"Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 12-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесін халықаралық қатынаста қолдану
қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 13 тамыздағы
№ 923 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесін халықаралық қатынаста қолдану қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесін халықаралық қатынаста қолдану қағидасы (бұдан әрі - Қағида) "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 12-бабының 13) тармақшасына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді.
2. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өту тәртібі "Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өтуін регламенттейтін кейбір мәселелер" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы № 1345 қаулысымен белгіленеді.
3. Қағида қолдану мерзімі күнтізбелік бір жылдан асатын тұрақты жолаушылар және багаж тасымалына берілетін шетелдік рұқсаттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасында автомобиль тасымалдарының рұқсат беру жүйесін халықаралық қатынаста қолдану және шетелдік рұқсаттарды беру тәртібін айқындайды.
Қағида меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде мынадай автокөлік құралдарына иелік ететін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қолданылады.
1) автобустар, шағын автобустар;
2) жүк автомобильдері (олардың тіркемені қосқанда рұқсат етілетін жалпы салмағы 6 тоннадан астам немесе тіркемені қосқанда рұқсат етілетін пайдалы жүктемесі 3,5 тоннадан астам);
3) мамандандырылған автомобильдер (белгілі бір жүк түрін тасымалдауға арналған);
4) арнайы автомобильдер (әртүрлі, көбінесе көліктік емес жұмыстарды орындауға арналған).
4. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) автокөлік құралдарына рұқсат беру карточкасы - автокөлік құралын жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарында пайдалануға рұқсат беретін құжат;
2) жолсапар - автокөлік құралдарының жөнелту пунктінен межелі пунктіне жүруі және жөнелту пунктіне кері оралуы;
3) жүктердің халықаралық автомобильмен тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат беру куәлігі - Қазақстан Республикасының автомобиль тасымалдаушыларына жүктердің халықаралық автомобильмен тасымалдарын жүзеге асыруға құқық беретін құжат;
4) қосымша өтінім - жылдық өтінімге қатыспаған немесе жылдық өтінімде шетелдік рұқсаттардың белгілі бір түрін және қажетті санын көрсетпеген отандық тасымалдаушы берген шетелдік рұқсаттарды алуға өтінім;
5) отандық рұқсат - рұқсат беру құжаты, оның негізінде халықаралық қатынаста жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдауды, сондай-ақ үшінші елдерге (елдерден) тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдік автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) келуі (кетуі), Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиті жүзеге асырылады;
6) рейс - автокөлік құралдарының жөнелту пунктінен межелі пунктіне дейін жүріп өтуі;
7) рұқсат беру құжаты - Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүру құқығын растайтын құжат (отандық немесе шетелдік рұқсат, үшінші елдерге (елдерден) тасымалды орындауға арналған рұқсат, арнайы рұқсат);
8) рұқсат бланкілерімен алмасу квотасы (бұдан әрі - алмасу квотасы) - шет мемлекеттермен алмасу үшін келісілген шетелдік рұқсаттардың саны;
9) транзиттік жүріп өту (транзит) - жөнелту және межелі пункттері осы мемлекеттің аумағынан тыс орналасқан мемлекеттің аумағы арқылы жүкпен немесе жүксіз автокөлік құралдарының жүріп өтуі;
10) алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
11) үшінші елдерге (елдерден) тасымалдау - автокөлік құралының тіркелу мемлекеті болып табылмайтын екі мемлекет арасында жолаушыларды, багажды немесе жүктерді тасымалдау;
12) шетелдік рұқсат - рұқсат беру құжаты, оның негізінде халықаралық қатынаста жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдауды, сондай-ақ үшінші елдерге (ден) тасымалдауды жүзеге асыратын отандық автокөлік құралдарының тиісті шет мемлекеттің аумағына (аумағынан) кіру (шығу), мемлекеттің аумағы арқылы транзиті жүзеге асырылады.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
5. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өтуіне рұқсат беру жүйесі Заңда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттер арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы халықаралық шарттарда (бұдан әрі - Келісім) және осы Қағидада айқындалады.
5-1. Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын отандық автокөлік құралдарының шет мемлекеттің аумағына (аумағынан) кіруі (шығуы), шет мемлекеттің аумағы арқылы транзиті мынадай түрлердегі шетелдік рұқсаттардың негізінде жүзеге асырылады:
1) жүк тасымалына арналған шетелдік рұқсаттар;
2) жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттар;
3) күнтізбелік бір жылға қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттар.
