Тауар биржалары туралы

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 мамырдағы N 155-IV Заңы

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 31-баптың 1-тармағынан қараңыз.

      Осы Заң тауар биржалары қызметі және биржалық сауданы жүзеге асыру процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, тауар биржаларының ашық және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, биржалық саудаға қатысушылардың құқықтарын және олардың арасындағы адал бәсекелестікті қорғау мақсатында тауар биржаларының қызметін реттеу және мемлекеттік бақылау тәртібін белгілейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-бапқа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) атаулы мәміле – биржалық тауардың сатып алушысы мен сатушысының алдын ала екіжақты уағдаластығы бойынша жасалған биржалық мәміле;
      1-1) биржалық брокер (бұдан әрi – брокер) – сауда қызметiн реттеу саласындағы уәкiлеттi орган беретiн лицензия негiзiнде Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес тауар биржасында өз қызметiн жүзеге асыратын, акционерлiк қоғамның немесе жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және клиенттiң тапсырмасы бойынша, соның есебiнен және мүддесi үшiн биржалық тауармен мәмiлелер жасайтын заңды тұлға;
      2) биржалық дилер (бұдан әрі - дилер) - сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган беретін лицензия негізінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес тауар биржасында өз қызметін жүзеге асыратын, акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және өзінің мүддесі үшін және өзінің есебінен, сондай-ақ клиенттің тапсырмасы бойынша биржалық тауармен мәмілелер жасайтын заңды тұлға;
      3) биржалық сауда - тауар биржасында сауда-саттықты, оның ішінде электрондық сауда-саттықты жүргізу, мәмілелерді тіркеу және ресімдеу жолымен жүзеге асырылатын биржалық тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет; 
      4) биржалық сауда ережелері - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін биржалық сауданың үлгі ережелері негізінде әзірленген, әрбір тауар биржасы үшін биржалық сауда жүргізудің тәртібін белгілейтін құжат;
      5) биржалық сауда-саттық - биржалық тауарлар бойынша мәмілелер жасауға бағытталған биржалық сауда ережелері шеңберінде жүргізілетін процесс;
      6) биржалық саудаға қатысушылар - биржалық сауданың белгіленген ережелері бойынша тауар биржасында өзара әрекет ететін клиенттер, брокерлер және дилерлер;
      7) биржалық тауар - айналымнан алынып тасталмаған немесе айналымда шектелмеген тауар, оның ішінде жылжымайтын мүлікті және зияткерлік меншік объектілерін қоспағанда, тауар биржасы биржалық саудаға жіберген мерзімді келісімшарт;
      8) биржалық тауарларға баға белгілеу - тауар биржасында белгілі бір уақыт кезінде биржалық тауарлар бойынша жарияланған сұраныстың және (немесе) ұсыныстың бағасы;
      9) бұйрық - нақты биржалық тауарларға қатысты тауар биржасында белгілі бір әрекетті жүзеге асыруды көрсете отырып, клиент брокерге және (немесе) дилерге ұсынатын құжат;
      9-1) кепілдік беру қор – биржада жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында биржаның өз қаражаты есебінен қалыптастыратын ақша қоры;
      9-2) классикалық сауда режимі – бірін-бірі білетін сатып алушылар мен сатушылар арасында биржалық тауардың шарттық бағасы бойынша атаулы мәмілелер жасалатын сауда режимі;
      10) клиент - биржалық тауармен мәмілелер жасау үшін брокердің және (немесе) дилердің көрсететін қызметтерін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
      11) клиринг - тауар биржасында жасалатын мәмілелер бойынша биржалық сауда-саттыққа қатысушылар арасында өзара талаптар мен міндеттемелердің есебін жүргізу;
      11-1) кросс-мәміле – брокер түрлі екі клиенттің тапсырмасы бойынша іс-әрекет ете отырып не өзі үшін тапсырманы орындай отырып, сатушы тарапынан да, сатып алушы тарапынан да әрекет ететін биржалық мәміле;
      11-2) қосарланған қарсы аукцион режимі – сатушылар мен сатып алушылар бәсекелестігі нәтижесінде биржалық мәмілелер жасырын түрде жасалатын, ал биржалық тауарға баға сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдік деңгейінде белгіленетін сауда режимі;
      12) мерзімді келісімшарт – орындау мерзімі кейінге қалдырылған базалық активті шартсыз немесе шартты сатып алу-сатуға арналған келісімшарт, оған фьючерсопцион жатады;
      13) алып тасталды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
      14) опциондық мәміле – объектісі опцион болып табылатын биржалық мәміле;
      14-1) сақтандыру қоры – биржада жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында биржа және (немесе) оның клирингтік орталығы биржа мүшелерінің міндетті жарналары есебінен қалыптастыратын ақша қоры;
      15) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - сауда қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді және үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      16) спот-тауар - шұғыл берілетін немесе алдағы уақытта берілетін, қоймада тұрған тауар;
      16-1) стандартты аукцион режимі – сатып алушы (сатушы) – аукцион бастамашысы үшін ең тиімді баға бойынша төмендетуге немесе жоғарылатуға арналған аукцион барысында биржалық мәмілелер жасалатын сауда режимі;
      17) тауар биржасының мүшесі - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауар биржасының ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен биржалық тауармен мәмілелерді жүзеге асыруға құқығы бар брокер және (немесе) дилер;
      18) тауар биржасының сауда жүйесi – тауар биржасының материалдық-техникалық құралдары, электрондық сауда жүйесі, iшкi құжаттары және өзге де қажеттi активтер мен рәсiмдер кешенi, тауар биржасындағы сауда-саттыққа қатысушылар арасында биржалық тауарлармен мәмiлелер жасай отырып, сауда-саттық соларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады;
      19) тауар биржасының ішкі құжаттары - тауар биржасына қатысушылар қызметінің шарттары мен тәртібін, тауар биржасының, оның органдарының, құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын, қызмет көрсетулер, оларға ақы төлеудің тәртібі мен мөлшерін реттейтін құжаттар;
      19-1) тауар биржасының электрондық сауда жүйесi – электрондық биржалық сауда-саттықты өткізуге қажетті және биржалық мәмілелер мен клиринг жасасу, сондай-ақ ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және ашу процесін автоматтандыруды қамтамасыз ететін, тауар биржасының есептеу құралдары, бағдарламалық қамтылымы, дерекқорлары, телекоммуникациялық құралдары және басқа да жабдықтары кешені;
      20) фьючерстiк мәмiле – объектісі фьючерс болып табылатын биржалық мәмiле;
      21) электрондық биржалық сауда-саттықтар – электрондық сауда жүйесіне берілген электрондық өтінімдер негізінде биржалық мәмілелерді жасайтын биржалық брокерлердің (биржалық дилерлердің) авторландырылған трейдерлері қатысатын биржалық сауда-саттықтарды өткізу процесі.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.07.2012 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.03.2013 N 81-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы
              заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

