Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы N 552 Жарлығы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президенті  
мен Үкіметі актілерінің жинағында  
жариялануға тиіс          

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 19), 21) тармақшаларына, 45-бабының 1-тармағына, "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 17-1-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ереже бекітілсін (1-қосымша).

      2. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесі бекітілсін (2-қосымша).

      3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 11 ақпандағы N 805 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 6, 40-құжат; 2003 ж., N 20, 201-құжат; 2004 ж., N 19, 235-құжат; 2006 ж., N 23, 229-құжат; 2007 ж., N 34, 372-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 16 мамырдағы N 1094 Жарлығының 1-тармағының 6) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., N 20, 201-құжат);
      3) "Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 11 ақпандағы N 805 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 23 сәуірдегі N 1351 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 19, 235-құжат);
      4) "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 23 наурыздағы N 1528 Жарлығының 1-тармағының 2) тармақшасы;
      5) "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 6 маусымдағы N 131 Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 23, 229-құжат);
      6) "Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы құқығын қамтамасыз ету және Республика Президентінің кейбір актілерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 21 қыркүйектегі N 413 Жарлығының 2-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 34, 372-құжат).

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

1-ҚОСЫМША        

Қазақстан Республикасы  
Президентінің       
2008 жылғы 11 наурыздағы 
N 552 Жарлығымен     
БЕКІТІЛГЕН       

Қазақстан Республикасы
Президентінің Әкімшілігі туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мәртебесін, өкілеттігін және жұмысының ұйымдастырылуын айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (бұдан әрі - Әкімшілік) Республика Президенті құратын, оған тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган болып табылады.

      2. Әкімшілік пен оның қызметкерлері өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын , заңдарын , Қазақстан Республикасы  Президентінің актілерін , осы Ережені, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

      3. Әкімшілік мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, заңнамаға сәйкес мемлекеттік тілде өзінің атауы жазылған мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ банктерде шоттары, соның ішінде валюталық шоттары болады.

      4. Әкімшіліктің құрылымы мен штат санын Республика Президенті айқындайды .

      5. Әкімшіліктің толық атауы: "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі" мемлекеттік мекемесі.

      6. Әкімшіліктің заңдық мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Алматы ауданы, Есіл өзенінің сол жағалауы, "Ақорда" ғимараты.

      7. Әкімшіліктің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

2. Әкімшіліктің негізгі міндеттері мен функциялары

      8. Әкімшіліктің негізгі міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің , Қазақстан Республикасы  Қауіпсіздік Кеңесінің және Мемлекет басшысының жанындағы өзге де консультативтік-кеңесші органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен  Жоғары Сот Кеңесінің қызметін қамтамасыз ету;
      2) ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрлаулылық және әлеуметтік-экономикалық салалардағы саясатты қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
      3) мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау, соның ішінде Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларын орындауға бақылау жасау, мемлекеттік органдардың алдағы қызметін жетілдіру жөнінде ұсынымдар тұжырымдау;
      4) Мемлекет басшысы белгілейтін өзге де міндеттерді жүзеге асыру болып табылады.

      9. Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат саласындағы өкілеттіктерін қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды орындайды:
      1) мемлекеттің ішкі саясатын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдайды және оларды Мемлекет басшысына енгізеді;
      2) елдегі ахуал және Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі бағыттары туралы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауының жобасын дайындауды қамтамасыз етеді;
      3) Мемлекет басшысының халық пен мемлекеттік биліктің бірлігін, Конституцияның мызғымастығын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі саясатын іске асыруға қатысады;
      4) қоғамдық келісім мен саяси тұрлаулылықтың, Қазақстан халқының игілігі үшін экономикалық дамудың, қазақстандық отансүйгіштіктің және мемлекет өмірінің неғұрлым маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешудің конституциялық принциптерін жүзеге асыруға қатысады;
      5) елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалдың дамуына болжам жасайды;
      6) елдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын, оны іске асыру, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың тетіктері мен тактикасын жетілдіру жөніндегі шаралар кешенін тұжырымдауға қатысады;
      7) Республика Президентінің қарауына:
      прогресс пен рухани түлеу негізінде қоғамды топтастыру, қазақстандық қоғамның демократиялық менталитетін орнықтыру, Қазақстанда адам мен мемлекеттің мүдделеріне жауап беретін саяси жүйе құру;
      мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттары - саяси партиялардың, өзге де қоғамдық және діни бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимылы тетіктерін жетілдіру;
      елдегі, соның ішінде ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар мәселелеріндегі ішкі саяси тұрлаулылықты қамтамасыз ету;
      мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының үйлесімді қызметін қамтамасыз ету;
      билік органдарының Қазақстан халқының алдындағы Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында белгіленген жауапкершілігін қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізеді.

      10. Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саясаттағы өкілеттіктерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды орындайды:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындау жөніндегі қызметін қамтамасыз етеді, мемлекеттің жалпы сыртқы саяси стратегиясын әзірлеуге қатысады;
      2) әлемдік даму процестеріне, сондай-ақ халықаралық ахуалдың өзекті проблемаларына мониторинг, талдау мен болжам жасауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Президентіне оның сыртқы саяси өкілеттіктерін іске асыру жөнінде ұсынымдар әзірлейді;
      3) Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы экономикалық, оның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарымен және даму институттарымен ынтымақтастық, Қазақстан Республикасының әлемдік экономикалық кеңістікке кірігуі жөніндегі стратегиясын қалыптастыру үшін ұсыныстар әзірлейді;
      4) Қазақстан Республикасы Президентінің сыртқы саяси және халықаралық қатынастар мәселелері жөніндегі қызметін хаттамалық-ұйымдық және ақпараттық-сараптамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасы Президентінің шет елдердің мемлекеттік органдарымен және олардың лауазымды тұлғаларымен, шетел саяси және қоғам қайраткерлерімен, халықаралық және шетелдік ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
      6) халықаралық-құқықтық актілер мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу және олардың қолданысын тоқтату мәселелері жөніндегі шешімдерінің жобаларын дайындауға қатысады.

      11. Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігі мен қауіпсіздігін, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету саласындағы өкілеттіктерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды атқарады:
      1) мынадай:
      мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігі мен қауіпсіздігін, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру;
      Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдайды;
      2) Президенттің Қазақстан Республикасы азаматтарын мерзімді әскери қызметке шақыру және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы шешім қабылдауы үшін материалдар дайындайды;
      3) Қарулы Күштердің, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың ұлттық қауіпсіздікті, құқық тәртібін, заңдылық пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіру мен бақылауды жүзеге асырады.

      12. Қазақстан Республикасы Президентінің Парламентке қатысты өкілеттіктерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функциялар атқарады:
      1) Республика Президентінің заң шығарушылық бастамашылығы құқығын іске асыру мақсатында заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады, оларға сараптама жүргізеді және әзірлейді;
      2) Республика Президентіне:
      Парламенттің заңдар жобаларын қарауының басымдылығын айқындау жөнінде;
      заңның жобасын қарауды шұғыл деп жариялау туралы Парламентке ұсыныс енгізуі жөнінде;
      Парламенттің заңнамалық құзыретіне кірмейтін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген Үкіметтің және басқа да мемлекеттік органдардың құзыретіне жатпайтын мәселелерді оның жарлықтарымен құқықтық реттеу туралы;
      Үкіметке Парламент Мәжілісіне заң жобасын енгізу туралы тапсырма беру туралы;
      Республика Президентінің заң шығарушылық қызметінің және тұтас алғанда елдегі заң шығарушылық процестің тетігін жетілдіру жөнінде;
      Парламент сессиялары арасындағы кезеңде Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыру туралы;
      Президенттің Парламенттің, партиялық фракциялар мен депутаттық топтардың басшыларымен, Парламенттің жекелеген депутаттарымен кездесуін өткізу жөнінде;
      Мемлекет басшысының айрықша маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарында төрағалық етуі туралы ұсыныстар енгізеді;
      3) Мемлекет басшысына қол қоюға енгізілетін Қазақстан Республикасының заңдары мен Республика Президенті актілеріне құқықтық және өзге де сараптаманы жүзеге асырады; U963051
      4) Үкіметтің заң жобалары жұмыстарының жоспарлары жобаларына қорытынды әзірлейді; U020873
      Республика Президенті қол қойған заңдарды жария етуді не Мемлекет басшысының шешімі бойынша заңдарды немесе олардың жекелеген баптарын қайталап талқылау және дауыс беру үшін Парламентке қайтаруды қамтамасыз етеді;
      Республика Президенті шығарған актілерді тіркеуді жүргізеді, оларды жариялауды, тиісті ресімдеуді және таратуды қамтамасыз етеді;
      Мемлекет басшысын Парламенттегі заң шығару процесінің ахуалы және онда қаралып жатқан мәселелер туралы үнемі хабардар етеді, заңдар жобалары бойынша Республика Президентінің көзқарасын түсіндіреді.

      13. Қазақстан Республикасы Президентінің Үкіметке қатысты өкілеттіктерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды орындайды:
      1) орталық атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асырады және бағалаудың нәтижелері бойынша олардың қызметін жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірлейді;
      2) Мемлекет басшысына:
      Республика Үкіметінің құрылымына кіретін орталық атқарушы органдар жүйесін жетілдіру туралы;
      Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында белгіленгеннен басқа, оларға сәйкес атқарушылық функцияларды жүзеге асыру Үкіметке жүктелетін актілер шығару туралы;
      Республика Үкіметі актілерінің күшін жою не толығымен немесе ішінара тоқтата тұру туралы ұсыныстар енгізеді;
      3) Үкіметтің Мемлекет басшысының алдында есеп беруін дайындайды;
      4) Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкімет отырыстарында тұжырымдалған Үкімет шешімдерінің жобаларын келіседі;
      5) Үкімет жоспарлаған заңнамалық актілердің жобаларына оларды Парламент Мәжілісіне енгізгенге дейін белгіленген тәртіппен құқықтық және өзге де сараптама жүргізеді және келіседі; P021300
      6) Қазақстан Республикасы Президентінің Үкіметке берген заңнамалық тапсырмаларының орындалуын үйлестіреді әрі бақылайды.

      14. Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Кеңеске қатысты өкілеттіктерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды орындайды:
      1) Мемлекет басшысының Конституциялық Кеңеспен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
      2) мынадай жағдайларда:
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабында көзделген жағдайларда Мемлекет басшысының Конституциялық Кеңеске сауалдарын;
      Мемлекет басшысының Конституциялық Кеңестің шешімдеріне қарсылықтарын дайындауды жүзеге асырады.

      15. Қазақстан Республикасы Президентінің соттар мен судьяларға қатысты өкілеттіктерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды орындайды:
      1) Президенттің :
      Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы бойынша Республиканың Жоғарғы Соты Төрағасын және судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату үшін Парламент Сенатына ұсыну;
      Республика Президентінің Жоғары Сот Кеңесі ұсынымы бойынша жергілікті және басқа соттардың төрағалары мен судьяларын, тиісті соттар алқаларының төрағаларын қызметке тағайындау және қызметтен босату жөніндегі қызметін қамтамасыз етеді;
      2) Республика Президентіне мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттары, оның сот жүйесін жетілдіру, құқықтық, оның ішінде азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғаудың тиімді мемлекеттік тетігін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      3) Мемлекет басшысының Жоғарғы Сотпен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.

      16. Қазақстан Республикасы Президентінің Орталық сайлау комиссиясына қатысты өкілеттіктерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды орындайды:
      1) Мемлекет басшысының Орталық сайлау комиссиясымен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
      2) Республика Президентіне Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін жетілдіру туралы ұсыныстар енгізеді;
      3) Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының тағайындалған республикалық референдумға , Парламенттің, мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқарудың өзге де органдарының мүшелерін сайлауға дайындық барысы туралы және референдум мен сайлаудың қорытындылары туралы ақпаратын тыңдауды ұйымдастырады.

      17. Қазақстан Республикасы Президентінің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әкімдеріне қатысты және өңірлік саясат саласындағы өкілеттіктерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды орындайды:
      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асырады және бағалаудың нәтижелері бойынша олардың қызметін жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірлейді;
      2) Республика Президентіне елдің өңірлік саясатының стратегиясы жөнінде, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың сындарлы бірлескен жұмысы, олардың елдің орталық органдарымен өзара іс-қимылы жөнінде болжамдауды және ұсыныстарды тұжырымдауды жүзеге асырады;
      3) Республика Президентіне:
      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің және жергілікті атқарушы органдарының қызметін жетілдіру;
      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жою не толығымен немесе ішінара тоқтата тұру туралы ұсыныстар енгізеді;
      4) әкімдердің Президенттің тапсырмаларын орындауын үйлестіреді және бақылайды.

      18. Қазақстан Республикасы Президентінің өзіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарға (бекітілген тізбеге сәйкес) қатысты өкілеттіктерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды орындайды:
      1) осы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауды жүзеге асырады және бағалау нәтижелері бойынша олардың қызметін жақсарту жөнінде ұсынымдар әзірлейді;
      2) Республика Президентіне осы мемлекеттік органдар қызметін жетілдіру, оларды құру, тарату және қайта ұйымдастыру туралы ұсыныстар енгізеді;
      3) Республика Президентінің осы мемлекеттік органдар басшыларының есептерін қарауын ұйымдастырады;
      4) осы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді.

      19. Мемлекет басшысының кадр саясаты саласындағы өкілеттіктерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды орындайды:
      1) Республикадағы кадр саясаты жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдап, оларды Республика Президентінің қарауына енгізеді;
      2) Мемлекет басшысының кадр саясатын іске асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын үйлестіреді және қызметін бақылауды жүзеге асырады;
      3) мемлекеттік саяси қызметші кадрлар резервін қалыптастырады; U031243 , V064153
      4) Мемлекет басшысының тиісті мемлекеттік саяси қызметшілердің антын қабылдауын ұйымдастырады;
      5) Мемлекет басшысы тағайындайтын және онымен келісілетін лауазымды тұлғалардың мемлекеттік қызметті өткеруіне байланысты мәселелерді шешуді ұйымдастырады, олардың жеке істерін жүргізеді.

      20. Қазақстан Республикасы Президентінің өзге де өкілеттіктерін жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін Әкімшілік мынадай функцияларды орындайды:
      1) мемлекеттік наградалармен наградтау әрі құрметті, жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді , дипломатиялық дәрежелерді , біліктілік сыныптарын беру; аталған наградалардан, атақтардан, шендерден, дәрежелер мен сыныптардан айыру жөнінде ұсыныстарды Республика Президентіне енгізеді;
      2) Республика Президентіне Қазақстан Республикасының азаматтығы , оның сақталуы мен одан шығу, Республика азаматтығын қалпына келтіру, саяси баспана беру мәселелері жөнінде ұсыныстар енгізеді, Республика Президентінің азаматтарға кешірім жасауын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
      3) Республика Президентінің қызметін, оның ішінде ол қатысатын іс-шараларды өткізуді ұйымдық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      4) Республика Президенті актілерін, соның ішінде мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарларды әзірлеуге қатысады;
      5) ақпаратты жинау мен өңдеуді жүзеге асырады, қоғамдық пікірді зерделейді, Республика Президентін елдегі және әлемдегі жағдай туралы, оның ішінде мемлекеттік маңызы бар проблемалар бойынша уақтылы және толық хабардар етеді, оны ақпараттық-талдау материалдарымен қамтамасыз етеді;
      6) Республика Президенті жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатты түсіндіреді, Республика Президентінің қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетуді, Мемлекет басшысының олармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
      7) мемлекеттік органдардың гендерлік және отбасылық саясатты тұжырымдау мен жүргізу жөніндегі жұмысын үйлестіреді;
      8) Республика Президентінің ар-намысына қол сұғылмауын қамтамасыз етеді;
      9) азаматтар мен ұйымдардың арыздарын қарайды, азаматтарды қабылдауды ұйымдастырады, Мемлекет басшысының атына азаматтар мен ұйымдардан келетін арыздарға талдау жүргізеді;
      10) тиісті құжат айналымын ұйымдастыру, ақпараттық технологияларды енгізу, іс жүргізу ережелерінің сақталуына және мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне бақылау жүргізу арқылы Мемлекет басшысын құжаттамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
      11) Мемлекет басшысы белгілеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3. Әкімшіліктің қызметін ұйымдастыру және
оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің
өкілеттіктері

      21. Әкімшілікке Республика Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын, оның тікелей басшылығымен жұмыс істейтін Әкімшілік Басшысы жетекшілік етеді.
      Әкімшілік Басшысы:
      1) Мемлекет басшысына Әкімшілік туралы ережені бекітуге ұсынады, Әкімшіліктің құрылымы мен штат саны жөнінде ұсыныстар енгізеді, Әкімшіліктің штат кестесін бекітеді, бекітілген штат саны шегінде оған өзгерістер енгізеді;
      2) Мемлекет басшысының көмекшілері мен кеңесшілерінің жұмысын үйлестіреді, Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады және бағыттайды, өзге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;
      3) Мемлекет басшысының қарауына Президент көмекшілері мен кеңесшілерін, Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелері жетекшілерін қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ұсыныстар енгізеді;
      4) Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының орынбасарларын, мемлекеттік инспекторларды, сектор меңгерушілерін және Әкімшіліктің өзге де мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      5) Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
      6) Мемлекет басшысының актілерінің орындалуы мен сақталуын, оның тапсырмаларының орындалуын, Әкімшілікте құжаттардың өтуін бақылау жөніндегі жұмысты үйлестіреді; осы мақсаттарда, сондай-ақ Мемлекет басшысы қатысатын іс-шараларды дайындау мәселелері бойынша Әкімшілік Басшысы сонымен қатар Республиканың тиісті мемлекеттік органдарының басшыларын шақыра отырып, Әкімшіліктің басшы қызметкерлерімен апта сайынғы кеңестер өткізеді;
      7) Республика Президентінің қол қоюы мен қарауына Парламент қабылдаған заңдарды, жарлықтардың, өкімдердің жобаларын және Мемлекет басшысына жолданатын басқа да құжаттар мен материалдарды ұсынады;
      8) Әкімшілік бойынша бұйрықтар шығарады және нұсқаулықтарды бекітеді;
      9) Әкімшіліктегі ішкі еңбек тәртібін белгілейді;
      10) Әкімшіліктің шығыстар сметасын бекітеді және оның шегінде қаржы қаражатын жұмсауға басшылық жасайды;
      11) қызметтік құжаттамаға қол қояды;
      12) Әкімшіліктің қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жазалау шараларын қолданады;
      13) Әкімшіліктің қызметкерлерін іссапарларға жібереді;
      14) нормативтік құқықтық актілердің, бағдарламалар мен тұжырымдамалардың жобаларын әзірлеу үшін жұмыс топтарын құрады;
      15) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;
      16) Әкімшілікте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасының орындалуын бақылайды;
      17) тұрақты негізде Әкімшіліктің Парламентпен, оның палаталарымен, Парламент палаталарының жұмыс органдарымен және аппараттарымен; Үкіметпен және Премьер-Министр Кеңсесімен; министрліктермен және өзге де орталық атқарушы органдармен; Конституциялық Кеңеспен; Жоғарғы Сотпен; Бас прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге мемлекеттік органдармен; Ұлттық Банкпен; Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен; облыстардың, Республика астанасының және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен және мәслихаттарымен; саяси партиялармен және өзге қоғамдық бірлестіктермен; бұқаралық-ақпарат құралдарымен; азаматтармен байланысын қамтамасыз етеді;
      18) Парламенттің және оның палаталарының ашық және жабық отырыстарына қатысуға құқылы;
      19) Үкіметтің, орталық атқарушы органдардың, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың және Республика Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың, Жоғары Сот Кеңесінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының отырыстары мен алқа жиналыстарына қатысуға құқылы;
      20) Мемлекет басшысының кадр саясатын іске асыруды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
      21) Үкімет, өзге мемлекеттік органдар және мемлекеттің лауазымды тұлғалары басшы лауазымдарға тағайындауға ұсынған кандидатураларды Мемлекет басшысымен келісуді қамтамасыз етеді;
      22) осы Ережеде көзделген, сондай-ақ оған Республика Президенті жүктеген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады;
      23) өзінің жекелеген өкілеттіктерін орындауды Әкімшіліктің өзге де басшы лауазымды тұлғаларына беруге құқылы.
       Ескерту. 21-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2008.10.16 N 680 Жарлығымен.

      22. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасарлары болады, оларды Әкімшілік Басшысының ұсынуы бойынша Мемлекет басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      Орынбасарлардың, сондай-ақ Президент Кеңсесі бастығының арасында міндеттерді бөлуді Әкімшілік Басшысы жүзеге асырады.
      Әкімшілік Басшысы орнында болмаған жағдайда, оның міндеттерін Әкімшілік Басшысы белгілеген орынбасарларының бірі атқарады.

      23. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілері мен кеңесшілерін (бұдан әрі - көмекшілер мен кеңесшілер):
      1) Мемлекет басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      2) олар Әкімшілік құрылымына кіреді;
      3) олар осы Ережеде белгіленген құзыретіне және Мемлекет басшысы мен Әкімшілік Басшысының өзге де актілеріне және тапсырмаларына сәйкес жұмыс істейді.

      24. Көмекшілер мен кеңесшілердің негізгі міндеттері:
      1) Республика Президентінің қызметін қамтамасыз ету;
      2) Мемлекет басшысын елдегі және шет елдердегі істің жағдайы туралы уақтылы әрі толық хабардар ету болып табылады.
      Республика Президенті Мемлекет басшысының алдында тұрған міндеттердің бірінші кезектілігіне және маңыздылығына байланысты осы ережеде көзделгендерден ерекше өзге де міндеттер мен өкілеттіктерді көмекшілері мен кеңесшілеріне жүктеуі мүмкін. Мемлекет басшысы көмекшілері мен кеңесшілерінің санын және олардың қызметінің бағыттарын айқындайды.

      25. Көмекшілер мен кеңесшілер олардың алдына қойылған міндеттерді шешуде, Мемлекет басшысы тапсырмаларының уақтылы, сапалы әрі түбегейлі орындалуына жауапты болады.

      26. Көмекшілер мен кеңесшілер өз құзыреті шегінде:
      1) Республика Президентінің актілері мен тапсырмаларын мемлекеттік органдар мен елдің лауазымды тұлғаларының сөзсіз әрі түбегейлі сақтауы мен орындауын бақылауға; Мемлекет басшысы жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатты түсіндіруге және оның қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуге қатысады;
      2) Мемлекет басшысын қажетті ақпараттық-талдау және анықтамалық материалдармен қамтамасыз етеді;
      3) өз өкілеттіктеріне сәйкес Республика Президентінің тиісті актілерінің жобаларына қолбелгі қояды;
      4) өздерінің атына жіберілген хат-хабарды, қызметтік құжаттар мен азаматтардың өтініштерін қарайды, азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады;
      5) елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың, сыртқы саяси жағдайдың мониторингін жүзеге асырады;
      6) Мемлекет басшысының елдегі және шет елдердегі іссапарларында ілесіп жүреді, өз өкілеттіктеріне сәйкес Республика Президенті қатысатын іс-шаралардың ұйымдастырылуын бақылайды, іссапар барысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды белгілеп алады, қажетті жағдайда оның азаматтарды қабылдауына, олардың өтініш-арыздарын зерделеуге қатысады.

      27. Мемлекет басшысының көмекшілері мен кеңесшілерінің арасында міндеттерді бөлуді Мемлекет басшысының келісімі бойынша Әкімшілік Басшысы бекітеді.

      28. Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелерін олардың басшылары басқарады, оларды:
      1) Әкімшілік Басшысының ұсынуы бойынша Мемлекет басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      2) олар құрылымдық бөлімшелерге жүктелген міндеттерді орындауға, Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларын, Әкімшілік Басшысының тапсырмаларын уақтылы әрі түбегейлі орындауға жауапты болады, қызметкерлердің арасында міндеттерді бөледі, бөлімше қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді, еңбекті ұйымдастыру мен тиісінше еңбек тәртібін қамтамасыз етеді, сондай-ақ Әкімшілікте бекітілген ережелерге сәйкес іс жүргізуге жауап береді.

      29. Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары:
      1) мемлекеттік органдардың құзырындағы ақпараттық деректер банктерін белгіленген тәртіппен пайдалануға;
      2) Әкімшіліктің тиісті құрылымдық бөлімшелерінің функционалдық қызметіне қатысты мәселелерді қарау кезінде Үкіметтің отырыстарына, министрліктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың, Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың алқа отырыстарына қатысуға;
      3) мемлекеттік органдармен, лауазымды тұлғалармен және ұйымдармен Әкімшіліктің құзырына жатқызылған мәселелер бойынша қызметтік хат жазысуға құқылы.

      30. Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары осы Ережеде көзделген және (немесе) оларға Мемлекет басшысы және (немесе) Әкімшілік Басшысы жүктеген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      31. Әкімшілік қызметкерлері Әкімшіліктің алдында тұрған міндеттерді шешу жөнінде өкілеттіктер берілген мемлекеттік қызметшілер болып табылады.

      32. Осы Ережеде көзделген функцияларын іске асыру үшін Әкімшілік:
      1)мыналарға:
      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне :
      министрліктерге және өзге де орталық атқарушы органдарға;
      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының әкімдеріне;
      тиісінше сот төрелігін жүзеге асыру, қылмыстық қудалау, анықтау, алдын ала тергеу және жедел іздестіру қызметі функцияларын жүзеге асыруға байланысты емес мәселелер бойынша - Жоғарғы Сотқа , Бас прокуратураға , Ұлттық қауіпсіздік комитетіне , Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне (қаржы полициясы) ; Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитетіне ;
       Ұлттық Банкке , Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне , Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге де мемлекеттік органдарға тапсырма беруге;
      2) мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан қажетті ақпарат, құжаттар мен өзге де материалдарды сұратуға және алуға құқылы.
      Әкімшіліктің қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды беру жөніндегі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар үшін міндетті болып табылатын тапсырмалары мен сауалдарына, егер Әкімшілік өзгеше мерзім белгілемесе, оларды алған күннен бастап екі апта мерзімде жауап қайтарылады;
      3) тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметін үйлестіру мен бақылауға, Мемлекет басшысы мен оның Әкімшілігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуына, оның ішінде Үкіметтің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, әкімдердің және мемлекеттің өзге лауазымды тұлғаларының актілерінің Конституцияға , Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкестігі мәніне тиісті тексерулер ұйымдастыруға;
      4) Республика заңдарының, Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларының орындалуы барысында анықталған жолсыздықтар мен кемшіліктерді жоюды талап етуге;
      5) анықталған кемшіліктерді, Қазақстан Республикасының заңдарының, Республика Президенті актілерінің сақталмауы және оның тапсырмаларының орындалмауы фактілерін болдырмау жөнінде ұсынымдар әзірлеуге;
      6) тиісті лауазымды тұлғалардың ауызша түсініктерін тыңдау және жазбаша түсінік берулерін талап етуге;
      7) Республика Президентіне Әкімшілік жүргізген тексерулердің нәтижелерін жүйелі түрде баяндауға құқылы.
      Осы тармақтың 1) - 7) тармақшаларында көзделген өкілеттіктерге: Әкімшілік Басшысы, Әкімшілік Басшысының орынбасарлары, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы, Президенттің көмекшілері, Президент Кеңсесінің бастығы, Мемлекет басшысының кеңесшілері ие.
      Осы тармақтың 2) - 7) тармақшаларында көзделген өкілеттіктерге: Әкімшіліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Әкімшіліктің мемлекеттік инспекторлары ие болады.

2-ҚОСЫМША        

Қазақстан Республикасы  
Президентінің       
2008 жылғы 11 наурыздағы  
N 552 Жарлығымен     
БЕКІТІЛГЕН       

Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей
бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың
ТІЗБЕСІ

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
      Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы)
      Қазақстан Республикасының Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі
      Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі
      Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі
      Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы
      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті
      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
      Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы
      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі
      Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті
      Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы