"Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағын құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 29 маусымдағы N 645 Жарлығы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы Заңына сәйкес қаулы етемін: Z070274
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291 Жарлығымен.

      1. "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы 2015 жылға дейінгі кезеңге құрылсын.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2005.03.24. N 1530; 2008.12.29 N 722 Жарлықтарымен.

      2. Қоса беріліп отырған "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы туралы" ереже бекітілсін.

      3. Осы Жарлық 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентінің      
2001 жылғы 29 маусымдағы 
N 645 Жарлығымен     
бекітілген        

"Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 26 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін, экономикалық шарттары мен принциптерін белгілейді. Z070274
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) қоса беріліп отырған жоспарға сәйкес Астана қаласының аумақтық шекарасының шегінде орналасқан.
      "Астана - жаңа қала" АЭА аумағы Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады және 5900,9 гектарды құрайды.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.03.24 N 1530, 2007.02.26 N 291, 2007.06.21 N 352, 2008.06.17 N 614, 2008.12.29. N 722 Жарлықтарымен.
      2. АЭА:
      1) инвестициялар тарту және құрылыстағы озық технологияларды пайдалану, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылым құру арқылы Астана қаласын жеделдете дамыту;
      2) тиімділігі жоғары, оның ішінде жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер құру, өнімдердің жаңа түрлерін шығаруды игеру мақсатында құрылады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлығымен.
      2.1. АЭА аумағындағы негізгі өндірістік қызмет түрлері:
      1) өзге де металл емес минералдық өнімдер өндіру;
      2) машиналар мен жабдықтар жасау;
      3) тұрмыстық электр аспаптарын шығару;
      4) резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару;
      5) химия өнеркәсібі болып табылады.
      Ескерту. Ереже 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлығымен.
      3. АЭА қызметі "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен реттеледі.
      Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамада қамтылғаннан өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291, 2009.09.21 N 873 Жарлықтарымен.
      4. АЭА-ның аумағында ерекше құқықтық режим белгіленеді.

2. АЭА-ны басқару және атқарушы органның өкілеттіктері

      5. АЭА-ны басқаруды оның аумағында орналасқан Астана қаласының әкімияты жүзеге асырады.
      6. Астана қаласының әкімияты:
      АЭА-ны дамытудың стратегиясы мен бағдарламасын әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асырады;
      АЭА-ның аумағындағы мемлекеттік және өзге де органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
      АЭА-ны дамыту және оны құрудағы мақсаттарға қол жеткізу үшін отандық және шетелдік инвестициялардың, сондай-ақ кредит қаражатының тартылуын жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      7. АЭА-ның қызметін қамтамасыз етумен байланысты жергілікті мемлекеттік басқарудың жекелеген функцияларын жүзеге асыру үшін Астана қаласының әкімі жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган құруға құқылы.

3. АЭА-ның аумағындағы салық салу

      8. АЭА-ның аумағындағы салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледі.

4. Кедендік реттеу

      9. АЭА аумағы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес еркін кеден аймағының кедендік режимі қолданылатын Қазақстан Республикасының кедендік аумағының бір бөлігі болып табылады. АЭА-ның шекарасы оның периметрі бойынша арнайы қоршаумен жабдықталады. АЭА-ның периметрлері Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы болып табылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291 Жарлығымен.
      9-1. АЭА құру мақсатына қол жеткізу үшін қажетті тауарлардың тізбесі:
      1) АЭА аумағында салынатын объектілердің құрылысын қамтамасыз ету үшін қажетті машиналар, тетіктер мен жабдық;
      2) жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес объектілерді АЭА аумағында салу және пайдалануға беру үшін қажетті машиналар мен жабдық, тауарлар мен материалдар;
      3) тауарларды жеткілікті түрде өңдеу өлшемдеріне сәйкес қайта өңдеуге, өңдеуге және пайдалануға арналған тауарлар (акцизделетін тауарларды, қоспағанда) мен материалдар;
      4) осы Ереженің 2-1-тармағында көрсетілген негізгі өндірістік қызмет түрлеріне сәйкес өндірісті қамтамасыз ету үшін қажетті машиналар мен тетіктер, жабдықтар, арнайы мақсаттағы автомобильдер, материалдар, тауарлар мен жартылай өнімдер;
      5) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және оқу-білім беру бағдарламаларын жүргізу үшін қажетті аспаптар, құрылғылар, тауарлар мен материалдар.
      Ескерту. Ереже 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291, өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлықтарымен.
      9-2. АЭА аумағында еркін кеден аймағының кедендік режиміне орналастырылған тауарлармен:
      1) тауарларды сақтауды қамтамасыз ету;
      2) тауарларды тасымалдауға дайындау (легін бөлшектеу, сұрыптау, тиеу, түсіру, қайта тиеу) және тауарлар мен көлік құралдарын құрылыс процесінде оңтайлы орналастыру және тұтыну мақсатында бөлінген құрылыс учаскелері шегінде орнынан ауыстыру (кеден органының рұқсатымен);
      3) ғимараттар, құрылыстар мен құрылымдар салу кезінде құрылыс өндірісі технологиясының талаптарын орындау;
      4) тауарларды қайта өңдеу;
      5) осы Ережеге сай негізгі өндірістік қызмет түрлеріне сәйкес АЭА құру мақсатына қол жеткізу үшін қажетті тауарлар мен жабдықтарды пайдалану және қолдану;
      6) тауарларды сатуға дайындау;
      7) өнеркәсіп өндірісі технологиясының талаптарын орындау жөнінде операциялар жасауға рұқсат беріледі.
      Ескерту. Ереже 9-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291, өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.09.21 N 873 Жарлықтарымен.
      10. АЭА-ның аумағында кедендік ресімдеу және бақылау Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291 Жарлығымен.

  5. АЭА-ның аумағында шетелдік азаматтардың болу тәртібі

      11. АЭА-ның аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық келісімдерде белгіленген шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың, сондай-ақ олардың көлік құралдарының келу, кету, транзиті мен аймақта болу тәртібі қолданылады.

6. Қорытынды ережелер

      12. Осы Ережеде белгіленген шарттар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өзгертілуі мүмкін.
      13. АЭА "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 6 шілдедегі Заңында көзделген негіздер бойынша таратылады.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.26. N 291, 2009.09.21 N 873 Жарлықтарымен.
      14. АЭА-ны тарату рәсімін Астана қаласының әкімияты жүзеге асырады.
      15. АЭА құрылатын мерзімнің өтуіне байланысты таратылған кезде Астана қаласының әкімияты:
      аталған мерзімнің аяқталуынан үш ай бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында АЭА-ның алдағы уақытта таратылатыны, оның таратылуына байланысты өтініштер мен талаптарды қабылдау тәртібі мен мерзімі туралы хабарландыру жариялайды;
      АЭА-ның аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға оның аумағындағы тауарларды өзге кедендік режимде қайта ресімдеудің тәртібі жөнінде түсініктеме берілуін қамтамасыз етеді;
      АЭА таратылғаннан кейін бір айдың ішінде Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне АЭА қызметінің нәтижелері жөнінде есеп береді.
      16. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен АЭА мерзімінен бұрын таратылғанда, тарату рәсімі алты айдан кешіктірілмей осы Ереженің 15-тармағында көзделген барлық рәсімдер сақтала отырып аяқталуға тиіс.
      17. Осы Ережемен реттелмеген АЭА-ның қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы  
Президентінің       
2001 жылғы 29 маусымдағы 
N 645 Жарлығымен бекітілген
"Астана - жаңа қала"   
арнайы экономикалық   
аймағы туралы ережеге  
ҚОСЫМША        

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2008.06.17 N 614 Жарлығымен.

"Астана - жаңа қала"
арнайы экономикалық аймағы
шекарасының жоспары

"Астана - жаңа қала" АЭА аумағы S=5900,9 га.
(Картаны қағаз мәтіннен қараңыз)