Құқық қорғау қызметі туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңы

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 85-б. қараңыз.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметіне тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағдайын (мәртебесін), материалдық қамтамасыз етілуін және әлеуметтік қорғалуын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) ауыстыру – құқық қорғау органы жүйесінде лауазымдарға орналасу;
      2) ауысу – құқық қорғау органдарындағы қызметті тоқтатпастан құқық қорғау органында атқарып жүрген қызметінен босата отырып, сол мезгілде басқа құқық қорғау органындағы лауазымға тағайындау;
      3) баянат – қызметкер қызмет әрекеті процесінде тікелей немесе уәкілетті басшыларға өтініш жасаған кезде ерекше нысандағы жазбаша баяндау;
      4) біліктілік талаптары – құқық қорғау органындағы лауазымға орналасуға үміткер азаматтарға олардың кәсіптік даярлық деңгейін, құзыреттілігін және нақты лауазымға сәйкестігін айқындау мақсатында қойылатын талаптар;
      5) кадр резерві – кейіннен оларды ұсыну үшін қалыптастырылған, деректері жүйеленген тізімге енгізілген қызметкерлер;
      6) құқық қорғау қызметі – құқық қорғау органдары лауазымдарындағы мемлекеттік қызметтің ерекше түрі;
      7) құқық қорғау органы – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін, өз құзыретіне сәйкес қылмыстылыққа және өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттің саясатын іске асыратын, заңдылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті қолдау, құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, тергеу, қылмыстық істер бойынша сот шешімдерін атқару жөнінде арнаулы өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган;
      8) құқық қорғау органының қарамағында болу – штаттық лауазымға орналасумен байланысты емес құқық қорғау қызметін өткеру;
      9) құқық қорғау органының қызметкері (бұдан әрі – қызметкер) – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасынан арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген Қазақстан Республикасының азаматы;
      10) құқық қорғау органының тәртіптік комиссиясы – тәртіптік теріс қылыққа қатысты фактілерді қызметтік тергеу және зерттеу материалдарын қарау үшін оның жасалуының мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау және тәртіптік жауапкершілікке тартылатын қызметкерді лауазымға тағайындау және лауазымнан босату құқығы бар адамды тәртіптік жазалау шарасы туралы ұсыным шығару мақсатында құқық қорғау органында құрылатын тұрақты алқалы орган;
      11) қызметтік тергеу – қызметкердің тәртіптік теріс қылықты жасау мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтау мақсатында, ол туралы материалдар мен мәліметтерді жинау және тексеру жөніндегі қызмет;
      12) ротация – құқық қорғау органында уәкілетті басшыларды тең лауазымдарға ауыстыру;
      13) тәртіптік жаза – қызметкерге қолданылатын тәртіптік жауапкершілік шарасы;
      14) тәртіптік жауапкершілік – тәртіптік теріс қылықтар, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қызметкерлер көтеретін заңдық жауапкершілік түрі;
      15) тәртіптік теріс қылық – қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлі атқармау немесе тиісінше атқармауы, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануы, қызметтік және еңбек тәртібін бұзуы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексін (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі қағидаларын) не ар-намыс кодекстерін (құқық қорғау органдарындағы қолданыстағы қызмет әдебі қағидаларын) бұзуы, тәртіптік ретпен жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы, сол сияқты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген, құқық қорғау қызметінде болуға байланысты шектеулерді сақтамауы;
      16) уәкілетті басшы – құқық қорғау органының аумақтық немесе оған теңестірілген мамандандырылған бөлімшесінің басшысы, құқық қорғау органы мекемесінің, ведомствосының басшысы;
      17) ұйымдастыру-штаттық іс-шаралар – құқық қорғау органының құрылымдарын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешені;
      18) ұсыну – құқық қорғау органы жүйесінде жоғары тұрған лауазымдарға орналастыру;
      19) іс-сапарға жіберу – қызмет мерзімін үзбестен, қызметкерді Қазақстан Республикасының басқа да құқық қорғау органдарында, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, сондай-ақ құқық қорғау органы жүйесінде одан әрі қызмет өткеру үшін ауыстыру;
      20) іс-сапармен бару – құқық қорғау органы кадрында қала отырып, басқа мемлекеттік органдардағы және халықаралық ұйымдардағы лауазымдарға орналасу.
      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      2-бап. Құқық қорғау органдарындағы қызметтің құқықтық
              негізі

      1. Құқық қорғау органдарындағы қызметтің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заңмен көзделген ерекшеліктерімен қоса Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметін реттейтін заңдары және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар көзделген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Құқық қорғау органдары

      Құқық қорғау органдарына өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының прокуратураішкі істерқаржы полициясымемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары, кеден органдары жатады.
      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      4-бап. Құқық қорғау қызметінің принциптері

      1. Құқық қорғау органдарындағы қызмет Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің принциптеріне және құқық қорғау қызметінің арнаулы принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Құқық қорғау қызметінің арнайы принциптері мыналар болып табылады:
      1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау міндеттілігі;
      2) азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық;
      3) құқық қорғау органдарында құқық қорғау қызметін ұйымдастыруға көзқарастың біртұтастығы;
      4) дара басшылық пен субординация (бағыныстылық);
      5) саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бірлестіктердің қызметінен тәуелсіз болу.

      5-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күші, Қазақстан Республикасының әскери қызмет туралы  заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарының әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерін қоспағанда, барлық қызметкерлерге қолданылады.
      Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде мемлекеттік саяси қызметшілерге қолданылады.

2-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІНЕ ТҰРУ

      6-бап. Құқық қорғау қызметіне тұру шарты

      1. Құқық қорғау органдарына қызметке жасы он сегiзге толған, өзiнiң жеке, моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, денсаулығы мен дене бiтiмiнің даму жағдайы, бiлiм деңгейi жөнiнен өзiне жүктелген лауазымдық мiндеттердi атқаруға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде қабылданады.
      2. Құқық қорғау қызметіне:
      1) заңмен белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;
      2) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерді орындауға кедергі келтіретін сырқаты бар;
      3) өзінің мәртебесі мен соған негізделген беделін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға әкеп соғуы мүмкін іс-әрекеттерді болғызбау мақсатында заңда белгіленген шектеулерді өзіне қабылдаудан бас тартқан;
      4) құқық қорғау қызметіне тұрар алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған;
      5) құқық қорғау қызметіне тұрар алдында бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылығы үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
      6) құқық қорғау қызметіне тұрғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
      7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
      8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жұмыстан шығарылған;
      9) бұрын сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан ақталмайтын негіздер бойынша босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, өзге де құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен шығарылған адам қабылданбайды.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе бұрмалау құқық қорғау қызметіне қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
      4. Құқық қорғау органдарына қызметке тұру азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден өткен жағдайда жүзеге асырылады.
      5. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын анықтау үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияларда медициналық куәландырудан міндетті түрде өтедi.
      6. Азамат және оның зайыбы (жұбайы) құқық қорғау қызметіне тұрған кезде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табыстары және мүлкі туралы декларацияны табыс етуге мiндеттi.

      7-бап. Құқық қорғау қызметіне үміткерлерді іріктеу

      1. Құқық қорғау органдарына қызметке (оқуға) қабылданатын үміткерлерді іріктеуді, оларды алдын ала зерделеуді құқық қорғау органдарының кадр бөлімшелері жүзеге асырады.
      2. Құқық қорғау органдарына қызметке тұру үміткерлерді міндетті түрде тағылымдамадан өткізе отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
      Конкурстық негізде орналасатын лауазымдар тізбесін, конкурсты және тағылымдаманы өткізу шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Құқық қорғау органдарының орталық аппараттарында, ведомстволарында конкурс өткізу кезінде Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында хабарландыру жарияланады. Аумақтық бөлімшелерде конкурс өткізу туралы хабарландыру тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында таралатын мерзімді басылымдарда жарияланады.
      Конкурстық іріктеуден өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
      3. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуын аяқтаған адамдардың, теріс себептермен жұмыстан шығарылған не өз өкілеттігін теріс себептермен тоқтатқан адамдарды қоспағанда, өз өкілеттігін тоқтатқан және қойылатын тиісті бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетiн бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әскери қызметшілер болған адамдардың, Парламент депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың құқық қорғау қызметіне конкурстық iрiктеусiз тұруға құқығы бар. Олардың лауазымдарға орналасу тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
      4. Қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеру кезеңінде бос лауазымға орналасуы, ол тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген және келісімін берген жағдайда, ауысу тәртібімен конкурстан тыс негізде жүзеге асырылады.

      8-бап. Құқық қорғау қызметіне қабылдау

      1. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау лауазымға тағайындау жолымен, оның iшiнде құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқуға түскен адамдармен келісімшарт жасасу жолымен жүзеге асырылады.
      2. Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдау құқық қорғау органы басшыларының немесе уәкілетті басшыларының бұйрықтарымен ресiмделедi. Бұйрық қатардағы және басшы құрамдағы адамдарға қол қойдырып жарияланады.
      3. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдар өздерінің мәртебесi және соған негiзделген беделi жеке, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерде пайдалануға әкеп соқтыруы мүмкін iс-әрекеттерді болғызбау мақсатында өздерiне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулерді қабылдайды. Осы шектеу жазбаша нысанда ресімделедi. Шектеудi қабылдамау қызметке қабылдаудан бас тартуға, жұмыстан шығаруға әкеп соқтырады.
      4. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған немесе құқық қорғау органдарының кадрына қабылданған әскери мiндеттiлер, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоса алғанда, белгiленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және құқық қорғау органдарының арнайы есебiне қойылады.

      9-бап. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына
              оқуға қабылдау

      1. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқуға орта бiлiмi бар, жасы он алтыға толған адамдар қабылдана алады.
      Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына қабылдау  тәртібін жалпы білім берудің оқу бағдарламаларын тиісті деңгейде іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларына сәйкес құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетiн адамдар, сондай-ақ бюджет қаражаты есебiнен оқу ақысын төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамасы бойынша шет мемлекеттердiң құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсетiн адамдар білім беру ұйымдарындағы оқу мерзіміне және сонымен бір мезгілде білім беру ұйымдарында оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында орта және аға басшы құрам лауазымдарында қызмет өткеру туралы күнтiзбелiк есеппен бес жылға келiсiмшарт жасасады.
      3. Келiсiмшартта тараптардың (оқуға түсетiн адамның және құқық қорғау органының лауазымды адамының) өзара міндеттемелерi мен жауапкершілiгi белгiленедi және білім беру ұйымын бітіргеннен кейін құқық қорғау органында қызметті одан әрі атқарудың шарттары мен мерзімдері көзделеді. Келiсiмшарт қабылдау комиссиясының құқық қорғау органының білім беру ұйымына қабылдау туралы шешiмiнен кейiн жасалады. Келiсiмшарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртiбi құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
      4. Жасы он сегізге толмаған адамдармен келісімшарт жасалған жағдайда, олардың ата-аналарының, бала асырап алушыларының немесе қамқоршыларының келісімі қажет.
      5. Құқық қорғау органдарының жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқуын бітірген қызметкерлер құқық қорғау органдарында кемінде бес жыл, жалпы орта және кәсіптік білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын қызметкерлер кемінде үш жыл қызмет өткеруге міндетті.
      6. Қызметкер құқық қорғау органының білім беру ұйымын аяқтағаннан кейiн құқық қорғау органдарында одан әрi қызмет өткеруден бас тартқан не келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда, ол өзін оқыту кезеңiнде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiс сома келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiнгi қызмет толық атқарылмаған әрбiр айға тепе-тең есептеледi.
      7. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын құқық қорғау органының білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқудың толық курсын бiтiргендер үшін оқыған уақыты мерзімді әскери қызметті өткерумен теңестіріледі. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының, өзге де мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектері бөлуге сәйкес қызмет өткеруге жіберіледі.
      8. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндiзгi бөлiмдерiнiң әскерге шақырылу жасына жеткен және үлгерімі төмен болғаны, тәртiп сақтамағаны үшін, сондай-ақ өз еркiмен оқудан шығарылған курсанттары (тыңдаушылары) әскери есепке қою үшiн тұрғылықты жерiндегі әскери басқару органдарына жiберіледi. Олар мемлекетке өздерін оқыту кезеңiнде стипендия төлеуге, тамақтандыруға, заттай жабдықталымына жұмсалған бюджет қаражатын өтеуге мiндеттi. Ұсталуға тиiс сома білім беру ұйымдарында болған әрбiр толық айға тепе-тең есептеледi.
      9. Бюджет қаражатын мемлекет пайдасына өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      10. Жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары диплом алдындағы практикадан өту үшiн құқық қорғау органдарына жiберген курсанттар (тыңдаушылар) практикадан өту кезеңiне бос лауазымға тағайындалады.
      11. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының жоғары оқу орындарын аяқтағаннан кейін магистратураға және докторантураға бірден қабылданған қызметкерлерге, тиiстi кафедра оқытушысының айлықақысының жетпіс пайызы мөлшерiнде лауазымдық айлықақы, сондай-ақ арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшiн қосымша ақы төленедi.
      Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының магистратурасына және докторантурасына қабылданған қызметкерлерге оқу уақытына оқуға жіберілгенге дейін атқарған соңғы штаттық лауазымы (уақытша атқарған емес) бойынша лауазымдық айлықақысының жетпіс пайызы мөлшерінде лауазымдық айлықақы белгіленеді.
      12. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына (тыңдаушыларына) каникулдық демалыс кезеңіне қалааралық автомобиль (таксиді қоспағанда), темiржол және су көлiгiмен тұрақты тұратын жеріне баруға және кейiн қайтуға жол жүру ақысы төленедi.
      13. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында жоғары кәсіптік білім ала алады.

      10-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы
               құрам лауазымдарына орналастыруға қойылатын
               талаптар

      1. Құқық қорғау органдарының қатардағы және кiшi басшы құрам лауазымдарына – жиырма бес жастан аспаған, орта және аға басшы құрам лауазымдарына – отыз бес жастан аспаған, тиісті бiлiмi бар және әскери қызмет өткерген немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі әскери даярлықтан өткен азаматтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке әскерге шақырудан босатылған немесе кейінге қалдырылған азаматтар қабылданады.
      2. Қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты кемінде орта білімi бар азаматтар қабылданады немесе қызметкерлер тағайындалады.
      Орта басшы құрам лауазымдарына құқық қорғау органының лауазымдары санатына қойылатын біліктілік талаптарына байланысты техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білімi бар азаматтар қабылданады немесе қызметкерлер тағайындалады.
      3. Мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жататын әскерге шақыру жасындағы азаматтар орта және аға басшы құрам лауазымдарына жоғары бiлiмi болған жағдайда ғана қабылдана алады.
      4. Аға және жоғары басшы құрам лауазымдарына жоғары бiлiмi бар азаматтар қабылданады немесе қызметкерлер тағайындалады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 № 562-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      11-бап. Құқық қорғау қызметіне бірінші рет тұратын адамдар
               үшін арнайы бастапқы оқыту

      1. Құқық қорғау органдарына қатардағы, кiшi және орта басшы құрам лауазымдарына бірінші рет тұратын адамдар құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында арнайы бастапқы оқытудан өтеді.
      2. Арнайы бастапқы оқытудан өту тәртiбi мен шарттарын құқық қорғау органының басшысы айқындайды. Арнайы бастапқы оқытуға қабылданған адамдарды ұстау бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      3. Арнайы бастапқы оқыту мерзімі құқық қорғау қызметіндегі өтіліне (еңбек сіңірген жылдарына) есептеледі.
      4. Арнайы бастапқы оқытудан:
      прокуратура органдарына қызметке тұратын адамдар;
      құқық қорғау органдарына қызметке тұратын және аға және жоғары басшы құрамның басшы лауазымдарына тағайындалатын адамдар;
      құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектері;
      құқық қорғау органдарында бұрын қызмет өткерген адамдар өтпейдi.

      12-бап. Құқық қорғау қызметіне тұру кезіндегі сынақ
               мерзімі

      1. Құқық қорғау қызметіне бірінші рет тұрған адамдар үшiн тиiстi лауазымға тағайындала және оларға тәжiрибелi қызметкерлер арасынан тәлiмгер бекiтіле отырып, үш айға дейінгі сынақ мерзiмi белгіленеді.
      2. Сынақ мерзімі оның құқық қорғау қызметінде атқарып жүрген лауазымына сәйкестігін тексеру мақсатында белгіленеді. Сынақ мерзімі кезеңінде арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілмейді.
      3. Сынақ мерзімінен өту туралы шарт құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының құқық қорғау қызметі лауазымына тағайындау туралы бұйрығында көзделеді.
      4. Егер сынақ мерзiмi аяқталса, ал қызметкер құқық қорғау органдарындағы қызметiн жалғастыра берсе, ол сынақтан өткен болып есептеледі және сынақ мерзімі құқық қорғау органдарындағы қызмет өтіліне есептеледi. Бұдан кейiн жұмыстан шығаруға осы Заңда көзделген негiздер бойынша ғана жол беріледі.
      5. Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкерге осы Заңның және Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы қызметті реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерінің ережелері қолданылады. Қызметкер сынақ мерзімі кезеңінде өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындайды, атыс қаруын, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқықтарын қоспағанда, өзіне берілген құқықтарды толық көлемде іске асырады.
      6. Қызметкердің дәлелді себептермен қызметте болмауы сынақ мерзіміне есептелмейді.
      7. Құқық қорғау органдарына қызметке тұратын және аға және жоғары басшы құрамның басшы лауазымдарына тағайындалатын адамдарға, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының түлектеріне, бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарған адамдарға сынақ мерзiмi белгiленбейдi.

      13-бап. Қызметкерлердің Ант қабылдау тәртібі

      1. Мыналар:
      1) құқық қорғау органдарына бірінші рет қызметке тұрған, арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген адамдар;
      2) білім беру ұйымдарының бұрын Ант қабылдамаған курсанттары, тыңдаушылары – оқуға қабылданғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей;
      3) бұған дейін қандай да бір себептер бойынша Ант қабылдамаған қызметкерлер Ант қабылдайды.
      2. Ант құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының басшылық етуімен құқық қорғау органында салтанатты жағдайда қабылданады.
      3. Қызметкерлердің дер кезінде Ант қабылдауы, қызметкерлердің Ант қабылдауын ұйымдастыру мен қабылдау есебін жүргізу құқық қорғау органдары кадр бөлімшелерінің басшыларына жүктеледі.

3-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

      14-бап. Қызметкерлердің мәртебесі және олардың құқықтық
               кепілдіктері

      1. Қызметкерлер мемлекеттiк биліктің өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
      2. Қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген талаптарын (бұдан әрі – заңды талаптар) барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға міндетті.
      3. Қызметкерлердiң заңды талаптарын орындамау, оларды қорлау, қарсылық көрсету, күш қолданамын деп қорқыту немесе олардың өмiрiне, денсаулығына, ар-намысы мен қадiр-қасиетiне, мүлкiне қол сұғушылық, оларға жүктелген мiндеттердi орындауға кедергі келтіретін басқа да iс-әрекеттер, сондай-ақ қызметкерлердiң қызметтік мiндеттерi мен қызметтiк борышын орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерiнiң, жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына, ар-намысына, қадiр-қасиетiне және мүлкiне қол сұғушылық заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      4. Қызметкерлер өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жағдайларды қоспағанда, тек құқық қорғау органының басшысына, тікелей және уәкілетті басшыларына бағынады.
      5. Қызметкерлердің қызметіне, бұған заңмен тiкелей уәкiлеттiк берiлген адамдарды қоспағанда, ешкiмнiң араласуына құқығы жоқ. Қызметкерлердiң қызметіне құқыққа қарсы араласу заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      6. Заңға қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде қызметкер заңды басшылыққа алуға мiндеттi және оның қорғауында болады.
      7. Қызметкерлердiң өздерiне қатысты қабылданған шешiмдер мен iс-әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға және (немесе) сотқа шағымдануға құқығы бар.
      8. Қызметкерлердің іс-әрекеттері осы Заңға сәйкес жүзеге асырылса, олар атыс қаруын, арнаулы құралдарды және дене күшін қолданып келтірген зиян үшін жауаптылықта болмайды.

      15-бап. Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге
               байланысты құқықтары

      1. Қызметкерлердің:
      1) лауазымдық міндеттерін атқару үшін қажетті ақпараттар мен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;
      2) өздерінің құқықтары мен лауазымдық міндеттерін айқындайтын ережемен, өзге де құжаттармен және жоғарылатуға ұсыну шарттарымен танысуға;
      3) лауазымдық міндеттерін атқарумен байланысты мемлекеттік органдарға, ұйымдарға олардың ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, белгіленген тәртіппен кіріп-шығуға;
      4) егер мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалану лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты болса, белгіленген тәртіппен осындай мәліметтерге қол жеткізуге;
      5) лауазымдық міндеттерін атқаруға және кәсіби дамуына құқық қорғау органының қажетті жағдайлар жасауына;
      6) қызмет әрекеті нәтижелерін, мемлекеттік қызмет өтілі мен біліктілік деңгейі ескеріле отырып, қызметте өсуіне;
      7) өзінің кәсіптік қызмет әрекеті туралы пікірлермен және басқа құжаттармен олар жеке ісіне енгізілгенге дейін, жеке ісінің материалдарымен танысуына, сондай-ақ өзінің жазбаша түсініктемелерін және басқа құжаттар мен материалдарды жеке іске қосуына;
      8) Осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген тәртіппен, кәсіптік қайта даярлыққа, біліктілігін арттыруына және тағылымдамадан өтуіне;
      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмірінің, денсаулығының және мүлкінің, өз отбасы мүшелері өмірінің, денсаулығының және мүлкінің мемлекеттік қорғалуына;
      10) өзінің дербес деректерінің қорғалуына;
      11) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін, сондай-ақ құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты жеке дауларды шешу үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған лауазымды адамдарға, жоғары тұрған органдарға немесе сотқа жүгінуге;
      12) медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсетілуіне;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға;
      14) тұрғын үймен қамтамасыз етілуге және әлеуметтік қамсыздандырылуға;
      15) құқық қорғау қызметінің ерекшеліктері ескеріле отырып, қызметте тиісінше ұйымдастырушылық-техникалық және санитариялық жағдайлар жасалуына;
      16) осы Заңға және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалуына;
      17) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметті жүзеге асыруына құқығы бар.
      2. Қызметкерлерге, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін қоспағанда, атыс қаруы мен арнаулы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы берiледi. Олар дене күшін, оның iшiнде күрестiң жауынгерлiк тәсiлдерiн қолдануға да құқылы. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану тәртiбi осы Заңмен айқындалады.
      3. Қызметкерлерге өз құзыреті шегінде өздеріне жүктелген міндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметін реттейтін заңдарымен көзделген өзге де құқықтар беріледі.

      16-бап. Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге
               байланысты міндеттері

      1. Қызметкерлер:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
      2) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;
      3) заңмен көзделген тәртiп пен мерзiмде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;
      4) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;
      5) қызметтік және еңбек тәртiбiн сақтауға;
      6) өзiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулердi қабылдауға;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
      8) басшылардың заңды бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
      9) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның iшiнде құқық қорғау қызметiн тоқтатқаннан кейiн де, ол жөнiнде қолхат бере отырып, заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға;
      10) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
      11) мемлекеттiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;
      12) қызметкердің жеке мүддесi өзінің өкiлеттiгімен ұштасатын немесе оған қайшы келетiн жағдайларда, жазбаша нысанда баянат беруге және тікелей және уәкілетті басшыны дереу хабардар етуге;
      13) өзiнiң кәсiптік деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға;
      14) мемлекеттік қызмет мүдделеріне зиян келтіретін жария сөйлеуге жол бермеуге;
      15) Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергендігі туралы оны берген күні өзінің тікелей басшысына хабарлауға;
      16) қызметкер өзінің өкілеттіктерін орындау кезеңінде жыл сайын, сондай-ақ құқық қорғау қызметінен теріс себептер бойынша шығарылған адамдар және олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен үш жыл бойы тұрғылықты жеріндегі салық органына табысы мен мүлкі туралы декларация табыс етуге мiндеттi.
      2. Қызметкерлерге өз құзыреті шегінде қойылған міндеттерге сәйкес, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамаларында көзделген өзге де міндеттер белгіленеді.
      3. Қызметкерлер адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзған жағдайда, құқық қорғау органдары сол құқықтарды қалпына келтіріп, келтірілген залалды өтеуге, кінәлі қызметкерлерді Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа тартуды қамтамасыз етуге тиіс.

      17-бап. Қызметкердің құқық қорғау қызметінде болуына
               байланысты шектеулер

      1. Қызметкердің:
      1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесі болуға, партиялар, кәсіптік одақтар қатарында болуға, қандай да бір саяси партияны қолдауға, құқық қорғау органдары жүйесінде өз мүшелерінің еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру мен қорғау және еңбек жағдайын жақсарту үшін олардың кәсіптік мүдделерінің ортақтығына негізделген саяси мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бірлестіктерді құруға;
      2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтердi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
      3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде оның ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
      4) заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға;
      5) өзiнiң қызметтiк әрекетiн қамтамасыз ететін материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;
      6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
      7) лауазымдық өкiлеттiктерін атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметiн жеке мақсатында пайдалануға;
      8) пайдакүнемдiк мақсатта, оның ішінде лауазымды немесе өзге де адамдармен сөз байласу жолымен қызмет бабын пайдалануға;
      9) өзінің жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері және апа-сіңлілері, қарындастары, аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын қызметіне тікелей бағынысты лауазымды атқаруға құқығы жоқ.
      2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, қызметкер лауазымға кіріскеннен кейін бір ай ішінде коммерциялық ұйымдардағы өзінің меншігіндегі акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) және пайдаланылуы табыс табуға әкелетін өзге де мүлікті құқық қорғау қызметін өткеру уақытына сенімгерлікпен басқаруға беруге міндетті, бұған өзіне заңды түрде тиесілі ақша, облигациялар, ашық және аралық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлік қосылмайды. Мүлікті сенімгерлікпен басқару шартын нотариат куәландыруға тиіс.
      Қызметкердiң сенiмгерлікпен басқаруға берiлген мүлiктен, оның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар түрінде табыс алуға, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден табыстар алуға құқығы бар.
      3. Осы бапта көзделген шектеулерді сақтамағаны үшін жауапкершілік осы Заңмен, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарымен белгіленеді.

      18-бап. Әскери жағдай қолданылатын кезеңде құқық қорғау
               қызметінде құқықтық қатынастардың туындауы мен
               өзгеруі

      Әскери жағдай қолданылатын кезеңде құқық қорғау қызметінде құқықтық қатынастардың туындау және өзгеру ерекшеліктерін және оны жалғастыруды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      19-бап. Қызметкерлердің жауапкершілігі

      1. Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртiптiк жауаптылықта болады.
      2. Көрінеу заңға қайшы бұйрықты немесе нұсқауды орындау қызметкерді жауапкершiлiктен босатпайды.
      Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған жағдайда, бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда қызметкер, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиiс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Қызметкердің заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауаптылықта болады.
      3. Қызметкерлердiң iс-әрекетiне (әрекетсiздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
      4. Заңға қайшы әрекеттерімен құқық қорғау органына келтірілген материалдық залал үшін қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болады.

      20-бап. Қызметкерлердің қызметтік куәліктері және
               жетондары

      1. Қызметкерлерге олардың жеке басын және өкілеттіктерін растайтын қызметтік куәліктер және жетондар беріледі.
      Жетондар прокуратура органдарының қызметкерлеріне берілмейді.
      Қызметтік куәліктің сипаттамасын және жетондардың үлгілерін құқық қорғау органының басшысы бекітеді.
      2. Қызметтік куәлік адамның құқық қорғау органына қатыстылығын, оның құқық қорғау қызметіндегі лауазымын және арнаулы атағын немесе сыныптық шенін растайтын құжат болып табылады.
      Қызметкердің қызметтік куәлігі, мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерін қоспағанда, оның атыс қаруын, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқығын, қызметкерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген өзге де өкілеттіктерді растайды.

      21-бап. Қызметкерлердің нысанды киімі және айырым
               белгілері

      1. Қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеретін құқық қорғау органына байланысты оның құқық қорғау қызметіне қатыстылығын көрсету мақсатында қызметкерлердің арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері бойынша нысанды киім және айырым белгілері белгіленеді.
      2. Арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген қызметкерлер нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі.
      3. Нысанды киімнің сипаттары, айырым белгілері, киіп жүру тәртібі және онымен қамтамасыз ету нормасы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

4-тарау. АРНАУЛЫ АТАҚТАР НЕМЕСЕ СЫНЫПТЫҚ ШЕНДЕР

      22-бап. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру

      1. Қызметкерлерге мынадай арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беріледі:
      1) қатардағы құрам:
      қатардағы қызметкер;
      2) кiшi басшы құрам:
      кiшi сержант;
      сержант;
      аға сержант;
      старшина;
      3) орта басшы құрам:
      кiшi лейтенант;
      лейтенант, 3-сыныпты заңгер;
      аға лейтенант, 2-сыныпты заңгер;
      капитан, 1-сыныпты заңгер;
      4) аға басшы құрам:
      майор, кіші кеңесші;
      подполковник, кеңесші;
      полковник, аға кеңесші;
      5) жоғары басшы құрам:
      генерал-майор, 3-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
      генерал-лейтенант, 2-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
      генерал-полковник, 1-сыныпты мемлекеттік кеңесші;
      жоғары сыныпты мемлекеттік кеңесші.
      2. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер қызметкерлерге бiлiктiлiгi, бiлiмi, қызметке қатысы, еңбек сiңiрген жылдары және атқаратын штаттық лауазымы ескерiле отырып, реттілік тәртібімен дербес берiледi.
      3. Қызметкерлердің арнаулы атақтарының немесе сыныптық шендерінің алдынан тиісті септікте, олардың қайсысына қатыстылығын көрсететін мынадай сөздер қосылады:
      1) прокуратура органдарына – «әділет»;
      2) ішкі істер органдарына – «полиция», «әділет»;
      3) қаржы полициясы органдарына – «қаржы полициясының»;
      4) алып тасталды - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
      5) мемлекеттік өртке қарсы қызметке – «өртке қарсы қызмет»;
      6) кеден органдарына – «кеден қызметінің».
      4. Қызметте болудың шекті жасына жеткен немесе зейнетақыға құқық беретін еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлердің арнаулы атақтарының немесе сыныптық шендерінің алдынан «отставкадағы» деген сөз қосылады.
      5. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын курсанттарының (тыңдаушыларының) қатарына қабылданған азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы атақтар беріледі.
      6. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң запасында тұратын азаматқа, ол құқық қорғау органдарындағы басшы құрам лауазымына тағайындалғаннан кейiн, оның өзiнде бар әскери атағынан төмен емес арнаулы атақ немесе сыныптық шен беріледi.
      7. Құқық қорғау органдарында бұрын қызмет атқарған адамдар қызметке жаңадан қабылданған (оқуға түскен), сондай-ақ басқа құқық қорғау органынан іссапарға жіберу тәртібімен қабылданған кезде өздерінде бар арнаулы атақпен немесе сыныптық шенмен лауазымға тағайындалады (оқуға қабылданады).
      Бұрынғы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде болу мерзімі кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен беру үшін еңбек сіңірген мерзіміне есептеледі.
      8. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органдарына жүктелген негізгі міндеттер мен функцияларды тікелей орындайтын лауазымды адамдарға арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беруге құқық беретін лауазымдар тізбесін олардың өкілеттіктеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      23-бап. Бірінші және кезектi арнаулы атақтар немесе
               сыныптық шендер берудің тәртібі

