"Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 29 маусымдағы N 645 Жарлығы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы Заңына сәйкес қаулы етемін: Z1100000469 қараңыз
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291 Жарлығымен.

      1. "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы 2027 жылға дейінгі кезеңге құрылсын.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.03.24. N 1530; 2008.12.29 N 722, 2011.01.26 N 1141 Жарлықтарымен.

      2. Қоса беріліп отырған "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы туралы" ереже бекітілсін.

      3. Осы Жарлық 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентінің      
2001 жылғы 29 маусымдағы 
N 645 Жарлығымен     
бекітілген        

"Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін, экономикалық шарттары мен принциптерін белгілейді. Z1100000469 қараңыз
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес Астана қаласының аумақтық шекарасының шегінде орналасқан.
      "Астана - жаңа қала" АЭА аумағы Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады және 7092,9 гектарды құрайды. АЭА аумағының құрамына алаңы 598,1 гектар Индустриялық парк кіреді.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.03.24 N 1530, 2007.02.26 N 291, 2007.06.21 N 352, 2008.06.17 N 614, 2008.12.29 N 722, 2011.01.26 N 1141, 2011.05.06 N 75 Жарлықтарымен.
      2. АЭА:
      1) инвестициялар тарту және құрылыстағы озық технологияларды пайдалану, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылым құру арқылы Астана қаласын жеделдете дамыту;
      2) тиімділігі жоғары, оның ішінде жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер құру, өнімдердің жаңа түрлерін шығаруды игеру мақсатында құрылады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлығымен.
      2.1. АЭА аумағындағы негізгі өндірістік қызмет түрлері:
      1) өзге де металл емес минералдық өнімдер өндіру;
      2) машиналар мен жабдықтар жасау;
      3) тұрмыстық электр аспаптарын шығару;
      4) резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару;
      5) химия өнеркәсібі;
      6) металлургия өнеркәсібі;
      7) электр жабдығын, оның ішінде электрмен жарықтандыру жабдығын шығару;
      8) жарықтандыру аспаптарына арналған шыны құрамдастарын шығару;
      9) тамақ өнімдерін өндіру;
      10) сүрек массасы мен целлюлоза, қағаз және картон шығару;
      11) жиһаз шығару;
      12) автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелер шығару;
      13) теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрам шығару;
      14) әуе және ғарыштық ұшу аппараттарын шығару;
      15) негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар шығару болып табылады.
      Ескерту. Ереже 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлығымен, жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.01.26 N 1141 Жарлығымен.
      2-2. Осы Ереженің 2-1-тармағының 14) тармақшасында көрсетілген, АЭА-ның барлық аумағы шегінде жүзеге асырылуы мүмкін қызмет түрін қоспағанда, осы Ереженің 2-1-тармағында көрсетілген қызмет түрлері Индустриялық парк шегінде ғана жүзеге асырылады.
      Ескерту. Ереже 2-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің  2011.01.26 N 1141 Жарлығымен.
      3. АЭА қызметі "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен реттеледі.
      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамада қамтылғаннан өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291, 2009.09.21 N 873 Жарлықтарымен.
      4. АЭА-ның аумағында ерекше құқықтық режим белгіленеді.

2. АЭА-ны басқару және атқарушы органның өкілеттіктері

      5. АЭА-ны басқаруды оның аумағында орналасқан Астана қаласының әкімияты жүзеге асырады.
      6. Астана қаласының әкімияты:
      АЭА-ны дамытудың стратегиясы мен бағдарламасын әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асырады;
      АЭА-ның аумағындағы мемлекеттік және өзге де органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
      АЭА-ны дамыту және оны құрудағы мақсаттарға қол жеткізу үшін отандық және шетелдік инвестициялардың, сондай-ақ кредит қаражатының тартылуын жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      7. АЭА-ның қызметін қамтамасыз етумен байланысты жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыру үшін Астана қаласының әкімі жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган құруға құқылы.

3. АЭА-ның аумағындағы салық салу

      8. АЭА-ның аумағындағы салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледі.

4. Кедендік реттеу

      9. АЭА аумағы кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін кеден аймағының кедендік рәсімі қолданылатын кеден одағы аумағының бір бөлігі болып табылады. АЭА-ның шекарасы оның периметрі бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады. АЭА-ның периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады. Z100000298 қараңыз
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.02.26 N 291 Жарлығымен, өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2011.01.26 N 1141 Жарлығымен.
      9-1. Еркін кеден аймағының кедендік рәсіміне кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік және өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында еркін кеден аймағының кедендік рәсімі қолданылатын АЭА аумағында орналастыруға және қолдануға арналған тауарлар орналастырылады.
      Ескерту. Ереже 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291 Жарлығымен, жаңа редакцияда - ҚР Президентінің  2011.01.26 N 1141 Жарлығымен.
      9-2. АЭА аумағында еркін кеден аймағының кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға қатысты кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес операцияларды жасауға рұқсат етіледі.
      Ескерту. Ереже 9-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291 Жарлығымен, жаңа редакцияда - ҚР Президентінің  2011.01.26 N 1141 Жарлығымен.
      10. АЭА-ның аумағында кедендік декларациялау және бақылау кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Z100000298 қараңыз
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291, 2011.01.26 N 1141 Жарлықтарымен.

  5. АЭА-ның аумағында шетелдік азаматтардың болу тәртібі

      11. АЭА-ның аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық келісімдерде белгіленген шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының келу, кету, транзиті мен аймақта болу тәртібі қолданылады.

6. Қорытынды ережелер

      12. Осы Ережеде белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өзгертілуі мүмкін.
      13. АЭА "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңында көзделген негіздер бойынша таратылады. Z1100000469 қараңыз 
      Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291, 2009.09.21 N 873 Жарлықтарымен.
      14. АЭА-ны тарату рәсімін Астана қаласының әкімияты жүзеге асырады.
      15. АЭА құрылатын мерзімнің өтуіне байланысты таратылған кезде Астана қаласының әкімияты:
      аталған мерзімнің аяқталуынан үш ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында АЭА-ның алдағы уақытта таратылатыны, оның таратылуына байланысты өтініштер мен талаптарды қабылдау тәртібі мен мерзімі туралы хабарландыру жариялайды;
      АЭА-ның аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға оның аумағындағы тауарларды өзге кедендік рәсіммен қайта ресімдеудің тәртібі жөнінде түсініктеме берілуін қамтамасыз етеді;
      АЭА таратылғаннан кейін бір айдың ішінде Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне АЭА қызметінің нәтижелері жөнінде есеп береді.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2011.01.26 N 1141 Жарлығымен.
      16. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен АЭА мерзімінен бұрын таратылғанда, тарату рәсімі алты айдан кешіктірілмей осы Ереженің 15-тармағында көзделген барлық рәсімдер сақтала отырып аяқталуға тиіс.
      17. Осы Ережемен реттелмеген АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы  
Президентінің       
2001 жылғы 29 маусымдағы 
N 645 Жарлығымен бекітілген
"Астана - жаңа қала"   
арнайы экономикалық   
аймағы туралы ережеге  
ҚОСЫМША        

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.05.06 N 75 Жарлығымен.

"Астана - жаңа қала"
арнайы экономикалық аймағы
шекарасының жоспары