Ескерту. Қағида 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге сәйкес отандық тасымалдаушылар Қытай Халық Республикасының аумағына автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде мыналар қажет:
1) жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды орындаған кезде, отандық тасымалдаушыға тасымалды жөнелту пунктінен межелі пунктке дейін күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен "А" түрінің рұқсаты;
2) тура және кері бір рейсті орындауға құқығы бар жолаушылар мен багаждың тұрақты емес автомобиль тасымалын орындау кезінде "В" түрінің рұқсаты;
3) тура және кері бір рейсті орындауға құқығы бар жүк автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде "С" түрінің рұқсаты.
"А", "В", "С" түріндегі рұқсаттар ағымдағы жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
2. Шетелдік рұқсаттарды айырбастау квотасын анықтау және үлестірілу тәртібі
7. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің көліктік бақылау аумақтық органдары (бұдан әрі - аумақтық органдар) жыл сайын 10 тамызға дейінгі мерзімде бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар арқылы шетелдік рұқсаттарға жылдық өтінімдерді қабылдаудың басталуы туралы отандық тасымалдаушыларды хабарландырады.
8. Жыл сайын 10 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейінгі мерзімде аумақтық органдар отандық тасымалдаушылардан жылдық өтінімдерді қабылдайды.
Жылдық өтінімде:
1) отандық тасымалдаушының атауы;
2) қызметтің түрі;
3) заңды мекенжайы;
4) ұсынылған автокөлік құралдарына рұқсат беру куәлігінің және (немесе) лицензиялардың, рұқсат беру карточкасының нөмірі;
5) тасымалдың түрі;
6) тоқсан бойынша, болжамды жол жүру уақыты мен жылжымалы құрам бойынша бөле отырып, елдер және орындалатын тасымалдардың түрлері бөлінісінде шетелдік рұқсаттарды ықтимал пайдаланудың саны қамтылады.
Жылдық өтінімнің нысаны Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің (бұдан әрі - уәкілетті орган) интернет-ресурсында орналастырылады.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
9. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
10. Жыл сайын 10-30 қыркүйек мерзімінде уәкілетті орган отандық тасымалдаушылардан күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттардың қажетті саны туралы жылдық өтінімдерді қабылдайды.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
11. Отандық тасымалдаушы күнтізбелік бір жылға қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдiк рұқсаттарға жылдық және қосымша өтінімдерді берген кезде жеке папкаға ресімделген мынадай құжаттарды ұсынады:
1) заңды тұлға үшін - салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларды ұсына отырып, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі немесе нотариалды түрде куәландырылған көшірмесі, дара кәсіпкер үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың және дара кәсіпкер ретінде тіркеу туралы куәліктің көшірмесі. Түпнұсқалар салыстырып тексерілгеннен кейін өтініш берушіге қайтарылады;
2) салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларды ұсына отырып, шетелдік тасымалдаушымен бірлескен қызмет туралы шарттың көшірмесі немесе нотариалды түрде куәландырылған көшірмесі. Түпнұсқалар салыстырып тексерілгеннен кейін өтініш берушіге қайтарылады;
3) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің көшірмелерін қоса бере отырып, маршрутта пайдалануға көзделетін жылжымалы құрамның саны және үлгісі (класы) туралы мәліметтерді;
4) көрсетілген автобустардың, шағын автобустардың жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдаудың басқа маршруттарында іске тартылмауы туралы отандық тасымалдаушы тіркелген облыстың жергілікті атқарушы органдарының жазбаша растауы;
5) маршрут бойынша автобустардың, шағын автобустардың жөнелтілу, келу және тұру орындары мен уақыттарын, сондай-ақ барлық аялдама пункттері мен мемлекеттердің шекаралары арқылы өткізу пункттері бойынша арақашықтықтар көрсетілген қозғалыс кестелері;
6) автовокзалдарды, автостанцияларды мемлекеттік шекара арқылы автомобиль өткізу пункттерін, автобустар және шағын автобустар қозғалысының қауіпті учаскелері мен жылдамдық режимі көрсетілген маршрут схемалары;
7) автобустар және шағын автобустар жүргізушілерінің ауысым уақыты мен орнын көрсете отырып, бүкіл тұрақты маршрут ұзақтығындағы жүргізушілердің еңбек және тынығу режимінің графигі.
Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.09.05 N 1153 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
12. Жиынтық жылдық өтінімдердің қорытындылары бойынша жалпы жиынтық жылдық өтінім қалыптастырылады.
Қалыптастырылған жалпы жиынтық жылдық өтінім уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
13. Осы Қағиданың 11-тармағында көрсетілген құжаттар 5 жыл бойы Көліктік бақылау комитетінде сақталады.
14. Шетелдік рұқсат бланкілерімен алмасу квотасын белгілеу мәселесі бойынша тиісті мемлекеттердің құзыретті органдарымен келіссөздер жүргізуді қамтамасыз ету үшін аумақытқ органдар ағымдағы жылғы 10 қазанға дейінгі мерзімде уәкілетті органға отандық тасымалдаушылардың шетелдік рұқсаттарға деген қажеттілігінің саны туралы жалпы жиынтық жылдық өтінімді жібереді.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
15. Уәкілетті орган шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен рұқсат бланкілерімен алмасу квотасын келіседі.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
16. Көліктік бақылау комитеті шет мемлекеттердің құзыретті органдарына отандық рұқсат бланкілерін, оның ішінде үшінші елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға рұқсаттар беруді, отандық тасымалдаушылар үшін шетелдік рұқсаттарды шетелдік құзыретті органдармен жүргізілген келіссөз хаттамаларында ескерілген мөлшерде алуды жүзеге асырады.
17. Отандық тасымалдаушылардың қажеттілігін қанағаттандыратын шетелдік рұқсаттар, алмасу квотасы Көліктік бақылау комитетінің резервіне белгіленген шетелдік рұқсаттар мен күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды қоспағанда, жалпы жиынтық жылдық өтінім деректеріне сәйкес отандық тасымалдаушыларға беру үшін аумақтық органдарға толық бөлуге жатады.
18. Отандық тасымалдаушылардың қажеттілігін қанағаттандырмаған шетелдік рұқсаттар, алмасу квотасы отандық тасымалдаушылардан тиісті құжаттарды қоса бере отырып, шетелдік рұқсаттың бланкілерін алуға өтініштер түсуіне орай бөлуге жатады.
19. Егер халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаудың рұқсат ету жүйесі қолданылатын елдерге қатысты рұқсаттарға сұраныс отандық тасымалдаушыларға берілетін шетелдік рұқсаттар санынан асса, онда шетелдік рұқсаттар бірінші кезекте:
1) гуманитарлық жүктерді автомобильмен тасымалдауға;
2) Қазақстан Республикасында өндірілетін жүктерді автомобильмен экспорттық тасымалдауға;
3) көліктің басқа түрлерінің тасымалдаушыларымен бірлесіп орындалатын автомобиль тасымалдарына;
4) тез бүлінетін өнімдерді автомобильмен тасымалдауға беріледі.
20. Осы Қағиданың 19-тармағында көрсетілген жүктерді автомобильмен тасымалдауды отандық тасымалдаушылар тасымал шартымен растайды.
21. Уәкілетті орган шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен келісілген, белгіленген маршруттар мен осы маршруттар бойынша жүру кестесін ескере отырып, күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдуға арналған шетелдік рұқсаттарды үлестіреді.
Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
22. Аумақтық органдар бөлінісінде үлестірілген шетелдік рұқсаттардың саны туралы мәліметтер уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
23. Жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүкті тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды және күнтізбелік бір жыл қолданылу мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды алуға қосымша өтінімдерді берген отандық тасымалдаушылар Көліктік бақылау комитеті тарапынан бір тоқсан аралығында талап етілмеген бланкілер есебінен қамтамасыз етіледі.
Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.09.05 N 1153 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
23-1. Отандық тасымалдаушылар жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүк тасымалына және жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттардың бланкілерін алуға қосымша өтінімдерді берген және талап етілмеген шетелдік рұқсат бланкілері болмаған жағдайда уәкілетті орган шет мемлекеттің уәкілетті органдарымен хат алмасу арқылы ағымдағы жылға тиісті шетелдік рұқсат бланкілерімен алмасу квотасын келіседі.
