Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 513 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Заңға өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 24.11.2015 № 422-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Осы Заң туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) пайда алушы - осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;
      2) турагент - туристік өнімді ұсыну мен сату жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      3) туроператор - туристiк өнiмді қалыптастыру, оны турагенттер мен туристерге ұсыну және өткізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының резиденті емес қалыптастырған туристiк өнiмді ұсыну мен өткізу жөнiндегi қызметпен айналысу құқығына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен лицензия алған, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлға;
      4) туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі - туроператордың және турагенттің туристік қызметтер көрсету кезінде туристерге келтірілген зиянды өтеу жөніндегі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен белгіленген міндеті;
      5) сақтандыру жағдайы - басталуына орай туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін оқиға;
      6) сақтандыру сомасы - сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;
      7) сақтандыру сыйлықақысы - сақтанушыға (пайда алушыға) азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде сақтандыру төлемін жасауға міндеттемелер қабылдағаны үшін сақтандырушыға сақтанушының төлеуі міндетті ақша сомасы;
      8) сақтандыру төлемі - сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы;
      9) сақтандырушы - сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензия алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жасауға міндетті сақтандыру ұйымы;
      10) сақтанушы - сақтандырушымен туроператордың немесе турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан туроператор немесе турагент;
      11) франшиза - сақтандырушыны белгілі мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.07.05 N 59-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2-бап. Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық
              жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы
              Қазақстан Республикасының заңдары

      1. Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық
              жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың мақсаты
              және негiзгi мiндеттерi

      1. Туроператордың және турагенттiң туристiк қызмет көрсетудi жүзеге асыруы кезiнде туристердiң мүлiктiк және (немесе) өзге де мүдделерiн қорғауды сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың мақсаты болып табылады.
      2. Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың негiзгi мiндеттерi:
      1) туристiң мүлiктiк немесе өзге де мүдделерiн қорғауды осы Заңда белгiленген көлемде және тәртiппен қамтамасыз ету;
      2) туроператордың турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты болған кезде туроператордың және турагенттiң өз қызметiн жүзеге асыруы;
      3) туроператордың және турагенттiң туристiк қызмет көрсету қауiпсiздiгiн арттырудағы экономикалық мүдделiлiгi болып табылады.

      4-бап. Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық
              жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың объектiсi

      Туроператордың және турагенттiң туристiк өнiмдi сату жөнiндегi қызметтi жүзеге асырған кезде туристiң мүлiктiк және (немесе) өзге де мүдделерiне келтiрiлген зиянды олардың Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген өтеу мiндетiне байланысты мүлiктiк мүддесi туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру объектiсi (бұдан әрi - туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру) болып табылады.

2-тарау. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн
мiндеттi сақтандыру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету

      5-бап. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн
              мiндеттi сақтандыру саласындағы мемлекеттiк
              бақылау және қадағалау

      1. Осы Заңда белгіленген туроператор мен турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасау жөніндегі міндеттерді туроператор мен турагенттің орындауын мемлекеттiк бақылауды туристiк қызмет саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Сақтандыру ұйымдарының қызметiн мемлекеттiк қадағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.
      3. Туроператор мен турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасау жөніндегі міндеттерді туроператор мен турагенттің орындауын мемлекеттiк бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармақтың екінші бөлігі жаңа редакцияда көзделген - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Бақылаудың өзге нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.15 N 461-IV (2012.01.30 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      6-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi мiндеттi
              сақтандырылуға жататын тұлғалар

      1. Туристiк қызмет көрсету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгi мiндеттi сақтандырылуға жатады.
      2. Туроператор мен турагенттiң кәсiби қызметiн жүзеге асыруға байланысты өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн ерiктi сақтандыру шартын жасасуы оларды туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөнiндегi мiндеттен босатпайды.

      7-бап. Туроператор мен турагенттiң қызметтi
              туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн
              мiндеттi сақтандыру шартын жасаспай жүзеге
              асыруына жол бермеу

      Туроператор мен турагент туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасаспай туристiк қызмет көрсету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға құқылы емес.      

