Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қатысушылары – сақтандыру ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымдары филиалдарының міндетті, қосымша жарналар мен шартты міндеттемелердің мөлшерлемесін есептеу әдістемесін, міндетті,

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 387 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 8 ақпанда № 8329 тіркелді.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" 2003 жылғы 3 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қатысушылары – сақтандыру ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымдары филиалдарының міндетті, бастапқы біржолғы, қосымша жарналар мен шартты міндеттемелердің мөлшерлемесін есептеу әдістемесі, міндетті, қосымша және төтенше жарналарды төлеу тәртібі мен мерзімдері, шартты міндеттемелерді қалыптастыру мен есепке алу тәртібі (бұдан әрі – Әдістеме) бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Әдістеменің 3-тармағы "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 3-тармағына сәйкес жасалған қатысу шарттарынан 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      4. "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) осы Әдістеменің ережелерін ескере отырып, Қормен қатысу шартын жасасқан сақтандыру ұйымдары төлеген аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша міндетті жарналарды 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қайта есептесін, ал артық төленген сомалар көрсетілген сақтандыру ұйымдарының келешектегі жарналарды төлеу есебіне есептелсін.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Г. Марченко

  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 387 қаулысымен бекітілген

Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қатысушылары – сақтандыру ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымдары филиалдарының міндетті, бастапқы біржолғы, қосымша жарналар мен шартты міндеттемелердің мөлшерлемесін есептеу әдістемесі, міндетті, қосымша және төтенше жарналарды төлеу тәртібі мен мерзімдері, шартты міндеттемелерді қалыптастыру мен есепке алу тәртібі

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 14.06.2021 № 70 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қатысушылары – сақтандыру ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымдары филиалдарының міндетті, бастапқы біржолғы, қосымша жарналар мен шартты міндеттемелердің мөлшерлемесін есептеу әдістемесі, міндетті, қосымша және төтенше жарналарды төлеу тәртібі мен мерзімдері, шартты міндеттемелерді қалыптастыру мен есепке алу тәртібі (бұдан әрі – Әдістеме) "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген және Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен қатысу шартын жасасқан сақтандыру ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымдары филиалдарының (бұдан әрі – қатысушы сақтандыру ұйымдары) міндетті, бастапқы біржолғы, қосымша жарналардың, шартты міндеттемелердің мөлшерлемесін есептеу әдістемесін, міндетті, қосымша және төтенше жарналарды төлеу тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ шартты міндеттемелерді қалыптастыру мен есепке алу тәртібін белгілейді.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Міндетті жарналар мөлшерлемесін есептеу әдістемесі, оларды төлеу тәртібі мен мерзімдері

      1. Міндетті жарналар мөлшерлемелерін есептеу қағидаларын Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының (бұдан әрі – Қор) директорлар кеңесі бекітеді және ол 3 (үш) жылда кемінде 1 (бір) рет қайта қаралуға тиіс.

      Міндетті жарналар мөлшерлемелерін есептеу қағидалары Әдістеменің 5, 6, 7, 8, 9 және 10-тармақтарын ескере отырып, кепілдік берілетін сақтандырудың әрбір түрі бойынша базалық мөлшерлемелерді және түзету коэффициенттерін есептеу тәртібін қамтиды.

      Міндетті жарналар мөлшерлемелерін есептеу Қордағы тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды ескере отырып жүзеге асырылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қатысушы сақтандыру ұйымдары қаржы жылы аяқталғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде Қордың директорлар кеңесінің шешімімен бекітілген нысан бойынша кепілдік берілетін сақтандырудың әрбір түрі және өзінің қаржылық жағдайы бойынша өткен қаржы жылындағы ақпаратты Қорға ұсынады.

      3. Қор Әдістеменің 2-тармағында көзделген ақпаратты барлық қатысушы сақтандыру ұйымдарынан алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде міндетті жарналар мөлшерлемелерін есептеу қағидаларының негізінде әрбір қатысушы сақтандыру ұйымы үшін кепілдік берілетін сақтандырудың әрбір түрі бойынша міндетті жарналардың ағымдағы қаржы жылына арналған мөлшерлемесін есептейді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) келісу үшін жібереді.

      Ағымдағы қаржы жылына арналған міндетті жарналардың мөлшерлемелері оларды есептеу күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Қордың директорлар кеңесінің шешімімен бекітіледі.

      Уәкілетті орган Қордың директорлар кеңесі бекіткен міндетті жарналар мөлшерлемелерін оларды алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде келіседі немесе болған жағдайда ескертулермен қайтарады.

      Уәкілетті органның ескертулері болған кезде Қор оларды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде міндетті жарналар мөлшерлемелерін қайта есептеуді жүзеге асырады және уәкілетті органға қайта келісу үшін жібереді.

      Уәкілетті органмен келіскеннен кейін міндетті жарналардың мөлшерлемелерін Қор әрбір қатысушы сақтандыру ұйымына жеке жазбаша түрде жібереді.

      4. Қатысушы сақтандыру ұйымынан Әдістеменің 2-тармағына сәйкес бұрын ұсынылғаннан өзгеше ақпаратты алған жағдайда, Қор қажеттілігіне қарай ақпарат алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде міндетті жарналар мөлшерлемелерін қайта есептеуді жүзеге асырады және уәкілетті органға Қордың директорлар кеңесі бекіткен міндетті жарналардың мөлшерлемелерін қайта келісу үшін жібереді.

      Қайта есептеу нәтижесінде міндетті жарналардың мөлшерлемесі азайған жағдайда, Қор қатысушы сақтандыру ұйымының келісімімен 5 (бес) жұмыс күні ішінде қатысушы сақтандыру ұйымы артық төлеген сомаларды олардың болашақ жарналарды төлеу есебіне есептейді немесе артық төленген сомаларды қатысушы сақтандыру ұйымына қайтарады.

      Қайта есептеу нәтижесінде міндетті жарналардың мөлшерлемесі ұлғайған жағдайда, қатысушы сақтандыру ұйымы жетіспейтін соманы Қордың Әдістеменің 14 және 15-тармақтарында көрсетілген тиісті шоттарына Қор қатысушы сақтандыру ұйымына міндетті жарналардың бекітілген мөлшерлемелерін жеткізген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде төлейді.

      5. Әрбір қатысушы сақтандыру ұйымы үшін сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша міндетті жарна мөлшерлемесі қатысушы сақтандыру ұйымының тиісті түзету коэффициентіне базалық мөлшерлемені көбейту арқылы жеке есептеледі.

      6. Сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша міндетті жарналардың базалық мөлшерлемесін есептеу кезінде қайта сақтандырушының сақтандыру резервтеріндегі үлесі есептелмейді.

      7. Міндетті сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша базалық міндетті жарна мөлшерлемесі сақтандыру шарттары бойынша есептелген сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда сақтанушыларға қайтарылған (қайтарылуға тиіс) сақтандыру сыйлықақылары шегерілген) жалпы сомасының кемінде 0,2 (нөл бүтін оннан екі) пайызын құрайды және 2 (екі) пайызынан аспайды.

      8. Сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері (сыныптары) шеңберінде жинақтаушы сақтандырудың әрбір түрі бойынша міндетті жарнаның базалық мөлшерлемесі сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру резервтерінің оң өзгерісінен кемінде 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайызын құрайды және 1 (бір) пайызынан аспайды.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Түзету коэффициенті Қор Әдістеменің 2-тармағына сәйкес алған ақпарат негізінде қатысушы сақтандыру ұйымының қаржылық жай-күйінің көрсеткіштері бойынша өткен қаржы жылының қорытындылары бойынша айқындалады. Қаржылық жай-күйдің көрсеткіштері түзету коэффициентінің мәнін ұлғайтуы да және сол сияқты азайтуы да мүмкін. Түзету коэффициентінің жиынтық мәні кемінде 1 (бір) болады. Қаржылық жай-күйдің көрсеткіштері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      таза сақтандыру сыйлықақыларының (қайта сақтандырушының үлесін ескермегенде) меншікті капиталға (резерв ретінде қабылданатын активтердің мөлшеріне) қатынасы;

      сақтандыру сыйлықақыларының (қайта сақтандырушының үлесін есептегенде) меншікті капиталға (резерв ретінде қабылданатын активтердің мөлшеріне) қатынасы;

      міндетті сақтандырудың кепілдік берілген түрінің сақтандыру ұйымының жиынтық сақтандыру портфеліндегі және жалпы нарықтағы үлесі;

      сақтандыру шарттары бойынша сақтанушылар берешегінің меншікті капиталға (резерв ретінде қабылданатын активтердің мөлшеріне) қатынасы;

      төлем қабілеттілігі маржасының жеткіліктілік нормативінің (Тмн) және өтімділігі жоғары активтердің жеткіліктілік нормативінің (Өжан) шамасы;

      шығындылық коэффициенттері;

      қатысушы сақтандыру ұйымының қаржылық орнықтылығының рейтингтік бағасы;

      меншікті капиталдың (резерв ретінде қабылданатын активтердің мөлшерінің) жиынтық активтерге қатынасы;

      іс жүргізуге арналған шығыстардың (комиссиялық сыйақылар мен әкімшілік шығыстар) сақтандыру сыйлықақыларына қатынасы.