2-тарау. ТАУАР БИРЖАЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-бапқа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тауар биржалары
              қызметі саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) тауар биржаларының қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      3) биржа саудасының үлгі ережелерін бекітеді;
      4) тауар биржаларының, биржалық брокерлер мен дилерлердің қызметіне қойылатын біліктік талаптарын бекітеді;
      5) уәкілетті органның ұсынысы бойынша тауар биржалары арқылы өткізілетін биржалық тауарлардың тізбесін және ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшерін бекітеді, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді; 
      6) тауар биржасында халықаралық биржа сауда-саттықтарын дамыту үшін жағдайлар жасайды;
      6-1) тауар биржалары есептілігінің күнделікті электрондық нысандарын, оларды ұсыну қағидаларын бекітеді;
      6-2) кепілдік беру және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларын, олардың мөлшерін бекітеді;
      6-3) тауар биржаларының электрондық сауда жүйесіне қойылатын міндетті талаптарды бекітеді;
      7) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-бапқа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:
      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      2) тауар биржаларының қызметін реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, бекітеді;
      3) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      3-1) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
      3-2) тауар биржаларының электрондық сауда жүйесiне қойылатын міндетті талаптарды әзірлейді;
      3-3) тауар биржалары есептілігінің күнделікті электрондық нысандарын, оларды ұсыну қағидаларын әзірлейді;
      3-4) кепілді және сақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларын, олардың мөлшерін әзірлейді;
      3-5) тауар биржаларының, биржалық брокерлердің және дилерлердің қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді;
      4) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      5) тауар биржаларының қызметін талдауды және оған мониторингті жүргізеді;
      6) коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, тауар биржаларының қызметі және биржалық сауда мәселелері жөніндегі ақпаратты жариялайды;
      7) тауар биржалары саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      8) алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 N 188-IV Заңымен.
      9) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      10) тауар биржалары саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
      11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      4-1-бап. Ақпарат алу жөніндегі өкілеттіктер

