, заңды мекенжайы;
      кредиторлар жиналысының өткізілетін күні, уақыты мен орны;
      кредиторлар жиналысының күн тәртібі;
      кредиторлар жиналысының қарауына жататын материалдармен танысу тәртібі қамтылуға тиіс.
      3. Кредиторлардың алғашқы жиналысын қоспағанда, жиналысқа тікелей қатысу мүмкін болмаған жағдайда, кредитор сырттай, оның ішінде пошта арқылы тапсырыс хатпен немесе электрондық тәсілмен дауыс беруге құқылы.
      Егер кредитор сырттай дауыс беретін болса, ол бұл туралы борышкерге, оңалтуды немесе банкроттықты басқарушыға жиналыс өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға тиіс.
      Оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы жиналыс өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей күн тәртібіне қатысты материалдарды осындай кредиторға танысу үшін жіберуге немесе ұсынуға міндетті.

      26-бап. Кредиторлар жиналысының шешімдер қабылдауы

      1. Борышкер немесе әкімші кредиторлар жиналысы ашылғанға дейін жиналысқа қатысушыларды тіркеуді жүргізеді.
      2. Кредиторлар жиналысы оған сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген және кредиторлар жиналысын өткізу күніне қанағаттандырылмаған кредиторлар талаптары жалпы сомасының елуден астам пайызын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Қайта шақырылған кредиторлар жиналысы кредиторлар жиналысының өткізілетін уақыты мен орны туралы кредиторлар тиісті түрде хабардар етілген жағдайда, оған кредиторлар талаптарының жалпы сомасының кемінде жиырма бес пайызын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда заңды болып табылады.
      3. Кредиторлар жиналысының шешімдері хаттамамен ресімделеді.
      4. Кредиторлар жиналысының отырысын қатысып отырған кредиторлар арасынан сайланған төрағалық етуші жүргізеді. Хаттаманы қатысып отырған кредиторлар арасынан сайланатын хатшы жүргізеді. Төраға мен хатшы қарапайым көпшілік дауыспен сайланады. Хаттамаға төрағалық етуші, әкімші, хатшы жиналыс өткізілген күні қол қояды және ол борышкердің мөрімен (ол болған кезде) куәландырылады.
      5. Тәртібі осы Заңның 99-бабының 6-тармағында айқындалатын борышкердің мүлкін (активтерін) тікелей сату туралы шешімдер қабылданатын және оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін жағдайларды қоспағанда, кредиторлар жиналысының шешімдері сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар жиналысына қатысушы кредиторлардың дауыс санының көпшілік дауысымен қабылданады.
      Әкімші кредиторлардың шешімдерді қабылдауы үшін әрбір кредитордың дауыс санын «талаптардың бір теңгесі – бір дауыс» қағидаты бойынша айқындайды.
      Тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұл), жіберіп алған пайда түріндегі шығындар, сондай-ақ өзге де мүліктік және (немесе) қаржылық санкциялар кредиторлар жиналысында дауыс санын айқындау мақсаттары үшін есепке алынбайды.
      Кредиторлар жиналысы шешімдер қабылдаған кезде:
      1) осы Заңның 72-бабының 3-тармағына немесе 90-бабының
4-тармағына сәйкес дауыс беру құқығынан айырылған кредиторлардың;
      2) қалған кредиторлардың талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін борышкерге қатысты үлестес тұлғалар болып табылатын кредиторлардың дауыс беру құқығы болмайды.
      Кредитор талаптарының қанағаттандырылуына қарай оның дауыс саны қанағаттандырылған талаптар сомасына азаяды.
      Оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралған кезде дауыс беруге осындай кредиторлармен бір кезек құрамында және (немесе) кейінгі кезектер құрамында талаптары қанағаттандырылуға жататын кредиторларды қоса алғанда, осындай өзгерістермен және (немесе) толықтырулармен мүдделері қозғалған кредиторлар қатысады.
      Кредиторлар жиналысының оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешімі, талаптары осындай кредиторлармен бір кезек құрамында және (немесе) кейінгі кезектер құрамында қанағаттандырылуға жататын кредиторларды қоса алғанда, осы өзгерістермен және (немесе) толықтырулармен мүдделері қозғалған кредиторлар дауыстары санының көпшілік дауысымен қабылданады.
      6. Кредиторлар жиналысының хаттамасы үш данада жасалады, олардың біреуі оған қол қойылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, екіншісі кредиторлар комитетіне беріледі, үшіншісі әкімшіде қалады.
      Кредиторлар жиналысының хаттамасына:
      жиналысқа қатысушыларды тіркеу ведомосының;
      жиналысқа қатысушыларға танысу және (немесе) бекіту үшін ұсынылған материалдардың;
      кредиторлардың кредиторлар жиналысының өткізілетін күні мен уақыты туралы тиісінше хабардар етілгені туралы куәландыратын құжаттардың;
      борышкердің немесе әкімшінің қалауы бойынша өзге де құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.
      Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      27-бап. Кредиторлар комитеті

      1. Кредиторлар комитеті жеделдетілген оңалту рәсімі, оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі кезінде осы Заңда белгіленген тәртіппен құрылады.
      2. Кредиторлар комитетінің құрамын кредиторлар жиналысы қалыптастырады және бекітеді. Кредиторлар комитетінің құрамына біртекті кредиторлардың әрбір тобынан өкілдер кіреді. Кредиторлар комитетіндегі мүшелердің ең аз саны салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша жалғыз кредиторы бар борышкерге қатысты банкроттық рәсімін жүргізу жағдайларын қоспағанда, үш адамнан кем болмайды. Кредиторлар комитетінің мүшесі үлестес тұлға болмауға тиіс.
      3. Қалыптастырылған және бекітілген кредиторлар комитетінің құрамына өзгерістер енгізудің негіздері:
      1) кредиторлар комитетінің құрамына кіретін кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау;
      2) кредиторға кредиторлар комитетінің құрамында болуға кедергі болатын мән-жайлар (заңды күшіне енген сот актілері, кредитордың таратылуы не қайтыс болуы және басқалар);
      3) үлестес тұлғалардың анықталуы;
      4) кредиторлар комитеті мүшесінің кредиторлар комитетінің отырыстарына дәлелсіз себеппен екі реттен артық қатыспауы болып табылады.
      4. Кредиторлар комитетінің отырысын өткізу туралы хабарламаны әкімші отырыс өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей пошта арқылы тапсырыс хатпен жібереді.
      5. Кредиторлар комитетінің өкілеттіктері осы Заңның 76 және
94-баптарында көзделген.

      28-бап. Кредиторлар комитетінің шешім қабылдауы

      1. Кредиторлар комитетінің отырысы комитет мүшелерінің кемінде төрттен үші қатысқан кезде заңды болып табылады.
      2. Кредиторлар комитетінің шешімі «комитеттің бір мүшесі – бір дауыс» қағидаты бойынша кредиторлар комитеті мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
      Дауыс беру рәсімінде дауыстар тең болған кезде кредиторлар комитетінің төрағасына шешуші дауыс құқығы беріледі.
      3. Кредиторлар комитетінің отырысы хаттамамен ресімделеді.
      Хаттамада отырыстың өткізілген күні мен орны, дауыс беруге қатысқан кредиторлар комитетінің мүшелері, күн тәртібі, дауыс беру нәтижелері мен қабылданған шешімдер туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Хаттамаға дауыс беруге қатысқан кредиторлар комитетінің барлық мүшелері мен әкімші қол қояды және ол борышкердің мөрімен (ол болған кезде) куәландырылады.
      Әкімші хаттамаға қол қойылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде оны уәкілетті органға, кредиторлар комитетінің мүшелеріне жібереді. Хаттаманың бір данасы әкімшіде болады.
      4. Кредиторлардың, борышкер мүлкінің меншік иесінің (олар уәкілеттік берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) кредиторлар комитетінің отырысына қатысуға құқығы бар.
      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау. ЖЕДЕЛДЕТІЛГЕН ОҢАЛТУ РӘСІМІ

      29-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану

      1. Жеделдетiлген оңалту рәсiмi борышкер мынадай шарттарға сәйкес болған:
      1) борышкерге қатысты оңалту туралы немесе банкроттық туралы iс қозғалмаған;
      2) борышкер коммерциялық ұйым болып табылған;
      3) борышкер төлемге қабiлетсiз болып табылған не таяу он екi айда ақшалай мiндеттемелердi орындау мерзiмi басталған кезде оларды орындауға қабiлетсiз болатын кезде қолданылады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Өмiрге немесе денсаулыққа зиян келтiргенi үшiн борышкер жауаптылықта болатын азаматтардың талаптарын қоспағанда, борышкерге қатысты жеделдетiлген оңалту рәсiмi бiртектi кредиторлар тобы (топтары) алдындағы мiндеттемелер бойынша, еңбек шарты бойынша жұмыс iстеген адамдарға еңбекақы төлеу және өтемақылар, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар бойынша, міндетті зейнетақы жарналар және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналар бойынша берешектердi төлеу бойынша, авторлық шарттар бойынша сыйақыларды төлеу бойынша, сондай-ақ салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша қолданылады.
      3. Мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қатысты жеделдетiлген оңалту рәсiмi мұндай шараларды қолдану шарттарына сәйкес бiртектi кредиторлардың кез келген тобының (топтарының) мiндеттемелерi бойынша қолданылады.
      4. Мыналар:
      1) борышкер;
      2) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына (топтарына) кiретiн кредиторлар жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iске қатысушы адамдар болып табылады.
      5. Сот жеделдетiлген оңалту рәсiмiнде:
      1) жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолданады және тоқтатады;
      2) мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкердiң жоспарын қоспағанда, оңалту жоспарын бекiтедi;
      3) мемлекеттік қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкердiң жоспарын қоспағанда, оңалту жоспарына өзгерiстер мен толықтыруларды бекiтедi;
      4) борышкер жауапкер ретінде болатын мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iстердi өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды;
      5) жеделдетілген оңалту рәсiмiне қатысушылар арасындағы дауларды шешедi;
      6) қорытынды есепті бекiтедi.

      30-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң мерзiмi

      Жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң жүзеге асырылу ұзақтығы екi жылдан аспауға тиiс. Сот борышкердiң өтiнiшi бойынша рәсiмнiң жүзеге асырылу мерзiмiн кредиторлар жиналысының келiсiмiмен ұзартуға, бірақ алты айдан аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.
      Борышкерге мемлекеттiк қолдау шаралары қолданылған жағдайда, сот бекiтiлген оңалту жоспарына сәйкес рәсiмнің мерзiмiн белгiлейдi.

      31-бап. Борышкердің жеделдетілген оңалту рәсiмiн қолдану
               туралы өтiнiшi

      1. Төлем қабiлеттiлiгін қалпына келтіру, төлем қабiлетсiздiгі басталуының алдын алу мүмкiндiгi бар болған кезде борышкер жеделдетілген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
      2. Борышкердiң өтiнiшi сотқа жазбаша нысанда берiледi. Оған құрылтайшылық құжаттарына сәйкес борышкердің басшысы не оны ауыстыратын адам қол қояды.
      3. Борышкердiң өтiнiшiнде:
      1) өтiнiш берiлетiн соттың атауы;
      2) кредиторлық берешек сомасы туралы мәлiметтер;
      3) кредиторлардың оңалту жоспарын мақұлдағаны туралы ақпарат;
      4) алдағы төлемдердi уақтылы өтеу мүмкiн еместiгiнiң себептерiн қоса алғанда, кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мүмкiн еместiгiнiң негiздемесi;
      5) борышкердегі бар мүлiк, оның iшiнде кепіл ауыртпалығы салынып, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы) және (немесе) лизингтегі мүлiк туралы, банктік шоттардағы ақша, шоттардың нөмiрлерi және банктердің орналасқан жері, дебиторлық берешек сомасы туралы мәлiметтер;
      6) борышкердiң орындалу мерзiмi басталмаған мiндеттемелерi туралы мәлiметтер;
      7) шешiмдердi қабылдау үшін қажетті ақпаратты кредиторлар алдында ашу туралы борышкердiң жазбаша мiндеттемесi;
      8) оңалту жоспарына енгiзiлмеген бiртектi кредиторлар топтарына жататын кредиторлардың кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінде тиесiлi төлемдердi алатыны және ұсынылған оңалту жоспары олардың құқықтарын өзгертпейтiнi және қозғамайтыны туралы борышкердiң мiндеттемесi;
      9) қоса берiлетiн құжаттардың тiзбесi қамтылуға тиіс.
      Егер борышкер өзге де мәліметтер сотта iстi қарау үшін қажет деп есептесе, борышкердiң өтiнiшiнде олар көрсетiлуi мүмкiн.
      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4), 5), 6) және 8) тармақшаларының талаптары мемлекеттік қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.
      4. Жеделдетілген оңалту рәсiмiне бастамашылық ету жөнiндегi шығыстар борышкердiң қаражаты есебiнен жабылады.
      5. Борышкердiң жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне:
      1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;
      2) берешектiң болғанын не оның басталғанын, сондай-ақ борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiн растайтын басқа да құжаттарды;
      3) борышкердiң өтiнiшi негiзделетін өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса берiледi.
      Мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкер мұндай шараларға қатысушының мәртебесiн растайтын құжатты қосымша ұсынады.
      Осы тармақтың бірінші бөлігі 2) тармақшасының талаптары мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.
      6. Борышкердiң өтiнiшiне сонымен қатар:
      1) оңалту жоспары;
      2) берешек сомасы, оның пайда болған күнi көрсетiлген және бiртектi кредиторлардың топтары бойынша бөлiнген кредиторлар тiзбесi;
      3) отырыстың хаттамасы және (немесе) талаптарының сомасы оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлардың әрбiр тобы (топтары) талаптарының жалпы сомасының елу пайызынан астамын құрайтын кредиторлардың оңалту жоспарын мақұлдағаны туралы жазбаша растауы;
      4) соттар iс жүргiзуге қабылдаған борышкерге қатысты қуынымдар, сондай-ақ даусыз (акцептісiз) есептен шығарылуға қойылған талаптар туралы мәлiметтер;
      5) егер кредиторлар мұндай органды оңалту жоспарын қарау және келiсу кезеңiнде құрса, кредиторлар органы мүшелерiнiң тiзiмi;
      6) құрылтайшылық құжаттарының көшiрмелерi қоса берiледi.
      Осы тармақтың бірінші бөлігі 2), 3) және 4) тармақшаларының талаптары мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.
      7. Борышкердiң өтiнiшiне қоса берiлетiн барлық құжаттарға өтiнiш берген адам қол қояды және олар мөрмен (ол болған кезде) куәландырылады.
      8. Егер:
      1) борышкер осы Заңның 29-бабында белгiленген шарттарға сәйкес келмеген;
      2) өтiнiш осы бапта белгiленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, сот борышкердiң жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшін қарамастан қайтарады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      32-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс бойынша iс
              жүргiзудi қозғау және оның салдарлары

      1. Осы Заңның 31-бабында белгiленген талаптарға сәйкес келетiн, жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiштi алысымен, сот өтiнiш келiп түскеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей iс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
      2. Жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс бойынша iс жүргiзу қозғалған кезден бастап:
      1) борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберiнен тыс пайдалануға және өткізуге тыйым салынады;
      2) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кiретiн кредиторлардың, сондай-ақ борышкер мүлкiнiң меншiк иелерiнiң (олар уәкiлеттiк берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкердің мүлкiне қатысты қуынымдары бойынша соттардың, аралық соттардың бұрын қабылданған шешiмдерiн орындау жеделдетiлген оңалту рәсімін тоқтату туралы сот шешім шығарғанға дейін тоқтатыла тұрады;
      3) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кiретiн кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iстерді қозғауға жол берiлмейдi;
      4) борышкер мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы мәртебесiн алған жағдайда кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iс қозғауға жол берiлмейдi;
      5) борышкер оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобының әрбiр кредиторына iс бойынша iс жүргiзудiң қозғалғаны туралы хабарламаны бес жұмыс күнi iшiнде жiберуге мiндеттi;
      6) кредиторлар хабарламада көрсетiлген кредиторлық берешек сомаларымен келiспеген жағдайда, жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iстi қарайтын сотқа хабарлама алған кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде қарсылық жiберуге құқылы;
      7) жеделдетiлген оңалту рәсiмiне тартылған кредиторлардың талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептiсiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптар бойынша борышкердiң банктiк шоттарынан ақшаны өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкер мүлкiнен өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi.
      3. Борышкер кредиторларға жiберетiн хабарламада:
      1) жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс қозғалғаны туралы ақпарат;
      2) жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс қозғау туралы ұйғарымды шығарған соттың атауы және оның орналасқан жерi;
      3) жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшке қоса берілген құжаттарда көрсетiлген кредиторлар талаптарының сомасы, сондай-ақ жеделдетiлген оңалту рәсiмiне қатысатын бiртектi кредиторлар тобы (топтары) талаптарының жалпы сомалары;
      4) көрсетiлген кредиторлық берешек сомаларымен келiспеген жағдайда, кредитордың хабарламаны алған кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде сотқа қарсылық беру мүмкіндігі туралы ақпарат қамтылуға тиiс.
      4. Борышкер жеделдетiлген оңалту рәсiмi туралы iс бойынша iс жүргізу қозғалған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде хабарландырулардың көшiрмелерiн, кредиторлардың хабарламаларды алғанын не кредитордың орналасқан жерi бойынша болмау себебiнен оларды табыс ету мүмкiн болмағанын растай отырып, хабарламалардың түпнұсқаларын сотқа ұсынуға тиiс.

      33-бап. Iстiң сотта қаралуы

      1. Қазақстан Республикасының азаматтық сот iсін жүргiзу заңнамасында көзделген iс-әрекеттерден басқа, жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iстi сот талқылауына дайындау кезiнде сот жеделдетiлген оңалту рәсiмiне тартылған кредиторларды және прокурорды iстiң сотта қаралатын уақыты мен орны туралы хабардар етедi.
      2. Iстi алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн, бiрақ ол қозғалғаннан кейiн күнтізбелік он бес күннен кешiктiрiлмей, жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады.
      Сот жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iстi iс қозғалған күннен бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде қарауға тиiс.
      3. Жеделдетiлген оңалту рәсімі туралы iстi алдын ала дайындау мерзiмi iс қозғалған кезден бастап күнтізбелік он бес күннен аспауға тиiс.
      4. Сот мынадай шарттар орындалғанда:
      1) сот талқылауы барысында борышкер төлем қабiлетсiздiгiн не орындау мерзiмi таяу он екi айда басталатын ақшалай мiндеттемелердi орындаудың мүмкiн еместiгiн дәлелдеген;
      2) борышкер iс бойынша iс жүргiзудiң қозғалғандығы туралы кредиторларды хабардар ету жөніндегі талаптарды толық көлемде орындаған;
      3) жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдануға келiсiм бермеген кредиторлардың мүлiктiк мүдделерi оңалту жоспарында ескерiлген;
      4) оңалту жоспарын мақұлдаған кредиторлардың талаптары бiртектi кредиторлардың тиiстi тобы (топтары) талаптарының жалпы сомасының елу пайызынан астамын құраған кезде жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы сот шешiмi шығарылады.
      Осы тармақтың бірінші бөлігі 1) және 4) тармақшаларының талаптары мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.
      5. Сот шешiмi:
      1) борышкердiң атауын, оның орналасқан жерiн, банктiк шоттары туралы мәлiметтердi, бизнес сәйкестендiру нөмiрiн, басшысының тегiн, атын, әкесiнiң атын (ол болған кезде), телефонның байланыс нөмiрiн;
      2) жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы нұсқауды;
      3) мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану жағдайларын қоспағанда, оңалту жоспарын бекiту туралы нұсқауды;
      4) жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң мерзiмi туралы мәлiметтердi;
      5) оңалту жоспарына енгiзiлген кредиторлар тiзбесiн;
      6) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобы (топтары) талаптарының сомасын;
      7) осы Заңда көзделген жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану салдарының басталуы туралы нұсқауды;
      8) борышкердiң оңалту жоспарын орындау нәтижелерi бойынша қорытынды есеп ұсынуы туралы нұсқауды қамтуға тиiс.
      6. Сот:
      1) сот талқылауы барысында борышкер төлем қабiлетсiздiгiн және (немесе) алдағы төлемдердi уақтылы өтеу мүмкiндiгi жоқтығын растамаған;
      2) борышкер осы Заңның 32-бабы 4-тармағының талаптарын орындамаған және борышкер кредиторды оның орналасқан жерi бойынша болмауы себебінен хабардар етудiң мүмкiн болмағанын дәлелдемеген;
      3) кредиторларға жiберiлген iс бойынша iстi қозғау туралы хабарламалар осы Заңның 32-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес келмеген;
      4) жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдануға келiсiм бермеген кредиторлардың мүлiктiк мүдделерi оңалту жоспарында ескерiлмеген;
      5) оңалту жоспарына келiсiм берген бiртектi кредиторлар тобына жатпайтын кредиторлардың құқықтарын оңалту жоспары өзгертетін және қозғайтын;
      6) борышкер ұсынған құжаттар оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлардың әрбiр тобы талаптарының жалпы сомасының елу пайызынан астамын бiлдiретiн кредиторлардың оңалту жоспарын мақұлдағанын растамаған жағдайларда жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолданудан бас тартады.
      Осы тармақтың бірінші бөлігі 5) және 6) тармақшаларының талаптары мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге қолданылмайды.