      Қаржылық жай-күйдің көрсеткіштері, есептеу үшін қажетті барлық өлшемдерді аша отырып, түзету коэффициентін есептеу тәртібі міндетті жарналардың мөлшерлемелерін есептеу қағидаларында белгіленеді.

      10. Қатысу шарты бірінші рет жасалған жыл ішінде қатысушы сақтандыру ұйымы үшін сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша міндетті жарна мөлшерлемесі түзету коэффициентін қолданбай базалық мөлшерлеменің жоғарғы шегінің мөлшерінде белгіленеді.

      Қатысушы сақтандыру ұйымы үшін кепілдік берілетін сақтандырудың әрбір түрі бойынша міндетті жарнаның мөлшерлемесі кепілдік берілетін сақтандырудың түрі бойынша жарналар алғаш рет төленетін жыл ішінде түзету коэффициентін қолдана отырып, базалық мөлшерлеме мөлшерінде белгіленеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Қатысушы сақтандыру ұйымы міндетті сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша міндетті жарна сомасын есептеуді қатысушы сақтандыру ұйымы үшін сәйкес келетін міндетті жарна мөлшерлемесін міндетті сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда сақтанушыларға қайтарылған (қайтарылуға тиісті) сақтандыру сыйлықақылары шегерілген) есепті тоқсанның ішінде есептелген сомасына көбейту арқылы тоқсан сайын дербес жүргізеді. Есепті тоқсанның ішінде міндетті сақтандырудың кепілдік берілген түрі бойынша сақтандыру сыйлықақыларын есептеуден теріс сома алынған жағдайда Қор міндетті жарналарды қайтармайды.

      Егер есепті кезең үшін міндетті сақтандырудың кепілдік берілген түрі бойынша сақтандыру сыйлықақыларын есептеу "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Сақтандыру қызметі туралы заң) көзделген жағдайларда сақтандыру шарттарын (сақтандыру портфелін) басқа сақтандыру ұйымынан, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының басқа филиалынан қабылдауына байланысты болса, міндетті жарналар сомасын есептеу қабылданған сақтандыру портфелі бойынша міндетті жарналары сақтандыру портфелін беруді жүзеге асырған сақтандыру ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының Қорға төлеген сақтандыру сыйлықақылары сомасын есепке алмай жүзеге асырылады.

      12. Қатысушы сақтандыру ұйымы сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері (сыныптары) шеңберінде жинақтаушы сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша міндетті жарна сомасын есептеуді қатысушы сақтандыру ұйымы үшін тиісті міндетті жарнаның мөлшерлемесін есепті тоқсанның соңында және басында жинақтаушы сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша сақтандыру резервтерінің мөлшерлері арасындағы оң айырмаға көбейту арқылы тоқсан сайын дербес жүргізеді. Есепті тоқсанның соңында және басында жинақтаушы сақтандырудың кепілдік берілген түрі бойынша сақтандыру резервтерінің арасындағы айырма теріс болған жағдайда Қор міндетті жарналарды қайтармайды.

      Егер есепті кезеңде жинақтаушы сақтандырудың кепілдік берілген түрі бойынша сақтандыру резервтерінің ұлғаюы Сақтандыру қызметі туралы заңда көзделген жағдайларда сақтандыру шарттарын (сақтандыру портфелін) басқа сақтандыру ұйымынан, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының басқа филиалынан қабылдауға байланысты болған жағдайда, міндетті жарналар сомасын есептеу қабылданған сақтандыру портфелі бойынша міндетті жарналары сақтандыру портфелін беруді жүзеге асырған сақтандыру ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының Қорға төлеген сақтандыру резервтерінің сомасын есепке алмай жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Есептеу нәтижесінде алынған міндетті жарна сомасы ең жақын бүтін мәнге дейін дөңгелектенеді.