      1. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берілу ретіне қарай бірінші және кезектi болып бөлiнедi.
      2. Қатардағы және кiшi басшы құрамның арнаулы атақтарын (бірінші және кезектi) уәкілетті басшы бередi.
      3. Орта және аға басшы құрамның бірінші арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін құқық қорғау органының басшысы береді.
      4. Кiшi лейтенанттың бірінші арнаулы атағы:
      1) қатардағы немесе кіші басшы құрам лауазымдарын атқарып жүрген, жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының соңғы курстарында оқитын және орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған қызметкерлерге;
      2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітірген және орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған азаматтарға беріледі.
      5. Лейтенант арнаулы атағы, 3-сыныпты заңгер сыныптық шені:
      1) кiшi лейтенанттарға – арнаулы атақта еңбек сiңiрудiң осы Заңда белгiленген мерзiмiнің өтуі бойынша, ал жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітіргендерге – бұл атақта еңбек сiңiру мерзiмiне қарамастан;
      2) қатардағы қызметкер мен кiшi басшы құрамның арнаулы атақтары бар, техникалық және кәсіптік, орта білімнен және жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарын бiтiрген және орта басшы құрам лауазымдарына тағайындалған қызметкерлерге;
      3) жоғары бiлiмi бар және орта немесе аға басшы құрам лауазымдарына тағайындалған адамдарға берiледi.
      6. Басшы құрамның кезектi арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерге сәйкес болған жағдайда және арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткен соң реттілік тәртібімен берiледi.
      7. Орта және аға басшы құрамның кезектi арнаулы атақтарын немесе сыныптық шендерін:
      1) капитанға дейін, 1-сыныпты заңгерді қоса алғанда – құқық қорғау органының уәкілетті басшысы;
      2) полковникке дейін, аға кеңесшіні қоса алғанда – құқық қорғау органының басшысы береді.
      8. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері Қазақстан Республикасының Президентi белгілейтін лауазымдар тізбесі және тәртіп бойынша беріледi.
      9. Бағынысты қызметкердi кезектi арнаулы атақты немесе сыныптық шенді беруге ұсынуды негiзсiз кешiктiрген құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
      10. Орта және аға басшы құрамның кезектi арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының тыңдаушылары мен докторанттарына, сондай-ақ оқу ақысын бюджет қаражаты есебінен төлей отырып, құқық қорғау органдарының жолдамалары бойынша шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында оқитындарға – оқуға түскеннен кейiн, осы лауазымдар бойынша штаттағы арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерге енгiзiлген өзгерiстер ескерiлместен, олар оқуға түскенге дейiн атқарған штаттық лауазымдарына сәйкес тиiстi арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмiнің өтуіне орай; кезектi арнаулы немесе әскери атақтар, сыныптық шендер қызметкерлер оқуды  аяқтаған соң тағайындалатын штаттық лауазымдар бойынша атақтарға сәйкес болған жағдайда – білім беру ұйымдарын, магистратураны, докторантураны бiтiруіне орай берiледi.

      24-бап. Арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек
               сіңіру мерзімдері

      1. Қатардағы және кіші басшы құрамның арнаулы атақтарда еңбек сіңіру мерзімдері:
      қатардағы қызметкер атағында – үш ай;
      кіші сержант атағында – бір жыл;
      сержант атағында – екі жыл;
      аға сержант атағында – үш жыл.
      Cтаршина атағында еңбек сіңіру мерзімі белгіленбейді.
      2. Орта және аға басшы құрамның арнаулы атақтарда және сыныптық шендерде еңбек сіңіру мерзімдері:
      кіші лейтенант атағында – бір жыл;
      лейтенант, 3-сыныпты заңгер атағында – бір жыл;
      аға лейтенант, 2-сыныпты заңгер атағында – үш жыл;
      капитан, 1-сыныпты заңгер атағында – төрт жыл;
      майор, кіші кеңесші атағында – бес жыл;
      подполковник, кеңесші атағында – жеті жыл.
      3. Полковник арнаулы атағында, аға кеңесші сыныптық шенінде, сондай-ақ жоғары басшы құрамның атақтарында және сыныптық шендерінде еңбек сіңіру мерзімі белгіленбейді.
      4. Арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сіңіру мерзімі қызметкерге тиісті арнаулы немесе әскери атақ, сыныптық шен берілген күннен бастап есептеледі, бұл ретте еңбек сіңіру мерзіміне лауазымдардағы қызметтің нақты уақыты кіреді. Қызметкерді кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен беруге ұсыну негізсіз кешіктірілген жағдайда, тиісті арнаулы атақ немесе сыныптық шен, оның алдындағы арнаулы атақта немесе сыныптық шенде болу мерзімі өткеннен кейінгі күннен бастап беріледі.
      5. Қатардағы және кіші басшы құрамдағы атағы бар, орта басшы құрам лауазымына тағайындалған қызметкерлер, осы атақта еңбек сіңірген мерзіміне қарамастан, орта басшы құрамның арнаулы атағын беруге ұсынылады.
      6. Кезекті арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берудің осы Заңда көзделмеген қосымша шарттарын енгізуге тыйым салынады.

      25-бап. Арнаулы атақтарда немесе сыныптық шендерде еңбек
               сіңірген жылдары мерзімін тоқтата тұру

      1. Қызметкерлерге кезектi арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер тиiсiнше құқық қорғау органының қарамағында болған кезде, лауазымға тағайындалғанға дейiн, алынбаған тәртiптiк жазасы болғанда, қайта аттестаттау кезiнде атқаратын лауазымына сәйкес келетіні туралы мәселе шешiлгенге дейін, тергеуге дейінгі тексерулер, қылмыстық iс ақтайтын негіздер бойынша қысқартылғанға дейiн, ақтау үкімі заңды күшіне енгенге дейін, қызметтiк тергеу аяқталғанға дейiн берiлмейдi.
      2. Тәртiптiк жаза қолданудың заңсыздығы туралы шешім шығарылған немесе қайта аттестаттау кезінде атқаратын лауазымына сәйкес келетіні туралы мәселе шешiлген, қылмыстық iс ақтайтын негiздер бойынша қысқартылған, ақтау үкімі заңды күшіне енген кезде қызметкерлерге кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен атқаратын штаттық лауазымы бойынша атаққа, сыныптық шенге кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен сәйкес болған жағдайда, бұларды берудiң мерзiмi басталған сәттен бастап берiледi.

      26-бап. Арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді
               мерзімінен бұрын немесе атқаратын штаттық
               лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе
               сыныптық шеннен бiр саты жоғарылатып беру тәртібі

      1. Полковникке дейiн қоса алғанда, басшы құрамның кезектi арнаулы атағы немесе сыныптық шені қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткiзгенi және қызметтiк мiндеттерiн үлгiлi орындағаны үшiн көтермелеу тәртібімен, бұған дейiнгi арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткенге дейiн немесе атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен бiр саты жоғарылатып берiлуi мүмкiн.
      2. Арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер мерзiмiнен бұрын арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмдерiнiң кемiнде жартысы өткенде берiледi.
      3. Ғылыми немесе академиялық дәрежесi не ғылыми немесе академиялық атағы бар, бұл ретте құқық қорғау органының білім беру ұйымдарында штаттық лауазымда қызмет атқаратын басшы құрам адамдарына кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiрудiң белгiленген мерзiмi өткенде атқаратын лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен бiр саты жоғарылатып берілуі мүмкін.
      4. Атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген кезекті арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен бiр саты жоғары кезекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен алдыңғы арнаулы атақтағы немесе сыныптық шендегі еңбек сіңірген жылдарының кемінде жартысы өткенде беріледі.
      Бұл ретте атқаратын лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен мерзімінен бұрын бiр саты жоғары арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер беру құқық қорғау органындағы қызметінің барлық кезеңі ішінде әрбір негіз бойынша екі реттен артық жүргізілмейді.
      Кезектен тыс арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді беру құқық қорғау органының басшысы айқындаған тәртіппен қызметтің барлық кезеңі ішінде екі реттен артық жүргізілмейді.
      5. Кіші басшы құрамдағы мерзімінен бұрын немесе бір саты жоғары арнаулы атақты – уәкілетті басшы, ал орта және аға басшы құрамдағы арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді құқық қорғау органының басшысы береді.

      27-бап. Арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді
               төмендету, арнаулы атақтардан немесе сыныптық
               шендерден айыру

      1. Арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бiр сатыға төмендетуді тәртiптiк жаза шарасы ретiнде:
      1) кiшi және орта басшы құрам атағындағы қызметкерлерге – құқық қорғау органының уәкiлеттi басшысы;
      2) аға басшы құрам атағындағы қызметкерлерге – құқық қорғау органының басшысы қолданады.
      1-1. Арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден айыру мына қызметкерлерге қатысты тәртіптік жаза қолдану шарасы ретінде қолданылады:
      1) полковникті, аға кеңесшіні қоса алғанға дейінгілерді – құқық қорғау органының басшысы;
      2) жоғары басшы құрамды Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіппен – Қазақстан Республикасының Президенті жүзеге асырады.
      2. Арнаулы атақтағы немесе сыныптық шендегі еңбек сiңiру мерзiмi арнаулы атақты немесе сыныптық шенді бiр сатыға төмендету түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап үзіледі және арнаулы атақты немесе сыныптық шенді қалпына келтіру туралы бұйрық шығарылған күннен бастап қалпына келтіріледі.
      Арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері атқаратын штаттық лауазымына қарамастан төмендетілген қызметкерлердің бұрынғы арнаулы атағы немесе сыныптық шені атқаратын лауазымына қарамастан құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрықтарымен, бірақ арнаулы атағы немесе сыныптық шені төмендетілген күннен бастап кемінде алты ай өткеннен кейін ғана қалпына келтіріледі.
      3. Қызметкерге бұрынғы арнаулы атағы немесе сыныптық шені қайта қалпына келтiрілгенге және оған кезектi арнаулы атақ немесе сыныптық шен берiлгенге дейiн арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен қайта төмендетілмейді.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      28-бап. Соттың айыптау үкімімен арнаулы атақтардан немесе
               сыныптық шендерден айыру

      1. Қызметкерлерге қатысты арнаулы атақтардан немесе сыныптық шендерден айыру туралы соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмiн орындауды:
      1) капитанға дейін, 1-сыныпты заңгерді қоса алғанда – құқық қорғау органының уәкілетті басшысы жүзеге асырады;
      2) полковникке дейін, аға кеңесшіні қоса алғанда – құқық қорғау органының басшысы жүзеге асырады;
      3) жоғары басшы құрамы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен заңсыз айырған жағдайларда, соттың шешіміне сәйкес бұрынғы атағын қалпына келтiру туралы бұйрықты құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы шығарады.
      3. Арнаулы атақтан немесе сыныптық шеннен заңсыз айырылған кезең қалпына келтiрiлген арнаулы атақта немесе сыныптық шенде еңбек сiңiру мерзiмiне кiредi. Арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен заңсыз айырылған адамдарға материалдық залал толық көлемде өтеледi.
      Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

5-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНДА ЛАУАЗЫМҒА ТАҒАЙЫНДАУ,
ҚЫЗМЕТ БАБЫНДА АУЫСТЫРУ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫЛАТУ

      29-бап. Құқық қорғау органдарының қатардағы және басшы
               құрамдағы лауазымдарына орналасудың жалпы
               қағидалары

      1. Қатардағы, кiшi, орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар орналасатын лауазымдар және осы лауазымдарға сәйкес келетiн арнаулы атақтарды немесе сыныптық шендерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      2. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалатын адамдар, оларға арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілгенге немесе құқық қорғау органдарының кадрына қабылданғанға дейін атқаратын лауазымдары бойынша қызметтік міндеттерін атқарады.
      3. Лауазымға тағайындауды, қызмет бабында ауыстыруды, адамдар қойылған білiктiлiк талаптарына сәйкес келген жағдайда, басшы немесе уәкілетті басшы жүргiзедi. Лауазымдар санаттарына қойылатын білiктiлiк талаптарын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін лауазымдар санаттарына қойылатын үлгі біліктілік талаптары негізінде құқық қорғау органдарының басшылары бекітеді.
      Бұл ретте мынадай шарттар сақталады:
      1) орта және басшы құрамдағы адамдарды лауазымға тағайындау және қызмет бабында ауыстыру кезiнде оларды негiзгi мамандығы бойынша не тәжiрибесiне сәйкес пайдалану қамтамасыз етiлуі мүмкін, ал оларды жаңа мамандықтағы лауазымдарда пайдалану қажет болған кезде, олар тиiстi курстарда (жиындарда) қайта даярлаудан өтуге тиiс;
      2) бос лауазымның мiндетiн уақытша атқарудың үздiксiз мерзiмi – екi айдан, ал бос емес лауазым бойынша төрт айдан аспауға тиiс;
      3) қызметкерлер атқаратын лауазымынан босатыла және соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы сақтала отырып, күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге құқық қорғау органының қарамағына берілуі мүмкін.
      Ерекше мән-жайларда туындайтын айрықша жағдайларда құқық қорғау органының басшысы бұл мерзімді екi айға дейін ұзартуы мүмкін.
      Қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың осы Заңмен белгіленген демалыстарда болуы, денсаулық сақтау ұйымдарында емделуi (әскери-дәрiгерлiк комиссияның жолдамасы бойынша дәрiгерлiк тексерілуі), бұрынғы қызмет атқарған жерiнен тиiстi құқық қорғау органы тұрған жерге дейiн жол жүру уақыты; білім беру ұйымдарының сырттай, кешкі оқыту бөлімдерінде оқу-емтихан сессияларында болу уақыты; қылмыстық iс ақтау негіздері бойынша қысқартылған немесе ақтау үкiмi шығарылған жағдайларда қамауға алынған күнiнен бастап және босатылған күнiн қоса алғанда, қылмыстық жауаптылыққа тартылуға байланысты қамауда болған уақыты құқық қорғау органының қарамағында болу мерзiмiне есептелмейдi.
      Кезектi жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын пайдаланбаған, атқаратын лауазымынан босатылған және құқық қорғау органының қарамағындағы қызметкерлерге, оларды қызметте одан әрi пайдалану туралы мәселенi шешу кешiктiрілген жағдайларда, пайдаланылмаған еңбек демалысы беріледi. Оларға кезектi жыл сайынғы ақылы еңбек демалыс уақыты үшiн ақшалай үлес құқық қорғау органының қарамағында болу мерзiмiне қарамастан, оның қарамағына қабылданған күні негiзгi лауазымы бойынша алатын мөлшерде төленедi.
      Құқық қорғау органының қарамағына қабылданған қызметкерге осы Заңда көзделген көтермелеу шаралары және тәртіптік жазалау шаралары қолданылуы мүмкін.
      Қызметкердің құқық қорғау органының қарамағында болу уақыты құқық қорғау қызметіндегі өтіліне, арнаулы атақты немесе сыныптық шенді беру үшін еңбек сіңірген жылдарына есептеледі.
      Құқық қорғау органының қарамағындағы қызметкерге құқық қорғау органының белгіленген күн тәртібі толық көлемде қолданылады.
      Құқық қорғау органының қарамағындағы қызметкер ұсынылған лауазымға орналасудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, ол осы Заңға сәйкес жұмыстан шығарылуға жатады.
      Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабымен ауыстыру оларды тиісті құқық қорғау органының қарамағына ауыстырмай жүзеге асырылады. Тиісті құқық қорғау органының қарамағындағы адамдарды лауазымға тағайындау мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ лауазымнан босаған күннен кейін екі айдан кешіктірілмей жүргізіледі. Құқық қорғау органының қарамағындағы аталған қызметкерлерді   қызметте пайдалану тәртiбi құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады;
      4) бос лауазымға шұғыл орналастыру қажет болған кезде уәкілетті басшы қызметкерді басшы құрам арасынан бiр айдан аспайтын мерзiмге уақытша тағайындауға құқылы;
      5) орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдарды басқа лауазымдарға, сондай-ақ басқа мекенге ауыстыру қажет болған кезде, бұл туралы шешiмдi, осы адамдардың даярлығы мен қызмет тәжiрибесi, сондай-ақ олардың және олардың отбасы мүшелерiнің денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсеткiштердiң жоқтығы ескеріле отырып, олардың келiсiмi бойынша тиiстi уәкілетті басшылар қабылдайды;
      6) денсаулық жағдайы бойынша тұрғылықты жерiн өзгертудi қажет ететiн басшы құрамдағы адамдарды басқа мекенге қызмет бабында ауыстыру әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысының негiзiнде тиiстi басшылардың рұқсатымен жүргiзiледi;
      7) қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды жедел қызмет атқармайтын лауазымнан жедел атқарушы лауазымға ауыстыру әскери-дәрiгерлiк сараптама нәтижелерi ескерiле отырып жүргiзiледi.