      34-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмi кезіндегі кредиторлар
              жиналысы

      1. Кредиторлардың алғашқы жиналысы жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы сот шешiмi шығарылған кезден бастап бiр айдан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде өткiзiлуге тиiс.
      2. Мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы болып табылатын борышкерге жеделдетiлген оңалту рәсiмi қолданылған жағдайда, борышкердiң жоғарыда көрсетілген шаралар шеңберiнде қалыптастырылған кредиторлар органдарына кредиторлар жиналысы мен комитетiнiң осы Заңда белгiленген өкiлеттiктерi қолданылады.
      3. Кредиторлардың жиналыстарын, кредиторлар комитетiнiң отырыстарын өткiзу, кредиторларды хабардар ету жөнiндегi шығыстар борышкердiң қаражаты есебiнен жабылады.
      4. Кредиторлар жиналысының ерекше құзыретiне:
      1) кредиторлар комитетiн құру туралы шешім қабылдау;
      2) кредиторлар комитетiнiң санын айқындау және кредиторлар комитетінің құрамы мен төрағасының кандидатурасын бекiту;
      3) кредиторлар комитетiнiң құрамына өзгерiстер енгiзу;
      4) оңалту жоспарына өзгерiстер мен толықтыруларды келiсу;
      5) кредиторлар комитетi мүшелерiнiң жеделдетiлген оңалту рәсiмiнің жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты кредиторлардың назарына жеткiзуі тәртiбiн айқындау;
      6) оңалту жоспарында көзделмеген кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберiнен тыс мәмiлелердi келiсу;
      7) жеделдетiлген оңалту рәсiмiнің мерзімін ұзартуға келісім беру;
      8) қорытынды есепті келісу;
      9) осы Заңда көзделген өзге де өкiлеттiктер жатады.

      35-бап. Оңалту жоспары

      1. Оңалту жоспары борышкердiң төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiру (оңалту шаралары), орындау мерзiмi басталмаған мiндеттемелердi өтеу мүмкiн еместiгiне байланысты төлем қабiлетсiздiгінiң туындауын болғызбау жөніндегі нақты iс-шараларды және жеделдетiлген оңалту рәсiмiне қатысатын бiртектi кредиторлар топтары алдындағы берешектi өтеу және (немесе) алдағы төлемдер кестесiн қамтуға тиiс.
      Оңалту жоспарына өзгерiстер мен толықтырулар кредиторлар жиналысының келiсiмiмен енгiзiледi және оны сот бекiтедi.
      2. Оңалту шаралары санацияны, электрондық аукцион өткізу арқылы мүлiкті (активтерді) сатуды, борышкердің талап ету құқықтарын басқаға берудi, негiзгi борыш сомасының бiр бөлiгiн есептен шығаруды, өсiмпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды, борыштарды акцияларға айырбастауды, бiтiмгершiлiк келiсiм жасасуды және басқаларды қоса алғанда, борышкердiң төлем қабiлеттiлiгiн қалпына келтiруге бағытталған кез келген ұйымдық-шаруашылық, техникалық, қаржылық-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де iс-шараларды қамтуы мүмкiн.
      3. Егер оңалту жоспары ақша тарту көзi ретiнде кредиттер (микрокредиттер) алуды қамтыған, сондай-ақ мемлекеттiк қолдау шараларын көздеген жағдайда, оңалту жоспарына кредит (микрокредит) алуға арналған шарт не қаржы ұйымының (микроқаржы ұйымының) оң шешiмi не мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы мәртебесiн алғандығын растайтын құжат қоса беріледi.

      36-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолданудың және
              оңалту жоспарын бекiтудің салдарлары

      1. Сот жеделдетiлген оңалту рәсiмiн қолдану туралы шешiм шығарған және оңалту жоспарын бекiткен кезден бастап мынадай салдарлар басталады:
      1) кредиторлар жиналысының немесе борышкерге мемлекеттiк қолдау шараларын қолдану кезiнде құрылатын кредиторлардың өзге де органдарының келiсiмiнсiз, оңалту жоспарында көзделгендердi қоспағанда, борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберiнен тыс пайдалануға және өткiзуге тыйым салынады;
      2) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кiретiн кредиторлардың, сондай-ақ борышкер мүлкiнiң меншiк иелерiнiң (ол уәкiлеттiк берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкер мүлкiне қатысты қуынымдары бойынша соттардың, аралық соттардың бұрын қабылданған шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
      3) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кiретiн кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iс қозғауға жол берiлмейдi;
      4) борышкерге мемлекеттiк қолдау шаралары қолданылған жағдайда, кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iс қозғауға жол берiлмейдi;
      5) жеделдетiлген оңалту рәсiмiне тартылған кредиторлардың талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банктік шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiне өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi.
      2. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң мерзiмi iшiнде борышкер әр айдың 15-iнен кешiктiрмей алдыңғы айдағы қаржылық жағдай, кәдімгі коммерциялық операциялар барысында жүргiзiлген мәмiлелер туралы ақпаратты кредиторлар комитетiнiң назарына жеткiзуге, кредиторлар комитетiнiң талабы бойынша кез келген ақпаратты ұсынуға мiндеттi.
      3. Оңалту жоспарына енгізілген кредиторлармен есеп айырысулар оңалту жоспарында көзделген өтеу кестесiне сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiне тартылмаған, қалған кредиторлармен есеп айырысулар кәдiмгi коммерциялық операциялар шеңберiнде жүргізіледі.

      37-бап. Жеделдетiлген оңалту рәсiмiн тоқтату

      1. Сот жеделдетiлген оңалту рәсiмiн:
      1) кредиторлар жиналысымен келiсiлген қорытынды есеп ұсынылған;
      2) егер мерзiмдi ұзарту үшiн негiз болмаса, жеделдетiлген оңалту рәсiмiнiң мерзiмi өткен;
      3) кредиторлар жиналысының шешiмi негiзiнде жиналыс уәкiлеттiк берген тұлғаның өтiнiшi бойынша оңалту жоспарын орындау кезiнде, сондай-ақ осы Заң нормаларын бұзушылықтар анықталған;
      4) өтеу кестесiн үш айдан астам мерзiм iшiнде орындамаған борышкерге қатысты кредитор өтiнiш берген;
      5) оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына жатпайтын кредитордың не талаптары жеделдетiлген оңалту рәсiмiн өткiзу кезеңiнде туындаған кредитордың өтiнiшi бойынша банкроттық туралы iс қозғалған;
      6) құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған және (немесе) оңалту жоспарында ескерілмеген, оңалту жоспарына енгiзiлген бiртектi кредиторлар тобына кіретін кредитор өтiнiш берген жағдайларда тоқтатады.
      2. Жеделдетілген оңалту рәсiмi тоқтатылған кезден бастап осы Заңның 36-бабында белгіленген шектеулер алып тасталады, кредиторлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құқықтарын іске асыруды жүзеге асырады.

4-тарау. ОҢАЛТУ НЕМЕСЕ БАНКРОТТЫҚ ТУРАЛЫ IСТЕРДI СОТ ТӘРТIБIМЕН
ҚАРАУ

      38-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғау тәртiбi

      1. Осы Заңның 5-бабында көзделген негіздер болған кезде оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу борышкердің немесе, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредиторды қоспағанда, кредитордың (кредиторлардың) өтініші негізінде сотта қозғалады.
      Борышкердің банкроттық туралы істі қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмесін алған күннен бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішті сотқа жіберуге де құқығы бар.
      1-1. Алып тасталды - ҚР 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      2. Сотта банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу осы Заңның
5-бабында көзделген негіздер болған кезде – борышкердiң, кредитордың (кредиторлардың), осы Заңның 47-бабында көзделген жағдайларда – прокурордың, осы Заңның 82-бабында көзделген жағдайда – оңалтуды басқарушының өтiнiшi негiзiнде қозғалады.
      3. Салықтарға және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты мемлекеттік кіріс органы және өзге де уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша кредитор — жеке және заңды тұлғалар борышкерді банкрот деп тану туралы кредитордың өтінішін сотқа беру құқығына ие болады.
      4. Сот оңалту рәсiмiн қолдану туралы немесе борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi іс жүргiзуге қабылдау туралы ұйғарым шығарған кезден бастап оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзу қозғалды деп есептеледі.
      5. Борышкер, оңалтуды басқарушы берген банкрот деп тану туралы өтiнiш соттың тиiстi шешiмiнсiз қайтарып алынбайды. Осы Заңның 82-бабында көзделген негіздер бойынша өтiнiш берiлген жағдайларды қоспағанда, кредитордың (кредиторлардың), прокурордың өтiнiштерін олар борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм қабылданғанға дейiн қайтарып алуы мүмкiн.
      Ескерту. 38-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      39-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iске қатысушы
              тұлғалар

      Мыналар:
      1) борышкер;
      2) кредиторлар;
      3) кредиторлардың еңбекақы төлеу жөнiндегi өкiлi;
      4) прокурор;
      5) борышкер мүлкiнiң меншік иесi немесе ол уәкiлеттiк берген тұлға;
      6) уәкiлеттi орган;
      7) уақытша басқарушы;
      8) оңалтуды басқарушы оңалту немесе банкроттық туралы iске қатысушы тұлғалар бола алады.

      40-бап. Борышкердiң өтiнiшi

      1. Борышкер оңалту рәсімін қолдану немесе өзiн банкрот деп тану туралы:
      1) заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген органының;
      2) борышкер мүлкiнің меншік иесiнiң немесе ол уәкiлеттiк берген органның шешiмi негiзiнде сотқа жүгiнуге құқылы.
      2. Борышкер осы Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) – 3) тармақшаларында белгіленген жағдайларда өзін банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге міндетті.

      41-бап. Борышкер өтiнiшiнiң нысаны мен мазмұны

      1. Борышкердiң өтiнiшi сотқа жазбаша нысанда берiледi. Оған борышкер – заңды тұлғаның басшысы не құрылтайшылық құжаттарына сәйкес оны ауыстыратын адам қол қояды.
      2. Борышкердiң өтiнiшi:
      1) өтiнiш берiлетiн соттың атауын;
      2) кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың мүмкiн еместiгiнiң негiздемесiн;
      3) онда бар мүлiк, оның iшiнде кепiл ауыртпалығы салынған, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы) және (немесе) лизингідегі мүлiк, банктік шоттардағы ақша, шоттардың нөмiрлерi және банктердiң орналасқан жерi туралы мәлiметтердi, орналасқан жерлерi мен берешек сомалары көрсетiлген дебиторлар тiзбесiн;
      4) орындалу мерзiмi басталмаған мiндеттемелерi туралы мәлiметтердi;
      5) қызметiнiң табиғи монополия саласына қатысы туралы немесе осы борышкердiң тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiсi болып табылатыны туралы ақпаратты;
      6) қоса берiлетiн құжаттар тiзбесiн қамтуға тиiс.
      Борышкердiң өтiнiшiнде, егер банкроттық немесе оңалту туралы iстi қарау үшін қажет болса, өзге де мәлiметтер, сондай-ақ өтiнiш берушiде бар өтінішхаттар көрсетiлуi мүмкiн.
      Борышкер сотқа өтініш берумен бір мезгілде уәкiлеттi органға өтiнiштiң және оған қоса берiлетiн құжаттардың көшiрмелерiн жiберуге мiндеттi.

      42-бап. Борышкердiң өтiнiшiне қоса берiлетiн құжаттар

      1. Борышкердi банкрот деп тану туралы оның өтiнiшiне:
      1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;
      2) берешегінiң бар екендігін, сондай-ақ борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiн;
      3) борышкердiң өтiнiшi негiзделетiн өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса берiледi.
      2. Борышкердi банкрот деп тану туралы оның өтiнiшiне сондай-ақ:
      1) борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болған, оның мүлкінің меншік иесінің, ол уәкілеттік берген органның немесе құрылтайшылардың (қатысушылардың), заңды тұлға органдарының шешiмi;
      2) соңғы үш жылдағы және өтiнiш берген кезге қаржылық есептiлiк, көрсетiлген кезеңдегі борышкердiң барлық мiндеттемелерi бойынша салық есептiлiгі, тиiстi берешектiң сомалары мен құралған күнi көрсетіле отырып (еншілес ұйымдар болған жағдайда, шоғырландырылған қаржылық есептілік те қоса беріледі), барлық кредиторлар мен дебиторлардың тiзбесi (жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес сәйкестендiру нөмiрi, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және (немесе) толық атауы, заңды мекенжайы);
      3) еңбекке ақы төлеу бойынша кредиторлардың банкроттық туралы iске қатысу үшiн олардың өкiлi жасырын дауыс беру арқылы сайланған жиналысының (конференциясының) хаттамасы;
      4) құрылтайшылық құжаттарының көшiрмелерi;
      5) егер борышкер табиғи монополия субъектiсi болып табылған жағдайда, табиғи монополиялар салаларында және реттелетiн нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуi туралы жазбаша хабарламасын алған кезден бастап күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде ұсынатын қорытындысы;
      6) егер борышкер тиiстi тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiсi болып табылған жағдайда, монополияға қарсы органның борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуi туралы жазбаша хабарламасын алған кезден бастап он жұмыс күні iшiнде беретiн қорытындысы;
      7) соттар iс жүргiзуге қабылдаған, борышкерге қатысты қуынымдар туралы, сондай-ақ даусыз (акцептiсiз) есептен шығаруға қойылған талаптар туралы мәлiметтер қоса берiледi.
      3. Осы баптың 2-тармағының 1), 3) және 7) тармақшаларында көзделгендердi қоспағанда, оңалту рәсiмiн тоқтату және борышкердi банкрот деп тану туралы оңалтуды басқарушының өтiнiшi осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген мәлiметтер мен құжаттарды қамтуға тиiс.
      4. Борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне:
      1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;
      2) берешегінің бар екендігін, сондай-ақ борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға қабiлетсiздiгiн не ақшалай мiндеттемелердi орындау мерзiмi таяу он екi айда басталған кезде оларды орындай алмайтын жағдайда болатын төлем қабiлетсiздiгі қаупiн;
      3) борышкердiң өтiнiшi негiзделетiн өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса берiледi.
      5. Борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшiне сондай-ақ:
      1) борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болған, борышкер мүлкiнiң меншiк иесiнiң (ол уәкiлеттiк берген органның), құрылтайшылардың (қатысушылардың), заңды тұлға органдарының шешiмi;
      2) соңғы үш жылдағы қаржылық есептiлiк, тиiстi берешектiң сомалары мен құралған күнiн көрсете отырып, барлық кредиторлор мен дебиторлардың тiзбесi (жеке сәйкестендiру нөмiрi немесе бизнес сәйкестендiру нөмiрi, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) және (немесе) толық атауы, заңды мекенжайы), сондай-ақ өтiнiш берiлген кездегi активтер, мiндеттемелер мен меншiк капиталы туралы мәлiметтердi қамтитын қаржылық жағдайы туралы мәлiметтер (еншілес ұйымдар болған жағдайда, шоғырландырылған қаржылық есептілік те қоса беріледі);
      3) соттар iс жүргiзуге қабылдаған, борышкерге қатысты қуынымдар туралы, сондай-ақ даусыз (акцептiсiз) есептен шығаруға қойылған талаптар туралы мәлiметтер;
      4) құрылтайшылық құжаттарының көшiрмелерi қоса берiледi.

      43-бап. Борышкер өтiнiшiнiң қаралмай қайтарылуы

      1. Борышкердiң оңалту рәсiмiн қолдану немесе банкрот деп тану туралы, осы Заңның 41 және 42-баптарында көзделген талаптарға сәйкес келмейтiн өтiнiшпен сотқа жүгiнуi өтiнiштiң қаралмай қайтарылуына негiз болып табылады.
      2. Борышкер үшiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiну осы Заңға сәйкес мiндеттi болып табылған және қажеттi құжаттар өтiнiшке қоса берілмеген жағдайларда, мұндай өтiнiштi сот iс жүргiзуге қабылдайды, ал жеткiлiксiз құжаттарды сот талқылауына iстi дайындау тәртiбiмен сот сұратып алады.

      44-бап. Кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi

      1. Банкроттық немесе оңалту туралы iс азаматтық-құқықтық және өзге де мiндеттемелер бойынша кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi негiзiнде қозғалуы мүмкiн.
      2. Кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшiнде:
      1) өтiнiш берiлiп отырған соттың атауы;
      2) борышкер дара кәсiпкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi немесе борышкер заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi;
      3) кредитор (кредиторлар) жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi немесе кредитор (кредиторлар) заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi;
      4) борышкердiң кредитор (кредиторлар) алдындағы оның талабы туындаған мiндеттемесi, бұл мiндеттеменiң орындалу мерзiмi;
      5) осы кредитордың (кредиторлардың) борышкерге қойған талаптарының мәнi мен сомасы;
      6) мiндеттеме бойынша берешектің және осы сомаға есептелген сыйақының (мүдденің), борышкерден өндiрiп алуға жататын тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсiмпұлдың) және залалдың сомасы;
      7) кредитор (кредиторлар) талаптарының белгiленген құқықтық негiздерi (сот шешiмi, бұл талаптарды борышкердiң тануы, ал олар болмаған кезде – кредитор (кредиторлар) талаптарының негiздiлiгiн және олардың сомаларын растайтын дәлелдемелер);
      8) борышкердегі мүлiк туралы кредиторға (кредиторларға) белгiлi мәлiметтер;
      9) жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берілген кезде борышкердің жоқ екендігі туралы ақпарат;
      10) қоса берілетiн құжаттар тiзбесi;
      11) борышкерге талаптар қойып жүгінуінің дәлелі;
      12) егер банкроттық немесе оңалту туралы iстi қарау үшiн қажет болса, өзге де мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.
      3. Кредитор (кредиторлар) сотқа өтініш берумен бір мезгілде өтiнiштiң және оған қоса берілетiн құжаттардың көшiрмелерiн борышкерге, уәкiлеттi органға жiберуге мiндеттi.
      4. Кредитордың (кредиторлардың) осы баптың 2 және
3-тармақтарында көзделген талаптарға сай келмейтiн, сондай-ақ қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген өтiнiшiн сот қарамастан қайтарады.
      Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      45-бап. Кредитордың өтінішіне қоса берілетін құжаттар

      1. Кредитордың борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiшiне:
      1) мемлекеттiк баждың белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленгенiн;
      2) кредитордың өтiнiшi мен оған қоса берілетін құжаттар көшiрмелерінiң борышкерге және уәкiлеттi органға жiберiлгенiн;
      3) борышкердiң кредитор алдындағы мiндеттемелерiн, сондай-ақ осы мiндеттемелер бойынша берешектiң бар екендігін және сомасын;
      4) кредитор талаптарының (атқару құжаттары, соттың шешiмi немесе кредитор талаптарын борышкердiң жазбаша түрде тануы) негізділігін;
      5) жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берілген жағдайларда, борышкердің жоқ екендігін растайтын құжаттарды;
      6) кредитордың өтiнiшi негiзделетін өзге де мән-жайларды растайтын құжаттар қоса беріледi.
      2. Кредитордың салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жөніндегі өтінішіне, егер мынадай:
      1) борышкерде активтердің болмауы;
      2) борышкерде жарамсыз деп танылуға жататын мәмілелердің болмауы;
      3) борышкердің осы Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) – 4) тармақшаларында көзделген талаптарды орындау міндетіне кіретін лауазымды адамдарында активтердің болмауы сияқты мән-жайлардың жиынтығы болса, банкроттық туралы іс қозғалуына және банкроттық рәсімінің өткізілуіне байланысты әкімшілік шығыстарды оның өтеуі туралы өтінішхат қоса беріледі.
      3. Оңалту рәсімін қолдану туралы кредитордың (кредиторлардың) өтінішіне:
      1) белгіленген тәртіппен және мөлшерде мемлекеттік баждың төленгенін;
      2) борышкерге өтініш пен оған қоса берілген құжаттардың көшірмелерінің жіберілгенін;
      3) борышкердің кредитор алдындағы міндеттемелерін, сондай-ақ осы міндеттемелер бойынша берешектің бар екендігін және сомасын;
      4) алып тасталды - ҚР 22.04.2015 № 308-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      5) кредитор өтініші негізделетін өзге де мән-жайларды (болған кезде) растайтын құжаттар қоса беріледі.
      Ескерту. 45-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      46-бап. Бiр немесе бiрнеше кредитордың талаптарын
              бiрiктiру

      1. Кредитор әртүрлi мiндеттемелер бойынша борышкерге қойылған бiрнеше талапты бiр өтiнiшке бiрiктiруге құқылы.
      2. Кредиторлар борышкерге қойған өздерінің талаптарын бiрiктiруге және сотқа бiр өтiнiшпен жүгiнуге құқылы. Мұндай өтiнiшке өздерінің талаптарын бiрiктiрген кредиторлар қол қояды.