      Уәкілетті органға жүктелген функцияларды сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету, осы Заңның талаптарын іске асыру мақсатында уәкілетті орган жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік органдардан өзінің бақылау функцияларын жүзеге асыруы үшін қажетті ақпаратты өтеусіз алуға құқылы, бұл ретте, алынған мәліметтер жария етілмеуге тиіс.
      Ескерту. 2-тарау 4-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4-2-бап. Биржалық тауарлар тізбесіне кірген тауарларды
                өткізу

      Биржалық сауда қатысушысының биржалық тауарлар тізбесіне кірген өзінің жалпы биржалық тауарлары айналымының кемінде он бес пайызы қосарланған қарсы аукцион режимінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 2-тарау 4-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      5-бап жаңа редакцияда көзделген - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5-бап. Тауар биржалары саласындағы қызметті лицензиялау

      Тауар биржалары саласындағы қызметті лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

3-тарау. ТАУАР БИРЖАСЫН ҚҰРУ

      6-бап. Тауар биржасы

      1. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, сауда-саттықтарды ұйымдық және техникалық қамтамасыз етуді тауар биржасының сауда жүйесін пайдалана отырып тікелей жүргізу жолымен жүзеге асыратын заңды тұлға тауар биржасы болып табылады.
      Тауар биржасы сауда-саттық жүргізуді биржалық сауданың белгіленген ережелері бойынша қамтамасыз етеді.
      Тауар биржасы өз қызметін уәкілетті орган беретін лицензия негізінде жүзеге асырады.
      2. Тауар биржасының атауында "тауар биржасы" деген сөздер болуға тиіс.
      3. Тауар биржасының жарғылық капиталын қалыптастыру Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      7-бап. Тауар биржасының жарғысы

      1. Тауар биржасының жарғысы Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасында көзделген тәртіппен бекітіледі.
      2. Тауар биржасының жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мәліметтерден басқа тауар биржасын мамандандыруға нұсқау болуға тиіс.

      8-бап. Тауар биржасындағы дауларды шешу

      1. Биржалық мәмілелер жасасумен байланысты дауларды шешу үшін тауар биржасы әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде тұрақты жұмыс істейтін биржалық төрелік құрады.
      2. Биржалық төреліктің қызметі Қазақстан Республикасының аралық соттар туралы заңнамасымен реттеледі.

      9-бап. Тауар биржаларының сыныптамасы

      Мамандануы бойынша тауар биржалары:
      1) биржалық сауда-саттыққа әртүрлі тауарларды қабылдайтын әмбебап;
      2) тауардың белгілі бір түрінің айналымына қызмет көрсететін мамандандырылған болуы мүмкін.