      14. "Жалпы сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын қатысушы сақтандыру ұйымдары міндетті жарналарды төлеуді есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15 (он бесінен) кешіктірмей әрбір тоқсанның қорытындысы бойынша Қордың Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіндегі "жалпы сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің қаражатын есепке алу үшін ашылған шотына дербес жүргізеді.

      15. "Өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын қатысушы сақтандыру ұйымдары міндетті жарналарды төлеуді есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15 (он бесінен) кешіктірмей әрбір тоқсанның қорытындысы бойынша Қордың Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіндегі "өмірді сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің қаражатын есепке алу үшін ашылған шотына дербес жүргізеді.

      16. Қатысушы сақтандыру ұйымы таратылған жағдайда Қор қаржы жылы ішінде қажеттілігіне қарай Қордың директорлар кеңесінің шешімі бойынша әрбір сақтандырудың кепілдік берілген түрі бойынша қолданыстағы міндетті сақтандыру жарналарының мөлшерлемесін ұлғаю жағына қарай қайта есептеуді жүзеге асырады.

2-тарау. Қосымша жарналар мөлшерлемесін есептеу әдістемесі, бастапқы біржолғы, қосымша жарналарды төлеу тәртібі мен мерзімдері

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      17. Қосымша жарналар мөлшерлемесін есептеу қағидаларын Қордың директорлар кеңесі бекітеді және ол 3 (үш) жылда кемінде 1 (бір) рет қайта қаралуға тиіс.

      18. Қосымша жарналардың мөлшерлемесін Қор мұндай ақпарат Қорда болған жағдайда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ақпаратын ескере отырып, айқындайды.

      19. Қосымша жарналардың мөлшерлемесі көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттары бойынша есептелген сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда сақтанушыларға қайтарылған (қайтаруға жататын) сақтандыру сыйлықақыларын шегере отырып) жалпы сомасының кемінде 0 (нөл) пайызын құрайды және 2 (екі) пайызынан аспайды.

      20. Қор Әдістеменің 2-тармағында көзделген ақпаратты барлық қатысушы сақтандыру ұйымдарынан алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қосымша жарналар мөлшерлемесін есептеу қағидалары негізінде ағымдағы қаржы жылына қосымша жарналар мөлшерлемесін есептейді және уәкілетті органға келісу үшін жібереді.

      Қосымша жарналардың мөлшерлемесі олар есептелген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Қордың директорлар кеңесінің ағымдағы қаржы жылына арналған шешімімен бекітіледі.

      Уәкілетті орган Қордың директорлар кеңесі бекіткен қосымша жарналар мөлшерлемесін оларды алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде келіседі немесе болған жағдайда ескертулермен қайтарады.

      Уәкілетті органның ескертулері болған кезде Қор оларды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қосымша жарналар мөлшерлемесін қайта есептеуді жүзеге асырады және уәкілетті органға қайтадан келісу үшін жібереді.

      Қосымша жарналардың мөлшерлемесі уәкілетті органмен келісілген кейін Қор қатысушы сақтандыру ұйымдарына жазбаша түрде жеткізеді.

      21. Қатысушы сақтандыру ұйымынан Әдістеменің 2-тармағына сәйкес бұрын ұсынылғаннан өзгеше ақпарат алған жағдайда, Қор қажеттілігіне қарай ақпаратты алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қосымша жарналар мөлшерлемесін қайта есептеуді жүзеге асырады және уәкілетті органға Қордың директорлар кеңесі бекіткен қосымша жарналар мөлшерлемелерін қайта келісу үшін жібереді.

      Қайта есептеу нәтижесінде қосымша жарналардың мөлшерлемесі азайған жағдайда, Қор қатысушы сақтандыру ұйымының келісімімен 5 (бес) жұмыс күні ішінде қатысушы сақтандыру ұйымы артық төлеген сомаларды оның болашақ жарналарды төлеу есебіне есептейді немесе артық төленген сомаларды қатысушы сақтандыру ұйымына қайтарады.

      Қайта есептеу нәтижесінде қосымша жарналардың мөлшерлемесі ұлғайған жағдайда, қатысушы сақтандыру ұйымы жетіспейтін соманы Қордың Әдістеменің 23-тармағында көрсетілген шотына Қор қатысушы сақтандыру ұйымына қосымша жарналардың бекітілген мөлшерлемесін жіберген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде төлейді.