      47-бап. Прокурордың өтінішi

      1. Прокурор:
      1) ол әдейі банкроттық белгiлерiн анықтағанда;
      2) кредитор – Қазақстан Республикасының, мемлекеттік органдардың мүдделерінде борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
      2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе немесе құқықтық қатынастардың мәнінен туындамаса, прокурордың өтінішi сотқа осы Заңда кредитордың өтiнiшiне қатысты көзделген талаптар сақтала отырып берiледi.

      48-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс
              жүргiзудi қозғау

      1. Осы Заңда белгiленген талаптарға сәйкес келетiн, оңалту рәсiмiн қолдану немесе борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi ала отырып, сот өтiнiш келiп түскеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ал осы Заңның 53-бабының 1-тармағында көзделген жағдайда, банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей іс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
      Iс қозғау туралы ұйғарым мүлiкке құқықты тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк және өзге де органдардың осы Заңның 50-бабының 1-тармағында көзделген шектеулердi қолдану туралы мiндетiн қамтуға тиiс.
      2. Соттың iс қозғау туралы ұйғарымының көшiрмелерiн сот борышкерге, өтiнiш берушiге, уәкiлеттi органға, мүлiкке құқықтарды тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк және өзге де органдарға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк палатасына және борышкердiң орналасқан жерi бойынша аумақтық әділет органына жiбередi.
      3. Сот iс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында ұйғарымды шығару күніне олар туралы мәліметтер орналастырылған, уәкілетті органда тіркелген тұлғалар қатарынан уақытша басқарушыны тағайындау туралы ұйғарым шығарады.
      Уақытша басқарушының кандидатурасын таңдауды борышкер қызметінің негізгі бейіні бойынша басқарушының жұмыс тәжірибесін ескере отырып, сот жүзеге асырады.
      4. Уақытша басқарушыны тағайындау туралы сот ұйғарымында:
      1) уақытша басқарушының тағайындалған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға банкроттық туралы іс қозғау туралы хабарландыруды жіберуі және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін кредиторлардың талаптарды қазақ және орыс тілдерінде мәлімдеу тәртібі туралы;
      2) уақытша басқарушының осы Заңның 90-бабында белгіленген тәртіппен кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыруы туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
      Егер банкроттық туралы іс кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша қозғалған жағдайда, уақытша басқарушыны тағайындау туралы сот ұйғарымында:
      1) уақытша басқарушы тағайындалған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде оның борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыруы және сотқа уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қорытынды ұсынуы туралы;
      2) уақытша басқарушының уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша қорытындыны сотқа ұсыну күні туралы нұсқауды қамтуға тиіс.
      5. Сот осы Заңның 12-бабының 10-тармағында көзделген негіздердің бірі басталғаны туралы сотқа белгілі болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша басқарушыны шеттетеді.
      Сот осы Заңда белгіленген тәртіппен уақытша басқарушыны шеттеткен күннен кейін бір жұмыс күні ішінде басқа уақытша басқарушыны тағайындайды.
      Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      49-бап. Уақытша басқарушының қорытындысы

      Уақытша басқарушы борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша мынадай:
      1) борышкер төлемге қабілетті, борышкерді банкрот деп тану туралы кредитордың талаптары негізсіз болып табылатыны;
      2) борышкер төлемге қабілетсіз және борышкерді банкрот деп тану үшін негіздер бар екені;
      3) борышкер төлемге қабілетсіз және оңалту рәсімдерін қолдану үшін негіздер бар екені;
      4) борышкерді банкрот деп тану туралы өтініште көрсетілген мекенжай бойынша борышкер жоқ және оны банкрот деп тану үшін негіздер бар екені, бірақ оның есебінен банкроттық рәсімі жүзеге асырылуы мүмкін мүлкі (активтері) жоқ екені;
      5) борышкердің өтініш берушіден басқа өзге кредиторларының жоқ екені;
      6) борышкер уақытша басқарушыға есепке алу құжаттамасына рұқсат бермегені, бұл қорытынды жасауға кедергі болатыны туралы тұжырымдарды қамтитын талдамалық сипаттағы қорытынды жасайды.
      Осы тармақтың 5) және 6) тармақшаларында көзделген қорытындыны негіздер болған кезде уақытша басқарушы өзі тағайындалған күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жасайды.

      50-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс
              қозғаудың салдарлары

      1. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша iс қозғалған кезден бастап:
      1) борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлiктi кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс оларды уақытша басқарушымен келіспей пайдалануға және өткiзуге тыйым салынады;
      2) моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есептемегенде, өмiрiне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер олардың алдында жауаптылықта болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, соттардың, аралық соттардың, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ меншiк иелерiнiң (құрылтайшылардың, қатысушылардың) немесе борышкер органдарының оның мүлкiне қатысты бұрын қабылдаған шешiмдерiн орындау тоқтатыла тұрады;
      3) үшінші тұлғалардың кепілдіктер мен кепілгерліктерді орындау бойынша талаптарын қоспағанда, кредиторлардың борышкерге қоятын кез келген талаптары осы Заңда көзделген оңалту немесе банкроттық рәсiмдерi шегiнде ғана қойылуы, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болған жағдайларда, кепіл тұрғысында өндiрiп алуға қойылуы мүмкiн;
      4) кредиторлардың, мемлекеттік кіріс органы мен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерді есептеуді және (немесе) жинауды жүзеге асыратын өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның талаптары, оның iшiнде даусыз (акцептісiз) тәртiппен қанағаттандырылуға жататын талаптары бойынша борышкердiң банктік шоттарынан ақша өндiрiп алуға, сондай-ақ борышкердiң мүлкiне өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейдi;
      5) борышкердiң акцияларын, жарғылық капиталындағы үлестерiн иелiктен шығаруға тыйым салынады.
      2. Сот Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында және борышкердiң орналасқан жерi бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте таратылатын, белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлердi ресми жариялау құқығын алған мерзiмдi баспасөз басылымдарында, оның ішінде интернет-ресурста оңалту туралы iс бойынша iс жүргізу қозғалғандығы туралы хабарландыруды қазақ және орыс тiлдерiнде күнтізбелік жетi күннен аспайтын мерзімде жариялауға мiндеттi.
      Хабарландыруды жариялау оңалту рәсімін қолдану туралы өтiнiш берген борышкердің қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      51-бап. Кредиторлар талаптарын қамтамасыз ету

      Сот кредитордың, прокурордың не iске қатысушы өзге тұлғаның өтiнiшi бойынша кредиторлардың талаптарын қамтамасыз ету жөнінде мынадай шараларды қолдануға:
      1) борышкерге тиесiлi мүлiкке (мүліктің бiр бөлiгiне), оның iшiнде ақшаға тыйым салуға;
      2) борышкерге оның мүлкiнiң азаюына әкеп соқтыруы не кредиторлардың мүдделерiне өзгеше түрде нұқсан келтiруi мүмкiн іс-әрекеттер жасауға тыйым салуға;
      3) өндiрiп алу даусыз (акцептісiз) тәртiппен жүргiзiлетiн атқару құжаттары немесе өзге де құжаттар бойынша өндiрiп алуды тоқтата тұруға;
      4) істі қарау кезеңінде борышкердің активтерін сақтауға бағытталған уақытша басқарушының ұсынымы бойынша өзге де іс-әрекеттерді қолдануға құқылы.

      52-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы істi сот
              талқылауына дайындау

      1. Оңалту туралы iстi сот талқылауына дайындау кезiнде Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасында көзделген іс-әрекеттерден басқа сот iстiң сот отырысында қаралатын уақыты мен орны туралы уәкілетті органға, борышкерге, кредиторларға, прокурорға және iске қатысатын өзге де адамдарға хабарлайды.
      2. Банкроттық туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымның көшірмелері уәкілетті органға, борышкерге, кредиторларға, прокурорға және іске қатысатын өзге де адамдарға жіберіледі.

      53-бап. Банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата
              тұру және қайта бастау

      1. Сот борышкердің банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу шеңберінде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішін алып, банкроттық туралы іске бастамашылық жасаған кредитордың келісімімен, өтініш келіп түскеннен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады.
      2. Соттың банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымының көшірмелерін сот борышкерге, өтініш берушіге, уәкілетті органға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк палатасына және борышкердiң орналасқан жерi бойынша аумақтық әділет органына жiбередi.
      3. Бұрын тоқтатыла тұрған банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді сот осы Заңның 59-бабының 6-тармағында және 82-бабының 234 және 6-тармақтарында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсiмi тоқтатылған жағдайда қайта бастайды.
      Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      54-бап. Сот талқылауы

      1. Алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн банкроттық туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады.
      Борышкердің өтініші бойынша қозғалған банкроттық туралы іс қозғалған күннен бір айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс.
      Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша қозғалған банкроттық туралы іс ол қозғалған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзiмде сот отырысында қаралуға тиiс.
      2. Борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берген кредитор сот отырысына келмеген жағдайда, сот өтінішті қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
      Борышкер жоқ болған жағдайларды қоспағанда, борышкер сот отырысына келмеген жағдайда, сот оны мәжбүрлеп келтіру туралы ұйғарым шығарады.
      3. Iстi алдын ала дайындау аяқталғаннан кейiн, бiрақ ол қозғалғаннан кейінгі күнтізбелік он бес күннен кешiктiрiлмей, оңалту туралы iс сот талқылауына тағайындалуға тиiс, бұл туралы сот ұйғарым шығарады.
      Оңалту туралы iс қозғалған күннен бастап бір айдан аспайтын мерзiмде ол сот отырысында қаралуға тиiс.

      55-бап. Оңалту немесе банкроттық туралы iс бойынша сот
              актілері

      1. Сот оңалту немесе банкроттық туралы iстi сот отырысында қарап, мынадай сот актiлерiнiң бiрiн:
      1) борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiм;
      2) борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғамастан, оны тарату туралы шешiм;
      3) борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм;
      4) оңалту рәсімін қолдану туралы шешім;
      5) оңалту рәсімін қолданудан бас тарту туралы шешім;
      6) іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым қабылдауы мүмкін.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген сот шешiмдерi мен ұйғарымы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес болуға тиiс.

      56-бап. Борышкердi банкрот деп тану және банкроттық
              рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiм

      1. Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешімді борышкердің төлем қабілетсіздігі және оны банкрот деп тануға негіздердің бар екендігі туралы уақытша басқарушының қорытындысын ескере отырып, сондай-ақ уақытша басқарушыға есепке алу құжаттамасына рұқсат берілмеген, бұл қорытынды жасауға кедергі болған жағдайда, сот шығарады.
      2. Борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешімді сот осы Заңның 118-бабының
4-тармағында белгіленген жағдайларда да шығарады.
      3. Соттың борышкерді банкрот деп тану туралы шешімінде:
      1) банкроттық рәсімін қозғай отырып, борышкерді тарату туралы;
      2) борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығының уақытша басқарушыға өтуі туралы;
      3) шешім шығарылғанға дейін сотқа жүгінген кредиторлардың мәлімделген талаптарының сомасы туралы;
      4) борышкердiң лауазымды адамдарының борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешіктірілмейтін мерзiмде құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгiлейтiн құжаттарын, мөрлерін, мөртабандарын, банкротқа тиесілі материалдық және өзге де құндылықтарды уақытша басқарушыға беру туралы;
      5) банкрот мүлкіне салынған барлық шектеулер мен ауыртпалықтарды (банкрот шоттарына қойылған инкассолық өкімдерді, сот орындаушылары тағайындаған мүлікке тыйым салуды және басқаларын) оларды тағайындаған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан, әкімшінің өтініші негізінде алу туралы;
      6) осы Заңның 45-бабының 2-тармағында көзделген шарттар болған кезде кредитордың өтінішхаты негізінде салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша әкімшілік шығыстарды оның өтеуі туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.
      4. Осы баптың 2-тармағында көзделген негіздер бойынша банкроттық рәсімі қозғалған жағдайда, соттың шешімінде уәкілетті органға кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
      5. Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уақытша басқарушы борышкерді банкрот деп таныған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті органға борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы қазақ және орыс тілдерінде хабарландыруды жібереді.
      Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
      Борышкердi банкрот деп тану туралы жарияланымда:
      1) борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм шығарған соттың атауы;
      2) банкрот – дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері немесе банкрот – заңды тұлғаның атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі және орналасқан жерi;
      3) банкротты сәйкестендіретін мәліметтер (салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы) қамтылуға тиіс.

      57-бап. Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша
              борышкердi банкрот деп тану және банкроттық
              рәсімін қозғамай оны тарату туралы шешiм

      1. Уақытша басқарушының борышкерді банкрот деп тану туралы өтініште көрсетілген мекенжай бойынша борышкердің жоқ екендігі және есебінен банкроттық рәсімін жүзеге асыру мүмкін болатын мүлкінің (активтерінің) жоқ екендігі туралы қорытындысын ескере отырып, жоқ борышкерге қатысты сот уәкілетті органның келісімімен борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғамай оны тарату туралы шешiм шығарады.
      2. Банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді таратуды уәкілетті орган осы Заңның 118-бабында белгіленген тәртіппен жүргізеді.

      58-бап. Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша
              соттың борышкердi банкрот деп танудан бас тарту
              туралы шешiмi

      1. Сот уақытша басқарушының:
      1) борышкерді банкрот деп тану туралы кредитор талаптарының негізсіздігі туралы тұжырымдар қамтылған борышкердің қаржылық жағдайы туралы;
      2) борышкердің өтініш берушіден басқа кредиторларының жоқ екендігі туралы қорытындысын ескере отырып, борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешім шығарады.
      Егер өтініш беруші салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор болып табылған жағдайда, осы тармақша қолданылмайды.
      2. Сот осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешім шығарған жағдайда, борышкер өтініш берушіден Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.
      3. Соттың борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiмi кредиторларды Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасында көзделген тәртiппен борышкерге өз талаптарын қою құқығынан айырмайды.

      59-бап. Оңалту туралы іс бойынша шешім

      1. Борышкер сот талқылауы барысында өзінің төлем қабілетсіздігін немесе ақшалай міндеттемелерді орындау мерзімі таяу он екі айда басталған кезде борышкердің оларды орындайтын күйде болмайтын төлем қабілетсіздігі қатері төнгенін дәлелдеген жағдайда, сот оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімін шығарады.
      2. Соттың борышкерге оңалту рәсiмiн қолдану туралы шешімінде:
      1) оңалту рәсiмiн қолдану;
      2) борышкердің оңалту рәсiмi қолданылған кезден бастап үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар жиналысында келісілген борышкерді оңалту жоспарын ұсынуы;
      3) оңалту рәсімін қолданудың осы Заңда көзделген салдарларының басталғаны туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
      3. Оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде сот уәкілетті органда тіркелген тұлғалар арасынан уақытша әкімшіні тағайындау туралы ұйғарым шығарады, олар туралы мәліметтер ұйғарым шығарылған күнге уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
      Уақытша әкімшінің кандидатурасын таңдауды борышкер қызметінің негізгі бейіні бойынша басқарушылық жұмыс тәжірибесін ескере отырып, сот жүзеге асырады.
      Сот осы Заңның 12-бабының 10-тармағында көзделген негіздердің бірі басталғаны туралы сотқа белгілі болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша әкімшіні шеттетеді.
      Сот осы Заңда белгіленген тәртіппен уақытша әкімші шеттетілген күннен кейін бір жұмыс күні ішінде басқа уақытша әкімшіні тағайындайды.
      4. Соттың уақытша әкімшіні тағайындау туралы ұйғарымында:
      1) уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уақытша әкімші өзі тағайындалған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға оңалту рәсімін қолдану және кредиторлардың талаптарды мәлімдеуі тәртібі туралы қазақ және орыс тілдерінде хабарландыру жіберуі;
      2) уақытша әкімшінің оңалту рәсімін қолданған кезден бастап екі айдан аспайтын мерзімде кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыруы және интернет-ресурста жариялау үшін оны уәкілетті органға ұсынуы туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
      5. Оңалту рәсiмiн қолдану туралы хабарландыруда:
      1) оңалту рәсiмiн қолдану туралы шешім шығарған соттың атауы;
      2) борышкердің атауы және орналасқан жері;
      3) уақытша әкімшіні тағайындау;
      4) кредиторларға жарияланым шыққан күннен бастап бір ай мерзімде уақытша әкімшіге өздерінің борышкерге қоятын талаптарын қою қажеттілігі туралы хабарлама қамтылуға тиіс.
      6. Егер борышкер сот талқылауы барысында өзінің төлем қабілетсіздігін не орындау мерзімі таяу он екі айда басталатын ақшалай міндеттемелерін орындау мүмкіндігі жоқ екендігін дәлелдемеген жағдайда, сот оңалту рәсiмiн қолданудан бас тартады.
      Соттың оңалту рәсiмiн қолданудан бас тарту туралы шешiмінде кредитордың оңалту рәсiмiн қолдану туралы өтініш беру салдарынан келтірілген залалдың орнын толтыруды борышкерден талап ету құқығына нұсқау қамтылуға тиіс.

      60-бап. Жалған банкроттық кезiндегi сот шешiмi

      1. Жалған банкроттық белгiлерi болған кезде сот кiнәлi лауазымды адамдардан барлық сот шығыстарын өндiрiп ала отырып, борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарады.
      2. Соттың шешiмiнде осы Заңның 6-бабының 2-тармағына сәйкес кредиторлардың жалған банкроттықтан келтiрiлген залалдың орнын толтыруды борышкерден талап ету құқығына нұсқау қамтылуға тиiс.