      7-1-бап. Туроператордың және турагенттің жауапкершілігін
                міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың
                ерекшеліктері

      1. Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген заңды тұлға туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алғанға дейiн «Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртiппен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен қатысу шартын жасасуға міндетті.
      2. Туроператордың және турагенттің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушы өзінің қаржылық есептілігін Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын кемінде екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде, уәкілетті органның жылдық қаржылық есептілікті жариялау тәртібі туралы нормативтік құқықтық актісінде көзделген көлемде және мерзімдерде жыл сайын жариялап отыруға міндетті.
      3. Сақтандырушылар туроператордың және турагенттің жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру тәуекелдері, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдері жөніндегі ақпараттық деректер базасын қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйымды құруға қатысуға құқылы.
      4. Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандыру ұйымдары уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен міндетті жарналарды төлеуге және шартты міндеттемелерді қалыптастыруға міндетті.
      Ескерту. 7-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн
мiндеттi сақтандыру шарты

      8-бап. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн
              мiндеттi сақтандырудың шарты және оны
              жасасу тәртiбi

      1. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру осы Заңға сәйкес сақтанушы мен сақтандырушының арасында жасалатын шарттың негізiнде жүзеге асырылады.
      Туроператордың және турагенттiң жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру шарты осы Заңға сәйкес пайда алушының пайдасына туристiк қызмет көрсету кезiнде мүлiктiк және (немесе) өзге де мүдделерiне зиян келтiрiлуi мүмкiн сақтандырушы мен сақтанушының арасында жасалған келiсiм болып табылады.
      2. Сақтанушы сақтандырушыны таңдауға ерiктi.
      3. Сақтандырушы сақтанушыға туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасудан бас тартуға құқылы емес.
      4. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеуге, ал сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңның талаптарын ескере отырып жасалған сақтандыру шартының негiзiнде, туристiң моральдық зиянды және ала алмаған пайданың өтемiне байланысты талаптарын қоспағанда, пайда алушыға сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттенедi.
      5. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырушының сақтанушыға Қазақстан Республикасының сақтандыру қызметi туралы заңдарының талаптарына сәйкес ресiмделген сақтандыру полисiн беру арқылы жазбаша түрде жасалады.
      Сақтанушының өтiнiшi туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшiн негiз болып табылады.
      Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында көрсетiлуге тиiстi талаптардың толық болмағаны үшiн сақтандырушы жауапты болады. Сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан дау туындаған жағдайда, ол дау сақтанушының пайдасына шешiледi.
      6. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруды мiндеттi сақтандырудың осы түрi бойынша сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына арналған лицензиясы бар сақтандыру ұйымдары жүзеге асырады.
      7. Егер туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты сақтанушының (сақтандырылушының) немесе жәбiрленушiнiң жағдайын осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлататын талаптармен жасалса, онда сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы сақтанушының (сақтандырылушының) және жәбiрленушiнiң алдында осы Заңда белгiленген талаптар бойынша мiндеттi болады.

      9-бап. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн
              мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуы

      1. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген, ал оны бөлiп-бөлiп төлеген кезде, егер туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының талаптарымен өзгеше көзделмесе, - бiрiншi сақтандыру жарнасын төлеген кезден бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болады.
      2. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты ол күшiне енгiзiлген күннен бастап он екi ай мерзiмге жасалады. Сақтандырушылық қорғаудың қолданылу кезеңi туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу мерзiмiмен сәйкес келедi.
      3. Туристік қызметтер көрсету аумағы туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу аумағы болып табылады.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізілдеді) Заңымен.

      10-бап. Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық
               жауапкершiлігiн мiндеттi сақтандыру шартының
               қолданылуын тоқтату

      Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылуы мына жағдайларда:
      1) шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанда;
      2) шарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылғанда;
      3) сақтандырушы сақтандыру төлемiн (сақтандыру төлемдерiн) туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасы мөлшерiнде жүзеге асырғанда тоқтатылады.

      11-бап. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн
               мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын
               тоқтату

      1. Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген жағдайларда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
      2. Егер туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату оның талаптарын сақтандырушының орындамау кiнәсiнен туындаса, соңғысы сақтанушыға ол төлеген сақтандыру сыйлықақысын не сақтандыру жарналарын толық қайтарады. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген мән-жайлар бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайларда сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысының сақтандыру қолданыста болған уақытқа бара-бар бiр бөлiгiн алуға құқығы бар.

