Жалпыхалықтық референдум туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы № 2592 Конституциялық заңы.

     

      Ескерту. Конституциялық заңның тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық Заңымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "республикалық референдумды", "Республикалық референдум", "Республикалық референдумды", "Республикалық референдумға", "республикалық референдумға", "республикалық референдум", "Республикалық референдумның", "республикалық референдумның" деген сөздер тиісінше "жалпыхалықтық референдумды", "Жалпыхалықтық референдум", "Жалпыхалықтық референдумды", "Жалпыхалықтық референдумға", "жалпыхалықтық референдумға", "жалпыхалықтық референдум", "Жалпыхалықтық референдумның", "жалпыхалықтық референдумның" деген сөздермен ауыстырылды;
      "Республиканың", "Республика Конституциясын", "Республика қызметінің", "Республика Президенті", "Республика Президентінің", "Республика азаматтарының", "Республика азаматтарында", "Республика Президентіне", "Республика Жоғарғы Сотына", "Республика бойынша", "Республика Конституциясына", "Республика Конституциясының", "Республика азаматының" деген сөздер тиісінше "Қазақстан Республикасының", "Қазақстан Республикасының Конституциясын", "Қазақстан Республикасы қызметінің", "Қазақстан Республикасының Президенті", "Қазақстан Республикасы Президентінің", "Қазақстан Республикасы азаматтарының", "Қазақстан Республикасының азаматтарында", "Қазақстан Республикасының Президентіне", "Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына", "Қазақстан Республикасы бойынша", "Қазақстан Республикасының Конституциясына", "Қазақстан Республикасы Конституциясының", "Қазақстан Республикасы азаматының" деген сөздермен ауыстырылды – ҚР 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жалпыхалықтық референдумды тағайындау, әзірлеу және өткізу тәртібін белгілейді.

      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

I тарау
Жалпы ережелер

1-бап. Жалпыхалықтық референдум ұғымы

      1. Жалпыхалықтық референдум - Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру.

      2. Референдум Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында өткiзiледi.

2-бап. Жалпыхалықтық референдум талқысына қойылатын мәселелер

      Референдумның талқысына:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарын қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiн шешу қойылуы мүмкiн.

3-бап. Жалпыхалықтық референдумның талқысы бола алмайтын мәселелер

      Мыналар:

      1) адамның және азаматтың конституциялық құқығы мен бостандығының бұзылуына әкелiп соғатын;

      2) мемлекеттің Егемендігін, Тәуелсіздігін, Қазақстан Республикасының бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Қазақстан Республикасы қызметінің түбегейлі қағидаттарын, Қазақстан Республикасының Президенті жеті жыл мерзімге сайланады және бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды деген ережені өзгерту;

      3) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мен шекараларының;

      4) сот әдiлдiгi, қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және қоғамдық тәртiптi қорғау;

      5) бюджет пен салық саясаты;

      6) рақымшылық пен кешiрiм жасау;

      7) Қазақстан Республикасы Президентінің, Құрылтайы мен Үкiметiнiң қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату;

      8) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын мiндеттемелерiн орындау мәселелерi референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.05.2022 № 119-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

4-бап. Жалпыхалықтық референдум өткiзудiң принциптерi

      Референдум өткiзу:

      1) азаматтардың референдумға өз ықтиярымен қатысуы және еркiн ашық бiлдiруi;

      2) азаматтардың референдумға жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бiрдей, тең және төте қатысу құқығы;

      3) жариялылық принциптерiне негiзделедi.

5-бап. Жалпыхалықтық референдумға қатысу құқығы

      1. Референдумға қатысу құқығы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi. Сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың референдумға қатысуға құқығы жоқ. Қазақстан Республикасының өзге азаматтарының референдумға қатысу құқығын қандай да болмасын тiкелей не жанама шектеуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жазаланады.

      2. Азаматтар референдумға тең негiздерде қатысады және олардың әрқайсысы тиiсiнше бiр дауысқа не тең дауыс санына ие болады.

      3. Азаматтар референдумға тiкелей қатысады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

6-бап. Жалпыхалықтық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу кезiндегi жариялылық

      1. Референдумды ұйымдастыру мен өткiзу ашық әрi жариялы жүзеге асырылады.

      2. Референдумды өткiзу туралы шешiм мен оған қойылатын мәселе (мәселелер) азаматтардың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткiзiледi.