      61-бап. Әкiмшiлiк шығыстарды бөлу

      1. Борышкердi банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану туралы шешiм қабылданған кезде әкiмшiлiк шығыстар борышкердiң мүлкiне жатқызылады және осы мүлiктiң есебiнен кезектен тыс орны толтырылады. Оңалту рәсiмiн жүргiзу мақсатына қол жеткiзiлуiне байланысты іс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы ұйғарым шығарылған кезде сот және әкiмшiлiк шығыстарының осындай тәртіппен орны толтырылады.
      2. Негіздердің болмауына байланысты борышкердi банкрот деп танудан бас тартылған жағдайда осы баптың 1-тармағында көзделген шығыстар сотқа жүгінген кредиторларға жатқызылады және талаптарына қарай олардың арасында пропорционалды түрде бөлiнедi.
      3. Банкроттық туралы іс қозғауға және банкроттық рәсімін жүргізуге байланысты әкімшілік шығыстар сот шешімі бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитордың өтінішхаты негізінде оның есебінен өтеледі.
      Ескерту. 61-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      62-бап. Сот шешiмiнiң (ұйғарымының) заңды күшiне енуi,
              шешiмдi (ұйғарымды) қайта қарау

      Сот шешiмiнiң (ұйғарымының) заңды күшiне енуi және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша, сондай-ақ апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртiбiмен оны қайта қарау азаматтық сот iсiн жүргiзу қағидалары бойынша жүзеге асырылады.

5-тарау. ОҢАЛТУ РӘСIМI

      63-бап. Оңалту рәсiмiн қолдану

      Оңалту рәсiмi сот тәртiбiмен коммерциялық ұйымдарға ғана қатысты қолданылады.

      64-бап. Оңалту рәсiмiнiң мерзiмi

      Оңалту рәсiмiн жүргiзу мерзiмiн оңалту жоспарына сәйкес сот белгiлейдi. Сот оңалтуды басқарушының өтінішхаты бойынша кредиторлар жиналысының келiсiмiмен осы мерзiмдi ұзартуға құқылы, бiрақ ол алты айдан аспауға тиiс.
      Табиғи монополиялар субъектiлерi немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiлерi болып табылатын не республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар, азаматтардың өмiрiне, денсаулығына, ұлттық қауiпсiздiкке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдар үшiн оңалту рәсiмiнiң мерзiмiн сот екi жылға дейiн ұзартуға құқылы.

      65-бап. Мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы үшiн
              оңалту рәсiмiн тоқтата тұру және қайта бастау

      1. Оңалту рәсiмiн тоқтата тұру туралы өтiнiштi сот ол келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнiнен кешіктірілмейтін мерзiмде қарауға тиiс.
      Борышкердiң мемлекеттiк қолдау шараларына қатысушы мәртебесiн алуы және кредиторлар комитетiнiң шешiмi оңалту рәсiмiн тоқтата тұру үшiн негiздер болып табылады.
      2. Сот оңалту рәсiмiн тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарған кезден бастап мынадай салдарлар басталады:
      1) оңалтуды басқарушы борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқарудан шеттетiледi және басқару борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне (ол уәкiлеттiк берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға) өтедi;
      2) осы Заңның 68-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының қолданысы тоқтатыла тұрады;
      3) ұйымды оңалту жоспарының орындалуы тоқтатыла тұрады;
      4) кредиторлардың талаптарын өтеу мемлекеттiк қолдау шараларының шеңберiнде қабылданған оңалту жоспарына сәйкес жүргiзiледi.
      3. Кредиторлар комитетi оңалту рәсiмiн қайта бастау туралы өтiнiшпен сотқа жүгiну туралы шешiм қабылдауға құқылы. Осындай өтiнiшпен кредиторлар комитетi уәкiлеттiк берген тұлға жүгiнедi.
      Оңалту рәсiмiн қайта бастау туралы сот ұйғарымы заңды күшiне енген күннен бастап осы баптың 2-тармағының қолданысы тоқтатылады.

      66-бап. Оңалту рәсіміне қатысушылар

      Мыналар:
      1) сот;
      2) кредиторлар;
      3) борышкер;
      4) борышкер мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), құрылтайшылар (қатысушылар);
      5) уақытша әкімші;
      6) оңалтуды басқарушы;
      7) уәкілетті орган;
      8) басқа да мүдделі тұлғалар оңалту рәсіміне қатысушылар болып табылады.

      67-бап. Соттың оңалту рәсіміндегі өкілеттіктері

      Сот оңалту рәсімінде:
      1) оңалту рәсімін қолданады, тоқтата тұрады және тоқтатады;
      2) уақытша әкімшіні тағайындайды және шеттетеді;
      3) оңалту жоспарын бекітеді;
      4) оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
      5) борышкер жауапкер ретiнде әрекет ететін мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iсті өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды;
      6) кредиторлар жиналысы шешімінің негізінде борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығын борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақтап қалады немесе уәкілетті органға оңалтуды басқарушыны тағайындауды тапсырады;
      7) оңалту рәсіміне қатысушылар арасындағы дауларды шешеді.

      68-бап. Оңалту рәсімін қолданудың салдарлары

      1. Сот оңалту рәсімін қолдану туралы шешім шығарған кезден бастап мынадай салдарлар басталады:
      1) мүлікпен кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді, оларды уақытша әкімшімен келіспей жасасуға тыйым салынады;
      2) борышкер берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды), сондай-ақ алынған кредиттер бойынша сыйақыларды есепке жазу тоқтатылады;
      3) моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есептемегенде, төлеу мерзімі оңалту рәсімі қолданылғаннан кейін басталған, өмiріне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер олардың алдында жауаптылықта болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, соттардың, аралық соттардың, мемлекеттік кіріс органдарының, сондай-ақ борышкер мүлкінің меншік иелерінің (ол уәкілеттік берген органдардың), құрылтайшылардың (қатысушылардың) оның мүлкіне қатысты қабылдаған шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады;
      4) оңалту рәсімі қолданылған салық кезеңінен кейінгі салық кезеңдері үшін салық есептілігіне сәйкес салық төлеуші есептеген, салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша мемлекеттік кіріс органы есебіне жазған салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер төленеді.
      2. Оңалту жоспары бекітілгеннен кейін:
      1) оңалту жоспарында көзделгендерді қоспағанда, мүлікпен кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелер кредиторлар жиналысының келісуімен жасалады;
      2) кредиторлық берешекті өтеу кестесі оңалту жоспарына сәйкес орындалмаған жағдайда, кредиторлық берешекті өтеудің оңалту жоспарында көрсетілген күнінен немесе кезеңінен кейінгі күннен бастап осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында, сондай-ақ осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында белгіленген шектеулер алынады.
      Ескерту. 68-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      69-бап. Оңалту рәсiмi кезінде борышкердiң мүлкi мен
              iстерiн басқару

      1. Борышкер мүлкi меншiк иесiнiң (ол уәкiлеттiк берген органның), құрылтайшылардың (қатысушылардың) өтiнiшi бойынша, кредиторлар жиналысының шешімі негізінде сот оңалту жоспары бекiтiлген кезден бастап борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару құқығын борышкер мүлкiнiң меншiк иесiнде, ол уәкілеттік берген органда, құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақтап қалады.
      Борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару құқығын сақтап қалу туралы өтiнiш кредиторлар жиналысының шешiмiмен қоса бiр мезгiлде оңалту жоспары ұсыныла отырып сотқа жiберiледi.
      Кредиторлар жиналысы борышкер мүлкi меншiк иесiнiң, құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкердің мүлкi мен iстерiн басқару құқығының күшiн жою туралы шешiм қабылдаған жағдайда, кредиторлар жиналысы уәкiлеттi органда тiркелген тұлғалар арасынан оңалтуды басқарушыға өздерiнiң кандидатурасын ұсынуға мiндеттi. Кредиторлар жиналысының борышкер мүлкi мен iстерiн басқару құқығының күшiн жою туралы шешiмi бiр мезгiлде оңалту жоспары ұсыныла отырып сотқа жiберiледi.
      Борышкер мүлкiнiң меншiк иесi, құрылтайшылар (қатысушылар) борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқарудан шеттетiлген жағдайда да кредиторлар жиналысы оңалтуды басқарушыға кандидатура ұсынуға мiндеттi.
      Кредиторлар жиналысы кандидатқа оның кандидатурасын уәкілетті органға ұсынғанға дейін ол оңалтуды басқарушы ретінде таңдалғаны туралы хабарлауға міндетті.
      Кредитор (кредиторлар) борышкердiң басқару органының осы Заңда көзделген мiндеттердi бұзғанын анықтаған жағдайда, борышкер мүлкiнiң меншiк иесi (ол уәкiлеттiк берген орган), құрылтайшылар (қатысушылар) кредиторлар жиналысының шешiмi бойынша басқару органдарының мүшелерiн ауыстыруды жүргізуге мiндеттi.
      2. Оңалтуды басқарушыға кандидатураны таңдау кезінде кредиторлар жиналысы уәкiлеттi органда есепте тұрған тұлғаларға қатысты ұсынымдарды дәрменсiз борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын тұлғалардың кәсiптiк бiрлестiктерiнен алуы мүмкін.
      3. Сот ұйғарымында мыналар:
      1) уәкiлеттi органға ұйғарым заңды күшiне енген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оңалтуды басқарушыны тағайындауды тапсыру;
      2) борышкердiң құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгiлейтiн құжаттарды, мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруi туралы нұсқаулар қамтылуға тиiс.
      4. Уәкілетті орган оңалту жоспарын бекіту туралы ұйғарым немесе борышкер мүлкiнiң меншiк иесiн, құрылтайшыларды (қатысушыларды) борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқарудан шеттету туралы ұйғарым заңды күшіне енген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кредиторлар жиналысы ұсынған кандидатураны оңалтуды басқарушы етiп тағайындауға мiндеттi.
      Уәкілетті орган осы Заңның 12-бабы 3-тармағының негізінде кандидатураны оңалтуды басқарушы етіп тағайындауға кедергі болатын мән-жайларды анықтаған жағдайда, ол анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган оңалтуды басқарушының кандидатурасын тағайындаудан дәлелді бас тартуды не осы Заңның
12-бабының 8-тармағы 11) тармақшасының негізінде оңалтуды басқарушыны уәкілетті органда тіркеуден алып тастау туралы хабарламаны кредиторлар жиналысына жіберуге міндетті.
      Уәкілетті орган ұсынылған кандидатураны тағайындаудан бас тартқан жағдайда, кредиторлар жиналысы оңалтуды басқарушы етiп тағайындау үшін басқа кандидатура ұсынуға міндетті.
      5. Кредиторлық берешектi өтеу кестесi үш айдан астам мерзiм бойы орындалмаған және (немесе) уәкiлеттi орган анықтағандарды қоса алғанда, осы Заңды бұзушылықтар анықталған жағдайларда, борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару құқығы сақталған борышкер мүлкiнiң меншiк иесiн, құрылтайшыларды (қатысушыларды) сот кредиторлар жиналысы уәкiлеттiк берген тұлғаның өтiнiшi бойынша өтiнiш келiп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күн iшiнде басқарудан шеттетедi.

      70-бап. Уақытша әкімшінің өкілеттіктері

      1. Уақытша әкімші:
      1) оңалту жоспарымен танысуға;
      2) кредиторлардан мәлімделген талаптардың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды сұратуға құқылы.
      2. Уақытша әкімші:
      1) борышкердiң кәдiмгi коммерциялық операциялар шеңберiнен тыс мәмілені келісу туралы өтінішін бес жұмыс күні ішінде қарауға;
      2) сотқа оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытындыны уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша ұсынуға;
      3) кредиторлар талаптары мәлімделген кезден бастап он жұмыс күні ішінде оларды қарауға және танылған талаптарды тізілімге енгізуге;
      4) кредитордың талаптарын қарау нәтижелері туралы (толық көлемде немесе бір бөлігінде тану немесе танымау туралы) шешім қабылдаған күннен кейінгі күні оны жазбаша (танымау себептерін көрсете отырып) хабардар етуге;
      5) осы Заңның 82-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда негіздердің бірі басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;
      6) осы Заңның 75-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде өтетін кредиторлардың алғашқы жиналысының өткізілу орны мен күні туралы барлық кредиторларға хабарлауға;
      7) оңалту рәсімі қолданылған кезден бастап екі айдан аспайтын мерзімде кредиторлар талаптарының тізілімін, сондай-ақ талаптары танылмаған кредиторлардың тізбесін қалыптастыруға және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін оны уәкілетті органға және борышкерге ұсынуға;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді орындауға міндетті.

      71-бап. Оңалтуды басқарушының өкiлеттiктерi

      1. Оңалтуды басқарушы:
      1) осы Заңда белгіленген өкілеттіктер шегінде борышкердің мүлкіне иелік етуге;
      2) ұйымдардан, мемлекеттік органдардан және олардың лауазымды адамдарынан борышкер туралы ақпаратты сұратуға және алуға;
      3) ақпараттық жүйені қолдана отырып, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасымен реттелетін қатынастарға қатысуға;
      4) оңалту жоспарында көзделген мәмілелерді қоспағанда, кредиторлар жиналысының шешімі бойынша кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелер жасасуға;
      5) кредиторлар жиналысының келісуімен тұтынуға, оның iшiнде борышкердің қызметкерлерiне еңбекақы төлеуге жұмсалған борышкер шығыстарын ұлғайтуға әкеп соғатын шешiмдер қабылдауға;
      6) кредиторлардан мәлімделген талаптардың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды сұратуға құқылы.
      2. Оңалтуды басқарушы:
      1) борышкердiң мүлкiн басқаруға қабылдауға және борышкердің мүлкін қорғау мен бақылауды қамтамасыз етуге;
      2) тағайындалған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде кредиторлар комитетімен шарт жасасуға;
      3) оңалту жоспарын орындауды ұйымдастыруға;
      4) кредиторлар жиналысында келісілгеннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтінішхатты сотқа жіберуге;
      5) кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізуге;
      6) кредиторлар комитетінің мүшелеріне осы Заңның 27-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде хабарлама жіберуге;
      7) осы Заңның 25-бабының 1-тармағында белгіленген іс-әрекеттерді жасауға;
      8) осы Заңның 7-бабында көрсетiлген мән-жайлар кезiнде борышкер жасаған мәмiлелердi анықтауға және сот тәртібімен, оның ішінде мұндай мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша оларды жарамсыз деп тану не мүлiктi қайтару туралы талаптар қоюға;
      9) осы Заңда көзделген жағдайларда оңалту рәсімін тоқтата тұру туралы сотқа жүгінуге;
      10) кредиторлар жиналысы оңалту рәсімін тоқтату туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті өтінішпен сотқа жүгінуге;
      11) осы Заңда белгіленген жағдайларда оңалту рәсімін тоқтату және борышкерді банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;
      12) әр айдың он бесінен кешіктірмей алдыңғы айдағы қаржылық жағдай, кәдімгі коммерциялық операциялар барысында жасалған мәмілелер туралы ақпаратты кредиторлар комитеті мүшелерінің назарына жеткізуге, кредиторлар комитетінің талабы бойынша кез келген ақпаратты ұсынуға;
      13) борышкердің кез келген кредиторына оның жазбаша сұрау салуы негізінде оны алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей өз қызметінің жүзеге асырылу барысы туралы толық ақпарат ұсынуға;
      14) оңалтуды басқарушы шеттетілген (босатылған) жағдайда шеттету (босату) туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жаңадан тағайындалған оңалтуды басқарушыға құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, борышкердің мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, борышкерге тиесілі мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
      15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
      3. Егер борышкердiң оңалту рәсiмi қолданылғаннан кейiн туындаған ақшалай мiндеттемелерінiң жалпы сомасы оңалту рәсiмi енгізілген кездегi кредиторлық берешектiң жалпы сомасының жиырма пайызынан асып түссе, борышкердiң жаңа ақшалай мiндеттемелерiн туғызатын мәмiлелердi оңалтуды басқарушы кредиторлар комитетiнiң келiсуiмен ғана жасайды.

      72-бап. Кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру

      1. Уақытша әкімші өзі тағайындалған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оңалту рәсiмiн қолдану және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі хабарландыруды уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға жібереді.
      Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
      Борышкерде интернет-ресурс бар болған кезде, аталған интернет-ресурста борышкерге оңалту рәсiмiн қолдану және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарламаны жариялау міндетті болып табылады.
      2. Кредиторлар борышкерге қоятын талаптарын кредиторлар талаптарын мәлімдеу тәртібі туралы хабарлама жарияланған кезден бастап бір ай мерзімінен кешіктірмей мәлімдеуге тиіс.
      Кредиторлардың талаптарында, салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқалары бір мезгілде ұсыныла отырып, талаптың сомасы туралы (талаптың негізділігі мен сомасын растайтын құжаттардың (күшіне енген сот шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің борышын тануы) көшірмелерін қоса бере отырып, негізгі борыштың, сыйақының (мүддесінің), тұрақсыздық айыбының және өзге де айыппұл санкцияларының, залалдарының сомасы туралы жеке-жеке) мәліметтер қамтылуға тиіс.
      Кредиторлар талаптың негізділігі мен сомасын растайтын өзге құжаттарды да ұсынуға құқылы.
      Кредиторлардың шетел валютасында көрсетілген талаптары сот оңалту рәсімін енгізу туралы туралы шешім қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша теңгемен есептеледі.
      3. Кредитордың осы баптың 2-тармағында көрсетілген мерзімнен кешіктіріліп мәлімделген талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, бірақ мұндай кредитор бір ай мерзімінде мәлімделген кредиторлар талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.
      4. Кредиторлардың мерзімінде мәлімделген, осы баптың
2-тармағында көзделген талаптарын уақытша әкімші оларды алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс және танылған талаптар тізілімге енгізіледі.
      Кредиторлардың бұрын сотқа мәлiмдеген талаптары, егер олар осы баптың 2-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сай келсе, кредитордың өтініші болған кезде тiзiлiмге енгiзiлуi мүмкiн.
      Кредиторлар талаптарының тізіліміне осы Заңның 90-бабының
6-тармағында көзделген талаптар енгізілмейді.
      5. Кредиторлар борышкерге берешек сомасын және осы сомаға тиесілі сыйақыны (мүддені), борышкер тарапынан міндеттемелердің орындалмауынан немесе тиісінше орындалмауынан келтірілген залалдарды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) қамтитын талаптарды қоюға құқылы.
      Сыйақының (мүдденің), залалдардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдардың, өсімпұлдардың) сомасы сот оңалту рәсімін енгізу туралы шешім қабылдаған кезге айқындалады.
      Кредиторлардың банкроттық рәсiміне қатысуға байланысты шығыстарының орны толтыруға жатпайды.
      6. Кредиторлардың талаптарын қарау нәтижелері туралы (танымау себептерін көрсете отырып, талаптарды толық көлемде немесе бір бөлігінде тану немесе танымау туралы) уақытша әкімші шешім қабылданған күннен кейінгі күні әрбір кредиторға жазбаша хабарлауға міндетті.
      Кредитордың талабын (толық көлемде немесе бір бөлігінде) тану туралы хабарламада уақытша әкімші кредиторлардың алғашқы жиналысының өткізілу күнін, уақытын, орнын және күн тәртібін көрсетуге міндетті.
      Уақытша әкімшінің шешімімен келіспеген жағдайда кредитор, құрылтайшы (қатысушы), борышкер оңалту туралы істі қарайтын сотта он жұмыс күні ішінде оған шағым жасауға құқылы.
      7. Уақытша әкімші соттың оңалту рәсімін қолдану туралы шешімі күшіне енген күннен бастап екі айдан кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен, мерзімде және нысан бойынша кредиторлар талаптарының тізілімін, сондай-ақ талаптары танылмаған кредиторлардың тізбесін қалыптастыруға және уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға жіберуге міндетті.
      Уәкілетті орган кредиторлар талаптарының тізілімін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

      73-бап. Оңалту жоспары және оны бекіту тәртібі

      1. Оңалту жоспарында борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жөнінде нақты іс-шаралар (оңалту шаралары) және осы Заңның
77-бабының 2-тармағында көрсетілген кредиторлар алдындағы берешекті өтеу кестесі қамтылуға тиіс.
      Табиғи монополиялар субъектілері немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын не республика экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдардың оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті аумақтық органымен, ал қала құраушы заңды тұлғалар бойынша - тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органымен келісілуге тиіс.
      Оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтырулар кредиторлар жиналысының келісуімен енгізіледі және оны сот бекітеді.
      2. Оңалту жоспарын борышкер оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап үш ай ішінде кредиторлармен бірлесіп әзірлеуге тиіс.
      3. Оңалту жоспарын іске асыру мерзімі бес жылдан аспауға тиіс.
      4. Оңалту шаралары санацияны, электрондық аукцион өткізу арқылы мүлікті (активтерді) сатуды, борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беруді, борыштың бір бөлігін кешіруді, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруды, борыштарды акцияларға алмастыруды, бітімгершілік келісімін жасасуды және басқаларды қоса алғанда, борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған кез келген ұйымдастырушылық-шаруашылық, техникалық, қаржы-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де іс-шараларды қамтуы мүмкін.
      5. Егер оңалту жоспарында ақшалай қаражат көзі ретінде кредиттер (микрокредиттер) алу қамтылса, оңалту жоспарына кредит (микрокредит) алуға шарт қоса беріледі.
      6. Оңалту жоспары кредиторлар талаптарының тізілімі бекітілгеннен кейін кредиторлар жиналысына келісу үшін ұсынылуға тиіс.
      7. Борышкер уақытша әкімшіге әзірленген оңалту жоспарын кредиторлар жиналысында ол қаралғаннан кейінгі күннен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
      Уақытша әкімші сотқа оңалту жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қорытынды ұсынуға міндетті.
      8. Табиғи монополиялар субъектiлерi немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiлерi болып табылатын не республика экономикасы үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар, азаматтардың өмiрiне, денсаулығына, ұлттық қауiпсiздiкке немесе қоршаған ортаға әсер ете алатын ұйымдардың оңалту жоспары тиісті орталық атқарушы органмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң тиiстi аумақтық органымен, ал қала құраушы заңды тұлғалар бойынша - тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органымен келiсiлуге тиiс.
      Ұсынылған оңалту жоспары он жұмыс күні ішінде қаралады.
      9. Борышкер оңалту жоспарын кредиторлар жиналысы мақұлдағаннан кейін осы Заңның 59-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімнен кешіктірмей сотқа ұсынуға міндетті.
      10. Кредиторлар жиналысымен келісілген оңалту жоспары ұсынылған күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде сот ұйғарымымен бекітіледі.
      11. Сот осы Заңда белгіленген талаптарды бұзушылықтар анықталған жағдайларда, сондай-ақ уақытша әкімшінің оңалту жоспарының тиімсіздігі туралы қорытынды ұсынуына байланысты оңалту жоспарын бекітуден бас тартуға құқылы.
      12. Оңалту жоспарын бекіту туралы сот ұйғарымында:
      1) оңалту жоспарын бекіту туралы;
      2) оңалту рәсімін аяқтау және қорытынды есеп ұсыну мерзімдері туралы;
      3) уақытша әкімшіні шеттету туралы;
      4) уәкілетті органның оңалтуды басқарушыны тағайындауы туралы немесе басқару құқығының борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақталуы туралы нұсқаулар қамтылуға тиіс.

      74-бап. Борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беруі

      Оңалту жоспарында борышкердің талап ету құқықтарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілетін электрондық аукционда сату арқылы осы талаптарды басқаға беруі көзделуі мүмкін.

      75-бап. Кредиторлар жиналысының оңалту рәсіміндегі
              ерекшеліктері

      1. Оңалту рәсімі кезінде борышкер оңалту рәсімін қолдану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізеді.
      2. Кредиторлар жиналысының құзыретіне:
      1) оңалту жоспары бекітілген кезден бастап борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығын борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақтау немесе оның күшін жою туралы шешім қабылдау;
      2) кредиторлар комитетін құру туралы шешім қабылдау;
      3) кредиторлар комитеті құрамының санын айқындау және құрамын бекіту;
      4) кредиторлар комитетінің құрамына өзгерістер енгізу;
      5) оңалту жоспарын келісу;
      6) оңалту жоспарына өзгерістер мен толықтыруларды келісу;
      7) оңалту рәсімінің мерзімін ұзартуға келісім беру;
      8) кредиторлар комитеті мүшелерінің оңалту рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты кредиторлардың назарына жеткізудің тәртібі мен мерзімдерін айқындау;
      9) өзге де мәмілелерді кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс жасалатын мәмілелер санатына жатқызу;
      10) оңалту жоспарында көзделмеген, кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді келісу;
      11) борышкердің өндiрiп алынуы мүмкiн емес дебиторлық берешегiнiң сомасын бекiту;
      12) уәкілетті органда тіркелген тұлғалар арасынан оңалтуды басқарушының кандидатурасын таңдау;
      13) уақытша әкімшіге және оңалтуды басқарушыға негізгі сыйақы төлемінің мөлшерін айқындау;
      14) оңалтуды басқарушыға қосымша сыйақы мөлшерін айқындау;
      15) борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы борышкер мүлкінің меншік иесінде (ол уәкілеттік берген органда), құрылтайшыларда (қатысушыларда) сақталған жағдайларда борышкердің басқару органдары мүшелерінің ақшалай сыйақысының сомасын айқындау;
      16) оңалтуды басқарушының (борышкердің) қорытынды есебін келісу;
      17) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктер жатады.

      76-бап. Кредиторлар комитетінің оңалту рәсіміндегі
              ерекшеліктері
      Кредиторлар комитетi мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
      1) оңалтуды басқарушының iс-әрекеттерiн бақылауды жүзеге асыру үшiн кредиторлар комитетiнің мүшелерi арасынан кредиторлар өкiлiн сайлайды;
      2) оңалтуды басқарушыдан борышкердің қаржылық жағдайы және оңалту рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат беруді талап етеді;
      3) уәкілетті органға және (немесе) сотқа оңалтуды басқарушының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданады;
      4) кредиторлардың талаптарын есепке жатқызу туралы шешім қабылдайды;
      5) аудиторлық тексерудің және түгендеудің нәтижелерін назарға алады;
      6) борышкердің мемлекеттік қолдау шараларына өтініш білдіруіне және оңалту рәсімін тоқтата тұруға келісім береді;
      7) оңалту жоспарында көзделгендерді қоса алғанда, борышкердің мүлкін (активтерін) кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс сату тәртібін айқындайды;
      8) оңалту рәсімін жүргізу үшін әкімшілік шығыстардың сметасын және тартылатын қызметкерлердің санын бекітеді;
      9) оңалтуды басқарушымен шарт жасасады және оны бұзады;
      10) санацияға қатысушының оңалтуды басқарушымен келісімін бекітеді;
      11) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      77-бап. Кредиторлармен есеп айырысу

      1. Оңалту рәсімін қолданған кезден бастап:
      1) моральдық зиянның орнын толтыру туралы талаптарды қоспағанда, жалақыдан және (немесе) өзге де табыстан ұсталған алименттердi төлеу жөнiндегi талаптар, сондай-ақ өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн борышкер жауапты болатын азаматтардың талаптары қанағаттандырылады;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2) төлеу мерзiмi оңалту рәсiмi қолданылғаннан кейiн басталған, еңбек шарты бойынша жұмыс iстеп жүрген адамдармен өтемақыларды және еңбекақы төлеу бойынша, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу бойынша, авторлық шарттар бойынша сыйақыларды төлеу бойынша есеп айырысулар жүргізіледі;
      3) міндеттемелерден, оның iшiнде оңалтуды басқарушы (борышкер) жасасқан мәмiлелерден туындаған, орындалу мерзiмi оңалту рәсiмiн жүзеге асыру кезеңiнде басталған кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады.
      2. Осы Заңның 104-бабында белгіленген кепілді кредиторлардың талаптарын өтеу тәртібін қоспағанда, өндіріп алу атқару парақтары бойынша немесе даусыз (акцептісіз) тәртiппен жүргiзiлетiн берешектерді қоса алғанда, борышкердiң кредиторлар алдындағы берешектерi бойынша барлық есеп айырысулар осы Заңның 100 және 101-баптарында белгiленген кезектiлiк пен есеп айырысу қағидалары сақтала отырып, оңалту жоспарына сәйкес кредиторлар талаптарының тiзiлiмi жарияланғаннан кейiн жүзеге асырылады.
      Өткен салықтық кезеңдер және оңалту рәсімі қолданылған салықтық кезең үшін салықтық есептілікке сәйкес салық төлеуші есептеген, салықтық тексерулер нәтижелері бойынша мемлекеттік кіріс органы есепке жазған салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша міндеттемелер туындаған кезде, кредиторлар талаптарының тізіліміне, сондай-ақ оңалту жоспарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
      3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиторлардың оңалту рәсiмi енгізілгенге дейiн туындаған талаптарын қанағаттандыру, кредиторлар талаптарының тiзiлiмi жарияланғаннан кейiн жүргiзiледi.
      4. Кепілді кредитор:
      1) өзінің заңды мүдделеріне қатер төндіретін, осы Заңды бұзушылықтар анықталған;
      2) өзінің алдындағы берешекті өтеу кестесі бұзылған;
      3) кепіл нысанасы болып табылатын мүлік құны өз мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соғатындай төмендеген;
      4) егер өзінің алдындағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы болып табылатын мүлік борышкер – заңды тұлғаның қызметін жалғастыру үшін немесе оңалту жоспарын іске асыру үшін талап етілмеген жағдайларда өзінің алдындағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету нысанасы болып табылатын борышкер мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы сотқа жүгінуге құқылы.
      Ескерту. 77-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      78-бап. Санация

      1. Егер дәрменсiз борышкердi оңалту жоспарында оңалту шарасы ретiнде оның санациясы қамтылса, оңалту жоспарына сәйкес санацияға қатысушының борышкерге және (немесе) кредиторларға ақша аудару туралы жазбаша мiндеттемесi, сомасы мен мерзiмдері көрсетіле отырып, жоспарға қоса берiлуге тиiс.
      2. Санацияға қатысушы барлық кредиторлардың талаптарын олармен келiсiлген мерзiмде қанағаттандыруды қамтамасыз ету мiндеттемесiн өзіне қабылдай алады. Бұл жағдайда, борышкерді басқаруды санацияға қатысушы немесе ол тағайындаған тұлға оңалтуды басқарушы үшін көзделген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады. Осы Заңның 12-бабының 2-тармағында белгіленген талаптар санацияға қатысушыға қолданылмайды.
      3. Сот, сондай-ақ уәкілетті орган санацияға қатысушыдан оның осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген мiндеттемелердi орындауы мүмкiндiгiн растайтын құжаттарды талап етуге құқылы.

      79-бап. Санацияға қатысушылардың келiсiмi

      Егер санацияға кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз ету мiндеттемесiн өзіне қабылдаған екi және одан да көп тұлға қатысса, олар кредиторлар алдындағы жауапкершiлiктi өздерiнiң арасында бөлу, санацияға қатысудан ол басталғаннан кейiн санацияға қатысушылардың бiреуi немесе бiрнешеуi бас тартқан жағдайдағы жауаптылық, борышкер мүлкiн басқаруға қатысу тәртiбi көзделетiн келiсiм жасасуға тиiс.

      80-бап. Санацияға қатысушылардың жауаптылығы

      1. Осы Заңның 78-бабының 2-тармағында көзделген мiндеттеменi өзіне қабылдаған санацияға қатысушы борышкер таратылғаннан кейiн, егер еңсерілмейтін күштiң немесе кредиторлардың не борышкердiң (борышкер мүлкiнің меншік иесiнiң) iс-әрекеттерi нәтижесінде санация мақсаттарына қол жеткiзiлмегенiн дәлелдемесе, оның өтелмеген мiндеттемелерi бойынша субсидиарлық жауаптылықта болады.
      Егер келiсiмде өзгеше көзделмесе, санацияға екi немесе одан да көп тұлға қатысқан кезде, олар ортақ жауаптылықта болады.
      2. Дәрменсiз борышкердiң кредиторлар талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз ету мiндеттемесін өзіне қабылдамаған санацияға қатысушының жауаптылығы кредиторлар комитетi бекiткен, қатысушының оңалтуды басқарушымен келiсiмімен айқындалады.

      81-бап. Санацияға қатысушының құқықтары

      1. Санация мақсатына қол жеткізілуіне байланысты оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған кезде осы Заңның 78-бабының
2-тармағында көзделген міндеттемені өзіне қабылдаған және борышкер мүлкінің меншік иесі болып табылмайтын қатысушы санация басталғанға дейін шаруашылық серіктестігіне қатысушылардың, акционерлік қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қабылдаған шешімнің негізінде өзі инвестициялаған қаражат сомасында шаруашылық серіктестігіне қатысушы, акционерлік қоғамның акционері құқығына ие болады, ал егер борышкер мемлекеттік кәсіпорын болып табылса, мүліктің меншік иесі уәкілеттік берген мемлекеттік орган шешімінің негізінде борышкер шаруашылық серіктестігі, акционерлік қоғам болып алдын ала қайта ұйымдастырылғаннан кейін санацияға қатысушы шаруашылық серіктестігіне қатысушы, акционерлік қоғамның акционері құқығына ие болады. Егер борышкер өндірістік кооператив болып табылса, кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы шешімінің негізінде борышкер шаруашылық серіктестігі болып алдын ала қайта ұйымдастырылғаннан кейін санацияға қатысушы шаруашылық серіктестігіне қатысушы құқығына ие болады.
      Көрсетілген шешiм сотқа оңалту жоспарымен бiр мезгілде ұсынылуға тиiс.
      Мұндай жағдайда құрылған шаруашылық серiктестiгiнің жарғылық капиталының мөлшерi жарғылық капитал екi жыл ішінде белгiленген мөлшерлерге дейiн толықтырылатын жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ең төменгi мөлшерден кем болуы мүмкiн.
      2. Санацияға екi немесе одан да көп тұлға қатысқан жағдайда борышкер мүлкiндегi үлес мөлшерi олардың әрқайсысы санация мақсаты үшiн пайдаланған қаражаттың сомасына пропорционалды түрде айқындалады.

      82-бап. Оңалту рәсiмiн тоқтату

      1. Оңалтуды басқарушы, егер:
      1) борышкерге қатысты оңалту рәсiмiнiң мақсатына қол жеткізілген;
      2) ол бұл мақсатқа қол жеткізу мүмкін еместігіне көз жеткізген жағдайларда, кредиторлар жиналысының шешімі бойынша борышкерге қатысты оңалту рәсiмiн тоқтату туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнедi.
      Оңалтуды басқарушының өтiнiшiне оңалтуды басқарушының қорытынды есебi қоса беріледi.
      Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде бекітілген оңалту жоспары орындалған жағдайда, мемлекеттік қолдау шараларына қатысушы оңалту рәсімін тоқтату туралы өтініш білдіреді.
      2. Борышкердi оңалту жоспарын iске асыру не оңалтуды басқарушының әрекеттерi (әрекетсiздiгi) өз мүдделерiне нұқсан келтiредi деп есептейтiн борышкер мүлкiнiң меншік иесi (ол уәкiлеттік берген орган) оңалту рәсiмiн тоқтату туралы сотқа жүгіне алады.
      3. Кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы тиісінше хабардар етілмеген жағдайда, талап қою сомасы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген талаптардың жалпы сомасының кемінде он пайызын құрайтын кредитордың оңалту рәсімін тоқтату туралы сотқа жүгінуге құқығы бар.
      4. Кредитор (кредиторлар):
      1) борышкердің оңалту жоспарын құру жөніндегі әрекеттерi (әрекетсiздiгi) өзінің мүліктік мүдделеріне нұқсан келтіретінін растайтын негіздер болған;
      2) кредиторлық берешекті өтеу кестесі үш айдан астам орындалмаған;
      3) оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішке қоса берілген құжаттарда анық емес мәліметтердің ұсынылу фактілері анықталған;
      4) борышкердi оңалту жоспарын iске асыру не оңалтуды басқарушының әрекеттерi (әрекетсiздiгi) өзінің мүліктік мүдделерiне нұқсан келтiретінін растайтын негіздер болған кезде оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішпен сотқа жүгіне алады.
      5. Осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінің 2) тармақшасында,
23 және 4-тармақтарында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсімін тоқтату туралы сотқа өтініш берілген кезде өтініш беруші тұлға борышкерді банкрот деп тану туралы талапты өтініште көрсетуге міндетті.
      Осы тармақтың талаптары орындалмаған жағдайда сот оңалту рәсімін тоқтату туралы өтінішті қараусыз қалдырады.
      6. Кредиторлар жиналысы оңалту рәсімін келісуден бас тартқан не борышкер осы Заңның 59-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында белгіленген мерзімде оңалту жоспарын ұсынбаған жағдайларда, сот уақытша әкімшінің өтініші бойынша оңалту рәсімін тоқтатады.

      83-бап. Оңалту рәсiмiн тоқтатудың салдарлары

      Осы Заңның 82-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 23,  4және 6-тармақтарында көзделген негіздер бойынша оңалту рәсімі тоқтатылған және банкроттық туралы іс қозғалған (қайта басталған) жағдайларда:
      1) осы Заңның 68-бабында көзделген салдарлар сақталады;
      2) борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарылғанға және банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейін борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы оңалту рәсімінде басқаруды жүзеге асырған тұлғада сақталады.

6-тарау. БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІ

      84-бап. Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі

      1. Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі сот шешімімен айқындалады және ол тоғыз айдан аспауға тиіс. Бұл мерзімді кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушының өтінішхаты бойынша сот үш айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады.
      Банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
      2. Мыналар:
      1) соттың іс жүргізуінде борышкер мен оның кредиторларының мүліктік мүдделерін қозғайтын істің болуы;
      2) өткізілмеген мүліктің болуы;
      3) банкроттықты басқарушының борышкер мен оның кредиторларының мүдделеріне қарсы әдейі немесе жалған банкроттық белгілері, өзге де құқық бұзушылықтар немесе қылмыстар бойынша қылмыстық қудалау органдарына жүгінуі;
      4) қорытынды есепті бекітуден бас тарту туралы сот ұйғарымында көрсетілген, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою қажеттілігі;
      5) уәкілетті орган анықтаған, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою қажеттілігі банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін ұзарту үшін негіз болып табылады.

      85-бап. Банкроттық рәсіміне қатысушылар

      Мыналар:
      1) банкроттық туралы істі қарайтын сот;
      2) уәкілетті орган;
      3) банкрот;
      4) банкрот мүлкiнің меншiк иесі, қатысушылар (құрылтайшылар);
      5) кредитор;
      6) уақытша және банкроттықты басқарушылар;
      7) басқа да мүдделі адамдар банкроттық рәсіміне қатысушылар болып табылады.

