Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 29 маусымдағы № 645 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 26 қаңтардағы № 1141 Жарлығы. 1-тармағының бірінші және екінші абзацтарын қоспағанда, күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 681 Жарлығымен.

      Ескерту. 1-тармағының бірінші және екінші абзацтарын қоспағанда, күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 681 Жарлығымен.

Қаулы етемін:

      1. "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағын құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 29 маусымдағы № 645 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 22, 270-құжат; 2005 ж., № 11, 100-құжат; 2007 ж., № 4, 50-құжат; № 22, 245-құжат; 2008 ж., № 29, 281-құжат; № 46, 523-құжат; 2009 ж., № 40, 388-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1-тармақтағы "2015" деген цифрлар "2027" деген цифрлармен ауыстырылсын;


жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы туралы ережеде:

1-тармақтың екінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:

"АЭА аумағының құрамына алаңы 598,1 гектар Индустриялық парк кіреді.";

2-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

"2.1. АЭА аумағындағы негізгі өндірістік қызмет түрлері:

1) өзге де металл емес минералдық өнімдер өндіру;

2) машиналар мен жабдықтар жасау;

3) тұрмыстық электр аспаптарын шығару;

4) резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару;

5) химия өнеркәсібі;

6) металлургия өнеркәсібі;

7) электр жабдығын, оның ішінде электрмен жарықтандыру жабдығын шығару;

8) жарықтандыру аспаптарына арналған шыны құрамдастарын шығару;

9) тамақ өнімдерін өндіру;

10) сүрек массасы мен целлюлоза, қағаз және картон шығару;

11) жиһаз шығару;

12) автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелер шығару;

13) теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрам шығару;

14) әуе және ғарыштық ұшу аппараттарын шығару;

15) негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар шығару болып табылады.";

Мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:

"2-2. Осы Ереженің 2-1-тармағының 14) тармақшасында көрсетілген, АЭА-ның барлық аумағы шегінде жүзеге асырылуы мүмкін қызмет түрін қоспағанда, осы Ереженің 2-1-тармағында көрсетілген қызмет түрлері Индустриялық парк шегінде ғана жүзеге асырылады.";

9-тармақта:

"Қазақстан Республикасының кедендік аумағының" деген сөздер "кеден одағы аумағының" деген сөздермен ауыстырылсын;

"кедендік режимі" деген сөздер "кедендік рәсімі" деген сөздермен ауыстырылсын;

"аумағы" деген сөзден кейін "кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе)" деген сөздермен толықтырылсын;

9-1 және 9-2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

"9-1. Еркін кеден аймағының кедендік рәсіміне кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік және өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында еркін кеден аймағының кедендік рәсімі қолданылатын АЭА аумағында орналастыруға және қолдануға арналған тауарлар орналастырылады.

9-2. АЭА аумағында еркін кеден аймағының кедендік рәсіміне орналастырылған тауарларға қатысты кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес операцияларды жасауға рұқсат етіледі.";

10-тармақта:

"ресімдеу" деген сөз "декларациялау" деген сөзбен ауыстырылсын;

"бақылау" деген сөзден кейін "кеден одағының кеден заңнамасында және (немесе)" деген сөздермен толықтырылсын;

15-тармақтың үшінші абцазындағы "өзге кедендік режимде" деген сөздер "өзге кедендік рәсіммен" деген сөздермен ауыстырылсын;

көрсетілген Ережеге қосымша осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы 26 қаңтардағы
№ 1141 Жарлығына қосымша
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2001 жылғы 29 маусымдағы
№ 645 Жарлығымен бекітілген
"Астана – жаңа қала" арнайы
экономикалық аймағы туралы
ережеге қосымша

"Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық
аймағы шекарасының жоспары



"Астана – жаңа қала" АЭА аумағы S=5900,9 га