      30-бап. Қызмет бабында ауыстыру

      1. Қатардағы және кiшi басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабында ауыстыру:
      1) жоғары тұрған лауазымдарға – қызмет бабында жоғарылау тәртібімен;
      2) тең дәрежелi лауазымдарға – басқа лауазымдарға орналастыру қажет болған не оларды iскерлiк және жеке қасиеттерiн ескере отырып, неғұрлым орынды пайдалану, жаңа мамандыққа даярлау үшiн, сондай-ақ отбасы жағдайына, денсаулық жағдайы немесе жасына қарай осы адамдардың келiсiмiмен;
      3) құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсуiне байланысты – атқаратын штаттық лауазымынан босатыла отырып, сондай-ақ білім беру ұйымын бiтiргеннен кейін лауазымға тағайындалған кезде;
      4) төмен тұрған лауазымдарға:
      штаттар қысқарған кезде немесе құқық қорғау органын қайта ұйымдастыру кезiнде – осы адамдарды тең дәрежелi лауазымдарға ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда және олардың келiсiмiмен;
      денсаулық жағдайы бойынша – әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негiзiнде және қызметкердің келісімімен;
      аттестаттаудың қорытындысы бойынша анықталғандай, қызметiне сәйкес келмеген кезде;
      тәртiптiк жаза қолдану тәртібімен;
      өз қалауы бойынша жүргiзiледi.
      2. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабында ауыстыру:
      1) жоғары тұрған лауазымдарға – қызмет бабында жоғарылату тәртібімен;
      2) тең дәрежелi лауазымдарға – ұйымдық-штаттық іс-шаралардың жүргiзiлуiне байланысты, жұмыс тәжiрибесiн ескере отырып, мамандығына қарай неғұрлым орынды пайдалану үшiн, ротация тәртібімен, атқаратын лауазымының өкілеттіктері мерзімінің аяқталуына байланысты, сондай-ақ олардың тiкелей және уәкілетті басшыларының келiсiмiмен өз қалауы бойынша;
      3) құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсуiне, мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында оқуына байланысты – атқаратын штаттық лауазымынан босатыла отырып, сондай-ақ білім беру ұйымын бiтiргеннен кейін лауазымға тағайындалған кезде;
      4) төмен тұрған лауазымдарға:
      штатты қысқарту немесе құқық қорғау органдарын қайта ұйымдастыру кезiнде – осы адамдарды дәрежесi тең лауазымда пайдалану мүмкiн болмаған жағдайда және олардың келiсiмiмен;
      денсаулық жағдайы бойынша – әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негiзiнде;
      өз қалауы бойынша;
      аттестаттаудың қорытындысы бойынша анықталғандай, қызметiне сәйкес келмеген кезде;
      тәртiптiк жаза қолдану ретiнде;
      5) мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен бару тәртібімен жүргiзiледi.
      3. Орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына басшылыққа және арнаулы пәндер бойынша педагогтік қызметке тағайындалған кезде, олардың білім беру ұйымдарына тағайындалғанға дейiнгi атқарған негiзгi соңғы лауазымы бойынша айлықақысы сақталады. Әрбiр нақты жағдайда лауазымдық айлықақыны сақтау туралы шешiмдi лауазымға тағайындалғанға дейiн, білім беру ұйымы басшылығының ұсынымы және құқық қорғау органының орталық аппаратының кадр бөлімшесінің қорытындысы бойынша, құқық қорғау органының басшысы қабылдайды.
      Сақталған лауазымдық айлықақыны төлеу лауазымы төмендетiлген кезде тоқтатылады.
      4. Төмен тұрған лауазымдарға ауыстырылған қатардағы және басшы құрамдағы адамдар, осы Заңның талаптары ескеріле отырып, кейiннен қызмет бабында жоғарылай алады.
      5. Қатардағы және басшы құрамдағы адамдарды қызмет бабында ауыстыру туралы шешiм, ауыстыру негiздемесi көрсетiле отырып, құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығымен ресiмделедi.
      6. Қызмет бабында ауыстырылған орта, аға және жоғары басшы құрамдағы адамдар, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында немесе емделуде жүрген жағдайларын қоспағанда, iстерді тапсырғаннан кейiн, бірақ бұйрықты алған күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жаңа қызмет орнына iссапарға жiберiлуге тиiс.
      7. Құқық қорғау органының штаты қысқартылған кезде қызметкер ұсынылған лауазымға орналасудан бас тартқан жағдайда, ол осы Заңға сәйкес жұмыстан шығарылуға тиіс.

      31-бап. Ротация

      1. Құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезінде кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органының аумақтық бөлімшелерінің, мекемелерінің басшыларын ротациялау жүзеге асырылады.
      2. Аумақтық органдар мен мекемелердің басшыларын ротациялау құқық қорғау органы басшысының шешімімен бес жылда бір рет жүзеге асырылады. Қабылданған шешім бұйрықпен ресімделеді. Аумақтық органдар мен мекемелердің басшыларын қызметке басқа жерге ротациялауға – қызметкердің жазбаша келісімімен, сондай-ақ қызмет мүддесі үшін – лауазымда болу мерзіміне қарамастан және қызметкердің келісімінсіз жол беріледі.
      3. Мүгедек балалары, оның ішінде асырап алған балалары (қорғаншы болып табылатындар) немесе асырауында қарт ата-анасы бар лауазымды адамдар ротациялауға жатпайды. Көрсетілген мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.
      Ескерту. 31-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      32-бап. Құқық қорғау қызметінің жоғары тұрған, тең
               дәрежелі немесе төмен тұрған лауазымдары

      1. Құқық қорғау қызметінің лауазымы, егер оған құқық қорғау қызметіндегі бұрынғы лауазымының арнаулы атағы немесе сыныптық шеніне қарағанда неғұрлым жоғары шекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен көзделген болса, ал арнаулы атақтары немесе сыныптық шендері бірдей болғанда – құқық қорғау қызметінің лауазымы бойынша неғұрлым жоғары айлықақы көзделген жағдайда, ол жоғары тұрған лауазым болып есептеледі.
      2. Құқық қорғау қызметінің лауазымы, егер оған арнаулы атағы немесе сыныптық шені және лауазымы бойынша айлықақы құқық қорғау қызметіндегі бұрынғы лауазымының арнаулы атағы мен сыныптық шеніне және айлықақысына тең көзделген болса, тең дәрежелі лауазым болып есептеледі.
      3. Құқық қорғау қызметінің лауазымы, егер оған құқық қорғау қызметіндегі бұрынғы лауазымының арнаулы атағына немесе сыныптық шеніне қарағанда неғұрлым төмен шекті арнаулы атақ немесе сыныптық шен көзделген болса, ал арнаулы атақтары немесе сыныптық шені бірдей болғанда, құқық қорғау қызметінің лауазымы бойынша неғұрлым төмен айлықақы көзделген жағдайда, ол төмен тұрған лауазым болып есептеледі.

      33-бап. Қызмет бабында жоғарылату

      1. Қызметкерлерді қызмет бабында жоғарылату, кадр резервінде тұрған қызметкерлер арасынан олардың кәсіптік, iскерлiк және жеке қасиеттерi, денсаулық жағдайы ескерiле отырып жүргiзiледi.
      2. Кадр резервіне қойылған басшы құрамдағы адамдардың кәсiби даярлығын жетiлдiру жөнiндегi жұмыс құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады.

      34-бап. Кадр резерві

      1. Құқық қорғау органының кадр құрамын қалыптастыру, лауазымдардың жасақталуын қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органында кадр резерві жасалады.
      2. Құқық қорғау органының кадр резерві кейіннен жоғары тұрған бос лауазымдарға орналастыру үшін жасалады.
      3. Кадр резерві аттестаттау нәтижесі бойынша басшы лауазымдарға немесе ауқымды жұмыстарға жоғарылатуға ұсынылған қызметкерлерден, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде не арнайы тапсырмаларды орындау кезінде ұйымдастырушылық қабілетін танытқан адамдардан қалыптастырылады.
      4. Бос басшы лауазымға құқық қорғау органының кадр резервінде тұрған адам басшының немесе уәкілетті басшының шешімі бойынша орналастырылады. Кадр резервінде тұрған қызметкерлер ұсынылған лауазымнан бас тартқан кезде, бос лауазымға аттестаттау нәтижесі бойынша немесе кадрларды іріктеу арқылы басқа қызметкер орналастырылады.
      5. Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру жауапкершілігі құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына және кадр бөлімшесіне жүктеледі. Құқық қорғау органдарында кадр резервін кадрлардың сапалық құрамы және тиісті лауазымдарға орналастыру қажеттігі ескеріле отырып қалыптастырылады.
      6. Кадр резервіне қоюды құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы жүзеге асырады.
      7. Қызметкерге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін тәртіптік жазалау шарасы қолданылған жағдайларда, ол кадр резервінен шығарылады. Қызметкер өзін кадр резервінен шығару туралы шешіммен келіспеген жағдайда, ол бұл шешімге жоғары тұрған лауазымды адамдарға және (немесе) сотқа шағымдануға құқылы.
      8. Қызметкердің кадр резервінде тұру мерзімі үш жылдан аспауға тиіс. Кадр резервіне қойылып, бірақ кадр резервінде болған кезеңде олар үшін жоспарланған лауазымға тағайындалмаған адамдар, кадр резервіне жалпы негіздерде жаңадан қойылуы мүмкін.
      9. Құқық қорғау органының кадр бөлімшелері кадр резервіне қойылған қызметкерлердің тізімін жүргізеді.
      10. Кадр резервін қалыптастыру тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.

      35-бап. Кадр резервін қалыптастыру міндеттері

      Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс істеу міндеттері:
      1) қызметкерлерді қызмет бабында жоғарылатуды жоспарлау тетігін реттеу;
      2) басшы кадрларды даярлаудың тиімділігін арттыру;
      3) басшы құрам лауазымдарына неғұрлым білікті қызметкерлерді орналастыру;
      4) басшы кадрларды нығайту және тұрақтандыру, олардың сабақтастығын қамтамасыз ету;
      5) құқық қорғау органдарында кадр мәселелерін шешуде демократиялық негіздерді күшейту болып табылады.

      36-бап. Құқық қорғау органдарының кадр құрамын
               қалыптастырудың басым бағыттары

      1. Құқық қорғау органында кадр құрамын қалыптастыру:
      1) қызметкерлердің кәсіптік білім-білігі мен дағдыларын жетілдіру;
      2) құқық қорғау қызметі лауазымына қызметкерлерді олардың кәсіби даярлығының деңгейін, кәсіби қызметте сіңірген еңбегін және іскерлік қасиеттерін ескере отырып тағайындау;
      3) құқық қорғау қызметін өткерудің және арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер берудің кезектілігі негізінде қамтамасыз етіледі.
      2. Құқық қорғау қызметінің кадр құрамын қалыптастырудың басым бағыттары:
      1) құқық қорғау қызметі лауазымдарының барлық санаттары үшін кадрларды жоспарлы негізде даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау;
      2) қызметкерлердің кәсіби және лауазымдық өсуі үшін жағдайлар жасау;
      3) аттестаттау өткізу арқылы қызметкерлердің кәсіби қызметінің нәтижелерін бағалау болып табылады.
      3. Қызметкерлердің кәсіптік білім-білігі мен дағдыларын жетілдіру мақсатында қызметкерлердің құқық қорғау органдарындағы қызметін өткеру орны бойынша кәсіби қызметтік және дене шынықтыру дайындықтары ұйымдастырылады. Кәсіби қызметтік және дене шынықтыру дайындықтарын ұйымдастырудың мазмұны мен тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      4. Кәсіптік қайта даярлау, біліктілікті арттыру қызметкерлердің қосымша кәсіптік білімі болып табылады. Қосымша кәсіптік білім алу қызметкерлердің лауазымдық міндеттерін үзіліспен, ішінара үзіліспен немесе үзіліссіз атқару түрінде жүргізілуі мүмкін. Қызметкердің басқа тең жағдайларда қосымша кәсіптік білім алуы қызметкерді кадр резервіне қоюға немесе оның құқық қорғау қызметі лауазымын жалғастыруына басым негіз болып табылады.
      5. Қызметкерлерді кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыру құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары мен ғылыми мекемелерінде, құқық қорғау органының қызметкерлерді қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру жөніндегі мамандандырылған мекемелерінде, сондай-ақ басқа да білім беру ұйымдары мен мекемелерінде жүзеге асырылады.
      6. Қызметкер Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлерде қосымша кәсіптік білім ала алады.