      86-бап. Соттың банкроттық рәсіміндегі өкiлеттiктерi

      Банкроттық рәсімінде соттың мынадай өкiлеттiктерi болады:
      1) банкроттық рәсімін қозғайды, ұзартады және тоқтатады;
      2) заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға, уәкілетті органға, жеке сот орындаушыларының палатасына және борышкердің орналасқан жері бойынша аумақтық әділет органына заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы шешiм шығарылғанын хабарлайды;
      3) банкрот жауапкер ретiнде әрекет ететін мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iстердi өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды;
      4) уақытша басқарушыны тағайындайды және шеттетеді;
      5) банкроттық рәсіміне қатысушылар арасындағы дауларды шешеді.
      Ескерту. 86-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      87-бап. Банкроттық рәсімін қозғау салдарлары

      1. Сот борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғау туралы шешiм шығарған күннен бастап:
      1) борышкер мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), құрылтайшыларға (қатысушыларға), заңды тұлғаның барлық органдарына мүлікті кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс пайдалану мен өткізуге және міндеттемелерді өтеуге тыйым салынады;
      2) банкроттың барлық борыштық мiндеттемелерiнiң мерзiмдерi өтті деп есептеледі;
      3) банкрот берешегiнiң барлық түрлерi бойынша тұрақсыздық айыбын және сыйақыларды (мүдделерді) есепке жазу тоқтатылады;
      4) сотта банкроттың қатысуымен қаралатын мүлiктiк сипаттағы даулар, егер олар бойынша қабылданған шешiмдер заңды күшiне енбесе, тоқтатылады;
      5) үшінші тұлғалардың кепілдіктері мен кепілгерліктерін орындау бойынша талаптарды, сондай-ақ үшінші тұлғалар кепіл беруші болатын жағдайларда кепіл нысанасын өндіріп алуды қоспағанда, банкротқа банкроттық рәсімі шеңберінде ғана талаптар қойылуы мүмкін;
      6) әкімші өтінішінің және борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің ұсынылған көшірмесінің негізінде банкрот мүлкіне қойылған барлық шектеулер мен ауыртпалықтар (борышкердің шоттарына қаржылық және мемлекеттік органдардың инкассолық өкімдері, мүлікке сот орындаушылары тағайындаған тыйым салу және басқалар) оларды тағайындаған органдардың тиісті шешімдері қабылданбастан алып тасталады;
      7) банкроттың мүлкіне жаңадан тыйым салу және банкроттың мүлкіне иелік етуге өзге де шектеулер қою мәмілені жарамсыз деп тану туралы және банкротқа қойылған, мүлікті өзгенің заңсыз иеленуінен талап ету туралы қуынымдары бойынша ғана жол беріледі.
      2. Банкроттық рәсімін қозғау кезінде иемденушіге берілмеген банкрот мүлкі банкроттың мүліктік массасының құрамына енгізіледі, ал кредитор немесе орындалмаған міндеттеме бойынша дәрменсіз сатып алушы банкроттық рәсімі шеңберінде борышкерге өз талаптарын қоюға құқылы.

      88-бап. Уақытша басқарушының өкілеттіктері

      1. Уақытша басқарушы:
      1) мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан борышкер, оған өтеусіз негізде берілуге тиіс екенін растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса алғанда, оның мүлкі туралы ақпаратты сұрау салу берілген кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде сұратуға;
      2) борышкердің өзі банкрот деп танылғанға дейін осы Заңның талаптарын бұза отырып жасаған мәмілелерін анықтауға, оларды жарамсыз деп тану туралы және сот тәртібімен, оның ішінде мұндай мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша мүлікті қайтару туралы талап қоюға;
      3) әдейі немесе жалған банкроттық жағдайлар анықталған кезде сотқа жүгінуге;
      4) мәлімделген талаптардың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды кредиторлардан сұратуға;
      5) осы Заңда көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Сот тағайындаған кезден бастап және банкроттық туралы істі қарау аяқталғанға дейін уақытша басқарушы:
      1) борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді оның төлем қабілетсіздігі белгілерінің бар не жоқ екендігін растау мақсатында бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік құжаттарының негізінде сот шешімі шығарылғанға дейін жинауды жүзеге асыруға;
      2) сотқа борышкердің қаржылық жағдайы туралы қорытындыны ұсынуға;
      3) уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін соттың оны тағайындау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органға банкроттық туралы істі қозғау және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы қазақ және орыс тілдерінде хабарландыруды жіберуге;
      4) сот талқылауы кезеңінде борышкер мүлкі меншік иесінің, құрылтайшылардың (қатысушылардың) борышкердің активтерін шығаруына жол бермеу мақсатында оларды бақылауды қамтамасыз етуге;
      5) мәмілелерді кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс келісу туралы борышкердің өтінішін бес жұмыс күні ішінде қарауға;
      6) осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
      3. Борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі шығарылғаннан кейін уақытша басқарушы:
      1) уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін борышкер банкрот деп танылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде борышкерді банкрот деп тану туралы қазақ және орыс тілдерінде жарияланымды уәкілетті органға жіберуге;
      2) борышкер банкрот деп танылған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органнан банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар тұлғаның бар-жоғы және банктік шоттарының нөмірлері, осы шоттардағы ақшаның қалдықтары туралы және қозғалысы туралы ақпарат сұратуға;
      3) банкрот қызметкерлерін еңбек шартының Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес алдағы уақытта тоқтатылатыны туралы хабардар етуге;
      4) банкрот мүлкін қорғауды және бақылауды қамтамасыз етуге;
      5) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен, мерзімде және нысан бойынша кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыруға;
      6) банкроттың мүліктік массасына түгендеуді жүргізуге және түгендеу бойынша есепті кредиторлардың алғашқы жиналысына ұсынуға;
      7) егер банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейін мұндай мүліктің құны елеулі төмендейтін (тез бұзылатын тауарлар, маусымдық тауарлар, мал және жедел өткізуді талап ететін өзге де тауарлар) жағдайларда уәкілетті органмен келісу бойынша банкрот мүлкін сатуды жүзеге асыруға;
      8) кредитордың және борышкер мүлкі меншік иесінің жазбаша сұрау салуы негізінде банкроттық рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы сұрату алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға;
      9) кредиторлар жиналысының өткізілу күні, уақыты мен орны туралы кредиторларды хабардар етуге;
      10) сот борышкер мен оның кредиторларының мүдделерін қозғайтын акт шығарған жағдайда, осы сот актісіне шағымдану туралы мәселені қарау үшін өтініші бойынша банкроттық туралы іс қозғалған кредиторға не борышкерге оны алған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде оның көшірмесін ұсынуға;
      11) кредиторлардың алғашқы жиналысын ұйымдастыруға және өткізуге;
      12) банкроттықты басқарушыға (уәкілетті органға) өзін тағайындаған (борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі шығарылған) күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, банкроттың мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, банкротқа тиесілі мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
      13) сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру немесе тоқтату туралы ұйғарым, борышкерді банкрот деп танудан бас тарту туралы шешім шығарған, не борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің күші жойылған жағдайда борышкерге тиісті сот актісі қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
      14) осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

      89-бап. Банкроттықты басқарушының өкілеттіктері

      1. Банкроттықты басқарушы:
      1) кредиторлардан мәлімделген талаптардың негізі мен сомасын растайтын құжаттарды сұратуға;
      2) кредиторлар жиналысының келісімімен банкроттық рәсімін жүргізу үшін кредит алуға құқылы.
      2. Банкроттықты басқарушы:
      1) өзі тағайындалған кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде уақытша басқарушыдан құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, банкроттың мүлкіне құқық белгiлейтiн құжаттарды, банкротқа тиесілі мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды қабылдауға;
      2) оны тағайындағаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан банкрот, оған тиесілі (тиесілі болған) мүлік туралы ақпаратты және растайтын құжаттардың көшірмелерін талап етуге, егер көрсетілген ақпарат пен құжаттарды оған уақытша басқарушы бермеген болса, олар сұрау салу жіберілген кезден бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оған өтеусіз негізде ұсынылуға тиіс;
      3) өзі тағайындалғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органнан банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері, осы шоттардағы ақшаның қалдықтары туралы және қозғалысы туралы ақпарат сұратуға;
      4) банкроттың мүлкін қорғауды және бақылауды қамтамасыз етуге;
      5) кредиторлар комитеті дебиторлық берешекті сату туралы шешім қабылдаған жағдайларды қоспағанда, банкрот алдында берешегі бар адамдарды анықтаған кезден бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы берешекті сот тәртібімен өндіріп алу туралы талап қоюға;
      6) борышкердің оны банкрот деп танығанға дейін осы Заңның талаптарын бұза отырып жасаған мәмілелерін анықтауға және оларды жарамсыз деп тану туралы не мүлікті сот тәртібімен, оның ішінде мұндай мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша қайтару туралы талап қоюға;
      7) кредиторлар комитетінің шешімі негізінде он жұмыс күні ішінде банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін борышкер жасасқан шарттарды өзгертуге немесе бұзуға;
      8) банкроттың мүлкін (активтерін) сату жоспарын әзірлеуге және оны іске асыруды жүзеге асыруға;
      9) кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізуге;
      10) осы Заңның 11-бабының 5-тармағында белгіленген адамдарды анықтауға;
      11) кредиторлар комитеті есеп айырысуға көшу туралы шешім қабылдағаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде кредиторлармен есеп айырысуды жүзеге асыруға;
      12) кредиторға оның жазбаша сұрау салуы негізінде сұрау салу түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде банкроттық рәсімінің жүзеге асырылу барысы туралы хабарлауға;
      13) егер банкроттықты басқарушымен жасалған банкроттық рәсімін жүргізу туралы шартта өзгеше белгіленбесе, сот банкрот пен оның кредиторларының мүдделерін қозғайтын актіні шығарған жағдайда оны алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде кредиторлар комитетіне осы сот актісіне шағымдану туралы мәселені қарау үшін оның көшірмесін ұсынуға;
      14) кредиторларды кредиторлар комитетінің жиналысын өткізу күні, уақыты мен орны туралы хабардар етуге;
      15) сот қорытынды есепті бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде банкроттың банктік шоттарын жабуға, салық төлеуші куәлігінің және қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәліктің бланкілерін (олар бар болған кезде) мемлекеттік кіріс органына тапсыруға, банкроттың мөрін жоюға;
      16) борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің күші жойылған жағдайда борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің күшін жою туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде борышкерге құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды, мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
      17) банкроттықты басқарушы шеттетілген (босатылған) жағдайда, жаңадан тағайындалған банкроттықты басқарушыға шеттету (босату) туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтайшылық құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, банкроттың мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, банкротқа тиесілі мөрлерді, мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;
      18) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындауға міндетті.
      Ескерту. 89-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      90-бап. Банкроттық рәсімінде кредиторлар талаптарының
              тізілімін қалыптастыру

      1. Уақытша басқарушы сот оны тағайындау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде банкроттық туралы істі қозғау және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы қазақ және орыс тілдерінде хабарландыруды уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға жібереді.
      Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
      Борышкерде интернет-ресурс болған кезде аталған интернет-ресурста хабарламаны жариялау міндетті болып табылады.
      2. Уақытша басқарушы сот орындаушыларынан заңды күшіне енген сот шешімін немесе борышкерден ақшаны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде осындай кредиторларды банкроттық туралы істі қозғау (борышкерді банкрот деп тану) және талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы жазбаша хабардар етеді.
      Уақытша басқарушы банкроттық туралы істі қозғау туралы сот ұйғарым шығарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өміріне және денсаулығына зиян келтіргені үшін өздерінің алдында борышкер жауапты болатын азаматтарды да борышкерді банкрот деп тану және талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабардар етеді.
      3. Кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған кезден бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей олар банкротқа қоятын талаптарын мәлімдеуге тиіс.
      Кредиторлардың талаптарында салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқалары бір мезгілде ұсыныла отырып, талаптың сомасы туралы мәліметтер (талаптың негізі мен сомасын растайтын құжаттардың (күшіне енген сот шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің борышын тануы) көшірмелерін қоса бере отырып, негізгі борыштың, сыйақының (мүдденің), тұрақсыздық айыбының және өзге де айыппұл санкцияларының, залалдардың сомасы туралы жеке) қамтылуға тиіс.
      Егер кредиторлардың мәлімдеген талаптары бойынша сыйақы (мүдде), тұрақсыздық айыбы және өзге де айыппұл санкциялары, залалдар есептелген болса, онда мұндай кредиторлар борышкер банкрот деп танылғаннан кейін күнтізбелік он бес күн ішінде сыйақыны (мүддені), тұрақсыздық айыбын және өзге де айыппұл санкцияларын, залалдарды ескере отырып, өзінің талаптарын қайтадан мәлімдейді.
      Кредиторлар талаптың негізі мен сомасын растайтын өзге де құжаттарды ұсынуға құқылы.
      Кредиторлардың шетел валютасында көрсетілген талаптары борышкерді банкрот деп тану және оны банкроттық рәсімін қозғай отырып тарату туралы сот шешім қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген бағам бойынша теңгемен есептеледі.
      4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзімнен кеш мәлімделген кредитордың талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, бірақ мұндай кредитор бір ай мерзімде мәлімделген кредиторлардың талаптарын толық қанағаттандырғанға дейін кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.
      5. Осы баптың 3-тармағында көзделген мерзімде мәлімделген кредиторлардың талаптарын уақытша басқарушы оларды алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс және танылған талаптар тізілімге енгізіледі.
      Кредиторлардың бұрын сотқа мәлiмдеген талаптары, егер олар осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сай келетін болса, кредитордың өтініші болған кезде тiзiлiмге енгiзiлуi мүмкiн.
      6. Кредиторлар талаптарының тізіліміне:
      1) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес шығарылған облигациялар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлiнген активтер және мынадай мүлiктi: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша (ипотекалық куәліктердің кепілін қоса алғанда) талап құқықтарын, сондай-ақ олардың ұстаушыларында мәмілелер бойынша не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздермен көрсетілген облигацияларға меншік құқықтары туындаған немесе оларға көшкен жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын кепілмен қамтамасыз етілген ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың талаптары;
      2) кредиторлардың мемлекет кепiлгерлiгiмен қамтамасыз етiлген инфрақұрылымдық облигациялар бойынша талаптары;
      3) борышкер құрылтайшыларының (қатысушыларының) талаптары енгізілмейді.
      7. Кредиторлар борышкерге берешектің сомасын және осы сомаға тиесілі сыйақыны (мүддені), борышкер тарапынан міндеттемелерді орындамаудан немесе тиісінше орындамаудан келтірілген залалдарды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдар, өсімпұлдар) және өзге де айыппұл санкцияларын қамтитын талаптарды қоюға құқылы.
      8. Сыйақының (мүдденiң) сомасы борышкердi банкрот деп тану туралы сот шешiм қабылдаған кезде айқындалады.
      9. Залалдардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдардың, өсiмпұлдардың) және өзге де айыппұл санкцияларының сомасы борышкердi банкрот деп тану және оны тарату туралы шешiм қабылданған кезде айқындалады.
      Кредиторлардың банкроттық рәсiміне қатысуға байланысты шығыстары өтеуге жатпайды.

      91-бап. Кредиторлардың талаптарын қарау

      1. Уақытша басқарушы борышкер банкрот деп танылған күннен кейінгі күні кредиторлардың талаптарын қарау нәтижелері туралы (талаптарды толық көлемде немесе себептерін көрсете отырып, бір бөлігінде тану немесе танымау туралы) әрбір кредиторға жазбаша хабарлауға міндетті. Кредиторлардың борышкер банкрот деп танылғаннан кейін мәлімделген талаптары бойынша уақытша басқарушы шешім қабылданған күннен кейінгі күні осындай кредиторға жазбаша хабарлауға міндетті.
      Кредитордың талабын (толық көлемде немесе бір бөлігінде) тану туралы хабарламада уақытша басқарушы кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу күнін, уақытын, орнын және күн тәртібін көрсетуге міндетті.
      2. Уақытша басқарушының шешімімен келіспеген жағдайда кредитор, құрылтайшы (қатысушы) оған банкроттық туралы істі қарайтын сотқа он жұмыс күні ішінде шағымдануға құқылы.

      92-бап. Кредиторлар талаптарының тізілімін жариялау

      1. Уақытша басқарушы борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешім шығарған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар талаптарының тізілімін уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастыру үшін уәкілетті органға жіберуге міндетті.
      Уәкілетті орган кредиторлар талаптарының тізілімін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
      2. Кредитор жарияланған тізілімге енгізілген кез келген кредитор талабының мөлшері мен негізіне шағымдануға құқылы.

      93-бап. Кредиторлар жиналысының банкроттық рәсіміндегі
              өкілеттіктері

      1. Кредиторлардың алғашқы жиналысын уақытша басқарушы борышкер банкрот деп танылған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күн мерзімінен кешіктірмей өткізеді.
      2. Кредиторлардың алғашқы жиналысында:
      1) кепіл мүлкіне бағалау жүргізу туралы шешім қабылданады;
      2) уәкілетті органда тіркелген тұлғалар ішінен банкроттықты басқарушының кандидатурасы таңдалады;
      3) кредиторлар комитетін құру туралы шешім қабылданады;
      4) кредиторлар комитетінің саны айқындалады және кредиторлар комитетінің құрамы, төрағасы бекітіледі;
      5) кредиторлар комитетінің жұмыс регламенті бекітіледі;
      6) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      3. Кредиторлар жиналысының құзыретіне:
      1) кепіл мүлкін бағалау нәтижелерін ескере отырып, кепіл мүлкін кепілді кредиторларға олардың талаптарын қанағаттандыру үшін беру туралы мәселені қарау;
      2) банкроттықты басқарушының кандидатурасын таңдау;
      3) кредиторлар комитетінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
      4) банкроттың мүліктік массасын түгендеу туралы есепті мақұлдау;
      5) мүлікті (активтерді) бағалауды жүргізу туралы шешім қабылдау;
      6) мүлікті сату жоспарын бекіту;
      7) банкроттың мүлкін (активтерін) тікелей сату туралы шешім қабылдау;
      8) мүлікті теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қою туралы шешім қабылдау;
      9) борышкердің өндіріп алу мүмкін емес дебиторлық берешегінің сомасын бекіту;
      10) банкроттықты басқарушыға негізгі сыйақы төлемінің сомасын айқындау;
      11) банкроттықты басқарушыға қосымша сыйақы мөлшерін айқындау;
      12) қорытынды есепті келісу;
      13) банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін ұзартуға келісім беру;
      14) борышкердің кредиторларымен есеп айырысуға көшуі туралы шешім қабылдау;
      14-1) баланста бар, бірақ түгендеу актісі бойынша жоқ жылжымалы мүлікті есептен шығару туралы шешім қабылдау;
      14-2) банкроттық рәсімін жүргізу үшін банкроттықты басқарушының кредит алуы туралы шешім қабылдау;
      15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар жатады.
      4. Банкроттықты басқарушының кандидатурасын таңдау кезінде уәкілетті органда есепте тұрған тұлғаларға қатысты ұсынымдарды кредиторлар жиналысы дәрменсіз борышкердің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың кәсіптік бірлестіктерінен алуы мүмкін.
      Кредиторлар жиналысы сайланған кандидатты оның кандидатурасын уәкілетті органға ұсынғанға дейін оның банкроттықты басқарушы ретінде таңдалғаны туралы хабардар етуге міндетті.
      Уәкілетті орган кредиторлар жиналысы ұсынған кандидатураны кредиторлар жиналысы оны ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде банкроттықты басқарушы етіп тағайындауға міндетті.
      Уәкілетті орган осы Заңның 12-бабының 3-тармағы негізінде банкроттықты басқарушының кандидатурасын тағайындауға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған жағдайда уәкілетті орган анықтаған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде кредиторлар жиналысына банкроттықты басқарушының кандидатурасын тағайындаудан дәлелді бас тартуды не осы Заңның 12-бабының 8-тармағының 11) тармақшасы негізінде банкроттықты басқарушының уәкілетті органдағы тіркеуден алып тасталғаны туралы хабарламаны жіберуге міндетті.
      Кредиторлар жиналысы ұсынылған кандидатураны тағайындаудан уәкілетті орган бас тартқан жағдайда, банкроттықты басқарушы етіп тағайындау үшін басқа кандидатура ұсынуға міндетті.
      Ескерту. 93-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      94-бап. Кредиторлар комитетінің банкроттық рәсіміндегі
              өкілеттіктері

      Кредиторлар комитеті:
      1) банкроттық рәсімінің өткізілуін және банкроттықты басқарушының қызметін жедел бақылауды жүзеге асырады;
      2) банкроттықты басқарушымен шарт жасасады және оны бұзады;
      3) шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын банкроттық рәсімін жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді;
      4) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша әкімшілік шығыстардың орнын толтыру жағдайларын қоспағанда, әкімшілік шығыстардың сметасын және банкроттық рәсімін жүргізу үшін тартылатын қызметкерлердің санын бекітеді;
      5) банкроттың жаңадан анықталған не мүліктік массаға қайтарылған мүлкін (активтерін) бағалауды жүргізу туралы шешім қабылдайды;
      6) банкроттықты басқарушы сатып алатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін айқындайды;
      7) борышкер мен кредитор арасындағы талаптарды өзара есепке алу туралы шешім қабылдайды;
      8) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      95-бап. Кредиторлардың еңбекақы төлеу жөніндегі
              мүдделерін білдіру

      1. Борышкерге еңбекақы төлеу жөнінде талаптары бар адамдар жиналыста (конференцияда) жасырын дауыс беру арқылы борышкердің, оның кредиторларының алдында өздерінің мүдделерін қорғауға уәкілетті өкілді сайлайды.
      Кредитордың еңбекақы төлеу жөніндегі өкілі кредиторлар комитетінің құрамына кіреді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен сайланған өкіл банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде осы Заңмен өзіне берілетін кредитордың барлық құқықтарын пайдаланады. Өкіл кредиторлар талаптарының тізілімінде еңбекақы төлеу жөніндегі талаптарды бекіту нәтижелері және оларды қарау нәтижелері бойынша оны сайлаған жиналыс (конференция) алдында есеп береді.