      10-бап. Биржалық сауданың үлгі ережелері

      1. Биржалық сауданың үлгі ережелері тауар биржасы мүшелерінің биржалық тауарлармен биржалық мәмілелер жасау кезіндегі қызметінің тәртібін айқындайды. 
      2. Биржалық сауданың үлгі ережелері мыналарды:
      1) тауар биржасына мүшелікке қабылдаудың, мүшелікті тоқтата тұрудың және тоқтатудың шарттары мен тәртібін;
      2) биржалық сауда-саттықтарды жүргізу тәртібін, оның ішінде атаулы мәмілелер мен кросс-мәмілелер жасасу ерекшелігін;
      3) биржалық сауда-саттықта тауарлармен жасасылған мәмілелер бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру тәртібін;
      4) тауар биржасындағы сауда-саттықты тоқтата тұрудың және қайта жаңартудың шарттары мен тәртібін;
      5) биржалық төрелік қызметін қалыптастыру мен ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ биржалық тауарлармен биржалық мәмілелер жасасуға байланысты дауларды шешу тетіктерін;
      6) биржалық сауда бойынша құжаттарды қабылдау (бекіту) тәртібін;
      7) тауар биржасындағы мәмілелерді есепке алу және тіркеу тәртібін;
      8) тауар биржасының уәкілетті органға есептерді ұсыну, сондай-ақ өткізілетін сауда-саттықтар туралы ақпаратты тауар биржасының интернет-ресурсына орналастыру тәртібін;
      9) тауар биржасы арқылы мемлекеттік және өзге де сатып алуды жүргізу тәртібін;
      10) өткізілетін сауда-саттықтар туралы ақпаратты тауар биржасының интернет-ресурсына орналастыру тәртібін қамтиды.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      11-бап. Тауар биржасының мүшелері

      1. Тауар биржасы мүшелерінің саны жетеуден кем болмауға тиіс.
      2. Тауар биржасына мүшелік осы Заңға сәйкес биржалық сауда-саттыққа қатысуға құқық береді.
      3. Тауар биржасымен үлестес заңды тұлғалар тауар биржасының мүшелері бола алмайды.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      12-бап. Тауар биржасының қызметкерлері

      1. Тауар биржасымен еңбек қатынастарында тұрған және жұмысты еңбек шарты бойынша тікелей орындайтын жеке тұлғалар тауар биржасының қызметкерлері болып табылады. Тауар биржасының қызметкеріне бір мезгілде тауар биржасының мүшелерімен еңбек қатынастарында тұруға тыйым салынады.
      2. Тауар биржасының қызметкерлеріне биржалық мәмілелерге қатысуға, сондай-ақ коммерциялық ақпаратты өз мүдделерінде пайдалануға тыйым салынады.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. ТАУАР БИРЖАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ

      13-бап. Тауар биржасының қызметі

      1. Тауар биржасының негізгі қызметінің түрі биржалық сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргізу болып табылады.
      2. Тауар биржасы мынадай функцияларды:
      1) сауда-саттықты ұйымдастыруды және жүргізуді;
      2) тауар биржасында жасалатын мәмілелерді, оның ішінде спорт-тауарлармен жасалатын мәмілелерді тіркеуді және ресімдеуді;
      3) биржалық мәмілелер бойынша есеп айырысуларды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды;
      4) тауар биржасында жүргізілген сауда-саттық нәтижесінде тауарға биржалық бағаны тіркеуді;
      5) биржалық сауданың үлгі ережелері негізінде биржалық сауданың ережелерін әзірлеуді және бекітуді;
      6) биржалық сауда-саттық арқылы сатылатын биржалық тауардың сапасына биржалық саудаға қатысушының талабы бойынша сараптама ұйымдастыруды;
      7) биржалық саудамен байланысты ұйымдастырушылық, консультациялық, ақпараттық, әдістемелік қызметтер көрсетуді;
      8) биржалық тауарлар нарығына талдамалық зерттеулер жүргізуді;
      9) биржалық қызмет туралы ақпаратқа жататын баспа өнімін шығаруды;
      10) биржалық тауар нарығының қатысушыларын оқыту және олардың біліктілігін арттыру жөнінде оқу курстарын ұйымдастыруды;
      11) тауар биржасының сауда жүйесін пайдалануды;
      12) халықаралық биржалық сауда-саттықты дамытуды жүзеге асырады.
      3. Тауар биржасына биржалық сауданы ұйымдастырумен тікелей байланысты емес сауда және өзге де қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
      4. Тауар биржасы осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен өзіне берілген құқықтар шегінде өз атынан шетелдіктермен және басқа мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалармен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасуға құқылы.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      13-1-бап. Тауар биржасы арқылы мемлекеттік сатып алу

      1. Тауар биржасындағы мемлекеттік сатып алу биржалық сауданың үлгілік қағидаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Тауар биржасындағы мемлекеттік сатып алу қосарланған қарсы аукцион режимінде жүзеге асырылады.
      3. Тапсырыс беруші үшін тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қызметтері тапсырыс берушінің тиісті жылға арналған бюджетінде көзделген қаражаттар шеңберінде өтеулі негізде көрсетіледі.
      4. Тауар биржасында мемлекеттік сатып алу тек қана электрондық биржа сауда-саттықтары арқылы жүргізіледі.
      Ескерту. 4-тарау 13-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      14-бап. Тауар биржасының кірістері

      1. Тауар биржасының кірістері тауар биржасы мүшелерінің кіру жарналары мен жыл сайынғы жарналары, биржа мүлкін пайдаланғаны, биржалық мәмілелерді тіркегені және ресімдегені үшін төлемдер есебінен және заңнамамен тыйым салынбаған басқа да түсімдер есебінен құралады.
      2. Тауар биржасы мыналарды:
      1) тауар биржасы мүшелерінің кепілдік жарналарының мөлшері мен оларды енгізу тәртібін;
      2) биржалық сауданың ережелеріне сәйкес сауда-саттыққа қатысқаны үшін төлемдердің мөлшерін;
      3) алыпсатарлық әрекеттерді болдырмау мақсатында сауда-саттықты тоқтата тұру үшін алдыңғы сауда-саттық нәтижесінде қалыптасқан бағаларды ескере отырып, бір сауда күні шеңберінде нақты биржалық тауарға бағалар деңгейлерінің ең аз және ең көп шектерін белгілеуге құқығы бар.
      3. Тауар биржасына биржалық мәмілелердегі делдалдық үшін брокерлер және дилерлер алатын сыйақы мөлшерін белгілеуге тыйым салынады.
      4. Тауар биржасының мүшелерінен алынатын төлемдердің мөлшері биржалық сауданың ережелерімен айқындалады және биржалық сауданың кез келген қатысушысының танысуы үшін қолжетімді болуға тиіс.

      15-бап. Биржалық мәміле

      1. Биржада айналымға жіберілген мүлік нысанасы болып табылатын және Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына және биржалық сауда ережелеріне сәйкес ол жүргізетін сауда-саттыққа қатысушылармен жасалатын мәміле биржалық мәміле болып танылады. 
      2. Тауар биржасында жасалған, бірақ осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес емес мәмілелер биржалық болып табылмайды.
      3. Биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарлармен тауар биржаларынан тыс жасалған мәмілелер мүдделі адамдардың, уәкілетті органның не прокурордың талабы бойынша жарамсыз деп танылады.
      4. Биржалық мәмілелер тауар биржасының атынан және оның есебінен жасалмайды.

      15-1-бап. Биржалық сауда-саттықтарды жүргізу режимдері

      Биржалық сауда-саттықтар сауданың мынадай режимдерінде жүргізіледі:
      1) классикалық сауда;
      2) қосарланған қарсы аукцион;
      3) стандартты аукцион.
      Ескерту. 4-тарау 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      16-бап. Биржалық мәмілелердің түрлері

      Тауар биржасында:
      1) халықаралық іскерлік операцияларымен өзара байланысты мәмілелерді қоса алғанда, спорт-тауарларға қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара беріп отыратын мәмілелер;
      2) фьючерстік мәмілелер;
      3) опциондық мәмілелер;
      4) қоймалық құжаттарға қатысты құқықтар мен міндеттерді өзара беріп отыратын мәмілелер жасалады.

      16-1-бап. Тауар биржасының биржалық мәмілелердің
                 орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі қорлары

      Биржада жасалған мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тауарлық биржа кепілдік беру және сақтандыру қорларын құрады.
      Ескерту. 4-тарау 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      17-бап. Фьючерстік және опциондық мәмілелер жасау
               кезіндегі биржалық саудадағы кепілдіктер