      22. Қосымша жарна сомасын есептеуді қатысушы сақтандыру ұйымы қосымша жарналар мөлшерлемесін көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша есепті тоқсан ішінде есептелген сақтандыру сыйлықақыларының сомасына (сақтандыру шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда сақтанушыларға қайтарылған (қайтаруға жататын) сақтандыру сыйлықақыларын шегере отырып) көбейту арқылы тоқсан сайын дербес жүргізеді.

      Есептеу нәтижесінде алынған қосымша жарна сомасы ең жақын бүтін мәнге дейін дөңгелектенеді.

      22-1. Бастапқы біржолғы жарнаның мөлшері "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қатысушылары-сақтандыру ұйымдары төлеу үшін бастапқы біржолғы жарна мөлшерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 25 маусымдағы № 184 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4855 болып тіркелген) белгіленеді.

      Ескерту. Қағида 22-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Қатысушы сақтандыру ұйымдары қосымша жарналарды төлеуді есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15 (он бесінен) кешіктірмей әрбір тоқсанның қорытындысы бойынша Қордың Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіндегі зиянды өтеу резервінің қаражатын есепке алу үшін ашылған шотына дербес жүргізеді.

      Бастапқы біржолғы жарнаны төлеуді қатысушы сақтандыру ұйымы Қордың зиянды өтеу резервінің қаражатын есепке алу үшін ашылған Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктегі шотына Қормен қатысу шарты жасалған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3-тарау. Шартты міндеттемелер мөлшерлемесін есептеу әдістемесі, оларды қалыптастыру және есепке алу тәртібі

      24. Шартты міндеттемелер мөлшерлемесін есептеу қағидаларын Қордың директорлар кеңесі бекітеді және ол 3 (үш) жылда кемінде 1 (бір) рет қайта қаралуға тиіс.

      25. Міндетті сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша қалыптастырылуға тиіс шартты міндеттемелердің мөлшерлемесі міндетті сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша есептелген сақтандыру сыйлықақыларының жалпы сомасының кемінде 1 (бір) пайызын құрайды және 4 (төрт) пайызынан аспайды.

      26. Жинақтаушы сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша қалыптастырылуға тиіс шартты міндеттемелердің мөлшерлемесі жинақтаушы сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша сақтандыру резервтерінің оң өзгерісінің кемінде 0 (нөл) пайызын құрайды және 4 (төрт) пайызынан аспайды.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      27. Қор барлық қатысушы сақтандыру ұйымдарынан Әдістеменің 2-тармағында көзделген ақпаратты алған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) жұмыс күні ішінде шартты міндеттемелердің мөлшерлемесін есептеу қағидаларының негізінде сақтандырудың кепілдік берілетін әрбір түрі бойынша шартты міндеттемелердің ағымдағы қаржы жылына арналған мөлшерлемесін есептейді және уәкілетті органға келісу үшін жібереді.

      Шартты міндеттемелердің мөлшерлемесі Қордың директорлар кеңесінің шешімімен ағымдағы қаржы жылына олар есептелген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде бекітіледі.

      Уәкілетті орган Қордың директорлар кеңесі бекіткен шартты міндеттемелердің мөлшерлемелерін оларды алған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде келіседі немесе болған жағдайда ескертулермен қайтарады.

      Уәкілетті органның ескертулері болған кезде Қор оларды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде шартты міндеттемелердің мөлшерлемелерін қайта есептеуді жүзеге асырады және уәкілетті органға қайта келісу үшін жібереді.

      Уәкілетті органмен келісілгеннен кейін қосымша жарналардың мөлшерлемесін Қор қатысушы сақтандыру ұйымдарына жазбаша түрде жеткізеді.

      28. Қатысушы сақтандыру ұйымынан Әдістеменің 2-тармағына сәйкес бұрын ұсынылған ақпараттан өзгеше ақпарат алынған жағдайда, Қор қажеттілігіне қарай ақпаратты алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде шартты міндеттемелердің мөлшерлемелерін қайта есептеуді жүзеге асырады және уәкілетті органға Қордың директорлар кеңесі бекіткен шартты міндеттемелердің мөлшерлемелерін қайта келісу үшін жібереді, ал қатысушы сақтандыру ұйымдары шартты міндеттемелерді бекітілген мөлшерлемелер негізінде қалыптастырады.