      37-бап. Кадр резервіне қою үшін үміткерлерді іріктеу

      1. Кадр резервіне қою үшін үміткерлерді іріктеу қызметкерлердің жеке басының және іскерлік қасиеттерін, олардың қызметінің нәтижелерін зерделеу және бағалау, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.
      2. Кадр резервіне қою үшін үміткерлерді іріктеу кезінде:
      1) болжанған лауазымға орналастыру көзделген мамандықтар бойынша қызметкердің білімінің сәйкестігі;
      2) болжанған қызмет түрі бойынша тиісті кәсіптік даярлығының және жұмыс тәжірибесінің болуы;
      3) тиісті басшылар санаттарының қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді білуі;
      4) денсаулық жағдайы;
      5) кәсіптік қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың қорытындысы ескеріледі.
      3. Егер ұсыну басқа мекенге қызмет атқаруға ауыстыруды қарастырса, онда қызметкердің және оның отбасы мүшелерінің ол жерде денсаулық жағдайы бойынша тұра алу мүмкіндігі ескеріледі.
      4. Кадр резервіне қоюға үміткерлерді іріктеуді кадр бөлімшелері жүзеге асырады және кадр резервіне қойылғандардың тізімін құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы бекітеді. Тиісті лауазымға ұсыну үшін кадр резервіне қойылған қызметкерлердің саны екі адамнан кем болмауы керек.

      38-бап. Қызметкерді лауазымдық міндеттерін атқарудан
               уақытша шеттету

      1. Қызметкерді лауазымдық міндеттерін атқарудан мынадай жағдайларда:
      1) Қазақстан Республикасының қылмыстық процессуалдық заңнамасында белгiленген тәртiппен – қылмыстық процесті жүргізуші орган ақшалай қаражатты сақтамай, мұндай шараның қажеттігі болмағанға дейін;
      2) қызметтік тергеу жүргізілген жағдайда – құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы жауапкершілік туралы мәселе шешілгенге дейін, бірақ ақшалай қаражатты сақтай отырып, бір айдан аспайтын мерзімге уақытша шеттетуі мүмкін.
      2. Қызметкерді қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттету туралы құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығы шығарылады.
      3. Іс ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылған немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда қызметкер осы Заңда белгіленген тәртіппен жұмыстан шығарылады.
      4. Қылмыстық іс ақталатын негіздер бойынша қысқартылған, ақтау үкімі заңды күшіне енген жағдайда қызметкердің лауазымы, арнаулы немесе әскери атағы, сыныптық шені қалпына келтіріледі.
      Адамның қызметін (лауазымын және атағын) қалпына келтіру, егер ол адам ақтау үкімі күшіне енген не қылмыстық істі ақталатын негіздер бойынша қысқарту туралы қаулы шығарылған сәттен бастап үш ай iшiнде өтiнiш жасаса, ол сол күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жүргізіледі.
      5. Қылмыс жасағаны үшiн сотталуына байланысты құқық қорғау органдарынан шығарылған, ал кейiннен ақталған және тиiсiнше лауазымы мен арнаулы атағы немесе сыныптық шені қалпына келтірілген қызметкерлерге қызметте амалсыздан болмаған уақыты үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен ақшалай үлесі өтеледi.

      39-бап. Құқық қорғау қызметінің лауазымы бойынша
               міндеттерді уақытша атқару

      1. Қызметтік қажеттілікке байланысты қызметкерге атқаратын (негізгі) лауазымынан босатпай, жоғары тұрған лауазымның міндеттерін атқару уақытша жүктелуі мүмкін.
      2. Негізгі мiндеттерiнен босатыла отырып, басқа лауазымдар бойынша мiндеттердi уақытша атқару белгіленген тәртiппен жүктелген штаттық лауазымдағы қызметкерлерге ақы төлеу мынадай тәртiппен жүргізiледi:
      1) штаттағы орынбасарларға, өздерiнiң тiкелей басшысының бос емес лауазымы бойынша қызметтік мiндеттерiне қарамастан, ақшалай үлес төлеу олардың негізгi атқаратын лауазымы бойынша жүргізiледi;
      2) басшының бос лауазымы бойынша мiндеттерiн, оның iшiнде оның орынбасарларының да уақытша атқаруы кезiнде, ақы өзге де төлемдер ескеріле отырып, лауазымды уақытша атқаруға көзделген айлықақысына қарап, бiрақ екi айдан аспайтын уақытқа төленедi. Көрсетілген мерзім ішінде оларды осы лауазымға тағайындау немесе бос лауазым бойынша мiндеттердi орындаудан босату туралы шешiм қабылдануы тиіс.
      Бос емес лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқарудың үзіліссiз мерзiмi төрт айдан аспауы керек.
      Лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқарудың үзіліссiз мерзiмi лауазымды атқаруға кiрiскен күннен бастап, бiрақ бұйрықта көрсетілген күннен ерте емес, ал күнi көрсетiлмесе, бұйрыққа қол қойылған күннен ерте емес, мiндеттерiн атқарудан босатылған күн қоса есептеледi.
      Лауазым бойынша мiндеттi атқарушы етiп тағайындау қызметкерлердi лауазымдарға тағайындау және оларды ауыстыру құқығы берiлген лауазымды адамдардың бұйрығымен ресiмделедi.
      3. Қызметкерге осы бапқа сәйкес міндеттерді уақытша атқаруды жүктеу және оны осыған байланысты негізгі лауазымы бойынша міндеттерді атқарудан босату, тікелей басшысы болмаған кезеңде оның лауазымы бойынша міндеттерді атқару қызметкердің қызметтік міндеттерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, басшының немесе уәкілетті басшының актісімен жүзеге асырылады.

      40-бап. Құқық қорғау органдарындағы жұмыс уақыты

      1. Қызметкерлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгiленедi.
      Әрбір құқық қорғау органында қызметтік әрекеттің ерекшеліктерімен және жедел жағдаймен, жыл мезгілімен, жергілікті жағдайлармен және басқа да нақты мән-жайлармен анықталатын, қатаң регламенттелген күн тәртібі белгіленеді.
      2. Күн тәртібі қағидалары құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының актісімен бекітілетін жұмыс уақыты мен тынығу уақытын, азаматтарды қабылдау сағаттарын (халық үшін барынша қолайлы), қызметкерлердің жекелеген санаттарының қызмет атқару кезегін белгілейді.
      3. Қажет болған жағдайда қызметкерлер белгiленген уақыттан тыс, сондай-ақ түнгi уақытта, демалыс және мереке күндерi қызметтiк мiндеттерiн орындауға шақырылуы мүмкiн. Өтемақы төлеу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      41-бап. Құқық қорғау қызметінің өтілі (еңбек сіңірген
               жылдары)

      1. Құқық қорғау қызметінің өтілі зейнетақыға құқық беретін еңбек сіңірген жылдарын есептеу, еңбек сіңірген жылдары үшін қосымша демалыс беру, қызметкер жұмыстан шығарылған кезде біржолғы жәрдемақы төлеу, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының құрметті атақтарын беру және құқық қорғау органдарының ведомстволық айырым белгілерімен марапаттауға ұсыну мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіппен есептеледі.
      2. Қызметкерлердің еңбек сіңірген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
      Бұл ретте зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, күнтізбемен есептеледі.
      3. Қызметкерлердің құқық қорғау органдарында қызметте болу кезеңі олардың жалпы еңбек өтіліне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет өтіліне есептеледі.
      4. Қызметкердің құқық қорғау органының қарамағында болған уақыты қызмет өтіліне есептеледі.

      42-бап. Жеке істі және есепке алу құжаттарын жүргізу

      1. Құқық қорғау органында қызметкерлердің дербес деректерін, қызмет әрекеттері мен құқық қорғау қызметіндегі өтілі туралы мәліметтерді қамтитын жеке істер, есепке алу құжаттары жүргізіледі.
      2. Қызметкердің дербес деректерін алу, сақтау, өңдеу, пайдалану және беру кезінде құқық қорғау органында мына талаптар сақталуға тиіс:
      1) қызметкердің дербес деректерін өңдеу қызметкердің құқық қорғау қызметін өткеруіне, оқуына және лауазымдық өсуіне ықпал етуді, қызметкердің жеке басының және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ оған тиесілі мүліктің сақталуын қамтамасыз ету, лауазымдық міндеттерін атқару нәтижелерін есепке алу мақсатында жүзеге асырылады;
      2) осы Заңға сәйкес қызметкерден алынған дербес деректердің анықтығын тексеру мемлекеттік органдардың қатысуымен жүзеге асырылады;
      3) қызметкердің дербес деректерін заңсыз пайдаланудан немесе жоғалтудан қорғау осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерімен көзделген тәртіппен құқық қорғау органының қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі;
      4) заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің жазбаша нысанда білдірген келісімінсіз оның дербес деректерін үшінші тарапқа беруге жол берілмейді.
      3. Қызметкердің жеке ісіне құқық қорғау органының қызметін қамтамасыз етуге қажетті, құқық қорғау қызметіне тұрумен, оны өткерумен және құқық қорғау қызметінен шығумен байланысты оның дербес деректері және өзге де мәліметтер енгізіледі.
      4. Құқық қорғау немесе әскери қызметті өткерген (өткеріп жатқан) азаматты (қызметкерді) қабылдау (ауысу) кезінде азаматтың (қызметкердің) құқық қорғау немесе әскери қызметті өткерген (өткеріп жүрген) мемлекеттік органдардан немесе ұйымдардан құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының сұратуы бойынша құқық қорғау органының мекенжайына қызметкердің сіңірген еңбегінің есебі, қызметтік тізімінің көшірмесі, соңғы аттестаттау бойынша қорытындысы және қызметтік әрекетін сипаттайтын басқа да материалдар жіберіледі.
      5. Қызметкердің жеке ісінде және есепке алу құжаттарында қамтылған мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларға жатады.
      6. Басқа қызметкердің дербес деректерін алуды, сақтауды, өңдеуді, пайдалануды және беруді реттейтін нормалардың бұзылуына, сондай-ақ осындай деректердің жоғалуына немесе жария болуына кінәлі қызметкер осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жауаптылыққа болады.
      7. Қызметкердің дербес деректерін қамтыған жеке ісін жүргізу тәртібін құқық қорғау қызметінің басшысы бекітеді.

      43-бап. Құқық қорғау органының штаты қысқартылған, қайта
               ұйымдастырылған немесе таратылған кездегі құқық
               қорғау қызметіне байланысты құқықтық қатынастар

      1. Құқық қорғау қызметінің штаты қысқартылған кезде қысқартылатын лауазымды атқарып жүрген қызметкерге қатысты құқықтық қатынастар:
      1) қызметкерге сол не басқа құқық қорғау органында өзге де лауазымды атқару мүмкіндігі ұсынылған;
      2) қызметкер кәсіптік қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға немесе құқық қорғау органының білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген жағдайларда жалғасады.
      2. Құқық қорғау органы таратылған кезде қызметкерге қатысты құқықтық қатынастар қызметкерге таратылған құқық қорғау органының функциялары берілген құқық қорғау органында не басқа құқық қорғау органында өзге лауазымды атқару мүмкіндігі ұсынылған жағдайда жалғасуы мүмкін.
      3. Қызметкер ұсынылған өзге лауазымды атқарудан бас тартқан жағдайда, ол осы Заңда белгіленген тәртіппен құқық қорғау қызметінен шығарылады.

      44-бап. Құқық қорғау органына жатпайтын лауазымдарда
               қызмет өткеру

      Қызметкерлер құқық қорғау органдарының кадрында қалдырыла отырып, оған жатпайтын лауазымдарда:
      1) құқық қорғау органының қарамағында болған;
      2) мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен барған;
      3) мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында оқып жатқан жағдайларда құқық қорғау қызметін өткере алады.

      45-бап. Құқық қорғау қызметін өткеру ерекшеліктері

      1. Қызметкерлерді республиканың өзге өңірлерінде қоғамдық тәртіпті қорғауға немесе төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларды жоюға қатысуға тарту мерзімінің ұзақтығы үш айдан аспауға тиіс.
      2. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын тәртiппен құқық қорғау органдарының кадрында қалдырыла отырып, мемлекеттiк органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен баруы мүмкін.

      45-1-бап. Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару
                 жүйесiнде қызмет атқарудың ерекше жағдайлары

      1. Қылмыстық-атқару жүйесiнде қызмет атқарудың ерекше жағдайлары деп төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы режимiнің енгiзiлуі, күдіктінің, айыпталушының және сотталған адамның қашуы, адамдардың кепiлге алынуы, жаппай тәртiпсiздiктер, топтасып бағынбаушылықтар кезіндегі не оларды жою үшiн қажеттi мерзiм ішінде осылардың туындау қаупi төнген кездегі мекеме персоналының жұмысы түсініледі.
      2. Қылмыстық-атқару жүйесi органдары қызметкерлерiнiң қызмет атқарудың ерекше жағдайлары режиміндегі жұмысы үш айдан аспауға тиіс және демалыс күндерiн берумен өтеледi. Қызметкерлердi қызмет атқарудың ерекше жағдайларындағы жұмысқа тартудың тәртiбi мен шектi ұзақтығы Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен айқындалады.
      Ескерту. 5-тарау 45-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      46-бап. Қызметкерді іс-сапарға жіберу

      1. Қызметкерді іссапарға жіберу құқық қорғау органының тиісті лауазымдарына тағайындауға құқығы бар басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.
      Бұл ретте қызметкерді лауазымға тағайындау ол іссапарға жіберілген күннен бастап жүргізіледі.
      2. Қызметкердің баянаты және қызметке қабылдайтын құқық қорғау органының жазбаша өтінішхаты іссапарға жіберуге негіз болып табылады.
      3. Қызметкерді іссапарға жіберу туралы шешімді қабылдау мерзімі қабылдаушы құқық қорғау органынан жазбаша өтінішхат түскен күннен бастап бір айдан аспауға тиіс.

6-тарау. АТТЕСТАТТАУ

      47-бап. Қызметкерлерді аттестаттау

      1. Қызметкерлерді аттестаттау олардың кәсіптік даярлығының, құқықтық мәдениетінің деңгейін және азаматтармен жұмыс істеу қабілетін анықтау бойынша мезгіл-мезгіл жүзеге асырылатын рәсім болып табылады.
      2. Қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті аттестаттау кезінде негізгі бағалау өлшемі болып табылады.
      3. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесінде үздіксіз қызметте болған әрбір үш жыл сайын аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап, алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
      Егер аттестаттауға жатқызылған қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді. Тең дәрежелі лауазымға тағайындалған кезде, егер ол функционалдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқпаса, бұл мерзім есепке алынбайды.
      Аттестаттау кезінде қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметтен босатылған күн мен оның құқық қорғау органдары жүйесіне қызметке қабылданған күніне дейін үш айдан артық уақыт өтпесе, онда көрсетілген кезеңде өзге заңды (мемлекеттік органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынасы болмаған жағдайда, құқық қорғау органдары жүйесінде қызметте болған уақыты үздіксіз қызмет деп есептеледі.
      3-1. Алып тасталды - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      4. Құқық қорғау органының басшысы және оның орынбасарлары, сондай-ақ құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттауға жатпайды.
      Қызметкерлер арасындағы әйелдер жүктілігі және бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде аттестаттауға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан соң және бір жылдан кешіктірілмей аттестатталуға тиіс.
      5. Аттестаттау бірқатар дәйекті кезеңдерді:
      1) аттестаттау өткізуге дайындықты;
      2) кәсiптiк жарамдылығын айқындау бойынша белгiленген нормативтердi тапсыруды;
      3) аттестаттауға жатқызылған қызметкердің Қазақстан Республикасы заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тесттен өткізуді;
      4) қызметкермен аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесуді;
      5) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруын қамтиды.
      Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      47-1-бап. Кезектен тыс аттестаттау

      1. Кезектен тыс аттестаттау оның тәртібін, мерзімдерін және аттестатталатын қызметкерлердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі.
      2. Кезектен тыс аттестаттаудың қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдауға немесе жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендету ұсынылады;
      4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және басқа қызметке (лауазымға) ауыстыру ұсынылады;
      5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және қызметтен босату ұсынылады.
      3. Кәсіптік жарамдылықты айқындау бойынша нормативтер тапсырмаған және тестілеу кезінде шекті мәннен төмен баға алған жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы баптың 2-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдердің біреуін қабылдайды.
      4. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмеген қызметкерлерді осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметінен босату ұсынылады.
      5. Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) құқық қорғау органдарында өзге, оның ішінде төменгі тұрған лауазымдарда қызметін жалғастырудан бас тартқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметтен босатылуға жатады.
      Ескерту. 6-тарау 47-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      48-бап. Аттестаттауды өткізуге дайындықты ұйымдастыру

      1. Аттестаттауды өткізу мерзімі келген кезде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының тапсырмасы бойынша тиісті кадр бөлімшелері аттестаттау өткізуге дайындықты ұйымдастырады.
      2. Дайындық мынадай іс-шараларды:
      1) аттестаттау өткізудің кестесін әзірлеуді;
      2) аттестаттау өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды;
      3) тест мерзімдерін және оны өткізетін орынды айқындауды;
      4) аттестатталушы қызметкерлердің қажетті құжаттарын дайындауды қамтиды.
      Тесттен өтудің тәртібі мен шарттары, кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша нормативтер, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшін шекті мәні (бұдан әрі – шекті мән) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      3. Құқық қорғау органының кадр бөлімшесі осы Заңға сәйкес аттестатталуға тиіс қызметкерлерді алты ай ішінде бір рет айқындайды.
      4. Басшы аттестатталуға тиіс қызметкерлердің тізімін және оны өткізу мерзімін кадр бөлімшесінің ұсынымымен бекітеді.
      5. Кадр бөлімшесі аттестаттауды өткізу мерзімі туралы оны өткізудің басталуына кемінде бір ай қалғанда қызметкерлерге жазбаша хабарлайды.
      6. Аттестатталуға тиіс қызметкерге оның қызметтік мінездемесі ресімделеді және аттестаттау комиссиясының отырысына дейін үш апта мерзімнен кешіктірілмей кадр бөлімшесіне жіберіледі.
      7. Қызметтік мінездеме аттестатталуға тиіс қызметкердің құқық қорғау органдары жүйесіндегі қызметте үзіліссіз үш жыл болуы және одан кейінгі аттестаттау өткізіліп отырған мерзімге дейінгі кезең ішіндегі кәсіптік, жеке басының қасиеттері мен қызметтік әрекеті нәтижелерінің объективті және негізделген бағасын қамтуға тиіс.
      8. Тікелей басшы қызметкерді оған берілген қызметтік мінездемемен аттестаттау комиссиясының отырысына дейін екі апта мерзімнен кешіктірмей қол қойғыза отырып, таныстыруға міндетті.
      9. Қызметкер өзіне берілген қызметтік мінездемемен келіспейтіні туралы мәлімдеуге және кадр бөлімшесіне өзін сипаттайтын қосымша ақпаратты беруге құқылы.
      10. Кадр бөлімшесі жиналған аттестаттау материалдарын аттестаттау комиссиясына оның отырысына дейін бір апта мерзімнен кешіктірмей жібереді.
      Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      49-бап. Аттестаттау комиссиясы

      1. Басшы аттестаттау комиссиясының құрамын және оның жұмыс кестесін кадр бөлімшесінің ұсынымымен бекітеді.
      2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс.
      Аттестаттау комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
      3. Кадр бөлімшесінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болады, оны комиссия басшысы айқындайды.
      Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.
      4. Құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің жұмыс бағыттарына қарай бірнеше аттестаттау комиссиясы құрылуы мүмкін.
      5. Аттестаттау комиссиясының басшысы мен оның мүшелері аттестатталуға жатқызылған қызметкерлермен бірдей немесе неғұрлым жоғары лауазымда болуға тиіс.
      6. Аттестаттау комиссиясының құрамына құрылымдық бөлімшелердің басшылары, кадр бөлімшелерінің өкілдері (не осы бөлімшелер есеп беретін адамдар), сондай-ақ аттестаттаудан өтетін қызметкерлерді қоспағанда, құқық қорғау органының, құқық қорғау органы білім беру ұйымының немесе құқық қорғау органы мемлекеттік мекемесінің өзге де қызметкерлері енгізіледі.
      7. Аттестаттау комиссиясы отырысының, егер оған құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңдық күші бар деп есептеледі.
      8. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер ол үшін отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелері санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда аттестаттау комиссиясының төрағасы жақтап дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      50-бап. Аттестаттауды өткізу

      1. Прокуратура органдарының тесттен өткен кезде шекті мәннен жоғары баға алған қызметкерлерін қоспағанда, алғашқы аттестаттауда немесе қайта аттестаттауда кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырған қызметкерлер әңгімелесуге жіберіледі.
      2. Кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тесттен өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер әңгімелесуге жіберілмейді және аттестаттау комиссиясының шешімімен осы Заңда айқындалған тәртіппен қайта аттестатталуға тиіс.
      3. Аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталушы қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.
      4. Аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелді себептермен болмаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін әңгімелесуден өтеді.
      5. Аттестаттау комиссиясының отырысына қызметкер дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясы осы Заңда айқындалған тәртіппен қызметкерді қайта аттестаттау туралы шешім қабылдайды.
      6. Аттестаттау комиссиясы әңгімелесудің қорытындысы бойынша мынадай:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес және кадр резервіне қоюға немесе жоғары тұрған лауазымға ұсынылады;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес;
      3) қайта аттестатталуға тиіс;
      4) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.
      7. Аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
      8. Кадр бөлімшесі аттестаттау комиссиясының шешімін қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді, қызметкер шешіммен ол қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қоя отырып, танысады.
      8-1. Тестілеудің не кәсіптік жарамдылықты айқындау бойынша нормативтер тапсырудың нәтижелерін бұрмалау фактілері анықталған жағдайда, жоғары тұрған аттестаттау комиссиясы немесе құқық қорғау органының жоғары тұрған басшысы аттестаттау комиссиясы шешімінің күшін жоюға тиіс.
      9. Аттестаттаудан өткен қызметкердің аттестаттау парағы және оның қызметтік мінездемесі жеке ісінде сақталады.
      Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      51-бап. Қайта аттестаттау

      1. Қайта аттестаттау алғашқы аттестаттау өткен күннен бастап, үш айлық мерзімде және алты айдан кешіктірілмей өткізіледі.
      2. Қайта аттестаттау кезінде кәсіптік жарамдылығын анықтау бойынша белгіленген нормативтерді тапсырмаған не тестілеуден өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған қызметкерлер, сондай-ақ аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша осы Заңда айқындалған тәртіппен лауазымынан төмендетілуге немесе жұмыстан шығарылуға ұсынылады.
      3. Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттау өткізіп, мынадай:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
      3) атқаратын лауазымына сәйкес емес және жұмыстан шығарылуға ұсынылады деген шешімдердің бірін қабылдайды.
      4. Аттестаттау комиссиясының жұмыстан шығару туралы ұсыныс жасай отырып, қызметкердің атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы қабылдаған шешімі аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.

      52-бап. Аттестаттау комиссиясының шешімі

      Аттестаттау комиссиясының шешімі қызметкерді кадр резервіне қою, қызметкерді жоғары тұрған лауазымға ұсыну, қызметкерді лауазымынан төмендету немесе оны жұмыстан шығару негіздерінің бірі бола алады.

      53-бап. Аттестаттау комиссиясының шешіміне шағымдану

      Қызметкер аттестаттау комиссиясының шешіміне бір айлық мерзімде құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына және (немесе) сот тәртібімен шағымдана алады.

7-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП

      54-бап. Құқық қорғау органдарындағы қызметтік тәртіп

      1. Қызметкердiң Қазақстан Республикасының заңнамасында, құқық қорғау органдары басшыларының және уәкілетті басшыларының актілерінде белгіленген нормалар мен қағидаларды міндетті түрде сақтауы құқық қорғау қызметіндегі қызметтік тәртiп болып табылады.
      2. Құқық қорғау органының басшысы және уәкілетті басшысы өзінің бағыныстылары арасындағы қызметтiк тәртiптiң жай-күйiне жауап бередi.
      3. Қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту мақсатында құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы қызметкерлерге және құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары курсанттарына (тыңдаушыларына) осы Заңмен көзделген көтермелеу шараларын қолдана алады және оларға тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін.

      55-бап. Қызметкерлерге қолданылатын көтермелеулер

      1. Мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны және қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін қызметкерлерге және құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттарына (тыңдаушыларына) мынадай:
      1) алғыс жариялау;
      2) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
      3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
      4) грамотамен марапаттау;
      5) Құрмет грамотасымен марапаттау;
      6) ведомстволық наградамен және құқық қорғау органының үздігі төсбелгісімен марапаттау;
      7) кезекті арнаулы атақты немесе сыныптық шенді мерзімінен бұрын беру;
      8) Құрмет кітабына немесе Құрмет тақтасына енгізу;
      9) құрметті атақ беру;
      10) құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерімен көзделген өзге де көтермелеу түрлері көзделген.
      Қызметкерге осы баппен көзделген көтермелеу түрлерін қолдану тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
      2. Көтермелеу ретінде құқық қорғау органы қызметкеріне бұрын салынған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу қолданылуы мүмкін.
      3. Көтермелеулер бұйрықтармен ресімделеді.
      4. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында білім беру ұйымдары орналасқан жерден кезектен тыс босату түріндегі де көтермелеу қолданылады.
      5. Қызметкерлер ерекше сiңiрген еңбегi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк наградалармен марапатталуға ұсынылуы мүмкін.

      56-бап. Қызметкерлерге қолданылатын тәртiптiк жазалар

      1. Құқық қорғау органдарындағы тәртіптік жазалар тәртіптік жауапкершілік шарасы болып табылады.
      2. Қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қызметкерлерге:
      1) ескерту;
      2) сөгіс;
      3) қатаң сөгіс;
      4) қызметке толық сәйкес еместігi туралы ескерту;
      5) атқаратын лауазымынан босату;
      6) арнаулы атағын немесе сыныптық шенін бiр саты төмендету;
      7) құқық қорғау органдарынан шығару;
      8) құқық қорғау органының басшылары немесе уәкілетті басшылары берген немесе марапаттаған құрметті атақтарынан, төсбелгілерінен айыра отырып, құқық қорғау органынан шығару;
      9) арнаулы атағынан немесе сыныптық шенінен айыра отырып, құқық қорғау органынан шығару тәртіптік жаза түрлері қолданылуы мүмкін. Осы тармақтың 9) тармақшасында көзделген тәртіптік жаза қызметкер «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көзделген теріс себептермен жұмыстан шығарылған кезінде қолданылады.
      3. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында курсанттарға (тыңдаушыларға) осы бапта көзделген тәртіптік жазаларға қоса, мынадай:
      1) нарядқа кезектен тыс тағайындау (бөлімшенің қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі нарядқа тағайындаудан басқа);
      2) құқық қорғау органының білім беру ұйымы орналасқан жерден кезекті босатудан айыру;
      3) құқық қорғау органының білім беру ұйымынан шығару тәртіптік жазалары қолданылуы мүмкін.
      Ескерту. 56-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      57-бап. Тәртіптік жаза қолданудың негіздері мен шарттары

      1. Қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолданудың негізі болып табылады.
      2. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкердің кінәсінің болуы, жасалған тәртіптік теріс қылықтың ауырлығы және мән-жайы, қызметкердің жеке басы және оның қызметке қатысы, теріс салдарлардың болуы және құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіруі ескеріледі.
      Тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
      3. Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемесінде қызметкер өзінің тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға құқылы.
      Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде өзінің тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының бұйрығымен қызметтік тергеу жүргізілуге тиіс.
      4. Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату және атқаратын қызметінен шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесі және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады.
      Аттестаттау комиссиясын қалыптастыру және оның жұмыс тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      5. Бірнеше қызметкер бірлесіп тәртіптік теріс қылық жасаған кезде жаза әр кінәліге жеке-жеке қолданылады.
      6. Қызметтік тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн бір тәртіптік жаза ғана қолданылуы мүмкiн.
      7. Жаза қолдану тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерді атқармағаны немесе тиісінше атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған міндетті атқарудан босатпайды.
      8. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрық ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойдырып, жария етіледі.
      9. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органының кадр бөлiмшесi жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.
      Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадр бөлімшесі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкерге хабарламалы хатпен жіберуге міндетті.
      10. Тәртiптiк жаза тәртіптік терiс қылық мәлiм болған күннен бастап бiр айдан және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
      Қызмет бабында қызметкер бағынатын адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне не берілмегеніне қарамастан, тәртіптік теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған, бір айлық мерзім басталатын күн тәртіптік теріс қылық байқалған күн болып есептеледі.
      11. Қызметтiк тергеу жүргізiлген, қылмыстық іс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалып, сотта қаралған жағдайда тәртіптік жаза, кінәлінiң сырқаттануына немесе демалыста, іссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытын есептемегенде, тиiсiнше тергеу аяқталған, қылмыстық iсті немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша істі жүргізуді қысқарту туралы процессуалдық шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
      12. Қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық іс қысқартылған жағдайда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған кезде жаза қылмыстық іс қозғаудан бас тарту не оны қысқарту туралы шешім қабылданған күннен бастап - бір айдан, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болған кезде - үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
      13. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасаған жағдайда, тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық жасалғаны мәлім болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей қолданылады және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
      14. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер тәртіптік терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өткен жағдайда, оған тәртiптiк жаза қолданылмайды.
      15. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болуы, егер жасалған тәртіптік терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болса, жаза қолдану мерзімін тоқтата тұрады.
      16. Қызметкер өзін тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.
      17. Қызметкерге қолданылған тәртiптiк жазаның мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспайды. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда оның тәртiптiк жазасы жоқ деп есептеледi.
      18. Егер қызметкерге, тікелей басшының құқықтары шегiнен шығатын жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда ол бұл туралы жазалау шараларын қолдануға уәкілетті жоғары тұрған лауазымды адамға өтiнiш жасайды.
      19. Жоғары тұрған басшының, егер бұрын жарияланған жаза жасалған тәртіптік терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, төмен тұрған басшы қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқығы бар.
      20. Тәртіптік жазалар қолдану жөнiнде өзiне берiлген құқықтарын асыра пайдаланған басшы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады, ал жазалау шараларын қолдануға уәкілеттi адам жазалау туралы бұйрықтардың күшін жояды.
      21. Қызметкер өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағымдануға құқылы.

      58-бап. Қызметтік тергеу

      1. Қызметтік тергеу қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауының себептерін, сипатын және мән-жайларын анықтау, осы Заңда көзделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мән-жайлардың болуы немесе болмауын растау қажет болған кезде, оның ішінде қызметкерлердің жазбаша баянаты және құқық қорғау және сот органдарының хабарламалары негізінде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының шешімі бойынша жүргізіледі.
      2. Қызметтік тергеу жүргізуге оның нәтижесіне тікелей немесе жанама мүдделі қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға, өзін осы тергеу жүргізуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгінуге міндетті. Осы аталған талаптар сақталмаған жағдайда, қызметтік тергеу нәтижелері заңсыз деп есептеледі.
      3. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде мынадай:
      1) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау фактісін;
      2) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды;
      3) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау нәтижесінде келтірген залалдың сипаты мен мөлшерін;
      4) қызметкердің қызметін өткеруге кедергі келтіретін мән-жайлардың болу немесе болмауын объективті және жан-жақты анықтау шаралары қолданылуға тиіс.
      4. Қызметтік тергеу оны жүргізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Аталған мерзімге қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкердің демалыста, іссапарда немесе емделуде болған уақыты, сондай-ақ оның өзге де дәлелді себептермен қызметте болмаған уақыты есептелмейді.
      5. Қызметтік тергеудің нәтижелері қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға жазбаша нысандағы қорытынды түрінде беріледі, ол оны тергеу аяқталған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей бекітеді.
      6. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкерден қызметтік тергеу жүргізудің мән-жайы бойынша түсініктеме талап етіп алынады.
      7. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкер:
      1) жүргізілетін қызметтік тергеудің мәні бойынша жазбаша түсініктеме беруге;
      2) өтініш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;
      3) қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына қызметтік тергеу жүргізетін қызметкерлердің шешімдеріне және әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
      4) егер ол мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді таратпау талаптарына қайшы келмесе, қызметтік тергеу аяқталғаннан кейін қорытындымен және басқа да материалдармен танысуға құқылы.
      Қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде тиісті акт жасалады.
      8. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қорытындыда:
      1) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша анықталған фактілер мен мән-жайлар;
      2) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар көрсетіледі.
      9. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде қызметкердің әрекетінде қылмыс белгілері мәлім болған жағдайда, қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы алынған материалдарды процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына дереу беруге міндетті.
      10. Қызметтік тергеу жүргізу тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.

8-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ АТЫС ҚАРУЫН, АРНАУЛЫ ҚҰРАЛДАР
МЕН ДЕНЕ КҮШІН ҚОЛДАНУЫ

      59-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдар мен дене күшін
               қолдану мақсаты

      Атыс қаруы, арнаулы құралдар мен дене күші қоғамға қауiптi әрекеттерді тоқтату, құқық бұзушылықтардың сипаты мен нақты ахуал ескерiле отырып, оларды жасаған адамдарды ұстау және құқық қорғау органдарына жеткiзу мақсатында қолданылады.

      60-бап. Арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану

      1. Қызметкерлердің дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнаулы құралдарды, оның iшiнде қол кiсендерiн, резина таяқтарды, көзден жас ағызатын заттарды, алаңдатып әсер ететін жарық-дыбыс құрылғыларын, үй-жайларды ашуға, көлiктi мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды, суатқыштарды, қызметтік жануарларды, броньды машиналар мен тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметі айқындайтын басқа да арнаулы көлiк құралдарын:
      1) жеке тұлғаларға, қызметкерлерге және қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген өзге де адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
      2) кепiлге алынған адамдарды босату, жаппай тәртiпсiздiктердің және қоғамдық тәртiптi топтасып бұзудың (қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстаудың белгіленген режимін топтасып бұзушылықтарды), сондай-ақ сотталғандар, күдіктілер және айыпталушылар түзеу мекемелерінен және тергеу изоляторларынан қашқан кездегі немесе қашқандарды ұстау кезіндегі құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу;
      3) жеке тұлғаларға, ұйымдарға және мемлекеттiк органдарға тиесiлi үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, көлiк құралдарына, жер телімдерiне жасалған шабуылды тойтару, сол сияқты оларды басып алудан босату;
      4) егер құқық бұзушылар (сотталғандар, күдіктілер, айыпталушылар және әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар) қызметкерлерге, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi атқарып жүрген өзге де адамдарға бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, оларды құқық қорғау органдарына жеткiзу үшін ұстау үшін, ұсталған, күзет қойылған адамдарды, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алынған, сотталған, күдікті және айыпталушы адамдарды, не олардың қашып кетуi немесе айналадағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн деп санауға жеткілікті негiздемелер болса, сондай-ақ қызметкерлердiң өздерiне заңмен жүктелген мiндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiретiн адамдарға қатысты күзетпен апару және күзету;
      5) қызметкердің өзін-өзі қорғау немесе өзінің отбасының мүшелерін қорғау мақсатында оған және (немесе) олардың денсаулығына немесе өміріне ауыр зиян келтірудің нақты қаупі төнген кезде шабуылды тойтару;
      6) қажетті қорғаныс, аса қажеттік;
      7) егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ егер хаттама жасау мақсатында міндетті болса, оны сол орында жасау мүмкін болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау міндетті болса, құқық бұзушыларды жеткізу үшін қолдануға құқығы бар.
      2. Айналадағылардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық бiлiнiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты арнаулы құралдар мен жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға тыйым салынады.

      61-бап. Атыс қаруын қолдану

      1. Қызметкерлер атыс қаруын:
      1) жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда оларды қылмыстық қол сұғудан қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату;
      2) қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
      3) жеке тұлғалардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттiк ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылды тойтару, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылды тойтару;
      4) қарсылық көрсеткен не қылмыс жасау кезінде қолға түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамаудағылардан басқа) ұстау, қарулы адамдарды ұстау үшін;
      5) егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке тұлғалардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiрсе, көлiк құралдарын ақау келтiріп тоқтату;
      6) хайуанаттар шабуылынан қорғану;
      7) дабыл белгiсiн беру немесе көмек шақыру;
      8) қажетті қорғаныстың және аса қажеттіктің барлық өзге де жағдайларында қолдануға құқығы бар.
      2. Әйелдерге, анық мүгедектік белгілері бар адамдарға, кәмелетке толмағандардың жасы белгілі немесе анық болған кезде оларға қатысты, олар қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, кепiлге адам, көлiк құралдарын, оның iшiнде әуе кемесiн алған не топтасып шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, қару қолдануға тыйым салынады.

      62-бап. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін
               қолдану шарттары

      1. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданудың барлық жағдайларында қызметкер жеке тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті шараларды қолдануға, атыс қаруын, арнаулы құралдарды, дене күшін қолданғаны туралы тікелей басшыға баяндауға міндетті.
      2. Адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан атыс қаруы, арнаулы құралдар және дене күші қолданылған әрбір оқиға туралы прокурор дереу хабардар етіледі.

9-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ

      63-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау

      Қызметкерлер, олардың отбасы мүшелері мен мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет қорғауында болады.

      64-бап. Қызметкерлерге еңбекақы төлеу, оларды зейнетақымен
               және өзгедей қамсыздандыру

      1. Қызметкерлерге ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi және ол ақшалай қаражат пен қызметтi өткерудiң ерекше жағдайлары үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленетін үстемеақыларды қамтиды.
      2. Қызметкерлердiң ақшалай қаражаты лауазымдық айлықақыдан және арнаулы атағы немесе сыныптық шені үшiн берілетін қосымша ақыдан тұрады.
      Лауазымдық айлықақыны және сауықтыруға берілетін жәрдемақыларды есептеу үшін жұмыс өтілі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
      3. Қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Қызметкерлердiң iссапар куәлiгiн көрсету арқылы көлiктің барлық түрiнде жол жүру құжаттарын және мейманханаларда тұру үшiн орынды бiрiншi кезекте алуға құқығы бар.

      65-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде қызметті
               өткеру ерекшеліктері

      1. Еңбекке уақытша жарамсыздығы, қызметкердің емделуде үздiксiз болу кезеңі, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жекелеген аурулар бойынша емделудiң бұдан да ұзақ мерзiмi көзделген жағдайларды қоспағанда, төрт айдан аспауға тиiс. Қызметкер емделуде үздiксiз болуының белгiленген мерзiмi өткен соң, өзiнiң одан әрi қызмет атқаруға жарамдылығы туралы мәселенi шешу үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияның медициналық куәландырудан өтуге тиiс.
      2. Қызметтік мiндеттерiн және қызметтiк борышын орындау кезiнде жарақаттануына, контузия алуына немесе мертiгуiне байланысты қызметкерлердің емделу уақытына шек қойылмайды. Аталған адамдар медициналық куәландыруға емделiп болған соң немесе ауруының нәтижесi анықталған жағдайда жiберiледi.
      3. Жиi және ұзақ ауыратын қызметкерлердің, егер еңбекке жарамсыз болған күндерiнiң саны он екі айда сол бiр ауру бойынша үзiлiссiз төрт айға дейiнгі немесе жыл iшiнде әртүрлi аурулар бойынша бес айға дейiнгi уақытты құрайтын болса, қызметтi одан әрi өткеруге жарамдылығын анықтау үшiн құқық қорғау органының кадр бөлімшелері емдеу-профилактика мекемелерінiң ұсыныстары бойынша әскери-дәрiгерлiк комиссияға медициналық куәландыруға жiбередi.
      4. Қызметкерлерге олардың еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде ақшалай үлес толық көлемінде төленеді.

      66-бап. Қызметкерлер қаза тапқан (қайтыс болған) немесе
               мертiккен жағдайда берiлетiн кепiлдiктер

      1. Қызметкерлер қызметтiк мiндеттерiн атқарып жүрген кезеңiнде мертiккен жағдайда оған бiржолғы өтемақы төленедi, ал қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда ол оны алуға құқығы бар адамдарға беріледі.
      2. Біржолғы өтемақыны төлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейді.
      3. Қызметкер қызметтiк міндеттерін атқару кезiнде не орындалуы міндетті қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақат салдарынан қызметтен босатылғаннан кейiнгi бiр жыл бойы ішінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      4. Қызметкерге қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақаты, жаралануы (контузия алуы), мертігуі, науқастануы салдарынан болған мүгедектiк белгiленгенде, оған:
      1) I топтағы мүгедекке – отыз айлық ақшалай қаражат;
      2) II топтағы мүгедекке – он сегiз айлық ақшалай қаражат;
      3) III топтағы мүгедекке – алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      5. Қызметкерлер қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде мүгедектiкке соқтырмайтын ауыр мертіккен (жарақат алған, жараланған, контузия алған) жағдайда, оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл зақым алған жағдайда жарты айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      6. Егер қызметкердiң қазасы (қайтыс болуы), жарақаты, жаралануы (мертiгуi), науқастануы қызметтiк мiндеттерiн атқаруға қатысы жоқ мән-жайларға байланысты болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейдi.
      7. Қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкердiң балаларына, олар кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету құқығы сақталады.
      8. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады, сондай-ақ оқуға түсушілер үшін белгіленген талаптар бойынша баллдың шекті деңгейін жинаса, құқық қорғау органының білім беру ұйымдарына конкурстан тыс қабылданады.

      67-бап. Жерлеу шығындарын өтеу

      Қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерді жерлеу үшiн олардың үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, ал зейнеткерлерге үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде бiржолғы ақшалай өтемақы төленедi.

      68-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен
               зейнеткерлерiнiң тұрғын үйге құқықтары

      1. Қызметкерлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан бiрiншi кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етiлу құқығын пайдаланады.
      2. Күнтiзбелiк он жылдан астам уақыт қызмет атқарған қызметкерлер тұрақты тұрып жатқан, қызметтiк тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үйлерін, аталған қызметкерлердің қалауына қарай, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда қалдық құны бойынша меншiгiне сатып ала алады.
      3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлері басқа тұрғын үй-жай берілмей қызметтiк тұрғын үйден шығаруға жатқызылмайды.
      4. Қызметкер қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан жағдайда, ол қаза тапқан күннен бастап бiр жылдан кешiктiрілмей, қаза тапқан адамның отбасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шарттармен және тәртiппен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқылы.

      69-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен
               зейнеткерлерін әлеуметтiк қорғаудың өзге де
               шаралары

      1. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатады.
      2. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлеріне, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген шектерде, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері мен зейнеткерлері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар қолданылады.
      3. Туберкулезге қарсы және басқа мамандандырылған жұқпалы аурулар мекемелерiнде қызмет атқарып жүрген қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында аталған қызметкерлер үшін белгiленетiн жеңiлдiктердi пайдаланады.
      3-1. Қылмыстық-атқару жүйесi органдары мен мекемелерінің туберкулезге қарсы мекемелер мен басқа да мамандандырылған учаскелерде және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерiнде қызмет атқаратын қызметкерлерiне осы санаттағы медицина қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жеңiлдiктер қолданылады.
      4. Қызметкерлерге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тізбе бойынша, тұрғын үйдi күтіп-ұстау мен коммуналдық қызмет ақыларын төлеу үшiн республикалық бюджет туралы заңда айқындалған мөлшерде ақшалай өтемақы төленедi.
      Ескерту. 69-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.18 N 547-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      70-бап. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен
               зейнеткерлерiне медициналық және
               санаториялық-курорттық қызмет көрсету

      Қызметкерлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi, сондай-ақ құқық қорғау органдарының зейнеткерлерi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаториялық-курорттық қызметтi пайдаланады.
      Қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) қызметкерлер бюджет қаражаты есебінен санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі.

10-тарау. ДЕМАЛЫСТАР

      71-бап. Демалыс түрлері

      1. Қызметкерлер, құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары (тыңдаушылары) үшiн демалыстардың мынадай түрлері:
      1) ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы;
      2) қысқа мерзімді демалыс;
      3) оқу демалысы (құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының курсанттары мен тыңдаушыларына, сырттай оқу нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге);
      4) еңбек сiңiрген жылдары және қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін қосымша ақылы демалыс;
      5) жүктілiгіне және босануы бойынша демалыс, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оны бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыс белгіленеді.
      2. Демалысты беру, ұзарту не ауыстыру және демалыстан кері шақырып алу тиісінше бұйрықпен ресімделеді.

      72-бап. Демалыстардың ұзақтығын есептеудің жалпы тәртібі

      1. Демалыстардың ұзақтығы күнтізбелік күндермен есептеледi. Демалыстардың ұзақтығын анықтау кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында жұмыс істемейтін күндер болып белгiленген мереке күндерi есепке алынбайды. Заңда белгіленген тәртіппен демалыс күндері жұмыс күндері деп жарияланған кезде, ол күндер ақылы жыл сайынғы еңбек демалысына қосылады.
      2. Демалыс ұзақтығын анықтау кезiнде, қызметкерлердің демалыс орнына баруы мен қайту жолына кететiн уақыты есепке алынбайды.
      3. Демалыс алуға құқығы бар қызметкерлер оны бөлiп-бөлiп, алайда екі бөліктен асырмай пайдалана алады. Жол жүруге арналған уақыт демалыстың бiр бөлігіне ғана берiледi.
      4. Құқық қорғау органдарынан шығарылатын қызметкерлерге шығарылатын жылға өздерiнiң қалауы бойынша олардың сол жылғы нақты еңбек еткен уақыт мерзiмiне ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы берiледi немесе шығарылатын жылы пайдаланбаған ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы үшiн сол жылы қызмет еткен уақытына тепе-тең, бiрақ күнтізбелік қырық күннен аспайтын ақшалай өтемақы төленедi.
      5. Құқық қорғау органдары жүйесiнiң білім беру ұйымдарына оқуға жiберiлетін қызметкерлерге, ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы білім беру ұйымдарына кеткенге дейiн берiледi.
      6. Қызметкерлерге демалыс өткiзу орнына бару және қайту жолына берілген уақытын қоса алғанда, ақылы жыл сайынғы еңбек, қысқа мерзiмді, қосымша демалыстар кезiнде ақшалай үлес олардың атқарып жүрген лауазымы бойынша демалысқа шыққан күнi алатын мөлшерде төленедi.

      73-бап. Ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы

      1. Ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы қызметкерлерге сауықтыруға екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күнге берiледi.
      2. Ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы қызметкерге күнтiзбелiк жылдың iшiнде демалыстар кестесiне сәйкес берiлуге тиiс.
      3. Ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы кезiнде ауырып қалған қызметкердің демалысы олардың емделуде болған күннiң санына ұзартылады.
      4. Қызметкерлердің құқық қорғау органдарына қызметке тұрған жылындағы ақылы жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы, олардың қызметке кiрген күнiнен бастап жылдың соңына дейiнгi қызмет өткерген уақытына тепе-тең, қызмет өткерген әрбiр толық айы демалысының он екіден бір бөлiгi болып есептеледi. Бұл ретте, ұзақтығы күнтізбелік он күн және одан көп демалыс алуға құқылы қызметкерлерге жол жүруiне демалыстан тыс уақыт берiледi. Ұзақтығы күнтізбелік он күнге жетпейтiн ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы, аталған адамдарға өздерiнiң қалауы бойынша келесi жылы ақылы жыл сайынғы еңбек демалысымен бiр мезгiлде берiлуi мүмкiн.

      74-бап. Қысқа мерзімді демалыс

      1. Қызметкерлерге қысқа мерзiмдi ақылы демалыс шұғыл әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелердi шешу үшiн, сондай-ақ басқа да дәлелдi себептер бойынша, қызметкердiң демалысты өткiзетiн жерге барып қайтатын жолының уақыты есепке алынбастан, күнтізбелік он күнге дейiн берiледi.
      2. Қысқа мерзiмдi демалыс ақылы жыл сайынғы еңбек демалысының есебiне саналмайды.

      75-бап. Оқу демалысы

      1. Құқық қорғау органдары ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын курсанттары мен тыңдаушыларына мынадай демалыстар берiледi:
      1) қысқы каникулдық демалыс – ұзақтығы күнтізбелік он төрт күн;
      2) жазғы каникулдық демалыс – ұзақтығы күнтізбелік отыз күн;
      3) білім беру ұйымын бiтiруiне байланысты ұзақтығы күнтізбелік отыз күн.
      2. Құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарының оқуы бойынша берешегі бар курсанттары мен тыңдаушыларына каникулдық демалыс берешекті өтегеннен кейін, оқу бағдарламаларында белгіленген демалыс өткізу мерзімдерінің шегінде беріледі.
      3. Осы Заңда көзделген қосымша демалыстар тыңдаушылар мен курсанттарға берілмейді.
      4. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына күндізгі және сырттай оқу нысаны бойынша түсетін қызметкерлерге ақшалай қаражаты сақтала отырып, қабылдау емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін – ұзақтығы күнтізбелік отыз күндік оқу демалысы, ал басқа білім беру ұйымдарына түсетін қызметкерлерге ақшалай қаражаты сақталмай, қабылдау емтихандарын тапсыру үшін ұзақтығы күнтізбелік он бес күнге дейін оқу демалысы беріледі.
      5. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында сырттай оқу нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге емтихан тапсыру кезеңіне ұзақтығы емтихандық сессияның ұзақтығына тең, бірақ бір жылдың ішінде күнтізбелік қырық бес күннен аспайтын оқу демалысы беріледі, Қазақстан Республикасы шегінде оқу орнына теміржол көлігімен баруға және қайтуға арналған шығыстары өтеледі.
      Шет елдердің құқық қорғау (полиция) органдарының білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын тыңдаушыларға (курсанттарға) каникулдық демалыс кезінде оқу орнына баруға және қайтуға арналған шығыстары өтеледі.
      6. Қазақстан Республикасының және шет елдердің құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында, кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру және оларды қайта даярлау курстарында оқитын қызметкерлерге оқуда болған әр күнi үшiн тәулiктiк ақы төленедi және қызметтiк iссапарлар үшiн белгiленген тәртiппен және нормалар бойынша тұрғынжай жалдау жөнiндегi шығыстары өтеледi.
      7. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарының магистратурасына және докторантурасына түсетiн қызметкерлерге қабылдау емтихандарына дайындалу және тапсыру үшiн ұзақтығы күнтізбелік отыз күнге дейін, ал жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын өзге де білім беру ұйымдарына түсетiн қызметкерлерге қабылдау емтихандарын тапсыру үшiн ұзақтығы күнтізбелік он бес күнге дейiн, ақшалай қаражаты сақталмайтын оқу демалысы берiледi.
      8. Өзге де білім беру ұйымдарында сырттай (кешкі) оқу нысаны бойынша оқитын қызметкерлерге еңбекақы төлеу, оқу орнына жол жүру, демалыс беру мәселелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
      9. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында білім беру ұйымдарына түскен қызметкерлерге ақшалай үлесі сақталмай, атқарып жүрген лауазымынан босатыла және құқық қорғау органдары кадрында қалдырыла отырып, оқу демалысы беріледі.
      Оқуы аяқталған соң қызметкерге бұрын атқарған лауазымынан төмен емес лауазым беріледі.

      76-бап. Еңбек сіңірген жылдарына қарай және қызметті
               өткерудің ерекше жағдайлары үшін қосымша ақылы
               демалыс

      1. Зейнетақыны тағайындау кезінде есепке алынатын еңбек сіңірген жылдарына қарай қосымша ақылы демалыс (күнтiзбелiк есеппен):
      1) он жылдан аса еңбек сіңірген жылдары барларға – ұзақтығы күнтізбелік бес күнге;
      2) он бес жылдан аса еңбек сіңірген жылдары барларға – ұзақтығы күнтізбелік он күнге;
      3) жиырма жылдан аса еңбек сіңірген жылдары барларға ұзақтығы күнтізбелік он бес күнге берiледi.
      2. Биiк таулы жерлерде (биіктігі бір мың бес жүз метр және одан жоғары), тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет өткерiп жүрген қызметкерлерге, еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, ұзақтығы күнтізбелік қырық бес күн ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы берiледi.
      3. Қазақстан Республикасының заңнамасымен экологиялық апат аймағы деп жарияланған өңірлерде, туберкулезге қарсы ұйымдарда және АИТВ/ЖИТС-тың алдын алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарында қызмет өткеретін қызметкерлер ұзақтығы мен беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын жыл сайынғы қосымша демалыс алуға құқылы.
      4. Қызметінің ерекше жағдайлары үшін ұзақтығы күнтізбелік он күнге дейін қосымша ақылы демалыс беріледі, ол жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосылып есептеледі және қызметкердің қалауы бойынша онымен бір мезгілде немесе бөлек берілуі мүмкін, бұл ретте қосымша және кезекті демалыстардың жалпы үзіліссіз ұзақтығы күнтізбелік елу бес күннен аспауға тиіс.
      5. Зиянды жағдайларда міндеттерін атқарғаны және қызметінің ерекше сипаты үшін бір мезгілде қосымша демалыс алуға құқылы қызметкерлерге қосымша демалыс олардың таңдауы бойынша тек бір негіз бойынша беріледі.

      77-бап. Жүктілігі және босануы бойынша демалыс, жаңа
               туылған баланы (балаларды) асырап алған
               қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа
               толғанға дейін бағып-күтуге арналған жалақысы
               сақталмайтын демалыс

      1. Жүктілігі және босануы бойынша демалыс, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыс қызметкерлерге ақылы жыл сайынғы еңбек демалысынан тыс берiледi.
      2. Жүктілігі және босануы бойынша демалыс, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыс ұзақтығы, беру және ақы төлеу шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен белгiленедi.
      3. Бала үш жасқа толғанға дейін бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыста болған кезеңінде қызметкер тиісті органның немесе мекеменің қарамағына есепке алынады. Үш жасқа толғанға дейінгі бала күтімі бойынша жалақысы сақталмай берілетін демалыс уақытында қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

      78-бап. Демалыстан кері шақырып алу

      1. Қызмет бабында аса қажет болған жағдайда, құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының жазбаша бұйрығы негiзiнде және қызметкердің жазбаша келісімімен ғана ақылы жыл сайынғы еңбек демалысы үзілуі мүмкін. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi ағымдағы жылы немесе келесi жылы берiледi.
      2. Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi күнтізбелік он және одан көп күнді құраса, қызметкерлерге жол жүруге демалыстан тыс уақыт берiледi.
      3. Қызметкердің қалауы бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi келесi жылғы ақылы жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкiн.

11-тарау. ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНДА ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУ

      79-бап. Құқық қорғау органдарында қызметті тоқтатудың
               негіздері

      Құқық қорғау органдарында қызметті тоқтатуға:
      1) осы Заңмен белгіленген тәртіппен жұмыстан шығару;
      2) құқық қорғау органы қызметкерiнiң қайтыс болуы (қаза табуы) немесе соттың заңды күшіне енген шешіміне сәйкес қайтыс болды деп жариялануы;
      3) қызметкерді хабарсыз кеткен немесе іс-әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп заңда белгіленген тәртіппен тану негіз болып табылады.

      80-бап. Жұмыстан шығарудың негіздері

      1. Қызметкерлері мынадай негіздер бойынша:
      1) еңбек сіңірген жылдары (қызмет мерзімі) және зейнетақыға құқық беретін қызметті өткерудің шекті жасына жетуі бойынша;
      2) қызметте болудың шекті жасына жетуі бойынша;
      3) денсаулық жағдайы бойынша – әскери-дәрігерлік комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулі жарамдылығы туралы қорытындысы негізінде;
      4) штаттардың қысқаруына немесе құқық қорғау органының қайта ұйымдастырылуына байланысты басқа лауазымда пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда;
      5) өз қалауы бойынша;
      6) белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттік органдарға және ұйымдарға жұмысқа ауысуына байланысты;
      7) келісімшартты бұзуға не келісімшарт мерзімінің өтуіне байланысты;
      8) еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты қызметті одан әрі өткеруден бас тартқан жағдайда;
      9) аттестаттаудың қорытындысы бойынша анықталған қызметке сәйкес келмеуі бойынша;
      10) сынақ мерзімінің ішінде қызметке жарамсыздығы байқалған жағдайда;
      11) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты;
      12) қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін;
      12-1) аумақтық құқық қорғау органының басшысы қылмыстарды есепке алуды жасыруға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдамағаны үшін;
      13) құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін;
      14) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына байланысты;
      15) соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі немесе қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған жағдайларда;
      16) осы Заңның 6-бабының 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді бермегені немесе бұрмалағаны үшін жұмыстан шығарылады.
      2. Мынадай әрекеттер, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ азаматтардың көз алдарында құқық қорғау органдарының абыройы мен беделін көзбе-көз түсіретін әрекеттер, атап айтқанда: қызметкерлердің қоғамдық орындарда алкогольге не есірткіге масаң күйінде (құқық қорғау органына тиесілігі айналадағыларға анық белгілі болғанда) болу; шұғыл сипаттағы ақпаратты тергеуге зиян келтірумен жария ету; қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану; құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, тыңдаушыларының және курсанттарының арасында жарғыға сәйкес келмейтін, жағымсыз қоғамдық резонанс тудырған қарым қатынастары құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады.
      3. Қызметкерлерді жұмыстан шығарудың осы баптың 1-тармағының 12) – 16) тармақшаларында көзделген негіздері теріс себептер деп танылады.
      Ескерту. 80-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.11.09 N 490-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      81-бап. Жұмыстан шығарудың тәртібі және шарттары

      1. Қызметкерлерді жұмыстан шығаруды қызметкерлерді осы лауазымдарға қабылдауға және тағайындауға құқық берілген лауазымды адамдар жүргізеді.
      2. Құқық қорғау органдарында қызметін тоқтатқан қызметкерлер құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртiппен құқық қорғау органдарының кадрынан шығарылады.
      3. Егер жұмыстан шығарылатындар әскери қызметке жарамды адамдардың запаста болуы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекті жасқа жетпесе, қызметкерлер әскери есепке қойылып, запасқа шығарылады.
      4. Жұмыстан шығарылатын қызметкерлер, сондай-ақ құқық қорғау органдары білім беру ұйымдарынан шығарылған курсанттар мен тыңдаушылар қызметтік куәлігін тапсырады. Зейнеткерлікке шыққан қызметкерлерге құқық қорғау органдарының зейнеткері куәлігі беріледі.
      5. Өзiнiң қалауымен жұмыстан шығатын қызметкерлер жұмыстан шығу жоспарланған күннен кемiнде бiр ай бұрын өздерi қабылдаған шешiм туралы тiкелей басшысына ескертiп, ол туралы жазбаша баянат бередi.
      6. Осы Заңның 80-бабының 1-тармағының 1)2)4) тармақшаларында көзделген негiздемелер бойынша жұмыстан шығарылатын қызметкерлер бұл туралы жұмыстан шығарудан кемiнде бір ай бұрын хабардар етiледi.

      82-бап. Құқық қорғау органдарында қызмет етудің шекті жасы

      1. Құқық қорғау органдарында қызметте мынадай шекті жасқа:
      1) майорға дейінгілер, кіші кеңесшіні қоса алғанда – қырық бес жасқа;
      2) подполковниктер, кеңесшілер – қырық жеті жасқа;
      3) полковниктер, аға кеңесшілер – елу үш жасқа;
      4) жоғары басшы құрамдағы адамдар елу сегіз жасқа дейін бола алады.
      2. Құқық қорғау органының лауазымдарға тағайындау құқығы берілген басшысы немесе уәкілетті басшысы жоғары кәсіптік даярлығы, атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тәжірибесі бар және денсаулық жағдайы бойынша қызметті өткеруге жарамды қызметкерлерге, олардың келісімімен, қызмет мерзімін бес жылға дейінгі мерзімге ұзартады.
      Ерекше жағдайларда, құқық қорғау органының тиісті лауазымдарға тағайындау құқығы берілген басшысының немесе уәкілетті басшысының шешімі бойынша қызметкерлерге осы мерзім сол тәртіппен бес жылға дейін, ал ғылыми дәрежесі немесе атағы бар жекелеген қызметкерлерге он жылға дейін қайта ұзартылуы мүмкін.
      Қызметте қалдыру мерзімін ұзарту туралы шешім осы Заңда көзделген негіздер бойынша қызметкерді құқық қорғау органдарынан шығару мүмкіндігінен айырмайды.

12-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      83-бап. Құқық қорғау органдарын қаржылық және
               материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Құқық қорғау органдарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      84-бап. Өтпелі ережелер

      Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін арнаулы атақтар, сыныптық шендер берілген қызметкерлерге осы арнаулы атақтарда, сыныптық шендерде еңбек сіңірген мерзімі осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес есептеледі.
      Осы Заңның 9-тарауының күші зейнетақымен қамсыздандыру, жеңілдетілген салық салу, олардың еңбекке уақытша жарамсыз кезеңіндегі ақшалай үлес төлеу, тұрғын үйді күтіп-ұстау және коммуналдық қызмет ақыларын ақшалай өтемақы төлеу бөлігінде кеден органдары қызметкерлеріне қолданылмайды, ал прокуратура органдарының қызметкерлеріне 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады.

      85-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев