"Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 2001 жылғы 29 маусым N 645

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы  Заңына  сәйкес қаулы етемін:
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.02.26.  N 291  Жарлығымен.

      1. "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы 2010 жылға дейінгі кезеңге құрылсын.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2005.03.24.  N 1530  жарлығымен.

      2. Қоса беріліп отырған "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы туралы" ереже бекітілсін.

      3. Осы Жарлық 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы   
Президентінің       
2001 жылғы 29 маусымдағы  
N 645 Жарлығымен      
бекітілген         

  "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы  Заңына  сәйкес әзірленді және "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін, экономикалық шарттары мен принциптерін белгілейді.
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.02.26.  N 291  Жарлығымен.

  1. Жалпы ережелер

      1. "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес Есіл өзенінің сол жақ жағалауында, Астана қаласының аумақтық шекарасының шегінде орналасқан. 
      "Астана - жаңа қала" АЭА аумағы Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады және 5440,4 гектарды құрайды.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.03.24.  N 1530 , 2007.02.26.  N 291 , 2007.06.21. N  352  жарлықтарымен.
      2. АЭА Есілдің сол жақ жағалауын құрылысқа инвестицияларды тарту және озық технологияларды пайдалану, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылымды жасау арқылы жеделдете дамыту мақсатында құрылады. 
      3. АЭА қызметі "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы  Заңымен  және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен реттеледі. 
      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамада қамтылғаннан өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.02.26.  N 291  Жарлығымен.
      4. АЭА-ның аумағында ерекше құқықтық режим белгіленеді. 

  2. АЭА-ны басқару және атқарушы органның өкілеттіктері

      5. АЭА-ны басқаруды оның аумағында орналасқан Астана қаласының әкімияты жүзеге асырады.
      6. Астана қаласының әкімияты:
      АЭА-ны дамытудың стратегиясы мен бағдарламасын әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асырады;
      АЭА-ның аумағындағы мемлекеттік және өзге де органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
      АЭА-ны дамыту және оны құрудағы мақсаттарға қол жеткізу үшін отандық және шетелдік инвестициялардың, сондай-ақ кредит қаражатының тартылуын жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      7. АЭА-ның қызметін қамтамасыз етумен байланысты жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыру үшін Астана қаласының әкімі жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган құруға құқылы.

  3. АЭА-ның аумағындағы салық салу

      8. АЭА-ның аумағындағы салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледі.

  4. Кедендік реттеу

      9. АЭА аумағы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін кеден аймағының кедендік режимі қолданылатын Қазақстан Республикасының кедендік аумағының бір бөлігі болып табылады. АЭА-ның шекарасы оның периметрі бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады. АЭА-ның периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады.
       Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.02.26.  N 291  Жарлығымен.  
      9-1. АЭА құру мақсатына қол жеткізу үшін қажетті тауарлардың тізбесі:
      1) АЭА аумағында салынатын объектілердің құрылысын қамтамасыз ету үшін қажетті машиналар, тетіктер мен жабдық;
      2) жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес объектілерді АЭА аумағында салу және пайдалануға беру үшін қажетті машиналар мен жабдық, тауарлар мен материалдар.
       Ескерту. Жарлық 9-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.02.26.  N 291  Жарлығымен.  
      9-2. АЭА аумағында еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен:
      1) тауарларды сақтауды қамтамасыз ету;
      2) тауарларды тасымалдауға дайындау (легін бөлшектеу, сұрыптау, тиеу, түсіру, қайта тиеу) және тауарлар мен көлік құралдарын құрылыс процесінде оңтайлы орналастыру және тұтыну мақсатында бөлінген құрылыс учаскелері шегінде орнынан ауыстыру (кеден органының рұқсатымен);
      3) ғимараттар, құрылыстар мен құрылымдар салу кезінде құрылыс өндірісі технологиясының талаптарын орындау жөнінде операциялар жасауға рұқсат беріледі.
       Ескерту. Жарлық 9-2-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.02.26.  N 291  Жарлығымен.  
      10. АЭА-ның аумағында кедендік ресімдеу және бақылау Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.02.26.  N 291  Жарлығымен.  

  5. АЭА-ның аумағында шетелдік азаматтардың болу тәртібі

      11. АЭА-ның аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық келісімдерде белгіленген шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының келу, кету, транзиті мен аймақта болу тәртібі қолданылады.

  6. Қорытынды ережелер

      12. Осы Ережеде белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өзгертілуі мүмкін.
      13. АЭА "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы  Заңында  көзделген негіздер бойынша таратылады.
       Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.02.26.  N 291  Жарлығымен.
      14. АЭА-ны тарату рәсімін Астана қаласының әкімияты жүзеге асырады. 
      15. АЭА құрылатын мерзімнің өтуіне байланысты таратылған кезде Астана қаласының әкімияты: 
      аталған мерзімнің аяқталуынан үш ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында АЭА-ның алдағы уақытта таратылатыны, оның таратылуына байланысты өтініштер мен талаптарды қабылдау тәртібі мен мерзімі туралы хабарландыру жариялайды;
      АЭА-ның аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға оның аумағындағы тауарларды өзге кедендік режимде қайта ресімдеудің тәртібі жөнінде түсініктеме берілуін қамтамасыз етеді;
      АЭА таратылғаннан кейін бір айдың ішінде Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне АЭА қызметінің нәтижелері жөнінде есеп береді.
      16. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен АЭА мерзімінен бұрын таратылғанда, тарату рәсімі алты айдан кешіктірілмей осы Ереженің 15-тармағында көзделген барлық рәсімдер сақтала отырып аяқталуға тиіс.
      17. Осы Ережемен реттелмеген АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы   
Президентінің        
2001 жылғы 29 маусымдағы  
N 645 Жарлығымен бекітілген 
"Астана - жаңа қала"    
арнайы экономикалық    
аймағы туралы ережеге   
ҚОСЫМША         

       Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.06.21. N  352  жарлығымен.  

"Астана - жаңа қала"
арнайы экономикалық аймағы
шекарасының жоспары

(Картаны қағаз мәтіннен қараңыз)