      3. Референдум комиссиялары референдум өткiзудi ұйымдастыру жөнiндегi өзiнiң жұмысы туралы, дауыс беретiн учаскелер құру, комиссиялардың құрамы, орналасқан жерi және жұмыс уақыты туралы, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi туралы азаматтарды хабарландырады.

      4. Референдум өткiзу кезiнде аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдарды аккредиттеу тәртібі, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

      Референдум комиссияларының жұмысына араласуға жол берілмейді.

      5. Бұқаралық ақпарат құралдары референдумға дайындық пен оны өткiзу барысын жария етiп отырады, олардың өкiлдерiнiң референдум өткiзуге байланысты іс-шараларға баруына кепiлдiк берiледi.

      Сайлау учаскелерінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің болуы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес реттеледі.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

7-бап. Жалпыхалықтық референдум қарсаңындағы үгiт

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мәселе (мәселелер) бойынша жиналыстарда, митингiлерде, азаматтар жиынында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепiлдiк берiледi.

      2. Барлық баспа үгiт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын мен таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәлiметтер болуға тиiс. Бұқпантай үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.

      3. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, соғысқа, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылыққа, сондай-ақ қатыгездiк пен зомбылыққа табынуға үгiттеуге жол берiлмейдi.

      4. Референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады. Дауыс беретiн жайлардан басқа жерлерде бұрын iлiнген баспа үгiт материалдарының, плакаттардың бұрынғы орындарында сақталуы мүмкiн.

7-1-бап. Қоғамдық пікірге сауал салу

      Жалпыхалықтық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес оған дайындық пен өткізу кезеңінде жүргізілуге тиіс.

      Ескерту. 7-1-баппен толықтырылды - ҚР 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

8-бап. Жалпыхалықтық референдумды қамтамасыз ету

      1. Референдум әзiрлеу мен өткiзуге байланысты шығыстар тек қана республикалық бюджет есебiнен жұмсалады.

      2. Мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, сондай-ақ меншiк нысанына қарамастан ұйымдар референдум комиссияларының қарамағына референдум әзiрлеу мен өткiзу үшiн қажет үй-жайларды, жабдықтар мен көлiк құралдарын бередi.

      3. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктердiң, шетел мемлекеттiк органдарының, заңды тұлғалары мен азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың референдумға қатысты шараларды қаржыландыруға және өзгедей қамтамасыз етуге тiкелей немесе жанама түрде қандай да болсын қатысуына тыйым салынады.

9-бап. Жалпыхалықтық референдум туралы заңдар

      Референдум туралы заңдарға мыналар жатады:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;

      2) Осы Конституциялық заңға қайшы келмейтiн бөлiгiнде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

      3) осы Конституциялық заң:

      4) Орталық референдум комиссиясының нормативтiк сипаты бар актiлерi.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376; 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

II тарау
Жалпыхалықтық референдум тағайындау және әзiрлеу

10-бап. Жалпыхалықтық референдум тағайындау құқығы

      Референдум тағайындау құқығы Қазақстан Республикасының Президентiнде болады.

11-бап. Жалпыхалықтық референдум тағайындау жөнiндегi бастамашылық

      1. Референдум тағайындау бастамашылығы:

      1) Қазақстан Республикасының Президентiнде;

      2) Қазақстан Республикасының Құрылтайына тиесілі, ол Қазақстан Республикасы Президентінің алдында референдум тағайындау туралы бастама көтереді. Бастама көтеру Құрылтайдың отырысында жүзеге асырылады және Құрылтайдың тиісті қаулысымен ресімделеді;

      3) Қазақстан Республикасының Үкiметiнде болады, ол референдум тағайындау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің алдында бастама көтереді. Бастамашылық көтерудi Үкiмет өзiнiң мәжiлiсiнде мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен жүзеге асырады және тиiстi қаулымен ресiмдейдi;

      3-1) Қазақстан Халық Кеңесіне тиесілі, ол Қазақстан Республикасы Президентінің алдында референдум тағайындау туралы бастама көтереді. Бастама көтеру Қазақстан Халық Кеңесі сессиясының отырысында жүзеге асырылады және Қазақстан Халық Кеңесінің тиісті шешімімен ресімделеді;

      4) сан жағынан Қазақстан Қазақстан Республикасының астанасын, барлық облыстарды және республикалық маңызы бар қалаларды тең мөлшерде бiлдiретiн жалпыхалықтық референдумға қатысу құқығы бар екi жүз мыңнан кем емес Қазақстан Республикасының азаматтарында болады, олар жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастамашылықпен Қазақстан Республикасының Президентіне тiлек бiлдiредi.

      2. Бiр ғана мәселе (бiр ғана мәселелер) бойынша референдум тағайындау туралы ұсыныстар қайтара енгiзiлуi мүмкiн және оларды Қазақстан Республикасының Президенті аталған мәселе (аталған мәселелер) жөнiнде алдыңғы шешiм қабылданғаннан кейiн кемiнде екi жыл өткеннен соң ғана қайтадан қарайды.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2008.05.04 № 30-IV; № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

12-бап. Жалпыхалықтық референдум тағайындау жөнiндегi мәселе бойынша бастамашыл топтың құрылуы

      1. Егер референдум өткiзу туралы бастамашылықты азаматтар көтерген жағдайда құрамына Қазақстан Республикасының астанасынан, әр облыстан және республикалық маңызы бар қалалардан кемiнде үш-үштен өкiл кiретiн референдумның бастамашыл тобы құрылады.

      2. Референдумның бастамашыл тобы референдумға қатысу құқығы бар азаматтар, бiрақ Қазақстан Республикасының астанасынан, әр облыстан және республикалық маңызы бар қалалардан кемiнде отыз-отыздан өкiлдер қатысқан жиналыста құрылады.

      3. Жиналыс өткiзуден кемiнде он күн бұрын оның бастамашылары аумағында жиналыс өткiзiлетiн жергiлiктi атқарушы органға жиналыстың уақыты, орны және мақсаты туралы жазбаша хабарлауға тиiс.

      4. Жиналыстың алдында жиналысқа қатысушыларды тiркеу жүргiзiледi, олардың мiндеттi түрде тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), тұрғылықты жерi және Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерi көрсетiлген тiзiм жасалады.

      5. Референдумның бастамашылар тобының мүшелерi жиналысқа қатысушылардың көпшiлiк даусымен сайланады. Бастамашыл топтың тiзiмiнде топтың әр мүшесiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) және тұрғылықты жерi көрсетiледi. Референдумға қойылатын сауалды оған тиянақты жауап қайтарылуы үшiн бастамашыл топ айқын тұжырымдауға тиiс.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

13-бап. Референдумның бастамашыл тобы мен ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу

      1. Референдумның бастамашыл тобы Орталық сайлау комиссиясына топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеудi сұрап өтiнiш бередi.

      2. Тiркеу мынадай құжаттар болғанда жүргiзiледi:

      1) топты тiркеу және ол референдумға ұсынатын мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы өтiнiш;

      2) бастамашыл топ құрылған жиналыстың хаттамасы;

      3) бастамашыл топ мүшелерiнiң тiзiмi.

      3. Бастамашыл топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) Орталық сайлау комиссиясы тiркеуге өтiнiш берiлген күннен бастап он күн мерзiмде тiркейдi. Бұл жайындағы хабарды Орталық сайлау комиссиясы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

      4. Референдумның бастамашыл тобына тiркелген күннен бастап бес күн мерзiмде топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiк берiледi. Тiркеу туралы куәлiктiң нысанын Орталық сайлау комиссиясы бекiтедi.

      5. Осы Конституциялық заңның талаптары бұзылған жағдайларда тiркеуден бас тартылуы мүмкiн. Орталық сайлау комиссиясының бастамашыл топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеуден бас тартуына он күн мерзiмде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына шағым жасалуы мүмкiн, ол шағымды берiлген күнiнен бастап он күн мерзiмде қарайды. Жоғарғы Соттың шешiмi түпкiлiктi болып табылады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

14-бап. Қол жинаудың тәртiбi мен мерзiмi

      1. Референдумның бастамашыл тобы топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәліктi алған күннен бастап азаматтардың қолын жинауды ұйымдастырады әрi мұны жалпыхалықтық референдумға қатысу құқығы бар топ мүшелерi жүзеге асырады.

      2. Референдумның бастамашыл тобына қол қою парақтарын берудi Орталық сайлау комиссиясы топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiктi тапсыра отырып бiр мезгiлде жүзеге асырады.

      3. Қол қою парағына бастамашыл топ референдумға ұсынған мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасы енгiзiледi.

      4. Қол жинайтын адам бастамашыл топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн көрсетедi. Әрбiр азамат қол қою парағына тек бiр рет қана қолын қоюға хақылы. Бұл ретте азамат жеке басын куәландыратын құжатын көрсетедi. Азаматтың қолы оның тегiн, атын, әкесiнiң атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), тұрғылықты жерiн, оның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерiн және параққа қол қойылған күндi көрсетумен толықтырылады.

      5. Толтырылған әрбiр қол қою парағына қол жинаған адам қолын қоюға тиiс.

      6. Белгiленбеген үлгiдегi қол қою парақтары, сондай-ақ осы Конституциялық заңның өзге де талаптары бұзылып толтырылған қол қою парақтары жарамсыз болып табылады.

      7. Қол жинау аяқталғаннан кейiн үш күн мерзiмде толтырылған қол қою парақтарын қол жинаған адамдар аумақтық сайлау комиссиясына тапсырады, ол құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктер беру жөніндегі уәкілетті органның жұмыскерлерін қатыстыра отырып он күн мерзiмде қол қою парақтарындағы азаматтардың қолының дұрыстығын тексередi, тиiстi хаттама жасайды және оны Орталық сайлау комиссиясына жiбередi.

      Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376; 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

15-бап. Қол жинау тәртiбiн бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      1. Расталмаған қолдар, қол жинау және қол қою парақтарын ресiмдеу тәртiбiнiң бұзылғаны анықталған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Орталық сайлау комиссиясына тиiстi ұсыныс енгiзедi.

      2. Орталық сайлау комиссиясы ұсыныс енгiзiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде жөнсiздiкке жол берген бастамашыл топ мүшелерiнiң қызметiн тоқтату туралы, осы Конституциялық заң талаптарының бұзылғаны анықталған қол қою парақтарын жарамсыз деп тану туралы шешiм қабылдай алады.

      3. Қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылданған бастамашыл топ мүшелерiн осы референдумды әзiрлеу және өткiзу кезеңiнде қайта сайлауға жол берiлмейдi.

      4. Бастамашыл топ қол жинау және қол қою парақтарын ресiмдеу тәртiбiн қайталап бұзған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы референдумның бастамашыл тобының қызметiн тоқтату және оны тiркеу туралы куәліктi қайтарып алу туралы шешiм қабылдай алады.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

16-бап. Қол жинаудың нәтижелерi бойынша қол қою парақтары мен қорытынды хаттаманы жiберу

      1. Қол жинауды жүзеге асырған адамдар толтырылған және тиiстi аумақтық сайлау комиссиясында тексеруден өткен қол қою парақтарын референдумның бастамашыл тобына жiбередi. Бастамашыл топ қол жинаудың нәтижелерi туралы жиынтық деректердi түзедi және қол жинау аяқталған күннен бастап он күннен кешiктiрмей толтырылған қол қою парақтары мен жиынтық деректердi Орталық сайлау комиссиясына жiбередi.

      2. Орталық сайлау комиссиясы табыс етiлген қол қою парақтары осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келген ретте қол жинаудың нәтижелерiн қорытынды хаттамаға енгiзедi. Референдум өткiзу туралы ұсыныс қол жинаудың нәтижелерi жайындағы қорытынды хаттамамен бiрге референдумның бастамашыл тобынан құжаттарды алған күннен бастап бiр айдың iшiнде Қазақстан Республикасының Президентiне жiберiледi.

      3. Қол қою парақтары мен қол жинаудың нәтижелерi жөнiндегi қорытынды хаттамаларды сақтаудың тәртiбi мен мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.

      Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

17-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастамашылық жөнiнде шешiм қабылдау

      Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың, Үкіметтің, Қазақстан Халық Кеңесінің немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамасы бойынша референдум тағайындау туралы мынадай:

      1) референдум өткізу туралы;

      2) референдум өткізбей, оның талқысына ұсынылатын мәселе (мәселелер) бойынша конституциялық заң, заң немесе өзге де шешiм қабылдау қажеттiгi туралы;

      3) референдум тағайындау туралы бастамашылықты қабылдамау туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.

      1-1. Алып тасталды – ҚР 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
      Ескерту. 17-бап 1-1-тармақпен толықтырылды – ҚР 1999.05.06 № 376; өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

18-бап. Жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешiм

      Ескерту. 18-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      1. Референдум тағайындау туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Президенті тиiстi Жарлық шығару жолымен қабылдайды, онда:

      1) референдумды өткiзу мезгiлi;

      2) оған қойылатын мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасы белгiленедi;

      3) референдумды өткiзуге байланысты өзге де мәселелер шешiледi.

      2. Қазақстан Республикасының Президенті референдум бастамашысының келiсуiмен оны өткiзгенге дейiн оның бастамашысының еркiн неғұрлым дәл бiлдiру үшiн референдумға қойылатын мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасын нақтылай түсуге хақылы.

      3. Референдум өткізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, Конституция, конституциялық заң, заң жобаларының мәтiндерi, оларға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

19-бап. Жалпыхалықтық референдум өткiзу мерзiмi

      Референдум оны өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан ерте емес және үш айдан кеш емес мерзiмде өткiзiледi. Ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасының Президенті референдум өткiзудiң басқа мерзiмiн белгiлеуі мүмкiн.

20-бап. Жалпыхалықтық референдум комиссиясы

      1. Референдумға дайындық пен оны өткiзудi мыналар жүзеге асырады:

      1) Орталық референдум комиссиясының функциясын орындаушы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы;

      2) аумақтық референдум комиссияларының функциясын орындаушы Қазақстан Республикасының аумақтық сайлау комиссиялары;

      3) учаскелiк референдум комиссияларының функциясын орындаушы учаскелiк сайлау комиссиялары.

      2. Алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 № 376; 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

21-бап. Орталық референдум комиссиясының өкiлеттiктерi

      1. Орталық референдум комиссиясы:

      1) Республикасының бүкiл аумағында референдум туралы заңның орындалуын бақылауды жүзеге асырады; оның бiркелкi қолданылуын қамтамасыз етедi; өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi шешiмдер қабылдайды;

      2) референдумға дайындық пен оны өткiзудi ұйымдастырады;

      3) референдумды ұйымдастыру мен өткiзуге арналған шығыс сметасының жобасын жасайды және оны Қазақстан Республикасының Үкiметiне табыс етедi;

      4) референдум комиссияларына басшылықты жүзеге асырады, олардың шешiмдерiн жояды және кiдiрте тұрады; референдумды ұйымдастыру мен өткiзуге арналған қаражатты олардың арасында бөледi;

      5) референдум комиссияларын материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң жай-күйiн бақылайды;

      6) референдум туралы заңдардың бұзылуы туралы арыздар мен шағымдарды қарайды;

      7) дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң, сайлаушылар тiзiмiнiң, қол қою парақтарының, референдум өткiзу үшiн қажеттi өзге де құжаттардың нысандары мен мәтiндерiн; дауыс беру уақытын; референдум құжаттарын сақтау тәртiбiн белгiлейдi;

      8) референдум комиссияларының, мемлекеттiк органдардың және олардың лауазымды тұлғаларының референдумға дайындық пен оны өткiзуге байланысты мәселелер жөнiндегi есептерiн, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктер органдарының сайлау туралы заңды сақтау мәселелерi бойынша хабарламаларын тыңдауға хақылы;

      9) референдумға дайындықтың барысы туралы азаматтарға хабарлап отырады;

      10) Қазақстан Республикасы бойынша тұтас алғанда референдумның қорытындыларын шығарады, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына хабар берiлуiн қамтамасыз етедi;

      11) референдумның бастамашыл тобын және оның референдумға ұсынатын мәселесiн (мәселелерiн) тiркеудi жүзеге асырады және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ресми хабар орналастырады;

      12) референдумның бастамашыл тобын тіркеу туралы куәлiктiң нысанын бекiтедi;

      13) референдумның бастамашыл тобын тiркеу туралы куәлiк берудi жүзеге асырады, сонымен бiр мезгiлде қол қою парақтарын бередi;

      14) осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда бастамашыл топ мүшелерiнiң қызметін; бастамашыл топтың қызметiн тоқтату туралы және оны тiркеу жөнiндегi куәлiктi қайтарып алу туралы шешім қабылдайды;

      15) осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда жекелеген учаскелерде (әкiмшілік-аумақтық бiрлiктерде) референдум өткiзудi жарамсыз деп таниды.

      2. Орталық референдум комиссиясының мәжiлiстерi оның мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы.

      3. Орталық референдум комиссиясы өз шешiмдерiн оның мүшелерi жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылдайды.

      Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376, 2004.11.24 № 604 (01.01.2005 бастап күшіне енеді) Конституциялық заңдарымен.

22-бап. Аумақтық референдум комиссияларының өкiлеттiктерi

      1. Аумақтық референдум комиссиялары:

      1) алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);

      2) тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң аумағында референдум туралы заңның орындалуына бақылауды жүзеге асырады;

      3) учаскелiк комиссиялардың қызметiн ұйымдастырады, референдум өткiзуге арналып бөлiнген қаражатты олардың арасында бөледi;

      4) учаскелiк референдум комиссияларын материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң жай-күйiн бақылайды;

      5) референдум туралы заңның бұзылуы туралы арыздар мен шағымдарды қарайды;

      6) учаскелiк референдум комиссияларының, жергiлiктi мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының референдумға дайындық пен оны өткiзуге байланысты мәселелер жөніндегі есептерін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер органдарының референдумға дайындық пен оны өткiзуге байланысты мәселелер бойынша хабарламасын тыңдауға хақылы;

      7) учаскелiк референдум комиссияларынан дауыс берудiң нәтижелерi туралы хаттамаларды алады, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң аумағындағы референдумның нәтижелерiн шығарады;

      8) референдумның бастамашыл тобының қол қою парақтарының осы Конституциялық заңда белгiленген талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргiзедi.

      2. Аумақтық референдум комиссияларының мәжiлiстерi олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы.

      3. Аумақтық референдум комиссиялары өзiнiң шешiмдерiн олардың мүшелерi жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылдайды.

      Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 № 376, 2004.11.24 № 604 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

23-бап. Учаскелiк референдум комиссияларының өкiлеттiктерi

      1. Учаскелiк референдум комиссиялары:

      1) алып тасталды - ҚР 15.06.2017 № 75-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);

      2) азаматтарды жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тiзiмiмен таныстырады, тiзiмдегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды, оларға тиiстi өзгертулер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;

      3) азаматтарды дауыс беретiн күн, уақыт, орын және оның тәртiбi туралы хабардар етедi;

      4) үй-жайларды дайындайды және дауыс беруге арналған кабиналар мен урналардың жасалуын қамтамасыз етедi;

      5) референдум өткiзiлетiн күнi учаскеде дауыс берудi ұйымдастырады;

      6) учаскеде дауыстың саналуын жүргiзедi және дауыс берудiң нәтижелерiн анықтайды;

      7) учаскеде дауыс беруге дайындық пен оны ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарайды және солар бойынша шешiмдер қабылдайды;

      8) бюллетеньдердi жарамсыз деп тану туралы шешiм қабылдайды.

      2. Учаскелiк референдум комиссияларының мәжiлiстерi олардың мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқылы.

      3. Учаскелiк референдум комиссиялары өздерiнiң шешiмдерiн, осы Конституциялық заңға сәйкес шешiм қабылдау үшiн комиссия мүшелерi жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусы қажет болатыннан басқа реттерде, олардың мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылдайды.

      Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 № 376, 2004.11.24 № 604 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

24-бап. Референдум комиссияларының қызмет жағдайларын қамтамасыз ету

      1. Референдум комиссияларының өз өкiлеттiктерi шегiнде қабылдаған шешiмдерi тиiстi аумақтағы барлық мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғаларының орындауы үшiн мiндеттi.

      2. Алып тасталды – ҚР 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      3. Мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, ұйымдар, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғалары референдум комиссияларының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруында оларға жәрдемдесiп отыруға, жұмысы үшiн қажеттi мәлiметтер мен материалдарды табыс етуге, өзге де көмек көрсетуге мiндеттi.

      4. Референдумға дайындық пен оны өткізу кезеңінде референдум комиссиялары мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу бөлігінде олардың қызмет жағдайларын қамтамасыз ету "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

III тарау
Жалпыхалықтық референдумды өткiзу тәртiбi

25-бап. Жалпыхалықтық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi

      Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмiн жасау, оған азаматтарды енгiзу, олардың тiзiмге енбей қалу, тiзiмге дұрыс енгiзiлмеу немесе тiзiмнен шығарылып тастау жәйттерiне, онда жiберiлген жаңсақтықтарға шағымдану, сондай-ақ өздерiнiң жүрген орнын ауыстырған жағдайда азаматтардың референдумға қатысу құқығын қамтамасыз ету "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

26-бап. Жалпыхалықтық референдум өткiзу кезiнде дауыс беру уақыты мен оның орны туралы хабарлау

      1. Дауыс беру уақыты мен орны туралы учаскелiк референдум комиссиясы азаматтарға дауыс беретiн күннен кемiнде он күн бұрын хабарлайды.

      2. Дауыс беретiн үй-жайда көрнектi жерде референдумға қойылған мәселенiң, Конституция, конституциялық заң, заң жобаларының, оларға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулардың мәтiнi iлiнуге тиiс.

27-бап. Жалпыхалықтық референдум өткiзу кезiнде дауыс беруге арналған бюллетень

      1. Дауыс беруге арналған бюллетеньде қойылған әрбiр мәселенiң тұжырымдамасы және дауыс берушiнiң жауаптарының нұсқалары келтiрiледi.

      2. Егер референдумға бiрден бiрнеше мәселе қойылған болса, олардың әрқайсысы үшiн пайдаланылатын дауыс беруге арналған бюллетеньдер түсi жағынан ажыратылуға тиiс.

      3. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер қазақ және орыс тілдерінде басып шығарылады.

      4. Дауыс беруге арналған бюллетеньдердi жасау тәртiбiн Орталық референдум комиссиясы белгiлейдi.

      5. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер учаскелік референдум комиссияларына дауыс беруге дейін ерте дегенде үш күн бұрын және кемінде бір күн бұрын учаскедегі сайлаушылардың жалпы санының бір пайызы резервімен жеткізіледі.

      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

28-бап. Жалпыхалықтық референдумның қорытындыларын шығару кезiндегi жарамсыз бюллетеньдер

      1. Референдумның қорытындыларын шығару кезiнде:

      1) белгiленбеген үлгiдегi;

      2) учаскелiк референдум комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;

      3) референдумға қойылған мәселеге қайтарылған жауаптар нұсқаларының бiрде-бiреуi белгіленбеген;

      4) белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, оларда сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн болмаған бюллетеньдер жарамсыз бюллетеньдер деп танылады.

      2. Референдумға қойылған мәселеге жауаптардың барлық нұсқалары белгіленген бюллетеньдер жарамды деп танылады, бiрақ дауысты санау кезiнде есепке алынбайды.

      3. Референдумның нәтижелерiн шығару кезiнде бюллетеньдердiң жарамсыз деп танылуына байланысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда мәселені дауыс беру жолымен учаскелік референдум комиссиясы шешедi. Бұл ретте шешiм комиссия мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екісiнiң дауысымен қабылданады.

      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 2004.11.24 № 604 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); 05.05.2022 № 119-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

29-бап. Жалпыхалықтық референдум өткiзу кезiнде дауыс беру

      Референдумда дауыс беру мерзiмi, орны, ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгiленген ережелерге сәйкес айқындалады.

      Азамат дауыс берген кезде өзі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгіні қояды.

      Ескерту. 29-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376; 05.05.2022 № 119-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

30-бап. Дауысты санау және жалпыхалықтық референдум нәтижелерiн анықтау

      1. Учаскелiк референдум комиссиясы дауысты санау кезiнде:

      1) учаскедегi жалпыхалықтық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы санын;

      2) бюллетень алған азаматтардың санын;

      3) дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы санын;

      4) әрбiр мәселенiң оң шешiмiн жақтап берiлген дауыс санын және әрбiр мәселенiң терiс шешiмiн жақтап берiлген дауыс санын;

      5) жарамсыз деп танылған бюллетеньдер санын;

      6) жарамды деп танылған, бiрақ дауысты санаған кезде есепке алынбайтын бюллетеньдер санын белгiлейдi.

      2. Учаскеде дауыс санауға және әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсте дауыс беру нәтижелерiн анықтауға байланысты өзге мәселелер осы Конституциялық заңға қайшы келмейтiн бөлiгiнде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.

      Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

31-бап. Жалпыхалықтық референдумның қорытындыларын шығару

      1. Орталық референдум комиссиясы дауыс берудiң нәтижелерi туралы табыс етiлген хаттамалардың негiзiнде:

      1) Қазақстан Республикасының референдумға қатысу құқығы бар азаматтарының жалпы санын;

      2) дауыс беруге қатысқан азаматтардың санын;

      3) референдумға қойылған мәселенiң оң шешiмiн жақтап дауыс берген, референдумға қойылған мәселенiң терiс шешiмiн жақтап дауыс берген азаматтардың санын және дауыс беруге қойылған жекелеген әрбiр мәселе бойынша жарамсыз деп танылған бюллетеньдердiң санын анықтайды.

      2. Егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады.

      3. Егер дауыс берудiң нәтижесiнде референдумға қойылған мәселе бойынша оның оң шешiмiн жақтап дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан көбi дауыс берсе, ол жөнiнде шешiм қабылданды деп саналады.

      Жалпыхалықтық референдумға шығарылған Конституция жобасы, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

      4. Дауыс берудiң қорытындылары Орталық референдум комиссиясының мәжiлiсiнде шығарылып, хаттамамен ресiмделедi, оған Орталық референдум комиссиясының Төрағасы, Төрағаның орынбасары, хатшысы мен мүшелерi қолдарын қояды және қаулымен бекiтедi.

      5. Егер референдум барысында немесе дауыстарды санау не дауыс беру нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды немесе "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын бұзу орын алған болса, Орталық референдум комиссиясы референдум нәтижелерiн шығару кезiнде оның жекелеген учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бірліктерде) өткiзiлуiн жарамсыз деп тани алады.

      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376, 2008.05.04 № 30-IV; 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

31-1-бап. Референдум комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау

      Референдум комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) осы Конституциялық заңға қайшы келмейтін бөлігінде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.

      Ескерту. 31-1-баппен толықтырылды – ҚР 05.07.2024 № 109-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

32-бап. Жалпыхалықтық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының қарауы

      Ескерту. 32-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің, Құрылтай Төрағасының, Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша Конституциялық Сот даулы жағдайда жалпыхалықтық референдум өткізудің дұрыстығы туралы мәселені шешеді. Мұндай ретте жалпыхалықтық референдум нәтижелерiн шығару өтiнiштiң қаралу кезеңiне кiдiртiледi.

      2. Орталық референдум комиссиясы жалпыхалықтық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы дау туындаған жағдайда референдумға дайындық пен оны өткiзуге байланысты материалдарды Конституциялық Сотқа бередi.

      3. Конституциялық Сот Конституция бұзылған жағдайда референдумды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп тануға хақылы. Мұндай жағдайда Орталық референдум комиссиясы референдум Конституцияға сәйкес емес деп танылған учаскелердегi (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi) референдум нәтижелерiн жарамсыз деп тану, сол учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) бiр айдың iшiнде қайта дауыс берудi өткiзу туралы шешiм қабылдайды.

      4. Конституцияға сәйкес емес деп танылған жалпыхалықтық референдумның нәтижелерi Орталық референдум комиссиясының шешiмiмен тиiстi дауыс беру учаскелерiнде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) жарамсыз деп танылады. Өткiзiлген референдумды Конституцияға сәйкес деп тану референдумның қорытындыларын шығаруды жүргiзе беруге әкеп соғады.

      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 156-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 11.06.2026 № 305-VIII (01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.

33-бап. Жалпыхалықтық референдумның қорытындыларын жариялау

      Референдумның қорытындылары туралы Орталық референдум комиссиясының ресми хабары дауыс беру өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

IV тарау
Қорытынды ережелер

34-бап. Жалпыхалықтық референдум қабылдаған шешiмдердiң күшiне енуi

      Референдумда қабылданған Конституция, конституциялық заңдар, заңдар, олардағы өзгертулер мен толықтырулар, референдумға қойылған өзге де шешiмдер, егер Конституцияның өзiнде, конституциялық заңда, заңда, олардағы өзгертулер мен толықтыруларда, референдумда қабылданған өзге де шешiмде басқа мерзiм белгiленбесе, референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

35-бап. Жалпыхалықтық референдум қабылдаған шешiмдердiң заң күшi және міндеттiлiгi

      1. Референдум қабылдаған шешiмнiң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар және Қазақстан Республикасы Президентінің немесе мемлекеттiк өкiмет органдарының актiлерiмен қандай да бiр қуаттауды қажет етпейдi.

      2. Референдум қабылдаған шешiм мен Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң арасындағы сәйкессiздiктер Конституцияны, конституциялық заңдарды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi референдум қабылдаған шешiмге сәйкес келтiру арқылы жойылады.

36-бап. Жалпыхалықтық референдум туралы заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      1. Қазақстан Республикасы азаматының референдумға қатысу жөнiндегi құқығын еркiн жүзеге асыруына, оған қойылған мәселе (мәселелер) бойынша үгiт жүргiзуiне қандайда болсын нысанда кедергi келтiру, сайлау құжаттарын қолдан жасау, дауыстарды қасақана дұрыс санамау, дауыс беру құпиясын бұзу немесе жалпыхалықтық референдум туралы заңды өзге де бұзу заңда белгiленген тәртiппен жауаптылыққа әкелiп соғады.

      2. Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың референдум ұйымдастыру және өткiзу мәселелерi жөнiндегi iс-әрекетiне сотқа шағым жасалу мүмкiн.

37-бап. Осы Конституциялық заңды күшiне енгiзу тәртiбi

      Осы Конституциялық заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгізілді – ҚР 1999.05.06 № 376 Конституциялық заңымен.

      Қазақстан Республикасының
Президентi