      29. Қатысушы сақтандыру ұйымы кепілдік берілетін сақтандырудың әрбір түрі бойынша шартты міндеттемелердің мөлшерін есептеуді есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15 (он бесінен) кешіктірмей шартты міндеттемелердің мөлшерлемесін кепілдік берілетін сақтандырудың әрбір түрі бойынша есепті тоқсан ішінде есептелген сақтандыру сыйлықақыларының сомасына көбейту арқылы (сақтандыру шарттары мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда сақтанушыларға қайтарылған (қайтаруға тиісті) сақтандыру сыйлықақыларын шегере отырып) тоқсан сайын дербес жүргізеді.

      30. Қатысушы сақтандыру ұйымы кепілдік берілетін жинақтаушы сақтандырудың әрбір түрі бойынша шартты міндеттемелердің мөлшерін есептеуді есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15 (он бесінен) кешіктірмей шартты міндеттемелердің мөлшерлемесін есепті тоқсанның басындағы және соңындағы кепілдік берілетін жинақтаушы сақтандырудың әрбір түрі бойынша сақтандыру резервтерінің мөлшерлері арасындағы оң айырмаға көбейту арқылы тоқсан сайын дербес жүргізеді.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      31. Шартты міндеттеменің есептеу нәтижесінде алынған мөлшері жақын бүтін мәнге дейін дөңгелектенеді.

      32. Қатысушы сақтандыру ұйымының Әдістеменің 29, 30-тармақтарына сәйкес есептелген шартты міндеттемелері қатысушы сақтандыру ұйымының бұрын есептелген шартты міндеттемелерін ұлғайтуға бағытталады.

      33. Шартты міндеттемелердің есептелген сомасы Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес қатысушы сақтандыру ұйымының бухгалтерлік есебінде есепке алынады және қаржылық есептілігінде көрсетіледі.

4-тарау. Төтенше жарналарды төлеу тәртібі мен мерзімдері

      34. Қатысушы сақтандыру ұйымы төтенше жарналарды Заңда белгіленген жағдайларда және мөлшерде төлейді.

      35. Қатысушы сақтандыру ұйымдары төтенше жарналарды Қордан төтенше жарналарды төлеу жөніндегі хабарламаны алған күннен бастап Қордың директорлар кеңесі белгілеген күнтізбелік 15 (он бес) күннен аспайтын мерзімде төлейді. Төтенше жарналарды төлеу жөніндегі хабарламада қатысушы сақтандыру ұйымы төлеуге тиіс төтенше жарнаның мөлшері болады.

      36. Қор төтенше жарналарды кезеңдік төлемдер түрінде төлеу қажеттілігін белгілеген жағдайда, қатысушы сақтандыру ұйымы төтенше жарналарды Қор белгілеген мерзімдерде төлейді.

      37. Қатысушы сақтандыру ұйымы төтенше жарналарды Қорға төлеген кезде осы қатысушы сақтандыру ұйымының шартты міндеттемелері өзі төлеген төтенше жарналардың сомасына азайтылады.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 387 қаулысына қосымша

Күші жойылды деп танылатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Сақтандыру ұйымдарының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры қатысушыларының міндетті, қосымша жарналар мен шартты міндеттемелердің ставкасын есептеу әдістемесі, міндетті, қосымша және төтенше жарналар төлеу тәртібі мен мерзімдері, шартты міндеттемелерді қалыптастыру және есебін жүргізу туралы ережені бекіту туралы" 2008 жылғы 2 қазандағы № 141 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5362 тіркелген).

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Сақтандыру ұйымдарының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры қатысушыларының міндетті, қосымша жарналар мен шартты міндеттемелердің ставкасын есептеу әдістемесі, міндетті, қосымша және төтенше жарналар төлеу тәртібі мен мерзімдері, шартты міндеттемелерді қалыптастыру және есебін жүргізу туралы ережені бекіту туралы" 2008 жылғы 2 қазандағы № 141 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" 2009 жылғы 7 шілдедегі № 141 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5737 тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Сақтандыру ұйымдарының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры қатысушыларының міндетті, қосымша жарналар мен шартты міндеттемелердің ставкасын есептеу әдістемесі, міндетті, қосымша және төтенше жарналар төлеу тәртібі мен мерзімдері, шартты міндеттемелерді қалыптастыру және есебін жүргізу туралы ережені бекіту туралы" 2008 жылғы 2 қазандағы № 141 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 260 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6049 тіркелген).

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2010 жылғы 3 қыркүйектегі № 138 қаулысының 2-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6558 тіркелген, 2010 жылғы 30 қарашадағы "Егемен Қазақстан" газетінде № 506-512 (26355) жарияланған).