      96-бап. Мүліктік масса

      1. Мүліктік массаның құрамына:
      1) банкроттың, оның ішінде оның қаржылық құжаттарында көрсетілмеген, бірақ талап құқықтарын (дебиторлық берешек) қоса алғанда, борышкердің меншік құқығын растайтын құжаттары бар мүлкі;
      2) Қазақстан Республикасының жер заңнамасында көзделген жағдайларда банкроттың тұрақты және ұзақ мерзімді уақытша жер пайдалану құқықтары кіреді.
      2. Мүліктік массаға банкрот – дара кәсіпкердің, толық серіктестіктер қатысушыларының жеке мүлкі, толық және коммандиттік серіктестіктерінің бұрынғы қатысушыларының, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік қатысушыларының, сондай-ақ банкроттың мүлкі жеткіліксіз болған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес оларға өндіріп алуды қолдану мүмкін болатын өндірістік кооперативтің мүлкі бөлек кіреді және ескеріледі.
      3. Қазақстан Республикасының заңдарында борышкерді банкроттыққа жеткізгені үшін өзге тұлғалардың субсидиарлық жауапкершілігі көзделген жағдайларда бұл жауапкершіліктің мөлшері кредиторлар талаптарының жалпы сомасы мен банкроттың мүліктік массасы арасындағы айырма ретінде айқындалады. Банкроттықты басқарушы осындай тұлғаларға борышкердің барлық кредиторларының мүдделері үшін талаптар қоюға міндетті. Жекелеген кредиторлардың өз мүдделерi үшін мұндай талаптар қоюына жол берiлмейдi.
      4. Мүліктік массаға:
      1) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары;
      2) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес жобалық қаржыландыру кезінде арнайы қаржы компаниясының міндеттемелері бойынша қамтамасыз ету және секьюритилендiру кезінде арнайы қаржы компаниясының облигациялары бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлiнген активтер мен ипотекалық облигациялар бойынша мынадай қамтамасыз ету болып табылатын кепіл мүлкі: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша (ипотекалық куәліктерді қоса алғанда) талап құқығы, сондай-ақ көрсетілген акцияларға олардың ұстаушыларында мәмілелер не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша меншік құқығы туындаған немесе оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары енгізілмейді. Банкроттықты басқарушы көрсетiлген мүлiк пен бөлiнген активтердi кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшiн Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес айқындалған ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың өкiлiне, кредиторлардың және (немесе) облигацияларды ұстаушылардың өкiлiне береді;
      3) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңамасына сәйкес құрылған тарату қорларының қаражаты;
      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік, оның ішінде концессия объектiсiнiң құрамына кiретiн мүлiк;
      5) Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексiнде көзделген, шығарындыларды азайту, сертификатталған шығарындыларды азайту, шығарындыларды ішкі азайту, парниктiк газдарды сiңiру квоталары бiрлiктерi;
      6) осы Заңның 104-бабында көзделген тәртіппен және шарттармен кепілді кредиторға берген жағдайда кепіл мүлкі;
      7) уақытша өтеусіз және уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы енгiзiлмейдi.
      Ескерту. 96-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.10.2015 № 380-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      97-бап. Банкроттың мүліктік массасын түгендеу

      1. Уақытша басқарушы банкроттың мүліктік массасын түгендеуді жүргізеді және кредиторлардың алғашқы жиналысына түгендеу туралы есепті ұсынады.
      2. Түгендеу туралы есеп негізінде кредиторлар жиналысы:
      1) түгендеу туралы есепті мақұлдау және банкроттықты басқарушыға мүліктік массаны бағалау мен өткізуге кірісуді тапсыру туралы;
      2) түгендеу туралы есепті нақтылау және банкроттықты басқарушыға он жұмыс күнінен аспауға тиіс мерзімде қайталап түгендеу туралы есеп беру мерзімін белгілеу туралы шешім қабылдайды.
      3. Жаңадан анықталған не борышкерге қайтарылған мүлікке (активтерге) қатысты банкроттықты басқарушы түгендеу туралы есепті осы мүлікті өзінің қорғауына және бақылауына қабылдаған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде кредиторлар комитетіне ұсынуға міндетті.

      98-бап. Банкрот мүлкінің (активтерінің) құнын бағалау

      1. Уақытша басқарушының түгендеу туралы есебінде көрсетілген мүлікке (активтерге) бағалау жүргізу туралы шешімді кредиторлар жиналысы қабылдайды.
      Жаңадан анықталған не мүліктік массаға қайтарылған мүлікке (активтерге) бағалау жүргізу туралы шешімді банкроттықты басқарушының түгендеу туралы есебін қарау кезінде кредиторлар комитеті қабылдайды.
      2. Жиналыстың не кредиторлар комитетінің бағалау туралы шешімінде:
      1) конкурстық комиссияның саны мен құрамы туралы мәліметтер;
      2) бағалаушыны таңдау жөнінде конкурс жариялау және өткізу үшін мерзімдер қамтылуға тиіс.
      3. Жиналыстың не кредиторлар комитетінің шешіміне сәйкес банкроттықты басқарушы конкурстық негізде тиісті мамандарды тарта отырып, дебиторлық берешекті қоса алғанда, борышкердің мүлкін (активтерін) бағалауды жүргізеді.
      4. Банкроттықты басқарушы кредиторлар жиналысы шешімінің негізінде мүлікті оның теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қоюға құқылы.

      99-бап. Банкроттың мүлкін (активтерін) сату

      1. Талап қою құқығын қоса алғанда, банкроттың мүлкiн сатуды банкроттықты басқарушы сату жоспарына сәйкес не тікелей сату әдісімен электрондық аукцион өткiзу арқылы жүзеге асырады.
      Борышкердің (банкроттың) мүлкiн (активтерiн) сату бойынша электрондық аукционды өткiзу тәртiбiн және оны ұйымдастырушыны уәкілетті орган айқындайды.
      2. Банкроттықты басқарушы сату жоспарын банкроттың мүліктік массасын түгендеу және бағалау деректерінің негізінде, сондай-ақ мүлікті теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қою туралы кредиторлар жиналысы шешімінің негізінде жасайды.
      Банкроттың мүліктік массасында тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және (немесе) қызметтерді көрсету үшін кәсіпкерлік қызметте пайдаланылатын мүліктік кешен болған кезде, сату жоспарында осындай кешенді бірыңғай лотпен аукционға кемінде екі рет шығару жөніндегі міндетті талап қамтылуға тиіс.
      Банкроттықты басқарушы кредиторлар жиналысы белгілеген мерзімде сату жоспарын жасауға және оны кредиторлар жиналысына ұсынуға міндетті.
      Егер аукцион бірыңғай лот бойынша өтпеген жағдайда не оған қатысушылардың ешқайсысы бірыңғай лотты иемденбесе, мүлікті өткізу бөлек лоттармен жүзеге асырылады.
      3. Банкроттың айналымда шектеулі мүлкін өткізу жабық электрондық аукционда жүзеге асырылады. Осы мүлікті иемденуге құқығы бар адамдар жабық электрондық аукционның қатысушылары бола алады.
      4. Банкроттың мүлікті сату жоспарына сәйкес сатуға ұсынылған, бірақ өткізілмей қалған мүлкі өздерінің талаптары толық көлемде қанағаттандырылмаған тиісті кезектің кредиторларына, олардың келісімімен сату жоспарында көрсетілген бастапқы бағасы бойынша жалпы үлестік меншікке беруге жатады.
      5. Стратегиялық объектіні сату кезінде Қазақстан Республикасы осындай мүлікті иемденуге басым құқыққа ие болады.
      Банкроттықты басқарушы стратегиялық объектіні сатуды «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оны иеліктен шығаруға рұқсат беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін алғаннан кейін жүзеге асырады.
      6. Банкроттың мүлкін (активтерін) тікелей сату кезінде сату бағасы және басқа да шарттар, сондай-ақ сатып алушы және онымен сатып алу-сату шартын жасасу мерзімі кредиторлар жиналысының бірауыздан қабылданған шешімімен және мүліктің меншік иесінің келісімімен айқындалады.
      7. Банкроттың мүліктік массасында банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейінгі мерзім ішінде құны елеулі төмендейтін мүлік (тез бұзылатын тауарлар, мал және жедел өткізуді талап ететін өзге де тауарлар) болған жағдайларда, уақытша басқарушы осындай мүлік анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде осындай мүлікті сату жоспарын жасауға және оны уәкілетті органға келісуге ұсынуға міндетті.
      Уәкілетті орган екі жұмыс күні ішінде уақытша басқарушының өтінішін қарауға және қабылданған шешім туралы уақытша басқарушыны дереу хабардар ете отырып, сату жоспарын келісу не келісуден бас тарту туралы шешім қабылдауға міндетті.
      Уақытша басқарушы бекітілген сату жоспарына сәйкес мүлікті өткізуге міндетті.
      Ескерту. 99-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      100-бап. Мүліктік массаны бөлудің кезектілігі

      1. Әкiмшiлiк және сот шығыстары банкрот мүлкiнiң есебiнен кезектен тыс өтеледi.
      Банкроттық рәсімін жүргізуге байланысты әкiмшiлiк шығыстар олар бойынша төлеу міндеті банкроттық туралы іс қозғалған кезден бастап және одан кейінгі кезең ішінде туындаған, тартылатын мамандардың қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығындарды, уақытша және банкроттықты басқарушыларға ағымдағы төлемдер сомасын, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға еңбекақы төлеуді қамтиды.
      Әкімшілік шығыстарға банкроттық рәсімі қолданылған салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңдер үшін салықтық есептілікке сәйкес салық төлеуші есептеген, салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша мемлекеттік кіріс органы есепке жазған салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жатады.
      Кредиторлар комитетінің банкроттықты басқарушымен жасасқан келісімі шегіндегі әкімшілік шығыстар сомаларын басқарушы олардың пайда болуына қарай төлеуі мүмкін.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Бірінші кезекте өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша; алименттерді өндіріп алу бойынша; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектерді төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы мен өтемақыларды төлеу бойынша; авторлық шарттар жөніндегі сыйақыларды төлеу бойынша талаптар қанағаттандырылады.
      Бірінші кезектегі талаптарды өтеу осы тармақта жазылған тәртіппен жүзеге асырылады.
      Кредиторлардың өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша талаптарын өтеу үшін мүлік жеткіліксіз болған кезде мүлік олардың тізілімге енгізілген талаптарының сомаларына пропорционалды түрде олардың арасында бөлінеді. Осы бөлік ережелері кредиторлардың алименттерді өндіріп алу бойынша; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектерді төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы мен өтемақыларды төлеу бойынша; авторлық шарттар жөніндегі сыйақыларды төлеу бойынша талаптарын өтеу кезінде қолданылады.
      3. Екінші кезекте осы Заңның 104-бабында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген банкрот мүлкінің кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелері бойынша кредиторлардың талаптары, сондай-ақ банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде банкроттықты басқарушының кредит алуы нәтижесінде туындаған талаптар қанағаттандырылады.
      4. Үшінші кезекте салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек өтеледі.
      5. Төртінші кезекте азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша басқа кредиторлармен есеп айырысу жүргізіледі, сондай-ақ осы Заңның 104-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады.
      6. Бесінші кезекте кредиторлардың залалдардың орнын толтыру және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) өндіріп алу бойынша талаптары қанағаттандырылады.
      Ескерту. 100-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 22.04.2015 № 308-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      101-бап. Кредиторлармен есеп айырысу қағидалары

      1. Әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектегі талаптар толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.
      Кредитордың талабы оның келісуімен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде ақшалай нысанда және (немесе) мүлікті заттай беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкін.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақтың үшінші бөлігіне өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша кредитордан басқа кредитор оны банкроттықты басқарушы ұсынған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде мүлікті талапты өтеу есебіне заттай қабылдау туралы өзінің жазбаша келісімін (келіспейтінін) білдіруге тиіс. Кредитордың жазбаша келісімін белгіленген мерзімде ұсынбауы мүлікті заттай қабылдаудан бас тартуы болып танылады.
      2. Егер талаптарды есепке жатқызу кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың кезектілігін бұзбаса, басқа тұлғалар тартылмай, тікелей, өзаралық негізде болып табылса, кредиторлар комитетінің шешімі бойынша банкроттықты басқарушы оның қабылданған күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей кредиторға талаптарды есепке жатқызу туралы мәлімдеуге міндетті. Есепке жатқызуға ақшаны төлеу туралы талаптар бойынша ғана жол беріледі.
      3. Кредиторлардың осы Заңның 90-бабының 3-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін, бірақ тарату теңгерімі бекітілгенге дейін мәлімделген талаптары, есептелген тұрақсыздық айыбын және сыйақыны (мүддені) немесе өзге де айыппұл санкцияларын, залалдарды ескере отырып, кредиторлардың қайтадан мәлімделген талаптарын қоспағанда, белгіленген мерзімде мәлімделген кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін банкроттың қалған мүлкінен қанағаттандырылады.
      4. Бірінші кезектегі кредиторлардың барлық кредиторлармен есеп айырысу аяқталғанға дейін мәлімделген талаптары мүліктік масса есебінен қанағаттандырылуға жатады. Мұндай талаптарды тізілімге енгізгенге дейін кредиторлардың талаптарын өтеу тоқтатыла тұрады.
      4-1. Банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде банкроттықты басқарушының кредит алуы нәтижесінде туындаған кредиторлар талаптары екінші кезек құрамына енгізілген, олардың алдындағы берешек банкроттық рәсімі қозғалғанға дейін туындаған кредиторлардың талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін өтеледі.
      5. Банкрот мүлкінің жеткіліксіздігіне байланысты кредиторлардың қанағаттандырылмаған талаптары өтелді деп саналады.
      Көрсетілген сомаларды кредитор банкроттық рәсімін аяқтау туралы сот ұйғарымының негізінде дебиторлық берешек есебінен шығаруға тиіс.
      Ескерту. 101-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.04.2015 № 308-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      102-бап. Бірінші кезектегі кредиторлардың талабын
               қанағаттандыру сомасы мен тәртібі

      1. Борышкер өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін олардың алдында жауапты болатын азаматтар талаптарының сомасын айқындау азаматқа ол жетпіс жасқа толғанға дейін, бірақ кемінде он жыл ішінде төленуге жататын тиісті мерзімдік төлемдерді (борышкер банкрот деп танылған күнгі мөлшерде) капиталдандыру арқылы жүзеге асырылады. Егер азаматтың жасы жетпіс жастан асқан жағдайда, тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру кезеңі он жылды құрайды.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіпке сәйкес айқындалатын соманың төленуі банкроттың тиісті міндеттемесін тоқтатады.
      3. Бірінші кезектегі кредиторлардың банкрот мүлкінің жеткіліксіздігіне байланысты қанағаттандырылмай қалған, өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша талаптары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеледі.
      4. Кредиторлардың еңбекақы және өтемақылар төлеу бойынша талаптарының сомасын айқындау кезінде, осы баптың 5 және
6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, банкроттық туралы iс бойынша іс жүргізу қозғалған кезге түзілген берешек бірінші кезек құрамында ескеріледі.
      5. Өздерімен еңбек қатынастары бiр жылдан басталатын банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi кезең iшiнде туындаған кредиторлардың еңбекақы мен өтемақы төлеу бойынша талаптары борышкерде банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi бiр жылдың алдындағы күнтiзбелiк он екi айда құралған орташа айлық жалақыдан аспайтын есеппен бірiншi кезек құрамында ескерiледi. Талаптардың қалған сомалары бесінші кезек құрамында ескерiледi.
      6. Қызметкердiң жалақысын көтеру нәтижесiнде пайда болған, бiр жылдан бастап банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi кезеңде есептелген еңбекақы және өтемақы төлеу жөнiндегi кредиторлар талаптарының ұлғайту сомасы кредиторлар талаптарының тiзiлiмiнде бесiншi кезек құрамында ескерiледi.

      103-бап. Екінші кезектегі кредиторлардың талаптарын
               қанағаттандыру сомасы мен тәртібі

      1. Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша талаптың сомасын айқындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген кепілмен қамтамасыз етілген бөлігіндегі міндеттеме бойынша берешек ескеріледі.
      2. Кредитордың кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша талаптары кепіл нысанасын өткізуден түскен соманың мөлшері шегінде қанағаттандырылады. Талаптардың кепіл нысанасын өткізуден түскен соманың мөлшерінен асатын сомасы төртінші кезек құрамына енгізуге жатады.
      3. Кепілді кредитор кепіл мүлікті заттай алуға келіскен кезде оның талаптарын өтеу осы Заңның 104-бабында көзделген тәртіппен және шарттармен жүргізіледі.
      4. Осы Заңның 104-бабында белгіленген тәртіп өздерінің талаптары банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде банкроттықты басқарушының кредит алуы нәтижесінде туындаған кредиторларға қолданылмайды.
      Ескерту. 103-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 22.04.2015 № 308-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      104-бап. Кепілді кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру

      1. Банкроттықты басқарушы кепіл мүлікті бағалауды жүргізу туралы кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күн ішінде кепіл мүлікті бағалауды жүргізуге және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін кепіл мүлікті кепілді кредиторларға беру туралы мәселені кредиторлар жиналысының кезекті отырысына шығаруға міндетті.
      2. Кредиторлар жиналысы кепіл мүлікті бағалау нәтижелерін ескере отырып, кепіл мүлікті кепілді кредиторға беруге келісу (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
      Егер жиналыс кепіл мүлікті кепілді кредиторға беруге келісу туралы шешім қабылдаған жағдайда, кепілді кредитор кредиторлар жиналысының құзыретіне кіретін қалған мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.
      Егер жиналыс кепіл мүлікті кепілді кредиторға беруден бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, кепілді кредитордың қалған мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде кредиторлар жиналысында дауыс беруге құқығы болады, кепіл мүлік мүліктік массаға енгізілуге жатады, ал кепілді кредитордың талаптары осы Заңның 103-бабына сәйкес екінші кезектің құрамында қанағаттандырылуға жатады.
      Кепілді кредитордың кредиторлар жиналысына келмеуі кепіл мүлікті қабылдаудан бас тартуға теңестіріледі. Кепілді кредитор кепіл мүлікті заттай қабылдаудан бас тартқан кезде кепіл мүлік банкроттың мүліктік массасына енгізіледі және кепілді кредитордың талаптары екінші кезектегі тәртіппен қанағаттандырылуға жатады.
      Кепілді кредитордың өзіне кепіл мүлікті беруге қарсы дауыс беруі де кепіл мүлікті қабылдаудан бас тартуға теңестіріледі.
      3. Егер кепіл мүліктің кепілді кредитор бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне төлеген соманы шегергендегі бағалау құны кепілді кредитордың кепілмен қамтамасыз етілген талабынан артық болған жағдайда, онда айырманы кепілді кредитор кредиторлар жиналысы кепіл мүлікті кепілді кредиторға беру туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей банкроттың мүліктік массасына қайтарады.
      Егер кепіл мүліктің бағалау құны кепілді кредитор бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне төлеген сомамен жиынтықта кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кепілді кредитордың талаптарынан кем болған жағдайда, кепілді кредитордың талаптары айырма мөлшерінде кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі және төртінші кезек құрамында қанағаттандырылуға жатады.
      4. Кредиторлар жиналысы кепіл мүлікті беру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде кепілді кредитор бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарын және кепіл мүлікті сақтауға және ұстауға байланысты әкімшілік шығыстарды өтеуге міндетті. Егер кредиторлар жиналысы бірнеше кепілді кредиторға қатысты оларға кепіл мүлікті беру туралы шешім қабылдаған жағдайда, бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарын өтеуді осындай кепілді кредиторлар олардың кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшеріне пропорционалды түрде жүргізеді.
      Кепіл мүлікті кепілді кредиторға беру ол бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары мен кепіл мүлкін сақтауға және ұстауға байланысты әкімшілік шығыстарды өтегеннен кейін жүргізіледі.
      5. Борышкер банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін шарт міндеттемелерін орындау процесінде қандай да бір сомаларды өтеген жағдайда кепілді кредиторлардың талаптары олардың өтелген бөлігінде қанағаттандырылуға жатпайды.
      Кепілге салынған мүліктің жоғалғаны немесе бүлінгені үшін сақтандыру өтелген жағдайда, кепілді кредиторлардың талаптары олардың өтелген бөлігінде қанағаттандыруға жатпайды және бұл талаптардың кез келген өтелмеген бөлігі төртінші кезек шеңберінде өтелуге тиіс.

      105-бап. Үшінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы
               және оларды қанағаттандыру тәртібі

      1. Үшінші кезектегі талаптардың құрамына енгізілетін талаптардың сомасын айқындау кезінде банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған кезіне түзілген салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек ескеріледі.
      2. Егер борышкер банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалғаннан кейінгі кезеңде салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді толық көлемде аудармаған жағдайда, сот борышкерді банкрот деп тану және оны банкроттық рәсім арқылы тарату туралы шешім шығарғанға дейін төленбеген сомалар борышкердің үшінші кезектегі кредиторлар алдындағы берешегінің жалпы сомасына енгізіледі.

      106-бап. Төртінші кезектегі кредиторлар талаптарының
               сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі

      1. Төртінші кезектегі талаптар құрамына енгізілетін талаптар сомасын айқындау кезінде азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша кредиторлардың талаптары, сондай-ақ осы Заңның 104-бабына сәйкес туындаған кепілді кредиторлардың талаптары ескеріледі.
      2. Мүлік жеткіліксіз болған кезде ол төртінші кезектегі кредиторлардың арасында олардың қанағаттандырылуға жататын талаптарының сомасына пропорционалды түрде бөлінеді.

      107-бап. Бесінші кезектегі кредиторлар талаптарының
               сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі

      Мүлік жеткіліксіз болған кезде кредиторлардың залалдардың орнын толтыру және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсiмпұлдарды) өндiрiп алу бойынша талаптары, сондай-ақ кредиторлардың осы Заңның 102-бабының 5 және 6-тармақтарында көрсетілген талаптары олардың тізілімге енгізілген талаптарының сомасына пропорционалды түрде қанағаттандырылуға жатады.

      108-бап. Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан
               кейін қалған мүлік

      1. Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған ақшаны банкроттықты басқарушы Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе банкроттың құрылтайшылық құжаттарына сәйкес банкрот мүлкінің меншік иесіне не оның құрылтайшыларына (қатысушыларына) береді.
      2. Банкроттың сатуға ұсынылған, бірақ өткізілмей қалған, сондай-ақ кредитор талапты қанағаттандыру есебіне қабылдамаған, кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейінгі қалған заттай мүлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген, сондай-ақ егер осындай мүлікті әкімші әкімшілік шығыстарды өтеу есебіне және кредитор талаптарды қанағаттандыру есебіне қабылдамаған жағдайларды қоспағанда, банкроттың меншік иесіне не қатысушыларға (құрылтайшыларға) беріледі.

      109-бап. Банкротты борыштардан босату

      1. Кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін банкрот атқаруға қойылған және заңды тұлғаны банкрот деп тану кезiнде ескерiлген мiндеттемелер мен өзге де талаптарды орындаудан босатылады.
      Кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін банкрот деп танылған дара кәсіпкер банкрот деп жарияланған тұлға өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін олардың алдында жауаптылықта болатын азаматтардың талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеке сипаттағы өзге де талаптарды қоспағанда, кәсіпкерлік қызметке байланысты қалған міндеттемелерді орындаудан босатылады.
      2. Егер банкрот оңалту және банкроттық туралы іс қозғалғанға дейінгі үш жыл ішінде өз мүлкінің бір бөлігін жасырса немесе жасыру мақсатында басқа адамға берсе, бухгалтерлік кітаптарды, шоттарды, құжаттарды қоса алғанда, қажетті есептік ақпаратты бүгіп қалса немесе бұрмаласа, ол борыштардан босатылмайды.

      110-бап. Банкроттықты басқарушының қорытынды есебі

      1. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн банкроттықты басқарушы тарату теңгерімі мен кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiктi пайдалану туралы есептi қоса бере отырып, сотқа өз қызметi туралы кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есептi ұсынады.
      2. Сот банкроттықты басқарушының қорытынды есебi мен тарату теңгерімін бекiтедi және олар ұсынылған кезден бастап күнтізбелік он бес күннен кешiктірілмейтiн мерзiмде банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарым шығарады.
      Банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейiн сот бiр апталық мерзiмде банкроттықты басқарушының бiрiншi кезектегi кредиторлардың қанағаттандырылмаған талаптары туралы мәлiметтер қамтылған, бекiтiлген қорытынды есебiнен үзiндi көшiрмені уәкiлеттi органға жiбередi.
      Банкроттық рәсімді аяқтау туралы ұйғарымда банкроттықты басқарушыға сыйақы төлеуге және банкроттың өткізілмей қалған мүлкiне байланысты реттелмеген мәселелер де шешiлуге тиiс. Сот ұйғарымның көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға, уәкiлеттi органға, мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органына, сондай-ақ талаптары қанағаттандырылмаған банкроттың кредиторларына жiбередi.

      111-бап. Уәкілетті органның интернет-ресурсында
               банкроттар тізімін жариялау

      1. Банкроттық саласындағы уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында оларға қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімдері күшіне енген банкроттардың (дара кәсіпкерлердің, заңды тұлғалардың) тізімін жариялайды.
      Борышкерді банкрот деп тану туралы шешім күшін жойған жағдайда, ол тізімнен алып тасталады.
      Тізімде борышкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) не атауы, экономикалық қызмет түрі, борышкердің деректемелері, басшы мен құрылтайшылардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің және банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы сот ұйғарымының күндері көрсетіледі.
      2. Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған банкроттар тізімі оларға қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімдері өткен айда заңды күшіне енген банкроттарды енгізу жолымен ай сайын, өткен айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей жаңартылады.

      112-бап. Банкротты таратуды аяқтау

      1. Заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлердiң мемлекеттiк тiркелiмдерiне жазба енгiзiлгеннен кейін банкротты тарату аяқталды, ал банкрот жұмыс iстеуiн тоқтатты деп саналады.
      2. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органдар банкротты заңды тұлғалардың тiркелiмiнен алып тастау туралы бұйрықтарды сотқа және уәкiлеттi органға, сондай-ақ банкроттың орналасқан жерi бойынша мемлекеттік кіріс органына жiбередi.
      3. Заңды тұлғалар банкроттарының акционерлік қоғамдарының директорлар кеңесінің мүшелері, атқарушы органының басшылары мен мүшелері, бас бухгалтері уәкілетті орган қалыптастыратын банкроттар құрылтайшыларының тізіліміне енгізіледі.
      Ескерту. 112-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

7-тарау. БАНКРОТТЫҚТЫҢ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН РӘСІМДЕРІ

      113-бап. Таратылатын борышкердің банкроттығы

      1. Осы Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар анықталған кезде тарату комиссиясы сотқа борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiш беруге мiндеттi. Тарату комиссиясы көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде ол туралы борышкер-заңды тұлғаны хабардар етуге мiндеттi.
      2. Сот банкроттық туралы iсті қозғаған кезден бастап борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне және оның құрылтайшыларына (қатысушыларына) осы Заңның 50-бабында көзделген салдарлар қолданылады.

      114-бап. Соттың істі қарауы

      1. Таратылатын заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы iсті қозғаған сот бiр ай мерзiмде борышкердi банкрот деп тану және оны тарату туралы шешiм шығарады.
      2. Егер iстi қарау кезiнде борышкердегi бар мүлiк (активтер) барлық кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға мүмкіндік беретіні анықталса, сот борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарады. Соттың шешiмi борышкердi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен таратуды жалғастыруға негiз болып табылады.

      115-бап. Борышкерді тарату тәртібі

      Банкроттықты басқарушы осы Заңның 84 – 112-баптарында көзделген тәртiппен борышкердi таратуды жүзеге асырады.

      116-бап. Борышкердi банкроттық тәртiппен таратудан бас
               тартудың салдарлары

      1. Егер заңды тұлға тек банкроттық тәртiппен таратылуға тиiс болатын мән-жайлардың болуына қарамастан, меншiк иесi, құрылтайшылар (қатысушылар), тарату комиссиясы борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнбесе және заңды тұлғаны таратуды жүзеге асырса, барлық кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандырмау заңды тұлғаның қызметін тоқтатуды мемлекеттік тіркеуден бас тарту үшін негiз болып табылады.
      2. Егер борышкер мүлкiнiң меншік иесi, құрылтайшылар (қатысушылар), тарату комиссиясы (таратушы) осы Заңға немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес борышкердің өтелмеген мiндеттемелерi бойынша жауаптылықта болса, кредиторлар оларға қанағаттандырылмай қалған талаптарын қоюға құқылы.

      117-бап. Кредитордың өтiнiшi бойынша таратылатын
               борышкердiң банкроттығы

      1. Заңды тұлғаның меншiк иесiнің, құрылтайшыларының (қатысушыларының) оны тарату туралы шешiм қабылдауы кредитордың мұндай заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуiне кедергi болып табылмайды.
      2. Борышкердi банкрот деп тану туралы сот шешiм қабылдаған жағдайда осы тараудың ережелерi қолданылмайды, ал борышкердi тарату осы Заңның 84 – 112-баптарында көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      118-бап. Уәкілетті органның банкроттық рәсімін
               қозғамастан банкротты таратуы

      1. Осы Заңның 57-бабының 2-тармағына сәйкес тарату рәсімін жүргізу уәкілетті органға жүктелген кезде әкімшінің осы Заңда көзделген құқықтары мен міндеттері уәкілетті органға ауысады.
      2. Банкротта активтер, сондай-ақ осы Заңның 7-бабына сәйкес жарамсыз деп тануға жататын мәмілелер болмаған жағдайда, уәкілетті орган бір ай мерзімде кредиторлар жиналысына келісу үшін қорытынды есепті және тарату балансын ұсынуға міндетті.
      3. Уәкілетті орган:
      1) кредиторлар жиналысымен келіскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде сотқа бекіту үшін қорытынды есеп пен тарату балансын ұсынуға;
      2) сот қорытынды есепті бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде банкроттың банктік шоттарын жабуға және салық төлеуші куәлігінің және қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәліктің бланкілерін (олар болған жағдайда) мемлекеттік кіріс органына тапсыруға міндетті.
      4. Борышкерді таратуды жүргізу барысында мүлік массасы және (немесе) бұдан бұрын шығарылған мүлікті мүліктік массасына қайтару анықталған кезде уәкілетті орган жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша банкроттық рәсімін қозғамастан, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғау туралы сот шешімін қайта қарау туралы сотқа жүгінуге міндетті.
      Ескерту. 118-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

8-тарау. ҚАЛА ҚҰРАУШЫ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР БАНКРОТТЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      119-бап. Қала құраушы борышкер – заңды тұлғалардың
               банкроттығы

      1. Қала құраушы болып табылатын заңды тұлға – борышкер осы тарауда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңда белгіленген жағдайларда және тәртіппен банкрот деп танылуы мүмкін.
      2. Заңды тұлғаларды қала құраушыға жатқызу және олардың тізбесін жүргізу өңірлік даму жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
      Ескерту. 119-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      120-бап. Банкроттық туралы істі қарау

      1. Қала құраушы заңды тұлғаның банкроттығы туралы iстi қарау кезінде тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiм уәкiлеттiк берген өкiл атынан iске қатысушы деп танылады. Сот қала құраушы заңды тұлғаның банкроттығы туралы iс қозғалғаннан кейiн бұл туралы әкiмнiң өкiлiн және уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.
      2. Борышкердiң өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшiне, сондай-ақ борышкердiң пiкiрiне өзге де тұлғалардың оны банкрот деп тану туралы өтiнiшiне борышкердiң қала құраушы заңды тұлғаларға жататындығын куәландыратын құжаттар қоса беріледі.
      3. Қала құраушы заңды тұлға – борышкер банкроттығы туралы iстi қарауға дайындық кезінде судья қала құраушы заңды тұлғалар тiзбесiнен үзінді көшiрме сұратып алады.

      121-бап. Кредиторлардың талаптарын өтеу

      1. Сот тиiстi шешiм шығарғанға дейiн кез келген уақытта Қазақстан Республикасы, әкiмшiлiк-аумақтық бірлік кепiлмен қамтамасыз етілген барлық кредитордың және қала құраушы заңды тұлға – борышкердің азаматтық-құқықтық міндеттемелері бойынша кредиторлардың талаптарын бiр мезгiлде өтеудi жүзеге асыруға құқылы.
      2. Кредиторлардың талаптары осы баптың 1-тармағында көзделген тәртiппен өтелген жағдайда банкроттық туралы iс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады.
      3. Қала құраушы заңды тұлға – борышкердің кредиторлар алдындағы талаптарын Қазақстан Республикасының, әкiмшiлiк-аумақтық бірліктің өтеуі борышкердiң мүлкiн алып қоюмен не олардың өзгеше жолмен сатып алуымен қоса жүргізілмейді.

9-тарау. АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМІН ӨНДІРУШІЛЕРДІ ОҢАЛТУДЫҢ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БАНКРОТТЫҒЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      122-бап. Ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің банкроттығы

      1. Ауылшаруашылық өнімін өндіруші болып табылатын борышкер осы тарауда белгiленген ерекшелiктер ескеріле отырып, банкрот деп танылады.
      2. Ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің дәрменсiздiгi анықталған кезде олар бойынша орындалу мерзiмi алдыңғы жылдан бұрын басталмаған мiндеттемелер ескерiледi. Бұл ретте, осы мерзiмде табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар не мiндеттемелердiң мерзімінде орындалмауына себеп болып табылған аса қолайсыз табиғи-климаттық жағдайлар туындаған, банкроттық рәсiмi қозғалған жылдың алдындағы жыл есепке алынбайды.

      123-бап. Кредитордың өтінішіне немесе борышкердiң
               пiкiрiне қосымша қоса берілетін құжаттар

      Кредитордың өтінішiне немесе борышкердiң пiкiрiне осы Заңда көзделген құжаттардан басқа қосымша мыналар қоса беріледі:
      1) жерлердiң кадастрлық сипаттамасы;
      2) банкроттық рәсiмi қозғалған жылдың алдындағы жылда табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар не табиғи-климаттық жағдайлар болса, олар туралы деректер.
      Борышкер кредитордың, мемлекеттік кіріс органының және өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органның немесе прокурордың өтінішiне берген пiкiрiнде өзiнiң дәрменсiздiгiн таныған жағдайда, қосымша құжаттарды ұсыну мiндеттi емес.
      Борышкер банкрот деп танылған немесе оған оңалту рәсiмдерi қолданылған жағдайда қосымша құжаттарды алуға байланысты шығыстар әкiмшiлiк шығыстарға жатқызылады.
      Ескерту. 123-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      124-бап. Оңалту рәсiмiнiң мерзiмiн ұзарту

      Егер табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың не аса қолайсыз табиғи-климаттық жағдайлардың салдарынан оңалту рәсiмiнiң мақсаттарына қол жеткізу мүмкiн болмаған жағдайда, сот оңалту рәсiмiн жүргізу мерзімін бiр жылдан аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.

      125-бап. Банкроттық рәсімі

      1. Осы Заңның 84-бабының 1-тармағында белгіленген банкроттық рәсімді жүргізу мерзімін сот кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушының өтінішхаты бойынша бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
      2. Банкроттықты басқарушы кредиторлар комитетінің келісуімен банкроттың мүліктік массасының құнын ұстап тұру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады, оларға:
      1) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жерлерді қорғау жөніндегі іс-шаралар;
      2) егiс және егiн жинау жұмыстары, жануарлардың, құстардың, балараның өсімін молайту және өсiру, өсiмдiк шаруашылығы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, омарта шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу;
      3) борышкер мүлкiн өткізу үшiн тиісті жағдайда ұстауға байланысты шаралар жатады.
      Мүліктік массаның құнын ұстап тұру бойынша шығыстар әкімшілік шығыстарға жатады.

      126-бап. Мүліктік массаны қалыптастыру және өткізу

      1. Банкроттықты басқарушы банкроттың жер пайдалану құқығының тиісті ресімделуін қамтамасыз етуге міндетті, бұл ретте жұмсалған шығыстар әкімшілік шығыстарға жатқызылады.
      2. Банкроттың мүлкін сату осы Заңның 99-бабына сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте, негізгі қызмет түрін міндетті түрде сақтай отырып, банкроттың мүлкін сату жоспарына мүліктік массаны бірыңғай лотпен аукцион нысанында өткізілетін сауда-саттыққа бастапқы шығару бойынша қосымша шарт енгізіледі.
      3. Егер аукцион өткізілмеген не оған қатысушылардың ешқайсысы бірыңғай лотты иемденбеген жағдайда, мүлікті сату бөлек лоттармен жүзеге асырылады, бұл ретте біртұтас өндірістік кешенге кіретін мүлікті бөлек лоттарға кіргізуге жол берілмейді.
      Егер біртұтас өндірістік кешен кіретін лот бойынша аукцион өткізілмеген не оның қатысушыларының ешқайсысы бірыңғай лотты иемденбеген жағдайда, оны өткізу одан әрі бөлек лоттар бойынша жүзеге асырылады.
      4. Банкроттықты басқарушы мүлікті бірыңғай лотпен, сондай-ақ біртұтас өндірістік кешенге кіретін мүлікті өткізу бойынша өткізілген сауда-саттықтың қорытындылары туралы ақпаратты сатып алу-сату шарты жасалған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдарға жіберуге міндетті.
      5. Мүліктік массаны бөлек лоттар бойынша сатып алушы болмаған кезде кредиторлар өз талаптарын осы Заңның 100-бабында белгіленген мүліктік массаны бөлудің кезектілігіне сәйкес олардың талаптарының сомасына пропорционалды түрде заттай банкроттың мүлкі есебінен қанағаттандыруға құқылы.
      6. Мүліктік массаны өткізу бойынша аукцион өткізудің уақыты мен орнын кредиторлар жиналысының келісуімен банкроттықты басқарушы айқындайды.

10-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      127-бап. Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық
               туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      128-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. «Банкроттық туралы» 1997 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 1-2, 7-құжат; № 13-14, 205-құжат; 1998 ж., № 14, 198-құжат; № 17-18, 225-құжат; 2000 ж., № 22, 408-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 17-18, 240-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 4, 26-құжат; № 11, 67-құжат; 2004 ж., № 6, 42-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 57-құжат; 2006 ж., № 1, 4-құжат; № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 13, 86-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 14, 18-құжаттар; № 9, 67-құжат; 2008 ж., № 13-14, 58-құжат; № 23, 114-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 9-құжаттар; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 2, 14, 15-құжаттар; № 6, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев