Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтарын беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 5 маусымдағы № 898 Жарлығы

Қолданыстағы

  Қазақстан Республикасы
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23, 27-баптарына және 84-бабының бесінші бөлігіне және "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27 және 28-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса берiлiп отырған Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтарын беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 5 маусымдағы
№ 898 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтарын беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру ҚАҒИДАЛАРЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтарын беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23, 27-баптарына және 84-бабының бесінші бөлігіне, "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27 және 28-баптарына сәйкес әзірленді және жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтарын беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру тәртібін айқындайды.

      2. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарына немесе сыныптық шендеріне "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер жатады.

      3. Жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтарына "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген арнаулы атақтар жатады.

2-тарау. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын немесе сыныптық немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтарын беру

      4. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтары Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен беріледі.

      5. Жоғары басшы құрамның арнаулы атағы, сыныптық шені немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағы:

      генерал-майор, 3-сыныпты мемлекеттік кеңесші қызметкерге жоғары басшы құрам немесе жоғары офицерлік құрам лауазымының алдындағы лауазымда полковник, аға кеңесші атағында болғанына үш жыл өткеннен кейін және жоғары басшы құрам немесе жоғары офицерлік құрам лауазымында кемінде бір жыл қызмет еткеннен кейін берілуі мүмкін;

      генерал-лейтенант, 2-сыныпты мемлекеттік кеңесші кемінде үш жыл генерал-майор, 3-сыныпты мемлекеттік кеңесші арнаулы атағында, сыныптық шенінде болған қызметкерге берілуі мүмкін;

      генерал-полковник, 1-сыныпты мемлекеттік кеңесші кемінде үш жыл генерал-лейтенант, 2-сыныпты мемлекеттік кеңесші арнаулы атағында, сыныптық шенінде болған қызметкерге берілуі мүмкін.

      Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша жоғары арнаулы атақ, сыныптық шен мерзімінен бұрын берілуі мүмкін.

      6. Қызметкерде алынбаған тәртiптiк жазасы болғанда не егер оған қатысты қызметтік немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатса, ол жоғары басшы құрамның арнаулы атағын, сыныптық шенін немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағын беруге ұсынылмайды.

      7. Жоғары басшы құрамның арнаулы атағын, сыныптық шенін немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағын беру туралы ұсынымды (бұдан әрі – ұсыным) Қазақстан Республикасының Президенті атына:

      1) мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің (бұдан әрі – Әкімшілік) басшы лауазымды адамдары бойынша – Әкімшілік Басшысы;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының (бұдан әрі – Үкімет Аппараты) басшы лауазымды адамдары бойынша – Үкімет Аппаратының Басшысы;

      3) басқа басшы лауазымды адамдар бойынша тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысы енгізеді.

      Ұсынымда қызметкердің кәсіптік және жеке қасиеттері, атқарып отырған лауазымындағы қызмет әрекетінің негізгі көрсеткіштері (тағайындалған кезден бастап динамикамен) көрсетіледі.

      8. Ұсынымға мыналар қоса беріледі:

      1) мемлекеттік орган алқасының* арнаулы атақ немесе сыныптық шен беруге қызметкердің кандидатурасын қарау туралы шешімінің көшірмесі (үзінді көшірмесі);

      2) қызметкердің қызметтік тізімі;

      3) қызметкердің өмірбаяны.

      9. Осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген материалдар Әкімшіліктің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің жазбаша сұрау салуы немесе Үкімет Аппараты Басшысының, мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша дайындалады және Әкімшілікке енгізіледі.

      10. Әкімшілікке ұсынылған материалдар осы Қағидалардың 7 және 8-тармақтарында көзделген құжаттардың ресімделу сапасына және толық тізбесінің болуына тексеру жүргізу үшін Әкімшіліктің Құқық қорғау жүйесі бөліміне жіберіледі, оны жүзеге асыру мерзімі үш жұмыс күнінен аспайды.

      Мемлекеттік органның немесе Үкімет Аппаратының кадр қызметі (бөлімшесі) ұсынылған материалдардың толық еместігін анықтаған немесе оларда қандай да бір нақты емес мәліметтерді көрсеткен жағдайларда Әкімшіліктің Құқық қорғау жүйесі бөлімі жоғары басшы құрамның арнаулы атағын, сыныптық шенін немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағын беру туралы материалдарды кері қайтармай, жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді бес жұмыс күні ішінде жоя алады.

      Ұсынылған құжаттар көрсетілген тексеру жүргізілгеннен кейін Әкімшілік Басшысына қарауға беріледі, ол ұсынылған кандидаттарды зерделеу жөнінде тапсырма береді.

      11. Әкімшіліктің Құқық қорғау жүйесі бөлімі белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар мен ұйымдардан жоғары басшы құрамның арнаулы атағын, сыныптық шенін немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағын беруге ұсынылған кандидаттар бойынша қажетті ақпарат пен материалдар сұратады.

      12. Әкімшіліктің Құқық қорғау жүйесі бөлімі әрбір кандидат бойынша алынған және бес жұмыс күні ішінде жинақталған ақпаратты және Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасын түпкілікті шешімді қабылдау үшін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президентіне қарауға енгізеді.

3-тарау. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтарын төмендету және қалпына келтіру

      13. Жоғары басшы құрамның немесе жоғары офицерлік құрамның қызметкерлеріне қатысты арнаулы атақты немесе сыныптық шендi бiр сатыға төмендету түріндегі тәртiптiк жаза қолданылуы мүмкін.

      14. Жоғары басшы құрамның арнаулы атағын немесе сыныптық шенін немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағын бiр сатыға төмендету Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жүзеге асырылады.

      15. Жоғары басшы құрамның немесе жоғары офицерлік құрамның қызметкеріне арнаулы атағын немесе сыныптық шенiн бiр сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жаза осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген басшылардың ұсынымы (өтінішхаты) бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша қолданылады.

      16. Арнаулы атақты немесе сыныптық шендi бiр сатыға төмендету түріндегі тәртiптiк жаза қолдану Қазақстан Республикасының Президенті қабылдаған шешімді қоспағанда, қызметтік тергеп-тексеру нәтижелері бойынша жүргізіледі.

      Қызметтік тергеп-тексеру материалдарын, сондай-ақ арнаулы атақты немесе сыныптық шендi бiр сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсынымды (өтінішхатты) мемлекеттік орган және Үкімет Аппараты қызметтік тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Әкімшілікке жібереді.

      17. Әкімшілікке ұсынылған материалдар олардың толықтығына тексеру жүргізу үшін Әкімшіліктің Құқық қорғау жүйесі бөліміне жіберіледі және олар келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қаралады.

      Мемлекеттік органның немесе Үкімет Аппаратының кадр қызметі (бөлімшесі) ұсынылған материалдардың толық еместігін анықтаған немесе оларда қандай да бір нақты емес мәліметтерді көрсеткен жағдайларда Әкімшіліктің Құқық қорғау жүйесі бөлімі арнаулы атақты немесе сыныптық шендi бiр сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы материалдарды кері қайтармай, жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді бес жұмыс күні ішінде жоя алады.

      Ұсынылған құжаттар көрсетілген тексеру жүргізілгеннен кейін бір күн ішінде Әкімшілік Басшысына қарауға беріледі, ол Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасын дайындау жөнінде тапсырма береді.

      18. Қазақстан Республикасы Президентінің арнаулы атақты немесе сыныптық шендi бiр сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Жарлығында жаза қолданылатын адам туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты, атқарып отырған лауазымы), жасағаны үшін жаза тағайындалатын теріс қылық және жазаның түрі көрсетіледі.

      19. Қазақстан Республикасы Президентінің арнаулы атақты немесе сыныптық шендi бiр сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Жарлығын мемлекеттік органның және Үкімет Аппаратының кадр қызметі (бөлімшесі) қол қойғызып хабарлайды және жеке іске қоса тіркеледі.

      20. Қызметкер Қазақстан Республикасы Президентінің арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бір сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Жарлығымен танысудан бас тартқан жағдайда мемлекеттік органның және Үкімет Аппаратының кадр қызметі (бөлімшесі) тиісті акт жасайды, ол жеке іске қоса тіркеледі.

      21. Қызметкерді Қазақстан Республикасы Президентінің арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бір сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Жарлығымен таныстыру мүмкін болмаған жағдайда мемлекеттік органның және Үкімет Аппаратының кадр қызметі (бөлімшесі) оған тиісті хатпен хабарлама жібереді.

      22. Арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бір сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешімге шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.

      23. Егер арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бір сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап алты ай ішінде қызметкерге жаңа жаза қолданылмаса, онда оның тәртіптік жазасы жоқ деп саналады. Бұл ретте қызметкердің бұрынғы арнаулы атағы немесе сыныптық шені қалпына келтірілді деп саналмайды.

      24. Жоғары басшы құрамның бұрынғы арнаулы атағын немесе сыныптық шенін немесе жоғары офицерлік құрамның бұрынғы арнаулы атағын қалпына келтіру осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген басшылардың ұсынымы бойынша төмендетілген кезден бастап кемінде бір жылдан соң, Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша төмендету мерзіміне қарамастан Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жүзеге асырылады.

4-тарау. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарынан немесе сыныптық шендерінен немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтарынан айыру

      25. Жоғары басшы құрамының арнаулы атақтарынан немесе сыныптық шендерінен айыру құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты тәртіптік жаза шарасы ретінде қолданылады.

      26. Жоғары басшы құрамның қызметкері "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көзделген теріс себептермен жұмыстан шығарылғанда оған қатысты арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен айыру түріндегі тәртіптік жаза шарасы қолданылады.

      27. Әкімшілікке құқық қорғау органының қызметкерін қызметтен шығару туралы бұйрық, қызметтік тергеп-тексеру материалдары, сондай-ақ жоғары басшы құрамның арнаулы атағынан немесе сыныптық шенiнен айыру түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыным жіберіледі.

      28. Жоғары басшы құрамның арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағынан заңды күшіне енген айыптау үкімімен айыру соттың Қазақстан Республикасының Президентіне енгізілген сотталған адамды осы арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен айыру туралы ұсынымы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жүзеге асырылады.

      29. Әкімшілікке ұсынылған материалдар олардың толықтығына тексеру жүргізу үшін Әкімшіліктің Құқық қорғау жүйесі бөліміне жіберіледі.

      Мемлекеттік органның кадр қызметі (бөлімшесі) ұсынылған материалдардың толық еместігін анықтаған немесе оларда қандай да бір нақты емес мәліметтерді көрсеткен жағдайларда Әкімшіліктің Құқық қорғау жүйесі бөлімі жоғары басшы құрамның арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағынан айыру түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы материалдарды кері қайтармай, жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жоя алады.

      Ұсынылған құжаттар көрсетілген тексеру жүргізілгеннен кейін бір күн ішінде Әкімшілік Басшысына қарауға беріледі, ол Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасын дайындау жөнінде тапсырма береді.

      30. Қазақстан Республикасы Президентінің жоғары басшы құрамның арнаулы атағынан немесе сыныптық шенiнен немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағынан айыру түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы Жарлығында жасалғаны үшін жаза тағайындалатын теріс қылық, жазаның түрі және жаза қолданылатын адам көрсетіледі.

      31. Қазақстан Республикасы Президентінің жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру немесе жоғары офицерлік құрамның арнаулы атақтарын беру, төмендету, олардан айыру және қалпына келтіру туралы жарлықтарының жобаларын дайындауды Әкімшіліктің Құқық қорғау жүйесі бөлімі жүзеге асырады.

      Ескертпе:

      * алқалар құрылған мемлекеттік органдарда

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 5 маусымдағы
№ 898 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір актілерінің ТІЗБЕСІ

      1. "Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер жөніндегі комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 3 қарашадағы № 88 өкімі.

      2. "Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 18 сәуірдегі № 323 өкімі.

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы № 1504 Жарлығы 1-тармағының 6) тармақшасы.

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 18 сәуірдегі № 323 өкіміне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 желтоқсандағы № 577 өкімі.

      5. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір өкімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 9 ақпандағы № 99 өкімі.

      6. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 24 сәуірдегі № 576 Жарлығының 1-тармағының 20) тармақшасы.

      7. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 12 қарашадағы № 689 Жарлығы 1-тармағының 19) тармақшасы.

      8. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 22 мамырдағы № 815 Жарлығының 1-тармағының 15) тармақшасы.

      9. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 20 қарашадағы № 276 өкімінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 28 желтоқсандағы № 907 Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасы.

      10. "Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 18 сәуірдегі № 323 өкіміне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 18 қазандағы № 455 өкімі.

      11. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 26 шілдедегі № 128 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістердің 8-тармағы.

      12. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 13 қарашадағы № 427 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырудың 11-тармағы.

      13. "Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші және өзге де органдардың қызметін ұйымдастыру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 795 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 18-тармағы.

      14. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 ақпандағы № 191 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 14-тармағы.

      15. "Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші және өзге де органдардың қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 9 маусымдағы № 275 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістердің 16-тармағы.

      16. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші және өзге де органдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 7 қыркүйектегі № 316 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістердің 6-тармағы.

      17. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 21 ақпандағы № 642 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 9-тармағы.

      18. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 сәуірдегі № 26 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 5-тармағы.

      19. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 9 қазандағы № 184 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 6-тармағы.

      20. "Жоғары әскери және өзге де атақтар, сыныптық шендер жөніндегі комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 3 қарашадағы № 88 өкіміне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 355 өкімі.

      21. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 13 сәуірдегі № 195 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 36 және 37-тармақтары.

      22. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 3 қаңтардағы № 429 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 32 және 33-тармақтары.