Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 8 сәуірдегі № 292 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 8 ақпандағы № 191 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 08.02.2016 № 191 Жарлығымен.

      «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 3-1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      1) Комиссия туралы ереже;
      2) Комиссия құрамы;
      3) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу қағидалары бекітілсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы), Қазақстан Республикасы Ішкі iстep министрлігі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі 2012 жылғы 30 желтоқсанға дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізсін, сондай-ақ осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.09.27 № 395 Жарлығымен.
      4. Осы Жарлық, «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті түзетулер қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізілетін Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу қағидалары 1-тармағының 1)2) және 3) тармақшаларын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2012 жылғы 8 сәуірдегі
№ 292 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН    

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан
Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен
тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау
комиссиясы туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) құқықтық мәртебесін және өкілеттігін айқындайды.
      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, оның ішінде Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу қағидаларын және осы ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның міндеттері

      3. Комиссияның міндеттері:
      1) кезектен тыс аттестаттаудан*:
      құқық қорғау органдары бірінші басшыларының бірінші орынбасарларын және орынбасарларын;
      құқық қорғау органдары ведомстволарының басшыларын және олардың орынбасарларын;
      құқық қорғау органдары орталық аппараттарының департаменттері бастықтарын (Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының және Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің құзыретіне тіл саясаты, ақпараттық және құжаттамалық қамтамасыз ету, мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелері кіретін департаменттерінен, сондай-ақ тылдық және қаржылық қамтамасыз ету департаменттерінен басқа);
      құқық қорғау органдарының аумақтық немесе оларға теңестірілген мамандандырылған бөліністерінің басшыларын және олардың орынбасарларын;
      құқық қорғау органдарының ведомстволық жоғары оқу орындарының басшыларын;
      құқық қорғау органдарының орталық аппараттарының республикалық аттестаттау комиссияларының құрамына кандидаттарды өткізу;
      2) құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізуді ұйымдастыру және үйлестіру болып табылады.

3. Комиссияның құқықтары

      4. Комиссияның:
      1) мемлекеттік органдардан, ведомстволар мен ұйымдардан Комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша қажетті ақпаратты сұратуға;
      2) қажетіне қарай мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары мен мамандарын, сондай-ақ мүдделі ұйымдардың өкілдерін тартуға;
      3) отырыстарда Комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша Комиссия мүшелерін, аттестатталатын қызметкерлерді, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың өкілдерін тыңдауға;
      4) Комиссияға жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

4. Комиссия қызметін ұйымдастыру

      5. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Комиссия төрағасы болып табылады.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.09.27 № 395 Жарлығымен.
      6. Комиссия төрағасы:
      1) Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      2) Комиссия отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;
      3) Комиссия отырыстарында төрағалық етеді;
      4) Комиссия мүшелеріне орындау үшін міндетті нұсқаулар береді.
      7. Комиссия мүшелері:
      1) Комиссияның жұмыс кестесі жөнінде ұсыныстар енгізуге;
      2) Комиссия отырысында қаралатын мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.
      8. Комиссия хатшысы Комиссия отырыстарын өткізуді ұйымдастырады.
      9. Комиссия отырысына құрамының кемінде үштен екісі қатысқан болса, ол заңды болып саналады.
      Комиссия шешімдері Комиссияның отырысына қатысқан мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілігі дауыс беруімен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешушi болып табылады.
      10. Комиссия қабылдаған шешiм Комиссия төрағасы мен хатшысы қол қоятын және Комиссияның барлық мүшелерінің бірыңғай пікірін білдіретін хаттамамен ресiмделедi.
      11. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Ескертпе: * – құқық қорғау органдары бірінші басшыларының бірінші орынбасарларын және орынбасарларын, құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар, сондай-ақ жаңа лауазымға кемінде бір жыл бұрын тағайындалған қызметкерлерді кезектен тыс аттестаттау «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына тиісті түзетулер қолданысқа енгізілуіне қарай жүргізіледі.

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2012 жылғы 8 сәуірдегі
№ 292 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан
Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін
кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары
аттестаттау комиссиясының
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.05.08 № 323, 2012.09.27 № 395 Жарлықтарымен.

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, төраға
      Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы
      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары
      Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы
      Қазақстан Республикасының Бас прокуроры
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы
      Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төрағасы
      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы
      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі
      Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі
      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі
      Қазақстан Республикасының Әділет министрі
      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі, хатшы

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2012 жылғы 8 сәуірдегі
№ 292 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу
ҚАҒИДАЛАРЫ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізудің осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) құқық қорғау органдарының қызметкерлерін (бұдан әрі – қызметкерлер), оның ішінде:
      1) құқық қорғау органдарының бірінші басшыларының бірінші орынбасарларын және орынбасарларын;
      2) құқық қорғау органдарында кемінде жиырма жыл қызмет өтілі бар қызметкерлерді;
      3) егер тағайындау функциялық міндеттерінің өзгеруіне әкелген болса, жаңа лауазымға кемінде бір жыл бұрын тағайындалған қызметкерлерді кезектен тыс аттестаттаудан өткізу тәртібін айқындайды*.

2. Аттестаттауды өткізуге дайындықты ұйымдастыру

      2. Кезектен тыс аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі өлшемдері:
      1) қызметкерлердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындау қабілеті және олардың жұмыстарының нәтижелері;
      2) теориялық білімдері мен практикалық дағдыларының деңгейі болып табылады.
      Аттестатталатын қызметкерлерді бағалаудың қосымша өлшемдерін ерекшеліктер мен оларға жүктелген міндеттерді ескере отырып, құқық қорғау органының басшысы белгілейді.
      3. Аттестаттау бірқатар сатылы кезеңдерді:
      1) аттестаттауды өткізуге даярлықты;
      2) аттестаттауға жататын қызметкерді Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге және логикалық ойлау қабілетіне компьютерлік тестілеуді;
      3) тиісті құқық қорғау органы қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, дене шынықтыру, жауынгерлік және қызметтік даярлық бойынша белгіленген нормативтерді тапсыруды, сондай-ақ психологиялық орнықтылығына тестілеуден өтуді;
      4) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) не болмаса тиісті аттестаттау комиссиясы өткізетін қызметкермен әңгімелесуді;
      5) Комиссия не болмаса аттестаттау комиссиясының шешім шығаруын қамтиды.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.06.01 № 331 Жарлығымен.
      4. Кадр бөлімшесі қызметкерлерге кезектен тыс аттестаттау өткізу мерзімдері туралы аттестаттау басталғанға дейін күнтізбелік жиырма күн бұрын жазбаша хабарлайды.
      5. Аттестаттауға жататын қызметкердің басшысы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оның қызметтік мінездемесін ресімдейді, оны таныстырады және аттестаттау өткізу күніне дейін кемінде бес жұмыс күнінен кешіктірмей оны тиісті кадр бөлімшесіне жібереді.

3. Аттестаттау комиссиясы

      6. Аттестаттау комиссиялары төрағадан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Тиісті аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруі тиіс. Аттестаттау комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
      Құқық қорғау органының бірінші басшысы – орталық аттестаттау комиссиясының төрағасы, құқық қорғау органы аумақтық бөлімшесінің басшысы – өңірлік аттестаттау комиссиясының төрағасы болып табылады.
      Құқық қорғау органының кадр бөлімшесінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болып табылады, ол оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және дауыс беруге қатысуға құқылы емес.
      7. Құқық қорғау органдарының орталық аттестаттау комиссияларының құрамын Комиссия төрағасымен келісім бойынша олардың бірінші басшысы бекітеді.
      Өңірлік аттестаттау комиссияларының құрамын құқық қорғау органының басшысы немесе Комиссия төрағасымен келісім бойынша құқық қорғау органының уәкілетті басшысы бекітеді.
      Төмен тұрған бөліністердің ұтымды жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, тиісті аттестаттау комиссияларының жұмыс кестелерін құқық қорғау органының басшысы немесе құқық қорғау органының уәкілетті басшысы белгілейді.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.06.01 № 331 Жарлығымен.
      8. Аттестаттау комиссиясының құрамына жоғары аттестаттау комиссиясында кезектен тыс аттестаттаудан алдын ала өткен бөліністердің басшылары, өзіндік қауіпсіздік қызметінің, кадр және заң қызметтерінің өкілдері (не аталған қызметтер есеп беретін адамдар), аттестаттаудан өткізілетін қызметкерлерді қоспағанда, өзге де қызметкерлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының ардагерлері кіреді. Барлық деңгейдегі аттестаттау комиссияларының жұмысына қатысуға жұртшылықтың және тиісті ардагерлер ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылады.
      9. Тиісті аттестаттау комиссиясының төрағасы және оның мүшелері аттестаттауға жататын қызметкерлер атқаратындай лауазымда болуы немесе одан жоғары лауазым атқаруы тиіс.
      10. Құқық қорғау органы жұмысының бағыттарына қарай бірнеше аттестаттау комиссиясы құрылуы мүмкін.
      11. Аттестаттау комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің қатарынан ол үшін көп дауыс берілген жағдайда қабылданды деп саналады.
      Дауыстар тең болған жағдайда аттестаттау комиссиясының төрағасы дауыс берген шешім қабылданған болып саналады.
      12. Егер аттестаттау комиссиясының отырысына оның құрамының кемінде үштен екісі қатысқан болса, ол заңды болып саналады.

4. Аттестаттауды өткізу

      13. Дене шынықтыру, жауынгерлік және қызметтік даярлық бойынша нормативтерді тапсыру, Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге және логикалық ойлау қабілетіне компьютерлік тестілеу, сондай-ақ әңгімелесуді өткізу кестелерін құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы бекітеді.
      14. Психологиялық орнықтылығын айқындау бойынша тестілеуден өту, дене шынықтыру, жауынгерлік және қызметтік даярлық бойынша белгіленген нормативтерді тапсыру, сондай-ақ тестілеуден өткізу тәртібін, тест тапсырмаларын және лауазымдар санаттары үшін шекті мәндерді құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
      Қызметкерлерді Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге және логикалық ойлауына компьютерлік тестілеуді:
      Комиссияның аттестаттауына жататындарды – мемлекеттік қызмет істерінің уәкілетті органы;
      орталық және өңірлік аттестаттау комиссияларының аттестаттауына жататындарды – құқық қорғау органдары дербес жүргізеді.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2012.06.01 № 331 Жарлығымен.
      15. Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының отырысында аттестатталатын қызметкермен әңгімелесу жүргізіледі.
      Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының отырысында дәлелді себептермен болмаған қызметкерлер қызметке шыққаннан кейін кезектен тыс аттестаттаудан өтеді.
      Қызметкер Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда аттестаттау комиссиясы осы Қағидалардың 16-тармағының 3), 4), 5) тармақшаларында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.
      16. Әңгімелесудің қорытындылары бойынша Комиссия не тиісті аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді және кадр резервіне қабылдау үшін немесе жоғары тұрған лауазымға жылжытуға ұсынылады;
      2) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;
      3) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады;
      4) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және басқа қызметке (лауазымға) ауыстыруға ұсынылады;
      5) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді және құқық қорғау органынан қызметтен босатуға ұсынылады.
      17. Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі үш жұмыс күні ішінде хаттамамен ресімделеді, оған отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелері және хатшысы қол қояды.
      18. Кадр бөлімшесі Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешімін осы Қағидаларға 2-қосымшаның нысанына сәйкес қызметкердің аттестаттау парағына енгізеді.
      Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешімі қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қызметкер оған қол қоя отырып, танысады.
      19. Кезектен тыс аттестаттаудан өтпеген және (немесе) құқық қорғау органдарында өзге, оның ішінде, төмен тұрған лауазымдарда қызметін жалғастырудан бас тартқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) белгіленген тәртіппен қызметтен босатылуға жатады.

5. Аттестаттау комиссиясының шешімдеріне шағымдану

      20. Комиссияның не тиісті аттестаттау комиссиясының шешіміне Заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Ескертпе: * – осы Қағидалар Қазақстан Республикасының кеден қызметі органдарының қызметкерлеріне оларды «біржолғы аттестаттау» бойынша іс-шаралар аяқталғаннан кейін қолданылады.

Қазақстан Республикасы 
құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін кезектен
тыс аттестаттаудан өткізу
туралы қағидаларға  
1-ҚОСЫМША      

Аттестаттаудан өтуге тиіс қызметкерге берілетін
қызметтік мінездеменің
ҮЛГІ НЫСАНЫ

(қызметкердің тікелей басшысы толтырады)

Қызметкердің тегі, аты-жөні _______________________________
Лауазымы __________________________________________________
Тағайындалған күні ________________________________________
Атағы (сыныптық шені) _____________________________________

      1. Лауазымдық міндеттерін орындауы (шешіміне қызметкер қатысқан негізгі мәселелердің тізбесі беріледі; қызметтік міндеттерін орындауының тиімділігі мен адалдығы, шығармашылық бастамашылығы, азаматтармен жұмыс істеуі бағаланады және т.б.).
      2. Мемлекеттік органның қызметі саласында стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі, кәсіби білімін қолдана білуі, сондай-ақ егер қызметтік міндеттеріне кіретін болса, коммуникация және ақпараттық технологияларды қолдануы (стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі, кәсіби білімінің, коммуникация және ақпараттық технологияларды білу деңгейі, оларды жұмыста қолдануы сипатталады және т.б.).
      3. Заңдылықты, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексін, сондай-ақ мемлекеттік және еңбек тәртібін сақтауы (тәртіптік жазалары туралы, заңдылықты, оның ішінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін, сондай-ақ мемлекеттік және еңбек тәртібін, ішкі қызмет тәртібін сақтауы туралы мәліметтер көрсетіледі және т.б.).
      4. Жеке қасиеттері (қызметкердің жеке қасиеттері сипатталады: тіл табысқыштығы, азаматтармен жұмыс істеу қабілеті, өзін-өзі жетілдіру қабілеті, көшбасшылығы, психологиялық орнықтылығы және т.б.).
      5. Қызметкердің жұмысын қорытынды бағалау (тікелей басшысының қызметкер туралы пікірі көрсетіледі: атқаратын лауазымына сәйкес келеді немесе сәйкес келмейді, жоғары немесе төмен лауазымға ұсынылуы мүмкін және т.б.).
      6. Аттестатталатын адам басқаратын бөліністің не ол жетекшілік ететін бөлініс жұмысының нәтижелері, оның ішінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-әрекеттерінің жай-күйі туралы мәліметтер.*
      7. Өзге мәліметтер.**

      Басшының тегі, аты-жөні ________________
      Лауазымы _______________________________
      Атағы (сыныптық шені) __________________
      Күні 20___жылғы «_____»_________________

      МО

      Ескертпе:
      * – осы талап басшылық лауазымдағы адамдарға қолданылады;
      ** – құқық қорғау органдарының ерекшелігі ескеріле отырып, қызметтік мінездемеге толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы 
құқық қорғау органдарының
қызметкерлерін кезектен
тыс аттестаттаудан өткізу
туралы қағидаларға  
2-ҚОСЫМША      

Аттестаттаудан өтуге тиіс қызметкердің аттестаттау парағының
ҮЛГІ НЫСАНЫ

      1. Тегі, аты-жөні ____________________________________________
      2. Туған күні, айы, жылы «___»_______ 19___ жыл.
      3. Білімі ____________________________________________________
      4. Мамандығы _________________________________________________
      5. Аттестаттау кезінде атқаратын лауазымы ____________________
      6. Атағы (сыныптық шені) _____________________________________
      7. Аттестаттау комиссиясының шешімі __________________________
      8. Өзге мәліметтер* __________________________________________

      Аттестаттау комиссиясының төрағасы ___________________________
                                                    (қолы)

      Аттестаттау комиссиясының хатшысы ____________________________
                                                    (қолы)

      Аттестаттау өткізілген жылы, күні, айы 20__жылғы «___»______ ________

      Аттестаттау парағымен таныстырылды ___________________________
                                       (қызметкердің қолы және күні)

      МО

      Ескертпе: * – құқық қорғау органдары қызметінің ерекшелігі ескеріле отырып, аттестаттау парағына толықтырулар енгізілуі мүмкін.