      12-бап. Сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтанушының:
      1) сақтандырушыдан туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың талаптары мен тәртiбiн, туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;
      2) сақтандыру полисiн жоғалтқан жағдайда, оның телқұжатын алуға;
      3) сақтандырушы немесе тәуелсiз сарапшы жүргiзген сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн бағалау нәтижелерiмен танысуға;
      4) сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан немесе оның мөлшерiн азайтудан бас тарту туралы шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен дау айтуға;
      5) туроператордың және турагенттің жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатуға құқығы бар.
      2. Сақтанушы:
      1) тиiстi лицензиясы бар сақтандырушымен туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасуға;
      2) туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде сақтандыру сыйлықақысын төлеуге;
      3) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзiне белгiлi болғаннан бастап он жұмыс күнi мерзiмiнен кешiктiрмей сақтандырушыға бұл туралы хабарлауға (ауызша, жазбаша) мiндеттi. Ауызша нысандағы хабарлама кейiннен жазбаша расталуға тиiс. Егер сақтанушының дәлелдi себептермен аталған iс-әрекеттердi орындауға мүмкiндiгi болмаса, ол мұны құжатпен растауға тиiс;
      4) сақтандыру жағдайы басталғанда сақтанушының келтiрiлген зиянды өтеу мiндетi туындайтын сақтандыру жағдайы келтiрген зиянның сипаты мен мөлшерi туралы мән-жайды анықтау үшiн қажеттi қолда бар құжаттарды сақтандырушыға беруге;
      5) сақтандыру жағдайының залалдарын азайту үшiн шаралар қолдануға;
      6) туристiң зиянды өтеу туралы талаптарына байланысты мәселелердi peттeугe қатысу үшiн сақтандырушыға мүмкiндiк беруге, бұл орайда сақтандыру жағдайы келтiрген залалдарды дәлелдеу сақтанушының мойнында болады;
      7) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға керi талап құқығының сақтандырушыға өтуiн қамтамасыз етуге;
      8) туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандырушыға туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартына енгiзу үшiн қажеттi мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi.
      3. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушының Қазақстан Республикасының заң актілеріне қайшы келмейтiн өзге де құқықтары мен мiндеттерi көзделуі мүмкiн.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізілдеді) Заңымен.

      13-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандырушы:
      1)  туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушыдан туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың осының алдындағы шарттары, сақтандыру жағдайлары, сақтандыру төлемдерi туралы ақпаратты және туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшiн қажеттi өзге де мәлiметтердi талап етуге;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретіне орай, сақтандыру жағдайының басталу фактiсiне және сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесiнде келтiрiлген зиянның мөлшерiн анықтауға байланысты құжаттар мен мәлiметтердi сұратуға;
      3) сақтанушының туристiк қызметтер көрсетуге байланысты мiндеттердi өзi орындауы нәтижесiнде келтiрген зиянды өтеу туралы туристердiң талаптарына байланысты мәселелердi реттеуге қатысуға;
      4) осы Заңның 19-бабында көзделген жағдайларда, зиян келтiргенi үшiн жауапты тұлғаға керi талап құқығын қоюға;
      5) осы Заңның 20-бабында көзделген негiздер бойынша сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
      2. Сақтандырушы:
      1) сақтанушыны мiндеттi сақтандырудың талаптарымен және тәртiбiмен таныстыруға, оның туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге;
      2) туроператордың және турагенттiң жауапкершiлігін мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандыру полисiн беруге;
      3) сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабар алынған кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалауды жүргiзуге, сақтандыру төлемi мөлшерiнiң есеп-қисабын көрсете отырып, сақтандыру актiсiн жасауға және оны танысу үшiн пайда алушыға табыс етуге;
      4) сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңда көзделген тәртiппен және шарттармен сақтандыру төлемiн жүргiзуге;
      5) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;
      6) сақтанушыға (сақтандырылушыға) оның сақтандыру жағдайы кезiнде залалдарды болғызбау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстарын өтеуге мiндеттi.
      3. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiнiң мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн.

4-тарау. Сақтандыру сомасы және сақтандыру сыйлықақысы

      14-бап. Сақтандыру сомасының мөлшерi

      Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасының мөлшерi оның талаптарымен айқындалады және ол:
      1) туроператор үшiн - шарт жасасу кезiндегi айлық есептiк көрсеткiштiң төрт мыңнан кем емес және он мыңнан аспайтын мөлшерiнде;
      2) турагент үшiн - шарт жасасу кезiндегi айлық есептiк көрсеткiштiң екi мыңнан кем емес және бес мыңнан аспайтын мөлшерiнде болады.