Ескерту. Қағида 23-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3. Отандық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсаттарды беру тәртібі
24. Отандық тасымалдаушыларға күнтізбелік бір жыл қолданылу мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды қоспағанда, шетелдік рұқсаттарды ресімдеуді және беруді аумақтық органдар жүзеге асырады.
25. Бір күнтізбелік жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды ресімдеуді және беруді Көліктік бақылау комитеті жүзеге асырады.
26. Жолаушыларды және багажды тұрақты емес тасымалдауға, жүкті тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды және күнтізбелік бір жыл қолданылу мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды аумақтық органдар немесе Көліктік бақылау комитеті өтінімдерді алған күннен бастап өтініш берушіге хабарландыру бере отырып үш жұмыс күні ішінде қарайды.
Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.09.05 N 1153 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
27. Аумақтық органдар отандық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсаттарды:
1) жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат беру куәлігі, рұқсат беру карточкасы және жүктердің тасымалын жүзеге асыру кезінде ұсынылған автокөлік құралдарына техникалық байқаудың халықаралық сертификаты;
2) жолаушыларды және багажды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде халықаралық қатынастарда жолаушыларды және багажды автобустармен, шағын автобустармен тасымалдауға арналған лицензия бар болғанда береді.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
28. Көліктік бақылау комитеті отандық тасымалдаушыларға күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды халықаралық қатынастарда жолаушыларды және багажды автобустармен, шағын автобустармен тасымалдауға арналған лицензиялары бар болғанда береді.
Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
29. Күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды қоспағанда, шетелдік рұқсаттарды алуға өтініш заңды тұлғаның орналасқан орны немесе жеке кәсіпкер ретінде болып тіркелген жеке тұлғаның тұрғылықты орны бойынша аумақтық органға беріледі.
30. Отандық тасымалдаушылар шетелдік рұқсаттарды алуға өтінішті электронды түрде www.ерz.кz мекенжайы бойынша электрондық өтінімді беру порталы арқылы беруі мүмкін.
31. Шетелдік рұқсаттарды, оның ішінде күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды беру Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алым сомасын төлегені туралы түбіртек ұсынылғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
32. Отандық тасымалдаушы алған шетелдік рұқсаттарды осы отандық тасымалдаушының рұқсат карточкасында көрсетілген автокөлік құралына, сондай-ақ қайта алынған және Қазақстан Республикасының аумағына айдап әкелінген автокөлік құралына қолданады.
33. Күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды қоспағанда, отандық тасымалдаушы пайдаланған шетелдік рұқсаттар жол жүру аяқталғаннан кейін бір ай ішінде, ал пайдаланылмағаны - олардың қолданылу мерзімдері аяқталған күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей олар берілген жер бойынша аумақтық органға қайтаруға жатады.
Күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттар олардың қолдану мерзімдері аяқталған күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей Көліктік бақылау комитетіне қайтаруға жатады.
Отандық тасымалдаушылар шетелдік рұқсаттарды осы рұқсаттарды қоса бере отырып, міндетті түрде қайтару күні, шетелдік рұқсаттардың нөмірі көрсетілген, еркін нысанда жасалған ілеспелі хатпен қайтарады.
Шетелдік рұқсаттар жоғалған жағдайда отандық тасымалдаушылар жазбаша нысанда көрсетілген рұқсаттардың жоғалғаны және жарамсыздығы туралы ішкі істер органдарында тіркелген өтініштердің немесе бұқаралық ақпарат құралдарында хабарламаның орналастырылғанын растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, жоғалғаны туралы Көліктік бақылау комитетіне немесе аумақтық органдарға хабарлайды.
Көліктік бақылау комитетіне немесе аумақтық органға жоғалғаны туралы хабарламаны ұсыну мерзімі өтініш ішкі істер органдарында тіркелген немесе хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылған күннен бастап он жұмыс күнінен аспауы тиіс.
34. Қайтарылған шетелдік рұқсаттар Көліктік бақылау комитетінде және оның аумақтық органдарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бес жыл бойы сақталады.
35. Аумақтық органдар ай сайын 5 күнге дейін Көліктік бақылау комитетіне отандық тасымалдаушылар қайтарған шетелдік рұқсаттардың саны туралы ақпаратты ұсынады.
36. Көліктік бақылау комитеті және аумақтық органдар қайтарылған шетелдік рұқсаттардың есебін елдер бөлінісінде жүргізеді.
Шетелдік рұқсаттардың есебі елдер бөлінісінде берілген және қайтарылған шетелдік рұқсаттардың есеп журналын электронды түрде жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Журналда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) салық төлеушінің тіркеу нөмірі немесе бизнес сәйкестендіру нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі;
2) отандық тасымалдаушылардың атауы;
3) тасымалдаушылардың орналасқан (тұрғылықты) орны;
4) жөнелту елі;
5) бару елі;
6) қатынау маршруты;
7) рұқсат түрі;
8) рұқсаттың қолданыс мерзімі;
9) рұқсаттың берілген күні және нөмірі (сериясы);
10) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алымды төлегенін растайтын құжаттың нөмірі (болған кезде) және күні, алым сомасы (рұқсат берілген кезде).
Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
37. Аумақтық органдар отандық тасымалдаушылардан өтінімдер мен өтініштердің түсуіне қарай шетелдік рұқсаттарға арналған өтінімдерде және шетелдік рұқсаттарды алуға арналған өтініштерде көрсетілген, сондай-ақ берілген және қолданылмаған шетелдік рұқсаттар туралы деректерді Көліктік бақылау комитетінің көлік дерекқорының ақпараттық талдамалық жүйесіне (бұдан әрі - КДА ТЖ) енгізуді қамтамасыз етеді.
38. Аумақтық органдар ай сайын 5 күнге дейінгі мерзімде шетелдік рұқсаттарға өтінімдер берген отандық тасымалдаушылар туралы мәліметтерді кедендік бақылаудың аумақтық органдарына ұсынады.
39. Көліктік бақылау комитеті жыл сайын 15 қазанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетіне (бұдан әрі - Кедендік бақылау комитеті) күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарға өтінімдерді берген отандық тасымалдаушылар туралы мәліметтерді ұсынады.
40. Мынадай жағдайларда отандық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсаттарды беруден бас тартылады:
1) жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға отандық тасымалдаушының рұқсат беру куәлігінің, ұсынылған автокөлік құралдарына рұқсат карточкаларының болмауы;
2) халықаралық және қалааралық қатынастарда жолаушыларды және багажды автобустармен, шағын автобустармен тасымалдауға арналған лицензиялардың болмауы;
3) бір автокөлік құралына екі және/немесе одан да көп қолданыстағы рұқсат карточкаларының анықталуы;
4) шетелдік рұқсаттарды беру туралы немесе күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсаттарды беру туралы хабарламаның отандық тасымалдаушыға жолданған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алым сомасын төлегенін куәландыратын төлем құжатын ұсынбауы;
5) шетелдік рұқсаттардың аумақтық органда және Көліктік бақылау комитетінің резервінде болмауы;
6) осы Қағиданың 11-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбауы;
7) осы Қағиданың 33-тармағында белгіленген талаптарды жыл ішінде орындамауы.
Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
41. Отандық тасымалдаушыға шетелдік рұқсат берілген кезде бланкінің тиісті бағандарына міндетті түрде тасымалдаушының атауы, заңды мекенжайы жазылады және мөр (мөртабан) басылып, рұқсат берген тұлғаның қолы қойылады.
Күнтізбелік бір жыл қолдану мерзімімен жолаушыларды және багажды тұрақты тасымалдауға арналған шетелдік рұқсат берілген кезде бланктің тиісті бағандарына міндетті түрде тасымалдаушының атауы, заңды мекенжайы, автокөлік құралының маркасы мен мемлекеттік нөмірі, жүру маршруты жазылады және мөр (штамп) басылып, рұқсат берген адамның қолы қойылады.
Шетелдік рұқсаттарда түзетулерге жол берілмейді.
4. Шетелдік тасымалдаушыларға отандық рұқсаттарды беру тәртібі
42. Отандық рұқсаттарды және үшінші елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға арналған отандық рұқсаттарды шетелдік тасымалдаушыларға тиісті жылға айырбасталған рұқсаттар есебінен олардың мемлекеттерінің құзыретті органдары береді.
Отандық рұқсаттар, егер халықаралық шарттарда өзгеше ескерілмеген болса, келесі жылдың 31 қаңтарына дейін жарамды болады.
