"Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты" республикалық мемлекеттік мекемесіне азаматтарды қабылдау қағидасын бекіту жөнінде

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 370 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 3 қазанда № 7970 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 12 наурыздағы № 211 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ішкі істер министрінің 12.03.2015 № 211 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 03.03.2014 № 80 бұйрығымен (алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңы 9-бабының 1-тармағын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты» республикалық мемлекеттік мекемесіне азаматтарды қабылдау қағидасы бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 03.03.2014 № 80 бұйрығымен (алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрінің 2010 жылғы 13 мамырдағы № 160 «Көкшетау техникалық институтына іріктеу мен қабылдау Ережесін бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6297 болып енгізілген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында, 2010 жылы, № 15 (Тиражға шыққан уақыты 25 қараша 2010 жылы); «Казахстанская правда» 2010 жылғы 16 қараша, № 312 (26373); «Егемен Қазақстан» 2011 жылғы 7 қаңтардағы № 3-4 (26406) газеттерінде жарияланған) бұйрығының күші жойылсын.
      3. Кадрлық қамтамасыз ету департаменті (Е.Б. Құлтаев) осы бұйрықтың белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және мерзімдік баспа басылымдарында жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. Министрліктің орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелерінің, Өртке қарсы қызмет комитетінің, Төтенше жағдайлар және өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау комитетінің, Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің, облыстық, Астана және Алматы қалалары Төтенше жағдайлар департаменттерінің, әскери бөлімдерінің, жедел құтқару жасақтарының, облыстарының, Астана және Алматы қалаларындағы «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстар қызметі», «Көкшетау техникалық институты», «Республикалық дағдарыс орталығы», «Апаттық медицина орталығы» мемлекеттік мекемелерінің, ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, осы бұйрықты қызметкерлерінің назарына жеткізсін және міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етсін.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын қадағалау Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аппарат басшысы С.Қ. Оқасовқа жүктелсін.
      6. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Төтенше жағдайлар министрі                 В. Божко

«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
____________ Б. Жұмағұлов
2012 ж. «___» ___________

Қазақстан Республикасы   
Төтенше жағдайлар министрінің
2012 жылғы 23 тамыздағы  
№ 370 бұйрығымен     
бекітілген        

«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің
Көкшетау техникалық институты» республикалық мемлекеттік
мекемесіне азаматтарды қабылдау қағидасы

      Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 03.03.2014 № 80 бұйрығымен (алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

       1. Жалпы ережелер

      1. Осы «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты» республикалық мемлекеттік мекемесіне азаматтарды қабылдау қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Білім туралы»«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына, «Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 111 қаулысына сәйкес әзірленді».
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 03.03.2014 № 80 бұйрығымен (алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Институт) бекітілген мамандықтар тізбесіне сәйкес жоғары кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауды жүзеге асырады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 03.03.2014 № 80 бұйрығымен (алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен мемлекеттік қабылдау, мандаттық, апелляциялық комиссия, курсанттарды бөлу комиссиясы құрылады және олардың ережелері бекітіледі.
      4. Институттың күндізгі оқу бөліміне 25 жастан аспаған, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі (колледждер) білімі бар, әскери қызметке және оқуға денсаулық жағдайы бойынша жарамды, ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі - ҰБТ) немесе кешенді тестілеу нәтижелері бойынша берілген сертификат баллдарына сәйкес конкурс негізінде тұлғалар қабылданады.
      5. Сырттай оқу бөліміне 1 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар, оқуға түсу жылының 1 қыркүйекте жасы 35-тен аспаған, техникалық және кәсіптік, жоғары білімі бар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрілігінің (бұдан әрі – Министрлік) жинақтаушы органдарының қызметкерлері қабылданады.
      Сырттай оқуға «Өрт қауіпсіздігі» мамандығына тектес техникалық және кәсіптік, жоғары білімі бар тұлғалар кешендік тестілеудің нәтижелері бойынша қабылданады.
      «Өрт қауіпсіздігі» жоғары білім мамандығына техникалық және кәсіптік білімнің мынадай мамандықтары тектес болып табылады: «Өрт қауіпсіздігі», «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» және «Төтенше жағдайларда қорғау».
      Сырттай оқуға жоғары білімі бар тұлғаларды қабылдау «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институты» республикалық мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік қабылдау комиссиясы үш кезеңде жүзеге асырады:
      бірінші кезеңде Қазақстан Республикасының заңнамасын білу бойынша тестілеу өткізіледі: Қазақстан Республикасының Конституциясы«Құқық қорғау қызметі туралы»«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы»«Өрт қауіпсіздігі» Заңдары, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 1567 Жарлығы.
      екінші кезеңде әңгімелесу өткізіледі;
      үшінші кезеңде қорытынды шешім қабылдау үшін мандаттық комиссияның отырысы өткізіледі.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 03.03.2014 № 80 бұйрығымен (алғаш рет ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Институттың күндізгі оқу бөліміне түсетін тұлғаларды қабылдау төрт кезеңнен тұрады:
      бірінші кезеңде білім беру ұйымының мемлекеттік қабылдау комиссиясы ҰБТ немесе кешенді тестілеу бойынша берілген сертификаттағы баллдарға сәйкес оқуға үміткерлерді іріктейді;
      екінші кезеңде медициналық және психофизиологиялық көрсеткіштер бойынша іріктеу өткізіледі;
      үшінші кезеңде дене шынықтыру көрсеткіштері бойынша іріктеу өткізіледі;
      төртінші кезеңде мандаттық комиссия курсанттар қатарына қабылдауды жүргізеді.
      7. Мандаттық комиссия өз жұмысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын, Министрліктің және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Қағиданы басшылыққа алады.
      8. Институтқа оқуға үміткерлерді іріктеуді күндізгі және сырттай оқу факультеттерін жинақтау жөніндегі бөлу қағазына сәйкес, облыстардың және Астана, Алматы қалаларының Төтенше жағдайлар департаменттері, Министрліктің әскери бөлімдері, Министрліктің құтқару құралымдар бөлімшелері жүргізеді. Үміткерлердің жеке және оқу істерін Министрліктің кадрлық бөлімшелері ресімдейді.
      9. Оқуға түсуге үміткерлердің құжаттары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің жыл сайынғы бұйрықтарымен айқындалатын мерзімінде Институтқа жіберіледі.
      10. Оқуға (күндізгі оқу түріне) үміткердің жеке ісіне мынадай құжаттар қоса беріледі: оқуға жіберу туралы баянат (өтініш), өмірбаян, кадрларды есепке алу парағы, соңғы жұмыс орнынан мінездеме, орта білімі туралы құжаттың нотариалды расталған көшірмесі, әскери-дәрігерлік комиссия қорытындысы бар медициналық куәландыру картасы, жеңілдікке құқығы бар құжаттың нотариалды түрде бекітілген көшірмесі, арнайы тексеріс материалдары, бас киімсіз түскен, өлшемі 4,5x6 см. төрт фотосурет, өлшемі 9x12 см. бір фотосурет.
      11. Төтенше жағдайлар органдарынан және бөлімшелерден сырттай оқуға іріктелген қызметкерлерге оқу істері ресімделеді, оған мынадай құжаттар кіреді: баянат, білімі жөніндегі құжаттың және қосымшасының нотариалды расталған көшірмесі, оқуға жіберу туралы ұсынымы бар аттестаттау парағы, медициналық анықтама, өлшемі 4,5x6 үш фотосурет және кадрларды есепке алу парағы.
      12. Күндізгі оқу бөліміне түсетін тұлғалар Институттың арнайы ұйымдастырылған уақытша әскери-дәрігерлік комиссиясында медициналық және психофизиологиялық қосымша куәландырудан өтеді және дене даярлығы бойынша дифференциаланған сынақ тапсырады.
      13. Оқуға түсуге жіберілген жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жол жүру шығындарын Министрліктің жинақтаушы органдары төлейді, сондай-ақ Институт курсанттардың белгілі нормасы бойынша берілетін азық-түлікпен қамтамасыз етеді.

2. Кешенді тестілеу өткізу

      14. Кешенді тестілеу тестілеуді өткізудің пункттер базасында (базалық жоғары оқу орындары) өткізіледі.
      15. Кешенді тестілеуге қатысу үшін оқуға түсуші жоғарғы оқу орнының қабылдау комиссиясына бекітілген үлгідегі өтінішін, аттестат немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі оқу орнын бітіру туралы дипломын (түпнұсқа), тестілеуді өткізу үшін ақы төлегені туралы түбіртек, өлшемі 3x4 см екі фотосуретін, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысанына сәйкес 086-У нысанындағы медициналық анықтама, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін тапсырады.
      16. Кешенді тестілеуге қатысуға құжаттарды қабылдау базалық жоғары оқу орны белгілеген мерзімде өткізіледі.
      17. Кешенді тестілеу шілденің 17-сі мен 23-і аралығында өткізіледі.
      18. Кешенді тестілеуге келген оқуға түсуші, жеке куәлігін (паспорт) және Институтқа бекітілген базалық жоғарғы оқу орны берген емтиханға кіру қағазын көрсетеді.
      19. Кешенді тестілеу оқуға түсушінің еркі бойынша қазақ немесе орыс тілінде орташа білімнің оқу бағдарламасы көлемінде төрт пән бойынша өткізіледі: мемлекеттік және орыс тілдері (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және физика.
      20. Әр пән бойынша тест тапсырмаларының саны 25. Әр тест тапсырмасының дұрыс жауабы бір баллмен бағаланады.
      21. Кешенді тестілеуге 2 сағат 30 минут беріледі. Тестілеуді қайта тапсыруға рұқсат берілмейді.
      22. Кешенді тестілеу нәтижелерін пысықтау кешенді тестілеу өткізілген жоғарғы оқу орнында өткізіледі.
      23. Дұрыс жауаптар кодтары тестілеу нәтижелерін пысықталғаннан кейін ілінеді.
      24. Кешенді тестілеу нәтижелерін мемлекеттік комиссия тест өткізген күні жариялайды.
      25. Кешенді тестілеу нәтижелері бойынша тестілеу өткізілгеннен кейін үш күнтізбелік күн ішінде, мемлекеттік комиссия әр қатысушыға сертификат толтырып береді.
      26. Тестілеу нәтижелерімен келіспеген тұлға, апелляцияға өтініш бере алады.

3. Институтқа қабылдау

      27. Институтқа оқуға қабылдауды мандаттық комиссия конкурс негізінде ҰБТ немесе кешенді тестілеу, дене даярлығының сынағы, медициналық және психофизиологиялық куәландыру, сұхбат нәтижелерін есептей отырып, күндізгі және сырттай оқу факультеттерінің жинақтау бойынша бөлу қағазына сәйкес жүзеге асырады.
      28. Институтқа тестілеу нәтижелері бойынша мынадай пәндерден оқуға түсу жылы білім беру саласындағы уәкілетті органның белгілеген шекті деңгейден кем емес: мемлекеттік немесе орыс тілінен (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және физика, оның ішінде бейінді пәннен (математика) 7 баллдан кем емес балл жинаған, ҰБТ-дан өткен жалпы орта білім беру ұйымдарын ағымдағы жылы бітірушілер және кешенді тестілеуге қатысушылар қабылданады.
      29. ҰБТ немесе кешенді тестілеу шеңберінде тапсырылған пәндердің біреуінен 4 баллдан кем жинаған тұлғалардың оқуға қабылдануына жол берілмейді.
      Оқуға қабылдау мамандықтар мен тілдік білімдер бойынша жеке жүргізіледі.
      30. Білім алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурсты өткізу кезінде басым құқықтарға мыналар ие болады:
      1) «Алтын белгі» белгісімен марапатталған тұлғалар;
      2) дербес білім беру ұйымдарынан білім алғаны туралы құжаттары бар тұлғалар;
      3) тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстық немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздарының басым құқығы бар.
      Білім алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурсты өткізу кезінде көрсеткіштер бірдей болған жағдайда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар тұлғалардың басым құқығы бар.
      31. Институтқа оқуға қабылдауды мандаттық комиссия конкурстық негізде жүзеге асырады, оның шешімі Институт бастығының бұйрығымен ресімделеді. Оқуға қабылдағаннан кейін үміткерлер үлестің барлық түрлеріне (заттық, азық-түліктік, ақшалай) қойылады және оқу сабақтары басталғанға дейін алғашқы даярлық курсынан өтеді.
      32. Оқуға түсушілердің мемлекеттік қабылдау және мандаттық комиссия нәтижелеріне қарсылығын және келіспеушілігін Министрліктің апелляциялық комиссиясы қарайды.

4. Институтқа қабылдау кезеңінде үміткерлердің оқуға келуі

      33. Институтқа қабылдау кезеңінде күндізгі оқу түрі бойынша оқуға келген үміткерлер казармалық жағдайда болады.
      34. Казармалық жағдайда болу кезінде үміткерлер шаруашылық жұмыстарға және институт бойынша тәуліктік ауысым жасағы құрамында қызмет етуге тартылмайды және талапкерлік жиналым кезеңіне қабылдау комиссиясы белгілеген күн тәртібінің талаптарын сақтаулары керек.
      35. Оқуға үміткерлерге туыстары мен жақындарының келуі белгіленген уақытта және арнайы белгіленген жерде рұқсат етіледі. Талапкерлерге келгісі келген адамдар Институт аумағына тек бастықтың немесе бастықтың орынбасарының рұқсатымен ғана кіре алады. Спирттік ішімдіктермен, есірткі заттарымен немесе алкогольді (нашақорлық) мас күйдегі келушілерге кіру рұқсат етілмейді. Казармада және Институттың өзге де үй-жайларында бөтен адамдарға қонуға рұқсат етілмейді.
      36. Талапкерлік жиналым кезеңінде оқуға үміткерлер үш реттік тамағына, моншада жуынуына (болу мезгілінде 2 рет) және мамандардың - білім беру ұйымының әскери-дәрігерлік комиссияның маман-дәрігерлерінің (бұдан әрі - ӘДК) қызмет көрсеткендеріне ақша қаражатын төлейді. Үміткерлер қажет болған жағдайда ӘДК маман-дәрігерлерінің жолдауы бойынша қосымша тексеруден өту шығыстарын төлейді.
      Үміткерлерді медициналық куәландыру «Ішкі істер органдарындағы қызмет үшін адамдардың денсаулығы жай-күйінің сәйкестігіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2010 жылғы 31 наурыздағы № 132 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6175 болып енгізілді) сәйкес өткізіледі.
      37. Оқуға үміткерлер дене даярлығы бойынша дифференциаланған сынақ тапсырады. Дене даярлығы бойынша дифференциаланған сынаққа Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен бекітілген нормативтер кіреді. Дене даярлығы бойынша сынақты комиссия қабылдайды, тізімдер мен хаттамалар қабылдау комиссиясы есептеріне тіркеледі.
      38. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша жарамсыз деп танылған жағдайда және (немесе) дене даярлығы бойынша қанағаттанарлықсыз баға алған кезде, сондай-ақ тәртіпті бұзған жағдайда оқуға үміткерлер келесі конкурсқа жіберілмейді. Бір күн ішінде қолдарына мынадай құжаттардың түпнұсқалары беріледі: жеке куәлік, тіркеу куәлігі немесе әскери билет, қосымшасы бар білімі туралы аттестат немесе диплом, ҰБТ немесе кешенді тестілеу сертификаты, медициналық құжаттар - тек балалық амбулаториялық картасы.

5. Қорытынды ереже

      39. Осы Қағидада және басқа да нормативтік құқықтық актілерде оқуға түсушілерді қабылдау бойынша регламенттелмеген мәселелерді Министрліктің қабылдау, мандаттық және апелляциялық комиссиялары өздерінің өкілеттіктеріне сәйкес шешеді.
      40. Курсанттарды қабылдағаннан және жинақтағаннан кейін он күндік мерзімде Институт Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қабылдауды ұйымдастыру мен өткізу бойынша есепті, сондай-ақ курсанттар мен тыңдаушыларды қабылдау туралы бұйрықтардың көшірмелерін ұсынады.