      1. Тауар биржасы онда жасалатын фьючерстік және опциондық мәмілелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында клирингтік орталықтар арқылы есеп айырысу қызметін көрсетуді ұйымдастыруға міндетті.
      2. Тауар биржасында фьючерстік және опциондық мәмілелерді жасауға брокерлердің және (немесе) дилерлердің ғана құқығы бар.
      3. Тауар биржасында фьючерстік және опциондық мәмілелер автоматтандырылған сауда-саттық жүргізуді, клирингті жүргізуді, баға белгілеу өзгерістерінің серпінін қамтамасыз ететін бағдарламалық құралдардың арнайы кешені болған кезде ғана жасалады.
      4. Клирингтік орталықтар тауар биржасынан тәуелсіз ұйымдар ретінде тауар биржасының құрамында арнайы ұйымдастырылған құрылымдық бөлімше - клирингтік орталық ретінде де құрылуы мүмкін.
      5. Клирингтік орталықтар өз қызметінде:
      1) фьючерстік және опциондық мәмілелердің орындалуына және осы мәмілелер бойынша міндеттемелердің орындалмау не тиісінше орындалмау нәтижесінде пайда болған зиянды өтеуге кепілдік беретін жарналардың түрлерін, мөлшерін және оларды алу тәртібін белгілейді, сондай-ақ осы мәмілелерге қатысушылардың басқа да қаржылық міндеттемелерін айқындайды;
      2) фьючерстік және опциондық мәмілелерге кепілдік беру үшін шаралар қабылдайды;
      3) тауарлармен мәмілелер жасау нәтижесінде жүзеге асырылатын есеп айырысуларға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен міндеттемелерінің есебін жүзеге асырады;
      4) тараптардың фьючерстік және опциондық мәмілелер бойынша талаптарын және (немесе) міндеттемелерін айқындайды, олар бойынша есеп айырысуларды ұйымдастырады.
      6. Клирингтік орталықтар орталық контрагент бола алады – биржалық мәмілелер бойынша әрбір сатушы үшін – сатып алушы және әрбір сатып алушы үшін сатушы болып табыла алады.
      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      18-бап. Биржалық баға

      1. Тауарға биржалық баға биржалық тауарлардың бағасын белгілеу нәтижесінде қалыптасады.
      2. Тауар биржалары биржалық тауарларға баға белгілеуді бұқаралық ақпарат құралдарында күн сайын жариялауға міндетті.

5-тарау. БРОКЕРЛІК ЖӘНЕ ДИЛЕРЛІК ҚЫЗМЕТ. ТАУАР БИРЖАСЫНДАҒЫ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ҚҰПИЯ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      19-бапқа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 16.05.2014 № 203-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      19-бап. Брокердің және дилердің қызметін жүзеге асыру
               тәртібі

      1. Тауар биржасындағы брокерлік және дилерлік қызмет уәкілетті орган беретін лицензия негізінде жүзеге асырылады.
      2. Брокер және дилер осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде, тауар биржасының ішкі құжаттарында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
      3. Брокер мен дилер және олардың клиенттері арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары қолданылатын брокерлік және дилерлік қызметтер көрсету туралы шарттың негізінде туындайды.

      20-бап. Брокермен және дилермен мәмілелер жасау

      1. Биржалық мәмілелер жасауды брокер - клиенттің бұйрығына сәйкес, дилер клиенттің бұйрығына да сәйкес, өз мүддесіне де орай және өз есебінен жүзеге асырады. Клиенттер бұйрықтарының түрлері, олардың мазмұны мен ресімделуі тауар биржасының ішкі құжаттарымен белгіленеді.
      2. Клиенттің бұйрығын орындауды осы бұйрықта көрсетілген мәмілелер жасау шарттарын сақтай отырып, брокер және дилер жүзеге асырады. Егер мәміле жасау кезінде мәміленің шарттарын өзгерту қажеттігі туындаса, брокер және дилер өз әрекеттерін клиентпен келісуге міндетті.
      Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда брокер және дилер мәмілені клиент мүдделерінің өз мүдделерінен басымдығын негізге ала отырып жасауға міндетті.

      21-бап. Тауар биржасындағы брокер мен дилердің және
               олардың клиенттерінің арасындағы қатынастар

      Тауар биржасы өз өкілеттіктері шегінде брокер мен дилердің және олардың клиенттерінің өзара қатынастарын регламенттейді, биржалық сауданы бұзушыларға шаралар қолданады.

      22-бап. Брокерлер мен дилерлердің ішкі құжаттарына және
               жасалатын биржалық мәмілелердің есебін жүргізуге
               қойылатын талаптар

      1. Брокерлер мен дилерлерге арналған тауар биржасының ішкі құжаттары тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз ететін, биржалық саудаға қатысушылардың, олардың өкілдерінің немесе үшінші тұлғалардың мүдделері үшін пайдалануға жол бермейтін шарттарды қамтуға тиіс.
      2. Брокерлер мен дилерлер әрбір клиент бойынша жеке жасалатын биржалық мәмілелердің есебін жүргізуге және осы мәмілелер туралы мәліметтерді мәміле жасалған күннен бастап бес жыл ішінде сақтауға міндетті.

      23-бап. Тауар биржасындағы коммерциялық құпия

      1. Коммерциялық құпия:
      1) тіркелген биржалық саудаға қатысушылар туралы мәліметтерді;
      2) тауар биржасында жасалатын мәмілелер туралы мәліметтерді қамтиды.
      2. Брокерлер мен дилерлер табиғи баға белгілеуді бұзуға және тауар нарығының тұрақсыздануына әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерге (әрекетсіздіктерге) жол беруге құқылы емес.
      3. Өзінің қызметтік жағдайына байланысты көрсетілген ақпаратты алуға мүмкіндігі бар адам коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратқа ие адам болып табылады.

      24-бап. Тауар биржаларының қызметі туралы коммерциялық
               құпияны құрайтын мәліметтерді ұсыну

      1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер жария етілуге жатпайды.
      2. Коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер биржалық саудаға қатысушыға оның құқықтарына қатысты не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген сенімхат негізінде оның өкіліне берілуі мүмкін.
      3. Тауар биржасында коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер:
      1) анықтау және алдын ала тергеу органдарына: прокурордың санкциясымен олардың іс жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша;
      2) соттарға: ұйғарым, қаулы негізінде олардың іс жүргізуіндегі істер бойынша;
      3) прокурорға: оның құзыреті шегінде тексеру ісін жүргізу туралы қаулы негізінде оның қарауындағы материалдар бойынша;
      4) атқарушылық іс жүргізу органдары мен жеке сот орындаушыларына: сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізу органының мөрімен немесе жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған және сот санкция берген қаулысы негізінде өздерінің іс жүргізуіндегі атқарушылық іс жүргізу істері бойынша;
      5) уәкілетті органға: оның сұрау салуы бойынша өз құзыреті шегінде;
      6) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға: «Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мақсаттарда және тәртіппен берілуге тиіс.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.08.28 N 192-IV (2010.03.08 бастап қолданысқа енгізілді), 2012.06.21 N 19-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-тарау. ТАУАР БИРЖАЛАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

      25-бап. Тауар биржалары саласындағы мемлекеттік бақылау

      1. Тауар биржалары саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      26-бап. Тауар биржаларының қызметіне тексеру жүргізудің
               тәртібі

      Ескерту. 26-бап алынып тасталды - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

      27-бап. Тауар биржасының қызметін тексеру нәтижелері
      бойынша уәкілетті органның шешімі

      Уәкілетті орган тауар биржасының қызметін тексеру қорытындылары туралы анықтаманы қарау нәтижелері бойынша:
      1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға негіздердің жоқтығы туралы қорытынды жазады;
      2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды;
      3) тауар биржасына Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзушылықтың анықталған фактілерін жою туралы нұсқама шығарады;
      4) материалдарды қылмыстық іс қозғау туралы мәселені қарау үшін құқық қорғау органдарына береді;
      5) материалдарды қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін өзге де мемлекеттік органдарға береді.

      28-бап. Уәкілетті органның нұсқамалары

      Уәкілетті органның нұсқамаларын тауар биржалары нұсқамаларда көзделген мерзімде, бірақ оларды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей орындайды.

7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      29-бап. Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы
               заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

      30-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған тауар биржалары 2010 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде өз қызметін осы Заңға сәйкес келтіруге міндетті.
      2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын орындамау уәкілетті органның заңды тұлғаны тарату туралы сотқа талап қоюына негіз болып табылады.

      31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. "Тауар биржалары туралы" 1995 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 26-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 11, 143-құжат; 2003 ж., N 15, 139-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті                               Н. Назарбаев