43. Отандық рұқсат және үшінші елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға арналған отандық рұқсат, оның ішінде бірінші рейстің тасымалы жүзеге асырылған мемлекеттің аумағына Қазақстан Республикасының аумағынан кері бағытта жолшыбай жүк арту жағдайларында бір жолсапар үшін жарамды болады.
"А" түріндегі отандық рұқсат жөнелту пунктінен межелі пунктке дейін жарамды, "В" мен "С" түріндегі отандық рұқсат Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында 75 км шегінде орналасқан шекара маңы терминалдарына дейін жарамды.
44. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік рейстен кері бағытта қайтып бара жатқан шетелдік жүк автокөлік құралына Қазақстан Республикасының аумағында жолшыбай жүк тиелген кезде "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) белгіленген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алым сомасы төленгеннен кейін уәкілетті орган беретін Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүріп-тұруға қосымша рұқсаттың болуы қажет.
Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
45. Қазақстан Республикасының аумағынан автокөлік құралының тіркелу мемлекеті болып табылмайтын үшінші мемлекеттің аумағына кері бағытта бара жатқан шетелдік автокөлік құралына жолшыбай жүк артылған жағдайда, үшінші елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға арналған қосымша отандық рұқсат болуы қажет.
46. Үшінші елдерге (елдерден) жүк тасымалдауы жүктің жөнелту немесе межелі пункті болып табылмайтын елдің аумағына жүкті асқын жүктеумен (тиеу/түсіру) үшінші елдерге (елдерден) тасымалды орындауға арналған рұқсат болған жағдайда жүзеге асырылады.
47. Тіркеу және ерекше белгілері жоқ және басқа мемлекет аумағында пайдалануға арналған Қазақстан Республикасының аумағынан жүгі бар немесе жүгі жоқ автокөлік құралдарының транзиттік жүруі, егер осы талап Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес келетін болса, көлік құралдарының (жаңа немесе пайдалануда болған) алғашқы бос жүрісін қоспағанда, рұқсат құжаттарының (отандық рұқсат, арнайы рұқсат) негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға арналған, оның ішінде жүгі бар автокөлік құралдарын айдап өту кезінде ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүріп өтуіне арнайы рұқсаттарды қоспағанда, рұқсат беру құжаттары талап етілмейді.
Ескерту. 47-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
48. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік тасымалдарды жүзеге асыратын шетелдік тасымалдаушыда отандық рұқсат болмаған жағдайда, сондай-ақ, егер келісімдерде Қазақстан Республикасының аумағына шетел автокөлік құралдарының кіруіне (шығуына) арналған рұқсат бланкілерін іске асыру көзделетін болса, шетелдік тасымалдаушылар көліктік бақылау функцияларын жүзеге асыратын құзыретті органдардан тиісті рұқсатқа сұрау салады. Көрсетілген рұқсат оған Кеден Одағының кедендік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау постыларында Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алым сомасы төленгеннен кейін беріледі.
Аумақтық органдар және кедендік бақылаудың аумақтық органдары берілген және пайдаланылған шетелдік рұқсаттар туралы деректерді КДА ТЖ күн сайын енгізуді қамтамасыз етеді.
Ескерту. 48-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
49. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
50. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту құқығын растайтын отандық рұқсат беру құжаттарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде кедендік бақылаудың аумақтық органдары немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау посттарында аумақтық органдар:
Қазақстан Республикасының аумағынан автокөлік құралының күнтізбелік 30 күннен аспайтын шығу мерзімін;
тасымалдаушының атауын;
автокөлік құралының нөмірін;
автокөлік құралының тіркелген мемлекетін;
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту маршрутын көрсетеді.
Шетелдік автокөлік құралдарының транзиттік жүріп өтуі кезінде Қазақстан Республикасының аумағына келу және аумағынан кету мерзімдері тура да, кері де бағытта жүріп өту кезіндегі Қазақстан Республикасының аумағында нақты болу уақытымен айқындалады.
51. Бос шетелдік автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүріп өтуі жолаушылар мен жүктің халықаралық тасымалдары үшін Келісімдерде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
52. Егер Келісімдерде өзгеше көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту құқығын растайтын рұқсат беру құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан екі пункт арасында шетелдік автокөлік құралдарының жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруына құқық бермейді.
Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) кіруді (шығуды), халықаралық қатынастағы жолаушылар, багаж және жүк тасымалын жүзеге асыратын шетел автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитін, сондай-ақ үшінші елдерге (елдерден) тасымалды, отандық рұқсат беру құжаттарын беруді тіркеу Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) кіруді (шығуды), шетел автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитін, отандық рұқсат беру құжаттарын беруді тіркеу журналында электронды түрде жүзеге асырылады.
Журналда мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) шетел тасымалдаушысының атауы;
2) тасымалдаушының елі;
3) тасымалдаушының орналасқан (тұрғылықты) орны;
4) жөнелту елі;
5) бару елі;
6) қатынау маршруты;
7) автокөлік құралының үлгісі, маркасы;
8) автокөлік құралының және тіркемесінің нөмірі;
9) рұқсат түрі;
10) рұқсатты қолдану мерзімі;
11) рұқсаттың берілген күні және нөмірі (сериясы);
12) рұқсатты алған күні (рұқсат берілген кезде);
13) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алымды төлегенін растайтын құжаттың нөмірі (бар болса) және күні, алым сомасы (рұқсатты берілген кезде);
14) рұқсат құжатын алу туралы тасымалдаушының қолы (қағаз түрінде рұқсат берілген кезде).
Ескерту. 52-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
5. Рұқсат беру құжаттарын дайындау және есепке алу
53. Отандық рұқсаттар, үшінші елдерге (елдерден) тасымалдауды орындауға арналған рұқсаттар бланкілерінің нысандарын Көліктік бақылау комитеті әзірлейді және бекітеді, олар баспаханалық тәсілмен дайындалады, реттік нөмірі және кемінде үш қорғану дәрежесі болады.
Ескерту. 53-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 15.02.2013 № 138 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
54. Жалпы қабылданған халықаралық нормалар мен стандарттарға сәйкес отандық рұқсат бланкісінде мынадай деректемелер болады:
1) тасымалдауды жүзеге асыру құқығын рұқсат беру құжаты растайтын тасымалдау түрі;
2) сериясы мен нөмірі;
3) қолданылу мерзімі;
4) тасымалдаушының деректемелері;
5) берілген орны және күні;
6) құзыретті органның қолы мен мөрі;
7) қозғалыс маршруты;
8) автокөлік құралының маркасы мен мемлекеттік нөмірі;
9) жүктің атауы;
10) автокөлік құралының жүксіз жабдықталған салмағы;
11) жүру жолындағы бақылаушы органдардың белгілері мен мөріне арналған орын;
12) бланкіні пайдалану бойынша негізгі нұсқаулар.
55. Отандық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсат бланкілерін беру сенімхат болған жағдайда жүкқұжаттар бойынша (деректі сериясының және шетелдік рұқсат нөмірін көрсете отырып) жүзеге асырылады.
56. Есепті кезеңнен кейін ай сайын бесінші күнге дейін аумақтық органдар Көліктік бақылау комитетіне түрлері және елдері бойынша берілген рұқсаттардың саны туралы ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алымның республикалық бюджетке аударылған сомасы туралы салыстыру актісінің көшірмесін ұсынады.
Аумақтық салық органдарымен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алымның республикалық бюджетке аударылған сомасы туралы салыстыру актісі аумақтық органның жазбаша өтініші негізінде жүргізіледі.
57. Жыл сайын 5 қаңтарға дейінгі мерзімде кедендік бақылаудың аумақтық органдары пайдаланылмаған отандық рұқсаттарды алынған орын бойынша аумақтық органға қайтаруды жүзеге асырады.
58. Кедендік бақылаудың аумақтық органдары ай сайын үшінші күннен кешіктірмей аумақтық органдарға Қазақстан Республикасының аумағы арқылы шетел автокөлік құралдарының жүріп өткені бойынша есепті және шетел автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алымды төлегені туралы түбіртектері бар жүкқұжаттардың көшірмелерін ұсынады.
59. Аумақтық органдар ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 20 күнінен кешіктірмей өздерінің орналасқан орны бойынша салық органдарына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі белгілеген нысан бойынша Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өткені үшін алым төлеушілер және салық салынған объектілер туралы ақпаратты ұсынады.