      15-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi

      Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша белгiленедi және ол:
      1) туроператор үшiн - шартта белгiленген сақтандыру сомасының 1 процентiнен кем емес және 2 процентiнен аспайтын мөлшерiнде;
      2) турагент үшiн - шартта белгiленген сақтандыру сомасының 1,5 процентiнен кем емес және 2 процентiнен аспайтын мөлшерiнде болады.

      16-бап. Сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртiбi мен
               мерзiмдерi

      1. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеу тәртiбi мен мерзiмдерi тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.
      2. Егер туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, онда кезектi сақтандыру жарнасының уақтылы төленбегенi үшiн сақтанушы сақтандырушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.

5-тарау. Сақтандыру жағдайы және сақтандыру төлемі

      17-бап. Сақтандыру жағдайы және сақтандыру төлемiнiң
               мөлшерiн айқындау

      1. Сақтанушының туристке туристiк қызметтер көрсету кезiнде оның мүлiктiк және (немесе) өзге де мүдделерiне келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiнiң басталу фактici туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы деп танылады.
      2. Сақтандыру жағдайы сақтанушы келтiрген зиянды өтеу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген, не туристің зиянды өтеу туралы талаптарын сақтанушы негiздi деп мойындаған және сақтандырушы сақтанушының талаптарды мойындауымен келiскен кезден бастап басталған деп есептеледi.
      3. Сақтандырушы сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн осы Заңның 8-бабы 4-тармағының ережелерiн ескере отырып, туристiң талабының сомасына немесе келтiрiлген зиянды өтеу туралы соттың заңды күшiне енген шешiмiне сүйенiп айқындайды.
      4. Сақтанушының залалдарды болғызбау немесе азайту мақсатында шеккен шығыстары, егер мұндай шығыстар қажеттi болса немесе сақтандырушының нұсқауларын орындау үшiн жұмсалған болса, тiптi егер тиiстi шаралар сәтсiз болса да, сақтандырушының өтеуiне жатады.
      Мұндай шығыстар нақты мөлшерiнде өтеледi, алайда сақтандыру төлемiнiң және шығыстар өтемақысының жалпы сомасы туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында көзделген сақтандыру сомасынан аспауы үшiн, егер шығыстар сақтанушы сақтандырушының нұсқауларын орындау нәтижесiнде туындаған болса, олар сақтандыру сомасына қатыссыз, толық мөлшерiнде өтеледi.
      5. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша франшиза бiр сақтандыру жағдайы бойынша және әрбiр пайда алушы бойынша айлық есептiк көрсеткiштiң бес еселенген мөлшерiн құрайды. Келтiрiлген зиянның мөлшерi франшизаның белгiленген мөлшерiнен асып кеткен жағдайда, сақтандыру төлемi толық мөлшерде жүзеге асырылады.
      Пайда алушының өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi франшиза қолданылмай жүзеге асырылады.

      18-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың шарттары
               мен тәртiбi

      1. Сақтанушы не турист сақтандырушыға сақтандыру төлемi туралы талапты жазбаша нысанда сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттарды қоса бере отырып қояды.
      2. Сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке мынадай құжаттар:
      1) сақтандыру полисi;
      2) туристiң зиянды өтеу туралы сақтанушы мойындаған талабы немесе туристiк қызметтер көрсету кезiнде сақтанушының келтiрген зиянды өтеу туралы соттың заңды күшiне енген шешiмiнiң көшiрмесi;
      3) пайда алушы жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi немесе пайда алушының өкiлi - заңды тұлғаға берiлген сенiмхат;
      4) сақтанушы мен туристiң арасында жасалған туристiк қызметтер көрсету шартының нотариат куәландырған көшiрмесi;
      5) залалдарды болғызбау және азайту жөнiнде шаралар қолдануға байланысты шығыстарды растайтын құжаттар;
      6) сақтандыру жағдайының басталу фактiсiн және пайда алушыға келтiрiлген зиянның мөлшерiн растайтын құжаттар қоса берiледi.
      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы өтiнiш берушiге, табыс етiлген құжаттардың толық тiзбесiн және олар қабылданған күндi көpceтe отырып, анықтама беруге мiндеттi.
      4. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырған кезде пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтiн шарттарды қабылдауын талап етуге құқығы жоқ.
      5. Сақтанушы туристiк қызметтер көрсетуге байланысты зиян келтiрген турист, ал турист қаза тапқан жағдайда - оның мұрагерлерi пайда алушы болып табылады.
      Сондай-ақ сақтанушы немесе туристке (оның құқықтық мирасқорына) келтiрiлген зиянды осы Заңда белгiленген сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң көлемi шегiнде өтеген және сақтандырушыдан өз шығындарын өтетуге құқық алған өзге тұлға да пайда алушы бола алады.
      6. Сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнiнен кешiктiрмей жасайды.
      7. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiне туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының тараптары немесе пайда алушы дауласқан жағдайларда, сақтандырушы сақтандыру төлемiн осы баптың 6-тармағында белгiленген мерзiм iшiнде, аталған тұлғалардың бiрде-бiрi дауласпаған бөлiгiнде жүзеге асыруға мiндеттi.
      Сақтандыру төлемiнiң даулы бөлiгiн сақтандырушы соттың бiтiмгершiлiк туралы келiсiмi немесе, егер сот шешiмдi шұғыл түрде орындауды ұйғармаса, осы дау бойынша соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде төлеуге тиiс.
      8. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты қолданылатын кезеңде келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi туралы талап сақтандырушыға сақтандыру жағдайы басталған кезден бастап үш жыл iшiнде қойылуы мүмкiн.
      9. Сақтандыру төлемi уақтылы жүзеге асырылмаған кезде сақтандырушы пайда алушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.

      19-бап. Зиян келтiрген тұлғаға керi талап қою құқығы

      1. Сақтандыру төлемiн жүзуге асырған сақтандырушының жүзеге асырылған сақтандыру төлемiнiң шегiнде сақтанушыға мынадай жағдайларда:
      1) сақтанушының сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттерi;
      2) сақтанушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептiк байланыстағы қасақана қылмыстық не әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттердi жасаған;
      3) сақтанушы сақтандыру жағдайынан болатын залалдарды азайту жөнiндегi шараларды қасақана қолданбаған;
      4) сақтанушы сақтандырушыға сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның салдарлары туралы көрiнеу жалған мәлiметтердi хабарлаған;
      5) сақтанушы сақтандыру жағдайының басталуы үшiн жауапты тұлғаға өзiнiң талап қою құқығынан бас тартқан, сондай-ақ талап қою құқығының өтуi үшiн қажеттi құжаттарды сақтандырушыға беруден бас тартқан жағдайда керi талап қоюға құқығы бар.
      2. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға төленген сома шегiнде, сақтандырушы сақтандыру нәтижесiнде өтеген залалдар үшiн жауапты тұлғаға сақтанушы қоятын кері талап қою құқығы өтедi.
      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      20-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн
               жүзеге асырудан босату негiздерi

      1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
      1) туристiң сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттерiнiң;
      2) туристiң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептi байланыстағы қасақана қылмыстық немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттерiнiң салдарынан болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
      2. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн:
      1) сақтанушының залал келтiруге кiнәлi тұлғадан залалдың тиiстi өтемiн алуы;
      2) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізілдеді) Заңымен;
      3) еңсерiлмейтiн күш жағдайлары;
      4) сақтанушы осы Заңның 18-бабының 2-тармағына сәйкес сақтандырушыға сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке қоса берiлетiн құжаттарды толық көлемде бepмeуi негiздеме бола алады.
      3. Алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізілдеді) Заңымен.
      4. Сақтандырушы сақтандыру төлемiнен бас тарту үшiн негiздер бар кезде, осы Заңның 18-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде сақтандыру төлемi туралы өтiнiш берген тұлғаға бас тарту себептерiнiң уәждi негiздемесi келтiрiлген сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тарту туралы тиiстi шешiмдi жазбаша нысанда жiберуге мiндеттi.
      5. Сақтандырушының осы бапта көзделмеген негiздер бойынша сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқығы жоқ.
      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізілдеді) Заңдарымен.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      21-бап. Дауларды қарау тәртiбi

      Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.

      22-бап. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн
               мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан
               Республикасының заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi